Главная » Материалы » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_77

ҚАЗАҚСТАНДА ХІХ-ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ БІЛІМ БЕРУДІҢ РЕВОЛЮЦИЯҒА ДЕЙІНГІ ТАРИХНАМАСЫ

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_77

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 1(29), 2022

Автор:
О.Х. Мұхатова¹*ID
¹Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты. Қазақстан, Алматы қ. 
*Автор-корреспондент  
Е-mail: Orazgul7@rambler.ru (Мұхатова) 
Аңдатпа. Мақалада революцияға дейінгі орыс шенеуніктері мен зерттеушілерінің, педагог мамандардың қазақтардағы ағарту ісінің әртүрлі мәселелерін қарастырған еңбектері тарихнамалық тұрғыда талданады. А. Алектровтың, А.В. Васильевтің, К. Белавиннің еңбектері және мерзімді басылым беттерінде жарияланған Орал, Торғай, Орынбор облыстарындағы қазақ балаларының білім алуы туралы мақалалар талданады. Тарихнамалық фактілерді дәйектеу мақсатында қолданылған кеңестік және посткеңестік кезеңдерде Қазақстанда, Ресей Федерациясында жарияланған зерттеулер қоса талданады. Орынбор Неплюев кадет корпусы, Орынбор фелдьшерлік мектебі, Орынбор шекара комиссиясының жанындағы қазақ балаларына арналған мектеп, Орынбор, Орал, Троицк дала бекіністеріндегі орыс-қазақ бастауыш, екісыныптық ауыл, қазақ мұғалімдер мектептері туралы баяндалған еңбектердің мазмұны, маңызы көрсетіледі. Еңбектердегі оқу орындарының орналасқан аумағы, халқы, оқу орындары, қаржыландырылуы, шығындары, оқушылардың саны, жасы, әлеуметтік құрамы, сыныптарға бөлінуі, оқытылған пәндер, шәкіртақыны тағайындау, оқу ақысы, наным-сенімі туралы мәліметтер келтіріледі. Қазақ балаларының білім алуындағы қиындықтар, отарлаушы елдің қазақ балаларының терең білім алуына мүдделі болмауы, қыз балалардың оқуға тартылмау себептері және т.б. проблемалар тарихнамалық деректердің ауқымында анықталады.
Түйін сөздер: тарихнама, қазақ ағартуы, орыс зерттеушілері, орыс-қазақ мектептері, әскери училищелер, прогимназия, Орынбор, Орал, Торғай, Троицк.
Содержание:

Кіріспе. Қазақстаннның индустриалды инновациялық дамуы қоғамның барлық салаларының жаңаша дамуын талап етеді. Соның ішінде білім берудегі және оқытудағы, кәсіби мамандарды даярлаудағы заманауи талаптар, инновациялық тәсілдер бірінші кезекке қойылады. Заман талаптарына қарай оқытудың тың тәсілдері мен әдістерін пайдалану кемел ұрпаққа сапалы білім берудің, бәсекелестікке қабілетті, білімді де білікті мамандар даярлаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Осыған орай Қазақстандағы ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіндегі білім беру тарихының тарихнамасын зерделеу мәселенің зерттелу деңгейін анықтап қана қоймай, өткен уақыттардағы осы саладағы тәжірибенің ұтымды тұстарын айқындау үшін маңызды. Ол үшін ең алдымен оқу-ағарту тарихының зерттелуін талдау қажет. Қазақ даласындағы ағарту ісі және қазақтардың білім алуы жағдайы бойынша ХІХ ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі уақыттарда Ресейде бірқатар еңбектер жарияланды. Алайда олар тарихнамалық тұрғыда зерттеу нысанына айналдырылмады. Сол себепті революцияға дейінгі ресей тарихнамасын талдау өзекті әрі қазақтардағы ағарту ісі бойынша еңбектерді тарихнамалық тұрғыда талдау тарихшылардың аса маңызды зерттеу пәндерінің бірінен саналады. Революцияға дейінгі зерттеушілердің өзіндік мақсаты мен міндеттері, мәселені зерделеудегі ұстанымдары, әдістері болған. Сол кездегі еңбектер ХІХ ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ даласындағы ағарту жайын ғана емес, тарих жазудағы ерекшеліктерді де айқындауға мүмкіндік береді.

Материалдар мен әдістер. Ғылыми жұмыс революцияға дейінгі ресей тарихнамасына арналғандықтан автор тарихнамалық дерек ретінде революцияға дейінгі ресей зерттеушілерінің еңбектеріне, мерзімді басылым беттерінде жарияланған әртүрлі мазмұндағы мақалаларға арқа сүйеді. Зерттеліп отырған мәселені терең әрі жан-жақты қарастыру және тарихнамалық фактілерді негіздеу мақсатында кеңестік және посткеңестік тарихшылардың тақырыпқа қатысты еңбектері қосалқы түрде пайдаланылды. Тарихнамалық тұрғыда дайындалған мақалада автор революцияға дейінгі тарихнамалық дәуірдің уақыт кесіндісін өзара сабақтастықта, өткен кезеңдердегі тарихи ойды зерттеуге мүмкіндік беретін тарихилық принципін қолданды. Авторлардың өзіндік тұжырымдары мен қорытындыларына баға беруде объективтілік, әлеуметтік қағидаларды пайдаланды. Ғылыми зерттеуде тарихнама ғылымының талдау, салыстырмалы-тарихи, проблемалық-хронологиялық, ретроспективтілік, өзектілік тәрізді әдістері қолданылды. Зерттеу отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріндегі тарихнаманың теориялық-методологиялық негіздерін басшылыққа алды, өйткені олар тарихнамалық деректер мен фактілерді талдап, баға беруге септеседі.

Талдау. Қазақстандық және ресейлік тарихнамадан ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ даласындағы, соның ішінде Орынбор өлкесіндегі ағарту тарихына арналған зерттеулер орын алған. Солардың бірі Т.Тәжібаевтың шағын зерттеуі (Тажибаев, 1961). Еңбек Қазақ Еліндегі екінші болып ашылған оқу орнының тарихын қысқаша сипаттауға арналған. Зерттеуші Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы қазақ мектебінің ашылуын, оқу ережесін, мектепке қабылдау тәртібін, мұғалімдерге қойылған талаптарды, мектеп жарғысын, оқытылған пәндерді, оқу бағдарламарын, оқушылардың санын, құрамын, оқу үлгерімін баяндап, мектептің жабылу себептерін анықтаған. Мектептің білім берудегі маңызын көрсетуде тұжырымдар жасаған. Алайда олар кеңестік кезеңдегі идеология шеңберінен аса алмаған.Т. Тәжібаевтың тағы бір еңбегінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы ағарту жайы және мектептер сипатталады (Тажибаев, 1962). ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан мектептері Л.П. Сембаевтың (Сембаев, 1972) және педагогикалық ой Г.М. Храпченков зерттеулерінен орын алды. Б.Б. Әлімбаеваның ғылыми мақаласында Орынбор өлкесіндегі қазақтардың білім алуы және ағарту мәселелері (Алимбаева, 2006) қысқаша қарастырылды. Б. Төлеуова, Л. Шотбақова және Г. Смағұлованың бірлескен мақаласында Орталық Қазақстандағы мектептерде білім берудің қалыптасуы баяндалады (Тулеуова, 2018).

Ресейлік зерттеуші В.С. Болодуриннің монографиясында (Болодурин, 2001) Орынбор губерниясындағы тұңғыш білім беру мекемелері, ХІХ ғасырдағы білім беру мекемелері жүйесінің дамуы, алғашқы орта оқу орындарының тарихы архив құжаттарының, мерзімді басылым материалдары бойынша талданды. Г.П. Матвиевская Орынбор Неплюев кадет корпусының тарихын арнайы зерттеді (Матвиевская, 2016). Алайда қазақ балаларының білім алуын көрсетуді мақсат етпеді. Қазақ даласындағы кадет корпустары туралы революцияға дейінгі және кейінгі уақыттарда еңбек жазған орыс ғалымдары мен зерттеушілері бірқатар. Алайда олардың ешқайсысы қазақ балаларының білім алуын қарастырмаған. Т.А. Камская ХІХ ғасырдағы Орынбор қазақтарының ағарту тарихына тоқталды (Камская, 1996). Басқа да зерттеушілер тәрізді 1844 жылы 14 маусымда Сенат қабылдаған Орынбор қазақтарын басқару туралы ережеге сәйкес қазақ балаларына арналған мектептерді ашуға байланысты алғашқы мектептердің жобасын талдады.

Нәтижелер. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ халқы арасында білім беру ісі ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген А. Алекторовтың еңбектерінен көрініс тапты. Автордың «Торғай облысындағы білім берудің очеркі» (Алекторов, 1900) атты жылнамасында Орынбор оқу округы атты мекеменің қызмет атқарғандығы, оның бұйрықтар мен өкімдерді шығарып, ұсынымдарды беріп отырғаны еңбектің басынан аяғына дейін анық байқалады. Жылнама деп айдарлану себебі Торғай даласындағы білім беру ісі жекелеген жылдар бойынша көрсетілген. Мысалы, 1887 жылы 15 қыркүйекте қазақ қыздар училищесі ашылып, оған 18 қыз қабылданған (Алектров, 1900:83). Жыл сайын оқу орнының қызметі үшін қазнадан 950 рубль қаржы бөлініп отырған (Алектров, 1900:82). Осы жылдың 6 қазанында Елек уезінің Бөрте, Қарабұтақ фортында, Ырғыз уезінің Обаған, Николаев (Қостанай) уезінің Жетіқара болыстарында бір сыныптық 25 ер балаларға арналған интернаты бар болыстық мектептері ашылған. Бұл мектепке мұғалімдердің жалақысына, оқушыларға азық-түлік, қосалқы жұмысшыларға, оқу құралдарын алуға, дәрі-дәрмекке, тұрғын үйді жалға алуға қазнадан жылына 2000 рубль бөлінген. Бұл мектептерде мұғалім 360 рубль жалақы алған. Егер сол кезде бір қойдың орташа базар бағасы 3, ал жылқының бағасы 25 рубль болғандығын ескерсек, мұғалімге берілген жалақының жоғары екендігіне көз жеткізіледі. Сегіз ай бойы балалардың тамағына 800 рубль қаржы бөлінген (Алектров,1900:83). Жылнаманың мазмұнынан Ор қырғыз (бұдан әрі - қазақ) мұғалімдер мектебінің де жұмыс жасағанын көруге болады. Осы мектептен Уфа училищесіне ауыл шаруашылығы бойынша теориялық білім алу және тәжірибелерін шыңдау үшін Елжан Оразов, Асыл-Қожа Құрманбаев, Уәли Измайлов, Бөлебай Сарыбатыров жолданған (Алектров, 1900:81). Аталғандардан өзге екісыныптық орыс-қазақ мектебі де жұмыс жасаған. Автор мектеп үй-жайлары, жағдайлары, оларды ұстап тұру үшін бөлінген қаржы мәселесіне назар аударған. Орыс-қазақ мектептерінде білім беруде кейбір қиындықтардың бар екендігін Ы. Алтынсариннің айтуы бойынша көрсетіп, былай деген: «Орыс және қазақ балаларын біріктіріп оқытуды, әсіресе алғашқы кезде, орыс тілі ана тілі болып саналатын, оны жақсы білетін орыс балаларын, мектепке оқуға түсерде бірде бір орыс сөзін білмейтін қазақ балаларымен бір тілде оқытуды тиімді жүргізу мүмкін емес» (Алектров, 1900:89). Осы орайда ұлт жанашыры, ұстазы Ыбырай Алтынсариннің қазақ балаларына арналған мектеп ашудағы мақсаты оларды жеке оқытып, білім беру ғана емес, зерделерін бекітіп, санасы мен дүниетанымдарын кеңейту еді. Ресей Ішкі істер министрлігі дін істері жөніндегі департамент 1888 жылы 23 қазанда Торғай облыстық әскери губернаторына Халық ағарту министрлігінң Ішкі істер министрлігімен келісе отырып, мектептерде қазақ балаларын оқыту татар емес, қазақ тілінде жүргізілуі тиіс жөніндегі №5341 өкімінің қабылданғаны туралы хабарлама жасаған. Мұның өзі үкіметтің қазақ балаларын тәрбиелеуде татар тілінің қолданыста болмауына тыйым салғандығын дәйектейді.

Автор қазақ қыздарының білім алуға тартылмайтындығына назар аударған. Соған қарамастан Ырғызда қыз балаларға арналған пансионның ашылғандығы турады жазды. Онда 15 сұлтан қыздарының, қарындастарының білім алатындығы жөнінде мәлімет келтірді (Алектров, 1900:94). Шындығында да революцияға дейін, тіпті 1920-1930-жылдары орта және орта арнайы оқу орындарында мектептердегі қазақ қыздарының саны өте аз болды. Мұның басты себебі, «қыз жат жұрттық» деген ұлттық ұстанымның халық санасында берік орнығуы еді. Айтылғанның дәлелі ретінде 1926 жылғы бүкілодақтың алғашқы халық санағы кезінде қазақтар қыздарын қалың малға сату үшін жасырған. Себебі сол жылы кеңестік үкімет қалың малды жою туралы декрет қабылдаған.

Бұдан басқа А. Алекторов «Ақмола және Семей облыстары қазақтарының арасындағы білім беру тарихынан» (Алекторов, 1905) деп аталатын мақаласын жариялаған. Атауынан көрініп тұрғандай, автор Ақмола және Семей облыстарындағы қазақтар арасындағы білім берудің дамуын көрсеткен. Тағы бір мақаласында А. Алекторов қазақ даласындағы дәстүрлі мұсылман мектептері мен медреселері туралы жазған (Алектров, 1909).

А.В. Васильевтің «Торғай облысындағы орыс білім беруінің тарихи очеркі және қазіргі оның жағдайы» (Васильев,1896а) еңбегінде Торғай облысындағы 1824 жылдан 1895 жылдың аралығындағы орыс білім беру ісінің тарихы үш кезеңге бөлініп баяндалады. 1824-1868 жылдарды қамтыған бірінші кезеңде Орынбор Неплюев кадет корпусы, Орынбор фелдьшерлік мектебі, Орынбор шекара комиссиясының жанындағы қазақ балаларына арналған мектеп, Орынбор, Орал, Троицк дала бекіністеріндегі орыс-қазақ бастауыш мектептері туралы айтылады. Бұл кезеңде автордың пікірінше, қазақ балалары орыс оқу орындарына кездейсоқ түскен. Екінші кезең 1869-1891 жылдар аралығын қамтыған. Осы аралықта жұмыс жасаған Торғай облысындағы бастауыш орыс-қазақ және орыс, қазақ мұғалімдер мектептері сипатталады. Бұл кезеңнің ерекшелігі - Торғай облысындағы қазақтарда бастауыш білім беру жүйесі қалыптасты. Облыс ішінде мектептер құрылып қана қоймай, қазақ балалары білімдерін ауыл шаруашылық мектептерде, гимназияларда, тіпті университеттерде жалғастыра алды. 1892-1895 жылдар деп белгіленген үшінші кезеңге жататын облыстағы бір, екі сыныптық ауылдық, қазақ мұғалімдер мектептері, бастауыш орыс училищесіне шолу жасалады. Үшінші кезең облыста бастауыш білім беру орындары кең таралып, жоғары дәрежелі қалалық екісыныптық училище және қыздар прогимназиясы ашылды. Еңбекте сонымен қатар қазақ балаларына берілген шәкіртақы туралы сөз қозғалады. Торғай облысындағы білім беру ісіне қажетті ережелер, нұсқаулықтар, жарғылар, жобалар қосымша түрінде берілген. Сол құжаттарды мұқият оқыған адам орыс білім беру ісінің көздеген мақсатын анық көре алады. Облыста 1867-1868 жылдардағы әкімшілік-саяси реформадан кейін 1874 жылы Орынбор өлкесі үшін ерекше оқу округы құрылды. Бұратаналарға білім беру жүйесін қалыптастыруды көздеген мекеменің жоспары ауқымды болып, ол 1879 жылдан бастап бірте-бірте іске асырыла бастады. Алдымен екісыныптық орыс-қазақ училищесі, содан соң 1883 жылы Орда қазақ мұғалімдер мектебі және Торғайда қолөнер училищесі ашылды. Орыс ағарту ісін дәріптеуді көздеген автор білім беруге жұмсалған қаржының көлемін көрсетуге ерекше мән берді. Мәселен, 1891 жылы облыстағы мектептердің қызметіне үкіметтен 49651 рубль қаржы бөлінген (Васильев,1896:8). Автордың тұжырымынша, қазақ балаларының білім алуына қолжетімділік Орынбор Неплюев әскери училищесінің ашылуымен байланысты болды. А.В. Васильев оны қазақтар үшін орыс білімінің алтын бесігі деп атады (Васильев,1896а:11). Училище 1825 жылы қаңтардың 2-сінде есігін ашты. Оның мақсаты – «азиаттықтарды орыстармен жақындастыруға ықпал ету, алғашқылардың бойында орыс үкіметіне деген сүйіспеншілік пен сенімді сіңдіру және өлкеге оқыған адамдарды жеткізу» (Васильев,1896а:13) еді. Оқу орнын ашу жергілікті халық өкілдерін оқыту және оларға шығыс тілдерін үйрету қажеттілігінен туындағаны былайша көрсетілді: «Мұндай мектепті ашу туралы бастаманы көтерген кезде өлкенің бұрынғы бастықтары - князь Волконский мен Эссен оны 1818 жылдан бері бар татар мектебімен тығыз байланыстыруды қалады, сондықтан олар мектепте шығыс татар тілдерін және тіпті бұрынғыдан да кең ауқымда оқыту, бұл мектепке башқұрт, қазақ, татар және т.б. бұратаналардың түсуіне рұқсат беру қажет деп есептеді» (Васильев,1896а:2). Бұдан өзге училищені ашудағы екінші мақсат екі лауазымды бір адамға беру екендігі жасырылмады. Мұны автордың «Өтініштің назардан тыс қалмағаны былай тұрсын, оны жеткілікті қанағаттандыру мақсатында екі лауазымды: Неплюев әскери училищесінің директоры мен Орынбор шекара комиссиясының төрағасы қызметтерін бір адамға жүктеу пайдалы деп танылды. Алғашқы сондай адам полковник, одан кейін генерал-майор Григорий Федерович Генс болды» - деген сөздерінен анық байқауға болады (Васильев,1896а:2). Әскери училищені ашу турасында арнайы қаулы қабылданып, онда былай делінді: «1) әкелері жеке Орынбор корпусының тұрақты емес әскерлерінде қызмет еткен немесе қызмет ететіндердің балалары үшін; 2) берік бодандық құрамына енбеген азиаттықтардың  балалары үшін; 3) кез келген ауқатты адамдардың балалары үшін мектеп ашылады». Училище 80 тәлімгерге арналды. Неплюев әскери училищесінің басты міндеті көпұлтты Орынбор өлкесіне қажетті азаматтық, әскери шенеуніктерді және Азиямен шектесетін аймақтарда сұранысы өте жоғары шығыс тілдерінің аудармашыларын дайындау болды (Матвиевская, 2016:12). Мұндай мақсаттың қойылуы түсінікті, себебі жергілікті халықпен қарым-қатынаста жергілікті халықтың тілін меңгермеген шенеуніктерге байланыс орнату аса қиын еді. Тілмаштар мен аудармашылардың қызметіне зәру билеушілер оларды арнайы мамандар ретінде дайындауды қолға алды.

«Орыстар мен азиаттықтарды жақындастыруға, орыс үкіметіне құрмет пен сенімді арттыруға, өлкеге  ағартушылықпен айналысатын адамдарды әкелуге ықпал еткен» (Васильев, 1896:3) әскери училищенің ашылуы жай ғана оқиға болмады, ол Қазақ хандығының жойылуы және 1824 жылғы «Орынбор қырғыздары туралы Жарғының қабылдануына, Кіші жүз аумағының Батыс, Орталық және Шығыс бөліктерге бөлінуіне дөп келді. Жаңа басқару ережелеріне сәйкес бұл аумақтарды сұлтандар (султан-правитель) басқаратын болды. Хан лауазымы тек Бөкей ордасында сақталды. Дегенмен хан билігі айтарлықтай шектеулі болатын, өйткені ол Орынбор губернаторына және Шекаралық комиссияға тәуелді болды. Әскери училищенің ашылуы кезінде Бөкей Ордасында Жәңгір хан билік етті. Орысша білім алған Жәңгір ордасында орыс білімі мен мәдениетінің таралуына мән берді. Сондықтан да оқу орнына алдымен ол өз туысқандарын, жақындарын, Бөкей ордасының, одан кейін Кіші жүздің батыс бөлігінің және басқа да жерлерден өкілдерін тартты. Осындай үдеріс А.Васильевтің еңбегінен көрініс тапқан. А. Васильев училищенің алғашқы сегіз стипендиат-түлектерінің барлығы Жәңгір ханның туысқандары болғандығын атап көрсеткен. Училищенің алғашқы оқушыларының тізімінде Мұхамедқали Тәукеұлы, Көшек Шығаев, Қобыланды Қараулов, Досмұхамед Шүкеев, Нұржан Ғабдулғалимов, Д. Айшуақов, Д. Таубаев болған. Әскери училищеде құдай заңдары, адамгершілік, жалпы және орыс тарихы, география, жаратылыстану тарихының бастаулары, физика, арифметика, алгебра, геометрия, тригонометрия, орыс, араб, татар, парсы, неміс, француз тілдері және әскери пәндер: артиллерия негіздері, дала фортификациясы, жобаларды сызу және сурет салу, экзериция, гимнастика оқытылды. Оқу үш сыныпқа: төменгі, орта және жоғары бөлініп, алты жылға созылды. Оқушылардың саны қазналық 40 және сырттан келушілер үшін 40 болып белгіленді (Васильев, 1896а:4).

1844 жылы училище кадет корпусы болып өзгертілгенен кейін онда білім алатындардың саны көбейтілді. Ендігі жерде берілген 100 орынның 30-ы қазақ сұлтандарының, билерінің, старшындарының балаларына тиесілі болды. Бұрынғысынша оқушылардың басым көпшілігін Бөкей ордасының өкілдері құрады. Қазақ балаларының оқуға деген ынтасы төмен болды. Мұндай жағдайдың өзіндік себептері де бар еді. Басқасын былай қойғанда құрметті ордалықтардың өздері кадет корпусы дегенді біле және түсіне бермеді. Оның үстіне қазақ арасында «Орыстар қазақ балаларын оқуға емес шоқындыру, содан соң солдатқа алу үшін талап етіп жатыр» деген қауесет тарады. Сондықтан да қазақтар балаларын өз еріктерімен орыстарға «тұтқынға» бергілері келмеді.

А.В. Васильевтің Орынбор фелдьдшерлік мектебі туралы баянында оқу орнының қызметі сипатталады. Мектептің қызмет еткен тұсында оны толығымен бес қазақ бітірген (Васильев, 1896а:34). Олар: Қамза Қаржасов, Тұрмұхамед Ізбасқанов, Қазиев, Мұсабай Тұтаев, Исмағыл Битауов. А.В. Васильев еңбектерінің ерекшелігі, автор әрбір оқу орнының ашылуын барынша дәріптеп, бүге-шігесіне дейін жазған.

«1844 жылғы 14 маусымдағы Орынбор қырғыздарын басқару туралы ережеде Орал өңірі тұрғындары үшін тұңғыш қазақ мектебі болып саналуға тиіс «қазақ балаларына арналған мектеп» ашу қарастырылды. Алайда мұндай мектепті ұйымдастыру ұзаққа созылды, ол тек 1850 жылдың 22 тамызында Орынбор Шекаралық комиссиясы жанынан ашылды. Шекаралық комиссия мектеп ашылғанға дейін 1847 жылдың 16 сәуірінде Орынбор генерал-лейтенанты Обручевке «Орынбор Шекаралық комиссиясы жанындағы қазақ балаларына арналған мектеп жарғысының жобасын» ұсынды. «Жарғы жобасына» түсіндірме жазбада қазақ мектебінің мақсаты тәлімгерлер арасынан «билеуші-сұлтандар немесе дистанция бастықтарының қол астында іс жүргізуші қызметтеріне тағайындалып қана қоймай, сенімді түрде өздері де дистанция бастықтары, қажет жағдайда билеушілердің көмекшілері бола алатын қабілетті ордалықтарды дайындау» (ЦГА РК. Ф.4. Д.3107. Л. 69-71), - деп көрсетілді.  

30 оқушыға арналған қазақ мектебі ашылып, толық мемлекеттің қарамағына алынды. Дегенмен «Ережеге» сәйкес мектепке ата-анасының қамқорлығындағы қазақтардың балалары да қабылдануына мүмкіндік жасалды. Мектепті ұстап тұруға бір жылда 3,940 рубль жұмсалды. Бұл қаржы қазақ халқынан жиналған шаңырақ салығы есебінен жинақталды.

Қазақ мектебінің ашылған күні, оған бөлінген қаржы, ғимараты, балалардың киімдері, тамақтануы А.В. Васильевтің жоғарыда аталған еңбегінен көрініс тапты. Еңбегінде А.В. Васильев мектеп бақылаушыларының қызметіне ерекше тоқталған. 1857 жылғы бітірген алғашқы 20 түлектің тізімін көрсеткен. Үздік белгімен бітіргендердің арасында төртінші етіп Ыбырай Алтынсаринді атаған (Васильев, 1896а:50б). Аталаған оқу орнының тілмаштарды дайындаудағы рөліне де назар аударған. Автор орыс-қазақ мектептерінің ашылуы және білім берудегі орнын жан-жақты сипаттаған.

Патша үкіметі тәлімгерлерге белгілі жалпы, ең бастысы жаратылыстанулық, ғылыми білім беруге мүдделі болмады. Орынбор қазақтары облыстық басқармасының 1863 жылғы 4 қаңтардағы қаулысында «қазақ мектебіндегі оқыту жоғары ақыл-ойды дамытуға бағытталмауы тиіс» деп ашық айтылған. Бұл таңқаларлық жағдай емес. Ресей империясы үшін отар елдің өркендеуінен гөрі оның мешеу қалғаны ұтымды еді. Метрополия үшін мәдениеті мен ғылым, білімі дамыған өлкені басқару тиімсіз болғаны түсінікті. Сондықтан да айтқанына көнетін, айдауына жүретін «артта қалған, жабайы халық» ұрпағының да қараңғылықта қалғаны отарлау саясатының ұстанымдарына сәйке келді. Осы орайда генерал Обручевтің қазақ мектебінің балаларына география, геометрия және басқа жаратылыстану ғылымдарын оқытуға қарсы болуы әбден түсінікті (Ф.4. Д.3107. Л.273-274).

Сыртқы істер министрі Д.М. Толстой 1859 жылы 18 қаңтарда Орынбор әскери генералына оқушылар санын көбейту туралы өтініштің және қазақ мектебі туралы басқа да ұсыныстардың қанағаттандырылғаны туралы хабарлады.1859 жылы Министрлер комитеті «қазақ мектебіндегі тәлімгерлердің санын 40-қа дейін көбейту, оқу бағдарламасын біршама кеңейту және «қазақ балаларына орыс тілінде ауызша сөйлеуде жаттығуға көбірек мүмкіндік беру мақсатында 10 орыс ер балаларын тегін оқытуға жіберу» турасында қаулы қабылдады (Тажибаев, 1961:16). Орыс тілін оқытуға ден қойған мектепте оқушылар қазақ-татар тілі, көркем жазу, сурет салу және сызу, арифметика, геометрия және жерге орналастыру, география, тарих, іс жүргізу және тергеу процесі, құдай заңдары, мұсылман діни ілімі пәндерін оқыды.

Атап айтар жайт, патша әкімшілігі мектеп жұмысын жіті қадағалап отырған. Шекара комиссиясының жанынан қазақ мектебін ұйымдастырудың нәтижелері осыған ұқсас оқу орындарын ашуда өзіндік сынама тәжірибе, үлгі болды. Алайда көп ұзамай мектеп жабылып қалды. Облыстық басқарма жанындағы қазақ мектебінің жабылуы ұстаздар қауымы ортасында наразылық тудырды. «Бұратаналардың», соның ішінде қазақтардың  халық ағарту ісінің көрнекті қайраткерлерінің бірі, миссионер Н.И. Ильминский қазақ мектебінің жабылуына қарсы шықты. Алайда оның және өзге де педагогтардың көзқарастары назарға алынбады.

А.В. Васильев білім берудің 1891 жылғы 25 наурыздағы Дала Ережесіне негізделгендігіне, қазақтармен қатар орыс тұрғындарына білім алуға қаржының тұрақты түрде бөлініп тұрғандығына, татар-мұсылман ағартуын тежеуге бағытталған шараларына, оқу бағдарламаларының Халық ағарту министрлігінің бекіткендігіне, оқуға түсу емтиханында маңызды орынды орыс тілінің алғандығына назар аударған (Васильев, 1896а:107-108). Бұл жерде тек «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» ғана емес, жергілікті тұрғындарды рухани отарлау шеңберінде орыстандыру саясатының орын алғандығынан хабар береді. Еңбектерде бұл мәселе ашып айтылмаса да мазмұндарынан айқын көрініп тұрды. Осы тұрғыдан алғанда А.В. Васильевтің Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы қазақ балаларына арналған мектеп турасындағы баянының маңызы зор. Айта кетерлік жайт, А.В. Васильевтің «Орынбор Неплюев кадет корпусы қазақтардың білім алуы тарихындағы тұңғыш оқу орны ретінде» (Васильев, 1896b) деген еңбегінде Неплюев әскери училищесінің ашылуы және мамандардың даярлануы, оқушыларының құрамы, оқытылған пәндер біршама кеңітіле баяндалған. Еңбектің мазмұны автордың бірінші еңбегімен үндес. 

Императорлық орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің хабаршысының беттерінде де ХІХ ғасырдың соңындағы өлкедегі білім беру жағдайы көрініс тауып тұрды. Хабаршының 1894 жылғы үшінші шығарылымында А. Алекторовтың «Ішкі қырғыз ордасының очерктері» (Алекторов, 1894) еңбегінің жалғасы жарияланды. Еңбегінің «Ордада ағартушылықтың таралуы» деген бөлімінде Жәңгір ханның өзінің шенеуніктері болғандығын қалағаны жайлы ой айта келе, 1841 жылы 6 желтоқсанда ордада училище ашқандығын баяндаған. Мектептің алғашқы мұғалімі Константин Ольдекон болып, ол балаларға орыс тілін үйретіп, оның жазуы мен грамматикасын, арифметика мен географияны оқытқан. Тұңғыш наным-сенім ілімін оқытып, шығыс тілдерін үйреткен молда Хакім Әминев болған. Мектепте небәрі 25 бала білім алып, оның 13-і бірінші сыныпта, 12-і екінші сыныпта оқыған. 7-еуі мектепте тұрып оқыса, 18-і сырттан қатынаған. Балалардың ересегі 22, ең кішісі 9 жаста болған (Алекторов, 1894:11). Жәңгір хан 8 кедей баласына Непюев әскери училищесінен тұратын бөлме салдырып, орда тұрғындарын балаларын оқуға беруге үгіттеген. Көзі тірісінде Жәңгір хан мектепті өзінің қаржысына ұстап тұрды. Хан өмірден озған соң мектеп құлдырай бастаған. Осы жағдайды автор барынша толық етіп көрсетуге ұмтылған. Біраз уақыт бойы құлдыраған мектеп 1867 жылы орда тұрғындарының көмегінің негізінде қайта жанданған. Автордың айтуынша, 1874 жылы ордадағы қазақ бастауыш мектептерінің үстінен қарайтын инспектор тағайындалып, ол Орынбор оқу округіне бағындырылған. Ордадағы мектептер бай-қуатты адамдардың қолдауымен және қаражат бөліп отыруының арқасында жұмыс жасаған.

Тарихтан белгілі империя мен оның билеушілеріне тәуелді болса да Жәңгір хандықтың ішіндегі ахуалды, мәселелерді барынша реттеп отыруға тырысты. Хандықты басқарудың бірыңғай жүйесін құра білген Жәңгір хандық басқарудың мемлекеттілік элементерімен бірге жаңалықтарды да енгізді. Дегенмен халықтық  дәстүрді отарлық саясаттың шеңберіне сыйдыра білді. Жәңгірдің сарайды мойындай отырып, тиімді басқару жүйесін құруы патша шенеуніктерін таң қалдырды. Олар «хан билігінің толық зиянды (Ресей үшін) зардаптарын (жадтан) қалай өшіру керек» (Касымбаев, 2001:38), - деп ойланып қалды. Ал граф В.А. Перовский: «Бірақ бұл құрылғыны Ресей үкіметіне сіңірген еңбек деп санауға болмайды. Азияттық Жәңгірдің мақсаты біздің мүддемізді қанағаттандыра алмайды» (Касымбаев, 2001:38), - деп жазды.Мұның өзіқазақ билеушілері үшін дәстүрлі басқару мен орыстық ережелерді қатар алып жүру мүмкін еместігін анық байқатты. Қазақ хандары мен сұлтандары империяның дегенінен шықпауға тиіс екендігін көрсетті.

Орынбор архив комиссиясы басылымының беттерінде де қазақтардың білім алуы, мұғалімдер даярлайтын оқу орны туралы мақалалар жарияланып тұрды. Солардың бірі «Қырғыз мектебі және оның маңызы» деп аталады. Мақалада: «Бізде 1883 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қырғыз мұғалімдер мектебінің негізін қалаушылардың ойы қазақтарды оқу орнына тартып, ғылымға баулып, далаға туыстарына білімді етіп жіберу еді. Шын мәнінде солай болып шықты. Осы мектептің қызметіндегі бұрынғы тәлімгерлер арқылы біз миллиондаған қырғыздарды және дала жағдайындағы басқа да бұратаналарды білім алуға шақырамыз (Труды ОАК, 1917:74) делінген.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап 1917 жылға дейін шығып тұрған Халық ағарту министрлігі журналдарында білім беру, оқу орындары туралы мақалалар жарияланып тұрды. Қазақ халқының арасындағы ағарту ісі және оның жекелеген мәселелері ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың бас кезінде тұрақты түрде шығарылып тұрған «Вестник Оренбургского учебного округа» атты журналдың беттерінен көрініс тапқан. Мәселен, аталған хабаршының барлық сандарында тұрақты түрде ресми бөлімінде бұйрықтар, қызмет ауысымдары, өкімдер, ережелер, нұсқаулықтар, статистикалық мәліметтер, жарияланған кітаптар, мақалалар, оқулықтар тізімі, шолулар, жаңалықтар басылды. Ал «Мектеп хроникасы» аталған тұрақты айдардында өлкедегі ағарту ісінің өзекті мәселелері шығарылып тұрды. Мәселен, 1912 жылғы №4 санында бастауыш мектептерде тарих және география пәндерін оқытудың әдістемесіне қатысты мәселе қозғалған (Ефремов, 1912). Осы санының ғылыми бөліміндегі Торғай облысына қоныс аударушылардың келуі туралы мақалада Қостанай уезіндегі білім берудің дамуы жөнінде айтылады. 1911 жылы уезде 3 екісыныптық орыс-қазақ, 1 екісыныптық орыс, 71 бірсыныптық орыс, 15 ауылдық (бұратаналық деп көрсетілген) мектеп болған (Зорин, 1912:124). Автор И. Зорин қарашекпенділердің ағылып келуін, соған орай орыс мектептерінің ашылуын: «Осыдан 12-15 жыл бұрын бірде бір орыс дыбысын, орыс бейнесін көрмеген болсақ, енді орыс поселкелері көбейіп, адам қолы тимеген қорықты аймақта орыс мәдениеті өсіп келеді» (Зорин, 1912:124-125), - деп мақтана жазған. Осы журналға қосымша «Циркуляр по Оренбургскому учебному корпусу» атты мерзімді басылым шығарылды. Соның 1891 жылғы санында 27 қыркүйекте Торғай облысының қазақ мектептері инспекторының Николаев уезінде Әулиекөл орыс-қазақ 25 оқушыға арналған болыстық мектебінің ашылғандығын хабарлағандығы туралы жазба берілген (Циркуляр, 1892:341). Осы басылымның 1896 жылғы №1 санында министрдің өкімі жарияланған. 1895 жылдың 28 қарашасындағы №25492-ші өкімімен Троицк қазақ балалар гимназиясында білім алатындарға император ІІІ Александр атындағы шәкіртақы берілген (Циркуляр, 1896:10). Осыған орай құжатта былай делінген: «1895 жылдың 28 қарашасындағы № 25492 – өкім. Қазақ балаларына арналған Троицк гимназиясында білім алатындарға император III Александр шәкіртақысын тағайындау туралы ережені бекіту». 1895 жылғы 10 қарашадағы № 4569 ұсынысының нәтижесінде және Халық ағарту министрлігінің 4 қазандағы № 21186 өкіміне қосымша ретінде Халық ағарту министрінің бекіткен ережесіне сәйкес 1895 жылы 30 қыркүйектегі патшаның бұйрығының негізінде қазақ балаларына арналған Троицк гимназиясында білім алатын қазақ оқушыларға император III Александр шәкіртақысы тағайындалады» (Циркуляр, 1896:10). Сонымен қатар шәкіртақының ережесі берілген. Ереженің 4-пункітінде «Шәкіртақыны алуға тек Торғай облысы, негізінен Торғай, Ырғыз, Николаев уездері қазақтарының балалары ғана құқылы» (Циркуляр, 1896:11), - делінген.

Бұдан басқа осы санында Орынбор оқу округі аумағына қарасты барлық білім мекемелерінің, оқу орындарының 1894 жылғы 31 желтоқсандағы санағы берілген (Циркуляр, 1896). Орынбор оқу округіне Торғай және Орал облыстары қаратылған. Санақ мәліметтері жалпы білім беретін орта оқу орындары: ерлер және қыздар; арнайы оқу орындары және төменгі оқу орындарына жіктеліп, берілген. Оқу орындарының орналасқан аумағы, халқы, оқу орындары, қаржыландырылуы, шығындары, оқушылардың саны, жасы, әлеуметтік құрамы, сыныптарға бөлінуі, наным-сенімі туралы мәліметтер толықтай қамтылған. Келтірілген мәліметтер бойынша барлық ерлер гимназиясында Орынбор губерниясы бойынша 32, Оралда 7, Торғайда 3 мұсылман оқыған. Алайда олардың қандай ұлт өкілдері екендігі көрсетілмеген. Мектептерге 9, кадет корпустарына 21 жастан оқуға барған (Циркуляр, 1896:34). Мектепке оқуға тоғыз немесе он жастан барудың да өзіндік себептері болған. Қазақ отбасылары, соның ішінде ауқатты топтардың өкілдері, (себебі көбінесе бай адамдардың баларының оқуға мүмкіндіктері болған) балаларының миы ашиды деп тоғыз жастан бастап оқытқан.

1903 жылы К.Белавиннің «Орынбор өлкесіндегі ағартушылық тарихына» (Белавин, 1903) атты еңбегі жарияланды. Зерттеу түріндегі еңбекте Орынбор өлкесіндегі қыздар гимназиялары мен прогимназияларының тарихы баяндалады. Олардың ашылуы, үкімет тарапынан қаржыландырылуы, ғимараттары, оқу ақысы, оқушыларының жас мөлшері, пансиондар, құрамы егжей-тегжейлі сипатталады. Автордың жазуынша, 1891 жылы Қостанайда Александрийский орыс-қазақ гимназиясының бірінші, 1892 жылы екінші, 1893 жылы үшінші, 1898 жылы төртінші сыныбы ашылды (Белавин, 1903:49). Қостанайдағы әйелдер прогимназиясының ашылуы турасында автор былай деп жазды: «Қостанайда әйелдер прогимназиясын ашу идеясын орыстар тәрізді қазақ тұрғындары да жылы қабылдады. Сол жылдың қараша айының соңына қарай Торғай облысы әскери губернаторының дәйектері бойынша жеке адамдардан 2 350 рубль қайырымдылық  қаржы түсті, ал Николаев (Қостанай) уезі қазақтарының қоғамы 12 000 рубль  ақшалай көмек көрсете отырып, болашақ прогимназияны патшайым Александра Федоровнаның құрметіне «Александрийская» деп атауды ұсынды (Белавин, 1903:18). Дегенмен Қостанай тұрғындары қыздарын оқытуда қаржылық жағынан қиындықтарға ұшыраған. Осыған орай жергілікті билеушілер қолдарынан келген көмектерін аямаған. Бұл турасында еңбекте былай деп жазылған: «1894 жылы мамырда Торғай губернаторы генерал-лейтенант Барабашқа Қостанай қаласының тұрғындары қыздарын Троицк прогимназиясына оқуға жіберуге қаржы жағынан қиыналатындарын жеткізді. Дәл осы уақытта генерал-лейтенант Барабаш Қостанайда орыс-қазақ прогимназиясын ашуға қаражат жинау үшін арнайы комитет құрды (Белавин, 1903:12-13). К.Белавин прогиназия туралы толық мәлімет беруге тырысқанымен оқушыларының ұлттық құрамы жөнінде ешқандай дерек келтірмейді. Прогимназияда қазақ қыздарының білім алуы екіталай еді. Өйткені қазақтар бір жағынан қыздарын оқытуға ынталы болмаса, тіпті ондай түсінік те орын алмады, екінші жағынан жыл сайынғы оқу үшін 30 рубль қаржыны бай адамдар болмаса, кедейлер таба алмаған. Себебі К. Белавиннің жеткізуінше, оқу ақысы қазақтар үшін жоғары болды. Мәселен, «Орынбор гимназиясында 1884 жылға дейін жеті қалыпты сыныпта 30, 8-ші, педагогикалық сыныптарда 50 рубльге дейін оқу ақысы алынды. 1884 жылы қалыпты сыныптар үшін оқу ақысы 36 рубльге дейін көтерілді» (Белавин, 1903:95). Троицк прогимназиясында 1875 жылы оқу ақысы барлық сыныптарда 5 рубль мөлшерінде алынды; 1879 жылдан бастап қалыпты сыныптарда ол 10 рубльге дейін өсті, Троицк қаласының қалалық әлеуметтік топтарына жатпайтындардан - 15 рубль, ал «қалалық еместерден» 25 рубльге дейін алынды (Белавин, 1903:97). «Қалалық еместердің» басым көпшілігі қазақтар болғандығын ескерсек, балаларын оқыту үшін бір жылда кем дегенде бір-екі жылқысын сатып отыруы тиіс болды. Ал мыңғырған малы жоқ, алайда балаларының білімді болуын қалаған кедейлер үшін ол тек арман еді.

Бұдан өзге К. Белавиннің екінші Орынбор кадет корпусына арналған еңбегінде қазақ халқы өкілдерінің білім алуы айтылды (Белавин, 1894). Тағы бір еңбегінде Орынбор Неплюев кадет корпусының тарихына арналды (Белавин, 1891).

ХХ ғасырдың бас кезінде «Доклады Оренбургской губернской земской управы 4-ой очередной сессии Оренбургскому губернскому земскому собранию (Подотдел образования инородцев. Отдел народного образования)» атты мерзімді басылым шығып тұрған. Орынбор губерниялық земстволық басқармасы баяндамалардың алғашқысы 1915 жылы жарияланған (Доклады, 1915). Баяндамада жарияланып отырған тұңғыш есептің статистикалық мәліметтердің және өзге да материалдардың жоқтығынан бұратаналар арасында білім берудің толық әрі нақты жағдайын көрсетуге мүмкіндіктің шектеулі болуы себепті атқарылған жұмыстардың барлығының бірдей қамтылмағандығы баса айтылған. Ең бастысы земстволық басқарманың бұратаналарды назарларынан тыс қалдырмайтындығын қадап айтқан, себебі олар губерния тұрғындарының жартысын құраған. Земство өзінің бұратаналарға білім берудегі шаралары мен іске асырылуға тиіс істерін тізбектеп көрсете келе бастауыш және екісыныптық мектептерге арналған бағдарламаларды құрастыру, қажетті оқу құралдарын шығаруға қаржы қарастыру, мұғалімдерді қайта даярлықтан өткізу, кітапханаларды ана тіліндегі кітаптармен толықтыруды ұсыну мәселелері бойынша қаулы қабылдаған. Земство мектептен тыс білім беру бұратаналардың жергілікті зәруліктеріне сәйкес қойылуы тиіс екендігіне назар аударған. Бұратаналарға білім беру бөлімі жұмысын 1915 жылдан бастаған. Бөлім жұмысын бастауыш мектептердің жағдайын зерттеуден бастап, олардағы жағдайды білу мақсатында 30 сұрақтан тұратын арнайы сауалнама дайындап, барлық ер балаларды оқытатын мектептерге таратқан. Алайда баяндамалардың бірде біреуінде қазақтардың білім алуы туралы ешбір мәлімет орын алмаған. Бұратаналар деп айдарланған халықтардың арасында қазақтардың болғаны күмәнсіз.Басылым редакторларының өздері мойындағандай, бұратаналарды жекелеген халық өкілдеріне бөлу үшін олардың қолында мәліметтер болмаған. Баяндамалардың екіншісі 1917 жылы жарық көрген (Доклады, 1917). Басылым материалдары жалпы, мектепте білім беру, мектептен тыс ағарту, білім беру бойынша мамандарды даярлау деген бөлімдерге бөлініп берілген. Мәселен, жалпы бөлімде басылымда губерниялық басқарманың білім беру жөніндегі бөлімінің 1916 жылғы қызметі туралы баяндамасы ұсынылған. Ағартушылардың съезін шақыру, жаңа журналдарды шығару және т.б. мәселелер қарастырылған. Бастауыш мектептерде мұғалімдердің жалақысын көбейту, земствоның орта мектепке көзқарасы, халықтық оқуларды, көрмелерді ұйымдастыру, кітапханалар қызметін дамыту, жазғы курстарды өткізу, мектепке дейінгі тәрбие, шәкіртақылар мен жәрдемақыларды тағайындау істерінен губерниялық басқарманың білім беруге қамқорлығын, оның деңгейін көтеруге ұмтылысын байқауға болады. Алайда өздері атағандай, бұратаналарға, соның ішінде қазақтарға білім беру турасында ештеңе айтылмайды. Басты назар орыстық білім беруге, орыс кітапханаларына, орыс тұрғындарының мүдделеріне аударылған. Тек Орынборда жоғары оқу орнын ашу туралы мәселеде өлкеге сипаттама жасалып, мал шаруашылығы жағдайына тоқталған. Төрт түлік малы мыңғырған өлкенің байлығын игеру үшін жоғары оқу орнында ветерианарлық және зоотехникалық бөлімдерді ашып, оларды биология факультетіне біріктіруді ұсынған. Бұлардан өзге ұн тарту, мұздату, ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру бөлімдерінің болуы тиістігін атап көрсеткен.Келесі бөлімді ауылшаруашылық, яғни агрономиялық деп атауды жөн санағанымен үкіметтің қарсылығын және мамандардың жетіспеушілігінен кедергіге ұшырайтындығын ескерген. Сонымен қатар өлкенің табиғи жағдайларын ескере келе инженерлік-мелиорациялық бөлімді ашуды көздеген. Земстволық-қалалық және сәулет өнері бөлімдерін қосалқы түрде ашуды жөн санаған. Орынбор өлкесін орыс жерлерімен және Орталық Азиямен байланыстыру мақсатында темір жол құрылысының аса қажеттілігін ескерген басқарма темір жол жоғары оқу орнын ашуды ұсынған. Биология, ауыл шаруашылық және темір жол-құрылыс бөлімдерін политехникалық институтқа біріктіруді дұрыс деп есептеген (Доклады, 1917:150).

Өлкеде білім беру саласы бойынша «Учительский вестник» мерзімді басылымы шығып тұрды. Мұғалімдер хабаршысының 1915 жылғы 7-8 сандарында Орынбор мұғалімдер институтының ашылғандығы хабарланған. Хабарламада «1915 жылы 14 қыркүйекте «қарапайым, бірақ өлке үшін аса маңызды мұғалімдер институты салтанатты түрде ашылды» (Учительский вестник, 1915:47) деген институт жетекшісі Н.И. Тихомировтың сөйлеген сөзінен үзінді берілген.

1916 жылғы алғашқы санында орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітірушілерге берілген мүмкіндік туралы: «Халық Ағарту министерлігі жоғары дәрежелі училищелерге мұғалім ретінде қысқа мерзімдегі сынақ арқылы Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітіргендерді жібере алады. Осы күнге дейін бұл құқықты гимназия курстарын, реалды училищелерді және рухани семиарийлерді бітіргендер пайдаланып келді» (Учительский вестник, 1916:57), - жазылды. Мұның өзі аталан училищені бітірген қазақ халқының өкілдеріне де жоғары бастауыш мектептерде қызмет етуге жағдай жасалды дегенді білдіреді.

Өлкедегі ағарту шаралары «Вестник Европы», «Тургайская газета», «Оренбургский листок», «Труды Оренбургской Ученой архивной комиссии» беттерінен де көрініс тапқан. Мәселен, алғашқы басылымда қазақ гимназиясы (Вестник Европы, 1913), Торғай газетінде Ор қазақ мұғалімдер мектебі (Тургайская газета, 1896), соңғысында Бөкей ордасындағы мектеп ісінің даму тарихы (Оренбургский листок, 1890) басылған. Айта кетерлік жайт «Оренбургский листок» газетінің беттерінде ағарту мәселелері жиі басылды. 1889 жылғы сандарында оқу орындары, олардың мерейтойлары, негізін қалаушылар және т.б. көрініс тапты. Мысалы, 1889 жылғы 7 - санында Орынбор қалалық училищесінің 100 жылдық мерейтойына қатысты анықтама және келесі санында хроника берілген (Оренбургский листок, 1889). 1889 жылғы 30-санында Ыбырай Алтынсариннің қазасына байланысты материал берілген. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ бастауыш мектебін ашумен шектелсе де қазақ даласындағы орыс ісі және облыс үшін ауыр қаза екендігі жазылған. Оның әйгілі қайраткер екендігі мойындалған. 1871 жылы көрнекті қайраткер ретінде Халық ағарту министрі граф Д.А. Тостовтың қабылдауында болып, қазақ әліппесі турасында өз пікірін ашық білдірген. Нәтижесінде көп ұзамай қазақ әліппесін басып шығарған. 1879 жылы Ы. Алтынсарин орыс-қазақ училищесінің инспекторы қызметіне тағайындалды.Осыған орай ағартушының мектеп ашудағы қызметі толық көрсетілген. Оның адамгершілік, кәсіби маман, ұстаздық қасиеттері дәріптелді. Ыбырай Алтынсарин есімінің мәңгілік жадта қалатындығы айтылды. Газеттің осы жылғы №41-санында А.Е. Алекторовтың Харузиннің хан ордасында болуы, ішкі ордадағы орыс-қазақ мектептерінің 1888 жылғы жағдайы туралы баяны басылған.

Қорытынды. Осылайша қазақтардың  ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіндегі білім алуы мәселелерінің орыс тарихнамасынан көрініс табуы талданды. Ағарту ісіне қатысты еңбектер көп емес. Олардың авторлары негізінен білім беру саласындағы шенеуніктер болды. Еңбек авторлары өздерінің қызметтеріне байланысты қазақтардың да білім алуына біршама тоқталды.

ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың бас кезінде жарияланған еңбектер мен мерзімді басылым материалдарының қазақ халқының ағарту ісі тарихын зерделеуде бір жағынан тарихи деректер болып саналаса, екінші жағынан тарихнамалық дерек болып табылады. Мұндай деректердің оқиғаларды сипаттау, орын алған жағдайды баяндауда өзіндік ерекшеліктері бар. Авторлар қазақ ағарту ісін қарастыруда патшалық Ресейдің мүддесін, орыстық идеологияны басшылыққа алған. Үкіметтің білім беруге жұмсаған қаржысына баса назар аударулары да талай жайттан хабар береді. Еңбектер ғылыми зерттеулер болмағандықтан оларда жылнамаларға, шолуларға тән белгілер көбірек орын алады. Еңбек авторларының тарих жазудағы ұстанымдары өз замандарына лайық. Соған қарамастан жарияланған еңбектердің, мерзімді басылым беттеріндегі мақалалардың, қысқаша түрдегі сипаттамалардың ғылыми маңызы зор. Себебі авторлар тарихи оқиғалардың куәгерлері бола отырып, өздерінің көздерімен көргендерін баяндады. Авторлар патша үкіметінің қаулы-қарарларына, іс жүргізу құжаттарына негізделді. Осыған орай олар қазақтардың білім алуындағы жетістіктерді, кемшіліктерді және олқылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы қазақ қоғамындағы ағарту тарихын және тарихнамасын кешенді түрде зерттеуге мұрындық болады. Дегенмен оларды талдауда сыни көзқарастың қажет екендігін естен шығармаған абзал.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Алекторов А.Е. Очерк народного образования в Тургайской области. Летопись 1744-1898. Вып. 2. – Оренбург, 1900.– 160 с.

Алекторов А. Из истории развития образования среди киргизов Акмолинской и Семипалатинской областей // Журнал Министерство народного просвещения. – 1905.– №12.– С. 154-191.

Алекторов А. Очерки Внутренней киргизской орды // Известия Оренбургского отдела императорского русского географического общества. Вып.3. – 1894. – 32 с.

Алимбаева Б.Б. Из истории образования и просвещения Оренбургских казахов//Вместе на одной земле. Этническая история и культура казахов Оренбуржья.– Оренбург, Издательский центр ОГАУ, 2006. – C. 149-155.

Белавин К. К истории просвещения в Оренбургском крае. Женские гимназии и прогимназии в 1875-1899 г. – Оренбург, 1903. – 250 с.

Белавин К. Оренбургский Неплюевский кадетский корпус // Оренбург: географо-статистический очерк. – Оренбург, 1891. – 126 с.

Белавин К. Второй Оренбургский кадетский корпус (1887-1894) в ряду других военных учебных заведений. СПб., 1894. – 80 с.

Болодурин В.С. Образование и педагогическая мысль в Оренбуржье. Страницы истории (1735-1940 годы).– Оренбург, 2001. – 315 с.

Васильев А.В. Исторический очерк русского образования в Тургайской области и современное его состояние. – Оренбург, 1896. – 72 с.

Васильев А.В. Оренбургский Неплюевский кадетский корпус как первое учебное заведение в истории русского образования киргизов. – Оренбург, 1896. – 14 с.

Доклады Оренбургской губернской земской управы 4-ой очередной сессии Оренбургскому губернскому земскому собранию (Подотдел образования инородцев. Отдел народного образования). – №61-73. – Оренбург, 1915.– 73 с.

Доклады Оренбургской губернской земской управы 4-ой очередной сессии Оренбургскому губернскому земскому собранию (Подотдел образования инородцев. Отдел народного образования). №35-60;121-122. – Оренбург, 1917. – 223 с.

Ефремов В. К вопросу о преподавании истории и географии в начальной школе // Вестник Оренбургского учебного округа. – 1912. – №4. – С. 228-235.

Зорин И. К ворпосу о переселении в Тургайскую область // Вестник Оренбургского учебного округа. – 1912. – №4. – С.115-131.

Камская Т.А. Из истории просвещения казахов Оренбургской губернии в ХІХ в.//Казахи Южного Урала: история и современность. Сборник материалов областной научной конференции посвященной 150-летию со дня рождения Абая Кунанбаева. – Оренбург, изд-во «Димур», 1996. – С. 31-36.

Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств ХVІІІ - первой половины ХІХ в. Хан Жангир. – Алматы, 2001. 193 с.

Киргизская гимназия//Вестник Европы. 1913. Кн.5. – С.336-347.

Киргизская школа и ее роль//Историческая правда Оренбурга. Труды Оренбургской архивной комиссии. – Оренбург, 1917. – С. 69-77.

К истории развития школьного дела в киргизской Букеевской орде. // Оренбургский листок. – 1890. – №49.

Матвиевская Г.П. Оренбургский Неплюевский кадетский корпус. Очерк истории: монография. – М.: Издательский дом Академии Естествознания, 2016. – 174 с.

Министерские распоряжения// Циркуляр по Оренбургскому учебному корпусу. – 1896. – №1. – 40 c.

Новая справка 100-летием юбилея Оренбургского городского училища// Оренбургский листок.– 1889.– №7.

Орская киргизская учительская школа//Тургайская газета.–1896.

Русско-киргизская учительская школа//Учительский вестник. – 1916.– №1. – С. 55-57.

Сембаев А.И. Очерки по истории школ Казахстана. – Алматы: Мектеп, 1972. – 163 с.

Тажибаев Т. Казахская школа при Оренбургской пограничной комиссии (1850-1869 г.).– А-Ата, Казгос.: Уч.пед.изд-во, 1961.– 39 с.

Тажибаев Т.Т. Просвещение и школы Казахстана во второй половине XIX века.– Алма-Ата, 1962.– 506 с.

Bakhytgul T. Tuleuova, Lyzzat K. Shotbakova, Gulnara M. Smagulova. Formation of the System of School Education of the Kazakh Society of Central Kazakhstan in the second half of the XIX – the beginning of the XX centuries // Bylye Gody. – 2018. – Vol. 50. – Is. 4. – pp. 1612-1624.

Учебные заведения всех ведомств и наименований, находящиеся на территории Оренбургского учебного округа по переписи 31 декабря 1894 года. Оренбург, 1896. // Циркуляр по Оренбургскому учебному корпусу. – 1896. – №1. – С. 3-40.

Тихомиров Н.И. Открытие Оренбургского учительского института. //Учительский вестник.– 1915.– №7-8.– С. 47-49.

Храпченков Г.М. История школы и педагогическоймысли Казахстана: Учеб. пособ. – Алматы: Ун-т «Кайнар», 1998. – 168 с.

Центральный государственный архив Республики Казахстан (ЦГА РК). Ф.4. Д.3107.

Циркуляр по Оренбургскому Учебному округу за 1891 год.– Оренбург, 1892. – 341с.

References:

Alektorov A.E. Ocherk narodnogo obrazovaniya v Turgaiskoi oblasti. Letopis' 1744-1898. Vyp.2. [Essay on public education in the Turgai region. Chronicle 1744-1898]. – Orenburg, 1900. – 160 s. [in Russian].

Alektorov A. Iz istorii razvitiya obrazovaniya sredi kirgizov Akmolinskoi i Semipalatinskoi oblastei [From the history of the development of education among the Kirghiz of Akmola and Semipalatinsk regions] // Zhurnal Ministerstvo narodnogo prosveshcheniya. – 1905. – №12. – S. 154-191. [in Russian].

Alektorov A. Ocherki Vnutrennei kirgizskoi ordy [Essays on the Inner Kyrgyz Horde] // Izvestiya Orenburgskogo otdela imperatorskogo russkogo geograficheskogo obshchestva. – Vyp.3. – 1894. – 32 s. [in Russian].

Alimbaeva B.B. Iz istorii obrazovaniya i prosveshcheniya Orenburgskikh kazakhov [From the history of education and enlightenment of the Orenburg Kazakhs] // Vmeste na odnoi zemle. Etnicheskaya istoriya i kul'tura kazakhov Orenburzh'ya. – Orenburg, 2006. – S. 149-155. [in Russian].

Belavin K. K istorii prosveshcheniya v Orenburgskom krae. Zhenskie gimnazii i progimnazii v 1875-1899 g. [On the history of education in the Orenburg region. Women's gymnasiums and progymnasiums in 1875-1899].– Orenburg, 1903. 250 s. [in Russian].

Belavin K. Orenburgskii Neplyuevskii kadetskii korpus [Orenburg Neplyuevsky cadet corps] // Orenburg: geografo-statisticheskii ocherk. – Orenburg, 1891. 126 s. [in Russian].

Belavin K. Vtoroi Orenburgskii kadetskii korpus (1887-1894) v ryadu drugikh voennykh uchebnykh zavedenii. [The Second Orenburg Cadet Corps (1887-1894) among other military educational institutions]. – SPb., 1894. – 80 s. [in Russian].

Bolodurin V.S. Obrazovanie i pedagogicheskaya mysl' v Orenburzh'e. Stranitsy istorii (1735-1940 gody). [Education and pedagogical thought in the Orenburg region. Pages of history (1735-1940).]. – Orenburg, 2001. – 320 s. [in Russian].

Vasil'ev A.V. Istoricheskii ocherk russkogo obrazovaniya v Turgaiskoi oblasti i sovremennoe ego sostoyanie. [Исторический очерк русского образования в Тургайской области и современное его состояние].– Orenburg, Tipo-litografiya I.N. Zharinova, 1896. – 72s. [in Russian].

Vasil'ev A.V. Orenburgskii Neplyuevskii kadetskii korpus kak pervoe uchebnoe zavedenie v istorii russkogo obrazovaniya kirgizov. [Orenburg Neplyuevsky cadet corps as the first educational institution in the history of Russian education of the Kyrgyz]. – Orenburg, 1896. – 14s. [in Russian].

Doklady Orenburgskoi gubernskoi zemskoi upravy 4-oi ocherednoi sessii Orenburgskomu gubernskomu zemskomu sobraniyu (Podotdel obrazovaniya inorodtsev. Otdel narodnogo obrazovaniya). [Reports of the Orenburg provincial zemstvo council of the 4th regular session to the Orenburg provincial zemstvo assembly (Subdivision of education of foreigners. Department of public education)]. – №61-73. – Orenburg, 1915. – 73s. [in Russian].

Doklady Orenburgskoi gubernskoi zemskoi upravy 4-oi ocherednoi sessii Orenburgskomu gubernskomu zemskomu sobraniyu (Podotdel obrazovaniya inorodtsev. Otdel narodnogo obrazovaniya). [Reports of the Orenburg provincial zemstvo council of the 4th regular session to the Orenburg provincial zemstvo assembly (Subdivision of education of foreigners. Department of public education)]. – №35-60. – S. 121-122. – Orenburg, 1917. [in Russian].

Efremov V. K voprosu o prepodavanii istorii i geografii v nachal'noi shkole [To the question of teaching history and geography in primary school] // Vestnik Orenburgskogo uchebnogo okruga. – 1912. – №4. – S. 228-235. [in Russian].

Zorin I. K vorposu o pereselenii v Turgaiskuyu oblast'[To the question of resettlement to the Turgai region] // Vestnik Orenburgskogo uchebnogo okruga. – 1912. – №4. – S.115-131. [in Russian].

Kamskaya T.A. Iz istorii prosveshcheniya kazakhov Orenburgskoi gubernii v KhІKh v. [From the history of the enlightenment of the Kazakhs of the Orenburg province in the nineteenth century]// Kazakhi Yuzhnogo Urala: istoriya i sovremennost'. Sbornik materialov oblastnoi nauchnoi konferentsii posvyashchennoi 150-letiyu so dnya rozhdeniya Abaya Kunanbaeva. – Orenburg, izd-vo «Dimur», 1996. – S. 31-36. [in Russian].

Kasymbaev Zh. Gosudarstvennye deyateli kazakhskikh khanstv KhVІІІ - pervoi poloviny KhІKh v. Khan Zhangir. [The statesmen of the Kazakh khanates of the XVIII - the first half of the XIX century. Khan Zhangir]. – Almaty, 2001. – 193s. [in Russian].

Kirgizskaya gimnaziya [Kyrgyz gymnasium] // Vestnik Evropy. 1913. Kn.5. – S. 336-347. [in Russian].

Kirgizskaya shkola i ee rol' [Kyrgyz school and its role] // Istoricheskaya pravda Orenburga. Trudy Orenburgskoi arkhivnoi komissii. – Orenburg, 1917. – S. 69-77. [in Russian].

K istorii razvitiya shkol'nogo dela v kirgizskoi Bukeevskoi orde [On the history of the development of schooling in the Kyrgyz Bukeev Horde] // Orenburgskii listok. – 1890. – №49. [in Russian].

Matvievskaya G.P. Orenburgskii Neplyuevskii kadetskii korpus. Ocherk istorii: monografiya. [Orenburg Neplyuevsky cadet corps. History sketch]. – M.: Izdatel'skii dom Akademii Estestvoznaniya, 2016. – 174 s. [in Russian].

Ministerskie rasporyazheniya [Ministerial Orders] // Tsirkulyar po Orenburgskomu uchebnomu korpusu. 1896. – №1. – 40 s. [in Russian].

Novaya spravka 100-letiem yubileya Orenburgskogo gorodskogo uchilishcha [New certificate of the 100th anniversary of the Orenburg city school] // Orenburgskii listok. – 1889. – №7. [in Russian].

Orskaya kirgizskaya uchitel'skaya shkola [Orsk Kyrgyz teacher's school] // Turgaiskaya gazeta. – 1896. [in Russian].

Russko-kirgizskaya uchitel'skaya shkola [Russian-Kyrgyz teacher's school] // Uchitel'skii vestnik. – 1916. – №1. – S.55-57. [in Russian].

Sembaev A.I. Ocherki po istorii shkol Kazakhstana [Essays on the history of schools in Kazakhstan]. – Almaty: Mektep, 1972. – 163 s. [in Russian].

Tazhibaev T. Kazakhskaya shkola pri Orenburgskoi pogranichnoi komissii (1850-1869 g.).[Kazakh school at the Orenburg border commission (1850-1869).]. – A-Ata, 1961. – 39 s. [in Russian].

Tazhibaev T.T. Prosveshchenie i shkoly Kazakhstana vo vtoroi polovine XIX veka.[Education and schools of Kazakhstan in the second half of the 19th century]. – Alma-Ata, 1962. – 506 s. [in Russian].

Tuleuova B, Shotbakova L, Smagulova G. Formation of the System of School Education of the Kazakh Society of Central Kazakhstan in the second half of the XIX – the beginning of the XX centuries // Bylye Gody. – 2018. – Vol. 50. – Is. 4. – pp. 1612-1624. [in Russian].

Uchebnye zavedeniya vsekh vedomstv i naimenovanii, nakhodyashchiesya na territorii Orenburgskogo uchebnogo okruga po perepisi 31 dekabrya 1894 goda. [Educational institutions of all departments and names located on the territory of the Orenburg educational district according to the census of December 31, 1894] Orenburg, 1896. // Tsirkulyar po Orenburgskomu uchebnomu korpusu. – 1896. – №1. – S. 3-40. [in Russian].

Тихомиров Н.И. Открытие Оренбургского учительского института [Opening of the Orenburg Teachers' Institute]// Uchitel'skii vestnik. – 1915. – №7-8. – S.57. [in Russian].

Khrapchenkov G.M., Istoriya shkoly i pedagogicheskoi mysli Kazakhstana[History of the school and pedagogical thought of Kazakhstan]: Ucheb. posob. – Almaty, 1998. – 168 s. [in Russian].

Central'nyi gosudarstvennyi arkhiv Respubliki Kazakhstan. [Central State Archives of the Republic of Kazakhstan (CSA RK).] F.4. D.3107.

Tsirkulyar po Orenburgskomu Uchebnomu okrugu za 1891 god. [Circular for the Orenburg Educational District for 1891]. – Orenburg, 1892. – 341s. [in Russian].

МРНТИ 03.20.00

ДОРЕВОЛЮЦИОННАЯ ИСТОРИОГРАФИЯ ПРОСВЕЩЕНИЯ В КАЗАХСТАНЕ В ХІХ- НАЧАЛЕ ВЕКОВ

О.Х. Мухатова¹*

¹Институт истории и этнологии имени Ч. Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

*Корреспондирующий автор

Е-mail: Orazgul7@rambler.ru (Мұхатова)

Аннотация.В статье в историографическом аспекте анализируются труды дореволюционных русских чиновников, специалистов педагогов которые рассматривали разные вопросы просвещения казахов. Анализируются труды А.Алектрова, А.В. Васильева, К. Белавина и статьи об образовании детей казахов в Уральской, Тургайской и Оренбургской областях, опубликованные на страницах периодической печати. Также анализируются исследования, опубликованные в Казахстане и Российской Федерации в советский и постсоветский периоды для обоснования историограческих фактов. Раскрывается содержание и показвается значение работ об Оренбургском Неплюевском кадетском корпусе, Оренбургском медицинском училище, казахской школе при Оренбургской пограничной комиссии, русско-казахской начальной, двухклассной аульной, казахской педагогической школе в Оренбурге, Уральске, Троицке. Показываются сведения в работах о местонахождении учебных заведений, населении, образовательных учреждениях, финансировании, расходах, количестве учеников, возрасте, социальном составе, разделении на классы, преподаваемых дисциплинах, назначении стипендий, стоимости обучения, убеждениях.Трудности в обучении детей казахов, причины незинтересованности метрополии в полученни углубленного и разностороннего образования казахских детей, причины не привлечения девочек-казашек к обучению и другие проблемы определяются в контексте историографических источников.

Ключевые слова:историография, просвещение казахов, российские исследователи, русско-казахские школы, военные училище, прогимназия, Оренбург, Уральск, Тургай, Троицк.

IRSTI 03.20.00

PRE-REVOLUTIONARY HISTORIOGRAPHY OF EDUCATION IN KAZAKHSTAN IN THE XIX-BEGINNING OF ХХ CENTURIES

O. Mukhatova¹*

¹Institute of History and Ethnology named after Ch. Valikhanov. Kazakhstan,Almaty.

*Corresponding author

Е-mail: Orazgul7@rambler.ru (Mukhatova)

Abstract.The article in the historiographic aspect analyzes the works of pre-revolutionary Russian officials, specialist teachers who considered various issues of enlightening Kazakhs. The works of A. Alektrov, A.V. Vasiliev, K. Belavin and articles on the education of Kazakh children in the Ural, Turgai and Orenburg regions, published in the periodicals. It also analyzes studies published in Kazakhstan and the Russian Federation in the Soviet and post-Soviet periods to substantiate the historical facts. The content is revealed and the significance of works on the Orenburg Neplyuevsky cadet corps, the Orenburg medical school, the Kazakh school at the Orenburg border commission, the Russian-Kazakh primary, two-class aul, Kazakh pedagogical school in Orenburg, Uralsk, Troitsk is shown. Information in works is shown on the location of educational institutions, population, educational institutions, funding, expenses, number of students, age, social composition, division into classes, disciplines taught, assignment of scholarships, tuition fees, beliefs. Difficulties in teaching Kazakh children, reasons for the lack of interest of the metropolis in receiving an in-depth and versatile education of Kazakh children, reasons for not attracting Kazakh girls to education and other problems are determined in the context of historiographic sources.

Key words:historiography, education of Kazakhs, Russian researchers, Russian-Kazakh schools, military school, gymnasium, Orenburg, Uralsk, Turgai, Troitsk.

Автор туралы мәлімет:

¹Тарих ғылымдарының докторы, профессор

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь