Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 930.001.83 «ШУРОИ-УЛЕМА» ҰЙЫМЫ: ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІ

С.К. РҮСТЕМОВ, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, бөлім меңгерушісі, т.ғ.к., доцент

ӘОЖ 930.001.83 «ШУРОИ-УЛЕМА» ҰЙЫМЫ: ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(14), 2018

Тегтер: түркі халықтары., Түркістан, кеңестер билігі, Уақытша үкімет, партия, қоғамдық-саяси ұйым
Аңдатпа:
Мақала 1917 жылы Түркістан өлкесінде, көрнекті қазақ қайраткері С. Лапиннің жетекшілігімен «Шуро-Улема» ұйымының құрылуы және қызметі қарастырылады. Мақала мұрағат құжаттары мен 1917-1918 жылдары жарық көрген мерзімді басылымдардың мәліметтері негізінде жазылған.
Мазмұны:

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қалыптасқан ахуал жағдайында Ресейдің шеткері ұлттық аймақтарында, соның ішінде Түркістан өлкесінде де қоғамдықөмірдің жандана түскендігін өзінің саяси ұстанымдарымен дараланған түрлі ұйымдардың бой көтергендігінен аңғаруға болады. Сол тұста құрылған мұндай ұйымдардың бірі «Шурои-улема» еді.

«Шурои-улема» ұйымына қатысты тарих ғылымында берілген бағалар әр қилылығымен ерекшеленеді. Кеңестік тарих ғылымында маркстік-лениндік методологияның талаптарына сай «Шурои-улема» үстем тап өкілдері мен дінбасылардың мүддесін қорғау мақсатында бұқара халықты дегеніне көндіруге талпынып, «панисламизм» идеясын көтерген ұйым ретінде түсіндіріліп келді. Бұл ұйымға бүгінгі таңдағы ТМД елдерінің, дәлірек айтқанда, қазақстандық, өзбекстандық және ресейлік зерттеушілер баға бергенде М. Шоқайдың «1917 жылғы естеліктерінде» келтірілген мәліметтерге сүйеніп, оның тек осал тұстарын баса көрсетумен шектелуде. Ал, белгілі батыстық зерттеуші С. Зенковский 1981 ж. жарық көрген «Ислам және түрікшілдік» атты еңбегінде «Шурои-улема» жарты ғасырдан астам уақыт бойы отарлық саясат пен ұлттық езгінің тақсіретін тартқаи түркістандық түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғау ислам діні қағидаларымен ұштастырылғанда ғана жүзеге асатындығын ұсынып, өлкедегі ең беделді қоғамдық-саяси ұйымдардың бірі ретінде танылды деп көрсетеді.

Міне, осындай өр килы пікірлердің білдірілуінен-ақ «Шурои-улема»ұйымшыныңқұрылуы мен қызметіне қатысты тарих ғылымында нысаналы ғылыми баға берілмей келе жатқандығы аңғарылады. Осыған орай аталмыш ұйымныңқұрылу алғышарттарын, атқарған қызметін және өзге қоғамдық-саяси ұйымдармен қарым-қатынасын шынайы тұрғыда ашып көрсету сол тарихи кезеңнің ерекшеліктерін, қыр-сырын терең түсінуге өз септігін тигізетіндігін ескерген жөн.

«Туркестанские ведомости» газетінің хабарлауына қарағанда, «Шурои-улема»ұйымы 1917 жылы 10 шілде күні Ташкент қаласындағы «Биглер Беги» мешітінің ауласында 25 мыңнан астам мұсылмандардың қатысуымен өткен саяси және күнделікті өмірдегі қажетті мәселені талқылауға арналған жиналыстың шешіміне орай құрылған. Қазақ интеллигенциясының алғашқы толқыныныц өкіліСералы Лапин жетекшілік еткен бұл ұйымның бастапқы кезеңде 500-ге жуық мүшесі болды. Олардың ішінде Сейітмұхтар Махдум, Сабыржан Юсупов, Мухаммед Қожа, Ерназар Мырзаев, Мухаммед Маралов, Ташпулат Қари, Пірмухаммед Ачлам секілді мүшелері өзінің белсенділігімен көзге түсті. Ұйым мүшелерінің қатарында дінбасылары ˗ молдалар, ишандар, мұсылмандық мектептер мен медреселердің ұстаздары басымдылық танытты. Мұның өзі ұйымның «Шурои-улема», яғни ислам дінінің этикалық-құқықтық нормаларының білгірлері қоғамы, ғұламалар кеңесі деп аталуына ықпал еткен-ді. Сол тұста бұл ұйым халық арасында «Жамиати-уламо» (Ғұламалар қоғамы) деген атпен де танымал еді  [1].

«Шурои-улема»ұйымының құрылуының астарында 1917 жылы 12 наурыздан бастап өз қызметіне өзбек халқының белгілі қоғам кайраткері Мүнауар Қари Әбдурашидхановтың жетекшілік етуімен кіріскен «Шурои- ислам» (Ислам кеңесі) ұйымының саяси ұстанымдарымен С. Лапин бастаған топтың келіспеушілігі жатты. Заман талабына сай мәдени-ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, өлкенің барлық мұсылмандарын ортақ мақсат ˗ Түркістанның өзін-өзі билеу құқығына қол жеткізу жолында топтастыра түсуді көздеген «Шурои-ислам»ұйымы құрамында бастапқы кезде С.Лапин мен оның әріптестері де болған еді. Бірақ арада үш айдай уақыт өткеннен кейін С. Лапин бастаған топ өлке мұсылмандарының мүддесін қорғауды шариғат қағидаларымен үйлестіре жүргізу керектігін талап етіп, мұндай ұсыныс қабылданбауына байланысты «Шурои-ислам»ұйымынан бөлініп шығуға бел буды [2, 6-8-пп.].

М. Шоқай «Шурои-улема» ұйымының саяси ұстанымы жайлы былай деп жазады: «Революцияны, яғни Ресейдегі мемлекеттік тәртіптің өзгеруін «Ғұлама қоғамы» сонау Әзіреті Осман заманынан бері мұсылман халықтарының тарихында болып көрмеген әл-Хулафа әр-Рашидун мемлекеттік құрылысын қайталау кезеңі демекші болды. «Ғұлама қоғамының» төрағасы Сералы Лапин өз қоғамы атынан Уақытша Үкіметтің Түркістан комитеті жанынан Түркістанда «Маһкамаи шариат» (Шариғат соты) деген атпен депутаттар мәжілісін (сенат) құрып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мен Бүкілресей парламенті тарапынан Түркістанға байланысты шығарылып жатқан заңдардың осы шариғат мекемесіне бағынуын талап етті. Бұл мұсылмандық көзқарас тұрғысынан алғанда өте жақсы ұсыныс еді. Бірақ ол жас баланың «аспандағы айды алып бер» деген далбасасына ұқсайтын. Мұндай мықты мұсылмандық идеяны жүзеге асыру үшін Түркістан ең алдымен Ресейге бағыныштылықтан біржола құтылуы керек еді. Алайда, «Ғұлама қоғамы» ежелден ұлттық ұйымдарымыз армандап келген Ресей Федерациясы ішінде автономия беруді ғана талап етті» [3, 273-б.].

«Шурои-улема» ұйымы осы саяси ұстанымын жүзеге асыру мақсатында қабылданған жарғысында ұлттық-діни ой-пікірлерді мерзімді баспасөз арқылы насихаттау және күнделікті өмірде талас тудыратын мәселелерді ислам діні қағидалары негізінде шешу керектігін атап көрсетті. Сондай-ақ жарғыға сәйкес ұйым мүшелері үш топқа бөлінді. Жылына 6 сом төлегендер қарапайым мүшелер, ұйымға айрықша қызмет сіңіргендер құрметті мүшелер, ал ұйымның есепшотына 100 сом көлемінде қаржы салғандар тұрақты мүше саналатын болды. Зияндылығы сезілген мүшелер жалпы жиналыстың ұйғарымымен ұйымнан шығарылатын болып белгіленді [4, 9-14-пп.].

Түркістан өлкесіндегі жергілікті зиялы қауым өкілдерінің басым бөлігі «Шурои-улема» ұйымының бой көтеріп, қоғамдық өмірге араласуын Уақытша үкімет жағдайында аймақтағы түркі-мұсылман халықтарының талап-тілектерін жүзеге асыруда кедергі келтіреді, осы мақсат жолында ұлттық саяси күштердің бірлесе әрекет етуге деген талпынысының тежелуіне, олардын жігінің ажырай түсуіне әкеліп соқтырады деп санады. Мұндай пікір Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесімен және «Шурои-ислам» ұйымымен қарым-қатынасына байланысты туындаған еді.

1917 жылы 12 маусым күні барлық ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіріп, оны бір арнаға түсіріп отыру ниетінде құрылған Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне төрағалыққа М. Шоқай, мүшелері ретінде Мүнауар Қари, М. Бехбуди, Т. Нарботабеков, З. Валиди, У. Қожаев, А. Авлони секілді қайраткерлер сайланған болатын. Алайда, «Шурои-улема» ұйымы Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінің нұсқауларын орындамайтындығын білдіріп, оның мүшелерін халық сайламағандығын алға тартты [5]. Осыған орай Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі мен «Шурои-улема» ұйымының арасы шиеленісе түсті.

«Шурои-улема» мен «Шурои-ислам» ұйымдары арасындағы шиеленісті жағдай Ташкент қаласы думасына және Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау кезінде айқын көрінді.

1917 жылы шілдеде өткен Ташкент қаласы думасына сайлау кезінде өлкедегі ұйымдар мен партиялар атынан 16 тізім ұсынылған еді. Сайлау қарсаңында Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінің «Шурои- ислам» мен «Шурои-улема» ұйымдары атынан ұсынылатын тізімді біріктіру, оған танымал қайраткерлерді енгізу бағытындағы әрекетінен нәтиже шыға қоймады. «Шурои-улема» ұйымы сайлауда жеңіске жетіп, қалалық думадағы 103 орынның 62-сіне ие болды. Қалған орынның бесеуін социал-демократтар, 24-ін эсерлер, 11-ін «Шурои-ислам» иеленді [6,с.55].

Ташкент қаласы думасына «Шурои-улема» атынан ұсынылған тізімде Самарқан облысының бұрынғы әскери губернаторы Лыкошин секілді өкілдер де бар еді. Қалалық думаға ескі билік шенеуніктерінің ұсынылуы ұлттық демократиялық күштердің ғана емес, өлкедегі еуропалық тұрғындар арасында кеңқанат жайған либералды және солшыл радикалды топтардың да наразылық білдіруіне алып келді. Эсерлер мен социал-демократтар осыған орай мұсылмандар саяси жағынан әлі жетілмеген,олар біздін үстімізден реакциялық күштердің билік жүргізуіне жол беруде деп мәлімдей бастады. Мәселен, Ташкент жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің мүшесі Г. Цвилинг «мұсылмандар контрреволюция жолына түсті» деген мәлімдеме таратып жатты [7, с.44].

Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау кезінде депутаттыққа кандидаттар ұсынуда Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі барлық ұлттық ұйымдар атынан бір тізім жасау керектігін ұсынған болатын. Бірақ мұндай ұсыныстан, яғни «Шурои-ислам» ұйымымен бірлесе Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар белгілеуден «Шурои-улема» ұйымы бас тартты. 1917 жылы 2 қазанда «Шурои-улема» ұйымы Түркістан қаласында Сырдария облысы мұсылмандарының сиезін өткізіп, онда Құрылтай жиналысына өз алдына бөлек депутаттыққа кандидаттар тізімін жасады. 14 адамнан тұратын бұл кандидаттар тізімі қатарында С. Лапин, С. Махмұдқожа, С. Алдабергенов, С. Нұрмұхамедов, Садық Қожа ишан, Х. Ибрагимов, Т. Ғалым, О. Мерейов, М. Мабирхан, Ө. Топчибашев, Қ. Бұралқиев, С. Юсупов, С. Наргелов, Ғ. Махдум бар еді [8, 107-п.].

«Шурои-улема» ұйымы атынан Сырдария облысы мұсылмандарының сиезінде Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандарға ұлттық демократиялық күштер көңілдері толмайтындығын баспасөздер арқылы білдіріл жатты. Бұл жөнінде «Бірлік туы» газетінде: «Сырдария облыстық мұсылман съезі шын мәніндегі облыстық съезд болмаған. Өйткені, оғанҚазалы һәм Әулиеата уездерінен тіпті ешкім келмеген. Барғандардың көбі Ташкенттен ертіп апарған Сералы мен Садық Қожа ишанның өз адамдары болған. Құрылтай жиналысына баратын адамдар саясат ісінен хабардар болуы керек.Олардың ұсынған тізімінде ондай адам жоқ. Көбі молдалар мен ишандар. Олар Петроградқа Николайдың жаназасын шығаруға бармаса, Құрылтай жиналысындағы топқа түсуге жарайтын адамдар емес» [9], деп жазды.

Бүкілресейлік құрылтай жиналысына «Шурои-улема» ұйымы атынан әзірбайжандық көрнекті түрікшіл қайраткер Әлимарданбек Топчибачев та ұсынылған болатын. Бірақ, ол Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі мүшелерімен пікірлес екендігін танытып, «Шурои-улема» ұйымы атынан Құрылтай жиналысына ұсынылудан бас тартатыны жайлы Бакуден жеделхат жолдады [10].

«Шурои-улема» ұйымы осындай бірқатар мәселелер бойынша өзге ұлттық қоғамдык-саяси ұйымдармен ымыраға келе алмады. Алайда, бұл «Шурои-улема» ұйымы жергілікті халық мүддесімен санаспады дегенді білдірмейді. Түркістан өлкесінің байырғы тұрғындарының мүддесіне қауіп төнгендей жағдай байқала қалғанда, «Шурои-улема» өзге ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдармен бірге әрекет етуге ынталылық танытты. Мұны 1917 жылы қыркүйекте өлкедегі тек еуропалық нәсілдегі ұлттардың өкілдерінен тұратын жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің бар билікті өз қолына алу мақсатында революциялық комитеттер құра бастаған шақта «Шурои-улема» ұйымының ұйымдастырған іс-шараларынан аңғаруға болады. Сол тұста «Шурои-улема» ұйымы жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің революциялық комитеттер құруын жергілікті халықтың талап-тілегіне қайшы келетіндігін айтып, мұндай басынушылыққа барлық ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды қарсылық көрсетуге шақырып, Түркістан өлкесі мұсылмандарының сиезін өткізу қажеттігі жайлы мәселе көтерді.

1917 жылы қыркүйектің 17-20 аралығында Ташкент қаласында «Шурои-улема» ұйымының ұйымдастыруымен 500-ден астам делегат қатысқан Түркістан өлкесі мұсылмандарының сиезі өтті. Бұл сиезге қатысушылардың катарында Орал және Торғай облыстарының өкілдері де болды. Сиезде делегаттар өлкедегі билікті жергілікті халықтың тұрмысымен таныс емес еуропалық нәсілдегі халықтардан тұратын революциялық комитеттіңқолға алуға талпынуы заңсыз және мұндай әрекет Уақытша үкіметтіңөз міндеттерін жүзеге асыруына нұқсан келтіреді деген қаулы қабылдады. Сондай-ақ, сиезде Сырдария, Ферғана, Самарқан және Закаспий облыстары Ресей өкіметінің құрамында болып, жеке аумақтық автономия иеленсін. Халықтардың өзін-өзі билеу құқығы негізінде құрылған бұл автономия Түркістан Федеративті республикасы деп аталсын, Жетісу облысы осы федерацияға кіретін-кірмейтіндігін өзі шешсін деген ұйғарым жасалды. Түркістан Федеративті республикасының саяси құрылымы жөнінде «Шурои-улема» ұйымының жетекшісі С. Лапиннің ұсынысы қабыл алынды. Онда былай делініп көрсетілді: «1. Түркістан Федерациясының ішкі мәселесін шешу жалпыға бірдей, құпия дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайланған және өлкедегі барлық халықтардың өкілдері қатыстырылған Түркістан. парламентінің қолында болады. 2. Түркістан парламентінің қызметі Ресейдің негізгі заңдарына және шариғат талаптарына сай жүргізіледі. 3. Жалпымемлекеттік мәселелерді шешу үшін Ресей республикасы үкіметі құрамында Түркістан парламентінің өкілдері болады. 4. Ташкент қаласында Түркістан Федерациясының «Маһкамаи-шариат» деп аталатын Сенаты, болып, оған заң шығару ісі және соттар мен өзге де үкіметтік мекемелердің қызметін қадағалау міндеті жүктеледі. 5. «Маһкамаи-шариат» төрағасы «Шейх-ул-ислам» деп атанып, Түркістан Федерациясындағы заңдардың жүзеге асуын қадағалайды» [11].

Осы сиезде «Шурои-улема»ұйымы тарапынан Түркістан өлкесіндегі барлықұлттықұйымдарды біріктіру, «Иттифақ-ул-муслиаин» (Мұсылмандар одағы) деп аталатын бір саяси партия құру туралы мәселе де  көтеріледі [12]. Бірақ мұндай ұсынысқа өлкедегі «Шурои-ислам», «Турон» секілді ұйымдар қолдау таныта қоймады. Сондықтан, ондай партияны құру іске аспай қалды.

«Шурои-улема» ұйымының өкілдері 1917 жылы қарашаның 15-22 аралығында Ташкентте жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің ұйымдастыруымен өткен өлкелік кеңестердің үшінші сиезіне қатысты. Бар биліктің Халық комиссарлары кеңесі қолына өту керектігі жөнінде сиезде қабылданған шешімге «Шурои-улема» ұйымы барынша қарсылық танытты. Ұйымның жетекшісі С. Лапин өлке халқының 98 пайызын құрайтын мұсылмандардың өзін-өзі билеуге толық құқылы екендігін, әскерилер мен жұмысшылардың қолына биліктің көшуі мұсылмандардың құқығын ескермеушілік екенін алға тарта отырып,«азғантай топтың билікті тартып алу әрекетіне мұсылмандар келіспейді, ондай билікті мойындамайды да» деп мәлімдеді [13].

Жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің өлкелік үшінші сиезі «Шурои-улема» ұйымының қарсылығына қарамастан, Түркістанда кеңестер билігінің орнағанын, өлкедегі биліктің соның қолына өтетіндігін бекітіп берді. Бұл іс жүзінде жергілікті халықтардың өзін-өзі басқару құқығын мойындамаудың және кеңестік билік басшыларының ұлыдержавалық-шовинистік көзқараста болғандығын айғақтайтын.

Өлкеде қалыптасқан осындай жағдайда «Шурои-улема» ұйымы Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің ұйымдастыруымен 1917 жылы 25 қарашада Қоқан қаласында өз жұмысын бастаған өлкелік төтенше төртінші мұсылман сиезінің  Түркістан (Қоқан) автономиясын жариялау жөніндегі шешіміне қолдау танытты. Демократиялық негізде құрылған автономияның Уақытша кеңесі құрамына сайланғандардың қатарында «Шурои-улема» ұйымының жетекшісі С. Лапин да болды [14]. Бірақ арада бірнеше күн өткеннен кейін С. Лапин Түркістан (Қоқан) автономиясының Уақытша кеңесі құрамынан шығатындығын білдірген болатын. Оның бұл қадамы әлі де болса кеңестер билігімен ымыраға келіп, өлкедегі қос өкімет ˗ Халық комиссарлары кеңесі мен Түркістан (Қоқан) автономиясы арасындағы текетірестің қантөгіске ұласпауына байланысты туындаған еді [15, 3-10-пп.].

«Шурои-улема» ұйымы басшысының кеңестер билігімен ымыраға келу жолындағы әрекеті Түркістан (Қоқан) автономиясы басшылығы тарапынан айыпталып та жатты. Мұндай айыптаулар өз кезегінде «Шурои-улема» ұйымының Түркістан (Қоқан) автономиясынан қол  үзуін жылдамдата түсті.

1918 жылы 5 қаңтарда Ташкенттегі Жұма мешітінде «Шурои-улема» ұйымы мүшелерінің жиналысы өтіп, Түркістан (Қоқан) автономиясын қолдамау жөнінде шешім қабылдады. «Шурои-улема» ұйымының осындай шешіміне орай сол тұста «Бірлік туы» газеті былай деп жазды: «Бұл хабар шаһар мұсылмандарына таралуымен халық арасында түрлі сөздер шығып, бір бөлігі автономияны жария еткенде айтқанын тыңдап, артынан еруге ант берген осы ғұламалар («Шурои- улема»ұйымы мүшелері) еді, енді бүгін тағы былайша дейді, осындай істер де ғұламаларға келісе ме екен деп көңіл қайтқан. Дүйсенбі күні Азық-түлік комитетінің «Фукахе» ұйымының жиналысы болып, «Шурои-улеманың» істеген істерін шариғат жолына лайық іс емес екендігін айтты» [16].

Осылайша, Түркістан (Қоқан) автономиясын мойындамау жолына түскен «Шурои-улема» ұйымы кеңес өкіметімен ымыраға келу мақсатында1918 жылы 17 қаңтарда өлкелік халық комиссарлар кеңесіне «Орыс социалистеріне» атты мәлімдеме жолдады. Жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің бар билікті қолына алуы сөзсіз мұсылмандардың қарулы қарсылығына ұшырайтындығын ескерте отырып, өлкедегі билікті ұйымдастырудың өзге жолы ұсынылған бұл мәлімдемеде қантөгіске жол бермеу үшін өлкеде мұсылмандық автономияның орнығуы тиістігі, өлкедегі еуропалық нәсілдегі тұрғындарды басқару ғана Халық комиссарлар кеңесі қолында қалу керектігі және мұсылмандық автономия үкіметінің исламдық социализм принциптері бойынша құрылу қажеттігі айтылған еді [17, 76-81-пп.].

«Шурои-улема» ұйымының мұндай ұсынысына кеңес өкіметі құлақ аспайтындығын 1918 жылы ақпанда Түркістан (Қоқан) автономиясын қару күшімен талқандау арқылы көрсетіп берді. Көп ұзамай кеңес өкіметі «Шурои-улема» ұйымының өзін саяси талапқа сай келмейтін ұйым ретінде тарату керек деп шешті. «Шурои-улема» ұйымының сол тұста жасаған соңғы қадамы өлкедегі большевиктер үстемдігіне қарсы күресу үшін Германиядан көмек сұрауы болды. 1918 жылы қыркүйекте «Шурои-улема» ұйымының жетекшісі С. Лапин тарапынан білдірілген ондай өтінішке бірінші дүниежүзілік соғыста, жеңіліске ұшыраған Германияның көңіл бөлуге мұршасы келмеді [18, с.23-25].

Осылайша «Шурои-улема» ұйымы 1917 жылғы қос революция тұсында Түркістан өлкесіндегі түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғауда өзінің саяси ұстанымдарымен ерекшеленген ұйым ретінде бой көрсетті. Оның сол тарихи кезеңдегі қызметі қалай дегенмен де халық мүддесіне қарсы бағытталған жоқ, қайта оны қорғаудың балама жолын іздестірумен ерекшеленді.

Әдебиет

 От редакции // Туркестанские ведомости. 1917. 18 июля.

РМӘСТМ. 71-қ, 34-т., 1475-іс.

3  Шоқай М.Таңдамалы.  - Алматы: «Қайнар»,  1999. – 1 т. – 473 б.

РМӘСТМ. 71-қ, 34-т., 1475-іс.

5  Мәтбуғаттан // Улұғ Туркистон.1917. 18 октябрь.

6  Абдусаттаров А.«Шурой-исламия» // Красная летопись Туркестана. 1923. N1-2.  –  С. 51 – 59.

7Туркестан в начале XX века: к истории истоков национальной независимости. Ташкент: «Шарк», 2000. – 601 с.

ӨР ТОМ. 528-қ., 1-т., 12-іс.

«Ғұламалар қоғамы // 1917.2қазан.

10  Шуро // Улұғ Туркистон. 1917. – 10 октябрь.

11  Ташкент  // Туркестанский курьер. 1917. 11 ноябрь.

12  Туркистон шаһаринде // Улұғ Туркистон. 1917. 30 қыркүйек.

13  В Туркестане // Туркестанские ведомости. 1917. 21ноябрь.

14  Түркістанда ғұламалар съезі // Бірлік туы. 1917. 23 желтоқсан.

15  ӨР ОММ. 39-қ., 1-т., 11-іс.

16  Ғұламлар жиылысы // Бірлік туы. 1918. 18қаңтар.

17  РМӘСТМ. 74- қ, 34-т., 1632-іс, 76-81-п.

18 Германов В.А. Историки Туркестана в условиях политического террора 20- 30-х годов. Ташкент: ИИ РУз, 2000. –  67 с.

   References

  1 Ot redaktsii // Turkestanskie vedomosti. – 1917. – 18 ijulja. 

  2 RMASTM. 71-қ, 34-t., 1475-іs.

  3 Shoқaj M. Tandamaly.  - Almaty:«Qainar»,  1999. – 1 t. – 473 b.

  4 RMASTM. 71-қ, 34-t., 1475-іs.

  5 Matbuғattan // Ulug Turkiston. – 1917. – 18 oktjabr'.

  6 Abdusattarov A. «Shuroj-islamija» // Krasnaja letopis' Turkestana. – 1923. –  N1-2.  –  S. 51 – 59. 

  7 Turkestan v nachale XX veka: k istorii istokov natsional'noj nezavisimosti. –  Tashkent: «Shark», 2000. – 601 s.

  8 UR TOM. 528-қ., 1-t., 12-іs.

  9  «Gulamalar khogamy // 1917. –  2 қazan.

  10 Shuro // Ulug Turkiston. 1917. – 10 oktjabr'.

  11 Tashkent  // Turkestanskij kur'er. –  1917. – 11 nojabr'.

  12 Turkiston shaһarinde // Ulug Turkiston. – 1917. – 30 қyrkүjek.

  13 V Turkestane // Turkestanskie vedomosti. – 1917. – 21nojabr'.

  14 Turkіstanda gulamalar s"ezі // Bіrlіk tuy. – 1917. – 23 zheltoқsan.

  15 UR OMM. 39-қ., 1-t., 11-іs.

  16 Gulamlar zhiylysy // Bіrlіk tuy. – 1918. – 18 qantar.

  17 RMASTM. 74- қ, 34-t., 1632-іs, 76-81-p.

  18 Germanov V. A. Istoriki Turkestana v uslovijah politicheskogo terrora 20- 30-h godov. Tashkent: II RUz, 2000. –  67 s. 

С.К. РУСТЕМОВ

Институт истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, заведующий отделом,  к.и.н., доцент


ОРГАНИЗАЦИЯ «ШУРОИ-УЛЕМА»: СОЗДАНИЕ  И ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ

Аннотация

  В статье рассматриваются образование и деятельность организаций «Шурои-Улема» под руководством видного деятеля казахского народа С. Лапина в Туркестанском крае. Статья написана на основе архивных документов и материалов периодической печати изданных в 1917 – 1918 гг. 

    Ключевые слова: общественно-политическая организация,  партия, Временное правительство, советская власть, Туркестан, тюркские народы


S.K. RUSTEMOV
(Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology , Head of Department, Candidate of Historical Sciences, Assistant Professor)

«SHUROI- 'ULAMA» ORGANIZATION: ESTABLISHMENT AND ACTIVITIES

 Summary

  The article deals with the formation and activities of  "Shuroi-Ulema" organization  in the Turkestan region under the leadership of a prominent figure of the Kazakh people S. Lapin. The article is written on the basis of archival documents and periodicals published in 1917-1918.

  Key words: socio-political organization,  party, Provisional government,  Soviet government of Turkestan,  Turkic peoples.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 3047

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Рустемов С..doc 0.11 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ӘОЖ 94(574)930.2 САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ (ХХ ғ. 20-30 жж.) ӘОЖ 930.001.83 «ШУРОИ-УЛЕМА» ҰЙЫМЫ: ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІ АЛАШ ТАРИХЫ - ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫНДА: Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың тарихи келбеті 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘОЖ 368.08+94(574) ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_1 МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН

Автордың мақалалары

ӘОЖ 930.001.83 «ШУРОИ-УЛЕМА» ҰЙЫМЫ: ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІ