Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 327.7 (519) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

Оспанов Н.

ӘОЖ 327.7 (519) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3

Аңдатпа:
Мақалада автор ежелгі грек дәуіріндегі халықаралық ұйымдар мен саяси одақтардың ортақ ұлы құдірет ғибадатханасын қорғау мақсатымен құрылған Дельфи одағы арасында жасалған келісімдердің жасалуынан бастап, халықаралық ұйымдардың тарихын қарастырған. XIX ғасырдан бастап еуропалық мемлекеттер өзара ынтымақтастықты неғұрлым арттыру үшін халықаралық ұйымдарды құрудың қажеттілігін толық түсіне бастайды. Бұл жерде айта кетерлігі бұған дейін ұзақ тарихи дәуірлерде халықаралық ұйымдарды құрудың қажеттілігі туралы ойлардың қалыптасу үрдісі әлдеқашан орын алған болатын. Бастапқыда бұл үрдіс ежелгі дәуірлердегі саяси одақтардың арасындағы шарттарды жасаудан бастау алған еді. Халықаралық ұйымдарды зерттейтін тарихшы ғалымдардың пайымдауынша, оның пайда болуының алғашқы белгілері саяси одақтар арасында келісімдер жасалған антикалық кезеңге тура келеді. Кілт сөздер: халықаралық ұйымдар, Ганза одағы, Еуропалық концерт, Ұлттар Лигасы, Біріккен ұлттар ұйымы.
Мазмұны:

Халықаралық ұйымдардың алғашқы түрлері ежелгі Грекияда белгілі болды. Ежелгі грек қала-мемлекеттерінің мәдени біртектілігі б.з.д. 338 жылға дейін байқалып, сол тұста 200-ден астам бірлескен шарттардың жасалғаны анықталып отыр. Қалалық мемлекеттер арасында орын алған соғыстардың жиілеуі оларды көптеген шарттар жасасуға мәжбур етті. Бірақ, бұл олар жанжалдарды шешуді тек қана түрлі келісім-шарттармен реттеп отырды дегендік емес. Олар өз өкілдерін жіберу арқылы шешілетін қала-мемлекеттер арасында туындаған әр-түрлі мәселелерді аралық соттар арқылы шешу туралы уағдаластыққа жеткен басқа да келісім-шарттар арқылы реттеп отырды. Мысалы, Спарта мен Афинаның арасындағы жанжалды шешу үшін бітімге келу туралы бірқатар шарттар жасалған: б.з.д. 423 жылы Бір жылдық бітім жасалса, б.з.д. 421 жылы Никиев бейбіт келісім шарты жасалды. Бұдан өзге саяси және әскери, азаматтық құқық пен екі жақты сауда жасау туралы келісім-шарттар да жасалған [1,  14-б.].

Ең алғашқы халықаралық ұйымдардың ішінде көршілес өмір сүрген грек тайпаларынан тұратын Амфиктионияны (Дельфия одағын) атауға болады.  Бұл одақ ортақ ұлы құдай ғибадатханасын қорғау және оған құрбандық шалу мақсатымен құрылған болатын. Одақта өзінің жеке қарулы күштері болды, сондай-ақ саяси жанжалдарды шешу үшін құрылған Дельфий одағы аралық сот қызметі (функциясы) де болды.  Алайда осы одақтың әлсіз тұсы оның дауыс беру жүйесінде еді. Атап айтар болсақ, дауыс беру кезінде оған мүше 12 мемлекеттің қуатты және әлсіз болғанына қарамай, әрбіреуі екі дауыс беруі Афина, Коринф, және Фивы қатарлыларға ұнамады. Осы тұста Македония мен Рим Грекия түбегіне шабуыл жасап, оны басып алып, қалыптасқан жүйе біржолата өзгерді. Бірақ, жаулап алу елеулі өзгерістер алып келмеді [2, 45-б.].

Рим империясы халықаралық көші-қон мәселелерін реттеу аясында халықаралық ұйымдарға елеулі үлес қосқан болатын. Рим азаматтары мен шетел азаматтары арасында орын алған жанжалдар мен даулы мәселелер азаматтық-құқықтық және халықаралық нормалар шеңберінде  үйлесім тапқан «халықтар құқығы»  бойынша  шешіле бастады. Тіпті Рим империясы бірнеше бөлікке бөлінгеннен кейін де, «халықтар құқығы» Еуропода халықаралық қатынастардың үлгісі болды [3, 246 -б.].

Ірі сыртқы саяси шарттар Рим дәуірінде де, Ежелгі Грекия дәуірінде де жасалды. Рим Карфагенмен теңізде қатынау, өзара сауда жасау және соғыс одағы аясында әралуан шарттар жасағанымен, олардың көбісі «теңсіз» сипатта болды. Римдіктердің «Рим империясының және римдік азаматтардың қауіпсіздігі» үшін  б.з.д. 189 жылы жасаған шарты бойынша Этолиядан ақшалай контрибуция, әскери қолдауды, аманаттарды қайтарып алуды талап ету қарастырылған [2, 47- б.].

Орта ғасырларда Еуропада Ганза одағы құрылды. XIII ғасырдан бастап, XVI ғасырға дейін Голландиядан бастап, Финляндияға дейін созылып жатқан германдық қалалар Балтық және Солтүстік теңіздердің бойында теңіз үкіметін орнатты.  Олар скандинав флотилиясын басып алып, Балтық теңізінен орыс саудагерлерін  ығыстырып шығарды.

Өз мүдделерін қорғау үшін Ганза одағына конфедерация мен конституцияны құру керек болды. Осы Одақтың конституциясының өзі кемеліне жетпегендіктен көбіне жекелеген мүшелердің еркіне тәуелді болып, мүшелер лажсыз қабылдады. Дегенмен, ондағы бағынбаушылықтар мен ішкі қайшылықтардың сақталып келгеніне қарамастан конституция Одақ үшін жақсы қызмет атқара алды.

Сөйтіп конституция Одақ мүшелерінің арасындағы ортақ сезімін нығайтуға берік негіз калап, өзара сауда мен теңізде жүріп-тұрудың негізгі қағидаттарын құруға мүмкіндіктер берді. Одақтың ортақ заңнамасы арқылы ганзейлер өздерінің теңіздегі күш-қуаты мен сауда-саттықты күшейтіп, шетелдіктердің Балтық теңізіне баруына мүмкіндіктер берді. Ганзейліктер сауданы, көбінесе, теңіз арқылы жасағандықтан теңіз қатынасына қатысты заңдар маңызды қызмет атқарды. Сондықтан, теңізде жүруді қорғау аса маңызды болып, Ганзей саудасын ұлғайтуға алғашқы шарттары жасалды [4,  51-52 -б.].

  Саудагерлердің қауіпсіздігі мен сауда-саттықтың өркендеуі сауда жасауда өзара мүдделерін сақтауға және бұрынғы аумақтың мәртебесін қорғауға тәуелді болды. 

Ортақ игі істерді алдына ала ұйымдастырудың қажеттілігі туыс қалалардың федерациясының құрылуына алып келді. Олар XIV ғасырдың ортасынан бастап, Одақтың әр мүшесінің мүддесіне сай ортақ жұмыстар бойынша алқа-кеңестер жүргізіліп отырды. Осы мақсатпен германдық қалалар жыл сайын өз делегаттарын Балтық теңізінің батысындағы беделді сауда қаласы болған – Любекке жіберіп тұрды [5, 279- б.].

Қасиетті Рим империясы ортағасырлық діни-феодалды қоғам болып саналды. Өз мемлекеттерімен тұтас Еуропа халықтарын басқарудың барлық билігі монархтардың қолында болды. 1648 жылы Вестфаль бейбітшілік келісімін орнатқаннан кейін, заманауи халықаралық қоғамның қалыптасуына әсер еткен халықаралық жүйеде күрт өзгерістер болды. Вестфаль бейбітшілік келісімінің нәтижесінде маңызды мәселе – «ұлттық мемлекеттік суверенитет принципі» болды, осы ұстаным бойынша әр мемлекет өз территориясында барлық билікке ие. Осы уақыттан бастап, корольдер мен ханзадалар қабылдаған шешімдерін орындату үшін Рим папасы мен императордың келісімін алуға міндетті болған жоқ. Міне содан бастап, мемлекет тәуелсіз болды.

Наполеон дәуіріне дейінгі кезеңде мемлекеттер арасындағы территориялық дау-жанжалдар тек қарулы күшпен шешіліп отырды. Дау-жанжалдарды күшпен емес, келіссөздер арқылы шешуге тырысқан көптеген мемлекеттер ондай халықаралық ынтымақтастықтың болмауына келісті. Соғыс аяқталғаннан кейін дипломаттар келісімдерде болған өзгерістер бойынша келіссөздер жүргізіп отырды. Нәтижесінде мұндай тәжірибелер алдағы уақытта заманауи халықаралық ұйымның үлгісіне айналды [2, 47 -б.].

Халықаралық ұйымдардың зерттелуі XIV ғасырдан бастап «адамзаттың әмбебап қабілеттілігі» туралы жазған Дантенің еңбектерінен байқалады. Сонымен қатар, біріккен әлемдік үкіметтің пайда болуын алдын ала болжаған Пьер Дубюа Еуропада конфедеративті «христиан республикасын» құру идеясын ұсынды. 

Заманауи мемлекет жүйесі мәтінінде халықаралық ұйымдар идеясын XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген жазушы Анри Сен Симонның жұмыстарынан көруге болады. Сен Симон Еуропа халықтарын «Еуропа парламентін» құруға шақырды. Оның идеясындағы «Қоғамдық сот» пен «Ортақ заңнаманы» қабылдау ұсынысын Джереми Бэнтам жалғастырды. Ақырында оның ұсыныстары ұлттық институттарды құру үлгісіне айналды [6, 779 -б.].

Халықаралық ұйымдар теориясының негізін бір-біріне қарама-қарсы келетін екі түрлі ой-пікір қалады. Біріншісі, Иммануил Канттың пікірі бойынша келісім-шарттарға сүйенеді. Ол мемлекеттер қоғамдық келісім-шарттардың көмегімен шектеулі және бақылаушы халықаралық жүйені құру керек деген идеядан бастау алады. Жан Жак Руссо тұжырымыбойынша екіншіпікір органикалық болып табылады. Оның негізгі ойы адамзат қоғамының біртұтастылығында. Ол бұл қоғамды мемлекеттік және халықаралық, бірнеше деңгейлі үкіметтік институттардың өндірушісі ретінде қарастырды. Кейде осы екі теория бір-бірін толықтыратын бірігу әдісін сипаттайды.

XVIII ғасырдың ІІ жартысында халықаралық қоғамға елеулі әсерін тигізген мынадай түбегейлі өзгерістер орын алды: өнеркәсіп революциясы, АҚШ тәуелсіздігі, француз революциясы және т.б. Өнеркәсіп революциясының нәтижесінде көлік, коммуникация, тауарлардың жаппай өндірілуі жедел дамып, бұл бүкіл әлем бойынша материалдар мен адамдардың қозғалысына әсерін тигізді.

Бұл тұста экономикалық және әлеуметтік қатынастар халықаралық деңгейдегі өзгерістерге түскендіктен, жекелеген мемлекеттердің алдында олар өз алдына шеше алмайтын мәселелерді туындатты.  Сондықтан, ортақ халықаралық жүйе құру идеясы күшейе бастады. Конституциялық монархияның деспоттық билігінің күйреуіне алып келген төңкерістер, тек мемлекет ішінде ғана емес, оның сыртында да азаматтық құқықтың күшеюіне алып келді. Қажеттілік саясаттан тыс екіжақты келісімшарттарға отыру арқылы мүдделі мемлекеттермен әріптес болуға түрткі болды. Ондай халықаралық ұйымдарға, көпжақты келісімдерге негіз болған Рейн өзені Орталық комитетті және Дунай өзені Комитетін  жатқызуға болады.

ХІХ ғасырларда алғашқы маманданған халықаралық ұйымдар пайда бола бастады. Олар қоғамдық қатынастарды басқарумен шектелді. ХІХ ғасырдың екінші жартысы, 1865 жылы Халықаралық телеграф одағы, 1874 жылы Бүкіл әлемдік пошта одағы, әдеби шығармалар мен өнерді қорғау Халықаралық одағы, 1890 жылы Халықаралық әкімшілік одағы және басқа үкімет қатарындағы  халықаралық ұйымдардың пайда болуымен ерекшеленді. Мемлекеттер алдағы жерде тек саяси саладағы қатынастарды ғана емес, экономика, қоғамдық, мәдениет қатынастарын да дамыту керек деген шешімге келді.

Бірақ, мемлекеттер тілеген, бейбітшілікке жеткізетін, көпжақты қауымдастықтың құрылуына қол жеткізе алмады. Сонымен, мемлекеттер әдеттегідей құпиялы альянстарды құру және күштер балансын қалыпта ұстау мақсатында бір-бірімен келісімшарттар жасасып отырумен шектелді.

Ал, колониалды державалар өз назарларын Еуропадағы бейбітшіліктің сақталуы мен қолдануына аударды, олар басқа аймақтағы дау-жанжалдарды тек Еуропада соғысқа алып келетін жағдай туындаған кезде ғана шешіп отырды.

Еуропалықконцерттіңбастықағидасыбесдержава 1815 жылыВеналықконгрестеқабылданғантерриториялыққаулынымойындауындаболды. Державалар территоряларды қорғауға және келісімді тек консенсусқа келгенде ғана бұзуға келісті. Шешімдер консенсус арқылы қабылданды, алайда бірауыздылық ережесі мен вето қағидасы болған жоқ.

Дегенмен өзінің бейресмилігінің арқасында, Еуропалық концерт 40 жыл бойы Еуропада бейбітшілікті сақтай алды [7, 121-б.].

Концерттің құрылуы, біріншіден, конгресс пен конференция арқылы жүргізілетін дипломатия, яғни дипломатияның жаңа әдісі қалыптасқанын білдірді. Соған орай, Концерт халықаралық дағдарыс кезінде бейбітшілікті сақтау және еуропалық мәселерді шешуді қолдау үшін ұлы державалардың кездесетін алаңы ретінде белгіленді.

Ақырында Наполеонға қарсы көзделген соңғы коалиция ынтымақтасудың қажеттілігін мойындаған мемлекеттік қайраткерлер соғыстан кейінгі құрылымды сақтау мақсатында одақтасудың пайдасына көз жеткізді. Еуропалық концерт концептуалды қағидалар мен халықаралық саясаттың мақсаттарын айқындап берді. Уақыт өте келе  Еуропалық концерт халықаралық тәртіптің үлгі-нұсқасына айналды [8, 162-б.].

Еуропалық концерт мүшелері 1899 және 1907 жылдары Гаага конференциясына дейін оны гуманитарлық және идеалистік тұрғыдан қарастырып келді. Бұл кезде конференцияларда соғысқа қатысушы және бейтарап жақтардың құқықтары мен міндеттерін жүйеге келтіру мақсатында бірнеше жобалар құрастырылған болатын. ІІ Николай патшаның бастамасымен жиналған конференцияға АҚШ, Жапония, Мексика, Персия, Сиам және сол кездегі басқа еуропалық державалар қатысты. Екінші конференцияға 44 мемлекет қатысты. Конференция мүшелері әскери мәселелерді қарастырып болғаннан кейін, басқа мәселелерді бейбітшілік жолмен шешуді талқылап отырды. Оған заманауи халықаралық тәжірибеде де маңызды орны бар арбитажды жүйенің құрырылуы жатады. Кейбір ғалымдар Гаага конференцияларын толыққанды ұйым ретінде қарастырады, бірақ ол мүлде олай емес еді. Бұл жерде аталған Концерт пен конференциялар мамандандырылған, уақытша және қатал шектеулі ұйымдардың құрылуына ұйытқы болғанын атап өткен жөн. Олар Ұлттар Лигасын құрудың негізін қалай бастаған болатын [9, 56- б.].

Ұлттар Лигасы ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, Бірінші дүниежүзілік соғысты қайталамау мақсатында құрылған еді. 1919 жылы Париж бейбітшілік конференциясында Америка президенті Вудро Вильсон өзінің 14 тармақтан тұратын ұсынысын ортаға салды: ол «Ірі және кіші мемлекеттердің саяси тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қамтамасыз ету және өзара кепілдік беру мақсатында жасалған ерекше жарғыларға негізделген ортақ ұлттар ассоциациясына» бірігуге шақырды. Жаңа Лига  тәуелсіз және заңды өзара тең мемлекеттер арасындағы жарғыларға (1789 жылғы конституцияға ұқсас) негізделген болуы тиіс еді. Лига мемлекеттері үшін бейбітшілікті сақтауда өз күштерін жұмылдыруды мәжілістер мен алқа-кеңестерде қарастырған оңай болған болар еді [10, 1527- б. ].

Ұлттар Лигасы Конвентінің 16 бабында басқыншылық жасаушы  мемлекет «Лиганың басқа мүшелеріне қарсы соғыс әрекетін жасаушы ipso facto болып саналады» деп қарастырылды. Осыдан кейін мүшелер ұжымды түрде экономикалық және дипломатиялық санкцияларды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Лига Конвенті бірлескен әскери әрекеттер мәселесіне келгенде тұрақсыздық танытты  [7, 121- б.].

А. Лерой Беннет халықаралық қатынастарды дамыту жолында Ұлттар Лигасының радикалды және консервативті екі бағытын атап көрсетеді. Ол оны радикалды атаған себебі, басшылықта бірнеше философтардың ойлары мен мұраттары жетекші орында тұрғандығы еді. Олар мемлекеттік саясатқа инкорпорацияланған ұлттар одақтастығы мен бейбітшілікті алға бастыруды қолдайтын жан-жақты ұйымды жақтаған болатын. Сонымен бірге оның радикалды болуының себебі, бір ұйымның шеңберінде халықаралық деңгейде қолдау табатын кең көлемді мәселелердің шешімін қамтитын батыл қадамдар жасай алды. Радикалды болуының тағы бір себебі, ол БҰҰ үшін үлгі боларлық саяси, заңгерлік, экономикалық және әкімшілік агенттіктердің құрылуында бастама болды. Ұлттар Лигасы консервативті деп саналды, себебі, ол орнатылған халықаралық ережелерге негізделді және билік ресурстарын бөліп беруге ешбір талпынбады.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың зардаптарын бастан кешірген мемлекеттердің барлығы, өзара тату болып, бір-бірімен ынтымақтастық орнатуға талпынды. Сонымен, мүше елдер Лиганың беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып, өзара ынтымақтастықтың игілігін көріп отырған уақытқа дейін ұйым өзінің өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Бірақ, көп ұзамай Германия мен Италия халықаралық қатынастарда статус-квоны теріске шығара бастады және әр мемлекет экономикалық құлдырауды бастан кеше бастаған соң, экономикалық бәсекелестікте үдемелі әдістерді қолдана бастады. Оның келесі бір әлсіз тұсы қысқа уақыт ішінде АҚШ, Кеңес Одағы мен Германияның ұйымға толығымен қатыса алмағандығынан болды. Осының барлығы Ұлттар Лигасының құлдырауына алып келді [11, 40-41- б.].

Сонымен Бірінші дүниежүзілік соғыс Ұлттар Лигасының қалыптасуына әкелсе, Екінші дүниежүзілік соғыс БҰҰ құрылуына түрткі болған тарихи оқиға болды. Қалай болғанда да, мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар соғыстан кейінгі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау  жолдарын дамытуға тырысып отырды.

1946 жылы Британ сыншысы Ұлттар Лигасы мен БҰҰ-ын салыстыра отырып, біз мемлекеттердің суверенитетін шектеудің орнына, шын мәнінде, заманауи, әлемде бүгінгі күнге дейін тек суверенитеті жоғары мемлекеттердің, Ұлы державалардың суверенитетін ұлғайтып отырмыз деген болатын. БҰҰ сана-сезімнің тұтастығы немесе органикалық құрылымды кең көлемде Шығыс пен Батысты, кейін Солтүстік пен Оңтүстікті бір-біріне қарсы қоюға дейін дамытуға аз да болса мүмкіндік болды.

БҰҰ құрылымы келісімшарттарға негізделген. Оның Жарғысында былай деп көрсетілген: ұлттардың суверенитет теңдігі мен саяси тәуелсіздігі – БҰҰ-ның маңызды ұстанымы болып саналады. Бас Ассамблеяда әр мемлекет халық санына немесе белгілі бір мәселелердегі мүддесіне және жауапкершілігіне қарамастан, бір дауысқа ие. Мұндай өкілеттілік  міндетті түрде БҰҰ-ның кез-келген қызметінің қағидасы болып табылады [10, 1527- б. ].

БҰҰ Жарғысында барлық кезекті қарым-қатынастар мен бағдарламаларға сипаттама беріледі. Сонымен қатар, Жарғы – келісімшарттар арасындағы қағидалар мен мүше елдердің міндеттерін айқындайтын көпжақтылы келісімшарттар болып табылады және шын мәнінде, халықаралық құқыққа маңызды толықтыру болып саналады. Конституция сияқты Жарғыда да БҰҰ міндеттері, ұйымдық құрылымы, қағидалары мен өкілеттілігі жан-жақтылы ескерілген.

Кезінде ұлы державалар, әрбір тарап өз сауалдарын Кеңестен Ассамблеяға жібере алатын мүмкіндіктері қарастырылған тармақты Ұлттар Лигасы Жарғысынан алып тастап, Қауіпсіздік Кеңесін күшейтуге талпынған болатын. Сонымен қатар, құрылтайшылар арнаулы 99 бапты енгізе отырып, Секретариатқа маңызды рөлді міндеттеді. Сол бапқа сәйкес Бас хатшы өзінің пікірінше халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке кері әсерін тигізе алатын кез-келген сұрақты Қауіпсіздік Кеңесіне жеткізе алатын құқыққа ие [12, 506-507- б.].

БҰҰ мүшелерінің жауапкершілігі шектеулі болғандықтан БҰҰ -  әлсіз конфедерация. БҰҰ мүшелерінің ынтымақтастығы ғана оның қызметін жүзеге асыра алады. Аталған «ұйымда» жекелеген мемлекеттермен салыстырғанда өз жағдайына кепілдік бере алатын қаражат та жоқ, керек десеңіз, Жарғы міндеттері тұжырымы түсіндірмелерінің өзін оның мүшелері жүзеге асырады. Көптеген конституциялар сияқты, барлық қағидалар мен тәжірибелерді айқындап бере алмайды [11, 43- б.].

Қорытынды

Халықаралық ұйымдардың ұзақ тарихи бастауы және әрбірінің жеке дара даму  тарихы бар. Адамзаттың барлық тарихи дәуірлерінде әлемдік бәсеке, материалды байлық, территория және т.б. мүдделер үшін  әр алуан талас-тартыстар мен соғыстар туындап отырды. Түрлі елдер мен мемлекеттік-полистер белгілі бір территорияда өз үстемдігін орнатып, өзінің өсіп өркендеуі үшін күресіп келді.Олар өз кезінде өздерінің сыртқы жауларына  қарсы тойтарыс бере алмайтындықтарын түсінген кездерде агрессияға тойтарыс беру және бәсекелес саудагерлерді келтірмеу мақсатында әр түрлі одақтар құрды. Бұл одақтардың өзгешелігі, әуелде мұндай одақтар ортақ мәдениет, ортақ дін және туыстас тілдерден тұратын туыстас тайпалар мен қала-полистер арасында құрылды. Бірақ, мықты қалалардың мүдделері мен өктемдігі және ортақ қағидаларды ұстанбаулары, ақырында мұндай одақтардың құлдырауына алып келіп соқтырды. 

  Шексіз соғыстардың нәтижесінде түрлі елдер мен мемлекеттер орасан демографиялық және экономикалық шығындарға ұшырап отырды. Ақырында туындаған даулы мәселелерді әділетті жолмен шешетін ұлттан жоғары тұрған ұйым құрып, ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатудың маңыздылығы күн тәртібіне қойыла бастады.

  Әдетте кез-келген ресми түрдегі халықаралық ұйымның Жарғысында барлық мемлекеттер өзара тең екендігі белгіленеді. Бірақ шындығында, барлық мемлекеттердің саяси, әскери, экономикалық әл-ауқаты бір-бірінен ерекше болып келеді. Сондықтан кез келген бір  халықаралық ұйым шеңберіндегі даулы мәселелер көбінесе азулы елдердің пайдасына қарай шешіліп отырады. Халықаралық ұйымдарда көбінесе жағымсыз режимдерге байланысты қарастырылған, екіжақты өлшемдер қолданылады. БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың қызметтері ары қарай жалғаса береді, себебі, оның ауқымында атқарылған шаралардан барлық мемлекет тұрақты игіліктер көріп келеді.

  Соңғы 70 жыл ішінде көптеген мемлекеттердің саяси, экономикалық және әскери мүмкіндіктерінде аса зор өзгерістер туындап отыр. Сол себепті бұл мемлекеттердің бүгінгі таңда  қалыптасқан ережелерге қарсы шығуы, БҰҰбүкіл әлемдегі бейбітшілікті сақтауының әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Бұдан тыс БҰҰ алдында тұрған мәселелердің бірі  – АҚШ, Ресей және Қытайдың ұлттық мүдделері мен өктемдік танытуы болып отыр.

  Жоғарыда келтірілген дәлелдерге сәйкес БҰҰ болашақта өз қызметін одан әрі жалғастыра алады, дегенмен қарулы қақтығыстарды реттеу мәселелерінде мүлдем дәрменсіздік таныта бастайды деген болжам жасауға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер 

1.  Gerard J. Mangone. A Short History of International Organization. - New York: McGraw-Hill, 1954. – P.14

2.  Kookche kigu hanguk wegyo/ Yon Young Kwan, Seoul, 1996 855p.

3.  Shalom Kassan. Extraterritorial Jurisdiction in the Ancient World//  The American Journal of International Law. - Vol. 29. - No.2 (Apr., 1935). - P.237-247

4.  Ernst Daenell. The Policy of the German Hanseatic League Respecting the Mercantile Marine// The American Historical Review. -Vol.15. - No.1 (Oct., 1909). - P.47-53

5.  William L.Winter. Netherland Regionalism and the Decline of the Hansa// The American Historical Review. - Vol.53. - No.2 (Jan., 1948). - P.279-287

6.  J.Martin Rochester. The Rise and Fall of International Organization as Field of Study// International Organization, Vol. 40, No.4 (Autum, 1986).-P.777-813

7.  Charles A. Kupchan and Clifford A. Kupchan Concerts. Collective Security, and the Future of Europe// International Security. - Vol.16. - No.1 (Summer, 1991). - P.114-161

8.  Richard B. Elrod. The Concert of Europe: A Fresh Look at an International System// World Politics. - Vol. 28. - No. 2 (Jan., 1976). - P. 159-174.

9.  Paul Reuter. International Institutions. - New York, 1961. - P.316

10.  John H. Barton. Two Ideas of International Organization//Michigan Law review. - Vol. 82. - No.5/6, Festschrift in Honor of Eric Stein (Apr.-May, 1984). - P. 1520-1532

11.  International organizations: principles and issues / A.Leroy Bennett. - 6th ed. New Jersey, 1995.–P.515

12.  Fredric L. Kirgis, Jr. The Security Council’s first Fifty Years // The American Journal of International Law. - Vol.89. - No.3 (Jul., 1995). - P.506-539

Thomson Reuters 

1.Gerard J. Mangone. A Short History of International Organization. - New York: McGraw-Hill, 1954. – P.14

3.Shalom Kassan. Extraterritorial Jurisdiction in the Ancient World//  The American Journal of International Law. - Vol. 29. - No.2 (Apr., 1935). - P.237-247

4.Ernst Daenell. The Policy of the German Hanseatic League Respecting the Mercantile Marine// The American Historical Review. -Vol.15. - No.1 (Oct., 1909). - P.47-53

5.William L.Winter. Netherland Regionalism and the Decline of the Hansa// The American Historical Review. - Vol.53. - No.2 (Jan., 1948). - P.279-287

6.J.Martin Rochester. The Rise and Fall of International Organization as Field of Study// International Organization, Vol. 40, No.4 (Autum, 1986).-P.777-813

7.Charles A. Kupchan and Clifford A. Kupchan Concerts. Collective Security, and the Future of Europe// International Security. - Vol.16. - No.1 (Summer, 1991). - P.114-161

8.Richard B. Elrod. The Concert of Europe: A Fresh Look at an International System// World Politics. - Vol. 28. - No. 2 (Jan., 1976). - P. 159-174.

10.John H. Barton. Two Ideas of International Organization//Michigan Law review. - Vol. 82. - No.5/6, Festschrift in Honor of Eric Stein (Apr.-May, 1984). - P. 1520-1532

12.Fredric L. Kirgis, Jr. The Security Council’s first Fifty Years // The American Journal of International Law. - Vol.89. - No.3 (Jul., 1995). - P.506-539

Оспанов Н.М. 

PhD докторант 3 курса

кафедры «Дальнего Востока и Южной Азии»

Казахского национального университета им. аль-Фараби,

ИЗ ИСТОРИИ СТАНОВЛЕНИЯ МЕЖДУНАРОДНЫХ ОРГАНИЗАЦИЙ

Аннотация. В данной статье автор рассматривает  историю международных организаций начиная с древнегреческого периода, когда появляются первые элементы будущих международных организаций, как заключение договоров между политическими союзами и Дельфийского союза, созданного с целью защиты святилища общего высшего божества, по современный период. 

Начиная с XIX века политики европейских стран осознают необходимость создания международных организаций для более тесного сотрудничества государств друг с другом. Которому предшествовал длительный процесс формирования идей о создании международных организаций. Первоначально, это исходило из заключения договоров между политическими союзами в древнем мире.

Исследователи и историки международных организаций отмечают, что первые признаки их возникновения относятся к эпохе античности, когда между политическими союзами заключались договора.

Ключевые слова. международные организации, Ганзейский союз, Европейский концерт, Лига Наций, Организация Объединенных Наций.

Ospanov N. 

3rd year PhD student

Department of “Korean and Japanese Studies”

al-Farabi Kazakh National University

Almaty, Kazakhstan; osp_nurlan@mail.ru

FROM THE HISTORY OF THE DEVELOPMENT OF INTERNATIONAL ORGANIZATIONS

Abstract. In the given article the author will examine the history of international organizations since Ancient Greek time when appears the first elements of the future as a the conclusion of agreements between unions and political and Delphic Union, which was created to protect the sanctuary common supreme deity to modern period.

Since the XIX century the politicians of the European countries realize necessity of creating international organizations for closer cooperation with each other. Which was preceded by a long process of forming ideas about the creation of international organizations.  Initially, it comes from the conclusion of agreements between political alliances in the ancient world. Students and historians of international organizations point out that the first signs of its origin belong to the era of antiquity, when between political alliances were concluded treaties.

Keywords. International organizations, Hanseatic Leaque, European Concert, Leaque of Nations, United Nations Organization.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз