Басты бет » Материалдар » АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ПОЛЯКТАРДЫҢ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАУ ТАРИХЫ

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ПОЛЯКТАРДЫҢ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАУ ТАРИХЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(30), 2022

Автор:
ҒТАМР 03.20.00 
Р.А. Бекназаров*, Г.К. Кушкарова,Ж.Б. Бақтығали
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Қазақстан, Ақтөбе.
*Автор корреспондент
E-mail:r.beknazarov@gmail.com (Бекназаров), gulmira-alihan@mail.ru (Кушкарова), baktygali1999@list.ru (Бақтығали)
Аңдатпа. Мақалада Қазақстан аумағына ХХ ғасырдың 30–40 жылдары депортацияланған поляктар туралы, оның ішінде Ақтөбе облысына күштеп қоныстандырылған поляктар тарихына алғаш рет тарихи-сараптамалық талдау жасалады. Авторлар депортация және қоныстандыру процестерінің жүргізілу барысына сипаттама бере келе, Ақтөбе облысы бойынша статистикалық-салыстырмалы талдаулар жасады. ХХ ғасырдың 30 жылдары әлемдік державалар арасында қайтадан территорияға байланысты шиеленістер туындай бастайды, сол кезеңде шекаралық аймақтарда орналасқан халықтар жер аудару, күштеп қоныстандыру саясаттарының құрбаны болды. Әсіресе, Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядан неміс және поляк халықтарын жер аудару қарқынды жүргізілді. Ақтөбе облысына қоныстандырылған поляктарға жасалған іс-шаралар, еңбекпен түзету жұмыстарының іске асуы, түрлі саяси істерге белсене қатысуы мен кейін осы елдің азаматы ретінде партиялық істерге, тың игеру жұмыстарына белсене араласуы көрсетілген. Қазіргі таңда жалпы Қазақстан бойынша 50 мыңнан астам поляктар өмір сүруде.  
Түйін сөздер: депортация, Польша, поляктар, қуғын-сүргін, репрессия, қоныс аударту, жер аудару, делегатура.
Мазмұны:

Кіріспе. Кеңес үкіметінің практикасында халықтардың құқығын аяққа таптау көріністерінің дәлелдерін тарихи оқиғалардан білеміз. Сол кезеңдердің айқын мысалы ретінде ХХ ғасырдағы халықтардың депортациялануы процестерін алуға болады. Жалпы, Кеңестік кезеңде «депортация» ұғымына бір жақты түсінік берілген: латынның «deportatio – қуғындау, қылмыстық және әкімшілік жаза шарасы ретінде мемлекеттен қуғындау» процесі (Бексеитова, 2013). Сталиннің талаптарымен және оның басшылығындағы партиялық мемлекеттік жүйенің, жазалау органдарының және үгіт-насихат құралдарының басшылығымен құрылып, экономикалық және әскери істер де осы теориямен алмастырылды, нәтижесінде адамзат қоғамдастығының жаңа түрі – «кеңес халқы адамы» – homosovetikus қалыптасты (Бексеитова, 2013). Ал, билікті басқарудың сталиндік режимінде бұл оқиғалар өзінің ең үлкен дәрежесінде орындалып отырды, әрі күштеп қоныстандырудан да бөлек түрлі саяси, құқықтық қысымдар жасалды. Басшылық тарапынан келген бұйрықты «артығымен орындау» ұранға айналды, ол идеологиялық жағдайда да көрініс тапты. Қазақ КСР аумағына саяси мәселелерге байланысты түрлі халықтарды көшіру, күштеп әкелу процестері орын алды. Бас бостандығынан айыру, тұрғылықты жерден басқа аймаққа еркінен тыс көшіру, жер аудару жұмыстары, арнайы қоныстандырушыларды бөлу, еркінен тыс ауыр қара жұмысқа салу және саяси «қауіпті» деп танылған халықтарды бөлек аймақтарға көшіру сияқты әрекеттер сол жүйенің бұйрығымен орындалды. Бастапқыда депортация негізінен құқық бұзушы деп танылған адамдарға, содан кейін партиялар мен ұйымдардың мүшелеріне, содан кейін ғана бүкіл ұлттарға, ұлттық диаспораларға таралды.Құқықтық жағынан қарайтын болсақ депортациялау немесе күштеп миграциялау әрекеттері де репрессияның бір түріне жатқызылады. Оның негізгі нысаны ретінде бір адам немесе топ емес, бірнеше топтардың жиынтығы ретінде, кейде бір аймақты мекендейтін тұтас халықтар алынды, әрине олардың астарында «саяси мәселелерге кедергі келтіретін халықтар» жатты (Баймаханов, 1998:8). Халықтарды депортациялау институты соғысқа дейінгі, әскери және соғыстан кейінгі кезеңдердің заңнамалық және үкіметтік актілерінде аяқталған нысанды алды. Депортацияның жүргізілу барысы тоталитарлық режим бойынша өтті, әрі билік тарапының негізгі мақсатының бірі, оларды белгісіз аймаққа апарып, әрі қарай өмір сүріп кету шамасы төмен аймақтарға әкелу процестері еді, сәйкесінше депортацияланған халықтар басқа табиғи-климаттық, этношаруашылық, әлеуметтік-мәдени және тілдік ортаға түсіп, күйзеліске ұшырады.

Материалдар мен әдістер. Қарастырылған мәселенің негізгі деректік базасын Ақтөбе облысының мемлекеттік архивіндегі 30, 504, 1533 қор құжаттары құрайды. Ғылыми мақаламен жұмыс барысында құжаттарды талдаудың өзіндік теориялық және методикалық ұстанымдары алынды. Сондықтан зерттеу жасаудың негізі ретінде деректанулық мәселелерін дамытуды көрсететін идеялар мен ғылыми тұжырымдамалар қарастырылды. Ал методологиялық негіз ретінде халықтардың, олардың көші-қон ерекшеліктерін, этникалық өзгерістер жайындағы ақпараттарға тарихи талдау жасалынды. Зерттеу барысында тарихи анализ, объективтілік, тарихи таным принциптері мен мәтіндік талдау, деректанулық жүйелер салыстырылды. Отандық және шетелдік дереккөздерді өзара салыстырып, объективті тұрғыда жеке бағалау жасалды. Тарихи фактілердің шынайылығымен жұмыс жасау, мәліметтердің өзара байланысы, тарихи фактілердің түрлерімен жұмыс жасау әдіс-тәсілдері де пайдаланылды.

Ақтөбе облысының архивтік құжаттары арасынан 1930-1950 жылдар аралығындағы мәліметтер алынды, аталған тақырып аясындағы ғылыми мақалалар, мысалы Бексейітова А., Баймаханов М., Шотбакова Л., Нырский Ю. сияқты зерттеушілердің қазақ жеріне поляктарды депортациялау процестері жайындағы ақпараттары қарыстырылды. Тарихи құжаттар мен сол кезеңдегі келісімшарттардың негізін пайдалана отырып, тарихи талдау жасалды, депортациялау кезеңдері бойынша бөлініп, әрбір кезеңдегі орын алған оқиғалар мен процестердің ерекшеліктеріне статистикалық мәліметтер бойынша талдау жасалды.

Талқылау. Отандық тарихнамада депортациялау жайында жалпы халықтарды күштеп қоныстандыру тақырыптарына, әсіресе «Поляктарды депортациялау процестері» толыққанды зерттелмеген, тек түрлі басылым беттерінде жеке авторлардың жеке зерттеуі бойынша келтірген ақпараттары мен сол заманның куәгерлерінің сұхбаттары бар.

Зерттеу тақырыбының негізгі дерекккөздері – архив құжаттары болғандықтан тікелей деректер базасымен жұмыс жасауды талап етеді, яғни Ақтөюе жерінде орын алған депортациялау процестері кезінде сақталған қорлар арқылы қарастыру керек. Айта кетерлік жайт, архив құжаттарында тікелей қоныстандыру процесі жайында айтылмайды, халықтарды қоныстандырудың себептерін арқылы орын алған, бұл да сол замандағы саяси оқиғалармен астасып жатқандығы анық. Қорлардың мәліметтеріне сүйене отырып, қоныстанушылар толқыны басым көпшілігі соғыс жылдарында келген, оны «шекаралық аймақтан қауіпсіз жерлерге қоныстандыру» себебімен ұйымдастырған, көшіп келушілердің көпшілігі отбасымен бірге түгелдей қазақ жеріне әкелініп, әр түрлі облыстарға таратылған, тізімдерде Батыс Украина және Батыс Белоруссия шекарасындағы поляк халықтары саны өте көп болды. Аталған мәліметті Шотбакова Л.К. (Шотбакова, 2014) өз мақаласында көрсетеді, ол қазақ жеріне бас-аяғы 50 мыңнан астам қоныс аударушылар келгендігін көресетеді. Бексейітова А.Т өз мақаласында қазақ жеріне қоныстандырылған поляктар туралы жалпылама сипаттама берген, яғни белгілі бір аймақтың жай-күйі турасында емес, статисткалық ақпараттарды қамтыған (Бексеитова, 2013). Сондай-ақ түрлі саяси келісімдер аясында да халықтардың тағдыры шешілген жағдайлар болды, соның бірі қазақ жеріндегі өнеркәсіп орындарына жұмысшылар есебінде поляктар тартылғандығы туралы құжаттар жинағында берілген (Иосиф Сталин,1992:31). Күштеп қоныстандыру процестеріне қарсылық әрекеттері де орын алды, олар көтерілістер мен қарсылық қозғалыстарын ұйымдастырып, өз Отандарына қайтаруды талап етті (Этническая депортация, http://my.krskstate.ru/docs/greatwar/etnicheskaya-deportatsiya-polyakov). Кейін Польшамен арада келісім шаралары жасалған соң, кейбір жеңілдіктер жасалды, лагерьлер мен түрмелерден поляктарды босату істері, отбасылармен қайта өз мекендеріне қайтару және әлеуметтік көмектер беру істері қолға алынды, дегенмен барлығы да тек сөз жүзінде қалды. Айдарбеков З.С., Ақтаева Л.С., Джакфаров Н.Р. және т.б. депортациялау процестерін кезеңдерге бөліп қарастырады (Айдарбеков, Актаева, Джагфаров және т.б., 2014). Қоныстандырылған поляк халықтарының әлеуметтік жағдайы, олардың жергілікті қазақтармен байланыс, атқаралған құқықтық шаралары туралы және қазір қазақ жерінде қалған поляктардың жағдайы жайында Баймаханов ақпараттар келтіреді (Баймаханов, 1998). Жалпы, қазақ жеріне үш толқынды поляк халықтарын қоныстандыру пооцестері орын алғандығын көпшілік тарихшылар мойындайды, әсіресе Көкшетау, Қостанай, Алматы және Ақтөбе жерлері қоныстандыру ошағына айналды. Ақтөбе облысына күштеп әкелінген поляктары саны 60 мыңнан астам адам болған, әрі олар әрбір аудандарға тағы да шашырай қоныстандырылғандығы туралы Н. Степаненко өз мақаласында көрсетеді (Степаненко, 2018).

Зерттеу нәтижелері. Алғашқы жер аудару шаралары арқылы жазалау «жаппай ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жылдарынан» басталған болатын, бай-кулактар қатарына жатқан халық өкілдерін басқа мемлекеттер территориясына көшіру жағдайлары аз болмаған. Оны сол кезеңде «аса құпия» саналған құжаттардан біле аламыз, 1930 жылы 2 ақпанда ОГПУ №44/21 «Шаруалар класын ликвидациялау шаралары туралы» бұйрығына сәйкес, контрреволюциялық қозғалыстарға қатысы бар шаруалар тобын тез арада ликвидациялау қолға алынды. Әсіресе, белсенді топ басшыларының мал-мүлкін тәркілеп, басқа одақтас мемлекеттер территориясына жер аудару процестері орын алды. Бай-кулактарды жер аудару қазақ жерінде де жүргізілді, 1930 жылы 11 ақпанда Ақтөбе облысы бойынша Қазақ АКСР жер істері бойынша халық комиссары К.Д.Тоқтыбаевтың «құпия хаты» бойынша «біздің округіміз бойынша Шаған өзені, Ембі мен Ащысай өзендері аралығына 2000 шаруа отбасын; Шалқар өзенінен Қарақұм аймағына дейін 2000 шаруа отбасын қоныстандыру жоспарланып отыр. Барлығы 4000 отбасыны осы аудандарға орналастыру істерін ұйымдастыруға 7 күн уақыт қажет. Осы уақыт аралығында жер, тұрғын үй, азық-түлік пункттері туралы ақпарат болады» деген ақпаратты телеграмма арқылы жеткізеді (Айдарбеков, Актаева, Джагфаров және т.б., 2012: 91).

Тоталитарлық Сталиннің билігі кезінде халыққа қарсы жазалау процестерінің арасында  терроризмнің барлық үш түрі қолданылды: депортациялау, жер аудару, күштеп қоныстандыру. Бұл процестер кез-келген кеңес тұрғыны үшін оңай соққан жоқ, себебі тұтқындалғандар арасында өз қылмысын түсінбегендер де болды немесе болмашы нәрсеге бола жер аударылып кетті. «Сталин қайтыс болғаннан кейін (1953 ж.) жасалған Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КСРО МҚК) мәліметтері бойынша, 1936–1951 жылдар аралығында 3 600 000-нан астам адам ұлттық белгілері бойынша қуғын-сүргінге ұшырады», 1935–1938 жж. соның ішінде Польшамен шекаралас аумақтардан «саяси өзгермейтін элемент» ретінде қудаланды (Алдажуманов, Алдажуманов, 1997:16). Алдымен, Польшаның сол уақыттағы державалар арасындағы саяси рөліне назар аударсақ, бірінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде Польша аумағы Австрия-Венгрия, Германия мен Ресей империясы арасында бөлініп, Бірінші дүниежүзілік соғыстың Шығыс майданының көптеген операцияларының аренасына айналды. Соғыстан кейін Ресей, Германия және Австрия-Венгрия империялары ыдырағаннан кейін Польша тәуелсіз республика болды.1934 жылдың 23 қаңтарында Польша мен Германия он жыл мерзімге агрессияға қарсы, өзара шабуыл жасаспау келісіміне қол қойды. Германия алда орын алатын әскери операцияларға поляктарды пайдалану мақсатында ресми заң жүзінде қарастырылуы керек болатын. Польша өз кезегінде 3,5млн адамнан тұратын әскер жасақтай алды, енді ол Батыс Белоруссия мен Батыс Украина жеріне шабуылдай бастады. Оған жауап ретінде 1936 жылдың сәуір айында Кеңес өкіметі «сенімсіз элементтер»ретінде КСРО-ның Батыс шекаралас аудандарынан поляк, неміс және т.б. Қазақ КСР-на көшіруді бастады (Этническая депортация, 2014: http://my.krskstate.ru/docs/greatwar/etnicheskaya-deportatsiya-polyakov).

1939 жылғы 28 сәуірде Гитлер неміс мүдделеріне қайшы келетін күш қолданбау туралы поляк-неміс декларациясын мойындады. Дегенмен, екі жақты келісім жасап, 1939 жылғы 23 тамызда Германия мен Кеңес Одағы арасында агрессияға қарсы тұру туралы шартқа қол қойылды, оған қоса берілген құпия Қосымша хаттамада тараптар Шығыс Еуропада өзара мүдделердің салаларын бөлу туралы уағдаласты. Хаттамаға сәйкес Польшадағы мүдделер саласының шекарасы шамамен «Керзон сызығы»бойынша өтті (О «Пакте Молотова…», 2009). Молотов-Риббентроп пактісі – кеңестік-германдық агрессияға қарсы келісімнің үкіметтер мен мемлекеттері атынан В. Молотов пен И. Риббентроп қол қойған құпия қосымшасының атауы. Нәтижесінде 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға басып кірді. 17 қыркүйекте Қызыл армия елдің шығыс аймақтарына кіргізілді.

Сонымен, поляктарды депортациялау істері КСРО аумағында, 1936–1941 жылдары Қазақ КСР және Сібір аудандарына көрсеткен поляктарды жаппай көшірудің екі толқыны болып өтті:1936 жылдың сәуірінде және 1940–1941 жж. Бірінші толқын поляктар мен немістерді КСРО-ның шекаралас аудандарынан шығару болды. Екінші толқын Батыс Беларуссия пен Батыс Украинаның жаңадан қосылған аудандарында тұратын поляктарды қамтыды.Сталин оларды ерекше қауіпті ұлт деп санады, өйткені, жаппай жер аударылғандардың саясаты поляктардан басталды.

1936 жылы Волынядан 49000 поляк және 15000 неміс жер аударылған. Украинадан шамамен 69 293 (поляктар мен немістерді қосқанда) адамды жаппай депортациялау әрекеті жүзеге асты, кейбір авторлар болса поляктар саны 60 000 жоғары болды деп болжайды. 1947 жылғы 1 қазандағы халық есебі бойынша Қазақстанда 1936 жылы интернаттарда қоныстанған  41 772 поляк тіркелді, Көкшетау облысына (29 мыңнан астам адам) және Ақмола облысына (7700-ден астам адам) жіберілгендеген мәлімет бар (Этническая депортация, 2014: http://my.krskstate.ru/docs/greatwar/etnicheskaya-deportatsiya-polyakov).

Украинада КСР шекаралас аудандарының поляктары болды. 1936 жылғы 28 сәуірде КСРО ХКК «құпия» белгісімен №776-120 қаулы қабылдады. Онда, атап айтқанда «КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі қаулысы бойынша, Қазақ АКСР аумағындағы Қарағанды облысындағы қоныс аударуы мен қоныстарын ұйымдастырылуы, КСРО-дан қоныс аударатын поляк және неміс шаруашылықтары үшін, саны 15000 шаруашылықтан 45000 адамнан тұратын қазіргі ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің типі бойынша, олардың азаматтық құқықтармен шектелмейді және қоныстандырудың әкімшілік ауданы шегінде жүріп-тұруға құқығы бар, бірақ қоныстану орындарының аумағынан шығуға құқығы жоқ» деп жазылған. Қабылданған қаулыға сәйкес шекара аймағында құқық бұзған «сенімсіз элементтер» ретінде поляк ұлтының 35820 адамынҚазақстанның түрлі облыстарына депортациялау процестері орын алды (Спецпереселенцы, 2007: 35). Күштеп қоныстандыру саясатына іліккен халықтар1934 жылға дейін – арнайы, еріксіз қоныс аударушылар, ал 1934–1944 жылдары – шаруалар тобы ретінде еңбек қоныс аударушылары, 1944 жылдан бастап – арнайы қоныс аударушылар деп аталды. КСРО ХКК-нің 1937 жылғы 22 сәуірдегі қаулысына сәйкес олар арнайы еңбекшілерге арналған кенттерге орналастырыла бастады.

«Қазақстанға қоныс аударатын 15 мың неміс және поляк колхоздарын орналастыру барысында келесі тәртіп пен іс-шаралар белгіленген:

1.  Қоныс аударатын шаруашылықтардың 12 мыңы жұмыс істеп тұрған колхоздарда және 3 мыңы жаңадан ұйымдастырылған дербес колхоздарда ұйымдастырылсын;

2.  Оңтүстік Қазақстан облысына 7000 отбасы, Алматы облысына 3000 отбасы, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарына 2000 отбасы, Ақтөбе облысына 1000 отбасы көшірілсін;

3.  БКП(Б) Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары кеңесінен қоныс аударушылардың жұмыспен және ауыл шаруашылығы машиналарымен, белгілі бір мөлшерде мал санымен, сондай-ақ қоныс аударатын колхозшыларды жаңа өнімдердің жеткілікті мөлшерімен (егін, бау-бақша өсіру жұмыстары) қамтамасыз етілуін белгілеуді сұрау;

4.  Әрбір отбасыға тұрғын үй берілгенге дейін уақытша шатырлармен қамтамасыз ету үшін комитеттер ұйымдастыру;

5.  Одақтың қоныс аудару комитетінен Қазақстанға қоныс аударушыларды орналастыру үшін жергілікті ұйымдарға көмек ретінде білікті әкімшілік-техникалық қызметкерлерден 20-25 адамнан тұратын ерекше топтарды жіберуді сұрау» (Айдарбеков, Актаева, Джагфаров және т.б., 2014:47).

1936 жылы 19 шілдеде КСРО ХКК жанындағы кеңестік бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары З.М.Беленскийдің КСРО ХКК төрағасы В. М. Молотовқа Украинадан Қазақстанға қоныс аударушыларды жөнелтуді ұйымдастырудағы кемшіліктерді тексеру нәтижелері туралы ақпаратта қазақ жеріне Батыс Украинадан қоныстандырылған шаруа отбасыларының әлеуметтік тұрмысы іс-шаралар тәрбіне сәйкес еместігі туралы жеткізеді. Әкімшілік билік органдары тарапынан уәде етілген істердің ешқайсысы орындалып жатпағаны шындық еді, барлық істер, есептер тек қағаз жүзінде қалды, шағым, арыз, хаттарға жауап болған жоқ (Айдарбеков, Актаева, Джагфаров  және т.б., 2014: 70)

Қазақстан Кеңестер Одағының құрамында болған басқа да республикалар сияқты жазықсыз адамдардың өз мемлекеті аумағына жаппай қоныс аударуыжағдайына байланысты барлық ауыртпалықтар мен азапты кезеңдерді бастан кешірді. Бірлескен өмір мен қызмет жылдары қазақстандықтардың тоталитарлық, империялық, этнонационалистік саясаттың қандай да бір белгілерін тұрақты қабылдамауын қалыптастырды. Қоныс аудару территориясы ретінде республиканың бүкіл аумағы алынды, депортация кеңестік жүйенің көріністерінің бірі болды.КСРО жасаған саяси репрессиялау құрбаны болған халықтардың ең көп санды болғаны – поляктар және Польша мемлекетінің халықтары, сол аймақты мекендеген басқа ұлттар да болды. Қазақ жеріне күштеп депортациялау жұмыстары барысында қай халыққа болмасын оңай соққан жоқ. Қазақстанда өткен1999 жылғы халық санағы бойынша XХ–XXI ғғ. аралығында 40 мың поляк тұрғыны болған, бұл республика халқының 0,3%-ын құрады. Поляктардың көпшілігі Солтүстік Қазақстанның аймақтарына жер аударылған, атап айтқанда, Ақмола және Қостанай облыстарына. Солтүстік Қазақстан облысында поляктардың ең көп саны – 17054 адам, бұл облыс халқының 2,6% құрайды. Бұл тарихи фактілермен де сәйкес келеді, өйткені саяси қуғын-сүргін және депортация жылдары,  1930–1940 жылдар шегінде поляк азаматтарының көп бөлігі осы аймаққа көшірілді.

Депортацияланған тұтқындар арасында түрлі қарсылық процестері орын алды, мысалы аудандық комитет хатшысының 1937 жылғы мамырдағы баяндамасында «Соңғы 10 күнде жаңа кенттерде немістер мен поляктардың қоныс аударушылары арасында контрреволюциялық элемент тарапынан арандатушылық жұмыс қатты өрістеді... шабындық жерлерді өртеуді ұйымдастыру, социалистік меншікті ұрлау, жеке бақшаларды отырғызудан жалтару, қашу» осындай әрекеттермен басшылық тарапқа қарсылығын білдірді (Этническая депортация, 2014: http://my.krskstate.ru/docs/greatwar/etnicheskaya-deportatsiya-polyakov). Дегенмен, ішкі тәртіп ережелерінің қатал жағдайларына қарамастан қашу кейде жаппай орын алып та отырды. Мәселен, № 4, 9, 10, 11 кенттерден 1936 жылғы маусымнан бастап 1937 жылғы наурызға дейінгі кезеңде тұратындардың жалпы саны 2700 құрады, оның ішінде 302 адам қашуға мәжбүр болды. Орын алған оқиғалар арасында көпшілік қашып кеткен азаматтар Омбы қаласына бет алды, олардың пікірінше, осы аймақтан өз туған жерлеріне жету оңай болады деп ойласа керек.Аталған оқиғалардың орын алуын тоқтату, революцияға қарсы қауесеттердің таралуын тоқтату үшін Красноармейск аудандық партия комитеті 1937 жылы 7 мамырда «аталған ауылдардағы саяси оқиғалар туралы»қаулы қабылдады, онда «ауылдардағы орын алған саяси қарсылық»көрсетілгендеп келтіріледі (Этническая депортация, 2014: http://my.krskstate.ru/docs/greatwar/etnicheskaya-deportatsiya-polyakov). Осы қаулымен аудандық атқару комитетінің партиялық тобына «ұйымдастырушыларды анықтау және оқшаулау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоныс аударушылардың қозғалысына қатаң бақылау орнату, ауыл кеңесі мен коменданттың рұқсаты жоқ қоныс аударушыларды жұмысқа қабылдауға тыйым салу»шұғыл шаралар қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ қашу мен өрттерді ұйымдастырушыларға демонстрациялық сот процесін ұйымдастыру, материалдық жағдайдың мәселесін талқылай отырып, жалпы шаруашылық жиналыстарын өткізу міндеті қойылды (Этническая депортация, 2014: http://my.krskstate.ru/docs/greatwar/etnicheskaya-deportatsiya-polyakov).

Қазақстанға жер аударуға жоспарланған поляктар үшін депортацияның тағы бір толқыны 1939–1941 жылдары пайда болды. Бұл республикалардың кеңес режиміне қарсы барлық өкілдері 20–30-шы жылдары жұмыс істеген схема бойынша Сібірге, Орта Азияға және Қазақстанға көшірілді. 1940 жылы жер аударылғандардың көптеген құрамы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Талдықорған, Алматы және Жамбыл облыстарына жіберілді. Олар қуғын-сүргінге ұшыраған бүлікші ұйымдардың қатысушыларының, бұрынғы поляк армиясы офицерлерінің, полицейлердің, түрмеге қамалғандардың, жандармдардың, помещиктердің, фабриканттардың және бұрынғы поляк мемлекеттік аппараты шенеуніктерінің отбасы мүшелері болды (Алдажуманов, Алдажуманов, 1997:12). Олардың арасында «поляк посадниктері және босқындар»атты арнайы қоныс аударушылардың екі бөлек жаңа контингенті пайда болды. Посадниктер – бұл Польшадан қоныс аударушылар, негізінен, 1920 жылғы поляк-кеңес соғысында ерекшеленген және 20–30 жылдары алған поляк армиясының бұрынғы әскери қызметшілері. Олар жергілікті тұрғындарға қатысты белгілі бір полиция қызметін атқарды. Дегенмен, 1939 жылы Батыс Украина мен Батыс Беларусь КСРО құрамына кіргеннен кейін, поляк посадниктері «еңбек халқының ең қауіпті жаулары» деп жарияланып, отбасыларымен Қазақстанға, Оралға және Сібірге жер аударылды. Осы тұста ескерер жайт, олардың ұлттық құрамы гетерогенді болды, яғни негізгі бөлігін поляктар құрады, бірақ олардың арасында еврейлер, украиндар, белорустар, немістер және басқа ұлт өкілдері де болды. 1940 жылдың ақпанынан 1941 жылдың маусымына дейін барлығы 380 мың поляк жер аударылды, олардың көпшілігі арнайы қоныстануға түсті. 1941 жылы жер аударылған халықтарға одан да қиын болды. Сонымен қатар, Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшыраған офицерлердің 66 мыңға жуық отбасы тіркелді, олардың басым көпшілігі поляктар болды.

1939 жылы 19 мамырдағы ГУЛАГ басқарма бастығы М.В.Конрадовтың КСРО Ішкі істер комитетінің орынбасары В. В. Чернышевке Украинадан қоныс аударушыларды есепке алуды ұйымдастыру жөніндегі «аса құпия» баянхатында: «КСРО ХКК бұйрығымен, қазақ жеріне қоныстандырылған халықтар бірден паспорттарын өлкелік ұйымдарға тапсырады; қоныстанғандар орналастырылған кенттерден қашу қылмыстары орын алмас үшін комендатура ұйымдастырылуы тиіс; жеңіл қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмас үшін милициялық күштерді күшейту қажет»деген ұсыныстарын жеткізеді (Айдарбеков, Актаева, Джагфаров  және т.б., 2014: 92)

КСРО ХКК–нің 1940 жылғы 10 сәуірдегі №497-178 қаулысы бойынша Қазақстанға Украина мен Белоруссияның батыс облыстарынан 60667 (басқа деректер бойынша – 61092) поляктар көшірілді. Олар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Семей облыстарында қоныстандырылды: 36729 адам – колхоздарға, 17923 адам – совхоздарға және 8000 адам – әртүрлі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшы кенттеріне жер аударылып жіберілдi (Сталин,1992:31).

Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 ж. 12 тамызда «Аса құпия» белгісімен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП(б) ОК «қуғын-сүргінге ұшыраған поляктарды босату тәртібі туралы» Қаулысы қабылданды (Айдарбеков, Актаева, Джагфаров  және т.б., 2014: 1). Кеңес үкіметі мен Польша үкіметі арасында келісім жасалуына байланысты КСРО-ның Халық Комиссарлар Кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитеті қаулы етеді: «...түрмелерден, еңбекпен түзеу лагерлерінен, әскери тұтқындарға арналған лагерлерден, арнайы поселкелерден және поляк азаматтарын: а) бұрынғы поляк армиясының барлық әскери тұтқындары мен тұтқындалған әскери қызметшілерінен; б) түрмелерге және еңбекпен түзеу лагерлеріне әр түрлі мерзімге сотталғандар, сондай-ақ, ІІХК (НКВД) органдарының, соттар мен әскери тұтқындардың қарауындағы тергеудегі адамдар босатылсын; в) Украина мен Белоруссияның батыс облыстарының аумағынан шығарылған арнайы елді мекендерге жіберілгендер (қоршаушылар мен орманшылар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасы мүшелері және басқалар). Босатылған поляк азаматтарына шекаралас аудандарды, тыйым салынған аймақтарды, соғыс жағдайында жарияланған жерлерді және бірінші және екінші санаттағы режимдік қалаларды қоспағанда, КСРО аумағында еркін тұруға рұқсат етілсін». Көріп отырғанымыздай, поляктарға бұрынғы тұрғылықты жерлеріне оралуға рұқсат етілмеді. Сонымен қатар, бұл шешім мәні бойынша орындалған жоқ деп айтуға болады, өйткені қабылданған қаулыға қарамастан поляктарды жер аудару жалғасып, «соғыстың алғашқы айларында Қазақстанға тағы 50 мыңға жуық түрлі ұлт өкілдері қоныстандырылды» (Шотбакова, 2014).

Үкіметтің арнайы қоныс аударушыларға қатысты жүргізіп отырған саясатын нақтылай түсу үшін 1948 жылғы 26 қарашада «Немістер, поляктар, қалмақтар, ингуштар, шешендер, финдер, латыштар және басқа да берілген аудандарға қоныс аударушылар мәңгіге көшірілді» және олардың қоныс аудару аумақтарынан ІІМ органдарының рұқсатынсыз кетіп қалуы 20 жылға дейін лагерлерде ауыр еңбекпен жазаланды. 1945 жылдың 8 қаңтарында КСРО ХКК-нің «Арнайы қоныс аударылғандардың құқықтық жағдайы туралы» қаулысы шықты, онда арнайы қоныс аударушылар ресми түрде толық құқықты азаматтар ретінде анықталды. КСРО ІІМ ГУЛАГ бастығы генерал-лейтенант В.Наседкин түсіндіргендей, ендігі жерде күштеп қоныстандырылған барлық халық өкілдері «арнайы қоныс аударушылар жағдайына ауыстырылған адамдар еңбекақы мөлшеріне, тұрғын үй-коммуналдық тамақтануды, сауда мен мәдени-тұрмыстық мекемелерді қамтамасыз етуге құқылы, тек қана қоныс аудару ауданынан тыс жерлерге шығу құқығы кірмейді»деп көрсетті.

Сонымен, ХХ ғасырдың 30 жылдары, жер аударудың алғашқы жылдарында поляк ұлтына қарсы қуғын-сүргін бойынша Қазақстанға барлығы 13 600 отбасы жер аударылды: Оңтүстік Қазақстан облысына – 5 500, Алматы және Қарағанды облыстарына – 3 000, Шығыс Қазақстан облысына – 2 000, Ақтөбе облысына – 100 отбасы. Жалпы, кеңестік басқа да поляк операциялары қылмыстық істер ретінде 143 810 адамның ісі қаралды, оның ішінде 139 835 адам сотталды. Оның ішінде 111 091 адам (77,25%) ату жазасына кесілді, 28 744 адам (23%) қамауға алынды.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға жер аударылған поляктар саны 61 092 адамды құрады (Ақтөбе облысына – 5 646). Облыс бойынша олар келесідей қоныстанды: Ақтөбе ауданына – 615 адам, Мәртөк ауданына – 813, Қобда ауданына – 625, Ключевой ауданына – 947, Жұрын ауданына – 815, Темір ауданына – 875, Новороссийский ауданына – 655, Степной ауданына – 328, Родниковский ауданына – 330 (Степаненко, 2018).

Ақтөбе аймағына жер аударылған поляктардың әлеуметтік өмірге бейімделуін қалыптастыру барысында, 1941 жылы желтоқсанда облыста делегатура құрылып, онда депортацияланған поляктардың істерін Польша елшілігі қолға алды. Делегатураның есептеріне сәйкес, аймақтағы поляк депортанттарының жағдайын бағалауға болады. Келесідей мұрағаттық құжаттан үзінді: «Древская Мария Болеславовна, 1892 ж.т., полька, Варшавада, Рим-католик дінінде дүниеге келген. 1939 жылға дейін ол Львов облысының Самбор қаласында тұрды. Азаматтығы – поляк. 1940 ж.14 сәуірде Польшадан қуылды, 1941 ж. 10 шілдеде қамауға алынды, жазасын Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде өтеді. 1941 жылы 8 желтоқсанда босатылды, қазір Ақтөбе қаласында Ворошилов көшесі, 114 мекен-жайында тұрады» ақпараттар архивтерде осындай негіздерде сақталған. Делегатура поляк депортанттарын жұмысқа орналастыру мәселесімен де айналысты. Ең үлкен артель 1941 жылдан 1943 жылға дейін жұмыс істеген «Рекорд» артелі болды. Артель сыртқы киімдер мен іш киімдерді тігумен, балалар ойыншықтарын өндірумен айналысты. Төрағасы Станислав Додлица есімді поляк ұлтының азаматы болды.«Ақжар» кірпіш артелінде 25 поляк, «Утилькомбинат» артелінде де осынша адам жұмыс істеді. «Дружба» ауыл шаруашылығы артелі (Джурунда) әскери тапсырыстарды орындай отырып, пальто, етік, қолғап және етік тікті. Осы деректердегі штат кестесіне сәйкес 153 адамның 110-ы поляктар болды.Делегацияның құжаттарыныңдеректері бойынша, аудандық атқару комитеттері поляктарға жұмыс күндері нан мен басқа да өнімдерді беруді, қалыпты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуді бақылауға міндеттеді.Делегация эвакуация кезінде ата-анасынан айырылған поляк балаларына қамқорлық жасады, оларға арналған балалар үйлері Ақкемір, Алға, Шалқар, Ақтөбе қалаларында болды.

Поляктарға арналған арнайы қоныс аудару режимі тек 1956 жылы 17 қаңтарда – КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының арнайы Жарлығымен жойылды. Жарлық олардың арнайы қадағалауын жойды (комендатуралар деп аталады), бірақ поляктардың ресми түрде статусы қалпына келтірілмеді және бұрынғыдай әкімшілік органдардың бақылауында болды. Бұрынғы поляктардың «арнайы қоныстанушылары» толыққанды кеңес азаматтары болып саналғанына қарамастан, поляктардың көпшілігінде 1959 жылға дейін төлқұжаттары болған жоқ, ал кейбір аймақтарда оларға төлқұжаттар тек 1970 жылдары берілген. Өткеннің қайғылы оқиғаларын шынайы жарықтандыратын құжаттарға деген қызығушылық бүгінде күннен күнге артып келеді. Жақында халықтарды толығымен жер аудару тақырыбында көптеген көркем және тарихи-публицистикалық шығармалар жазылды. Сол оқиғалардың куәгерлерінің барлық естеліктері, осы тақырыптағы барлық үзінділер негізінен бір сарында көрсетілген: қайғы, ауыртпашылық, қорқыныш, трагедия. Алайда, халықтарды депортациялаудың толық тарихы – Сталиндік режимнің ең қорқынышты өнертабыстарының бірі әлі жазылмаған, ол адамзатқа қарсы осы қылмыстың мәніне ене алатын зерттеушілерін күтуде. Бұл варваризмнің механизмін ғана емес, оның бастауын, шығу тегін, себептері мен формаларын да ашу керек. Бұл зұлымдықтың «бір елде» неге мұндай масштабта пайда болғанын түсіндіруге, оны психология, әлеуметтану, әлеуметтік құрылым, идеологияның ерекшеліктері тұрғысынан түсіндіруге тырысқан жөн (Этапы депортации, https://studbooks.net/542544/istoriya/etapy_deportatsii_polyakov_territorii_zapadnoy_ukrainy_kazahstan).

Күштеп қоныс аудару саясатын зерттеу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві басып шығарған «Қазақстандағы поляктар тарихынан (1936–1956)» құжаттар жинағы маңызды рөл атқарады. Жинақта Қазақстандағы поляк ұлтының кеңес азаматтарының жағдайы туралы құжаттар жарияланды. Украин КСР-нен поляктарды күштеп көшіріп әкелу және республикаға орналастыру, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде поляк субъектілерін депортациялау және республикада поляк елшілігінің делегатураларын құру, поляк патриоттары одағының қызметі, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ КСР-інде поляк әскери құрамаларын құру туралы материалдар сақталған. Архивтік материалдар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және соғыстан кейінгі алғашқы жылдары поляк азаматтарының республикадағы өмірінің түрлі аспектілерін ашып көрсетеді. Жинаққа Республиканың мемлекеттік архивінде сақталатын және әлі күнге дейін ғылыми айналымға белсенді енгізілмеген 185 құжат енгізілді, оның 177-і алғаш рет жарияланды (Шотбакова, 2014). Осы уақытқа дейін жарияланған құжаттар жинақтарының ортақ кемшілігі жер аударылғанға және арнайы қоныс аударғанға дейін поляктардың діни өмірі туралы материалдардың толық болмауы, олардың жергілікті халықпен қарым-қатынасы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі болып табылады. Жарияланған жұмыстар мен архив көздерін талдау кейбір шетелдік және кеңестік (ресейлік) авторлардың депортацияланған поляктарға қатысты статистикалық мәліметтері әр түрлі екенін, оларды әрі қарай нақтылауды қажет ететінін көрсетеді (Дегитаева, 2000:330)

Алматы облысының мемлекеттік архивінің қорларында поляктарды депортациялау бойынша өз құрамы бойынша әртүрлі құжаттар бар: Украина мен Белоруссияның батыс облыстарынан жер аударылған поляк азаматтарына қосымша материалдық көмек көрсету туралы КСРО және Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулылары; КСРО-да поляк армиясы қызметшілерінің отбасыларының материалдық-тұрмыстық орналасуын жақсарту жөніндегі іс-шараларды өткізу туралы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарының директивалық нұсқаулары, поляк азаматтарының тізімі, поляк азаматтарына түскен қайырымдылық жүкті заңсыз пайдалану туралы баяндама жазбасы, поляк азаматтарын КСРО-дан Польшаға қайтару жөніндегі нұсқаулықтар сақталған.

Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде Ұлы Отан соғысы жылдары барысында шекаралық аймақтардан қоныс аударылған поляк халықтарының түрлі тізімдері берілген, онда аты-жөні, жеке мәліметтер, келу себептері, жұмыс жағдайлары мен орналасу ерекшеліктеріне де сипаттама берілген. Жалпы депортациялау барысында Ақтөбе облысы Темір ауданына қоныс аударылғандардың тізімі көрсетілген (АқОМА. 27-іс, 3-п.) «Темір ауданы бойынша польшалық азаматтар» ісінде 1941 жыл 31 қазаннан 1942 жыл 26 наурыз аралығындағы тізім көрсетілген. Аталған уақыт аралығында Екінші Дүниежүзілік соғыстың бағыты КСРО аумағына өткен кезінде қазақ жеріне қоныс аударылған халықтар көп болды. Ақтөбе облысы, Темір ауданына қоныстандырылған поляктар саны 590 жетті, көпшілігі шекаралық аймақтардан келген, отбасымен бірге қоныстандырылғандар да бар. Іс-құжат келесідей тәртіпте жасалған: қоныстанушы азамат толық аты-жөні, туған жылы және туған жері, ұлты, діні, қазақ жерінде тіркелген ауданы, аймаққа тіркелген номері, отбасылық жағдайы, тілі, отбасы мүшелерінің аты-жөні мен мекен-жайы көрсетілген. Мысалы, Кривокульска Юлия Пешровна 1904жылы Торнополь облысы Козлов ауданында дүниеге келген, поляк, католик, 1940 жылы 13 сәуірде Темір ауданына әкелінген, 1922 жылдан тұрмыста, ата-анасы қайтыс болған; Стахыра Тадэуш Игнатович 1911 жылы Станислав облысында дүниеге келген, поляк, рим католик діні, 1941 жылы 6 қазанда Темір ауданы Ақтас аулына қоныстандырылған, 1940 жылдан отбасылы, ата-анасымен бірге көшіріліп әкелінген; Пруска Ядвига Зигмирдовна 1924 жылы Скержевица облысында дүниеге келген, поляк, Рим католик дінінде, 1941 жылы 3 қазанда Темір ауданы Каганович кентіне әкелінген, тұрмыста емес, ата-анасының жағдайы белгісіз; Залевска Казимера Антоновна 1911 жылы Тлцана облысы, Хойново ауданында дүниеге келген, поляк, рим католик дінінде 1941жылы 6 қазанда Темір ауданына әкелінген, 1934 жылдан тұрмыста, ата-анасы жағдайы белгісіз. Тізімдегі азаматтардың салыстырмалы түрде алатын болсақ, көпшілігі Польша-Украин жерінен қоныс аударған, поляк ұлты азаматтары, католик дінін ұстанғандар, еркінен тыс көшірілген, барлығы дерлік Темір ауданы мен жақын селоларға қоныстандырылған, ата-аналары белгісіз жағдайда немесе Польша аумағында қалған.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде Ұлы Отан соғысы кезінде шабуылдар алаңы аймағында қалған тұрғындарды көшіру оқиғалары туралы «Әскери шабуылдарға ұшыраған аймақтардан эвакуацияланған тұрғандар тізімі» ісінде 1941 жылы 1 тамыздан қауіпті аймақтарда қалған аралас ұлт өкілдерін қазақ жеріне көшіру барысы қамтылған (АқОМА, 26-іс). Аталған іс-қағазда 1941 жылдың 1 тамызынан 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Ақтөбе облысының аудандарына көшіріп әкелінгендер тізімі берілген. Мұнда Батыс Украина және Батыс Белоруссиядан қоныстанған халықтардың алдымен аты-жөні, шифрленген номері, қай аймақтан қоныстандырылғандығы жөнінде ақпараттар берілген. Мысалы, С.Ослюк Витовский облысынан, М.Полий Фостов ауданынан, М.Яровенко Запорожье ауданынан, А.Квасинский Виницкой ауданынан, И.Прибыловский Днепропетров ауданынан, И.Либанов Прижук ауданынан қоныстандырылған. Жоғарыда аталған уақыт аралығында 381 тұрғын эвакуацияланған және Ақтөбе облысының 12 аймағына тараатыла қоныстандырылған.

Ақтөбе облысына қоныс аударушылар туралы құжаттар арасында «Ақтөбе қалалық кеңестің арнайы қоныс аударуышылар есебінде» (АқОМА, 626-іс). Ішкі Ресей мен Украина, Белоруссиядан келген түрлі ұлт өкілдері кездеседі. Іс-құжат Ақтөбе қалалық Еңбекші депутаттар кеңесінде атқарушы органдары бұйрығымен жазылған, облыстың 37 аудан-аймақтарына 1941 жыл 1 қаңтарынан 1946 жыл 1 қаңтарына дейінгі уақыт аралығындағы қоныстанған халықтарды құрайды. Қоныстанған халық арасында орыстар, украиндер, белорустар мен поляк халықтары кездеседі, басым көпшілігі белорустар мен поляктар құрайды. Тізімдеме келесідей тәртіппен орналасқан: толық аты-жөні, туған жылы, ұлты, қоныс аударылған мекен-жайы мен Қазақстандағы тіркелген аумағы, орналасқан жұмыс орны да көрсетілген. Мысалы, Чогат Антонина Константинович,  Чогат Андрей Федорович, Чотау Терений Ивановна, Рубенец Ольга Васильевна, Оранбинский Иван Дмитреевич, Усин Анна Васильевна тағы басқа да қоныс аударушылар алфавиттік тәртіп бойынша тіркелген, жалпы, барлығы 200 астам халық өкілдері бар.

Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінде архив құжаттарының істерінде кездейсоқ Польшадан депортацияланған поляктар жөнінде материалдар кездеседі. Мысалы, №718 істе – Батыс Украинадан жер аударылған поляк (Львов қ.) Нырский Юрий Алексеевтің құжаттары тіркелген. Міне осындай деректер №705, 715-істерде де кездеседі (Нырский, 1944:48).

Кеңес мемлекетін депортациялау саясаты жүзмыңдаған азаматтардың тағдырына әсер етіп, қазіргі тарихтың қорқынышты беттерінің біріне айналды. Зорлықпен қоныс аудару саясаты бірінші болып әсер етті. Тарихта әлі де болсын поляк халықтарының толық зерттелмеген өзіндік тарихы, қоныстану тағдыры, ұлттардың ары қарай өмір сүріп кету жолында жасалған жұмыстары қайта қарауды қажет етеді, әсіресе жергілікті Ақтөбе облысына қоныстандырылған поляктардың арғы тарихын қарастыру күн тәртібіндегі мәселелердің бірі, себебі тарихи фактілер жоқтың қасы, ал архив деректеріне көп уақытқа дейін қол жеткізу мүмкін болмады. 

Осылайша, Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві және Ақтөбе облысы ішкі  істер департаментінде сақталған, бұрынғы КСРО ХҚК архивінде сақталған депортацияланған поляк халықтары қатысты архив құжаттары әрі қарай зерттеуді қажет етеді.

Қорытынды. КСРО-ның жаппай саяси қуғын-сүргіннің түрлі сипаттарға ие болғаны белгілі, халықтарды көшіру, күштеп қоныстандыру процестері де аталған саясаттың айқын көрінісі. Қазақ жеріне қоныстандырылған халықтардың арасында поляктар ең көп ұлттық топтардың бірін құрады. Дәстүрлі поляк мәдениетінің тасымалдаушылары бола отырып, олар Қазақстан Республикасындағы қазіргі поляк диаспорасының негізін құрады. Әр түрлі саяси кезеңдерден өткен поляк халқы қазақ халқымен етене жақын араласып, тату қатынасқа көшіп үлгерді. Қазір Қазақстанда, статистикалық органдардың мәліметтері бойынша, 50 мыңға жуық поляктар тұрады. Кеңестік уақытта олардың саны қазіргіден әлдеқайда көп болған, шамамен 100 мыңдай күштеп жер аударуға ұшырағаннан кейін қазақ жерінің әр түрлі аймақтарына қоныстандырылды. Поляктардың ең көп қоныстанған аймақтары ретінде Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алынады. Қазақ халқымен бірге түрлі саяси кезеңдерді бастан өткізіп, өмірдің қиын сынақтарына қарамастан, поляктардың көпшілігі ұлттық дәстүрлерді сақтап, жаңа ұрпаққа ана тіліне, мәдениетіне деген сүйіспеншілігін жеткізе алды.

Мақала OR 11465470 «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Қазақстандағы жаппай қуғын-сүргін және ақтау үдерістері: бірыңғай деректер базасын құру» жобасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің қаржылық қолдауымен дайындалды.

Information about the authors:

Beknazarov Rakhym A.– Doctor of Historical Sciences, Vice-Rector for Science and Innovation, Aktobe Regional University named after K.Zhubanov, Kazakhstan, Aktobe. E-mail: r.beknazarov@gmail.com;

Kushkarova Gulmira K. – Candidate of Philological Sciences, lecturer, Aktobe Regional University named after K.Zhubanov, Kazakhstan, Aktobe. E-mail:gulmira-alihan@mail.ru;

Baktygali Zharkynai B. – master's student, Aktobe Regional University named after K.Zhubanov, Kazakhstan, Aktobe. E-mail: baktygali1999@list.ru.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Айдарбеков З.С., Актаева Л.С., Джагфаров Н.Р., Кан Г.В., Капаева А.Т., Осипов В.П., Шепель В.Н. Из истории депортаций. Казахстан 1930-1935 гг. Сборник документов. – Алматы: LEM, 2012. – 772 с. 

Айдарбеков З.С., Актаева Л.С., Джагфаров Н.Р., Кан Г.В., Капаева А.Т., Осипов В.П., Шепель В.Н. Из истории депортаций. Казахстан. 1935-1939 гг. Сборник документов. – Алматы: LEM, 2014. – 740 с. 

АқОМА (Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві). 504-қ., 2-т., 27-іс.

АқОМА 30-қ., 1-т., 626-іс.

АқОМА. 1533-қ., 1-т., 26-іс.

Алдажуманов К.С., Алдажуманов Е.К. Депортация народов –  преступление тоталитарного режима. – Алматы. Фонд «ХХ век», 1997. – 16 с.

БаймахановМ.Т. Государственно-правовые проблемы общенационального согласия реабилитации жертв политических репрессий. – Алматы: Фонд«ХХ век», 1998. – 11c.

Баймаханов М.Т. Государственно-правовые проблемы общенационального согласия реабилитации жертв политических репрессий. – Алматы: Фонд «ХХ век», 1998. – с. 13.

Бексеитова А.Т. Депортация польского населения в Казахстан: их правовой статус и положение (1936-1956 г.г.) //https://articlekz.com/article/11715

Жумашев Р.М.,ЕлеухановаС.В. Депортация поляков в Казахстан в 30-40-е годы ХХв.: анализ исторических источников // https://rep.ksu.kz/bitstream/handle/data/6417/Жумашев_Депортация_3-75

Иосиф Сталин – Лаврентию Берия: их надо депортировать. Документы, факты, комментарии. Москва.– 1992. – 330 с.

Нырский Юрий Алексеевич, 1944 г.р. // Архив ДВД Актюбинской области. Ф. 12. Оп. 1. Д. №718. – 1944. 48 с.

О «Пакте Молотова — Риббентропа» (Краткая справка)– Историко-документальный департамент МИД России (24 июля 2008). Архивировано 6 апреля 2009 года.

Сборник документов: АП РК / Отв. ред. Л.Д.Дегитаева. – Алматы: Ка­захстан, 2000. – 344 с.)

Спецпереселенцы в Карагандинской области. Сборник документов и материалов. Караганда. – 2007. – 135 с.

Степаненко Н. О депортации поляков. // https://avestnik.kz/o-deportatsii-polyakov/

Шотбакова Л.К. Из истории депортации поляков в Казахстан (первая пол. XХв.) //https://e-history.kz/media/upload/1466/2014/06/19/75ef99df96bf7ff18b433fa90103fd87.pdf

Этапы депортации поляков с территории Западной Украины в Казахстан// https://studbooks.net/542544/istoriya/etapy_deportatsii_polyakov_territorii_zapadnoy_ukrainy_kazahstan

Этническая депортация поляков. Энциклопедия Красноярского края (17 сентября 2014) //http://my.krskstate.ru/docs/greatwar/etnicheskaya-deportatsiya-polyakov/

REFERENSES:

Aidarbekov Z.S., Aktaeva L.S., Dzhagfarov N.R., Kan G.V., Kapaeva A.T., Osipov V.P., Shepel V.N. Izistoriideportatsiy.Kazakhstan. 1935–1939gg.Sbornikdokumentov[From the history of deportations. Kazakhstan. 1935–1939. Collection of documents]. – Almaty: LEM, 2014. – 740 p.[inRussian]

Aidarbekov Z.S., AktaevaL.S., DzhagfarovN.R., Kan G.V., Kapaeva A.T., Osipov V.P., Shepel V.N. Iz istorii deportatsiy. Kazakhstan 1930-1935gg. Sbornik dokumentov [From the history of deportations. Kazakhstan 1930–1935. Collection of documents]. – Almaty: LEM, 2012. – 772 p.[inRussian]

Aldajumanov K.S., Aldajumanov E.K. Deportatsiya narodov – prestupleniye totalitarnogo rezhima [The deportation of peoples is a crime of the totalitarian regime]. – Almaty. Fond «XX century», 1997. – 16 p.[inRussian]

AqOMA (Aqtobeoblysynynmemlekettikarchivi). F. 504. O. 2. D. 27

AqOMA. F. 1533.Op. 1. D. 26

AqOMA. F. 30. Op. 1. D. 626

Baimakhanov M.T. Gosudarstvenno-pravovyye problemy obshchenatsional'nogo soglasiya reabilitatsii zhertv politicheskikh repressiy [State-legal problems of national consent for the rehabilitation of victims of political repression]. – Almaty: Fоnd «XX century», 1998. – 11 p.[inRussian]

Baimakhanov M.T. Gosudarstvenno-pravovyye problemy obshchenatsional'nogo soglasiya reabilitatsii zhertv politicheskikh repressiy [State-legal problems of national consent for the rehabilitation of victims of political repression]. – Almaty: Fоnd «XX century», 1998. – 13 p.[inRussian]

Bekseitova A.T., Deportasiyapolskogonaseleniya v Kazakhstan: ihpravovoi status I polozheniye(1936–1956 г.г.)[Deportation of the Polish population to Kazakhstan: their legal status and situation(1936–1956)] //https://articlekz.com/article/11715[in Russian]

Etapydeportasiypolyakov s territoriyZapadnoiUkrainiy v Kazakhstan [Stages of deportation of Poles from the territory of Western Ukraine to Kazakhstan] https://studbooks.net/542544/istoriya/etapy_deportatsii_polyakov_territorii_zapadnoy_ukrainy_kazahstan[in Russian]

Etnicheskaya deportatsiya polyakov. Entsiklopediya Krasnoyarskogo kraya[Ethnic deportation of Poles. Encyclopedia of the Krasnoyarsk Territory]// http://my.krskstate.ru/docs/greatwar/etnicheskaya-deportatsiya-polyakov/[in Russian]

Iosif Stalin – LavrentiyuBeriya: ikhnadodeportirovat'. Dokumenty, fakty, kommentarii[Joseph Stalin –Lavrentiy Beria: they must be deported. Documents, facts, comments]. – Moskow, 1992. – 330 p.[in Russian]

Nyrsky Yu.A. Arkhiv DVD Aktyubinskoy oblasti [Archive DVD of the Aktobe region]. F. 12. Op. 1. D. No. 718. – 1944, 48s. [in Russian]

O «Pakte Molotova — Ribbentropa» (Kratkaya spravka)[About the «Molotov-Ribbentrop Pact» (Brief information)].– Historical and Documentary Department of the Russian Foreign Ministry (July 24, 2008). [in Russian]

Sbornikdokymentov [Sat. documents: AP RK] Resp. ed. L.D. Degitaeva. – Almaty: Kazakhstan, 2000. – 344 p.) [in Russian]

Shotbakova L.K. Izistoriideportasiypolyakov v Kazakhstan [From the history of the deportation of Poles to Kazakhstan] (the first half of the 20th century) // https://e-history.kz/media/upload/1466/2014/06/19/75ef99df96bf7ff18b433fa90103fd87.pdf[in Russian]

Spetspereselentsy v Karagandinskoyoblasti. Sbornikdokumentovimaterialov[Special settlers in the Karaganda region. Collection of documents and materials Karaganda]. – 2007. – 135 p.n [in Russian]

Stepanenko N. O deportasiypolyakov //https://avestnik.kz/o-deportatsii-polyakov/[in Russian]

Zhumashev R.M., Eleuhanova S.V. Deportatsiya polyakov v Kazakhstan v 30-40-ye gody KHKH v.: analiz istoricheskikh istochnikov [Deportation of Poles to Kazakhstan in the 30-40s of the XX century: analysis of historical sources]. https://rep.ksu.kz/bitstream/handle/data/6417/Жумашев_Депортация_3-75[in Russian].

МРНТИ03.20.00

ИСТОРИЯ ДЕПОРТАЦИИ ПОЛЯКОВ АКТЮБИНСКОЙ ОБЛАСТИ

Р.А. Бекназаров*, Г.К. Кушкарова,Ж.Б. Бактыгали

Актюбинский региональный университет им. К. Жубанова, Казахстан, Актобе.

*Корреспондирующий автор

E-mail:r.beknazarov@gmail.com (Бекназаров), gulmira-alihan@mail.ru (Кушкарова), baktygali1999@list.ru (Бактыгали)

Аннотация. В статье впервые дается историко-экспертный анализ о польском народе, депортированном на территорию Казахстана в 30–40е годы ХХ века, в том числе об истории насильственно переселенных в Актюбинскую область поляков. Авторами проведен статистико-сравнительный анализ по Актюбинской области с описанием хода проведения процессов депортации и расселения. В 30-е годы ХХ века между мировыми державами вновь начинает нарастать напряженность, связанная с территорией, в этот период народы, дислоцированные в пограничных зонах, становились жертвами политики депортации и насильственного переселения. Особенно интенсивно велась депортация немецких и польских народов из Западной Украины и Западной Белоруссии.Поляки, переселенные в Актюбинскую область, были задействованы в исправительно-трудовых работах, активное участие в различных политических делах, а затем, полякам, как гражданам этой страны, было разрешено активное участие в партийных делах, в освоении целины.В настоящее время в целом по Казахстану проживает более 50 тысяч поляков.

Ключевые слова: депортация, Польша, поляки, репрессия, ссылка, делегатура.

IRSTI 03.20.00

THE HISTORY OF THE DEPORTATION OF POLES OF THE AKTOBE REGION

R.A. Beknazarov*, G.K. Kushkarova, Zh.B. Baktygali

Vice-Rector for Science and Innovation, Aktobe Regional University named after K. Zhubanov, Kazakhstan, Aktobe.

*Corresponding author

E-mail:r.beknazarov@gmail.com (Beknazarov), gulmira-alihan@mail.ru (Kushkarova), baktygali1999@list.ru (Baktygali)

Annotation. The article for the first time provides a historical and expert analysis of the Poles deported to the territory of Kazakhstan in the 30-40s of the twentieth century, including the history of the Poles forcibly resettled in the Aktobe region. The authors carried out a comparative statistical analysis for the Aktobe region with a description of the course of the processes of deportation and resettlement. In the 30s of the 20th century, tensions related to the territory again began to grow between the world powers, and during this period, the peoples stationed in the border zones became victims of the policy of deportation, forced resettlement. The deportation of the German and Polish peoples from Western Ukraine and Western Belarus was carried out especially intensively. The Poles who moved to the Aktobe region had to perform corrective labor, actively participate in various political affairs, and then, as citizens of this country, actively participate in party affairs, in the development of virgin lands.

Key words: deportation, Poland, Poles, repression, exile, delegation.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 212

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Автордың мақалалары

Солтүстік Каспий аймағының түркілену процесі Бірінші дүние жүзілік соғыс тұтқындары Жетісуда Charisma and "Politics of Proximity" in the time of the Revolution and Civil War Роль военной контрразведки «Смерш» в годы Великой Отечественной войны и подвиг нашего земляка ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ Абд ар-Раззак Самаркандидің «Матла ' ас-са ' дайн ва маджма 'ал-бахрайны» шығармасы ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ МРНТИ 3.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_1_1 ОCНОВНЫЕ АCПЕКТЫ РОCCИЙCКО – КАЗАХCТАНCКОГО ВЗАИМОДЕЙCТВИЯ В ТАМОЖЕННОЙ CФЕРЕ «edu.e-history.kz электронды журналы 4(28), 2021 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журнал 3(27), 2021 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журнал 1(29), 2022 ЯЗЫКИ И КУЛЬТУРЫ ПРЕДСТАВИТЕЛЕЙ ОСНОВНЫХ ЭТНОСОВ КАЗАХСТАНА ЧЕРЕЗ ПРИЗМУ КАЗАХСТАНСКОЙ МОДЕЛИ МЕЖЭТНИЧЕСКОГО СОГЛАСИЯ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. 20-30 жж.) О ДВУХ ЭТАПАХ ИСТОРИИ БУДДИЗМА В ЮГО-ВОСТОЧНОМ КАЗАХСТАНЕ ДОМОНГОЛЬСКОГО ПЕРИОДА МОБИЛИЗАЦИЯ ЛЮДСКИХ И МАТЕРИАЛЬНЫХ РЕСУРСОВ КАЗАХСТАНА НА ОБОРОНУ СССР АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ПОЛЯКТАРДЫҢ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАУ ТАРИХЫ ОТАНДЫҚ ТАРИХШЫЛАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АСА МАҢЫЗДЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУЫ МЕН БАҒАЛАУЫ (ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША) БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕЙІНГІ САРМАТ МӘДЕНИЕТІНЕ ТӘН ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ФЕНОМЕНІ THE REPRESSIVE POLICY OF THE SOVIET GOVERNMENT TOWARDS EUROPEAN EMIGRANTS АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ ЖӘНЕ ЭТНОС ТАРИХЫНЫҢ ГЕНЕЗИСТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕШІТТЕРГЕ ҚАРСЫ САЯСАТЫ (1918-1953 жж.) «ШЕЖІРЕ-И-ТАРАКИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ АУЫЗША ТАРИХ ДӘСТҮРІ: ДЕРЕКТЕМЕЛІК ТАЛДАУ ЖӘНЕ ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ