Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 11.25.41 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_19

МАЖАР ЭТНОМӘДЕНИЕТІНДЕГІ ТҮРКІЛІК КОНТЕКСТ

ҒТАМР 11.25.41 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_19

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(29), 2022

Автор:
Т.Н. Мухажанова¹ID, Г.Е. Сабденова¹ID, Д.С. Байгунаков²*ID
¹әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы 
²Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан, Алматы
*Автор-корреспондент 
E-mail: tolkynm3010@gmail.com (Мухажанова), gulmiras2801@gmail.com (Сабденова), dosbol_bs@mail.ru (Байгунаков)
Аңдатпа. Мажарлардың басқа халықтармен, соның ішінде Орталық Азиядағы көне түркілермен өзара қарым-қатынасына бірқатар зерттеушілер назарын аударды. Дегенмен бұл мәселені зерттеу тарихының негізгі кезеңдерінде жүйелілік байқала қоймайды. Тіпті академиялық басылымдарда ерте орта ғасырлар тарихы бірін-бірі алмастырған тайпалар мен мемлекеттердің тарихы ретінде сипатталады. Мұнда мажарлар туралы мүлдем сөз қозғалмайды да, тіпті олардың өзіндік тарихи дамуы барлық жағынан «сырт» қалып жатады. Мақалада ортағасырлардағы Еуропа аймағын қоныстанған түркі тілді тайпалық одақтардың қоныс аудару мәселелерін зерттеу, тұтас түркі тарихының саяси және этномәдениетін зерттеуге мән беріліп те отыр. Пәнаралық зерттеу еңбектерін зерделей отырып, түркі тайпалық одағының бірі мажарлардың қазіргі Шығыстан – Батыс Еуропаның далалық аймақтарына қоныс аударуының себебі мен салдарын ашуға мол мүмкіншіліктер бар. Мақалада X ғасырдағы мажарлардың тайпалық бірлестігінің Орта Дунайға келуі көптеген түркі тайпаларының Еуропаға үздіксіз келуін ерте ортағасырлардан бері келе жатқан үрдісті жалғастырушы және басқа көштерге негіз болуы да қарастырылады.
Түйін сөздер: этномәдениет, этногенез, этноним, христиан діні, ассимиляция, этноконсолидация, семантика, конфедерация
Мазмұны:

Кіріспе. Отандық, тіпті әлемдік тарихнама тұрғысынан келер болсақ, ерте орта ғасырларда ең алғаш рет көне түркілерЕуразия аумағынқамтыған алғашқы империя құрғаны белгілі. Мұндай Еуропа мен Азия жерлерін қамтып жатқан «еуразиялық» мемлекеттің құрылуы кейіннен осынау ұлан-ғайыр аймақтаға сан алуан халықтар мен мемлекеттердің тағдыр-талайында өзіндік із қалдырды. Бұл ізді саяси тарихтан не болмаса оқиғалар мен құбылыстардан ғана емес, сонымен қатар этникалық үдерістерден де көруге болады. Себебі бірнеше ғасырларға созылған әрі баяу жүрген этникалық үдерістер кез келген ұлттың ұйысуында маңызды кезең болып табылады әрі оның өзара кірігуін айқындауды жүйелеп беруге мүмкіндіктер береді. Осы тұрғыдан келер болсақ – Орта Азия мен Еуропаны қоныстанған түркі халықтарының ортағасырлардағы интеграциялық үрдістері қызықты және күрделі мәселелердің бірі. Өйткені Орталық Азия тарихын әлемдік тарихнамамен, соның ішінде интеграциялық үдерістер негізінде ғылыми тұрғыдан сипаттап беру ерте ортағасырлық кезеңдегі ұзын сонар тарихтың қатпарлы қырларын біршама жіктеп шығуға мол мүмкіндіктер туындатады. 

Бұл мақалада ерте ортағасырлық кезеңдердегі халықтардың этникалық өзара байланысы мажар, қыпшақ тайпалары мысалында қарастырылады. Отандық «қыпшақтану» саласы қазіргі таңда біршама дамыған. Ал отандық «мажартану» саласының көп жағдайда кемшін тартып жататындығы да жасырын емес. Десек те тарихтың осы салаларына көңіл бөлу ортасырлық оқиғалар, құбылыстар мен үдерістерді зерделеуді жаңа белестерге шығара алады дей аламыз. Себебі әлемдік және отандық тарихнамада аталып отырған осы тайпалар (ұлттар) көптеген түркі халықтарының этногенезіне араласты, бірқатар ұлыстардың қалыптасуына негіз болды және өзіндік ұлттық кодтарын қалдырды десек артық айтпаған болар едік.

Мажарлардың Орталық Азияда ұлт болып ұйысуында түркі халықтары маңызды рөл атқарды. Мұндай тарихи және мәдени-этникалық байланыстардың тамыры тереңге кетеді. Қазіргі Солтүстік Қазақстан, Батыс Сібір, Орал маңы мен Еділ бойы аймағындағы алуан түрлі әрі өте күрделі мәдени байланыстар сармат-аландық, финн-угорлық, прототүркілік және түркілік тайпалардың этногенетикалық байланыстары орын алғандығы белгілі. Осы аталып отырған белгілі бір өңірлерде орналасқан ежелгі ұлыстар сан ғасырлар бойы өзара тығыз байланыста дамыды. Ал олардың әрбірінің субстратын айқындау отандық тарихнамадағы күрделі тақырыптардың бірі саналады.

Бүгінгі күні мажарлар әлемге танылған іргелі ұлттардың бірі екендігі анық. Алайда мажар этникалық бірлестігінің шығыстан батысқа қоныстану үдерісі қанша уақытқа созылды және бұл көштің жол бойында халықтардың қоныстануына жалпы тарихына қаншалықты әсері болды деген сұрақтар туындайтыны сөзсіз. Мұндай күрделі сауалдар мамандарды өткен ғасырлардан бері толғандырып келеді. Айта кету керек, кез келген қоныс аударуды бір жақты қарастыруға болмайды. Оған түрлі тарихи оқиғалар, құбылыстар мен үдерістер өз әсерін тигізеді. Сайып келгенде, қоныс аудару көшпелі халыққа да, бір жерде тұрақтап тұрған тұрғындарға да оңай соқпайды. Яғни, көшіп бара жатқандарға да, бір жерде тұрып жатқан тұрақты халыққа бірдей өзіндік әсерін тигізеді. Әсіресе қоныс аудару жаугершілік әсерінен орын алса, онда бұл үрдіс зорлық-зомбылық тұрғысынан жүреді және екі тарапқа да оңай соқпайды. Сонымен қатар жергілікті ресурстардың азаюы, демографиялық өсу, т.б. тарихи факторлар әсерінен де қоныс аудару орын алуы ықтимал. Дегенмен бұл жерде ең алдымен осы үдерістер кезінде халықтың этномәдени тамырлары қалай өзгерді немесе белгілі бір тарихи-мәдени факторлардың ықпалы қалай болды деген сыңайдағы сауалдар өрбітілуі тиіс деген ойдамыз. Сондықтан, осы шағын әрі тарихи шолу мақалада көші-қон барысында мажарлар қандай этномәдени ықпалдастықтарды басынан кешірді, түркілік құрауыштардың (компонент) әсері қалай орын алды деген сыңайдағы түйткілді мәселелердің өзегін ашу көзделіп отыр.

Жалпылама түрде алғанда, мажарлардың шығу тегіне байланысты көптеген дереккөздері сақталып отыр. Дереккөздерінің біраз бөлігі археологиялық және басым бөлігі жазбаша күйінде жеткен. Олардың мәні мен мағынасына және тарихи шынайылығына қарай мажарлардың Еуразия даласындағы ықпалы мен рөлі аталып кеткен. Сайып келгенде, XIX ғасырдың екінші жартысынан бері мажар этногенезіне байланысты жүргізілген іргелі зерттеулер мен ғылыми ізденістер қазірге дейін осы тақырыпқа қатысты бірқатар ұстанымдарды, теориялық пікірлерді қалыптастырды. Оның ішінде мажарлардың фин-угорлық халық ретінде мойындалуы десек болады. Мұндай көзқарасты ғалымдардың басым бөлігі ұстанады. Ол венгр ұлты тарапынан қолдау тауып отыр. Алайда, мажар тарихын зерттеудегі жаңа методология мажарлардың этникалық тарихына күрделі өзгерістер алып келетінін көрсетіп отыр. Себебі, мажарлардың этномәдени тұтастығы мен тарихи ерекшеліктері олардың жаңа ұстанымдар бойынша зерттеу жүргізуді қажет етеді. Бұл жерде мәселенің түйінді түйіткілін пәнаралық зерттеулер ғана айшықтап бере алады деген сенімдеміз.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу нысанына алынған тақырып бойынша мажарлардың саяси-тарихи кезеңдері, этногенез үдерістері, мемлекеттілігі секілді мәселелер көтеріліп, тарихнамалық бағытта шолу жұмыстары жүргізілді. Ғылыми еңбектің философиялық базасын тарихилық принципіне негізделген диалектикалық материализм құрады да, отандық және шетелдік мамандардың тарихисофтық және теориялық жұмыстары ізденістің методологиясы мен әдістерін біріктірді. Зерттеу нысаны өзара байланыстағы жүйе ретінде қарастырылып, тарихи байланыстардың жиынтығы және оның даму заңдылықтарын көрсететіндігіне акцент берілді. Әлбетте, ең негізгісі – кешенді ұстаным. Өз кезегінде кешенді ұстаным тарихи құбылыстарды, оқиғалар мен үрдістерді біртұтас әрі жан-жақты талдауға мұрындық бола алады. Оған әсіресе қосалқы тарихи пәндердің әдіс-тәсілдерін кіріктірер болса, мәселені әр қырынан сипаттауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, ғылыми ізденісте жалпығылыми әдістер (тарихи-генетикалық, тарихи-салыстырмалы, сыныптама, типологизация, т.б.) және олардың арнайы әдіс-тәсілдері жиі қолданылды. Ал жалпытеориялық ұстындарға келетін болсақ, олар мақаланың мақсаты мен міндеттерінен туындады. Мақалада негізге алынған мажарлық этномәдени жайттар ізденістегі ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады және бұл мәселе халықтың жалпы қалыптасып дамуымен бірге өрбітіліп, жалпытеориялық ұстындардан шет қала қоймады. Заманауи ғылыми ізденістерде этногенез бен этномәдениет мажарлардың тарихи тағдыры сауалдары айналасында қарастырылып келе жатқандығы жасырын емес. Ғылыми ізденісте мажарлар қауымы дамуының жалпылама заңдылықтарын айқындауға мән берілді. Алайда заңдылықты түрлі методологиялық мектептің өкілдері әртүрлі түсінетіндігі де белгілі. Позитивизм бойынша заңдылық оқиғалардың бағдарланған дамуы ретінде мәнге ие болса, диалектика заңдылықтың ішкі қарама-қайшылықтарына ерекше мән беруімен ерекшелінеді. Сол себепті мажарлар қауымындағы этномәдениет сауалдарды қарастырылған кезде осы методологиялық ұстанымдарға ерекше көңіл бөлінді. Яғни, қарастырылып отырған мәселеге байланысты негізгі заңдылықтарды анықтау арқылы тарихи танымға қол жеткізуге деген ұмтылысты көруге болады.

Мажар этникалық бірлестігінің түркі халықтарымен саяси және мәдени байланыстарын айшықтау үшін бірқатар тарих ғылымына ортақ әдістер пайдаланылды. Оның ішінде этномәдени ықпалдастықтардың бағыт бағдарын айқындаудасалыстырмалы әдіс, талдау, тарихилық әдіс-тәсілдері, жүйелеу, әдебиеттерді жинақтау және объективті баға беру, деректерді ішкі және сыртқы формасына қарай сынау, дискурсивті әдістер қолданылды. Сонымен қатар, мажарлардың мәдениеті мен түркі халықтары арасындағы мәселелерді қарастыру барысында этнологиялық, этноәлеуметтанулық зерттеу әдістері пайдаланылды. Соның ішінде мажар тайпалық одағының өзара бірегейлігін анықтау мақсатында қоғамдық ғылымдарға тән этномәдени шекараларды анықтау, мәдени ара-қашықтықтың алыс-жақындығы сияқты методологиялық ұстанымдар қолданылды.

Талқылау. Мажарлардың ежелгі кезеңдердегі көне тарихымен өткен ғасырлардан бастап көптеген ғылыми мамандар айналысып келеді. Алайда олардың басым бөлігі мажарлардың тілі, саяси тарихы, миграциясы, көш жолдары, мәдениеті, этнографиясы секілді мәселелерге тоқталған. Сонда да болса бірқатар еңбектерге тоқталып, тарихнамалық шолу жасап кетуге болады.

Ең алдымен венгр тіліндегі негізгі зерттеу жұмыстарына тоқталсақ дейміз. 1952 жылы зерттеуші Е.Молнар мажарларға қатысты іргелі монография (қазақша атауы: Венгер халқының алдыңғы тарихы / A magyar nép őstörténete) жазған болатын. Алайда оның еңбегіндегі өзекті сауалдар ХХ ғасыр ортасына дейінгі мәліметтер негізінде ғана өрбітілген еді. Кейінгі жылдары А.Ваго-Залан, Ерцебет Фотхи, т.б. мамандар венгер халқының генетикалық талдауларына назар аударып отыр. Дегенмен бұл ғалымдардың еңбектерінде мажарларда орын алған түркілік мәденигенез бен генетикалық байланыстар толыққанды қарастырылмай келеді деуге болады. Әсіресе қазақстандық материалдар жеткілікті түрде қарастырылмаған. Мұндай олқылықтар орнын Қазақстан мажарлары мен олардың ата-бабасының геногенетикалық аспектілеріне қатысты зерттеу жүргізген А.М.Тюриннің ізденістері біршама толықтырады (Тюрин, 2009: 58-59). Әйтсе де зерттеуші ізденісіндегі палеогенетикалық материалдар көлемінің аса ауқымды еместігін де айта кеткен абзал.

Кеңестік тарихнамада мажарлардың өткені угор халықтарының тарихымен қабыса қарастырылды (Чернецов, Мошинская, 1954: 163-192). Ол кездері методологиялық тұрғыдан мәселеге жалпылама түрде ден қою кеңінен орын алған еді. Бұған себеп: жазбаша дереккөздерінің аздығы, археологиялық мәліметтердің мардымсыздығы, жаратылыстану ғылымдарының мәліметтеріне сүйенудің кемшін тартып жатуы, т.б. Сайып келгенде венгр ұлтының тарихы финн-угор халықтарының өткенімен байланыстырылып, солардың жалпы тарихының негізінде өрбітілген еді.

Кейінгі жылдары да заманауи тарихнамада венгрлердің тарихы біршама көтеріліп отыр. Зерттеушілердің бір тобы венгрлердің Қара теңіздің солтүстік жағалауларына келуіне, орыс кнәздіктерімен байланысына тоқталса (Юрасов, 2017: 8-28), басқалары Днепр мен Төменгі Дунай аралығындағы Этелькез жеріндегі тарихына үңілді (Комар, 2011: 21-78). Олар осы аймақтардың мажарлардың тарихында алар орнына тоқталып, халықтың ұйысуына, өсіп-өркендеуіне қатысты ойларымен бөлісті.

Ежелгі венгр тарихи тамырлары мен ортағасырлық археологиясы мәселелеріне қатысты еңбектер де жарық көрді (Тюрк, 2018: 423-434). Әсіресе Шығыс Еуропадағы археологиялық ескерткіштеріне, заттай мәдениетіне назар аударылды. Ежелгі угро-мажарлардың Шығыс Еуропамен байланысы, олардың осында келуі және еуропалық мәдениетпен кірігіп кетуі жайында да сөз қозғалды (Иванов, 1999: 16). Бұл бағыттарда жүргізілген ғылыми ізденістер мажарлардың ерте ортағасырлық тарихын да ішінара қамтыды. Бұрын белгісіз болып келген жайттар да қаузалды.

Дегенмен жоғарыда аталған ғылыми ізденістердің бағыттарына қарағанда, еңбектердің басым бөлігі мажар-венгрлердің еуропалық тарихын қозғағандығын көруге болады. Еңбектердің келесі бір парасы осы мақаланың «Зерттеу нәтижелері» секілді бөлігінде де талданады. Мейлінше құнды пікірлер қалдырған мұндай ізденістер келесі бөлімде біршама тереңірек талданғандығын айта кетуге тиіспіз. Осыған орай, жоғарыда аталған ғылыми еңбектерден мажарлардың тарихи сауалдарын түркілік аспектілер кешенімен байланыстыру, олардың этногенезіндегі негізгі белестерге мән беру секілді мәселелердің көтеріле қоймағындығын да аңғаруға болады.

Зерттеу нәтижелері. Әртүрлі тарихи үрдістерде әртүрлі географиялық аймақта түркі және мажар тайпаларының байланыстары бірнеше этникалық компоненттерден тұрды. Бұл тайпалық қауымдастықтардың құрылуымен және миграциялық үрдістермен де сипатталды. Қазіргі кезде жинақталған археологиялық материалдар бұл тайпалардың этно тарихи және этномәдени байланыстарының тығыз болғандығын көрсетеді. Бұл үрдістер б.з.б. I мыңжылдықта Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақтанның орманды далалық алқаптарында прототүріктік және угорлық тайпалардың қауымдастығының құрылғанымен байланыстырылады. Оның ішіне прото-мажарлық тайпалар да кірді. Ежелгі угорлық топонимдерде осы аймақтың Есіл және Ертіс өзендерінің атаулары кездесіп жатады (Дульзон, 1971: 206-207). Кейбір ежелгі угорлық тайпалар бұл кезде Солтүстік Каспий маңына дейін қоныстанды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстаннан табылған сармат мәдениетіне жататын археологиялық материалдар дәйектей түседі. Осы материалдарға сүйенсек сарматтар қазіргі түркі тайпалары мен мажарлардың этногенезінде ерекше роль атқаруы да мүмкін.

Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақтанның орманды-далалық алқаптарында прототүріктік және угорлық тайпалардың қауымдастығының өзегі қай мәдени-тарихи кезеңдерде қалыптасқандығы нақты айту мүмкін емес. Сонда да болса мұны палеометалл дәуірінде орын ала бастаған тарихи үдеріс деуге болатын сияқты. Себебі энеолит және қола дәуірлерінде Еуразияның басым бөлігінде белгілі бір аудандарда этникалық үдерістер жүргендігі белгілі болып отыр. Қола дәуіріндегі алуан түрлі археологиялық мәдениеттер аумағында белгілі бір этникалық бірлестіктердің қалыптасқандығын нақты көруге болады. Дегенмен әзірге протомажарларды қола дәуіріндегі белгілі бір археологиялық мәдениетпен байланыстыруға мүмкіндік жоқ (Құрманқұлов, Байгунаков, 2008: 8-19). Оған археологиялық материалдар жеткіліксіз әрі мұндай мәселе ғылыми ізденістерде әлі нақты көтеріле қойған жоқ.

Ерте темір дәуірінде Керулен мен Хуанхэден Дунайға дейінгі территорияда аңдық стиль таралды. Оның жарқын көріністерінің бірін Есік қорғанынан табылған «Алтын адамнан» көруге болады (Акишев, 1978: 132). Мұндай құнды материалдар Шілікті, т.б. аймақтардағы ескерткіштерден де ұшырасады (Толеубаев, 2018: 56-71). Осындай жарқын мәдени кешендер Шығыстан Батысқа қарай созылып жатқан Еуразиялық аридті (шөлді және шөлейтті) аймақтағы жерлерде Дала өркениетінің қалыптасқандығын нақты көрсетеді. Сонымен қатар ерте темір дәуірінің соңына қарай көшпелілердің ғаламат миграциясы орын алған болатын. Бұл миграциялық үрдістер Моңғолия мен Солтүстік Қытайдан басталып, Дунай мен Тис өзендеріне дейін созылды.

Айта кету керек, ерте темір дәуіріндегі савроматтарға тиесілі археологиялық ескерткіштерді, олардан кейінгі сарматтар қалдырған археологиялық нысандарды да протомажарлармен немесе фин-угорлармен байланыстырудың да негіздемесі әлсіздеу. Кеңестік заманда барлық ғылыми еңбектерде ерте темір дәуірінде өмір сүрген барлық халықтар (скиф, сақ, савромат, сармат, үйсін, қаңлы, т.б.) иран тілді деп есептелінді. Бұл жерде түркілік мәдениетті көпе-көрнеу көрмеу, түркі өркениетінен қашу және халықтың тарихын бұрмалау орын алғандығы белгілі. Мұның зардаптарын түркі халықтары әлі тартып келеді. Өйткені түркі өркениетімен астасып жатқан көне тайпалардың этногенезі мен мәденигенезін сырттай таңылған «ирандық» тарихи-мәдени құрауыштар аясында өрбіту әлі жалғасын тауып келе жатыр.

Ресми ғылыми әдебиеттерге қарағанда мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі сарматтар иран тілдес болыпты. Олар сақтарға жақын сарматтардың (савроматтардың) ұрпағы саналады. Археологиялық әдебиеттерде савромат-сарматтарға тиесілі прохоров, суслов, шипов секілді археологиялық мәдениеттер белгілі (Байпақов, Таймағамбетов, 2011: 208-218). Бұл археологиялық мәдениеттерден, әсіресе шипов мәдениетінен моңғолоидтық элементтерді басымырақ көруге болады. Мұны мамандар осы кездері хунну әсерінен болған мәдени ықпалдастықпен байланыстырады. Шынында да, хунну (ғұн) халқының Орталық Азияға дендеп енуі мұндағы түркілік мәдениеттің ықпалын күшейте түскен еді. Ғұндар Орталық Азиядағы көптеген халықтардың этномәдениетіне өз ықпалын тигізе алды. Мұндай үдерістерден мажарлар да тыс қалмады. Олар да ғұндардың саяси ықпалына түскен болса керек. Себебі ғұндар белгілі бір кезеңдерде Орталық Азиядағы негізгі күшке ие болғандығы белгілі.

2020 жылы венгр және орыс тілдерінде Иван В. Грудочконың «мұртты обаларға» арналған еңбегі шықты. Бұл зерттеуші Қазақстан археологтары ерте темір дәуіріне, яғни сақ заманына жатқызып жүрген тасмола мәдениеті жайлы кеңінен сөз қозғады (Кадырбаев, 1966: 303-433). Егер қазақстандық археологтар (Кадырбаев, Бейсенов, т.б.) тасмола мәдениетін шамамен б.з.б. VII-I ғасырлармен мерзімдесе, челябинскілік археолог И.В. Грудочко б.з. IV-VII ғасырларға жатқызады. Және де ол Орал-Қазақстан далаларында протомажарлар қауымының қалыптасуы осы кездері орын алды деп есептейді. Мұртты обалардың ғаламат құрылыстары шынында да адамдарды таң қалдырады. Отандық археология тарихнамасында тасмола мәдениеті сақ заманымен мерзімделініп келеді. Осыған қарағанда тасмола мәдениетін протомажарлармен байланыстыру әлі нақты шешімін таба қойған жоқ сияқты.

Б.з. I мыңжылдығында Қазақстан мен қазіргі Венгрияның этносаяси тарихында ішкі Азиядан көшіп барған тайпалардың белсенділігі байқалды. Сарматтар кезеңінде ауыр қаруланған атты әскердің б.з. I мыңжылдығында орта Дунайға барғандығы жөнінде грек-римдік жазба деректерінде келтіріледі. Ғұндардың жорығына дейін Орталық және Шығыс Еуропада, Қазақстан территориясында сарматтардың мәдени-тұрмыстық байланыстардың зор ықпалы болды (Сулимирский, 2008: 126-166). Ал, б.з. II ғасырында Монғолия, Шығыс Қазақстан және Жетісудан ғұндардың жаппай көшуі басталды. Балқаш және Тарбағатай аймағында олар V ғасырға дейін өмір сүрген Юебань мемлекетін құрады. Ал, құрамына Батыс Сібірдегі угорлары енген ғұндардың екінші тармағы Орал аймағына қарай көшіп, Арал маңы, Каспий маңындағы аландар мен астарды ығыстырады. IV ғасырдың бірінші жартысында прототүріктік тайпаларды өзіне біріктіре білген ғұндар Шығыс және Орталық Еуропа далалық алқабына жетеді. Халықтардың Ұлы қоныс аударуы Еуропаның этникалық және саяси картасында өзгерістер алып келді. Ғұндардың миграциясы түркілердің тілінің орналасқан аймақтарында таралуына ықпал етті. Ғұндардың негізгі шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болды. Сонымен қатар, отырықшы егіншілікті де үйрене бастады.

V-VI ғасырларда Қазақстанның орталығы мен батысында авар тайпаларының рөлі күшейді. Яғни, олар осы кездері аталып отырған аймақтағы негізгі саяси күштердің біріне айналды. Авар қағанатының негізі IV-V ғасырларда Монғолия территориясында құрылған болатын. Олар әуел баста жужан атауымен кеңінен танылды. Олардың да негізгі шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болды. 552 жылы жужандарды (авар) алтайлық түріктер басып алды. Осыдан кейін аварлардың біраз бөлігі (100 мың адам) батысқа қарай көше бастады. Аварлардың билік жүйесіндегі атаулардың қаған, тудун, тархан сияқты аталуына қарағанда олар да түркі халқының бірі тармағы екендігін анық аңғартады. Алайда авар конфедерациясы этникалық жағынан аралас бірлестік болған еді. Оған бірқатар фин-угор халықтарының енуі де ықтимал. Яғни, көршілес халықтарға аварлардың тигізген ықпалын жоққа шығаруға болмайды. 

568 жылы саяси билікке қол жеткізген көптеген авар тайпалары Дунайдың екі жағалауындағы жерлерге иелік етіп, Авар қағанатын құрды. Олардың мажарлармен жақындасуы осы Дунай өңірінде орын алған болса керек. Қазіргі Венгрия территориясында аварлар жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Әскери жүйесі де тарихи дәстүрі бойынша ондық жүйе бойынша құрылды. Дегенмен сонау Қытай мен Монғолия территорияларында бастауын алған жужан немесе жуань-жуаньдар түркілерден жеңілгеннен кейін бастысқа бір бөлігі көшті. Көшу барысында жол бойында қоныстанған бірнеше түркі халықтарымен қатынасқа түседі. Орыс ғалымы, этнолог әрі археолог С.П.Толсовтың Сырдария өңіріндегі қалалаларды қазу барысында жужандардың осы аймақта авар атауына ауысқандығын жазады. Яғни, осыған дейін жужан деп аталып келгендер енді эфталиттермен (ақ ғұндар) араласып этникалық өзгеріске ұшырауы барысында авар қағанаты деп алмасып, әрі қарай батысқа Каспий қақпасы арқылы Шығыс Еуропаның далалық аймағына қоныс аударған (Мухажанова, 2018: 165). Ол туралы Византия деректері соның ішінде Менандр Протектор жазып қалдырған. Кейбір зерттеулерге қарағанда ғұндар сияқты аварлардың наным-сенімдері шаманизм мен пұтқа табынушықпен байланысты болды, соынмен қатар руникалық жазуды меңгерді. Алайда, IX ғасырда аварлар біртіндеп тарих сахнасынан шығып қалды, олардың орнын шығыс жақтан келген мажарлар басты. Мажарлар кейбір жерлерде оқшау жатқан ерте түркілік шағын топтарды сіңіріп алуы да мүмкін.  

Осылайша ежелгі мажарлармен түркі тайпаларының ең алғашқы байланысы ерте темір дәуіріндегі ғұн-сармат, содан кейін ерте орта ғасырлар бас кезіндегі авар дәуірінен басталады деп топшылауға негіз бар.

Ерте орта ғасырларда қазіргі Венгрия аумағына мажарлар өздерінің ата қонысынан көшіп келді. Осыған сәйкес көптеген зерттеушілер IV-V ғасырларда угорлардың біраз бөлігі Батыс Сібірден батысқа қарай Орал маңы және Еділ бойына қарай көшкендігін топшылайды. Олардың құрамында венгрлердің ата тегі мажарлар да болып, кейін конфедерация құрады (Данилевский, 2014: 21-23). Тағы бір ғылыми жорамалдар бойынша мажарлар Еділ мен Мұғалжар таулары арасында мекендеген. Ерте ортағасырларда ықшамдалып орналасқан мажарлардың территориясы Еділ бойында Еділ Бұлғариясымен шектесті. Бұл қазіргі Башқұртсан территориясына сәйкес келеді. Бұл башқұрт, бұлғар және мажарлардың этникалық паралельдерін көрсетеді (Данилевский, 2014: 24-28). Мажарлардың бұл тарихи үрдістері ортағасырлық араб және парсы деректерінде яғни тарихи-географиялық еңбектерінде көрініс тапты. Бұл деректер топтамасында мажарлар жөнінде қысқаша ғана мәліметтер берілгенімен жалпы, VIII-IX ғасырлардағы тарихи жағдайды түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, деректерден байқалатыны мажарлардың осы кезеңдерде Сырдария мен Арал маңы далаларында мекендеп, Каспий маңы мен Оңтүстік Оралға дейін барғаны белгілі болып отыр.

VIII ғасырдың басы мен IX ғасырдың басында қыпшақтардың батысқа қарай көшуі басталды. Бұл көш соның ішінде Оңтүстік Оралды да қамтыды. Көштің бұл бағыты жөнінде Ибн Русте, «Худуд әл-аламда», әл Бакри, Гардизи, әл-Маркизилер жазады (Заходер, 1962: 280). Мұнда қыпшақтарды печенегтердің шығыс және солтүстік көршілері ретінде қарастырылады. Бізге белгілі болғандай печенег тайпалары VIII-IX ғасырларда Сырдария және Арал даласында мекендеген. Осыған орай Оңтүстік Оралдағы қыпшақтар мажарлармен этносаяси және этномәдени байланыста болғандығы тарихи шындыққа сәйкес келеді.

895 жылы Еуразия даласынан құтты мекен тапқан мажарлар Солтүстік Кавказ бен Қаратеңіз жағалауы арқылы Дунай мен Тисса өзендері алаптарына орнығады. Тұрмыс-тіршілік пен шаруашылыққа қолайлы болған осы мекенде мажарлар көп ұзамай өз мемлекетін де құрады.

Мажарлар батысқа көшкен кезде барлық мажарлар үдере көшкен жоқ десе болады. Олардың біраз бөлігі Еділ даласында қалып қойды. 889 жылы печенег тайпалары мен өзге түркі тайпалары оғыздардың қысымымен Каспий және Арал маңынан ығыстырылды. Олардың негізгі бөлігі Шығыс Еуропа жеріне қарай көшті. Нәтижесінде қыпшақтар мен оғыздар Жайық (Орал), Жем, Арал және Каспий маңы даласында мекендеп қалды (Акишев, 1978: 129). Осы кездері Еділ-Орал аймағындағы негізгі этногенетикалық үрдістер қыпшақ, кимек, оғыз, печенег, башқұрт, бұлғар, мажар және алан тайпалары арасында жүргізілді.

XI ғасырдың бірінші жартысында Орталық Азиядағы этноконсолидация үдерістері қыпшақтар қолына өтеді. Олар ұлан-ғайыр аймақта негізгі күшке айнала бастады. Әсіресе Ертіс пен Еділ арасындағы кең аймақта қыпшақтану үрдістері кеңінен жүріп жатты. Мұндай тарихи-этникалық үдеріс осы территорияда қыпшақтардың саяси-әскери үстемдікке жетуінің нәтижесінде жүзеге асқан еді. Қыпшақтардың саяси гегоменоиясы ортағасырлық дереккөздерінде де аталады. Мысалы, Махмұд Қашғари өз еңбегінде «Еділ – қыпшақтар еліндегі өзен аты» деп анықтама берген. Осыдан-ақ қыпшақтар аталған аумақта негізгі күш болып тұрғандығын нақты аңғарамыз.

Сонымен қатар, бұрынғыдай Еділ бойымен мажарлардың көш жолдары, сауда-байланыс жолдары жүріп жатты. Бір-бірінен қашықтау жатса да, Еділ мен Дунай арасындағы байланыс үзілмеді. Мұндай саяси-мәдени байланыстар үш ғасырға дейін созылды деуге болады. Шығыста қалып қойған мажарлар өздерінің алыстағы батысқа қарай көшкен туыстары жөнінде үнемі хабардар болып отырды. Мәселен, 970 жылға қарай Токшун князінің тұсында алыстағы Еділдегі Бұлгариядан Венгрияға Бикл мен Бокша князьдері бастаған көптеген адамдар келеді. Олар Пеште қоныстанды. ХІІ ғасыр ортасында Венгрия ірі қалаларында үш жылға жуық араб көпесі, саяхатшы Гренадыдан шыққан Әбу Хамид әл-Гарнати өмір сүрді. Әсіресе оған Еділдің жолы өте таныс болды. Ол өз ұлын Венгрияға тастап (Ункария) Еділге аттанды. Сонымен қатар, «Ежелгі және Ұлы Венгрияның» ұрпақтары туралы соңғы ақпаратты табу мақсатында доминикандық Юлиан Шығысқа саяхат жасаған болатын. Ол 1236 жылы Үлкен Еділ өзенінің жанынан көшпенді шығыс венгрлерін кездестіреді. Олар мажар тілінде сөйлеген. Юлиан олардың пұтқа табынғандығын, жылқы мен қаруға бай екендігін және де өте жауынгер халық болып табылатындығын атап өткен (Осипенко, 2010: 119-125). Алайда кейіннен олар моңғол шапқыншылығының қысымынан Еділден батысқа қарай қоныс аударуға мәжбүр болады.

Қалай болғанда да мажарлардың түркілік халықтармен байланысы ерте орта ғасырлардың соңына қарай біршама қарқынды түрде дамыды. Бұл кезеңде олар қыпшақтармен, кумандармен тығыз саяси-тарихи байланысқа түскен болатын. Қыпшақтардың ғасырлар бойы созылған мажарлармен этно-саяси байланыстары әсіресе Еділ-Орал өзенінде кеңінен қанатын жайды. Монғол дәуірінде мажар тайпалары қыпшақ конфедерациясының құрамына кірді. Бұл туралы деректер қазақ генеалогиясы (шежіреде) сақталған. Қазақ халқының рулық-тайпалық құрылымында Орта жүзде «қыпшақ» тайпасы бар. Соның ішінде «мадияр» этнонимі рулық бөлімше ретінде тіркелген. Орта жүзде мадиярлар арғын тайпасының құрамында да атап өтіледі. 1967 жылы венгр ғалымы Тибор Тот арғын-мадияр этникалық тобына қатысты материалдарды зерделеді. Қазақ халқын антропологиялық зерттеу арқылы арғын-мадиярдың қыпшақпен морфологиялық ұқсастығын дәлелдеуге мүмкіндік берді. Бұл зерттеулер Торғайдағы Сары-Қопа аймағында жүргізілді (Тибор, 1986: 64-68). Мажарлардың арғындар арасында ХVІ ғасырдан бұрын пайда болғанын нақты айту қиын. Кейбір мәліметтерге қарағанда ХІV-ХV ғасырларда арғындардың бір бөлігі оңтүстіктен солтүстікке қарай қоныс аударады. Соның нәтижесінде ХVІ ғасырдан бастап Есіл мен Торғайда орналаса бастады. Әсіресе осы кезең өзара әрекеттесудің көпжақты процестері байқалған уақыт ретінде белгілі болып отыр. Қыпшақтар пен арғындар құрамында мадияр этникалық топтарының пайда болуы ерте кездері орын алуы мүмкін екендігін де көрсетеді.

ХІ-ХІІІ ғасырларда мұсылман тарихи-географиялық дерекнамада қыпшақтардың этнонимі, тарихы, рулық-тайпалық құрамы туралы мәліметтер жиі ұшырасады. Араб жазба деректерінде қыпшақтардың 16 тайпалық құрамы туралы мәліметтер сақталған. Мәселен, Ахмад ат-Тинидің пікірінше осы тайпалардың ішінде алғашқысы буржоғлу болып табылады. Тайпалар тізімінде олар алтыншы орында тұр. Соған қарамастан батыс Дешті-Қыпшақ қыпшақтарының конфедерациясында ибн Халдун бойынша буржоғлулар үшінші орында тұр. Бұл олардың билеуші тайпа ретінде таныла бастағанын көрсетеді. Бұл элиталық тайпаның рөлі Мысырда арта түсті. Яғни мәмлүктер мемлекетінде осы қыпшақтарды қолдады. Олардың ішінен мемлекет басшылары сұлтандар шықты (Кумеков, 1990: 123). Ал, командар құрамында алғашқы орында борчол тайпасы тұрды. Бұл этникалық атауды зерттеушілер борчоглы-буржоғлы деп жалпылама түрде атайды (Аманжолов, 1959: 74). Осылайша буржоғлы тайпасының кейбір бөлігі Қазақстандағы қыпшақ руын және Венгриядағы кумандарды қалыптастыруға ат салысты. Яғни, осы тайпа басқаларына қарағанда мажарлармен тығыз этникалық қарым-қатынасқа түсті.

Біздің тарапымыздан қызығушылық тудырып отырған келесі бір этнонимнің атауы әд-Димашки бойынша журтан, Ахмад ат-Тини бойынша жартан деп аталады. Батыс қыпшақ бірлестігінде Ибн Думак бойынша журтан деп те беріледі. Осы тұрғыда алғанда бұл этноним жортан, журтан деп атала бергендігі белгілі болып отыр. Терминнің семантикасы түркі тіліндегі шортан сөзі болса керек. Венгриядағы бес тайпалы командардың ішінде оны жертан, чертан деген тайпа бар. Бұл да олардың тілінде балық атауын береді. Осы берілген этнонимдік ұқсастықтардан қазақ даласындағы қыпшақтар мен Венгрия кумандары арасындағы параллельдерді байқауға болады. Бұл екі тайпаның туыстық генетикалық жақындығын һәм тарихи тамырларын көрсететін сияқты. Біздің бөліп қарастырып отырған үшінші тайпамыз тарихи және танымдық тұрғыдан құнды болып табылады. Қыпшақ этнонимиясы тізімінің соңында зерттеушілердің пікірінше куманку деп оқылатын тайпа атауы кездеседі (Кумеков, 1990: 123). Бұл этнонимде куманлу этнонимін байқау қиын емес. Құрылымы жағынан куманлу қыпшақтардың әулеттік тайпалары болатын бөріліге ұқсас болып келеді. Бұл этнонимдердің өзгеріп берілуі дерек жасаушылардың қате жазуында болып табылады. Сондықтан куманлу тайпасын куман-лу деп бөліп қарауға да болады. Сондай-ақ, Ахмад Ат-Тини және ад-Димашкидің мәтіндерінде куман немесе куманлуды жеке этникалық бірлік ретінде қарастырады.

Бұл фактілер отандық және шетелдік тарихнамада кумандар мен қыпшақтардың біртұтас болғандығын дәлелдейді. Дегенмен, әдебиеттердегі куман терминінің қалыптасуы бірқатар пікірлерден тұрады. Оның ішінде бірқатарын келтіретін болсақ, мұндағы ең кең таралғаны куман атауының византиялық мұрамен байланысы. Осы сияқты тағы басқа пікір бойынша кумандардың шығу тегі Орталық Азиямен байланыстырылады және олардың өздерін кумандиндер қатарынан іздестірушілер де жетеді. Жалпы, кумандарды қыпшақ-половецтер деп те атаған жөн болар. Кумандардың шығу тегінің шығыстық концепциясы бойынша К.Менгес куман сөзінің алтай сөзіне жатқызады (Абуль-Гази, 1854: 143). Қазіргі таңда осы пікірлермен қоса басқа да көзқарастар белгілі болып отыр. Батыс қыпшақтарының қалыптасуындағы гипотезаларда негізінен куман сөзі көп қолданылады. Жекелеген ғалымдар, соның ішінде Әл-Марвази бойынша кумандарды сары атты халықпен байланыстырғанды жөн көреді. Қарастырылып отырған бұл мәселені куман-половецтерді қыпшақтар мен кангарлардың (қаңлылар) араласуынан, өзара ұйысуынан өрбітсек те болады. Көптеген ғалымдар куман мен кун этнонимінің бірдей мағыналас екендігін айтады. Барлық деректерді қарап отырсақ, қыпшақтар мен кумандардың ортақ жақындығы көптеп табылып та жатады. Қалай қарасақ та қыпшақ пен куман терминінің өзара жақындығы жөнінде тарихнамада бірнеше мәселелер көтерілген. Сонымен қатар, кумандар мен қыпшақтардың бірегейлігіне қарсы пікірлер де қалыптасқан. Соның алғашқысы болып, П.Пельо қыпшақтар мен кумандардың өзара жақындығы жоқ деген тұжырым жасайды. Алайда, К. Цегледи куман атауын қыпшақ конфедерациясының бір тайпасына берілгені ретінде қорытынды жасайды. Алайда, бұл құнды тұжырымдар тек сөз арасында ғана айтылып отыр, оны келешектегі нақты зерттеулерде арнайы түрде қарастырған жөн.

Батыс Қазақстанды мекендеген кумандардың этникалық тұтастығы жөніндегі мәліметтерді ортағасырлық араб географтары әл-Идриси (XII ғ.), Ибн Саид (XII ғ.) және Әбу-л-Фиды (XIV ғ.) деректерінен кездестіреміз. Деректерді қарап отырсақ, кумандар Солтүстік Арал маңы мен Оңтүстік Орал тауы маңын мекендеген. Олардан оңтүстікке қарай оғыздар тіршілік еткен, батысында печенегтер, солтүстік-батысында бұлғарлар, солтүстік-шығысында қыпшақтар қоныс тепкен. Бұл жерде байқайтын болсақ, кумандар оғыз, кимек, печенег, бұлғарлар сияқты жеке этнос ретінде қарастырылған. Дерек мәтініне текстологиялық және картографиялық тұрғыда сараптама жасау ортағасырлық авторлардың X ғасырдағы кумандар жөнінде жазғандығын айғақтайды (Дьяконов, 1981: 9). Әл-Идриси кумандардың бірнеше бірлестігін атап өтеді: Еділ бұлғарларымен көршілес Сыртқы Кумания, одан әрі Ақ Кумания және Қара Кумания деп бөліп қарады. Ол өз территориясына Русь, бұлғар жерлері және Македония және т.б. Кумания территориясын қамтыды. Кумандардың ең батыс бөлігі Днепрден Днестрге дейін созылып жатты. Кейбір батысеуропалық деректер бойынша XI ғасырдың 70 жылдары кумандардың бірқатар тайпалары Дунайға дейін жеткен. Бұл жерден кумандардың көш жолдары Днепр мен Днестр аралығын қамтығанын көрсетеді. Ал, Днепрдің шығысында қыпшақ тайпалары мекендеді.

Кумандар мен қыпшақтардың біраз бөлігі моңғолдардың ығыстыруымен 1239 жылы Венгрияға қоныс аударды. Венгриядағы кумандар арасында жазба деректерде байоло, капшаг, табоны, тазлар сияқты ұқсас этнонимдер кездеседі. Мұндай этнонимдер қазақтың Байұлы, Қаңлы, Қыпшақ, Табын, Таздар сияқты ру аттарымен сәйкес келеді (Боталов, 2013: 11-15). Отандық этнографтар да бұл рулардың қазақ арасында ертеден жасап келе жатқандығын нақты атап кеткен (Арғынбаев, Мұқанов, Востров, 2013: 384).

Надкуншах (Үлкен Кумания) және Киишкуншаг (Малая Кумания) секілді Венгрияның тарихи облыстарында куман-қыпшақтарының біраз этно топтары сақталған. Атақты ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің айтуы бойынша сол жердің жергілікті халқы арасында токсоба, тортул, баяндур және печене сияқты элементтер сақталған екен. Тоқсоба тайпасы ірі тайпалардың басы ретінде белгілі. Оның семантикасы тоғыз ру дегенді білдіреді (Аманжолов, 1959: 123). Бұл атау қазақ рулары ішінде сақталып қалған. Кіші жүздің Байбақты руында тоқсоба руы кездеседі.

Кумандар арасындағы туртул этнонимі XI-XII ғасырларда Дешті-Қыпшақтың рулық құрылымында да кездесіп жатты. Қыпшақтардың шығыс конфедерациясында дурт-дурут деп берілген. Жалпы, дурут тайпасының этнонимінде сандық мағына жатыр деген зерттеушілер ойын құптауға болады. Ол төрт рудың бірлігі ретінде қарастырылады (Кумеков, 1972: 44). Бұл Кіші жүздегі төрт қара руымен сәйкес келеді. Ал, тортул руы арғындар және наймандар арасында Орта Жүзде де кездеседі.

Венгриядағы кумандар тайпасының құрамындағы печенегтер Қазақстан территориясындағы қыпшақтар арасындағы базанак және бажна этнонимдерімен байланысты. Сонымен қатар, ортағасырлық Қазақстан территориясында баяндур атты тайпа өмір сүрді. Ол жеті тайпалы қыпшақ тілді кимектер құрамына кірді. Олардың орналасқан жері Ертіс өзенінің орта алабын қамтыды. Сондай-ақ, баяндурлар IX-X ғасырларда Сырдың төменгі ағысында оғыз тайпалары құрамына кірді.

Ерте ортағасырлық дереккөздері мен қазақ шежіретануы негіздері бойынша венгрлер мен түркі халықтарының арасындағы этнонимиялық параллельдер анық байқалады. Мұның өзі ерте орта ғасырларда халықтар арасында өзара этномәдени үдерістер орын алғандығын нақты көрсетеді. Сонымен қатар, жоғарыда дереккөздерден байқап отырғанымыздай мажар, қыпшақ, куман, кимек және қазіргі қазақ халқының ішіндегі рулар ежелгі дәуірлер мен ортағасырлық тарихи кезеңдерде өзара ықпалдастыққа түскен. Тіпті белгілі бір кезеңдерде туыстас халықтар ретінде де танылған.

Қорытындылай келе, мажар этнонимі мен Мажар патшалығының құрылу алғышарттары ұзақ кезеңдер мен күрделі үрдістерді қамтыды. Бұл әртүрлі ортағасырлық деректерде берілген. Сонымен қатар, мажарлардың тарих сахнасына көшпелі мәдениет арқылы шығуы Еуропа халқы үшін ғұн, авар сияқты халықтардың патшалығының жалғасы ретінде қарастырылды. Олардың жергілікті халықтармен этномәдени байланыстар орнатуы өз кезегінде мажарлардың христиандануына алып келді. Нәтижесінде Дунай бойындағы мажарлар екі тарапқа бөлінді бірі христиан мажарлар болса, кейінгісі дәстүрлі мәдениетті ұстанушы мажарлар болды. Христиандану үдерістері мажарлардың этногенезінде халықтың ұйысуына кеңінен жол ашты. Бұл мемлекет ішіндегі бірқатар, реформалардың жүргізілуіне жағдай жасады. Соның ішінде Мажар пашалығын құрушы Иштван I саяси реформалары мажар халқын Еуропаның саяси сахнасына белсенді ұлт ретінде алып шықты. Бұл Еуропаға кезең-кезеңмен қоныстанған көшпелілердің тұрақты мемлекет сақтап қалған этнос ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.

Әуел бастағы протомажарлар этногенезі Орталық Азия аумағындағы палеолметалл, ерте темір дәуірлеріндегі халықтармен тығыз байланысты. Алайда осындағы белгілі бір археологиялық мәдениеттерді протомажарларға телу әлі нақты шешімін таба қойған жоқ. Көпшілік концепциялар логикалық ойлау шеңберінде қалып отыр. Кейіннен мажарлардың этногенезі мен Мажар патшалығының құрылуы олардың күнделікті қаракеті мен шаруашылық жүйесіне тікелей байланысты болды. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүйе ұлттың ұйысуына жол ашқан еді. Сонымен қатар тілдік ерекшелік те, мәдени-тұрмыстық салт-дәстүр де уақыт өте келе мажарлардың этникалық өзгешеліктері мен идентілігін арттыра түсті. Дегенмен түркі тілдес халықтармен, соның ішінде қимақ-қыпшақтармен орын алған мәдени-тарихи байланыс олардың дүниетанымына, тіршілігіне және саяси тарихына, әсіресе этногенезіне өзіндік әсерін тигізген еді. Олар көшпелі мәдениеттің бір бөлшегі ретінде тарих сахнасында қалды.

Сайып келгенде, VII ғасырда мажарлардың Батысқа қарай көше бастауының бірден-бір себебі табиғи климаттық жағдайдан туындаған еді. Сонымен қатар, саяси факторлардың да өзіндік әсері болғандығын айта кеткен ләзім. Яғни, бірінші кезекте Орал өңіріндегі орманды алқаптардың ылғалданып, шаруашылыққа қолайсыздана бастауы болса, екінші жағынан Арал-Каспий аймағынан келген печенегтердің ықпалы өзіндік әсерін тигізді. Ал, осы кезде Батыс Сібірден келген угриндер де жергілікті көшпелі тайпалардың саяси-мәдени және тарихи-экономикалық ықпалына түсті. Нәтижесінде мажар этносы ірі миграциялық үрдістер нәтижесінде қалыптасты деуге болады. Сонда да болса ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, өзіндік этногенездік үдерістерін басынан кешірді. Батысқа қарай қоныстануға бет бұру және осы жолдағы ұзақ жылдарға созылған мәдени-этникалық үдерістер ұлттың ұйысуын, өзара ықпалдасуын жеделдете түсті. Әрі одан христиандану үдерістері де шет қала қойған жоқ.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Акишев К.А. Курган Иссык. Искусство саков Kазахстана. – Москва: «Искусство», 1978. – 132 с.

Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алма-Ата, 1959. – 452 с.

Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежіресі хақында. – Алматы: Ғылым, 2000. – 384 с.

Боталов С.Г. Некоторые аспекты уральской мадьярской проблемы // II-й Международный Мадьярский симпозиум: Сборник науч. тр. – Челябинск: Рифей, 2013. – С. 11-15.

Грудочко Иван В. Курганы с усами. Эпоха поздней древности и раннего средневековья урало-казахстанских степей (IV-VII вв. н. э.). – Будапешт: Martin Opitz, 2020. – 205 с.

Дульзон А.П. Этнолингвистическая дифференциация тюрков Сибири. // Структура и история тюркских языков. – Москва: 1971. – С. 206-207.

Дьяконов И.М. К методике исследований по этнической истории («киммерийцы»). // Этнические проблемы истории Центральной Азии в древности. – Москва: 1981. – С. 9-15.

Данилевский, Н.Я., Грот К.Я. О пути мадьяр с Урала в Лебедию. – Москва: Директ-Медиа, 2014. – 28 с.

Иванов В.А. Древние угры-мадьяры в Восточной Европе. – Уфа: Гилем, 1999. – 123 с.

История Абуль-Гази. Ч. 1. Библиотека восточных историков, издаваемая И.Березиным, профессором Казанского университета. Т. III. – Казань, 1854. – С. 201.

Заходер Б.Н. Каспийский свод сведений о Восточной Европе. Т.I. Горган и Поволжье в IX-X вв. – Москва: Издательство восточной литературы, 1962. – 280 с.

Кадырбаев М.К. Памятники тасмолинской культуры // МаргуланА.Х., АкишевК.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1966. – С.303-433.

Комар А.В. Древние мадьяры Этелькеза: перспективы исследований. Мадяри в Середньому Подніпровi. Археологія i давня історія Украіни. 2011. Вып. 7. – С. 21-78.

Кумеков Б. Об этническом составе кыпчаков ХІ – нач. ХІІ вв. по арабским источникам // Проблемы этногенеза и этнической истории народов Средней Азии и Казахстана. Вып.ІІ. – Москва, 1990. – С.123-124.

Кумеков Б.Е. Государства кимаков ІХ-ХІ вв. по арабским источникам. – Алма-Ата: Наука, 1972. – 156 с.

Құрманқұлов Ж.Қ, Байгунаков Д.С. Қазақстанның қола дәуірі (зерттелу тарихы мен негізгі мәселелері). – Алматы: «КИЕ» линговелтану инновациялық орталығы, 2008. – 192 б.

Мухажанова Т.Н. Еуропа мен тоғысқан авар қағанаты. Монография. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 165 б.

Осипенко О.О. Тема прародины венгеров в трудах востоковедов второй половины XIX – XXвв. // Ученые записки Казанского университета. Серия гуманитарные науки. 2010. Т.152. Кн. 3. Ч. 1. – С. 119-125.

Сулимирский Т. Сарматы. Древний народ юга России. – Москва: ЗАО Центрполиграф, 2008. – 191 с.

Тибор Тот. О раннем этногенезе венгерского народа // Известия Академии наук КазССР. 1968. Серия общестоведения. – №2. – С. 68-69.

Толеубаев А.Т. Раннесакская Шиликтинская культура. – Алматы: ИП «Садвакасов А.К.», 2018. – 528 с.

Тюрин А.М. Маджары Казахстана и их предки (геногенеалогический аспект). The Russian Journal of Genetic Genealogy (Русская версия). 2009. Т.1. – №1. – С. 56-61.

Тюрк А. Восточные корни древневенгерской культуры Х в. и средневековая археология Восточной Европы. Древности. Исследования. Проблемы. Сборник статей в честь 70-летия Н.П.Тельнова. – Кишинев, Тирасполь: Stratum Plus, 2018. – С. 423-434.

ЧернецовВ.Н., МошинскаяВ.И.В поисках древней родины угорских народов. По следам древних культур. От Волги до Тихого океана. – Москва: Государственное издательство Культурно-просветительской литературы, 1954. – C.163-192.

Юрасов М.К. Венгрия и русские княжества в ХІІ веке. Автореф. Дисс. докт. истор. наук: 07.00.02. – Москва, 2017. – 37 с.

References:

Akichev K.A. Kurgan Issik. Iskusstvo sakov Kazaкstana [Kurgan Issyk. Art of the Saks of Kazakhstan]. – Мoskva: «Isskysstvo», 1978. – 132 с. [in Russian].

Amanjolov S. Voproci dialektologi I istorii kazahskogo yazika [Issues of dialectology and history of the Kazakh language]. – Аlma-Аta, 1959. – 452 s. [in Russian].

Arginbaev X., Мukanov М., Vostrov V. Kazak chejireci hakinda [About the Kazakh shezhire]. – Аlmaty: Gulum, 2000. – 384 b. [in Kazakh].

Botalov S.G. Nekotorie aspekty uralskoi madiyarskoi problemy [Some aspects of the Ural Magyar problem].II-i Мejdunarodni Madiyarskii simpozium: Sbornik Naushych trudov. – Shelyabensk: Rifei, 2013. – S. 11-15. [in Russian].

Grudochko Ivan V. Kurgany s usami. Epokha pozdney drevnosti i rannego srednevekov'ya uralo-kazakhstanskikh stepey (IV-VII vv. n. e.). [Mounds with mustaches. The era of late antiquity and the early Middle Ages of the Ural-Kazakhstan steppes (IV-VII centuries AD)]– Budapesht: Martin Opits, 2020. – 205 р. [in Russian end Hungarian]

Dulzon.A.P. Etnolinqvisticheskaia differensassia turkov Sibiri[Ethnolinguistic differentiation of the Turks of Siberia]. Struktura i istoria turkskich iazikov. – Мoskva: 1971. – Р. 206-207. [in Russian].

Dyakonov I.M. K metodike issledovanii po etnisheskoi istorii(“kimmerіissi”) [On the methodology of research on ethnic history ("Cimmerians")].Etnisheskie problemi istori Sentralnoi Azii v drevnosti. – Мoskva:1981. – Р. 9-11. [in Russian].

Danilevskii N.Y., Grot K.Y. О puti madyar s Urala v Lebediy[On the path of the Magyars from the Urals to Lebedia]. – Мoskva:2014. – 28 р.

Ivanov V.A. Drevniye ugry-mad'yary v Vostochnoy Yevrope[Ancient Ugrians-Magyars in Eastern Europe]. – Ufa: Gilem, 1999. – 123 р.[in Russian].

Istoria Аbul-Gazi[History of Abul Ghazi]. Sh.1. Biblioteka vostochnih istorikov, izdovaiemaya I. Berezinim, proff. Kazanskogo universiteta.– Kazan: 1854.– Р. 201.[in Russian].

Zachoder B.N. Kaspiickii svod svedenii o Vostoshnoi Evrope[Caspian compendium of information about Eastern Europe]. Т.I. Gorgan i Povolje v IX-X vv. – Мoskva: Izdatelstvo voctochnoi literatyru, 1962. – 280 р. [in Russian].

Kadyrbayev M.K. Pamyatniki tasmolinskoy kul'tury [Monuments of culture tasmola].Margulan A.KH., Akishev K.A., Kadyrbayev M.K., Orazbayev A.M. Drevnyaya kul'tura Tsentral'nogo Kazakhstana.– Alma-Ata: Nauka, 1966. – Р. 303-433.

Komar A.V. Drevniye mad'yary Etel'keza: perspektivy issledovaniy [The Ancient Magyars of Etelkez: Research Perspectives]. Мадяри в Середньому Подніпровi. Археологія i давня історія Украіни. 2011. Vyp. 7. – Р.21-78. [in Russian].

Kumekov B. Ob etnishescom sostave kipshskov ХІ – nash. ХІІ vv. po arabskim istoshnikam [On the ethnic composition of the Kypchaks XI early – 12th century according to Arabic sources].Problemyetnogeneza i etnisheskoi  istoriinarodov Srednei Azii i Kazakhstana. Vup.ІІ. – Мoskva:1990. – Р. 123. [in Russian].

Kumekov B.Е. Gosudarstvo kimakov ІХ-ХІ vv. po arabskim istoshnikam [Kimak states of the IX-XI centuries according to Arabic sources]. – Аlma-Ata: Nauka, 1972. – 156 p. [in Russian].

Kurmankulov Zh.K, Baigunakov D.S. Kazakhstannyn kola dauіri (zerttelu tarihy men negіzgі maseleleri)[Bronze Age of Kazakhstan (history of study and main problems)]. – Almaty: "KIE" lingoveltanu innovatsionyalyk ortalygy, 2008. – 192 p.[in Kazakh].

Mukazhanova T.N. Eyropa men togiskan avar kaganati [Avar Khaganate at the intersection with Europe]. Monografia. – Аlmaty: Kazakh universityi, 2018. – 165 b. [in Kazakh].

Osipenko О.О. Tema prorodini vengerov v trudah vostokovedov vtoroi polovini XIX-XX [The theme of the ancestral home of the Hungarians in the works of Orientalists in the second half of the 19th – 20th centuries]. Uchenue zapisi Kazanskogo universiteta. Seria Gumanitarnuych nauk. 2010. T.152. Kn.3. Sh.1. – P.119-125.[in Russian].

Sulimirskiy T. Sarmaty. Drevniy narod yuga Rossii [Sarmatians. Ancient people of the south of Russia]. – Moskva: ZAO Tsentrpoligraf, 2008. – 191 p.

Tibor Tot. О rannem etnogeneze vengerskogo naroda [On the early ethnogenesis of the Hungarian people]. Isvestia Akademii nayk KazSSR. 1968. – №27. – P. 68-69. [in Russian].

Toleubayev A.T. Rannesakskaya Shiliktinskaya kul'tura [The Early Saka culture of Shilikty]. – Almaty: IP «Sadvakasov A.K.», 2018. – 528 p. [in Russian].

Tyurin A.M. Madzhary Kazakhstana i ikh predki (genogenealogicheskiy aspekt)[Majars of Kazakhstan and their ancestors (genealogical aspect)]. The Russian Journal of Genetic Genealogy (Russkaya versiya). 2009. T.1. – №1. – Р.56-61. [in Russian].

Tyurk A. Vostochnyye korni drevnevengerskoy kul'tury Х v. i srednevekovaya arkheologiya Vostochnoy Yevropy [Eastern roots of ancient Hungarian culture of the 10th century and medieval archeology of Eastern Europe]. Drevnosti. Issledovaniya. Problemy. Sbornik statey v chest' 70-letiya N.P.Tel'nova. – Kishinev, Tiraspol': Stratum Plus, 2018. – Р.423-434. [in Russian].

Chernetsov V.N., Moshinskaya V.I. V poiskakh drevney rodiny ugorskikh narodov[In search of the ancient homeland of the Ugric peoples]. Po sledam drevnikh kul'tur. Ot Volgi do Tikhogo okeana. – Moskva: Gosudarstvennoye izdatel'stvo Kul'turno-prosvetitel'skoy literatury, 1954. – Р.163-192. [in Russian].

Yurasov M.K. Vengriya i russkiye knyazhestva v ХІІ veke [Hungary and Russian principalities in the 12th century]. Avtoref. Diss. dokt. istor. nauk: 07.00.02. – Moskva, 2017. – 37 р. [in Russian].

МРНТИ 11.25.41 

ТЮРКСКИЙ КОНТЕКСТ В ЭТНОКУЛЬТУРЕ МАДЬЯР 

Т.Н. Мухажанова¹, Г.Е. Сабденова¹, Д.С. Байгунаков²* 

¹Казахский национальный университет имени аль-Фараби, Казахстан, Алматы 

²Казахский национальный педагогический университет имени Абая, Казахстан, Алматы

 *Корреспондирующий автор 

E-mail: tolkynm3010@gmail.com (Мухажанова), gulmiras2801@gmail.com (Сабденова), dosbol_bs@mail.ru (Байгунаков) 

Аннотация. Проблемам взаимоотношения мадьяр с другими народами, в том числе с древними тюрками Центральной Азии было уделено немало исследовательского внимания. Но основные этапы изучения отличаются тем, что многие вопросы рассматривается бессистемно. Даже в академических изданиях история раннего средневековья рассматривается как череда сменяющих друг друга племен или государств. И здесь вообще не упоминаются мадьяры, их особенности исторического развития оставались «за бортом». На современном этапе изучение проблем расселения тюркоязычных племенных союзов по средневековой Европе открывает новые возможности исследовательских научных изысканий по политической и этнокультурной истории тюркских народов. Проведение тщательного анализа междисциплинарных исследований дает также необходимую возможность изучения причин и последствий переселения мадьяр, одного из представителей тюркских племенных союзов с востока в степные районы Западной Европы. Рассматривается также процесс обоснования венгерского племенного объединения в X веке в районы Среднего Дуная, которое оставалось в течение долгого времени важным звеном кочевого процесса со времен раннего средневековья и непрерывного переселения многих тюркских племен в Европу. 

Ключевые слова: этнокультура, этногенез, этноним, христианство, ассимиляция, этноконсолидация, семантика, конфедерация.

IRSTI 11.25.41

TÜRKIC CONTEXT IN THE MAZHAR ETHNOCULTUR

T.N. Mukazhanova¹, G.E. Sabdenova¹, D.S. Baigunakov²*

¹al-Farabi Kazakh National University, Kazakhstan, Almaty 

²Abai Kazakh National Pedagogical University, Kazakhstan, Almaty 

*Corresponding author 

E-mail: tolkynm3010@gmail.com (Mukazhanova), gulmiras2801@gmail.com (Sabdenova), dosbol_bs@mail.ru (Baigunakov) 

*Corresponding author

AbstractThe issues of the relationship between the Magyars and other peoples, including the ancient Turks of Central Asia, received a lot of attention from researchers. But the main stages of the study differ in that many issues are considered haphazardly. Even in academic publications, the history of the early Middle Ages is seen as a series of successive tribes or states. And here the Magyars are not mentioned at all, their features of historical development remained “overboard”. Carrying out a thorough analysis of interdisciplinary research also provides the necessary opportunity to study the causes and consequences of the migration of the Magyars, one of the representatives of the Turkic tribal unions from the east to the steppe regions of Western Europe. The article also examines the process of substantiating the Hungarian tribal unification in the 10th century in the Middle Danube regions, which for a long time remained an important link in the nomadic process since the early Middle Ages and the continuous migration of many Turkic tribes to Europe.

Keywords: ethnoculture, ethnogenesis, ethnonym, Christianity, assimilation, ethno-consolidation, semantics, confederation.

Авторлар туралы мәлімет: 

¹Тарих ғылымдарының кандидаты, қауым. профессор 

¹Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент 

²*Тарих ғылымдарының докторы, профессор

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз