Главная » Материалы » ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ МУЗЕЙЛЕРДІҢ КОЛЛЕКЦИЯЛЫҚ ҚОРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ИБРАЕВА А.Ғ.,ҚҰНАНБАЕВА Ш.Б.

ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ МУЗЕЙЛЕРДІҢ КОЛЛЕКЦИЯЛЫҚ ҚОРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 3(07), 2016

Теги: тарихи-өлкетану, коллекция, жабдықтау, экспедиция, экспозиция, қор, жүйелеу, музейлік, заттар, сипаттау.
Аннотация:
Ғылыми мақала Қазақстан жерінде құрылған алғашқы музейлердің коллекциялық қорының қалыптасуына арналған. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында құрылған Орынбор, Жетісу, Семей музейлерінің қор жабдықтау, есепке алу, ғылыми-зерттеу, музей заттарын сақтау барысындағы жұмыстарының негізгі бағыттары ғылыми тұрғыда пайымдалып, коллекциялық қорларының қалыптасу барысы мәселенің ашылуына арқау болды. Аталмыш музейлер жұмысының оңтайлы жолға қойылуында белгілі ғалымдар мен қызығушылардың еңбектері назардан тыс қалған жоқ. Мақаланың жазылу барысында мұрағаттық деректер мен мәселе төңірегінде жарық көрген еңбектер ғылыми айналымға қосылды.
Содержание:

Қашаннан кез-келген қазақтың шаңырағынан ата-бабасынан естелік ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа ардақтап, мұра етіп қалдырып келе жатқан сан-алуан бұйымдарды кездестіруге болады. Олардың арасында тарихта белгілі тұлғалардың жеке заттары, халқымыздың жаугершілік замандарда қолданған қару-жарақтары, қолөнер туындылары, әшекейлік бұйымдар бар. Сондықтан, қазақ ертеден өз ұясының ең қастерлі бұрышын қазіргі тілмен айтқанда шағын музей ретінде пайдаланды десек қателеспейміз. Ата-бабадан қалған мұраға деген осындай құрметпен қарап, қастерлеу нәтижесінде көптеген тарихи құнды бұйымдар қазіргі заманда тәуелсіз республикамыздың алтын қорын, мәдени қазынасын құрып, ұлттық мақтанышымыз болып отыр. Бұл жерде айта кететін бәр жәйт, «музей» терминін біз шартты түрде қолданып отырмыз, себебі бүгінгі музейлердің прототиптері Қазақстан жерінде белгілі бір себептер мен қажеттіліктерге және саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістерге байланысты пайда болды.

Әлемдік өркениеттік деңгейден алып қарасақ сонау ежелгі заманда Вавилон, Египет, Греция, Рим мемлекеттерінде өнер туындыларына жататын материалдық мәдениет құндылықтары храмдар мен сарайларда сақталса, қайта өрлеу дәуірінде кунсткамералар немесе сирек кездесетін дүниелер кабиеті музейлердің алғашқы үлгілері болды [1]. Іргелес жатқан Ресейде музейлердің қалыптасу барысы кунсткамералар негізінде жүзеге асса, уақыт өте олардың құрылымы өзгеріп әлеуметтене бастады. Қазақ жерінде музейлердің қалыптасу үрдісін жоғарыда көрсетілген заңдылықтар негізінде топшалау қиын, дегенмен, музей қажеттігіне деген қоғамдық сұраныстың өсуі, оны жүзеге асыруды қамтамасыз ететін ғылыми-мәдени ортаның қалыптасуы, аталмыш мәселенің лайықты шешімінің табылуына әсер етті.

    Тарих беттерін парақтап қарайтын болсақ, Қазақстанда музейлердің пайда болуы мен қалыптасуын сонау ХІХ ғасырға алып барады. Бұл кезеңде патша үкіметінің бұғауында болған қазақтың кең байтақ жерін бір жағынан отарлаушылар сүліктей сорып жатса, екінші жағынан сол отарлаушы елдің алдыңғы қатарлы, озық ойлы өкілдері бірі жер аударылып, енді біреулері үкіметтің тапсырысымен осы өлкені зерттеу мақсатында ағылып келіп жатты. Жергілікті халық өкілдерінің арасынан шыққан көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар да аз болған жоқ. Түнек басқан қараңғы елге сәл де болса жарық шуағын төгетін мәдени ошақтардың ашылуы солардың арқасы болар. ХІХ ғасырда Қазақстан территориясындағы бірқатар өзгерістер желісі музейлердің де пайда болуына септігін тигізді. Алдымен қазан революциясына дейін өлкеде қанша музей қалыптасып, толыққанды қызмет атқарды? 

Бұл сұраққа жауап беру үшін музейлер жайында жарық көрген ғылыми басылымдардың тапшылығын ескере отырып, мұрағат қорларында сақталған деректік құжаттарды негізге алдық. Деректерді көктей шала қарайтын болсақ Қазақстан жерінде алғашқы музейлер Орынборда (1831), Семейде (1883), Жетісуда (1897) ашылған екен [2]. Кейінгі кезде музей саласында қызмет атқарып жүрген бірқатар мамандар Орал музейінің қалыптасуын 1859 жылмен байланыстырып жүр [3].

Мұрағат құжаттарымузейдің ресми түрде ашылуын 1920 жылмен байланыстырады. Оған дейінгі уақытта аталмыш музей мектеп деңгейінде ұйымдастырылып, үкімет тарапынан еш қолдау таппаған. Дегенмен, жоғарыда көрсетілген музейлердің пайда болуы өлкенің мәдени дамуын ілгерілетіп, халықтың біліми-ағартушылық деңгейін арттыруға септігін тигізгені анық. 

Ендігі жерде қазақ жерінде алғаш құрылған музейлердің коллекциялық қорынының құрылу барысына тоқталайық. Мәселеге теориялық тұрғыдан келетін болсақ, музейлік коллекция дегеніміз – негізгі қордағы біртұтас ғылыми қызығушылық тудыратын музейлік заттар жиынтығы. Коллекцияға заттар бір немесе бірнеше белгілері (шығу тегі, мазмұны, түр-түсі т.б.) арқылы топтастырылады [4].

Музей жұмысының негізгі бағыты оның қорлары, дәлірек айтқанда қорда жинақталған музейлік заттар арқылы жүзеге асырылады.  Музейлік зат дегеніміз –  музей қорындағы, белгілі бір тарихи кезеңге тиісті, шынайы өмірден алынған, ұзақ мерзім сақталатын, оның міндеттерін жүзеге асыруда қолданылатын музейлік құны бар зат. Музей қоры – дегеніміз музей жинағы құрамындағы ғылыми-қосалқы материалдар және музейлік мәні бар заттардың ұйымдасқан жиынтығы. Музейтану ғылымында музей қоры негізгі, ғылыми-көмекші қорлардан тұрса, музейге қажет емес немесе қайталанып келген заттардан айырбас қоры құралады. Ал, жаратылыстану музейлерінде аталған қор жиынтығымен қоса шикізат қоры болады. Музей қорларындағы заттар, музей саласына қарай топтастырылып, бүкіл музей жұмысында пайдаланылады. Музей қорларының жабдықталуы а) экспедициялық-жинақтау; ә) жеке адамдар коллекциялары; б) мекемелерден, ғылыми орталықтардан, басқа музейлерден келіп түскен заттар арқылы толығып отырады. Оның ішінде музей қорларының үнемі толығып отыруына тиімдісі экспедициялық-жинақтау арқылы жабдықтау.

Музейлердің экспедициялық-жинақтау жұмысының жоспары бірнеше жылға жасалып, ол музейдің экспозициялық, ғылыми-зерттеу және қорларды есепке алу жұмысымен етене байланысты болды. Жинақтау жұмысының талаптарына: а) материалдың ғылыми сұрыпталуы (заттың атауы, шыққан жері, пайдаланылуы, жасаушысы, өмір сүрген ортасы, шыққан жылы т.б.) жатады; ә) заттың құндылығын анықтау мақсатында неғұрлым мол ақпарат жинастыру (суретке түсіру, әңгімелесу); б)жинақталған заттарды ғылыми зерттеу арқылы әрқайсысын тіркеу кітабына еңгізу; в) заттың ғылыми төлқұжатын жасау [5]. Музейдің толыққанды қызмет істеуі жоғарыда айтылған талаптардың орындалуымен байланысты болды. Кеңес үкіметі орнағанға дейін Қазақстан музейлері Ресей музейлерінің тәжірибесі дәстүрінде жинақтаушылық бағытта, заттарды сақтау қоймасы ретінде өмір сүрді.  

ХІХ ғасырда қалыптасқан қиын жағдайға қарамастан Орынбор, Жетісу және Семей музейлерін қалыптастыру және дамыту бағытындағы оңтайлы істер атқарылып жатты. Осы кезеңде қалыптасқан түрлі ғылыми қоғамдық ұйымдар жекелеген адамдар игі жақсы істі бастап жалғастыруда өздерінің күш-жігерлерін аяған жоқ. Мысалы, осы тұрғыда мына бір дәйекті мәліметті келтіре кетейік: 1830 жылы қарашаның 12 жұлдызында  Орынбор генерал-губернаторы граф П.П.Сухтелен жергілікті халықтан және қоныстанған басқа ұлт өкілдерінен өлкенің табиғатын, тарихы мен этнографиясын бейнелейтін жәдігерлерді губерния орталығында ұйымдастырылғалы отырған музей үшін табыстауға шақырады. Бұл ұсыныс қала тұрғындары мен жергілікті халық өкілдерінің қолдауына ие болып, нәтижесінде ашылғалы отырған музей үшін түрлі жәдігерлер жинала бастады. Арасында ескі қару-жарақ, үй тұрмысы және этнографиялық бұйымдар, кітаптар мен портреттер болды. Осы жинастырылған жәдігерлер негізінде 1831 жылы Неплюев әскери училищесі жанынан Орынбор губерниялық музейі ашылды” [6].

Генерал-губернатор үндеуінің орындалу барысы арнайы шақырылған қонақтардың үлесінде болды. Шақырылған қонақтардың негізгі дені жоғарғы лауызымды өкілдер болғандықтан, олардың ішінде қалмақ князі Г.Түменов пен Ішкі Бөкей Ордасының ханы Жәңгір де бар еді. Қонақтарға хатпен бірге «музей коллекциясын құрайтын заттардың тізімі» жіберілген болатын. Алғашқыда музейде жаратылыс тарихы мен өнер және өнеркәсіпке арналған екі бөлім ашу жоспарланды. Жаратылыс тарихы бөлімі зоологиялық, ботаникалық, минералогиялық, ал өнер және өнеркәсіп бөлімдері түрлі халықтар киімі, әшекейлер, қару-жарақ, үй жиһаздары, құрал-жабдықтар бөлімшелерінен құрылатын болды. Жоғарыда көрсетілген бөлімдерден басқа музейге ақша, кітап, сурет бір сөзбен айтқанда «қызығушылық тудыратын» заттарды жинақтау көзделді. Мұрағат қорында сақталған деректерден музейдің ашылуына бірден-бір себеп болған бай өлкенің тым аз зерттелуі болып табылған.

  Музей жұмысының жандануына үлес қосқан белгілі ғалымдардың еңбектері күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ. Мысалы, географтар Г.С. Карелин мен П.Г. Зотовтың музейге сыйға берген коллекцияларын айта кетуге болады. П.Г. Зотовтың коллекциясы Орынбор өлкесінің бай табиғатын бейнелейтін 541 минерал нұсқасынан тұрды. Профессор В. Турчанинов музейге 700 өсімдіктен құралған сібір гербариін сыйласа, профессор И. Бессер құрғақ өсімдіктің 350 түрін сыйға тартты. Ал, Бөкей Ордасының ханы Жәңгірден қазақ әйелдері мен қыздарының қысқы және жазғы киімдері музей қорына түсті. Түсіп жатқан заттардың көпшілігі музейді ашу барысында талаптарға сай келмеді. Себебі көптеген материалдар өлкеден тыс жерлерден түскен еді. Сондықтан музей мәні мен мазмұны жағынан кунскамера күйінде қала берді. Біздің ойымызша алғашқы кезеңде музейдің арнайы тұжырымдамасы (концепциясы) да болмаған сияқты. Дегенмен, 1831 жылдың 1 сәуірінде музеум өзінің алғашқы көрермендерін қабылдады. Музейдің ашылуының сипатталуы, экспозициясының құрылымы жайында мәліметтер кездеспейді. Алғашқыда музейдің бар жабдығы екі сөре, төрт үстел, алты орындық екенін ескерсек құрылған экспозицияны көз алдымызға елестету қиын емес. 1831 жылдың 25 қаңтарында губернатор Сухтелен ұлты поляк, философия магистрі Фома Занды музейдің меңгерушісі етіп етіп тағайындайды. Музей жұмысын жүйеге келтіру мақсатында Ф.Зан үлкен еңбек сіңірді. Музей қорына сыйға тарту және сатып алу негізінде үздіксіз түсіп жатқан заттардың саны 1832 жылдың аяғында 3566 жетті. Оның ішінде: геологиядан – 9726, ботаникадан – 1572, зоологиядан – 443, нумизматикадан – 646, археологидан – 30 жәдігер болды [7].

    Орынбор өлкесіндегі ғылыми және мәдени ошақтардың біріне айналып келе жатқан музей жұмысының өркендеуіне Ресейдегі ХІХ ғасырдың 60 жылдары басталған реформалар, 1881 жылы Орынбор генерал-губернаторлығының қысқаруы, 1905-1907 жылдар аралығындағы бірінші орыс революциясы, Ресей империясының қатысуымен 1914 жылы басталған бірінші дүниежүзілік соғыс және олардың салдары едәуір кедергі келтіре отырып, көптеген жәдігерлердің бүлінуіне, ал жекелегендерінің талан-таражға түсіп мәңігілікке жоқ болуына әкеліп соқты. Осы және басқа да себептерге орай Орынбор музейі өз жұмысын бірнеше рет тоқтатып отыруға мәжбүр болды.

    Семейде 1878 жылы облыстық статистикалық комитеттің құрылуы, Орыс географиялық қоғамы бөлімшесінің ашылуы қаланы Қазақстанның шығысындағы ғылым мен мәдениет орталығына айналдырды. Белгілі зерттеуші ғалым Е.П.Михаэлис басшылық еткен комитет мүшелері өлкеде географиялық, этнографиялық және экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, ашылғалы отырған музейге көптеген мағлұматтар мен жәдігерлер жинастырды. 1883 жылдың 11 қыркүйегінде жинастырылыған жәдігерлер мен кітаптар негізінде Семей қаласында алғашқа музей мен кітапхана ашылды. Музей қажеттілігіне қалалық басқарма 1884-1885 жылдары 200 сом, 1887-1889 жылдары 100 сом қаражат бөлгенімен кейіннен қаржыландыру мәселесі қиындай берді. 1893 жылы 21 шілде күні музей жергілікті ағарту мекемесі қарамағына берілді. Семей статистикалық комитеті 1896 жылдан бастап музейге жылына 200 сом, қалалық басқарма 1897 жылдан бастап жылына 400 сом ақша бөлуге шешім қабылдады [8]. Сол кезеңде музей және кітапхана жұмысының жандануына саяси жер аударылған А. Леонтьев, А.А. Блок, Н.Я. Коншиннің еңдегі зор болды. Олар музей қорларының коллекциялармен жабдықталып, олардың ғылыми сұыпталуына етене араласты [9].

Түрлі бағыттағы кітаптардың жинақталуы музейдің кітапхана қорын ұлғайтып, келуші оқырмандар санын арттырды. Қазақ халқының ұлы кемеңгер ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлы өзінің досы Е.П. Михаэлиспен Семей кітапханасында танысқан еді. Бұл кітапхана Абайдың әлемге аттары әйгілі классик жазушылар мен ақындардың еңбектерімен танысатын орынына айналды. 1886 жылы 4 мамыр күні Е. Михаэлистің ұсынуымен Абай Құнанбайұлы Семей статистикалық комитетіне мүше болып қабылданды. Сонымен қатар, Абай және оның әкесі Құнанбай Семей музейіне ұлттық үлгіде жасалынған әйелдердің түрлі әшекейлерін, киім-кешек пен алаша-кілемдерді сыйға тартты [10].

Семей музейінің қалыптасуында оның алғашқы ашылған күнінен 1897 жылға дейін меңгерушісі болып келген М.И. Суворцев едәуір еңбек сіңірді. Ол музей қорын сол өңірдегі археологиялық, этнографиялық және табиғатты бейнелейтін жәдігерлермен толықтыруға күш сала отырып, оларды дұрыс, жүйелі түрде орналастыра білді.

 Семей жерінде өлкетану жұмысы мен музей ұйымдастыруда ағайынды Белослюдовтардың қосқан үлесі ерекше. Осы өңірде бірнеше жылдар бойына түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізген ағайынды Белослюдовтар өз үйлерінен геология, минералогия, палентология, антропология, археология және көне бұйымдар бөлімдеріне тұратын мұаражй ашты. Мұражайда тек археологиядан ғана 600 астам жәдігерлер, нумизматикадан жалпы саны бір мыңнан асатын алтын, күміс және мыс тиындар, қағаз ақшалар болд.ы Өздерінің жеке музейін ұйымдастырудағы жинаған тәжірибелерін ағайынды Белосюдовтар Семей қалалық мұражайын құрушыларға үйретіп, бұл істің қыр-сырымен барынша бөлісті. 1911 жылы олар өз жәдігерлері жинағынан қала мұражайына 500 аса қымбат бағалы бұйымдарды сыйға тартты [11]. Жан-жақтан түсіп жатқан заттардың негізінде музейдің коллекциялық қоры құрылып, этнология, археология, зоология, палеонтология, тау ісі сияқты жекелеген бөлімдердің ашылуына негіз болды. Осы кезеңде музей қорында 2296 заттар және 800-ге жуық түрлі атаулы кітаптар тіркелді.

Музейді ұйымдастыруда және оның жәдігерлерімен жабдықталуына Верный статистикалық комитетінің 1896-1907 жылдар аралығында басшысы болған белгілі ғалым Н.Н. Пантусов (1849-1909) көп еңбек сіңірді. Жаңа ашылып отырған музейдің алдына қойып отырған мақсаттары жайында оны ұйымдастырушылардың бірі демалыстағы генерал-лейтенант Г.И. Иванов Н. Пугасовқа: «Музей біздің өлкеміздің табиғи және тарихи байлықтарын, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібін көрсетуге қызмет етуі керек» – деп жазған еді [12]. Музейді физика-жағрафиялық, археологиялық, этнографиялық және ауылшаруышылық бөлімдері құрады. Музей қоры көбіне жеке адамдардың сыйлықтары негізінде толықтырылып отырды. Осы жайында музей меңгерушісі В.Е. Недзведский Санкт Петербургке былай деп хабарлайды: «Өкінішке орай мұражай қорын толықтыру мақсатында жәдігерлер сатып алуға қазынадан еш қаржы бөлінбей отыр. Жәдігерлер көбіне жекелеген адамдардың сыйлықтары негізінде жиналуда»[13].

Сонымен қатар, музей қоры қалада өткізілетін түрлі көрмелер арқылы да толықты. Атап айтсақ, 1902 жылы Верный қаласында болған бірінші ауылшаруашылық көрмесінен музей көптеген жәдігерлерді сыйға алды. Жинаақталып жатқан жәдігерлердің арасында жарамсыздары және зақымдалғандары да болды. Осыған орай, музей қызметкерлері тиісті мамандардың жетіспеушілігінен жәдігерлерді өңдеу жұмыстарына жергілікті ұста шеберлерді пайдаланып отырды. Мысалы, статистикалық комитет хатшысы өзінің Жетісу генерал-губернатоорына жазған хатында: «Серікбай зақымдалған аң мен құс тұлыптарын қалпына келтіруге және оларды өзі жасауға әбден үйреніп алды. Ол өз ісінің маманына айналды» - деп баяндаған [14].

1905 жылы мұражай орналасып келген ескі әрі тар ғимараттан қаланың Талғар көшесінде орналсақна 6 бөлмелі үйге көшірілді. Ал 1913 жылы мұражай үшін қаланың Қапал көшесінде орналасқан Шербакова деген азаматшаның үйі сатылып алындым[15].

Байқап отырғанымыздай музейлердің ұйымдастырылуы алдымен сол өлкені бейнелейтін жәдігерлерді жинастырудан басталғанымен, қорға келіп түсіп жатқан материалдар әртүрлі болды. Дегенмен, музейлердің коллекциялар қорын толықтыру тек сыйға тартудан жұмыстың өнбейтінін түсінген статистикалық комитет мүшелері және музей қызметкерлері заттарды жинастырудың жаңа жолдарын іздестіре бастады. Ең алдымен қаржы мәселесінің шешілуі, оның негізінде ғылыми экспедициялар жасақтау және түрлі көрмелерге қатысу нәтижесінде қорын толықтыруға тырысты. Мұндай әдіс қор жабдықтаудың тағы бір тиімді бағыты болды. Мысалы, Жетісу музейі 1902 жылдың күзінде Верный (қазіргі Алматы қаласы) өтілген алғашқы ауылшаруашылық, өнеркәсіп көрмесіне қатысып, одан түскен заттар музейде өзінің лайықты орнын алды. Осы кезеңде комитет музейге тек 200 рубль бөліп отырса да, бұл ақшаға комитет мүшелері ғылыми экспедициялар жасақтап, оның екеуі 1903 жылы ботаникалық мақсатта Ақай өзенінің оң сағасы Тасты-Бұлақтың жоғарғы ағысында, ал Санкт-Петербор Ботаника бау-бақшасының бас ботанигі В.И. Липский бастаған топ Іле өзені бойында іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде өте құнды этимологиялық коллекциялар жинақталып, музей қорына өткізілді [16].

Музейге келіп түсіп жатқан жәдігерлер негізінде музейлердің коллекциялық қоры құрылды. Қазан төңкерісіне дейінгі музейлердің алдында өлкенің тарихы мен табиғатын бейнелейтін заттарды жинақтау міндеттері тұрғандықтан негізінен археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, зоологиялық, ботаникалық, палеонтологиялық  коллекциялар жинағы қалыптасты. Мысалы, Орынбор музейі (қазіргі ҚР Орталық Мемлекеттік музейі – А. Ибраева) табиғи бөлімнің құнды заттармен жабдықталуына белгілі профессорлар Э. Эверсман, Н.А. Зарудный, Борьщов, Карелин, Каржинскийдің коллекциялары мен ғылыми еңбектері негіз болса, ал Семей музейінде музейдің негізін салушылар Абай Құнанбайұлының, оның досы Е.П. Михаэлистің, Ш. Уәлиханұлының жеке коллекциялары мен кітаптары сақталған. Сонымен қатар, музейлерде сатып алу, сыйға тарту негізінде құрылған кітапханалар болды.  Өкінішке орай, музей қоры үшін жинақталған Э. Эверсман коллекцияларының бір бөлігі бүгінгі таңда Қазан және Мәскеу университеттерінің музейлерінде, бір бөлігі Ресей Ғылым Академиясының Зоология музейінде, ал аса құндылары Берлин музейінде сақталған. Н.А. Зарудныйдың құнды орнитологиялық коллекциясы Ресей Ғылым Академиясының Зоология музейінде лайықты орнын алған [17].Мұның өзі кешегі әумесер орталық озбырлығының айғағы болар. Музей заттарының жүйесіз жинақталуы салдарынан тек өлкені бейнелейтін ғана емес, “кунскамералық” және әртүрлі құнды заттар коллекциялар қорына келіп түсіп жатты. Уақыт өте өлкенің табиғатын, тарихын, рухани және материалдық мәдениетін, жануарлар мен өсімдіктер әлемін бейнелейтін түрлі заттардың келіп түсуі біртіндеп жабдықталудың әдіс-тәсілін  қалыптастырды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап музейлер қорларының жабдықталуы жоспарлы негізде ұйымдастырыла бастайды. Музейлер қорларының үнемі толығып отыруы музей заттарын ғылыми сипаттау және жүйелеу әдісінің пайда болуы мен тиімді қолданылуына алып келді. Ендігі жерде музейлер ретсіз жинақтау емес, керісінше материалдың біркелкілігіне, шыққан ортасы мен түр-сипатына қарай сұрыптап, арнайы зерттеуден өткізетін болды.

  Музей қорына түскен заттар жан-жақты зерттеліп, сұрыптаудан өткізілгеннен кейін, экспозицияда өзінің лайықты орнын алып отырды. Дұрыс жолға қойылған музей жұмысының нәтижесінде экспозиция құру қағидаларының күрделі өзгерістерге ұшырауына да әкелген еді. Өйткені бұрынғы шырмалған қиын экспозициның орнын ғылыми жүйеленген, тұрақты эспозиция баса бастады. Кейінірек, жүйелендіру реті жағрафиялық (аймақтық) немесе топографиялық негізде толықтырылды. Музей жәдігерлерінің жағрафиялық жағынан сипатталуы ғылым үшін өте маңызды болды. Себебі, өлкені геологиялық, палеонтологиялық, зоологиялық жағынан зерттеп, көрсету мүмкіндігі ашылған еді. Неғұрлым музей заттары көбейген сайын олардың құндылығы артып, кейбіреулері тіпті бүлініске ұшырап, қолданыстан шыға бастады. Сондықтан музей қызметкерлері музей заттарын сақтауды ұйымдастырудың әдістерін жетілдіруді қолға алған еді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресей музейлерінің тәжірибесін игерген Қазақстан музейлері заттарды өңдеу технологиясын жетілдіріп, олардың 40-50 жылға дейін сақталуын қамтамасыз етті. Осы тұрғыда Орынбор музейінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан В.И. Даль Ресей Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып тағайындалса,  жалпы өлкеде мәдени өмірдің жандануына үлес қосқан С.Қ. Бабажанов Орыс Географиялық қоғамының күміс медальмен марапатталған [18].

  Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы музейлер қорының құрылымынегізінен әлеуметтік және жаратылыстанутарихын бейнелейтін заттардан тұрды. Табиғи бөлім зоологиялық (аңдар, жануарлар әлемінің көрінісі), ботаникалық (өсімдіктер әлемінің көрінісі), геологиялық (өлкенің өлі табиғаты көрінісі) бөлімшелерден құрастырылды. Тарихи-жаратылыстану бөлімі негізінен археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық заттардан құрылды. Музей жұмысының ғылыми тұрғыда жүйеленуі және сыныпталуы жинақталған коллекциялармен жұмыс істеудің теориялық және әдістемелік негізін қалыптастырды. Әлеуметтік институт ретінде музейлердің қоғамда алатын орны мен рөлінің артуы салалық музейлердің қалыптасуына, музейлердің қоғамдық институт ретінде дамуына арқау болды. 


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь