Басты бет » Материалдар » ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТАРИХНАМАСЫНДАҒЫ ЖАҢА КОНЦЕПТУАЛДЫ ТҰРҒЫЛАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Жаппасов Ж.Е., Тасилова Н.А.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТАРИХНАМАСЫНДАҒЫ ЖАҢА КОНЦЕПТУАЛДЫ ТҰРҒЫЛАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(05), 2016

Автор:
Еліміз тәуелсіздігін алмай тұрып, XX ғасырдың басында қазақ тарихнамасын зерттеу, методологиясын жазу түрлі бағытта жүргізілген еді. Партиялық-бұйрық қазақ елінің тарихи танымын басты назарда ұстады. Сонымен әр кезеңде өзгеріп отырған методологиялармен бұйрықтар жаппай жылдар бойы жүріп жатты.Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан республикасынын тарих ғылымы еркіндік алып, түрлі методологиялық проблемалармен бетпе-бет келді.Бұл мақалада Қазақстан Респупликасы тарихнамасындағы жаңа концептуалды зерттеулер және көзқарас туралы айтылады. Түйін сөздер: тарихнама, методология, әдіс, таным, синергетика.
Мазмұны:

Қазақстан Республикасындағы тарих ғылымы партиялық-бұйрық нұсқаулардан еркіндік алып, тарих ғылымы методологиялық өзіндік идентификациялау проблемасымен бетпе-бет келіп, бүгінде эпистемологиялық ізденіс үстінде. 

Қазақтың интеллектуалды дәстүрінің ең бір мықты жағы тарихи танымға деген ұмтылыс болып табылады. Ол ХХ ғасырдың басында қазақ интеллигенциясының еңбектерінде көрініс тапты. Сондай-ақ, қазақ тарихы мен өткен тарихты білуге деген талпыныс бастапқыда-ақ, дәстүрлі шежіреде - қазақтардың генеалогиялық шығу тегінің іргесінде қаланды.

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдардың басында тарихи таным тарихнамасының басты назарда болуының негізгі себебі, «буржуазиялық» тарихнаманы қатаң сынға алудың кең етек жаюы мен кеңестік тарих ғылымында маркстік-лениндік методологиялық қағидалардың берік орнауы болды. 30-шы жылдардың аяғында қалыптасып 50-ші жылдардың соңына дейін сәтті өмір сүріп, маркстік-лениндік идеологияны бойына сіңдіріп, «мақұлданған және ресми сыналған», қоғамдық-экономикалық формация теориясына негізделген тарихи тұжырым, сол идеологияға сай тарихи деректерді бұрмалауға және оларды қолданыстан алып тастауға, фактілерді тарих дамуының алға басқан обьективті жолына негізделген деп белгілі бір схемаға келтіріп шектеуге жол берген. 

60-шы жылдардың басында ғана тарихи материализмнің ескірген догмаларын жаңарту қажеттілігін ұғыну мен идеологиялық жүгеннің әлсіреуі, шетел әдебиеті мен мұрағат құжаттарына рұқсатқа көбірек мүмкіндіктердің берілуі Кеңестік тарих ғылымында тарихнама проблемаларын қайта ой елегінен өткізу қажеттілігін туындатты. Әйткенмен, 60-шы жылдардағы тарихнама проблемаларын қайта қарауда бір жағынан – қоғамдық-экономикалық формацияның маркстік теориясының тұрпайы өзгешілігін лениндік теория аясында тазарту және тойтарыс беру, екінші жағынан – жалпы марксизмнің жаңаша түсіндірілуіне қарсы талаптардың аясында жүзеге асырылды.

70-ші жылдары марсктік-лениндік тарихи таным теориясына айтарлықтай жаңа көзқарас енгізілген жоқ. Оның негізгі - обьективтілік, партиялық, тарихилық қағидалары тұрақты деп танылып, тарих ғылымының методологиясына қатысты арнайы мәселелерді қарастыру қажеттілігі туралы түрлі пікірлер кесіп тасталынды. Сондықтан, сол жылдары тарихи танымның методологиялық мәселелеріне қызығушылық танытқан көптеген зерттеушілер, партиялық-идеологиялық ықпалы айтарлықтай күшті болмаған деректану саласына кетті.

ХХ ғасырдың 70-80-ші жылдары КСРО тарихтың методологиялық проблемаларына арналған жүздеген мақалалар мен ондаған монографиялар жарияланды. Олардың бірі фундаменталистік-марксистік пайымда болса, басқалары методологиялық жаңалықты мазмұндады.

Тәжірибе жүзінде, бұл марксистік методология тарихи процесстің көпнұсқалығы идеясы, «тарихтағы адам» және «адамдағы тарих» проблемасы, тарихи танымдағы мәдениеттану мәселелері, тарихи зерттеулерде сандық әдіс пен тарихи моделдеу сияқты бірқатар жаңалықтарға интеграциялану әрекетіне алып келді.

Нәтижесінде 80-ші жылдардың соңында тарихқа марксистік монистік көзқарас догмасын қақ жарып, методологиялық плюрализм идеялары және оны плюралистік тұрғыда түсіндіру мүмкіншілігі табысқа жетті.

Қазақстанда жаңа методологиялық тұрғылардың нақты іске асырылуы қазақтың көпшілікке танымалы тарихшысы М.Қ. Қозыбаевтың есімімен тікелей байланысты. Ол Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алу кезеңінде «деректанулық зерттеулерге кең ауқымды алғышарттар жасау қажеттілігін, тарихи ізденістер барысында ең үздік технологияларды меңгеру, методологиялық инновацияларда үдемелі жетістіктерге серпіліс беру қажеттілігіне» қазақстандық тарихшылардың назарын аударды [1, 17 б.]. Осы кезеңдегі Қазақстанның тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі, тарих ғылымының методологиялық дағдарысы мен тарихи зерттеулерде жалпы ғылыми әдістерді пайдаланудағы жаңа тұрғылардың қалыптасу мәселесі болды. Әсіресе, ол соңғы он жылда жаратылыстану ғылымында, гуманитарлық білімде де ерекше танымалы жүйелеу әдісі мен синергетикаға қатысты. Ғылыми талдауды қолдану, зерттеудің жаңа тәсілдері мен әдістерін пайдалану және басқа пәндерде тексерілген құралдарды кеңінен қолдану арқылы тарих ғылымы саласында пайда болған дағдарыстан шығу жолдарын табуға болады. А. Нысанбаевтың атап көрсеткеніндей, «басқа ғылымдар сияқты тарих ғылымының прогресі де нақтылықты толық және тереңінен (демек, объективті) тануға мүмкіндік беретін жаңа ұғымдардың жасалу үрдісімен қатар жүреді» [2]. Бұл жүйелілік әдістің өзі өзгермейтін болмағандықтан, жүйелердің жалпы теориясынан синергетикаға дейін жаңа формаларды қабылдауы және үнемі дамуы өте маңызды. Жүйе түсінігі тарих ғылымында бұрыннан және берік орнығып алса да, соған қатысты қазіргі заманғы зерттеу парадигмаларында, тарихи зерттеулерде практика жүзінде қолданысқа толығымен енгізілген жоқ.

Тарихи зерттеулерде жүйелік әдісімен оны қолданудың классикалық үлгісін кеңестік зерттеушілер берді, оларды атап айтар болсақ,   И.Д. Ковальченко, А.И. Ракитов, М.А. Барг, Б.Г. Могильницкий, В.А. Дьяков, Е.М. Жуков. Тарих ғылымын интеграция үрдісіне кірістірудің механизмдерін талқылаған И.Д. Ковальченко басты назарын ең бірінші ғылыми танымды бір саладан екінші салаға тасымалдайтын идеялар мен пайымдауларға аударды және екіншіден, нақты бір білім саласына қатысты түсіндірмелі-категориялық аппарат пен методтарды басқа білім салаларында пайдалануға көңіл бөлді. Бірақ, интеграция барысында жалпы ғылыми көзқарастар мен әдістерді тудыратын жаңа идеялар, көзқарастар мен әдістерге қатысты қажеттіліктер болуы мүмкін [3].

Л.Н. Гумилевтің белгілі «пассионарлық» тұжырымдамасында да синергетикалық парадигманың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылатын - жүйелеу тұрғысы мен өзін-өзі басқару ұстанымдары іске асырылды. Халықты динамикалық жүйе ретінде анықтаған Л.Н. Гумилевтің, қоршаған ортамен энергия мен энтропия алмастыру арқылы, этнос тіршілік әрекеті үшін жинақталатын энтропияны үнемі жойып отыру қажет деп есептейді [4]. Сонымен қатар, кеңестік тарих ғылымында үстемдік еткен экономикалық детерминизм жүйелік әдістің мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалануға жол бермеді.

Тарих ғылымының методологиялық және әдістемелік құралындағы жаңару бағыттарының бірі тарих ғылымының түсіндірмелі-категориялық аппаратына жалпы ғылыми категориялардың белсенді қосылуынан, сондай-ақ, тарихи деректерді талдаудың математикалық әдістерін кең ауқымда қолдану мен тарихи үрдістердің математикалық модельдерін жасаудан көрінеді. ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдарында тарих ғылымымен жинақталған квантификация тәжірибесі математикалық статистиканың күрделі әдістерін бірте-бірте енгізетін даму бағытын нақты түрде айқындап берді.

90-жылдардың басында тарихи зерттеулерде жалпы ғылыми әдістерді қолдану мәселелері жүйелер мен синергетиканың жалпы теориясы - жүйелік әдістің негізіне айналған жаңа зерттеу парадигмаларының таралуына байланысты жаңа мәнге ие бола бастады.

Әлеуметтік динамиканы математикалық модельдеу мен жүйелік талдау әдістеріне негізделген «теориялық тарихты» құрастыруға талпыныс ретінде авторлар ұжымымен (С.П. Курдюмов, Г.Г. Малинецкий) жариялаған зерттеу бағдарламасын атақты физик С.П. Капица жетекшілік етті [5]. Осы мектептің негізгі бағыты – демографияның зерттелген заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, халықтың қоныстану үрдістерін модельдеу және қоғамның дамуына болжам жасау. Осы бағдарлама аясында жүзеге асырылған жұмыстар, адамзат тарихының аспектілеріне бағытталған - демография, экономика және этногенез сияқты ғылыми-жаратылыстану үрдістерімен тығыз байланыстылығын атап өту қажет.

Ғылыми-жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым арасындағы байланыс мәселелері С. Переслегин мен В. Лекторскийдің еңбектеріндегі зерттеу объектісіне айналды. Стратегиялық көзқарас тұрғысынан қарастырғанда, С. Переслегин таным механизмдеріне басымдық көрсететін, пәні мен әдістемесі жағынан неғұрлым алуан түрлі, пәндерді біріктірген зерттеулердің болашағы берік болады» деп есептейді. Сонымен қатар, автор осы бағыттағы негізгі қиыншылықты да атап  көрсетеді – ол пәнаралық өзара қарым-қатынастың нақты механизмінің жоқтығында. С. Переслегиннің пайымдауынша, осы мәселеден шығудың негізгі жолы – пәнаралық зерттеулердегі ғылыми-жаратылыстану ілімінің «артықшылық презумпциясында». Автор бұл артықшылық методологиялық та, және фактологиялық жағынан да жаратылыстану ғылымдарының ең үздік туындыларынан пайда болған деген қорытындыға келеді [6]. Осы мәселені В.А. Лекторский де өз еңбектерінде қарастырған болатын. Гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының арасындағы түбегейлі айырмашылықтар туралы негізгі тезистерді талдай отырып, ол біртіндеп осы тезистің жалғандығын әшкерелейді және олардың маңызды бірлігі жайында қорытынды жасайды [7].

А.П. Назаретяннің зерттеулері гуманитарлық ғылым саласына синергетикалық парадигманы еңгізудің жалпы мәселелеріне арналған. Ол синергетикалық парадигманың кең етек жаюы жаратылыстану мен қоғамтану арасындағы шекараларды жойып және әлемнің әмбебап эволюциясының көрінісін құрастыруда маңызды факторлардың бірі бола алатындығын тұжырымдады [8]. Зерттеуші С. Гомаюнов та  «қазіргі заманғы ғылыми қауымдастық ойлаудың бағыттық емес (синергетикалық) стиліне барынша қызығушылық танытып отыр» деген қорытындыға келді [9].

Синергетикалық және жүйелік әдіс формасындағы тарихи үрдістің философиялық-әдістемелік рефлексия мәселелерін тереңінен зерттеген ресейлік философтар – Т. Дебердеева мен И. Крайнюченконың еңбектерін атап өтуге болады. Ал, М.В. Сапронов классикалық парадигманың кейбір радикалды постулаттарынан бас тартқан, қоғамтанудың гносеологиялық негіздерін қайта қарауды, яғни, жаңа дүниетанымдық деңгейге өтуді ұсынады. Автор дағдарыс жағдайынан шығудың жолын тарихшылардың синергетика мен өзін-өзі ұйымдастыру теориясының негізгі тұжырымдамаларын меңгеруінен көреді[10]. Әлеуметтік өзін-өзі ұйымдастыру (социосинергетика) теориясының қалыптасуы мен дамуы мәселелерін Д.Э. Жамсрандоржийн еңбектерінде тереңінен қарастырды. Басқа авторлар сияқты, Д.Э. Жамсрандоржийн де социосинергетикадағы қалыптасқан жағдай тұрақты емес, бірақ бұл методологиялық тұрғы гуманитарлық салада жүзеге асуға құқылы деп есептейді[11].

Байқалып тұрғандай, әлеуметтік жүйелерді талдауда қолданылған әдістеме, жаратылыстану ғылымдарының негізінде қалыптасқан, ол ең алдымен жаратылыстанушылар, физиктер, математиктер мен биологтарға және азды-көпті философтарға тиесілі. Шындығында, тарихшылар жалпы ғылыми әдістерді қолдану мәселелерін қазірше жете қарастырмай жатыр. Осы орайда, соңғы кездері пәнаралық ғылым деңгейі фундаменталдық құрылымнан көп деңгейлі детерминациямен тығыз байланысты анағұрлым күрделі құрылымға жылжу арқылы дамып жатқанын жариялаған зерттеуші А. Уйбоның мақаласын айта кету керек. Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер жиынтығын, олардың пәнаралық дәрежесіне қарай бөлшектеу арқылы, А.Уйбо бірінші орынға философияны, ал екіншіге -  тарихты лайықты деп есептейді. Осылайша, ол пәнаралықты - бір жағынан көп деңгейлі детерминациясы бар тарихи таным объектісінің ерекшелігі, ал екінші жағынан - объектіні оның уақытша алшақтауына байланысты тану ерекшелігіне негізделген кез-келген ғылыми тарихи қайта өңдеуге тән қасиет деп санайды [12].

О.Г. Дуканың тарихи дамудың тұжырымдамалары мен теорияларын ықтимал-мағыналық(вероятностно-смыслового) ұстаным тұрғысында саралаған диссертациялық зерттеу жұмысында, қазіргі таңдағы орыс тілді тарихи ойдың жағдайы, соның ішінде синергетика кеңінен талданған. Семиотика(белгілерді зерттеу), герменевтика, ықтималдық логика, когнитивті психология, бейнені анықтау теориясы, гомеостатика мен тарихнамалық зерттеулердің технологиясы идеяларын саралау негізінде, автор тарихи таным үрдісін ойлауды қалыптастырудың негізгі ықтималды анықталған үрдіс ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін ықтималдық-мағыналық методологиялық тұрғыны ұсынады. Осы тұрғыдан алғанда, О.Г.Дука тарихи синергетиканы қалыптасып келе жатқан методологиялық дәстүр ретінде бағалайды [13].

Тарихи зерттеулердегі пәнаралық мәселелер «Әлеуметтік-гуманитарлық және саяси білім беру» сайтында «ХХІ ғасырдың басында тарих ғылымындағы пәнаралық тұрғылар: өрлеу немесе құлдырау?» деп аталған Интернет-конференцияда көрініс тапты.

Л. Бородкин өзінің осы аттас кіріспе мақаласында пәнаралық методологияға тарихшы-зерттеушілер қауымдастығының назар аударуы, тарих ғылымы дамуының осы кезеңіндегі басымдылыққа ие болған жинақтап қорытушы(генерализирующий) немесе жекелендіруші(индивидуализирующий) ұстанымдарға да байланысты. Нақты екі ұстанымның алғашқысында ереже бойынша, формализм мен сандық талдау сияқты әлеуметтік және нақты ғылымдардың әдістерін қолдану арқылы заңдылықтарды анықтау, зерттеу бағдарламасының орталығы болып табылады [14]. 

И.Г. Попцовтың мақаласында тарихи зерттеулер мысалында пәнаралық ұстанымды қолданудың маңызы мен өзектілігі қарастырылады. Автор тарихи құбылыстарды зерттеу барысында басқа пәндердің (соның ішінде, социология, психология және мәдениеттану ғылымдарының) жетістіктерін пайдалану қажеттілігін көреді. Пәнаралық тұрғыға назар аударған тарихшы, өзінің зерттеу жұмысының әдістемесіне өте мұқият болуы керек. Және пәнаралық деңгейге өтпес бұрын, зерттеуші қарастырылып отырған мәселенің мазмұнына терең бойлап, деректермен ұқыпты түрде жұмыс жүргізгені дұрыс [15].

А.Ш. Бакиев өзінің кішігірім мақаласында пәнаралық тұрғыларды қолданудағы редукционизмнің қауіптілігі жайында ескертеді. Шектес ғылымдардың зерттеу ұғымдарын, категориялары мен әдістерін тарих ғылымының түсініктік және методологиялық аппаратына ауыстырудың жетістігі мен сәтсіздігіне қазіргі таңда бір ауыздан нақты жауап беру мүмкін емес. Ғылыми тарихи аппаратқа жаратылыстану ғылымының терминдерін, оның ұғымдары мен категорияларын байланыстырып(конъюнктуралық) енгізу, А.Ш. Бакиевтің ойынша, ғылымның қадірін кетіретін жағдайларға әкеліп, тарих ұғымын жою қауіпін тудырады [16].

Адамзат қоғамы эволюциясының әр түрлі аспектілерін ұғыну мен сипаттау үшін, логикалық-математикалық әдістерді біртіндеп және жүйелі түрде қолдануға мақсатты түрде бағытталған ұмтылыстардың бірі 2005 жылы «Тарих және синергетика: Зерттеу методологиясы» деген кітаптың  жарыққа шығуы болды. Осы жинаққа кірген Д.М. Бондаренко, С.Ю. Малков, А.В.Коротаев, А.П. Назаретян және Д.И. Люридің зерттеулерінің басты мақсаты ұқсас математикалық моделдеудің негізінде, нақты тарихи және әлеуметтік-экономикалық үрдістерді терең білу, әлеуметтік жүйелердің өзін-өзі ұйымдастыру және дамудың жалпы заңдылықтарын логика-математикалық сипаттау мен анықтау негізінде пәнаралық тұрғылардың дамуы болды. Тарихи зерттеулерде синергетиканы қолдану тәжірибесі Н.А.Ерохина мен В.С. Прядеиннің еңбектерінде қарастырылды.

Тарихи зерттеуде жалпы ғылыми әдістерді қолдану мүмкіндігін қарастырған жұмыстар жайында айта келіп, скептиктерді (сыншылдар) де атап айтқан жөн. Бұл ретте, Е. Топольскийдің зерттеулеріне көңіл аударуға лайықты, ол жүйелерге қатысты теорияда адамның азды-көпті зерделі әрекеттеріне жол берілмейді дей келе, соның негізінде тарихи зерттеуде жүйелеу теориясын қолдану қажетсіз деп жорамалдайды. Тағы да бір синергетикалық зерттеу парадигмасына қарсы шығушылардың бірі К.Х.Момджян, ол өзінің қарсылығын әлеуметтік жүйенің даму заңдылықтарын физикалық өзін-өзі ұйымдастыру формасы ретінде қарастыратын ғалымдар, әлеуметтік қызметтің мақсаттылығы, еркіндіктегі адамның жігер феномені мен басқа «физикалық емес» факторларға жете назар аудармайды деп негіздейді.

Кейбір авторлар тобы синергетиканың және онымен тығыз байланысты болған жүйелердің жалпы теориясының ғылыми парадигма деп аталу құқықтарын мүлдем мойындамайды. Әсіресе, В. Кутырев өзінің еңбегінде синергетиканы жедел құтқаруды қажет ететін, болмысқа қауіп төндіретін алдамшы ілім деп мәлімдеді. Сондай-ақ, М.И. Штеренберг өз басылымдарының бірінде синергетика ғылым болып табылмайды деген қорытындыға келеді. В.И. Сыров жүйелік тұрғыға негізделген синергетикалық теорияны «Жалған ғылым»(«псевдонаука») деп есептейді.

Кеңестік дәуірден кейінгі тарих ғылымы ұзақ уақыт бойы тарихи үрдістерді меңгерудің методологиялық негізін жасау қажеттілігіне көңіл аудармағандығын атап өту қажет. Тарихтан талдап қорытындыланған еңбектердің басым көпшілігі хронологиялық принциппен жазылып, мазмұны кезең-оқиға-факт схемасымен құрастырылған еді. Нәтижесінде оқырманның санасында тарихи үрдістерге кездейсоқтық-оқиғалық көзқарастар бекітіліп, маңызды оқиғаларға балама көзқарастарға байланысты – тарихи таным үрдісінің обьективтілігіне күмән туады. Зерттеуші Ш.Ж. Нартбаев: «Кеңестік кезеңдегі біржақты идеологиялық ұстанымдар мен методологиялық принциптер, қазақ тарихшыларының тарихнамалық зерттеулермен еркін және жан-жақты айналысуларына мүмкіндіктер бермеді, тарихнаманың теориялық әсіресе ұлттық сипаттағы мәселелерін тереңдете талдау «саяси» немесе «идеологиялық қателіктерге» жиі ұрындырғандықтан, қазақ тарихшылары методологиялық мәселелерден алыс тұрды. Мұның өзі Қазақстан тарихнамасының ғылыми негіздерін айтарлықтай әлсіретті», - деп атап өтті.   

ХХ ғ. соңы - ХХІ ғасырдың басында Қазақстанда бірқатар еңбектер пайда болды, онда тарихи зерттеулердің даму бағыттары белгіленіп, жаңа методологиялық тұрғылар жасауға талпыныс жасалынды. Қазақстандық тарихи зерттеулердегі әдістемелік негіздерді қалыптастырудың жалпы мәселелері  М.К. Қозыбавтың еңбектерінен нақты көрініс тапты. 

Қазақстанда тарихнама ғылымының дамуына ерекше үлес қосқан ғалымдарымыздың бірі Д.И. Дулатова. Ғалым Қазақстан территориясындағы халықтардың әр кезеңдердегі көрші халықтармен өзара мәдени байланыстары мен ықпалдастықтары мәселелерінің зерттелу барысын жүйелеп көрсетті. Тарихи зерттеулерді тарихнамалық жаңаша концептуалдық, ұлттық  тұрғыда талдаған белгілі ғалым Т.О. Омарбеков пен Ш.Т. Омарбековтың «Қазақстан тарихы мен тарихнамасына ұлттық көзқарас» атты іргелі зерттеу еңбегі біздің зерттеу тақырыбымыздың бағыттары мен нәтижелерін бағалауда маңызды орын алады.

Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихының саяси, экономикалық, этникалық тарихын, дипломатиялық қарым–қатынастарын жазба деректердің негізінде қарастырып, оларға баға беруде өзіндік жаңа көзқарас принципін ұстанған тарихшы Ә. Хасеновтың «Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны» деп аталатын монографиясы ерекше құнды дүниелердің қатарына жатады. Өйткені, мұнда XVI-XVIII ғасырлардағы қазақтардың жоңғарлармен қырғын соғысы, сол кезеңдегі қазақ – орыс байланыстары жайлы құнды пікірлер бар. Сонымен қатар, Ә. Хасенов XVI-XVIII ғғ. аса  ірі мемлекет қайраткерлеріне – хандар, қолбасшылар, батырлар, билер, ақын-жыраулар, әулие-абыздар және елшілерге тоқталып, тарихты ұлттық тұрғыда зерттейді.

Ортағасырлардағы Қазақ хандығының тарихы, оның әртүрлі қырларын зерттеп жүрген тарихшы Т.И. Сұлтановтың «Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана» атты еңбегі Қазақ хандығының тарихына байланысты құнды зерттеулердің қатарына жатады. Бұл еңбекте алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап Тәуке ханға дейінгі кезең кешенді деректер негізінде талданған. Онда қазақ хандарының генеологиясы, көшпелілердің билікті мұралану тәртібі, ата-баба заңдары, қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы қарастырылған. Т.И. Сұлтановтың «Россия и Казахстан: история и проблемы взоимодействия (XVI-начало XX века)» атты мақаласында автор патша мұрағатының деректері негізінде Мәскеу мемлекеті Васили ІІІ (1505-1533 жж.)  тұсында еуропа елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып Қазақ хандығына саяси қызығушылық білдірді дейді. Автордың айтуынша XVI ғасырдың соңына қарай қазақ-орыс қарым-қатынастары жиілей түседі. Өйткені, орыс елі Қазан, Астрахан, Еділ бойы, Сібір хандығын өзіне қосып алады да Қазақ хандығымен шекараласады. Осылайша Т.И. Сұлтанов нақты ресми түрде  қазақ-орыс байланыстары 1594-1595 жылдары болғанын баяндайды. Автор Ресей империясы қазақ-орыс байланыстарын орнатқанда көздеген мақсаты уақытша ғана шекаралас елдердің достығын көрсету әрекеті еді, шын мәнінде Сібірді отарлауы сияқты ол да отарлаудың, жаулап алудан ұзағырақ жолы еді деген пікірін білдіреді.

Қазақ хандығының тарихымен, оның ішінде Қазақ хандығының Орталық Азия елдерімен дипломатиялық байланыстарын шығыс деректерінің негізінде қарастырып, дипломатиялық байланыстардың тарихын обьективті түрде талдаған шығыстанушы ғалым М.Х. Әбусеитованың қазақ тарихын зерттеуге қосқан үлесі зор. Зерттеуші «Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв.» атты монографиялық еңбегінде Қазақ хандығының өзбек, қырғыз, ойрат, қарақалпақ, орыс елдері арасындағы қарым-қатынастарының кейбір аспектілеріне тоқтала отырып, ортағасырлық Қазақстан тарихының кейбір шешімін таппаған мәселелерге дәлелді қорытындылар жасайды.  М.Х. Әбусеитова шығыс деректерін, орыс мұрағатынан алынған материалдар мен дәстүрлі ауызша тарихи мәліметтерді кешенді түрде тарихи талдаудан өткізеді.

Сонымен қатар, тарихи зерттеулердің даму бағыттарын қарастырған бірқатар ғылыми еңбектерді атап өту қажет. Қазақстанның шетелдік тарихнамасын зерттеудің әдістемелік қағидалары Р.М. Таштемханованың еңбегінде ұсынылған болатын. Р.М. Жұмашев Қазақстан мәдениетінің тарихын зерттеуге қатысты өзіндік даму жолдарын ұсынады. Қазақстан тарихын кезеңдеу мәселесін зерттеген С.К. Кентбеков, Ж.М. Арыновты ерекше атап өтуге болады. Соңғы кездері атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың қатарына, зерттеудің жалпы пәні арқылы бірігіп, жеке очерктер жинағынан құралған Қазақстан тарихының тарихнамасы мен әдістемесінің мәселелері туралы ұжымдық еңбекті қою қажет. Бұл жинаққа С. Мәжитов, Ж. Әбілхожин, И. Ерофеева, С. Жакишева, Б. Сужиков және  К. Әлімғазиновтардың жұмыстары кірді.

Соңғы он жылдықта Қазақстанның тарих ғылымында жаңа көзқарас тұрғысынан жазылған бірнеше зерттеулер пайда бола бастады, онда әр түрлі дәрежелі талдап тексеру арқылы, жаңа методологиялық ұстанымдар аясында нақты тарихи құбылыстар мен үрдістерді теориялық-методологиялық жағынан қайта ой елегінен өткізіп, талдау мәселелері қарастырылды. Бұған мысал ретінде К.Л. Есмағамбетов, К.Р. Несіпбаева, И.М. Қозыбаев, Г.М. Батырбеков, Ж.Б. Кұндақбаева, Р.Ж. Кадысова, Г.Б. Бырбаева, Х.А. Сутеева, Г.М. Какенова мен С.И. Ковальская, А.Д. Кокеев, Э.Д. Телеуова, А.М.Абдильдабекова, Г.Е. Сабденова, С.А. Едильханованың Қазақстан тарихы мен шетелдік тарихнаманы, әсіресе, қазақ-орыс қарым-қатынастарын зерттеу мәселелеріне қатысты еңбектерін ерекше атап өтуге болады [17].

Ежелгі және орта ғасырлық социумдарды зерттеу, олардың материалдық және рухани мәдениетін зерделеудің методологиялық аспектілер  М.Қ. Әбусеиітова, С.М. Сыздықов, Ж.К. Таймағамбетов, В.В. Евдокимов,  С.И. Аджигалиев, Р.У. Кәрімова, Б.А. Байтанаев және Ж.О. Артықбаевтың еңбектерінде толығымен қарастырылды. Б.Е. Көмеков пен Қ.М. Атабаевтың диссертациялық зерттеулерінде тарихи деректердің жоғарыда аталған алуан түрлерін сараптаудағы теориялық мәселелер талқыланды [18].

А.Б. Галиев, В.В. Козина, Г.М. Меңдіқұлова, Г.В. Кан, Г.Н. Ким,  Ж.А. Ермекбаев, И. Қабышұлы, М.П. Малышева, М.Н. Садықов және  Н.З. Тәжібаеваның жұмыстарындағы талдаудың негізгі объектісі Қазақстанның этно-демографиялық даму мәселелері мен оны зерттеудегі әдістемелік аспектілер болды. Ұлтаралық және мемлекетаралық қатынастар тарихының аясында тарихи үрдістердің теориялық-әдістемелік талдау С.Мадуанов, М.У. Шалекенов, К. Мамырұлы, О. Қожақұлы, К.Н. Макашева, Г.А. Сармурзина, А.Б. Абдуәлі, Б.Ж. Атантаева, Б.Г.Шынтемірова мен Д.М.Мәжиденованың зерттеулерінде қарастырылды.

Соңғы он жылдықта қазақстандық тарихнамада дәстүрлі түрде қазақ-орыс қарым-қатынастары, отарлау мен қазақ халқының ұлт-азаттық күресі мәселелері жетекші орынға ие. Осы мәселеге қатысты теориялық аспектілерді Ж.Б. Құндақбаева, С.Ф. Мәжитов, М.К. Қойгелдиев, М.Ж.Әбдіров, К.М. Алдабергенов сияқты зерттеушілер қарастырып, ғылыми түрде талдады. 

С.М. Мәшімбаев, О. Озғанбаев, С.Д. Дильманов, Е.Б. Сыдықов пен  С.Ш. Мұхамеджанова Қазақстанның саяси-құқықтық даму мәселелеріне бағытталған зерттеулерінде талдап тексерудің әр түрлі дәрежесіне сәйкес тарихтың методологиялық мәселелерін қарастырады.

Т. Садықов, Ж.Б. Әбілхожин, А.Н. Алексеенко, А.К. Құсайынов,  Г. Халидуллин, Т.О. Омарбеков, Т.С. Құлбаев, Л.И. Берденова, Т.А.Әлімбаев, Б.Г. Аяғанов, С.А. Байтілен, Б.К. Бірімжаров, Х. Әбжанов, Т.Х.Тілеуов, Ж.А.Асылбекова, М.Г. Ескендіров, К.Ж. Әбілов, К.К.Байсарина мен  Р.С. Жарқынбаева Қазақстан территориясындағы жаңа заман мен қазіргі замандағы әлеуметтік-экономикалық үрдістер мәселесіне бағытталған ғылыми жұмыстарында зерттеу объектісі ретінде маңызды болған тарихи оқиғаларды теориялық-методологиялық сараптау әдістеріне жете мән берді.

Қазақстанның рухани мәдениетінің даму мәселелері мен оның теориялық-әдістемелік аспектілері Л.С. Ахметова, Х.Б. Табылдиев, Ә.Т.Төлеубаев, Г.Д. Мұхтарова, Д.А. Махат, З.Т. Садвокасова, Р.М.Мұстафина мен А.С. Сәрсеновтың еңбектеріндегі зерттеу жұмысының басты нысанына айналды.

Қоғамда дүниетанымдық көзқарастың, идеологиялық бағыт-бағдардың өзгеруіне байланысты қоғамдық ғылымдардың методологиясы да өмір талаптарына сай өзгертуді қажет етеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда осы бағытта едәуір ізденістер жүргізіліп, Республикадағы тарихи сананың қазіргі заманғы концепциясы жасалуда. Бұл концепция тарихи құбылыстар мен оқиғаларды, процестерді таптық көзқарас тұрғысынан түсіндіретін маркстік-лениндік методологияның бірқатар қағидаларынан бас тартқан, жалпы адамзаттық құндылықтарды, жеке адам құқығын сақтауды дәріптейтін «тарих – адамның іс-әрекеті» принципін басты принцип етіп ұстанған жаңа методологияға негізделген. 

Сонымен қатар, тарихты жаңаша жазуда ғалым Т.О. Омарбековтың ұсынған «Тарих – адам қызметі» деген методологиялық ұстаным саяси, географиялық, ұлттық этностық, жалпыадамзаттық көзқарастың бәрін өз аясына сиғызатын түсінік. Сондықтан да, бұл ұстаным негізінен қазақ-орыс қатынастарының тарихнамасын талдауда басшылыққа алынады.

Жалпы бұл жоғарыда аты аталған зерттеулердің зерттеу еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан бас тартып, синергетикалық әдісті пайдалануы Қазақстан тарихын зерделеудің жаңаша тұрғыларын қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұл зерттеулерге тарихи танымның нақты-синкретикалық, сыни талдау стилі тән. Біздің зерттеушілер синергетикалық жаңа тұрғыны негізге алуы, қазақ-орыс қатынастарының тарихнамасын жан-жақты талдауға мүмкіндік берді. 

Көріп отырғанымыздай, қазақстандық тарих ғылымында нақты тарихи мәселелерді зерттеудегі теориялық-әдістемелік талдаудың тұрақты дәстүрі қалыптасып келеді. Сонымен қатар, жүйелік және синергетикалық тәсілдерге негізделген тарихнамалық талдау үрдісі пайда бола бастады. Алайда, бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның тарих ғылымын дамытудағы оң өзгерістер көптеген мектептер мен ЖОО-дағы оқу бағдарламаларында әзірше көрініс тапқан жоқ. Мемлекет халқының тарихи танымын қалыптастыру жолында бұл жағдайдың тарих ғылымына өзіндік кері әсерін тигізері анық.

Ж.Жаппасов, Н.Тасилова

Становление новых концептуальных подходов в историографии РК 

 

  Историческая наука в Республике Казахстан, обретя свободу от партийно-директивных указаний, в настоящее время находится в эпистемологическом поиске, столкнувшись с проблемой методологической самоидентификации.

В казахской интеллектуальной традиции одной из сильных ее сторон  является стремление к историческому познанию, проявившемуся уже в работах казахской интеллигенции начала ХХ века. В данной статье рассматривается проблемы становление новых концептуальных подходов в историографии РК.

Ключевые слова:историография, методология, метод, познание, синергетика.

Zh. Zhappasov, N. Tasylova

The formation of new conceptual approaches in the historiography of the Republic of Kazakhstan

At the beginning of the XX century, to our country's independence, the study of Kazakh historiography and methodology were carried out in a different direction. Different party ideas carefully observed of the development of Kazakh historiography. Thus, at each stage of the method of investigation and the direction changed.

This article discusses the problems of Kazakh historiography, as well as new techniques and methodologies in researching and different kinds of concepts.

Кеуwords: historiography, methodology, method, cognition, synergetics.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

2  Козыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски. В двух книгах. - Алматы: Ғылым, 2000. - Кн. 1. - С. 420.

3  Нысанбаев А. Проблема объективности в историческом познании [Электронный ресурс] // Официальный сайт Института истории и этнологии МОН РК. - Режим доступа: www.iie.freenet.kz/otan_tar_1_2000_1-2.html

4  Ковальченко И.Д. Методы исторического исследования. - М.: Наука, 1987. – С. 439.

5  Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. - М.: ТОО «Мишель и К», 1993. -  С. 492.

6  Капица С.П. Синергетика и прогнозы будущего / С.П. Капица и др.РАН. – М.: Наука, 1997, - С. 283.

7  Переслегин С. О соотношении гуманитарного и естественнонаучного познания в междисциплинарных исследованиях [Электронный ресурс] // Персональный сайт С.Курдюмова. – Режим доступа: www.spkurdyumov.narod.ru/ Pereslegin1.htm

8  Лекторский В.А. Возможна ли интеграция естественных наук и наук о человеке?  [Электронный ресурс] // Персональный сайт С.Курдюмова. - Режим доступа: www.spkurdyumov. narod.ru/ Lectorskiy.htm

9  Назаретян А.П. Агрессия, мораль и кризисы в развитии мировой культуры: (Синергетика социального прогресса): Курс лекций. – М.: Специа­лизир. изд.-торговое предприятие "Наследие", 1996. – С. 184.

10  Гомаюнов С. От истории синергетики к синергетике истории //Общественные науки и современность. - 1994. - №2. – С. 99-106.

11  Сапронов М.В. Концепции самоорганизации в обществознании: мода или необходимость? (Размышления о будущем исторической науки) // Общественные науки и современность. – 2001. - № 1. – С. 63-74.

12  Жамсрандоржийн Д.Э. Теория социальной самоорганизации: критика и библиография [Электронный ресурс] // - Режим доступа: www. sociosynergetics.narod.ru/ sociosynergy1.htm

13  Уйбо А.Реконструкция исторического прошлого какмеждисциплинарная задача // Ученые записки Тартусского университета, "Смысловые концепты историко-философского знания" // Труды по философии. – М., 1990. - Т. XXXV.  – С. 356.

14  Дука О.Г. Эпистемологический анализ теорий и концепций исторического развития с позиций вероятностно-смыслового подхода (на примерах российской историографии): дис. д-ра.ист. наук. - Екатеринбург, 2001. -  С. 425.

15  Бородкин Л. Междисциплинарные подходы в исторической науке на­чала XXI века: подъем или упадок? [Электронный ресурс] //Сайт «Социально - гуманитарное и политологическое образование». – Режим доступа: www.auditorium.ru/aud/v/index.php?a=vconf&c=getForm&r=thesisDesc&CounterThesis=1&id_thesis=2661

16  Попцов И.Г. Значение междисциплинарного подхода в историческом исследовании [Электронный ресурс] // Сайт «Социально-гуманитарное и политологическое образование». – Режим доступа: www.auditorium.ru/aud/v/index.php?a=vconf&c=getForm&r=thesisDesc&CounterThesis =1&id_thesis=2663

17  Бакиев А.Ш. Историческая наука [Электронный ресурс] // Сайт «Социально-гуманитарное и политологическое образование». – Режим доступа: www.auditorium.ru/aud/v/index.php?a=vconf&c=getForm&r=thesis Desc& CounterThesis=1&id_thesis=2657

18  Есмагамбетов К.Л. Зарубежная историография истории Казахстана (с древнейших времен до начала 90-х гг.ХХ века): дис. д-ра.ист.наук. –Алматы, 1999. – 294 с.;Несипбаева К.Р. Современная англо-американская историография русской экспансии и колонизации Центральной Азии (XIX – начало XX вв.): дис. д-ра. ист. наук. –Алматы, 2002. –265 с.; Кадысова Р.Ж. Социалистическая модель модернизации в Казахстане (1917-1940 гг.): советская и постсоветская историография: дис. д-ра.ист. наук. – Павлодар, 2005. – 290 с.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз