Главная » Материалы » ҒТАМР 03.20.00 ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ПАРАДИГМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ДИАЛЕКТИКАСЫ

С.М. Борбасов¹. ¹Саяси.ғ.д., профессор. Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 03.20.00 ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ПАРАДИГМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ДИАЛЕКТИКАСЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Теги: теория, концепция, әдіснама, өркениеттік, мемлекет, генезисі, тарихи, парадигма, заңдылық, методология, феномен, перманентті, даму, диалектика, тарихи, факт.
Аннотация:
Аңдатпа. Адамзат тарихында мемлекет құрудың маңызы ерекше. Халықтарды өркениет жолына бастайтын, оның күрделі өмірін ұйымдастырушы да мемлекет. Мақалада тарихи процестегі мемлекет феноменінің орны мен рөлі анықталады. Әлем халықтары өз тағдырын және даму болашағын тәуелсіз мемлекет құрумен байланыстырады. Мемлекет құбылысы б.з.д. 6-5 мыңжылдықтардан басталып, қазіргі заманға дейін жалғасып келеді. Себебі, адамзат өз қоғамын ұйымдастырудың мемлекеттен басқа формасын таба алған жоқ. Қандай кезеңдерде болмасын мемлекет парадигмасы күн тәртібінде. Озық ойлы адамзат мемлекеттің қызметін жетілдіру жолдарын, әділетті қоғам орнатуды ойластырып, жоспарлаумен келеді. Әсіресе, тәуелсіз мемлекетті дамыту мәселелері тіптен маңызды. Халықтардың мемлекетті күшейтуге, немесе жаңадан құруға деген ұмтылыстары әлемдік дамудың және қайшылықтар мен соғыстардың қайнар көзі болып қалуда. Мақалада әлемдік тарих саханасына мемлекеттердің пайда болуының себептері, жолдары және заңдылықтары талданып, автордың мемлекет генезисі туралы өзіндік көзқарасы негізделеді.Ортақ территория, ортақ шаруашылық, тайпалар мен халықтардың бірігіп өмір сүруге деген ұмтылысы, тұтқиыл шабуылдардан қорғану, басым топтар мен таптардың өз эгоистік мүдделерін қорғау жолында ұйымдасуы, мүліктік бөлініс т.б. себептер мемлекеттердің пайда болуына әкеледі. Кейбір халықтар басқа жерде пайда болған мемлекет үлгісін қабылдайды. Жаңа мемлекеттер ірі импеиялар күйрегеннен кейін пайда болады. Жаһандық деңгейде 19-20 ғасырларда империалистік елдердің отарлық жүйесінің күйреуі ондаған жас мемлекеттердің өмірге келуіне себеп болды. Адамзаттың ұлы ойшылдары түгел дерлік мемлекетті, қоғамды жетілдірудің жолдарын қарастырды,зерттеді.Мақалада ірі ойшылдардың мемлекет туралы көзқарастары талданып автордың мәселеге позициясы негізделеді.
Содержание:

Кіріспе. Адамзат тарихының маңызды ерекшеліктерінің бірі халықтардың тәуелсіз мемлекет құру жолындағы күрестеріне толы болуы. Шынтыуайтына келгенде тәуелсіз мемлекет құру жолындағы соғыстар, күрестер, түрлі әрекеттер тарихтың қозғаушы күші болғандығы ақиқат. Тәуелсіз мемлекеттерді құру барысында адамзат өркениеті ұдайы қозғалып, алдыға қарай жылжып отырған. Адамдардың түрлі мүдделері үшін күрестері барысында өмірге келген мемлекеттер қуатты империяларға айналып, сол аймақтың немесе бүткіл адамзаттың даму процесіне ықпал етіп отырған. Б.з.д. V-IV мыңжылдықтарда қалыптасқан алғашқы мемлекеттер Египет патшалығы, одан кейінгі Месопотамия, (Қосөзен) Тигр мен Евфрат арасындағы мемлекет, Шумер патшалығы, Көне Қытай империялары, Греция мен Рим империялары, Персия патшалығы сияқты құлиеленушілік мемлекеттер адамзаттың өркениетіне өшпестей іздерін қалдырып кетті.

Қазіргі адамзат осы көне мемлекеттер халықтары жасап кеткен шаруашылық, билік, қолөнер, мәдениет, тұрмыстық, білім мен ғылым үлгілерін пайдалануда. Археологиялық қазбалардан табылған мыңдаған артефактылар көне мемлекеттер жасаған түрлі құндылықтардың, материалдық және рухани мәдениет үлгілерінің адамдардың зор жетістікке жеткендігін дәлелдейді. Урбанизацияланған қоғам, халықтардың өз тағдырына ие болуы, қажетті тұтыныс заттармен өзін-өзі қамтамасыз етуі, өмір сапаларын жақсартуға ұмтылыс жасауы, тек жеке, тәуелсіз мемлекет жағдайында ғана мүмкін болды. Сол себепті, көне замандардан бастап әлем халықтары тәуелсіз, жеке мемлекет құруды мақсат етті. Осы ұлы мақсат-социумның өз тағдырына ие болуға мүмкіндігі кейінгі өркениеттерге де тән болды. Тарихи даму процесінде жүздеген жаңа мемлекеттер пайда болды жүздеген мемлекеттер күйреді. Күйреген мемлекеттер орнына халықтар жаңа мемлекеттер құрылып жатты. Тәуелсіз мемлекеттердің дамуы және өзін сақтау жолындағы шаралары мен харекеті тарихты қозғаушы факторлардың бірі болып табылады.

Сондықтан тәуелсіз мемлекет құру үрдісі әлемдік ортақ парадигма, әлемнің дамуына шешуші әсер етіп отырған маңызы жойылмайтын феномен деп айтуға әбден болады. Мемлекеттер пайда болған, өсіп-өркендеген, түрлі себептерге байланысты ыдырап отырған. Қаншама қуатты империялар күйреп кеткендігіне қарамастан адамзаттың жаңа, тәуелсіз мемлекет құруға деген құштарлығы ешқашан жойылмаған. Қазіргі қоғамның өзінде тәуелсіз, жеке мемлекет болуға құштар болып отырған ұлттар қаншама. Әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың саны 2 мыңнан астам болса, тәуелсіз мемлекеттер саны 200-дей ғана. Әлемдегі халықтардың 320-дан астамының  ғана саны 1 миллион адамнан жоғары (Национальный вопрос за рубежом 1989: 8.). Демек, әлемдегі 1800-ден астам ұлттар мен ұлыстардың тәуелсіз мемлекеттері жоқ. Тіптен саны 30 миллионнан астам күрділердің, 20 миллионнан астам ұйғырлардың өздеріне тән мемлекетілігі жоқ. Соның кесірінен көптеген халықтар тағдырлық мәселелерін шешуге мүмкіндік алып отырған жоқ.

Материалдар мен әдістер. Халықтардың мемлекет құру жолындағы қозғалыстарды, мемлекеттің бергілі бір территорияларда қалыптасуы көп жағдайда халықтардың бірімен-бірінің қырғын соғыстарын тудырып отырған. Себебі, қандай мемлекет болмасын белгілі геосаяси ахуалда, нақты бір географиялық аймақта құрылады. Сол жерді мекендеп отырған халықтар жаңа мемлекет құрамына өз  ниетімен кіреді, немесе жаңа құрылымға қарсы шығады. Келіспеушілік мәселесін көп жағдайда соғыстар шешеді. Соғыспен жаңа жерді иемденген халық пен оның басшылары жаңа мемлекет құру құқығына ие болады. Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің қалыптасуы түрлі күрделі құбылыстармен, күйреулермен қабаттаса жүрді. Сонымен қатар мемлекеттердің геосаяси, геоэкономикалық ахуалдарға сәйкес бейбіт жолмен өмірге келуі жағдайлар да аз болған жоқ. Мұның өзі тарихи процестер күрделілігін, көп жағдайда ортақ заңдылықтарға бағына бермейтіндігін дәлелдейді. Тәуелсіз мемлекет құру үрдісі де әр елде, әр мемлекетте әрқандай жағдайда өтті. Алдағы тарихи перспективада да тәуелсіз мемлекеттер құрылады. Олардың пайда болуы мен құрылуы басқа елдердегі оқиғаларды толықтай қайталамайды.Себебі, адамзат тағдыры әр қыйлы, түрлі объективті және субъективті факторлар тарихтың қалыптасуына ықпал жасайды.

Алайда, тарихи ахуал қаншалықты күрделі болғанымен, тәуелсіз мемлекет құру барысында қаншама тосын, төтенше оқиғалар мен құбылыстар орын алғанымен ортақ заңдылықтар үстемдік ететіні даусыз. Тәуелсіз мемлекет құрылуы мен қалыптасуындағы ортақ заңдылықтар мен құбылыстар адамзаттық ортақ тағдыр, ортақ мақсаттар мен құндылықтардың міндетті түрде үстемдік етуінен пайда болады. Біз өз зерттеулерімізден туындаған пайымдауларға сүйене отыра мемлекеттің пайда болуының төмендегі себептермен айтамыз:

Біріншіден, тайпалардың, халықтардың территорияны ортақ шаруашылық пен күнкөріс объектісі ретінде қарастыруынан туындайтын одақтастық факторы;

Екіншіден, белгілі байлыққа, малға, жерге ие болған әлеуметтік топтың, немесе таптың өзінің эгоистік мүдделерін қорғау үшін орталықтанған билігі бар мемлекеттік жүйе құруға ұмтылысы;

Үшіншіден, территорияға иелік етіп отырған тайпалардың, немесе тайпалық одақтардың, сыртқы агрессорлық күштерге қарсы сақтану, қорғану әрекеттерінен ортақ мемлекет құру мәселесі туындайды;

Төртіншіден, басқа жерде құрылған мемлекеттің тиімді өмір сүруі, халықтардың қауіпсіздікте болуы көршілес өмір сүріп отырған тайпаларға, халықтарға үлгі болуы, олардың өз мемлекеттерін құруға ниеттерін туғызады;

Бесіншіден, халықтар мен тайпалардың бірігіп жаңа аймақтарды игеруі, немесе жаңа жерлерді басып алуға ұмтылысы да жаңа мемлекеттердің пайда болуына әкеледі;

Алтыншыдан, алғашқы қауымдық қоғам қойнауында жүрген еңбек бөлінісі, мүліктік бөлініс, таптық құрылымдардың пайда болуы. Басым топтың басқа топтарды бағындыруға, қанауға мүмкіндік алуы мемлекеттің пайда болуына әкеледі;

Жетіншіден, табиғи катастрофалар, қатаң табиғатты, жерді игеру қиыншылықтары халықтардың ортақ еңбек етуге, одан кейін ортақ мемлекет құруға ұмтылыстарын тудырады.

Сегізіншіден, халықтардың, тайпалардың ортақ дін, ортақ сенім нанымдар негізінде топтасуыда жаңа мемлекеттердің пайда болуына себеп.

Тоғызыншыдан, халықтың таптық бөлінуі, мүлікті, байлықты иемденуі үстем таптардың мүдделерін қорғайтын мемлекеттің пайда болуына әкеледі.

Тәуелсіз мемлекеттің пайда болуының біз көрсеткен заңдылықтарынан басқа да себептері болуы мүмкін. Тәуелсіз мемлекеттердің ірі империялар күйрегеннен кейін көптеп пайда болатындығы тарихи шындық. Рим империясының, Ұлы Түрік қағанатының, Византияның, Алтын Орданың, Кеңес Одағының ыдырауы жағдайында ондаған жаңа мемлекеттердің пайда болғаны белгілі. Ірі империяның күйреуіне немесе ыдырауына сол империяға бағынышты болған халықтар бостандық алып, тәуелсіз мемлекетін құру үшін пайдаланды. Тарих тағылымына қарасақ халықтар тарихи шансты, мүмкіндікті пайдаланып өзінің тәуелсіз мемлекетін құруға ұмтылып отырған. Яғни, тәуелсіз мемлекет құру қозғалысын әлемдік қозғалыс, әлем халықтарына ортақ заңдылық, ортақ парадигма деп қарастырамыз. Әсіресе бодандық жағдайда, өздерін «екінші сортты» сезініп отырған ұлттар мен ұлыстар тәуелсіздік жолындағы перманентті күрес жағдайында өмір сүреді. Бұл құбылыс та әлемдік заңдылық. Себебі, тәуелсіздік парадигмасының тарихи шындыққа айналуы әр халықтың бақытын ашады. Тәуелсіз халық қана ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүру құқығына ие болады. Ол өзінің тілін, мәдениетін, ділін, салт-дәстүрлерін сақтауымен қатар, өз териториясындағы барлық байлықтар мен құндылықтарды игеруге мүмкіндік алады. Тәуелсіз халық өз тағдырын өзі шешеді.

Адамзат тарихының ерте дәуірлерінде, қоғамдық-экономикалық формациялар концепциясы тұрғысынан құлиеленушілік дәуіріндегі, алғашқы аталған мемлекеттерде мүліктік бөлінушіліктің негізінде аяусыз қанаудың, адамдардың құқықтарының тапталуы орын алды (Всемирная история 1956: 142). Сонымен қатар алғашқы мемлекеттерде көп халықты асырауға қабілетті шаруашылық жүйелері, әлеуметтік инфрақұрылымдар жасалынып, мәдениет пен өнер өркендеді. Байлар да, орташа ауқаттылар да, кедейлер де бір мемлекет ішінде өмір сүруге, сырттан келетін жаулардан қорғануға мүмкіндік алды. Сондықтан мемлекеттедің құрылуы барысында таптық бөліну мен антогонистік күреске қарағанда ортақ жалпыұлттық сақтану мен даму мүддесі басым болды. Марксистік методология таптық бөліністі қаншалықты маңызды санағанымен халықтардың өркениетке деген ортақ құлшынысы шешуші рөл атқарды. Сондықтан, мемлекеттің құрылуын зерттеуде қоғамдық-экономикалық формациялар теориясына сүйенгеннен гөрі, өркениеттер (цивилизациялық) теорияларға арқа сүйеген дұрыс. Халықтардың дамуы мен өркендеуіне таптар арасындағы күрес құбылысынан қарағанда экономикалық факторлар:шаруашылықты ұйымдастыру, қолөнерді дамыту, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы жетістіктері,сауда-саттықты өсіру және рухани факторлар: білім,ғылым,мәдениет, өнер, әдебиет, ортақ салт-дәстүрлер үлгілерінің ықпалы басым болды. Цивилизациялық әдіснама мемлекеттің пайда болуы мен қалыптасуы құбылысын зерттегенде тарихи шындықты айтуға мүмкіндік береді. Өркениеттер дамуы мемлекеттердің қалыптасуында таптық күреске қарағанда адамдардың талап тілектері бірінші орында. Яғни, материалдық және моралдық мүдделері шешуші рөл атқарады деп  есептейді.

Талқылау. Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы туралы теориялар Сократ, Платон, Аристотель, Баласағұн, Әл-Фараби, Маккиавелли,Гоббс, Кант,Фихте, Гегель, К. Маркс, Ф. Энгельс, В. Ленин т.б. ойшылдар мен революционерлер еңбектерінен біле аламыз. Тарих ғылымында мемлекеттер туралы көптеген деректерді Геродот, Страбон, Рубрук, Әл-Идриси, Мұхамед Хайдар Дулатидің еңбектерінен табамыз. Қытай тарихшылары, Рим, Греция тарихшылары  әлемдік тарихтағы жаңа мемлекеттердің қалыптасуы туралы жазды. Тарихшылардың, философтардың және саясаттанушылардың еңбектерінде тәуелсіз мемлекеттің ортақ белгілерін және қалыптасуы принциптері көрсетіледі. Түрлі кезеңнің ойшылдары мемлекеттің пайда болуының төмендегідей себептерін ашады:

Мемлекеттің табиғаты мен мәнін қазақ халқына түсіндіруде маңызды рөл атқарған Әл-Фараби еңбектері: Жаратылыстың бастауы, бірінші себебі Алла тағала, Құдай деп есептей отыра Әл-Фараби жердегі тәртіптерді өзгертуге, жақсартуға адамдардың өздері жауапты деп біледі. Әл-Фарабидің мұрасы философия ғылымы үшін ғана емес тарих ғылымы үшін де маңызды. Оның мемлекеттік құрылыс туралы көзқарастары, адамзат қоғамын дамыту туралы пікірлері бүгінгі қоғамның тарихи танымы парадигмасын қалыптастыру үшін, мемлекеттің  пайда болуының теориялық мәселелерін дұрыс түсіну үшін қажетті. Х ғасырда өмір сүрген Әл-Фараби адамзаттың тарихи тәжірибесіне, өзіне дейінгі философиялық ойға сүйене отырып мемлекет туралы адамзаттың түсінігінің дамуына ықпал етті.

Өзінің түркі халқының өкілі екендігін айтып отырған Әл-Фарабидің Қазақстан жерінде өмірге келгендігі ақиқат. Оның көзқарастарына Х ғасырдағы қазақ жерінде болған мемлекеттік құрылыстың да әсері болды деп есептейміз. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаттар» және «Азаматтық саясат» еңбектерінің мемлекет табиғатын ашудағы маңызы зор.

Ұлы бабамыздың пікірі бойынша адамзаттың тарихы оның тоқтаусыз жетілуінің тарихы. Ал, «адам жетілуі, даму үшін оған көп нәрселер керек. Ол өзі жеке дара жете алмайтын нәрселерге, адамдардың бірлестігі арқасында жетеді. Басқа адамдар да оған осындай тәуелділікте болады. Сондықтан бірлесіп, бір-біріне көмектесетін адамдар өздерінің өмір сүруіне қажетті мәселелерді бірлесіп қана шеше алады. Жекелеген адамдар бірлесіп қызмет ету барысында жетілуге қол жеткізеді», – деп жазды Әл-Фараби (Аль-Фараби 1970: 330).

Ұлы ойшыл қауымдарды үш түрге бөледі: ұлы, орташа, кіші. Ұлы қоғамда белгілі бір жерді мекендеген адамдардың жиыны. Орташа қоғам – бір халықтың жиынтығы. Ал, кіші қоғам қаланың белгілі бір бөлігін ғана қамтитын адамдардың жиынтығы. Олар кварталдарға, көшелерге бөлініп адамдардың мекенін құрайды. Жеке адамдардың дамуы ұлы қоғамды құрайтын қалада ғана болуы мүмкін деп есептейді Әл-Фараби. Демек, оның ойынша мемлекет жақсы дамыған қала. Адамдар бір-біріне көмектесіп, ықпалдасып өмір сүретін қала қайырымды қала. Ал, адамдар бақытты болу үшін бір-біріне көмектесіп өмір кешуді қаласа қайырымды қоғам болғаны.

Қайырымды қала жетілген ағзаға ұқсас, оның барлық мүшелері бірін-бірі толықтырып тіршілік иесінің өмірін сақтап, оны мәнді ете түседі, – деп есептейді Әл-Фараби (Аль-Фараби 1970: 305). Ойшылдың пікірлерінің дұрыстығын көптеген мықты мемлекеттердің тарихи тәжірибелері дәлелдеп келеді. Шындығында мемлекеттің әрбір органның өзіне тән төл қызметтері бар. Оларды басқа мекемелер алмастыра бастаса мемлекеттің жалпы дамуына зияны тиеді. Елдегі барлық мекемелер ең шешуші мекемеге бағынғаны тиімді. Шешуші фигура патша, хан, император, президент болуы мүмкін. Олар қоғамдағы, мемлекеттегі ең басты мәселелермен ғана айналысуға міндетті. Патшаға ең жақын адамдар осы негізгі міндеттерді шешуге өз жағдайларына, мүмкіндіктеріне қарай көмектеседі. Ал, екінші деңгейдегі адамдар бірінші деңгейдегі басшыларға негізгі міндеттерді шешуге жұмыс жасайды, үшінші деңгей барлық істерде екінші деңгейдегі қызметкерлердің өз жұмыстарын ойдағыдай атқаруын қамтамасыз етіп отырады.

Әл-Фараби бірлестіктің дамуынан туындайтын талаптармен мақсаттар табиғи құбылыс деп біледі. Себебі, олар адамдардың табиғи талаптарынан пайда болады. Адамдарды ортақ мақсаттарды орындауға арналған ерік біріктіреді. Бүгінгі мемлекеттік құрылыс тарихи тұрғысынан қарасақ адамдардың ортақ еркін, мақсаттарын Конституция мен заңдар бекітеді. Конституциялық қағидаттар мен принциптер тарихи шындықпен, адамдардың қоғамдық-саяси мұраттарымен, құндылықтарымен неғұрлым байланысты болса, халықтың ортақ мақсаттарды қолдауы соғұрлым белсенді болады. Әл-Фараби осы күрделі заңдылықты Х ғасырда-ақ  сол кездегі тарихи және саяси тәжірибелердің негізінде өте терең талдап көрсетіп бере алады.

Тарихтағы бірінші басшының шешуші рөлін Әл-Фараби назардан тыс қалтырмайды. Бірінші басшы нағыз жетілген, басқалардан әлде қайда озық тұлға болуы тиіс. Ол өзі басқаратындардан биік деңгейде. Осындай басшы қалалық бірлестікті ойдағыдай билейді. Қаланы, мемлекетті кім көрінген басқара алмайды. Ол үшін адамның басқаруға дайындығы болуы керек. Сонымен қатар осындай күрделі ағзаны басқаруға ерік-жігері де күшті болғаны қажет. Басқару табиғатынан осы істі қалайтын адамға бұйырады. Қаланы билеу ерекше өнер. Ол қызмет өнері. Қайырымды қала басшылары басқару өнерін халық игілігіне жұмсайды.

Патшаның, қала басының бойында болуға тиісті мұндай сапалар тәуелсіз мемлекетті құрудың, қалыптастырып  дамытудың қайнар көзі болады. Әл-Фарабидің Қайырымды қаласының үлгісі қандай да болмасын мемлекет үшін маңызды. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап Қазақстанның зиялы қауымы таныс болған Әл-Фараби еңбектеріндегі идеялардың, ұсыныстар мен пікірлердің елдің тәуелсіз келбетін қалыптастыру ісінде маңызы зор болды. Әл-Фарабидің қайырымты қала  тұрғындары туралы концептуалдық дүниетанымы сөз жоқ Қазақстан халқының қоғамдық-саяси, рухани-әлеуметтік көзқарастарын дамытып, тәуелсіздіктің теориялық негіздерінгің біріне айналды.

Тарихи тәжірибеден, қоғамдық-саяси ойдың жетістіктерінен үлгі-өнеге алған мемлекеттер ғана тиімді даму жолына түсіп, күшті мемлекеттер қатарына қосыла алады. Сондықтан Әл-Фарабидің ұсынған идеяларын Қазақстан ғана емес, бүткіл өркениетті адамзат басшылыққа алады. Сол себепті, Әл-Фарабиді әлемдік ой тарихында Аристотелден кейінгі екінші ұстаз ретінде бағалайды. Оның ойлары мен ұсыныстарының дұрыстығын көптеген мысалдармен дәлелдей аламыз. Әл-Фараби бірінші басшы ерекше жетілген. Оны басқалар билеп кете алмайды. Себебі, басқалар ол ойлаған ой-пікірлер дәрежесіне, оның қоршаған ортаны түсіну деңгейіне көтеріле алмайды. Оның ізденімпаз санасы көптеген ұғымдарды меңгерген. Басқару барысында оның назарынан қандай да болмасын маңызды мәселе тысқары қалмайды, – деп көрсетеді (Аль-Фараби 1970: 313).

Нәтижелері. Әл-Фараби айтқандай адамның ізденімпаз ақылы оның қоғам мен табиғаттың қыр-сырларын неғұрлым толығырақ түсінуіне көмектеседі. Қайырымды қала басшысы өзі түсінген құбылыстарды әдемі, түсінікті сөздермен жеткізе алатын шешен болуы дұрыс. Нағыз басшы халықты және қаланы бақытқа бастайды және бақытқа жетудің жолдарын көрсетуге қабілетті. Қайырымды қаланың басшысының он екі табиғи сапалары болады.  Басшының денсаулығы жақсы болып, өзіне жүктелетін істерді еркін жүріп шешуге қабілетті болғаны жақсы. Сонымен бірге  көргенін, естігенін ұмыстпайтын зерек, әрбір құбылысты терең түсіне білетін сұңғыла, білімге, оқуға құштар, жаңалықты іздеутен жалықпайтын, шыгдықты сүйетін, өтірік пен жағымпаздардан аулақ жүретін, абыройы мен арын сақтайтын, адамдарға қамқор бола білетін, жазықсыз жәбірлеуге жол бермейтін, әділетсіздік пен өтірікке қатал, өзінен кейінгілерге қатал талап қоя білетін, бірбеткей, бірақ қажет кезде шегініс жасай білетін, қорқынышы мен әлсіздігі жоқ болуы керек деген талаптарды қояды. Аталған 12 талап, сапа адамның ішкі қасиеттерінен, табиғатынан келеді. Басшының оқу, білімі, іскерлігі оның сапаларын ашады.

Әл-Фараби қайырымды қалаға қарсы қайырымсыз, әділетсіз, қараңғы қала болады. Онда барлығы керісінше. Оның басшылары барлығын керісінше жасағандықтан халқы бақыттың не екендігін білмейді. Қараңғылардың қалалсы қажеттіліктер қаласы, айырбас қаласы, бақытсыздың қаласы, мақтаншақтың қаласы, билікке құмарлық қаласы болып бөлінеді. Мысалы, қажеттіліктер қаласы тәнге керектерді: тамақты, киімді, ішімдікті, жыныстық қатынастарды ғана қалайды. Айырбас қаласында тек байлыққа ұмтылу маңызды. Мақтаншақтар қаласында істер тек мақтау үшін жасалынады. Бізді басқалар танып, үлгі етсе екен деп мақтанады. Билікке құмар қала басқа халықтарды бағындырсам, өзім ешкімге бағынбасам деп көксейді.

Қайырымсыз қалалардың басшылары қайырымды қала басшыларынан мүлдем бөлек. Олар мемлекеттерін мақтан, өтірік, зорлық-зомбылық үшін пайдаланады. Қайырымсыз қалаларда жақсылық пен әділеттің дәстүрі жоқ. Ал, қайырымды қаланың басшысының жақсы істерін келесі басшы жалғастырады. Сонд біртұтас жақсының дәстүрі жалғасады. Бұлай болуы халықтардың ұзақ бақытты өмір сүруінің кепілі болады, – дейді ұлы ойшыл.

Әл-Фараби еңбектеріндегі ойлардан мемлекетті құру, ұйымдастыру, басқару мәселелері хақында пайдалы білім аламыз. Ол білім Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға көмектесетін тәжірибелік істерге ұласуы даусыз. Сондықтан түркі халқының ұлы ойшылының пікірлерінің теориялық қана емес практикалық маңызы бар. Қазақстан мемлекеті Қайырымды қала үлгісіндегі мемлекет, ал ел басшылары осындай қаланың басшыларындай болуы тиімді дамудың кепілі болады. Бүгінгі Қазақстан дамуы үшін Әл-Фарабидің тарихи, философиялық, этикалық мұралары өз құндылығын бір мысқал да жойған жоқ.

Қазақ ұлтының тарихи санасына және рухани-әлеуметтік ойына үлкен ықпалын тигізген поэтикалық шығармаЖүсіп Баласағұнның «Құтадғу біліг» дастаны. Бұл даналық дастан 1069-1070 жылдары жазылған. Еңбекті 1870-1890 жылдары венгр ғалымы Г. Вамбери, одан кейін орыс түріктанушысы В.В. Радлов түбегейлі зерттеген. Ал, қазақ зерттеушілерінен «Құтты білікті» талдауға өзіндік үлесін қосқан Асқар Егеубаев болды . Ол «Құтты білік» тек қана әдеби мұра емес. Бұл бүтін бір тарихи кезеңнің сипат-белгілерін сіңірген, қоғамдық-саяси, әлеуметтік бітімі қанық, ақиқаттық-этикалық, рухани қазынамыздың негізі, бағдарламасы дерлік құнарлы дүние», – деп маңызды баға берді (Егеубаев 1998: 31).

Қазақ халқының мемлекет, тәуелсіздік, билікті  ұйымдастыру сияқты әлеуметтік-саяси ұстанымдарына өзінің үлгілік әсерін тигізген Жүсіп Баласағұнның осы «Құтадғу біліг» дастаны. Дастан негізінен төрт кейіпкерлер арасындағы диалогқа құрылған. Олар: Күнтуды (Әділ), Айтолды (Даулет), Өгдүлміш (Ақыл), Одғұрмыш (Қанағат). Кейіпкерлердің тарихи тұлғалар болғандығы туралы деректер жоқ. Оған қарамастан дастанның кейіпкерлері арасындағы пікір айтысулардан Х-ХІ ғасырлардағы түркі халқының арасында тұрған тарихи міндеттер, саяси ахуал, шаруашылықты және қоғамды басқару мәселелері анық көрінеді.

«Құтты білікте» тәуелсіз мемлекеттің негізі жақсылыққа бетбұрудан басталады. Халыққа пайда, болашақ, игілік түптің түбінде әділетті істерден ғана келеді, – деген ойлар айшықталады. Халық жаманшылыққа баспауы керек.» «Жаман басшылар – елді жаман жолға тартады. Жаман із сап, бар жамандық артады», – деп есептейді Баласағұн(Баласағұн 1986: 519).

Жүсіп Баласағұн мемлекет әділетке сүйенсе халық тыныш болады. Ал, әділеттің тірегі әділ заң деген қағиданы  бірінші орынға қояды. Жақсы заңды бұрмалау, бұзуға ұмтылу мемлекеттің іргесін шайқалтып, жаман істерге бастайды. Сондықтан халық әділ кісілердің соңынан ергені абзал. Елге пайда әкелетін істер ғана оң істер, жақсы істер. Пайдалы істер жасаған адамды халық бағалайды. Ондай адаммен көпшілік бірге болуды қалайды. Ниеті оң, пиғылы жақсы  басшы әрқашанда құрметті. Ниет оң кісі заңды құрметтейді, – деген маңызды пікірлер айтады дана ойшыл.

Әділ заңың елге ырыс үйірер,

Хан мен халық сүйер сені, сүйінер.

5735 Заң түзелді – жақсылық кең жайлады,

Кетті құрып зар жамандық қайдағы.

Іс бұзылса, заң бұзылсы – ер азар,

Ел бұзылар, бағы қайтып, жер азар.

Заңды бұзба жамандарға ермегей,

Жаманнан без, қол ұшын да бермегей!

Заңды бұрма, ессізден қаш, ерме сен,

Құлқы зұлым ессізге қол берме сен! (Баласағұн 1986: 519).

Баласағұн жазған әрбір өлең жолдарында  тәуелсіз мемлекет ұстанатын аса құнды үлгі-өнеге бар. Дана ақын құқықтық мемлекет құрудың негізгі принциптерін өлеңмен өрнектеп бере алған. Бірінші кезекте әділ заң арқылы билік пен халықтың бірігуі, өзара түсіністігі болады, – деген қағида ашылады. Екінші, дұрыс заңға сүйенген мемлекетте жақсылықтар көп болып, жаманшылықтарды  ауыздықтауға мүмкіндік туады. Үшіншіден, заңды бұзу адамдарды да, қоғамды да азуға, ыдырауға алып келеді.  Төртіншіден,  жаман ниетті адамдар заңды бұзу, бұрмалау арқылы мемлекетке зиянын тигізеді. Елдің бірлігі мен тұтастығы жолында заңдарды бұзушылармен күресу міндет, – деп біледі Жүсіп Баласағұн.

Түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы «Құтты біліктегі» заңның қоғам өміріндегі орны мен рөлі туралы қағидаттық ойларды біліп өмір сүрді. Бұл идеялар  Қазақ хандығы дәуірінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сияқты маңызды тарихи құжаттардан  көрініс тапқаны ақиқат. Қазақ хандары мен билері Жүсіп Баласағұн дастанындағы заң туралы, заңды қабылдау мен оларды орындау туралы идеяларды тікелей қазақ қоғамында қолдануға қол жеткізді. Сондықтан түркі халқының құрамындағы қазақ халқы үшін құқықтық мемлекет мазмұны жат болған жоқ. Қазақ хандығы да, Қазақстан Республикасы да өзінің мемлекеттілігін заңға және заңдылықтың салтанат құру принципіне негіздеді.

Баласағұн тәуелсіз мемлекет болу зор бақыт деп біледі. Биліктің жақсылығы оның түзу заңды ұстануы. Осылай еткен патша жалғанда жамандық көрмейді. Ойшыл ақын әлемдік заңға жер жаһан, адамзат бағынады деген ой айтады. Бұл мәселеде Жүсіп Баласағұн пікірлері Платон, Аристотель секілді ұлы ойшылдар деңгейінен көрінеді. Орта ғасырдағы Еуропа ойшылдары да құқықтық мемлекет идеясына қатысты Баласағұн көтерген мәселелерді күн тәртібіне қояды. Заңды, әділеттілікті ұстанған патша әруақытта халқына құрметті. Халық ханынан көрген жақсылықтарын ешқашан ұмытпайды. Басшының жақсылығын халқы жүз есе қылып қайтарады. Еліне силы, халқына қамқор бола білген патшалар істері мемлекеттің тәуелсіздігінің нығаюына, оның  көркеюіне әкеледі деп есептейді, – Жүсіп Баласағұн (Баласағұн 1986: 523).

«Құтты білік» мемлекетті басқару, оны нығайту, елдегі қайшылықтар мен кемшіліктерді жою туралы ойлар мен идеялардыға тұнып тұр. Мәселе бүгінгі Қазақстан халқы мен билігінің осы идеялар мен принциптерді басшылыққа алуға қабілеттілікті қалыптастыруында.

Мемлекетті билеудің, оны нығайтудың басты принципі мәселені халыққа ашық айту, шындықты жасырмау, қоғамда бар қиыншылықтарды, қайшылықтарды бірге талқылау;

Екінші принцип – адам заңды ұстану, заңның үстемдігі. Көне грек философы Тит Лукреций Кар бірінші рет айтқан «Заңның ықпалына барлық адам бағынуға тиісті болуы» принципіне Жүсіп Баласағұн да ерекше ден қояды;

Үшінші принцип – мемлекет басшысының, патшаның өз халқының мақсат-мұраттарымен, армандарымен бірге болуы. Халықтың мұң-мұқтажын жоқтау, елмен біртұтас болу мемлекеттің тәуелсіздігін қорғау үшін маңызды;

Төртінші прицип – мемлекеттің істерін шешуде батылдық пен қайсарлық таныту, елдің жауларына қатал болу. Қажетті жағдайда мемлекет жауларын жайпап, құртып жіберуге дайын болу;

Бесінші принцип – ақ пен қараны ажырата білу. Ақ пен қараны заңмен белгілеу арқылы шешімі қиын түйіндерді шешуге қабілетті болу;

Алтыншы принцип – патшаның адал, елге жан-тәнімен қызмет етуге дайын секріктерді табуы. Оларға сенім білдіріп, мемлекеттің маңызды шаруаларын шешуге тарту;

Жетінші принцип – халыққа силы, еңбегі сіңген, нағыз отаншыл адамдардың айтқандарына құлақ түру, ақыл-кеңестерін тыңдау (Баласағұн 1986: 529-532).

Баласағұн еңбегін талдау барысында оның ойларының тәуелсіз мемлекет үшін өте қажетті екендігіне көз жеткіземіз. Мемлекеттердің тарихи тәжірибесі ақын айтқан принциптердің барлығының маңызды екендігін дәлелдейді. Адамзат өркениетінің ең жоғарғы сатысында тұрған, дамыған постиндустриалдық мемлекеттерде Баласағұн көрсеткен мемлекеттік өмірді ұйымдастырудың принциптері тарихи шындықтарға айналған. Өркениеттерді дамытуда мемлекеттер басшылыққа алатын идеяларға айналған. Баласағұн өсиеттері барлық халықтар үшін ортақ құндылықтар. Ал, тәуелсіз Қазақстан үшін ақын ойлары мен идеялары тіптен өзекті. Себебі, Баласағұн  өскен орта, ол сөз етіп отырған мемлекет қазіргі Қазақстан жерінде Алтайдан Каспийге дейінгі ұлан байтақ территорияны алып жатқан түркілердің Қараханид және Қарлық мемлекеттері. Протоқазақтардың ата мекені болған Қараханидтер мен Қарлықтар орта ғасырда әлемге танымал шаруашылығы күшті, қалалық мәдениеті озық мемлекеттер дәрежесіне көтерілген. Баласағұнның «Құтты білік» кітабының Қазақстан мемлекеті мен халқына берер  тарихи, тағылымдық және тәжірибелік үлгісі өзекті.

Мемлекет белгілі бір территорияны мекендейтін халықтардың, адамдар топтарының біріккен қызметтері мен әрекеттерінен пайда болды. Адамдарды ортақ мақсаттар мен ортақ тұтыныстық қажеттер, ортақ қауіпсіздік пен шаруашылық бірігуге итерді;

Екіншіден, қоғамдық қатынастарда өмірдің әр түрлі салаларында реттейтін заңдар мен заңнамалық құжаттар маңызды рөл атқара бастайды. Мемлекеттің негізгі тірегіне құқық пен заң айналады;

Үшіншіден, мемлекеттің пайда болуы Құдайдың, Жаратушының, Алла Тағаланың құдіретінен. Теократиялық концепциялар мен теориялардың негізі - мемлекет Құдайдың ісі. Патшаның, Императордың билігі Құдайдан берілетін құбылыс. Патшаны сыйламау, Императордың билігіне қарсы шығу Құдайға қарсы шығумен пара-пар;

Төртіншіден, Мемлекет отбасының, жанұяның жалғасы. Отбасылардың өмір сүру үшін, күнкөрісті жеңілдету жолындағы бірігу әрекеттерінен мемлекет құралады. Патриархалдық теориялар бойынша отбасылар, яғни жанұяның қожайындары болашақ мемлекеттің азаматтарына айналады. Олардың арасындағы ең күштісі, ықпалдысы, айлакері билікті қолына алып монарх болып шығады;

Бесіншіден, көптеген отбасылар мемлекет қоғамдық келісім болуының нәтижесі деп айтады. Табиғи-құқықтық теория бойынша адамдар өзара қарым-қатынастарын реттеудің ең тиімді жолы мемлекет құру екендігіне көз жеткізеді;

Алтыншыдан, күш-көрсету, басқа халықтардың жерлерін, байлықтарын тартып алу мақсатында бірігіп, мемлекет құру. Күштеу теорияларының негізін салушылар Дюринг, Каутский, Ницще т.б. мемлекеттер күшпен жаулап алулар барысында пайда болады. Жаулап алулар арқылы қалыптасып, нығаяды, – дейді.

Жетіншіден, мемлекеттер тірі организмге ұқсайды. Мұндай органикалық теорияны жақтаушылар мемлекеттің қызметі тірі ағзаның қызметіндей жүреді, – деп есептейді.

Сегізіншіден, таптық, марксистік теория бойынша мемлекет тікелей, мүліктік бөлуден, қарама-қарсы таптар күресінен пайда болады. Мемлекет үстем таптың қолындағы құрал. Ол басқа таптарды бағындыру мен басып-жаныштау үшін қажет деген концепция.

Диссертацияның бас кезінде біз көрсетіп кеткен ойлар осы пікірлермен сабақтас екендігіне, мемлекеттің пайда болу себептерін, алғышарттары мен принциптерін әлемдік тарихи, саяси, философиялық ой да көрсетіп айтып кеткендігіне көз жеткіздік. Мемлекеттер туралы салыстырмалы талдау оның шығуының, пайда болуы мен қалыптасуының жеке бір теорияға немесе концепцияға сиыспайтындығын көрсетеді. Мемлекеттер әр түрлі себептерге байланысты, әр түрлі жағдайларда өмірге келеді. Бір мемлекеттің шығуында сол жердегі халықтың ортақ мақсаттары шешуші рөл атқарса, келесі мемлекет патриаралдық факторларға байланысты құрылуы ықтимал, ал үшінші бір жерде мемлекеттер басқа территорияларды жаулап алу барысында қалыптасты.

Тарихи ретроспективтік әдісті қолдану мемлекеттердің қалыптасуының диалектикасын, заңдылықтары мен ерекшеліктерін дұрыс түсінуге көмектеседі. Көнеүнді, көнеқытай тарихи эпостары, ертегрек мифтері мен аңыздары, грек ойшылдарының трактаттары, мемлекет істері туралы ортағасырлық ғалымдардың, жаңа дәуір ойшылдарының еңбектері барлығының бүгінгі адамзат қоғамына қызмет ететін қауқары бар. Себебі грек мифтеріндегі тоғыз музаның бірі – тарих музасы – Клио. Грек сөзінде «мақтаймын» (марапат етемін) деген мағына білдіреді. Адамзаттың дамуына үлес қосқан, әсер еткен барлық істерді, ерліктерді есте сақтаймын, жазып кейінгі ұрпақтарға қалдырамын деген мағына айтылады (Дьяков 1974: 16). 

Адамзаттың тарихи жады оның тарихи және әлеуметтік тәжірибесін жинақтайды. Бастапқы саналы өмірде алғашқы адамдар өз танымынтастарға қашап аңдардың, адамдардың суреттерін салатын болса, кейінірек пергаменттерге, папирустарға жазатын болды. Археологиялық артефактлер,жазба ескерткіштер сөз жоқ мемлекеттердің пайда болуы мен қалыптасуы тарихынан сыр шертіп, ақпараттар береді. Өкінішке орай біз өз зерттеуімізде археологиялық ескерткіштердегі тәуелсіз мемлекет тарихының көрініс тақырыбын, аса қызықты тақырыпты зерттеуді мақсат тұтпаймыз. Біздің мақсат қазақ халқының саяси, тарихи, әдеби, философиялық ойындағы мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы туралы ой-пікірлерге сараптама жасау. Сол арқылы қазақ этносының мемлекеттілдік санасының қалыптасу тарихын және оның ерекшеліктерін көрсету.

Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы тарихи факт. Оның ақиқаттығын XVI-XVIII ғасырларда өмір сүрген Қазақ хандығы және 1991 жылы өмірге келген Қазақстан Республикасының болуы дәлелдейді. Қазақстандағы қазіргі болып жатқан әлеуметтік-саяси үрдістер тәуелсіз ел болу барысындағы өзгерістерге байланысты. Сондықтан оларды тану арқылы біз тәуелсіз ел, мемлекет болудың нәтижелерін байқаймыз. «Танымның тарихи сипаты өз мәнінде дәуірлердің алмасуына байланысты. Оларды ашу, түсіндіру сол кезеңдегі ғылым меңгерген негізгі заңдылықтарға байланысты» – деп жазады Ресей ғалымы А.Т. Москаленко (Методология в сфере теории и практики 1988: 57) . Шындығында Қазақстанның тарих ғылымы тәуелсіздікке тарихи факт ретінде баға бере отыра өзгерген қоғамдағы әлеуметтік-рухани, саяси-мәдени өзгерістердің мәні мен мазмұнына жаңаша баға беруге ұмтылуда.

Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның қалыптасуы туралы тарихи фактілерді, тарихи деректерді біз өз еліміздің билік органдары қабылдаған құжаттардан аламыз. Оларды жазба тарихи деректердің қатарына жатқызуға болады. Мысалы, тарихшылардың пайымдауы бойынша «бір мәселеге қатысты жазба тарихи дерек, бірнеше маңызды мәселелерге байланысты тарихи ақпараттар беруі әбден мүмкін» (Пронштейн,Данилевский 1986: 45). Сондай тарихи тағдырлық маңызы бар және қоғамдық саяси қатынастардан көп деректер беретін құжаттар қатарына 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі қабылдаған «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» жатады (Қазақ ССР-нің мемл. егемендігі туралы Декларация 1990: 1). Бұл құжатта Қазақстанның тәуелсіздікке жету барысындағы қоғамдық-саяси ахуал өте өткір көрсетілген. Ең бастысы Республикада саяси тұрақтылықты, этникалық татулықты сақтай отыра егеменді мемлекет құруға көшу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Кеңес Одағының құрамынан шығу мәселесі көтерілмегенімен ұлттық мемлекеттілікті нығайту, Қазақ халқының тілін, дәстүрін, тарихын қайта түлету. Республика шеңберінде елдің Жоғарғы Советі қабылданған заңдардың үстемдігі, азаматтық бостандықтар мен құқықтарды сақтау, меншік түрлерінің әр алуандылығын тану, елдің территориясының біртұтастығын нығайту, бейбітшілікті сақтау, халықаралық қатынастарда Қазақстанның рөлін көтеру сияқты тағдырлық мәселелерді шешу көзделеді. Бар жоғы 17 баптан ғана тұратын қысқа ғана құжатта сол кезеңде Қазақстан халқының алдына тұрған негізгі қоғамдық-саяси міндеттер өз көрінісін тапқаны тарихи факт.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы ел халқының ішкі саяси және әлеуметтік талаптарынан туды ма? Бұл үрдіске Кеңес Одағының дағдарысы қаншалықты ықпал етті? Кеңес Одағы Коммунистік партиясы басшылығының жіберген қателіктерінің әсері қалай болды? Капитализммен экономикалық бәсекеде Кеңес Одағы қалай ұтылды? т.б. көптеген мәселелерді дұрыс түсіну үшін, дұрыс тарихи баға беру үшін өзіміздің методологиялық бағамдарымыз бен бағдарларымызды анықтай алуымыз дұрыс. Бұл ретте қоғамдағы өзгерістерді кешенді талдау пайдалы. Ең алдымен тарихи процесс субъектілері әлеуметтік топтар мен таптар қызметі. Олар қоғамның фундаментін, базисін құрайтын материалдық қатынастарға тәуелді, – деп жазады Ресей ғалымы И.Т. Кругова (Кругова 1982: 88).

Демек, тәуелсіз Қазақстанның пайда болуы үрдісін зерттегенде осы құбылысқа әсер еткен экономикалық, саяси, рухани, әлеуметтік, халықаралық т.б. факторлардың ықпалдарын жан-жақты қарастыруымыз керек. Құбылысқа әсер ететін үрдістер өз көріністерін тәуелсіздік алу барысында, тәуелсіздікті нығайту мақсатында қабылданған тарихи құжаттардан табады. Сондықтан ел тәуелсіздігін заңдастырып берген тарихи құжаттардың өтпелі кезеңнің мән-мағынасын және негізгі басымдылықтарын түсіну үшін маңызы үлкен.

Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін тарихи шындыққа айналдырған, елдің жаңа өмірінің дәуірін ашқан маңызды құжат «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы». 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданып Қазақстанның тұңғыш Президенті қол қойған бұл Заң 18 баптан ғана тұратын шағын құжат (ҚР мемл. тәуелсіздігі туралы Заңы 1991: 1). Бірақта әрбір баптың мазмұны ауқымды, көтеретін мәселесі тағдырлық сипатта.

Қазақстан халқы мен тек ұлттық құндылықтарды ғана емес жалпыадамзаттық құндылықтарды, бейбітшілікті жақтайтындығы заң арқылы мәлімделді. Дамыған өркениетті мемлекеттер ұстанған демократиялық, құқықтық мемлекет құру мәселесі қойылды. Ел шекарасының біртұтастығы, мызғымастығы жария етілді. Демократияның негізгі принципі биліктің қайнар көзі-халық екендігі біртұтас Қазақстан халқы егеменді мемлекеттің тірегі екендігі, әлемге шашырап кеткен қазақ ұлтының өкілдерінің Қазақстан азаматы болуға құқылығы танылды. Сонымен бірге, социалистік саяси жүйені демонтаждап, жаңа биліктің бөлінуіне негізделген саяси жүйені жасау күн тәртібіне қойылды. Бұрын Одақтың меншікте болып келген жер, оның байлықтары, алтын қоры, ақшасы толықтай Қазақстан меншігіне айналды.

Заңда Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың құрамдас бөлшегіне айналатындығы белгіленіп, елдің қауіпсіздігін қорғау жолында қарулы күштер құру қажеттігі көрсетілді. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселелердің барлығын Республика өзінің ішкі мәселесі ретінде өзі шешетіндігі, тәуелсіздіктің құқықтық базасын кеңейту мақсатында жаңа Конституция қабылданатындығы жария етілді.

Егемендік туралы Декларация мен тәуелсіздік туралы Заң Қазақстандағы сепаратистік пиғылдағы топтардың іс-әрекеттеріне заң жүзінде тосқауыл қойды. Кеңестік жүйенің сақталуын жақтаған топтардың жаңа «Одақтық шарт» қабылдау мақсаты да іске аспай қалды. КОКП-ның соңғы Бас секретары, КСРО-ның Президенті М. Горбачевтің Одақтағы децентрализациялану үрдісін тоқтатуға тырысқан әрекеттері нәтиже берген жоқ. Кеңес Одағы дағдарысқа ұшырап күйрей түсті. Жер шарындағы ең қуатты әскери державаның бірі Кеңес Одағының 3-4 жылғы ішкі экономикалық, саяси-әлеуметтік дағдарыстар ықпалымен ыдырап кетуі Қазақстан тарихшыларын ойландырып отыр. Орталықтан аулақтаған күштер одақтас республикалардың құқықтары мен бостандықтарын біршама кеңейткен «Егеменді Республикалар Одағы туралы Шарттың» жобасын талқылаудан бас тартты (Договор о Союзе : 1991: 1-2).

Қазақстанның тәуелсіздік алуына алып келген Кеңес Одағының күйреуі мәселесі турасында көп айтылған. Кеңес Одағының ыдырауы жағдайында қабылданған «Социализм, демократия, прогресс» атты КОКП бағдарламасында жіберілген кемшіліктер ІІ-ші тарауында тарих тағылымы ретінде мойындалады. Социализмнің бұрмалануы мен дағдарысы сталинистік репрессия кезеңінен басталады, – делінген бұл құжатта. КОКП-ның ең басты қателігі тоталитарлық жүйенің қалыптасуы. Мемлекет дағдарысының басты себебі халықтан алшақтаған осындай жүйенің билік құруында болды. Шектен тыс орталықтанған билік барлық мәселені өзім ғана шешемін деген ұстаныммен зор зиян әкелді. Партиялық бюрократия «қоғамдық жүйені бұрмалаудың себептері мен сипатын түсінген жоқ... перспиктиваларды айқындауда ірі өрескел ағаттықтар туғызды», – деп мойындалады (Социализм, демократия,прогресс 1991: 1-2).

Кеңес Одағының ыдырауының келесі себебі биліктің ұлттық қатынастарға дұрыс басшылық жасамауына байланысты. КОКП-ның ұлт саясаты Кеңес халықтарының ұлттық өмірін басып жаныштайтын жалған интернационализм ұранымен жүріп жатты. Ана тілінен, ұлттық құндылықтарынан мүлдем айрылып қалудан қауіптенген халықтар Кеңестік жүйеге қарсы шыға бастады. Осы құбылыстың себептерін сол кездегі КОКП басшылығы да мойындады. 1989 жылы 20 қыркүйекте қабылданған «Партияның қазіргі жағдайдағы ұлт саясаты» атты КОКП тұғырнамасында «Елдегі қоғамдық қатынастардың деформациялануы ұлтаралық қатынастарға зиян тигізді. Әкімшілдік-әміршілдік жүйе орталықтанған, біртекті құрылымдарға сүйеніп, даму барысында ұлттық өмір тудыратын талаптарды елеп-ескермеді», – деп ашық айтты (Национальная политика партии 1989: 1).

Полиэтникалық мемлекет ұлттық өмірге үнемі назар аударып отыруға тиісті болатын. Өкініштісі, қоғамдық өмірді интернационализациялау талабы бірінші орынға шығарылды. Халықтар ортақ шаруашылықта, ортақ ақпаратта, ортақ мәдени кеңістікте бірігіп біртұтас совет халқы нығая береді деген жаңсақ концепцияға КОКП басшылығы сенді. Социализм идеясы жолында, біріккен совет халқы болу үшін елдегі халықтар жойылып, ассимляцияланып кетуді қаламайтындығын Кеңес Одағының  басқарушы элитасы түсінгісі келмеді. Ортақ орыс тілі, ортақ орыс мәдениетінің үстемдігіне әкелетіндігін ұлттық республикалардағы зиялы қауым жақсы түсінді. Барлық өңірлерде ұлттық өмірге, тілге қатысты ашық талқылаулар жүре бастады. М. Горбачев тұсындағы жариялық пен қайта құру саясаты жастардың демократиялық санасын ғана емес, ұлттық санасын да оята бастады. КОКП-ның ұлттық саясаттағы бұрмалаулары мен зорлығына қарсы ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында бірнеше ірі көтерілістер болды. Олардың ең қуаттысы 1986 жылғы желтоқсан айындағы Алматыдағы 50 мыңнан астам жұмысшы және студент жастар қатысқан көтеріліс болды. Мұндай антикоммунистік көтерілістер Тблисиде, Вильнюсте, Бакуде болды. Көтерілістер Кеңес Одағының саясатының қателігін әшкерелеп оның іргесін шайқалтты. Қазақстан тарихшылары Желтоқсан көтерілісін Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына жол ашқан алғашқы оқиға, тәуелсіздіктің алғышарты деп бағалар берді. Бұл пікірдің дұрыстығын көптеген зерттеулер дәлелдеп отыр (Қазақстан тарихы 1994: 397). Елдің беделді тарихшылары «Сайып келгенде, қоғамды дағдарысқа, тоқырауға алып келген тоталитаризм мен әкімшілдік жүйе ғана емес, ең бастысы ұлттық проблемелардың шешілмеуі болуы,» деп әділ баға берді (Қазақстан тарихы 1994: 397).

Қазақстанда тәуелсіз мемлекеттің құрылуы бейбіт жолмен іске асырылды. Алайда, бұл үрдіс түрлі қиыншылықтар мен қайшылықтарға толы болды. Халық тәуелсіздік алу жолында қолына қару алып күреске шыққан жоқ. Негізгі ықпал Кеңестік тоталитарлық жүйенің өз ішінен ыдырауы, өмір сүруге қабілетінен айырылуы еді. Басқа халықтар сияқты қазақ халқы да онымен бірге өмір сүріп отырған басқа халықтар да тоталитарлық, кеңестік жүйенің күйреуіне мүдделі болды. Міне, осы халықтарды басып жаныштаған Коммунистік тоталитарлық жүйеге деген, Компартия идеологиясының догмаларына деген ішкі саяси наразылық КСРО-ның күйреуіне жеке тәуелсіз Қазақстанның пайда болуына әлеуметтік психологиялық алғышарт жасады. Қазақстан халқы да әлем халықтарының сара жолын таңдады. Бұл құбылыс туралы Президент Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы маусым айында «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы» баяндамасында « Біз нақты демократия жүйесін орнықтырмайынша мемлекет дүниежүзілік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі бола алмайтын жағдайды ескерудеміз... Өткеннің тек жалпыадамзаттық қазыналарын ғана алып, бұрынғы таптауырындардан, таптық догмалармен жалған мұраттардан арылуды түбегейлі жариялаудың маңызы зор»,-деп атап көрсетті (Назарбаев, 1992: 1)

Қазақстан тәуелсіздік алу үрдісінде демократиялық мемлекет құруды міндет етті. Елдегі тарихи өзгерістер, саяси жүйе реформалары шын мәніндегі демократиялық қоғам сипатын ала бастады. Оның айғағы ретінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ өмірге келген көппартиялық құбылысын айтуға болады. Сонымен бірге қоғамдық, ұлттық, діни ұйымдар көбейе бастады. Қазақстанды демократияға бастайтын азаматтық қоғам белгілері өмірге келді. Сондықтан Қазақстанда тәуелсіздік алу үрдісімен қатарласа демократиялық эволюция үрдісі де басталды. Кейінгі жылдардығы даму тәуелсіз мемлекеттің дамуы мен демократия эволюциясының ықпалдасуы өте күрделі диалектикалық қайшылықтарға толы құбылыс екендігін дәлелдеді. Демократия жылдам тарихи мерзімде толыққанды жұмыс істеп кетпейтіндігіне ел халқының көзі жетті.

Тәуелсіз Қазақстанның өмірге келуін және оның дамуының бастапқы кезеңіндегі қоғамдық-саяси үрдістер мәнін түсінуге көмектесетін 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы (ҚР Конститутциясы 1993: 3). Бірінші Конституцияның жобасы ел баспасөзінде халықтың ашық талқылауын 1992 жылдың 11 маусымында ұсынылды. Халық Ата Заңның жобасы 5 айға жуық талқылаудан өткізіп барып қабылдады. Бірінші Конституцияда Қазақстан халқы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі болып жатқан тарихи өзгерістерді заң жүзінде бекітуге тырысты. Ең алдымен тоталитарлық саяси жүйеден құтылудың мақсаты белгіленіп Республика парламенттік-президенттік жүйеге ден қойды. Жобаның 13 тарауында Жоғарғы Кеңес (Мәжіліске) кең билік өкілеттілігі берілді. Жоғарғы Кеңес заң шығарушылық қызметімен қоса атқарушы билікті, сот билігін, президент билігін бақылау құқығына ие болып, мемлекеттегі шешуші билік институтына айналды. Ал, атқарушы биліктің басшысы болатын Президент көптеген өзекті мәселелерді шешуде Жоғарғы Кеңеске тәуелді болатын ахуал қалыптастыру көзделді (ҚР Конститутциясы 1993: 33).

Қазақстан өзінің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы тарихын 1993 жылғы Бірінші Конституциямен байланыстырды. Бұл Конституцияның жақсы жетістіктерімен қатар елеулі олқылықтары болды. Дегенмен Қазақстанда бірінші Конституцияның талқылануы және қабылдануы тарихи шындыққа сәйкес өздерінің елді билеудің негізгі жодары мен принциптеріне байланысты көзқарастарын білдірді.

Міне осындай адамзаттың синтезделген озық тәжірибесін, дамуындағы ортақ заңдылықтарын Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын жасаушылар да пайдаланды. Бұл құжатта конституциялық құрлыс демократиялық, унитарлық мемлекет жасауды көздейді деп жарияланды.(ҚР Конститутциясы. Жоба 1992: 1-3). Ел халқы азаматтық құқықтар мен бостандықтарды, демократиялық құндылықтарды басшылыққа алды. Сонымен қатар алғашқы Конституцияда Қазақстанның тарихи иесі Қазақ ұлты екендігі айшықталды. Мемлекеттік тіл статусы тек қазақ тіліне ғана беріледі. Қазақстан азаматы басқа елдің азаматы бола алмайтын бір ғана азаматтық заңдастырылды. Адам өмірі ең басты құндылық ретінде танылды. Сөз, баспасөз, дін бостандығы мойындалып, көзқарастың әралуанды болуы шешілді. Қазақстан әлемдік нарыққа бетбұрыс жасады. Нарықтық қатынастардың еркін дамуына жол ашатын меншіктің сан-алуандылығына рұқсат беріліді. Қазақстанның мемлекеттілігін бекітетін мемлекеттік рәміздерді құрметтеу міндеттелді.

Қазақстан өзінің өркениетті дамыған елдердің тарихи тәжірибесін басшылыққа алатындығын, Кеңестік социалистік жүйеден бас тартатындығын жария етті. Қазақстан халқы «Адам құқыларының жалпыға бірдей Декларациясында» баянды етілген жеке адам құқылары мен бостандықтарының үстемдігін мойындай отырып, қазақ ұлтының өзін-өзі билеу хұқын растай отырып, азаматтық қоғам және хұқылық мемлекет құруға бел байлағандығын» жария етті.(ҚР мемл. тәуелсздігі туралы Заңы 1991: 1)

Қазақстан тәуелсіз мемлекет құру теориясын, методологиясын, қағидаттарын тыңнан тартып, жаңадан ашқан жоқ. Бізде мемлекет құрудың адамзат жүріп өткен тарихи тәжірибесіне сүйендік. Соны негізге алдық. «тарих ғылымының басқа рухани қызмет салаларынан ерекшелігі, оның фактілерді түсінумен қатар, құбылыстардың ішкі мәніне ұмтылуы, олардың өзара байланыстарын көрсету, бұл байланыстардың жалпы формуласын заңдылық ретінде шығару», – деп жазды белгілі тарихшы Н.А. Ерофеев .(Ерофеев 1976:68) Алайда, тарихшылардың екінші тобы тарихи процесте ортақ заңдылықтар болмайды. Әр елдің өзіндік ерекшеліктері, түрлі жаңа құбылыстар ортақ заңға бағынбайды деген пікір айтады. Неміс тарихшысы Э. Мейер, американ тарихшылары Ч. Бирд, ағылшын философы К. Поппер т.б. «осы уақытқа дейін ғалымдар тарихи дамудың қандай да бір жалпы заңдылығын анықтаған жоқ, тіптен өткен оқиғалар негізінде қазір не болып жатыр, болашақта не болады деген негізделген принцитерді де анықтаған жоқ», – деп есептейді (Ерофеев 1976: 69).

Алайда, біздің пікірімізше адамзат тарихы белгілі бір заңдармен принциптерге бағынады. Бұлай болатындығын Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрылыс тәжірибесі де дәлелдейді. Барлық халықтардың тәуелсіз мемлекет болуға ұмтылысын табиғи заңдылық ретінде еріксіз мойындаймыз. Екіншіден, әлемдік демократиялық, құқықтық мемлекет тәжірибесін ортақ заңдылық деп бағалаймыз. Халықтардың саяси тұрақтылықты, этносаралық келісімді, әлеуметтік қатынастарды жетілдіруді, индустриалды қоғамды постиндустриалды қоғамға ұластыруды ақпаратты ортақ пайдалануы т.б.халықтар мен мемлекеттерді дамудың ортақ заңдылықтары ретінде қарастырамыз.

Тарихи дамуда орын алатын ортақ заңдылықтар барлық елдерде бірдей болып қайталанбайтыны белгілі. Бірақта, ортақ белгілер, ұқсастық болады. Олар әр елдің ерекшеліктеріне сәйкес әр түрлі жағдайда көрініс береді. Мемлекеттер қалыптасуы мен нығаюының да ортақ белгілері әр мемлекетте болады. Олар өз ерекшеліктеріне сәйкес өтеді. Тарих ғылымының теориялық және методологиялық мәселелерін қарастырғанда «тарихи таным белгілі бір оқиға өтіп кеткен соң басталады...өткенге тән болған бұрынғы заңдар өзгеріссіз қалмайды, бірақта олардың көрініс беру формалары өзгереді. Себебі, сол заңдар көрінген тарихи оқиға қайталанбайды, тек даму бағыты ғана қайталанады»(Иванов и др.1981: 41-43), – деген пікірді қолдауға тұрады.

Осы тұрғыдан зерттегенде Қазақстанда тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы объективті заңды процесс екендігіне көз жеткіземіз. Бұл құбылыс қоғамның ішкі даму талаптарынан туды. Тарихтың даму қозғалысы Қазақстанда тәуелсіз елдің пайда болуына өз заңдылығымен алып келді. Тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы алып Кеңестік империяның бейбіт жағдайда дағдарыстар салдарынан ыдырауынан басталды. Бұл құбылыстан күштердің орталыққа жинау үрдісінің әлсіреу заңдылығының ықпалын байқаймыз. Қатаң орталықтанған әкімшілдік, әміршілдік жүйенің жұмыс істеуге қабілеті мен ресурстарының таусылуы тарихи заңдылығы көрінді. Екіншіден, халық әсіресе метрополияның халқы орталықтың әлеуметтік-экономикалық саясатын қолдауын тоқтату заңдылығының ықпалын байқаймыз. Кеңес халықтары КОКП мен Кеңес Одағы басшылығының билікте қала беруінен жалықты. Үшіншіден, қате ғылыми негізделмеген басқарудың зияндығы анық көрінді. Қандай да болмасын мемлекетте қате, тарихи даму талаптарына сәйкес келмейтін басқару болса ондай мемлекет тоқырайды. Төртіншіден, Кеңес Одағында әлемдік ұдайы жаңару, өзгеріске келу заңдылығы бұзылды. ХХ ғасырдың  70-80 жылдарында ширек ғасырға созылған тоқырау КСРО экономикасының бәсекеге қабілеттілігін төмендетті. Ел ғылыми-техникалық процесті дамытуда артта қалды. Бесіншіден, сөз бен істің, теория мен практиканың біртұтас болуы заңдылығы бұзылды. КОКП-ның саясаты мен идеологиясы Кеңес халықтарының объективті даму талаптарына сәйкес келмеді. Сөз бен істің арасы алшақтап, қоғамды өтірікпен жалғандық басты. Осыншама заңдылықтардың бұзылуы Кеңес Одағының ыдырауына әкеліп, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет құруына тарихи алғышартты жасап берді.

«Тарихи таным адамдардың мақсатты қызметтерін бірінші орынға қойып зерттейді. Кездейсоқ, жаңаша құбылыстардың тарихи процеске ететін әсерлері үнемі екінші кезекте қалып тұрады», – деген тарихтың методологиясын зерттеушілердің пікірі орынды (Жуков 1980: 183-184). Осы принцип тұрғысынан алып қарағанда Қазақстандағы тәуелсіз мемлекетті құру үрдісі бір ортақ мақсат – демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекетті қалыптастыруға бағытталды. Қазақстанның Президенті, оның қасындағы басқарушы элита және Қазақстан халқы Конституциялық мақсатты орындауда әлемдегі озық өркениетті мемлекеттер тәжірибесіне, либералдық қоғам идеологиясына және отандық, түркілік гуманторлық ойдың негізгі қағидалары мен идеяларын басшылыққа алды. Жоғарыда айтылған рухани құндылықтар мен мұраттар тәуелсіздіктің тарихи талпынысына, идеологиясымен философиясына айналды.

Сонымен қатар, Қазақстандағы тәуелсіз мемлекет құрудың тарихи шарасында бірінші кезекте өтпелі, транзитті қоғамның экономикасын реттеуді зерттеген әлемдік экономика мен саяси экономика ғылымдарының, саяси, әлеуметтану, психология ғылымдарының негізгі жетістіктері пайдаланылды. Президент аппаратында, Парлементте, саяси партияларда, зиялы қауым ортасында, сарапшылар қауымдастығында тәуелсіз мемлекетті құрудың, қалыптастырудың және дамытудың түрлі аспектілері талқыланды. Сол кездегі бұқаралық ақпарат құралдарына жасалған контент-талдау бұл үрдістің ерекше белсенділікпен жүргендігін анық дәлелдейді. «Тарихи таным үшін мұндай үрдістің болуы өте маңызды, себебі, тарих ғылымы, табиғи ғылымдарға қарағанда әлеуметтік шындық пен тікелей байланыста ғана зерттеледі», – дейді А.И. Ракитов (Ракитов 1982: 264).

Демек, Мемлекеттің қалыптасу процесін зерттеуде жүйелі, кешенді ғылыми тәсілдерді пайдаланған жөн. Себебі, мемлекет сияқты күрделі организмнің қалыптасуына саясат пен экономикадан басқа, халықтың әлеуметтік мүдделері, саяси-қоғамдық белсенділігі, тарихи жады т.б. факторлар әсерін жасайды. Сондықтан, жүйелілік тұрғысынан «объектіні көпжақты және күрделі құрылымдардың бірлігі, ол бөлек-бөлек құбылыстармен элементтерден тұрады», – деп көрсетеді Ресей ғалымы Андренов (Андренов 1982: 132-137). Біз де өз зерттеуімізде Қазақстанда тәуелсіз мемлекет қалыптасуы құбылысын жүйелік өзгерістер үрдісі ретінде қарастырамыз.

Қазақстандағы мемлекеттік жүйе өтпелі кезеңде Кеңестік жүйенің жалғасы болды. Жаңа мемлекеттік құрылыс жасау үшін белгілі бір тарихи мерзімді қамтитын реформалар жасау керек болды. Қазақстандағы өзгерістер экономиканың реформалардан басталуы. Тәуелсіз мемлекет өмірге келгеннен бастап Президент Н.Ә. Назарбаев «Алдымен экономика-одан кейін саясат» деген қағидаттық тезисті басшылыққа алды. Бұл принцип Қазақстандағы экономикалық реформалардың басымдылығын қамтамасыз етті. Қазақстандағы реформалардың ерекшелігі Кеңес Одағы кезіндегідей күштеп жаңарту (силовая модернизация) халыққа және шаруашылыққа таңылған жоқ. Ел басшылығы реформалардың қоғамдық қатынастардың табиғи талаптарына сәйкес болуын қатаң бақылады. Қарапайым халықтың, еңбекші әлеуметтік топтардың мүдделерін қорғау, олардың материалдық әл-ауқатын жақсарту экономикалық реформалардың басты мақсаты ретінде қарастырылды. Қазақстан транзиттік даму туралы әлемдік теория мен тәжірибені басшылыққа алды. Әрине«қандай теория болмасын өзара байланыстағы пікірлер, көзқарастар және ұсыныстар жүйесі. Ол таным объектісінің қызмет ету заңдылықтарын түсіндіреді.... Теория түрлі қызметтер атқарады. Ғылым үшін ең маңыздысы теорияның түсіндірушілік қызметі. Ол зерттеу объектісінің құрылымының түсініксіз жақтары туралы пікірлер қалыптастыруға көмектеседі», – деп жазды белгілі Ресей методологы В.В. Быков (Быков 1974: 132-137).

Бұл тұрғыдан қарастырғанда Қазақстанда мемлекеттік құрылыстың тәжірибесі болмады. Кеңестік жүйенің, КОКП-ның тәжірибесі тәуелсіз Қазақстанға қажетті болған жоқ. Өкінішке орай Қазақстан халқы өзінің төл мемлекеттілігі болған Қазақ хандығының тәжірибесін пайдалана алған жоқ. 250 жылдан астам уақытқа созылған патшалық Ресей мен Кеңес Одағының үстемдік саясаты, зорлық зомбылығы Қазақ халқының тарихи жадындағы төл мемлекеттілік тәжірибесін ұмыттыруға шақ қалды. Тек тәуелсіз ел орныға бастаған соң ғана қазақ халқы өзінің тарихи жадын қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Қазақ хандығының 400 жылдық тарихы мен мемлекеттік құндылықтары ел басшылығы мен халқының тарихи санасына ықпал етуі үрдісі басталды. Тәуелсіз дамудың бастапқы сатысында Қазақстан өзінің тарихи тәжірибесіне сүйене алмай, еріксіз адамзаттың озық гуманистік тәжірибесіне арқа сүйеді. Қазақстанның өзіне тән төл ерекшеліктерін есепке алу, соған сәйкес келетін шешімдер қабылдау өз дәрежесінде болған жоқ.

Уильям Ростоудың «экономикалық даму сатылары» теориясы Қазақстан қоғамында елдің мемлекеттілігін қалыптастыру тарихтың мазмұны мен мағынасын ашуға көмектеседі. Бұл теорияның ерекшелігі марксизмдегідей экономикалық, материалдық қатынастарды ғана бірінші орынға шығарып қана қоймайды. Ростоу өркениеттілік теориясы сияқты, формациялық теория назарын аудармайтын мәдени, әлеуметтік, ақпараттық, саяси және идеологиялық қатынастарды экономикалық қатынастардан кем көрмей, онымен қоса қарастыру қажет деп біледі (Кон 1990: 30).

Қазақстан тәуелсіздігінің тарихи қалыптасуы мәселесін зерттеу барысында өркениеттер теориясы мен қоса «экономикалық даму сатылары» теориясын да басшылыққа алу дұрыс деп айттық.

Осы теориялар тұрғысынан қарасатырғанда Қазақстанда тәуелсіз мемлекет қалыптасуы тарихын неғұрлым толық ашуға көмектесетін жазба деректер көздері көбейе түседі. Олар: Саяси партиялардың бағдарламалары, тәуелсіздікті бекітетін заңдар, қоғамдық козғалыстар құжаттары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің сөздері мен естеліктері, БАҚ материалдары. Сонымен қатар әлеуметтік – саяси өмір келбетінен өте көрнекі ақпарат беретін елдің транзитті қоғамына арналған кино, фото, видео материялдар т.б. дерек көздері болатын құжаттар баршылық. «Тарихшы қолында бар жазба дерекке бір ғана тұрғыдан қарамауы керек. Бір деректің өзі қоғамдық-саяси өмірдің түрлі қырлары мен қалтарыстары туралы көптеген мағлұматтар беруі әбден мүмкін», – деп жазады Ресей тарихшылары (Пронштейн, Данильевский 1986: 45).

Мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақсатандағы қоғамдық-саяси үрдістерде шешуші рөл атқарған көппартиялық жүйенің қалыптасуы үрдісін алайық. Көппартиялық мәселесі ресми, бейресми  талқылаулар деңгейінен шығып  Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз органы «Қазақ әдебиеті» газетінде де қызу талқыланды. Қазақ жазушылары елдегі демократия институтын нығайтуды, парламентаризмді күшейтуді көппартиялық жүйенің дамуымен байланыстырды. Қазақстанның кейбір белгілі жазушылары елде діни партия құрудың қажеттігін де күн тәртібіне қойды. Әкім Таразидің пікірінше “дінге сенген көпшіліктің күнбе күнгі тіршілік қамын, саяси, әлеуметтік мүдделерін қолдап, жоғын жоқтап, парламенттік күрес арқылы үкімет билігіне ықпал жасап отыру – партияның міндет-мақсаты», – деп жазды (Тарази 1991:14). Белгілі жазушы осы мақаласында елдегі қоғамдық-саяси ұйымдар мен қозғалыстардың жағдайына да объективті бағасын береді. Кейбір ірі қозғалыстарлың саяси партияға айналуға потенциалы  бар екендігін көрсетеді.

Өтпелі кезеңнің бастапқы жылдарында БАҚ-да Алаш арыстары жайында және шетелдерде тәуелсіз мемлекет құру мәселесін шешкен мемлекет қайраткерлері туралы көптеген мақалалар жарияланды. Бұл құбылыс халықтың тәуелсіздік үшін күрес тарихын, маңызын және қиындықтарын түсінуге көп көмектесті. Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың,Халел Досмуғамедовтың, Міржақып Дулатовтың, Мұстафа Шоқайдың т.б. еңбектеріндегі тәуелсіз мемлекет туралы идеалар, ойлар, тұжырымдар, ұсыныстар Қазақстан халқының мемлекетшілдік көзқарастары мен дүниетанымының қалыптасуына ықпалын тигізді. Сонымен қатар бауырлас түрік халқының көсемі Мұстафа Кемәл Ататүріктің Батыс үлгісіндегі, демократиялық құрлысқа негізделген Түрік Республикасын құру тәжірибесі де Қазақстан басшылығы мен халқына үлгі-өнеге болды. Ататүріктің тарихи тәжірибесіне ел халқы аса жоғары баға берді. Қазақ халқына кемализм идеологиясындағы ұлттық егеменділік принципі жақын болды.

Өтпелі кезеңдегі реформалардың мән-мағынасы мен мақсаттарын айқындауда кемализмнің рөлі позитивті болды. Белгілі түріктанушы Фадли Әли «Түрік ұлтының заманауи өркениет деңгейіне жетуі жолында Ататүрік жүзеге асырған реформалардың негізі болған принциптердің жиынтығы «Кемализм» деп аталады. Бұл жалаң  теория емес, Ататүрік құрған Түркия Республикасы мемлекетінің практикалық тұрғыдағы идеологиялық негізі болып саналады», – деп өте дұрыс ескертеді (Әли Ф 1991: 3). Кемал Ататүріктің мемлекетті құрудағы таңдаған бағыттары: республикашылдық, халықшылдық, ұлтшылдық және мемлекетшілдік болды. Қоғамдық қатынастарды қалыптастырудың аталып өткен  принциптерін Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап  Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың таңдауы болғандығын атап өткен жөн. Демек, Қазақстан қоғамы Түрік Республикасындағыдай демократиялық принциптері негізінде басқарылуы тиіс болды. Екіншіден, мемлекет өзінің барлық ресурстарын ел халқына қызмет етуге пайдалануға міндетті. Үшіншіден, ел халқының негізгі тірегі, мемлекет жасаушы ұлт-қазақ халқы. Көпэтникалық Қазақстан халқы қазақ ұлтының төңірегінде топтасып, ұйысады. Төртіншіден, мемлекетшілдіктің тірегі бүткіл халықтың Қазақстанның «Мәңгілік ел» болуы жолында еңбек етуі, күресуі. Экономиканың, саясаттың, әлеуметтік-рухани саланың мемлекетті нығайту жолына қызмет етуі болмақ. Бесіншіден, либералдық идеологияның үстемдік құруы. Көзқарастардың әралуандылығы, діннің мемлекеттен бөлінуі, қоғамдық қатынастардың заңмен реттелуі.

Қарап отырсақ Түрік Республикасының зайырлық, құқықтық, демократиялық мемлекет орнатудағы өтпелі кезеңдегі тәжірибесі, сол кезеңдегі басымдылықтар Қазақстан қоғамында да аса зор мәнге ие болғандығына көз жеткіземіз. Яғни, транзиттік қоғамда әр елдің алдына қойған мақсаттарына орай ортақ мақсаттар мен құндылықтар орын алады. Зор мемлекет нарықтық экономикаға негізделген либералдық қоғам құратын болса тәуеліз мемлекет құру барысында шешілетін ортақ міндеттер көп болады. Бұлай болатындығын әлемдік транзитология ғылымы да дәлелдеуде.

Транзиттік даму барысында күшті, тәуелсіз мемлекет қалыптастыра  алған Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайланд сияқты «Азия жолбарыстары» атанған мемлекеттердің тәжірибесін Қазақстанның басшылығы өз қажеттігіне жаратты. Аталған мемлекеттермен қоса Қытай Халық Республикасының нарықтық жаңаруының тарихи тәжірибесі Қазақстан халқына үлгі болуы. Азияның жаңаруын бастаған көсемдер Дэн Сяоциннің, Ли Куан-Ю-дің реформаторлық және мемлекетшілдік еңбектерінің қазақ халқына тигізген пайдасы мол болды.

Қорытынды. Осыншама мол әлемдік тарихи, саяси және әлеуметтік тәжірибені Елбасы қазақ халқының тарихи тәжірибесімен және ұлттық ұстанымдарымен ұштастыруға ұмтылды. Қазақстан халқының және саяси басшылығының тарихи тәжірибесі мен саяси көзқарастары, тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру туралы танымы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының екінші Конституциясында өз көрінісін тапты. Жаңа Конституция тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыттарын анықтап берді. Қазақстан демократиялық Республика болу жолын таңдады.

Екінші Конституцияда мемлекеттің тәуелсіздігі демократиялық қоғаммен байланыстырылды. Біртұтас унитарлы мемлекеттегі биліктің қайнар көзі – халық екендігі жарияланды (ҚР Конститутциясы 2008: 4). Президент, Парламент, Үкімет өздерінің конституциялық өкіметтіктері шеңберінде халық атынан қызмет ететін болды. Бұл құжат елдің тарихи тағдырын анықтап берген  Негізгі заңға айналды. 1995 жылғы Конституция формасында Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты.

Ата Заң елдегі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық келісімге және әлеуметтік татулыққа заңдық тірек бола алды. Құжатта Қазақстан қоғамы өзінің алдына қойған көкейкесті мақсат-мұраттарын және құндылықтарын нақты көрсетті. Олар Конституцияның 1-ші бабында «ел өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп жариялады. Осы қысқа тұжырым Конституцияның бүткіл мазмұнын анықтайтын негізгі жүйеге айналды. Қазақстан әлемдік өркениеттің ең озық жетістіктеріне қарай бетбұрыс жасады.

Қазақстанда 70 жылдан астам өмір сүрген Кеңес Одағындағы саяси жүйеден мүлдем өзгеше саяси жүйені 1995 жылғы Конституция қалыптастырды. Елде жалпыхалықтық мақсаттар мен құндылықтарға қызмет ететін және адам бостандықтарын қорғайтын мемлекет жасалынды. Кеңестік жүйеде адам мемлекетке қызмет етсе, енді керісінше мемлекет адамға қызмет ететін принциптер басшылыққа алынды. Мемлекеттің тоталитарлық сипаты өзгертіліп, оның халық алдында есептілігі және жауапкершілігі қамтамасыз етілді. Конституцияның халықтық сипаты, халық билігінің кепілі болуы принципін іске асырдық. Ата Заң бойынша Президент, Парламент сияқты негізгі билік тармақтарын халық тікелей сайласа Үкімет пен жергілікті атқарушы билік халық алдында есеп беруге тиісті болды. Осы қағидаттардың бекітілуі арқасында «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» болуы демократиялық принципі жүзеге асты.

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының мазмұны, идеологиясы мен философиясына зор ықпал еткен «Алаш» партиясының көсемдерінің ой-пікірлері, шығармалары және күрескерлік қызметі. Буржуазиялық және ұлтшылдық сипатта болған бұл партияны Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты қазақ ұлтының рухани көсемдері құрып басқарды. «Алаш» партиясы қатарында шамамен бірнеше мыңнан астам қазақ зиялылары болуы да тарихи шындыққа жақын. «Алаш» партиясының мүшелерінің санын келтіретін деректер таппадық. Алайда «Алаш» партиясының қызметі мен идеологиясының жалпыұлттық сипатқа ие болғаны ақиқат. ХХ ғасырдың басында «Алаш» идеясы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті басылымдарының негізінде насихатталды. Ал «Алаш» партиясының саяси партия ретіндегі құрылтай съезі 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Қазақстанның барлық облыстарынан өкілдер қатынасқан бұл съезде елдің тағдыры үшін өте өзекті 14 мәселе қаралды (Қабдолқайырұлы 1992: 4.

Жалпы «Алаш» қайраткерлері жайындағы тарихнама кедей емес. «Алаш» көсемдерінің өмірі мен қызметі және шығармашылығы жайында аз жазылған жоқ. Олардың барлығын қайталау мақсат емес. «Алаш» партиясының тәуелсіз мемлекет құру мақсаты ең өзекті мәселе болды. Қазақ төңкерісінің алдында, бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында «Алаш» партиясы жалпықазақтық тәуелсіз мемлекет құру қозғалысының басында тұрды. «Алаш» партитясы біріншіден, ұлттық мемлекет құруды көкседі. Екіншіден, буржуазиялық-демократиялық қоғамды жақтады. Үшінішден, нарықтық қатынастарға негізделген либералдық экономиканы қолдады. Төртіншіден, пікірлер мен көзқарастардың, діндер мен идеологияның бір текті болғанына қарсы шықты. Бүгінгі күн тілімен айтқанда саяси плюрализм қалады. «Алаш» партиясы өзіне үлгі ретінде осы құндылықтар салтанат құрған Жапония елін дәріптеді. Осы идеялардың барлығы тәуелсіз Қазақстан үшін өте өзекті болды.

Тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру мәселесін шешу осы құбылыс туралы тарихи факт ретінде қалыптасқан түсініктер мен ұғымдардан басталатыны бергілі. Олар тәуелсіздікке ұмтылған халықтың тарихи жадынан, саяси ұстанымдарынан және ұлт ойшылдарының мемлекет туралы түсініктерінен қайнап шығады. Бір диссертацияның бір тарауының шеңберінде мемлекет туралы, билікті ұйымдастыру туралы ұлт зиялылары мен мемлекет қайраткерлерінің ой-пікірлеріне толықтай талдау жасау мүмкін емес. Сондықтан біз мәселенің теориялық және методологиялық аспектілерін тікелей ашуға көмектесетін ой-пікірлерге ғана ғылыми талдау жасауды мақсат еттік. Осы ізденістерден келісідей синтезделген ой-пікірлер туындайды:

– территориясын, халқын, мемлекеттік символдарын бергілеген ел;

– тәуелсіз мемлекет өзінің территориясына ие және сол аймақта мекен еткен халықтарға ортақ биліктің бар екендігін мойындатқан ел;

– өзіне қарасты территорияның табиғат байлықтарын, ресурстарын, қорларын сол елдің халқының мұқтаждығына пайдалануға қол жеткізген мемлекет:

– елдің халқын топтастырған ортақ мақсаттары мен құндылықтары бар, ортақ дүниетанымы мен ортақ тілі бар халық;

– халықты біріктіретін саяси ұйымдары, басқару органдары бар мемлекет;

– билік иелерінен бастап, қарапайым азаматтарға дейін орындайтын, бағынатын заңдарды ұстанатын мемлекет;

– халықты мемлекеттілік ұйытатын, оған этникалық территорияның біртұтастығының маңызын ұғындыратын, ортақ шаруашылық пен саяси кеңістікте өмір сүруді қамтамасыз ететін мемлекет;

– халықтың ортақ мәдениетін, ділін, тілін, тарихи санасын дамыту арқылы оның бірігуін қамтамасыз ететін мемлекет;

– саяси санамен, ортақ мақсатпен топтасқан халқы мемлекеттің тәуелсіздігін барлық күш-жігерімен, саналы түрде қорғауға дайын халқа бар мемлекет тәуелсіз мемлекет болмақ.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Андренов Н.Б. Понятие социальной памяти в анализе становления социальных систем. В кн.: Системное последование в современной науке. Новосибирск; НТУ, – 1982. – 168с.

Аль-Фараби, Абу Наср Мухаммед. Философские трактаты. (Перевод с арабского) Алма-Ата: Наука, 1970. – 430 с.

Әли Ф. Ататүрік (Тарихи тұлғалар) // Егеменді Қазақстан. 1991. 28 желтоқсан. 3 б.

Баласағұн Ж. Құтадғу біліг. Алматы: Жазушы, – 198-613 б.

Быков В.В. Методы науки. М.: Наука, 1974. – 215с.

Всемирная история.– М.: Политиздат, 1956, – Т.1. – 747 с.

Дьяков В.А. Методология истории в прошлом и настоящем. М.: Мысль, 1974. – 190 с.

Договор о Союзе Суверенных Республик. Проект. // Правда. 1991. 9 марта. – С.1-2.

Егеубаев А. Кісілік кітабы (ғылыми эссе) – Алматы: Ана тілі, 1998. – 320 б.

Ерофеев Н.А. Что такое история. – М.: Наука, 1976. – 135 с.

Жуков Е.М. Очерки методологии истории. – М.: Наука, 1980. – 246с.

Иванов Г. В., Кортунов А. М., Петров Ю. В. Методологические проблемы исторического познания. – М.: Высшая школа, 1981. – 296с.

Қабдолқайырұлы Ғ. Азаттық аңсаған Алаш // Ана тілі. – 1992. – 16 шілде. – 4 б

Кругова И. Г. Проблемы методологии исследования общественного сознания. В кн.Проблемы методологии научных исследований. – Новосибирск: НГУ, 1982. – 167с.

Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация. Қазақ ССР-нің Жоғарғы Советі 1990 жылдың қазанның 25 қабылдаған. Социалистік Қазақстан. – 1990. – 26 қазан. – 1 б.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы. – 1991 жылғы – 16 желтоқсан

Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. – Алматы: Дәуір, 1994. – 446 б.

Қазақтан  Республикасы Конституциясы. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 33 б.

Қазақтан Республикасы Конституциясы. Жоба // Егеменді Қазақстан. – 1992. – 11 маусым. – 1-3 беттер.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы. – 1991 жылғы 16 желтоқсан

Қазақтан Республикасы Конституциясы. – Астана, 2008. – 35 б

Кон И.С. История и социология (О некоторых проблемах современной буржуазной социологии ) // Вопросы философии. – № 8. – с. 30.

Назарбаев Н.Ә. Қазақтан Республикасы Конституциясының жобасы туралы // Егеменді Қазақстан. – 1992. – 2 маусым. – 1 б.

Национальный вопрос за рубежом. М.: ИНИОН АН СССР, 1989-343с. (8)

Национальная политика партии в современных условиях. (Платформа КПСС) // Казахстанская правда. – 1989. – 26 сентября. – с. 1.

Пронштейн А.П., Данилевский И.Н. Вопросы теории и методики исторического исследование. М.: Высшая школа, 1986. – 208 с.

Тарази Ә. Көппартиялық керек пе? // Қазақ әдебиеті, – 1991. – 20 желтоқсан. – 14 б.

Ракитов А.И. Историческое познание: Системно-гносеологический подход. – М.: Политиздат,1982. – 303 с.

Социализм, демократия, прогресс. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының бағдарламасы. Жоба // Егеменді Қазақстан. – 1991. – 13 тамыз. – 1-2 б.

References

Andrenov N.B. Ponátıe sosıálnoı památı v analıze stanovlenıa sosıálnyh sıstem. V kn.: Sıstemnoe posledovanıe v sovremennoı naýke. Novosıbırsk; NTÝ, – 1982. – 168 s.

Al-Farabı, Abý Nasr Mýhammed. Fılosofskıe traktaty. (Perevod s arabskogo) Alma-Ata: Naýka, 1970. – 430 s.

Álı F. Atatúrik (Tarıhı tulǵalar) // Egemendi Qazaqstan. 1991. 28 jeltoqsan. 3 b.

Balasaǵun J. Qutadǵý bilig. Almaty: Jazýshy, – 198-613 b.

Bykov V.V. Metody naýkı. M.: Naýka, 1974. – 215s.

Vsemırnaıa ıstorıa.– M.: Polıtızdat, 1956, – T.1. – 747 s.

Dıakov V.A. Metodologıa ıstorıı v proshlom ı nastoıashem. M.: Mysl, 1974. – 190 s.

Dogovor o Soıýze Sýverennyh Respýblık. Proekt. // Pravda. 1991. 9 marta. – S.1-2.

Egeýbaev A. Kisilik kitaby (ǵylymı esse) – Almaty: Ana tili, 1998. – 320 b.

Erofeev N.A. Chto takoe ıstorıa. – M.: Naýka, 1976. – 135 s.

Jýkov E.M. Ocherkı metodologıı ıstorıı. – M.: Naýka, 1980. – 246s.

Ivanov G. V., Kortýnov A. M., Petrov Ú. V. Metodologıcheskıe problemy ıstorıcheskogo poznanıa. – M.: Vysshaıa shkola, 1981. – 296s.

Qabdolqaıyruly Ǵ. Azattyq ańsaǵan Alash // Ana tili. – 1992. – 16 shilde. – 4 b

Krýgova I. G. Problemy metodologıı ıssledovanıa obshestvennogo soznanıa. V kn. Problemy metodologıı naýchnyh ıssledovanı. – Novosıbırsk: NGÝ, 1982. – 167s.

Qazaq SSR-niń memlekettik egemendigi týraly Deklarasıa. Qazaq SSR-niń Joǵarǵy Soveti 1990 jyldyń qazannyń 25 qabyldaǵan. Sosıalıstik Qazaqstan. – 1990. – 26 qazan. – 1 b.

Qazaqstan Respýblıkasynyń memlekettik táýelsizdigi týraly Qazaqstan Respýblıkasynyń Konstıtýsıalyq Zańy. – 1991 jylǵy – 16 jeltoqsan

Qazaqstan tarıhy kóne zamannan búginge deıin. – Almaty: Dáýir, 1994. – 446 b.

Qazaqtan  Respýblıkasy Konstıtýsıasy. – Almaty: Qazaqstan, 1993. – 33 b.

Qazaqtan Respýblıkasy Konstıtýsıasy. Joba // Egemendi Qazaqstan. – 1992. – 11 maýsym. – 1-3 better.

МРНТИ 03.20.00

ПАРАДИГМА НЕЗАВИСИМОГО ГОСУДАРСТВА И ДИАЛЕКТИКА ЕГО РАЗВИТИЯ

С.М. Борбасов¹

¹Д.полит.н., профессор. Институт истории и этнологии

им. Ч.Ч. Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. В истории человечества особую значимость имеет формирование государства.Оно прокладывает путь к цивилизации, организует сложную общественную жизнь. В статье раскрывается роль и значение феномена государства в историческом процессе. Народы мира свою судьбу и перспективы развития связывают с организацией независимого государства. Явление государство начиная с 6-5 тысячилетия д.н.э.продолжается до наших дней. Ибо, человечество не смогло найти другой формы организации своего общества. Поэтому парадигма гоударства остается на повестке дня на всех этапах равития. Передовая мысль человечества перманентно занимаеся планированием, совершенствованием деятельности государства и созданием справедливого общества. Особо актуально развитие новых независимых государств. Стреления народов к усилению государства, или к созданию новых стали источниками развития, противоречий и войн.

В статье анализируеся причины, пути и закономерности появления государств в мировой исторической арене, обосновывается авторский взгляд на проблему генезиса государства. Общая территория, общее хозяйство, стремления племен и народов к совместной жизни, оборона от внешних врагов, имущественное деление и другие причины привели к появлению государства.Отдельные народы воспринимали образцы государств из других территорий. Множества новых государств возникали в результате развала крупных империй. В глобальном плане в 19-20 веках десятки новых государств появились в результате крушения колониальной системы империализма.

Выдающиеся мыслители человечества, почти все искали и исследовали пути совершенствования государства и общества. В статье раскрываются взгляды крупных мыслителей о государстве иобосновывается авторская позииция по проблеме.

Ключевые слова: генезис государства, парадигма, историческая закономерность, методология, феномен, перманентное  развитие, диалектика, цивилизационный подход, концепция, теория, исторический факт.

IRSTI 03.20.00

THE PARADIGM OF AN INDEPENDENT STATE AND THE DIALECTICS OF ITSDEVELOPMENT

S.M.Borbassov¹

¹Doctor of Political Sciences, Professor. Ch.Ch.Valikanov Institute

of History and Ethnology.Kazakhstan, Almaty.

Abstract.The formation of the state is of particular importance in the history of mankind. It paves the way for civilization and organizes a complex social life. The article reveals the role and significance of the phenomenon of the state in the historical process. The peoples of the world associate their fate and development prospects with the organization of an independent state. The phenomenon of the state, starting from the 6-5th millennium BC, continues to this day, as humanity could not find another form of organization of its society.

Therefore, the paradigm of the state remains on the agenda at all stages of development. The progressive thought of humanity is permanently engaged in planning, improving the activities of the state and forming a just society. The development of new independent states is especially important. The aspirations of peoples to strengthen the state or to establish new ones became the sources of development, contradictions and wars.

The article analyzes the reasons, ways and patterns of the emergence of states in the world historical arena, substantiates the author's view of the issue of the state genesis. Common territory, common economy, aspirations of tribes and peoples to live together, defense against external enemies, property division and other reasons led to the emergence of the state. Particular peoples took samples of states from other territories. Many new states arose as a result of the collapse of large empires. Globally, in the XIXth and XXth centuries, dozens of new states emerged as a result of the collapse of the imperialism’s colonial system.

Almost all of outstanding thinkers of humanity searched for and explored ways to improve the state and society. The article reveals the views of major thinkers about the state and the author's position on the issue.

Keywords: genesis of the state, paradigm, historical regularity, methodology, phenomenon, permanent development, dialectics, civilizational approach, concept, theory, historical fact.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 1131

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ӘӨЖ 930.2:94(574): ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ БОЙЫНША ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. 94(574);930.25 КЕҢЕС НҰРПЕЙІСҰЛЫ НҰРПЕЙІСТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ (К. Нұрпейісұлының жеке қор құжаттары бойынша) ҒТАМР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ МРНТИ 03.20.00 ВЗАИМООТНОШЕНИЯ МЕТРОПОЛИИ И КОЛОНИИ В КОНТЕКСТЕ ПОЛИТИКИ РОССИЙСКОЙ ИМПЕРИИ ҒТАМР 03.20.00 ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ПАРАДИГМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ДИАЛЕКТИКАСЫ ҒТАМР 03.00.20 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_1 САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАН ӘЙЕЛДЕР (АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША)

Статьи автора

ҒТАМР 03.20.00 ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ПАРАДИГМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ДИАЛЕКТИКАСЫ