Главная » Материалы » ҒТАМР 03.20.00 ТАУАР-АҚША ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫ (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың басы)

Л.А.Бисембаева¹. ¹PhD доктор, аға оқытушы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 03.20.00 ТАУАР-АҚША ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫ (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың басы)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Теги: тұрмыс., жәрмеңке, шаруашылық, кәсіп, қазақтар, Жетісу, ақша, сауда, саудагер, тауар
Аннотация:
Аңдатпа. Мақала ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басында Жетісу облысында сауда байланыстарының дамуы және оның өңір қазақтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне әсері мәселесіне арналған. Облыс жерінің Қытай мемлекетімен және Орта Азия хандықтарымен шектесіп жатуы патша үкіметіне экономикалық тұрғыдан тиімді болып, сауданың дамуына ықпал еткендігі, оның өз кезегінде жергілікті халықтардың дәстүрлі шаруашылығы мен тұрмысына, облыс тұрғындарының өзара қарым-қатынасына әсері қарастырылады. Сауданың дамуы қазақтардың байырғы кәсіптерін дамытып, табыс көзіне айналдыруына ықпал етті. Малдың айырбас құралы ретінде құны артып, қолда ұсталатын мал түрлері де өзгере бастады. Тауар-ақша қатынастарының дамуы халықтың әлеуметтік теңсіздігін одан әрі арттыра түсті. Сауда өсімқорлық арқылы жүргізілді. Ресейлік, ортаазиялық саудагерлермен қоса жергілікті қазақ байлары да өсімқорлық саудамен айналысты. Қазақтар екі жақты қыспаққа, кіріптарлыққа түсті. Сауда қатынастарының дамуы халыққа экономикалық жағынан қиындықтар туғызғанымен өмірлерінде оң өзгерістер орын ала бастады. Тұрмысқа жаңа бұйымдар еніп, киімдер сапалы, күнделікті тұрмысқа ыңғайлы маталардан, жаңаша сәнмен тігіле бастады. Ішіп-жейтін тағам түрлері өзгерді. Жетісу қазақтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен қоғамдық санасы сапалы жаққа бет бұрып, жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделе бастады. Мақалада осы және басқа да мәселелер туралы айтылады.
Содержание:

Кіріспе. Соңғы отыз жылға жуық уақыттан бері отандық тарих ғылымында бірқатар оң өзгерістер орын алып, еліміздің өткен тарихына қатысты мәселелер бүгінгі сұраныстарға сай қайта талдауға алына бастады. Қазақ халқының бүгінге дейінгі жүріп өткен жолындағы сондай қайта қарастыруды қажет ететін өзекті мәселелердің бірі – ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресей империясының отарлық езгісінде болған уақыттардағы ел өмірінде орын алған өзгерістер. Соның ішінде аталған кезеңде Қытаймен және Орта Азия хандықтарымен шектесіп жатқандықтан патша үкіметі үшін стратегиялық маңызға ие болған Жетісу облысы қазақтарының тұрмыс-тіршілігі мәселесі.

1867 жылы Жетісу облысы құрылып, патша үкіметі бұл аймақта өз мүддесіне сай қоныс аудару, салық, сауда байланыстары сияқты саяси-экономикалық шараларды жүзеге асыра бастайды. Бұл шаралардың барлығы жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылық саласын дағдарысқа ұшыратып, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне жол салған болатын. Әсіресе, өңірдің Ресейдің экономикалық жүйесіне тартылуы, сауда-саттықты дамытып, халықты өнеркәсіп өнімдерімен таныстырса, екінші жағынан сауда байланыстарының өсімқорлық арқылы жүргізілуі Жетісу қазақтарын қанауға ұшыратып, кіріптарлыққа түсірген-ді. Бірақ, тауар-ақша қатынастарының дамуы жергілікті тұрғындар үшін әлеуметтік-экономикалық жағынан қиындықтар туғызғанымен, олардың күнделікті өмірлерінде оң өзгерістер де байқала бастады. Жергілікті кәсіпкерлер өсіп шықты. Қарапайым тұрғындар да жаңа кәсіп түрлерін меңгеріп, оны табыс көзіне айналдыра бастады.

Кәсіпкерлік мәселесі қай кезде де экономика саласында маңызды орын алатындығы белгілі. Президент Қ.К.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауында экономикадағы жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, кәсіпкерліктің жаңа буыны үшін нарық ашу сияқты т.б. еліміздің жаңа жағдайдағы экономикалық даму бағдарларына ерекше тоқталған болатын (Тоқаев, 2020.). Сондықтан біз қарастырып отырған патша үкіметі тұсындағы жаңа қарым-қатынастар жағдайындағы Жетісу қазақтарының өмірі мәселесі өткеннен сабақ алып, болашақты тура бағдарлау тұрғысынан алып қарасақ, өзекті тақырыптардың біріне арналған.

Материалдар мен әдістер. Тақырыптың зерттеу нысаны - патша үкіметі тұсындағы Жетісу қазақтарының өмірі, ал зерттеу пәні – ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басында Жетісу қазақтарының өмірінде орын алған әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің мазмұны мен сипаты болып табылады. Тақырыпты жазып шығуда Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архивінің Жетісу облыстық қоныстандыру басқармасының меңгерушісі (19 қор) қорының, сонымен бірге аталған тарихи уақыттарда Жетісу облысының орталық қаласы Верныйда шығып тұрған «Обзор Семиреченской области» жинағының әр жылдардағы (1892, 1893, 1895, 1901, 1906, 1908) басылымдары және Социалистическая Алма-Ата газетінде жарияланған сол заман куәгерінің естеліктері (Иконников, 1937: 3) негізгі дереккөзі ретінде қолданылды.

Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архиві еліміздің өткен тарихи кезеңдері бойынша түрлі құжаттарды топтастырған ірі архив болып табылады. 19 қордан мақаланың тақырыбына сәйкес Жетісу тұрғындарының кәсібі мен әлеуметтік жағдайына қатысты құнды деректер алынды. «Обзор Семиреченской области» басылымынан Жетісу облысындағы тауар-ақша қатынастары, сауда орындары, жәрмеңкелер, өсімқорлақ сауда, жергілікті халықтың саудаға бейімделуі, жаңа кәсіптер, олардың түрлері, еңбек ақы, тауардың құны сияқты т.б. құнды мәліметтер алынды.

Пайдаланылған дереккөздері мен материалдардың ақпараттылық және сенімділік дәрежесі жоғары. Сондықтан ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы тауар-ақша қатынастары жағдайындағы Жетісу қазақтарының өмірін күнделіктілік тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік береді.

Тақырыптың мазмұнын ашуда аталған уақыттарда облыс аймағында орын алған үрдістердің өзара байланысын ашып көрсету үшін жалпығылыми және жалпытарихи әдістер қолданылып, тарихи үдерістерді сипаттау және тақырыпқа қатысты әртүрлі фактілерді жан-жақты талдап, тарихи шынайылыққа жақындау үшін объективтілік және тарихилық қағидасы басшылықта ұсталды. Облыс тұрғындарының күнделікті өмірінде орын алған өзгерістердің негізі мен ішкі және сыртқы байланыстарын жүйелі түрде сараптау мақсатында тарихи-салыстырмалы, тарихи типология және тарихи жүйелеу әдістері қолданылды. Сонымен қатар жергілікті халықтың күнделікті өмір сүру амал-әрекетін, қоғамдық өзгерістердің олардың өміріне әсерін ашып көрсетуде этнометодология, ал саяси-экономикалық салалардағы өзгерістердің күнделікті өмірдегі көрінісін анықтауда феноменология методологияларының қағидалары басшылыққа алынды.

Талдау. Жетісу өңірі қазақтарының ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі тауар-ақша қатынастары жағдайындағы тарихы революцияға дейін де, кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта да зерттеушілердің назарынан тыс қалған емес. Әр кезеңнің зерттеушілері өз заманының талабына сәйкес ғылыми көзқарастар мен методологиялық қағидаларды басшылыққа ала отырып, тиісті тұжырымдар жасады. Дегенмен, аталған тақырып күнделіктілік зерттеу әдісі тұрғысынан отандық тарихнамада алғаш рет қарастырылып отыр.

Тарих ғылымындағы күнделіктілік бағыты еуропалық тарихнамада ХХ ғасырдың 60 жылдарында орныға бастаса, осы ғасырдың 90 жылдарында Ресейде жалғасын тапты.Ал Қазақстанда тарихты күнделіктілік тұрғысынан зерттеу 2000 жылдардан бастап қолға алына бастады.

Орыс тарихшысы Н.Л.Пушкарева күнделіктілік тарихының методологиясына қатысты: «Күнделіктілік тарихы – адамның күнделікті өмірін тарихи-мәдени, саяси және этникалық-конфессиялық контексте қарастыратын тарих ғылымының жаңа саласы» (Пушкарева, 2004: 3-19) - десе, күнделіктілік тарихының зерттеу аясы туралы: «әртүрлі әлеуметтік топтардың өмірде орын алып жататын оқиғаларды қалай қабылдайтынын, оның мінез-құлықтағы көрінісін күнделікті тұрақты түрде қайталанып отыратын өмір сүру салтымен қоса жан-жақты зерттеу. «Күнделіктілікті» анықтаудағы негізгі түйін тұрақты түрде қайталанып отыратын жағдайлар болып табылады» (Пушкарева, 2010) -деген қорытынды жасайды.

Тақырып отандық тарихнамада арнайы зерттелмегендіктен мәселенің тарихнамасын Жетісу облысының отаршылдық кезеңіндегі тарихына қатысты әр жылдарда жазылған зерттеулерді теориялық басшылыққа ала отырып талдауды жөн көрдік. Революцияға дейінгі Жетісу тарихына қатысты зерттеу жүргізгендер  патша үкіметінің арнайы тапсырмасын орындаушы шенеуніктер, саяхатшылар, шығыстанушы ғалымдар, тарихшылар мен географтар және т.б. еді. Сондықтанда олар кітаптарында белгілі бір зерттеу әдісіне сүйене бермеді. Соған қарамастан олардың Жетісу тарихына қатысты жазып қалдырған еңбектері біз үшін құнды болып табылады. Мысалы, биолог А.М. Никольский (Никольский, 1885: 80) Жетісу қазақтарының шарушылығы, кәсібі туралы, ал Жетісу облыстық статистикалық комитетінің хатшысы В.Е. Недзвецкий (Недзвецкий, 1913: 27,29) Жетісу жеріндегі ақша айналымы, банктердің ашылуына қатысты мәліметтер береді. Мақаланы жазып шығуда негізінен тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихшылардың еңбектері басшылыққа алынды. Р. Оразов (Оразов, 2013: 9) және М.Қ. Қойгелдиевтің бас редакторлығымен жарық көрген Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының 8 томында (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, 2008: 230) Қарқара жәрмеңкесінің тауар айналымы, оның халықаралық саудадағы маңызы ашып көрсетілсе, Н.К. Байгабатова (Байгабатова, 2004: 19) тауар-ақша қатынастарының дамуы үй кәсіпшілігі мен қолөнердің маңызын арттыра түскенін айтады. Ә. Нысанбаевтың бас редакторлығымен шыққан «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясының 1 томында («Қазақстан». Ұлттық энциклопедия, 1998: 84) жәрмеңкелердің сауда орталығы болуымен бірге облыс тұрғындарының бір-бірімен тығыз араласуына және ел ішіндегі өнерпаздардың жалпақ жұртқа кеңінен танылуына да ықпал еткендігін көрсетеді. Л.А. БисембаеваЖетісу өлкесінің Қытаймен саудада транзиттік аймақ болғандықтан Қапал мен Верный қалаларының ірі сауда орталықтарына айналғаны, халықтың күнделікті тұрмыстық сұраныстарын қамтамасыз етіп отырғандығы жөнінде  (Бисембаева, 2015: 189-194), З. Әбілқасымұлы (Әбілқасымұлы, 2016: 28-30, 33) Жетісудың жергілікті саудагерлері, өсімқорлық сауда, мал басының құны туралы мәліметтер келтіреді. Тақырыпты зерттеу барысында Жетісу өңірінің капиталистік қатынастарға тартылуына қатысты еңбектер біршама жазылғанына қарамастан,  аталған мезгілдегі Жетісу қазақтарының күнделікті өмірінің мәселесі отандық тарихнамада арнайы зерттелмегені белгілі болды.

Зерттеу нәтижелері. XIX ғасырдың ІІ жартысынан бастап Жетісу облысы жалпыресейлік экономикаға тартылып, капиталистік қатынастар жүйесіне ене бастаған болатын. Нәтижесінде біз қарастырып отырған уақыттар аралығында қазақ жерінде сауданың үш түрі пайда болды: 1) тұрақты сауда – қалалар мен селолардағы дүкендер мен сауда үйлерінде жүргізілген сауда; 2) айырбас сауда – қазақ ауылдарын аралап жүріп жасалған өсімқорлық сауда; 3) маусымдық сауда – жәрмеңкелік сауда (Оразов, 2013: 9). Яғни, ішкі сауда, тасымал саудасы және шекаралық сауда болды.

Көшпелі болыстықтардағы ұсақ-түйек сатумен шектелетін дүкендер қазақтардың барлық қажеттіктерін қанағаттандыра алмады. Сондықтан көшпелілер тұрмысқа қажетті негізгі керек-жарақтарын отырықшы елді мекендердегі тұрақты сауда орындарынан алып отырған.

Жәрмеңкелік сауда қазақтарға шаруашылық қажеттіктерін қанағаттандыруға неғұрлым ыңғайлы болды. Облыс аймағында ұйымдастырылған жәрмеңкелердің ішіндегі ең ірісі, әрі маңызы зоры Жаркент және Пржевальск уездерінің жерінде орналасқан Қарқара жәрмеңкесі еді. Жәрмеңкенің аумағы 2.567.46. десятина жерді алып жатты. Ресми түрде 1893 жылы 21 наурызда ашылып,  15 мамыр – 15 маусым (кейінірек 15 маусым – 15 тамыз) аралығында жұмыс істеп тұрған. 1893 жылы тауар айналымы 87903 руб. құраған (Оразов, 2013: 9). болса, 1916 жылы бұл жәрмеңкедегі тауар айналымы 1 млн. руб. жеткен. Қарқара жәрмеңкесінің Орта Азия елдерімен сауда-саттықта, әсіресе Ферғанаға мал жеткізіп тұруда маңызы зор болған (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, 2008: 230).

ХХ ғасырдың басында Жетісу облысында 11 далалық жәрмеңке ұйымдастырылып тұрған (Обзор Семиреченской области за 1908 г., 1910: 62).

Жәрмеңкелерде сауда жасалып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар әртүрлі мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілетін орынға да айналды. Жәрмеңкеге келушілер түрлі ұлттық ойындарды және ел ішіндегі ақындар мен әншілердің өнерін тамашалап, көңіл көтеретін. Қазақ жеріндегі алғашқы спорттық ойындар мен цирк өнері, ел ішіндегі өнерпаздар да халыққа жәрмеңке алаңдары арқылы танылды («Қазақстан». Ұлттық энциклопедия, 1998: 84). Жәрмеңкеге келген саудагерлер мен қонысаударушылар сауда жасай отырып, жергілікті халықтың өнерін тамашалайтын, олардың тұрмыс-салтымен, мәдениетімен жақыннан танысатын. Сонымен бірге қазақтар да сауда арқылы олармен тығыз байланысқа түсетін. Осылайша, жәрмеңкелер, бір жағынан, тұрғындарды тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз етсе, екінші жағынан, облыс тұрғындарының бір-бірімен тығыз араласуына, бірін-бірі жете тануына ықпал етті. Тұрғындар арасында күнделікті тіршілік барысында тұрмыстық қажеттіліктерден бастау алған тұрақты қарым-қатынас орнап, өзара дос, тамыр бола бастады.

Патша үкіметі үшін Жетісу облысының шекаралық аймақ ретінде маңызы зор болды. Себебі, облыстың Қытаймен және Орта Азия хандықтарымен шектесіп жатуы экономикалық тұрғыдан тиімді еді. Сондықтан облыс жерін транзиттік аймақ ретінде пайдаланып, шекаралық сауданың дамуына да күш салды. XIX ғасырдың ортасында Ресей мен Қытайдың арасындағы сауда қатынасы Жетісу бағытындағы жолдармен дамып, Қапал және Верный қалалары негізгі сауда орталықтарына айналды. XIX ғасырдың соңына таман қазақ көпестері де сауда-саттық операцияларына барынша белсене қатыса бастады (Бисембаева, 2015: 189-194). Жетісудың Ойшы Маясарұлы, Тұрысбек Мамановтың ұрпақтары, Шаяхмет Апсаматов сынды бай қазақтары да халықаралық базарларға барып сауда жасаған. Мысалы, Қапалдық Тұрысбек қажының ұрпақтары халықаралық базарларға 20-30 мың ірі қара малын, 150 мыңға жуық қой шығарған. Атақты саудагер Шаяхмет Апсаматов та жыл сайын 110-120 мың қой, 20 мыңға жуық ірі қара малын өзге елдің базарларына өткізіп отырған (Әбілқасымұлы, 2016: 33).

Шекаралық сауда Қытай мемлекетімен Жаркент қаласындағы Бахты бекінісі және Пржевальск қаласындағы Қорғас, Нарын бекіністері арқылы жүргізілді (Обзор Семиреченской области за 1893г., 1894: 16). Қазақ көпестері Қытайға бұрынғысынша мал және оның өнімдерін шығарса, ол жақтан, қазақтар тарапынан шайға деген сұраныс ерекше зор болғандықтан, көбірек шай алып келуге тырысты (Бисембаева, 2015: 189-194). Сонымен бірге астық, күріш, көкөніс, жеміс-жидек, құс және құс өнімдері, балық, қант, арақ, шарап, сыра, дәрілік шөптер, иленген тері, шойын, темір, болат, сондай-ақ солардан жасалған бұйымдар да тасымалданған (Оразов, 2013: 9).

Көшпелілер арасындағы сауда саудагерлерге қаншалықты тиімді болса, қазақтарға соншалықты, тіпті одан өте тиімсіз еді. Қазақтар тұрақты сауда орындарының болмауы мен тауар түрінің аздығынан сапасы нашар болса да саудагердің қолындағы тауарды алуға мәжбүр болатын. Шыт, басқа да әртүрлі маталарды, шапандар мен түрлі киімдерді және шаруашылыққа қажетті заттарды малға айырбастап алды. Саудагерлер заттарын өте жоғары бағаласа да, қазақтар оның бағасына қарамай ала беретін. Себебі, саудагер ол заттардың ақысын сол бойда сұрамай, белгілі бір уақытқа дейін қарызға беретін. Бірақ оны уақытында қайтара алмаса, қарыз қайтару уақыты ұзақ уақытқа шегеріліп, айыппұл құны екі еселеніп өсе беретін (Обзор Семиреченской области за 1892 г., 1893: 29).

Жетісудың кедей қазақтары осындай несие саудасынан өте көп зардап шекті. Бұл өңірде несие саудасы тек тоқтыларға жүргізілген. Мұндай сауданы ешбір малы жоқ кедейлер істеуге мәжбүр болған. Саудагерлер 3 кез шытты 1 тоқтыға айырбастаған. Ол тоқтыны келер жылы алатын болып, уақыты келгенде тоқтының орнына ісек қой талап еткен. Бұдан басқа «қызыл қозы» дейтін сауда түрі де болған. Ол несиені алушылар келесі жылы қозының орнына қой беруі тиіс болған. Қой бере алмаса, онда жақсы қойдың құны-3 сом беруге міндетті болған. Сөйтіп алыпсатардың 1 тоқты үшін берген дүниесі 2-3 есе болып қайтып отырған.

Жетісу облысында құны арзан бағаланып отырған серкеш (2 серкеш-1 қой) Ташкент, Әулиеата, Әндіжан базарларында өтімді болған. Өйткені, ешкі терісінен сапалы былғарылар жасалатын. Жетісуда 1 қойға бағаланған 2 серкеш бұл жерлерде алыпсатарларға 2 қойдың құнынан артық пайда әкеліп отырса, жәрмеңкеге өткізетін қойларының 80-90% сатып алғандағы құнынан  (Жетісу облысында 1 қой 3 сомға бағаланған) 2,5-3 есе артық саудаланған (Әбілқасымұлы, 2016: 28-30).

Өсімқорлық саудасынан жоғарыда аттары аталған Ойшы Маясарұлы мен Тұрысбек Маманұлы да айналып өте алмаған. Сонымен бірге верныйлық орыс Шендриковты, т.б. көптеген орыс, татар саудагерлерін айтуымызға болады. Мысалы, Шендриков қандай да бір болыстықта малға салық т.б. төлеуге қаржы қажет болған кезде, халықта ақша жоқ екенін білетін ол сол жерден табыла кететін. Қарызға пайызымен қайтаруға ақша беріп, оның қайтаратын күнін келіседі. Қарызданушылар ол күннен кешіксе, әрбір кешіктірілген күн үшін бір сомға бес тиыннан өсім беруге міндеттеледі. Бірақ, ол қарызын қайтарып алуға асықпаған. Егер қарызданушылардың қарызды өсімсіз уақытымен қайтарғысы келетіндерін естісе, өзі олардан тығылып қалып отырған. Верныйдағы үйіне іздеп келген борышкерлерге Талғарға кетті дегізіп, Талғардағы үйіне іздеп барса, Верныйға шығып кетті дегізіп, ақшасының өсімін әдейі көбейтіп отырған. Қарыз алғандар оны апталап іздеп жүріп, әрең тауып алатын. Бірақ, өзі кәнілі болса да, соттағы таныстарына арқа сүйеп, қарызды бәрібір өсімімен алып отырған (Иконников, 1937: 3).

Көріп отырғанымыздай, аталған кезеңдегі Жетісу облысындағы сауда қатынастары өсімқорлық арқылы жүріп, қазақтардың онсыз да ауыр тұрмысын одан әрі қиындатып, халықты кіріптарлыққа түсірді. Соған қарамастан сауданың дамуы Жетісу қазақтарының күнделікті өміріне түбегейлі бетбұрыстар ала келді. Бұрын дәстүрлі шаруашылықпен қоса аңшылық, үй кәсіпшілігі және қолөнер сияқты қосалқы кәсіптермен тұрмыстық қажеттілікті өтеу үшін ғана айналысcа, енді кәсіптерін ақша көзіне айналдырып, жаңа қоғамдық қатынастарға тез бейімделе бастады.

Бұрын қазақтар аңдарды негізінен жыртқыш құстармен немесе атпен қуалап жүріп, ал құстарды тұзақ құрып аулаған болатын. Ал ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап аң-құс аулауда қару қолданыла бастады. Ол бір жағынан, аң-құсты көбірек аулауға, екінші жағынан, соған сай көбірек пайда табуға мүмкіндік берді. 1893 жылы бір ғана Верный уезінде 329 қасқыр, 1075 түлкі, 94 қабан, 148 тауешкі, 85 арқар, 100 сайғақ, 9 марал, 569 борсық ауланған. Сонымен бірге облыс жерінде көп кездесетін маралды мүйізі қатайып кетпей тұрғанда, ерте көктемде аулап, мүйізін Қытайларға қымбатқа сатқан. Қытайлар одан дәрі жасаған (Обзор Семиреченской области за 1893г., 1894: 23). Жетісу маралдарының мүйізі Қытайға сатылса, аңдардың терілері Сібірдегі Ирбит, Волга бойындағы Нижегород жәрмеңкелеріне тасылды (Обзор Семиреченской области за 1901 г., 1902: 16).

Тұрғындар аққулар мен үйректерді қыста, мұздың үстінде таяқпен ұрып жүріп аулаған. Аққу мен бірқазанның терісін 40-50 коп. сатып пайда тапқан. Бұл құстардың етін алмаған, оларды терісі мен өті үшін аулаған (ҚР ОМА. 19-қ., 1-т., 291-іс, 186 п). Ал тау ешкілерін еті үшін аулады. Аңшылар аң терілерін саудалап, қалаларға апарды, жәрмеңкелерге шығарды. Әсіресе, түлкі терісі құнды болды (Обзор Семиреченской области за 1895 г., 1896: 29).

Ресеймен сауда-саттық байланыстарында балық және балық өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты Жетісу облысының өзен-көлдерінің бойындағы көптеген малшылық, егіншілік шаруашылықтарында балық аулау қосалқы кәсіпке айналды. Бірақ ХІХ ғасырдың соңына қарай малынан айырылған кедейлер қысы, жазы өзен-көлдердің бойын мекендеп, балық аулауды кәсіп ете бастаған. Қаруы болса аң аулаумен де айналысқан. Орыс саяхатшысы, биолог ғалым А.М.Никольский Балқаш бойымен 400 верста жүрген кезде балықшылықты кәсіп еткен кедей қазақтың үйін көргенін айтады (Никольский, 1885: 80).

Балқаш пен Алакөл бойында балық аулауды негізінен қазақтар кәсіп қылып, аулаған балықтарын жергілікті базарларда сатты. Көбіне алабұға ауланды. Алакөл балықтары Лепсі уезінің селоларына, Лепсі қаласына сатылды. Ал Балқаштан ауланған балықтар Верный және Пішпек уездеріне тасымалданды (Обзор Семиреченской области за 1908 г., 1910: 56).

Жетісудың орыс тұрғындары балықты негізінен өздері тұтыну үшін ғана аулаған. Тек Верный, Лепсі уездерінің казактары мен Ыстықкөл және Шу өзендері бойына орналасқан шаруалар, сонымен бірге Балқаш және Алакөл өзендерінің бойын мекендеген қазақтар ғана балық аулауды кәсіпке айналдырып, пайда тапқан. Балық саудаға ауланған бойда, өңделмей, сонымен бірге өңделіп: тұздалып, кептіріліп және ысталып те шығарылып отырған.

Ауланған балықтар негізінен Жетісу облысының селолары мен қалаларына сатылды. Қыс түсісімен Ыстықкөлдің, Шудың, Балқаштың, Алакөлдің балықтары Верный базарының саудасын қыздыратын. 1901 жылы 34879 пуд балық ауланып, 23597 руб. сатылды. Бұл көрсеткіш 1900 жылмен салыстырғанда 7031 пудқа және 8985 руб. артық еді. Осы жылы облыс бойынша балық Верный (11687 пуд) және Лепсі (12940 пуд) уездерінде көп ауланған (Обзор Семиреченской области за 1901 г., 1902: 17).

Балық аулау кәсібі, әсіресе, Ыстықкөл мен Шу өзендерінде біршама жақсы дамыды. Балықшылар өзен жағаларында тұрақты мекендеп, аулаған балықтарын сол жерде өңдеген. Ал қыста сатуға өңдемей, ауланған күйінде шығарған. Қыста өңделмеген балықтың бағасы қымбатырақ болды, ал өңделген балықтардың құны 2 руб. артық болмады. 1906 жылы күзде Верный базарында Балқаш алабұғасының 1 пудының бастапқы құны 3руб.50 коп. болса, соңына қарай 2руб.-1руб.60 коп. болды. Ал Шу белорыбицасының 1 пуды – 6-4 руб., сазан – 3 руб.20 коп.-2руб. болған (Обзор Семиреченской области за 1906 г., 1907: 67).

Тауар өндірісінің дамуымен бірге үй кәсіпшілігі мен қолөнердің маңызы арта түсті. Қарастырылып отырған кезеңде Жетісу облысында ағаш өңдеу, ұсталық өнер, зергерлік, тері өңдеу ісі кең тараса, тас кесу, тас өңдеу мен сүйек өңдеу кәсібіне сұраныс айтарлықтай болмаған. Үй кәсіпшілігінен киіз басу, терме (өрмек) тоқу, ши тоқу, кесте тігу дамытылды. Үй кәсіпшілігі бұрынғысынша жартылай көшпелі өмірдегі отбасының тұрмыстық заттарға деген күнделікті қажеттілігін де қамтамасыз етті (Байгабатова, 2004: -19).

Қолөнершілер өздерінің тұрмыстық қажеттіліктерімен қоса шаруашылыққа қажеті құрал-саймандар жасады, сонымен бірге арнайы тапсырыстар арқылы да түрлі бұйымдар жасап, бір бөлігін сатуға шығарды. 1892 жылы облыстағы қолөнершілер саны-7964 деп көрсетіледі. Олардың арасында тігіншілер, етікші, ерші, ағаш шебері, темір ұстасы, ағаш ұстасы, тас қалаушы, пеш жасаушылар, сылақшылар, әйнек шеберлері, тері өңдеушілер, сағат жөндеушілер, т.б. болды. Қолөнершілердің орташа табыс деңгейі әртүрлі болды. Мысалы, ағаш шеберлері мен сылақшылар 1руб.-1руб.50коп., тері өңдеушілер 80коп.-1руб., тас қашаушылар мен тігіншілер 60-80 коп., т.с.с. (Обзор Семиреченской области за 1892 г., 1893: 27).

Қолда ұсталатын мал құрамы өзгеріп, әсіресе қазақтың байлары тауарлылығына байланысты мүйізді ірі қара мен ешкіні көбірек ұстай бастады. Малдың айырбас құралы ретіндегі рөлі өсті. Оны азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарға айырбастап отырған.

ХІХ ғасырдың аяғында қарай Түркістан аймағында несие беру жүйесі мен сауда айналымын нығайту мақсатында Мемлекеттік банктің бөлімдері ашыла бастайды. Алғашқы осындай бөлім 1875 жылы Ташкентте ашылса, ХХ ғасырдың басында Верныйда да бірнеше банк бөлімшелері ашылады. Банктер мен несие беретін мекемелердің ашылуы өлкеде ақша айналымының өсуіне ықпал етті (Недзвецкий, 1913: 27,29).

Осылайша, ХХ ғасырдың басына қарай банктердің және тұрақты сауда орындарының ашылуына байланысты жәрмеңкелердің маңызы төмендей бастайды.

Қорытынды. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басында Жетісу облысында сауда қатынастары отаршылдық, тонаушылық сипат алып, өсімқорлыққа ұласты. Өсімқорлық саудасы саудагерлерді мол байлыққа кенелтіп, жергілікті халықты шаш етектен шығынға батырып, зиян шектірді. Дегенмен, сауданың дамуы Жетісу облысы тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен қоғамдық санасының сапалы жаққа бет бұруына әсер етті. Қазақтардың арасынан сауданы кәсіпке айналдырған жеке кәсіпкерлер өсіп шығып, аймақтық, халықаралық нарыққа араласты. Қарапайым қазақтар да жаңа кәсіп түрлерін меңгеріп, әрі бұрынғы қосалқы кәсіптерін жаңа тауар-ақша қарым-қатынастарына бейімдеп, табыс табуды үйренді. Осылайша, тауар-ақша қатынастарының дамуы Жетісу өлкесіндегі натуралды шаруашылықты ыдыратып, жергілікті тұрғындардың жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделуіне ықпал етті.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Әбілқасымұлы З. Іле-Балқаштың тұңғыш болысы. – Алматы: «Ғылым Ордасы» РМК баспаханасы, 2016. – 142 б.

Байгабатова Н.К. Казахи Жетысу во второй половине ХІХ-начале ХХ вв. (историко-этнографическое исследование). Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата исторических наук. – Алматы, 2004. – 34 с.

Бисембаева Л.А. Жетісу өңіріне капиталистік қатынастардың енуі, оның халықтың күнделікті өміріне әсері (ХІХ ғ.ІІ жартысы – 1917 ж.)//«Нұрпейіс оқулары» аясында өткен «Тұлға, ғалым, ұстаз» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы, 2015. – 13 наурыз. – 189-194 бб.

Иконников А.И. Город Верный. 5.Ростовщик Шендриков // Социалистическая Алма-Ата. – 1937. – №10 (20). – 13 января.

ҚР ОМА. 19-қ., 1-т., 291-іс.

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы (2008) Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Көп томдық. / Бас ред. Т.ғ.д., проф. М.Қ. Қойгелдиев. Т.8. Ұлығ Түркістан. Алматы: «Ел шежіре». 368 б.

«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия (1998) «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия./Бас ред. Ә. Нысанбаев. Т.1. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы.– 720 бет.

Недзвецкий (1913) Недзвецкий В.Е. Административные устройство, оседлые пункты и кочевые волости Семиреченской области (по сведениям на 1 января 1913 г.) -Верный: Типо-Литография М.И.Обухова. – 209 с.

Никольский (1885) Никольский А.М. Путешествие на озеро Балхаш и в Семиреченскую область. – Санкт-Петербург. – 84с.+59с.

Обзор Семиреченской области за 1892 год (1893) Обзор Семиреченской области за 1892 год. – Верный. – 91 с.: 19 ведомостей.

Обзор Семиреченской области за 1893 год (1894) Обзор Семиреченской области за 1893г. – Верный. –108 с. + 18 приложении.

Обзор Семиреченской области за 1895 год (1896) Обзор Семиреченской области за 1895 год.: Приложение ко всеподданнейшему отчету. – Верный. –90 с.: 31 ведомостей.

Обзор Семиреченской области за 1901 год. – Верный, 1902. – 63с.: ведомостей.

Обзор Семиреченской области за 1906 год (1907) Обзор Семиреченской области за 1906 год: Приложение ко всеподданнейшему отчету. – Верный. –121 с.: 13 ведомостей.

Обзор Семиреченской области за 1908 год (1910) Обзор Семиреченской области за 1908 год. – Верный. – 93 с.: 13 ведомостей.

Оразов, 2013 Оразов Р. Қарқара жәрмеңкесі. //Түркістан. – 2013. – №36. – 12 қыркүйек.

Пушкарева Н.Л. Предмет и методы изучения истории повседневности.// Этнографическое обозрение. – 2004. – №5. – С.3-19.

Пушкарева Н.Л. «История повседневности» как направление исторических исследований. – [Электронный ресурс] URL:http://www.perspektivy.info/history/istorija_povsednevnosti_kak_napravlenije_istoricheskih_issledovanij_2010-03-16.htm (Қаралған күні: 10.10.2020)

Тоқаев Қ.К. Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйек. – [Электронный ресурс] – URL:http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K2000002020 (Қаралған күні: 10.10.2020)

References:

Ábіlqasymuly Z. (2016) Ile-Balqashtyń tuńǵysh bolysy [The first volost of Ili-Balkhash]. – Almaty: «Ǵylym Ordasy» RMK baspahanasy. – 142 b.

Baıgabatova N.K. (2004) Kazahı Jetysý vo vtoroı polovıne XIX-nachale XX vv. (ıstorıko-etnografıcheskoe ıssledovanıe). Avtoreferat dıssertatsıı na soıskanıe ýchenoı stepenı kandıdata ıstorıcheskıh naýk [Kazakhs Zhetysu in the second half of the 19th and early 20th centuries. (historical and ethnographic research). Abstract of dissertation for the degree of candidate of historical sciences]. – Almaty. – 34s. [in Russian].

Bısembaeva L.A. Jetіsý óńіrіne kapıtalıstіk qatynastardyń enýі, onyń halyqtyń kúndelіktі ómіrіne áserі (XIX ǵ.II jartysy – 1917 j.). «Nurpeıіs oqýlary»  aıasynda ótken «Tulǵa, ǵalym, ustaz» atty halyqaralyq ǵylymı-tájіrıbelіk konferentsııa materıaldary [Penetration of capitalist relations in Zhetysu, its impact on the daily life of the population (second half of the 19th century - 1917). Materials of the international scientific-practical conference "Personality, scientist, teacher" in the framework of "Nurpeyskie readings"]. – Almaty, 2015. March 13. Pp. 189-194.

Ikonnıkov A.I. Gorod Vernyı. 5.Rostovshık Shendrıkov // Sotsıalıstıcheskaıa Alma-Ata [City Verny. 5. The Shendrikov usurer] – Socialist Alma-Ata. – 1937. – №10 (20). – 13 ıanvarıa. [in Russian].

QR OMA. 19-q., 1-t., 291-іs [TsGA RK. fund 19, inventory 1, file 291]. [in Russian].

Qazaq ult-azattyq qozǵalysy (2008) Qazaq ult-azattyq qozǵalysy. Kóp tomdyq. / Bas red. T.ǵ.d., prof. M.Q.Qoıgeldıev. T.8. Ulyǵ Túrkіstan [Kazakh national liberation movement. Multivolume. / Chief Editor. Doctor of History, prof. M.K. Koigeldiev. T.8. Great Turkestan]. – Almaty: «El shejіre». – 368 b.

 «Qazaqstan». Ulttyq entsıklopedııa./Bas red. Á. Nysanbaev. T.1. ["Kazakhstan". National encyclopedia./ Editor-in-chief. A. Nysanbaev. T.1.].–Almaty: «Qazaq entsıklopedııasynyń» Bas redaktsııasy. – 720 bet.

Nedzvetskıı V.E. Admınıstratıvnye ýstroıstvo, osedlye pýnkty ı kochevye volostı Semırechenskoı oblastı (po svedenııam na 1 ıanvarıa 1913 g.) [Administrative structure, settled settlements and nomadic volosts of the Zhetysu region (according to information as of January 1, 1913)]. – Vernyı: Tıpo-Lıtografııa M.I.Obýhova. – 209s. [in Russian].

Nıkolskıı A.M. Pýteshestvıe na ozero Balhash ı v Semırechenskýıý oblast [Travel to Lake Balkhash and to the Semirechensk region]. – Sankt-Peterbýrg. –84s.+59s. [in Russian].

Obzor Semırechenskoı oblastı za 1892 god (1893) Obzor Semırechenskoı oblastı za 1892 god [Overview of the Semirechensk region for 1892]. –Vernyı. – 91 s.: 19 vedomosteı. [in Russian].

Obzor Semırechenskoı oblastı za 1893 god (1894) Obzor Semırechenskoı oblastı za 1893g [Overview of the Semirechensk region for 1893]. –Vernyı. –108 s. + 18 prılojenıı. [in Russian].

Obzor Semırechenskoı oblastı za 1895 god (1896) Obzor Semırechenskoı oblastı za 1895 god.: Prılojenıe ko vsepoddanneıshemý otchetý [Review of the Semirechensk region for 1895: Appendix to the report]. – Vernyı. – 90s.: 31 vedomosteı. [in Russian].

Obzor Semırechenskoı oblastı za 1901 god (1902) Obzor Semırechenskoı oblastı za 1901 god [Overview of the Semirechensk region for 1901]. – Vernyı. – 63s.: vedomosteı. [in Russian].

Obzor Semırechenskoı oblastı za 1906 god (1907) Obzor Semırechenskoı oblastı za 1906 god: Prılojenıe ko vsepoddanneıshemý otchetý [Review of the Semirechensk region for 1906: Appendix to the report]. – Vernyı. – 121s.: 13 vedomosteı. [in Russian].

Obzor Semırechenskoı oblastı za 1908 god (1910) Obzor Semırechenskoı oblastı za 1908 god [Overview of the Semirechensk region for 1908]. – Vernyı. – 93s.: 13 vedomosteı. [in Russian].

Orazov R. Qarqara jármeńkesі [Karkara Fair].– Turkestan. – 2013.– №36.– 12 September.

Pýshkareva N.L. Predmet ı metody ızýchenııa ıstorıı povsednevnostı [Subject and methods of studying the history of everyday life]. Ethnographic Review. – 2004. – №5. – P.3-19. [in Russian].

Pýshkareva N.L. «Istorııa povsednevnostı» kak napravlenıe ıstorıcheskıh ıssledovanıı ["The history of everyday life" as a direction of historical research]. – [Electron resource] – URL:http://www.perspektivy.info/history/istorija _povsednevnosti_kak_ napravlenije_istoricheskih_issledovanij_2010-03-16.htm(Qaralǵan kúnі: 10.10.2020). [in Russian].

Toqaev Q.K. Jańa jaǵdaıdaǵy Qazaqstan: іs-qımyl kezeńі. Memleket Basshysy Qasym-Jomart Toqaevtyń Qazaqstan halqyna Joldaýy. 2020 jylǵy 1 qyrkúıek. [President of Kazakhstan Kassym-Jomart Tokayev’s State of the Nation Address, September 1, 2020]. – [Electron resource] – URL:http: //adilet.zan.kz/kaz/docs/K2000002020 (Qaralǵan kúnі: 10.10.2020)

МРНТИ: 03.20.00

ЖЕТЫСУЙСКИЕ КАЗАХИ В УСЛОВИЯХ ТОВАРНО-ДЕНЕЖНЫХ ОТНОШЕНИЙ

(вторая половина XIX - начало XX века)

Л.А.Бисембаева¹

¹Казахский национальный женский педагогический университет,

Старший преподаватель, PhD.

Казахстан, г. Алматы

Аннотация. Статья посвящена развитию торговых отношений в Жетысу во второй половине XIX - начале XX века и их влиянию на повседневную жизнь казахов региона. Считается, что граница региона с Китайским государством и ханствами Средней Азии была экономически выгодна царскому правительству и способствовала развитию торговли, что в свою очередь сказалось на традиционной экономике и средствах к существованию местного населения. Развитие торговли помогло казахам развить свои древние профессии и стать источником дохода. Ценность домашнего скота как средства обмена возросла, и виды домашнего скота начали меняться. Развитие товарно-денежных отношений еще больше усилило социальное неравенство населения. Торговля велась через ростовщичество. Помимо русских и среднеазиатских торговцев ростовщичеством занимались и местные богатые казахи. Казахов эксплуатировали. Хотя развитие торговых отношений вызвало экономические трудности для населения, в их жизни начали происходить положительные изменения. Появились новые вещи, повседневные одежды изготавливались из качественных тканей в новом стиле. Изменились виды пищи. Повседневная жизнь и общественное сознание жетысуйских казахов стали меняться в лучшую сторону и адаптироваться к новым общественным отношениям. В статье обсуждаются эти и другие вопросы.

Ключевые слова: Жетысу, казахи, профессия, экономика, торговля, купец, товары, деньги, ярмарка, жизнь.

IRSTI: 03.20.00

The Zhetsu Kazakhs in the context of a commodity and money relationship

(second halfof19th century -early 20th century)

L.A. Bissembayeva¹

¹Kazakh National Women's Pedagogical University.

Senior Lecturer, PhD. Kazakhstan, Almaty

Abstract. The article studied the development of commodity relations and its impact on the daily life of the region Kazakhs’ in the second half of the 19th and early 20th centuries. 

It was economically beneficial to the Tsarist government as the region's land borders with the Chinese state and the Central Asian khanates. It was considered that it contributed to the development of trade, affects the traditional economy and everyday life of local peoples, as well as the interaction of the regions’ population. The development of trade contributed to the development of  Kazakhs  ancient professions and became a source of income. The value of livestock as a means of exchange had increased, and the different types of domestic livestock also began to change. The development of commodity-money relations have affected the social inequality of the population. Trade was carried out through usury. In addition, Russian and Central Asian merchants and local Kazakh rich people were engaged in usurping trade. Kazakhs were subjected to mutual harassment. Although the development of trade relations had caused economic difficulties for the population, positive changes had begun to occur in their lives. New productsof the household were introduced, and the high of quality clothes which made of convenient fabrics in a modern fashion for everyday life started to design. Also, the different types of the food had changed. The social consciousness of the Zhetysu Kazakhs and their daily life began to improve and adapt to a new social relations.In this article studies these and other issues.

Keywords: Zhetysu, Kazakhs, profession, economy, trade, merchant, commodity, money, Fair, everyday life.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 606

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ӨЗБЕК - ҚЫРҒЫЗ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ 94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы АЛАШ ТАРИХЫ - ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫНДА: Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың тарихи келбеті ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАМР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ТАУАР-АҚША ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫ (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың басы) ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Статьи автора

ҒТАМР 03.20.00 ТАУАР-АҚША ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫ (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың басы)