Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_1 ТҮРГЕШ ҰЛЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ ҚҰРАМЫ

Қ.Қ. Бекетай¹*. ¹Магистрант. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ. Қазақстан, Алматы қ. *Автор-корреспондент. E-mail: beketay.k@gmail.com, https://orcid.org/ 0000-0003-2696-2454

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_1 ТҮРГЕШ ҰЛЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ ҚҰРАМЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(28), 2021

Тегтер: Алаш этнонимі, Түргеш ұлысы, Түргеш-Алаш ұлысы, қазақ ру-тайпалары, этникалық тарих, Алаш чор, Түргеш-Алаш-чор, Түргеш қағанаты
Аңдатпа:
Мақалада Түргеш ұлысының тарихына қысқаша шолу жасалынып, бүгінде ерекше маңызы бар «Алаш» түсінігінің қалыптасу проблематикасы қарастырылады. Түргеш-Алаш синоним ретінде қолданылуы туралы ғылыми дискуссияның тұжырымдары жанданып үлгергендіктен, олардың әрқайсысын тереңірек ашып сипаттауға талпыныс жасалынған. Қытай жылнамаларындағы «Түргеш-Алаш-чор» деген түсініктің пайда болу себептеріне талдау жүргізіліп, зерттеушілердің көзқарастарын талдауға баса назар аударылған. Сонымен қатар, Алаш этнонимінің Түргеш ұлысында қолданылу аясы бойынша классификация жасалынып, түсініктеме берілген. Түргеш ұлысының этникалық тарихына қатысты зерттеулерге талдау жасалынып, Түргеш-Алаш ұлысы мен Алаш қауымдастығы немесе Қазақ халқының этникалық бастамасы түсінігіне анықтама беріліп, Т. Омарбеков пен Ә. Дәулетхан көзқарастары негізінде этникалық кесте қалыптастырылған. Мақалада Қазақ халқының қалыптасуындағы Алаш қауымдастығының орны мен маңызы сипатталып, тарихи рөлін анықтауға көңіл бөлінеді. Нәтижесінде, Түргеш ұлысы мен қазақ ру-тайпалары арасындағы бір тайпа бірлестіктерінің болғандығы айқындалып, салыстырмалы талдау жүргізілді.
Мазмұны:

Кіріспе. Тарих сахнасында әр халықтың өз өткенін, өз этносының тарихи ерекшеліктерін меңгеруге баса назар аударуы ұлт тарихы үшін де, жалпы тарихи зерттеулердің дамуына да өзіндік елеулі септігін тигізеді.

Бүгінде, жинақталған мәліметтер мен зерттеу нәтижелерінің біршама кең базасы қалыптасуының арқасында макро тарихи зерттеу жұмыстарының сипатынан микро проблематикаларға да мән беру деңгейіне өтуге бастама жасалуда.

Аталмыш өзгерістер тарих беттерін қамтитын «түркі дәуірі» кезеңіне қатысты зерттеулердің де жаңаша бағытта қарастырылуына түрткі болды. ХХ ғасырдың өзінде В.В. Бартольд: «түркі халықтарының тарихын зерттеу үшін тек қана түркітанушы болу жеткіліксіз, сонымен қатар зерттеуші өзі қызығатын тарихи кезеңіне байланысты синолог (қытайтанушы), арабтанушы немесе ирантанушы да бола білуі тиіс», - деп зерттеушінің жан-жақты болуына көңіл бөлген еді.

Отандық ғалымдардың алдына тарихты біріктіруші фактор ретінде қоғам сұранысы мен тарих ғылымының жаңа талаптарын түсінуге байланысты күрделі де жауапты міндеттер қойылуда.

Бүгінгі таңда қалыптасқан мемлекет кезеңінде тарихымызды заманауи ғылым биігінен ұғынып, тұтас ұлттық тарихи картина жасауымыз керек, – деді М.Тәжин зерттеу жұмыстарының келешегін айқындап.

Қазақстанның қазіргі аумағы көп жағдайда қазақ этносын құраған тайпалардың қоныстану аймағына сәйкес келеді. Ал бұл тайпалардың XV ғасырда бірден қалыптаса қоймағаны анық. Қазақ этносының қалыптасуы – бір мың жылдан астам уақытты алған, бірақ, өкінішке орай, жеткілікті түрде зерттелмеген процесс. Ғалымдар көне түркі даласындағы «Дешті Қыпшақ» жеріндегі ерте мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ халқының таралу аймағы, іргетасы қаланған жері, еуразиялық топонимика тарихы және т.б. сияқты күрделі де ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық ұстанымдардан әлі толықтай қарастырған жоқ.

Осыған байланысты, түркі дәуірінің бір бөлшегі Түргеш ұлысының Түргеш-Алаш-Чор деп аталуына қатысты ғылыми дискуссия туындатып жатқан мәселелерге жаңаша көзқарас арқылы зерттеу жүргізілді.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу жұмысының материалдарын ортағасырларға тән тарихшылардың еңбектері, қытай жылнамалары мен бүгінде, тақырып аясында зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбектері құрайды. Атап өтер болсақ, 2006 жылы жарық көрген Қытай жылнамаларының деректері, Т. Омарбеков (Омарбеков, 2011), Ә. Дәулетхан (Дәулетхан, 2005), М.Жолдасбеков пен Қ. Сартқожаұлы (Сартқожаұлы, 2003), (Сартқожаұлы, 2012) т.б. зерттеушілердің тұжырымдары, этнограф В. Радловтың «Алаш» туралы түсінігіне қатысты пікірлері (Радлов, 1963) мен Сорен Штарктың (Штарк, 2008) зерттеу жұмысы қарастырылады.

Жұмыстың теориялық және әдістемелік негізі арнайы және жалпы ғылыми зерттеу әдістерінің жиынтығы болып табылады. Жұмыстың әдістемесі объективтілік пен тарихшылдық принциптеріне негізделген. Объективтілік тақырып аясындағы көптеген ғылыми тұжырымдардың бар екендігін ескере отырып, соған сәйкес Түрік-Алаш мәселесіне қатысты ғалымдардың көзқарастарын жан-жақты айқындау мақсатында қолданылады.

Тақырыпты ашу мақсатында отандық және шет елдік ғалымдардың теориялық тұжырымдары пайдаланылған. Зерттеу жұмысы жалпы ғылыми (анализ, синтез, жалпылау және т.б.) және жеке ғылыми (тарихи салыстыру және мәліметтерді талдау) зерттеу әдістерін қамтиды.

Жұмыста тарихнамалық зерттеулерге тән бірқатар әдістер де негізге алынған. Соның ішінде, проблемалық әдіс Түргеш қағанатының тарихы мен қарастырып отырған кезеңдегі «Алаш», «Түргеш-Алаш-Чор», «Түргеш-Алаш ұлысы», «Түргеш-Халаши» немесе «Туциши Хэлоши» түсінігінің қалыптасуын ашып көрсету мақсатында таңдап алынған.

Талқылау. Зерттеу тақырыбына байланысты әр түрлі көзқарастар мен зерттеу нәтижелері қалыптасқан. Қазақ халқының ерте замандардағы тарихына қатысты көптеген деректік жазбалар қытай жылнамаларында сақталғаны белгілі. Бұл дереккөздерді қытай тілінен тікелей оқып, өз зерттеулері арқылы қазақтың көне тарихын қайта жаңғыртуға үлес қосып жүрген Шыңжандағы қазақ зерттеушілері түргештер жөнінде нақты деректер келтіріп өтеді. Түркештердің ішінде Алаш чор (кейде Қалаш чор деп аталады) деген әскери қолбасының ұлысы Алаш деген атпен ортаға шыққанын жеткізеді. Осыған орай Алаш чорға бағынған ел кейде Түркеш-Алаш ұлысы деп те аталғанға ұқсайды. Т. Омарбеков те Алаш атауының тұлғаға байланысы болуы мүмкін екенін алға тартады (Омарбеков, 2011). Оның көрсетуі бойынша Түргеш қағанатының негізін қалаушы Өжелі (У Жило) чор лауазымына ие болып, билеушілікке әлі келмей тұрған кезінде Алаш чор аталуы әбден мүмкін.

Сорен Штарк болса, Туциши хэлоши лауазының берілуі мен аталмыш сөз тіркесінің қытай жылнамаларында кездесуін атап өтеді. Ал, жылнамаларға сүйенсек, арнайы бөлінген аймаққа (оң қанатқа) ерекшелеп Туциши хэлоши атауы берілген (Штарк, 2008: 160:).

Мәселенің байыбына тереңдеп барар болсақ әскери қолбасы – «чор» деңгейіндегі, екінші қатардағы, «аласа» бейне ретінде сипатталады.

Талас Омарбековтың пікірінше, «алаш» атауы алғаш жеке адамға қолданылып, кейініректе ұлысқа таңылуы да әбден мүмкін. Түргеш ұлысына байланысты айтатын болсақ, жеке адам атының кейін ұлысқа таңылғанын байқауға болады. «Алаш» («баспана, кіші одақ») деген ұғымды қолданған түргештер оны өздерінің ұлысына қамқоршы тарихи тұлғаға есім ретінде беріп, ал бұл кейінірек ұлыс атына ұласса керек.

Бұдан бөлек Түркеш қағанатының этникалық тарихына қатысты Ю.А. Зуев, В.В. Бартольд, Т.А. Акеров пен Ә. Дәулетхан, Т. Омарбеков сынды зерттеушілердің көзқарастары қамтылып өтіледі. Алғашқы үшеуі түргештер құрамындағы тухси мен ази тайпалары туралы пікірлерін ұсынса, соңғылары Түргеш ұлысы мен қазақ халқының этникалық негіздеріне ерекше тоқталып өтеді.

Зерттеу нәтижелері. Таң әулетінен тәуелсіздікті VII ғасырдың аяғында Өжелі қаған қалпына келтірді. Нәтижесінде, Түргештердің тайпалық бірлестігі тарихи аренаға шығады. Түргеш термині («түрік және түргеш елі» тіркесінде) туралы алғашқы сөз 629 жылғы оқиғаларға байланысты кездесе бастайды. 651 жылы Түргеш-халач тайпасы Батыс Түрік қағанатының сол (шығыс) қанатындағы бес тайпаның ішінде төртінші орында болды. Түрік қағанаты тұсында (VI-VII ғ.) олар негізінен Жетісу мен Тянь-Шань жеріне қоныстанды. Дулу мен нушиби арасындағы күрестің шиеленісіп, Батыс Түрік қағанатының әлсіреу кезеңінде түргештер саяси аренаға көтеріледі.

Сақалдың мұрагері тұсында түргештер 708 жылы Ансиді басып алып, Таң әскерлері біршама жеңіліске ұшырады, жалпы Қашғариядағы жағдай таң жаулаушыларына қолайсыз болды. 706-711 жылдары түргештер Қытай қолдаған Шығыс Түрік қағанатына қарсы көтеріліс жасайды. Бірақ түргештердің өздері арасында бірлік болмағандықтан Сақалдың інісі Чжен оған қарсы шығып, Шығыс Түрік қағанатының билеушісі Қапағанды көмекке шақырады. Қапаған қаған алдымен чик, ази, қырғыз, одан кейін түргеш тайпаларына қарсы 20 мыңдық әскерді басқарады. 711 жылы Шығыс Түрік қағанатының әскерлері Болшу көлі маңында түргештерді талқандап, Сақал қаған өлім жазасына кесілді. Чабын Чор Сұлуқ (Сұлу) бастаған түргештер Тохаристан жеріне шегінуге мәжбүр болды. Аз уақыттан кейін Чабын Чор Сұлуқ 716 жылы өзін қаған деп жариялап, бүкіл әскери-әкімшілік билік қайтадан түргештердің қолына өтіп, Тараз қаласы негізгі қонысқа айналады. Орта Азиядағы арабтарға қарсы көтерілістер кезінде Сулұқтың көмегімен Соғды азат етіліп, тек 732 жылы арабтар Бұхараны қайтадан басып алды. Бес жылдан кейін Сұлуқ Тохаристан билеушісіне (Әмудария жоғарғы ағысы) көмекке келіп, арабтарды ығыстырып, Сұлудың әскерлері елде шашырап кетеді. Шашыраған отрядтар арабтардан жеңіліске ұшырап, бұл жағдай түргештер көсемінің өміріне әсерін тигізді. Сұлуды оның қолбасшысы Бағатархан өлтіріп кетеді. Ал, батылдығы мен қорықпайтын мінезі үшін арабтар Сұлуды Әбу-Музахим (соғу) деп атаған. Оның ұлы қысқа билік құрғаннан кейін «сары» және «қара» түргештердің 20 жылға созылған күресі басталады. Осылайша, Батыс Түрік қағанатының түпкілікті ыдырауы аяқталып, 746 жылы қарлұқтар Жетісу мен Алтай жеріне жылжи бастайды.

751 жылы Талас өзені бойындағы Атлах деген жерде екі орасан зор араб және қытай әскерлерінің қатысуымен елеулі шайқас болды. Ұрыс 5 күнге созылып, ондағы шешуші рөлді қытай әскерлерінің тылынан соққы берген қарлұқтар атқарды. Олар арабтар жағына өтіп, шайқастың тағдыры шешілді. Бұл шайқастың маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес – бұл Қытай әскерлерінің соңғы басқыншылық шабуылы болды, содан кейін Тан империясының Орталық Азия мемлекеттерінің ісіне араласуы тоқтатылды. Арабтар Шаш қаласына қарай одан әрі жылжып, кейіннен бұл аумақта қарлұқтардың ықпалы күшейіп, 766 жылы саяси билік олардың қолына өтті.

Түргештердің этникалық тарихына көңіл аударар болсақ, түргештердің қағанаты Батыс Түрік қағанатының территориясында құрылғандықтан, олардың этникалық құрамын «он оқ халқы» құрады. Қытай деректеріне сүйенсек, Батыс Түрік қағанаты 10 ұлысқа бөлініп, қаған әр ұлыстың басшыларына бір-бір оқтан сыйлағандықтан қағанат «он оқ елі» деп те аталған. «Он оқ» өз ішінен сол және оң қанаттарға бөлініп, сол қанаты Бес түрік ұлысы, оң қанаты Бес нүшбе ұлысы аталған (Ұлы түрік қағанаты: Қытай деректері мен түсініктер, 2006: 362). Осыдан, Түргеш қағанаты «он оқ елі, он тайпа, он жебе қағандығы» деген атаулармен де сипаттала бастайды.

Тарихшы Нығмет Мыңжанның тұжырымдауынша, түргештер – Батыс түрік қағанатындағы бес түрік дулудың белді тайпасы, ежелгі үйсін дулы ұлысының ұрпағы. Шежірелік деректерде олар «сары үйсін» деген атпен белгілі (Мыңжан, 1994: 126).

Жоғарыда аталған тайпалардың бөлінісін Ә. Дәулетхан нақты жіктеп көрсетеді. Қытай деректеріне сүйене келе, ол «Көне Таңнаманың» бір бөлімінде аталмыш он оқ еліне кірген тайпаларға: дулу, нушбе, қарлық, шымыр, еурғұл, қатарлы тайпалар бар» деп талдайды. Алайда, Естеми қаған мұрагерлері кезеңінде бұл «он оқ бұдұн» өз ішінде бес дулатты бес шор (чор), бес нүшбені бес еркін билейтін болып бөлінеді. Сонда, жоғарыда қамтып өтілген қалған тайпалар ығыстырылып, бағынышты рулар қатарына жатқызылғандығы көрсетіледі (Дәулетхан, 2005: 34).

Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректеріне сүйенер болсақ, түрік «чор» басқарған бес ұлыстан құралды: Шөмекен Лы чор, Күлік Күл чор, Шеп-шад Тон чор, Түргеш Қалаш чор (деректе түргештердің ұлысы бірде Алаш, бірде Қалаш деп көрсетіледі), Шаныш Шопан чор. Нүшбе бес іркін болды: Ескіл Күл іркін, Қасу Күл іркін, Барсыған Тон Ышбара іркін, Ескіл Низек іркін, Қасу Шопан іркін еді. Сонымен қоса, бұлардың өз ұлыстары болды деп көрсетіледі (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері, 2006: 143). Деректе алдымен тайпа аттары, одан соң тайпа билеушісінің есімдері, содан соң олардың лауазымдары қоса жазылған. Бұл жөнінде, тарихшы Н. Мыңжан «Жұңғо тарихи сөздігі, түрік тарауына» сүйене отырып, бес түрік дулудың тайпалық құрамының тізімін береді де (Түркеш-Алаш-чор ұлысы, Қойлау-Күлік-чор ұлысы, Чимойын-Лұй-чор ұлысы, Ысты-Тон-чор ұлысы, Жаныс-Шопан-чор ұлысы), мұндағы түркеш, қойлау, шимойын, ысты, жаныс – тайпа аттары, Алаш, Лұй, Күлүг, Тон, Шопан – тайпа билеушілерінің аттары, ал чор – олардың лауазымы деген пікір білдіреді (Мыңжан, 1994: 121).

Ал, зерттеуші Әлімғазы Дәулетхан өз еңбегінде он оқ халқының тең жартысын құраған бес түрік дулу тайпаларының Жетісу мен Жоңғария және Тарбағатай мен Еренқабырға өңірін жайлағанын айта келіп, олардың этникалық құрамын мекендеген жер аумағымен қатар былайша жіктеп көрсетеді:

1. Чимойын (Шу му кун) Лүй чор ұлысы – Тарбағатай аймағын мекен етті.

2. Қойлау (Ху лу шы) Күлүя чор ұлысы – Манас өзенінің солтүстігі мен батыс аймағында.

3. Ысты (Ше шы ти) Тон шор ұлысы – Бұратола өзені аңғарын мекендеді.

4. Түркеш Алаш шор (ту ши шы хе ло шы) ұлысы – Іле өзенінің орта және төменгі аңғарының терістік беткейінде.

5. Жаныс Шопан чор (Шу нишы Шубан) ұлысы – Қарашәр мен Жұлдыз өзені аңғарында мекен етті.

Сондай ақ, жоғарыда аталған бес тайпалы нүшбенің барлығы да Шу мен Таластың Батыс оңтүстігін мекендегенін жазады (Дәулетхан, 2005: 38-39). Сонымен қатар, «бес түрік дулудың іргелі тайпаларының бірі түргештер – үйсін-дулы ұлысының ұрпағы, шежіре деректерінде айтылатын сары үйсіндер екі мың жылдан бері Жетісу өңірін қоныс аудармай өмір сүріп келгені, қазақ халқын құраған ежелгі ру-ұлыстардың бірі ретінде күні бүгінге дейін ата қонысында отырғаны баршаға мәлім. Қазіргі таңда, мұны антропологиялық зерттеу жұмыстарының өзі де дәлелдеп отыр» деп қорытындылайды (Дәулетхан, 2005: 48).

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылап өтер болсақ, түргештер тарихы қазақ халқының этникалық әрі саяси бастауларының бірі деп тұжырымдауға толық негіз бар. Ал, қазақ үшін киелі ұғымдардың бірі «Алаш» сөзінің сонау ерте замандарда қолданылуы және қытай деректерінде көрсетілуі қағанат дәрежесіне жеткенге дейінгі түргештердің ұлысын басқарушы «чор» лауазымындағы әскери қолбасының есімімен тікелей байланысты болғанын көреміз.

Орыс түркітанушысы Ю.А. Зуев өзінің «Ранние тюрки» атты еңбегінде түргештердің өз қағанатының негізін қалаушылары қайдан шыққандығы нақты деректерде көрсетілмесе де, жанама деректер арқылы сөз қозғауға болатынын көрсетеді. Сәйкесінше, Гардизидің «Зайн ал-ахбар» шығармасының ХVІІ-бөлімінің соңында «түргештер екі тайпадан тұрады», - деп көрсетеді. Кейін, «Худуд ал-алам» мен «Диуани лұғат ат-түрік» еңбектерін талдау арқылы, аталмыш екі тайпаның: «тухсийцы» және «азийцы», яғни тухси мен ази тайпалары екендігі айқындалады (Зуев, 2002: 145). В.В. Бартольдтың «Общие работы по истории Средней Азии. Работы по истории Кавказа и Восточной Европы» атты еңбегінде де «түргештердің бір бөлігі тухсийлер (түргештердің екінші бір тармағы жоғарыда аталған азийлер) Шу өзенінің жағасында өмір сүрген», - деген мәліметтер кездеседі (Бартольд ,1963: 492). Т.А. Акеровтың монографиясында да «Мүмкін сондықтан да, Қарлұқ мемлекетінің құрамында түргештердің көрінісі азы мен тухси тайпалары болған», - деген пікірін байқай аламыз (Акеров, 2012: 25). Зуев болса, аталмыш мәселені одан әрмен талдай келе, тухси этнонимін тоқсоба (токсоба) этнонимімен байланыстырады (тухси-оба). Сонымен қатар, «Қазақтар этнонимнің өзін де сақтаған, қазақтың Кіші жүзіндегі байбақты руының бір тармағы тоқсоба деп аталады»,- деп те корсетеді (Зуев,2002: 148).

Аталмыш зерттеулердің мәліметтері бойынша қорытынды жасасақ, онда түргештердің тухси тайпасы кейінірек қарлұқтардың қарамағына қосылып, кейін тіпті қазақтың Кіші жүзіндегі байбақты руына кіргендігі туралы пікір қалыптастыра аламыз.

Ә. Дәулетханның еңбегінде қамтылып өткен тағы бір маңызды мәлімет осы Түргеш ұлысына кіретін тайпалардың үлкенді-кішілі толық қамтылуы. Оларды тарихшы қытай тарихшысы Лин Ганның дерегіне сүйеніп көрсетеді. Жоғарыда қамтып өткен 5 тайпа дулу мен 5 тайпа нүшебіні қосқанда 10 тайпа болса, келесілері төмендегі ретпен қамтылады:

11. Түркеш-Суөго-Мұһы (Сақал Баға) ұлысы (Іле өзенінің орта және төменгі сағасының терістік жағасында)

12. Қарлық-мұрын (муло) ұлысы (Зайсанның шығысы мен Ертіс өзенінің оңтүстік жағалауында)

13. Қарлық Чи-Еркін ұлысы (Мұрындардың шығыс оңтүстігінде)

14. Қарлық-тасты (Ге Лолу Та ши – мұрындардың батыс оңтүстігінде, оңтүстігі шимойындармен шектеседі)

15. Яғма ұлысы

16. Мұқы Тархан (Мохэ Даган) ұлысы

17. Ду Можы ұлысы

18. Чуми ұлысы (шөрелер)

19. Чу йо ұлысы (Үрімжінің Батыс оңтүстігінде)

20. Шато ұлысы (Баркөлдің шығысында)

21. Хеса ұлысы (Каспий теңізі маңында) (Дәулетхан, 2005: 40).

Т. Омарбеков осы Түргеш ұлысы мен кейінгі Алаш қауымдастығының қалыптасу аспектісін бір-бірімен тығыз байланыстырады. Соның аясында, этникалық тарихты келесідей жалпылама кезеңдерге бөліп көрсетеді:

1-кезең

арғытүріктер (прототүріктер) дәуірі, бұл б.з.д. ІІ мыңжылдықтан VI ғасырдың ортасына дейінгі уақыт;

2-кезең

түркілік кезең (түрік Дулулардың, Телелер одағының, Сіренда бірлестігінің және қағанаттар құрылымындағы рулық-тайпалық бірлестіктердің өмір сүрген уақыты).

VІ ғасырдың орта шенінен ІХ ғасырдың орталарына дейін;

3-кезең

арғы қазақтар (протоқазақтар) кезеңі (Қыпшақ, Найман, Дулат, Алшын, Керей, Қаңлы, Қоңырат, Жалайыр, Арғу және т.б. тарихи этнонимдердің елге кеңінен танылуы).

ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейін;

4-кезең

Алаш қауымдастығының қалыптасу кезеңі (Түргеш Алаш шор ұлысы — Үш сан Алаш мыңы — Алты сан Алаш — Он сан Алаш).

ХІІІ ғасырдың орталарынан ХV ғасырдың соңына дейін;

5-кезең

Қазақ қауымдастығының қалыптасуы (Қазақты құраған қырықтан астам тайпаның «Он сан Алаш» төңірегіне бас біріктіруі).

ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін.

Кесте 1  – Т. Омарбеков құрастырған этникалық тарихтың қалыптасу кезеңдері.

Тарихшының бөліп көрсетіп отырған кезеңдерінің ішіндегі 4-ші кезеңге мән беріп қарайтын болсақ, Түргеш-Алаш-Чор мен Алаш қауымдастығының арасында байланыс бар екендігін айқын көрсетіп тұр. Олай болса, бұл ұғымның қалай шыққандығын ашып талдап өтсек, Ә. Дәулетханның «Түркеш қағанаты» атты еңбегіне тағы көңіл аударамыз. Ол М. Ақынжанов пен басқа да зерттеушілер Түргештердің этникалық тарихына баса назар аудара отырып, осы кезеңді қазақтардың ұлт ретінде қалыптасуының алғашқы дәуірі ретінде сипаттауына тоқталып өтеді де, келесідей анықтамасын ұсынады: «...Қазақтың этникалық негізіне алғашқы бастама болған түргеш пен қарлұқ одағы еді. ...Түргеш қағанатының қарамағына болашақ қазақ халқының негізгі ру-ұлыстарының біршамасы бірікті. ...Түргештің құрамында үйсін (сары үйсін, қара үйсін)... Сары түркеш, қара түркеш, қаңлы, дулат, қарлұқ, арғын, қыпшақ ұлыстары болды» (Дәулетхан, 2005: 49). Тарихшы осы пікірге сүйене келе, ерте орта ғасырдағы этникалық тарихты  Т. Омарбеков сынды екі үлкен дәуірге бөліп қарастырады:

Кезең

Хронологиясы

Сипаты 

Ерекшелігі

1-кезең

б.з.б. V ғасырдан – заманымыздың VІ ғасырына дейінгі аралық

Қазақ халқының арғы тегі мен негізгі құрамына ұйытқы болған ру-тайпалар

Ұлан байтақ қазақ жерінде өмір сүріп, елдік салтанат құрған.

Тайпалық одақтар негізінде бірігіп-тіршілік ету барысында өзіндік нәсілдік белгілеріне, тұрмыс-тіршілігіндегі мәдениеті мен тілінде жақындық, ұқсастық көбірек болған.

2-кезең

VІ ғасырдан – ХІІІ ғасырдың басына дейін

Біртұтас мемлекет аясында бірігіп, ұлттық, халықтық белгілері айқындала бастаған кезең

Түрік қағанаты (Шығыс/Батыс түрік), Түргеш қағанаты, Қарлық қағанаты, Қарахан – қара қытай (қидан) хандықтары тұсында бір орталыққа бағынып, өмір сүрген. Нәтижесінде, бір-біріне жақындасып, этникалық бірігі жолына түскен. Алғашқы кезеңдегі ұқсастықтары азайып, халықтық, ұлттық қасиеттер орныға бастайды.

Кесте 2 –  Ә. Дәулетхан құрастырған этникалық тарихтың қалыптасу кезеңдері.

Түргештердің этникалық тарихының сипаттамасы міне, осындай болды. Енді, Түргеш-Алаш ұғымына қатысты толығырақ тоқталып өтсек.

Осы тұста «Түргеш-Алаш-Чор», «Түргеш-Алаш ұлысы», «Түргеш-Халаши» немесе «Туциши Хэлоши» сынды атаулардың қайдан шыққандығы туралы зерттеулер мен бүгінде қолданылып жүрген «Алаш» атауы сол кездің өзінде Түргеш синонимі ретінде пайдалануы мүмкін деген көзқарастар осы мәселе аясында ерекше қызығушылық тудырып келеді.

Қазіргі таңда, бұған байланысты орныққан тұжырымдар мен зерттеу нәтижелерін бірнеше көзқарастарға жіктеуге болады:

VІІІ ғасырдағы Бес түрік Дулу құрамындағы Түргештерді Алаш атты тарихи тұлғаның басқарғаны туралы көзқарас

Т. Омарбеков түргештердің билеушісі Үшеліктің (Өжелі) алғашқыда чор лауазымына ие болып, түргештерді билеп жүрген кезіндегі есімі Алаш болуы мүмкін деген тұжырымын ұсынады. Тарихшының айтуы бойынша, оған Үшелік деген есім қаған болып билікке келгеннен кейін ғана қосымша берілген болса керек. Т. Омарбеков өзінің бұл көзқарасын келесідей сипаттап береді: «Үшеліктің алғашқыда Алаш болғандығына бір дәлел ретінде  – Алаш чор Бес түрік Дулу қарамағындағы Түргеш аймағын басқарып тұрған кезде, осы Бес түрік Дулуға кіретін көршілес Қойлау деген ұлысты Күл чор билейтін. Үшелік Түргеш хандығына қаған болып билікке келген кезде осы Күл чорды қасына аламан сардар етіп алады. Алайда, Үшелік қайтыс болып, оның орнына баласы Сақал қаған тағына отырғанда Күл чор опасыздық жасап, оның көзін жою мақсатында қытаймен келіссөздер жүргізе бастайды. Жергілікті жерде, Сары түргештер ортасында ерекше беделі бар Күл чор Түргештердің Сақалдан кейінгі билеушісі Сұлуға (Сүлікке) да қолбасшы ретінде қызмет етіп, оның арабтарға қарсы бағытталған күресін басқарады. Мұның бәрі қытайдың жылнамаларында толығырақ көрсетілген» (Омарбеков, 2011).

Туциши хэлоши (Түргеш алашы) түсінігі

Американдық түркітанушы Сорен Штарк өзінің мақаласында түргеш қағанатындағы «Туциши хэлоши» түсінігінің болғандығын сипаттап, келесідей қорытындыға келеді: VII ғасырдың екінші ширегінде олардың жоғарғы көсемі Тукиси Хэлуоши чуо титулына ие болды, chuo иероглифі әйгілі түрік атауы чор дегенді білдіреді. Қалай болғанда да, VII ғасырдың екінші ширегінде жазба деректерде алғаш рет бірге кездесе бастаған Түргеш пен Халадж (хэлоши) Батыс түріктердің дулу қанатының құрамында біртұтас тайпалық бірлікті құрағанға ұқсайды (Штарк, 2008: 160-161).

Егер, Сорен Штарктың бұл көзқарасын талдайтын болсақ, қытай жылнамаларындағы мәліметтер арқылы бұл тұжырымды тағы да тереңірек аша аламыз. Ышбара (Шаболо кэхань) қаған оң қанатқа бес тайпаны жіктеп, тайпа басшыларына «чор» деген лауазымын береді. Сол қанатқа тағы бес тайпасын енгізіп, басшыларына іркін (сыңзинь) деген лауазымын береді. Түрік хандықтары мен қағанаттарында кейіннен оң қанаттың дәрежесі, сол қанатқа қарағанда биік болған. Қоғамдағы аталмыш иерархияны Ышбара қаған да қағида ретінде ұстанса керек. Сол кезде оң қанаттың бір тайпасы (аудан) көсеміне «туциши хэлошчо» (түргеш алаш чоры) деген лауазым берген. Осы атауды белгілі қытайтанушы Б. Еженханұлы «алаш» деп жаңғыртқан болатын (Ежеханұлы, 2006)

Аталмыш дерекке талдау жасар болсақ, Ышбара қаған еліне әкімшілік-территориялық жіктеліс жасаған сәтте оң қанаттың бас ордасы орналасқан ауданды Туциши хэлоши (Түргеш алашы) деп атаған тәрізді.

Алты Алаш немесе Алаш мыңы

Алғаш рет «Алаш» атауы «Қазақ» этнонимі тұрғысында ортағасырлық қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінде қолданылған болатын (Жалайыр. Шежірелер жинағы, 1997). Қ. Жалайыридің өз жұртын «қазақ» деп атамай, «Алаш мыңы» деуі сол кезеңдегі халықтың өз атауынан хабар беріп отырғандай. Бұл жөнінде тарихшы Нығмет Мыңжан: «Алаш», «Алаш мыңы» - ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы, «қазақ» деген бұрыңғы елдің жалпы аты» (Мыңжан, 1994: 26-27). Яғни, халқымыз «қазақ» аталғанға дейін қолданылған көне атау. Ал, Алты Алаш немесе Алты сан Алаш ұғымдарына келер болсақ, тарихшы Талас Омарбекұлының пікірінше, Көшпелі Өзбек ұлысындағы 92 тайпалар тізімінде қазақты құраған алғашқы ондықтың қатарында тұрған – жалайыр, қоңырат, алшын, арғын, найман, қыпшақ тайпаларының алғашқы үшеуі Қ. Жалайыридің еңбегінде жазылғандай «Үш сан Алаш мыңына» (жалайыр, қоңырат, алшын) жатса, кейін барлығы бірігіп «Алты сан Алашты» құрады (Омарбеков, 2016: 18).

Кіші орда, кіші ұлыс ұғымы

Көптеген зерттеушілер «алачу» Махмұд Қашқари еңбегінде «кіші ордалар» деген мәнді білдіретінін дәлелдеуге тырысып, бұл тарихи дерек алты кіші хандық құрып тұрған алты үлкен түркі тайпалары одағына қатысты болар деген болжамға жүгінеді (Қашқари, 1997). М. Қашқари өзінің әйгілі еңбегінде бұл мәселеге «АЛАШҰ – баспана, кепе» деген нақты түсініктемесін берген болатын (Қашқари, 1997).

В.В. Радловтан да осыған ұқсас мағынаның бар екенін кездестіре аламыз. Ол Алаша деген сөзді «аласа, яғни кіші» деп түсіндіреді (Радлов, 1963). Бұдан байқайтынымыз, ХІ ғасырда кездесетін «Алашұ» этнонимі мен түсінігі диалект түрінде біртіндеп сәл өзгерістерге ие болып, кейінірек «аласа» сынды қазақ сөзіне айналған тәрізді. Бұрынырақта хан емес, одан кейін тұратын екінші қатардағы тұлғаларға түркілер «Алаша», яғни кіші, аласа деген мағынадағы атауды берген және шағындау ұлыстарға қатысты да осындай атауларын қолданған.

Сәйкесінше, «алаш» этнонимі үлкен орданың емес, кішірек «аласа (алаша)» тұрақтың, ал этникалық түсінікте үлкен қағанаттың емес, шағын ұлыстың атауын сипаттайтын сияқты. Олай болса, тарихи деректерге мән берер болсақ, VІІІ ғасырда Түргештердің шағын ұлысына қатысты да солай қолданылған тәрізді.

«Алаш» ұғымы алдымен Түргеш ұлысына қатысты жанама атау сипатында белгілі бола бастады. Бұған Батыс түрік қағанатының ішінен қалыптасқан Түргеш ұлысының расымен кішірек ұлыс болуы түрткі болады.

Қытай деректерінде Кертау тұтықтығында Түргеш Алаш ұлысының құрылғандығы сипатталады (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері, 2006: 192). Сонымен қатар аталмыш атау кей кездері Түргеш-Алаш ұлысы деп те көрсетіледі. Бұдан аңғаратынымыз, алдымен, Түргеш ұлысы (бұл жерде қағанат меңзеліп тұрған жоқ) өз кезінде Алаш ұлысы деп те аталып жүрген және бұл атауды қытай жылнамалары да дәлелдеп отыр.

Деректерде кездесетін «чор», «шор» түсінігін ашып айқындамастан бұрын, ежелгі «алаш» атауына тоқталып, оның мәнін ашу біраз қиындық тудыртатын тәрізді. Қытай жылнамасында осы мәселеге қатысты келесідей жолдар бар: «(Қағанның) ұлдары мен інілері тегін, өзге ұлыстардың әскербасылары шад деп аталды. Олардың ең ірі ұлығы – құтлы чор, одан кейінгісі – аба, одан кейінгісі – елтебер, одан кейінгісі – тұдын, одан кейінгісі – іркін» (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері, 2006). Бұдан көретініміз, құтлы чор (шор) мәртебесі билеуші қызметінен төменгі тегін, шад дәрежелерінен соң тұр.

Отандық тарихшылардың бұл көзқарасына қатысты белгілі синолог Бақыт Еженханнан алынған сұхбатта: «Шынында, чор дәрежесі қағаннан кейін тұрады. Толық түркіні емес, Алаш чор соның қарамағындағы бір тайпаны ғана басқаруына байланысты оның ұлысы Алаш (яғни кіші орда) деп есептелді деген тұжырыммен келісуге әбден болады. Алайда, менің пайымдауымша «Алаш» деп протоқыпшақтарды айтуға болады. Себебі, Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esir» сөзі негізінен қыпшақтарды меңзеп қолданылып тұр. Ал, «қыпшақ» атауы ағаш арба атауына байланысты пайда болған деп ойлаймын», - деп мүлде жаңаша тұжырым қалыптастырады (Исахан, 2017).

Тайпалық одақтардың ордасы – Алаш

744 жылы Көк Түрік қағанатын құлатқан қарлұқ, байырқу, басмылдардың тайпалық бірлестіктері еді. Қағанатты құлатқан кезде Басмыл тайпалық одағының (хандық) көсемі Ашина Ши-ді жаңа орнаған қаған тағына отырғызып Хэла-пицзяь – хэкань деген хандық лауазым берген-ді (Сартқожаұлы, 2014). Синолог А.Г. Малявкин осы лауазым құрамындағы «Хэла (hela)», «Хэлань (helan)», «Хэлачжи (helaši)» атауларын «ala», «alakči» деп жаңғыртқан болатын (Малявкин, 1989).

Сонымен қатар, А.Г. Малявкин: «деректерге қарағанда, «хела/хеле» сөздері Басмыл және Түргеш қағандарының екі титулында және қала атауларында кездеседі. Егер, «хэла» мен «хеле» бір түп сөздің әр түрлі иероглифтік транскрипциясы деп айтылған Чэнь Чжунмянның пікірі қате болмаса, бұл екі тайпа (түргеш, басмыл) көсемдерінің титулдарында аталмыш сөздің жүруі неліктен деген сұрақ туындайды. Қытай дереккөздерінде кездесетін ұқсас лауазымдарда бірінші орындағы сөздер әдетте тайпа атауларының иероглифтік транскрипциясы болып табылатын фамилия немесе атау ретінде қарастырылады. Басмылдар мен түргештерде бірдей атауы бар екі ұрпақ болуы мүмкін бе? Әлде бұл транскрипциялар этнонимге еш қатысы жоқ басқа сөз, тіпті әртүрлі сөздерге негізделген бе?», - деген түсінік береді (Малявкин, 1989).

Аталмыш екі тайпа территориялық жағынан бір-бірінен тым алыс емес. Шекарасы бір – біріне жақын тұр. Ол кезде Түргештің он тайпасы да, басмылдар да тайпалық одақ дәрежесінде қалыптасқан, яғни үлкен хандық, қағанат құра алмаған. Сондықтан, тайпалық одақтардың ордасын өздері ертеден келе жатқан дәстүрге сай алаш (alaču) деп атаған болса керек. Қытайлар бұл атауды хэлачжи (alaču=alačuq) деп көрсетеді. 

Қорытынды. Жоғарыда, Түргеш ұлысының тарихына талдау жасай отырып, ғылыми айналымда кездесіп жүрген Түргеш Алаш шор ұлысыныңАлаш қауымдастығының қалыптасу кезеңіне қатысының болуы мен «Түргеш-Алаш-Чор», «Түргеш-Алаш ұлысы», «Түргеш-Халаши» немесе «Туциши Хэлоши» сынды атаулардың қалыптасуына қатысты талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, зерттеушілердің пікірлері мен ғылыми жұмыстарына байланысты төмендегідей классификация жасалынды:

Түргеш Алаш ұлысы

(Алаш ұғымы)

VІІІ ғасырдағы Бес түрік Дулу құрамындағы Түргештерді Алаш атты тарихи тұлғаның басқарғаны туралы көзқарас

Туциши хэлоши (Түргеш алашы) түсінігі

Алты Алаш немесе Алаш мыңы

Кіші орда, кіші ұлыс ұғымы

Тайпалық одақтардың ордасы – Алаш

Кесте 3 – Алаш ұғымының Түргеш ұлысындағы қолданылуына қатысты тұжырымдар

Сонымен қатар, Түргеш ұлысының этникалық тарихына тоқтала отырып, нақты қағанатқа кірген тайпалар сараланып көрсетілді. Т. Омарбеков пен Ә. Дәулетхан ұсынған көзқарастарды салыстыра келе, Түргеш ұлысы мен Қазақ халқының этникалық негіздерінің бірегейлігі туралы көзқарасқа толыққанды анықтама берілді. Нәтижесінде, екі тарихшының қалыптастырған этникалық тарихтың жандануы көрсетілген кезеңдері нақты кесте түрінде қамтылып, әр кезеңнің ерекшеліктеріне де баса назар аударылды.

Жалпы, Түргеш-Алаш пен Алаш қауымдастығы мәселесінің қозғалуы Түргеш ұлысындағы тайпалар кейінгі қазақ ру-тайпаларының қалыптасу бастамасы ретінде қарастырылуы қажет деген тұжырымның орнығуына байланысты зерттеле бастады. Зерттеу нәтижесінде этникалық тарихқа сүйене отырып, Түргештердің құрамында «үйсін (сары үйсін, қара үйсін)... Сары түркеш, қара түркеш, қаңлы, дулат, қарлұқ, арғын, қыпшақ ұлыстары болды» деген тұжырымды көрсеттік (Дәулетхан, 2005: 49). Егер бұны әрі қарай талдайтын болсақ, Г.М. Тургараева «17-18 ғасырларда үш жүздің құрамына небәрі 112 ру мен тайпалық топ кірді», - деп көрсетеді және соның аясында үш жүзге кірген тайпаларды келесідей бөліп сипаттайды:

1. Ұлы жүз (Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығысы – Түркістан, Жетісу аймағы) – үйсін, дулат, қаңлы, жалайыр, албан, суан, шапырашты, ошақты, сіргелі, шанышқылы.

2. Орта жүз (Ортаңғы, Солтүстік, Шығыс Қазақстан) – арғын, найман, керей, қыпшақ, қоңырат, уақ.

3. Кіші жүз (Батыс Қазақстан) – Әлімұлы,Байұлы, Жетіру (Тургараева, 2016: 73).

Шәкәрім Құдабердиев 1911 жылы жарық көрген «Түрік, қазақ және хан әулетінің шежіресі» атты кітабында қазақтың арғы атасы Алаш екенін мысалға келтіріп өтеді. Оның үш ұлының ұрпақтарынан қазақтар шыққандығын келесідей көрсетеді:

Үлкен ұлы – Ақарыс – аға жүздің ұрпақтары;

Ортаншы ұлы – Бекарыс – орта жүз ұрпақтары;

Кенже ұлы Жанарыс – кіші жүздің ұрпақтары (Тургараева, 2016: 73-74).

Екі мәліметті салыстырар болсақ:

Түргештердің құрамында «үйсін (сары үйсін, қара үйсін)... Сары түркеш, қара түркеш, қаңлы, дулат, қарлұқ, арғын, қыпшақ ұлыстары болды» (Дәулетхан, 2005: 49).

Ұлы жүз (Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығысы – Түркістан, Жетісу аймағы) – үйсін, дулат, қаңлы, жалайыр, албан, суан, шапырашты, ошақты, сіргелі, шанышқылы.

Орта жүз (Ортаңғы, Солтүстік, Шығыс Қазақстан) – арғын, найман, керей, қыпшақ, қоңырат, уақ.

Кіші жүз (Батыс Қазақстан) – Әлімұлы,Байұлы, Жетіру (Тургараева, 2016: 73).

Кесте 4 – Түргеш Алаш ұлысы мен қазақ ру-тайпаларының құрамы (салыстырмалы талдау)

Ерекше белгілеп өткен тайпалардың екі жерде де кездесетінін байқай аламыз яғни, аталмыш тұжырымды әрі қарай да толықтыру арқылы, Түргеш-Алаш ұлысы мен Алаш қауымдастығы немесе қазақтың ру-тайпаларының негізі бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетуге болады.

Қорытынды. Қазақ үшін «Алаш» сөзі қасиетті, киелі ұғым екені аян. Қазақ өзінің шежіресін Алаштан тарқатып қана қоймай, әскери ұрыстарда «Алаш» деп ұрандатқаны мәлім. Кейін ұлт зиялылары құрған үкімет те Алаш Орда аталуы тегіннен емес. «Алаш» – қазақты құраған тайпалардың ортақ атауы ретінде және қазақ сөзінің синонимі тұрғысында қолданыста болғаны белгілі. Жоғарыдағы айтылғандарды қортындылай келе, «Алаш» атауы VІІІ ғасырдың өзінде Түргеш Алаш ұлысына қатысты (яғни, аталған ұлыстың жанама атауы ретінде) қолданылған, және түргештерден шыққан бірқатар ру-тайпалар кейінгі Алаш қауымдастығын құраған ру-тайпалардың арғы бабалары деген пікірге келеміз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

«Алаш» атауы туралы не білеміз? – [Электронный ресурс]. – URL: https://el.kz/news/archive/alash-_atauy_turaly_ne_bilemiz/ (дата обращения: 03. 12. 2021 г.)

Акеров Т.А. Каркырахан Великий Кыргызский каганат (Роль этнополитических факторов в консолидации кочевых племен Притяньшанья и сопредельных регионов (VIII-XIV века). – Бишкек: Институт истории и культурного наследия Национальной академии наук Кыргызской Республики, 2012. – 202 с.

Бартольд В.В. Сочинения. Общие работы по истории Средней Азии. Работы по истории Кавказа и Восточной Европы. – Москва: Наука, 1963. – 1024 с.

Дәулетхан Ә. Түркеш қағанаты. Монография. Бірінші кітап. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2005. – 185 б.

Еженханұлы Б., Ошан Ж. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері: бес томдық. Т. ІV. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 480 б.

Жолдасбеков М., Сартқожаұлы Қ. Орхон ескерткіштерінің толық атласы. – Астана: Күлтегін, 2005. – 264 б.

Зуев Ю.А. Ранние тюрки: очерки истории и идеологии. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. – 360 с.

Исахан М. «Алаш» атауының шығу төркіні туралы ой-тұжырымдар. – [Электронный ресурс]. – URL: https://qalam.kz/featured-item/makala/item/718-m-khan-isakhan-alash-atauyny-shy-u-t-rkini-turaly-oj-t-zhyrymdar.html (дата обращения: 03. 12. 2021 г.).

Қашқари М. Түрік сөздігі: 3 томдық. Т. І. / ауд. Егеубай А. – Алматы: ХАНТ, 1997. – 166б.

Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 128 б.

Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 2-кітап: (б.з. 275-840 жылдары) / Ғылыми жетекшісі: Мырзаханұлы Ж. Бас ред.: Қайыржанұлы К. Жауапты ред.: Сағатұлы А. – Алматы: Өнер, 2006. – 344 б.

Малявкин А.Г. Танские хроники о государствах Центральной Азии. Тексты и исследования. – Новосибирск: Наука, 1989. – 432 с.

Омарбеков Т.О. Түргеш-Алаш егемен елі. // «Ана тілі» газеті. – [Электронный ресурс]. – URL: https://anatili.kazgazeta.kz/news/5949(дата обращения: 3. 12. 2021 г.)

Омарбеков Т.О. Қазақ халқының этнотерриториясының қалыптасуының мәселелері: монография. – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 135 б.

Омарбеков Т.О. Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттер тарихының мәселелері: мақалалар жинағы / Т. Омарбеков. – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 269 б.

Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий: в 4-х т. 8 книг. – Москва: Издательство восточной литературы, 1963. – 8495 с.

Сартқожаұлы Қ. Алаш атауы хақында – [Электронный ресурс]. – URL: https://qazaquni.kz/alash/24830--arzhaubay-sart-ozha-lyi-alash-atauyi-ha- (дата обращения: 3.12.2021 г.)

Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. 1-кітап (түпнұсқа, оқылымы, аудармасы, түсініктемесі). – Астана: Күлтегін, 2003.– 335 б.

Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. 2-кітап (түпнұсқа, оқылымы, аудармасы, түсініктемесі). – Алматы: Абзал-Ай, 2012. – 324 б.

Тургараева Г.М. История Казахстана. Учебник: курс лекций. – Алматы: издательство «Эверо», 2016. – 440с.

Ұлы түрік қағанаты: Қытай деректері мен түсініктер / Ескі қытай тілінен аударған. Кәкеш Қайыржанұлы; Құраст. Шадыман Ахметұлы. – Үрімжі, 2006. – 598 б.

Stark S. On oq bodun. The Western Türk Qağanate and the Ashina Clan //Archivum Eurasiae Medii Aevi.Vol. 15. – Wiesbaden: Harrasovitz Verlag, 2008. – P. 159-172

References:

"Alash" atauy turaly ne bіlemіz? [What do we know about the name "Alash"?]. – [Elektronnyi resurs]. –URL: https://el.kz/news/archive/alash-_atauy_turaly_ne_bilemiz/ (dataobrashcheniia: 03. 12. 2021 g.).[in Kazakh]

Akerov T.A.Karkyrakhan Velikii Kyrgyzskii kaganat (Rol etnopoliticheskikh faktorov v konsolidatsii kochevykh plemen Pritianshania i sopredelnykh regionov (VIII-XIV veka)[Karkyrakhan Great Kyrgyz Kaganate (The role of ethnopolitical factors in the consolidation of the nomadic tribes of the Tien Shan and adjacent regions (VIII-XIV centuries)]. – Bishkek: Institut istorii i kulturnogo naslediia Natsionalnoi akademii nauk Kyrgyzskoi Respubliki, 2012. – 202 s. [in Russian]

Bartold V.V. Sochineniia. Obshchie raboty po istorii Srednei Azii. Raboty po istorii Kavkaza i Vostochnoi Evropy [Compositions. General works on the history of Central Asia. Works on the history of the Caucasus and Eastern Europe]. – Moskva: Nauka, 1963. – 1024 s. [in Russian]

Dauletkhan A. Tyrkesh kaganaty. Monografiia. Bіrіnshі kіtap. [Turkesh khanate. Monograph. The first book]. – Almaty: KAZakparat, 2005. – 185 b. [in Kazakh]

Ezhenkhanuly B., Oshan Zh. Kazakstan tarikhy turaly kytai derektemelerі: bes tomdyk [Chinese chronicles on the history of Kazakhstan: five volumes]. B. Ezhenkhanuly, Zh. Oshan (Ed.). (Vols. I-V). – Almaty: Daik-Press, 2006. – 480 b. [in Kazakh]

Isakhan M. "Alash" atauynyn shygu torkіnі turaly oi-tuzhyrymdar [Opinions on the origin of the name "Alash"]. – [Elektronnyi resurs]. – URL: https://qalam.kz/featured-item/makala/item/718-m-khan-isakhan-alash-atauyny-shy-u-t-rkini-turaly-oj-t-zhyrymdar.html (data obrashcheniia: 03. 12. 2021 g.).

Kashkari M. Tyrіk sozdіgі: 3 tomdyk [Turkic dictionary: 3 volumes]. (A. Egeubai, Trans). (Vols. I-III). – Almaty: KhANT, 1997. – 166 b. [in Kazakh]

Kadyrgali Jalaiyr. Shejireler jinagy. – Almaty: Kazakstan, 1997. – 128 b. [in Kazakh]

Kytai zhylnamalaryndagy kazak tarikhynyn derekterі (b.z. 275-840 zhyldary). 2-kіtap. [Data on Kazakh history in Chinese chronicles (275-840 BC)]. – Almaty, 2006.

Maliavkin A.G. Tanskie khroniki o gosudarstvakh Tsentralnoi Azii. Teksty i issledovaniia [Tang chronicles about the states of Central Asia. Texts and Research]. – Novosibirsk: Nauka, 1989. – 432 s. [in Russian]

Omarbekov T.O. Tyrgesh-Alash egemen elі [Turgesh-Alash sovereign state] // "Ana tіlі" gazetі. – [Elektronnyi resurs] – URL: https://anatili.kazgazeta.kz/news/5949 [in Kazakh]

Omarbekov T.O. Qazaq khalkynyn etnoterritoriiasynyn kalyptasuynyn maselelerі: monografiia [Problems of the formation of the ethno-territory of the Kazakh people: monograph]. – Almaty: Qazaq universitetі, 2015. – 135 b. [in Kazakh].

Omarbekov T.O. Ortalyq Aziadagy dasturli orkenietter tarihynyn maseleleri: maqalalar jınagy / T. Omarbekov. – Almaty: Qazaq universiteti, 2016. – 269 b. [in Kazakh].

Radlov V.V. Opyt slovaria tiurkskikh narechii [Experience of the dictionary of Turkic dialects]. Radlov V.V. (Ed.). (Vols.1-4). – Moskva: Izdatelstvo vostochnoi literatury, 1963. – 8495 s. [in Russian]

Sartkozhauly K. Alash atauy khakynda [About the name Alash]. – [Elektronnyi resurs]. – URL: https://qazaquni.kz/alash/24830--arzhaubay-sart-ozha-lyi-alash-atauyi-ha-(data obrashcheniia: 3.12.2021 g.)

Sartkozhauly K. Orkhon muralary:1-kіtap (tүpnuska, okylymy, audarmasy, tүsіnіktemesі) [Orkhon heritage: Book 1 (original, reading, translation, commentary)]. – Astana: Kyltegіn, 2003. – 335 b. [in Kazakh]

Sartkozhauly K. Orkhon muralary: 2-kіtap (tүpnuska, okylymy, audarmasy, tүsіnіktemesі) [Orkhon heritage: Book 1 (original, reading, translation, commentary)]. – Almaty: Abzal-Ai, 2012. – 324 b. [in Kazakh]

Stark S. On oq bodun. The Western Türk Qağanate and the Ashina Clan // Archivum Eurasiae Medii Aevi.Vol. 15. – Wiesbaden: Harrasovitz Verlag, 2008. – P. 159-172

Turgaraeva G.M. Istoriia Kazakhstana. Uchebnik:kurs lektsii [History of Kazakhstan. Textbook: course of lectures]. – Almaty: izdatelstvo «Evero», 2016. – 440 s. [in Russian].

Uly turik qaganaty: Qytai derekteri men tusinikter / Eski qytai tilinen aydargan. Kakesh Qaiyrjanuly; Qurast. Shadyman Ahmetuly. – Urimji, 2006. – 598 b. [in Kazakh]

Zholdasbekov M., Sartkozhauly K. Orkhon eskertkіshterіnіn tolyk atlasy [Complete atlas of Orkhon monuments]. – Astana: Kүltegіn, 2005. – 264 b. [in Kazakh]

Zuev Iu. A.Rannie tiurki: ocherki istorii i ideologii [Early Turks: Essays on History and Ideology]. – Almaty: Daik-Press, 2002. – 360 s. [in Russian]

МРНТИ 03.20.00

ТУРГЕШСКИЙ УЛУС И ЕГО ЭТНИЧЕСКИЙ СОСТАВ

Қ.Қ. Бекетай¹*

¹Магистрант. КазНУ им. аль-Фараби. Казахстан, г. Алматы.

E-mail: beketay.k@gmail.com, https://orcid.org/ 0000-0003-2696-2454

*Автор-корреспондент

Аннотация. В статье дается краткий обзор истории Тургешского улуса и проблем формирования понятия «Алаш», которое сегодня приобрело особую важность. Поскольку результаты научной дискуссии об использовании понятий Тургеш-Алаш как синонимов стали более активными, была сделана попытка описать каждый из них более подробно. Анализ причин появления понятия «Тургеш-Алаш-Чор» в китайских летописях сосредоточен на анализе взглядов исследователей. Кроме того, дана классификация и объяснение сферы применения этнонима «алаш» в Тургешском улусе.

Проанализировано исследование этнической истории улуса Тургеш, определено понятие улуса Тургеш-Алаш и общины Алаш или этнической инициативы казахского народа, сформирована этническая таблица на основе взглядов Т. Омарбекова и А. Даулетхан.

В статье описывается место и значение алашской общины в формировании казахского народа, акцентируется внимание на их исторической роли, в результате чего проводится сравнительный анализ существования единого родоплеменного объединения между тюргешским улусом и казахскими племенами.

Ключевые слова: Тургешский улус, Тургеш-Алашский улус, этноним Алаш, Тургеш-Алаш-чор, Алаш-чор, Тургешский каганат, этническая история, казахские племена.

IRSTI 03.20.00

TURGESH ULUS AND ITS ETHNIC COMPOSITION

K.K. Beketay¹*

¹Master’s student. Al-Farabi KazNU.Kazakhstan, Almaty.

Е-mail: beketay.k@gmail.com, https://orcid.org/ 0000-0003-2696-2454

*Corresponding author

Abstract. The article provides a brief overview of the history of the Turgesh ulus and the issues related to formation of the concept of "Alash", which has acquired particular importance today. As the results of the scientific discussion on the use of Turgesh-Alash concepts as a synonyms became more active, an attempt was made to describe each of them in more detail. The analysis of the reasons for the appearance of the concept "Turgesh-Alash-Chor" in the Chinese annals is focused on the analysis of the views of researchers. In addition, a classification and explanation of the scope of application of the ethnonym Alash in the Turgesh ulus are given.

The study of the ethnic history of the Turgesh ulus is analyzed, the concept of the Turgesh-Alash ulus and the Alash community or the ethnic initiative of the Kazakh people is defined, an ethnic table is formed based on the views of T. Omarbekov and A. Dauletkhan.

The article describes the place and significance of the Alash community in the formation of the Kazakh people, focuses on their historical role, as a result of which a comparative analysis of the existence of a single tribal association between the Turgesh ulus and the Kazakh tribes.

Key words: Turgesh ulus, Turgesh-Alash ulus, ethnonym Alash, Turgesh-Alash-chor, Alash-Chor, Turgesh Kaganate, ethnic history, Kazakh tribes.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз