Главная » Материалы » ҒТАМР 03.19.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_20

ЕСІМ ЖӘНЕ ТҰРСЫН ХАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ТАЛАС-ТАРТЫСТЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (ШЕЖІРЕ МЕН АУЫЗША ТАРИХ МАТЕРИАЛДАРЫ БОЙЫНША)

ҒТАМР 03.19.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_20

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(30), 2022

Автор:
Г.Е. Сабденова¹ID, Д.С. Байгунаков²*ID 

¹Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қ., Қазақстан
²Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы қ., Қазақстан 
*Автор-корреспондент 
E-mail: gulmiras2801@gmail.com (Сабденова), dosbol_bs@mail.ru (Байгунаков) 
Аңдатпа. Отандық тарихнамада орын алып отырған ауызша тарих пен халықтық дереккөздері, әсіресе шежіре мәнінің ұлғая түсуі тарих ғылымының дамуындағы маңызды үдерістер қатарында. 1626-1627/28 жылдардағы Есім хан мен Тұрсын ханның саяси және әскери текетіресі зерттеудің нысаны болып табылады. Ал Тұрсын хан ішкі саясатының бағыттары және Есім ханға қарсы жүргізген әскери қадамдарының әуелгі себептері және оның құрамдас бөлігі ретіндегі отандық соғыс қасіреті зардаптары зерттеу пәні ретінде алынып отыр. Зерттеудің хронологиялық шегі осы кезеңдермен белгіленеді де, ХVІІ ғ. алғашқы ширегіндегі мейлінше тұнып тұрған жайттарға кеңінен назар аударылады. Қазақ шежіресі, сондай-ақ ауызша тарих өзара соғыс зардаптары туралы кең әрі терең мәліметтерді сақтап қалған. Сол кездегі соғыстың сұмдық зардаптарын адам құрбандары мен заттай шығындарға ұшыраған дулат, қатаған және басқа да тайпалар шеккен болатын. Дулат тайпасының (шуылдақ руы) шежіре материалдары мен ауызша тарихы халық жадында Тұрсын ханның кейбір қастық істері, құпия сөз байласулары мен қасастық әрекеттері жайлы мәліметтер сақтап қалған. Кейіннен мұндай іс-әрекеттер екі билеуші арасындағы өшпенділікті тұтатқан болуы да ықтимал. Мақалада талданып отырған сауалдар әлі зерттеліне қоймаған әрі практикалық тұрғыдан отандық ғылыми әдебиеттерде кешенді түрде қарастырылмаған деуге болады. 
Түйін сөздер: Қазақ хандығы, Есім хан, Тұрсын хан, шежіре, ауызша тарих, текетірес.
Содержание:

Кіріспе. Қазақ хандығы тұсындағы оқиғалар мен құбылыстарды зерделеу осы мәдени-тарихи кезең сауалдарына қатысты кез-келген зерттеу жұмысының өзектілігін нақты айқындайды. Себебі жаңа жазбаша дереккөздерінің ғылыми айналымға ене қоймауы Қазақ хандығы тұсындағы тарихи үдерістерді зерттеуге мол мүмкіндік бермей келеді. Әсіресе XV-XVII ғасырлардағы құбылыстар мен оқиғалар туралы мәліметтер ғылыми айналымға мүлдем аз енгізілуде. Қолдағы бар деректемелерге қарағанда осы кездері Қазақ хандығы түрлі ішкі және сыртқа саяси шиеленістерді басынан кешірді. Олардың бірі ел үшін соңында нәтижелі болса, келесілері хандықтың әлсіреуіне алып келіп те жатты. Жаңа заманға өтетін XVII ғасырда орын алған оқиғалар хандық ішінде аласапыранның орын алғандығын нақты көрсетіп отыр. Бұл кез хандықтың Орта Азияда белсенді күшке айнала бастағандығын, әрі кейде хандықтың бірде бәсеңдеп, енді бірде әлсіреп отырғандығын да аңғартады. Қазақ хандығының қарқынды дамуы үшін саясат, экономика, дін және мәдениет салаларында оң өзгерістер орын алуы тиіс болған еді. Сол кезде ғана хан билігі халық арасындағы өз ықпалын арттыра алды. Сондай-ақ халық көзімен қарағанда хан тұрақты даму кепілі ретінде мемлекеттің іргесін нығайта алатын еді. Алайда тақ үшін орын алған өзара қырқыстар хан билігін әлсіретіп, ішкі саяси шиеленістерді тудырып отырды. Осындай ішкі саяси текетірестер Еңсегей бойлы ер Есім мен Тұрсын хан арасында орын алған болатын. Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы әскери қақтығыс мән-жайын ашу, қалтарысты тұстарын жүйелеу және бұрын белгісіз болып келген бірқатар жайттарын ғылыми айналымға енгізудің өзектілігі өздігінен-ақ байқалады. Себебі өткеннен тәлім алу келешектегі ел тұтастығы мен болашақты айқындауда керек екендігі белгілі.

Қазақ хандығында өмір сүрген халық үшін ханның беделі ел арасында жоғары болуы керек еді. Халықтың сүйіспеншілігіне ие болу оңай болмады. Егер ханнан көңіл қалар болса, онда басқа жаққа қоныс аударып та кететін. Алайда кей кездері қаскөйлікке бет алған Тұрсын ханның зымиян іс-әрекеттері халықтың тарихи жадында сақталып қалды. Мұндай дағдарысты жағдайлардың орын алуы ішкі саясатта наразылық туғызды. Заманауи тарихнамалық зерттеулер көрсеткендей қоғамның түрлі салаларының өкілдері хан халықтың мұң-мұқтажын өтеуі қажет, тиесілі қажеттіліктерін шешуі керек, оның қасиетті тұлғасы мен билігі белгілі бір міндеттерді атқаруы тиіс және де ешқандай бассыздыққа жол бермеуі керек деген ойда болғандығын нақты көрсетеді. Сол себепті экономикалық және әлеуметтік мәселелер барысында туындаған жергілікті келеңсіздіктер жалпымемлекеттік деңгейге дейін жетіп жатты. Нәтижесінде кейде ру-тайпалар арасындағы дағдарыстарға хандар да араласып отырды.

Әлеуметтік дағдарыстар мен даулар жер, кісі өлімі, жесір, т.б. жағдайларға байланысты тұтанып, екі тарап келісімге келе алмаған жағдайда өршіп отырды. Алайда мұндай әлеуметтік қақтығыстар уақыты жағынан ұзаққа созыла қоймады, хандықтағы баянды өмір кешудің де бір астары осы болса керек. Қақтығыстарды дер кезінде тоқтатып отыруға қоғам мен мемлекет мүдделі болды және де бұқара халық та тыныштықты қалады. Кез келген қақтығыс мемлекеттік жүйе, оның саяси-діни және ортақ құндылықтары секілді идеологиялық ұстанымдарының мызғымастығына деген белгілі бір жағдайдағы тексеріс есебінде де болды. Соған байланысты қазіргі таңда да тарихтағы түрлі әлеуметтік дағдарыстарға немесе жарылыстарға назар аудару көкейкесті мәселелер негізін құрайды. Кез келген саяси-әлеуметтік дағдарыстарды қарама-қарсы тараптардың зорлық-зомбылық актісі ретінде ғана емес, өзара сөз байласуына, мәмілеге келуіне, қоғам мен билік арасындағы келіссөздердің жүргізілу деңгейіне де мән берген абзал.

Дағдарысқа әрқалай баға беруге болады: біріншіден, дағдарыс дәстүрлі қоғамды реттеуші фактор ретінде танылуы ықтимал, яғни ол қоғамдағы қордаланған белгілі бір мәселелерді реттеу функциясын өзіне жүктейді; екіншіден, пісіп-жетілген ахуалды билікке жеткізетін шарасыздықтан туындаған іс-әрекет; үшіншіден, билік пен халық арасында әлсіреген қарым-қатынасты қайта қалпына келтіретін әдіс. Егер де билік шығарған шешімге екі тарап қанағаттанбайтын болса, онда оның зардаптарын барлығы да тартуы мүмкін. Бітіспес дұшпандыққа барған тараптар әскери қақтығыссыз тоқтамайды. Сол себепті белгілі бір билеушілердің өзара қырқысы кезінде оларды қолдаған топтар да зардап шекті немесе жеңіске жетті. Әсіресе қазақ қоғамы Есім хан мен Тұрсын хан талас-тартысы кезінде екі тарапқа бөлініп, әр жақ өзінікі дұрыс екендігін дәлелдеуге ұмтылды. Әрбір оқиғаға халық тарапынан да баға берілді. Дұрыс немесе бұрыс өлшемдер айтылып, негізгі себеп-салдары, бағыттары мен нәтижелері талқыланды. Осыған орай Есім хан мен Тұрсын хан талас-тартыстарының зардаптары ел есінде қандай тұрғыда сақталғандығына тарихи талдау жасау қажеттілігі де байқалады.

Айта кету керек, біріншіден, сан ғасырлар бойы Қазақ хандығында саяси ойындар, сарай қақтығыстары, текетірестер орын алып келді. Алайда мұндай іс-әрекеттер отандық тарихнамада арнайы зерттеліне қоймады. Екіншіден, өзара қырқыстар фрагменттік тұрғыда немесе басқа да ауқымды саяси-тарихи үдерістер аясында ғана аталып кетіп отырды да, соның нәтижесінде сарай ойындарына қатысты белгілі бір тарихнамалық стереотиптер кешені қалыптасып қалғандығын ескергеніміз жөн. Үшіншіден, дереккөздерінің герменевтикасы бойынша зерттелінген сол замандағы тұлғалардың әлеуметтік-мәдени феномені, олардың құндылықтар жүйесі мен ділі, тарихи ерекшеліктері көп ескеріле қоймады. Төртіншіден, бұрынғы тарихнама сарайдағы өзара қырқыстар мен текетірестер кезіндегі қазақ ру-тайпаларының жағдайына, олардың мұндай іс-әрекеттерге тартылуына, араласуына, текетірестерге бейімделуіне немесе белгілі бір деңгейде зардаптар шегуіне қатысты мәселе көтере қоймады. Бесіншіден, әлі күнге дейін өзара талас-тартыстар кезіндегі тұлға (хан, сұлтан, т.б.) мен дәстүрлі қазақ қоғамындағы қауымдар (ру, тайпа, т.б.) арасындағы байланысты, жасалынған келісімдер мен сарайдағы қантөгіс нәтижелерінің қазақ ру-тайпаларына тигізген әсерін зерделеу кемшін тартып келеді. Мұның барлығы тақырыптың өзектілігін нақты көрсетеді.

Материалдар мен әдістер. Негізгі материалдар жазбаша дереккөздері мен заманауи ғылыми-зерттеу еңбектерінен тұрады. Біздің тарапымыздан мәселені қарастыруда ауызша тарих пен шежірелік материалдар қосымша беріліп отыр. Яғни, жаңаша материалдар негізінде Есім хан мен Тұрсын хан текетіресін біршама толымды түрде сипаттап өту мүмкіндігі бар. Жалпы алғанда, ортағасырлық ортаазиялық деректемелерде Қазақ хандығының бірқатар саяси жайттары айтылады. Олар тіпті негізгі деректемелік қорды құрайды. Өткен ғасырлардан бері ғалымдар сол материалдар бойынша түрлі мәселелерді сипаттап жазып, өз пікірлерін айтып та кеткен. Осы Қазақ хандығының мәселелеріне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдардың методологиялық ұстанымдары қаперге алынды. Мақалада қойылған мақсат пен міндеттерге қол жеткізу үшін негізгі зерттеу тәсілі ретінде тарихи-генетикалық әдіс таңдап алынды. Тарихи-генетикалық әдіс зерттелініп жатқан тарихи шындықтың өзгерістерге ұшырауы үдерістерін ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Тарихи-салыстырмалы әдіс те қолданылды. Бұл әдіс деректемелерді салыстырғанда, ғалымдардың көзқарастарын жүйелеуде кеңінен пайдаланылды. Сол замандағы адамдардың әлеуметтік және саяси тұрғыдағы танымдық модельдерін ескере отырып психологиялық және ментальды ұстанымдарын түсіндіре алатын тарихи-антропологиялық әдіс те назардан тыс қалмады. Әсіресе тарихи-антропологиялық әдіс арқылы ауызша тарих пен шежірелік материалдарды зерделеуде әлеуметтік және табиғи тұрғыдан оқиғаларды, өмірлік жағдайларды сипаттаған адамдардың мәліметтеріне ерекше ден қойылды. Зерттеу логикасы Қазақ хандығы тұсындағы ру-тайпалардың күнделікті шаруашылық қаракеттерін де ішінара қарастыруға жол ашады.

Тарихи фактілерді, оқиғаларды, құбылыстарды өз дамуы бойынша тұтастықта қарауға жетелейтін заманауи тарих ғылымы мен ғылыми методология талап ететін жалпыфилософиялық принциптер (тарихилық, шынайылық, т.б.) мақаланың әдіснамалық негізін құрады. Тарихилық принципі нақты тарихи шындыққа жетелесе, шынайылық принципінің саяси және идеологиялық ұстанымдарға сай мәселені бұрмалауға жол бере қоймайтындығы белгілі. Қазақ хандығындағы жалпы заңдылықтарды және оның ішкі саясаты мен әскери қақтығыстарының ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беретін талдау (анализ), синтез, т.б. жалпығылыми және проблемалық-хронологиялық сияқты арнайы тарихи әдістер де басшылыққа алынды.

Зерттеу мақаласынан келіп туындайтын бағалау мен қорытындылау, нәтижелерге қол жеткізу ең алдымен Қазақ хандығы тұсындағы тарихи деректемелердің негізінде жүргізілетіндігін айта кеткен абзал. Осыған орай деректанулық талдауға, синтезге басымдық берілді де, деректемелер ішкі және сыртқы сыннан өтті. Тарихилық әрбір жекелеген құбылысты, оның қалыптасу себептерінен бастап негізгі даму кезеңдерін қоса қарастыруға мүмкіндік береді. Тарихи зерттеу принципі ретінде тарихилық асқан жауапкершілікті, құбылыстың ішкі заңдылықтарын сақтай отырып көтерілген мәселені кеңінен қарастыруға жол ашады. Ғылыми-тарихи ұстанымының ажырамас бөлігі болып саналатын салыстырмалы әдіс бірнеше мәліметтерді қарастырып, олардың өзара байланысын немесе басқа қырларын зерделеуге мүмкіндік беретіндігін де айта кеткен жөн.

Талқылау. Есім мен Тұрсын хандар өмір сүрген кезеңі, текетірестерінің тарихы және соғысы жайлы көптеген шығыстық дереккөздерінде (Абдолла наме, Тарихи-и Кашгар, Әбілғазы, Махмуд ибн Уәли, Бахр әл-Асрар, Шараф-нама-йи шахи, Қадырғали, т.б.), қазақ ауыз әдебиетінде және ресейлік сан алуан материалдарда кездеседі.

Қазақ хандығы туралы алғаш рет қалам көтерген мамандардың бірі В.В.Вельяминов-Зернов болғандығы белгілі (Сабденова, 2003: 4-5). Ол назар аударған дереккөздерінде Есім сұлтанның 1598 жылғы қазіргі Өзбекстан аумағына жорық жасаған Тәуекел ханға көмектескендігі, қалаларды жаулап алуда оған арасында ақыл бергендігі айтылады. Ал ХІХ ғасырда ортағасырлық дереккөздерін талдаған мамандар (Г.И.Спасский, Н.Гродеков, т.б.) Есім және Тұрсын хандар туралы біршама қызықты мәліметтерге назар аударды. Олар Есім ханның тұлғалық қасиетіне, заңнамалар (Есім ханның ескі жолы) қабылдаудағы қызметіне, халық арасындағы беделіне қатысты ойларымен бөлісті, хандардың шығу тегіне, сыртқы саясаттарына қатысты сауалдарға тоқталды. Алайда орыс шығыстанушылары еңбектерінде Есім мен Тұрсын хандар арасындағы соғыстың шығу себептері мүлдем көтеріле қоймады.

Есім мен Тұрсын секілді хандар арасындағы туыстық байланыстардың бар немесе жоқ екендігі де мамандар арасында біршама қарастырылды. Мысалы, ХVІ ғасыр мен ХІХ ғасыр алғашқы жартысындағы Бұхар хандығындағы аграрлық қарым-қатынастарды зерттеген М.А.Абдураимов өз кезегінде Есім хан мен Тұрсын хан ағайындылар болған деп қателіктерге бой алдырды (Абдураимов, 1966: 114-115). Шындығында келгенде мұндай мәліметтер ресейлік мұрағаттық құжаттарда айтылған болатын. Екі ханның шығу тегі екі бөлек екендігін белгілі тарихшы, шығыстанушы, Қазақ хандығы тарихының майталман зерттеушісі Т.И.Сұлтанов кейіннен өз еңбегінде нақты дәлелдеп берді (Султанов, 1982: 119). Зерттеуші Тұрсын хан Жәлім-сұлтанның баласы деген қорытынды жасады және өз ойын «Бахр әл-Асрардың» лондондық нұсқасы бойынша нақтылады. Сірә, орыс деректемелерінде осы кездері төре тұқымдарын туыстас бауыр ретінде қарастыру, түсінбеген жайттарын бұрмалау орын алған болса керек.

Қазақстандық зерттеуші В.П.Юдин ортағасырлық деректерді (Тарих-и Шейбани, т.б.) талдау барысында Есім хан жайлы бірқатар мәліметтерге тоқталып кетті. Зерттеуші Есім ханның Жалған Әбд-әл-Ғаффармен болған соғысы туралы баяндайды (Юдин, 1971: 156-157). Оның еңбегіне көптеген ғалымдар сүйеніп келеді.

Көптеген зерттеушілер қол жетімді мәліметтер (ортағасырлық деректемелер, академиялық басылымдар, т.б.) негізінде Есім ханның өткеніне шолу жасады. Мысалы, Е.Қарин секілді зерттеуші Есім хан туралы сипаттап жазып, оның тарихын ішінара баяндап өтеді. Арасында Есім мен Тұрсын хандардың соғысының туу себептерін көрсетпей-ақ, негізгі нәтижелерін, ауыр зардаптарын, бір хан үшін Есім ханның қатағандарды қырып тастауын айыптап та кетеді (Қарин, 1998: 78). Әрине, кез келген соғыс екі тарапқа да оңай тимейді. Сол себепті автордың ойын құптауға да болады. Алайда автор тарапынан шиеленісті талас-тартысты толымды түрде тарқатып бере алмау орын алғандығы да біршама байқалады. Өйткені ол еңбегінде бұрынғы мәліметтерге ғана сүйенді, ал Есім хан ғұмырына байланысты ешқандай жаңаша деректемелерді қолдана қоймаған еді.

Есім хан туралы және Тұрсын хан жайлы деректемелердің барлығын талдап, олардың саяси портретін толымды түрде жасаған Т.И.Сұлтанов болып табылады. Ғалым «Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана» атты еңбегінде саяси элита тарихы арқылы қазақ халқының да өткенін өрбітіп бере алды, сондай-ақ Есім мен Тұрсын хандардың өзара текетіресінің алғышарттарын, оның дамуын және нәтижелерін көрсетті (Султанов, 2001: 209-222). Ол жазбаша дереккөздеріне сүйеніп әрбір билеушінің шежіресін, туыстық қарым-қатынасын, ішкі және сыртқы саясаттағы іс-әрекеттерін, келелі істерін, талайлы тағдырын, т.б. жан-жақты суреттеді. Дегенмен Т.И.Сұлтанов еңбегінде қазақи дереккөздері (шежіре, т.б.) ғылыми-зерттеу материалдары ретінде сирек кездеседі.

Ал көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты төл дереккөздеріне сүйену Ж.О.Артықбаев еңбегінде кеңінен қолданылады. Бұл зерттеуші қазақтардың билеуші әулеті тарихының материалдарына қатысты ізденісінде елге танымал тұлғалардың еңбектеріне сүйенді. Зерттеуші тарапынан біздің тақырыпқа қатысты кейде толымды, кейбірде ішінара мағлұматтар беретін Қадырғали Жалайыр (Қадырғали Жалайыр, 1997), Құрбанғали Халид (Құрбанғали Халид, 1992), Шәкәрім Құдайбердіұлы (Құдайбердіұлы, 1991), М.-Ж.Көпеев (Көпеев, 1992) еңбектері қағыс қалмады. Далалық ауызша тарихнамада өзіндік орны бар ділмәрлардың қолжазбаларына сүйенді (Даланың дара ділмәрлары, 2001). Олардың еңбектерін өз ізденісінде кеңінен пайдалана білді. Сонымен қатар жарияланған ғылыми-зерттеу жұмысында шежіре деректерін, ауызша тарихи материалдарды, аңыз-әфсаналарды, әдеби шығармаларды қоса отырып, белгілі бір оқиғалар мен құбылыстарды қазақи нақышта суреттеуге ұмтылды, қазақша мәліметтерді орыс тіліне аударып, ғылыми ақпаратты еселей түсті. Ол Есім хан мен Тұрсын ханның арасындағы соғысты төл деректемелер негізінде сипаттап шықты, екі билеуші арасындағы соғыстың туындау себептері мен салдарларын бір ізге түсіруге ұмтылды (Артыкбаев, 2001: 109-120). Алайда зерттеушінің көбіне ашық дереккөздері мәліметтерін тарихи мәселені шешудегі соңғы инстанция ретінде қарастыруға бейім тұратындығын да айта кеткен ләзім.

Сонымен, көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстары жарияланғандығын көруге болады. Сонда да болса Есім мен Тұрсын хандар ара-қатынасына арналған ізденістер саны да шектеулі екендігі аңғарылады. Есім мен Тұрсын хандар арасындағы соғыс тарихын сипаттап жазған зерттеушілердің басым бөлігі екі билеуші арасындағы текетірес салдарын нақты көрсете қоймайды. Мұның өзі мәселені отандық тарихнамада тиянақты түрде шешіле қоймағандығын көрсетеді.

Нәтижелер. Дамыған орта ғасырлар кезеңіндегі Жошы ұлысының ыдырауы арнайы ізденістерде сипатталып, оның себептері мен салдарлары, нәтижелері іргелі зерттеулерде баяндалды (Сафаргалиев, 1960). Одан кейін қалыптасқан мемлекеттер жайлы дереккөздерінде көптеп айтылды, алуан түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары жарыққа шығып, деректемелік қор әр қырынан зерттеліп те келеді (Источниковедение истории Улуса Джучи, 2001). Бұрынғы Жошы ұлысына тиесілі бір бөлшек ретінде қалыптасқан Қазақ хандығының тарихы да бірқатар академиялық басылымдарда жарияланды, іргелі еңбектерде көрініс тапты (Султанов, Кляшторный, 1992). Қазақ хандығының саяси тарихы С.К.Ибрагимов, К.А.Пищулина, М.Қ.Әбусейітова секілді көптеген зерттеушілердің еңбектерінде көтерілді. Қазіргі таңда Қазақ хандығының тарихына қатысты қомақты тарихнамалық зерттеулер қоры қалыптасып отыр. Дегенмен жазбаша дереккөздерінің жеткіліксіздігі бірқатар саяси-тарихи сауалдарды толыққанды шешуге мүмкіндік бере қоймайды. Сондай түйіні түйіткілді сауалдардың бірі Есім мен Тұрсын хандар арасындағы орын алған өзара соғыс болған еді.

Бұл жөнінде дулат тайпасына (сиқым) кіретін шуылдық руының шежіресін жинастырған әрі тарихын жүйелеп шыққан Данияр-Бек Дүйсенбайұлы қызықты мәліметтер ұсынады. Данияр-Бек Дүйсенбайұлының «Дос би ұрпақтары (Шуылдақ шежіресі)» атты кітабына алғысөз жазған жазушы Ә.Аймақ автордың шежіре тарқату үрдісімен қатар ел арасындағы ауызша тарихи мағлұматтарды, жазбаша дереккөздерін пайдалана отырып, шежіренің қазақ халқының өсіп-өнуіне тигізер пайдасы мол екендігін, оның туыстыққа, ынтымаққа қызмет ететіндігін атап кетеді. Мұны толық құптауға болады. Автор бірқатар шежіретанушылардың еңбектеріне де тарихи-салыстырмалы талдаулар жүргізе білген, тарихи тұлғалардың (Дулат, Сиқым, Дос би, Есім хан, Тұрсын хан, Әбілғазы, т.б.) өткенін екшеп, кейбір тарихи оқиғалармен байланыстырып отырады.

Тұрсын мен Есім хандар текетіресінде кездесетін тұлғалар дулат тайпасының шежірелерінде айтылады. Шежіренің бірнеше нұсқалары бар екендігін де айта кеткен жөн. Кейбір шежірелерге қарағанда Сиқым негізінен он атаға бөлінеді, олар: Борас (Қарақойлы), Тоғатай, Шуылдақ (Байсейіт), Буас, Құлсейіт (Қусирақ), Ақылбек, Құттыбай, Есбол (Аққойлы), Есенгелді (Аққойлы мен Қарақойлы). Біз тарихи оқиғаларға қатысы болғандықтан тек кейбір ру аталарына ғана тоқталып отырмыз. Келесі бір шежіре мәліметтері бойынша дулат тайпасындағы сиқымнан Жәнібек (Қарақойлы), Әлібек (Аққойлы) рулары тарайды. Олардан басқа да аталары бар (Қазақ шежіресі, 1994). Осы аталып отырған Жәнібектен Құттыбай, одан Бабасейіт, Байсейіт, Құлансейіт, Тоқсейіт тарайды. Байсейіттен Дос би (шын аты Досмұхаммед), ал одан Сары, Шарғы, Алғара, Ақбура, Қаршы, Шәмші аталары өрбиді. Барлық шежірелерде шуылдақ атауы Байсейітпен байланыстырылатындығын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл атаудың Дос биден таралған ұрпаққа тиесілі екендігін нақты көруге болады.

Жалпы алғанда, Аққойлы, Қарақойлы рулары қазақ халқының бірқатар тайпаларында кездеседі. Мысалы, Ұлы жүздегі Ысты тайпасында, Орта жүздегі торғайлық-қостанайлық Қыпшақтар арасында, Кіші жүздегі Табын тайпасында, т.с.с. Бұлардың арасындағы тарихи-генетикалық байланыстар әлі күнге дейін зерттеліне қойған жоқ. Айта кету керек, кейбір шежірелерде сиқымның ішіндегі Қарақойлыдан Наурызбай, Қораз, Рүстем, Томай, Әжі аталарын таратып та жатады. Мұның шындыққа жанаспайтындығын, бұл аталар Ысты тайпасының ішіндегі Қарақойлы руына кіретіндігін кәсіби этнолог-мамандар айтып та өтеді. Олар шежіре деректерін жинастыру барысында Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында шоғырланған қарақойлы руының жоғарыдағы аталарын (Наурызбай, Қораз, Рүстем, Томай, Әжі) сиқымға кірмейді деп нақты көрсетеді (Арғынбаев, Мұқанов, Востров, 2000). Бұлардың арасындағы Әжі атасы негізінен Шымкент қаласының маңын қоныстанып отыр. Кейбір аталары Қызылорда облысы аумағында, Түркістан облысы аудандарында орналасқан.

Дулат тайпасындағы «Шуылдақ» руының атауын Д.-Б. Дүйсенбайұлы Әбілғазының «Шүбһа-и уәйіл даг» (Таудағы жұмбақ қырғын, Таудағы құпия қаза) еңбегімен байланыстырады. Яғни, таудағы шу, таудағы шуыл, шуылды тау деген мағына береді. Шамамен бұл кітап 1630-1632 жылдары жазылған, әуелі қолжазба күйінде таралады да, 1646 жылы Бұхарада тасқа басылады. Шежіреде кітаптың түрікше, арабша, парсыша нұсқалары Орта Азия халықтарына, Иран, Түркия жеріне таралғандығы айтылады. Дос би ұрпағы осы кітаптың атауымен «Шуылдақ» аталып кеткен. Аталған кітапты Д.-Б. Дүйсенбайұлы 1981 жылы 30-мамырда оқып, керекті тұстарын жазып алған екен. Кітап Ресей патшасының қолбасшысы М.Г.Черняев Ташкентті жаулап алған кезде Құдияр ханның ордасынан шыққан. Шашылып жатқан кітаптардың біразын Құдияр ханға елші болып барған Қойлыбай деген кісі алып кетеді. Кейіннен «Шүбһа-и уәйіл даг» кітабы Ташкент облысы Шорабазар қыстағында 1904 жылы туылған Разақберді Базарбайұлының қолына мұрагерлік жолмен түседі. Хасанбай ауылында өмір сүріп жатқан онымен жолыққан Д.-Б. Дүйсенбайұлы кітаптағы оқиғалар желісімен танысып шығады да, мазмұнын және қажетті тұстарын жазып алады (Дүйсенбайұлы, 2001: 21). Ол кітапты мұқабасы қалың, сыртқы бояуы қызғылт-көкшіл, сырты матамен тысталған және түркі тілінде жазылған деп сипаттайды. Сол замандағы өмір қайшылықтары берілген кітапты автор негізгі дереккөздерінің бірі ретінде өз еңбегінде кеңінен пайдаланады.

Автор келтірген мәліметтерге қарағанда, Тұрсын хан мен Дос би арасында бірнеше рет алауыздық туындаған және олардың туындау себептері әрқилы. Мәселені өрбітпес бұрын алдымен Дос би туралы мәліметтерге тоқталып кетсек дейміз. Ауызша және шежіре деректемелеріне қарағанда Дос би 1570 жылы Ташкент қаласында туылды. Мемлекеттік істерге ертерек араласып, бірқатар лауазымдарды атқарды. Тәуекел хан тұсында елге танылып, би атанады. Ташкент қаласына кіретін үш қақпаның функциональды қызметін басқарып, қауіпсіздікті бақылады және адамдардың қалаға кіріп-шығуын қадағалады. Жергілікті елді басқарып, билік жүргізіп отырды. 1927 жылы 12 шілдеде 57 жасында астыртын қастандық құрбаны болады. Ол Ташкент қаласындағы Жүніс хан күмбезінің маңына жерленеді. Одан кейін шежіре мәліметтері Дос биден таралған ұрпақ жайлы да баяндайды. Шәжіре ақпараттары бойынша Дос би алты әйел алған, 25 баласы болған. 2 әйелі мен 19 баласы қанды қырғын кезінде қаза болған (Дүйсенбайұлы, 2001: 22).

Кітапта келтірген кейбір ауызша және жазбаша деректерге қарағанда Тұрсын хан 1598 жылы Ташкентке билеуші болып келеді. Өз кезегінде Тұрсын хан елде түбегейлі өзгерістер жасамақ болады да, қаражат тапшылығын қосымша салықтар есебінен көбейтуге ұмтылады. Қалыптасқан ереже-тәртіптерді бұзып баж және хараджы салықтарынының көлемдерін ұлғайтады. Тұрсын хан халыққа озбырлық жасап, салық төлейтін адамдарды қорқытып-үркітумен де айналысты. Оған наразы болған халық ашуға булығады. Өрескел қылық ретінде салықтың көбеюіне наразы болған халық жергілікті танымал тұлғаларға, кеңесшілерге мұңын шағып отырады. Сондай үсті-үстіне салық жинаудан әбден мезі болған Дос би Тұрсын ханның кезекті алым жинау тапсырмасын орындаудан бас тартады. Сөйтіп, Дос би мен Тұрсын хан арасындағы бірінші рет текетірестік орын алады. Ол алым-салықтың шектен тыс көп алуына байланысты туындаған жағдай еді. Дос би халықты қинаудан, орынсыз алым-салық салудан бас тартып, берілген тапсырмаларды орындамай қояды. Айтқанын істете алмаған әрі билеушіге қарсы шыққан ой-пікірлерге көнбеген Тұрсын хан Дос биді биліктен тайдыру, қызметтерден шеттету мақсатында оның үстінен шағымдар түсіріп, ел ішіндегі игі-жақсылар кеңесінде тәртібін қарастыруға да тырысады. Алайда кеңес мүшелері Дос бидің іс-әрекетін оңынан бағалайды да, екі жақты келісімге келуге шақырады. Бұған Есім хан да араласып, екі тарапты татуластырады. Осы кездері Тұрсын хан халыққа қысым жасамаймын, әділ билік жүргіземін деп дүйім жұрттың көзінше уәде береді де, ант-су ішеді. Дос бимен татуласудың негізгі белгісі әрі дәлелі ретінде көп алдында қолын ұсынады. Сөйтіп, бұл дау-дамай аяқталғандай болады.

Дос би мен Тұрсын ханның екінші рет өзара ерегісі қырғыздан шыққан Әліқұл Бейсенәліге немесе оның қарындасы Айшаға байланысты туындайды. Әліқұл батыр мал даулап Ташкентке келген кезде, дау ушығып оны Тұрсын хан зынданға тастайды. Есім ханға арқа сүйеген Дос би өз кезегінде жазықсыз жазаланған Әліқұл батырды зынданнан босатып алады. Ауыр күндерде қол ұшын берген Дос биге риза болған Әліқұл батыр оған қарындасы Айшаны қосады. Айшаға үміткер болғандардың бірі Тұрсын хан болған еді. Осыдан кейін оның Дос биге деген ішкі өшпенділігі одан сайын өрши түседі.

Міне, осындай ішкі өшпенділіктер Тұрсын ханның кек алуға деген ұмтылысын одан ары күшейте түсті. Алайда Тұрсын хан өз араздығын құпия түрде ұстайды. Билік жүргізуіне кедергі келтіре берген соң ол Дос бидің көзін жоюға шешім қабылдайды.

Шежіре авторы Д.-Б.Дүйсенбайұлы өзінің еңбегінде Тұрсын ханды қаңлы тайпасынан шыққан билеуші еді, Есім ханның жарлықтарын орындамай, халыққа тізесін батырып, өзін Ташкент ханы деп жариялады, үстеме салық алды, ақша жасап шығарып, сауда айналымына қосты, әскербасылары мен ішкі тәртіп топтарына қаңлы тайпасының өкілдерін тағайындады, сондай-ақ 40 адамнан тұратын ерекше жасақ ұстады, жасақ мүшелері қатаған тайпасынан таңдап алынды олардың аты-жөнін, түр-түсін ешкім білмеді деп жазады (Дүйсенбайұлы, 2001: 17). Көпшілік ауызша мәліметтерге қарағанда да Тұрсын хан қатағандардың билеушісі болған (Көпеев, 1992: 146). Әбд әл-Қадыр ибн Мұхаммед-Әмин шығармасында Тұрсын-Мұхаммед ханның түбі қатаған және олардың басшысы болды делінеді (История Казахстана в персидских источниках, 2005: 241). Қазақ қоғамында тек төре тұқымдары ғана хан сайланатындығын ескерсек, онда басқалардың қарадан шығып хан болмайтындығы белгілі нәрсе. Дегенмен әуел баста Тұрсын хан қатаған тайпасына билеуші болды және де билікке келу барысында қатағандарға сүйенді, қаңлы, т.б. тайпалардың қолдауына ие бола алды. Қатаған тайпасына билік жүргізу оған мұрагерлік жолмен келуі де ықтимал. Кейінгі орта ғасырлар мен жаңа заманда қазақ қоғамындағы әрбір тайпаны төре тұқымдары билеп тұрғандығы мәлім. Белгілі тарихшы Т.И.Сұлтанов өз кезегінде Тұрсын-Мұхаммед ханның шығу тегі нақты анықтала қоймағандығын айтып өтеді. Оның жазуынша кейбір орыс дереккөздерінде Тұрсын хан Есім ханның бауыры ретінде аталады, ал «Бахр ал-асрар» шығармасының англиялық нұсқасында оны Жәлім-сұлтан ұлы ретінде көрсеткен. Билікке Тұрсын ханның қалай келгендігі де белгісіз, сонда да болса ол Бұхара ханы Имамқұлиды (1611-1642 жылдары билік құрған) пайдаланған және оған хат жазып, елші жіберіп тұрған дейді (Султанов, 2001: 214-216). Демек көршілес ел билеушісіне арқа сүйеген Тұрсын хан қазақ сахарасындағы билікті қолына алған. Алайда хандықта оның билігін мойындамау, ішкі наразылықтардың орын алғанын да байқаймыз. Мұндай наразылықтар ең алдымен жүргізілген ішкі саясаттан туындаған еді. Шығыстанушы-ғалым Т.И.Сұлтанов жоғарыдағы осы еңбегінде Есім ханның билікке екі рет келгені, белгілі бір уақыттарда Тұрсын ханға тәуелді болғандығы туралы мәселе де көтереді. Өзге зерттеушілерге қарағанда кәсіби тарихшы Т.И.Сұлтановтың Тұрсын ханның шығу тегіне қатысты пайымы дұрыс секілді. Өйткені ғалым Тұрсын ханның шыққан тегін, билікке келуін және ел басқару ісіндегі саясатын тарихи жазбаша деректемелер негізінде нақты өрбітіп кеткен.

Жоғарыда аталып отырған шежіре кітапта Дос биге деген араздығын Тұрсын хан білдірмей құпия түрде ұстағандығы айтылады. Билікке таласа береді, шешімдерге кедергі келтіреді деп Дос бидің көзін жою жолын қарастырады. Бірде Есім хан жорыққа аттанып кеткен кезде ол ерекше жасаққа Шымған тауының қойнауындағы Дос би ауылын шабуға тапсырма береді. Баскесерлерден тұратын ерекше жасақ адамдары (40 кісі-мыс) күнілгері барлау жүргізіп, ауылға барар жолды белгілеп, шілде түнінде ауылға басып кіреді. Шырт ұйқыдағы Дос биді, оның он тоғыз баласын, екі әйелін, көрші-қолаңдарын, сол күні келген меймандарын да өлтіреді. Таудағы қырғын біраз уақыт көпшілікке жұмбақ болып келеді.

Кітаптағы мәтіндерге қарағанда жорықтан елге қайтқан Есім хан жазықсыз кісілерді өлтірген, ауылды қанға бөктірген қарақшыларды іздеп табуға тапсырма береді. Дос би қазасына Тұрсын ханның өзі келіп көңіл айтқан екен. Ешкім оның бұл фитнәға қатысы бар екендігін білмейді. Бұл құпияны Ташкент әмірлігінің кеңесшісі Әбілғазы ашады. Алайда оның қандай Әбілғазы екендігі белгісіз. Кітап авторы оны кейіннен Хиуаны билеген атақты Әбілғазы Баһадүр хан ретінде сипаттайды. Кеңесші Әбілғазыға емші Жанторы Көксегенұлы шақыртумен барып Тоқаман деген жылқышы жігіттің үйінде жатқан бір кісіні емдегендігін айтады. Ол жігіт үстіндегі жарақатын, сынған тоқпақ жілігін емдетіпті. Бейтаныс жігіттің айтуынша жолаушылып келе жатқанда қарақшылар шабуыл жасап, жартастан лақтырып кетіпті. Емші оған қозғалмауға кеңес береді. Дегенмен оның әңгімесіне онша сеніңкіремеген емші кейіннен мұны Әбілғазыға баяндап береді. Осыдан кейін жылқышы Тоқаманға хабар беріліп, ол отырған Күрке белінде жатқан бейтаныс кісі аңдуға алынып, сол маңайға күзетші-бақылаушы қойылады.

Ерекше жасақ құпия кеңесінде қараңғы түнде, жолда жоғалып кеткен серіктерін, яғни Сырғауыл батырды іздестіруге 2 кісіні жібереді. Қанды қырғын болған түні қырық қарақшының бірі Сырғауыл батыр төскейдегі қиыршық тастар жылжып кеткенде астындағы атымен бірге төменге құлап кеткен болатын. Ерекше жасақ тәртібі бойынша жараланған немесе жолға жарамаған өз адамдарын өлтіріп, басын алып кететін. Оның денесін тауып әкелуге жіберілген 2 қарақшы Тоқаман қойған күзетшілер қолына түседі. Сол жерде тергеу басталып, құпия мәлім болады.

Бұл хабар Есім ханға жеткізіледі. Есім хан өз кезегінде Тұрсын ханнан мән-жайды сұрайды. Бірақ Тұрсын хан ештеңені мойындай қоймайды, тіпті Есім ханға сес те көрсетеді. Біраз уақыттан соң Сырғауыл батыр мен оны іздеп келген екі сыбайласы болған қылмысты толығымен мойындайды да, Тұрсынның ұйымдастырған іс-әрекеті екендігін баяндайды. Халыққа Тұрсын ханның екіжүзділігі, қанішерлігі мәлім болады да, кезінде Дос биге берген уәдесін бұзғаны әрі антқа берік болмағандығы үшін оған «Тұрсын ханды ант ұрсын!» деп қарғыс та айтады (Дүйсенбайұлы, 2001: 20). Антқа байланысты тағы бір ауызша мәліметтерді этнолог-зерттеуші Ж.Артықбаев та келтіреді. Этнолог-зерттеуші жорықтан келе жатқан Есім ханның Түркістанға шабуыл жасап, мұны қаңғытып жіберген Тұрсынның іс-әрекетіне қатысты «Қатағанның хан Тұрсын, қай арамды ант ұрсын!» деген сөз сол кезден қалғандығын айтқан М.Ж.Көпеевтің мәліметтеріне тоқталады (Артыкбаев, 2001: 118). Осыған қарағанда Қазақ хандығы дәуірінде антқа берік болуы, сертті сақтау және уәде мен сөзге бекем болу сынды асыл қасиеттердің халық арасында кеңінен таралғандығын көреміз, оны бұзған адамға ел болып, жұрт болып қарғыс айтты және қарғыстан да, наладан да қорықты.

Халық ауыз әдебиетінде антқа қатысты мақал-мәтелдер, нақыл сөздер жеткілікті. Мысалы: Ант ішкеннің мыңы өледі, у ішкеннің бірі өледі; Ант бұзған оңбайды, Салт бұзған сорлайды; Айбынды салтын ел бұзбас, Адамдық антын ер бұзбас; У ішкен бір өледі, Ант ішкен мың өледі; Ашу үстінде Ант жүрмейді, т.б. Сондай-ақ антқа байланысты да, Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы талас-тартысқа қатысты жыраулық поэзияда да әдеби сюжеттер, жауынгерлік сарындар кездеседі. Мәселен: «Ей, Қатаған хан Тұрсын! Кім арамды ант ұрсын. Жазықсыз елді жылатып, Жер тәңірісің, жатырсың, Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың! Алтын тақта жатсаң да Қазаң жетті қапылсың! Еңсегей бойлы ер Есім, Есігіңе келіп тұр, Шашқалы тұр қаныңды, Кешікпей содан қатарсың!» (Ай, заман-ай, заман-ай, 1991: 52).

Халық ауыз әдебиетінде Тұрсын ханның зұлымдық іс-әрекетіне шыдамаған Есім хан ашуланып кетіпті де, біраз уақытқа жынданып, есін жоғалтыпты деген әңгіме де бар. Мұның бір нұсқасын М.-Ж.Көпеевке сүйенген Ж.Артықбаев жоғарыда аталған еңбегінде келтіреді. Еліне жақындап қалғанда Тұрсын хан мұны алдап, қаңғытып жіберіпті, Түркістанды шауыпты деген сыңайдағы мәліметтерді естігенде жынданыпты деп келтіреді (Артыкбаев, 2001: 117). Есім ханның ашу-ызасын тудырған, оның жындануына қатысты ауызша тарихи мәліметтердің бір парасын М.Тынышпаев та атап өтеді. М.Тынышпаевқа 1923 жылы Бөген өзені алабында, Шошқабұлақ кенті маңында тіршілік етіп жатқан руы ошақты Бәзек деген ақсақал халық арасындағы ауызша тарих мәліметтерін баяндап берген екен. Оның мәлімдеуінше Есім хан жорықтан қайтып келе жатып Күйік тауының маңында Тұрсын ханның бұзауларын бағып жүрген бір кемпірді көреді. Сөйтсе кемпір Есім ханның өз анасы екен, бұған ашуланғанда оның кеудесін ыза мен күйік кернейді. Осыған байланысты аталмыш жер «Күйік» (Түлкібас өңірі – авт.) деп аталып кетіпті. Ал Арыс өзені бойымен келе жатып өз ауылының жұртына кезігеді. Бұл жерде Есім ханның бала-шағасы Тұрсынның малын бағып жүр екен. Мұны естіп ашуға булыққан Есім хан құтырынып, тездетіп жаңа әскер жияды да, Тұрсын ханға қарсы шұғыл түрде аттанады, ал жер атауы сол себепті де «Құтырған» (Арыс пен Боралдай өзендерінің аралығы) деп аталып кетеді (Тынышпаев, 1993: 157-158). Сірә, осы Құтырған деген жерде Есім хан әбден ашуға булығып, қатты қапаланған болса керек. М.-Ж.Көпеевтің де айтып отырғаны осы болуы әбден кәдік.

Ауызша тарихи мәліметтер Тұрсын ханның өліміне қатысты әртүрлі ақпараттар легін береді. Мысалы, М.Тынышпаев келтірген ақпаратта Есім хан Тұрсынға тез жетіп, оның қарамағындағы қатағандарды қырып салады, Тұрсынның өзін шауып, «Хан Тұрсынды ант ұрсын» деп өз қолымен оны өлтіреді (Тынышпаев, 1993: 158). М.-Ж.Көпеев жазбаларына қарағанда Есім хан Тәшкентке кіріп, көзіне көрінгенді қырып, хан Тұрсынды өлтіріпті (Артыкбаев, 2001: 118). Ал Д.-Б. Дүйсенбайұлы Тұрсынды 1628 жылы көктемде Сырдария жағалауындағы шағын ауылға барған сапарында Есім ханның әскері қоршауға алып, басын қылышпен шауып өлтіріпті дейді (Дүйсенбайұлы, 2001: 20). Бірқатар мәліметтерде екі ханның арасындағы соғыс Сайрам жерінде болды деп те айтылады. Ал «Бахр әл-асрар» мәліметтеріне сүйенген М.Х.Әбусейітова Есім мен Тұрсын хандардың шайқасы Ташкент түбінде болған, Тұрсынды маңайындағылар өлтірген, осыдан кейін Бұхара ханы Есім сұлтанға Ташкентті, Түркістанды билеу тізгінін тапсыру туралы грамота берді деп мәлімдейді (Әбусейітова, 1998: 428). Сонымен қатар зерттеуші Есім хан Тұрсынға бағынатын әрі Түркістан өңіріне шапқыншылық жасаған қатаған тайпасын да қырғанын айтады. Кейбір мамандар мәліметінше қатағандардың бір бөлігі Шығыс Ауғанстанға кетсе, басқалары Шығыс Түркістан аумағында ұйғырлар құрамына, біраз бөлігі Бұхара жеріне өтіп кеткен. Кейіннен қатағандар қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ ұлттарының құрамына енді. Қазақ шежіресінде олардың басым топтары шанышқылы арасына, аздаған бөлігі қаңлы құрамына еніп кетеді.

Қорытынды. Тұрсын мен Есім хандар талас-тартысынан кейін тұтанған соғыс нәтижесінен қазақ тайпалары едәуір зардап шекті. Әсіресе қатаған тайпасының өкілдері қырғынға ұшырады. Тарихта оны кейде «қатаған қырғыны» деп те айтып жатады. Оның кейбір тұстары халықтың ауызша тарихында, шежіресінде сақталып қалған. Солардың бір парасы осы мақалада көтерілді. Біздің тарапымыздан осы мәселеге қатысты мынадай жайттарға назар аударған жөн сияқты: біріншіден, шуылдақ руының шежіресіне пайдаланылған кітап (атауы: Шүбһа-и уәйіл даг) біздің тарапымыздан күмән туғызады. Оның бірқатар себептері бар. Екіншіден, осы аталған шығарма жайлы мәліметтерді саралау керек, мүмкіндік болса түпнұсқасын алып, басып шығару қажет және де авторын айқындаған ләзім. Егер оның авторы Әбілғазы болса әрі ол бірнеше тілде басылып таралса онда ғылымда бұл шығарма неге әлі күнге дейін белгісіз болып келеді деген заңды сұрақ туындайды. Жалпы алғанда, Әбілғазы үшін Тұрсын хан да, Есім хан да бірдей болды, екеуі де оны сарайларында ұстап, қолдау көрсетті. Ал олардың текетіресіне немесе талас-тартысына Әбілғазы араласпаған болса керек. Егер шығарма Әбілғазының еңбегі болса оның өз шығармасын көбейтуге, кеңінен таратуға мүмкіндігі болғандығы белгілі. Неге кезінде көбейтіп, жарыққа шығармағандығы белгісіз. Ғылыми көпшілік Әбілғазының бұл еңбегінен мүлдем хабарсыз. Сол себепті «Шүбһа-и уәйіл даг» авторы Әбілғазы деу күмән туғызады. Бұл шығарма Әбілғазымен аттас кісінің жазған еңбегі, тізіп шыққан қызықты оқиғалар легі де болуы ықтимал. Еңбектің таралмай, көпшілікке жетпей жатуы осыны аңғартса керек. Сол себепті аталған еңбекті тауып деректанулық, лингвистикалық, мәтіндік, тарихи-салыстырмалы, т.б. ғылыми талдаулардан өткізген абзал. Үшіншіден, шуылдақ шежіресінде кездесетін ортағасырлық және жаңа замандағы тарихи оқиғалар, кісі аттары Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстан жеріндегі тарихи танымдармен, географиялық нысандармен жиі ұштасып жатады. Яғни, шежіреден тарихилықты, т.б. жайттарды байқауға болады. Автор тарапынан ауызша айтылып келген шежірелік деректемелер бір жүйеге түсірілген, хронологиялық тәртіппен арнайы түрде баяндалған. Әрбір тұлғаның қадір-қасиеті, ғұмыры, өнегелі істері нақты түрде өрбітілген. Қалай болғанда да шежірелік кітаптағы кейбір жайттар назар аударуға тұрарлық. Әсіресе ел ішінде орын алған келеңсіздіктер, ішкі саясаттағы Тұрсын ханның жіберген қателіктері, т.б. қызықты. Дулат тайпасындағы шуылдақ руының атасы болған Дос би тағдыры арқылы Қазақ хандығында орын алған текетірестер жайлы мәліметтер беріледі.

Есім хан мен Тұрсын ханның талас-тартысына өзара бақталастық қана емес, сонымен қатар ел ішінде қордаланған жайттар, ер дауы секілді мәселелер де көтеріліп, билеушілердің арасын ушықтыруы әбден мүмкін. Өйткені әрбір билеуші белгілі бір әлеуметтік топтардың немесе ру-тайпалардың қолдауына сүйену мақсатында түйіні түйіткілді сауалдарды әрдайым оңтайлы түрде шешіп жүруге, елдің тұтастығын сақтауға және өз беделінің өсуіне мүдделі болғандығы жасырын емес.

Ауызша тарих пен шежірелік материалдарды Қазақ хандығының тарихын қайта жаңғыртқанда пайдалану қажеттілігі отандық тарихнама мен деректануда нақты түрде байқалып келеді. Кез келген ақпаратты ішкі және сыртқы сыннан өткізіп, өзге де ғылыми-зерттеу принциптерін қолдана отырып тарихилығын, т.с.с. анықтау қажет. Айтылған тарих кейде бір-біріне керағар мәліметтер беріп те жатады. Мұны жоғарыда айтылған Тұрсын ханның өліміне, т.б. жайттарға қатысты алуан түрлі нұсқада аяқталынатын оқиғалар легі де нақты көрсетіп отыр. Сол себепті ауызша тарих пен шежірелік материалдарды пайдаланған кезде мұқияттылық танытып, әрбір дереккөзіне ыждаһатталықпен қараған абзал.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Абдураимов М.А.Очерки аграрных отношений в Бухарском ханстве в XVI - первой половине XIX века. – Ташкент: Фан, 1966. – Т.1. – 369 с.

Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежiресi хақында: Ұлы жүздің шежіресі. – Алматы: Атамұра, 2000. – 204 б.

Ай, заман-ай, заман-ай... (Бес ғасыр жырлайды). 2-томдық. – Т.1. – Алматы: Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі Мемлекеттік комитеті бас редакциясы РББ, 1991. – 880 б.

Артыкбаев Ж.О. Материалы к истории правящего дома казахов. – Алматы: Ғылым, 2001. – 204 с.

Əбілғазы.Түрік шежіресі / Көне түрік тілінен ауд. Б.Əбілқасымов. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 208 б.

Әбусейітова М.Қ. ХVІІ ғасырдың басындағы саяси жағдай. Талас-тартыстар. Бұхара хандығымен өзара қарым-қатынастар. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. – Т.ІІ. – Алматы: Атамұра, 1998. – Б. 425-428.

История Казахстана в персидских источниках. – Т.2. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – 692 с.

Источниковедение истории Улуса Джучи (Золотой Орды). От Калки до Астрахани. 1223-1556. – Казань: Ин-т истории АН РТ, 2001. – 428 с.

Даланың дара ділмарлары. – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі, 2001. – 592 б.

Дүйсенбайұлы Д.-Б. Дос би ұрпақтары (Шуылдақ шежіресі). – Алматы: ҚАЗақпарат, 2001. – 304 б.

Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – Алма-Ата:Рауан, 1992. – 380 с.

Көпеев М.-Ж. Таңдамалы. Екі томдық. – Т. 2. – Алматы: Ғылым, 1992. – 224 б.

Қадырғали Жалайыр. Шежiрелер жинағы. – Алматы. 1997. – 128 с.

Қазақ шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994. – 160 б.

Қарин Е. Хан Есим: в лабиринтах власти. Первые лица государства: политические портреты (с точки зрения истории и современности). – Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. – 368 с.

Құдайбердіұлы Шәкәрім. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан, Сана, 1991. – 80 б.

Құрбанғали Халид. Тауарих хамса (Бес тарих) /Ауд. Б.Төтенаев, А.Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 б.

Сабденова Г.Е. В.В.Вельяминов-Зернов – Қазақ хандығының құрылуы тарихын алғаш зерттеушілердің бірі. // ҚазМУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 1998. – №9. – Б.101-105.

Сафаргалиев М.Г.Распад Золотой Орды. – Саранск: Мордовское книжное издательство, 1960. – 279 с.

Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVIIвв. (вопросы этнической и социальной истории). – Москва: Издательство «Наука» Главная редакция восточной литературы, 1982. – 134 с.

Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 276 с.

Тынышпаев М. История казахского народа. – Алматы: Қазақ университеті, 1993. – 224 с.

Юдин В.П. «Тарих-и Шейбани» как источник по истории казахского и каракалпакского народов XVІ-XVII вв. Тезисы докладов научной конференции профессорско-преподавательского состава КазГУ. Гуманитарные науки. – Алма-Ата, 1971. – С. 23-29.

References:

Abduraimov M.A. Oсherki agrarnıch otnoshcenii v Buharskom hanstve v XVI - pervoy polovine XIX veka [Essays on agrarian relations in the Bukhara Khanate in the 16th - first half of the 19th century]. – Tashkent: Fan, 1966. – T.1. – 369 p. [in Russian].

Argynbaev Kh., Muqanov M., Vostrov V. Kazak shezhiresi xakinda: Uli zhuzdin shezhiresi [About the Kazakh shezhire: Shezhire of the Senior Zhuz]. – Almaty: Atamura, 2000. – 204 b. [in Kazakh].

Ai, zaman-ai, zaman-ai... [Aі, zaman-aі, zaman-aі...]. (Bes qasyr zhyrlaidy). 2-tomduk. –T.1. – Almaty: Kazakh SSR Baspasoz zhonindegi Memlekettyk committee bass editorial board RBB, 1991. – 880 b. [in Kazakh].

Artykbaev Zh.O. Materіalı k іstorіі pravyashchego doma kazahov [Materials on the history of the ruling house of the Kazakhs]. – Almaty: Gylym, 2001. – 204 b. [in Russian].

Abilgazy. Turk shezhiresi [Turkish Chronicle] / Kone turik tilinen aud. B. Abilkasymov. – Almaty: Ana tili, 1991. – 208 p. [in Kazakh].

Abuseyitova M.K. XVII gasyrdyn basyndagy sayasi zhagdai. Talas-tartystar. Buxara handgymen ozara karym-katynastar. [The political situation in the early seventeenth century. Disputes. Relations with the Bukhara Khanate]. Kazahkstan tarihy (kone zamannan buginge deiin). Bes tomdyk. –T.2. – Almaty: Atamura, 1998. – B. 425-428. [in Kazakh].

Istoriya Kazakhstana v persidskikh istochnikakh [History of Kazakhstan in Persian sources] – T.2. – Almaty: Diyke Press, 2005. – 692 p. [in Russian].

Istochnikovedeniye istorii Ulusa Dzhuchi (Zolotoy Ordy). Ot Kalki do Astrakhani. 1223-1556. [Source of the history of Ulus Juchi (Golden Horde). From Kalkа to Astrakhan.1223-1556]. – Kazan: Institut istorii AN RT, 2001. – 428 p. [in Russian].

Dalanyn dara dilmarlary [Individual steppe speakers]. – Almaty: JŞS «Kazahkstan» baspa uyi, 2001. – 592 p. [in Kazakh].

Duisenbaiulı D.-B. Dos bi urpaktary (Chuyldak shezhiresi) [Descendants of Dos Bi (Chronicle of Shuyldak)]. – Almatу: KAZakparat, 2001. –304 b. [in Kazakh].

Klyashtorny S.G, Sultanov T.I. Kazakhstan. Letopis trex tysyacheletiy [Kazakhstan. Chronicle of three millennia]. – Alma-Ata: Rauan, 1992. – 380 p. [in Russian].

Kopeev M.-Zh. Tandamaly [Optional]. Eki tomdyk. – T. 2. – Almaty: Gylym, 1992. – 224 p. [in Kazakh].

Kadyrgali Zhalayir. Shezhireler Zhinagy [Collection of genealogies]. – Almaty. 1997. –128 p. [in Kazakh].

Kazakh Shezhiresi [Kazakh chronicle]. – Almaty: Atamura, 1994. –160 p. [in Kazakh].

Karin E. Khan Yesim: v labirintah vlasti [Khan Yesim: In the labyrinths of power]. Pervye lica gosudarstva: politisheskie portrety (s tochki zreniya istorii i sovremennosti). – Almaty: Kazakhstan Development Institute, 1998. – 368 p. – P.71-81. [in Russian].

Kudaiberdiyuly Shakarim. Turk, kyrgyz-kazakh ham handar shezhiresi [Chronicles of the Turks, Kyrgyz-Kazakhs and khans]. – Almaty: Kazakhstan, Sana, 1991. – 80 p. [in Kazakh].

Kurbangali Khalid. Tauarikh Hamsa (Bes tarih) [Tauarikh Hamsa (Five Plants)] / Aud. B. Totenaev, A. Zholdasov. – Almaty: Kazakhstan, 1992. – 304 p. [in Kazakh].

Sabdenova G.E. V.V. Veliaminov-Zernov – Kazakh handygynyn kuryluy tarihyn algashki zertteuszhilerdin biri [V.V. Vel'yaminov-Zernov is one of the first researchers of the history of the Kazakh Khanate]. // KazMU Habarszhusu. Tarih seriyasy. – 1998. – №9. – P.101-105. [in Kazakh].

Safargaliev M.G. Raspad Zolotoi Ordy [The fall of the Golden Horde]. – Saransk: Mordovskoye knizhnoye izdatel'stvo, 1960. – 279 p. [in Russian].

Sultanov T.I. Kochevye plemena Priaralya v XV-XVII vv. (voprosy etnicheskoi i sotsial'noi istorii) [Nomadic tribes of Priaralya in the XV-XVII centuries (questions of ethnic and social history)]. – Moscow: Izdatel'stvo «Nauka», Glavnaya redaktsiya vostochnoi literatury, 1982. – 134 p. [in Russian].

Sultanov T.I. Podnyatie na beloi koshme. Potomki Chingiz-khana [Raised on a white coshme. Descendants of Genghis Khan]. – Almaty: Diyke Press, 2001. – 276 p. [in Russian].

Tunyshpaev M. Istoriya kazakhskogo naroda [History of the Kazakh people]. – Almaty: Kazakh University, 1993. – 224 p. [in Russian].

Yudin V.P. «Tarikh-i Sheіbani» kak istochnik po istorii kazakhskogo i karakalpakskogo narodov XVІ-XVII vv. ["Tarikh-i Sheybani" as a source on the history of the Kazakh and Karakalpak peoples of the 16th-17th centuries]. Tezisy dokladov nauchnoі konferentsii professorsko-prepodavatelskogo sostava KazGU. Gumanitarnye nauki. – Alma-Ata, 1971. – S. 23-29. [in Russian].

МРНТИ 03.19.00

НЕКОТОРЫЕ ВОПРОСЫ ПРОТИВОСТОЯНИЯ ЕСИМ ХАНА И ТУРСУН ХАНА

(ПО МАТЕРИАЛАМ ШЕЖИРЕ И УСТНОЙ ИСТОРИИ)

Г.Е. Сабденова¹, Д.С. Байгунаков²*

¹КазНУ имени аль-Фараби, г. Алматы, Казахстан

²КазНПУ имени Абая, г. Алматы, Казахстан

*Корреспондирующий автор 

E-mail: gulmiras2801@gmail.com (Сабденова), dosbol_bs@mail.ru (Байгунаков) 

Аннотация. Возрастание значения устной истории и народных источников, (особенно шежире в отечественной историографии) – одна из важных тенденций развития исторической науки. В последние годы данные шежире превратились в число активных источников, способных дать интересные фактыпо средневековой истории Казахстана. Использование их открывает новые горизонты по истории Казахского ханства. Объектом исследования является политическое и военное противостояние Есим хана и Турсун хана в 1626-1627/28 годах.Предметом исследования были избраны основные направления внутренней политики и военных действий Турсун хана в войне против Есим хана в процессе ее начала и развития как составной части отечественной военной трагедии. Этим же определяются и хронологические рамки исследования, в которых концентрируется внимание на наиболее насыщенных событий впервой четверти ХVІІ века.Казахское шежире, а также устная история глубоко и остро сохранилипоследствия междусобной войны. Особенно ужасы войны того периода испытывалидулаты, катаганы и другие племена, понесшие большие человеческие жертвы и материальные затраты. Материалы шежире и устная история племени дулат (род шуылдак) в народной памяти сохранили некоторые интриги, тайные сговоры и коварные поступки Турсун хана. Впоследствии, видимо, они стали некоторыми причинами разрыва взаимоотношений двух правителей. Вопросы, анализируемые в статье, являются малоизученными и практически до настоящего времени не получили комплексной разработки в отечественной научной литературе.

Ключевые слова: Казахское ханство, Есим хан, Турсын хан, шежире, устная история, противостояние.

IRSTI03.19.00

SOME ISSUES OF THE CONFRONTATION BETWEEN YESSIM KHAN

AND TURSUN KHAN

(BASED ON THE MATERIALS OF SHEZHIRE AND ORAL HISTORY)

Sabdenova Gulmira E.¹, Baigunakov Dosbol S.²*

¹al-Farabi Kazakh National University,Almaty, Kazakhstan

²Abai Kazakh National Pedagogical University, Almaty, Kazakhstan

*Corresponding author

 E-mail: gulmiras2801@gmail.com (Sabdenova), dosbol_bs@mail.ru (Baigunakov) 

Abstract. The increasing importance of oral history and folk sources (especially shezhire in Kazakhstan historiography) is one of the important trends in the development of historical science. In recent years, shezhire data has become one of the active sources capable of providing interesting facts on the medieval history of Kazakhstan. Using them opens up new horizons in the history of the Kazakh Khanate. The object of the study is the political and military confrontation between Yessim Khan and Tursun Khan in 1626-1627/28. The main directions of Tursun Khan's domestic policy and military actions in the war against Yessim Khan in the process of its beginning and development as an integral part of the domestic military tragedy were chosen as the subject of the study. This also determines the chronological framework of the study, which focuses on the most intense events in the first quarter of the XVII century. Kazakh shezhire, as well as oral history, has deeply and acutely preserved the consequences of the internecine war. Especially the horrors of war were experienced by the Dulats, Katagans and other tribes who suffered great human losses and material costs. The materials of shezhire and the oral history of the Dulat (Shuyldak genus) tribe have preserved in people's memory some intrigues, secret conspiracies and insidious deeds of Tursun Khan. As a result, apparently they became some of the reasons for the rupture of the relationship between the two rulers. The issues analyzed in the article are poorly studied and have not received comprehensive development in the domestic scientific literature until now.

Keywords: Kazakh Khanate, Yessim Khan, Tursyn Khan, shezhire, oral history, confrontation, collusion.

Авторлар туралы мәлімет:

¹т.ғ.к., доцент

²т.ғ.д., профессор

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь