Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 02.91.01 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_27

ӘЛ-ФАРАБИ КӨЗҚАРАСТАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ ТОЛЫҚ АДАМ ІЛІМІНІҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛЫ

ҒТАМР 02.91.01 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_27

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(28), 2021

Тегтер: мұсылмандық философия, қазақ философиясы, әл-Фарабидің дүниетанымы, рухани құндылықтар, тарихи сабақтастық, үндестік, толық адам ілімі, антропологиялық және гуманистік көзқарастар
Автор:
Қ.Д. Раисов¹ID, Қ.Қ. Жылқышыбаева¹*ID

¹Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан, Алматы 
*Автор-корреспондент 
E-mail: kazbek_ raysov@mail.ru (Раисов), karluwa1970@gmail.com (Жылқышыбаева) 
Аңдатпа. Мақалада бүкіл әлемдік өркениетте ерекше өзіндік орны бар әл-Фарабидің антропологиялық және гуманистік дүниетанымының мәнін, маңызын, ерекшелігін және оның қазақ философиясындағы толық адам ілімінің дамуына ықпалын анықтаудың ең маңызды мәселелері қарастырылады. Әсіресе, философия ғылымының өткені мен бүгіні арасындағы философиялық көзқарастардың сабақтастығын қалпына келтіруге ерекше мән беріледі. әл-Фараби ілімінің мұсылмандық философия мен қазақ философиясы арасындағы үйлесімдікті іске асыратын дара жол екендігі, рухани кемелденуіміздің қайнар көзі болғандығы және ұлттық тарихи санамызды дамытудың негізгі тетігі екендігі сипатталады. Мақалада әл-Фарабидің «Бақытқа жету жолында», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет», Асан қайғының «Жерұйығы», Абайдың шығармалары мен өлеңдері қолданылады. Олардың көзқарастары мен дүниетанымдары арасындағы тарихи сабақтастық пен рухани үндестік пайымдалып, қорытынды тұжырымдар жасалады.
Түйін сөздер: Қазақ философиясы, мұсылмандық философия, әл-Фарабидің дүниетанымы, рухани құндылықтар, тарихи сабақтастық, үндестік, толық адам ілімі, антропологиялық және гуманистік көзқарастар.
Мазмұны:

Кіріспе. Түрік-мұсылман өркениетінің ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби көзқарасының мәні мен маңызын түсіну үшін олардың тарихи үрдістегі мәдени дүниетанымдық кеңістігін біліп, меңгеріп, пайымдай білу керек. Тек сонда ғана әл-Фарабидің мұраларынан дәстүрлі түркі тілдес халықтардың ой-өрісін, ұлттық рухани құндылықтардың негізін көруге болады. Өйткені ойшыл түркі дүниетанымындағы негізгі ұстанымдарды қорытып, құнды ғылыми еңбектерін келешек ұрпаққа қалдырды.

Біріншіден, әл-Фарабидің антропологиялық және гуманистік көзқарасы қазіргі жаһандану заманында әлем өркениеті тарихындағы ұлттық мәдениетіміздің алатын орнын баянды ету үшін маңызды.

Екіншіден, әл-Фараби дүниетанымы Қазақстанда тәуелсіз және демократиялы қоғам құру жолындағы қазақстандық азаматтардың тарихи санасы мен болмысының дамуына ықпал етеді. Ол үшін халық руханиятының бастауларын сабақтастықта қарастырғанымыз жөн.

Үшіншіден, әл-Фарабидің адами және гуманистік көзқарастары өмір сүрген ортасы мен уақыты сол кезеңде өмір сүрген түркі тектес халықтардың дүниетанымының қалыптасуымен де өте құнды. Өйткені, сол заманда негізі қаланған ислам философиясының бағыты мен жолы қазіргі Қазақстандық философияның мәні мен мазмұнын анықтауда да маңызды болып отыр.

Төртіншіден, ойшылдың ілімі мемлекетті басқару, қоғамның әлеуметтік кемелденуі мен рухани тазаруына, адамдардың адамгершілік-моральдық, этикалық, діни, рухани ұстанымдарына бағыт-бағдар беретін тұжырымдар жүйесін қалыптастырды.

Тарихтан белгілі, ортағасырлық мұсылман әлемінің философиясы антикалық философиялық мұралармен өте тығыз байланысты. Бұл ислам философиясының басты ерекшеліктерінің бірі. Бірақ, мұсылмандық философия өзінің дербестігін сақтау үшін түпкі қайнар көзі ретінде исламды қарастырады.

Мұсылмандық философия – мұсылман әлемінің діни мәнін ұғынуға бағытталған - болмыстың мәні (Қасымжанов, 2006: 97). Яғни, Құдай мен адам болмысы жайлы ілім. Мұсылмандық философияға дейінгі антикалық философияда адамның жеке болмысы, әлемдегі адамның орны мен мәні және адамның Құдайға қатынасы туралы мәселесі қойылмаған. Сондықтан мұсылмандық философия қарастыратын жаңашылдық исламмен ұштасып жатыр. «Ислам білімді дамыта отырып, философиялық мәселелерді де дамытты, оларды жасақтау антикалық дереккөздерді тартса, кейінірек бұл жаңа рухани мәдениеттің түзілуіне әкелді» (Нысанбаев, 2009: 231),- деген ғалымдардың пікірі, осы мұсылман философиясымен тығыз байланыста жаңа - түркілік кезеңдегі философия дамығандығын көрсетеді. Бұл философия ислам әлемінің, антика кезеңіндегі философияның және түркі халықтарының рухани құндылықтарын біріктірді.

Бұл философия ислам әлемінің, антика кезеңіндегі философияның және түркі халықтарының рухани құндылықтарын біріктірді.

Сонымен қатар, философия ғылымын тарихи сабақтастықта және үндестікте қарастыратын болсақ, мұсылмандық философия түркілік философияны, ал, түркілік философия қазақ философиясына жалғасты. Яғни, мұсылмандық философиядағы Құдай мен адам ілімін түркілік философияда сопылық ілім, антропология мен этикалық мәселелер және қазақ философиясындағы толық адам ілімі толықтырды.

ІХ-ХІ ғасырлардағы мұсылман философиясымен қатар дамыған рухани және материалдық мәдениет пен қоғамдағы болған өзгерістер түркі халықтарының арасынан ойшыл-ғалымдарды және олардың гуманистік көзқарастарын шығарды. Бұл өзгерістер Орта Азиялық қайта өрлеу дәуірінде қазақ философиясының өкілдері: Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яассауи, Асан қайғы, Абай және т.б. шығармаларындағы философиялық көзқарастардың қалыптасуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті.

Сол заманда арабтармен қатар түркі халықтарының өкілдері де Шығыс философиясының өркендеуіне өз үлестерін қосты. Яғни, түркі халықтарының тарихы, қоғамдық өмірінің дамуы, салт-дәстүрі мен әлеуметтік құрылымының ерекшеліктері халықтардың дүниетанымдық және философиялық көзқарастарын қалыптастыруда ерекше рөл атқарды.

Қазақ философиясы ойшылдарының шығармаларын танып-білу әр саладағы тарихи-рухани үрдісті қарастыруға, оны байытып, тереңдете түсуге және мақаламыздың басты тақырыбын, әл-Фараби көзқарастарыныңфилософиясындағы толық адам ілімінің дамуына ықпалын зерделеуге мүмкіндік береді.

Әсіресе мұсылмандық философияда антропологиялық және гуманистік ойды дамытқан әл-Фарабидің ғылыми еңбектері әлемдік философия тарихының ерекше бөлшегі болып табылады (Машанов, 2006: 55).

Әл-Фараби өзінен бұрын өмір сүрген Аристотель мен Платонның идеясын меңгеріп, өзінен кейінгі жасаған ойшылдардың көзқарастарының қалыптасуы мен дамуына ықпал еткендігі белгілі. Сондықтан әл-Фараби ілімін зерделегенде, бүгінгі күннің басты өзекті мәселелерінің бірі ойшылдардың философиялық дүниетанымы мен ілімдерін біртұтастық, сабақтастық пен өзара байланыста қарастырғанымыз жөн. Бұл біздің мақаламыздың маңыздылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Бұны мақаламызда жан-жақты қарастырылған Әл-Фараби дүниетанымының Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иасауи, Асан қайғы және ақын Абайдың шығармаларындағы толық адам ілімінің дамуына тигізген ықпалынан көруімізге болады. әл-Фарабидің антропологиялық және гуманистік көзқарастарының қазақ философиясындағы толық адам ілімінің дамуындағы рөлі туралы зерделеу қазіргі кездегі тың мәселе екендігі айдан анық.

Материалдар мен әдістер.Мақала тақырыбының деректік базасын «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорының материалдары, арнайы ғылыми еңбектер, әдеби-тарихи шығармалар, естеліктер құрайды. Жұмыстың методологиялық негіздеріне өзекті мәселелерді, оның ішінде әл-Фараби көзқарастарының қазақ философиясындағы толық адам ілімінің дамуына ықпалы мәселелерін зерттеуге мүмкіндік беретін жалпы ғылыми және арнайы-тарихи әдістер кешені қолданылды.

Зерттеу барысында тарихилық, объективтілік таным принциптері, сонымен қатар жалпы ғылыми логикалық, классификациялық, мәтіндік талдау және салыстыру, отандық және шет елдік ғалымдардың методологиясы бойынша жарияланған еңбектерінде негізделген өзге де әдістер қолданылды.

Талдау. Зерттеу жұмысын жазып шығуда Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітапханасының «Баспа жылнамасы», Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ғылыми кітапханасының материалдары, библиографиялық көрсеткіштер, сирек кітаптар мен қолжазбалар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасының және электронды ақпараттық ресурсының мәліметтері пайдаланылды. Мақаланы жазу барысында ғалым әл-Фарабидің трактаттары мен ақын Абайдың шығармалар жинағы қолданылды. Мәселен, ғалымӘ.Нысанбаевтың «Шығыс философия» еңбегі (Нысанбаев, 2009) әл-Фарабидің мұрасын зерделеуге арналады. Ал, ғалым А.Машановтың «Әбу наср әл-Фараби еңбегі алғашқы рет қазақ тілінде» еңбегі әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін зерттеуге арналған (Машанов, 2006). Сонымен бірге, ғалымдар А.Х.Қасымжановтың (Қасымжанов, 2006), Ж.Қ.Алтаевтың (Алтаев, 2011), Н.Келімбетовтың (Келімбетов, 2005), Ғ.Есімнің (Есім, 2006) және т.б. ғылыми еңбектерімен жұмыстар жасалынды. Зерттеу барысында әл-Фарабидің өмірі мен қызметіне, оның мұрасына арналған докторлық және кандидаттық диссертациялар да қарастырылды.

Зерттеу нәтижелері. Әл-Фараби және қазақ философиясындағы ойшылдардың руханиятын түркі өркениетінің біртұтастық кешенінде қарастыру маңызды. Себебі әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иасауи, Асан қайғы, Абайдың философиялық көзқарастарының негізін антропологиялық және гуманистік идеялар құрайды. Ойшылдардың дүниетанымдарының бір-біріне ықпалын, көзқарастарының ерекшеліктерін, идеяларының ұштасуын тарихи сабақтастық арқылы зерделеуіміз қажет. Оны жүзеге асыруымыз үшін ең алдымен кеңестік идеология барысында меңгерілмей қалған ойшылдардың рухани мұрасын толық жинақтап, таныстырғанымыз дұрыс болары анық.

Әл-Фарабидің және шығыс ойшылдарының басты тақырыбы, дін, адам және қоғам мәселесі. Оған мысал ретінде елдің бірлігін, халықтың татулығын, адамгершілік пен имандылықты өз шығармаларына арқау еткен Шығыс философтары: Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иасауи, Асан қайғы, Абайдың және т.б. ойшылдардың шығармаларындағы дүниетанымдық үндестікті бағамдасақ болады. Мәселен, әл-Фараби өзінің «Бақытқа жету жолында» атты трактатында «...барлық істің себебі Алла, бірақ оны жасаушы адам» (Әл-Фараби философиясы, 2005: 332-365),- деген ой-пікірін жазса, Қожа Ахмет Яссауи: «Сүйген құлым құштар мені көруге, Бірақ менің құштарлығым көп артық» деп, Алланың өзі жаратқан құлына сүйіспеншілігін «Құдыр етту махаббат» (Ахмет Яссауи, 1904:48),- дейді. Ал, ақын Абай өзінің жиырма сегізінші қара сөзінде «... жақсылық-жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес» (Абай Құнанбайұлы, 2016:115),-деп толғанады. Бұл жерде ғалымдардың ұсынған ой-пікірлерінен дүниетанымдық үндестікті көреміз.

Ұлы ойшыл-ғалымдардың бұл көзқарастары ислам дінімен үндеседі. Ал исламның бастауы, негізгі ұясы, орталығы – Құран Кәрім. Мұсылман әлемінде Құран әлеуметтік, гуманитарлық, философиялық және т.б. рефлексиясының негізін қалады. Мұсылман перипатетиктерінің де негізгі тұғыры Алла сөзі – Құран болатын. Ортағасырлық мұсылман философиясы Құдай мен адам мәселесі онтологиясын құрандық парадигмасы негізінде қарастырады. Ә.Нысанбаев бастаған ғалымдар «Шығыс философиясы» еңбегінде: «Құрандық мәтіндердің міндеті адамды Құдайдың баянына үйрету болатын... Құран мәтіндері бойынша адамның міндеті – бұл қайырымдылық пен төзімділік көрсету міндеті. Осы екі нәрсе бүгінгі біздің «постмодернистердің» түсіне де кіріп шықпаған мәтіндер мен мағыналарға толы» (Нысанбаев, 2009: 240),- десе, мына пікірлерінде: «Бүкіл адамзат үшін Құранның маңызы соншалықты зор, даналыққа толы бұл қазынаға деген ризашылық сезімді жеткізе алатындай сөздер табу қиын. Құран Аллаһтың Жәбірәйіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарға түсірген аяны болып табылады. Жаратушы тағала өзінің сүйікті пайғамбары арқылы әлемге оның өмір сүруінің мәнін аңғартты. Құран 114-сүреден тұрады, ал әрбір сүре, өз кезегінде, аяттардан (айа-араб тілінен аударғанда аян, сақтандыру, ескерту дегенді білдіреді) құралады. Сүрелер Мұхаммед пайғамбардың қызметіне қарай екі кезеңге бөлінеді: меккелік және мединелік» (Нысанбаев, 2009: 243),- деп Құранның адам өміріне және ортағасырлардағы философиялық көқарастардың қалыптасуына ықпалы мен маңызын, Құранның кемелділігі мен даналығын атап көрсетеді.

Яғни, ислам дінінің таралуымен түркі-мұсылман өркениеті жаңаша түлеп, ислам дінін қабылдаған әр ұлттың рухани құндылықтары арқылы бірлік деңгейінде ислам өркениеті ретінде ренессанстық сатыға дейін көтеріліп, қазақ философиясының көрнекті өкілдері шығармашылығында әл-Фарабидің антропологиялық және гуманистік ілімі өзінің жалғасын тауып, толық адам іліміне зор ықпалын тигізді деп айтуымызға болады.

Сонымен қатар, ортағасырлардағы түркі тектес халықтардың рухани және материалдық мәдени өмірге белсенді араласуы түркі халықтарының тілдерін дамытуға жағдай туғызды. Соның нәтижесінде, түркі тілінде жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» (Құтты білік), Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» (Даналық кітабы), Асан қайғының «Жерұйығы», Абайдың шығармалары мен өлеңдері дүниеге келіп, осы еңбектер арқылы түркі-ислам мәдениеті мен өркениеті өз болмысын нақты көрсете білді. Бұл ғұлама-ойшылдардың шығармалары ислам өркениетіндегі түркі тілінің мәртебесі мен маңызын көтеріп, жаңа рухани күш берді.

Ойшылдардың шығармаларындағы ортақ тақырыптардың бірі – толық адам ілімі болса, бұл ілімнің қайнар бұлағы әл-Фараби философиясы еді. Мұны ойшылдардың көзқарастары мен гуманистік тұжырымдары толығымен дәлелдейді. Ортағасырлық Шығыс ойшылдары шығармаларының әл-Фарабидің философиялық көзқарастарымен үйлесім табуын, ойшылдың дүниетанымынан күш алатындығын философия ғылымының дамуынан көреміз. Ендеше осы ойшылдардың дүниетанымына зер салайық.

Түркі халықтарының рухани мәдениетімен сусындаған, мұсылмандық өркениеттің қуатты ықпалымен толысқан қазақ философиясының өкілі, данышпан-ойшыл, энциклопедист-ғалым, белгілі қоғам қайраткері, XI ғасырдың көрнекті ақыныЖүсіп Зас Хажыб Баласағұн.

Ол өзінің шығармаларында мемлекетті басқару, мінсіз қоғам және адамның қоғамдағы алатын орны мен қызметі туралы, ғылым, әдебиет пен мәдени дәреже, әдет-ғұрып, наным-сенім, т.б. жөнінде философиялық көзқарастарын баяндайды. Сондай еңбектерінің бірі, ойшылдың атын бүкіл әлемнің рухани мәдени тарихында қалдырған, ислам дәуірі әдебиетінің ең көрнекті туындысы– «Құтадғұ білік» (Құтты білік) дастаны.

Дастанда ойшыл – ақын әр мемлекетті басқаруда маңызды орын алатын заң мәртебесі туралы, құт пен береке, бақ пен дәулет, бақыт пен әділет, ақыл мен парасат, игілік пен ізгілік, қанағат пен ынсап, білімнің адамға қажеттігі және оның мәні, отбасы мен неке, ұрпақтың ұлттық құндылықтары мен тәрбиесі мәселелерін қарастырған. Бұл дастанда қарапайым адамдардан мемлекетті басқарып отырған әлеуметтік топтардың, әр түрлі кәсіппен айналысқан адамдардың мінез-құлық нормалары қандай болуы тиіс екендігі баяндалады.

Сонымен қатар, дастанда келтірілген кейіпкерлер бейнесі арқылы дастанның негізгі идеялары ашылады. Мәселен, Күнту патша арқылы әділдіктің бейнесі, патшаның уәзірі Айтолды арқылы бақ-дәулет бейнесі, уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесі арқылы ақыл-парасаттың қоғамдағы рөлі, уәзірдің туысы дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы қанағат-ынсап мәселесі зерделенген:

«Бірі оның-шындық жолы Әділет,

Екіншісі құт пен ырыс, дәулет.

Үшіншісі – Ақыл мен парасат,

Төртіншісі – ұстамдылық, қанағат» (Келімбетов, 2005: 190),- деп, төрт қаһарманының бейнесі арқылы ойшыл өзінің ғибрат сөздері мен уағыздарын жеткізеді.

Сонымен қатар, дастанда қоғамның кемелденуі және ондағы адамның орны мен рөлі, адам өмірінің мәні мен іс-әрекеті пайымдалады. Елді басқаратын адамның бойынан табылатын қасиеттер туралы да баяндалады. Дастанда елді басқаратын патша қандай ақыл-парасаты толған адам болса да, ол елді басқаруға жалғыз өзінің шамасы жетпеуі мүмкін деген ойын айтады ойшыл (Келімбетов, 2005: 199).

Сонымен бірге, дастанда ақиқатқа жетудің жолдары сараланып, діннің қоғамдағы рөлі, адамгершілік, этикалық мәселелер туралы көзқарастары мен өнер және даналықтың мәні баяндалған. Мәселен, ақын: ауырмаса – денсаулықтың қадірін білмейді, өлім болмаса – тірі кездің қадірін түсінбейді, қайғысыз адам – қуаныш сезімінің құдыретін толық сезе алмайды»,- деген секілді бірқатар философиялық пікірлерімен толғанысқа түседі.

Дастанда автор ерекше мән беріп, зор шабытпен жазған аса маңызды мәселелердің бірі – адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады.

Ойшыл қоғамның барлық мүшелері заң алдында бәрі бірдей дәрежеде жауапты болуы тиіс деген ойды нақтылай түседі (Келімбетов, 2005: 195).

Шынында да «Құтты білік» дастаны ислам дәуірінің моральдық-этикалық нормасын бейнелейтін заң іспеттес болады. Ал бұл заңның орындалуын Жүсіп Баласағұн патшадан бастап қарапайым адамнан да талап етті.

Бұл аталған әлеуметтік мәселелерді талдай отырып, ойшыл адамзаттың өмір сүруі үшін әділетті қоғам құру керектігін армандайды. Осы мақсатқа жеткізетін бірден-бір жол ғылым мен білім екендігін атап көрсетеді. Қоғамда өмір сүретін әр адам парасатты іс-әрекеттерінің нәтижесінде білімді болуына мүмкіндігі бар екендігі туралы ойын ұсынып, білімнің құдіретіне тоқталады. Жүсіп Баласағұнның: «білім – даналық, денсаулық және жан толысуы»,- деген сөздерінен және дастанның «Құтты білік» аталуынан ойшылдың ғылым мен білімді өте жоғары бағалағандығын көреміз:

Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын,

Білім – жарық, нұрын саған шашатын.

Ақыл болса, асыл болар – болса ер,

Білім болса, бектік қылар – қылса ер» (Келімбетов, 2005: 205).

Бұл адамдардың рухани дамуына, кемелденуіне және жетілген толық адам болуына үлесін қосатындығы сөзсіз. Осы жерде ғалым Жүсіп Баласағұн еңбектерінің шығыстық перипатетик, ғұлама ғалым әл-Фарабидің шығармасында кездесетін ортағасырдағы ислам философиясындағы әділетті қоғам, бақытты болу тақырыбын талдау дәстүрінде жазылғандығын байқауымызға болады.

Өйткені, екі ғалымның да басты мақсаты философия ғылымы мен өздерінің дүниетанымдары арқылы мемлекеттің азаматтарын тәрбиелеу, оқыту және білім беру болған. Осы мақсаттарын орындау барысында ғалымдар, адамдар білімді болған жағдайда ғана бақытты болуы мүмкін деген тұжырымдарын ұсынған.

Осылайша, Ж.Баласағұн әл-Фарабидің білім туралы идеяларын дамытып, өзінің философиялық көзқарастарымен ұштастыра білген. Мәселен, ойшыл «Құтты білік» дастанында қоғамның кемелденуінің басты көріністеріне білім мен ақылға, зерде мен даналық қасиеттері арқылы жетуге болатындығын көрсеткен:

«Білім – байлық, азаймас Һәм жоғалмас,

Еш қарақшы, ұрыға да тоналмас...

Ақыл, сенің анттасқан нақ жолдасың,

Білім, сенген мейірімді қандасың...» (Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы, 1994:114),- деп даналықтың ерекшелігіне тоқталса, ғұлама ғалым әл-Фараби онтология туралы ілімінде зерденің қабілеттілік жүйесін ашып көрсеткен, ондағы ең төменгі сатыны «Оныншы зерде – өзекті зерде алады, барлық жоғарғы зерделік мәнділіктерді жекелеген адам ақылымен ең пәрменді біріктіргіш болып табылады. Өзекті зерденің әсеріне ұшыраған ақыл ғана мәңгі өлмейтіндікке қол жеткізеді» (Әл-Фараби, 1975: 52),- деп пайымдайды, бұл жерден көретініміз қос ойшылдың көзқарастарының бірін-бірі толықтырғандығы.

Сонымен қатар, адамның туа біткен қабілеттері мен өмір сүруі кезеңінде қалыптасқан білімнің алатын орны мен рөлін, таным процесіндегі ақиқатқа ұмтылу және т.б. мәселелер туралы ойларында да әл-Фарабидің «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды. Бірақ қайырымдылық немесе жаман қылық (байланысты) күйге жаратылысынан бейім болуы мүмкін, соған оған қандайда болсын басқа әрекеттерден гөрі әлгі (күйден) туатын әрекеттерді істеу оңайырақ болады...» (Әл-Фараби, 1975: 54),- десе, Ж.Баласағұн «... Үшіншісі – ақыл менен парасат» деген көзқарасынан және Хакім Абайдың адам болмысының ұстыны ретінде білімді аса жоғары бағалап, оны даму ұстанымен байланыстыруынан, қазақ даласында «Адам бол» деген мағынасы өте терең ұранын таратуынан ойшылдардың идеялық бірлігін көреміз. Олар өз еңбектерінің барлығында адам мәселесін көтеруге және оны шешуге арнады.

Ж.Баласағұнның дастанында ғалымның өмірлік философиялық көзқарастарының мәнін ашып, көрсететін маңызды ойлары тұжырымдалған, өмірге деген көзқарас, адам баласының іс-әрекеті, тағдыры және оның қоғам мен табиғат алдындағы рөлі мен орны секілді мәселелер қарастырылған.

Баласағұнның өмірлік философиясына Әл-Фарабидің әсері өте жоғары болған. Сондықтан мақаламызда Ж. Баласағұн көзқарастарының әйгілі ғалым әл-Фарабимен байланысын, атап айтқанда, Ж. Баласағұнның толық адам ілімінің дамуына әл-Фарабидің адами және гуманистік көзқарастарының ықпалын қарастыруға тырыстық. Мәселен, әл-Фарабидің айтуынша, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайында трактатында» адамның кемелдену мәселесі былай деп жазылған: «Мархабаты мен құдіреті күшті Алла-тағаладан ағыл-тегіл тасқындап, әрекетшіл парасатқа дарыған қасиет одан жүре біткен парасат арқылы оның бәйекшіл парасатына, одан соң оның қиялдау қабілетіне дариды. Міне осындай адам оның өзінен оның аңдағыш парасатына дарыған қасиет арқасында дана, философ, кемеңгер парасат иесі болып шығады, ал оның өзінен оның қиялдау қабілетіне қасиет дарыған адам пайғамбар, болашақты болжағыш сәуегей және өмірдегі және оқиғаларды түсінгіш, білгір болып шығады, – міне осының бәрі оның тәңірлікті танып білетін болмысының шарапаты» (Әл-Фараби, 2007: 98),- деп пайымдаған. Ал, Жүсіп Баласағұнның пікірінше, «Құтты білік» еңбегінде адамның кемелденуін, яғни, толық адамды ол, «адам жануарлардан өзінің ойлау қызметі, ақылы, зердесі арқылы ерекшеленеді, тек сезімге сенуге болмайды, ол алдамшы болып келеді» (Келімбетов, 2005: 198-199),- деп әрбір адамның кемелденуі мемлекет пен қоғамды дұрыс басқаруына әкеледі. Адамның бойындағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіру құт пен берекеге, бақ пен дәулетке, бірлік пен бақытқа жеткізеді деп пайымдайды.

Әл-Фараби философиясының ең негізгі ұғымы «бақыт» болса, ол түркі онтологиясы мен мәдениетіне өзек болып келетін «құт» ұғымымен астасып жатыр. «Біз философия арқылы ғана бақытқа жете аламыз» (Нысанбаев, 2009: 411), «белсенді сана» (фаал ақыл) мәртебесіне жетуі арқылы жүзеге асады», «адамның бақыты, оның кемелділігі моральдық құндылықтармен өлшенеді»,- (Ислам философиясы, 2005: 56),-деген ойлары ұлы түрік ойшылы әл-Фарабидің ойлау жүйесінің тұтастығын көрсетеді. Ал, бақыт дегеніміз – ол абсолюттік игілік десек, Ж. Баласағұнның пікірінше: «игілік моральдың, зерденің, білімнің және әділеттіліктің мәйегі ретінде көрсетеді» (Нысанбаев, 2009: 239). Ал, әл-Фарабидің: «Игілікке ұмтылу – тек игілік үшін болғанда ғана ең ұлы бақыт болып саналады, (Ebu Nasr El-Farabı, 1997: 65-66),- деген көзқарастары пікірлерінің бір-бірімен үндесіп, толықтыратындын білдіреді.

Сонымен қатар бұл кезеңде Шығыс әлеміне сопылық ілімі кең таралып, оның әсері барлық салаларда, әсіресе, философияға да әсері күшейе түскен кез еді. Тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, исламның түрік мәдениетіндегі философияға әсер етуінде, суфизмде өзінің орны бар Қожа Ахмет Яссауидың есімімен тығыз байланысты екендігін білеміз. Ол XI ғасырда өмір сүрген ақын, әрі ғалым-философ, тарихшы.

Қожа Ахмет Яссауи өзінің ақыл-парасатты өсиет еткен шығармаларымен бүкіл шығыс елдерінің ғалымдарын таңдандырады. Соның бірегейі көне түркі тілінде жазылған «Диуани Хикмет» еңбегі бүкіл түркі әлеміне ортақ рухани философиялық шығарма болып табылады.

Қожа Ахмет Яссауи «Диуани хикметте» түркі халықтарының бірлігін, татулығын, адамдардың басты қасиеттері адамгершілікті, имандылықты, қайырымдылықты, мейірімділікті, Алла тағалаға деген адалдықты арқау еткен.

Яссауидің діни тұжырымдары мен идеяларының ең басты өзегі – ол адамның ішкі жан-дүниесінің рухани кемелденуі, яғни, адам өзін-өзі тануға Аллаға деген, жаратушы күшке деген махаббаты, сенімі арқылы жете алады, Алланың хақтығына тағзым ете отырып, адам тура жолмен жүруге тәрбиеленеді деген тұжырымдарды насихаттайды.

«Диуани Хикметте» негізінен шариғат – ислам дінінің заңдары мен әдет ғұрыптарының жинағы, тарихат – сопылықтың идеясы, хақихат – құдаймен бірігу оған жақындау, мағрифат – дін жолын танып, оқып білу мәселелерін қарастырады. Ойшыл бұл мәселелерді өзінің өлеңінде: « ...Шариғатсыз тариқатқа өте алмадым, Хақихатсыз мағрифатқа бата алмадым..» (Келімбетов, 2005: 143),- деген жыр жолдары арқылы сопылық ілімнің үлкен философиялық мағынасын пайымдайды. Яссауи сопылық жолдың бастауы шариғатқа беріктік дейді. Осыдан тарихатқа, мағрипатқа еніп барып ақиқатқа жетуді өсиет етеді. Ойшыл өзінің хикметтерінде сопылық ілімге нағыз берілген адам ретінде бұл ілімді – шынайы білім деп, ал ол білімді білмегендерді надан деп жырлады.

Ойшылдың сопылық ілімінде адамдардың кемелдікке жетуінің екі сипатын көрсетеді ол-шариғат пен тариқат. Шариғат – теориялық, тариқат– практикалық ілімі. Адамдар осы ілімдерді меңгеріп қана қоймай, оны «қал» мен «хәл», яғни, сөзі мен ісі арқылы сезінсе, ол адам кемелдікке жетеді деген ой-пікір айтады.

Ғұлама осы сатылар туралы «Диуани хикметінде» былайша тарқатады: «шариғатқа тиесілі – иман келтіру, намаз оқу, ораза тұту, зекет беру, қажылық өтеу, сүннет болған нәрселерді бұлжытпай орындау, жақсы сөз сөйлеу, қырық парызды өтеу және осы парыздарға орай тиым салынғандардан сақ болу; тарихаттың тұрақтары – тәубеге келу, пірге шәкірт болу, ибадат пен зікір, қорқыныш пен үміт, нәпсіні тию, пір мен ұстазға қызмет жасау, пірдің рұхсатымен пікірлесу, ақыл-насихат үйрену, оңашалау және оңашада тақуалық ету; мағрипат мақамдары – Алланың дидарына ғашықтық, дәруіштік, сабырлық, адал ораза, білім іздеу, тарихат мақамдары сөзсіз орындау, дүниеліктен бас тарту, ахирет қамы, Алланы сезіну және ғайыпқа ортақ болу; хақиқатқа тиесілері – бой ұсыну, жақсы мен жаманды айыра білу, ізгі ниетпен құрбандық жасау, қанағат, көптен оқшаулану, кезбелік, сыр сақтай білу, шариғат, тарихат, ақиқатты жақсы біліп, орындау, пақырлық және кеңпейілділік». Ал осы аталғандарды дәруіш болудың шарты (Ислам философиясы, 2005: 143),- дейді.

Сонымен қатар, «Диуани Хикметте» ислам қағидаларын уағыздаумен қатар адамдардың оқып, білім алуы, достық, адалдық, махаббат, әділеттілік, қамқорлық сияқты жалпы адамның іс-әрекеттерінің адамгершілік қасиеттерін: «Махаббатқа берілгендер өз мақсатын табады», «Достарыңа төбеңмен қызмет қылғын», «Қызықпай мал-мүлікке дүние тепкін»,- деп дәріптесе, имансыз, зұлым, надан, дүниеқоңыз секілді жаман қасиеттерді былайша сынап жазады: «Ей достар, наданмен көңіл қоспа», «Жалған сөйлеп имансыз болма. Дүние үшін иманы мен дінін сатар» (Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы, 1994:127),- деп ұрпаққа тәрбиелік мәні бар ұстанымдарын насихаттайды.

Әл-Фараби философиясы өзінен кейінгі өмір сүрген Шығыс ойшылдарының дүниетанымына қалай әсер етсе, Яссауидің толық адам ілімі дүниетанымына да жақсы әсер тигізгенін айта кету қажет. Өйткені, Яссауидің сопылық ілімінде адам және оның рухани кемелденуі мәселесі ең басты категория. «Тәңірді тануды (мағрифат) және Оған қауышуды (уислат) мақсат еткен сопы, «өзін таныған Хақты (ақиқатты) да таниды» деген ұстаным негізінде өзінің ішкі (батин-мазмұндық) және сыртқы (захип-пішіндік) әлемін терең тануға көңіл бөледі» (Ислам философиясы, 2005: 49),- деп ақиқатқа жетудің жолы ол ең бірінші адамды тану деген қорытынды жасайды. Сонымен қатар, тіршіліктің себебі адам дей отырып: «Адам әлемінің «құтбы», яғни әлемнің тірегі, орталығы, астанасы. Ол сырттай халықпен, іштей (яғни рухымен) Хақпен біртұтас Рухымен Тәңірге қауышқан адам синагогада, мешітте, монастырда, пұтханада – қай жерде болмасын өз үйінде жүргендей сезінеді (Ислам философиясы, 2005: 49),- деген  пікірді ұстанады.

Яссауидің айтуынша, сопы болу және сопылық дүниетаным адамға тек қана рухани кемелділікті сыйлайды. Сопылықтың дүниетанымын біз кемелділікті көрсеткен тұлға ретінде тек Хз. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың басты ұстанымынан көруімізге болады. Яғни, басқаларға өнеге көрсетіп, үлгі болу, жақсылыққа тәрбиелеу.

Әл-Фараби мен Яссауидың көзқарастарында бірінің ойын бірі толықтыруы, идеяларының үндестігі, дүниетанымдарындағы ұқсастықтың басымдылығы, бір мәселені түсіндірудегі ерекшеліктері де кездеседі. Мәселен, Яссауидің пікірінше, толық адам дегеніміз – бұл жүрегі таза, иманды, жаратушы ретінде бір Алланы, яғни, Құдайды сүйетін адам. Ал, әл-Фараби адам мәселесінде антропологиялық және гуманистік көзқарастарын ұстанады. Яғни, ойшылдың адам мәселесі жайлы саралағанда оның дүниетанымдық айшықтарында адамның санасы «фаал ақыл» арқылы ақиқиттың бүкіл сыры мен құпиясының мәніне жете алады деп пайымдаған. әл-Фараби өзінің «Саясат-ул Мадания» атты еңбегінде: «Адам адамдық сана шыңына көтерілгенде, яғни адамдық сана мен белсенді сана (періште-жебірейіл) қосылғанда ең ұлы бақытқа кенеледі. Ең дұрыс мәліметке қол жеткізу арқылы шынайы таным – бақытқа жетеді» (Ислам философиясы, 2005: 61),- деген ойын ұсынған. Осылайша әл-Фараби, адамның бақытқа жетуінің теориялық негізін салады. Ол адамгершілік, имандылық, мейірімділік, ізгілік қасиеттерге жету арқылы кемелденген адам болады деген пікірді ұстанса, ойшыл Яссауи тура осы идеяға ұқсас пікір айтады. Яссауидің толық адам ілімінде адамдарды жаны таза, ары таза, иманды болуға, адамгершілікке насихаттайды. Осы насихатында Яссауи зорлық-зомбылық, қорлық және жамандықтан құтқаратын нәрсе ол Құдайға деген сенім, Құдайға деген шексіз махаббат деп көрсетеді: «Кімде кім жамандық жасаса, одан құтыла алмайды. Кім жақсылық жасаса, ол Құдайдың сүйіктісіне айналады» (Нысанбаев, 2009: 355-357),- деп өсиет айтады.

Екі ойшылдың адамның кемелденуі мәселесін талдаудағы пікірлерінің үндестігіне зер салатын болсақ, Яссауидің айтуынша, адамның кемелденуіне ең бірінші білім, яғни, хикметті игеруі және мағрифатпен қарулануы керек деп жазады. Әл-Фарабидің пікірі бойынша, адам кемелденуі үшін танымның теориялық және практикалық тұрғыдан тең меңгерілуі тиіс. Өйткені философия мен діннің негізгі міндеті адамзаттың игілігіне қызмет етуінде деп пайымдайды.

Ал, әл-Фарабиде адам Алланы белсенді сана арқылы таниды, сол арқылы бақытқа жетеді деп жазылған. Ондай бақытты адамдар – «парасатты адам». Олар өздерінің игілікті іс-әрекеттерімен алдына қойған ұлы мақсаттарына жетеді. Бұл мақсаттары о дүние мен бұл дүниенің бақытын ұсынады. Ал Яссауидың сопылық сипаттағы дүниетанымы екі дүние үшін емес, тек Алламен тұтастықты мақсат, бақыт санайды. Бұл жерде ойшылдардың пікірлеріндегі ерекшелікті байқауымызға болады.

Ал, ғалымдардың дүниетанымдарындағы ұқсастығына тоқталатын болсақ, Әл-Фарабидің ойынша, кез-келген адам бақытты болуға лайықты, бірақ олар бақыт дегеніміз не, оған қалай қол жеткізуге болатындығын білмейді деген. Себебі олар кемел, парасатты адам емес. Ал, ондай адам болу үшін ұстазға, мүршитке, қаған - философға жүгінуі тиіс. Кемел адам ол Алладан аян алатын пайғамбар іспеттес. Тек осындай адам кемел, парасатты болады. Тек осылар ғана бақытқа жетеді. Ал олардың өмір сүретін ортасы парасатты, кемелдеген қоғам болады деген пікірін қалдырса, Яссауи бабам да адамның бақытты болуы тек Алланы тану деп көрсеткен.

Тағы да ойшылдардың еңбектеріндегі ұқсастықты олардың қолданған категорияларынан байқаймыз. Мысалы әл-Фарабидің «парасатты адам», «парасатты қоғам», «қаған-философ», «бақыт», т.с.с. ұғымдар мен категориялардың орнына Ясауи ілімінде «кемел адам», «жол көрсетуші-муршид», «рухани еркіндік» сияқты сопылық категориялар қолданылғандығын көруімізге болады.

Сонымен бірге екі ойшылдың да философиялық идеялары үндестік тапқан. Яссауидің көзқарасы бойынша әр бір жан кемелденуге мұқтаж және кемелдене алады десе, әл-Фарабидің көзқарасы бойынша да дәл сондай ойлар берілген. Бұл жөнінде әл-Фараби өзінің «Даналықтың жауһарлары атты еңбегінде: «Сенің болмысың екі табиғаттан тұрады: бірі түр, форма, сан және сапалық қасиетке ие, қозғалатын немесе қозғалмайтын, жайылып, бөлшектене алатын субстанция. Екіншісі біріншіден табиғаты жағынан мұлдем басқа, жоғарыдағы атрибуттардың ешқайсысына ие емсе субстанция. Осы екіншісінің мәні тек сана арқылы танылады. Басқаша айтқанда, сен екі әлемнің қосындысынан тұрасың: біріншісі – ғайып әлемі, екіншісі – жаратылыс әлемі. Өйткені рухың – Тәңірдің өмірінен, тәнің Оның жаратылыс әлемінен жаратылған» (Ислам философиясы, 2005: 57),- деген құнды ойын қалдырады.

Сонымен бірге адамның азат, еркін қабілеттері жайында жазған ойшылдардың ой-пікірлерін байқасаңыз да бұл жерде бірін-бірі толықтырып тұрған және үндесіп жатқан ойды көресіз. әл-Фараби бойынша, адам егерде өзінің пікірлерін ашық, қорықпай айта алатын болса ол адам еркін, азат, ал, Яссауидің көзқарасы бойынша еркін, азат адам ол Аллаға құлшылықтың ең жоғарғы сатысына өткен еркін адамды дана адам деп атайды.

Бұл пікірді Ә.Нысанбаев бастаған ғалымдар өздерінің «Ислам философиясы» атты еңбегінде: «Ал рухтың жаратылуы жөнінде Фараби рухтың тәнмен бірге жаратылатындығын айтса, Иасауи рухтың тәннен бұрын «рух әлемінде» - мисал-ғайып әлемінен келгендігін айтады» (Ислам философиясы, 2005:61),- деп ойшылдардың көзқарастарының үндестігін ерекше айшықтап көрсетеді.

Ұлы ойшылдардың ілімі біздің қоғамымыз үшін жаңаша ойлауымызға, ұлттық дүниетанымыздың қалыптасуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен серпіліс беретіні анық.

Сонымен қатар әл-Фараби Яссауидің гуманистік-философиялық ой-өрнектеріне әсер еткені сияқты, Яссауидің де өзінен кейінгі ақын-жыраулардың дүнетану көзқарасына ықпал еткені белгілі. Яссауи айтқандай, ұлы ақын Абай да «құдай – хақ, иман – парыз», - дей отырып: «Жақсылық, жамандықты жаратқан құдай емес. Байлықты, кедейлікті жаратқан құдай. Бай қылған, кедей қылған құдайлықты,  кедейлікті жаратқан құдай. Бай қылған. Кедей қылған құдай емес... Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең оқыт... Иман, обал, сауап бар жерде әділет бар... Хақтың жолы осы» (Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы, 1994: 8-9),- деп халықты имандылыққа, мейірімділікке, әділеттікке, оқу-ағарту ісіне шақырған.

Сопылық ілімде «адамгершілік жетілу игілік ретінде ақиқатты ұғынуға әкеледі» (Нысанбаев, 2009: 239),- деп көрсетіледі Яссауидегі адамгершілік жетілудің басты феномендері: қайырымдылық, аскетизм, сүйіспеншілік, шыдамдылық, бұлар әлемді өзгертетін әсерлі күштер болып табылады.

Қожа Ахмет Яссауидің ұстанымы Аллаға берілу, иман келтіру болды. Яссауидің салған дара сопылық жолы түркі тілдес халықтардың рухани танымына айналды. Сопылық ілім философиялық жүйе ретінде мұсылман халықтарының көзқарастарының қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Өйткені, Яссауидің сопылық ілімі ислам заңдары мен түркі тілдес халықтардың дәстүрін насихаттады.

Сонымен қатар, бұл мәселеде қазақ мемлекеттігінің негізін салған саяси қайраткер, ақын, жырау, би, философ Асан Қайғының хакімдік дәстүрі айқын мысал. Қазақ философиясының тарихында Асан Қайғы сынды көшпелі философ аса құнды рухани мұра қалдырды. «Қазақ философиясының тарихы» еңбегінің авторы Ғалым Ғарифолла Есім Асан қайғыны «халқымыздың төл хакімі» деп атайды. Ол қазақ философиясының төл тарихы Асан қайғыдан бастау алады деп жазады: «Ұлттық дүниетанымымызды осы ойшылдан бастап отырмыз. Оның тарихи-мәдени себептері бар»,- деп негізгі үш себебін атап көрсетеді. «Біріншіден, жоғарыда келтірілген деректерде Асан Қайғы Қазақ хандығы кезінде өмір сүріп қана қоймай, оның ұраншысы болған. Демек, ол тарихи тұлға. Асан Қайғы қазақ хандығын құрушы қайраткер. Екіншіден, Асан Қайғы – ойшыл, оның қазақтардың мәдениеті тарихындағы алатын орны ерекше. Ол өз жыр, толғауларында жаңа құрылып жатқан мемлекеттің азаматтарын елдікке насихаттаушы – жырау. Үшіншіден, Асан Қайғының өзінен кейінгілерге үлгі болғандығы, оның есімі ел жадынан әсте шықпаған» (Есім, 2006: 33),- деп ғалым Асан Қайғыны қазақ философиясының қалыптасуында басты рөл атқарған түрік әлемінің ойшылдары Қорқыт ата, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласұғұн, Қожа Ахмет Иасауидің заңды мұрагері екендігін атап көрсеткен.

Асан Қайғы Сәбитұлы XIV ғасырда өмір сүрген, қазақ халқының дана жырауы, сол заманның абызы, көшпенді елдің философы, биі болған. Дала ойшылы қазақ халқынының болашағын, елінің береке-бірлігін, амандығын ойлап, ел қамын жеген. Қазақ халқын қалай бақытқа жеткіземін деп толғанып, желмаясымен қазақтың кең-байтақ даласын шарлайды. Сондықтан ойшылдың атына кейін «қайғы» сөзі қосылып Асан қайғы деп аталып кеткен. Яғни, адамның кемелдене алмауына жаны күйзелген ойшыл одан шығатын жолды халқына көрсеткісі келеді. Сондықтан халқының бақытты болуы үшін жақсы жерде өмір сүру керектігін алға тартқанын көреміз.

Асан қайғының көзқарасында адамдардың зұлымдыққа баруы немесе игілікті жақсылық жасауы, ол табиғат пен адам арасындағы байланыстың дұрыс болмауына байланысты дейді. Ол аталған мәселені шешудің әлеуметтік, рухани-адамгершілік бағыттарын айқындап, баршаға ортақ бірлікке баратын жолды іздеуді, дүниенің сырын ашуды, қоршаған ортаға құрметпен қарау дәстүрін негізге алды. Тек қана адамдардың жақсы іс-әрекеттері, сыйластықтары арқасында әділдіктің орнауы қоғамдағы рухани және материалдық дамуға жеткізеді деп пайымдады. Бұған дәлел ретінде оның дүниетанымы – әлем мен табиғаттың үйлесімін сақтауға бағытталған Жиделібайсын - Жерұйық идеясын ұсынады. Ойшыл-жырау осы ұсынған идеясында қазақ халқының бақытты ғұмыр кешетін мекенін сәуегейлікпен болжап береді. Ол жерде адамдар молшылықта, береке-бірлікте, ешқандай қысым көрмей, рахаттана өмір сүреді деп жырлайды. Туған халқының басты арманы да осы еді. Ондағы мақсаты – мұндай жердің жәннатын мекендеген адамдар да өздері таза жүректі, ізгі адамгершілік қасиеттерді толық меңгеруі тиіс деп түйіндейді.

Осы айтқан өнегелі өсиеттеріне Асан қайғы халқының бойына сіңірмекші болады: «Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады... ой түбінде жатқан сөз, шер толқыса шығады» ,- деп жазады. Ойшылдың: «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа...  Жеңемін деп біреуді, өтірік сөзбен қостама...  Бұрынғыны қуыспа, ерегесіп ұрыспа, өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін, желке терің құрысып, әркімменен ұрыспа» (Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы, 1994: 11-12),- деген әлеуметтік-философиялық ойлары, Жерұйықты іздеуі ғұлама ойшыл әл-Фарабидің антропологиялық және гуманистік көзқарастарымен үндесіп жатқандай. Дана жырау өзінің гуманистік тұжырымдары арқылы халықты ізгі ниетті адал жан, толық адам болуға шақырады.

Асан қайғы өзінің дүниетанымында өмір мен өлім мәселесіне, оның мәні мен мазмұнына, өмір сүрудің қиындығы мен ауырлығының себебіне терең үңілген. Сол заманда бұл қиындықтан шығатын жалғыз жол, ол – Жерұйық деп көрсеткен. Ғалым Ғ.Есім: «Жерұйық деген – ол халықтың бақытты тұрмысы деп, Асан қайғының көзқарасына талдау жасаған. Бақыттың алдамшы екенін, ал, адамның үнемі қайғыда болатынын, адам ешқашан бақытты болмайды және бақыттымын деп сезінбейді» (Есім, 2006: 34),- деген Асан қайғының ойларымен бөліседі. Бұл жерден көретініміз, ойшыл Асан қайғы Жерұйық идеясы негізінде халыққа бақытты ұсынған, бірақ өзі қайғыға батқан. Себебі адамның кемелденуіне сенбеген.

Бұл жерде осы мәселе туралы Әл-Фараби мен Асан қайғының көзқарастарындағы ерекшеліктің басымдылығы кездеседі. Мәселен, Асан қайғының пікірінше, кемелденген адам деген болмайды десе, әл-Фарабидің пікірінше, кемелденген адам бар деген пікірін ұсынады. Бұл туралы ғалым Ғ.Есім: «Адам – деген пенде. Адам кемел болса, не періште, не құдай болмақ. Адамға Жаратушы ізгілікті сана берген, ол деген сөз адамның жетілуінің, яғни кемелденуінің мүмкіндігі. Ізгілік – деген мүмкіндік. Ізгілік ойшыл адамның мінездемесі. Осы ізгілік Асан Қайғы дүниетанымының басты арнасы» (Есім, 2006: 34),- деп Асан қайғының көзқарасын пайымдайды.

Сонымен қатар, әл-Фараби мен Асан қайғы дүниетанымындағы ізгілік пен парасат мәселесінде ұқсастықтар болған.

Асан қайғының қазақ халқына ұсынған Жерұйық ұлттық идеясы –халқымызды бірлікке, татулыққа, келісімге, ізгілікке шақырған, жаңа мемлекетті топтастыруды мақсат еткен, ұлтымыздың басты идеясы деп айтуымызға болады. Түркі әлемінің басқа ойшылдары сияқты Асан қайғының да философиялық тұжырымдары нағыз руханилықтың үлгісі болғаны анық.

Сонымен қатар, әл-Фарабидің адами және гуманистік көзқарасының ақын Абайдың толық адам идеясының қалыптасуына тигізген ықпалын көруімізге болады. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқайдай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес» (Әбу Насыр әл-Фараби, 2007: 79-80),- дейді әл-Фараби. Ал, «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі осы философиялық тұжырымы ақын Абайдың «Он жетінші қара сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «Ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «Ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің деген қорытынды жасайды (Абай Құнанбайұлы, 2016: 171-172).

Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жайындағы тұжырымдарын ақын Абай өзінің «Әсемпаз болма әр неге» деген өлеңінде халқына ерекше шабытпен жеткізген. Мысалы:

«Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сенде бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та бар қалан » (Абай, 1996: 149),- деп әр адамның өсы өмірде алатын орны мен рөлінің маңыздылығын шеберлікпен жеткізе білген.

Сонымен қатар, ойшыл-ақын Абай өзінің «Толық адам» идеясын ұсынады. Онда ақын «ақыл», «қайрат» қасиеттерінің иесі болған адам «жарты адам», ал, осыған қоса әділет-шапқат (жүрек) біткен адам «Толық адам» деп танылады дейді. Абайдың айтуынша Толық адам дегеніміз – «ізгі, жақсы, кең пейілді жақсы адам» (жәуанмәртілік) адам. Абайша айтсақ, «ізгі, жақсы, кең пейілді адамға» (жәуаимәртлік) үш «хаслат» (сипат, түр, қасиет) тән, олар сиддиқ (шындық, шын), кәрәм (жомарт, ақ пейіл, ізгілік), ғақыл (ақыл, ақылдылық, даналық). «Бұл үшеуінен, сиддиқ- ғадаләт, кәрәм –шафағат болар» (Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, 2016:134),- деп жазады. Бұдан біз Абайдың ойынша, «жәуанмәртілік» адам болу үшін, ең бірінші иманды адам болу керек, ал иманды адам болу үшін адамгершілік қасиеттерді толық меңгерген адам болатындығына көз жеткіземіз. Ақын Абай иманды адам болудың ең жоғарғы сатысы – «иманигүл» ұғымы болып табылады деп көрсетеді. Абайдың айтуынша, «иманигүл» – Алланы, адамзатты, әділетті сүюден тұрады және «толық» адамға ғана тән (Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, 2016:133),- деп көрсетеді. Абайдың айтуынша әлемдегі әрбір адам «толық адам» бола алады және болуға міндетті:

«Әуелде бір суық мұз-ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,

Бұл қайраттан шығады білсең керек.

Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек...» (Абай, 1996: 95),-деп жазған.

Себебі, әр адамның бойында осы қасиеттерді дамытуға, жүзеге асыруға мүмкіндігі бар деп көрсетеді. Яғни, Абай адамның өз өмірі өзінің қолында, оның тәрбиесінде және адамгершілік қасиеттерді дамытуында деп пайымдайды. Ақынның сөзімен сөйлейтін болсақ:

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың – ашыған у, ойың – кермек» (Абай, 1996: 46),- деп,

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз...» (Абай, 1996: 60),- деген өсиеттері келешек ұрпаққа ой тастаған бағдаршам іспеттес болды. Ия, дәл солай еді. Бақытты адам, толық адам болудың ең басты шартын ақын өзінің қарасөздері (7,34,35,36, 37,38,45) мен жоғарыда аталған және т.б. өлеңдерінде («Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат», «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы», «Сабырсыз, арсыз, еріншек») өсиет ретінде қалдырып, толық адам болуымыздың бағытын көрсетіп берді десек артық айтпағанымыз болар.

Ал, осы жерде назар аударсаңыз Абайдың «Толық адам» жайындағы тұжырымының қайнар-бастаулары әл-Фарабидің интеллект туралы ілімінде жатқанын аңғару қиын емес. Әл-Фарабидің «Интеллект [сөзінің] мағынасы жайында пайымдама» еңбегінен осы ойымыздың дәлелін көруімізге болады. Онда ойшыл-ғалым: «Интеллектдегенсөздітүрлімағынадақолдануғаболады. Бірінші–қарапайымсөзде, адамжөнінде, парасаттыадамжөніндеайтқанкездеқолданылады. Екінші–әркімоныөзіншетүсініп, мутакаллимдердіқ үнеміайтысқатүскендеайтатынмағынасында. Оларбылайдейді: «Бұлөзіпарасатрастағанкездеайтылады» немесе: «Бұлпарасаттеріскешығарғанкездеайтылады». ... Ал енді қарапайым сөзде қолданылатын ол өзі парасатты адам дейтін кездегі [мағынасына] келсек, мұны интеллекция актысы деп түсінеді. Сонымен, – қосымша мысал – ретінде – кейде оны [адамды] парасатты деп атайды, ал кейде оны бұлай атаудан тартынып қалады. Олар былай дейді: «парасаттыға сенім керек», ал, олардың пікірінше, сенім дегеніміз қайырымдылық. Олар парасатты деп қайырымды адамды жақсылыққа асық, жамандықтан қашық адамды айтады»,- деп жақсы адам мен жаман адам арасындағы айырмашылыққа басты назар аударады. Жақсы адамның ғана парасатты, қайырымды, яғни интеллект адам бола алатындығын түсіндіреді... » (Әл-Фараби, 1973: 39-40).

Қорытынды. Қорыта келе, ғалым әл-Фарабидің көптеген ой-пікірлері мен көзқарастары Баласағұн мен Яссауи және Асан қайғы мен Абай көзқарастарымен үндесетіндігіне куә болып отырмыз. Ұлы Абайдың: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз»,-деп жырлаған бес жамандықты әл-Фараби де сынайды. Баласағұнның. «Дүние – бекет, сен –керуен өтпелі»,- деп ой тастаса, Абай: «Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел, Алдыңғы толқын ағалар, Кезекпенен елінер, Баяғыдай көрінер»,- деп қорытады.

Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» атты зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударғанын білеміз. Әл-Фарабидің пікірі бойынша, этиканың ең жоғары категориясы – бақыт болып табылады. Сондай-ақ ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік өсиеттерден бөліп қарауға болмайды дегендей пікір айтады. Ақыл мен адамгершілік, қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, адам өзінің мінез-құлқын жетілдіре түсу үшін, ең алдымен, ол өзіне-өзі мейлінше адал болуы тиіс. Сонда ғана адам өз бойындағы ізгілікті қасиеттерді барынша жетілдіре түсуге мүмкіндік алады. Әл-Фараби «қандай шебер әдістің жәрдемімен жақсы мінез-құлыққа жететінімізді қарастыруымыз керек» дей келіп, әзіл мен күлкі сияқты құбылыстарға моральдік-этикалық тұрғыдан баға береді. Қоғамдағы әрбір құбылыс шектен шығып кеткен жағдайда адамға теріс әсер ететіні сияқты адамның мінез-құлқындағы шамадан тыс асып кеткен көріністер де ізгі қасиеттерге кері ықпалын тигізеді. Осы пікірін түйіндей келіп, әл-Фараби: «әзілқойлық - әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал әзілдеу оңай болғандықтан, біз соған бейім бола бастаймыз. Енді бізге қалғаны бір шеткерліктен екінші шеткерлікке немесе орташа мөлшерге ауысу. Әл-Фарабидің осы моральдық-этикалық тұжырымын Абай не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса (Абай Құнанбайұлы, 2016: 162),- деп жазады.

Сонымен түркілік философиялық ойды дамытқан ойшылдардың дүниетанымына салыстырмалы талдау жасалып, тарихи сабақтастық принциптері негізінде бағдарланды. Әрбір ойшылдың дүниетанымы рухани пайымдалды. Осы тұрғыдан алғанда тарихта көрнекті орны бар өркениетімізге, тарихи тұлғаларымызға объективті қатынасымызды тереңнен орнатудың уақыты жеткен сияқты деген ойдамыз.

Осыны мақсат ете отырып, Ж.Баласағұнның «Құтты білігі», Қожа Ахмет Яссауидің «Даналық кітабы» хикметтері, Асан қайғының «Жерұйығы» және Абайдың қара сөздері мен өлеңдері сияқты туындылардың жалпы сипатымен тереңірек таныса отырып, даналық үлгілердің маңыздылығы айқындала түсті.

Сонымен бірге Ж. Баласағұнның, Қожа Ахмет Яссауидің, Асан қайғының, ақын Абайдың дүниетанымында негізгі ортақ ұқсастықтың болғандығын байқаймыз. Ол этикалық бағыттың, гуманистік құндылықтардың басым болғандығы. Яғни, ортағасырлардағы түркі ойшылдарының философиялық көзқарастары әл-Фарабидің антропологиялық және гуманистік көзқарастарымен ұштасып жатқандығы. Яғни, әл-Фарабидің антропологиялық және гуманистік көзқарастарымен үндесіп қана қоймай, ойшылдардың дүниетанымындағы толық адам іліміне өте зор ықпалы болғандығы байқалады.

Өздерінің құнды идеяларын дана ойшылдар ортағасырлық түркілік этникалық кеңістікке кеңірек тарату жолында адал еңбек етті. Олардың дүниетанымының қалыптасуы мен дамуына тарихи, мәдени сабақтастықпен келген философтардың рухани мұралары, білім, ғылым және руханилықтың озық үлгілері тірек болды. Дана ойшылдар өмірдің жақсылығы мен жамандығын, әлем мен адамды рухани тұтастықта қарастыра отырып, өздерінің шығармаларында айшықтап, зерделі философиялық және әлеуметтік ойларын тұжырымдады.

Міне, сондықтан сонау түркі әлемінде қалыптасқан дүниелер мәдени, рухани сабақтастық арқылы қазіргі заманға дейін жетіп отырғаны байқалады. Ортағасырлық ғұламалардың дүниетанымдарының әр түрлі қырлары әрі қарай сараптауларды қажет етеді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. –Алматы: Жазушы, 2016. – Т.1. Өлеңдер мен аудармалар. – 296 б.

Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Т 2. – Алматы, 1996. – 267 б.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. –Алматы: Жазушы, 2016. – Т.2. Өлеңдер мен аудармалар. – 336 б.

Ахмет Яссауи. «Диуани Хикмет». – Қазан, 1904 ж. – 255 б.

Алтаев Ж. А. Ғылым тарихы мен философиясы: ЖОО-ның магистранттарына арналған оқулық / Ж.А. Алтаев, Т.X. Ғабитов. – Алматы: «Эверо», 2011. – 81 б.

Әл-Фараби философиясы. Жиырма томдық. – Т. 2. / Құрастырушылар: Ә.Нысанбаев, Ғ.Құрманғалиева. – Астана: Аударма, 2005. – 448 б.

Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы, 1975.

Әбу Насыр әл-Фараби. 10 томдық шығармалар жинағы. 4 Т. Әлеуметтік философия. Этика. Эстетика. (1 бөлім). – Астана: ТОО «Лотос – Астана», 2007. – 286 б.

Ebu Nasr El-Farabı. Al-Madınat-ul Fadıta. Haz: Arslan A. – Ankara, 1997. Vadi Vay., – S.65-66.

Есім Ғарифолла. Қазақ философиясының тарихы: Оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 216 б.

Ислам философиясы. Жиырма томдық. 4-том. / Құрастырушылар: Ә.Нысанбаев, Д.Кенжетай. – Астана: Аударма, 2005. –534 б.

Интеллект[сөзінің] мағынасы жайындапайымдама. // Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым,1973. – 289 б.

Келімбетов Н. Ежелгі әдеби жәдігерліктер. – Алматы, «Алатау» баспасы, 2005. – 332 б.

Қасымжанов А. X. Оймен ұғынылған дәуір. // Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20 томдық / Философия және саясаттану институты. – Астана, 2006. – 16 Т. Фарабитану. – 27-55 бб.

Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы: Бірінші том (ҮІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезең)/ Ред.алқасы Шаяхметов Ш.Ш. т.б. / Құрастырған Қ.Жарықбаев, С.Қалиев. – Алматы, Рауан, 1994. – 320 б.

Машанов А. Әбу наср әл-Фараби еңбегі алғашқы рет қазақ тілінде. // Фараби ғибратты ғалым: фарабитанушы ғалым А. Ж. эл-Машаниге арналады / ҚР Білім және ғылым министрлігі, Орталық ғылыми кітапхана, Қ. И. Сатбаев атын. ҚазҰТУ; [құраст. Ш. Абдраман]. –Алматы, 2006. – 75-77 бб.

Нысанбаев Ә. Шығыс философиясы. Оқу құралы. – Алматы: «Жазушы», 2009. – 480 б.

References:

Abai (Ibrahim) Kunanbayulu. Shygarmalarinin eki tomdik tolik zhinagi [Complete collection of works in two volumes]. – Almaty: Jazushi, 2016. T 1. Olender men audarmalar. – 296 s.[іn Kazakh].

Abay. Shygarmalarinin eki tomdik tolik zhinagi [Complete collection of works in two volumes]. – Almaty,1996. T 2. – 267 s.[іn Kazakh].

Abay (Ibrahim) Kunanbayulu. Shygarmalarının eki tomdık tolik zhinagı [Complete collection of works in two volumes]. – Almaty:Jazushi, 2016. T 2. Olender men audarmalar. – 336 s.[іn Kazakh].

Ahmet Yassaui. Diuani Hikmet [Diwani Hikmet]. – Kazan, 1904. – 255 s.[іn Kazakh].

Altaev J. А. Gılım tarıhı men fılosofyası: JOO-nın magıstrantarına arnalgan okulık [History of science and philosophy: a textbook for undergraduates] / J.А. Altaev, Т.X. Gabitov. – Almaty: Evero, 2011. – 81 s.[іn Kazakh].

Al-Farabi filosofyiası.[Al-Farabi's philosophy]. Zhiyrma tomdyk.II tom. / Kurastırushılar: Nysanbaev, Kurmangalieva. – Astana: Audarma. 2005. – 448 b. [іn Kazakh].

Al-Farabi. Aleumettik-Etikalık traktattar. [Socio-ethical treatises]. – Almaty,1975. [іn Kazakh].

Ebu Nasyr al-Farabi. 10 tomdık shıgarmalar jinagı. – T.4. Aleumettik fılosofıya. Etica. Estetıka (1 bolim). [Social philosophy. Ethics. Aesthetics]. – Astana: LLP "Lotos - Astana", 2007. – 286 s. [іn Kazakh].

Aby Nasr Al-Farabui. Al-Madınat-ul Fadıta. Haz: Arslan A. – Ankara, 1997. – S. 65-66. [іn turkish].

Esim G. Qazaq Filosofiasynyn tarihy; oqylyq. [History of Kazakh philosophy].– Almaty: Qazaq universiteti, 2006. – 216 s. [іn Kazakh].

Islam filosofiasysy. [Islamic philosophy].Jiyrma tomdyq. – T.4. / Qurystyryslar: A.Nysanbaev, D.Kenjetai. – Astana: Aydarma, 2005. – 534 s. [іn Kazakh].

Intellekt [sozinin] magynasy jaiynda paiymdama. [The concept of the meaning of the word [intellect]].// Al-Farabi. Filosofialyk traktattar. – Almaty: Gylym, 1973. – 289 s. [іn Kazakh].

Kelimbetov H. Ejelgi adebi jadigerlykter. [Ancient literary relics].– Almaty:«Alatau» baspasy 2005.– 332 s. [іn Kazakh].

QasymjanovA.H. Oimen ugynylgan dauir. [The epoch of thought]. // Qazaq halqynyn filosofialyk murasy; 20-tomdyq/ Filosofia jane saiasattany instityty. – Astana, 2006. – 16 T. Farabitany. – S.27-55. [іn Kazakh].

Qazaqtyn talimdik oi-pikir antologiasy; Birinsi tom (YI gasyrdan XX gasyrdyn basyna deingi kezen). [Anthology of Kazakh educational thought: Volume One (period from the VI century to the beginning of the XX century)]./ Red.alkasy Saiahmetov S.S.t.b. / Qurastyrgan Q.Jaryqbaev, C.Qalieb. – Almaty: «Rauan», 1994. – 320 s. [іn Kazakh].

Masanov A. Abu Nasr Al-Farabi enbegi algasqy ret qazaq tilinde. [Abu Nasr al-Farabi's work was first published in the Kazakh language]. // Farabi gibratty galym:farabitanysy galym A.J. Masanige arnalady/ QR Bilim jane gylym m-gi, Ortalyq gylymi kitaphana. Q.I.Satbaev atyn.QazUTY; [qurast.: S. Abdraman]. – Almaty, 2006. – S.75-77. [іn Kazakh].

Nysanbaev A.Sygys filosofiasy. [Eastern philosophy]. Oqy quraly. – Almaty: Zhazusi, 2009. – 480 s. [іn Kazakh].

МРНТИ 02.91.01

ВЛИЯНИЕ МИРОВОЗЗРЕНИЯ АЛЬ-ФАРАБИ НА РАЗВИТИЕ ЗНАНИЯ О ЦЕЛОСТНОМ ЧЕЛОВЕКЕ В КАЗАХСКОЙ ФИЛОСОФИИ

К.Д. Раисов¹, К.К. Жылқышыбаева¹*

¹Казахский национальный женский педагогический университет. Казахстан, г. Алматы. 

*Автор-корреспондент.

E-mail: kazbek_ raysov@mail.ru (Раисов), karluwa1970@gmail.com (Жылқышыбаева)

Аннотация. В данной статье мы рассматриваем важнейшие вопросы определения сущности, значения, специфики антропологического и гуманистического мировоззрения аль-Фараби, занимающего особое место в мировой цивилизации и его влияния на развитие гуманитарной науки в казахской философии. Особое внимание уделяется восстановлению преемственности философских взглядов между прошлым и настоящим философской науки. Данный вопрос характеризуется тем, что учение аль-Фараби – единственный способ достичь гармонии между мусульманской философией и казахской философией, является источником нашей духовной зрелости и главным механизмом развития нашего национального исторического сознания.

В нашей статье использованы произведения аль-Фараби «На пути к счастью», «Взгляды людей доброго города», Юсуфа Баласагуна «Кутадгу билик», Ахмета Яссауи «Дивани хикмет», Асан кайги «Жеруйык» и стихи Абая. А также сделаны выводы и рассмотрены историческая преемственность и духовная гармония их взглядов и мировоззрений.

Ключевые слова: казахская философия, мусульманская философия, мировоззрение аль-Фараби, духовные ценности, историческая преемственность, гармония, целостное человеческое учение, антропологические и гуманистические взгляды.

IRSTI 02.91.01

THE INFLUENCE OF AL-FARABI'S WORLD VIEW ON THE DEVELOPMENT OF KNOWLEDGE ABOUT THE WHOLE PERSON IN KAZAKH PHILOSOPHY

К. Raissov¹, К. Zhylkyshybayeva¹*

¹Kazakh National Women's Pedagogical University. Kazakhstan, Almaty. 

*Corresponding author

E-mail:kazbek_raysov@mail.ru (Raissov), karluwa1970@gmail.com (Zhylkyshybayeva)

Abstract. In this article we consider the most important questions of the definition of essence, meaning, specifics of the anthropological and humanistic worldview of al-Farabi, who occupies a special place in the philosophy of the world civilization and its civilized civilization. Particular attention is paid to the restoration of the continuity of philosophical views between past and present philosophical sciences. This issue is characterized by the fact that the teaching of al-Farabi is the only way to achieve harmony between Muslim philosophy and Kazakh philosophy, which is the source of our spiritual maturity and the main mechanism for the development of our national historical history.

In our article we use the works of al-Farabi "On the way to happiness", "Looks of the people of the good city", Yusuf Balasaguna "Kutadgu Bilik", Ahmet Yassaui "Divani Hikmet", Asan kaygi "Zheruiyk" and poems of Abay. And also made conclusions and considered the historical continuity and spiritual harmony of their views and worldviews.

Key words: Kazakh philosophy, Muslim philosophy, al-Farabi worldview, spiritual values, historical continuity, harmony, whole human doctrine, anthropological and humanistic views.

Авторлар туралы мәлімет: 
¹Гуманитарлық ғылымдар магистрі 
¹*Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз