Басты бет » Материалдар » Д.А. ҚОНАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫ

ТӨЛЕНОВА З.М.

Д.А. ҚОНАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3

Аңдатпа:
Мақалада ХХ ғасырдағы ұлтымыздың ұлы перзенті, дара тұлға, аса көрнекті мемлекеттік қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі қарастырылады. Кілт сөздер: Қазақстан, Дінмұхамед Қонаев, тұлға, ғылым, ғалым, қайраткер, Қазақ КСР Ғылым академиясы
Мазмұны:

Қазақтың ХХ ғасырдағы ұлтымыздың ұлы перзенті, дара тұлға, аса көрнекті мемлекеттік қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың елу жылдай кеңестік Қазақстанды басқарған, жалпы қазақ мемлекеттілігінің тарихында Алаштың ардақтысы, халқымыздың біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің алатын орнының ерекшелігі жайында арда тұлғаның туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Президент Н.Ә. Назарбаев «Дінмұхамед Ахметұлы – айрықша ардақтауға лайықты қарымды қайраткер. Сондықтан, біз оны Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек» [[1]], - атап өтті.

Есімі елге қадірлі ерен тұлға хақында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бұл бағасы асылын ардақтай алатын елдік қасиетіміздің  белгісі екенідігі ақиқат.

Бүгінгі өскелең ұрпақтың Қазақстан мәдениеті, ғылымы, рухани өмірі мен сол мәдениетті жасаушыларға деген қызығушылықтарының күн санап арта түсуінен де ұлтымыздың ұлы тұлғаларына деген сүйіспеншілігі мен құрметі анықталады. Сондай өз ғасырының біртума перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілікке сақталып қалған есім - Дінмұхамед Қонаев. Абыз қайраткердің рухани байлығының тереңдігі, оның тұжырымдары мен әлеуметтік еркіндік көкжиегінің кеңдігі – дәл қазіргі уақыттағы қоғам дамуы қандай тұлғаға зәру болатындығын танытады. Мұндағы басты мәселе қайраткердің парызы мен елжандылық қасиеті, оның адамгершілігі мен рухани ізгілігі, азаматтық батылдығы жөнінде болмақ.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналып осы жыл бойы өткізіліп отырған шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1994 жылдың 24 ақпанында «Д.А. Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» қаулысының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажеттілігіне орай туындап отырғандығын да айта кеткен жөн [[2]]. Міне, сондықтанда қазіргі таңда ұлы тұлғаның тек мемлекеттік және саяси қайраткерлік тұлғасы ғана емес, оның ғалым және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметіне де бүгінгі күн тұрғысынан бағамдау мен пайымдауды қажет етеді.

Өздеріңізге белгілі, Д.А. Қонаев партиялық және мемлекеттік қызметті ғылыми жұмыспен тығыз ұстастыра алған жан. Кен ісі саласындағы алғашқы ғылыми ізденістерінен бастау алған ғалымның жолы, осы саладағы өз мектебін қалыптастыра алған көрнекті ғалымдықтан ғылыми жұмыстардың аса көрнекті ұйымдастырушысы ретінде Қазақ КСР Ғылым академиясын, республика ғылымын дамытуға да көп еңбек сіңірді.

Оның басшылығымен ғылыми мекемелердің жұмысын кеңейту, оларды кадрлармен нығайту, ғылымның өндіріспен байланысын күшейту, республиканың өндіргіш күштерін дамытудың өзекті де түйінді мәселелерін шешу, ғылыми әлеует пен материалдық ресурстарын тиімщді пайдалану, сондай-ақ мәдениет саласында дамытуға баса назар аударылып, Ғылым академиясының жұмысы жандандырыла түсті.

Ғылыми-ұйымдастырушылық қызметін бірден дұрыс басқара алуының алғы шарттары мына да:

-  Ең алдымен, бала шақтан оның білім мен ғылымға деген құштарлығы;

-  Өскен орта мен қалыптасу баспалдақтары және жылдарының ықпалы;

-  Студенттік жылдардан бастап-ақ ғылыммен нақты шұғылдануы және оның барлық қыр-сырын толық игеруінде жатса керек.

Академик К. Нұрпейіс көрсеткендей «Әскери корғаныс руднигі мен зауыты, Мәскеу мен Алматының арнайы қызмет орындары мен партия аппаратының қатаң бақылауында болуы жұмыс тәртібіне тиімді ұйымшылдық орнатуға, еңбек өнімділігінің өсуіне, демек, кәсіпорындарының жұмысына айтарлықтай ыкпал жасады. Осылардың барлығы Д.А. Қонаевтың мінезіне де, жұмыс бабындағы іс-әрекеттеріне де өшпес із қалдырды. Ол басшылық жасаудың сан-алуан қыры мен сырын үйреніп, шыңдалды, атап айтқанда келешекті ойлап абай болу, нақтылы жағдайды бағалау, жүктелген жауапкершілікті толық сезіну сияқты қасиеттерді игерді. Қорыта айтқанда, осылардың бәрі Д.А. Қонаевтың қызмет бабындағы баспалдақпен жоғары көтерілуіне жол ашты, жолы болды» [[3]].

Д.А. Қонаев 1936 жылы Москва түсті металл және алтын институтын бітіргеннен кейін, өзінің кәсіптік қызметін Қоңырат кен байыту орнында бастап, Балхаш пен Қоңырат секілді ірі кен өндіру комбинаттарының құрылысына да тікелей араласады және де өз қолтаңбасын қалдырды [[4]]. Ал 1936 жылы жас маман Риддер  секілді атақты рудниктің директоры қызметін атқара жүріп ғылымнан бір сәтке де қол үзген емес. Атап айтар болсақ, Дінмұхамед Ахметұлының ғылымға деген талпынысы мен құштарлығы 1948 ж. техника ғылымдарының кандидаты, 1963 ж. докторы ғылыми дәрежесінедиссертациялар қорғауына әкелді. Кандидаттық диссертацияның негізінде оның бірнеше ғылыми еңбектері«Қоңырат руднигіндегі бұрғылау-жару жұмыстары» (1949), «Қазақ КСР» (1958), «Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты карьерлерінде кен қазу жұмыстарының технологиясын жетілдіру» (1966), «Қазақстанда кен қазу жұмыстарының ашық әдістерін дамыту» (1950)  және т.б. аса құнды еңбектер жазды. Аталған еңбектер өз уақытында жоғары бағаланды.  Оның дәлелі, 1942 жылы «Қазақ КСР-і Жезқазған ауданының кен орындары» атты ғылыми еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықпен, ал 1958 жылы Орталық Қазақстанның металлогендігдік және болжау картасын жасағаны үшін Лениндік сыйлықпен марапатталды. Ұзақ жылғы ізденістердің нәтижесінде 1952 ж. Академияның толық мүшелігіне (академик) сайланады. Сондай-ақ ғалымның ұзақ жылғы ізденістерінің дәйекті қорытындысындай болып оның артында қалған 200-ден аса ірі-ірі ғылыми еңбектері бүгінгі сұраныстан тысқары қалған жоқ [[5]].

Ғылым жолындағы ізденіс пен қиыншылыққа толы кезең туралы«...ғылым жолының инемен құдық қазғандай қиындығына да, шексіз мүмкіндігіне де қайран қаламын. Тереңірек үңіліп, сарсыла ізденген сайын, оның тылсым сырларына қаныққан сайын «ындының кеуіп», шөліркей түсесің, арбалғандай алаңсыз «құныға» түсесің. Ғылым деген құдірет осы. Оның түн ұйқыңды төрт бөлгізген ой кемерінен, сол ойдың ел игілігіне айналған жемісін көру қандай бақыт! Мен өзімді сол бақыттың дәмін татқан ғалымдардың бірі болғаныма шүкір деймін» [[6]],- деп еске алады.

Міне, осылайша ғылымның күрделі де киелі аспалдақтарынан өте жүріп оны басқару қызметіне де кезек келді. Бұл жылдар Отан соғысынан кейінгі кеңінен етек алған «идеологиялық жұмысты күшейту» жөніндегі сталиндік тәртіптің барынша күш алып тұрған тұсы болатын. Кешенді түрде жүргізілген «идеологиялық шабуылдың» басты нысанасы қоғамдық өмірдің басы-қасында жүрген, ұйытқысы болған – зиялылар қауымы болды. ХХ ғасырдың 40-50-ші жылдарында өріс алған бұл идеологиялық саясаттың басты мақсаты әдебиет пен өнерге, ғылыми және көркем шығармашылыққа өзі ғана қалыптастырған стандарттан шықпауды, олардың бойына тұнған жалпы адамзаттық құндылықтарды сызып тастауға, басты алапаты – ұлттық сана-сезімді өшіру, тұншықтыру болды, сонымен қатар жалпы зиялылардың халықаралық байланыста, тәжірибе алмасуына қатаң тиым салды. Одақ көлемінде қанат жайған бұл саяси науқан Қазақстанда ВКП(Б) ОК идеологиялық мәселелер жөніндегі қаулысына сәйкес 1946 ж. 25-26 қыркүйекте өткен республика әдебиет және өнер қайраткерлерінің актив жиналысынан бастама алғаны анық. Жоғары оқу орындары мен академиялық зиялыларды қудалаудағы «идеологиялық саясаттың» негізгі өзегі 1947 ж. 21 қаңтарда қабылданған Қазақстан КП(б) ОК «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысында жіберілген өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысы болды. Осы қаулы негізінде жүргізілген тазарту жұмыстарының салдарынан және тоталитарлық жүйенің иделогиялық қалыбы жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ ғылымын ғана емес, Ғылым академиясы және оның мекемелеріндегі ғалымдар мен қызметкерлерді, олардың соны ғылыми тұжырымдарын тұншықтырып қана қоймады, филология және тарихи зерттеу барысындағы жаңа тақырыптардың жабылуына да әкелді. Бұл салқындық қазақ ғылымының бар саласын шарпып өткені анық.

Сталиндік тәртіптің аяусыз жүргізген осы бір «идеологиялық шабуыл» саясаты, науқаншылдықтың суық ызғары қазақ ғылымының тоталитарлық жүйе қалыптастырған ағыммен ғана дамуына барынша әсер етіп қана қоймай, сол тар құрсаудан шығып кетпеулеріне баса назар аударылғандығы да анық. Ел ғалымдарын еріксіз қудалауға бастама болған 1950 жылдың 26 желтоқсанында «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихи мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан көрсетейік» деген тақырыппен жазылған мақала еді. Осыдан кейін Орталық Комитеттің VIII Пленумында «Республика партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жағдайы және оны жақсарту шаралары туралы» үлкен мәселе қаралады.

Аталған мәселе ҚКП ОК хатшысы Ж. Шаяхметовтың Ғылым академиясының 1952 жылығы 17 сәуірде өткен Жалпы жиналысының сессиясында жасаған баяндамасында да қамтылды. Баяндамашы Академия жұмысындағы кемшіліктер: «а) Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоспарлауда және оларды орындауда жіберіліп отырған өрескел кемшіліктер әлі де орын алуда, ... б) ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізудегі әлсіздіктер; в) бірқатар академиялық мекемелердің өмірден, практикалық сұраныстардан, халықшаруашылығының қажеттіліктерінен қол үзіп қалуында» деп көрсетеді. Сондай-ақ осы баяндамасында Ж.Шаяхметов Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті тарихы мен өнертануға қатысты мәселелерді жариялауда кейбір жекелеген тарихшылар мен әдебиеттанушылардың жіберген буржуазиялық-ұлтшыл сипаттағы өрескел қателіктерін ВКП(б) ОК-нің және оның орталық басылымы – «Правда» газетінің көмегімен ашылғандығы туралы да тоқталып өтеді [[7]]

Осындай күрделі де аумалы-төкпелі ауыр сәттерде Ғылым академиясын басқаруға Д.А. Қонаев шақырылады. Мына бір жолдардан «В декабре 1951 г. Кунаева вызвал Шаяхметов и предложил возглавить Академию наук в связи с необходимостью исправления ситуации по идеологическому освещению истории Казахстана, на что последовал отказ. Через 2 месяца вызов в ЦК повторился. На этот рз Шаяхметов добился согласия Кунаева на переход в управление наукой» көп нәрсенің астарын ұғынуға болады [[8]].

Осы бір жылдардағы идеологиялық бақылаудың аса қатайған шағында Орталық Комитеттің екі бірдей хатшысы Қазақстан тарихына қатысты «ірі-ірі саяси қателіктерге ұрынғаны үшін орындарынан» босатылды [6, 129-б.].

Әсіресе, бұл «шабуыл»  қоғамдық ғылымдар саласында ашық жүрді. Ең алдымен, қазақ халқының этникалық тамыры туралы көлемді зерттеулер жүргізіп жатқан көрнекті ғалым Ә. Марғұланға тағылған саяси айып, «буржуазиялық пантүрікшілдік» пен тарихты ашықтан-ашық бұрмалауы, орыс-қазақ арасындағы достыққа жік түсіруге бейімділігі болды. Көп ұзамай, ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бойынша аса ірі маман, тарихшы Е. Бекмаханов жаңа саяси науқаншылдықтың басты нысанасына айналды. Бірнеше жылдарға созылған айтыстан соң Қазақстан тарихының, әсіресе оның ішінде Кенесары Қасымұлы қозғалысы жөніндегі келелі мәселелер мен «ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы Қазақстан» атты монографиялық еңбегінде жасаған тұщымды тұжырымдарымен тоталитарлық тәртіптің ағымына қайшы келгендіктен ғалым-педагог та университеттегі қызметінен ғана босатылып қойған жоқ, басқару әдісіндегі жіберген әрекеттері үшін деген сылтаулармен Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының директоры орынбасарлығынан да босатылды. Аты аталған көрнекті ғалым-қайраткерлермен қатар Қазақ  университетінің ректоры Т. Тәжібаев, А. Жұбанов,  К. Жұмалиевтер де осы науқаншылдықтың қаһарына ілінген болатын. Бірақ, кейінгі жылдары академиялық ғылымды дамытудағы Д.А. Қонаевтың жүргізген салиқалы саясаты мен басқару әдістерінің барысында олардың есімі ақталып, әділеттілік орнады. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да қайраткердің естеліктеріне көз жүгіртейік: «Я считал и считаю, что это были абсолютно несправедливые и необъективные решения, которые проводились по указанию руководства ЦК и под контролем секретаря ЦК по идеологии. ... Не без труда, но мне удалось исправить допущенные ошибки и восстановить этих замечательных ученых в прежних правах» [[9]].

Д.А. Қонаев Ғылым академиясының басшылығына келген жылдары оның материалдық-техникалық базасы әлсіз, кадр тапшылығы да күн тәртібіндегі ашық мәселе болды. Осындай шешуін таппаған күрделі мәселелер туралы сессияда «1952 жылғы жұмыстың қорытындысы және партияның ХІХ съезінің шешімдеріне сәйкес 1953 жылғы міндеттер туралы» баяндама жасап, онда мыналарды атап көрсетті:

Қарағанды бассейнінің көмірін зерттеу;

Сталинград және Бас Түркмен каналының жоспарларын жасауға көмектесу;

Орталық Қазақстанның экономикасы мен  обводнение мәселелері;

 мал шаруашылығы жаңғырту сапасы;

Қазақстан мал шаруашылығына қажетті азық-түлік базасын даярлау;

Егістік далаларды ормандармен қоршау арқылы қорғау, өнеркәсіптік аудандарды көгалдандыру, орман алқаптарын қалпына келтіру және кеңейту;

Кәсіптік ауруларды зерттеу және олардың алдын алу жолдарын анықтау;

Адам және жануарлар арасындағы жұқпалы аурулардың ошағын зерттеу;

Қазақ КСР тарихының мәселелері;

Қазақ ағартушыларының қоғамдық-саяси, философиялық және құқықтық көзқарастары зерттеу және олардың шығармаларының жинақтарын дайындау;

Қазақ және ұйғыр тілдерін лексикасын зерттеу және т.б. Сондай-ақ ірі теориялық мәселелердің ішінен 2 салаға - биология және медицина ғылымдары және гуманитарлық ғылымдарға баса назар аударылатынына тоқталады [[10]].

Республика Ғылым академиясының жұмысын жақсарту мақсатында Д.А. Қонаев КСРО Ғылым академиясынан тәжірибелік және маман кадрлармен толықтыруға көмек сұрайды. Осыған орай Орталықтан келген комиссия бірнеше бағытта жұмыс жасап, ғылыми-зерттеу институттарының жұмыстарына баға береді.

1954 жылғы 7 желтоқсанда өткен ҚазКСР Ғылым академиясы Төралқасының мәжілісінде КСРО ҒА-нан келген комиссия төрағасы Агошковтың жасаған қорытынды тұжырымдамасы да осы пікірді толықтай дәлелдейді. Және де республика ғылымы негізінен бір жақты дамып отырғандығын, яғни геология саласына баса назар аударылып келгендігін, көптеген институттарда ғылым докторларының өте аздығы не болмаса мүлдем жоқтығы, сондай-ақ философия мен шет тілдері кафедраларының осы күнге дейін ашылмағандығын көрсетті. Аталған кемшіліктер туралы КСРО Ғылым академиясының ғылыми қызметті үйлестіру жөніндегі кеңесінің XIV сессиясында да сынға алынғандықтан, Қазақстан ғылымында орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді түзету үшін нақтылы шаралар жүргізіле бастады. Ең алдымен ұлттық ғылыми кадрларды даярлау ісіне баса назар аударылды.

ХХ ғасырдың 50-ші жылдарындағы республикадағы ғылыми мекемелердің саны төмендегідей болды[[11]]:

1940

1945

1950

1954

1955

1956

1957

1958

1959

Жалпы

Қаз КСР бойынша

46

75

123

112

112

98

108

115

128

Оның ішінде

Ғылыми-зерттеу институттары,

филиалдары, бөлімшелері

17

29

38

37

39

43

48

57

61

Тәжірибе

станциялары

14

18

27

30

30

26

26

29

35

Басқада ғылыми мекемелер

15

28

58

45

43

29

34

29

32

Кестеден көріп отырғанымыздай, 1957 жылы ғылыми мекемелердің санының 1950, 1954 және 1955 жылдармен салыстырғанда күрт кемуі бірқатар ғылыми мекемелерді біріктірудің әсерінен болғандығын айта кеткен жөн.

Осыған сәйкес ғылыми қызметкерлердің сандық көрсеткіші туралы төмендегі кестеге көз жүгіртейік:

1947

1950

1955

1956

1957

1958

1959

Қазақ КСР

2885

3305

4817

5371

6205

7848

8374

Олардың ішінде жұмыс

істейтіндер

Ғылыми мекемелерде

1244

1471

1862

2029

2582

3859

4097

ЖОО

1572

1767

2796

3176

3541

3894

4184

Басқарма, өнеркәсіп, ұйымдарда

69

67

159

166

82

95

93

Ғылыми қызметкерлердің жалпы

саны ішінде ғылыми дәрежесі барлар

Ғылым докторлары

83

97

131

142

149

160

156

Ғылым кандидаттары

486

769

1555

1792

1811

1939

2065

Міне өздеріңіз көріп отырғандай, Д.А. Қонаев Ғылым академиясын басқарған жылдары ғылыми мекемелер мен қылыми қызметкерлер саны өсіп, отандық ғылым жаңа белестерге шыға бастады.

Ғылым академиясының ауыр жағдайын, оның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жоғарғы жақтың қолдауы қажеттілігін түсінген Д.А. Қонаев Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы П.К. Пономаренкоға ашық хат жазып, онда «Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдасқанына сегіз жыл болғанына қарамастан, әлі күнге дейін материалдық-техникалық базасын жасау мәселесі шешілген емес. Ғылым академиясының ғылыми мекемелері кездейсоқ, еш бейімделмеген жайларға орналасқан және мүлде тар. ... ғылыми мекемелер осы заманғы ғылыми жабдықтармен жарақтандыру жағынан өте-мөте тапшылық көріп отыр.

Мұндай жағдайға ұшырауының негізгі себебі Қзақ КСР Ғылым академиясына күрделі құрылысқа және ғылыми жабдықтарды алуға қаржының мейілінше шектелуінде болып отыр»,- дей келе, ғалымдардың тұрғын үймен қамтамасыз етілмегендігі, Ғылым академиясының бас ғимараты бойынша жұмыс көлемінің 35 пайызы ғана орындалып отырғандығы, жаңа жабдықтар сатып алуға да қаржының өте аз бөлінетіндігінің салдарынан ғылыми-зерттеу жұмыстарын өрістетуге мүмкіндіктің шектеулігін жазады. Сондай-ақ кадрлар санын көбейту, мұнай, микробиология және математика институттарын құру халық шаруашылығын өркендетуге себеп болатындығын негіздеп, Пономаренконың КСРО үкіметіне Қазақ Ғылым академиясына қажетті көмек көрсету жөнінде өтініш білдіруін сұрайды [6, 148-б.].

Ғылым академиясына қатысты мына бір жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. 1954 жылы республика басшылығынан Ғылым академиясының құрамын нығайту мақсатында академиктер мен корреспондент-мүшелердің қосымша сайлауын өткізуге қолдау табуы үлкен жеңістің бірі еді. Сөйтіп, 1954 жылғы 30 қарашада өткен Қазақ КСР Ғылым академиясының Жалпы жиналысының сессиясында сайлау өткізіледі де, нәтижесінде 13 толық (академик) және 17 корреспондент-мүше сайланады [[12]].

Сонымен қатар Д.А. Қонаев үкімет басшылығында отырған жылдарында да Ғылым академиясының дамуын назардан тыс қалдырған емес. Республика ғылымының дамуына жасаған қамқорлығын Қазақстан Компартиясы мен ҚазКСР Министрлер кеңесінің 1980 жылғы сәуірдегі «Болашақта ғылыми зерттеулер тиімділігін артыру үшін  Қазақ ССР Ғылым академиясының материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары туралы» қаулысынан да байқаймыз. Бұл аса маңызды құжат Қазақстан ғылымының жаңа көкжиектерден көрінуіне үлкен мүмкіндіктер ашты.

Осы жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми мекемелерінің құрылы олардың зерттейтін проблемаларының тұтастығына қарай кешендендіру қағидаларына негізделді [[13]].

Ал КПСС ОК Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан КО ОР бірінші хатшысы ретінде Д. Қонаев 1981 жылығы ақпан айында өткен Қазақстан КП ХV cъезінде жасаған баяндамасында да Ғылым академиясына ерекше тоқталады. Онда: «Соременная наука, становясь непосредственной производительной силой, во многом делает сегодня материальные пути развития научно-технического и духовного потенциала общества, Нет сомнения, что ученые республики не пожалеют творческой энергии для настичивого поиска оптимальных решений новых задач одиннадцатого пятилетия, внесут свой достойный вклад в общенародное дело коммунистического строительства» [[14]],- деп баға бере келіп, оның келешегінен көп үміт күтетінін айтады.

Осылайша, Қазақстан ғылымы ел экономикасы мен мәдениетін өркендетуде жаңа бағыттарға бет алды. Ғылыми мекемелер тізімі жаңадан ашылған институттар мен лабораториялардың есебінен ұлғая түсті, ал республика Ғылым академиясы ірі ғылыми орталыққа айналды. Міне осындай атқарылған игі істерді ұлт перзентінің – Д. Қонаевтың отандық ғылымға деген үлкен сүйіспеншілігі мен қамқорлығының ғана көрінісі емес, сол ғылымның жаңа биікке көтерілуіне сіңірген сара еңбегі деп бағалаймыз.

Республика ғылымын дамытуға қосқан үлесін бағамдауда академик Б.А. Төлепбаевтың пайымдауына жүгінсек: «Д.А. Қонаев ірі ғалым, әрі ғылымды білікті ұйымдастырушы ретінде Қазақстанның Ғылым Академиясының гүлденуіне көп еңбек етті. Оның басшылығымен ғылыми күштер мен материалдық ресурстар шоғырланған республика өндірістік күштерінің дамуының кешенді мәселелерін шешуде, сонымен қатар ұлт мәдениетінің көтерілуінде ғылыми мекемелердің жұмысы жандана түсті» [[15]].

Ұлт тарихын зерделеуде кейінгі өскелең ұрпаққа ата тарихымыз бен оны жасаушы тұлғалар  туралы, олардың артында қалған мұрасы мен келелі ой-тұжырымдарын зерттеп-жеткізу, ұлт перзенттерін ұлықтау абыройлы парыз.  Қазақ зиялы қауымының өкілдері біздің қоғамымызда шоқ жұлдыздай жарық шоғырын құрайды. Үнемі үрдістік дамуға ұмтылып отыратын қоғамның тынысына өздерінің ой-интеллектісімен, нақтылы тұжырымдарымен ықпал ететін, сондай-ақ оның алар бағытына да әсер ете алатын негізгі күш – зиялылар қауымы. Сондықтан да зиялы қауым өкілінің тарихын зерттеу, олардың ғылым мен қоғамдағы алар орны мен қосқан үлесін саралай отырып зерделеу, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Сондықтан да Елбасы Н.Ә. Назарбаев: “Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тағдырының айнасынан бір тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз.

Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы болып қала берген. Тарихтың қай кезенінде  болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген. Ол, ол ма, белгілі бір мағынасында олардың өздері де халық тарихының тұтас бір дәуіріне татыған, халқының бағытынан жаңылмай тәуелсіздікке бастайтын жолын нұрландырған ел тарихының шамшырақтары болған” [[16]],- деп тұлғалардың тарихтан алар орнын көрсетеді.



[1]Назарбаев Н.Ә.  Елі барда ері елеусіз қалмайды // Егемен Қазақстан. – 2010, 13 қаңтар.

[2] Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1994 жылдың 24 ақпанындағы «Д.А. Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» қаулысы.

[3] Нұрпейіс К. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Д.А. Қонаевтың ғылыми және қоғамдық қызметінің қысқаша очеркі // Д.А. Қонаев: - Алматы: Ғылым. – 1978. - 20-б.

[4] ҚР ПА. 708-қ., 36-т., 1538-іс.

[5]Кунаев Динмухамед Ахмедович (1912-1993) // Вестник МН-АН РК. – 19967 - № 5. – С. 73-74.

[6]  Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. (Естелік-эссе) (Ауд. С. Әбдірайымұлы). – Алматы: Санат№ - 1194. – 129-б.

[7] Шаяхметов Ж. Об очередных задачах развития науки в Казахстане // Қазақ ССР ҒА Хабаршысы. – 1953. - № 2. – 9-16-бб.

[8] Первые лица государства: Политические портреты (с точки зрения истории и современности) / Авт. кол.: - Алматы: Қазақстан даму институты. – 1998. – С.325.

[9]  Кунаев Д.А. От Сталина до Горбачева. – Алматы. – 1997. – С. 35.

[10]  Кунаев Д.А. За дальнейший подъем науки в Казахстане // Қазақ ССР ҒА Хабаршысы. – 1953. - № 2. – 9-16-бб.

[11]Казахстан за 40 лет. Статический сборник. – Алма-Ата, 1960. – С. 472-473.

[12] Наука в Казахстане за сорок лет Советской власти. –Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1957. – 453 с.

[13] Наука советского Казахстана (1920-1980 гг.). - Алма-Ата: Ғылым, 1981. – 299 с.

[14] Отчетный доклад ЦК КП Казахстана ХV съезду КП Казахстана. – Алма-Ата, 1981. – С. 55.

[15] Төлепбаев Б., Төлепбаева К. Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев – аса көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткер.– Алматы: «Елтаным баспасы». – 2011. – 45-б.

[16] Назарбаев Н.Ә.Жасай бер, тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзі // Егемен Қазақстан. - 1998, 16 желтоқсан.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз