Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.61.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_1 СМАҒҰЛ САДУАҚАСОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ «КЕҢЕСТЕНДІРУ» ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ ТӨҢIРЕГIНДЕГI ТАРИХНАМАЛЫҚ ДИСКУРС

Ш.Т. Булгауов¹, Г.Қ. Мұқанова²*. ¹Т.ғ.к., ассоц., проф. https://orcid.org/0000-0001-5755-685X. ²Т.ғ.к., проф. *Автор-корреспондент. https://orcid.org/0000-0002-9222-5893

ҒТАМР 03.61.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_1 СМАҒҰЛ САДУАҚАСОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ «КЕҢЕСТЕНДІРУ» ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ ТӨҢIРЕГIНДЕГI ТАРИХНАМАЛЫҚ ДИСКУРС

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(27), 2021

Тегтер: тарихнама, Сәдуақасов, Қазақстан, наразылық, реформалар, тоталитарлық жүйе, контрреволюция, бай, репрессия
Аңдатпа:
Мақалада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері С.Садуақасовтың Қазақстандағы күрделі де қарқынды кеңестік реформалар кезеңінде айтқан саяси көзқарастарын талдау негізінде жазылған. Авторлар тарихнамалық дискурс мәселесін алғаш рет қазақ қоғамының «кеңестіктену» проблемалары туралы қазақ көшбасшысының көзқарастарына қатысты көрсетті. Олар Орталық Азияның кеңестік республикаларындағы дәстүрлі экономикалық және мәдени типті реформалау тақырыбының бірқатар шетелдік тарихнамасын ғылыми айналымға енгізді. Ф.И. Голощекин республикада билік басына келген сәттен бастап қазақ зиялыларының ұстанымы терең өзгерістерге ұшырай бастады. «Садуақасовшылдық», «Қожановшылдық», «Рысқұловшылдық»... мұндай айыптаулар сол кезең үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мақалада посткеңестік кезеңдегі шетелдік, кеңестік ғалымдар мен қазақстандық зерттеушілердің тезистері салыстырылады. Авторлар Смағұл Садуақасовтың кеңестік реформалардың мәні туралы терең ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпайды деп түйіндейді
Мазмұны:

Кіріспе. Егеменді, тәуелсіз ел болған Қазақстан үшін тапқа бөлінген кеңестік замандағы саяси жікке бөліну, текетірес, қарама-қайшылықты басынан кешкен қазақ қоғамының тағдырын ашып қарағысы келгені түсінікті болатын. Ұлт болашағының шешілуі тұсында болған саяси, экономикалық, мәдени өзгерістер өзінің құпияларын әлі де болса шешіп көрсеткен жоқ десе де болады. Қазақ зиялылыраның өз халқының болашағын қайткенде оң шешуге тырысқаны, бір топ таптық тұрғыдан, ал екінші топ ұлттық тұрғыдан шешуге тырысқаны тарихтан белгілі.

Материалдар мен тәсілдер. Зерттеу жұмысымыздың әдістемесі пәнаралық әдістер мен мұрағаттық дереккөздерге негізделген. Зерттеудің мақсаты – Отан тарихында қуғын-сүргін салдарынан жартылай ұмыт болған қазақ қайраткерлерінің арасынан шыққан жетекші қайраткерлердің есімдері мен қызметін кезең-кезеңімен жаңғырту. Зерттеу әдістері: диалектикалық логика, анализ және синтез, индукция және дедукция, салыстырмалы және т.б.

Зерттеуге материалдар ретінде сол дәуірдің құжаттары, естеліктер, Одақ аймақтарындағы жағдайға шетелдік бағалар, сондай-ақ КСРО ыдырағаннан кейін әртүрлі елдерден келген ғалымдар жариялаған очерктер алынды. Бұл дереккөздер Қазақстанның дамуындағы ортақ және ерекше белгілерді анықтау мақсатында сыни талдауға, тексеруге, салыстыруға ұшырады.

Құпиясы жойылған мұрағаттардағы, шетелдік басылымдардағы дереккөздер негізінде Смағұл Сәдуақасовтың өңірлік даму стратегиясына қосқан теориялық және практикалық үлесі қалпына келтірілді.

Жұмыстың ғылыми-тәжірибелік маңыздылығы ұлттық және мемлекет тарихы тақырыбын өзектілендіруде және репрессия құрбаны болған қазақ элитасының көшбасшысы, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы С. Сәдуақасовтың рөлін толықтыруда. Мақала авторы жүргізген тарихнамалық деректерді жүйелеу ұлттық мүдде пайдасына реформалардың заманауи бағыттарын айқындайды.

Талқылау және нәтижелер. Қазақ зиялыларының екі жақты ойы, қоғамға деген көзқарастары белгілі себептермен көптеген кемшіліктерге,  қан төгуге, ауыр саяси қателіктерге алып келгенін атап кету қажет. Себебі, Қазақстандағы кеңестік «ұлт мәселесінің» дамуына екі жақ та өз үлестерін қосты. Тарих үшін де, қазақ қоғымының қазіргі даму тұсында болсын ол тарихи ойлар Қазақстанның полиэтникалық, көпмәдениеттілік жағдайында әлі де өзінің қажеттігінен айырылған жоқ деп айту керек. Сондықтан да болар тәуелсіз елге айналған жылдардан бастап «большевик», «оңшыл», «солшыл», болмаса «алашордашыл», «революционер» немесе «контрреволюционер»... демей кеңестік қоғам қайраткерлері мен Алаш партиясының мүшелерінің құжаттары, өмірбаяндарына қатысты материалдары таңдамалы шығарма, құжат жинақтары болып жарыққа шыға бастады. Сонымен қатар, 1920-1930 жылдардағы күштеп ұжымдастыруға, аштыққа және саяси репрессияларға да арналған құжаттар мен материалдардың жарыққа шығуы замана талабы болатын. Егеменді ел болған қазақ жұрты өзінің өткені мен болашағына тың көзбен қарауға тырысты, өткеннің қателіктерін қалайда қайталамау үшін, ендігі жерде тура жолда сүрінбес үшін. Жаһандану заманында кез келген ел қателесуге құқы жоқ десек болады, тіптен жай ғана кемшілік, жетіспеушілік екі-үш есе ұлғайып, үлкен мәселеге айналары сөзсіз.

Қазақ мемлекетінің саяси дамуына қатты әсер еткен, бірақ большевизмнің сынына ұшырап тарихи айналымнан шет қалған, дегенммен де, кезінде кеңестік ғылым (маркстік-лениндік, большевиктік, коммунистік) қоғамның барлық жағын «жауламай» тұрған кезінде, тоталитарлық режим күшеймей тұрғанда газет, журнал беттерінде жарық көріп қоғамның даму жолында өзінің терең ізін қалдырған қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар болды. Олардың қазақ қоғамының дамуына деген көзқарасы большевиктік саясаттан, идеологиядан әлдеқайда тиімді екендігін тарихтың өзі қазіргі күнде дәлелдеп отыр. Осы сөзімізге дәлел ретінде кеңестік кезеңдегі аумалы-төкпелі замандағы өзгерістер тұсында өзінің дұрыс та, аса қажетті көзқарастарымен ақпарат беттерінде, өлкелік комитеттің жиналыстарында, Голощекин секілді сталинизмнің қатігез саясатының басында тұрған билік адамдарына барынша қарсылық көрсеткен бізге белгілі, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садауақасов жайлы сөз болмақ.

Ойымызды бір жүйеге салу үшін, мәселенің басты мақсатын ашып көрсету үшін, Қазақстан ғалымдарының әсіресе 90-шы жылдардың екінші жартысы мен 2000-ші жылдардың басынан бастап қазақ елінің кеңестік ұлт саясатында аса маңызды орын алған, көптеген қателіктер кеткен кеңестік реформаларға қатысты көзқарастарын, ойларын және шиеленіскен проблемаларды ғалымдар ашып қарай бастаған болатын. Біріншіден, тәуелсіз Қазақстан ғалымдары егемендік алған соң өздерінің назарын алдыңғы жылдарда ғылыми айналымнан шет қалған, жабық қалған, қозғауға болмайтын тақырыптарды, ғылыми бағыттарды нақты қарастыра бастады. Бұл қатардан көптеген белгілі ғалымдармен қатар енді ғылымға келген, тың тақырыптарды қарастырған жастарды да көреміз. Жалпы, ғылымда алдына жоспар қоя білу, ол – жеңістің жартысы деген ой бар. Ал, Қазақстан тарихының алдында тұрған проблема, ол – кешегі өткен тарихымыздың қыр-сырын жан-жақты қарап, халық алдында өзінің шешімдерін ұсына алуы болатын.

Екіншіден, осы кеңестік тарихтың мәселелерінің ғылыми айналымға ену жағдайына өздерінің үлесін қосқан ғалымдардың ойына назарымызды аударсақ. Қазақ тарихының ұлттық, саяси, мәдени, экономикалық, қоғамдық даму жағдайына қатысты, академик М.К. Қозыбаев 1996 жылы жарық көрген «Народ не безмолвствует» жинақта КСРО-дағы Ұлы Отан соғысы алдындағы және оның тұсындағы ұлт мәселесінің методологиялық, проблемалық тұрғыдан маңызды екені, империя тұсындағы ғасырлар бойғы геноцид, этноцид, тоталитарлық режим тұсында тіптен күшейгені «айтылмады, болмаса әсерленді, тіптен тура бұрмаланды» (Народ..., 1996:8) – деп жазды. Британдық ғалым Роберт Конквест те осы ойды онан әрі нақтылай түседі, ол 1930-1933 жж. селолардағы террорды ресми түрде зерттеуге әрекет жасалмағанын, адам шығыны жайлы ешбір хабардың болмағанын, «тәуелсіз зерттеушілерге осы мәселені зерттеу үшін мұрағаттар ашылмағандығын» айтады (Конквест,1990:83).

Белгілі зерттеуші М.С. Бурабаевтың «Общественная мысль Казахстана в 1917-1940 гг.» (1991) деген монографиясы, мұнда автор С. Садуақасов секілді қоғам қайраткерімен қатар К. Тоғысов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, Ф.И. Голощекин... жайлы көптеген ойды қарастырған. Монографияда сол кеңестік құрылыс тұсындағы жоғарғы басшылық пен қайраткерлер арасындағы тартыс, күрес және сол тұстағы саяси шындықты дәлелді фактілермен байланыстыра қаралған. Тағы бір моография «Қайран Ораз. Ораз Жандосов замандастар көзімен» (1999), - деп аталады.

Мұнда С. Садуақасовтың алаш партиясының көрнекті мүшелерімен, О.Жандосовтың пәтерінде «ұлтшылдардың бас қосқанын» мәліметті жинаушы, тергеуші Біріккен саяси Бас басқарма Шығыс бөлімінің өкілетті өкілі Олгачев, 1929 ж. 1 шілдеде жазған мәліметті кездестіреміз. Сөз жоқ, бұл С.Садуақасовтың алаш интеллигенциясымен тығыз қарым-қатынаста болғанын тағы бір дәлелдейді. Осы жерде «Ураз Джандосов выдающийся государственный деятель и просветитель» (1999) – деген еңбекті де айтып кету керек. Белгілі ғалым Т. Омарбековтың «... Бұл жерде О. Жандосов ауқаттыларды салық саясатымен тежеуді ұстанған С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев, Ы.Мұстамбаевтар тобына қарсы солшылдық көзқарасты жақтады. Бұл әрине, О.Жандосовтың қателігі еді...» деген ойын көреміз. Ия, С. Садуақасовтың осы секілді өзге де саңызды ойларын еңбектің басқа жерлерінен де кездестіреміз.

Тағы бір ғылыми еңбекте, белгілі қазақ қоғам қайраткері, шет елге қашып сол жақтан кеңестік зорлықты үнемі сынға алумен болған Мұстафа Шоқайдың С. Садуақасов жайлы ойлары да мақала жазуға падаланылды. Кеңестік құрылыс жауларын сынаған Голощекиннің сөздерін пайдаланған М. Шоқай сол тұстағы кеңестік билік пен ұлт жанды азаматтардың арасындағы тартысты, күресті ашып көрсете білген «... Садвакасов – это выражение темной националистической идеологии широких масс. И с этим надо считаться...» деген Голощекинннің сөзін мысалға, дәлелге келтіреді. Яғни, кеңестік тәртіп күшпен жүріп жатқанын, ішкі айшылықтың терең екенін көрсетеді.

Зерттеуші Иманбекова Бибігүл өзінің «Нығмет Сырғабековтың әлеуметтік көзқарасы және мемлекеттік қызметі (1900-1938 жж.)» - деген тарих ғылымдырының кандидаты дәрежесін алу үшін жазған диссертациясының авторефератында қайраткер жайлы жаза отырып, оның Смағұл Садуақасовты «байдың социализмге ұластанындығы туралы «теорияны» ұсынды»- деп кіналағанын келтіреді. Автор Н. Сырғабеков секілді қоғам қайраткерінің кеңестік идеологияға көзсіз сенгендіктен, осындай қателіктерге барғанын атап кеттті. Кедей ортадан шыққан, білімі төмен азамат қателіктерге барды деген ойға келеді.

С. Садуақасовтың еңбегінің жан-жақтылығына Т.С. Қаленова өзінің докторлық диссертациясының (Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен қоғамдық саяси қызметіне (1889-1931жж.) авторефаратында сөз қозғап кеткен. Онда С. Садуақасов мақаласында алаш азаматтары, қоғам қайраткерлері Ж. Аймауытов пен М. Әуезовты «творчестволық талантты жазушылар» - деп атап кеткені жайлы мәлімет бар.

«Становление государственных учреждений Казахстана по образованию, культуре и науке (1917-1936 гг.)» (1999) деген кандидаттық қорғауға ұсынған жұмыста Ш.Ж. Таукибаева Меңдешев, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, С. Садуақасов және басқа да қоғам қайраткерлерінің, маман кадрлардың өмірі, творчествосы, биографиясы және шығармашылық мұрасы, отандық тарихымызда «мақтаныш тудырады» деп жоғары бағалайды. Егеменді Қазақстанның тұсында ұлтшыл демей, коммунист демей қазақ қоғамының қайраткерлерінің библиографиясына еңбек арнау, ғылыми жұмыстар жазу сөз жоқ өзінің жемісін бергенін айту керек.

Мақала жазу үстінде А.П. Кучкиннің «Советизация казахского аула» (1962) деген еңбегінде 1919 жылы Москвада болған «контрреволюционерлердің», ұлтшылдардың жиналысында Туркестаннан – Ходжаев, Татариядан – Султан-Галиев, Башкириядан – Валидов, Қазақстаннан – Байтұрсынов және т.б. жиналды- дей келе ұлтшыл-уклонист С. Садуақасов: «Он (Байтурсынов) построил каменное здание. Охранять в чистоте и в порядке построенное Ахметом здание – наше обязанность. Дать правильный рост засеянному Ахметом – наш долг» («Большевик Казахстана», 1932, № 2-3, стр. 35) – деп бағалағанын сынға алғанын көреміз. Осыдан өзге де еңбектерде кездесетін алаш азаматтарымен С. Садуақасов секілді жас ұрпақ арасындағы байланысты байқауға болады. А.П. Кучкин бұл еңбегінде осы секілді байланыстың барлық қауіптілігін, қатерлілігін барынша ашып беруге тырысқанын көреміз. Алаш азаматтары мен коммунист Садуақасов секілді қайраткерлердің бір жақта, қазақ ұлты жағында болуы көптеген кеңестік зерттеушілердің ашу ызасын туғызғаны сол кездерде заңдылық болатын.

«Первые лица государства: политические портреты (с точки зрения истории и современности)» 1998 деген жинақтың Ф.И. Голощекинге арналған мақалада Е. Медеубаев оның өз қарсыластарын «ұлтшылдыққа», «пантюркизмге», «ұлтшыл-уклонизмге» айыптап, қадалағанын айтады. Осы айыптаулар қазақ коммунистері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Меңдешев, С.Садуақасов, О.Жандосов секілді қоғам қайраткерлеріне арналған болатын. Осы айыптаулардың шектен шыққан саясат екенін тіпті Л.Д. Троцкийдің КСРО-ның Мемлекеттік Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары Сокольниковке жазған хатынан да байқауға болатынын көреміз. Троцкий «...орталықтан келген кадрлар қазақ коммунистерінің арасында от тастап, оларды жанжалдастырып отыр. Барлық жерде бюрократия, қоғамдық-саяси өмірде екіжүздүлік, алдау, қорқыту және шағым» – деп сипаттаған болатын. Нәтижесінде көптеген қайраткерлер қудаланды, сотталып, ату жазасына кесілді.

С.Садуақасов жайлы көптеген позитивті ойды Е. Қуандықовтың еңбектерінен де көреміз. Ол «Сүрең салған сұрқия саясат. Ғылыми мақалалар мен зерттеулер» (1999) – деген еңбегінде Жергілікті халықтың ұлттық мүддесін ескермей саясат жүргізген Голощекинге қарсы тұрған қайраткерлердің атын атап кетеді: Ж. Мыңбаев (Қаз ОАК төрағасы), Н. Нұрмақов (ХКК төрағасы), С. Садуақасов (Халық ағарту комиссары және «Еңбекші Қазақтың» жауапты редакторы). Ал, 1999 жылы жарыққа шыққан «Отан тарихының тағлымдары және Қазақстан қоғамының қайта жаңғыруы (...халық бірлігі және ұлттық тарих жылына арналған ғылыми сессияның материалдары)» (1999) жинағында К.Н. Нүрпеисовтың «Тоталитарлық режимге саяси және рухани қарсылық» (ХХ ғасырдың 20-шы жылдары)» – деген мақаласында С. Садуақасовты «Алаштың мұрагері» деп бағалайды. Автор Заки Валидидің еліне «Қоштасу хатында» түркі халықтары тек біріксе ғана тәуелсіз болады деген болатын, міне осы идея Смағұл Садуақасов 20-шы жылдардың басында М.Әуезов, А.Байдильдин, Д.Абиловке жазған хатында да кездесетінін көрсетеді. Автор сонымен қатар С. Садуақасовтың еңбектерінің негізгі ойы Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігіне арналғанын баса көрсетеді.

Шетелдік тарихнамаға жүгінер болсақ, онда ең танымал кітаптарға тоқталған жөн. Мысалы, соңғы онжылдықтарда кеңестік Орта Азия мен Қазақстанның тарихына қызығушылық алыс шетелдерде пайда болды. Колумбия университетінің (АҚШ) профессоры Г. Кендірбай 20 ғасырдың басындағы Ресейдегі қоғамдық қозғалыстардың либерализациясын Алаш қайраткерлерімен байланыстыра зерттеді (Kendirbay, 1997).

Бұрынғы құпия мұрағаттардағы ауқымды зерттеулерге сүйене отырып, Davies R., Wheatcroft Stephen G. (2014)Германия, Жапония және Италиядан басқыншылық қаупінің күшеюі және Сталин билігінің нығаюы аясында кеңестік индустрияландырудың барысын қарастырады (Davies R., Wheatcroft Stephen G. (2014).Уяма Томохико – белгілі жапон тарихшысы, Хоккайдо университетінің Славян зерттеу орталығының профессоры Ресей империясының тарихы мен Орталық Азиядағы қазіргі саясатқа маманданған. Бұл тарихшының кітаптары Ресейдің Шығыстағы, әсіресе Орталық Азиядағы, Кеңес өкіметі дәуіріндегі саясатының динамикалық тарихи деректерін зерттеуге әсер етеді. (Uyama, 2014).  Жапон ғалымы ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қызметіне географиялық фактордың әсері болды деп есептейді.(Uyama, 2020).

Кеңес мемлекетінің қазақ және өзбек ұлттарын құруға араласуының дәрежесін, формалары мен жолдарын зерттей отырып, Ubrilia G. (2015) кітабында ұлтшылдық туралы теориялық әдебиеттер қарастырылады. Автор қазақ та, өзбек те 1920-1930 жылдардағы мәскеулік кеңестік саясаткерлердің жасанды құрылыстары екенін алға тартады. Бұл кітап осы ұлттық құрылыс жобаларындағы Орталық Азия мен Кеңес Одағының жергілікті шенеуніктерінің рөлі туралы кейбір жаңа және балама түсініктерді келтіру арқылы қазіргі ғылыми зерттеулердегі бар дәлелдерге қарсы тұрады. Одан әрі қазақ және өзбек халықтары кеңестік дәуірден бұрын-ақ ұлттық ұжымдық болмыс пен адалдықты қалыптастырған посткеңестік ресми қазақ және өзбек тарихнамаларын сыни тұрғыдан қарастырады. Бұл кітап Орталық Азия тарихы мен саясатына, сондай-ақ ұлтшылдық пен кеңестік саясатты зерттеуге пайдалы үлес болады. (Ubrilia, 2015:9)

АҚШ-ғы Йель университеті баспасынан шыққан бірнеше кітаптардың: “The History of the Gulag”, “Master of the House: Stalin and His Inner Circle” авторы O.Khlevniuk (2017) кеңестік режимді сипаттау үшін мұрағаттарға сүйенеді (Khlevniuk,2017).

Тағы бір зерттеу туралы сарапшылар жазғандарын келтірейік. "The Stalinist Era" explains the origins and consequences of Soviet state intervention and violence in international context”, – бұл американдық Hoffmann (2018) Кеңес реформалар туралы жұмысын жоғары бағалау.(Hoffmann, 2018).

Смағұл Садуақасовтың театр мәдениеті, әдеби альманахтар туралы мақалалар жазғанын ескерсек, Кеңестік Қазақстанның сәулет өнері де оған бей-жай қараған жоқ. Итальяндық авторлар Murray, D., Sorrell, S. (2019) Орталық Азияның кеңестік модернистік архитектурасын зерттеуде. Итальяндық фотографтар Роберто Конте мен Стефано Перего Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан кеңестік республикаларын аралап, КСРО-да салынған ғимараттарды суретке түсірді. (Murray, Damon, Sorrell, Stephen, 2019).

Дегенмен, аймақтық проблемаларды тек отандық ғалымдар жақсы зерттей алады. Мұны қазақ тарихшылары мен қоғамтанушыларының еңбектерін оқу арқылы да дәлелдеуге болады. Қазақ ұлтының тарихында үлкен қасіретке толы кеңестік құрылыстың жер, су реформалары, ұжымдастыру тарихына альтернативті көзқараста қараған зерттеулердің бар екендігі анық, бірақ ол да ғылыми айналымнан «шет қалған» болатын – деп З.Майданәлі бұл зерттеушілер қатарында «С.П.Швецов, М.Г.Сириус, А.Н.Донич, Е.А.Полочанский, А.Челинцев, В.Скороспешкин және тағы басқа зерттеушілерді» қосады (Майданали, 2003:6). Кейінгі жылдарда жарық көрген зерттеулердің ұлт зиялылар өмірі, қоғамдық қызметі, саяси ойлары жайлы сөз қозғаған ғалымдар бір ауыздан осы ойға жақын тұжырымдар айтады.

«Осы орайда кезінде тәуелсіздігіміз үшін күрескен, сондықтан да кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болған, саяси жүйе есімдерін кейінгі ұрпақ санасынан біржола ығыстыруға күш салған тұлғалардың тарихымызға «қайта оралуы аса қажет» – дей келе М.Тынышбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы қалам тартқан Г.С.Жиенбаева қоғам қайраткерінің қызметін, өмірін тек объективті қараудың негізгі мақсат емес екенін де баса көрсетеді. Сондай ірі қайраткер, әрі ғалымның  бірі – М.Тынышбаев тәрізді тұлғаның қайраткерлігіне және еңбегіне объективті баға беру, ұлттық тарихымыз үшін ғана емес, егемен Қазақстанның жас ұрпағын рухани және саяси тұрғыдан тәрбиелеу үшін де керек» екендігін Г.Жиенбаева 1993 жылы қорғалған «М.Тынышбаевтың өмірі мен қызметі (1879-1938)» атты диссертациясында атап кетеді.

«Ұлт бостандығы жолында жанкешті қызмет еткен алаштық зиялылардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін объективтік тұрғыдан бағалап көрсету мүмкіндігіне зерттеуші ғалымдар еліміз тәуелсіздік алған кезеңде ғана қол жеткізді» – деп осы кезге дейін ондай мүмкіндіктің болмағанын өзге зерттеуші Т.С. Қаленова «Ж. Аймауытовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі (1889-1931жж.)» атты диссертациясында көрсетсе, тарихшы Г. Нурбетова өзінің еңбегінде осы ойды онан ары жалғастыра түседі. Ол «Қызыл террор» тарихына арнаған еңбегінде Қазақстандағы «20-30-шы жылдардағы процесстердің саяси тарихы енді ашылып жатқанын атап кету қажеттігін» көрсетеді (Нурбетова, 2003:6). Тек қана жекелеген қоғам қайраткерлері ғана емес сонымен қатар бүтіндей бір саяси қозғалыстың да қызметі зерттеу мүмкіндігінен тыс қалғанын атап өте отырып: «Алаш немесе Алашорда қозғалысы мәселенің ғылыми жан-жақты толық әрі шынайы тұрғыдан зерттелінуі КСРО ыдырағанға дейін мүмкін болмады» – деп 2001 жылы «Алашорда Үкіметінің Шығыс бөлімі» атты диссертациясында зерттеуші Е.Е. Сайлаубай тек жекелеген қоғам қайраткерлерінің ғана емес, тұтастай қозғалыстың, партияның да тағдырына назар аударады.

Жалпы, қазақ қоғамының тағдырында үлкен роль атқарған саяси партиялар ғана емес, ұлттық шығармашылық интеллигенцияның да ролін ашып көрсетуде зерттеші З.О. Дүкенбаеваның еңбегінің орны бөлек. Ол «...әлі де болса ғылыми түсінігіміз толық қалыптасып үлгермеген шынайы бағасын алмаған өзекті мәселелердің бірі – осы ұлттық интеллигенцияның тарихы. Мәселенің кейбір қырлары әртүрлі ғылыми әдебиетте кездескенімен, мақсатты түрде жеке зерттеу объектісі ретінде осы күнге дейін қолға алынбай келген еді» (Дүкенбаева, 2003:55) – деп анықтап кетеді. Тағы бір назар аударуға қажетті еңбек ол, Ж. Досмухамедовтің саяси-қоғамдық қызметіне арналған еңбекте зерттеуші Р.С. Мажитов тарихта зиялы, қоғам қайраткерлері, оқыған азаматтар қоғамдағы барлық оқиғалардың ортасында жүретіндігін, олардың маңызды роль атқаратындығын айта келе, Ж. Досмұхамедовтың Қазақстан тарихындағы алатын орнына, роліне қарамастан оның «өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі аз зерттеліп отыр» (Мажитов, 2005:4) – деп атап кеткен.  

Ойымызды Левон Мирзоянның біржақты қарастыра салуға болмайтын, Қазақстандағы саяси қызметіне өзінің зерттеуін арнаған П.Ж. Алтынбекова «Бүгінгі өтпелі кезеңдегідей өзгерістерге толы, тұрақтаусыз, сағымдана зымырап өткен 30-шы жылдардың қаһарлы да аяусыз сәттерінде еліміздің болашағының жарқын болуының жолдарын ойластырып, іздестіріп, соны іске асыру үшін жан аямай күрескен қайраткерлердің үлкен шоғыры репрессияға ұшырап, есімдері көпке дейін белгісіз болып қалды. Бұл ұлт санасының жетілуі мен  дәстүр сабақтастығына орны толмас зиян тигізді» (Алтынбекова, 2000:3) – деген сөзіне, М.Қ. Қойгелдиевтің «...өтпелі кезеңде тарих авансценасына көтеріліп, басаяғы жиырма жылдай уақытқа созылған қоғамдық қызметімен өз елінің тарихында терең із қалдырған ұлт зиялылары кімдер еді? Олар  еліміздің  азапты тарихында қандай орын алмақ? Бұл сауалдар біздің тарихтану ғылымымызда өз шешімімін тапты деп айта алмаймыз» деген ойы үндес екенін көреміз. Ұлт зиялыларымен қатар жүріп, тізе қосып тоталитарлық жүйенің қысымына, жүйенің шектен шыққан саясатына, күштеп ұжымдастыруына, отырықшыландыруына «гегомонсыз» қалған халық көніп отыра алған жоқ болатын.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ жерінде болған қарсылықтың 50 жылдан астам көлеңкеде болып келгенін Т.К. Алланиязов өзінің зерттеуінде келтіре отырып, 1929-1931 жылдары 372 қарсылық болып, оған 80 мың адам қатысқанын айтады, бұл қазақ шаруаларының қарулы қарсылығы тек «ХХ-шы ғасырдың 90-шы жылдарды басынан ғана зерттеле бастағанын» (Алланиязов, 2002:3)-көрсете отырып, жоғарыдағы авторлардың ойын кеңестік реформаларға деген қарсылық жағына бұрады. Ол қазақ қоғамының ең күрделі де қиын шағы ХХ ғасырдың 20-50 жылдарына, оның ішіндегі тоталитарлық режим тұсындағы саяси репрессия тарихына зерттеу жүргізген. Т.К. Алланиязов және басқа да зерттеушілердің айтқан ойларын зерттеуші Г.А. Жұмасұлтанова қорытындылағандай болады. Ол Қазақстанда 1920-1950-ші жылдардағы саяси репрессия проблемалары әлсіз зерттелгенін, осыған байланысты өткенімізге қайта оралып, «репрессия жылдарындағы барлық оқиғаларды объективті түрде қайта бағалау қажет» – деген ойды алға тартады. Әрине, бұл тізімді онан ары жалғастыра беруге болар.

Қорытындылар. Дегенмен, жоғарыда түрлі аспектіде, бағытта айтылған тарихи маңызы бар ойларды қарастырған авторлардың тұжырымдары біздің мақала арқауы болып отырған Смағұл Садуақасовтың саяси тұжырымдарына, қайтсем жаппай ұжымдастыруды, индустриаландыру секілді кеңестік реформлардың ауыр зардаптарынан халқын сақтап қалуға тырысқан оның жанталасқан іс-әрекетіне жарық түсіретінін айту керек. ХХ ғасырдың аяғына қарай Р.С. Елмурзаева С. Садуақасовтың өмірі мен қызметі жайлы 1997 ж. ғылыми зерттеуінде тоталитарлық жүйе тұсында республиканың объективті тарихын жазудың мүмкін емес болғанын, оның негізгі себебі «идеологиялық» мәселе – деген болатын. Осы мәселеге, яғни қазақ өлкесіндегі таптық мәселенің шешілуіне, осы мәселеге мемлекет және қоғам қайраткері С. Садуақасовтың қалай қарағандығы, не ұсынғаны өте маңызды екені белгілі. Себебі, оның айтқан ойларының басым көпшілігі көпшілікке беймәлім болып келді.

1930 жылғы О. Исаевтың «Ленинское разрешение национального вопроса» (1930), және оның «Народное хозяйство Казахстана» (1930, №5-8) журналындағы «Национальная политика партии в Казахстане» мақаласында кеңестік идеологияның кімге, не үшін қарсы күрескені анықтала түсетінін көреміз. Оның «Ленинское разрешение национального вопроса» деген еңбегінде 608 ірі бай феодалдарды конфискелегенде 150 мың бас малдың (ірі қараға шаққанда) тартып алынғандығын, 20.206-сы кедей-батрак шаруашылықтарына берілгендігін айтады. 293 колхоз және 5 совхоз құрылғандығын айта келе конфискелеудің негізгі себебі байлар малын бөлу емес, ол – ауылдағы бай және жартылай феодал ұяларын, ауылдағы патриархалды-рулық және жартылай феодалдық қатынастарды жойып, «ауылдағы өндіргіш күштерге социалистік жолмен дамуына алғышарт және жағдай жасау» – екендігін көреміз. Тез арада таптарды жоюдың лениндік принциптерін алға тарта отырып, яғни қанаудың көзі жартылай феодалдық қатынасты жою негізгі мақсат екендігін қайта-қайта айтумен болады.

Ораз Исаев, Швецов, Челинцев, Рыбников, Ясинский, Прокопович, Полочанский секілді ғалымдардың коллективтендіруге, индустриаландіруге байланысты ескертпелерін қарады ма екен, бірақ С. Садуақасовқа қатты шүйлігеді. Ол бай идеологиясын, басқа да «шылдарды» оның ұстанғанын айта келе шабындықты бөліске салу, конфискелеу және т.б. айтқан ойын келтіреді. «Қазіргі кезде еліміз сілкіністерді күтіп тұрған жоқ, бейбіт, шығармашылық еңбекті күтіп отыр. «Оны құтқаратын жаңа экспроприация емес, еңбек және ғылым құтқарады» – деген сөзін келтіреді. С. Садуақасовтың бұл сөздерінің дұрыстығын ғалымдар тек КСРО құлап, ыдыраған соң ғана жаза алатын болды. «Адамды адам қанауға болмайды» десе де коммунистер өздері осылайша 1917 жылдан бастап КСРО-ның соңғы күндеріне дейін бүкіл халықты «таптық көзқарастың» («классовый подход») құрсауында ұстап келді. О.Исаев С.Садуақасовтың ауыл «сілкінісіне» қарсы марксизм ілімін де бетке ұстанғанын көрсетеді: «Ешбір маркстік әдебиетте өркениетті халықтардың жұмысшы табы коммунизм патшалығына езілген ұлттардың өлі денесі арқылы жетеді деген сөз айтылмаған» – деп өз ұлтына тұтас, бөлмей, жаны аши қарайтындығын байқатты. Ол кезде мұндай ойды айту шектен шыққан ұлтшылдық болатын. Ал, О.Исаев оның бұл сөзіне ұлтшылдың ішіндегі нағыз тар маңдайлы, «махровый» ұлтшылы айтатын сөз дегенге келтіреді. О.Исаевпен бір қоғамда өмір сүре отырып, бір үкімет қызметінде жүріп, соған қарамастан өзге қорытынды жасауы С. Садуақасовтың шоқтығы өзгелерден биік тұрғандығын көрсетсе керек.

1917 жылдан Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңнің материалдарын қарастырғанда 1931 жылғы «Народное хозяйство Казакстана» журналының №5 санындағы Ғ.Тоғжановтың «Буржуазные и мелкобуржуазные «теории» об ауле» – деген көлемді мақаласын айтпай кетуге болмайды. Оның мақалада қозғаған ойлары негізінен таптық мәселерге арналғанын көреміз. Ғ.Тоғжанов алдымен патша үкіметіне дәлелді тиіседі, патшалықтың қазақ халқына зиянынан басқасы болмағанын айта келе, қазақ халқының достарының шын мәнісінде тек «жаны ашығандық пен түсіністіктен» басқаға шамасы жоқ дегенге саяды. Ал, «Позиция казакских националистов и пантюркистов» – деген тараушасында 1910-1912 жылдары баспада ауыл болашағы жайлы тартыстың барысында екі көзқарастың анықталғанын айтады, бірі «Айқап» төңірегіндегі, Сералин, Сейдалин, Қарашев және т.б. жерге отыру, мүмкіндік бар жерде жер шаруашылығымен айналысу, отырықшы болу; екінші көзқарастағылар «Қазақ» газетінің төңірегіне жиналған Ә.Бөкейханов, М.Дулатов және т.б., олардың бірінші топтағыларға «түбірімен қарсы болғанын» айтады. Автор бұл екі топтың кімдер екендігіне назар аударып, біріншілерінің жер иесі – кулак типтес жаңа байлар екенін, ал Сейдалин, Сералин, Каратаевтар баспада сөйлемей тұрып «отырықшыға айналғанын, капиталистік жолға түсіп қойғанын» айтады (Тогжанов, 1931:24).

Екінші топтағыларды патриархалды байдың, жартылай феодалдың мүддесін қорғаушылар, ескінің тірегі, «сауын», «атмайы», тегін жұмыс қолынан, т.б. сол секілді ауылдастарын қанау мүмкіншілігінен айрылғысы келмегендер деп анықтама береді. (Айта кету керек, Ғ. Тоғжановтың осы қорытындылары (әсіресе, қоңсы, атмайы, саун, руласы, ...жайлы ) кейін көптеген кеңестік зерттеушілердің еңбегінде кездесетіндігін айту керек. Ол осынысымен марксист-тарихшылардың ірілі-ұсақты буржуазиялық теорияларына шабуылдың бас жағында келе жатқаны анық.

Ол өз сөзіне біржақты, анық тұжырым жасайды, А.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов және т.б. «...қазақ молдаларының, ишандардың және ауылдың жартылай феодал басшыларының мүддесін қорғады»- деп қорытады. Олардың байлар мен кедейлердің арасында таптық қайшылық жоқ дегеніне Ғ. Тоғжанов керісінше дәлелдеп бақты және дәлелдеді де. Өйткені оның жағында бүтіндей кеңестік Одақ тұрды. Ол кезеңде оған қарсы не айтуға болар еді, әрине қарсы аргумент жоқтың қасы болатын. Себебі, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Алаш партиясы, большевизмге қарсы келетін бірден-бір саяси күш, іс жүзінде саясаттан аласталған кез болатын. Биліксіз, саяси ұйымсыз алашордашылар ештеңе де істей алмағандығы заңды құбылыс еді. Егер ХХІ ғасырдың биігінен айтар болсақ, онда «таптық көзқарас», «таптық қатынас», ... ол тек қана «тоталитарлық» қоғамның бір атрибуты екендігі, ондай қоғам өмір сүруге тиіс емес екендігі. Таптық қатынас тек қоғамды бөлшектейтін, бір-біріне қарсы қоятын, азамат соғысының, саяси репрессиялардың ...бастамасы екендігі анық.

Мақаланың өзегі болып отырған зерттеу желісіне Ғ.Тоғжанов қандай қатынаста болды, С.Садуақасов секілді білімді, ұлтжанды адам кім болып көрінеді. Оқырмандарға қандай жаңа ой сала алар екен, мүмкін Смағұл Садуақасовтың біз білмейтін, білгіміз келетін қасиеттері бар шығар. Ғ.Тоғжанов «О роли баев в ауле» деген тараушасында өзінің мәнеріне сай, бірден қазақ азаматы Смағұл Садуақасовқа сөздерін де, уақытын да аямай алашордашылардың ойын қолдаған коммунистердің бірі екендігін бетіне басады.

Байларды экспроприациялау ол кедейлерге азаттық әкелмейді, керісінше езгі, қайыршылық «азап» әкелетінін, ал 1926-шы жылғы егістік, шабындық жерді бөлу, байлар жерін кедейлерге беру мәселесін «азамат соғысы, ауыл үшін қайыршылық» екенін. Ол тіпті «Еңбекші қазақ» газетінде редактор болып жүріп «қазақ байларының саны да кулактардай көп емес, мәдениетті де емес, өзге халықтардан онша бөлектенбейді де, міне осының барлығы олардың саяси қауіпті емес екенін білдіреді» – деп қайткенде араша болуға тырысқанын Ғ.Тоғжанов бір ауыз сөзбен былайша бағалайды: «Түсінікті емес пе, «коммунист» Садуақасовтың аузымен алашордалық сөйлеп отыр» – дейді.

Автор байлар жайлы осыған ұқсас ойды европалықтар Полочанский, Соколовский де айтқанын келтіреді. «За новый аул-кстау» деген брошюрасында Полочанский «бай өзінің кедей туысынан тек тоқтығымен, киімінің аздап жөнділігімен ғана айрылады және аштың да қызғанышын тудырмайды» – дейді. Онан ары Полочанский «жайылымды-мал бағу шаруашылығында» байдың қанаушы емес, пайдалы, таптырмайтын қоғам мүшесі ретінде силанатынын айта келе, бай жайлы мұндай ой марксизм, коммунистік партия тұжырымына сай емес екенін, оның жалған екенін айтады. Бұл сөздерді сын ретінде қабылдауға болар ма екен, әрине жоқ. Себебі, капиталистік қоғам адамның талантына, талабына шектеу қоймайды.

Жеке меншік – жеке істің (бизнестің) бастамасы, ол – жеке адамның бостандығы. Ал енді кеңестік шындыққа қарайтын болсақ, онда адамға бостандық берудің орнына барынша адам бостандығын шектеумен болғандығын мойындау керек. Неге үстем таптың еркінің, бостандығының шектелуі ұлт бостандығының да шектелуіне алып келеді екен, осы мәселеге назар аударған адамдар болды ма. Тоғжанов: Полочанскийдің «бай-атқамінерлердің ұйымдастырушылық, мәдени күш» екенін айта келе, оларды ауыл дамуында пайдаланған дұрыс дегенін сынға алады. Ол Полочанскийдің байларды, олардың тәжрибесін, байлығын неге «жаңа аул-қыстау» ұйымдастыруға пайдаланбасқа, ал кедейлер қанша қосылғанымен бәрібір «жалпы кедейлік» болмай ма – деген сөзіне қазақ ұлтшылдары да «ауылда тек саналы, қоғам адамдары – байлар, сондықтан совет өкіметінің барлық шараларын солар арқылы жүргізу керек» деп айтқанын келтіреді. Ол оның «антипролетарлық, контрреволюциялық теория» екенін, оны кезінде Қожановтардың группасы, т.б. «коммунистер» (Қастек ауданы, Қызылордалықтар, Шымкенттіктер...) пайдаланғанын, олардың байлар арқылы жұмыс істеуге тырысқанын мысалға келтірді. Бұл тізімге тек қана Полочанский, қазақ ұлтшылдары, «коммунистерді» ғана емес Соколовскийді де енгізу қажет, себебі оның «Қазақ ауылы» деген брошюрасында мынадай жолдар бар: ол атқамінерлерді «пайдалы», олар «қоғамдық» екенін айта келе «атқамінерлер болмаса қазақ ауылында анархия мен қырқыс қана болар еді» (Полочанский, 1926:23.) - деген сөздерін Тоғжанов байларға, атқамінерлерге және олардың идеологтарына күрес жариялау арқылы ғана жарқын болашаққа, теңдікке, бостандыққа жетуге болатынын қарсы қояды.

Сонымен, үстем таптың бостандығының шектелуі ұлт бостандығының да шектелуіне алып келетінін ХХ ғасырдың басында-ақ жақсы түсініп, кеңес өкіметі жүргізіп отырған саясатқа қауіпті болса да қарсы бір ой айтуға тырысқан адамдар болғандығын көреміз. Смағұл Садуақасов өз өміріне қауіп төнсе де, Алаш интеллигенциясының қайраткерлері секілді алған бағыттан қайтпаған ұлтжанды азамат екенін әр жерде, әр уақытта дәлелдеп отырды.  Коммунист болса да, ол Алаш қайраткерлерінің жолын қуушы, олардың ойын, идеясын жалғастырушы екенін көрсетіп отырды. Баспада, қоғамдық өмірде, бюро жиналыстарының трибунасында ол өз ойын, шындықты айтуға бар күшін салып отырды.

Жалпы білімді, талантты, оқымысты әрі бай адамдар қоғамда әрқашанда аз болған. Бірақ қоғам, бүткіл мемлекет шын мәнісінде соларға сүйеніп, солар арқылы ғана өзінің проблемаларын шеше алған. Қиындықтарға қарсы келе алатын болған.

Ал енді большевиктердің пролетарлық интернационализмімен, қоғамға деген таптық көзқарасымен, жеке меншікке деген жаулығымен; азамат соғысын, соғыс коммунизмі саясатын, нешеме түрлі салықтарын, оған қоса қазақ қоғамының басына келген отырықшыландыру, байлардың малын тәркілеу, жер-су реформалары, тағы бір нәубет – ұлт-зиялыларын қуғындау, ауыртпалықтың салмағы, барлығы да, біріншіден және негізінен азшылық басына тигенін айту керек. Тек сонан соң ғана, соның салдарынан ғана көпшілікке де ауыртпалықтың салмағы тиіп отырғанын айту қажет.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Алланиязов Т.К. Крестьянские выступления 1929-1932гг. в Казахстане: опыт и проблемы изучения. – Алматы, 2002.–С.88.

Алтынбекова П.Ж. Левон Мирзоянның Қазақстандағы қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі /1933-1938жж./. – Астана: Көкжиек, 2000. – 296 бет.

Дүкенбаева З.О. Қазақ әйелдері арасынан шыққан шығармашылық интеллигенцияның тұңғыш өкілдері (ХХ ғасырдың І-жартысы) // Білім. – 2003. № 3(13). – 51–57 б.

Конквест, Роберт. Жатва скорби. Реестр смерти // Вопросы истории. – 1990 № 4. – С.83-96.

Мажитов Р.С. Общественно-политическая деятельность Жаһанша Досмухамедова. Автореф. к.и.н. – Уральск, 2005.

Майданали З. Земледельческие районы Казахстана в годы насильственной коллективизации. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – С. 88.

Народ не безмолвствует. Составитель: Пономарев М.И. – Алматы: Обелиск, Простор. 1996. – С. 305.

Нурбетова Г. История «Красного террора» в Казахстане (20-30-е годы ХХ века). – Алматы: Каз НПУ им. Абая, 2003. – С. 120.

Полочанский, Е. А. За новый аул-кстау. Москва: Казакск. представительство, 1926. 38 с.

Тогжанов Г. Буржуазные и мелкобуржуазные теории об ауле // Народное хозяйство Казахстана. 1931. – № 5. – С. 30–33.

Davies R., Wheatcroft Stephen G. (2014) The Industrialisation of Soviet Russia. Palgrave Macmillan,2014. – 512 p.

Hoffmann, David L. (2018) The Stalinist Era.Cambridge University Press, 2018.216 p.

Kendirbay, G. (1997). The national liberation movement of the Kazakh intelligentsia at the beginning of the 20th century. Central Asian Survey, 16(4), 487–515. https://doi.org/10.1080/02634939708401009

Khlevniuk, O. et c. (2017) Stalin: New Biography of a Dictator. Yale University Press 2017. – 432 p.

Murray, Damon, Sorrell, Stephen (2019). Soviet Asia: Soviet Modernist Architecture in Central Asia. FUEL Publishing, 2019. 191 p.

Ubiria, Grigol (2015). Soviet Nation-Building in Central Asia: The Making of the Kazakh and Uzbek Nations. – Routledge, 2015. – 284 p.

Uyama, Tomohiko (2014). Asiatic Russia: Imperial Power in Regional and International Contexts. – Routledge, 2014.– 320 p.

Uyama, Tomohiko (2020). The Geography of Civilizations: A Spatial Analysis of the Kazakh Intelligentsia’s Activities, from the Mid-Nineteenth to the Early Twentieth Century, in Matsuzato Kimitaka, ed., Regions: A Prism to View the Slavic-Eurasian World (Sapporo: Slavic Research Center, 2000). – P. 70–99.

References:

Allaniyazov T.K. Krest'yanskiye vystupleniya 1929-1932gg. v Kazakhstane: opyt i problemy izucheniya [Peasant performances 1929-1932. in Kazakhstan: experience and research problems]. Almaty: Fond XXI vek, 2002.88 s. [In Russian]

Altynbekova P.ZH. Levon Mirzoyannin Kazakstandagi kogamdik-sayasi zhane memlekettik kizmeti /1933-1938/ [Socio-political and public activity of Levon Mirzoyan in Kazakhstan / 1933-1938]. Astana: Kokzhiyek, 2000. 296 b. [In Kazakh]

Dukenbayeva Z.O. Kazak aiyelderi arasinan shykkan shygarmashylykˌ intelligentsiyanin tungysh okilderi (20 gasirdin I-zhartisi) [The first representatives of the creative intelligentsia among Kazakh women (first half of the XX century] // Bílím. 2003. # 3 (13). 51–57 b. [In Kazakh]

Konkvest, Robert. Zhatva skorbi. Reyestr smerti [Harvest of sorrow. Death register]// Voprosy istorii. 1990 – № 4. – S.83-96. [In Russian]

Mazhitov R.S. Obshchestvenno-politicheskaya deyatelnost' Zhaһansha Dosmukhamedova. [Social and political activities of Zhansha Dosmukhamedov]. Avtoref. Uralsk, 2005.[In Russian]

Maydanali Z. Zemledel'cheskiye rayony Kazakhstana v gody nasil'stvennoy kollektivizatsii. [Agricultural regions of Kazakhstan during the years of forced collectivization]. – Almaty:Kazak universitetí, 2003.– 88 s. [In Russian]

Narod ne bezmolvstvuyet. [The people are not silent] Sost.: Ponomarev M.I. – Almaty: Obelisk, Prostor. 1996. – 305s. [In Russian]

Nurbetova G. Istoriya «Krasnogo terrora» v Kazakhstane (20-30 gody 20 veka). [The history of the "Red Terror" in Kazakhstan (20-30s of the XX century].– Almaty: Kaz NPU im. Abaya, 2003.120 s. [In Russian]

Polochanskiy, Ye. A. Za novyy aul-kstau [For a new aul-kstau].– Moskva: Kazaksk. predstavitel'stvo, 1926.– 38 p. (In Russian)

Togzhanov G. Burzhuaznyye i melkoburzhuaznyye teorii ob aule // Narodnoye khozyaystvo Kazakhstana. [Bourgeois and petty-bourgeois theories about the aul] 1931.–P. 30-33. (In Russian)

DaviesR., Wheatcroft Stephen G. (2014) The Industrialisation of Soviet Russia. Palgrave Macmillan,2014. 512 p.

Hoffmann, David L. (2018) The Stalinist Era.Cambridge University Press, 2018.– 216 p.

Kendirbay, G. (1997). The national liberation movement of the Kazakh intelligentsia at the beginning of the 20th century. Central Asian Survey, 16(4), 487–515. https://doi.org/10.1080/02634939708401009

Khlevniuk, O. et c. (2017) Stalin: New Biography of a Dictator. Yale University Press 2017. 432 p.

Murray, Damon,Sorrell, Stephen (2019). Soviet Asia: Soviet Modernist Architecture in Central Asia. FUEL Publishing, 2019. – 191 p.

Ubiria, Grigol (2015). Soviet Nation-Building in Central Asia: The Making of the Kazakh and Uzbek Nations. – Routledge, 2015. – 284 p.

Uyama, Tomohiko (2014). Asiatic Russia: Imperial Power in Regional and International Contexts. – Routledge, 2014.– 320 p.

Uyama, Tomohiko (2020). The Geography of Civilizations: A Spatial Analysis of the Kazakh Intelligentsia’s Activities, from the Mid-Nineteenth to the Early Twentieth Century, in Matsuzato Kimitaka, ed., Regions: A Prism to View the Slavic-Eurasian World (Sapporo: Slavic Research Center, 2000). – P. 70-99.

МРНТИ 03.61.00

ИСТОРИОГРАФИЧЕСКИЙ ДИСКУРС ВОКРУГ ВЗГЛЯДОВ СМАГУЛА САДВОКАСОВА НА «СОВЕТИЗАЦИЮ» КАЗАХСТАНА

Ш.Т. Булгауов¹, Г.К. Муканова²*

¹К.и.н. ассоц.профессор. Преподаватель Академии гражданской авиации, г.Алматы, Казахстан. E-mail:bulgauov.sh@mail.ru, https://orcid.org/0000-0001-5755-685X.

²*К.и.н., профессор КазНУ им. аль-Фараби, г. Алматы, Казахстан. E-mail: Gulnar_mukanova@mail.ru, https://orcid.org/0000-0002-9222-5893

*Автор-корреспондент

Аннотация.В основе статьи лежит анализ политических взглядов известного государственного и общественного деятеля С. Садвокасова (1900-1933), высказанных им в период сложных и напряженных советских реформ в Казахстане. Авторы впервые обозначили проблему историографического дискурса относительно взглядов казахского руководителя на проблемы «советизации» казахского общества. Логичным представляется ввод в научный оборот зарубежной историографии темы реформирования традиционного хозяйственно-культурного типа в советских республиках Центральной Азии. С момента прихода к власти в республике Ф.И. Голощекина положение казахской интеллигенции начало претерпевать глубокие изменения. «Садвокасовщина», «Кожановщина», «Рыскуловщина»... подобные обвинения стали привычными для того периода. В статье сопоставляются тезисы зарубежных, советских ученых и казахстанских исследователей постсоветского периода. Авторы приходят к выводу, что глубокие мысли Смагула Садвокасова о сущности социальных реформ актуальны.

Ключевые слова: тоталитарная система, реформы, протест, Казахстан, Садвокасов, историография, контрреволюция, баи, репрессии

IRSTI 03.61.00

HISTORIOGRAPHIC DISCOURSE AROUND SMAGUL SADVOKASOV'S VIEWS ON THE "SOVIETIZATION" OF KAZAKHSTAN

Sh.T. Bulgauov¹,G.K. Mukanova²*

¹Candidate of Historical Sciences, Assoc. Professor, Almaty, Kazakhstan. Teacher of the Academy of Civil Aviation. Almaty, Kazakhstan. E-mail:bulgauov.sh@mail.ru, https://orcid.org/0000-0001-5755-685X.

²*Candidate of Historical Sciences, professor of al-Farabi KazNU. Almaty, Kazakhstan. E-mail: Gulnar_mukanova@mail.ru, https://orcid.org/0000-0002-9222-5893

*Corresponding author

Abstract.The article is based on the analysis of the political views of the famous statesman and public figure S. Sadvokasov, expressed by him during the period of difficult and intense Soviet reforms in Kazakhstan. For the first time, the authors identified the problem of historiographic discourse regarding the views of the Kazakh leader on the problems of "sovietization" of Kazakh society. It seems logical to introduce into the scientific circulation of foreign historiography the topic of reforming the traditional economic and cultural type in the Soviet republics of Central Asia. From the moment F.I.Goloshchekin came to power in the republic, the position of the Kazakh intelligentsia began to undergo profound changes. "Sadvokasovschina", "Kozhanovschina", "Ryskulovschina" ... such accusations became commonplace for that period. The article compares the theses of foreign, Soviet scientists and Kazakhstani researchers of the post-Soviet period. The authors conclud that the deep thoughts of Smagul Sadvokasov about the essence of Soviet reforms are still relevant today.

Keywords: totalitarian system, reforms, protest, Kazakhstan, Sadvokasov, historiography, counter-revolution, bai, repression.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 108

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні ӘОЖ 94(574)930.2 САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ (ХХ ғ. 20-30 жж.) 94(574).02/.08 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖӘДИДТІК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ОӘЖ 94(574:347.963(092)ҚАЗАҚСТАН ДЕРБЕС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ (мемлекет қайраткері С.Есқараевтың туғанына 120 жыл) ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. 930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары ӘОЖ 930:94(574) "6-17" ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫНЫҢ КӨРШІЛЕС ЕЛДЕРДЕГІ ТАРИХНАМАСЫНАН ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 2.752 АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІҢ РУХАНИ ҚЫЗМЕТІ ОӘЖ 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ӘОЖ 94(574).084.5/.6 ШЕТЕЛ ҒАЛЫМДАРЫ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ ӘОЖ 368.08+94(574) ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 94(574) АТАТҮРІК БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ТҮРКИЯДАҒЫ ЖӘНЕ ПОСТКЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ЖАДЫ МЕН ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУЛАР САБАҚТАСТЫҒЫ ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАМР 03.01.17 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАН-ЛАТВИЯ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТРАНЗИТ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.61.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_1 СМАҒҰЛ САДУАҚАСОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ «КЕҢЕСТЕНДІРУ» ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ ТӨҢIРЕГIНДЕГI ТАРИХНАМАЛЫҚ ДИСКУРС

Автордың мақалалары

ҒТАМР 03.61.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_1 СМАҒҰЛ САДУАҚАСОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ «КЕҢЕСТЕНДІРУ» ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ ТӨҢIРЕГIНДЕГI ТАРИХНАМАЛЫҚ ДИСКУРС