Басты бет » Материалдар » 930.2:94(574) ҚАСЫМ ХАННЫҢ БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ КҮШЕЮІ

Н.А. Тасилова, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к., Е-mail: tasnaz@mail.ru Қазақстан, қ. Алматы

930.2:94(574) ҚАСЫМ ХАННЫҢ БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ КҮШЕЮІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(15), 2018

Аңдатпа:
Бұл мақалада ортағасырларда тарих сахнасына көтерілген Қазақ хандығының билеушісі әйгілі Қасым ханның тұсындағы мемлекеттің ішкі саяси жағдайы мен көрші жатқан Моғолстан, Мәуреннахрдағы Шайбанилер әулеті, орыс елі арасындағы саяси-дипломатиялық, әскери, сауда-экономикалық байланыстарының тарихы жазба деректер мен тарихнамалық еңбектердің негізінде зерделенген. Әсіресе, көшпелілер мен отырықшылар арасындағы саяси қатынастары, олардың өзара тиімді байланыстары қарастырылған. Екі жақтың саяси қатынастары үшін Сыр бойындағы қалалардың маңызы көрсетіліп, ХVI ғасырдың басындағы ел билеушілері тарапынан тыйым салудың көрші елдердің байланысына бөгет бола алмайтындығы анықталды. Кілт сөздер: мемлекеттілік, хандық, түп төркіні, саяси, халықаралық, байланыстар, дипломатия.
Мазмұны:

XVІ  ғасырдағы  Қазақ  хандығының  тарихында  ерекше  орын  алатын  бірнеше  хандар  болды. Олардың  тарихи  ролі  әрбір  хан  тұсындағы  хандықтың  саяси-экономикалық  және  әскери  жағдайымен  бағаланады. Қасым  ханның XVІ  ғасыр  басындағы  тарихи  ролі  неден  көрінді  десек, ең  алдымен, Қазақ  хандығының  территориясы  жағынан  кеңеюімен, мемлекеттілік  жағынан  нығаюымен, халқы  санының  өсуімен, қазақ  деген  халықтың  және  мемлекеттің  атын  алыс-жақын  елдерге  паш  етумен  көрінді  дейміз.

Ең  бастысы, қазақ  халқының  ауыз  әдебиетінде  кездесетін  Қасым  хан  туралы  “Қасым  ханның  қасқа жолы”  деген  сөз  тіркесі  осыдан  жарты  мың  жыл  бұрын  өмір  сүрген  тарихи  тұлғаның  халық  санасында  терең  де  тұрақты  орын  алғандығын  көрсетеді.

Ортағасырлық  жазба  деректерде  Қасым  ханның  жеке  өмірбаянын  толық  баяндайтын  мәліметтер  жоқ, тек  оның  сұлтандық  және  хандық  кездеріндегі  өмірінен  қысқа - қысқа  мәліметтер  әртүрлі  ортағасырлық  деректерде  кездеседі. Олардың  қатарына  Әбілғазының «Түрік шежіресі», Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Бабырдың «Бабырнамасы», Бинай  мен  Шадидың, ибн  Рузбихан Исфаханидің «Михман наме Бұхара», Махмуд  ибн  Уәлидің «Бахр аль-асрар», Хайдер  Разидің, Гаффаридің, Абдоллах  Балхидың, Мұхаммед  Хайдар  мырза  Дулатидың «Тарихи Рашиди»  еңбектері  мен  анонимді “Тауарихи гузидаи нусрат  нама” шығармасы  жатады [1].

Қасым  хан XVІ  ғасырдағы  Ақ  Орданың  ханы  Орыс  ханының  тікелей  ұрпағы  “Орыс  ханның  жеті  ұлының  бірі - Қойыршақ, Қойыршақтан  Барақ хан, Барақтан  үш  ұл: Мір  Сайд, Мір  Қасым  және  Әбу  Сайд  дүниеге  келеді”. Әбу  Сайдты Жәнібек  хан  деп  атайды, деп  жазылады  дерек  мәліметінде, Жәнібек  ханнан – Иренші, Махмұд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Өснак (Осак), Жадық  атты  тоғыз  ұл  болады.

Қасым  ханның  аталарының  бәрі  бір  кездері Дешті  Қыпшақта  хандық  құрған. Орыс  хан  1361-1376/77  жылдары  Ақ  Орданы  биледі, оның  ұлы  Құйыршық XІV  ғасыр  соңында  аз  уақыт  Жошы  ұлысында  хан  болады.

Қасым  ханның атасы  Барақ  хан  1420-1421  жылы  Мауреннахр  билеушісі  Ұлықбектен  көмек  алып, Алтын  орда  тағы  үшін  күреседі. 1424-25 жылы  ол  Ұлық Мұхаммедті  жеңіп, Алтын  Орда  тағына  келеді, 1428  жылы  қайтыс  болған,” – десе.  Оны Алтын  Орда  тағына  үміткерлер ішіндегі  “күшті  бура”  деп  те  санаған.

  Қасым  ханның  әкесі  Жәнібек  хан - оны деректерде “Кіші  Жәнібек хан”  деп  атаған. Жәнібек  ханның XV ғасыр ортасында Қазақ  хандығының  Керей  ханнан  кейін  билегенін  дерек  мәліметтері  дәлелдейді.

  Тарихшы Б. Кәрібаев «Ордаежендік» пікірді негізге ала отырып, Рашид-ад Диннің «Жамиғ ат-тауарихы» мен атышулы «Ескендірдің анонимі» атты деректеріне сүйене отырып, Қасым ханның шежіресін былайша өрбітеді: Шыңғыс хан – Жошы – Орда Ежен – Сартақтай – Қоныша – Сасы Бұқа – Шымтай – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан - Жәнібек хан. Осы пікірді бізде дұрыс деп санаймыз.

  Жәнібек  ханның  9 ұлының  екеуі: Қасым  хан мен  Қамбар  бір  анадан, Жаған-бикеден  туады. Қасым  ханның  туған  жылы  анық  белгілі  емес. Бірақ  та  оның  туған  жылын  шамалап  көрсетуге  Мұхаммед  Хайдар  Дулатидың  еңбегіндегі  мәлімет  мүмкіндік  береді. Ол  1513  жылы  Сұлтан  Сайд  ханның  Шу  бойындағы  Қасым  хан  ордасына  келгенін  айта  келе, “бұл  кезде  Қасым  ханның  жасы  алпыстан асып, жетпіске  жақындап  қалған  болатын”- деп  жазады. Осыған  сүйене  отырып, 1513  жылы  Қасым  ханның  жасы  67-68  де  болған  деп  есептесек, онда  ол  1445-1446  жылдары  дүниеге  келген  болады. Зерттеуші Т.И.Сұлтанов  Қасым  ханды  1445  ж. шамасында  туған  деп  санайды [2].

 Қасым  ханның  өміріне  байланысты  мәліметтер  1470-ші  жылдарға  дейін  ешбір  дерек  мәліметінде  кездеспейді. XV  ғасырдың  70 жылдардың  бірінші  жартысында  Шайбани  ханның  маңғыт  мырзаларымен  одақтасып, Қазақ  хандығына  қарсы  күресінде  тұңғыш  рет  Қасым  сұлтан есімі  аталады. “Шайбани нама”  авторы  осы  жылдардағы  Қасым  хан  туралы: “Бұрындық  хан  әскері  ішіндегі  атақты  баһадүр  және  белгілі  сұлтанның  бірі”, - деп  мәлімдейді.

  Қасым хан  өмірінің  сұлтандық  дәуірі, 1511  жылға  дейін  Қазақ  хандығының  күшеюі  мен  Сыр  бойы  үшін  жүргізілген  күрестер  жылдарында өтеді. Бұл  кездердегі  оқиғаларға  Қасым  хан  тікелей  қатынасып, маңызды рөл  атқарады. Күрестің  алғашқы  кезеңдерінде  ол  қазақ  әскерлерінің  қолбасшысы  болып, үнемі  Бұрындық  ханның  қасында  болады . “Бұрындық  ханға  бағынып, оны  тыңдайды”, XVІ ғасыр  басында, Мұхаммед  Шайбани  ханның  Қазақ  хандығына  жасаған  жорықтары  кезінде  көрінеді. Әсіресе, 1510  жылғы  соңғы  жорық  кезінде, XVІ ғасыр  басында  Әдік  сұлтан  қайтыс  болғаннан  кейін, ол  сұлтан  Нигар  ханымға  үйленеді  және  “ең  күшті, ықпалды  тұлғаға  айналады”. Орта Азияда Мауреннахрдың билеушісі Шайбани ханның Қазақ хандығына бағытталған соңғы  жорығы  қарсаңында  Қасым  хан  ресми  түрде  хан  болмаса  да  “оның  күшінің  өскендігі  соншалықты, Бұрындық  хан  туралы  ешкім  ойламайды” және  “хандықты  басқару мен  хандықтағы  бүкіл  билікті  өз  қолына  алады”, - деп сипатталады тарихи деректерде [3].

Шайбани  хан  әскерін  1510  жылы  Қасым  ханның  тас- талқан  етіп  жеңуі,  оның  беделін  бүкіл  Дешті Қыпшақта  өсіреді, қазақ  қоғамы  оның  саяси  билігін  мойындайды. 1511  жылы  Бұрындық  хан  Мауреннахрға  кеткеннен  кейін, Қасым  хан  хандық  билікке  өзі  отырады.

1511 жылдан Қасым хан өмірінің хандық дәуірі басталады.Оны халқы ежелгі түркі дәстүрі бойынша ақ киізге отырғызып, хан көтереді. Қасым хан алғашында-ақ көрші елдермен қарым-қатынасты күш қолданумен емес, ақыл-парасатпен, өзара келісіммен шешу жолын ұстанады. Жарты ғасырдай ел қорғау жолында қолынан найзасы мен қылышы түспеген қазақ жасағы, әрине, бейбіт өмірді аңсаған еді.

Біз  бұдан  әрі  Қасым  хан  өмірінің  биліктегі  дәуірін  Қазақ  хандығының  тарихымен  қатарлас  қарастырамыз. Өйткені,  оның  хандық  биліктегі  дәуірі  Қазақ  хандығының  Шайбанилық  Мауреннахрмен  Сыр бойындағы қалаларды иелену үшін жасалған саяси  қарым-қатынастары  мәселесімен  тығыз  байланысты болмақ.

Қасым  хан  билікке  келісімен  Қазақ  хандығының  оңтүстігіндегі  негізгі  қарсыласы  Мауреннахрдың  саяси  өмірінде  күрт  өзгерістер  болды. Ол 1510  жылдың  күз  айында  Шайбани  ханның  қаза  табуы. Бабардың  Ирандағы  сефевилік  әулеттің  негізін  қалаушы  Исмаил  шахтың  көмегімен  Самарқанды  алып, Мауреннахрда  6-7  ай  билік  құруы  және  1512  жылдың  көктемінде  шайбанилық  сұлтандардың  біріккен  күші  Мауреннахрдан  Бабарды  қууы  мен  “көшпелі  өзбектер”  билігінің қайта  орнатылуы  еді [4]. Сондай-ақ,  Қазақ хандығының  оңтүстік  шығысында  шағатайлық  сұлтан  Сайд  хан  осы  жылдары  Мауреннахрдағы  саяси  жағдайды  пайдаланып, моғолстанда  шағатайлық  әулеттің  билігін  қайта  орнатуға  ұмтылады. Осындай  қалыптасқан  күрделі  саяси  жағдайда  Қазақ  хандығына  ұтымды  сыртқы  саясат  жүргізуге  тура  келеді. Қасым  ханның  шебер  дипломатиялық  қасиеті  осы  тұста  айқын  байқалады. Бәрі  түсінікті  болу  үшін  Мауреннахрдағы  жағдайдан  бастайық.

1510  жылдың  күзінде  Шайбани  хан  өлімінен  кейін  шайбанилық  сұлтандар  арасында  билікке талас  болды. Мұндай  жағдайды  тез  түсінген  Темірдің ұрпағы Бабыр Кабулдан  шығып, Мауреннахрға  аттанады. Ислам  шахтың  көмегімен  ол  1511  жылдың  күзінде  Мауреннахрда  6-7  айға  созылған  билігін  орнатады. Мауреннахр қалалары  мен оған  тәуелді  аймақтарға  Бабыр  өз  адамдарын  әкім  етіп  тағайындайды. Бабырдың  Мауреннахрда  билік  құрған  кезінде  Қазақ  хандығымен  қандай  қатынаста  болғандығын ешбір  дерек  мәлімет бермейді.

Қасым  хан  тұсында  қазақтар  өзбектермен  қарсыласып  соғысқанымен, олармен  қосылып  қызыл  басты  Сефевид  әулетінің  Исмаил  І шахқа  қарсы  соғысқанын зерттеуші Н. Атығаев өзінің  мақаласында  көтерген. Онда  сефевидтер  әулетінің  дерегіне  жататын, парсы  тіліндегі  анонимді  “Алам ара-и Сефеви” (”Әлемді  гүлдендіруші  сефевилер”)  атты  шығармада XVІ  ғ. І жартысындағы, яғни  хижра  бойынша  919  жылы, біздің  жыл  санауымызша 1513-1514 жж. қазақтар өзбектермен бірігіп  сефевиліктерге  қарсы  соғысқаны  туралы  мәлімет  бар. Отырарды  билеген  өзбек  сұлтаны  Жәнібек  қазақтың  Қасым  ханына  көмек  сұрауға  жіберіледі. Онда  осы  күнге  дейін  аты  ешбір  деректе  кездеспеген  Қасым  ханның  Әбілхайыр  хан  атты  ұлы  бар  екен, Әбілхайырды  Қасым  Исмаил  шахқа  қарсы  көп  әскер  жібергендігі  туралы  мәліметтер  кездеседі. Зерттеуші  Н. Атығаев  деректің  тарихилығын  және  оған  сенім  артуға  болатындығын  ескертеді [5].

Қасым  ханға  Ташкент  түбіндегі  оқиғадан  кейін, арада  3-4  ай  өткенде  шайбанилық  сұлтандарға  бірігіп  күресу  үшін  Сұлтан Сайд  хан  келеді. Бұл  туралы  “Тарихи  Рашидиде”  өте  жақсы  баяндалады . Автордың  осы  баяндауындағы  мәліметтерден  Қасым  ханның  Қазақ  хандығындағы  беделінің  зор  болғандығын  көреміз. “Қасым  хан  жасының  ұлғаюына  байланысты  ханды  қарсы  алуға  шыға  алмады. Қалған  сұлтандарға, ішінде  бірнешеуі  Жаныш  хан, Таныш  хан, Манаш  хан, Жан-Хайдер  сұлтан, Қарым  сұлтан  және  басқалары  50-60  жаста  болады. Жалпы  саны  Жошы  ұрпағының  30-40  сұлтанына  ханды  қарсы  алуға  бұйырады”,- дейді  Мұхаммед  Хайдар  Дулати  өз  еңбегінде.

    Бұл  мәліметте  Қасым  ханды  сонша  сұлтан  тыңдап, жанында  болуы  оның  билігінің  Дешті Қыпшаққа  кең  тарағанын  көрсетсе, екіншіден, Қасым  хан  тұсында  Қазақ  хандығының  ішкі  саяси  жағдайы  тұрақты  болғандығын  көрсетеді. Қасым  хан  Сұлтан  Сайдтың  шайбанилықтарға  қарсы  одақ  құру  туралы  ұсынысына  бұл  мезгілде  жорық  жасаудың  қиындығын  айта  келіп, дала  тұрғындарын  бұл  кезде  қыстау  мәселелері  ойландырады, сондықтан  да  мезгілсіз  уақытта  әскер  жинаудың  мүмкін  емесін  мәлімдеп, хан  Сұлтан  Сайдты  Андижанға  шығарып  салад.

Қазақ  хандығы  өзінің  Сыр  бойындағы  иеліктерін  сақтай  отырып, оңтүстікте Мауреннахрмен Ташкент аймағында шектеседі. Түркістан  аймағы  ХVІ  ғ. І  ширегінің  соңына  дейін  Дешті  Қыпшақпен  бірге  біртұтас  саяси, экономикалық, этникалық, мәдени кеңістік құрайды. Жетісудің, Сыр  бойының  Қазақ хандығы  құрамына  қосылуы  қазақ  тайпаларының  экономикалық  территориясын  біріктірудегі  үлкен  жеңісі  болды.

Қасым  ханның  Қазақ  хандығының  күшеюіндегі  рөлін  сол кездегі  өмір  сүрген  тарихшылар  мәліметтерінде  де  көп  кездеседі.  Қасым  хан  туралы  Бабыр , Мұхаммед  Хайдар  Дулати, Махмуд ибн  Уәли, Қадырғали  Жалайри , Хайдар  Рази, Гаффари  шығармаларында  оның  әскерінің  көптігі,  күшті  хан  болғандығы  туралы  мәліметтердің  кездесуі  сол  кездегі  Қазақ  хандығын  Қасым  ханның  мықты  қолбасшысы, мемлекетті өз қолында  ұстай білген, көрші  мемлекеттермен  сыртқы  саясатта  дипломатиялық  шеберлігі  арқасында  жағдайды  өз  елінің  пайдасына  шеше  білген  күшті  тарихи  тұлға  екендігінде  дау  жоқ  деп  айта  аламыз. 

Қазақ  хандығын  Қасым  ханның  мықты  қолбасшысы, мемлекетті өз қолында  ұстай білген, көрші  мемлекеттермен  сыртқы  саясатта  дипломатиялық  шеберлігі  арқасында  жағдайды  өз  елінің  пайдасына  шеше  білген  күшті  тарихи  тұлға  екендігінде  дау  жоқ  деп  айта  аламыз. 

Осылайша, Қазақ  хандығының  Қасым  хан  тұсында  Мауреннахрмен  саяси  қарым-қатынасының  жемісті  болуы, оның  оңтүстік  және оңтүстік-шығыс  бағыттарында  территориясын  кеңейтіп  қоймай, сонымен  бірге  батыста  да  саяси  қарым-қатынастар  жүргізуге  мүмкіндіктер  береді. Қазақ  хандығының  құрамында  Еділге  дейінгі  жерлердің  қосылуы  қазақ  тайпаларының  этникалық  территориясын  біріктіруде  өзінше  бір  кезең  болса, Мәскеу  үшін  ол  қауіпті  бола  бастайды. Күшейген  Қазақ  хандығы  туралы  мәліметтер  батыс  Европа  елдеріне  де  жетеді.

Ең  бастысы, қазақ  халқының  ауыз  әдебиетінде  кездесетін  Қасым  хан  туралы  “Қасым  ханның  қасқа жолы”  деген  сөз  тіркесі  осыдан  жарты  мың  жыл  бұрын  өмір  сүрген  тарихи  тұлғаның  халық  санасында  терең  де  тұрақты  орын  алғандығын  көрсетеді. Кейбір еңбектерде XVI ғ. басында, яғни Қасым ханның тұсында Мәскеумен байланыстар орнатылғандығы баяндалады. XVI ғ. басында, яғни Қасым ханның тұсында қазақ-орыс байланыстарының орнағанын көрсететін нақты жүгінетін дерек болмағанымен, көптеген зерттеушілер осыны растайды. Оның дәлелі ретінде патша мұрағатында сақталған 1575-1584 жж. тізімдемеде 38-ші жәшікте «Қасым-патша тұсындағы қазақ кітаптары мен тізімдері» сақталғаны туралы жазылған мәлімет бар[6]. Шын мәнінде Қазақ хандығы Қасым ханның (1480-1521 жж.) тұсында саяси жағынан нығайып, территориясы ұлғайып, Еурапа елдеріне қауіп төндірерліктей жағдайда болатын. Қасым ханның 1510-1521 жылдар аралығында билік жүргізгенін ескеретін болсақ, онда бұл аталған 38-ші жәшікте XV-XVI ғғ. қазақ халқына, екі ел арасындағы байланыстарға қатысты құжаттар сақталған

ХVІ  ғасырдың  І ширегінде  қазақ  хандығын  күшейтіп, қазақ  халқының  атауын  алыс-жақын  елдерге  таратқан  Қасым  хан  есімі  қазақ  халқының  есінде. Жарты  мың  жылдардан  бері  сақталып  келе  жатыр. “Қасым  ханның  қасқа  жолы”, - деп аталатын  заңдары  бізге  жетпесе  де, болғандығын  халық  ауыз  әдебиеті  дәлелдейді. Осыған  дейінгі  кездермен  салыстырғанда  территориясы  ұлғайып, халқының  саны  өсіп, хандықтың  күші мен  қуаты  биікке  көтерілген  кезі  осы  Қасым  ханның тұсында  болды. Тарихта бұл ұлы тұлғаның ұстанған бағыты «Қасым салған қасқа жол» атанып қалды. Қасым хан жайлы айтқанда, «Қасым салған қасқа жол» жайлы айтпау мүмкін емес.

«Қасқа жол» деп аталатын заң – қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себебін Б.Кәрібаев былай түсіндіреді [7]:

1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтеріледі;

2. Қазақ халқының этникалық аумағы толығымен біріктіріледі;

3. Хандық билік этникалық аумаққа толық тарап, рөлі артады;

4. Халықтың саны Қасым хан тұсында бірнеше есе өседі;

5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейтіндіктен, оны жаңа дәуір талаптарына сай бейімдеу қажеттілігі туады. Міне, осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша мәтіні болмаса да, қазақ халқының санасында заң атауының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.

ХVІ  ғасырдың  І ширегінде  қазақ  хандығын  күшейтіп, қазақ  халқының  атауын  алыс-жақын  елдерге  таратқан  Қасым  хан  есімі  қазақ  халқының  есінде. Жарты  мың  жылдардан  бері  сақталып  келе  жатыр. “Қасым  ханның  қасқа  жолы”, - деп аталатын  заңдары  бізге  жетпесе  де, болғандығын  халық  ауыз  әдебиеті  дәлелдейді. Осыған  дейінгі  кездермен  салыстырғанда  территориясы  ұлғайып, халқының  саны  өсіп, хандықтың  күші мен  қуаты  биікке  көтерілген  кезі  осы  Қасым  ханның тұсында  болды. Тарихта бұл ұлы тұлғаның ұстанған бағыты «Қасым салған қасқа жол» атанып қалды. Қасым хан жайлы айтқанда, «Қасым салған қасқа жол» жайлы айтпау мүмкін емес. Бұл заңның жазбаша мәтіні болмаса да, қазақ халқының санасында заң атауының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.

  Зерттеуші С. Жолдасбайұлы  бұл «Қасқа жолдың» жаңа зерттеулердегі ережелерін төмендегідей көрсетеді:

1.  Мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы);

2.  Қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық жасау);

3.  Әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің  құны, тұлпар ат);

4.  Елшілік жоралары (майталман шешендік, әдептілік, ибалылық, сыпайылық);

5.  Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарысы, бәйге ережелері, жасауыл).

  Енді бір мәселеге келестін болсақ, ол Қасым ханның қай жылы қайтыс болғаны жөнінде. Қадырғали Жалайри өз еңбектерінде Қасым ханның 76 жасында қайтыс болып, Сарайшықтағы Алтын Орда хандары жатқан қорымға жерленгені, бейітінің үстіне биік күмбез тұрғызылғаны жөнінде жазған. Мұхаммед Хайдар Дулати дерегінде Қасым хан 1518 жылы қайтыс болды десе, Тахир Мұхамед тарихшы 1523-24 жылдары қайтыс болды дегенді жазады. А. Исиннің мәліметіне сілтеме жасаған Б. Кәрібаев тарихи деректерді салыстыра келіп, Қасым ханның 1521 жылдың қысында қайтыс болғанын нақтылайды[8].  

Жалпы  алғанда, қазақ  хандығы ХVІ  ғасырдың  І ширегінде  шайбанилер  әулетімен саяси  қарым-қатынастарының  барысында  өмірілік  маңызы  ерекше  Сыр  бойын  Қазақ  хандығына  қосады[9]. Бұл  жағдай  хандықтың  күшеюі мен  нығаюына  тікелей  әсер  етеді.

 ХVІ  ғасырдың  І ширегіне  дейін  қазақ  хандығы  Сыр  үшін  күрестің  бірінші  кезеңінде  жеңіспен  аяқталды. Бұл  жеңіс  қазақ  тайпаларының  этникалық  территориясын  біріктірудегі  алғашқы  сәтті  қадам  болды  және  аймақтық  түпкілікті  қазақ  хандығы  құрамына  қосылуына  жағдайлар  жасады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Материалы по истории Казахских ханств ХV-XVIІІ вв. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. (Ары қарай МИКХ).

2.  Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. - Алматы: Дайк-Пресс, 2001.

3.  Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в ХV-XVIІ вв.: История. Политика. Дипломатия. – Алматы, 1998. -129 с.

4.  By Dr. Mohommad Aslam. The uzbeks. //The Rulіng dynastіes of Central Asіa  Area Study Centre Unіversіty of Peshawar. – 1988. – 227-236.

5.  Атыгаев Н. Участие казахов в борьбе узбеков с Сефевидским государством в первой половине XVІ в. // Отечественная истори. – 2002.  N2. –  62 с.

6.  Жаппасов Ж.Е. XVІ-XVIIІ қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихы. - Алматы: Қазақ университеті баспасы, 2011. - 147 бет.

7.  Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылу тарихы. - Алматы: Сардар, 2014. - 520 бет.

8.  Исин А. Материалы посольского приказа Русского государство о казахском ханства XVІ- нач. XVІІ вв.//Вопросы историографии и источниковедения Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1988. – 165 с.

9.  Пищулина К.А. Присырдаринские города и их значение в истории казахских ханств в XV-XVII веках. // Казахстан в XV-XVIIІ веках. - Алматы, 1969.

References

1.  Materialy po istorii Kazahskih hanstv HV-XVIІІ vv. (Izvlecheniya iz persidskih i tyurkskih sochinenij). Sostaviteli: S.K. Ibragimov, N.N. Mingulov, K.A. Pishchulina, V.P. YUdin. – Alma-Ata, 1969. (Ary қaraj MIKKH).

2.  Sultanov T.I. Podnyatye na beloj koshme. Potomki CHingiz-hana. - Almaty: Dajk-Press, 2001.

3.  Abuseitova M.H. Kazahstan i Central'naya Aziya v HV-XVIІ vv.: Istoriya. Politika. Diplomatiya. – Almaty, 1998. -129 s.

4.  By Dr. Mohommad Aslam. The uzbek // The Rulіng dynastіes of Central Asіa  Area Study Centre Unіversіty of Peshawar. – 1988. – 227-236.

5.  Atygaev N. Uchastie kazahov v bor'be uzbekov s Sefevidskim gosudarstvom v pervoj polovine XVІ v. // Otechestvennaya istori. – 2002.  N2. –  62 s.

6.  ZHappasov ZH.E. XVІ-XVIIІ qazaq-orys qarym-qatynastarynyn tarihy. - Almaty: Qazaq universitetі baspasy, 2011. - 147 bet.

7.  Kәrіbaev B.B. Qazaq handyqynyn qurylu tarihy. - Almaty: Sardar, 2014. - 520 bet.

8.  Isin A. Materialy posol'skogo prikaza Russkogo gosudarstvo o kazahskom hanstva XVІ- nach. XVІІ vv.//Voprosy istoriografii i istochnikovedeniya Kazahstana. – Alma-Ata: Nauka, 1988. – 165 s.

9.  Pishchulina K.A. Prisyrdarinskie goroda i ih znachenie v istorii kazahskih hanstv v XV-XVII vekah. // Kazahstan v XV-XVIIІ vekah. - Almaty, 1969.


Н.А. Тасилова,

КазНУ пмени Аль-Фараби, Алматы г., Казахстан

РЕЗЮМЕ

Усиление казахского ханство при Касым хане

  Осмысление хода истории неизбежно вызывает вопросы о роли в ней той или иной личности.Роль выдающихся людей в процессе образования государств, создания империи, цивилизаций и т.д. К сожалению, специальных исследований по этой теме очень мало.  Актуальной темой в исторической науке становится изучение роли казахских ханов и султанов в средневековой истории Казахстана. Существовавшая прежде догма, что «история общества была историей борьбы классов» не принимала во внимание, что роль личности особенно велика в годы переломных событий.  Когда шел процесс упрочение молодого казахского государства, именно в это время на политической арене в казахской степи появляется выдающаяся личность - хан Касым (1511-1521 гг.) - сын Джаныбека, который, по определению Мухамед-Хайдара, известного ученого на Востоке в XVI в., пишет об этом В.В. Вельяминов-Зернов, был "так могуществен, как никто не бывал после Джучи-хана: число его войска превышало сто тысяч".  В этот период главная ставка Касыма находилась в районе реки Каратал в Северном Семиречье. Однако основные кочевья подвластных ему казахов простирались до бассейна рек Джиланчик, Улькун-Кенгир, Сары-Су и среднего течения Сыр-дарьи). В начале XVI в. ему удалось объединить под своей властью всех казахов. Слухи о силе этого ближайшего к русскому государству ханства, распространявшего свое влияние на западе вплоть до ногайских улусов, обратили на себя внимание Москвы. Россия, которая освободилась к этому времени от золотоордынского ига, но считая себя наследницей  Золотой Орды, проводя в новых условиях свою восточную политику, делала все, чтобы использовать возможность для обеспечения своей внешней политики. В этих условиях заключение какого-либо соглашения с казахскими владетелями представлялось для русского государства наиболее удачным шагом на пути осуществления своих планов на Востоке.

  Ключевые слова: государственность, ханства, истоки, политические, международные, связи, дипломатия.

N.A. Tasilova,

Al-Farabi Kazakh National University, Associate Professor, Candidate of Historical Sciences

Almaty, Kazakhstan

Summary

Strengthening of the Kazakh Khanate under Kasim Khan

  Understanding the course of history inevitably raises questions about the role of one or another person in it. The role of prominent people in the process of forming states, establishing empires, civilizations, etc. Unfortunately, there are very few special studies on this topic. The study of the role of the Kazakh khans and sultans in the medieval history of Kazakhstan is becoming a hot topic in historical science. The former dogma that “the history of society was a history of class struggle” did not take into account that the role of the individual was especially great in the years of crucial events. When the process of consolidation of the young Kazakh state was going on, it was at that time that an outstanding personality appeared in the political arena in the Kazakh steppe - Khan Kassym (1511-1521) - the son of Janybek, who, by the definition of Muhamed-Khaydar, a famous scholar in the East in the 16th century,  as V.V. Velyaminov-Zernov writes, was "as powerful as no one had been after Juchi Khan: the number of his troops exceeded one hundred thousand". During this period, the main headquarter of Kassym was located in the area of ​​the Karatal River in the North Semirechye. However, the main lands of the Kazakhs subject to him stretched to the basin of the Dzhilanchik, Ulkun-Kengir, Sary-Su rivers and the middle course of the Syr-Darya). At the beginning of the XVI century  he managed to unite all the Kazakhs under his rule. Rumors about the strength of this khanate closest to the Russian state, which spread its influence in the west down to the Nogai uluses, drew the attention of Moscow. Russia, which had by this time freed itself from the Golden Horde yoke, but considering itself the heir of the Golden Horde, pursuing its Eastern policy in the new conditions, did everything to use the opportunity to secure its foreign policy. Under these conditions, the conclusion of any agreement with the Kazakh rulers seemed to the Russian state the most successful step towards the implementation of their plans in the East.

  Keywords: statehood, khanate, origins, political, international, relations, diplomacy.


<b>The consolidation of the Kazakh Khanate at the kasym Khan</b>  Comprehension of the course of history inevitably raises questions about the role of one or another personality in it. The role of outstanding people in the process of the formation of states, the creation of an empire, civilizations, etc. Unfortunately, there is very little special research on this topic.
An actual theme in historical science is the study of the role of Kazakh khans and sultans in the medieval history of Kazakhstan. The dogma that existed before that "the history of society was the history of class struggle" did not take into account that the role of the individual is especially great in the years of turning events. When the process of consolidating the young Kazakh state was underway at this time, an outstanding personality appeared on the political scene in the Kazakh steppe - Khan Kasym (1511-1521) - the son of Janybek, who, according to Muhamed-Haydar, a well-known scientist in the East in the 16th century, , writes about this VV. Velyamin-Zernov, was "as powerful as no one had ever been since Juchi Khan: the number of his troops exceeded one hundred thousand."
During this period, Kasym's main stake was in the area of ​​the Karatal River in the Northern Semirechye. However, the main nomadic tribes of the Kazakhs extended to him stretched to the basin of the rivers Djilanchik, Ulkun-Kengir, Sary-Su and the middle Syr-darya current). At the beginning of the XVI century. he managed to unite under his authority all the Kazakhs.
Rumors about the power of this closest to the Russian state khanate, which spread its influence in the west right up to the Nogai uluses, drew the attention of Moscow. Russia, which had freed itself by this time from the Golden Horde yoke, but considering itself the heiress of the Golden Horde, carrying out its Eastern policy under new conditions, did everything to use the opportunity to secure its foreign policy. In these circumstances, the conclusion of any agreement with the Kazakh rulers seemed to the Russian state the most successful step in the implementation of their plans in the East.
<b>Key words:</b> statehood, khanates, sources, political, international, ties, diplomacy.

 


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз