Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_92

НЕПЛЮЕВ УЧИЛИЩЕСІНІҢ ҚАЗАҚ ТҮЛЕКТЕРІ

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_92

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(29), 2022

Тегтер: тарихи тұлғалар, кадет корпусы, ағартушы және этнограф, офицерлер, Неплюев орны оқу, дала элитасы, империялық саясат, аудармашы, патша шенеуніктері
Автор:
А.Қ. Ахмет¹ID, Ғ.А. Шотанова²*ID 
¹Х. Досмұхамедов ат. Атырау университеті, Қазақстан, Атырау.  
²Ш.Ш. Уәлиханов ат. ТжЭИ, Қазақстан, Алматы
*Автор-корреспондент 
 E-mail: axmet_begis@mail.ru (Ахмет), galia8.09@mail.ru (Шотанова)
Аңдатпа. Мақалада ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы ағартушылықтың даму сипаты патша үкіметінің қазақтардың «білім алуына» қатысты саясатының жүзеге асыру мәселесі қарастырылады. Патша үкіметінің саясатын қазақ даласында жан-жақты жүзеге асыру мақсатында қазақ ақсүйектерінің балаларын Ресей империясының мәртебелі оқу орындарында оқыту күн тәртібінде тұрды. Болашақ патша үкіметі кеңселерінде қызмет атқаратын қазақтар балаларын оқыту орындарының бірі - Орынбордағы Неплюев кадет корпусы болды. Авторлар зерттеу жұмысында Орынбор губерниясындағы алғашқы зайырлы оқу орнында қазақ жастардың кәсіби әскери қызметкер ретінде дайындығын сипаттайды. Мақалада Неплюев кадет корпусының алғашқы тәрбиеленушілері мен түлектері Ішкі Ордадағы қазақ ақсүйектерінің балалары болғандығын, олардың ішінде Қ.Шығаев, К. Қарауылов, М. Тәукин, Д. Шөкиев, К. Орманов, З. Жәңгіров, Е. Жәңгіров, М.С. Бабажанов, Ә. Сейдалин, М. Санғырықов т.б. туралы айшықталады.
Түйін сөздер: Неплюев оқу орны, офицерлер, кадет корпусы, патша шенеуніктері, дала элитасы, империялық саясат, Мемлекеттік кеңес, аудармашы, тарихи тұлғалар, ағартушы және этнограф.
Мазмұны:

Кіріспе. Ресей империясының билігі кезінде қазақ балаларының білім алуы маңызды мәселелердің бірі болды. Осыған байланысты қазақ ақсүйектерінің өкілдері патша шенеуніктерінің өкілдеріне қазақ даласында мектептер ашу туралы жиі өтініш білдірген. Бұл іске Жәнгір хан үлкен үлес қосқанын атап өту керек. Оның Бөкей ордасында алғашқы мектептердің ашылуына сіңірген еңбегі зор. Сонымен қатар, қазақ балаларын ағартудың маңыздылығы туралы сұлтан-билеуші Баймұхамед Айшуақов та айтқан. Өкінішке орай, оның өтініші ешқандай қолдау таппады және Баймұхамедтің идеясы сол кезде «игі іс үшін бос күрес» деңгейінде қалды.

Уақыт өте келе, Кіші жүздің дала элитасы өкілдерінің қазақ балаларын империяның оқу орындарына қабылдау туралы өтініштері тыңдалды. Қазақ балалары арасынан мамандарды даярлаған алғашқы оқу орындарының бірі Орынбор қаласындағы Неплюев училищесі болды. Бұл оқу орны Орынбор өлкесі үшін әскери мамандар даярлау мақсатында құрылғаны белгілі. Әрине, бұл жерде білімді негізінен Орынбор өлкесіндегі шенеуніктердің, Орынбор және Орал казактары офицерлерінің, башқұрт шенеуніктерінің балалары алды (ҚР ОМА, 4005: 35).

Г.Ф. Геккенің сипаттамасы бойынша, Неплюев әскери училищесінің салтанатты ашылуында 1825 жылы 2 қаңтарда әскери және азаматтық губернаторлардан, православие және мұсылман дінбасыларының өкілдерінен, шенеуніктерден басқа, «Кіші Қырғыз Ордасының жоғары дәрежелі ханы Ширгази Айчуваковтың» болуы ерекше атап өтілді.

Материалдар мен әдістер. Қарастырылып отырған мәселенің деректік базасын Қазақстан Республикасы мемлекеттік архивіндегі 4-қор құжаттары (Орынбор қазақтарының областық басқарcы) құрайды.

Зерттеу, ең алдымен, историзм және объективтілік қағидаттарына, сонымен қатар ретроспективті талдауына негізделген. Бұл қағидаттар қазақ балаларын кадет корпустарында белсенді оқытудан кейін далада болған әлеуметтік-саяси өзгерістерді ашуға мүмкіндік береді.

Ретроспективті талдау Неплюев оқу орынында ұйымдастыру процесіның кейбір ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Онын ішінде, әскери-кәсіби даярлыққа, бірлікті, адамгершілік тәрбиені қамтамасыз етуге, сондай-ақ болашақ әскери шенеуніктердің орындарында сыртқы және ішкі басқару қағидаттарына сүйену негізгі мәселе болып табылады.

Талқылау. Әскери Неплюев училищесінің оқушыларының қызметі «Северная пчела», «Астраханские ведомости», «Русский инвалид» мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген. Сондай-ақ, елге белгілі тарихи тұлғалардың қызметі Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының этнографиялық жинағында жарияланды. Неплюев оқу орнының түлектері туралы Н.А. Небольсин, Л.Ф. Балюзек, К.П. Кауфман сияқты революцияға дейінгі зерттеушілерінің қолжазбалары мен мақалалары сақталған.

1825 жылғы 15 қыркүйек күнгі «Русский инвалид» газетінде училищенің салтанатты түрде ашылғаны жөніндегі мақала жарияланған. Бір қызығы училищенің салтанатты түрде ашылуына Кіші орда ханы Шерғазы хан бір топ игі жақсыларымен бірге қатынасқан. Ол жөнінде баспа сөз бетінде, былай деп жазылған: «Түнгі сағат 11 училищеге арнайы бөлінген үйге ұлы мәртебелі тақсыр, Орынбор әскери генерал-губернаторы, инфантерия генералы Эссен, жоғары мәртебелі Кіші орда ханы Шерғазы Айшуақов, Орынбор азаматтық губернаторы Г.В. Нелидов, сонымен қатар генералдар, азаматтық және әскери шенеуініктер, қаланың құрметті тұрғындары және бірталай азиат өкілдері қатынасты. Залда училище түлектері сап түзеп тұр. Олардың алтауы әскери училищенің көк түсті казак киімін, ал жақын маңда Ішкі ордадан келген үш қырғыз (қазақ - А.А.) өз киімдерін киген. Алдыңғы алтауына қазынаның киімі әскери губернаторы тарапынан қарастырылған.

Келесі бір бөлмеде жоғары мәртебелі Шерғазы хан Айшуақов, шараға қатысушылар мен тәрбиеленушілердің қатынасуымен қаланың ахуны мұсылмандық жолмен құдайға құлшылық етті. Құран оқылып болған соң татар тілінің мұғалімі Абсалямов жиылған жұртшылық алдында татар тілінде сөз сөйлеп, Ұлы мәртебелі тақсыр, императорға өзіне қарасты әртүрлі дін жолын ұстанатын, түрлі тілде сөйлейтін өлкедегі халыққа білім беруге ерекше назар аударғанына аса ризашылығын білдірді». Газет мақаласында аталатын алғашқы шәкірттер Карл Адольф Вернеке, Михаил Дыньков, Мартиниан Иванов, Салихджан Кукляшев, Александр Юрасов, Лев Плотников, Көпболсын Қарауылов, Әміржан Хұсайынов (Жәңгір ханның балдызы), Құшаққали Шығаев. Бұл мәліметті орынборлық ғалым тарихшылар В.Г. Семёнов және В.П. Семёнова архив деректері бойынша түзген (Семёнов, Семёнова, 2017: 510).

Кейін оқу барысында тұңғыш училище директоры инженер-полковник Г.Ф. Генс Жәңгірге жолдаған үшбу хаты арқылы қазақ сахарасынан білім алуға келген балалар туралы «ордадан келген балалардың оқуға алғыр, тәрбиелі екенін, олардың арасындағы ең үздігі Көпболсын Қарауылов. Ол өзгелерден озық, өте зейінді, сабырлы да кішпейіл» деп ханның назарына береді.

Сондай-ақ, жоғары да аталып өткен В.Г. Семёнов пен В.П. Семёнованың кітабындағы архив деректері бойынша 1916 жылғы кадет корпусында оқып жатқандар туралы тізімде Мұса Сейдалин жиырмасыншы болып тіркелген (Семенов, 2010: 510) ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қ. Қойгелдиев былай деп жазған болатын: «1921 жылы Алаш зиялылары Бұхарадағы А.З. Валидовтан кездесуге шақыру хатын алады. Ташкенттегі М. Дулатұлы мен Х. Досмұхамедұлы жауап ретінде Бұхараға Ғ. Бірімжановты аттандырады. Осы іссапары жөнінде ол мынадай көрсету береді: «Валидовқа мені іс-сапарға онымен байланыс орнату үшін жіберді. Менімен бірге Мұса Сейдалин аттанды. Бұл 1919 жылдың басы еді. Мен Валидовпен таныс емес едім, жақыннан Орынборда Ақпан революциясы тұсында көргенім бар. Бұл кезде оның Дутовпен қатынасы күрделі еді». А.З. Валидов: «Біз Бұхараға Алашорда өкілдерін және түрікмен зиялыларын шақырды. Ақпанда түрікмен адвокаты Қақаджан Бердиев, Алашорданың өкілдері ретінде Хайретдин Болғамбаев, Мұхтар Әуезов, Дінше және тағы екі кісі келді». Аттары аталмаған екі кісі Ғ. Бірімжанов пен М. Сейдалин болса керек (Қойгелдиев, 2016). Біздіңше, Ғ. Бірімжанов бірге кездесуге еріп барған, кадет корпусын бітірген Мұса Сейдалин болуы керек.

Жалпы, Неплюев кадет корпусы Орынбор туралы революцияға дейінгі барлық шығармаларда айтылған. К.А. Белавиннің, Ф.И. Лобысевичтың, П.Д. Райскийдің, В.И. Черемшанскийдың еңбектерінде айтылған. Оның тарихының әртүрлі сәттері А.В Васильевтің, П.В. Митуричаның, С.Н. Севастьянованың еңбектерінде көрініс тапты. Қазіргі уақытта Неплюев кадет корпусы Орынбор өлкесіндегі халықтық білім беру тарихын зерттейтін зерттеушілердің назарын аударады, көптеген газеттік және журналдық жарияланымдарда қазақ оқушылары жайлы деректер кездеседі.

Сонымен қатар, бұл проблеманың қазіргі заманғы тарихнамасы негізінен отандық тарих ғалымдарының еңбектері жарық көрген. Олардың ішінде Г.С. Сұлтанғалиева, А.А. Айтмұхамбетов, Т.Т. Далаеваның, Б.Т. Жанаевтың зерттеулері бар. Онда олар патшалықтың отарлық саясатының себептері, мәні мен салдарларына талдау жүргізеді, оның нәтижелерінің бірі жаңа әлеуметтік топ – қазақ офицерлерін қалыптастыру болып табылады.

Зерттеу нәтижелері. Орынбор қаласындағы Неплюев әскери училищесі уақытында Ресей империясының шеткері аймағы Орынбор өлкесі үшін әскери мамандар даярлау мақсатында ашылған оқу орны. «Бұратана» саналатын қазақ балалары оқи алатын алғашқы оқу орны осы – Неплюев әскери училищесі болып табылған.

1825-1866 жылға дейін оқу орнын 35 қазақ баласы бітірген. Өз кезегінде әр жылдары бұл әскери-оқу орнының атауы мен статусы әскери училище (1825), кадет корпусы (1844), әскери гимназия (1866), Орынбор Неплюев кадет корпусы (1882) болып өзгеріп отырды. Жалпы, айтакетер болсақ, 1825 жылдан 1920 жылға дейінгі аралықта оқу орнын 2 мыңнан астам түлектер бітіріп шықты.

Кадет корпусына өзіндік қабылдау ережесі бекітілді. Мысалы 1862-1864 жылдары кадет корпусының директоры П.Л. Энгельке, кластар инспекторы, полковник Митурич, 1-ші эскадрон командирі штабс-капитан Федоров, 2-ші эскадрон командирі, штабс-капитан Заливкин, іс басқарушысы Деменев қол қойған ережеге назар аударсақ: «Бірінші класқа яғни дайындық класына оқу жылы басталатын 15 тамызға дейін 10-12 жасқа толған балалар қабылданды. Осыған орай шілде-тамыз айларында ата-аналар тарапынан оқуға қабылдау жөнінде арыз жазылып, тууы туралы метрика мен дәрігерлік анықтама қоса тапсырылды. Оқуға қабылданған оқушылар француз және татар тілінің бірін таңдап, екіге бөлініп оқытылды. Оқу үлгерімі 12 балдық жүйе бойынша жүргізілді. 12 балл – өте жақсы, 11-10 балл – тым жақсы, 9-8 балл – жақсы, 7-6 балл – қанағаттанарлық, 5-4 балл – орташа, 3-2 балл – нашар, 1- 0 балл – сәтсіз (үлгермеуші). Оқушылардың білімі төрт ай сайын бағаланып отырды. Оқу ақысын ата-аналары, туған-туысқандары, қамқоршылары жылына қаңтар-ақпан және шілде-тамыз айларында 10 рубь қаражат төлеуге тиіс болды» (ҚР ОМА, 4005: 35). Сонымен қатар, «оқу қаражаты төленбеген жағдайда оқудан шығарылды. Сабақ уақыты міндетті түрде таңертеңгілік 09.00. - сағат және түстен кейін сағат 16.00.-20.00. сағат аралығы. Сабаққа келмей қалу жағдайы тек аурулы себепті, ата-аналарының өмірден өтуі, күннің қатты боранды болуы ережеде қарастырылған. Класс инспекторы балалардың оқуы мен тәртібін қадағалады» (ҚР ОМА, 4005: 36).

Оқу орны 1844 жылы Орынбор Неплюев кадет корпусы болып қайта құрылып, бұрынғы «европалық» және «азиялық» деген атауға ие екі бөлім 1-ші, 2-ші эскадрон болып аталатын болды. Бұл оқу орны негізінен Азия халықтарын отарлауға қажетті мамандар даярлау мақсатын көздегені белгілі. Алғашында арнайы жабық оқу орны болғандықтан, қазақ балалары оқуға қабылданбады. Патшалы Ресейдің Қазақстан мен Азия елдерін отарлау саясатын жүргізу мақсатында кадет корпусында европалық және азиялық екі эскадронның біріне, яғни азиялық эскадрондағы 30 орынға қазақ ақсүйектері мен старшындарының балаларын қабылдауға рұқсат берілді. Ал 1868 жылы патша үкіметі мұндай оқу орнында қазақ балаларын оқыту қауіпті деп есептеп, қазақ балаларына бөлінген 30 шәкіртақыны жойды. Осыған байланысты қазақтар ерікті түрде өз қаражатымен оқитын болды. Бұдан кейін корпуста қазақ балаларының саны күрт азайып бірен-саран ірі байлардың балалары ғана бітіріп шықты. Оқу орнында өз заманының атақты тұлғалары дәрістер оқыды - шығыстанушы П.И. Демезон, әдебиет сыншысы, орыс тілінің маманы, ақын А.А. Григорьев, аудармашы, педагог С.Б. Кукляшев, жазушы Н.И. Успенский, филолог Н.В. Шляков, әскери аудармашы, шығыс тілінің маманы М.М. Бекчурин, математиктер М.Г. Попруженко, И.П. Долбня, Б.Б. Пиотровский, т.б.

Жәңгір мектебінде тәрбиеленген М-С. Бабажанов Орынбор кадет корпусына оқуға  аттанған сапарын «Қазақтың қазақ туралы жазбалары» атты еңбегінде «Біздер Жәңгір мектебінде тәрбиеленген едік, сол кездерде де, қазір де ол кадет корпусына даярлайтын орын деп есептеледі. Бір күні кешке таман біздерді ханға алып келіп, сарай ішіне орналастырып, хан сендерден корпусқа оқуға түсуге ықыластысыңдар ма деп сұрайды деп ескертті. Біздердің балалық жасымызға лайықтап даярлаған, ханның бізге берер қонақасы әзірленген екен. Ол біздерді өте ақжарқын отырып қабылдады және оқуға бару ықылыласымызды сұрап білді. Біздер бірімізден соң біріміз өзімізді таныстырып, ықыласты және дайын екенімізді білдірдік. Бұл 1845 жылдың басындағы қыс еді. Ол кезде менің жасым 11-де болса да, біздерді Орынборға шығарып салғандары әлі есімде», - деп еске алады (Бабажанов, 1993: 26-27).Ал сол жылдың жазында Орынбор қаласына оқуға баратын балаларды Жәңгір хан мен әке-шешелері алыс жолға шығарып салады. Неплюев кадет корпусына оқуға баратындар тізімінде Мұхамед-Салық Бабажанов, Мұхамеджан (Мақаш) Бекмұхаметов, Исмайыл Жәңгіров, Мырзағали Саңғырықов (Ақболатов), Арыслангерей Бөкейханов, Сейітхан Жантөрин, Сұлтан Шалабаев, Жүсіп Ниязов, Зұлхарнай Нұралыханов, Мұхамедкерім Наурызбаев бар еді.

Сонымен Неплюев кадет корпусында оқығандар Құшаққали Шығаев (1831), Көпболсын Қарауылов (1831), Мұқанбетқали Тәукин (1831), Досмұхамед Шөкиев (1841), Күсепқали Орманов, Зұлқарнай Жәңгіров, Ескендір Жәңгіров, Ахметкерей Жәңгіров (1850), Мұхамед-Салық Бабажанов (1851), Мұхаметжан Бекмұхаметов (1851), Мырзағали Саңғырықов (Ақболатов) (1851), Әділ Бөкейханов (1851), Арсылангерей Меңгелігиреев (Бөкейханов), Курлиханов(1851), Зұлқарнай Нұралыханов (1851). оқуын аяқтай алмай көз жұмған), Сұлтан Шалабаев (1851), Жәңгір Айшуақов (1855), Қуанышқали Орманов (1855), Сейітхан Жантөрин (1855), Әлмұхамет Сейдалин (1855), Тілеумахамбет Сейдалин (1855 ж.), 2-ші Жәнібеков (1857 ж.), Мұхаметқали Табылдин (1859), 1-ші Шмоев (1859), 2-ші Шмоев (1859), Хұсайын Үмбетов (1861), Шарафидин Құшаққалиев (1864), Сейіт Бабажанов (1865), Айшауқав (1865), Жүсіп Шомбалов, Жиһаншах Сейдалин, Мұхаметкәрім Жұлқұтов, Шәңгерей Тәукин, Мұса Сейдалин (1916). Ал Исмайыл Жәңгіров (1834) 1845 жылы Неплюев кадет корпусына түсіп, оқып жүрген кезіңде, Орынбор қаласында 16 жасында қайтыс болды.Ал Мұхамед Бажақов аурулығына байланысты оқуын аяқтай алмаған. Мұхамедкерім Наурызбаев денсаулығына байланысты 1849 жылы оқуын аяқтай алмай, шығып кетеді. Алайда Уақытша кеңес 1853 жылы оның ынталы қызметімен әрдайым старшындық жұмыста ерекшеленгенін ескеріп шекаралық комиссиядан оған құрдастарымен тең дәрежедегі зауряд-хорунжий шенімен марапаттауын сұрады. Уақытша кеңестің сұранысын ескеріп Орынбор шекаралық комиссиясы М. Наурызбаевтың жақсы қызметін бағалап, белгіленген әскери шенмен марапаттайды (ҚР ОМА, 5662: 1-2). Архив қорында 1864 жылы кадет корпусында оқыған Мұхамет Шулдаев, Жүсіп Ғалиев, Ысқақ Шыңғысов, Рахым Ертиляевтың оқу үлгерімі туралы мәліметтер сақталған (ҚР ОМА, 4005: 83-84, 87-89, 92, 96, 106). 1864 жылдың тамыз-қыркүйек аралығындағы Мұхамет Шулдаевтың пәндер бойынша сабақ үлгерімі құдай заңы – 7, орыс тілі – 9, татар тілі – 10, арифметика – 9, бейнелеу – 5, көркем жазу –7 балл алған, мінез құлқы 12 балмен бағаланған болса, мінез-құлқы – 4 балл (орташа),  Жүсіп Ғалиевтың қараша-желтоқсан айындағы сабақ үлгерімі құдай заңы – 10, орыс тілі – 8, татар тілі – 10, арифметика – 6, бейнелеу – 5, көркем жазу –7 балл, география – 9 балл, мінез құлқы – 4 балмен есептелген. Ауруына байланысты 20 сабақта болмаған. Ысқақ Шыңғысов құдай заңынан – 9, орыс тілінен – 7, татар тілінен – 8, арифметикадан – 1, бейнелеуден – 5, көркем жазудан – 8 балл, географиядан – 6 балл алса, мінез құлқы – 5 балмен бағаланған. 2-ші бөлімнің дайындық класында оқитын Рахым Ертиляевтың 1865 жылдың қаңтар айындағы оқу үлгерім көрсеткішіне назар аударсақ, құдай заңы – 6, орыс тілі – 6, татар тілі – 6, арифметика – 4, бейнелеу – 4, көркем жазу – балмен бағаланған (ҚР ОМА, 4005: 83, 87, 89, 144).

ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін зерттеу кадет корпусын бітіргендердің де назарынан тыс қалмады. Мысалы егіншілік пен соған байланысты мәселелерді бейнелейтін осы және басқа факторларды Т. Сейдалин өзінің мақаласында ашып көрсетті (Сейдалин, 1870). М-С. Бабажанов қазақтардың этнографиясы жөнінде елеулі зерттеу жүргізді (Бабаджанов, 1860; 1861; 1864; 1865; 1868; 1870; 1871).

Орынборда Орыс географиялық қоғамының бөлімі және Торғай статистика комитеті ашылды. Онда М-С. Бабажанов, М. Тәукин, Т. Сейдалин, М. Бекмұхаметов, Ә. Сейдалиннің этнографиялық еңбектерін өлкетану қоғамдары жоғары бағалады. Өз кезегінде М-С. Бабажанов, Т. Сейдалин, Ә. Сейдалин, С. Жантөрин сияқты зерттеушілер өз қызметімен және мақалаларымен қазақтар арасында ғылым мен қоғамдық ой-пікірдің дамуына жәрдемдесті. Олар ғылыми қоғамдардың жұмысына түрліше қатысты, алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің идеяларын өзінше қабылдады және ХІХ ғасырдың 50-90 жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне араласты.

Сонымен Орынбор кадет корпусын бітірген, қазақ елі тарихында өзіндік орындары бар тарихи тұлғалар ғұмырнамасына назар аударсақ, Мұхаметқали Тәукин (1813-1894) – Кіші жүздің Батыс бөлігінің басқарушысы, сұлтан, ғалым-этнограф. Айшуақ ханның немересі. Кадет корпусын толық бітірместен, 1831 жылы 25 қарашада Кіші жүздің Батыс бөлігінің басшысының қарамағына әкімшілік жұмысқа жіберіледі. Жас сұлтанның әкімшілік қызмет сатысына тез көтерілгендігін архив құжаттары нақтылай түседі. Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісті басуға қатынасып, 1836 жылдың 8 ақпан күні зауряд-сотник шенін алды. Ал 1837 жылы 2 маусым күні ел ішінде түтін салығын жинаудағы ерекше еңбегі бағаланып, хоружий шенін иеленеді. 1840 жылдың 28 қазанында Хиуа экспедициясына қатынасып, сотник шеніне жоғарлатылды. 1842 жылы Бұхараға орыс миссиясын алып жүрудегі қызметіүшін мойынға тағып жүретін Анна лентасындағы алтын медалға ие болды. 1844 жылдың 11 сәуірінде  сұлтан Кенесары Қасымовтың ізіне түскен әскери отрядтың құрамында болып, есаул шеніне көтерілді. Үкімет тарапынан 1845 жылдың 17 қаңтар күні Кіші жүздің Батыс бөлігінің басқарушы-сұлтанының көмекшісі болып тағайындалды. 1846 жылдың желтоқсаны мен 1847 жылдың наурыз аралығында сұлтан Баймұхамед Айшуақов басқарған Кіші жүз қазақтарының бір топ өкілдері Санкт-Петербургте болып қайтты. Сол топтың құрамында есаул М. Тәукинде болды, іс-сапар барысында І Николай патшаның қабылдауында болып, әскери старшина шенімен марапатталды. 1847 жылдың 12 сәуірінде Кіші жүздің Батыс бөлігінің басқарушы-сұлтаны болып тағайындалып, бұл қызметті 1865 жылға дейін атқарады. М.Тәукин патша үкіметіне адал берілген сұлтандардың бірі. Ол туралы Орынбор шекаралық комиссиясының ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі Лазаревский берген мінездемеде: «Мұхаметқали Тәукин, әскери старшина, сұлтан, Орданың Батыс билігін басқарады. 37 жаста. Бай. Өте ақылды, қабілетті, қайырымды да мейірімді, бірақ сенгіш және батылсыздау. Қонақжайлық – қазақтардың ізгілікті салты болса, ал Тәукин аса қонақжай. Ол мейірімді мінезімен ордадағы сыйлы сұлтандардың бірі, қазақтардың мұң-мұқтажына ерекше көңіл бөледі. Үкіметке ерекше берілген, мен білетін сұлтан, басшылық тарапынан тапсырылған әртүрлі тапсырмаларды бұлжытпай орындауға әрдайым дайын және оны қанағаттанарлық жетістіктермен орындайды», - делінеді. 1853 жылы М. Тәукинке подполковник шені берілді, 1857 жылдың наурыз айында ІІІ дәрежелі Әулие Анна орденімен марапатталды. 1860 жылы екінші рет Санкт-Петербург және Москваға Кіші жүз депутациясымен барды. Бұл депутация құрамында сұлтандар М. Тәукин, М-С. Бабажанов Ғ. Арасланов, С. Жантөрин, А. Байғалин, Е. Қасымов, Ә. Мұнайтасов, Б. Шымгелов, хорунжий Тілепов, С. Бекшорин болды. Депутация Эрмитажда, Минералогия және зоология музейінде, көпшілік кітапханада, Ботаникалық бақта, шыны және құю заводтарында, Монетный сарайда, театрларда, сонымен бірге Кронштад, Петергоф, Павловск қалаларында болды. Осы іс-сапар барысында ол Ш. Уәлиханов, П.И. Небольсин, Л.Н. Плотников сынды шығыстанушылармен танысып, Императорлық ерікті экономикалық қоғамға мүше болып қабылданды. 1861 жылы Санкт-Петербургта шығатын «Экономические записки» журналына «Записки о хозяйстве ордынцев» атты қазақтардың шаруашылығы туралы мақаласын жариялады.

1865 жылдың 28 қазанында М. Тәукин Орынбор генерал-губернаторы шешімімен шақыртып алынып, полковник шенінде отставкаға жіберілді. 1868 жылы патша өкіметі қабылдаған «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарындағы далалық облыстарды басқару туралы уақытша ережеге» наразылық танытқаны үшін 1870 жылы Архангельскіге жер аударды, одан 1874 жылы елге оралды.

Мұханбетқали Тәукин алғашқы қазақтың ағартушы және этнограф шенеунігі өкілдерінің бірі. 1847 жылы Орынборда оның «Орданың Батыс бөлігі сұлтандары мен қожаларының шежіресі» атты еңбегі жарық көрді. Ол Орыс географиялық қоғамы және Қазан қаласындағы Ежелгі және этнография музейімен байланыста болды. М. Тәукин 1894 жылы сексеннен асқан шағында дүниеден өтті.

Мұхаммед-Салық Қарауылқожаұлы(толық аты-жөні Хожа Мұхаммед-Салық) Бабажанов 1835 ж. (кейбір деректерде 1830, 1831, 1832, 1834) Ішкі Бөкей ордасында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы) дүниеге келген. Ал кейбір деректерде С. Бабажановтың туған жері Атырау облысы, Исатай ауданының аумағындағы әкесі Қарауылқожаның қоныстанған мекені Забурыннан Нарынға қарай 10 шақырым жердегі Қарауыл төбе делінеді (Батыс Қазақстан, 2002: 22). Салық бастауыш білімді өз ауылында алады, 1841-1845 жылдары Хан ордасындағы орыс-қазақ мектебін бітірген соң Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға береді. Салық Қарауылқожаұлы кадет корпусының Азиялық бөліміне қабылданады. Бұл бөлімде патша үкіметінің әкімшілік орындары мен әскери мекемелерде жұмыс істейтін тілмаштарды дайындайтын. Аталған оқу орнында оқыған жылдары М-С. Бабажанов Орынбор қаласындағы кітапханалардан сирек кездесетін кітаптарды алып оқыды. Ол сол тұста Орынбор шекара комиссиясының төрағасы В.В. Григорьевтің еңбектеріміен жақсы таныс болды. Кадет корпусының бекітілген оқу бағдарламасынан тыс тарих, археология, этнографияға қатысты  кітаптарды көп оқыды. Жас Салықты туған өлкесі Еділ мен Жайық өзендерінің бойларын мекендеген елдердің тарихы мен тағдыры қызықтырды.Орыс тарихшылары Н.М. Карамзин, М.В. Щербаков, И.И. Голиков, Ф.И. Миллердің шығармаларымен де таныс болды. М-С. Бабажанов сонымен бірге сол кездегі Орыс географиялық және археологиялық  жазбаларын, Санкт-Петербург, Орынборда жарық көріп тұрған мерзімді баспасөздерді, газет-журналдарды оқып отырды. 1851 жылдың қазан айында М-С. Бабажанов Орынбор кадет корпусын ойдағыдай аяқтады. Оған хорунжий әскери атағы берілді. 1852 жылдың 11 қаңтар күні хорунжий М-С. Бабажанов Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор М.В. Ладыженскийге жазған қатынас қағазында Ішкі қырғыз (қазақ) ордасын басқаратын Уақытша басқару кеңеске қызметке алу туралы өтінішін білдіреді. Орынбор шекара комиссиясының басшылары тарапынан оқуын үздік бітірген талапты жас офицер М-С. Бабажановты өз қарамағындағы қызметке қалдырылды. Ішкі Орда істерін Уақытша басқару кеңесінің стат-кеңесшісі Ващенконың 1852 жылдың 23 ақпанда М-С. Бабажанов туралы берген мәліметі бойынша «білімді жас, ордалықтар арасында беделі жоғары, әділдігіне келетін болсақ, Ордаға келіп қызметке тұрса, ол бірден депутат лауазымын алуға лайықты», - деп оң пікір білдіреді.

1853 жылы жан-жақты білімді жасты көре алмаған қызметтес Орынбор казак-орыстарының офицерлері оған жала жауып, қызметінен босаттырады. Орынбордағы жұмысынан босаған оны қудалады, кейін Бөкей ордасына жер аударады. Орынбордағы қызметінен еш себепсіз алыстатылған болашақ этнограф-ғалым еш мұқалмады. Керісінше алыс жатқан туған өлкесінің саф табиғатына, тұрмыс-тіршілігіне деген ерекше құштарлығы артты. Бұл жерде ол түрліше кеңсе қызметтерін атқарды. Патша үкіметі органдары оның соңына Алексеев есімді подхорунжийді тыңшы етіп салып қояды. Бірақ екеуі кейін жақын дос болып кетеді. М-С. Бабажановтың Хан ордасында отырып жазған мақалаларын ол Астраханда шығатын «Волга» газетіне апарып бастырады. Сөйтіп М-С. Бабажановтың біраз мақаласы оның қолынсыз жарияланып, жарық көрді. Кейінгі жылдары Орынбардағы өкімет орындары М-С.Бабажановқа қайта сенім көрсете бастады. 1854 жылы Ішкі қазақ Ордасын басқаратын Уақытша Кеңес ұйғаруымен ол Теңіз жағалық қазақтары депутаттығына тағайындалды. Оған сотник атағы беріліп, 1855-1861 жылдары Ішкі Орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңестің кеңесшісі қызметін атқарды. Ол осы қызметінде жүргенде көп жерлерді аралайды. Соның нәтижесінде ел өмірі, халықтың тыныс-тіршілігімен жақын танысады. Бөкей ордасына Санкт-Петербург пен Орынбордан ғалымдар да келіп тұратын. Олар Бөкей ордасы туралы мақалалар жазарда көзі ашық, сауатты әрі жергілікті халықтың тілін, тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрыптарын, салтын жақсы білетін этнограф М-С. Бабажановтан көп нәрсені сұрап алады, материал жинап қоюды тапсыратын.

Ішкі Орда қазақтарында 1855 жылы әртүрлі жалған өсек өршіп, толқу пайда болды. Бұл ушыға берсе, ашық көтеріліске ұласуы мүмкін деген қауіп туындап Орынбор және Самара генерал-губернаторы ескертіп, «Ішкі Ордадағы толқуларға қатысқаны үшін» Мұхамедсалықтың ағалары Мұхамеджан мен Мұстафа Бабажановтарды тұтқынға алады. Оларды тергеп-тексергеннен кейін, «Ішкі Орда қазақтары арасында зиянды өсек таратқандықтан» әкімшілік шара қолданып, Батыс Орал ордасына жер аударды. Олардың соңдарынан жанұялары да бірге көшеді (ҚР ОМА, 5934: 1). Бұл оқиға байланысты Астрахан қаласында «қасақана қоздырушы» деген күдікпен ағаларымен бірге Салықта қамауға алынады. Оған жүргізілген тексеру кезінде бұл күдік дәлелденбеді. Тұтқындау барысында қоптеген қағаздар алынып, оларды тексеру барысында «үкімет алдында ешқандай да ой мен қимылдың оғаштығы табылмаған» екен. Ішкі Орданың Уақытша Кеңес төрағасы полковник К.И. Герн генерал-губернатор В.А. Перовскийдің рұқсатымен М-С. Бабажановты босатып, Хан ордасына шақырып, оны кеңесшілікке тағайындайды. Бірақ көп уақыт өтпей ол Батыс Оралға кетуге рұқсат сұрап, ағаларымен бірге тұруға және олардың шағырағына түскен қайғыларына ортақтасып және жаңа жерге қоныстанып, оларға көмектескісі келетінін білдіреді. Әкімшілік тарапына бұл тілектері қабылданып анасы Жәмила Піралиева мен өгей шешесі Ұлбибі Дәнісмендовамен бірге «жазықты» болып айдалған ағаларының артынан аттанды. Кейін, Мұхамедсалыққа әкімшілік тарапынан оң көзқарас қалыптасуына орай, ол тағы да Хан ордасында кеңесші болып жұмыс жасады. 1860 жылдың шілде-тамыз айларында М-С. Бабажанов қазақ депутациясының құрамында Петербургте болып, орыс империясы астанасының көп жерлерін аралады. Ол сол сапарында көрнекті ғалымдар мен ақын-жазушылармен танысады. Олардың ішінде П.И. Небольсон, П.П. Семенов Тянь-Шанский, Ш.Ш. Уәлиханов та бар еді. Күйші-композитор, сұлтан Дәулеткерей Шығаев 1871 жылы Салықтың қазасына арнап «Салық өлген» атты жоқтау күйін шығарды. Мақаш әкім атанған Мұхамбетжан Бекмахамбетов С. Бабажановтың өлімін естігенде «Ой, жалған-ай, Салық өлді дегенше – халық өлді десейші», - деп ауыр күрсінген екен.

Шәңгерей Бөкеев (1847-1920) – ақын, қазақтың алғашқы әдебиет аудармашыларының бірі. Жәңгір ханның немересі. Бес жасында ата-анасы өмірден озып, жетім қалған. Қазақы дәстүр бойынша ағалары қолдарына алып, тәрбиелеген. Алғашында білімді Ордадағы медреседен алып, одан әрі Астрахан реалдық училищесінде оқыған. Орынбор кадет корпусын бітірген соң Самара қаласында бітістіруші судья қызметінде болды. Самарадағы қызметте жүрген кезінде ақсүйек титулын алды және өнермен айналыстатын ақсүйектер тізіміне енгізілген. Шәңгергей Сейіткерейұлы мешіт, медресе құрылыстарын салуға, бау-бақша өсіру ісіне ерекше назар аударып, осы істермен айналысқан. Ш. Бөкеев халық өмірімен біте қайнасып, араласып отырған. Жазықсыз жапа шеккен бұқара халық өкілдіріне қол ұшын беріп, қолқабыс жасап отырған тұлға. Балаларды оқытуға ерекше мән бері, мектеп ашып, білікті мұғалімдерді қызметке шақырған. Ол әдебиет пен мәдениетке ден қойды. Оның тағы бір ерекше қасиеті аңшылық пен саятшылықты, табиғат сұлулығын, ән мен күйді, көркем сөз өнерін ұнатып, өлеңдер жазды. Шәңгерейдің шығармалары «Шайыр», «Көксілдір» (1911-1912), «Үш жоқтау» (1926) жинақтарында жарық көрді. М. Лермонтовтың «Қашқын» поэмасын қазақ тіліне аударған. Жаңалыққа жаны құмар ақын қазақ елінде фотография өнерінің негізін қалаушы және де қазақтың тұңғыш фотографы болды. 1911 жылы «Қазақстан» газетінінің жарыққа шығуына көмектесті. Сонымен бірге ел ауызындағы әдеби мұраларды жинақтап, оны бастырып шығаруға да қамқорлық жасады. Өз кезегінде 70 жастағы Ш. Бөкеевті 1917 жылы Орынбор қаласында өткен Бірінші жалпықазақ сиезіне қазақтың білімдар ақсақалы ретінде құрметпен шақырылған. Ш. Бөкев 1920 жылы қайтыс болды. Ақынның «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» топтамаларына өлеңдері енген.

Әлмұхамет Сейдалин (1832-1898) – сұлтан, статкеңесшісі, аудармашы, уездік судья, Нұралы ханның немересі, Әбілқайыр ханның шөбересі. Ол бауыры Тілеумахамбетпен бірге оқыды. 1855 жылы прапорщик шенімен 4-ші Орынбор линиялық батальонына қызметке жіберілді. Қызметтік формулярында І-ші Сейдалин болып тіркелген. Кейін інісі қызмет істейтін Орынбор шекаралық комиссиясына жұмысқа ауысады. 1857 жылы Шекара комиссиясының төрағасы В.В. Григорьевпен бірге Орынбор өлкесінің шығыс бөлігін аралап шықты. 1859 жылы мамыр-тамыз айы аралықтарында Арал флотилиясының І-ші рангалы капитаны А.И. Бутаков экспедициясымен Қоңырат (Кунград) қаласына іс-сапарға жіберілді. 1856 және 1860 жылдары ол Санкт-Петербургқа барған қазақ депутациясына аударамшы болып барады. 1860 жылғы сапары туралы Б. Ысқақов атап өткендей қазақ депутациясының Петербургке келген кезінде, Ш. Уәлиханов Петербургте болады. Қазақтардың астанаға келгенін естіп, Шоқан оларды іздеп барып, жолыққан тәрізді. Өйткені, ол өзінің сол жылғы 9 тамызда Петербургте жүріп, Сырымбеттегі ата-анасына жазған хатында былай дейді: «Мұқан сұлтан бастаған Орынбор сұлтандары депутациясының Петербургке келгеніне бір апта болды. Олар 8-9 адам. Бүгін олар Императордың қабылдауында болуға тиіс. Олармен бірге тілмәш ретінде қазақ сұлтаны, офицер Әлмұхамет Сейдалин де келді». Осы сапарында В.В. Григорьевтың ықпалымен тарихшы В.В. Вельяминов-Зерновпен танысады. Сонымен бірге Ш. Уәлихановпен кездесіп, кездесу барысында оған жағымды әсер қалдырған. 1862 жылдан облыстық басқармаға қарасты ссуды беру бөлімінің кеңесшісі. Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманның шақыртуымен «Түркістан өлкесіне шолу» жинағын құрастыруға қатынасты. 1866 жылы Кіші жүздің Батыс бөлігінің басшысы қызметінде болып, армия кавалериясының ротмистр шенін иеленді. Екі жылдан соң өз жұмысын адал атқарған оған Николаев (Қостанай) уезінің судья қызметі ұсынылды. Бұл жұмысында жергілікті бай-бағландар арасындағы өзара айтыс-тартыстарды, барымта мәселесін, Гурьев уезіндегі толқуларды және қарапайым қазақтардың құқықтарын, жер мәселелері т.б. сияқты істерді қарастырды. Көптеген істердің оң шешем табуына ықпал еткені мен жұмысын адал атқарғандығы үшін Әділет министрлігі тарапынан 1869 жылы Ә. Сейдалин Торғай облысы уездік судьясы лауазымына тағайындалды. Торғай облысының әскери губернаторы Л.Ф. Баллюзек ол туралы «Ә. Сейдалиннің қызмет бабындағы жетістіктері тайпаластарына міндетті түрде үлгі болу керек. Қызметтегілер осылай еңбек етсе қазіргі кезеңнің қызметтік талаптарына сай келсе оларды да маңызды қызметке тағайындауға болады», - деп жазды. Жігерлі де ынталы қызметі үшін Ә. Сейдалин ІІІ дәрежелі Әулие Станислав, ІІІ дәрежелі Әулие Анна, ІV дәрежелі Әулие Владимир ордендерімен марапатталды. Әлмұхамет тарих және ғылым жөнінде сол тұстағы атақты ғалымдар А. Кун, П. Лерх, П. Пашин, Н. Маев, Ш.И. Ибрагимов, В. Межев т.б. қарым-қатынаста болды. Ол Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің толық мүшесі болды. 1876 жылы Санк-Петербургта өткен оринталистердің ІІІ Халықаралық конгресіне шақырылды. Ағарту саласына да елеулі қолтабасы қалды. Оның жарқын мысалы 1888 жылы Ырғыз қаласындағы орыс-қазақ қыздар мектебін  ашуға Ы. Алтынсаринге қол ұшын бергенде Әлмұханбет Сейдалин еді. «Тургайская газеті» бұл туралы «Ол өте жақсы жағдайда қазақтарға қамқорлықтың үлгісін және училищенің материалдық жағдайына да көмек көрсетті», - деп жазған болатын. Аталған училищені қызы Гүлжауһар бітіріп шықты. І, ІІ Мемлекеттік думаның депутаты Ахмет Бірімжановқа тұрмысқа шықты. Баласы Жиһаншахта әкесі оқыған Неплюев кадет корпусының түлегі, кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірді. Әлмұхамет Сейдалин 1895 жылы қызмет бабын аяқтап, отставкаға шықты. 1898 жылы 66 жасында қайтыс болды.

Тілеумұхамбет Сейдалин (1835-1901) – сұлтан, коллеж кеңесшісі, Торғай облысы Ақтөбе уезі бастығы, этнограф, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. 1855 жылы Неплюев кадет корпусын прапорщик шенінде бітірген. Оқуын бітірген соң Орынбор генерал-губернатор қарамағында тілмәш қызметіне тұрды. Темір бекінісінің жер жағдайы, тұрғындары, сол төңіректегі заттар мен құрал-жабдықтар туралы мағлұматар алу үшін алдын ала жүргізілген барлау жұмыстары кезінде Бас штаб полковнигі В.Д. Дандевилдің аудармашысы болды. 1859 жылы қызметтегі жетістіктері үшін армия кавалериясының подпоручигі шені және үш жүз күміс ақша қоса берілді. Сол жылы Орынбор шенеунігі, Неплюев кадет корпусының түлегі Л.Н. Плотниковтың  бастауымен көшкен қазақтарды жерге орналастыру мақсатында, Каспийдегі балықшы кәсіпкерлерімен танысу мақсатында Ембі, Сағыз және Темір өзендерінде болды. 1861 жылы Орынбор өлкесінің Шығыс бөлігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметтегі міндеттерді мінсіз атқарғаны және қызметтегі табыстары үшін 1862 жылы поручик атағын алды. 1866 жылы Тілеумұхамбет Далалық бақылауды орындаушы шенеунігі қызметін атқарды. Сол жылы оған «Орынбор гимназиясын ұйымдастыру жұмыстарына ордалықтардан қаржылай  көмек беруді ұйымдастыру және өзінің қызметтік міндеттін мінсіз атқарғаны үшін» штаб-ротмистр шені берілді. 1867-1868 жылдары қазақтарды жаңа шекаралық шепке орналастыру жөніндегі және Торғай облысындағы реформаларды жүзеге асыру комиссиясы құрамында болды. Болашақтағы «Уақытша ережені» патшалық өкімет орындары Т. Сейдалин сияқты, тұтас алғанда үкіметтік өзгерістрге адал пиғылдағы жергілікті феодалдық топтардың көрнекті өкілдірін белсенді түрде тарту жағдайында үкіметтік шенеуніктердің ұсыныстары негізінде дайындады (Қазақстан тарихы, 2010: 418). 1869 жылдың 2 қаңтарында Т. Сейдалин жаңадан құрылған Николаев (Қостанай) уезі бастығының аға көмекшісі болып тағайындалды. Осы уақыттан бастап уезде «Далалық облыстарды басқару жөніндегі уақытша ережені» енгізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясы құрамына енгізілді. 1870 жылы жүргізілген халық санағына қатынасып, халыққа жеру беру, жерге орналастыру және губернатор тапсырмаларын орындады. 1879-1884 жылдары Қостанай жұртшылығын басқарып, сол қызметі үшін ІІ дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталады. 1885 жылы Торғай облысы әскери губернаторы қарамағындағы ерекше тапсырмалар орындайтын кіші шенеунік лауазымына ауыстырылды. Өз кезегінде патша шенеуніктері Т. Сейдалин туралы «үкімет өкімдерінің шын ойын жақсы түсінетін көрнекті қазақ», - деп пікір білдірді.

1886 жылы Т. Сейдалин әскери қызметтен босатылып, коллеж асессоры қызметіне ауыстырылды. 1888 жылы лауазымды кеңесші, 1892 жылы кеңесші, 1895 жылы коллеж кеңесші қызметерін атқарды.Ол азаматтық  қызметте екі мәрте Торғай уезінің бастығы болып тағайындалды. Бұлай сайлану сол кезеңдегі ережеге сай сирек кездесетін жағдай болатын. Бірінші рет 1890 жылдың 8 желтоқсаны мен 1891 жылдың 5 сәуірі, ал екінші мәрте 1896 жылдың 1 тамызы мен 1897 жылдың 26 сәуір айы аралығында Торғай уезін басқарды. Ал бұл екі аралықта 1892 жылдың қараша айынан 1893 жылдың маусым айларында Ақтөбе уезінің бастығы қызметінде болды. Торғай уезінің бастығы Мамонов Т. Сейдалиннің жарты ғасырлық тынымды қызметін «Оның қызметтік жолының бастамасы әкімшілік құрамында өтпелі кезеңге, адамдардан іскерлік пен әдептілікті, өнегелікті талап ететін, орыс үкіметінің Далалық облыстарды басқару реформасын жүргізудегі жетістіктерге тәуелді кезеңге сәйкес келді», - деп бағалады. Сұлтанның ұзақ жылғы мемлекеттік қызметін бағалап патша әкімшілігі ІІ, ІІІ дәрежелі Әулие Станислав және ІІ, ІІІ дәрежелі Әулие Анна ордендерімен марапаттады. Ол Ресей географиялық қоғамының мүшесі. Зерттеу еңбектері Торғай, ырғыз өзендері алқаптарындағы егіншілікті өркендетуге және қазақ ауыз әдебиеті мен этнографиясын зерттеуге арналғандығымен құнды. 1870 жылы алғаш жарық көрген «Ресей географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларының» бірінші басылымында оның «О развитии хлебопашество по бассейну реки Тургай» атты мақаласы жарияланды. 1874 жылы «Евразия хабаршысы» журналына және 1875 жылы «Ресей географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» Т. Сейдалиннің (Жантөринмен авторлық бірлікте) редакторлық етуімен Кіші жүз мен Орта жүз қазақтарының халық ауызындағы шығармалары мен поэзиясы туралы мақалалары жарық көрді. Оның көптеген зерттеу еңбектері Орынбор және Санкт-Петербург қалаларындағы архивтерде сақтаулы. Арақарағай болысының сұлтаны Сермұхамед Жиғангировтың қызы Айзадаға үйленіп, Гүлжиһан және Фатима есімді қыздары дүниеге келді. 1899 жылы отставкаға шығып, 1901 жылы қайтыс болды.

Ағайынды Сейдалиндер туралы Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы В.В. Григорьев «Басқа ордалықтарға қарағанда ақыл-ой мен өнегелік жағынан жоғары, олар тапсырылған қызметті адал ниет, ынтамен атқарды», - деп атап өтті.

Жиһаншах Әлмұхамедұлы Сейдалин (1877-1923) – қоғам қайраткері, заңгер, Алаш қозғалысына қатысушы. Ол әкесі сияқты Неплюев кадет корпусында оқып, білім алды. 1900 жылы 23 жасында Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1904 жылы үздік аяқтады. Университетте оқыған жылдары Крыжановский атындағы шәкіртақы иегер атанды. Арнаулы жолдамамен Кавказда, Қара теңіз жағалауындағы Озургель (Грузия) қаласында 1910 жылға дейін заң саласында қызмет етті. 1913 жыл 31 шілде күнгі «Қазақ» газетінде Ж. Сейдалиннің «Азып-тозып кетпеске не амал бар?» атты мақаласы жарияланды. Мақаласында «Атам айтушы еді: «Ит тойған жерін іздейді, ер туған жерін іздейді! Балам, халықты ұмытпа, ғылымыңа тойған соң, ақылды тоқтатқан соң елге бір айналарсың» - деп. Мен осы сөзді ұмытпай, елге қайырылдым. Келгенде не көрдім? Ел бағу тәртібі һәм сот тәртібінің халыққа жайсыздығы, закон шығаратын мекемелерде қазақтың өз адамының жоқтығы. Егер өз адамдары болса, айтылған жайсыз тәртіптерді заманға лайық, қазаққа тынышты қылып өзгертуге себепкер болар еді. Күшті ауруға күшті дәрі: дәрінің аты – «съезд», бас қосып бір жерде жайымызды сөйлесіп, заманға лайықты құрал табу» керек деп ұлттың жоғын жоқтайды (Қазақ, 1913: 239-241). Ол өз заманының талаптарына сай әлеуметтік, саяси мәселелердә шешуде құнды идеялар ұсынған тұлға.

Білікті де білімді заңгер өз тарапынан 1916 жылы маусым айында тыл жұмыстарына адам алу туралы патша жарлығын қатаң сынға алды. Көрнекті заңгер Б. Қаратаевпен бірлесіп қазақтан тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөнінде «Қырғыздар туралы еске алатын жазбалар» атты өтініш хат жазып, патшалық Ресей үкіметі атына жолдайды. 1917-23 жылдары Кеңес өкіметінің ағарту және жер мәселесі комиссариаттарында жауаты қызметте болды.

Мұхаметжан Бекмұхаметов (1830-1904 жж.)этнограф, шешен, би, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, ел ішіндеМақаш әкім есімімен белгілі тұлға. Кадет корпусын бітірген соң Орынбор шекара комиссиясында, 1852 жылдан бастап Уақытша кеңестің ордадағы тілмәші. Каспий жағалауындағы І-ші, ІІ-ші округтерінде әкім қызметін атқарды.

Бөкей ордасынан 1881 жылдың шілде айында ІІІ Александр патшаның қабылдауына барған төрт қазақтың бірі – Мақаш Бекмұхамбетов. Бұл іс-сапардың ерекшелігі патшаға сый ретінде, қазақ халқының ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан баспанасы киіз үйдің макетін алтыннан соқтырып, алып баруы. Сол сыйлықты Мақаш Шолтырұлы Бөкей ордасындағы прогресстік бағыт ұстанған әкімдердің бірі – Өтешқали Атаниязұлымен бірге патшаға тапсырды. Ордадан келіп патша аудиенциясына кірген қазақ өкілдері тиісті рәсімдерден соң өтініштерін айтады. Бұл жайында М. Бекмұхамбетов өз естелігінде: «Бізді шоқындырып, мұсылмандық үлгіден айырмаңыз деп тілек қылдым», – деген мәлімет қалдырған. 1892-1897 жылдары Уақытша Кеңестің кеңесшісі. Оның Қазан және Астрахан қалаларынан «Жақсы үгіт» (1908), «Книга о калмыках и киргизах. Кочующих в Астраханской губернии» (1910) атты кітаптары жарық көрді. Мақаш әкімнің ел аузынан жинаған ауыз әдебиеті мұралары Санкт-Петербург қаласындағы Салтыков-Щедрин кітапханасы мен Ресей ҒА Шығыстану институтының қорында сақтаулы.

Қорытынды. Неплюев кадет корпусын бітіргендердің көпшілігі ақылды да адал, сол кезеңнің көрнекі қайраткерлері екендігін мүлдем естен шығармаған жөн, ал қызметтеріне тоқталсақ қалыптасқан жағдайға байланысты іс-әрекет жасады. Мақаламызды Орынбор кадет корпусының түлегі, этнограф-ғалым М-С. Бабажановтың «Біз өтпелі кезеңде тұрмыз, барлық ақыл-ой жемісінің берген сәулесін қабылдап алуға дайынбыз және соның соңынан бір адым кейін шегінбейміз де» деген пікірімен аяқтағанды жөн көрдік.

Зерттеу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы (ИРН жобасы: AР08855800) шеңберінде жүргізілді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Бабажанов С. Этнографиялық мақалалар. – Алматы: Қазақстан. – 1993. – 26-27 стр.

Бабаджанов С. Апелляция киргиза к публике // Северная Пчела. – 1860. – №138.

Бабаджанов С. Апелляция киргиза к публике, по поводу статьи Русского Вестника, под заглавием «Киргизомания» // Северная Пчела. – 1861. – №131.

Бабаджанов С. О каменной бабе, найденной в киргизской степи // Этнографический сборник Императорского Русского Географического Общества. – 1864. – Вып.VІ.

Бабаджанов С. Мелкие известия из внутренней киргизской Орды // Известия Императорского Русского Географического Общества. – 1865. – №6. – Кн.1-я.

Бабаджанов С. Спор Уральских казаков с киргизами Внутренней Орды. // Деятельность. – 1868. – №109.

Бабаджанов С. Внутренная Киргизская орда. // Деятельность. – 1870. – №127.

Бабаджанов С. Охота во Внутренней киргизской орде. // Охота. – 1871. – №6.

Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. Алматы: «Арыс». – 2002. – 592 б.

Семёнов В.Г., Семёнова В.П. Оренбургский Неплюевский кадетский корпус. История в лицах. – Оренбург: ООО «Оренбургское книжное издательство имени Г.П. Донковцева». – 2017. – 592 с.

Сейдалин Т. О развитии хлебопашества по бассейну реки Тургая. Вып.1. // Записки Оренбургского отдела РГО. – Казань. – 1870.

Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: «Атамұра». – 2010. – 768 бет.

«Қазақ» газеті, 1913 ж. 2-ші басылымы / Құраст.: С. Смағұлова, Ғ. Әнес, Т. Замзаева. Алматы: «Арыс» баспасы. – 2018. – 408 б.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік архиві (ҚР ОМА). 4-қ., 1-т., 4005-іс.

ҚР ОМА. 4-қ., 1-т., 5662-іс.

ҚР ОМА. 4-қ., 1-т., 5934-іс.

Қойгелдиев М. Ұстанымы биік зиялы // Қазақ әдебиеті. – 2 қыркүйек. – 2016. – 12 бет.

References

Babazhanov S. Etnografiyalykˌ makˌalalar. [Ethnographic maқalar] – Almaty: Kazakstan. – 1993. – 26-27 s.[in Russian]

Babadzhanov S. Apellyatsiya kirgiza k publike. [Appeal of the Kyrgyz to the public] // Severnaya Pchela. – 1860. – №138. [in Russian]

Babadzhanov S. Apellyatsiya kirgiza k publike, po povodu stat'i Russkogo Vestnika, pod zaglaviyem «Kirgizomaniya». [Appeal of the Kyrgyz to the public, regarding the article of the Russian Bulletin, under the title "Kirgizomania"] // Severnaya Pchela. – 1861. – №131. [in Russian]

Babadzhanov S.O kamennoy babe, naydennoy v kirgizskoy stepi. [About a stone woman found in the Kyrgyz steppe] // Etnograficheskiy sbornik Imperatorskogo Russkogo Geograficheskogo Obshchestva. – 1864. – Vyp.VÍ. [in Russian]

Babadzhanov S. Melkiye izvestiya iz vnutrenney kirgizskoy Ordy. [Small news from the internal Kyrgyz Horde] // Izvestiya Imperatorskogo Russkogo Geograficheskogo Obshchestva. – 1865. – №6. – Kn.1-ya. [in Russian]

Babadzhanov S. Spor Ural'skikh kazakov s kirgizami Vnutrenney Ordy. [Dispute of the Ural Cossacks with the Kirghiz of the Inner Horde] // Deyatel'nost'. – 1868. – №109. [in Russian]

Babadzhanov S. Vnutrennaya Kirgizskaya orda. // Deyatel'nost'. – 1870. – №127. [in Russian]

Babadzhanov S. Okhota vo Vnutrenney kirgizskoy orde. [Hunting in the internal Kyrgyz horde]. // Okhota. – 1871. – №6. [in Russian]

Batys Kazakstan oblysy. [West Kazakhstan region]. Entsiklopediya. Almaty: «Arys». – 2002. – 592 b. [іn Kazakh].

Semonov V.G., Semonova V.P. Orenburgskiy Neplyuyevskiy kadetskiy korpus. Istoriya v litsakh. [Orenburg neplyuevsky Cadet Corps. History in the faces]. – Orenburg: OOO «Orenburgskoye knizhnoye izdatel'stvo imeni G.P. Donkovtseva». – 2017. – 592 s. [in Russian]

Seydalin T.O Razvitii khlebopashestva po basseynu reki Turgaya. [On the development of khlebopashestvo in the basin of reci Turgai]. Vуp.1. // Zapiski Orenburgskogo otdela RGO. – Kazan'. – 1870. [in Russian]

Kazakstan tarikhy (kөne zamannan bүgínge deyín). [History of Kazakhstan (from ancient times to the present day)]. Bes tomdykˌ. 3-tom. – Almaty: «Atamұra». – 2010. – 768 b. [іn Kazakh].

«Kazak» gazetí, 1913 zh. [Kazakh newspaper, 2nd edition of 1913]. 2-shí basylymy / Kұrast.: S. Smaġұlova, Ġ. Ənes, T. Zamzayeva. Almaty: «Arys» baspasy. – 2018. – 408 b. [іn Kazakh].

Kazakstan Respublikasy memlekettík arkhiví. [State archive of the Republic of Kazakhstan]. (KR OMA). 4-k., 1-t., 4005-ís.

KR OMA. 4-kˌ., 1-t., 5662-ís.

KR OMA. 4-kˌ., 1-t., 5934-ís.

Koygeldiyev M. Ұstanymy biík ziyaly. [The principle of high intelligence]. // Kazak ədebiyetí. – 2 kyrkүyyek. – 2016. – 12 bet.[іn Kazakh]

МРНТИ 03.20.00

КАЗАХСКИЕ ВЫПУСКНИКИ НЕПЛЮЕВСКОГО УЧИЛИЩА

А.К. Ахмет¹, Г.А. Шотанова²

¹Атырауского университета имени Х. Досмухамедова, Казахстан, Атырау

²Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова, Казахстан, Алматы

*Корреспондирующий автор

E-mail: axmet_begis@mail.ru (Ахмет), galia8.09@mail.ru (Шотанова)

Аннотация. В статье рассматривается характер развития просвещения в Казахской степи ХІХ века, реализация политики царского правительства в отношении «образования» казахов. В целях всесторонней реализации политики царского правительства в Казахской степи на повестке дня было обучение детей казахской знати в высших учебных заведениях Российской империи. Одним из мест обучения детей казахов, служивших в конторах будущего царского правительства, стал Оренбургский Неплюевский кадетский корпус. В первом светском учебном заведении Оренбургской губернии казахскую молодежь характеризуют как профессиональных военнослужащих. Первыми воспитанниками и выпускниками кадетского корпуса Неплюева стали дети казахской знати Внутренней Орды, среди которых К. Шыгаев, К. Караулов, М. Таукин, Д. Шукиев, К. Орманов, З. Жангиров, Е. Жангиров, М. С. Бабажанов, А. Сейдалин, М. Сангыриков и др.

Ключевые слова: Неплюевское учебное заведение, офицеры, кадетский корпус, царские чиновники, Степная элита, имперская политика, статсоветник, переводчик, исторические личности, просветитель и этнограф.

IRSTI 03.20.00

KAZAKH GRADUATES OF THE NEPLYUEV SCHOOL

A.K.Akhmet¹, G.A.Shotanova²

¹Kh. Dosmukhamedov Atyrau University, Kazakhstan, Atyrau

²Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty

*Corresponding author

E-mail: axmet_begis@mail.ru (Ахмет), galia8.09@mail.ru (Шотанова)

Abstract. The article examines the nature of the development of enlightenment in the Kazakh steppe in the XIX century, the problem of implementing the policy of the Tsarist government in relation to the "education" of Kazakhs. In order to comprehensively implement the policy of the Tsarist government in the Kazakh steppe, the education of children of the Kazakh nobility in the most prestigious educational institutions of the Russian Empire was on the agenda. One of the educational institutions for Kazakh children serving in the offices of the future Tsarist government was the Neplyuev Cadet Corps in Orenburg. The first secular educational institution in the Orenburg province describes the training of Kazakh youth as professional military personnel. The first pupils and graduates of the Neplyuev Cadet Corps were children of the Kazakh nobility of the Inner Horde, including K. Shigayev, K. Karauylov, M. Taukin, D. Shukiyev, K. Ormanov, Z. Zhangirov, E. Zhangirov, M. S. Babazhanov, A. Seydalin, M. Sangyrykov and others.

Key words: Neplyuev educational institution, officers, cadet corps, tsarist officials, Steppe elite, imperial politics, state councilor, translator, historical figures, educator and ethnographer.

Авторлар туралы мәлімет:

¹Тарих ғылымдарының докторы, профессор

²Тарих ғылымдарының кандидаты

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз