Басты бет » Материалдар » ПАРТИЗАН ОТРЯДЫНЫҢ БАЙЛАНЫСШЫСЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – НҰРҒАНЫМ БАЙСЕИТОВА

Боранбаева Бактылы Сансызбаевна

ПАРТИЗАН ОТРЯДЫНЫҢ БАЙЛАНЫСШЫСЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – НҰРҒАНЫМ БАЙСЕИТОВА

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(07), 2016

ПАРТИЗАН ОТРЯДЫНЫҢ БАЙЛАНЫСШЫСЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ  – НҰРҒАНЫМ БАЙСЕИТОВА
Тегтер: морзе, әліппесі, Ұлы, байланысшы, соғысы, Отан, Кеңес, «рельс», соғысы, «Концерт», Армиясы, Белоруссие, операциясы, партизаны, азбука, Морзе, связистка, Великая, Отечественная, Советская, война, война», Армия, «рельсовая, операция, «Концерт», a, Belorussian, Patriotic, War, the, Soviet, guerilla, Белоруссия, партизаны, warrior, code, the, Morse, a, signaler, the, Great, “train”, war, the, operation, “Concert”., army
Автор:
Мақалада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Белоруссия партизан отрядының қатарында жау тылында ерлікпен шайқасып, Кеңестік Белоруссия территориясын азат етуге қатысқан Қызыл Жұлдыз орденінің иегері радиобайланысшы Нұрғаным Байсеитованың жауынгерлік өмірі деректік негізде баяндалады. Автор майдангер қазақ қызының архив қорында сақталған ғұмырбаянын және әскери құжаттар мен тарихи деректерді пайдалана отырып, байланысшы Нұрғаным Байсеитованың жауынгерлік ерлігін тарихи танымдық сипатта тұжырымдайды.
Мазмұны:

Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы кезеңінде тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс басқыншылары Кеңес елінің  батыс аймағының едәуір бөлігін жаулап алды. Жау уақытша басып алған бұл аймақтарда оккупанттарға қарсы күрес жүргізу үшін кеңес халқы партизандық отрядтарға топтасып,  кейін ірі бригадалық құрамаларға бірікті.

  Стихиялы түрде ұйымдасқан мұндай партизандық топтар алғашқыда майдан шебіне өте алмай, жау қоршауында қалған Кеңес Армиясының командирлері мен жауынгерлерінен, сондай-ақ  саяси қызметкерлермен лагерьден қашып шыққан әскери тұтқындардан жасақталды. Неміс фашистерінің зорлық-зомбылығын көріп, ашынған жергілікті халық - жұмысшылар, колхозшылар, әйелдер мен балалар, қарт адамдар да қосылып, партизан отрядтары құрамының санын үздіксіз арттырып отырды.

1941 жылы 29 маусымда уақытша жау қолында қалған Белоруссия территориясында партизандық күресті күшейту жөніндегі КСРО ХКК мен Белоруссия КП(б) ОК-нің: «В занятых врагом районах, создавать партизанские отряды диверсионные группы для борьбы с частями вражеской армии, для разжигания партизанской войны всюду и везде, для взрыва мостов, дорог, порчи телефонной и телеграфной связи, поджога складов и.т.д.  В захваченных районах создавать невыносимые  условия для врага и всех его пособников, преследовать и уничтожать их на каждом шагу, срывать все их мероприятия» деген нұсқауы және Белоруссия КП(б) ОК-нің 1941 жылы 18 шілдедегі «Жау тылындағы күресті ұйымдастыру шаралары» атты республикалық, облыстық, аудандық  кеңес ұйымдарының партиялық басшыларына жау тылында партизандық соғысты ұйымдастыруды міндеттеген қаулысы Белоруссия партизандарының әскери бағдарламалық құжатына айналды [1, с. 356 ].

1942 жылы мамырда БКП(б)ОК-нің нұсқауымен партизандық қозғалыстың Орталық штабы (ПҚОШ) құрылды. Бұдан кейін осы ПҚОШ және Одақтас республикалардағы Компартияның Орталық Комитеті  мен облыстық партия комитеті басшылары жетекшілік еткен республикалық және облыстық партизандық қозғалыс штабтары құрыла бастады.

Сөйтіп неміс фашистері басып алған территорияларда Қарсыласу қозғалысы күшейген соң, 1942 жылдың жазы мен күзінде гитлершілер тұрақты әскерлерінің 24 дивизиясын майданнан алып, оларды партизандармен күресте пайдалануға мәжбүр болды [2, 5 - б.].

Осылайша жау тылындағы кең қанат жайған партизандық қозғалысты енді Қызыл Армияның соғыс қимылдарымен үйлесімді жүргізіп отыру  үшін КСРО Халық Қорғаныс Комитетінің  1942 жылы 5 қыркүйекте «Партизандық қозғалыстың міндеттері туралы» жарлығы шығарылды.

Демек, 1943 жылы жазда Кеңес әскерлері жаппай шабуылға көшкен кезде партизандық қозғалыстың Орталық штабы  «шойын жол соғысын» («рельсовая война») бастады. 1943 жылы 3 тамыз - 15 қыркүйек күндері аралығында жау тылындағы шойын жол магистральдарын жаппай қирату мақсатындағы Кеңестік партизандардың жүргізген  соғыс операциясы  шартты  атаумен (кодовое наименование) «шойын жол соғысы» деп аталды [3, 379 - б.]. Осылайша партизандық күштердің қиян-кескі шайқасы нәтижесінде сәтті аяқталған бұл операция, 1943 жылы 50 күн мен түнге созылған атақты Курск шайқасында Кеңес Армиясының жеңіске жетіп, кеңес-герман майданында жаппай шабуылға көшуіне үлкен көмегін тигізді. 

Ұлы Отан соғысы жылдарында жау тылында әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған 1 миллионнан астам кеңес халқы 6200 - ден астам партизандық отряд пен астыртын құпия топтардың құрамында соғыс жүргізді. Олар 58 брондалған поез бен 50 мың автомашинаны жойып, 12 мың көпірді жарып, 20 мыңнан астам  темір жол эшелондарын  талқандады. Сөйтіп жау тылында жүргізілген партизандық соғыстың нәтижесінде гитлершіл басқыншылардан азат етілген Белоруссия, Брянск ормандары және т.б. аймақтарда кеңес өкіметі қайта құрылып, партизандық күштердің тірек базалары кеңейіп, «партизан зоналары» құрылды [3, с. 332]. Белоруссия ормандарында 199 бригадаға біріккен 1108 партизан отряды  құрамында 370 мыңнан астам жауынгер болды [1, с.13].

Ұлы Отан соғысы тарихында  жалпыхалықтық және көпұлттық сипат алған партизандық қозғалыс  кеңес халқының неміс басқыншыларына қарсы күресінің өзіндік ерекшелігі болды. Соғыс майданына тартылған барлық партизандық бригадалар мен отрядтар көп ұлтты жауынгерлерден құралды, олардың арасында қазақтар да болды.  Мәселен Белоруссияның әртүрлі аймақтарында  соғыс жүргізген 65 партизан бригадасы мен отряд құрамында өзге ұлт өкілдерімен бірге  бір жарым мыңнан астам қазақстандықтар ерлікпен шайқасты [4, 487 - б.]. 

Белоруссия елінің партизандық қозғалыс тарихында  № 8- Брест  бригадасы (Бригада командирі полковник С.Г.Жунин, комиссары В.А.Петров, штаб бастығы К.И.Матеж) үлкен орын алады. 1943 жылдың 5 желтоқсанына дейін бұл бригада 36, 8, 12, 28, 30, 24 және 40 отрядтардың құрамы негізінде жау тылында Могилев облысының Круглянск ауданы аймағында партизандық соғыс жүргізді [1, с. 22].

1943 жылы 5 желтоқсанда Белоруссия Коммунистік большевиктер партиясының  Орталық Комитеті және Могилев облыстық астыртын партия комитеті шешімімен № 8 - бригада 36, 12, 40, 15 санды төрт отряд құрамында жаудың әскери және техникалық күштері мен байланыс жүйелерін т.б маңызды обьектілерді жою  үшін Могилев облысының Круглянск жерінен Брест  облысының Березов, Коссово және Баранович облысының Телехан ауданына дейін 500 шақырымдық «партизандық рейд» жүргізді. Рейд нәтижесінде жаудың 49 эшелоны, 64 көпір,оның ішінде 28 теміржол көпірі, 21 танк, 2 бронемашина, 160 автомашина, 4331 рельс жолдары  талқандалып жойылды. Сөйтіп, талай рет жау қоршауын бұзып шығып, бетпе-бет ашық соғыстар жүргізген бригада жауынгерлер 1943 жылдың желтоқсанынан 1944 жылдың шілдесіне дейінгі уақыт аралығында жаудың 1660 солдаты мен офицерінің көзін жойып, 387-сін жаралап, 40-ын, оның ішінде 3 неміс офицерін, тұтқындады [5, 51-52- б.]. 

Осылайша Белоруссияның Могилев, Брест, сондай-ақ Минск және Пинск облыстарының бірқатар жерлерінде партизандық ашық соғыстар жүргізген №8-бригаданың партизан отрядтары  1944 жылы 12 шілде күні Қызыл Армияның алдыңғы шебіне қосылғанға дейін жаудың 20 мыңға жуық солдаты мен офицерін жер құштырып, 34 темір жол мен 2444 тас жолдардағы көпірлерді талқандады, 409 авто және бронемашинасын, 214 эшелон мен 49 жау әскерінің гарнизонын жойды. Сондай-ақ 1943 жылғы Могилев облысындағы астық өнімін неміс фашистерінің иеленуіне жол бермеді. Брест облысынан  Германияға каторгалық жұмысқа айдалып бара жатырған 24000 кеңес азаматтарын құтқарып қалды [1, 38 с.]. 

Демек, №8-бригада партизандарының жауынгерлік ерлігі жөнінде кеңірек тоқталып, тәптіштеп жазуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені осы бригада құрамында ерлікпен шайқасып, белорус халқының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген  қазақстандық 38 партизан жауынгерлердің арасында радиобайланысшы қазақ қызы Нұрғаным Байсеитова да болды.

Нұрғаным Бекенқызы Байсеитова 1923 жылы 8 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауылында дүниеге келген [6, 1 - п.]. Ата-анасынан ерте айырылған Нұрғаным інісі Абзалмен бірге Жәнібек ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленіп өседі. 1936 жылы балалар үйі әкімшілігінің шешімімен Нұрғаным Орал қаласындағы (бұрынғы Сталин қазіргі Октябрь көшесіндегі) облыстық музыкалық мектеп интернатына  ауыстырылып, скрипка класына қабылданады. Жауынгер ана бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған ғұмырбаянында: «Мен бұл музыкалық аспапты өте жақсы көрдім. Нота арқылы тартып, музыка ырғағына да өзім келтіріп алатын едім» [5],- дейді. Сондай-ақ ақын Ф.Оңғарсынованың құрастыруымен шығарылған «Арулар отты жылдарда» атты жинақта  кішкентай  Нұрғанымның музыкалық қабілеттілігі жөнінде: «Оның  әр нәрсені лезде ұққыштығы, бір естіген сөзі мен әуенін жадында берік сақтағыштығы арынды да, нәзік музыка аспабын жедел меңгеруге жәрдемдесті» [7. 130 - б. ], - деп жазады. 

Жоғарыда айтылғандай облыстық архив қорында сақталған Н.Байсеитованың өз қолымен жазған ғұмырбаянында: «Закончился 1940-1941 учебный год. Побыли на выпускном вечере, очень скромный, но для нас был радостным. Я жила в интернате при музыкальной школы по улице Почиталинский. Вернулись с вечера очень поздно. Уснула очень крепко. (Это было 20 июня 1941г.). Приснился сонь, как будто к нам в интернат пришел Сталин. Я с ним хочу идти в столовую, и он снимает свою шинель отдает мне и я проснулась. Сонь очень взволновала меня» [6, 2 - п.],- деп жазады. 9 класс бітіруші түлектердің  салтанатты кешінен оралған күні  түнде көрген Нұрғанымның бұл түсі оған көп кешікпей бейбіт өмір тыныштығының бұзылатындығынан хабар бергендей еді...

Соғыс туралы суық  хабарды естіген Нұрғаным қалалық әскери комиссариаттың табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры 1942 жылдың сәуір айында бір топ құрбылары Роза Әбдірахманова, Халима Бекеева, Майра Мақатова, Замиха Науышевалармен бірге Мәскеу қаласындағы  радиобайланысшылар дайындайтын курсқа жіберіледі. Осы орайда байланысшылар дайындайтын курста Нұрғаныммен бірге оқып, кейін Карель майданындағы Орталық партизандар штабының радиобайланысшысы болып, «эфирдің сұр мергені» атанған қазақ қызы Майра Мақатованың (2014 жылы 93 жасқа қараған шағында өмірден озды) айтуынша,  Орал қаласынан келген қазақ қыздарын Мәскеудің Қазан вокзалында әскери адам қарсы алып, оларды Ворошилов атындағы казармаға орналастырады. Ертеңіне байланысшылар курсына тіркелген қыздарға әскери киімдер беріледі. Курста оқи жүріп олар әскери қатаң ережелерді үйреніп, соғыс даласында қолданылатын қарудың түрлерін, әсіресе байланысшының жоғары деңгейдегі есте сақтау қабілетін қажет ететін  Морзе құрылғысының жұмысын  еркін меңгеріп шығады. Курсты тамамдаған радиобайланысшы қыздардың арасында ерекше қабілетті  Н.Байсеитова енді курс басшыларының ұйғарымымен 1942 жылы күзде жау тылындағы байланысшыларды даярлайтын арнайы мектепке жіберіледі [8, 55 - б.].

Қысқа мерзімді бұл курстың оқу бағдарламасының күрделілігіне қарамастан, Морзе әліппесін эфирден келген дыбыс арқылы оқуды жете меңгерген  байланысшы  Нұрғаным әсіресе,  биіктіктен парашютпен секіру сияқты арнаулы пәндердің қиындығын да жеңе білді.

Сөйтіп, 1943 жылдың шілде айында арнаулы байланысшылар даярлайтын мектепті  үздік бітірген қазақ қызы Нұрғаным Байсейтова  Москва түбіндегі Сходня поселкесінде орналасқан Белоруссия партизандар қозғалысы штабының бастығы Петр Захарович Калининнің (бұрынғы БКП(б) ОК-нің ІІ хатшысы)  қабылдауында болады. Штаб бастығы оған таяуда фашистер уақытша жаулап алған Белоруссия жерінде жаудың стратегиялық жоспарларына қарсы  партизандардың «Концерт» деп аталатын үлкен операциясы басталатындығын айтып, ал осы аймаққа арнаулы ұшақпен түсірілетін Н.Байсеитоваға партизан құрамаларының Орталықпен байланысын қамтамасыз ету міндеті жүктелетіндігін айтып түсіндірді.

 Осылайша, өзіне жүктелген  міндеттің маңызымен толық танысқаннан соң жоғарыда айтылған ғұмырбаянында «Лично от него получила я документы в тыл врага» [6, 2 - п.],- деп жазғанындай штаб бастығының қолынан  жаңа рация мен құпия байланыс шифрды және компас пен автоматты  қабылдап алған  он тоғыз жасар Нұрғаным 1943 жылдың шілде айының қараңғы түнінде арнайы ұшақпен жау тылына Могилев облысы, Круглянск ауданы аймағындағы  № 8-бригаданың №15 отрядына жөнелтіледі. Алайда ұшақ ішіндегі офицердің берген белгісінен соң парашютпен төмен қарай қарғыған Нұрғаным өзіне арнайы бес жерге жағылып қойылған оттың аумағынан ауытқып, батпақты қалың орман арасына келіп түседі.

Орталықтан байланысшы қыздың жіберілгендігін естіп, іздеуге шыққан партизандар 4 тәуліктен соң ғана рация мен автоматын асынған күйде әбден шаршаған  қазақ қызын тауып, 80 шақырым жердегі штабқа атқа мінгестіріп алып келеді. Бұл жөнінде партизан ана: «Партизандардада жарқанат секілді күндіз бой тасалап, тек түнде жүретін тәртіп бар, үшінші күні түнде таң ата межелі жерге жеттік.  Менің балалық шағым осылай аяқталып, жау тылындағы жастық шағым басталды. Мүлдем өзге өмір жолым басталды. Отрядқа  келгенімде, «мына қазақ қызының қолынан не келеді» дейсің деп ойлады-ау деймін командирім Сергей Григорьевич Жунин мені өте салқын қабылдады, құпия құжаттарым бар еді, тапсырдым да Орталықта отырған П.З. Калининге «доехала благополучно, но должных условий не создали», - деп жеделхат жөнелттім. Осыдан соң Мәскеуден хабар келсе керек, кейіннен С. Г.Жунин едәуір жұмсарды. Бүкіл отрядта қазақтан жалғыз едім, маған қарап бүкіл қазақ деген ұлтты бағалайтындай әсерде болып, барымша халқымның намысын, қабілетін көрсетуге тырыстым» - деп жазады. Партизан отрядының байланысшысы міндетін атқаруда қазақ қызының жоғары кәсіби біліктілік пен жауапкершілік танытқанын: «Комсомолка Н.Байсеитова после окончания специальных курсов радистов прибыла в распоряжение Белорусского штаба партизанского движения. Молодая партизанка выполняла не только обязанности радистки, но и поручения разведывательного характера, участвовала в боях»,- деп жазылған мына құжат мазмұнынаан да анық көруге болады [8, 57 - б.].

Радиобайланысшы Нұрғаным Байсеитова Орталыққа жау тылынан маңызды мәліметтер жеткізіп, 8-партизан бригадасы мен  Могилев облысында астыртын құпия жұмыстарын жүргізетін партия ұйымдары мен топтардың «Концерт» операциясына дайындығы туралы хабарлап отырды.  Байланысшы міндетін ақаусыз атқарған Нұрғанымның эфирдегі лақап аты «Нина» болатын, Орталықтағылар оны «Скрипкашы қазақ қызы» деп те атайтын.

Әскери тарихи деректерге сүйенсек, жау тылындағы үлкен аймақта темір жол магистралдарын талқандап, неміс басқыншыларының жүк тасымалы қызметіне жаппай тосқауылдар жасау мақсатында кеңестік партизандардың 1943 жылғы 19 қыркүйектен сол жылдың қазан айына дейінгі аралықта жүргізген әскери операциясы шартты түрде «Концерт»  деген атауға ие болған еді. «Рельс соғысының» жалғасы танылған бұл операцияны Партизандық қозғалыстың Орталық штабы жоспарлы түрде басқарып, кеңес әскерлерінің шабуылымен тығыз байланыстырып, үйлесімді жүргізіп отырды. «Концерт» операциясына Белоруссия, Балтық жағалауы,  Карелия, Қырым, Ленинград және Калинин облыстарындағы 120 000-нан астам адам қамтылған 193 партизан отрядтары тартылды. Операция нәтижесінде 148557 рельс жолдары бұзылып, тек Белоруссия жерінде ғана 150 мыңдай рельс талқандалып, жаудың соғыс жүктерін тасымалдау көлемі 40 пайызға кеміді [3, 333 - б.].

Деректерден «Концерт» операциясының неміс-фашистерін біраз  дүрліктіргенін аңғаруға болады. Мәселен немістің күзетші әскер корпусы командирінің «Орталық» армия штабына жіберген хабарында:«Партизандар темір жол қатынасын тұтқиылдан және жоспарлы түрде бұзу арқылы біздің жүк тасымал қызметін бүлдіру жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде операция жүргізді» [8, 58 - б.],- деп баяндайды.

Демек, «Концерт» операциясынан кейін фашистер партизандарға қарсы күресті күшейтіп, жазалаушы отрядтар санын көбейтіп, арнайы әскери бөлімдерін жасақтайды. Осындай жаудың жазалаушы отряды бір күні №8-партизан бригадасындағы Нұрғаным Байсеитованың рациясы тұрған партизандар бөлімшесін қоршауға алады. Байланысшы Нұрғаным дереу эфирге шығып, көрші отрядқа шұғыл хабарлап, рацияны мұқият жасырғаннан кейін автоматтан оқ жаудырып жауды қарсы алады. Байланысшының хабарынан соң көрші партизан отрядтары да көмекке келіп үлгеріп, жаудың жазалаушы отряды кейін шегіндіріледі.

Осылайша бірнеше рет жаумен бетпе-бет ұрыстарға қатысқан байланысшы Нұрғаным партизандармен бірге барлауға да шығып, жергілікті халық арасында  неміс фашист оккупанттарына қарсы саяси-бұқаралық үгіт жұмыстарын жүргізуге де қатысады. Нәтижесінде Брест облысы аймағындағы №8-партизан бригадасында бастапқыда 946 адам болса, кейін  1944 жылы  Қызыл Армия әскеріне қосылар қарсаңында бригададағы жауынгерлер саны 1088-ге жетеді [1, с. 38].

Радиобайланысшы Нұрғанымның жауынгерлік өміріндегі ұмтылмас оқиға Белоруссияны фашист басқыншыларынан азат етіп «Багратион» операциясын аяқтап келе жатқан Қызыл Армия әскерлерімен № 8-партизан бригадасының 1944 жылы шілдеде Польша жеріндегі салтанатты қосылу мерекесі болды.

  №8-партизан бригадасы жауынгерлері қатарында жау тылында ерлікпен шайқасып, Кеңестік Белоруссия территориясын азат етуге қатысқан радиобайланысшы Нұрғаным Байсеитова  КСРО Жоғарғы Кеңесінің № 202 бұйрығы бойынша Қызыл Жұлдыз ордені және «Отан соғысының партизаны» медаліне ие болды [8, 59 - б.].

Байланысшы  қазақ қызына:«Байсеитова Н.Б.-радистка 8-й партизанской бригады, к работе относилась добросовестно, трудолюбивая. Бережно хранила материальную часть радиостанции и шифрованные документы. В общественной жизни  участие принимала. Политически благонадежная.

За добросовестное отношение к своим обязанностям радистки в условиях вражеского тыла представлена к правительственной награде – ордену Красной Звезды.

Командир полковник №8-партизанской  бригады С.Г.Жунин. Начальник штаба  майор К.И. Матеж.» [1, с. 38],- деген мазмұндағы жауынгерлік мінездеме жазылды.

  Соғыста жүріп белорус тілін де тәп-тәуір үйреніп алған Нұрғаным соғыс аяқталғаннан кейін, Батыс Белоруссия аудандарында Кеңес өкіметін қалпына келтіру және нығайту ісіне белсене араласады. Бұл туралы майдангер: «Жау езгісінен азат етілген белорус бауырлар – совет өкіметін құшақ жая қарсы алды. Олар өзінің халықтық өкіметін нығайтуға, соғыста бүлінген шаруашылықты қалпына келтіруге ат салысты. Бірақ халықтың жаңа өмір жолындағы күресіне кеселдік келтіруге тырысқандар да болды. Бір кезде гитлершіл барлау қызметінің басшылығымен құрылған  «Белоруссия тәуелсіз партиясы» дейтін ұлтшыл ұйымның жетекшілері Совет әскерлерінің тылында бірнеше диверсиялық топтар құрды. Опасыз ұлтшылдар әсіресе жергілікті партия, комсомол қызметкерлерін қапылыста өлтіріп кетуге тырысты және басқа да әрекеттерін жүргізді. Әлбетте туысқан белорус халқының ұлттық жақсы қасиетін білдіретін ондай опасыздар емес қой. Мен ол халықты аса жоғары бағалаймын. Белорустар  менің нағыз бауырларым сияқты болды» [8, 36 - б.],- дейді.

Сұрапыл соғысты Польша түбінде аяқтағаннан кейін де Нұрғаным Белоруссия жеріндегі партизандық өмірдің ауыртпалығын бірге көрген қарулас бауырларымен хабарласып тұрды. Әсіресе майдангер Нұрғаным үшін әскери басшы ғана емес, туған әкесіндей қамқоршы болған 8-партизан бригадасының командирі Сергей Георгиевич Жуниннің:

«Сәлеметсіз бе, Нина!»

Тегі, сіз қазір ана болған боларсыз, сондықтан Сізді Нина деудің өзі де қолайсыз сияқты. Бірақ мен сізді осылайша атай берейін, өйткені сол бір кезде Сіз менің өз қызымдай болдыңыз...

Жуықта маған А.Никиченко келіп кетті. Ол қазір Барановичте тұрады. Онда біздің партизандарымыз көп көрінеді. Сіз туралы сұрады, батысқа қарай жасаған жорығымызды еске түсірді. Маған өзіңіздің қазіргі өміріңіз туралы жазуыңызды, фотосуретіңізді жіберуіңізді өтінемін ...

Сіздің деніңіз сау болуын, Отанымыздың даңқын арттыра түсу үшін табыстарға жете беруіңізді, ең ізгі жақсылықтар тілеймін.

Сізді шын жүректен құрметтеуші С.Жунин» [8, 61 - б.],- деген хатының орны ерекше. 

Радиобайланысшы партизан Нұрғаным Байсеитованы кешегі қаруластары ғана емес, белорус елінің жас ұрпақтары да құрмет тұтып оған Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында құттықтау хаттар мен шақырулар жіберіп тұрды. Мәселен Минск қаласынан жазылған мына бір хатта №100 мектеп оқушылары мен мұғалімдері: «Бізді Сіздің қазіргі  өміріңіз, жанұяңыз қызықтырады. Егер өзіңіздің отбасымен түскен суретіңіз болса, жақсы болар еді. Биыл мамыр айында біздің мектепте №8- партизан бригада партизандарының кездесуі болады. Барлық партизандар жиналады. Сізді де осы кездесуге келеді деп үміттенеміз» [6, 2 - п. ],- деп жазылды.

Бүгінгі белорус халқының қазақ қызына көрсеткен құрметі Минск қаласындағы Республикалық Орталық музей залындағы көрмеде  партизан Нұрғаным Байсеитованың ерлігін бейнелейтін жауынгерлік суреттерге орын бөлінген. (Минск қаласындағы музей суреттері осы еңбекте енгізілді.).

Соғыстан аман сау елге  оралған партизан қыз Нұрғаным  1949 жылы соғыс ардагері Сәти Иманғалиевпен отау құрды. Жоғарыда айтылғандай жауынгер ананың жазған ғұмырбаянында: «Моя радость дети. Я с мужем нажили 3 сына, 5 дочерей, 15 внуков. Все они очень хорошенкие один лучше другого. Самая старшая внучка Индира играет на скрипке, продолжает мои мечты. Внуков очень люблю и желаю им покой и счастье» [6, 2 - п.],-деп жазады.  Қос ардагердің  балаларының барлығы да жоғары білімді. Зейнет демалысына шыққанға дейін жауынгер ана бастауыш мектеп мұғалімі қызметін атқарды. Ері Сәти Иманғалиев 1989 жылы қайтыс болды.

Соғыс ардагері,  абзал ана 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен Астана қаласында  болып халқының құрметіне бөленген еді. Алайда тағдыр әскери радиобайланысшы Нұрғаным Байсеитоваға Жеңістің 60 жылдық мерей тойын көруді жазбады. Партизан жауынгер ана 1998 дүниеден озды.  Дегенмен, халқымыз «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» дейді. Ендеше өнегелі өмір сүріп, «партизан қыз» атанған Нұрғаным Байсеитова жас ұрпақ үшін мәңгілік мақтаныш болып қала береді. 


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз