Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94 (574) ЕМБІ МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ АЛҒАШҚЫ МҰНАЙ КӘСІПШІЛІКТЕРІ

С.С. ИСМАИЛОВ, А. Байтұрсынов ат. ҚМУ, т.ғ.к., доцент, А.А. ЕРИШЕВА, А. Байтұрсынов ат. ҚМУ, 2-курс магистранты, Қостанай қ., Қазақстан

ӘОЖ 94 (574) ЕМБІ МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ АЛҒАШҚЫ МҰНАЙ КӘСІПШІЛІКТЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(21), 2020

Тегтер: Ресей империясы, экспедиция, кәсіпшілігі мұнай, қазба байлықтар
Аңдатпа:
Мақалада Жайық-Ембі мұнайлы ауданының қалыптасу және даму тарихы қарастырылған. Негізінен Орыс Географиялық қоғамы тарапынан жүзеге асырылған зерттеу экспедициялары, барлау жұмыстары мен алғашқы мұнай кәсіпшіліктерінің құрылу мәселелері талқыланған. Геологиялық зерттеулердің нәтижелерінің жағымды болуы ХІХ ғасырдың соңында бұл аймаққа көптеген орыс кәсіпкерлерінің бет алуына алып келді. Көп ұзамай Жайық-Ембіде мұнай іздеу және барлау үшін көптеген қоғамдар, серіктестіктер және фирмалар құрылды. Түйін сөздер. Қазба байлықтар, Ресей империясы, экспедиция, мұнай кәсіпшілігі
Мазмұны:

Кіріспе. Қазақстанда мұнай өнеркәсібінің дамуы отандық зерттеушілердің назарын аударған мәселелердің бірі болды, себебі мұнай саласы республика экономикасының маңызды бөлігіне айналып отыр. Бұл ретте мұнайды игеру, осы салада жеткен жетістіктер мен қиыншылықтар, дамуына ықпал еткен экономикалық және саяси факторлар, әдетте, әртүрлі авторлардың еңбектерінде  талданған мәселелерді салыстыра зерттеу қажет.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу жұмысына мұнай тарихына қатысты тарихи еңбектер, ғылыми мақалалар,  баспасөз материалдары пайдаланылды. Зерттеу жұмысының методологиялық негізі ретінде тарихилық, жүйелілік, объективтілік тәрізді тарих ғылымының негізгі принциптері басшылыққа алынды. Зерттеу барысында жалпы ғылыми және арнайы тарихи әдістер: сипаттау, жүйелеу,  салыстыру әдістері қолданылды.

Талқылау. Жалпы мұнай кәсіпшілігінің тарихын зерттеу ХІХ ғасырда басталған деп айтуға заңды негіз бар. Себебі осы кезеңде қазақ жеріндегі мұнай қоры туралы хабарлар Ресей патшалығына жетіп,  олардың тарапынан қызығушылық туғызған.  Сол кезден бастап Ресей Қазақстанға саяхатшылар мен зерттеушілерді жіберді. Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауында шоғырланған мұнайдың үлкен қоры туралы айтыла бастаған кезден бастап бұл өлкеге Ресейдің барлық шетінен зерттеушілер мен мұнайшы кәсіпкерлер келе бастады. Орыс Географиялық қоғамы Қазақстанның көптеген өңірлерін зерттеумен айналысты, сондықтан Ресейдің мұнай саласына қатысты қызығушылығы шеңберінде Қазақстан да болды.

1768 жылы ұйымдастырылған экспедиция (С. Гмелин, И. Лепахин, П. Паллас)  нәтижелерінде Батыс Қазақстанның пайдалы қазбалары – көмір, мұнай, минералды заттар туралы кейбір ақпараттар кездеседі. Саяхатшы және  зерттеуші Григорий Карелин 1827 жылы Қазақ даласының батыс бөлігіне барып, топографиялық түсірілім жасап, өлкенің флорасы мен фаунасын зерттеді. [Чердебаев Р.Т., 2012: 384.]  Табиғат зерттеушілері Маңғышлақ түбегіне ерекше көңіл бөлді. 1846 жылы М.И. Иваниннің экспедициясы мұнайдың алғашқы белгілерін тапты. 1851-1853 жылдары Бозашы түбегін зерттеу жалғастырылды. Экспедиция материалдары 1855 жылы «Орыс Географиялық қоғамының хабаршысында» жарияланды. Онда рельеф, гидрография, өсімдік жамылғысы, геологиялық шолу, жер асты суларының сипаттамасы, Үстірт топырағы мен климаты егжей-тегжейлі сипатталған. [Мирзоев М.А., 1994: 240]Дегенмен Ресей империясы қазақ жеріндегі мұнайды игеруге асықпады. Себебі, олар 1806 жылдан бастап Баку мұнайын «тонау» үстінде болатын. Ал Орал облысындағы мұнайлы ауданның Бакуге қарағанда жақын екендігіне қарамастан болашағы белгісіз еді. Дегенмен, Ресей ғалымдардың зерттеулерін ұйымдастыру арқылы бұл аймақты назардан шығарған жоқ. [Нардова В.А., 1974:7].  Бұрынғы зерттеушілердің ізімен келген географ, таукен инженері Н.А.Северцев және Борщев 1857 жылы Орал обласында мұнай мен газдың мол екендігін хабарлады. Олар өздерінің 1860 жылы тапсырған есебінде қазақ даласының батыс бөлігіне назар аудару қажеттігін ескертті. «Геологиялық зерттеу» атты 1857 жылы шыққан кітабында Н.Северцов Ембіде мұнай қорының бар екендігін айта келіп, оны өндірудің және тасымалдаудың қиын екендігін жазды. 

Ресейдің геологиялық комитетінің Тау-кен инженері Д.В. Кирпичников 1874 жылы Каспий теңізінің Солтүстік-шығыс жағалауы және Ембі өзені айналасындағы тұзды көлдермен мұнай кен орындарын зерттеп, Қара Шұңғыл, Иманқара, Доссор жөнінде өз пікірлерін білдірді. «Әсіресе, осы аталған үш мұнай кен орынының ішінен Доссор мұнайының көптігімен ерекшеленеді, бірақ су мен жол қатынасының жоқтығы оны игеруді қиындата түседі», деп атап көрсетті. Алайда, Д.В. Кирпичниковтың еңбегі, құнды пікірлері елеусіз қалды. Тек 12 жылдан кейін, яғни 1886 жылы Жайық-Ембі аралығына тау-кен инженері К.Н. Новаковский жіберілді. Ол Ембінің Солтүстік Мәтенқжа, оңтүстіктегі Доссор, Ескене, Қара Шұңғыл жерлерін тексеріп, аталған кен орындарына зерттеу жүргізді.

Нәтижесі. Орталық Азиядағы геологиялық зерттеулердің нәтижелерінің жағымды болуы ХІХ ғасырдың соңында бұл аймаққа көптеген орыс кәсіпкерлерінің бет алуына алып келді, олардың ішінде Федоров, Хлудов, Захо, Громов, Петров, инженер Леонов болды. Қазақстанның мұнай байлықтарын мақсатты түрде зерттеуде 1892 жылы Батыс Қазақстанға геолог Сергей Никитин бастаған арнайы экспедицияның зерттеулері үлкен маңызға ие болды. Экспедицияның мақсаты Түркістан қаласына темір жол трассасының өту орнын анықтау және өлкенің табиғи байлықтарын зерттеу болды. Экспедиция бірнеше жерден гудрон мен кир ғана емес, сонымен қатар сұйық мұнайды да тапты (айта кетер жайт, мұнайдың шығуын зерттеу кезінде қол бұрғылау станоктары алғаш рет пайдаланылды). Никитин экспедициясы белгілеген және оңтайлы бағалаған Қарашұңғыл, Доссор және Искендегі мұнай шоғыры мамандар мен жұртшылықтың назарын аударды. Доссордың жекелеген учаскелерін барлауға кәсіпкерлердің өтінімдері 1892 жылдың аяғында пайда болды [ҚРОМА. 1479 -қ.].  Көп ұзамай Орал-Ембіде мұнай іздеу және барлау үшін көптеген қоғамдар, серіктестіктер және фирмалар құрылды. Олардың ішінде ең ірілері Орал-Каспий мұнай қоғамы (УКНО), «Ембі-Каспий», «ағайынды Нобель серіктестігі», «Ембі», «Орал мұнайы» және т.б. болды.

Негізгі бөлім. Орал облысының Орыс Географиялық қоғамының 1913 жылғы шолуында, әскери губернатордың есебіне қосымшада келесі мәлімет баяндалады: «...Орал облысының Гурьев уезінде бұрын басталған барлау сәтті аяқталды. Орал-Каспий мұнай қоғамына Доссорда әрқайсысы 10 десятина 5 учаскі, Макат деген жерде 10 десятине 1 учаскі, Искенде 10 десятина 1 учаскі бөлінген. 1914 жылдың 1 қаңтарына Гурьев уезінің әртүрлі жерлерінде мұнай өндіруге бөлінген 29 учаскі болды.  1913 жылы Жайық-Каспий мұнай қоғамы Доссорда 4450615 пұт мұнай өндірді» (шамамен 73 мың т.) [Нефтяная энциклопедия Казахстана, 2005].Осылайша, Қазақстан мұнайының қарқынды ғасыры күшке ие болды.

1892 жылы Соль-Илецк тұрғыны Юрий Лебедев Құнгұлақ-Сор шатқалында мұнай тауып, көмірсутегін барлауға алғашқы өтінім жасады. Алайда, өз қаражатын тез сарқып, ол өзінің штабс-капитан Леманға өз өтінімдерін 26 мың рубльге сатты. Ол Ембіде алғашқы «Леман және Ко» мұнай кәсіпшілігін құрды (1898-1909 жж.). Осылайша, 1899 жылдан бастап Ембі-Каспий серіктестігінің мұнай барлау жұмыстарының басшылығы ресейлік концессионер Леманның қолына өтті. 1897 жылы «Леман және Ко» компаниясы концессияға 27 мың шаршы шақырымнан астам жерді және Орал облысы Гурьев және Қалмақ уездерінің алты болысында үш жылға пайдалы қазбаларды іздестіру және барлау жүргізу құқығын алды.

Леман Қарашұңғыл алаңында (қазіргі Атырау облысының Желілі ауданы) тереңдігі 38-ден 275 метрге дейін 21 ұңғыманы бұрғылап, оның бірінде, №37 ұңғымада, 1899 жылдың қарашасында қазақ жерінде мұнай өндірудің басы болып саналатын газ-мұнай бұрқағы пайда болды. Ұңғыма 5 мың т. жоғары сапалы мұнай берді, сол арқылы оңтүстік Ембі жер қойнауының осы бөлігіндегі мұнайдың өнеркәсіптік қорларының бар екендігін растады.

1899 ж. 18 қарашада белгіленген Қарашұңғыл мұнайының алғашқы фонтаны туралы мұрағаттық материал былай дейді: «Біз, төменде қол қоюшылар, қара-шұңғыл көлінің оңтүстік-батыс бұрышына жақын орналасқан диаметрі 4 дюйм (10,2 см) құдықтан, 13 қарашада 4 сағат жартысына дейін жер бетінен 5 фут (1,5 м) шығатын құбырдан мұнай құйыла бастағандыған растаймыз. Сусыз мұнай, газ саны көп, қара - қоңыр көбік түрінде құбыр тесігінен 3 дюймге (7,6 см) жоғары көтеріліп, 20 секунд ішінде барлық шелекті толтырды. Ол тоқтаусыз 14 қараша күні таңғы сағат 10-ға дейін үздіксіз жалғасты. Келесі күні, 15 қарашада, құдық тазартылып, 2 аршинаға тереңдетілген соң, құбырлар түсіріліп, ал қашауы бар өзек құдықта болған кезде мұнай фонтаны соқты. Бұрқақ құбырлардан 7-10 фут (3 м дейін) жоғары көтерілді. Көп ұзамай мұнай құбырдан бұлақ ретінде құйылып, ал өзек алынған кезде, ол нағыз фонтан ретінде атқылады. Мұнай ағысы 14-20 фут (6 м дейін) биіктікке жеткенше бір сағаттан кейін бұрқақ 2-3 минутқа тоқтап, одан кейін күшпен соқты. Осылайша 18 қарашаға дейін созылды»

Каратонда Леман компаниясы 20 барлау ұңғымасын бұрғылады. Барлығында дерлік мұнай табылды және оны тәулігіне 8-ден 160 т-ға дейін алды. Бірақ сол кездегі көптеген басқа кәсіпкерлер сияқты Леман тобы тез және жеңіл пайда табуды ойлап, өте нашар ұйымдасқан барлау жұмыстарын, жүйесіздік және қызметтің шашыраңқылығы үшін шығындарды өтей алмады, Леман пессимизммен «300 жылдан кейін қырғыз даласы екінші Баку бола аламайды» деп жазды.

Сондықтан «Леман и Ко» компаниясы билікке концессияны шетелдік капиталға сатуды немесе аралас қоғам құруды ұсынды. 1907 жылы Леман шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер бастады - алдымен ағылшын, содан кейін неміс-швейцариялық синдикаттармен. Ресей экономикасына шетелдік инвестициялар саясатын Үкімет қолдады. Ресейлік кәсіпкер Леманның ұсынысы ағылшындықтарды қызықтырды. Олар өз инженерлері мен геологтарын Орал-Ембі ауданына жіберді және оның бай перспективаларына көз жеткізіп, Леманнан мұнай концессияларына құқықты сатып алды. Осылайша, 1910 жылы Леман ағылшын кәсіпкерлерімен бірлесіп жаңа Жайық-Каспий мұнай қоғамын (УКНО) ұйымдастырды. Жаңадан құрылған ағылшындармен бірлесіп, Доссор кен орнының ашылуы бірінші жетістік болды.

1900-1917 жылдары Ембі ауданынан басқа, Жайық-Еділ өзендері (Новобогатинск, Қара өзен), Молажное, Предмуджарье (Мортық, Итассай), Прикаспийдің орталық бөлігі (Матенқожа) және Ақтөбе Приуралье (Жуса) іздеу - барлау жұмыстарымен қамтылды. Бірақ Ембі ауданы, әрине, басымдыққа ие болды.

Мұнда, Қарашұңғылдың ашылуынан кейін, 1912 жылдан бастап өнеркәсіптік өндіру Доссор мен Мақат кәсіпшілігінде басталды. Доссордағы бұрғылау 1910 ж., 1911 ж. 29 сәуірде басталды. Фонтан ұңғымасы 30 сағат бойы атқылап, 16700 пұт (273,5 т) «қара алтын» берді. Мұнай сапасы өте жақсы болды, керосин мөлшері 70% - дан асты. Осылайша Ембіде ірі өнеркәсіптік өндіріс басталды. 1911-1917 жылдары Доссорда 11 мұнай бұрқақтары болды.

1912 жылы кәсіпшілікте алынған мұнайды теңіз арқылы тасымалдау үшін Доссор кәсіпшілігінен Искене кәсіпшілігіне үлкен Ракуша ауылына 6 мұнай құбыры, одан кейін 7 верстке (8 км жуық) салынды, өйткені таяз сулардың салдарынан кемелері жағалауға жақындай алмайды.

Мұнай құбыры желісі аяқталғаннан кейін қазан айында қайтадан өндіруге кірісті. Ол үшін «ағайынды Нобель серіктестігінен» сорғыларды уақытша алды, өйткені арнайы сорғылар Доссордағы №2 бұрғылау қондырғысына орнатылған еді. Алдымен сынамалар үшін суды және содан кейін ғана мұнайды - тікелей Доссор-Ракуш айдады. Мұнай шамамен 150 мың пұт (2457 т) айдалды.

Көптеген дерек көздері сол жылдары мұнай шоғыры орындарын пайдалану көбінесе ғылыми білімнің толық болмауына байланысты ең жақсы жолмен жүргізілген жоқ, сондай-ақ горизонттардың орналасу сипаты мен ара қатынасы туралы түсінік те болған жоқ. [Мұхтар Ә.Қ., 2006: 224 б.]

Революцияға дейінгі кезеңде Мақаттағы барлау жұмыстарын негізінен «Жайық-Каспий мұнай қоғамы» мен «Колхида» қоғамы жүргізді. ОКМҚ Мақатта тереңдігі 645 м, «Ембі-Каспий мұнай қоғамы» - екі, жалпы - 824,3 м, және «Колхида» қоғамы - бір, тереңдігі 770 м. бір ұңғыма бұрғыланды. Революцияға дейінгі кезеңде Жайық-Ембі ауданында мұнай барлау жұмыстары тек 20 алаңда жүргізілді. Жалпы метрі 37725 м. 166 барлау ұңғымасы бұрғыланды.

1910-1913 жылдары Қазақстанның мұнайын өндіруде алғашқы болған ағылшын капиталының қатысуымен акционерлік мұнай компаниялары пайда болды. Бұл Батыс-Орал жауапкершілігі шектеулі мұнай қоғамы (1912), 1914 жылы Лондонда тіркелген Орталық-Жайық-Каспий қоғамы (1912), Солтүстік-Каспий мұнай компаниясы, «Ембі» мұнай өнеркәсіптік және сауда акционерлік қоғамы. Оның негізгі капиталы 6 млн рубль болды, оның ішінде ағылшындардың үлесі - 2,5 млн рубль немесе 42,5% акциялар – «ағайынды Нобель серіктестігіне» тиесілі болды. Акциялардың басқа бөлігі немістер мен француздарға тиесілі еді. [Абдиров М., 2007].

 Көп ұзамай Доссорда терең бұрғылау ұйымдастырылды. Сол кездегі құжаттарда Орал облысының Гурьев уезінде мұнай барлау сәтті өткедігі туралы ақпарат сақталған: сол кезде бұрынғы Доссорда 73 мың тоннаға жуық мұнай өндірілді. 1912 ж. Жайық-Каспий мұнай қоғамы (УКНО) ұзындығы 62 верстті - Доссор кәсіпшілігінен Ракушаға дейін мұнай құбырын салды [Чердебаев Р.Т., 2012: 384.].

Сол кездегі патшалық Ресейдің картасындағы  мұнай өндірудің жаңа ауданы - Орал-Ембі мұнай ауданы - сол кездегі ең ірі мұнай өндіруші «ағайынды Нобель серіктестігі» кәсіпорнының назарын аударды. Ағайындылардың бірінің айтуынша, олар бұл жаңа мұнайлы ауданды өзінің отбасылық бизнесінің шеңберіне қосқан.

Ембі мұнайының Нобельдерді қызықтыруының өзіндік себептері болды. Ол аса тереңдікте орналаспауы, қорының мол болуымен ерекшеленді, бұл кен орындарында жеңіл құмды топырақ болды, сонымен қатар мұнда өндіруге арналған шығындар төмен, ал жұмыс күші арзан болып келді. Бірақ, бұл жердегі кәсіпшіліктерде ағылшын капиталымен тығыз байланысты мұнай өнеркәсібі компаниялары жетекші орын алды.

1911-1913 жылдары мұнда барлығы дерлік ағылшындардың белсенді қатысуымен 11 түрлі Акционерлік қоғамдар мен фирмалар жұмыс істеді. Жоғарыда аталған «Орал Каспий мұнай қоғамы» ресейлік компанияларыдың қатысуымен құрылған және «Ройял Датч Шелл» мұнай синдикатына кірген  Ембідегі алғашқы ағылшын кәсіпорын.

1912 жылы барлық Жайық-Ембі мұнай қоғамдарында ағылшын капиталының үстемдігіне байланысты, "Бранобель" серіктестігінің делдалдығы негізінде мұнайды іздеу және өндіру, оны өңдеу және мұнай өнімдерін сату үшін «Ембі» аралас акционерлік мұнай өнеркәсіптік және сауда қоғамы құрылады. Оның негізгі капиталы 6,6 млн руб.құрады, оның ішінде ағылшындардың бөлігі 2 млн 550 мың болды. Дегенмен, акциялардың көп бөлігі «Бранобель» серіктестігіне тиесілі болды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Орал-Ембі ауданына  Солтүстік Кавказ Майқопа ауданында Солтүстік Кавказдың кәсіпшілігінде жұмыс істеген «Колхида» акционерлік мұнай өнеркәсіптік және сауда қоғамы келеді. «Ағайынды Нобель» серіктестігі «Колхида» акцияларының 36% - ын сатып алады, сөйтіп революцияға дейінгі Қазақстанның мұнай секторында өзінің үлесін күшейтеді.

ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының құжаттары «Ағайынды Нобель» серіктестігі Жайық-Ембі ауданында мұнайды барлау, өндіру және тасымалдаудың барлық аспектілеріне елеулі көңіл бөлгендігін көрсетеді. Тек 1913-1914 жж. компания Орал облысында мұнайды барлауға бүкіл империя бойынша бөлінген 2 млн.-нан 600 мың руб. жұмсады.

Ново-Богатинск учаскесінде барлау-бұрғылау 1911-1914 жылдары жүзеге асырылды, ал 1915 ж. төрт терең ұңғыма құрылды және олардың бірі өнеркәсіптік мұнай берді. 1916 жылы «Ағайынды Нобель серіктестігі» Жуса құрылымындағы тереңдігі 238 және 132 екі ұңғыма бұрғыланды.  Орал облысында 1917 жылға дейін жалпы әр түрлі компаниялар мен фирмалар мұнайға 50 мыңға дейін өтінім берді. Оның мыңға жуығын барлау, бұрғылау және өндіру жұмыстарына «Ағайынды Нобель» серіктестігі берді.  Нобельдер өздерінің Қазақстандағы кәсіптерін еуропалық стандарттарға сәйкес жүргізді: тиімді, ұтымды және ешбір шығынсыз жүргізді [Чердебаев Р.Т., 2012: 384.].

Қорытынды. Қорытындылай келе, осы кезеңде Жайық-Ембі мұнай кәсіпшіліктерінің игерілуі, жаңа аймақтарды барлау жұмысының жүзеге асырылуы шетелдік капиталға тәуелді болғандығы айқын байқалады.  Шетел капиталы Ембіге дербес акционерлік серіктестіктер құру, орыс қоғамдарымен делдалдық келісімдер жасау  және орыс серіктестіктері арқылы мұнайды бірлесе өндіру арқылы енген. Жалпы 1917 жылдардағы Ресейдегі қазан төңкерісіне дейін Қазақстан мұнай кәсіпшілігінің негізі қаланып, мүмкіндігінде даму үстінде болды. Ресей империясында басталған төңкерістер мұнай кәсіпшіліктерінің тежелуіне әкелді. 

Әдебиеттер

Чердебаев Р.Т. Нефть Казахстана. - Астана, 2012. – 384 с.: ил

Мирзоев М.А. Мангистау: голоса столетий. -Алма-Ата: Казахстан, 1994. 240 с.

Нардова В.А. Начало монополизации нефтяной промышленности России. – Ленинград, 1974. - С.7

ҚРОМА. 1479 –қ, 2-т, 711 –іс, 14-15-п.. 

Нефтяная энциклопедия Казахстана. - Алматы: ОФ «Мұнайшы», 2005

Мұхтар Ә.Қ. Қазақ мұнайының тарихы – Алматы: «Өлке» баспасы, 2006. – 224 б.

Абдиров М. Нефть в истории или история нефти // Известия Казахстан. 2007, 27 апреля.

Чердебаев Р.Т. Нефт Казахстана / ОФ «Алдонгар». - Астана, 2012. - 384 с.: ил.

References

Cherdebaev R.T. Neft Kazahstana/ OF «Aldongar» - Astana, 2012. – 384 s.

Mırzoev M.A. Mangıstaý: golosa stoletı. Alma-Ata: Kazahstan, 1994. - 240 s.

Nardova V.A. Nachalo monopolızasıı neftа́noı promyshlenostı Rosıı. – Lenıngrad, 1974, - S.7

QROMA. 1479 –q, 2-t, 711 –is, 14-15-p..

Neftıanaıa ensıklopedıa Kazahstana. Almaty: OF «Munaıshy», 2005

Muhtar Á.Q. Qazaq munaıynyń tarıhy – Almaty: «Ólke» baspasy. 2006. – 224 b.

Abdırov M. Neft v ıstorıı ılı ıstorıa neftı. Izvestıa Kazahstan. 2007, .

Cherdebaev R.T. Neft Kazahstana / OF «Aldongar»- Astana, 2012. 384 s.: ıl.

С.С. ИСМАИЛОВ1

1Костанайский государственный университет им. А.Байтурсынова, кандидат исторических наук, доцент, г. Костанай, Казахстан

А.А. ЕРИШЕВА2

2 Костанайский государственный университет им. А.Байтурсынова, магистрант 2-курса, г. Костанай, Казахстан

ИСТОРИЯ РАЗВИТИЯ УРАЛО-ЭМБИНСКОГО НЕФТЯНОГО РАЙОНА И ПЕРВЫЕ НЕФТЕПРОМЫСЛЫ

Аннотация

В статье описывается история становления и развития нефтяного района Урал-Эмба. В процессе работы над статьей автором были проанализированы результаты исследовательских экспедиций Российского географического общества, разведовательные работы в регионе и история создания первых нефтяных промыслов. Положительные результаты геологических исследований привели к тому, что к концу ХІХ века в этот регион прибыли многие российские предприниматели. Вскоре в Урал-Эмбе были созданы различные общества, товарищества и фирмы для поиска и разведки нефти

Ключевые слова. Полезные ископаемые, Российская империя, экспедиция, нефтепромыслы.

S. S. ISMAILOV1

1 Kostanay state university A. Baitursynov, candidate of historical Sciences, docent, Kostanay, Kazakhstan

А.А. YERISHEVA2

2 Kostanay state university A. Baitursynov, 2nd year master's student, Kostanay, Kazakhstan

HISTORY OF DEVELOPMENT OF THE URAL-EMBINSKY OIL REGION AND THE FIRST OIL FIELDS

Summary

The article describes the history of formation and development of the Ural-Emba oil region. In the process of working on the article, the author analyzed the results of research expeditions of the Russian geographical society, exploration work in the region and the history of the first oil fields. Positive results of geological research led to the fact that by the end of the ХІХ century, many Russian entrepreneurs arrived in this region. Soon, various companies, partnerships, and firms were established in Ural-Emba to search for and explore for oil.

Ключевые слова. Minerals, Russian Empire, expedition, oil fields.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз