Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_79

ХАЛИФА АЛТАЙДЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІ

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_79

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(27), 2021

Тегтер: өмір, қоры, Халифа, Алтай, өмірбаян, қоныс, аудару, естелік, Үндістан, Пәкістан, Түркия, туған, архив, жеке, ел, Құран-кәрім, рухани
Автор:
О.Х. Мұхатова¹*ID

¹Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан, Алматы

*Автор-корреспондент

Е-mail: Orazgul7@rambler.ru (Мұхатова)

АңдатпаМақалада белгілі ғалым түркітанушы, теолог, жазушы, аудармашы, этнограф Халифа Алтайдың өмірі мен қызметі баяндалады. Алматы қаласы мемлекеттік архивінде сақтаулы жеке 284-қор құжаттары бойынша Халифа Ғақыпұлының дүниеге келуі, өскен ортасы, ата-анасы, білім алуы талданады. Кеңес өкіметінің озбыр саясатынан жан сақтау мақсатында Қытайға бет түзеген қазақтар, соның ішінде Халифаның отбасы туралы айтылады. Халифаның Үндістанға көшкен қазақтардың қасіреті туралы жазғандары көрсетіледі. Х. Алтайдың анасымен Үндістан, Пәкістан жерлерінде 12 жыл тұруы, одан әрі Түркияға қоныс аударуы архив құжаттары негізінде сипатталады. Түркиядағы кәсібі, ата жұрттан ауғаннан кейінгі басынан өткендерін, көріп-білгендерін қағазға түсіріп, кітап жазуы, діни кітаптарды қазақ тіліне аударуы баян етіледі. Жеті тілді жетік меңгерген, үш рет Меккеге барған, ірі діни орталықтармен байланысын күшейткен абыздың ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілуі, ислам діні білгірлерінің бірі атануы, Құран кәрімді тұңғыш рет қазақ тіліне аударуы тарихи деректер бойынша көрсетіледі. Х. Алтайдың туған жеріне оралуы, Елбасының қабылдауында болуы, Қазақстан Республикасының азаматы атануы, отбасы, елдегі тұрмыс-тіршілігі сипатталады. Ғалымның жариялаған еңбектері, естеліктері талданады.
Түйін сөздер: жеке архив қоры,Халифа Алтай,өмірбаян, қоныс аудару, Үндістан, Пәкістан, Түркия, туған ел, Құран-кәрім, естелік, рухани өмір.
Мазмұны:

Кіріспе. Әлем тарихында маңызды деректер қатарында жеке адамдардың құжаттары саналады. Жеке адамның өмірі мен қызметі барысындағы жиналған құжаттардың жиынтығы жеке тектік қорды құрайды. Жеке тектік қорды қор құрушы ғана құрайды. Жеке адамның немесе тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты архивте жинақталып, тіркелген, тұрақты сақтауға берілген құжаттар арқылы жеке тектік қор құрылады. Белгілі бір архивте жинақталған жеке тектік қорлар тізбесі мазмұны мен маңызы жағынан мейлінше әртүрлі және көп салалы болып келеді. Жеке архив қорларында ақындар, жазушылар, композиторлар, әртістер, әдебиет пен өнертанушылар, театр және кино режиссерлары, суретшілер, ғалымдар, т.б. құжаттары сақталады. Жеке тектік қор құрамына қолжазбалар, хаттар, қор құрушының жеке және тұрмыстық құжаттары, ғылыми-шығармашылық және қоғамдық қызметі барысында жинақталған құжаттық материалдары, қор құрушының еңбектеріне қажетті жинақталған материалдар, мүліктік-тұрмыстық сипаттағы заттары, жинаған коллекциялары, туыстарының және өзінің суреттері (фотолары) кіреді. Архивтердегі жеке қорлар құжаттары - тек дербес тұлға туралы ғана емес мемлекет пен қоғамның дамуы туралы құнды мәліметтер береді. Сондықтан олар басқа архив құжаттарына қарағанда өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Жеке қорлардың құрамына кіретін қолжазбалар, жазбалар, күнделіктер, қойын дәптерлер, шежірелер және тағы сол сияқтылар - қор құрушының өмірі мен шығармашылық қызметі, өмір сүрген ортасын зерттеуде бірден-бір дерек көзі. Бұл деректерді жете білу тарихтан тағылым алу дегенді білдіреді. Отан, халық үшін еңбек ету заңдылықтарын сараптауға мүмкіндік береді. Соның арқасында тарихтың тағылымы бүгінге сабақ, болашаққа бағдар бола алады.

Материалдар мен әдістер. Қарастырылып отырған мәселенің деректік базасын Қазақстан Республикасы Алматы қаласының мемлекеттік архивіндегі 284-қор құжаттары (АқМА, 284) құрайды.

Жеке қор құжаттарын талдаудың өзіндік теориялық және методологиялық ұстанымдары бар. Осыған орай зерттеу жүргізудің негізі ретінде деректану мәселелерін дамытуды зерделейтін заманауи идеялар мен ғылыми тұжырымдамалар алынды. Зерттеудің методологиялық негізіне деректерді адамның, тұлғаның өзіндік шығарамашылық әлеуетін және ақпараттық қорын материалдық түрде іске асыратын, мәдени нысан ретінде зерттейтін феноменологиялық тұжырымдама алынды. Зерттеу барысында тарихилық, объективтілік таным принциптері, сонымен қатар жалпы ғылыми логикалық, классификациялық, контент-талдау, факторлы талдау, мәтіндік талдау және арнайы деректанулық жүйелеу және сыныптау, салыстыру, сынау, таңдаулы синхронды және диахронды, отандық және шет елдік ғалымдардың деректанудың теориясы мен методологиясы бойынша жарияланған еңбектерінде негізделген өзге де әдістер қолданылды. Тарихи деректерді өткен кезең туралы мәліметтерді тасушы ретінде, ондағы объективтілік пен субъективтіліктің байланысы, тарихи фактінің шынайылығын анықтау, деректердің түрлері мен мазмұны, олармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері қоса пайдаланылды.

Талқылау. Отандық тарих ғылымында Халифа Алтайдың өмірі мен қызметін зерттеген арнайы еңбектер орын алмаған. Тек мерзімді басылым беттерінде оның Қазақстанда келген, Отанына біржола қайтып оралған кездеріндегі және т.б. сұхбаттары, қысқаша баяндаулар басылған.

Зерттеу нысаны жеке қор құжаттары болғандықтан отандық архивтану ғылымының тарихнамасындағы еңбектерді ғана атап көрсетуге тура келеді. Атап айтар жайт, ғылымда осы деректермен жұмыс жасаудың қырлары қарастырылған еңбектер де жоқтың қасы. Жарық көргендердің бірлі-жарымы диссертациялар болса, екіншілері әдістемелік құралдар, үшіншілері жекелеген архивті жеке тектік қорлармен толықтыру мәселелерін қозғаған еңбектер болып табылады. Мәселен, Т.Е. Абилова (Абилова, 1986) Қазақстан архивтерін жеке қор құжаттарымен толықтыру және ғылыми ұйымдастыру мәселелерін зерттеді. М.Ж. Хасанаев архивтерді жеке тектік құжаттармен толықтыру көздерін анықтаудың әдістемесін ұсынып, бірқатар мақалалар, еңбектер жариялады (Хасанаев, 1988).

Посткеңестік кезеңде бірқатар әдістемелік құралдар жарық көрді. Солардың бірі – Ғ.Т.Исаханның еңбектері (Исахан, 2000).

Шетелдік архивші ғалымдардың еңбектерінің басым көпшілігі кеңестік кезеңге тиесілі. Посткеңестік кезеңдегі жарияланымдарды Ресей Федерациясының «Отечественные архивы» журналынан табуға болады (Горяева, 2004). Солардың арасында Е.М. Бурованың «Терминология в сфере работы с документами личного происхождения» (Бурова, 2017). Е.М. Бурова жеке қор құжаттарымен жұмыс жасауда жеке тектік құжаттар, біріккен жеке тектік қорлар, жеке тектік құжаттардың архив қоры, архив коллекциясы, жеке архив қоры, архив шығармалары, отбасылық қор, жекелеген адамдар және т.б. ұғымдардың мәнін ашты. М.М. Альтман қазіргі уақытта жеке тектік құжаттарды жинақтаудың өзекті мәселелерін көрсетіп берді (Альтман, 2013). Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің мерзімді емес «Труды историко-архивного института» деп аталатын көптомдық басылымында жеке қор құжаттарын, жекелеген тұлғалардың қорын, жеке қор құжаттарының түрлерін дерек ретінде қарастырған Б.Ф. Додонов пен О.Н. Копылованың (Додонов, Копылова, 2012), Т.А. Лобашкованың (Лобашкова, 2012) мақалалары көрініс тапты. Үйдегі жеке архивпен жұмыс жасау тәжірибесіне арналған ағылшын тарихшы-зерттеушілері Пол Эшмор, Рут Крэггс, Ханна Ниттің (Эшмор, Крэггс, Нит, 2012), отбасылық қордың құндылығы және рөлі туралы Анна Вудхэм, Лаура Кинг, Лиз Глойнның (Вудхэм, Кинг, Глойн, 2012), Томаро И. Тейлордың мақалалары (Тейлор, 2007) атап көрсетуге лайық.

Зерттеу нәтижелері. Большевиктердің қазақ халқына әдейі жасаған геноцидтік саясатының зардабынан «қызыл табан шұбырындыға» ұшырап, босып, әлем елдеріне тарыдай шашылып кеткен қандастардың тарихы жиі зерттеле бермейді. Зерттелсе де жалпылама демографиялық ахуал тұрғысынан қарастырылады. 1931-1932 жылдардағы алапат аштықтың статистикасы да әлі нақтыланбады. Голощекинді саяси соттау мәселесі де жабулы қазан түрінде қалды. Ал сол голощекиндік «кіші октябрьден» жапа шегіп, бас ауған жақтарына ауып кеткендердің, олардың тағдыры, күнделікті тартқан тауқыметтерін зерттеп, зерделеп жатқандар байқалмайды. Тіпті, туған жерге оралуды аңсап, қайтып келгендерге қандас емес оралман деген айдар тағып қойдық. Көңілге қонарлығы жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы заңнама арқылы жат жерлерден елге оралғандарға арнайы қандас деген мәртебе беруді шешті.

Тарихқа жеке адамдардың іс-әрекеті бағытынан келетін болсақ, ең алдымен сол адамдардың өмірі мен күнделікті қызметін ашып көрсету қажет. Осы орайда Шығыс Түркістан өлкесін мекендеген қазақтардың саяси биліктің қаһарына ұшырағандарын, Пәкістан, Үндістан жерлеріне табан тіреуіне мәжбүр болғандарын, жайлы қоныс таба алмай одан әрі Түркияға кетулеріне тура келгендерін біреу білсе, біреу білмейді. Түркияда қазақтардың біраз бөлігінің өмір сүріп жатқандарының байыбына бара бермейміз. Шындығын айтсақ, соңғы уақыттарды көп нәрсеге ат үсті, нем кетті қарайтын болдық. Ғылымнан да сондай үрдістер белең алды. Қазақ тарихын шынайы зерттемеу ұрпаққа сын, өткенге қиянат. Қазақ тарихы да, оны зерттеу де тек қазақтарға қажет. Ол үшін тарихи дерек керек. Деректердің негізгілерін босқыншылықтың азабын тартқан, жат елдердің тепкісін көрген қандастардың естеліктері құрайды. Алайда оларды іздеп табу қиын. Тіпті естеліктер жазылды ма екен деген ой мазалайды. Өкініштісі, жазылғандары кемде кем. Сондай жазылған естеліктер сақталса, жарияланса шет елдердегі қазақ диаспорасының тарихы байи түскен болар еді. Екінші жағынан шынайы тарихтың қырлары ашыла түсер еді.

Дегенмен өзінің ұқыптылығы, еңбекқорлығы арқасында кемел ұрпаққа сабақ болсыншы деген ниетпен барша мұсылман қауымға танымал түркітанушы ғалым, теолог, этнограф, жазушы, аудармашы Халифа Алтайдың естеліктері дүниеге келді. Жалғыз естеліктері ғана емес еңбектерін, аудармаларын хаттап, Алматы қаласы мемлекеттік архивіне өткізді. Бір сөзбен айтқанда, жеке құжаттары архивке 1995 жылдың 20 қаңтарынан бастап түсе бастады. Нәтижесінде жеке қоры құрылды. Әуелде қор құжаттары бойынша бір тізімдемеге жинақталған 80 сақтау бірлігінен тұраса, оны толықтыру барысында 215-ке жетті. Қор құжаттары 8 бөлімге жіктелді. Бірінші бөлімге өмірбаянына қатысты құжаттар, екіншісіне тарихи еңбектері, үшіншісі діни еңбектері, төртіншісіне қолжазбалары, бесіншісіне қор құрушы туралы жарияланымдар, алтыншысына қор құрушы туралы жарияланған құжаттар, жетіншісіне сұхбаттары, сегізіншісіне фотосуреттері топтастырылды. Қор құжаттарының мазмұнынан Шығыс Түркістанның белгілі бір кезеңінің, тарихын, халықтың ұлт-азаттығы үшін күресін, тұрмыс-тіршілігін көруге болады.

Жеке қордың өмірбаянына байланысты бөлімінде Халифа Алтайдың 1992 жылы 30 наурызда қазақ және түрік тілдерінде жазылған қысқаша өмірбаяны сақтаулы (АқМА, 284: 1). Өмірбаянды хатшылық қызмет істеп, қағазға түсірген ғалым-фольклорист Мардан Байділдаев. Қазақ тілінде жазылған өмірбаяны бойынша Халифа Алтай Ғақыпұлы 1917 жылы 12 желтоқсанда Шығыс Түркістанның Алтай аймағында Шіңгіл ауданының Бұлғын өзені бойындағы Жәрінті деген ауылда (қазіргі уақытта Монғолияға қарайды) дүниеге келген. Туған жерін Отаным деп мақтан еткен Алтай оны жырға қосқан.

«Шығысы Түркістанның біздің Отан,

Батыста Қазақстан, Қырғызстан.

Монголия мемлекеті солтүстігі,

Ежелден Қытай көрші күншығыстан.

Оңтүстік Үндістан мен Тибет жолы,

Ауғанстан, Пакистан қабат жолы.

Шекара осылармен астасады,

Шыңжаң шың» деп атаған Қытай оны.

Өлкеде белгіленген он аймақ бар:

Алтай, Іле, Үрімші, Ақсу, Қашқар,

Шәуешек, Қарашаһар, Құмыл менен,

Қотан, Жаркент аймағы тағы да бар» (Алтай, 2014: 14-15).

Әкесі Ғақып ауқатты, діни сауатты адам болған. 1924-1925 жылдары саудамен айналысып, Қытайға, Монғолияға дейін барған. Анасы Мәлике 1938 жылы Шыңжаңда 56 жасында Шығыс Түркістаннан Үндістанға қарай көшіп бара жатқанда дүние салды. Қорда Халифаның өз қолымен сызған шежіре-қолжазбасы тіркелген (АқМА, 284: 5).

Шежіре бойынша Алтайдың ата-бабалары Керей, соның ішінде Абақтан тараған. Абақ Керей атанып кеткен атадан Жантекей деп көрсетілген. Алтайдың атасы – Қаракелең, әкесі – Ғақып. Алтай өзінің шежіресін «Естеліктерінде» былай деп жырлаған:

Аталған екі тап боп Керей елі:

«Абақ Керей, Ашамайлы Керей» дейді,

«Он екі Абақ» болып өсіп-өніп,

Толықсып жүрген күні мерей еді.

Жәнтекей, Жәдік, Молқы, ол – Қарақас,

Көнсадақ, Шеруші мен тағы Сарбас.

Ителі, Шұбарайғыр, Жастабан да,

Меркіт пен Шимойын тағы аралас.

Деп айтар «Он екі Абақ» - осыларды,

Барлығы бір «Керей» боп қосылады.

Керейдің жалпы ұраны «Абақ» болып,

Тағы бар әрбір таптың өз ұраны» (Алтай, 2014:4,10-11).

Халифа алғашқы сауатын өз әкесінен ашқан. Әкесі өз заманында саясатты біліп, пайдалы кәсіпті меңгеріп, соның арқасында тіршілік етіп, өмір сүрген, ел аралап ұрпақтарына білім алуға жағдай жасап, өнегені өсиет еткен. Он бес жасында саятшылық өнерімен елге танылды. Ғақып саятшылық құрал-жабдықтарын өзі жасайтын шебер, темірден түйін түйетін ұста болды. Саудамен қатар етік тігіп, ер тоқым жасаған. Халифаның есінде қалғаны 1900 жылы Адубай дейтін елге белгілі азамат бар 15-тей адам Құмылдан 100 түйеге жүзім артып оны Қытайдың ішкі өлкесіне апарып сату үшін керуен жолына шыққан. Қытай астанасы маңындағы Гансу өлкесінде Құмылдың жүзімі өте өтімді болса керек, сауда керуенінің ішінде елге есімі белгілі Ғақып та болыпты. Ұзақ жол жүріп, Пекинге жақын бір шаһарға жетіп, сол қалада алтайлық қазақтар 6 ай жатып жүзім сатқан. Ғақып Гансу өлкесіне кеткенде елдегілердің екі көзі төрт болып, оны күткен. Ауылда қолымен топырақ қазып, сурет салып сөйлейтін мылқау құмалақшы шал болыпты. Бір күні құмалақ салып, әкесінің аман екенін айтқан. Артынша Сужу деген жерден хат келіп, ел-жұрты оның тірі екенін білген.

Халифаның балалық шағында мәңгілік есте қаларлық бір оқиға орын алды. Әкесінің немере ағасы Таумырза деген бай туысында ұл бала болмады. Әкесі сол үйге он жастағы Халифаны бала қылып берген. Бірақ ес білген бала жайлауда қой сауған кезде туған анасымен ұшырасып, жылап көрісіп бөтен үйге баруын қойған. Соңында ол үйден қашып кеткен. Өз шаңырағына келгеннен кейін де туыстарымен қарым-қатынасын үзбеді.

1931 жылы Қазақстанның Өскемен уезінен ауып келген Ахметқали Жайсаңбайұлы, Мағауия Ғайсабай Қажыұлы деген екі молданы әкесі қолында ұстап, ауыл-аймаққа мұғалім өтеді. Халифа осы кісілерден арабша оқып, білімін тереңдеткен.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Алтай жеріне жұт келіп, мал қырылып қалды. Адамдар аштыққа төзе алмай, күні кешегі алшаң басқан байлар иығына қап салып, қайыр сұрайтын жағдайға душар болды (АқМА, 284:22). Қалың Абақ Керей бір жағы монғол жері, күншығыста Қытай, оңтүстікте Ауғанстан, батыс беті байтақ қазақ даласына ұласқан Алтайдан жаңа өкімет малды тартып алады дегесін басқа жақтан қоныс іздеді. Сөтіп Қытайға бет түзеді. Сол көшкен жұртпен бірге 1934 жылы Халифаның отбасы Алтай аймағынан ауып, Баркөл, Құмыл жеріне көшіп келді. Бұл жерде де көшіп жүрген қазақты құшақ жайып қарсы алған ешкім болмады. 1931-1942 жылдар арасында Шыңжаң өлкесінде билік құрған Шіңшісай (Шың Си Сей) саяси режимі билік басына келді. Жаңа режимді ұстанушылар коммунистік идеяны таратып, ауқатты адамдарды қыспаққа түсірді. Өлеңмен өрілген «Естеліктерінде» Алтай қытай әкімшілігінің қысымын былай жеткізген:

Сондай-ақ бір залым қытай шыққан,

Елді езіп, қатаң қарап ұйпай шыққан.

Бас көтерер адамды тұтқынға алып,

Жазықсыз түрмелерге жинай тыққан.

Орыстың нұсқауымен басқа шықты,

Қанышер залым болып аса тіпті.

Мыңдаған адамдарды қамауға алып,

Аяусыз қинауменен ол өлтіртті.

Шың Си Сей сол қытайдың болады аты,

Жетпеген еш біреудің оған дәті,

Тоғыз жүз отыз үште басқа шығып,

Тарихтан орын алған жаман аты» (Алтай, 2014:17).

Мұның өзі елде үлкен дүрбелең туғызды. Жаңа режимге Алтай аймағының қазақтары қарсылық көрсетті. Бірақ Шіңшісайдың саясаты, коммунистік идеяның етек алуы күннен-күнге күшейіп, қазақтарды қыспаққа ала бастады. Жергілікті өкімет араларында көш бастаған, көкірек көзі ашық азаматтарды ұстап қамап, астамшылық көрсетті. Ел бастаған азаматтар Тибеттің шөлі арқылы Үндістан жеріне кетейік деп ұйғарысты. Он екі ата абақ-керей руларының бір тармағы 1937 жылы қысымшылыққа шыдамай, туған елдерін тастап, оңтүстікке көшті. Алтайдан көшіп шығудың негізгі себебі, Монғолия жерінен бес жүз үйлік бір бөлек елдің бұзылып, Алтайға асып кетуінің салдарынан болған шайқаста Монғолиядан аэроплан және атты жау келіп, елдің шетін шапқандығы. Екіншіден, айтағалсын болған жұрттың салдарынан күйзеліске ұшырауы болды (Алтай, 2014: 17).

Бұл көш 20 жылға созылды. 1938 жылы Халифа Алтайдың әкесі қайтыс болды. 1934-1938 жылдар арасында Баркөл, Құмылдан 18 мың адам ауып, Гансу, Шыңхай өлкелеріне өтті. Көш барысында мал мен мүлік талан-таражға түсіп, қазақтардың тұрмыс жағдайы нашарлады. Бір жағы көшіп-қонып жүрудің салдарынан, екінші жағынан барынан айырылудың зардабынан туған ауыр жағдай екі жыл уақытқа созылды. Алайда көшу үдерісі мұнымен тоқтамады.

Халифаның өмірбаянында «1940 жылы Елісхан, Зайып батырлардың бастауымен бес мыңдай адам Тибет жолы арқылы Үндістанға бет алдық. 1941 жылы 9 айда Үндістанға үш мың адам өтті. Ол заманда қазіргідей машина деген жоқ. Жүкті түйеге артып, бала шағаны кебежеге салып теңдеп, малды айдап, соңдарынан құғыншы келіп қалар деген үреймен көшті. Сақылдаған сары аязда, аптап ыстықта ұрттам су жоқ шөлді далаларда алдында не күтіп тұрғанын білмей босып бара жатқан елге іш ауруы тиіп, біраз адамдар қырылып қалды. Бөтен ел, жат жерге қаза болған бауырларының өлігін қимай, түйеге артып жүрген күндері де болды.

Жат жердегі қандастардың тауқыметі мен азапты бейнеттері жайлы айтыла бермейді. Жайлы өмір, қауіпсіз тіршілік іздеп, бармаған жерлері, баспаған таулары қалмаған қандастардың басынан кешкендері өз алдына ұзақ әңгіме. Оны айтатын адам, тыңдайтын құлақ керек. Дегенмен де Халифаның Үндістанға көшкен қазақтардың қасіреті туралы жазғандары кім кімді де бей-жай қалдырмасы анық. «Дамылсыз көшіп жүруге адам да, мал да шыдай алмайды. Ыңғайлы жерге жүк түсіріп, аяқ суытатын кездеріміз болатын. Ауыл-ауыл болып көшетінбіз. Бірде Ілияс деген азаматтың қонып отырған ауылына артынан жау келіп, қырып-жойып, өлтіріп, пайдаға асар дүние мүлікті алып, малдарын айдап әкетті. Ілияс әрең деп атқа мініп, қашып құтылған да, әйелі Күлсін шөгіп жатқан қомды түйенің бауырына жасырынып, түн қараңғылығы түскесін жыңғыл арасымен жалаң аяқ, жалаң бас, іш көйлекшең көшіп кеткендердің ізімен жанұшыра жүгіріп отырған. Ертеңіне кешке қарай өзі секілді жаудан қашып шыққан бір топ әйел-балаға тап болыпты. Екі табанынан қан сорғалаған Күлсіннің аяғын орап, көтеріп жүріп, көшкен жұрттарда қалған сүйектерді кеміріп, әйтеуір біраз күн өткенде алдағы елге қосылыпды. Сонда Ілияс пен Күлсіннің жауда қалған екі жасар жалғыз баласын алдыңғы әйелдер өздерімен ала шығып, арып-ашып, көтеріп жүруге шамалары келмей, тірідей шырылдатып жол бойына тастап кетіпті (АқМА, 284:16). Қандай қасірет десеңізші! Сол баланың өліп қалмасына кім кепіл?! Босып бара жатқан жұртқа қырғидай тиген қасқырлардан жан тәсілім етіп, бастарын аман қалдыру үшін бөрілерге азыққа тастап кеткен балалар қаншама? Ішерге асы болмаған отбасының қыздарын сойып жегендері, шетінен шөптің арасына тығып қойып, бір-бірлеп жеген фактілерді тарихтан жасыра алмайсың. Ұлын аман қалдыру мақсатында қыздарын жол шетіне, ағаш түбіне қалдырып кеткен аналардың да болғандығы туралы тарихи фактілер бар. Солардың салдарынан ХХ ғасырдың бірінші жартысында ашаршылық пен босқыншылықтан баудай қырылған қазақ халқы санының күрт төмен түскендігі белгілі.

Үндістанға бара жатқан жолда асудан өткенде екі мың адам қаза болды. Ақыры үнділер еліне жетті. Осындағы мұсылман халықтар көмектесіп, жанашарлық көрсетті, бірақ бір жылдың ішінде Үндістанның ауасы, суы, жері жақпаған қазақтардың үш мың адамынан бір мыңы ғана қалды. Ауа көшкен қазақтармен бірге Халифа анасымен Үндістан, Пакистан жерлерінде 12 жыл тұрды. Адамдар бар жерде табиғи өсім де болатыны белгілі ғой. Он екі жылдың ішінде қазақтардың саны 1400-ге жетті. Дегенмен бұл жерде де тұрақтап тұра алмады. Сондықтан да 1953-1954 жылдары Түркияға көшуге тура келді. Ақыры әуел бастағы тоқсан мыңға жуық халықтан қалған он бес мыңдай ел елуінші жылдары Түркия жеріне жетті. Тілі де, діні де жақын, бауырлас түрік жұрты қазақтарды туғандарындай қарсы алды. Өкіметтен көмек көрсетілді. Дегенмен кіндік қаны тамған туған жерге не жетсін! Қай жерде, қандай дәулетпен ғұмыр кешсең де, ата жұрт, туған еліңді, халқыңды естен шығару мүмкін емес. Халифа да өзінің туған жерін өмір бойы аңсап өтті. Туған жерге деген сағыныш сезімін:

«Сағындым, қайран Алтай, өскен жерім,

Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.

Дүниенің қай жерінде жүрсемдағы

Елестеп, көкейімді тескен жерім.

Алтайдың асқар басын тұман шалған,

Есімде қайран жұртым сонда қалған.

Алтайды бір-ақ көріп, көзім жұмсам,

Қалмас еді көңілімде ешбір арман» (АқМА, 284: 16), - деп өлеңмен өрнектеді.

Халифаның өзінің айтуы бойынша Үндістан-Пакистанда тұрған жылдары жергілікті халықтардың тілдерін үйреніп, сегіз діни медреселерде оқыды (АқМА, 284: 1).Дәлірек айтқанда, Бопал қаласындағы «Ілахия» медресесінде төрт жыл және Пәкістанның Рәуәлфанди қаласындағы «Талимұл құран» медресесінде төрт жыл араб-ұрду тілдерін оқып, білімін жетілдірді. Осылайша діни жолға түсті.

Түркия мемлекеті қазақтарды заңды есепке алып, азаматтық беріп, паспорт тапсырды.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, Халифа қаншама қасірет көрсе де, бірнеше елдердің шекарасынан аса қиындықпен, шыбын жанды шүберекке түйіп өтсе де, аман қалды. Түркияға келген соң Халифа Алтай сауда кәсібімен шұғылданды. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген деген ғой дана халық. Ес жинап, тұрмысы жақсарған соң ол бойындағы күш-жігерін кітап жазуға, ата жұрттан ауғаннан кейінгі басынан өткендерін, көріп-білгендерін қағазға түсіруге, діни кітаптарды қазақ тіліне аударуға арнады.

Саналы өмірі құдайға құлшылық етумен, имандылық жолын ұстауға бағытталған ізгі ниеттермен өтті. Үш рет Меккеге барып, ірі діни орталықтармен байланысын күшейтті. Осы қызметі оны ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерді. Мұсылман әлемі оны жеті тілді жетік меңгерген, Түркия қазақтарының арасынан шыққан оқымысты, ислам діні білгірлерінің бірі, Құран кәрімді тұңғыш рет қазақ тіліне аударушы ретінде таниды. Халифа Алтайдың шетелдік баспалардан 11 кітабы (аудармаларын қосқанда) жарық көрді. Дүниежүзіндегі мұсылман елдеріне танымал діни ағартушы, белгілі жазушы болды.

Халифа Алтай аяулы әке, ардақты ата, қадірменді ақсақал болды. 4 ұл, 4 қыз өсірді. Үлкен ұлы Әбдісаттар Норвегияның Осло қаласында, екіншісі – Сәмет Францияда Парижде, үшінші ұлы – Әбдірахим және қыздары Стамбулда, төртіншісі – Аднан Алматыда тұрады. Балаларынан 14 немере сүйді.

Х. Алтай Түркияда өмір сүрген кезінде шет елдерде тұратын қазақтармен байланыс орнатты. Оларға барып, жақынырақ танысып, сыр шертісті. Ғылым, білім туралы пікір алысты, ой бөлісті. Өзінің рухани әлеміне жақындармен тығыз қарым-қатынас орнатты. Солардың бірі тіл маманы, мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиін» қазақ тіліне аударған ғалым Ислам Жеменей болды. 1980 жылы Исламмен парсы елінде кездесті.

Суретте: Халифа Ғақыпұлы және Ислам Жеменей. 1980 жыл (АқМА, 284:77).

1977 жылы 11 тамызда Анкарада Х. Алтай Сүлеймен Демирелмен суретке түсті. 1994 жылы Демирел Түркия Республикасының президенті болып сайланды.

1978 жылы Халифа жылдар бойы аңсаған қазақ жеріне ат басын тіреді. Ол кезде Халифа 61 жастағы отағасы еді. Алайда оны қандас емес шетел азаматы ретінде шетелдермен байланыс жасау қоғамы қарсы алды. Қонақ ретінде күтті, кездесулер ұйымдастырды.

Халифа Алтай туралы ең алғашқы мәліметтер қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында ХХ ғасырдың 80-жылдары пайда болды. Тұңғыш рет Халифа Алтайды қазақ жұрты ақын Фариза Оңғарсынова «Ақ желкен» журналында «Есімізде ата жұрт» атты мақаласы арқылы таныды. Ф.Оңғарсынова 1989 жылы Түркияға барған сапарында сонда тұратын он мыңнан астам қазақтардың тұратындығы, солардың арасында Халифе Алтай атты ағаның бар екендігі жайлы жазған еді. Мақала жазуының себебін көрсеткен ақынның пікірі назар аудартпай қоймайды. Онда былай делінген: «Ол кісінің «Ата жұрттан Анатолияға», «Естеліктерім» атты шығармалары бар. Халифе ағай, сонымен қатар, Құранды қазақ тіліне аудаған, арабша оқыған, көкірек көзі ашық адам. Мен ардақты ағамыздың түрік жеріне қалай келгендері жайлы маған айтқан әңгімесін қағазға түсіріп, журнал оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім. Тауқыметі мол аз ғана санды халқымыздың тарихи өткелдеріне жас буын да ойы мен көзін жүгірте жүрсін деген мақсат еді...» (АқМА, 284:16).

Бұдан кейін Халифа Ғақыпұлы Қазақстанға тағы да келді. ҚазССР-ның 70-жылдық мерейтойына қатысты. Осы сапарында оған айтарлықтай құрмет көрсетілді, дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы иығына шапан жапты. Қорда Оралхан Бөкеймен түскен суреті тіркелген, алайда жылы белгісіз. Осы сапарында жазушылармен кездескен кезінде түскен болуы мүмкін.

Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өзінің саяси тәуелсіздігін алған тұста оны ең алғашқылардың бірі болып таныған Түркия болатын. Осы кезде Халифа Алтай дін басылардың шақыруымен елге келді. Осы сапарда Қазақстан Дін басылары Бас мифтиі Ратбек қажы Нысанбайұлы бастаған діндарлар Халифа Алтайды ерекше құрметпен қарсы алып, елді аралатып, ой-пікірін жеткізуге үлкен мүмкіндік туғызды (АқМА, 284:17). Көпті көрген абыз ақсақал Қазақстанда «Иман шартын» кең таратты. Елбасының қабылдауында болды.

Аз уақыттың ішінде Халифа Алтай барлық жоспарлаған жұмыстарына қол жеткізе алмаса да, радиоға, баспасөзге шығып сөйледі. Осы орайда қорда оның Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаға жазған хаты тіркелген (АқМА, 284: 174).

Хатта Шерағаға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз ойын жеткізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айта отырып, бірқатар ұсыныстар айтқан. Солардың алғашқысы мынадай: «... өткен жексенбінің 1-қараша күні Сіздің радионың «Қаламгер» редакциясынан «Имандылық және адамгершілік» деген тақырыптағы әңгімеге қатыстым. Егер бұл тақырыптағы әңгіме одан әрі жалғасар болса, ол бір жыл ішіндегі жұма хұтпасы мен құрбан айт және рамазан айтында жастарға айтылатын өсиет-насихаттар. Сіз рұқсат етсеңіз, бұл хабар сенбі, жексенбі күндері емес, өзіміздің мұсылманша әр аптанын жұма күніне қойылса...» (АқМА, 284: 174). Екінші ұсыныс-өтініші «Радиодан әрдайым шыққанда, қысқа 5-10 минут сөйлеп, ой қорытындысын жеткізу қиын болушы еді. Ал бұл жарты сағаттық хабарда кәдімгідей ауыз тұщынарлық салиқалы әңгіме айтқанда тыңдаушылардың да қуанып жатқаны бар. Мүмкін болса осындай сабақты теледидардан да 15-20 минут көлемінде беріп отыруға рұқсат етуіңізге болар ма екен» (АқМА, 284: 174), - деп жазылған. Мұндай ұсыныс айтуының себебін «қазір халқымыздың беті бері қарап, имандылыққа бет бұрған шақта діни жағынан өзіміздің білетінімізді айтып отырсақ деген мақсат. Құдайым қуат берсе мұндай әңгімелерге ақсақал ата ретінде қатысып отыруды өзіме дін тұрғысынан парыз деп ұғамын» (АқМА, 284:174), - деп түсіндірді.

1992 жылы Жезқазған қаласында өткізілген дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына қатысты. 1993 жылы халықаралық Дінмұхамед Қонаев қорының құрылуы рәсіміне куә болды. Қорда осы шараларға қатысуын растайтын фотосуреттер жинақталған. Д. Қонаевтың көзі тірісінде онымен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрды. Бұл туралы елағасы өзінің «Өтті дәурен осылай» деген заманхатында былай деп жазды: «Бірде Құранды қазақша тәржімелеген белгілі аудармашы Түркияда тұратын Халифа Алтай сәлем бере келді. Ұзақ отырып әңгімелестік. Өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп, дүниеге сергек көзбен қарайтын зерек кісі екен. Адамгершілік жолын, ізгі қасиеттерді, адамдардың рухын нәсият ететін әңгімелері көкейге қонды. Тәрбиелік мәні бар сөздер. Ел ішінде осындай зиялы азаматтардың болғаны қандай ғанибет. Халифа киелі екі нәрсені – қазақ тіліне өзі аударған Құран мен жайнамаз сыйлады. Мен оларды қастерлеп, төріме қойдым» (АқМА, 284: 64).

Туған жеріне келіп, Елбасының қолынан Қазақстанның төл құжатын алды. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы аңсаған арманына қария болған шағында қол жеткізді. Алматыға біржола қоныс аударып, оңтүстік астананың «Самал» шағын ауданында пәтерде бәйбішесі Бибібәтішпен бірге ғұмыр кешті.

Тақуалықты ұстаған абыз қарапайым тұрмысты қалады. Үйінде жарқыраған жиһаз немесе аста төк бұйымдар да болмады. Бұл жоқтықтан немесе асып-тасыған баршылықты қаламағаннан емес, күнделікті тұтынуына ғана қажеттісінен артығын ысырап деп түсінетін сопылық дәстүрге адал, оны әдеттегі өмір өлшеміне айналдырған діннің білгір ғұламасының өмірлік ұстанымы (АқМА,284:90). Елбасына алдына діни мәселелер туралы айтып, жастарды имандылыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсетті. Ең алдымен «дін істері төрағалығы болса (тіпті дін министрлігі де болса) және дінді дамыту үшін үкіметтен бюджет айрылса» деген ұсыныс білдірді. Бұдан соң елдің діни ережелерді әлі толық біле бермеуіне байланысты «діни кітаптар, журналдар, газеттер, радио, теледидар, тіпті театр арқылы да тұрақты түрде діни ережелер үгіттелуі шарт» деп атап көрсетті. Онымен қатар мұсылман елдеріне дін оқитын балалар жіберу, сол елдерден діни мұғалімдер алу міндеті. Мемлекет көлемінде дінді үгіттеп-дамытатын қоғамдар құрылып, діни кітаптар бастырылатын баспаханалар ашылып, дін мектептері салынып, бала оқыту, сондай-ақ әдеттегі мектептерде де мәжбүри дін сабағы берілуі қажет» (АқМА, 284: 71), - деген пікір білдірді. Діни білім алу мен берудің жай-күйіне баға беруден аулақпыз. Ал зайырлы білім беруге келетін болсақ, Халифа Ғақыпұлы ұсынғандай, мектептерде дін сабақтары берілмесе де дінтану пәні енгізілді. Уақыт өткен сайын дінге бет бұрғандардың саны көбейіп келеді. Олардың дені жастар. Халифа Алтай айтып кеткен ораза және құрбан айттары қалпына келтіріліп, ресми демалыс күндері ретінде күнтізбеге жазылды. Қазақстандық мұсылмандар осы екі мерекені атап өтіп, құттықтаулар жолдап, құрбан шалып, айт намаздарын оқып келеді. Тәуелсіздік жылдары елімізде екі жарым мыңнан аса мешіт салынды. Мұның өзі атеизмнің құрсауында қалған халықтың дінге деген ықыласын көрсетеді.

Қорда Халифа Ғақыпұлының еңбектері жинақталған. Солардың арасында «Атажұрттан Анадолыға дейін» деген еңбегі ерекшеленеді. Бұл – деректі хикаят. Түрік тілінен қазақ тіліне аударған Зұфар Сейітжан. «Өлке» баспасынан 1995 жылы басылып шыққан. Хикаяттың мазмұны оқыған адамның жан дүниесін тебірентеді. Жоғарыда өмірбаяны айтылатын тұста бірнеше мың қазақтардың атамекеннен жат елдерге қоныс аударуға мәжбүр болғандары жөнінде баяндаған едік. Міне, осы көштің Алтайдан қоныс аударған қазақтардың Түркияға жеткенше көрген азабы, бастарынан кешірген қасіреті айтылады. Осы еңбегінің мазмұнымен үндес «Естеліктерім» және «Алтайдан ауған ел» атты шығармалары жарық көрді.

Қажылыққа екі рет барып, алғашқысында оның бүкіл шарты мен талабын орындады. Екінші рет «Құран-кәрімді» қазақша тәржімелеп, оны корольдың баспаханасынан шығарудың шаруасымен барды. Екінші сапарында Сауд Аравиясында 45 күн тұрды. Құран-кәрімді қазақ тілінде сөйлетумен қатар исламдағы хадистерді қазақ тіліне аударып, «Таңдамалы хадистер аудармасы» деген атаумен кітабын жариялады. Сондай-ақ Алматы баспаларынан «Ғибадатул ислам» атты еңбегі аса көп данамен шығарылып, таратылды. Оның өзі жетімсіздік еткен соң Катарда әрқайсысы 50-100 мың данамен қайта басылды. Құран-кәрім тәрізді бұл кітаптар да елге тегін таратылды (АқМА, 284: 64). Кәлам шәрифтің қазақша мағнасын ашып, түсінік берген еңбегі Стамбулда 1980-1981 жылдары жарық көрді. Кітапты өңдеуші – Дәлелхан Жаналтай болды (АқМА, 284: 26).

Осындай имандылық пен діни ұстанымын Халифа Ғақыпұлы дүниежүзі қазақтарының құрылтайында да паш етті. Қиын-қыстау кездерде қол ұшын созып, пана болған туысқан түрік халқына шексіз алғысын жеткізді. Құрылтайда сөйлеген сөзі мәнді де тағлымды болды. Жырақта, жат елде ғұмыр кешкен, ұзақ жылдар бойы туған жерін көруді, топырағын басуды аңсаған азамат былай деді: «Дүниенің қай жерінде жүрсек те, қандай жағдайда болсақ та, Ана-Отанды көксеп, қара шаңырақты аңсап, тілеуін тілеп жүрдік. Аллаға сансыз шүкірлік, бүгін Қазақстан бостандыққа жетіп отыр. ... Ал, енді осы тәуелсіз Қазақстанды дамытып, нығайтуға, қорғауға ендігі ұрпақ жауапкер. Ол үшін намысы оянуы, күллі халықтың бір ауыздан сөз, бір жағадан бас шығарып, береке бірлікті қолдан бермей, тұтас жұмылуы шарт. Алтыбақан алауыздықтан аз зардап тартқамыз жоқ. Асса біртұтас түркі атаулының, қала берсе қазақ иістінің ынтымақты болуын Жаратқаннан жалбарына тілеймін. Рушылдықтан, жершілдіктен келер пайда жоқ екендігін естен шығармайық» (АқМА, 284: 45).Өте орынды әрі дәйекті айтылған ой. Билікті қолға алудан оны ұстап тұрудың қиын екендігі тарихта әлдеқайда дәлелденген. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз күресіп, армандаған азаттыққа қол жеткіздік. Алайда оны нығайтудың қаншалықты ауыр екендігін бастан кешірудеміз. Өкінішке орай, қоғамда рушылдық та, жершілдік те етек жайған. Пәреқорлық та өршіп тұр. Жастар арасында шетелдерге еліктеушілік те, кетушілік жоқ емес. Мұнымен қоса елдегі діни ахуалға алаңдаушылық білдірді. «Қазақстанда дін саудаға салынып жүр. Тіпті жаңа пайғамбармын дегендер, иманға тілі келмейтін, намазды білмейтін әулиемін дегендер шыға бастады. Атеистік, тағы басқа бұзық кітаптар басылып, сатылып жүр. Халқымыздың өз дінінен хабарсыздығына орай көрген басқа діндегі миссионерлер сұғанақтық істеп, жастарды алдап, тұзаққа түсіріп жүрген көрінеді. Шара қолданып, осылардың алдын алған жөн-ақ», - дегенінен талай жайтты аңғаруға болады. Сонау 1990-жылдары айтылған ойға мән беріле қоймағаны жастардың Шам еліне барып, діни экстремизмнің сойылын сойғаннан көрінеді. Осыларға шолақ шалбар кигендер мен талақ айтып, қайта-қайта үйлене беретін пәтуасыз ерлердің көбейгенін, дәстүрлі дін мен шариғатты бұрмалап, бүйректен сирақ шығарып жүргендерді қоссаңыз, қазіргі кездегі жағдайын бағамдайсыз.

Қор құжаттары арасынан Халифа Алтайдың Қазақстан ғылымындағы белгілі тұлға Ақжан Машановтың «Әл-Фараби және Абай» деген еңбегіне жазылған аннотациясының табылуы қатты таңдандырды. Аннотацияның соңында авторы көрсетілмеген, алайда оны Халифа Ғақыпұлының жазғаны сөз саптауы, ойын жеткізуі, орын алған жайтты сипаттауы жағынан ешбір күмән келтірмейді. Оның үстіне қорда ол «жинақталған материалдар» деген айдармен берілген сақтау бірлігіне тігілген (АқМА, 284: 204). Бұл аннотацияның әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы мен ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өту барысында өзектілігі арта түсері хақ. Аннотацияның көкейкесті тұстарынан мысал келтіруді жөн көрдік. Аннотация «Тарихи документтерге сүйеніп жазылған бұл еңбек екі дананың өмір баяны мен ғылыми мұраттарын талдауға арналған. Сонымен байланысты халқымыздың мың жылдық мәдени-рухани өмірі сөз болады», - деп басталған. Бұдан әрі «Ақжан Жақсыбекұлының зерттеуінен бұрын бұл ғалым өзінің туған елінде белгісіз болып келген деуге болады. Елуінші жылдардан бері Әл-Фараби мирасын жинау жолына түскен автор Бүкіл Совет Одағының көптеген қалаларында болған, көптеген конференцияларға қатысқан. Соның арқасында ол кісі 1970 жылы «Әл-Фараби» атты кітап жариялады. Ол кітап алда қашан тарап кеткен. Сол кітаптағы материалдарды автор осы еңбегінде қайта қарап, бірінші бөлімінде пайдаланып отыр», - деп еңбектің шығуын түсіндіріп өтті. Ақжан Машановтың Шығыстың ғұлама ғалымын тану үшін көп тер төгіп, ізденіс жұмыстарын жүргізгендігін тізіп берді. «Одан кейінгі жерде автор Әл-Фараби еңбегін онан әрі жинауда болды. Ол кісі шет елдерден көп материалдар алдырды және өзі Әл-Фараби ізімен Таяу Шығыста болып, Әл-Фарабидің Дамасктағы /Сирия/ моласын тауып, оны суретке түсіріп қайтты, тағы басқа көп документтер, кітап алып қайтты. Әл-Фараби мұрасы туралы көптеген халықаралық /ЮНЕСКО/ мәжілістерінде баяндамалар қойылды», дегені осының дәлелі. А.Машанов қатысып, баяндамалар жасаған ғылыми басқосуларды былайша талдап берді: «Осылардың арасында 1975 жылы 7-14 қыркүйекте, Москва мен Алматыда /Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толған мерекесіне арналған/ халық аралық ғылыми конференция өткізілді. Бұл өзі біздің жағдайда алғаш рет істелген мереке еді».

Әл-Фарабиді Абаймен сабақтастыра жалғаған Ақжан Машанов еңбегінің ерекшелігі аннотацияда «Ұлы Абайды халқымыз ақын ретінде, ақылды дана данышпан деп таниды. Бірақ ол кісінің ғылыми, табиғи, фалсафалық жағындағы мирастары күні бүгінге дейін сырт қалып келеді. Абай даналағы әдебиет шеңберіне симайды. Автор Абайдың ғылыми мирастары жайында оның жүз жылдық мерекесінде көлемді мақала жазған болатын /1944ж/. Бұл еңбегінде автор сол мәселені қайта қолға алып, оны Әл-Фараби іліміне байланыстырып отыр. Көптеген ізденулердің, мұқият зерттеулердің арқасында автор Әл-Фараби мен Абай даналықтарының арасын жалғастыратын бірнеше дәлелді дәйектер тауып, соларды ғылыми-тарихи сипаттап көрсетіп отыр», - деп анықталды. Еңбектің өзге де құнды тұстарына назар аударған автор оларды ашып көрсеткен. Мәселен, «Екі данышпан адамның бас қосқан елінің, қазақ халқының ежелгі өмірі қандай болған? Әл-Фараби мен Абай сынды хакімдерді дүниеге келтірген топырақта қандай қасиет болған? Автор осы мәселеге қысқаша тоқталып өтеді». Аннотация авторы А. Машановтың еңбегінде қазақ халқының көптеген ауыз әдебиетінде ертегі, аңыз, эпостарды кеңінен пайдаланғандығын көрсеткен. Сонымен қатар «Әл-Фараби мен Абайдың адамдық мұрасынан қарағанда бұл күнгі өмірдің бағыты қалай? Осы мәселеге ерекше тоқталып, өмір жұмбағын талдайды. Бұл мәселелердің мәдени-тәрбиелік мазмұны жоғары», - деп ой түйіндеген. Еңбекке баға бере отырып, өзіндік тұжырым жасаған. «Кітаптың ақырғы бөлімінде бірнеше елдің «Жылнамасы» - мүшел есебі берілген. Бұл мәселеде де қызықты мәліметтер көп. Әсіресе «Отырар жылнамасында» қызықты, адамды ойландыратын жұмбақ мәселелер бар. Кітаптың тілі жеңіл, жатық, адамды тартып отырады. Көрікті жерлері де бар, өлеңдер көп. Суреттері көбінесе автордың өзінің жасағандары, бұрын жарияланбаған бағалы нәрселер», дегенінен біраз жайтты аңғаруға болады. Тұщымды баға берумен қатар «Кітапты халқымыздың барлық сауаттылары оқи алады. Сондықтан оның көпшілікке арнап көп тиражбен жақсы форматпен шығарып тарату керек. Оны басқа тілдерге аудару пайдалы болар еді» деген ұсыныс та жасаған.

Қорда Халифа Алтайдың марапаттары кездеспейді десе де болады. Жат елдерде бастың амандығы көкейкесті болған тұста марапатты ойлаудың өзі қисынсыз. Дегенмен елге оралғаннан кейін бірлі-жарым ынталандыруларға қол жеткізді. Мәселен, қорда Аякөз қаласының құрметті азаматы атағы берілгендігін дәйектейтін құжат сақтаулы (АқМА, 284:11). Қорда Халифа Ғақыпұлына 1992 12 наурызда Шиелі ауданының құрметті азаматы атағы берілгендігі туралы адрес сақтаулы (АқМА, 284: 12).

Марапаттардан гөрі ғылыми басқосулар мен рухани кездесулерге қатысқанына куә болатын фотосуреттер жеткілікті. Мәселен, 1998 жылы Мысырдағы «ХХІ ғасыр және ислам» атты конференцияға қатысты. Діндарлармен әңгімелесіп, өз ойын ортаға салды. Ғалым үшін көп алдында сөз бастап, пікір алмасып, ой бөлсікеннен артық не бар? Осы орайда Халифа Ғақыпұлы бақытты діндар деуге лайық.

Бұлардан өзге әлем елдерін аралады. Ұлғайған жасына қарамастан Қытайға, Монғолияға, Ресейге, араб елдеріне сапар шекті. Ондағысы Шәкәрім Құдайбердіұлы жазғандай, ел тану, жер тану еді.

Қорытынды. Осылайша Алматы қаласы мемлекеттік архивінде сақтаулы түркітанушы ғалым, теолог, аудармашы, жазушы, этнограф Халифа Ғақыпұлы Алтайдың қор құжаттарын талдадық. Архив құжаттары арқылы тарихи жадты жаңғыртудың сәті түсті.

Бір адамның ғұмыры арқылы тұтастай шетелдерге тарыдай шашылған қазақтардың өмірін бір сәт болса да көз алдымызға елестете алдық. Халифа Ғақыпұлының өмірі мен қызметіне құжаттар арқылы тәнті болдық. Бар саналы өмірін туған жері мен елін бір көруді армандаған абыз азаматтың ғұмыр белестерін зерделедік. Тіршілігінде көргендері мен көкейіне түйгендерін ұрпағына жеткізуді мақсат еткен, имандылықты ту етіп көтерген, өзінің емес елінің өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілектес адамның жазбаларына, айтқан сөздерін санадан өткіздік. Небір қиындықтар көрсе де жақсылық атаулыдан үмітін үзбеген азаматтың адал, ғибаратты, өнегелі өмірі жас баладан еңкейген қарияға дейін үлгі болатынына көз жеткіздік.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Anna Woodham, Laura King, Liz Gloyn. We Are What We Keep: The “Family Archive”, Identity and Public/Private Heritage//https://www.tandfonline.com/doi/full/10.1080/2159032X.2018.1554405

Paul Ashmore, Aruth Craggs, Hannah Neate. Working-with: talking and sorting in personal archives // Journal of Historical Geography. Volume 38, Issue 1, January 2012. – P. 81-89.

Taylor, Tomaro I., "Archives, Manuscripts and Personal Papers: A Processing Manual" (2007). Academic Services Faculty and Staff Publications. Paper 63. http://scholarcommons.usf.edu/tlas_pub/63

Абилова Т.Е. Личные фонды государственных архивах Казахской ССР. Конец 1950-х начало 1980-х г.г. (Проблемы комплектования и научной организации). Автореферат кандидатской диссертации. – М., 1986. – 22с.

Альтман М.М. Актуальные проблемы собирания документов личного происхождения на современном этапе//Вестник архивиста. – 2013. – №1. – С.137-150.

Бурова Е.М. Терминология в сфере работы с документами личного происхождения // Вестник РГГУ. – 2017. – №3. – С. 29-44.

Горяевa Т.М. Проблемa собирaния документов личного происхождения: кaк мы ее понимaем сегодня // Отечественные aрхивы. – 2004. - №1. – С. 34-39.

Додонов Б.Ф., Копылова О.Н. Дневники наследника российского престола цесаречива Николая Александровича Романова как исторический источник (1882-1894 гг) // Труды историко-архивного института. – М: Российский государственный гуманитарный университет, 2012. – С. 70-85.

Исахан Ғ.Т. Мемлекеттік мұрағатта жеке азаматтардың құжаттарын жинақтау. Әдістемелік нұсқау. – Алматы, 2000. – 34 б.

ҚР АқМа (Алматы қаласы орталық мемлекеттік архиві). – 284-қор, 1-тізбе. Халифа Алтай Ғақыпұлы.1917 жылы туған. Ғалым тюрколог, теолог, жазушы, аудармашы, этнограф. 1931-1995 жж.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 174-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 1-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 22-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 71-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 75-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 90-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 12-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 11-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 16-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т, 204-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 64-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 77-іс.

ҚР АқМА. 284-қор, 1-т., 26-іс.

Лобашкова Т.А. Личный фонд великого князя Константина Константиновича в ГАРФ: история создания, формирования и использования. – М.: Российский государственный гуманитарный университет, 2012. – С. 106-115.

Халифа Алтай. Естеліктерім. – Алматы, 2014. – 152 б.

Хасанаев М.Ж. Перспективы, задачи и проблемы комплектования ЦГА КазССР документами личного происхождения. – Алматы, 1988. – 90 с.

References

Abilova T.E. Lichnye fondy gosudarstvennyh arhivah Kazahskoj SSR. Konec 1950-h nachalo 1980-h g.g. (Problemy komplektovaniya i nauchnoj organizacii). Avtoreferat kandidatskoj dissertacii. [Personal funds of the state archives of the Kazakh SSR. The end of the 1950s and the beginning of the 1980s (Problems of recruitment and scientific organization). Abstract of the candidate's dissertation] – M., 1986. – 22s.[in Russian].

Al'tman M.M. Aktual'nye problemy sobiraniya dokumentov lichnogo proiskhozhdeniya na sovremennom etape [Actual problems of collecting documents of personal origin at the present stage] //Vestnik arhivista. – 2013. – №1. – S. 137-150. [in Russian].

Anna Woodham, Laura King, Liz Gloyn. We Are What We Keep: The “Family Archive”, Identity and Public / Private Heritage // https://www.tandfonline.com/doi/full/10.1080/2159032X.2018.1554405

AqMA QR (Аlmaty qalasy ortalyq memlekettik arhivi). F. 284. Op.1. Hаlifa Altay Gakypuly. Galym, tyrkitanushy, teolog, zhazushy, audarmashy, etnograf. [CSAA of the Republic of Kazakhstan (Central State Archive of Almaty). Fund 284. Оp 1. Khalifa Altay Gakypovich.Born in 1917. The scholar,  Turkologist, theologian, writer, translator, ethnographer] 1931-1995 j.j.

Burova E.M. Terminologiya v sfere raboty s dokumentami lichnogo proiskhozhdeniya [Terminology in the field of working with documents of personal origin] // Vestnik RGGU. – 2017. – №3. – S. 29-44.[in Russian].

Dodonov B.F., Kopylova O.N.  Dnevniki naslednika rossijskogo prestola cesarechiva Nikolaya Aleksandrovicha Romanova kak istoricheskij istochnik (1882-1894 gg) [Diaries of the heir to the Russian throne tsesarechiv Nikolai Alexandrovich Romanov as a historical source (1882-1894)]// Trudy istoriko-arhivnogo instituta. – M: Rossijskij gosudarstvennyj gumanitarnyj universitet, 2012. – S.70-85. [in Russian].

Goryaeva T.M. Problema sobiraniya dokumentov lichnogo proiskhozhdeniya: kak my ee ponimaem segodnya [The problem of collecting documents of personal origin: how we understand it today] // Otechestvennye arhivy. – 2004. – №1. – S. 34-39. [in Russian].

Halifa Аltay. Еstelikterim. [Khalifa Altai. My memories] – Аlmaty, 2014. – 152 b. [іn Kazakh].

Hasanaev M.ZH. Perspektivy, zadachi i problemy komplektovaniya CGA KazSSR dokumentami lichnogo proiskhozhdeniya. [Prospects, tasks and problems of completing the Central State Administration of the Kazakh SSR with documents of personal origin] – Almaty, 1988. – 90s.[in Russian].

Lobashkova T.A. Lichnyj fond velikogo knyazya Konstantina Konstantinovicha v GARF: istoriya sozdaniya, formirovaniya i ispol'zovaniya. [The personal Fund of Grand Duke Konstantin Konstantinovich in the GARF: the history of creation, formation and use] – M: Rossijskij gosudarstvennyj gumanitarnyj universitet, 2012. – S.106-115. [in Russian].

Paul Ashmore, Aruth Craggs, Hannah Neate. Working-with: talking and sorting in personal archives//Journal of Historical Geography. Volume 38, Issue 1, January 2012, P. 81-89.

QR AqMA F. 2841. Op.. D.22.

QR AqMA RK. F. 284. Op.1. D.12.

QR AqMA. F. 284. Op.1. D.1.

QR AqMA. F. 284. Op.1. D.11.

QRAqMA. F. 284. Op.1. D.16.

QRAqMA. F. 284. Op.1. D.174.

QR AqMA. F. 284. Op.1. D.204.

QR AqMA. F. 284. Op.1. D.26.

QR AqMA. F. 284. Op.1. D.64.

QR AqMA. F. 284. Op.1. D.71.

QRAqMA. F. 284. Op.1. D.75.

QRAqMA. F. 284. Op.1. D.77.

QR AqMA. F. 284. Op.1. D. 90.

Taylor, Tomaro I., "Archives, Manuscripts and Personal Papers: A Processing Manual" (2007). Academic Services Faculty and Staff Publications. Paper 63. http://scholarcommons.usf.edu/tlas_pub/63

Иsahan G.T. Мemlekettik muragatta jeke azamattardyn qujattaryn jynaqtau. [Collection of documents of private citizens in the State Archive] Adistemelik nusqau. – Аlmaty, 2000. – 34 b.[іn Kazakh].

МРНТИ 03.20.00

АРХИВНЫЕ ИСТОЧНИКИ О ЖИЗНИ И ДЕЯТЕЛЬНОСТИ ХАЛИФЫ АЛТАЯ

О.Х. Мухатова¹*

¹Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова. Казахстан, Алматы

*Корреспондирующий автор

Е-mail: Orazgul7@rambler.ru (Мухатова)

Аннотация. Статья посвящена жизни и деятельности известного ученого-тюрколога, теолога, писателя, переводчика, этнографа Халифы Алтая. Рождение, воспитание, родители, образование Халифы Гакыпулы анализируются по документам 284-го личного фонда, хранящимся в государственном архиве Алматы. Статья повествует о казахах (в том числе семья Халифы), которые бежали в Китай, спасаясь от советской тирании.Приводятся воспоминания Халифы о трагедии казахов, переселившихся в Индию. На основе архивных документов характеризуется жизнь Х. Алтая, который жил вместе с матерью в Индии и Пакистане 12 лет, а затем, переехал в Турцию.Описывается его профессия в Турции, опыт написания воспоминаний и книг, перевод религиозных книг на казахский язык. На основе исторических источников показывается крупный общественный деятель, который свободно говорил на семи языках, трижды посетил Мекку, укрепил связи с крупными религиозными центрами, стал одним из знатоков ислама и впервые перевел Коран на казахский язык. Описывается его возвращение на родину, прием у Первого Президента, получение гражданства Республики Казахстан, семья и быт в стране.Анализируются опубликованные труды и воспоминания ученого.

Ключевые слова: личный архивный фонд, Халифа Алтай, биография, переселение, Индия, Пакистан, Турция, родной край, Коран, воспоминания, духовная жизнь.

IRSTI 03.20.00

ARCHIVAL SOURCES ABOUT THE LIFE AND WORK

OF KHALIFA ALTAI

O. Mukhatova¹*

¹Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty

*Corresponding author

Е-mail: Orazgul7@rambler.ru (Mukhatova)

Abstract. The article describes the life and work of the famous Turkologist, theologian, writer, translator, ethnographer Khalifa Altai. The birth, upbringing, parents, education of Khalifa Gakypuly are analyzed according to the documents of the 284th personal fund, stored in the State Archive of Almaty.The articletellsabout the Kazakhs (including the Khalifa family) who fled to China to escape the Soviet tyranny. It shows the memories of Khalifa about the tragedy of the Kazakhs who moved to India. On the basis of archival documents, the life of Kh. Altai is characterized. Kh. Altai lived with his mother in India and Pakistan for 12 years, and then moved to Turkey.The paper describes his profession in Turkey, experience of writing memoirs and books, translation of religious books into Kazakh. The article is based on historical sources, it shows a prominent public figure who spoke seven languages fluently, visited Mecca three times, strengthened ties with major religious centers, became one of the experts in Islam and for the first time translated the Koran into Kazakh. It describes his return to his homeland, attending a reception with the First President, becoming a citizen of the Republic of Kazakhstan, family and life in the country. The published works and memoirs of the scholar are analyzed.

Key words:personal archive fund, Khalifa Altai, biography, resettlement, India, Pakistan, Turkey, homeland, Koran, memories, spiritual life.


Автор туралы мәлімет:

¹*Тарих ғылымдарының докторы, профессор

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз