Главная » Материалы » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_16

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕККӨЗІ: АРМИЯ ГЕНЕРАЛЫ С. НҰРМАҒАМБЕТОВ

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_16

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(28), 2021

Теги: өмірбаян, Халық Қаһарманы, жеке тектік құжаттар, Сағадат Нұрмағамбетов, Тұңғыш Қорғаныс министрі, ҚР Президентінің Архиві, жеке архив қоры
Автор:
Ә.Т. Сүлейменова¹*ID 
¹С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институты, Қазақстан, Алматы 
*Автор-корреспондент 
Е-mail: suleimenova1972@mail.ru (Сүлейменова)

Аңдатпа. Мақалаға ҚР Президентінің Архивіне сақтауға алынған Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты деректер енгізілді. Оның өз қолымен Архивке өткізген жеке қорының құрамындағы құжаттар да мақала арқауына айналды. С.Қ. Нұрмағамбетовтың жеке қорының құжаттары ҚР Ұлттық архив қорының ажырамас бір бөлігі ретінде Қазақстан тарихының елеулі бір бетіне айналуда. Қазақстан КП Орталық Комитетінің, ҚР Президентінің қорларында сақталған дереккөздерде Халық Қаһарманының өмірбаяндық, қызметтік сипаттары айқындалады. С.Қожахметұлының балалық шағы, Кеңестік әскердің құрамында Ұлы Отан соғысына қатысуы, Орта Азия Әскери округінің қолбасшылығында қызмет атқаруы, Тәуелсіз Қазақстанның дербес әскерін құру жолындағы ерен еңбегі туралы архив деректері мен мемуарлық әдебиеттер негізінде баяндалды. Мақалаға енгізілген құжаттардың басым бөлігі ғылыми айналымға тұңғыш рет енгізіліп отыр.

Түйін сөздер: жеке архив қоры, ҚР Президентінің Архиві, жеке тектік құжаттар, Тұңғыш Қорғаныс министрі, Сағадат Нұрмағамбетов, Халық Қаһарманы, өмірбаян.
Содержание:

Кіріспе. Түрлі мемлекеттік құрылымдар формациясынан өте отырып тәуелсіз елдің негізгі сипаттарына оның аумағы, егемендігі , шекарасы және қарулы күштері жатады. Мемлекеттің тәуелсіздігі мен оның негізгі ресми атрибуттарын шеттен келетін қауіптен қорғау ел армиясының негізгі міндеті болып табылады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялап, әлем елдернің қатарына дербес, егеменді ел ретінде жарияланғанына биылғы жылы 30 жыл толып отыр. Бұл қаншама ғасырлық тарихы бар ежелгі қазақ елі үшін аз ғана уақыт мерзімі болғанымен, ордалы отыз жылдың ішінде атқарылған істер шежіреге айналып отыр. Республикамызда дербес Армия құру, Қарулы күштерді қалыптастыру мәселелерінің тарихи дереккөздері архивтерде сақталып отыр. Еліміздің Қарулы Күштерінің құрылуында жеке тұлғалардың атқарған істерін архив деректері арқылы жариялау, азаматтық қоғамды таныстыру бүгінгі күннің талабына айналуда.

Материалдар мен әдістер. Қарастырылып отырған мәселенің деректік базасын Қазақстан Республикасы Президенті Архивіндегі 266-НЛ жеке тектік қоры мен №7-Н «Қазақ КСР-і Президенті», №5-Н «Қазақстан Республикасының Президенті» қоры құрайды.

Өзінің қызмет бейініне сай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві саяси, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құжаттарын жинаумен, сақтаумен тұрақты түрде айналысып келеді. Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Партия тарихы институтының негізінде құрылған Архив қазіргі таңда кеңестік дәуірдегі, тәуелсіздік тұсындағы белгілі саяси қайраткерлердің біршамасымен тығыз-қарым қатынас орнатты. Маман офицерлерден, өмірін әскери қызметке арнаған Сағадат Нұрмағамбетов пен Абай Тасболатовтың жеке қорлары Қазақстанның кеңестік кезеңі мен тәуелсіздік алған тұстан бастапқы әскери тарихын зерттеудің негізгі қайнар көзіне айналып отыр. Тарихи дереккөздердің құрамындағы Отан тарихының келелі мәселелеріне қатысты мәліметтерді объективтілік пен субъективтіліктің байланысы, тарихи айғақтың ақиқаттығын анықтау, деректердің түрлері мен мазмұны, бұған дейін көпшілік талқысына ұсынылған ақпараттармен салыстырыла отырып, олармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері пайдаланылды.

Талқылау. Отан тарихының жеке тұлғаларды зерттеу саласында Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы арнайы жинақ, зерттеу еңбектер жарияланбаған. Оның өзінің мемуарлық еңбектері бірнеше рет баспа жүзін көрген. Оның көзі тірісінде сұхбаттары, мақалалары мерзімді басылым беттерінде жиі жарияланып тұрған. Кеңестік кезеңде  бұқаралық ақпарат құралдарында патриоттық тәрбие, Кеңес Армиясының жетістіктері, орын алған кемшіліктер туралы мақалалар жарияланды. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған соң еліміздің Қарулы Күштерінің құрылу тарихына, келелі мәселелері мен күрмеулі сұрақтарын шешу жолдарының барысы туралы мақалалары мен сұхбаттары оның жұмысының нәтижесін көрсетеді.

Естеліктер қатарында А.Тасболатовтың «Сыпайы генерал, шын сардар», (Тасболатов, 2018: 6-9) С.Қ. Нұрмағамбетовтің шекара әскерлерінің бағыныстылығын айқындаудағы еңбегі туралы Б. Баекеновтың естелігі (Тұманбайұлы, 2006: 150–152) және т.б. замандастары мен шәкірттерінің еңбектерін атап өту қажет.

Сұхбаттарының қатарындағы «Қолбасшы Нұрмағамбетов немесе Сағадат ағамен сыр-сұхбат» тақырыбымен «Ақиқат» журналына жарияланған, С.Қ. Нұрмағамбетовтың «Алматы ақшамы» газетіне 6 мамыр 2006 ж. «Бір тәулік сөйлесіп, қазақ жігіттерін оқытуға Мәскеуді зорға көндірдім» тақырыбындағы сұхбаттары және т.б. оның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметінің қырларын көрсететін құнды деректер мол мағлұматтар бере алады.

Зерттеу нәтижелері. Егеменді Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, маман офицер, армия генералы Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Алексеев ауданы Трудовое селосында дүниеге келген. 1 Түркістан пулеметшілер әскери училищесін 1943 жылы, М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны 1949 жылы, КСРО Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясының Жоғары академиялық курстарын (1971, 1981) бітірген.

Еңбек жолын колхоздың егіс бригадасының есепшісі болып бастады (1941–1942), 1942–1943 жылдары әскери училище курсанты, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, жеке атқыштар бригадасының пулеметшілер взводының командирі, атқыштар полкінің батальон командирі (1943–1945), Степной (Түркістан) әскери округінің жоғары оқу орындары бөлімінің инспекторы (1945–1946), Әскери академия тыңдаушысы (1946–1949), Түркістан әскери округінің жедел бөлімінің аға офицері (1950–1954), 201 мотоатқыштар дивизиясының мотоатқыштар полкінің командирі, штаб бастығы (1954–1961), Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс штабының бастығы (1961–1969), Орта Азия Әскери округі әскерлері қолбасшысының орынбасары (1969–1981, 1984–1989), Венгриядағы Оңтүстік әскерлері тобы қолбасшысының бірінші орынбасары (1981–1984), Қазақ республикалық соғыс, еңбек және Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы (1990–1991), ҚР Жоғарғы Кеңесінің Ардагерлер, мүгедектер және әскери қызметшілер істері бойынша комитетінің төрағасы (1990–1992), ҚР Мемлекеттік қорғаныс істері комитетінің төрағасы (1992–1995), ҚР Қорғаныс министрі (1992–1995), ҚР Президентінің кеңесшісі (1995), 1995 жылы зейнет демалысына шығып, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды (1995–2000). ҚР Жоғарғы Кеңесінің 8–11 және 12 шақырылымдарының депутаты. Кеңес Одағының Батыры (1945), Халық Қаһарманы ( (1994), Отан, Ленин, Октябрь Революциясы, Қызыл Ту, 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте Қызыл Жұлдыз, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Болгария, Польша, Украинаның Достық (РФ, 1997) ордендерімен, медальдармен марапатталған. Ақмола облысы Ақкөл ауданының, Алматы және Донецк қалаларының Құрметті азаматы (Кто есть кто в Казахстане. Биографический справочник, 2010: 798).

Сағадат Қожахметұлының құжаттары оның өз өтініші бойынша 2013 жылғы 11 қаңтарда келісімшарт арқылы Қазақстан Республикасы Президенті Архивіне қабылданып алынды. Тұрақты мемлекеттік сақтауға ол өзінің «кітабымның қолжазбасы және жеке архивтің басқа да құжаттарын қабылдап алу» деп өтінеді. Сонымен қатар өтінішінде «От огненных лет до суверенной армии» және «Книга-альбом» кітаптарын, ал 2013 жылғы 14 қаңтарда құрастырылған құжаттарының тапсыру тізімдемесінде кітаптың қолжазбасы, мемуарлық шығармалардың жинағы мен «Ұлт мақтанышы Сағадат Нұрмағамбетов» атты фотоальбом көрсетілді. Армия генералы 2013 жылғы 24 қаңтарда Архивке тағы да 1945–2012 жылдар аралығындағы құжаттарын қосымша өткізеді. С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмірбаянына, қызметіне қатысты құжаттары, оған жолданған құттықтаулар мен мақтау грамоталары, алғыс хаттары, С.Қ. Нұрмағамбетовтың мақалалары, газет қиындылары, кітаптары, фотосуреттері сияқты 630 құжат тізімге алынды (АП РК. Наблюдательное дело № 04–10)

Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік сақтауына алынған С.Қ. Нұрмағамбетовтың жеке қорындағы құжаттардан басқа Қазақстан КП ОК, ҚР Президентінің архивтік қорларында Халық Қаһарманының кеңестік кезеңде жазылған өмірбаяны, түрлі ресми жиындарда сөйлеген сөздері, мемлекеттік билік басшыларының атына жазған хаттары көптеп кездеседі.

Армия генералының өз қолымен жазған өмірбаяны Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің қорында сақталған. 1961 жылы 18 тамызда полковник шенінде жазған өмірбаянында С.Қ. Нұрмағамбетов өзінің отбасы мүшелері жайлы төмендегідей ақпарат береді: «Отец – Нурмагамбетов Кожахмет – крестьянин-бедняк, родился в ауле № 5, умер в 1924 г. Мать – Нурмагамбетова Алса родилась в ауле «Козган», умерла в 1932 г. Период времени после смерти матери с 1932 г. по 1940 г. жил совместно с братом Сагитом, который был родным по матери ... . Женат, имею двух детей (сын и дочь). Жена Нурмагамбетова Лира Сабировна в 1951 г. закончила Средне-Азиатский Гос. университет, работала в Научно-исследовательских институтах в [г.] Ташкенте и [г.] Алма-Ате, 1959–1961 гг. в Чарджоу детской экскурсионно-туристической станции при ОблОНО» (ҚР ПА: 2061, 5–7).

Орта Азия Әскери округі әскерлері қолбасшысының орынбасары, Қазақ республикалық соғыс, еңбек және Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің, ҚР Жоғарғы Кеңесінің Ардагерлер, мүгедектер және әскери қызметшілер істері бойынша комитетінің төрағасы лауазымдарын атқаруда кеңестік биліктің қорғаныс саласына қатысты саясатын жүзеге асырды. 1990 жылы 25 қазанда жарияланған мемлекеттік егемендік туралы Декларация Қазақстанның дербес саясат жүргізуге мүмкіндік берді. Түрлі саяси, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар қайта ұйымдастырылып, жаңадан құрыла бастады.

Тәуелсіздік жарияланған тұста, кеңестік биліктің одақтас республикасы ретінде өмір сүрген елдің алдында таңдау тұрды. Өз аумағын, мемлекеттілігін, қорғанысын, экономикасын өз бетінші жүргізу міндеті алға қойылды. Маман офицерлердің қатары өте аз болатын. Кіші офицерлік құрамнан армия генералы шеніне дейін көтерілген Сағадат Қожахметұлы аталған кезеңде егеменді елдің қорғанысы мәселесін шебер маман ретінде жүзеге асыра білді. Бұл жөнінде өзінің бұқаралық ақпарат құралдарына, ғылыми басылымдарда, өзінің естелік кітаптарында жан-жақты баяндайды. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Ардагерлер мен әскери қызметшілер істері жөніндегі комитеттің төрағасы міндетін атқарып жүрген кезінде, тамыз бүлігі орын алды. Орталықтан басқарылатын Қарулы күштер қатарында болғандықтан бар салмақ әскери мамандарға түсті. Ол республика басшылығы тарапынан 40 армия басшылығы арқылы әскер қатарындағы жағдайды талдауға тапсырма алды. Қолда бар мүмкіндігін пайдаланып, армия қатарында еш өзгеріс жоқтығын, барлығы да жоспарланған оқу-әскери міндеттерді орындау бойынша қалыпты жағдай орнатылғандығын, рұқсат етілмеген митингілердің болғандығы жайлы есептер тіркелмегендігін анықтады. Бірақ армия басшылығына барлық бөлімдер мен құрылымдарды толықтай әскери дайындықта ұстап тұруға нұсқау алды. С.Нұрмағамбетовтың еске алуынша, сол кездегі кеңестік әскери билік Қазақстанды және т.б. одақтас республикаларды Мәскеуге бағындыра отырып, әскери округтер құруды ұсынды. Ол округтер өз құрамына бірнеше республикаларды қамтуы тиіс болды. КСРО Қорғаныс министрлігі және егеменді республикалардың арасында келісімшарттар немесе келісімдер жасалады деп жоспарланды. Жоспар талқылауға салынған кезде сөз алған С. Нұрмағамбетов Қазақстан басшылығының позициясын баяндап, КСРО Қорғаныс министрінің баяндамасының тезистерімен келіспейтіндігін айтты. Кеңестер Одағы толығымен күйреген соң, одақтас республика басшылары армия құруды өз беттерінше жүргізетінін, ұлттық аумақтан өзге жерлерге өз жастарын жібермеу туралы шешімдер қабылдайтындығын айтты. Демократиялық жаңарулар ең алдымен қоғамда жүзеге асырылып, содан кейін ғана Қарулы күштер қатарында болуы тиіс. Армияның дәстүрі бойынша жоғары атақтар ең алдыңғы қатарда, әрбір офицер өз шеберлігі мен әскери істе белгілі бір дәрежеге жетуді қалайтындығы белгілі екендігін атап өтеді. Сондықтан армияға қажетті реформаны басқаша жолмен жүргізуді Қазақстан атынан ұсынды. Аумалы төкпелі кезеңде Қарулы күштерді қысқартуға ұшыратпай, офицер мамандарды сақтап қалуды, мемлекеттік әскери базалардағы (арсеналдардағы, қоймалардағы) түрлі қолданыстағы техникалар мен әскери іс-әрекет жасауға қажетті құралдарды дұрыс игере білу, қоғам игілігіне айналуы тиіс мол байлықты өркениетті түрде тарату, бөлу, иесіздік пен талан-таражға салынып кетпеуін қадағалау жөнінде мәселе көтерді.

Қорғаныс саласының күрмеулі мәселелерін шешуге арналған жиналыстар, мәжілістер, кеңестер бірнеше мәрте одақтық, тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшыларының қатысуымен өткізілді.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты, республиканың қорғаныс және өмірлік маңызды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 1991 жылы «Қазақ КСР мемлекеттік Қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жариялады. Аталған Жарлықты жүзеге асыру мақсатында Министрлер Кабинеті аталған мекеменің мемелекеттік орган ретінде республиканың әскери инфрақұрылымын басқару құқығына иелігін айқындайтын арнайы қаулы қабылдады. Екі ай мерзім ішінде Комитет жұмысы жайлы ереже қабылдау тапсырылды. Желтоқсан айының ортасында, комитет төрағасы С. Нұрмағамбетов, оның орынбасарлары генерал-майор Н.И. Хлюпин және генерал-майор С.А. Алтынбеков, жетекші басқармалар мен бөлімдердің басшылығына Л.Н. Бакаев, А.Б. Тасболатов, М.Ж. Шампиев, С.С. Тауланов негізгі лауазымдарға тағайындалды (Назарбаев, 2014: 602).

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы ҚР Президентінің Жарлығында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын басшылыққа алып, қорғаныс саласында біртұтас мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қажеттігіне сүйеніп, Қарулы Күштер мен Шекара әскерлері жайында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы – Мемлекеттер басшылары Кеңесінің Келісімінде қуатталған дербес Қарулы Күштер құруға деген заңды құқықтың негізінде және Достастықтың басқа мемлекеттерінің дербес Қарулы Күштерін жасақтағанын еске алып Қаулы етемін: 1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылсын (Егемен Қазақстан: 125–127-п.).

1992 жылғы 18 мамырдағы ҚР Вице-президенті өткізген жиынның хаттамасында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін ұйымдастыру қағидаттарын (принциптерін) әзірлеу туралы мәселе қаралды. ҚР Президентінің 1992 жылғы 8 мамырдағы №745 «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы мен 1992 жылғы 17 мамырдағы № 783 ҚР Президентінің Өкімін орындау үшін Қарулы Күштердің құрылысының негізгі мәселелерін әзірлеу туралы жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданды. 9 бағыттағы жұмыс топтары құрылды. С.Қ. Нұрмағамбетов «Құжаттарды басылымға дайындау, зерттеу және қорытындылау», «Әскери саясат мәселелері», «Әскери доктрина тұжырымдамасы» бойынша жұмыс топтарының құрамына енгізілді. Жұмыс топтары қорытындылауға арналған материалдарды 1992 жылғы 15 маусымға тапсыруы тиіс болды. ҚР Қорғаныс министрлігіне жұмыс топтарын тиісті деректермен және қолда бар әзірлемелермен қамтамасыз ету, министрліктің құрылымын белгіленген тәртіпте бекітуге ұсынуды жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар «Қарулы Күштердің ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыру және жетілдіру әскер тегінің (күштер), арнаулы әскер мен қызметтердің құрамы мен қалыптылығы», «Әскери қызметті өткеру және мамандар дайындауды ұйымдастыру», «Әскерді материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету», «Әскерді базаларға орналастыру және жайластыру жүйесін құру», «Резервтер мен мобильдік қорларды дайындау», «Мемлекеттік қауіпсіздік тұжырымдамасы» бағыттарындағы жұмыс топтары құрылды (ҚР ПА: 1–5-п.).

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2001 жылғы 9 ақпанда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері басшылық құрамының бүкілармиялық кеңесінде сөйлеген сөзінде Қарулы Күштердің ел алдындағы маңызына тоқталып өтеді. «Төл Қарулы Күштерімізді қалыптастыру ісін біз «ақ парақтан» бастауымызға тура келді. Қорғаныс министрлігіне, тұңғыш министрі генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовке аса күрделі ұйымдастыру мәселелері: басқару органдарын құру, қару-жарақтарды әскери техника мен материалдық құралдарды қабылдау және олардың сақталуын қамтамасыз ету, әскерлерді тікелей басқару және ТМД қорғаныс ведомстволарымен өзара іс-қимыл жүйесін жасау, әскерлердің қаржы, материалдық-техникалық және медициналық жағынан жабдықталуын қамтамасыз ету, офицерлердің елді-еліне кетіп, олардың жетіспеушілігі байқалуына байланысты әскери кадрлар әзірлеуді ұйымдастыру мәселелерін шешу қажет болды» (Назарбаев, 265: 266).

«Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы лауазымына бірден-бір лайық адам Сағадат Қожахметұлы еді. Бұл 1991 жылдың қазан айы болатын. Ал келесі жылдың мамыр айында республика басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Қорғаныс министрлігін басқару Сағадат Нұрмағамбетовке жүктелді» деп еске алады Республикалық Ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов (Тасболатов, 2010: 2-б.).

2007 жылғы 7 мамырда ҚР Қарулы Күштерінің 15 жылдығына және 7-мамыр – Отан қорғаушы күніне байланысты мерекелік шеру болып өтті. Мерекелік жиында сөз сөйлеген ҚР Президенті – Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев: «... Бізде кадрлар болмады, тәжірибе жоқ еді. Егемен Қазақстанның әскері қандай болуы керек дейтін түсінік болмады.

Осындай жағдайда республика аумағындағы Орта Азия әскери округтері мен Ауғанстандағы соғыстан шыққан 40-армиядан қалған барлық бөлімшелерді Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімдері деп жариялауға шешім қабылданды. 1992 жылғы 7 мамырда мен қол қойған Жарлық осындай еді.

Соғыс ардагері, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Кеңес Армиясының генерал-лейтенант шеніндегі жалғыз қазақ болатын. Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі лауазымына мен нақ сол кісіні шақырдым. 1992–1995 жылдары министрлікті басқарған Сағадат Қожахметұлы біздің армияның қалыптасуында аса маңызды рөл атқарды» деп атап көрсетті

«Оның тәжірибесі, әскерилер арасындағы жоғары беделі мен Отанға қалтқысыз қызмет етуі қазақстандық Қарулы Күштер қалыптасуының сол бір күрделі кезеңінде өте-мөте қажет болып шықты. Мен оның орасан зор еңбегі үшін ризашылығымды білдіремін. Армия генералы, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов бүгін де сапта. «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі оның есімімен аталады» деп жоғары баға берді. (Назарбаев, 2007: 1).

Қазақстан тарихындағы әскери ғылым саласының дамуы, қалыптасуы барысы жөнінде ғылыми еңбектер жазылды. «Елдің қорғаныс қуатының ғылыми базасы, ғылыми-техникалық әлеуеттің бөлігі ретінде, білімнің көптеген салаларын біріктіреді. Олардың бірі геосаясат, халықаралық қатынас және бейбітшілік үшін күрес мәселелерін зерттейді. Ал келесі бірі жаратылыстану және техникалық ғылымдардың жетістіктері негізінде қаруланудың жаңарған жүйесін әзірлейді. Жалпы әскери ғылым соғыстың сипаты мен заңдарын, ел мен қарулы күштердің оған дайындығын, әскери іс-қимылдардың жүргізілу тәсілдерін зерделейді. Осындай ауқымды негізде мемлекеттің әскери доктринасы әзірленеді, әскери құрылыс мәселелері бойынша заңдар, әскерді толықтыру, оқыту және әскери қолданылуының тәсілдері туралы директивалар мен шешімдер құрастырылады.

Аталған ғылымдардың бірде бір тобы біздің республикамызда жоқ, сондықтан оларды құру және жылдам қалыптастыру – кезек күттірмес басты міндет. Баспасөз ақпараты бойынша егеменді Қазақстанның тиісті мемлекеттік билік органдары көп нәрсе тындырды және алғаш рет туындаған кезек күттірмес мәселелерді шешу үшін жұмыс жасап жатқанымен, жұмыстың бір бөлігі олардың бағдарлау шегінен қалып кетіп отыр. Сөз әскери тарих жөнінде болып отыр. Оған назар аудармауды жалпы тарихтың бір бөлігі ретінде қарау көзқарасы, оның өзіндік ерекшелігін ескермеу ретінде түсіндіруге болады.

Оның өзіндік ерекшелігі мынада: әскери тарих жалпы тарихты толықтыру және тереңдетумен қатар, нақты соғыстардың пайда болуы себептері мен сипатын, қару мен әскер тектерінің дамуын зерттеу, олардың ұйымдастырылуы мен үйретілу нысандарын, қарулы күрестердің барысы мен нәтижесінің заңдылықтарын, жеке құрамның моральдық-әскери сапасын жетілдіру үдерісі, әскери ғылым үшін құнды талдау материалын бере отырып, әскери-саяси басшылықтың жоғары органының елдің қорғаныс икемділігі мен армияның ұрысқа дайындығын жан-жақты қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді». Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде академик ғалым М. Қозыбаев әскери тарихтың ұлттық нұсқасының қалыптасуына мән берді (Қозыбаев, 2000: 302).

ҚР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарған Б.Баекенов ұлттық қауіпсіздік саласының ҚР Қарулы күштерінің қатарынан шығарылу тарихын баяндайды. «Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, біртуар әскери қайраткер Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың пікірі де менің көзқарасыммен үндесіп жатты. Сәкең өзіндік көзқарасын былайша білдірген болатын: «Егер де шекарашыларды Қорғаныс министрлігінің қарамағына берсек, кей кездері мемлекеттік шекарада қақтығыс орын алып жатса, ол онда қарулы қақтығыс болып саналады. Халықаралық қауымдастық пен бағзыдан келе жатқан көрші мемлекеттердің алдында орынсыз қызарақтамау үшін, осы жағын да ойланғанымыз дұрыс. Мемлекетіміз бейбітшілік саясатты ұстанғаннан кейін, келешекте Қарулы Күштеріміздің санын қысқартуға тура келеді. Шекарашылар Қорғаныс министрлігінің құрамында болса, сонда оларды да қысқартамыз ба? Тәуелсіз ел болған соң, қала мейлі, қалама мейлі, болашақ барлық көршілерімізбен мемлекеттік шекараларымызды айқындап, хатқа түсіреміз. Сол кезде шекарашылардың қатарын ұлғайтамыз. Осындай мәселелерді кеңінен ойлаған дұрыс» – деп, Республика Қауіпсіздік Кеңесіндегі басқосуларда ойын айқын жеткізіп жүрді. Ақыры, шекарашылардың Ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесінде болу керектігіне Президентіміздің көзін жеткіздік. Сөйтіп, 1992 жылдың 18 тамызында «Қазақстан Республикасының Шекара әскерлерін құру туралы» Елбасының Жарлығы дүниеге келді. Еліміздің Шекара әскері бұрынғы қызылтулы Шығыс шекара округі негізінде шаңырақ көтерді. Осы Жарлық бойынша Шекара әскерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағындырылды. Алматы Жоғары шекаралық командалық училищесі республикамыздың қарамағына алынды» (Тұманбайұлы, 2006: 150-152).

С. Нұрмағамбетов сенім артып, елдегі бірден-бір әскери оқу орнын басқаруға тағайындағанын үнемі еске алып отыратын А. Тасболатов: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болған қиындықтарға, қаражат жоғына қарамастан С. Нұрмағамбетов еліміздің әскери саласын дамытуға жағдай жасады. Көптеген оқу-жаттығулар, дивизия командирлерінің, әскери оқу орындары басшыларының жиындарын өткізді. Қазақстанның тұңғыш Әскери доктринасын әзірлеуге Қорғаныс министрі ретінде ғана емес, тәжірибелі, соғыс көрген сардар, терең білімді маман ретінде білікті басшылық етті» деп атап көрсетеді (Тасболатов, 2-б.).

Қызмет бабы бойынша жазған эпистолярлық құжаттардың бір түрі хаттар мен анықтама-баяндамалар С.Қ. Нұрмағамбетовтың ресми қызметтегі тұлғасын айқындай отырып, Қазақстанның әскери тарихының парақтарын көрсетеді. Олардың қатарында 1992 жылы ҚР Премьер-Министрі С.А. Терещенкоға әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің күрделі жағдайын ашып, жан-жақты талқылап көрсеткен хаты (ҚРПА, 630:2-п.); Қазақстан Республикасындағы әскери құрылыстың негізгі бағыттары туралы (Республиканың әскери құрылысының тұжырымдамасы) баяндама-анықтама (ҚРПА, 640: 22-34-п.); Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бірыңғай қарулы күштерін сақтаудың қажеттілігі туралы мәселе бойынша жасаған анықтама-баяндамасы (ҚРПА, 27–31-п.); Әскери анттың жобасы туралы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атына жазған хаты (ҚРПА, 103-п.); Республика Қарулы Күштерінің материалдық қамтамасыз етілуінің жағдайы туралы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атына жасаған анықтама-баяндамасы (ҚРПА, 611: 38-40-п.); ҚР Премьер-Министрі С.А. Терещенконың атына жазылған ҚР аумағында әскери қызметшілер мен әскери қызметтен босатылған адамдардың әлеуметтік қорғалуын күшейтудің қажеттілігі туралы хаттары (ҚРПА, 608: 93, 94-п.) және т.б. құжаттар еліміздегі қорғаныс саласының қалыптасу кезеңінде жүргізілген жұмыстар туралы баяндайды.

Армия генералы С. Нұрмағамбетовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне арналған библиографиялық еңбектерде оның жан-жақты қырлары баяндалады. Жастық жалын шарпыған отты жылдар мен данагөй қариялық кезеңдері суреттелген мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарына жиі жарияланды. Сонымен қатар С. Нұрмағамбетов бірнеше мемуарлық еңбектердің авторы (Нұрмағамбетов, 1984; 1995; 1999; 2009).

Сағадат Нұрмағамбетов өзінің 2009 жылы жарияланған мемуарлық жинағында: «2004 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі М.Қ. Алтынбаевтың редакциялауымен менің 80 жасқа толуыма арналған «Астана полиграфия» акционерлік қоғамының баспасынан кітап жарыққа шықты. Оған майдангерлердің, соғыстан кейінгі және қазақстандық армияның бастапқы кезеңіндегі қызметтестердің естеліктері енгізілген болатын» деп көрсетеді (Нұрмағамбетов, 2009).

ҚР Халық Қаһарманы, Кеңестер Одағының батыры, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовты мәңгілік есте қалдыру шаралары бүкілхалықтық сипатқа ие болды. 1999 ж. Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік және шет тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытатын және дене шынықтыруды басым жүргізетін Республикалық «Жас ұлан» мектебі С.Қ. Нұрмағамбетовтың атымен аталды. 2020 жылғы 11 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері Әскери институты армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың атын иемденді (https://ru.wikipedia.org/wiki: интернет-ресурс: память).

Қазақстан Республикасы Президенті Архивіндегі жоғары билік органдары қорлары мен С.Қ. Нұрмағамбетовтың 266-НЛ-жеке қорының деректері, бұқаралық ақпарат құралдарына, мерзімді баспасөзде жарияланған публицистикалық мақалалар мен оның сұхбаттары бар. Мақалада армия генералының мемлекеттік билік органдарымен, майдандас достарымен, шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасын көрсететін, еш жерде жарияланбаған хат алмасуларының негізіндегі деректер көпшілік талқысына ұсынылды.

Сағадат Қожахметұлының құжаттары оның өз өтініші бойынша 2013 жылғы 11 қаңтарда келісімшарт арқылы Қазақстан Республикасы Президенті Архивіне қабылданып алынды. Тұрақты мемлекеттік сақтауға ол өзінің «кітабымның қолжазбасы және жеке архивтің басқа да құжаттарын қабылдап алу»ды өтінеді. Сонымен қатар өтінішінде «От огненных лет до суверенной армии» және «Книга-альбом» кітаптарын атап өтсе, ал 2013 жылғы 14 қаңтарда құрастырылған құжаттарының тапсыру тізімдемесінде кітаптың қолжазбасы, мемуарлық шығармалардың жинағы мен «Ұлт мақтанышы Сағадат Нұрмағамбетов» атты фотоальбом көрсетіледі. Армия генералы 2013 жылғы 24 қаңтарда Архивке тағы да 1945–2012 жылдар аралығындағы құжаттарын қосымша өткізеді. С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмірбаянына, қызметіне қатысты құжаттары, оған жолданған құттықтаулар мен мақтау грамоталары, алғыс хаттары, С.Қ. Нұрмағамбетовтың мақалалары, газет қиындылары, кітаптары, фотосуреттері сияқты 630 құжат тізімге алынды (ҚР ПА: Наблюдательное дело).

Аталған тапсыру тізімдемесіне сай тұрақты сақталатын істердің тізімдемесі құрастырылды. Қордағы істердің құжаттарының құрамын ескере отырып архившілер төмендегідей жүйелеуді пайдаланды:

1. С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмірбаянына қатысты құжаттар. 1.1. Куәліктер мен мандаттар, 1.2. Марапаттау құжаттары. 1.3. Мерейтойлар мен мерекелерге байланысты мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құттықтау адрестері мен ашық хаттары. 2. С.Қ. Нұрмағамбетовтың қызметіне байланысты құжаттары. 3. Қорқұрушының сөйлеген сөздері мен мақалалары. 4. Фотосуреттері.

Қорытынды. Халық Қаһарманы С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмірбаянына қатысты құжаттар, оның 1941–1945-жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік істері туралы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен алынған құжаттардың фотокөшірмелері енгізілсе, екінші тарауға С.Қ. Нұрмағамбетовтың 1990–2012 жылдар аралығындағы эпистолярлық құжаттары: хаттар, баяндамалар, анықтамаларға шолу жасалды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасындағы әскери қызметшілер мен әскери қызметтен босаған жандардың әлеуметтік қорғалуын күшейту қажеттілігі туралы ҚР Премьер-Министрі С. Терещенкоға жазған хатымен қатар әскери-ғылыми зерттеулер орталығын, ұлттық әскери музей, әскери архив, баспаханалық база ұйымдастыру туралы халық депутаты М.Қ. Қозыбаевтың хаты, ҚР министрлер кабинетінің Қазақстан республикасында әскери-ғылыми және әскери-тарихи жұмысты ұйымдастыру туралы қаулысының жобасы бар.

С.Қ. Нұрмағамбетовтың шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасын көрсететін деректер оның хат алмасуларынан айқындалады. Атап айтқанда АҚШ Қорғаныс министрімен арадағы байланыстар туралы құжаттар легі оның халықаралық маңыздағы іс-шараларға қатысуын көрсетеді. Олардың қатарында АҚШ елшілігінің ҚР Қорғаныс министрі, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовты Америкаға ресми сапармен келіп кетуге шақырған хаты, АҚШ Қорғаныс министрі У. Перридің хатының ресми емес аудармасы, «Құрама Штаттардың Европа мен НАТО ға қатысты қауіпсіздік стратегияларының» дербес данасын жібергендігі туралы хабарлаған хаты және т.б. бар.

С.Қ. Нұрмағамбетовтың сөйлеген сөздері мен баяндамалары эпистолярлық жанрлар қатарында ерекше талдауды қажет ететін дереккөздер легі. Оның бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары мен жарияланған мақалалары оның көзі тірісінде ол туралы мақалалар келесі тарауға енгізілді. «С.Қ. Нұрмағамбетовты еске алу» деп аталып оның әріптестерінің, шәкірттерінің, әскери тарихшылар мен мемлекет және қоғам қайратеркерлерінің естеліктері мен мақалалары берілді. Халық Қаһарманының ресми, мемлекеттік делегациялар құрамында саяси және қоғам қайраткерлерімен халықаралық, республикалық іс-шараларда түскен фотосуреттері, оның есімін мәңгі есте қалдыру шараларының бейнелік құжаттары иллюстрациялық қосымша ретінде құжаттарда баяндалған мәліметтерді ақпараттық жағынан толықтыра түседі. Олардың қатарында  С.Қ. Нұрмағамбетовтың әр жылдары жеке түскен суреттері, Алматы, Мәскеу (РФ) қалаларында ескерткіш бюстін орнату сәтінен түсірілген фотоқұжаттар бар.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Архив Президента Республики Казахстан. (Далее АПРК). Наблюдательное дело № 04–10. Нурмагамбетов Сагадат Кожахметович. (25. 05. 1924 г.).

Жүнісбеков Б. Қолбасшы Нұрмағамбетов немесе Сағадат ағамен сыр-сұхбат. (Интервью с полководцем Нурмагамбетовым или Сагадатом ага) // Ақиқат. – 2010. қаңтар. – № 1. 33-41-б.

Мерекенова Б. Бір тәулік сөйлесіп, қазақ жігіттерін оқытуға Мәскеуді зорға көндірдім. (Сутки разговаривал, уговорил Москву на обучение казахских ребят). С.Қ. Нұрмағамбетовтың сұхбаты. // Алматы ақшамы. – 2006. – 6 мамыр.

Кто есть кто в Казахстане. Биографический справочник. 2010–2011. Изд-е одиннадцатое, дополненное. – Алматы, 2010. – 1192 с.

Козыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски. В двух книгах. Книга первая. – Алматы: Ғылым, 2000. 420 с. Статья «Военная история Казахстана: проблемы научного постижения». Опубликована в соавторстве П. Белан, А. Тасбулатов, А. Коваль, А. Галиев. // Казахстанская правда, 1993, 6 июля.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві (бұдан әрі ҚР ПА). 708-қ. 69-т. 2061-іс. 5–7-п.

ҚР ПА. 5-Н-қ. 1-т. 1380-іс.

ҚР ПА. 5-Н-қ. 1-т. 15-іс. 125–127-п.

ҚР ПА. 5-Н-қ. 1-т. 640-іс.

ҚР ПА. 5-Н-қ. 1-т. 630-іс.

ҚР ПА. 5-Н-қ. 1-т. 611-іс.

ҚР ПА. 5-Н-қ. 1-т. 608-іс.

Назарбаев Н.Ә. Таңдамалы сөздер. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2014. Т.ІV (1). – 1999-2002 жж. – 668 б.

Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіз елдің берік қорғаны. // Егемен Қазақстан. – 2007. – 8 мамыр. – 1б.

Нурмагамбетов С.К. Лицом к огню. – Алма-Ата, 1984. 152 с.; Нурмагамбетов С.К. Мой передний край.– Алматы: Ана тiлi, 1995. 224 с.; Нурмагамбетов С.К. А в памяти нет тишины.– Алматы: Ана тілі, 1999. 144 с.; Нурмагамбетов С. От огненных лет до суверенной армии. Сборник мемуарных произведений. – Алматы: Издательский дом «Жибек жолы», 2009. –544 с. +48 с. илл.; В 27 Великий полководец: (к 95-летию со дня рождения Героя Советского Союза Сагадата Кожахметовича Нурмагамбетова): библиогр. указ. / Лисаковская ЦБС. Центральная библиотека, Отдел методико-библиографической работы и работы с фондом; [сост. Т.Н. Борисова]. – Лисаковск, 2019. – 17 с.

Сагадат Кожахметович Нурмагамбетов. Память.– [Электронный ресурс] – URL: https://ru.wikipedia.org/wiki.

Тасболатов А. Қаһарман және тұңғыш министр // Егемен Қазақстан. – 5 мамыр 2010 ж.

Тұманбайұлы Кенжебек. Аманатқа адалдық. – Алматы, «Информ-А», 2006 ж. 208+24 суретті жапсырма бет.

References

Archive of the President of the Republic of Kazakhstan. (Further APRK). Nablyudatelnoe delo No. 04-10. Nurmagambetov Sagadat Kozhakhmetovich. [Archive of the President of the Republic of Kazakhstan. (Hereinafter referred to as APK). Observation case No. 04-10. Nurmagambetov Sagadat Kozhakhmetovich] (25. 05. 1924). [In Russian].

Zhunisbekov B.Kolbashy NurmagambetovnemeseСаgаdаtagamеnsyr-suhbat. [Interview with Commander Nurmagambetov or Sagadat Agha] (Interview with Commander Nurmagambetov or Sagadat agha) // Аkikat. – 2010. – Kantar. – № 1. 33-41-b. [Іn Kazakh].

Merekenova B. Bir taulik coilecip kazakh zhigitterin okytuga Maskeudi zorga kondirdim. [I talked for a day and persuaded Moscow to teach the Kazakh guys]. S.Q. Nurmagambetovtin suhbati. // Almaty akshamy. – 2006. – 6 mamyr. –3-b. [Іn Kazakh].

Kto est kto v Kazachstane. [Who is who in Kazakhstan] Biographicheski spravochnik. 2010–2011. The eleventh edition, supplemented. – Almaty, 2010. –1192 p. [In Russian].

Kozybaev M.K. Kazahstan na rubezhe vekov: razmyshleniya i poiski. V dvuh knigah. Kniga pervaya. [Kazakhstan at the turn of the century: reflections and searches. In two books. The first book]– Almaty: Gylym, 2000. – 420 s. Stat'ya «Voennaya istoriya Kazahstana: problemy nauchnogo postizheniya». Opublikovana v soavtorstve P. Belan, A. Tasbulatov, A. Koval', A. Galiev. // Kazahstanskaya pravda, 1993, 6 iyulya.[In Russian].

Archive Of The President Of The Republic Of Kazakhstan. 5-N-P. 1-p. 630-case.

AP RK. F.708. Item 69. case2061.

AP RK. 5-N. Item 1. case 1380.

AP RK. 5-N. Item 1. Case 15. 

AP RK. 5-N-P. 1-p. 640-case.

AP RK. 5-N-P. 1-p. 611-case.

AP RK. 5-N-P. 1-p. 608-case.

Nazarbaev N.A. Tandamaly sozder. [Selected words] – Astana: «Saryarka» baspasy, 2014. T.ІV (1). – 1999-2002 zhzh. – 668 b. [In Kazakh].

Nazarbaev N.A. Tauelsіz eldіn berіk korgany [Strong defense of an independent country] // Egemen Kazakstan. – 2007. – 8 mamyr. – 1b. [In Kazakh].

Nurmagambetov S.K. Licom k ognyu. [Face to the fire] – Alma-Ata, 1984. 152 s. [In Russian]; Nurmagambetov S.K. Moi perednii krai [My cutting edge]. – Almaty: Ana tili, 1995. 224 s. [In Russian]; Nurmagambetov S.K. A v pamyati net tishiny [And there is no silence in memory]. – Almaty: Ana tіlі, 1999. 144 s. [In Russian]; Nurmagambetov S. Ot ognennyh let do suverennoi armii [From the fiery years to the sovereign army]. Sbornik memuarnyh proizvedenii. – Almaty: Izdatel'skii dom «Zhibek zholy», 2009. –544 s. +48 s. ill. [In Russian]; V 27 Velikii polkovodec [In 27 The Great commander] (k 95-letiyu so dnya rozhdeniya Geroya Sovetskogo Soyuza Sagadata Kozhahmetovicha Nurmagambetova): bibliogr. ukaz. / Lisakovskaya CBS. Central'naya biblioteka, Otdel metodiko-bibliograficheskoi raboty i raboty s fondom; [sost. T.N. Borisova]. – Lisakovsk, 2019. – 17 s. [In Russian].

Sagadat Kozhahmetovich Nurmagambetov. Pamyat'. [Memory] – [Elektronnyi resurs] – URL: https://ru.wikipedia.org/wiki. [In Russian].

Tasbolatov A. «Kaһarman zhane tyngysh ministr» [Hero and First Minister] // Egemen Kazakstan. – 5 mamyr 2010 zh. [In Kazakh].

Tumanbaiuly Kenzhebek. Amanatka adaldyk. [Loyalty to the trust] – Almaty, «Inform-A», 2006 zh. 208+24 surettі zhapsyrma bet. [In Kazakh].

МРНТИ 03.20.00

ИСТОЧНИК В ИСТОРИИ ВООРУЖЕННЫХ СИЛ НЕЗАВИСИМОЙ СТРАНЫ: ГЕНЕРАЛ АРМИИ 

С. НУРМАГАМБЕТОВ

А.Т. Сулейменова¹*

¹Военный институт Сухопутных войск имени С. Нурмагамбетова. 

Е-mail: suleimenova1972@mail.ru (Сулейменова)

*Автор-корреспондент.

Аннотация. В статью внесены данные, касающиеся жизни и общественно-политической деятельности Героя Советского Союза, Халық Қаһарманы, С.К. Нурмагамбетова, взятых на хранение в Архив Президента РК. В основу статьи были положены документы из личного фонда, которые он собственноручно передал в архив. Документы личного фонда Нурмагамбетова С.К. становятся важной страницей истории Казахстана как неотъемлемой части Национального архивного фонда РК. В источниках, хранящихся в фондах Центрального комитета КП Казахстана, Президента РК, раскрываются биографические, служебные характеристики народного героя.

О детстве Сагадата Кожахметовича, его участии в Великой Отечественной войне в составе Советской Армии, службе в командовании Среднеазиатского военного округа, о его нелегком труде по созданию самостоятельной армии независимого Казахстана рассказано на основе архивных данных и мемуарной литературы. Большая часть документов, включенных в статью, вводится в научный оборот впервые.

Ключевые слова: личный архивный фонд, Архив Президента РК, документы личного происхождения, первый министр обороны РК, Сагадат Нурмагамбетов, Халық Қаһарманы, биография.

IRSTI 03.20.00

THE SOURCE ON HISTORY OF THE INDEPENDENT COUNTRY’S ARMED FORCES: GENERAL OF THE ARMY S. NURMAGAMBETOV

A.T. Suleimenova¹*

¹Department of Educational and Ideological Work of the S. Nurmagambetov Military Institute of the Land Forces.

* Corresponding author

E-mail: suleimenova1972@mail.ru (Suleimenova)

Abstract.The article includes data on the life and socio-political activities of the hero of the Soviet Union, Halyk Kakharmany, S.K. Nurmagambetov, deposited in the archive of the President of the RK. The documents from his personal fund, which were transferred to the archive by his own hands, also became the basis of the article. The documents of S.K. Nurmagambetov's private fund as an integral part of the national archival fund of the Republic of Kazakhstan are becoming a significant page in the history of Kazakhstan. Sources stored in the funds of the Central Committee of the Communist Party of Kazakhstan, the president of the Republic of Kazakhstan reveal the biographical and official characteristics of the National Hero.

Sagadat Kozhakhmetovich with a childon the basis of archival data and memoir literature about his childhood, participation in the Great Patriotic War as part of the Soviet army, service in the command of the Central Asian Military District, selfless work on the creation of an independent army of independent Kazakhstan. Most of the documents included in the article are introduced into scientific circulation for the first time.

Key words: personal archive fund, Archive of the President of the Republic of Kazakhstan, documents of personal origin, First Minister of Defense, Sagadat Nurmagambetov, Halyk Kakharmany, biography.

Автор туралы мәлімет: 
¹Тарих ғылымдарының кандидаты

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь