Главная » Материалы » КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕШІТТЕРГЕ ҚАРСЫ САЯСАТЫ (1918-1953 жж.)

КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕШІТТЕРГЕ ҚАРСЫ САЯСАТЫ (1918-1953 жж.)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(30), 2022

Автор:
ISSN: 2710-3994 
Volume 2 Number 30 (2022) 143-154 
ҒТАМР 03.20.00 
 М.С. Исаев1* , С.Т. Шаметов2 , Р.Т. Джаппарова1 
 1Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақстан, Түркістан; 
2«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Қазақстан, Түркістан. 
 *Aвтoр-кoррoспeндeнт 
Е-mail: mukhtar.issayev@ayu.edu.kz (Исаев), shayan65@mail.ru (Шаметов), jan-rau@mail.ru (Джаппарова) 
 Аңдатпа. Мақала Қазақстандағы 1918-1953 жж. аралығындағы мұсылмандық діни мешіттер мен киелі жерлерге қарсы кеңестік саясаттың кезеңдік ерекшеліктерін, салдарын айқындауға арналған. Сонымен қатар, кеңестік дінмен күрес саясатының жасырын қарсылық танытқан сопылардың халық діни дәстүрі мен дүниетанымын сақтап қалу үшін жасаған іс-әрекеттері мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Қылует» жерасты мешітінің жағдайы, жабылу тарихы қарастырылады. Кеңестік кезеңдегі дінге қарсы жүргізілген саясаттың құқықтық базасы саналатын декреттер, заңды күші бар құжаттар, архив құжаттары мен зерттеу еңбектер ғылыми мақаланың дереккөздері ретінде талданды. Зерттеу нысанын анықтауда тарихи деректер мен тұжырымдалған фактілердің мазмұнын ашуға бағытталған салыстыру, болжам жасау, талдау тәсілдері қолданылды. Тарихи кезеңдегі мешіттер мен киелі жерлерге қатысты кеңестік саясаттың шынайы бейнесін тың архив құжаттары негізінде ғылыми қалпына келтіру зерттеу жұмысының жаңалығын көрсетеді. Мақаладағы ғылыми нәтижелер тарихи танымымызды толықтырып, өскелең ұрпаққа халқымыздың діни-рухани тарихын танытатын болады. 
 Түйін сөздер: кеңестік саясат, дінмен күрес, ислам діні, сопылық, жерасты мешіттері, киелі жерлер, қылует.
Содержание:

Кіріспе. Қоғамдағы рухани және саяси жағдайды айқындауда дін мен дінге халықтың көзқарасын қарастыру маңызды орын алады. Дін адамның дүниетанымы мен өмірлік ұстанымын, құндылықтық бағдарын қалыптастыратындықтан дінге қатысты саясат тарихи кезеңдерде түрлі өзгерістерге ұшырап отырды. Кеңес өкіметінің дінге қарсы жүргізген шектеу, қуғындау саясатына қарамастан халықтың дінге деген сенімі жойылмады. Бұл халық пен діннің бірге екендігін көрсетті. Посткеңестік елдер үшін дін мен мемлекет арақатынасын, діни саясаттың бағыттарын айқындап алу маңызды міндеттердің қатарында болды. Бүгінгі Қазақстан үшін де мемлекеттің дін саясаты өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан, тоталитарлық қоғамдағы кеңестік биліктің діни саясатындағы тәжірибені, оның салдарларын жадымыздан шығаруға болмайды. Сонымен қатар, кеңестік қатаң қысым жағдайындағы халықтың мұсылмандық ата дәстүрін зерттеу өткенімізді танып, сабақтастықты жалғастыруымыз және түрлі теріс діни ағымдарға қарсы тұра білуіміз үшін де маңызды.

Шетелдік тарихнамада кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы мешіттерге қарсы саясат мәселелерін тікелей қарастырған зерттеулер болмағанымен, бірқатар еңбектерде аталған мәселе ішінара талданады. У. Колларз (Колларз, 1961) Кеңес Одағындағы дін мәселесін, У. Флетчер (Флетчер, 1971) мемлекет пен шіркеу арасындағы қатынастарды, Г. Штриккер (Штриккер, 1993) кеңес мемлекетіндегі большевиктердің діни конфессияларға қатысты саясатын қарастырған еңбектері зерттеу мақаламыздың мәселесіне байланысты тарихнамалық әдебиеттерді жүйелеу барысында айрықша назар аудартты. Кеңес мемлекетіндегі мұсылман ұлттық коммунизмі мәселесін зерттеуге арналған А. Беннигсен (Беннигсен, 1983) еңбегін айрықша атап көрсетуге болады. Кеңестік биліктің құрылғанынан Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі ислам дініне қарсы күрес науқанын айқындап көрсетуге арналған Ш.Келлер (Келлер, 1992) еңбегінің де маңыздылығы жоғары. Сонымен қатар, М. Броуксап (Броуксап, 1987), П. Фроуз (Фроуз, 2005), М. Кемпер (Кемпер, 2009), Е. Тасар (Тасар, 2018) сынды шетелдік зерттеушілердің кеңестік кезеңдегі Орта Азия мен Қазақстандағы діни жағдайға байланысты зерттеулеріндегі сопылық дәстүр, мешіттер мен киелі жерлер тұрғысындағы тұжырымдары мен деректері зерттеу жұмысымызды жазу барысында айрықша қарастырылды.

Кеңестік кезеңде жазылған тарихи зерттеулерде кеңес билігінің исламға, оның ішінде мешіттерге қатысты саясатынан хабар беретін зерттеу еңбектер жоқтың қасы. Дегенмен, кеңес билігінің ислам діні саласындағы саясаты КСРО ыдырағаннан кейін зерттеушілердің назарын аударған өзекті тақырып болды. А.Б. Юнусова (Юнусова, 1999) кеңес билігінің исламға қатысты саясатын Башқұртстан мысалында қарастырса, В.А. Ахмадуллин (Ахмадуллин, 2002) 1917-1945 жж. аралығындағы кеңес өкіметінің мұсылман дініне қарсы саясатын зерттеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік биліктің діни саясаты шынайы қарастырылып, отандық зерттеушілердің еңбектерінде обьективті бағасын ала бастады. Г. Мухтарова (Мухтарова, 1998) 1917-1991 жж. аралығында Қазақстандағы ислам діни жағдайын, А. Тасмағамбетов (Тасмагамбетов, 2007) 1917-1940 жж. аралығында Қазақстанда исламға қатысты саясатты, А.М. Нұрғалиева (Нургалиева, 2005) Қазақстандағы мұсылман дініне қатысты XVIII-XIX ғасырлардағы патшалық ресейлік саясаттың ерекшеліктерін және XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы большевиктердің ислам дініне қатысты саясатын өз зерттеулерінде көлемді дерекөздерді талдау негізінде ашып көрсетеді. Сондай-ақ, Н.Д. Нұртазинаның (Нұртазина, 2008) ХХ ғасырдың 20-40-шы жылдары Қазақстанда ислам дініне қарсы жүргізілген Кеңес өкіметінің саясатын қарастырған еңбегінің ғылыми құндылығы жоғары болды. А.М. Садықованың (Садықова, 2015) 1918-1953 жж. аралығындағы Кеңес өкіметінің дін саласындағы саясатын зерттеуге арналған диссертациялық жұмысында да Қазақстанда кеңестік кезеңде мешіттердің жабылуы, діни ұйымдар мен дінбасыларды қуғындау және т.б. мәселелер тың деректермен қарастырылады. Т. Абдрасилов, Ж. Нұрматов, Қ. Қалдыбай (Abdrassilov  and etc., 2021) сынды авторлардың ұжымдық мақаласы да кеңестік кезеңдегі 1922-1991 жж. аралығында сопылықтың тоталитарлық режимге қарсы тұруын дінтанулық тұрғыдан айқындап көрсетуге арналған. Алайда, ұсынылып отырған хронологиялық мерзімде Кеңестік биліктің Қазақстандағы мешіттерге қарсы саясатына арналып жазылған зерттеулер әзірге кездеспейді. Сондықтан, зерттеуіміздегі ғылыми айналымға енбеген архив құжаттары негізінде мәселені ашып көрсетуге бағытталған жаңа тұжырымдар зерттеу жұмысымыздың ерекшелігі болып отыр.

Материалдар мен әдістер. Кеңестік кезеңдегі дінге қарсы жүргізілген саясаттың құқықтық базасы саналатын декреттер, заңды күші бар құжаттар, архив құжаттары мен зерттеу еңбектер ғылыми мақаланың дереккөздері ретінде талданды. Зерттеу нысанын анықтауда тарихи деректер мен тұжырымдалған фактілердің мазмұнын ашуға бағытталған гуманитарлық ғылымдар саласында қолданылатын салыстыру, болжам жасау, талдау, аналитикалық сараптау әдістері пайдаланылды.

Талқылау және зерттеу нәтижелері.Кеңестік кезеңде кез келген комунистік идеологиядан тыс түсінік қысымға ұшырады. Бұл тек идеологиялық тартыс күйінде ғана емес әлеуметтік институттарды физикалық жоюмен және оларды қорғаушыларды қуғындаумен жүзеге асырылды. Бұл «саясасатты жүзеге асыруда 20-шы жылдардың ортасына дейін Ислам дініне байыппен қарау тән болса, 30-шы жылдары дінге қарсы бүкілодақтық науқан жүргізіліп, аз ұлттардың діни құқықтары» (Нұртазина, 2008: 3) аяусыз тапталды.

Коммунизм түсінігін дамытқан көсемдердің көзқарасымен ХІХ соңы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасқан дінге қарсы пікір В.И. Лениннің бастамасымен көтерілгенімен, дінге қарсы күрес И.В. Сталин билікке келген соң бірден бастала қоймады. Елдің ішкі және сыртқы саяси жағдайлары дінмен күресті бірден бастап кетуге мүмкіндік бермеді.

Халық Комиссарлар Кеңесінің 1918 жыл 20 қаңтардағы «Ар-ождан бостандығы, шіркеулік және діни қауымдар туралы» декреті бойынша діни салт ғимараттары мен ондағы заттар діни қауымдастықтардан тартып алынып, жалпы діни сенушілерге ақысыз негізде пайдалануға берілді. Бұл халық арасында ықпалды арттыру үшін жасалған шараның бірі еді. Шын мәнінде, мешіттер мен шіркеулер мемлекет меншігіне өткізілді. Оған дейін шығарылған «Жер туралы» декретте діни ұйымдарға қандай да бір жеке меншікке ие болуға тыйым салынған болатын (Декреты Советской власти, 1957: 372). Сонымен қатар, 1918 жылғы РКФСР Конституциясында діннің мемлекеттен ажыратылуы жарияланды. Сонымен бірге, дін басылар қанаушы тапқа жатқызылып, сайлау құқығынан айырылды. Кеңес өкіметінің ислам діні мен мұсылмандарға қатысты саясаты дінмен күрес саясаты негізінде жүзеге асырылды. Олар халық арасындағы ауқатты санатқа жататын мұсылмандардың ықпалын әлсіретуге тырысты. Мұсылмандарға қарасты мешіт-медреселерді жауып, мұсылман қауымына соққы беруді мақсат етті. Кеңес өкіметімен ымыраластықты ұстанып, оларға ниеттестік танытқан мұсылмандардың бір тобын ар-ождан бостандығының көрінісі ретінде сақтап қалды.

РКФСР Халық Комиссарлар кеңесі 1918 жылы 23 қаңтарда «Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі туралы» (Кириченко, 1987: 6) декретін қабылдады. Дегенмен, бұл декрет Орта Азияның кейбір республикаларында мүлдем қабылданбай қалды. Мұндай шаралар өзінің жемісін бермеді. Сондықтан, дінге қарсы саясат исламға агрессивті түрде шабуыл жасай бастады (Тасар, 2018: 256). Міне, осындай саясаттың негізінде діни әрекеттерге тыйым салынып, исламдық мектептер мен мешіттер жабылды және оларға зиян келтірілді (Кемпер, 2009: 31).

 Өкімет мұнымен тоқтамай, діни мекемелер мен дін басыларға қарсы саясатты жүзеге асырып, жазалау шараларын кеңінен жалғастырды. 1920 жылдардағы үкіметтің арнайы декреттерімен қалың мал, құн төлеу сияқты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін терістеп, күшін жойды. БОАК төрағасының 1918-1933 жж. аралығында діни бірлестіктер мен ғибадатханаларға қатысты баянжазбасына сәйкес Қазақ АКСР аумағында 1918-1931 жж. өлкеде 1630 ғибадатхана, олардың ішінде 782 мешіт жабылды. 1931-1933 жж. 8 діни ғимарат жабылды. Комиссия есептеуі бойынша 879, олардың ішінде 499 мешіт әрекет етуді жалғастырды (РФ МА, Р-5263: 69-72)

Дінмен күрес Кеңес үкіметінде авторитарлық режимнің нықтап орнығуынан соң қатаң түрде жүргізілді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы зобалаң дінбасылар мен діни ұйымдарды қырғынға ұшыратты.

Фроус өзінің зерттеулерінде 1917 жылға дейін Орта Азияда 20 000 мешіт жұмыс істеген болса, 1929 жылы олардың саны 4 000-ға азайды, ал 1936 жылы Орта Азияда бар болғаны 386 мешіт тіркелгендігін көрсетеді (Фроуз, 2005: 489). Бас аяғы 20 жылдың ішінде көрсеткіш 90 пайызға азайғандығы байқалады. Кейбір деректерге қарағанда, «1929-1939 жылдары Кеңес Одағында жабылған мешіттердің саны 26 000-ға жеткен. Шейхтар, имамдар, дінбасылар секілді бүкіл дін істерімен айналысатын адамдар қуғын көрді, жер аударылды, кейбіреулері өлтірілді. Зиярат ететін орындар, әйгілі қасиетті жерлер тартып алынды, қажылыққа баруға тыйым салынды, Исламдық құлшылық, әдет-ғұрыптары (намаз, ораза, зекет және діни мейрамдар) орындау өте қауіпті жағдайға айналды» (Sovyet Rusya’da Bugünkü İslamiyet, 1963: 7).

Келлер, Орта Азиядағы жергілікті деректер негізінде 1936 жылы тіркелмеген құлшылық орындарының тізімін жасады (Фроуз, 2005: 493). Оның мәліметтері бойынша қалалық және ауылдық жерлерде тіркелмеген намаз оқитын орындардың, жерасты мешіттерінің саны әдәуір көп болғанын көруге болады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл көрсеткіштің одан да артқандығын болжауға болады.

1 кесте. Құлшылық үйлері (1936 жылғы көрсеткіштер)

1917 жылға дейің

Жабылғаны

Ашылғаны

Тіркелгені

Тіркелмегені

Жалпы (ауылдық округтерде)

9 720

6 160

3 590

386

2 583

Қалалық жерлерде жалпы

10 489

6 544

3 724

686

2 588

Келлер жүргізген зерттеуге сәйкес, шамамен 2500 жерасты мешіттері Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін жұмыс істеген (Фроуз, 2005: 493). Оның айтуынша, тіркелмеген мешіттердің, жерасты мешіттерінің қалада да, ауылды жерлерде де артуы исламды сақтаудың бір жолы болды. Кеңес өкіметінің тынымсыз қуғын-сүргіні сопылық бауырластықтарды біріктіріп, жамағат намазын бірге оқу үшін жерасты мешіттерін салуға алып келді. Сонымен қатар, мешіттер намаз оқу орны қызметімен бірге неке қию, сүндетке отырғызу, жерлеу сияқты қызметтер атқарды (Беннигсен, 1988: 771). Сондықтан, бейресми мешіттер, жерасты мешіттері дәстүрлі исламды қорғап, сақтауда айтарлықтай рөл атқарды. Бұл жағдайды Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы КСРО Министрлер кеңесіне бағынышты Қазақстан бойынша Діни салттар ісі бойынша өкілінің құпия грифімен сақталған архив құжаттарында «... қалыптасқан жағдайға байланысты діни рәсімдерді орындау жеке киіз үйлерде немесе ашық аспан астында жүргізіліп, бұл қалыпты үрдіске айнала бастады. Сондықтан, мешіттерге және басқа да діни ғимараттарға деген қажеттілік жоқ деп есептеуге болады. Осы жағдайды ескере отырып мешіті жоқ діни қауымдастықтар мен молдаларды ресми тіркеудің қажеті жоқ. Оларды тіркеу оң нәтиже бермейді. Керісінше, Қазақстанның барлық аудандарында «кезбе» («бродящие») молдалар мен қауымдастықтардың артуына алып келеді» (РФ МА, Р-6991: 30) деген ұсыныс хатынан да байқауға болады.

1926 жылғы РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің «Дінге қарсы үгіт-насихат жұмысы туралы» резолюциясында діннің таптық мәні ашып көрсетіліп, мұсылман діни қозғалысының әлеуметтік мәні жағынан кеңес өкіметіне қарсы сипаты атап өтілді. Резолюцияға сәйкес Қазақстанда мұхтасибат институттарын жауып, қайта құрылыуына жол бермеу ұсынылды. Билік органдары діни қызметкерлердің қызметін қатаң бақылауға алып, діни жиналыс, съезд, мешіттердің салынуы билік органдарының арнайы рұқсатымен жүзеге асырылды. Жергілікті органдар орталық мекемелерге діни өмірге қатысты ақпарат беріп отырды (Садықова, 2015: 105).

1930 жылдары колхоздардың ұйымдастырылуынан кейін жер мен мешіттер олардың қарауына берілді. Мәселен «Оңтүстік Қазақстан облысында революцияға дейін 490 мешіт жұмыс істеген болса, осы декреттен кейін облыс колхоздары бұрыңғы 160 мешітті қоймаға, 27 мешітті тұрғын үйге, 32 мешітті мәдени ағарту үйіне айналдырды. Кейбір аудандарда барлық мешіттерді жойып жіберді: Мысалы, Түркістан ауданында революцияға дейін (1917 ж. дейін) 98 мешіт жұмыс істеген болса, 43 мешіт, Сайрам ауданында 143 мешіт болған болса, соғыстан кейін 33 мешіт ғана қалды» (РФ МА, Р-6991: 9).

Соғыс басталысымен дінге көзқарас өзгерді. Оның себебі, діни ұйымдардың барлық бағыттарын соғысқа жұмылдыру және діни ұйымдардың қолдауын табуда жатқан еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанда ешқандай рұқсатсыз барлық аудандарда мешіттер қайта ашыла бастады. Мәселен, «Түркістан ауданында – 11, Сайрам ауданында - 9, Шымкентте – 8 мешіт рұқсатсыз жұмыс істеді (РФ МА, Р-6991: 2). Дегенмен, 1943 жылы Кеңес өкіметінің дін саясаты өзгергеніне қарамастан, заңнамалық-құқықтық база өзгерген жоқ. 1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданған КСРО Конституциясы мен 1929 жылы 8 сəуірде қабылданған РКФСР БОАК жəне ХКК қабылдаған «Діни ұйымдар туралы» Қаулы заң базасын құрады. (Бөдеев, Сактаганова, 2018: 56)

Соғыстан кейін дінмен күрес қайта қолға алынды. «1946 жылдан 1948 жылға дейін Қазақстанда 68-ге жуық мешіт қайта жабылды» (РФ МА, Р-6991, 2).

КСРО Министрлер кеңесіне бағынышты Қазақстан бойынша Діни салттар ісі бойынша өкілінің 1948 жылғы 4 кварталдағы есебі бойынша Қазақстанда бар болғаны 22 тіркелген мешіт жұмыс істеді (РФ МА, Р-6991, 7). Бұл көрсеткіш күн санап қысқара берді. Қалалық және ауылдық жерлерден халықтың мешіт ашу туралы көптеген өтініштері қанағаттандырылмады. Нәтижесінде, 1950 жылы 20 тіркелген мешіт жұмыс істеді, олардың 16 қалалық жерлерде, ал 4 ауылдық жерлерде (РФ МА, Р-6991: 289) болып қысқарды.

 Қазақстандағы кез келген мешітке жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізуге қатаң тиым салынды. Жөндеу жұмыстары тек Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары рухани басқармасының рұқсаты негізінде жүргізілуі керек болды. «Әрбір мешітте жергілікті кеңес уәкілетті өкілінің тіркеу туралы анықтамасы, Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары рухани басқармасының берген куәлігі бар молдалар жұмыс атқаруы керек болды. Молдалардан басқа әрбір мешітте муеззиндер қызмет атқарды (РФ МА, Р-6991: 7).

Соғыстан кейінгі жылдары «тіркелген молдалардың айлық жалақысы 500 рубль, молда көмекшілерінің айлығы 400 рубль көлемінде белгіленді және олар сенім білдіретін халықтан мешітке түскен қаржы есебінен төленді, сонымен қатар молдалар өздері тіркелген мешіттен тыс жерде уағыз жасауға, басқа да діни рәсімдермен айналысуға тиым салынды» (РФ МА, Р-6991: 217). Соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстанда дінмен күрес 30-шы жылдардағыдай діни ұйымдар мен дінбасыларды қатаң қуғындаумен жалғаспағанымен, халықты діни түсінігі мен дәстүрінен ажырату саясаты негізінде жүзеге асырылды деп тұжырымдауға болады.

Кеңестік дінмен күрес саясатының нысаны ретінде сопылық жерасты мешіттері мен киелі жерлер. Діни сенім қиын кезеңде бейресми негізде исламдық сопылық бауырластық кеңестік идеологияға жат ағым, секта ретінде танылып қатаң қудалауға ұшырады. Дінге қарсы науқаннан аман қалу үшін сопылық қауымдастықтар шайхана және жерасты мешіттері кейпінде дәстүрді сақтап қалуға тырысты (Броуксап, 1987: 288). Беннигсен, мұндай жерасты мешіттері мен алаңдарды сопылық бауырластықтар басқарды деп есептейді (Беннигсен, 1988: 776). Сонымен қатар, сопылық бауырластықтар ресми ислам институтының өкілі ретінде әрекет етіп, жекелеген медреселер желісін қолдады және мыңдаған қасиетті жерлердің қасында орналасқан «құлшылық орындарын» (сопы шайхтарының қабірлері) астыртын басқарып отырды деп жазады. Бұл туралы Тасар (Тасар, 2018: 260) 1943-1944 жылдар аралығында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Сталиндік биліктің исламға қатысты қатаң бақылауды жеңілдетуі исламдық әрекеттердің артуына мүмкіндік берді. Мейірімді діни саясат негізінде, жерасты мешіттерінің саны көбейді деген тұжырым жасайды.

Сопылық бауырластықтар Ислам дінін сақтаудың бір жолы ретінде жерасты мешіттерін қамтамасыз етіп отырды. Дегенмен, қатаң режим саясаты тұсында мұндай жерасты мешіттерінің қай жерде және қаншасы жұмыс істегенін білуіміз қиын.

Әрбір мешіт, қасиетті жер, жерасты мешіті Қазақстан мұсылмандарының ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, адамдарды өзара жақындастыруға, сонымен қатар, дәстүрлі исламдық түсінікті сақтауда айрықша рөл атқарғандығын мойындауымыз қажет. Дегенмен, Кеңес үкіметі киелі жерлерді жоюды мақсат етіп, әулиелердің бейіттері, молаларын бұзуға тырысты. Өйткені, белгілі шайхтардың бейіттері, кесенелері дәстүрлі ислам дінін үйрету мен уағыздау орны екендігін жақсы түсінді. Мұның астарында киелі жерлерді жою арқылы халықтың дәстүрлі діни түсінгін жою себебі жатқандығын аңғаруымыз керек. Алайда, мұсылмандардың мұндай мазарларға баруы кеңестік сойқан саясаттың шабуылынан қорғану үшін екендігі анық. Террор мен репрессия жағдайында әбден тозығы жеткен кесенелер мен бейіттер оларды тексерушілердің назарын аудармайтын еді. «Киелі жерлер мен бейіт басына мұсылмандар тек өздерінің қауіпсіздігі үшін емес, сонымен қатар, рухани қажеттіліктерін толықтыру үшін баратын болды» (Беннигсен, 1988: 776).

Бұл туралы архив құжаттарындағы «Қазіргі уақытта Қазақ ССР-де бірнеше архитектура ескерткіші бар. Олар: «Арслан баб», «Абдул Азиз баб», «Исхан баб», «Ибрагим ата», «Қожа Ахмет Ясауи», «Айша бибі», «Бабажан хатун», «Қарахан» және т.б. Бұл ескерткіштер сенушілер (мұсылмандар) үшін киелі жерлер саналады және осы жерлерге көптеп барылады. Олар мұнда келіп жерге отырып, діни Құран өлеңдерін (аяттарын И.М) оқиды, қарауылға ақша қалдырады, егер қарауыл болмаса сол жерлерде жасалған қазандарға салып кетеді. Жоғарыда аталған жерлерден басқа да көптеген жанама тізімдегі жерлер бар. Олардың басында мазар немесе басқа белгі боларлық ештеңе қалмаған. Кейбірінің тек атауы ғана сақталған» (РФ МА, Р-6991: 18) деген мәліметтерден анық көруге болады.

Меккеге жасалатын қажылыққа тиым салынғаннан кейін мұндай киелі жерлер қажылық сапарды алмастырудың жолы еді. Сондай-ақ, Беннигсен, кесенелер мен мазарлар басына мұсылмандар діни дәстүрлерді орындау, зікір ету мен құлшылық жасау үшін келді деп тұжырымдайды. Шын мәнінде, киелі жерлерге халық өзінің діни сенімін нығайтып, жүректеріне тыныштық беретін рухани күш алу үшін барды (Беннигсен, 1983: 83). Бір сөзбен айтқанда, киелі жерлер рухани және исламдық сенімнің орталығы қызметін атқарды.

Сондықтан, мұсылмандар ислам дініне деген сенімдерін сақтай отырып, кесенелер мен мешіттерді ресторан немесе музей жағдайына келтіруге өздерінің қарсылықтарын білдірді (Беннигсен, 1983: 83). Бұл имамдардың киелі жерлер мен кесенелерге зиярат жасауға халықты тарта отырып, сопылық құралдар арқылы олардың ішкі дүниесіне әсер етуге талпынғандығын білдіреді. Осылайша, халықтың діни және рухани сенімдеріндегі ерекшеліктер негізінде қуғын-сүргінге қарамастан дәстүрлі исламды сақтап, қатарларын көбейте алды.

Киелі жерлерге зиярат жасау діни және сопылық ғұрыптарының бірі және мұндай дәстүр Орта Азияда бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Тасар (Tasar, 2018: 257) кеңестік діни қуғындау саясаты исламдық рәсімдерді орындауға кері әсер етіп қойғандығына қарамастан, керісінше сопылық бауырластықтар арасында жетілудің орын алғаны байқалғандығын жазады. КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Діни культтер ісі кеңесінің төрағасы Полянскийге арнайы өкілдің (КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Діни культтер ісі кеңесі қызметкерінің) Қазақ және Қырғыз ССР-не жасаған  іс-сапары бойынша 1951 жыл 9 маусымдағы есеп беру баяндамасында «... мазарлар мен «киелі жерлерге» зиярат ету айрықша маңызды орында. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында олардың саны 60-тан асып кетеді (РФ МА, Р-6991: 21) деп жазады. Сонымен қатар, «Шымкент қаласында Баба дервиштің құлап қалған мазары қайта қалпына келтірілген және оған зиярат етушілер көбейген. Мазарда Рустем Хоста шейх өмір сүреді. Мазарды қалпына келтіруге тіркелген мешіт басқармасы ешқандай қатысымыз жоқ деп отыр» (Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві (РФ МА). Р-6991-қ., 3-т., 350-іс, 260-п.) деген мәлімет бар. Келтірілген мәлімет бойынша киелі жерлер қатарына жататын жерлерді халық өз күшімен қайта қалпына келтіріп, сопылық бауырластықтардың дінмен күреске қарсы жасаған әрекеттері көрініс табады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Қылует» жерасты мешітінің кеңестік кезеңде жабылуы. Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ ғасыр тұсында сопылық ілім қарапайым халық қана емес ірі дін өкілдері мен билеуші топ өкілдері де мойындап, ислам діні түркі халықтары арасында таралуы мен орнығуына үлкен әсер етті. Ал, йассауи сопылық дәстүрінің қасиетті белгісі саналатын ортағасырға тиесілі «Қылует» жерасты мешіті кешен ретінде әлі күнге дейін ерекше рухани тәрбиелік мәнге ие.

«1868 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында 20 үлкен мешіт және 100 отбасы (немесе бірлестік И.М) (Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанатын) жұмыс істесе, 1912 жылы Түркістан қаласындағы мешіттер саны 40 артып, Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанушылар 100 отбасыдан бірнеше есе кеміп кетті. Ал, олар Қожа Ахмет Ясауидің идеяларын тарататын «Кәландарларға» (Каляндаристы – архив құжатында осылай берілген) айналды» (РФ МА, Р-6991: 129)  деген мәліметтер архив құжаттарындакездеседі.

М.Тұяқбаев «Түркістан сырлары» кітабында түрлі деңгейде «Қылует» мешіттерінің міндетін атқарған «Кіші Қылует», «Құмшық ата», «Шілдехана», Шәмет Ишан мешіті, «Имам Марғузи» мешіті құрылыстарының қалдығы осы күнге дейін сақталғандығын, соңғы жылдары «Құмшық ата», «Шілдехана», Шәмет Ишан мешіті, «Имам Марғузи» мешіттері қайта қалпына келтіргендігін, «Кіші Қылует», «Үлкен Қылует» сияқты тарихи орындардың 1942 жылы бұзылып, кірпіштері Түркістан қаласындағы май зауытын салуға жұмсалғандығын жазады (Тұяқбаев, 2000: 42). Дегенмен, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде «Қылует» жерасты мешіті сопылар тарапынан қайта қалпына келтіріліп, жұмыс жасағандығы туралы деректер ғылыми әдебиеттерде кездеспейді. Қазақ ССР Министрлер кеңесі жанындағы Діни салттар ісі уәкілеттігінің аға инспекторы П. Галихайдаровтың 1948 жыл 20 қыркүйектегі баянжазбасында «Қылует» жерасты мешіті 1932-1933 жылдары бұзылды (РФ МА, Р-6991: 132) деген дерек келтіріледі. Бұл «Қылует» жерасты мешітінің кеңестік кезеңдегі алғашқы рет бұзылуы болды.

«Қылует» мешітін екінші рет жабу туралы мәселе 1947 жылы қайта көтеріле бастады. КСРО Министрлер кеңесіне бағынышты Қазақстан бойынша Діни салттар ісі өкілінің (Н. Сабитов) 1947 жылғы 2 кварталдағы есебіндегі «Түркістан қаласындағы «Қылует-ханаға» (Қожа Ахмет Ясауидің оңаша қалатын орны) қожалар жиналатындығы және «зікір» (құдайға құлшылық ету) салатындығы, бұл туралы Кеңеске (Қазақстан бойынша Діни культтер ісі бойынша өкілі) және Рухани басқармаға (Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасы) олардың көзқарасын білу үшін жолданды» (РФ МА, Р-6991: 201), - деген мәліметтерден «Қылует» мешіті мен осы жерде жасалатын мұсылмандық-сопылық рәсімдерді тоқтату шаралары басталады.

КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Діни салттар ісі кеңесінің төрағасы Полянскийге Қазақстан бойынша Діни салттар ісі бойынша өкілінің 1947 жыл 13 қыркүйекте жазған құпия хатында «Түркістан қаласындағы (Оңтүстік Қазақстан облысы) дінге сенушілер Қожа Ахмет Ясауи мешітінен 150-200 метр аралығында орналасқан мешітте құдайға құлшылық жасайды. Мешіттің жанында (20 метр аралғында), құдайға құлшылық жасайтын жерде Қожа Ахмет Ясауидің «Қылует хана» (оңашалану орны) деп аталатын тереңдігі 1,5 метрлік шұқыр бар. Қазіргі кезде жергілікті молда С.Фахрутдиновтың бастамасымен «Қылует-хана» шұқырының үстіне кішігірім құрылыс ғимараты салынған. Осы жерде әр жұмада қажылар жиналып, «зікір» салады. Ал, «зікір» мұсылмандарда құдайға құлшылық етудің ажырамас бөлшегі емес екендігі белгілі (Орта Азия және Қазақстан мұсылмадары басқармасының шешімі осылай болған И.М). Мұндай рәсімді өткізудің мақсаты Қожа Ахмет Ясауи атымен қожалардың шығарып алғаны. Осы жағдайға әкімшілік тәртіпте тыйым салу үшін Сіздің тапсырмаңызды күтеміз» (РФ МА, Р-6991: 76), - деп жазады.

КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Діни культтер ісі кеңесініңтөрағасы Полянскийге және Қазақ ССР Діни салттар ісі уәкілетті өкілі Н.Сабитовке Қазақ ССР Министрлер кеңесі жанындағы Діни салттар ісі уәкілеттігінің аға инспекторының 1948 жыл 20 қыркүйектегі баянжазбасында (1 және 2 суреттер) «Үлкен Қылует» жерасты мешітінің жағдайы былай сипатталады: «Оңтүстік Қазақстан облысында мазарларды киелі санау анық көрінеді. Мұндай жерлер бұл облыста көп сақталған. Түркістан қаласындағы белгілі Қожа Ахмет Ясауи қабірі маңында (150-200 метр аралығында) молдалар тарапынан реставрация жасалған Хилват-Магара (қазіргі «Үлкен Қылует» жерасты мешіті И.М.) орналасқан. Реставрация жасалған деп жазып отырғаным, жергілікті рухани басқарма айтуынша, бұрыңғы бұзылған «Хилват-Магара» дәл осы жерде орналасқан. Бұрыңғы Хилват-Магара күмбез тәрізді ғимарат болған. Оның ішкі қабырғаларының бірінде кішкене бөлмеге алып баратын есік болған. Осы бөлменің еденінде жерасты бөлмесіне алып баратын тесік бар. Бұл жер, рухани басқарманың сенімінше, Ахмет Ясауи 63 жастан кейінгі өмірін осында өтізген орын. Бұл магараға революцияға дейін ешкімді кіргізбеген. Дегенмен, оқшауланудың, Қылуетке түсудің тәртібі жеті күннен қырық күнге дейін екендігі жақсы сақталған. Мұндай өз еркімен азап шегу, рухани басқарма айтуынша, барлық күнадан тазартып, Ахмет Ясауи магарасының маңыздылығын арттыра түседі. Түркістан қаласында мешіттер жабылғаннан (1932-1933 жж.) кейін Қылует ғимараты бұзылып, кірпіштері тасылып әкетілді және магара топырақпен көмілді. Ал, қазіргі уақытта молдалар мешіт ашылғаннан кейін мешіт ауласында 10х7 м көлеміндегі екі бөлмеден тұратын жартылай жерасты ғимаратын салып алды. Олардың бірін (алдыңғысын) Қылует деп атайды, ал екінші (ішкі бөлмесі) бөлмесінде жерасты бөлмесін жасап, оны магара деп атайды. Молдалардың өздері Қылует ғимараты бұзылғаннан кейін құландылардың астында қалған магараның нақ өзі деп айтады. Дегенмен, олар Қылует пен Магараны 1945-1946 жылы салынған қалалық мешіттің ауласында қайта қалпына келтірген. Қалай болғанда да, мұсылман молдалар мешітке келуші зияратшыларды көбейту үшін «Қылует-Магараны» қайта салған. Қазіргі уақытта Қылует-Магара әрқашан құлыппен жабылған күйде тұрады. Оның кілті сол жерде өмір сүретін Айтпай пірадарда. Мешіт имамы Диханбаев Ибрагим «Қылует-Магараны» келіп көрушілер көп болады ма? деген сұрағыма «өте аз» деп жауап берді. Бірақ, жабық тұрған Қылует-Магараны ашып көрсеткен Айтпай пірадар имам жоқ кезде зиярат етушілер, әсіресе, қыс мезгілінде Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдерден көп болатындығын айтты (РФ МА, Р-6991: 132).

КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Діни салттар ісі кеңесінің төрағасы Полянскийге Қазақ және Қырғыз ССР-не арнайы іс-сапарға жіберілген арнайы өкілдің (КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Діни культтер ісі кеңесі қызметкерінің) 1951 жыл 9 маусымдағы құпия грифімен сақталған есеп беру баяндамасында «Қожа Ахмет Ясауи мешіті жанында жерді қазып жасаған «қылует» бар, мұнда сенушілер өз қалауларымен белгілі бір мерзім Құран оқу үшін оңаша қалады. Бұрынырақта бұл жерастында Ахмет Ясауи өмір сүрген. Бұл мазар Архитектура басқармасы қарауында. Ахмет Ясауи қабіріне әлі күнге дейін тек Түркістан мен оның маңындағы аудандардан зиярат етушілер ғана емес, Өзбекстаннан да келушілер бар. Осы зиярат етушілерден мазар қызметкерлеріне маңызды көлемде кіріс түсіретіндігі көрінді» (РФ МА, Р-6991: 282) деген мәлімет келтіреді. Яғни, 1945-1946 жылдары қайта қалпына келтірілген «Үлкен Қылует» жерасты мешіті 1955 жылға дейін құпия жағдайда жұмыс істеп, оған келушілердің саны арта түсті.

Міне, осы есеп беру баяндамасында арнайы өкіл «... тіркелген діни қауымдастықтардан басқа, мазарлар маңын (киелі жерлер) қатаң бақылауға алу керек» (Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві (РФ МА). Р-6991-қ., 3-т., 350-іс, 283-п.) деген ұсыныс білдіреді. Дегенмен, бұл ұсыныс бойынша «Қылует» жерасты мешітін жабу туралы мәселе ары қарай қолға алынбай қалғанымен, діни салттар бойынша жергілікті жауапты өкілдер назарынан бір сәтте қараусыз қалған жоқ.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша діни қозғалыстардың жағдайы мен дін қызметкелері іс-әрекеті туралы 1953 жыл екінші кварталдағы Оңтүстік Қазақстан ОблАтКом Діни салт істері бойынша кеңесі уәкілі А.Поспеловтың құпия ақпараттық есебінде «Қылует» мешітін жабу мәселесі қайта көтеріледі. Аталған есепте «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы мешітті («Үлкен Қылует» жерасты мешітін И.М.) Борисовка елді мекеніне немесе алыстау аймаққа көшіру дінге сенушілердің мазарға көптеп келуін азайтып, зиярат дәстүрі маңызының жойылуына алып келер еді» (РФ МА, Р-6991: 21) деген ұсыныс айтылады

Бұл ұсыныс аталған мешітті жабу туралы өтініш ретінде тиісті жерлерге жіберіледі. Дегенмен, «Қылует» мешіті имамдары арасында аталған мешітті көшіру мәселесіндегі көзқарас екіге бөлініп, қарсы болғандар да көптеп кездесті. Алайда, қарсылықтарға қарамастан 1955 жылы Түркістан қаласындағы жұмыс істеп тұрған «Қылует» мешітін көшіру үшін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 4 км жерден жер бөлініп, сол кездегі мемлекеттік тіркеудегі бір ғана мешіт сол жерге көшірілді (РФ МА, Р-6991: 41).

«Қылует» мешітін көшірудің мақсаты Қазақ ССР Министрлер кеңесі Діни салттар ісі бойынша кеңестің уәкілітті өкілі Б. Жумашевтың Оңтүстік Қазақстан ОблАтКом Діни салт істері бойынша кеңес уәкілі А. Поспеловқа 1955 жылы 2 шілдеде жазған құпия хатында анық көрініс табады: «Түркістан қаласындағы жұмыс істеп тұрған Қылует мешітін көшіру үшін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 4 км жерден жер бөлінді. Осы жағдайды ескере отырып, мына мәселелерді тереңнен зерттеп анықтауыңызды сұраймын: Жұмыс жасап тұрған «Қылует» мешіттің жұмысын тоқтатқаннан кейін 4 км жердегі салынып жатқан жаңа мешітке ескі мешіттің материалдарын құрылыс материалдары ретінде пайдалануға және діни қауымдастық өкілдері мешітті ауыстыруға жай ғана келісім бере салады ма? Өзіңіз білесіз, "Қылует" жай ғана құрылыс емес, ол жерастына қарай қазылған маңызды жер. Ал, дінге сенушілер «Қылует» мешітінің құрылысын емес, «Қылуетті» (жерасты бөлмесін) киелі санайды. Ораза айт, Құрбан айт мейрамынан кейін дінге сенушілер бұрыңғыдай Ахмет Ясауи мазарына зиярат етуін тоқтатпайды. Олардың мазарға зиярат етуін тоқтату үшін қандай шаралар қолдануға болатындығын анықтап көріңіз (РФ МА, Р-6991: 41). Нәтижесінде, түркі-ислам ата дәстүрі мен діни дүниетанымының орталығы болып келген мешіт кеңестік сұрқия саясаттың негізінде жабылды. Дегенмен, кеңестік қызыл науқан кезеңінде де Қазақстандағы жерасты мешіттері халық арасында сопылықтың кеңінен және табыспен таралуына, діни дәстүрдің сақталуына жағдай жасаған негізгі орталықтар ретінде өзіндік ықпалы болды дей аламыз.

Қорытынды. Бұл зерттеуде кеңестік кезеңде Қазақстандағы мешіттерді жабу және киелі жерлерді қирату арқылы исламға жасалған қарсы саясат пен ресми бақылау, қуғын-сүргінге талдау жасалды. Халықтың ішіндегі ислам дінінің шын жанашырлары кеңестік билікке қарсы бейбіт қарсыласу жолымен мұсылмандық діни дәстүрін жасырын түрде киелі жерлер мен жерасты мешіттерінде, шайханаларда дінді таратумен ауқымды астыртын қозғалысты жүргізгендігі анықталды. Белгілі сопылық ілімді таратқан шайхтардың ізі қалған киелі жерлердегі ғимараттарды ерікті түрде халықтың күшімен қалпына келтірудің мысалы ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа қасиетті орын саналып келген «Қылует» жерасты мешітінің қилы тарихы негізінде танытуға талпыныс жасалды. Қарапайым халық үшін жерасты мешіттері, киелі жерлер дәстүрлі рухани орталықтарға айналды және кеңестік қатаң қысымға қарамастан ислам дінінің өмір сүруіне де, гүлденуіне де өзіндік септігін тигізді. Осылайша, халық мұсылмандық болмысы мен мәдениетінің өмір сүруін жалғастыра алды.

Мақала Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі  қаржыландыратын «BR10164268 Қазақстандағы рухани жерасты мешіттерінің тарихы және «Қылует» жерасты мешітін музейлендіру» жобасын жүзеге асыру аясында орындалды.

Information about the authors:

М.S. Issayev–PhD, Senior lecturer,International Kazakh-Turkish University named after Khoja Ahmet Yesevi. Kazakhstan, Turkistan; Е-mail: mukhtar.issayev@ayu.edu.kz, https://orcid.org/0000-0002-7188-7986;

S.T. Shametov– Reseacher, Azret Sultan state historical and cultural museum. Kazakhstan, Turkistan. Е-mail:shayan65@mail.ru, https://orcid.org/0000-0001-7107-3993;

R.T. Dzhapparova– International Kazakh-Turkish University named after Khoja Ahmet Yesevi. Kazakhstan, Turkistan; Е-mail: jan-rau@mail.ruғ https://orcid.org/0000-0003-4783-2384.

ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:

Абдрасилов Т., Нұрматов Ж., Қалдыбай Қ. Кеңестік кезеңдегі (1922-1991) сопылықтың режимге қарсылығын шолу. (An Examination Of Sufism’s Resistance Against The Regime In The Soviet Period (1922-1991). // Түрік мәдениеті және Қажы Бекташ Вели журналы. –2021. –№98. –Б.65-76.

Ахмадуллин В.А. Политика советского государства по отношению мусульманской религии в 1917-1945 гг.: дисс. ... канд. ист. наук. –Москва,2002. –241 с.

Беннигсен А. КСРО-да суфизм: кеңестік деректер библиографиясы. (Sufism in the USSR:A Bibliography of Soviet Sources) // Орта Азиялық зерттеулер, 1983, –№2(4), –Б.81-107.

Беннигсен A. Кеңестік ислам әлеміндегі толқулар. (Unrest in the World of Soviet Islam). // Үшінші дүниежүзілік тоқсандық, –1988. –№10(2), –Б.770-786.

Бөдеев К.Т., Сактаганова З.Г. Кеңес дәуіріндегі діни ұйымдардың құқықтық жағдайы (XX ғ. 40-шы жылдары. // Вестник Карагандинского университета. Серия «История. Философия». –2018. –№2(90). –Б. 56-61.

Броуксап M.Горбачевқа дейінгі Орта Азияда ислам. (Islam in Central AsiaSinceGorbachev) // Азия істері, – 1987. –№18(3), –Б.283-293.

Декреты Советской власти. –Москва: Госполитиздат, –1957. –Т.1. –640 с.

Кеңестік Ресейде бүгінгі ислам діні (İslam today in the Soviet Union). Дайынд. Абдурахман әл-Шешни. – Мюнхен: Библос, 1963. – 347 б.

Келлер Ш. Кеңестік Орта Азияда ислам, 1917-1930: кеңестік саясат және бақылау үшін күрес. (Islam in Soviet Central Asia, 1917–1930:SovietPolicyand the Struggle for Control). // Орта Азиялық зерттеулер, 1992. –№11(1), –Б.25-50.

Кемпер M. Исламның шығу тегі мен таптық сипаты туралы кеңестік дискурс, 1923-1933. (The Soviet Discourse on the Origin and ClassCharacterof Islam, 1923-1933). //Ислам әлемі. –2009. –№49(1), –Б.1-48.

Кириченко М. Государство и церковь. К истории ленинского декрета // Наука и религия. –1987. –№4. –С.28-38.

Колларз У. Кеңес Одағында дін (Religion in the Soviet Union). – Лондон: Нью-Йорк, 1961. – 518 б.

Мухтарова Г. Ислам в советском Казахстане (1917-1991 годы): дисс. ... канд. ист. наук. – Уральск, 1998. –220 с.

Нұртазина Н.Д. Борьба с исламом. Религиозная политика Советской власти в Казахстане в 20-40-е годы ХХ века. –Алматы: Қазақ университеті,2008. –36 с.

Нургалиева А.М. Очерки по истории ислама в Казахстане. –Алматы: Дайк-Пресс,2005. –224 с.

Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві (РФ МА). Р-5263-қ., 1-т.,. 32-іс, 69-72 п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 348-іс, 30-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 414-іс, 9-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 414-іс, 2-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 414-іс, 2-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 350-іс, 7-п.,

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 350-іс, 289-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 350-іс, 7-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 348-іс, 217-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 349-іс, 18-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 414-іс, 21-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 419-іс, 129-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 414-іс, 132-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 348-іс, 201-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 41-іс, 76-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 414-іс, 132-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 350-іс, 282-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 414-іс, 21-п.

РФ МА. Р-6991-қ., 3-т., 415-іс, 41-п.

Садықова А.М. Кеңес өкіметінің дін саласындағы саясаты (1918-1953 жж.). фил. докт. (PhD) дәрежесін алу үшін дайынд. дисс. – Алматы, 2015. – 201 б.

Тасар E. Кеңестік кезеңдегі сопылық: Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Орталық Азияның қоғамдық-саяси ландшафтындағы киелі адамдар мен орындар. (Sufism on the Soviet stage: Holy people and Places in Central Asia’s Socio-Political Landscape after World War II) / Орта Азияда сопылық. Ред. Девин Девис, Жо-Анн Гросс. –Boston: Brill. –2018. –Б.256-283.

Тасмагамбетов А.С. Политика советской власти в Казахстане в отнашении ислама в 1917-1940 гг.: дисс. ... канд. ист. наук. –Уральск,2007. –281 с.

Тұяқбаев М. Түркістан сырлары. – Алматы: Атамұра, 2000. – 61 б.

Флетчер У. Орыс ортодоксальды жерасты шіркеулері. 1917-1970. (The Russian Orthodox Church underground. 1917-1970). – Лондон: Оксфорд университеті баспасы, 1971. – 324 б.

Фроуз П. Мен атеист және мұсылманмын: Ислам, коммунизм және идеологиялық бәсеке. (I am an Atheist and a Muslim: Islam, Communism and Ideological Competition // Мемлекет және дін журналы. – 2005. – №47(3), – Б.473-501.

Штриккер Г. Рубландтағы дін: тарих пен қазіргі заман туралы. (Religion in Rubland: Darstellung und Daten zu Geschichte und Gegenwart). –Кельн, 1993. – 420 б.

Юнусова А.Б. Ислам в Башкортстане. - Уфа: Уфимский полиграфкомбинат,1999. –352 с.

REFERENСES:

Abdrassilov T., Nurmatov Zh., Kaldybay K. An Examination Of Sufism’s Resistance Against The Regime In The Soviet Period (1922-1991). // Turk kulturu ve Haci Bektas Veli arastirma dergisi. –2021. –№98. –Р.65-76.

Ahmadullin V.A. Politika sovetskogo gosudarstva po otnosheniyu musul'manskoj religii v 1917-1945 gg.: diss. ... kand. ist. nauk. – Moskva, 2002. – 241 s. [in Russian].

Bennigsen A. ‘Sufism in the USSR: A Bibliography of Soviet Sources’ // Central Asian Survey. –1983, –№2(4), –Р.81-107.

Bennigsen A. Unrest in the World of Soviet Islam // Third World Quarterly, –1988. –№10(2), –Р.770-786.

Bodeev K.T., Saktaganova Z.G. Kenes dauіrіndegі dіni ujymdardyn quqyқtyq zhagdajy (XX g. 40-shy zhyldary. // Vestnik Karagandinskogo universiteta. Seriya «Istoriya. Filosofiya». –2018. –№2(90). –B. 56-61 [in Kazakh].

Broxup M. Islam in Central AsiaSinceGorbachev // AsianAffairs, 1987. – №18(3), – Р.283-293.

Dekrety Sovetskoj vlasti. –Moskva: Gospolitizdat,1957. –T.1. –640 s.[in Russian].

Fletcher W. The Russian Orthodox Church underground. 1917-1970. –London: Oxford University Press,1971. –324 p.

Froese P. I am an AtheistandaMuslim:Islam,CommunismandIdeological Competition // Journal of Church and State. – 2005. –№47(3), –Р.473-501.

Keller Sh. Islam in Soviet Central Asia, 1917–1930:SovietPolicyand the Struggle for Control // Central Asian Survey, – 1992. –№11(1), –Р.25-50.

Kemper M. The Soviet Discourse on the Origin and ClassCharacterof Islam, 1923-1933 // Die Welt des Islams. –2009. –№49(1), –Р.1-48.

Kirichenko M. Gosudarstvo i cerkov'. K istorii leninskogo dekreta // Nauka i religiya. –1987. –№4. –S.28-38[in Russian].

Kollarz W. Religion in the Soviet Union. –London: New York, 1961. – 518 p.

Muhtarova G. Islam v sovetskom Kazahstane (1917-1991 gody): diss. ... kand. ist. nauk. –Ural'sk, 1998. –220 s.[in Russian].

Nurgalieva A.M. Ocherki po istorii islama v Kazahstane. –Almaty: Dajk-Press,2005. –224 s.[in Russian].

Nurtazina N.D. Bor'ba s islamom. Religioznaya politika Sovetskoj vlasti v Kazahstane v 20-40-e gody XX veka. –Almaty: Qazaq universitetі, 2008. –36 s. [in Russian].

Resej Federaciyasynyn memlekettіk arhivі (RF MA). R-5263-q., 1-t.,. 32-іs, 69-72 p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 348-іs, 30-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 414-іs, 9-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 414-іs, 2-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 414-іs, 2-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 350-іs, 7-p,

RF MA. R-6991-q., 3-t., 350-іs, 289-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 350-іs, 7-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 348-іs, 217-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 414-іs, 132-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 348-іs, 201-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 41-іs, 76-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 414-іs, 132-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 350-іs, 282-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 414-іs, 21-p.

RF MA. R-6991-q., 3-t., 415-іs, 41-p.

Sadykova A.M. Keңes okіmetіnіng dіn salasyndagy sayasaty (1918-1953 zhzh.). fil. dokt. (PhD) darezhesіn alu ushіn dajynd. diss. – Almaty, 2015. – 201 b. [in Kazakh].

Sovyet Rusya’da Bugünkü İslamiyet `İslam today in the Soviet Union. Dajynd. Abdurahman әl-SHeshni. –Myunhen: Biblos,1963. –347 b.[in Turkish].

Stricker G. Religion in Rubland: Darstellung und Daten zu Geschichte und Gegenwart. –Koln,1993. –420 p.

Tasar E. Sufism on the Soviet stage: Holy people and Places in Central Asia’s Socio-Political Landscape after World War II / Sufism in Central Asia. Ed. by Devin DeWeese, Jo-Ann Gross. –Boston: Brill,2018. –P.256-283.

Tasmagambetov A.S. Politika sovetskoj vlasti v Kazahstane v otnashenii islama v 1917-1940 gg.: diss. ... kand. ist. nauk. – Ural'sk, 2007. – 281 s. [in Russian].

Tuyakbaev M. Turkіstan syrlary. – Almaty: Atamura, 2000. – 61 b. [in Kazakh].

Yunusova A.B. Islam v Bashkortstane. –Ufa: Ufimskij poligrafkombinat,1999. –352 s.[in Russian].

МРНТИ03.20.00

ПОЛИТИКА СОВЕТСКОЙ ВЛАСТИ ПРОТИВ МЕЧЕТЕЙ В КАЗАХСТАНЕ

(1918-1953 гг.)

М.С. Исаев1*, С.Т. Шаметов2, Р.Т. Джаппарова1

1Международный казахско-турецкий университет им. Ходжа Ахмеда Ясави.

Казахстан, Туркестан;

2Государственный историко-культурный заповедник-музей «Азрет Султан».

Казахстан, Туркестан.

*Корреспондирующий автор

Е-mail:mukhtar.issayev@ayu.edu.kz (Исаев),shayan65@mail.ru (Шаметов), jan-rau@mail.ru (Джаппарова)

Aннoтaция. В статье дается определение периодических особенностей последствий советской политики против мусульманских религиозных мечетей и святынь в Казахстане 1918-1953 гг. Кроме того, рассматривается история закрытия, состояние подземной мечети «Хильвет» в районе мавзолея Ходжа Ахмеда Ясави, действия суфиев, тайно сопротивлявшихся против советской политики в борьбы с религией для сохранения народной религиозной традиции и мировоззрения. В качестве источников научной статьи были проанализированы декреты, документы, имеющие юридическую силу, архивные документы и исследовательские работы, являющиеся правовой базой проводимой антирелигиозной политики советского периода. При определении объекта исследования использовались методы сравнения, прогнозирования и анализа, направленные на раскрытие содержания исторических данных и сформулированных фактов. Научное восстановление подлинного образа советской политики в отношении мечетей и святынь исторического периода на основе архивных документов показывает новизну исследовательской работы. Полученные научные результаты дополнят наше историческое познание и покажут подрастающему поколению религиозно-духовную историю нашего народа.

Ключевые слова: советская политика, борьба с религией, исламская религия, суфизм, подземные мечети, святые места, хильвет.

IRSNI03.20.00

THE POLICY OF THE SOVIET AUTHORITY AGAINST MOSQUES IN KAZAKHSTAN (1918-1953)

М.S. Issayev1*, S.T. Shametov2, R.T. Dzhapparova1

1International Kazakh-Turkish University named after Khoja Ahmet Yesevi. Kazakhstan, Turkistan;

2Reseacher, Azret Sultan State Historical and Cultural Museum. Kazakhstan, Turkistan.

Е-mail:mukhtar.issayev@ayu.edu.kz (Issayev),shayan65@mail.ru (Shametov), jan-rau@mail.ru (Dzhapparova)

Abstract.The article defines the periodic features of the consequences of the Soviet policy against Muslim religious mosques and holy places in Kazakhstan in 1918-1953. In addition, the history of the closure, the state of the underground mosque "Hilvet" in the area of ​​the mausoleum of Khoja Ahmed Yasawi, the actions of the Sufis who secretly resisted the Soviet policy in the fight against religion in order to preserve the folk religious tradition and worldview are considered. Decrees, documents with legal force, archival documents and research papers, which are the legal basis for the ongoing anti-religious policy of the Soviet period, were analyzed as sources for the scientific article. When determining the object of research, methods of comparison, forecasting and analysis were used, aimed at disclosing the content of historical data and formulated facts. The scientific restoration of the true image of the Soviet policy towards mosques and holy places of the historical period on the basis of archival documents shows the novelty of the research work. The obtained scientific results will supplement our historical knowledge and show the rising generation the religious and spiritual history of our people.

Key words: Soviet policy, fight against religion, Islamic religion, Sufism, underground mosques, holy places, hilvet.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 218

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

Статьи автора

Солтүстік Каспий аймағының түркілену процесі Бірінші дүние жүзілік соғыс тұтқындары Жетісуда Charisma and "Politics of Proximity" in the time of the Revolution and Civil War Роль военной контрразведки «Смерш» в годы Великой Отечественной войны и подвиг нашего земляка ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ Абд ар-Раззак Самаркандидің «Матла ' ас-са ' дайн ва маджма 'ал-бахрайны» шығармасы ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ МРНТИ 3.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_1_1 ОCНОВНЫЕ АCПЕКТЫ РОCCИЙCКО – КАЗАХCТАНCКОГО ВЗАИМОДЕЙCТВИЯ В ТАМОЖЕННОЙ CФЕРЕ «edu.e-history.kz электронды журналы 4(28), 2021 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журнал 3(27), 2021 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журнал 1(29), 2022 ЯЗЫКИ И КУЛЬТУРЫ ПРЕДСТАВИТЕЛЕЙ ОСНОВНЫХ ЭТНОСОВ КАЗАХСТАНА ЧЕРЕЗ ПРИЗМУ КАЗАХСТАНСКОЙ МОДЕЛИ МЕЖЭТНИЧЕСКОГО СОГЛАСИЯ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. 20-30 жж.) О ДВУХ ЭТАПАХ ИСТОРИИ БУДДИЗМА В ЮГО-ВОСТОЧНОМ КАЗАХСТАНЕ ДОМОНГОЛЬСКОГО ПЕРИОДА МОБИЛИЗАЦИЯ ЛЮДСКИХ И МАТЕРИАЛЬНЫХ РЕСУРСОВ КАЗАХСТАНА НА ОБОРОНУ СССР АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ПОЛЯКТАРДЫҢ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАУ ТАРИХЫ ОТАНДЫҚ ТАРИХШЫЛАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АСА МАҢЫЗДЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУЫ МЕН БАҒАЛАУЫ (ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША) БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕЙІНГІ САРМАТ МӘДЕНИЕТІНЕ ТӘН ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ФЕНОМЕНІ THE REPRESSIVE POLICY OF THE SOVIET GOVERNMENT TOWARDS EUROPEAN EMIGRANTS АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ ЖӘНЕ ЭТНОС ТАРИХЫНЫҢ ГЕНЕЗИСТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕШІТТЕРГЕ ҚАРСЫ САЯСАТЫ (1918-1953 жж.) «ШЕЖІРЕ-И-ТАРАКИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ АУЫЗША ТАРИХ ДӘСТҮРІ: ДЕРЕКТЕМЕЛІК ТАЛДАУ ЖӘНЕ ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ