Главная » Материалы » 821.512.122; 809:398 ЕР САЙЫН ЖЫРЫНЫҢ ЖИНАЛУ ТАРИХЫ

Қ.Б. АЛПЫСБАЕВА, М.О. Әуезов атынд. Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филол. ғылым. кандидаты, А. ОРАЛБЕК, М. Әуезов атынд. Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, пед. ғылым. магистрі, Алматы қ. Қазақстан.

821.512.122; 809:398 ЕР САЙЫН ЖЫРЫНЫҢ ЖИНАЛУ ТАРИХЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Теги: жыршы, фольклор, нұсқа, жыр, басылым, батырлық жыр, тұпнұсқа, жинаушы
Аннотация:
Ұлттық фольклорымыздың бай мазмұнды жанрларының бірі – батырлар жыры. Солардың ішінен «Ер Сайын» жырына тоқталар болсақ, ол – қазақ халқының ерте замандардан жеткен аса көркем батырлық жырларының бірі. Еңбегіміздің зерттеу нысанасы ретінде «Ер Сайын» жырының жиналу тарихы талданады. Жұмыстың әдістемесін текстологиялық, салыстырмалы-тарихи, құжаттанулық, деректемелі библиографиялық зерттеулер әдісі құрады. Нәтижесін жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарға және әдебиеттанушы мамандарға пайдалануға болады. Кеңес Одағы кезінде жарық көрген жоғарыда аталған туындылардың көбі мысалда көрсетілгендей біраз кешіліктермен жарық көрді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып, мүмкіндіктер туғаннан кейін қазақ халқының тарихын зерделеу жөнінде жаңа көзқарастар туып қана қойған жоқ, сонымен қатар ұзақ жылдар бойы тотолитарлық жүйеге орай тек, саяси және таптық тұрғыда талдау жасалып, теріс бағаланып келген әдебиет тарихының көптеген мәселелері, соның ішінде халық мұрасының жан-жақты зерттеліп, әділ бағалануына қолайлы жағдайлар туғызды. Ал 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен үкімет Қаулысы нәтижесінде «Мәдени мұра» кешенді Мемлекеттік бағдарламасы аясында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Бабалар сөзі» сериясы ғылыми басылымының жүзтомдығын жарыққа шығарды. Қазақтың рухани мұрасы ешбір өзгеріссіз, бастапқы қалпында қалың жұртшылыққа қайтарылып, ғылыми айналымға енді.
Содержание:

Кіріспе. Қолжазба қорларында сақтаулы негізгі сюжеттік арқауы ел бірлігі мен жер бүтіндігін, халық амандығы мен азаттығын ұлықтайтын «Ер Сайын» жырының бағзы заманнан бастап бүгінгі күнге дейін жиналған қолжазбаларын жинақтап, теориялық ізденістермен ұштастыра отырып зерттеп, қазақ халқының жад арқылы ұрпақтан ұрпаққа тарап келе жатқан мұрасының жиналу тарихын (авторлардың тың ізденістері арқылы халық мұрасын жинаушылардың фольклорлық үлгілерді жазып алудағы практикалық қызметі мен өзіндік қолтаңбасын,олардың ғылыми маңызын ашу, жинаушылар т.б. туралы нақты деректерді, мәтіндердің сюжеттік, текстологиялық ерекшеліктерін жазу т.б.) баяндау.

Талқылау нәтижесі.Жұмыстың нәтижесін жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарға және әдебиеттанушы мамандарға пайдалануға болады. 

Еліміз тәуелсіздігін алып, көптеген мүмкіндіктер туғаннан кейін ұлтымыздың тарихын тереңдете зерттеу туралы ойлар мен зерттеулерге жол ашылып қана қоймай, Кеңстік кезеңдегі тотолитарлық жүйенің кесірінен саяси және таптық тұрғыда талдау жасалып, теріс бағаланып келген әдебиет тарихының көптеген мәселелері, соның ішінде халық мұрасының жан-жақты зерттеліп, әділ бағалануына қолайлы жағдайлар туғызды.

Ал 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен үкімет Қаулысы нәтижесінде «Мәдени мұра» кешенді Мемлекеттік бағдарламасы аясында  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Бабалар сөзі» сериясы ғылыми басылымының жүзтомдығын жарыққа шығарды. Қазақтың  рухани мұрасы ешбір өзгеріссіз, бастапқы қалпында қалың жұртшылыққа қайтарылып, ғылыми айналымға енді.

Нәтижесі.Бұл жырдың – негізгі идеясы Отанды сүю, басқыншы жаудан ел қорғау, халық үшін ерлік еңбек ету идеясынан туған.

Жырдағы бас кейіпкер – Ер Сайын. Жыршылар оны ел тәуелсіздігін сақтауда, елге қамқор болуда жасаған ерлігін мадақтап, ел-жұртын сүйген шын батыр ретінде суреттейді.

Ерте заманнан еркін өмір сүріп, иен даласына иегершілік етуді өмір салтына, қазақи қағидасына айналдырған, біреуге бодан болмау жолында тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізген біздің халқымыз үшін тәуелсіздіктің құны бәрінен де қымбат, шоқтығы биік.

Халқымыз – ежелден-ақ тәуелсіздік жолында жан алып, жан беріскен жау жүрек халықтардың бірі. Тәуелсіздік жолында ішкі-сыртқы жаулармен күресіп, ұлтарақтай жерді қолдан бермеген ата-бабаларымыздың жеңісі бүгінгі ұрпақтың жемісіне айналып отыр. Қаһармандық жырларды ел жүрегіне жақын ететін олардың осындай отаншылдық идеямен байланыстылығы. Адамзат қоғамы дамуының барлық кезеңінде де рудың, тайпаның, мемлекеттік бірлестіктердің тыныштығын, бүтіндігін қорғау, қастасқан жауды жеңіп, бақытты өмір орнату мәселесі ең күрделі проблема болып келген. Сонау ноғайлы дәуірінде де елінің амандығы мен тыныштығын, жерінің кеңдігі мен елдігін сыртқы жаудан аман алып қалу үшін жеке шыққан батырлар да көп болды.

Негізгі бөлім. Халқымыз тарихында тәуелсіздік үшін жүргізілген оқиғалардың ұзын тізбегі бар. Жеріміздің байлығына көз салып, халық арасындағы түрлі қайшылықтар мен келеңсіз жағдайларды пайдаланып, ғасырлар бойында сыртқы жаулар ауық-ауық қырғын соғыстар ашып, елді ауыр зұлматтарға ұшыратып отырған. Тарихтың терең қойнауынан орын тепкен түрлі ұрыстар, ел басына түскен ауыртпалықтар қаһармандық эпостардың ішкі заңдылығына бағындырыла сипатталады. Сондай зұлматтарға қарсы ел үшін күрескен ерлікті, елдікті жырлайтын қаһармандық жырлардың бірі – «Ер Сайын».

«Ер Сайын» жыры жөнінде алғаш пікір білдірген – орыс ғалымы В.В.Стасов. Ол еңбегінде түркі-монғол эпосын орыс былиналарымен салыстыра отырып, ондағы көптеген белгілердің орыс эпостарында жоқ екендігін көрсетеді. Осы пікірін дәлелдеу барысында «Ер Сайын» жырынан мысалдар келтіреді [Стасов, 1868: 316].

  Жыр туралы М.Әуезов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, А.С.Орлов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, Ш.Ыбыраев т.б. ғалымдар әр түрлі еңбектерінде тұжырымды пікірлер білдірсе, зерттеуші Г.Абитова «Ер Сайын жырының поэтикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация жазды.

Аталған туындының бірнеше нұсқалары сақталған. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы 105-буманың 3-дәптерінде Ресей географиялық қоғамының мүшесі Р.Игнатьев жинаған «Бозмұнай» деген атпен хатқа түскен жырдың бір нұсқасы сақталған. Жыр мәтіні кеңсе қағазына машинкамен басылған. Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналастырылған. Қате басылған сөздер мен әріптердің үстінен қарындашпен түзетілген. Бет сандары қарындашпен қайта өзгертіліп қойылған. Қағаздардың түптері ақ жіппен тігіліп, сырты ақ қағазбен қапталған. Көлемі – 46 бет. Осы буманың 2-дәптерінде қорға 1939 жылы келіп түскен, Қ.Иманов деген кісі жинаған тағы бір нұсқа бар. Бұл шығарманың мәтіні оқушы дәптеріне күлгін түсті сиямен латын әрпінде жазылған. Өлең жолдары әр бетке екі қатардан түсірілген. Қолжазбаның кей беттеріне сия жайылып, сөздер түсініксіз болып кеткен. Бет сандары еуропа цифрымен беттелген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жинаған «Ер Сайын» жырының машинкамен басылған көшірмесі Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында (149-бума) сақтаулы. Өкінішке орай, жырдың түпнұсқасы қолжазба қорынан табылмады.

Жырдың экспозициясы Сайын дүниеге келмей тұрып, үш шарбақты ноғайда Бозмұнай деген байдың көп малдың иесі – бай болса да, бала жоқтығынан қайғы шегіпжүрген тұрмыс-тіршілігін суреттейтін мотив-сипаттамадан басталады. Бозмұнайдың жылқысын бағып жүрген тоқсан құл астыртын кеңес жасап,  бірігіп алып, иесінің қол-аяғын байлап, сабайды. Бұл зорлықты көрген Бозмұнай қайғылы болып жатқанда, түсінде ақ сәлделі адам келіп: «Бір өзің Шашты Әзіз деген әулиенің қабірін тауып, соның басына барып, Құдайдан тілек тіле», – дейді. Бозмұнай әйелімен әулиелердің бәрінің  басына барып түнеп, тентіреп жүріп, аяғында Шашты Әзіздің қабірін табады. Бозмұнайдың тілегі қабыл болып, Сайын атты бала көреді.

Болашақ батырдың ғажайып туу мотиві қазақтың, түркі, монғол тілдес басқа халықтардың эпосында жиі кездеседі (Алпысбаева, 2018). Қартайған ата-ананың балаға зар болуын, бала іздеп, Жаратқаннан, әулиелерден жәрдем сұрауы қазақтың «Алпамыс», «Шора батыр», «Едіге батыр», «Мұңлық – Зарлық» эпостарынан, қырғыздың «Манас» эпосынан т.б. кездестіреміз.

Міне осылай жасы ұлғайған  ата-аналардың бала тілеп, әулиелерді кезуі кездейсоқ емес. Мұның астарында батыр ұлды аңсаған ел арман-мақсаты жатыр[Алпысбаева, 2017]. Сондықтан да, оны жалпы батырлық жырларындағы дәстүр бойынша ата-анасы тарығып, зарығып жүріп көрген бала ретінде суреттейді.

Батырлық жырлардың көбіне тән ерекшеліктердің бірі – батырдың ерте есеюі, алыптықты жастайынан танытуы. Оы ерекшелік аталған жырда да көрініс тапқан. Сайын да ерекше жағдайда туып, анасының емшегін ембейді, ет берсе, жемейді. Ноғайлы жұрты кеңесіп, Сайын сынды мырзаға үш күнде бір бие сойдырып, ту биенің ортан жілігінің майымен асырайды. [Сайын батыр, 1992] Жыр Сайынды:

Бір жасына келгенде,

Біліктіден би болды.

Екі жасқа келгенде,

Еліменен тең болды.

Үш жасына келгенде,

Ерттеп мінген атынан

Кешке дейін түспеді,

Шақыртпай асын ішпеді.

Төрт жасына келгенде,

Қарағай найза толғайды,

Жүрсем екен дейді екен.

Бес жасына келгенде,

Қадір түнін күзетті,

Ноғайлының үш кентін

Түгелімен түзетті...

деп суреттейді. Бұл да кездейсоқ емес, эпикалық идеяландырудың заңды сатысы. Архаикалық элементтері көбірек сақталған саха (якут) эпостарында қаһарманның жетілуі соншалық көтеріңкі әрі кең таратылып айтылады. «Ер Сайын» жырында да осы дәстүрдің көрініс тапқаны байқалады. Жыр елге қорған болатын батырдың тек осындай, өзгеше бітімді, ешкімнен жеңілмейтін  батыр бейнесін тудырған. Сайын бес жасында-ақ атқа мініп, жылқы бағады. Әкесіне қорлық көрсеткен тоқсан құлды қырады.

«Жырдың бұл кезеңінде Сайын халық тілегіне сай, көпке пайдалы батыр емес, үстемдік зорлықтың жақтаушысы. Сондықтан, жыр оның алғашқы істерінің бәрін сынап, жолсыз сотқар, опасыз байдың ұлы етіп әңгімелейді [Әуезов, 1948]. Сайынның бойына күші сыймай, жау тіленеді. Бір күні алыстағы қалмақ елін жаулап алмақ болған Қобыланды бір мыңдай қолмен Сайынды іздеп келеді. Сайынның әке-шешесі «баламыз жас, жауға бармасын» деп, Қобыландыдан үш жыл мерзім сұрайды. Бозмұнай үш шарбақты ноғайлыны аралап, баласына қыз таңдайды. Ақыры Көбік деген байдың қызы Аюбикешті алып береді. Сайын қызды алған соң, ата пірі түсінде келіп, былай деп аян береді: «Екі ұлың болады. Піріңді есіңе алып жүр», – дейді.

Үш жыл өткен соң, Қобыланды уәдесі бойынша қайтып келіп, Сайынды серікке алып, қалмаққа аттанады. Жауға таяғанда, Қобыландының Жағалбайлы деген жауырыншысы жауырынға қарап: «Алдымызда жау тосқыны бар. Бұл ретте жолымыз болмайды, қолдың обалына қалмай, қайтайық», – дейді. Қобыланды жауырыншының сөзіне сеніп, қайтпақшы болады. Бұған Сайын қарсы болып:

– Хабар алып сайтаннан,

Бұл жолымнан қайта алман!

Алғанымның қойнында

Күлкі болып жата алман!

Бұл қамалға келген соң,

Жалғыз да болсам қайта алман! – дейді.

Қасына қырық жігітті ертіп алып Сайын жауға қарсы аттанады. Жауға таяғанда, қырық жігіт ере алмай қорқып, Сайын жалғыз өзі көп қалмақпен соғысады. Осы тұста ерліктің, отансүйгіштіктің, белгілі бір мақсат жолында жан аямай күрескендіктің, намыстылықтың неше алуан түрлерін көреміз. Мысалы: 

 

Ақ төбенің басында

Жалғыз Сайын қарап тұр.

«Келгенменен бұл қалмақ,

Не қылады маған» деп,

Мазақ қылып жарқылдап.

Жауы әбден келген соң,

Бозаттың басын бұрмалап,

Тоғысты қасқа «Аллалап».

Бөлек-бөлек қылып жүр,

Бөлінген қойдай қырып жүр.

Қалмаққа мүшкіл туып жүр,

Еламан мен Жоламан

Тау тасалап қашып жүр.

«Алады, – деп, – жұртымды,

Осы қалмақ сасып жүр.

Еламан мен Жоламан

«Көрінер күнің барма» деп,

Аузын қатты басып жүр, –  

 

деп келетін өлең жолдарынан жаудан қаймықпайтын Ер Сайынның өр мінезі, сол кездегі батырдың нағыз отаншылдық бейнесін айқын аңғарамыз. 

Батыр қайратына мастанып, ата-бабаларының әруақтарына сыйынуды ұмытқан кезінде қасынан аруақтары қашады, баяғы қайраты болмай, тұс-тұсынан оқ тиіп жаралы болып, қырық жігітке келеді [Әуесбаева, 2017]. Өлейін деп жатып екі баласын Қобыландыға тапсырады. Бұл тұста Сайынның ел қорғайтын батыр ұлдарын даңқты халық батырының тәрбиесінде өсіріп, енді бұларды өзіндей емес, Қобыланды батырдай болсын деген ойы жатқанын көруімізге болады.  Сайын сол жерде қаза табады. Жырдағы Сайынның мертігуі ғана емес, оның үлкеннің тілін алмауы, өзін жебеуші пірлерін ұмытуы сияқты «кемшіліктері» шығарманың реальды шындықты бейнелеу мүмкіндігімен байланысты болып келеді. Батырдың ересен ерліктерімен қатар, әлсіз тұстарының көрсетілуі арқылы көп қырлы қаһарман бейнесі сомдалған. Өзінің жеке басындағы аңғалдық, албырттық сияқты осал тұстары себебінен сәтсіздікке ұрыну сарыны «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» сияқты классикалық эпос үлгілерінен де елеулі орын алған. «Ер Сайын» жыры бас қаһарман бейнесін жасаудың осы тәсілдеріне жүгінген [Әбитова, 2007].

Жырда архаикалық жырларға және классикалық қаһармандық т.б. эпостарға тән сарындардың бірі «түс көру» мотиві бірнеше жерде көрініс тапқан. Мәселен, Сайынның әйелі жайсыз түс көріп, шошып оянады:

– Мен бүгін бір түс көрдім,

Жауырыным тола қара шаш

Жайылыңқы көрінді.

Бедерленген бес тырнақ

Қанға малыңқы көрінді.

Шешем берген боқшасы

Шашылыңқы көрінді.

Жауда жүрген балаңның

Астында жүрген Ақбоз ат

Құйрығы келте көрінді.

Қолына алған ақ сүңгі

Үзіліңкі көрінді...

Бұл түсте Ер Сайынның басына бір қауіп-қатердің түскенін сездіреді. Батырдың әйелі  Аюбике Сайынды іздеп келіп, өліп қалған батырды «аюдың майын» жағып тірілтіп алады. Қаһарманның «өліп тірілу» сюжеті алтайлықтардың «Алтаин – Сайын Салам» атты ертегісінде кездеседі [Әуесбаева, 2017].

Қаһармандық жырларға тән белгілердің бірі – ел қамқоршысы батырдың сұлу жары, әрі ақылшы, көмекшісінің бейнесінің жасалуы болса, аталған жырдан да Аюбике бейнесінен «мінсіз жардың» барлық қасиеттерін табуға болады. Сонымен қатар ол – өлген жанды тірілте алатын қасиетке де ие. Бұл бейнесімен «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Баянға, «Ер Қосай» жырындағы Ботақызға т.б. ұқсас.

Сайын ауруынан айығып, қалмақтың Еламан, Жоламан атты батырларымен соғысады. Осы кезде Бөкенбай мен Киікбайды ертіп Қобыланды келеді. Киікбай майданда кезігіп қалған әкесін танымай, байқаусызда найза жұмсайды. Киікбайдың әкесін танымағандықтан, найза сілтеуі, әкесінің баласын тану көрінісі «Дариға қыз» дастаны мен «Рүстем-Сұһрап» т.б. жырларды еске түсіреді. Бұдан кейін үшеуі қосылып жауға шапқаны, қанды майдан айқаста асқан ерлік жасағаны, олардың ақырында қалмақ жауды  жеңіп, жеңіске жетуі т.б. әңгіме болады. Осылардың бәрі бас қаһарман есімімен байланысты дамып отырады. Сайын батырдың қанымен келген отаншылдық қасиет оның ұлдары: Киікбай мен Бөкенбайға да қонады. Оған :

Екі ұлының тұсында

Сайындайын батырдың

Іргесін дұшпан баспады,

Қолынан дәулет қашпады.

Ел шетіне жау келсе,

Сайын сынды батырдан

Киікбайдың ерлігі

Анағұрлым асады.

Екі ұлының тұсында

Бәрінің дайын болды ерлігі, –

деген өлең жолдары дәлел бола алады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы «Ер Сайын» жырының Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Р.Игнатьев, Қ.Иманов т.б. жинаған қолжазбалар арасында сюжеттік айырмашылықтар аз. Бәрі де В.В.Радлов бастырған мәтіннен алшақ кетпейді.

В.В.Радлов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қ.Иманов нұсқаларында Сайын мен балалары жауды жеңген соң Қобыландының Бөкенбай мен Киікбайға бата беруімен аяқталса, Р.Иманов тапсырған қолжазбада Сайынның анасы баласын жауға тастап кеткені үшін ренжіп, Қобыланды жеті күндей жүріп, Бозмұнайдың ризашылығын алумен аяқталады. Салыстырулар нәтижесі «Ер Сайын» жырының бір түбірден тарағанын көрсетеді.

Қорыта келе, «Ер Сайын» жыры халықтың асқан күшті, ақылды, жауды жеңе беретін, жауы қандай айла қолданса да өлмейтін, отанын шын сүйетін халқы аңсаған ел арманын қамтыған  құнды шығарма деп білеміз.

«Ер Сайын» жыры алғаш рет академик В.В.Радловтың 1870 жылы шыққан «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в южной Сибирии в Джунгарских степях» атты кітабының 3-томында (СПб., 1870. – 166-221 бб.) «Сайын батыр» деген атпен жарияланды [Радлов, 1870: 166-221].

Аталған эпос мәтіні Кеңес дәуірінде Мәскеуде 1926 жылы жеке кітап болып шықты. 1922 жылы Ташкентте, 1933 жылы С.Сейфулин құрастырған «Батырлар жыры» жинағында[Сайын батыр, 1933: 185-226] жарияланса, С.Мұқанов 1939 жылы «Батырлар» атты эпостар жинағына енгізген(Ер Сайын, 1939: 345). Кейін «Ер Сайын» жырының мәтіні 1992 жылы «Қазақтың батырлық эпосы», Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері» атты кітапта, 1993 жылы «Ақ сандық», 1994 жылы «Ел қазынасы – ескі сөз» атты жинақтарда басылды. Эпостың ықшамдалған нұсқасы А.Пенковскийдің аударуымен «Литературный Казахстан» [Алматы, 1935 № 2, 3, 4, 1938 № 8, 9, 11] журналында орыс тілінде жарияланды.

«Ер Сайын» жырының 1933, 1939, 1992, 1994 жылдары басылған мәтіндерін В.В.Радлов нұсқасымен [СПб, 1870] салыстырып, текстологиялық жұмыс жүргізу барысында: 

1. Жоғарыда аталған басылымдардың бәрі В.В.Радлов жариялаған мәтін екені анықталды.

2. 1939 жылғы басылымда 1300, 1301, 1342, 1343-ші өлең жолдары түсіп қалған. Мәтінде кездесетін «алаш» сөзі «ел», «тайпа» деп өзгертілген.

3. 1992 жылғы басылымдарда жинаушының өз тарапынан қосқан өлең жолдары бар екені анықталды. Мысалы: 128-жолға «Әнін қосып жылайды», 148-жолға «Оң жағыма кіргізіп», 461-жолға «Көрмейсің бе ыңғайын» т.б. жаңадан енген. Ал 199-жолдағы «От жағалай отырып» деген өлең жолы «Отының басын толтырып», 466-жолдағы «Бәрімізді қырады» деген өлең жолы «Бізді тегіс қырады» деп өзгертілген т.б.

Жыр 2006 жылы «Бабалар сөзі» ғылыми сериясының 44-томында 1870 жылғы кітаптан еш өзгеріссіз дайындалып ұсынылды.

Қорытынды. Қорыта айтқанда, еліміздің сирек қорларында батырлар жырының ұшан теңіз мол қоры бар. Бұлар әр жылдардағы экспедиция материалдарымен молайып отырады. Сондықтан қолжазба қорларындағы батырлық жырлардың (Ер Сайын) жиналу тарихын баяндап жазу шет ел зерттеушілері, отандық гуманитарлық ғылымдар саласында іргелі зерттеу жүргізетін ғалымдар үшін аса құнды деректер жөніндегі анықтамалық құрал қызметін атқарады. Және түркі тілдес елдермен отандық фольклортанушы ғалымдарға белгісіз жүздеген мәтіннің жиналу тарихын дәйекті етіп дәлелдеуге таптырмайтын дереккөз болып, іргелі зерттеулер жүргізуге мүмкіндіктер туғызады.

  Бүгінгі таңда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Мемлекеттік «Ұлы даланың жеті қыры жобасы аясында жарияланатын» «Дала фольклорының антологиясы» сериясының онтомдығын әзірлеуде.

Оқырман қауымға  алғаш рет ұсынылып отырған антологияның 1-томын  қазақ ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы  батырлар жырының  таңдаулы үлгілері құрайды. Сол үлгілердің қатарында қазақ жырауларының репертуарынан тұрақты орын алған, байтақ сахара жұрты сүйіп тыңдаған батырлық эпостың бірі «Ер Сайын» жыры да бар. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1948.

Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Ташкент, 1927.

Бердібаев Р. Қазақ эпосы. – Алматы, 1992.

Ер Сайын. (Жыршылар айтуынан алып, өңдеп өткерген Байтұрсынұлы Ахмет). – Мәскеу, 1926.

 Ер Сайын. // Батырлар //. Кітапты құрастырып, түсініктемелерін жазған – С. Мұқанов. – Алматы, 1939.

Ер Сайын. – Ташкент, 1922.

  Сайын батыр. // Батырлар жырының жинағы // Кітапты құрастырған – С.Сейфуллин. – Алматы, 1933.

Сайын батыр. // Қазақтың батырлық эпосы // Құрастырып, түсініктемелерін жазған – С.Дәуітов. – Алматы, 1922.

Стасов В.В. Происхождение русских былин. Т.2. – Москва, 1868.

Оралов А.С. (1945). Казахский геройческий эпос. Москва.

Алпысбаева Қ.Б. Некоторые общие мотивы в тюркско-монгольском эпосе. // Световое востоковедение: Устные и письменные традиции в контексте межкультурного взаимодействия. Материалы // Международного научного форума. 29 ноября. Элиста. Рус, 2018.

Алпысбаева Қ.Б. Қалқа Жапсарбаев репертуарындағы «Едіге – Нұран» жыры және сюжеттік ерекшеліктері // Қазақстан Респудликасының ұлттық академиясының Хабарлары. №2.  – Алматы, 2017. Каз.

Рақыш Ж. «Қамбар батыр» жырының жанрлық ерекшелігі // ҚазҰУ Хабаршысы. №3. Филология сериясы. – Алматы, 2006. Каз.

References

Auezov M. Adebiet tarihy. – Almaty, 1948.

Auezov M. Adebiet tarihy. – Tashkent, 1927.

Berdibaev R. Kazakh eposy. – Almaty, 1992.

Er Saiyn. (zhyrshylar aituynan ondep otkergen Baitursynuly Ahmet).  – Maskeu, 1926.

Er Saiyn. // Batyrlar //. Kitapty kurastyryp, tusiniktemelerin zhazgan – Sabit Mukanov.  – Almaty, 1939.

Er Saiyn. – Tashkent, 1922.

Er Saiyn. // Batyrlar zhyrynyn zhinagy //. Kitapti kurastyrgan – Saken Seifullin. – Almaty, 1933.

Saiyn batyr. // Kazakhtyn batyrlykh eposy //. Kurastyryp, tusiniktemelerin zhazgan – S.Dauitov. – Almaty, 1992.

Stasov V.V. Praishozhdenie ruskih bylin. T.2. – Moskva, 1868.

Oralov A.S. Kazahskii geroicheskii epos. – Moskva, 1945.

Alpysbaeva K.B. Nekotorye obshie motivy v tuirksko-mongolskom epose. // Svetovoe vostokovedenie: Ustnye i pismennye tradisii v kontekse mezhkulturnogo vzaiimodeistvia. Materialy // Mezhdunarodnogo nauchnogo foruma. 29 noiabra. Elista. Rus, 2018.

Alpysbaeva K.B. Kalka Zhapsarbaev repertuaryndagy «Elige – Nuran» zhyry zhane siuzhettik erekshelikteri. // Kazakstan Respulikasynyn ulttyk akademiasynyn Habarlary. №2. – Almaty, 2017. Kaz.

Rakysh Zh. «Kambar batyr» zhrynyn zhanyrlyk ereksheligi // Kaz UU Habarshsy. №3. Filologia seriasy. – Almaty, 2006. kaz.

К.Б. АЛПЫСБАЕВА1

1Институт литературы и искусства имени М.О. Ауэзова, ведущий научный работник, кандидат филологических наук, г. Алматы, Казахстан

А. ОРАЛБЕК2

2Институт литературы и искусства имени М.О. Ауэзова, научный работник, магистр педагогических наук, г.Алматы, Казахстан

ИСТОРИЯ СОБИРАНИЯ ЭПОСА «ЕР САЙЫН»

Резюме

Один из жанров нашего национального фольклора с богатейшим содержанием – это героический эпос. Среди них остановимся на эпосе «Ер Сайын». Он является одним из древнейших казахских высокохудожественных героических эпосов, дошедших до наших дней. Сюжетной основой которой является воспевание народного единства, народного героизма. В качестве объекта исследования нашего труда анализируется история собирания эпоса, сюжетные, текстологические и типологические особенности«Ер Сайын».

Ключевые слова: фольклор, испольнитель, собиратель, вариант, издание, героический эпос, оригинал

K.B. ALPYSBAEVA1

1M.O. Auezov Institute of Literature and Art Senior researcher, Ph.D. Philology, Almaty, Kazakhstan

A. ORALBEK2

2M.O. Auezov Institute of Literature and Art Master of Pedagogical Sciences, Almaty, Kazakhstan

HISTORY OF COLLECTING THE VERSIONS OF "YER SAIYN" EPIC

Summary

 One of the genres of our national folklore, which has rich content,  is a heroic epic. We will focus on the epic "Er Saiyn". It  is one of the oldest and highly artistic Kazakh heroic epics that have survived to the present day. The plot  basis of it is  chanting the national unity, the people's heroism. Research object of our study is the history of  collecting versions of the epic

Keywords: folklore, storyteller, collector, version, epic, textual study, edition, heroic epic, original

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь