Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 902.904 ҚАРАТАУ ПЕТРОГЛИФТЕРІНДЕГІ ТҮРКІ КЕЗЕҢІНІҢ БЕЙНЕЛЕРІ МЕН ТАҢБАЛАРЫ

С.С. МУРГАБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының докторанты. Алматы, Қазақстан.

ӘОЖ 902.904 ҚАРАТАУ ПЕТРОГЛИФТЕРІНДЕГІ ТҮРКІ КЕЗЕҢІНІҢ БЕЙНЕЛЕРІ МЕН ТАҢБАЛАРЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(20), 2019

Тегтер: Қаратау, петроглиф, Сырдария, таңба, оғыз, көне түріктер, мұрагер, стиль, бейнелеу үрдісі
Автор:
Мақалада Қаратау жотасындағы Сауысқандық, Шалабай, Сатайбұлақ, Тектұрмас, Таңбалы тас, Боралдай, Қарамұрын, Қоспа (Арыстанды) т.б. жартас суреттерінде кездесетін ортағасырлық кезеңге байланысты бейнелері мен таңбалары қарастырылады. Олардың хронологиялық шеңберлері көрсетіледі. Ортағасырлық бейнелердің мерзімдеу кезеңдеріне байланысты стильдік, мәнерлік бағыттарының қалыптасуын сабақтастық тұрғысында қарастырылып, оған дейінгі ерте кезеңдердің қосқан үлесін ашып көрсетуге назар аударылған. Жартас суреттеріндегі қару-жарақ түрі, көлік түрі, ат әбзелдері және саятшылық құру сияқты кейінгі этнографиялық кезеңмен үйлесім табатын көріністер де берілген. Ортағасырлық жартас суреттерінің стилистикалық ерекшеліктері мен ішкі семантика мәселелері қарастырылған. Сондай-ақ петроглифтер арасында кездесетін көне түркі кезеңінің таңбаларына мен олардың таралған аймақтарына талдау жасалып отыр. Сонымен қатар аталмыш таңбалардың кейбір жазба деректердегі тікелей баламалырын келтіре отырып этникалық топтарға қатыстылығы мен мерзімдері жайлы деректер берілген. Кілт сөздер: Қаратау, Сырдария, петроглиф, таңба, оғыз, көне түріктер, стиль, мұрагер, бейнелеу үрдісі.
Мазмұны:

Кіріспе. Ортағасырлық бейнелер мен көріністер өзіндік көркемдік пішіні мен мәтіні жағынан ерте көшпенділер кезеңінен бейнелеу ерекшеліктерін белгілі бір дәрежеде сақтай отырып, өзіне тән бейнелеу үрдісін  қалыптастырды. Сақ-скиф кезеңінде мағыналық мәліметтің көпшілігін аң стилінде орындалған зооморфты пішіндер арқылы көрсеткен болса, ортағасырлық бейнелерде ол мәліметтер әлде қайда қол жетімді, түсінікті мәнерде бейнелене бастайды және көп жағдайда адам мен оның «іс-әрекеті» бейнеленеді - қаруланған немесе ту, байрақ ұстаған сал татты, көп жағдайда ат үстінде соғысу (садақ тарту, найза ұстау), немесе саятшылық, аңшылық көріністер.  Сондай-ақ, кейбір жағдайда бұған дейінгі кезеңдерден «мұрагерлікке» қалған ортағасырлық аң стилінің элементтерін айтуға болады. Бейнелеу үрдісі жағынан өзара ұқсас бейнелер кең байтақ аймақты алып жатқан бір-біріне шаруашылық-мәдени тұрғыдан, өмір сүру салты мен дүниетанымы жағынан жақын халықтар арасында бұл ерекшелік айқын байқалады.

Жалпы сол кезеңнің бейнелеу өнерін, олардағы  негізгі сарынды қалыптастырушылар да басқа жақтан келген жоқ және оны жалғастырушы да сол ежелгі көшпенділер мекен етіп келген тайпалар мен одақтардың Ұлы Даладағы тікелей мұрагері көне түріктер болды.

Қартау жотасындағы жартас суреттері арасында көне түркі таңбаларының басым бөлігі Орталық Азияның көптеген бөлінде кездеседі. 

Ал енді кейбір таңбаларды ортағасырлық жазба деректерден де кездестіруге болады және кейбірінің этникалық қатыстылығы жайлы мәліметтер береді. Ол Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал маңын мекен еткен оғыз тайпаларына қатысты. Тіпті кейбір топнимикалық атаулар аталмыш аймақтарда қазіргі таңға дейін сақталып келуде.

Дереккөзі мен әдістері. Қаратау жотасы оңтүстік-шығыстан солтүстік-шығысқа 420 км созылып жатыр. Қазақстанның оңтүстік аймағының үш облысында орналасқан. Қазіргі таңда Үлкен Қаратау жотасы бойынша 70-астам үлкенді-кішілі петроглиф орындары бар. Олардың ең алғашқылары кейінгі тас дәуірімен мерзімделсе, одан кейінгі қола, ерте темір және ортағасырлық кезеңдердің бейнелері де көптеп кездеседі (Мургабаев, 2017, 130-б.; Самашев, Мургабаев, Елеуов, 2014, 374-б.).

Бұл мақалада мыңдаған бейнелердің арасынан Сауысқандық, Шалабай, Сатайбұлақ, Тектұрмас, Таңбалы тас, Боралдай, Қарамұрын, Қоспа (Арыстанды), Тасбұлақ т.б  сияқты жартас суреттері бар орындардан алынған бейнелер мен көріністер және таңбалар қарастырылып отыр.

Талдамалар мен нәтижелер. Жартасқа бейнелеу өнерінде ортағасырлық бейнелер мен көріністер өзіндік көркемдік пішіні мен мәтіні жағынан ерте көшпенділер кезеңінен бейнелеу ерекшеліктерін белгілі бір дәрежеде сақтай отырып, өзіне тән бейнелеу үрдісін  қалыптастырды. З. Самашевтың айтуынша бұл ерекшеліктер б.з.д. І мыңжылдықтың аяғында азиялық далалық аймақтардың көшпенділерінің бейнелеу өнерінен бастау алып қалыптаса бастайды (Самашев, 2006, 121-б.).

Д.Г. Савинов «ерте көшпенділер кезеңінде туындаған көптеген материалдық мәдениет пен өнердегі бұйымдар айтарлықтай өзгеріссіз өмір сүруін жалғастырды және кейінірек, ертеортағасырлық кезеңінің мәдениетінде сіңісіп кетті» деп көрсетеді (Савинов, 1998,  131-б).

Осыған дейінгі сақ-скиф дәуіріндегі өзінің ішіндегі мағыналық және басқадай мәліметтің бәрін аң стилінде орындалған зооморфты пішіндер арқылы көрсеткен болса, ортағасырлық бейнелерде сақ дәуірімен салыстырғанда ол мәліметтер әлде қайда қол жетімді, түсінікті мәнерде бейнелене бастайды.

Сондай-ақ, негізгі кейіпкер ретінде ерте көшпенділердің зооморфты образдарының орнына адам және оның «іс-әрекеті» бейнеленеді. Бұл кезеңге тән негізгі мерзімдік көрсеткішке ие қаруланған немесе ту, байрақ ұстаған сал татты, көп жағдайда ат үстінде соғысу (садақ тарту, найза ұстау), немесе саятшылық, аңшылық көріністер, таңбалар мен белгілер жиынтығы болып табылады. Сондай-ақ, кейбір жағдайда бұған дейінгі кезеңдерден «мұрагерлікке» қалған ортағасырлық аң стилінің элементтерін айтуға болады. Бейнелеу үрдісі жағынан өзара ұқсас бейнелер кең байтақ аймақты алып жатқан бір-біріне шаруашылық-мәдени тұрғыдан, өмір сүру салты мен дүниетанымы жағынан жақын халықтар арасында бұл ерекшелік айқын байқалады.

Сондай-ақ сақтар кезеңінен кейінгі ғұн-сармат бейнелерінде алғашқыларына тән ерекше динамизм белгілі бір басқа мәнерде беріле отырып сақталған. Әйтсе де кейбір зерттеушілер атап өткендей кейінгілерінен қарапайымдылықты байқауға болады (Кубарев, 1999, 190-б). 

Жалпы сол кезеңнің бейнелеу өнерін, олардағы  негізгі сарынды қалыптастырушылар да басқа жақтан келген жоқ және оны жалғастырушы да сол ежелгі көшпенділер мекен етіп келген тайпалар мен одақтардың Ұлы Даладағы тікелей мұрагері көне түріктер болды. Сондықтан біз қарастырып отырған аймақ пен Орталық Азияның белгілі бір аймақтарында бұл кезеңнің бейнелеу өнері осы көне түркі мәдениетінің аясында дамыды. Сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік, мәдени дүниетанымдық, соның ішінде жауынгерлік өмір салтына бейімделген батырлық сарын тек қана көне түркілердің мәдени ортасында ғана емес сонымен қатар өздерімен іргелес жатқан басқа халықтардың да бейнелеу өнеріне этномәдени, сауда, соғыс немесе басқадай миграциялық процесстердің арқасында жылдам тарап кетті (Самашев, 1995, 20-27-бб.).

Мұндай ерекшеліктерді Оңтүстік Сібірдің Таштық жартас суреттеріндегі контурлы түрде кескінделген бір аяғын бүгіп жүріп келе жатқан жануарлардың бейнелену ерекшеліктерінен  ортағасырлық аң стилінің қалыптаса бастауын көруге болады.

Ортағасырлық аң стилінде ерекшелігі бейнелерді экспрессияға ұшыратпай-ақ реалистік пішінін сақтай отырып, керемет ұшқыр қимылды көрсете білгенінде. Ол әдіс тек қана жануарларды бейнелеуде емес, сонымен қатар адамдардың да ерекше ұшқыр қимыл үстіндегі іс-әрекеттерін көрсете білу әдісі деп айтуға болады [1-6 суреттер]. 

05eeca3141e02b5d444725906a62dfdb.jpg

Сурет - 1.

   

    Сурет - 2.


8650e353f5d2cabba7c6253675e7e705.JPG

Сурет - 3.

a88fe77b00f8a1252bb541c565e7d55e.JPG

Сурет - 4.

b024af264bd95f03e0704a38e2e239ec.JPG

Сурет- 5.

72f7821ceacdd214f3bb2041de7717ea.JPG

Сурет - 6.

Әйтсе де ортағасырлық бейнелерде  белгілі бір бірегей қалыпты кескенделу стилі бар деуге болмайды. Кейбір көріністер мен бейнелерде  ортақ мәтіндік ұқсастық болғанымен айтарлықтай динамизм байқалмайды. Мысалы, Сауысқандықтағы  ерте темір кезеңінің ешкі бейнелерінің қасынан орын алған ортағасырлық ешкі бейнесінен де көруімізге болады [7-сурет].

85d2d3cca05e92c525e89d87edc2bade.JPG

Осындай бір ерекшелікті Сауысқандық ІІ нысанындағы  көп бейнелі көріністен көруімізге болады  [8-сурет]. 

473767eb6b8a7c1729c0a8a2c5c3c384.jpg

Көріністің орта тұсында орналасқан түйе бейнесіне көңіл аударайық. Бейне толық қашалып салынған. Түйе алдындағы жыртқышқа аузын ашып, тісін ақситып, айбат шегіп тұр. Сипаттама жалпы түсінікті, дегенмен суретке қарасаңыз сақтар кезеңіндегі стильдік ерекшелік, яғни ешқандай динамизм байқалмайды. Көріністегі басқада да жануарлардың кескінделу ерекшеліктеріне қарап оларды толық сенімділікпен ортағасырлық бейнелерге жатқызу қиын, өйткені, қарапайым етіп салынған бұндай бейнелер әр кезеңде кездесуі мүмкін. Сонымен қатар көріністің төменгі жағындағы ірі қараға жегілген екі дөңгелекті күймелер. Күйменің шатыры бірінде «саңырауқұлақ» тәрізді, келесінің шеттері аздап қайқы болып жабылған [8-сурет]. Күймелердің шатырынан төмен салбырап тұрған «шашақтар» оның салтанаттық мініске арналған көлік екеніне меңзейді. Бұндай шатырлы бейнелер Сауысқандық жартас суреттерінде бірнеше жерде бейнеленген және олардың құрылымы бір-біріне ұқсас болғанымен көпшілігі қарапайым етіп салынған [9-сурет]. 

51a345c34d4508338298ceb423cafbec.jpg

Бұл күймелердің құрылымы Монголияның Ханын-Хад тауындағы Яманы-ус шатқалы петроглифтерінде жылқыға жегілген күймелерге ұқсас. Әйтсе де Ханын-Хад жартасындағы күймелер ғұндар кезеңімен мерзімделеді  (Новгородова, 1984, 115-б.). Ал біздің жағдайда бұлар әлдеқайда кейін салынған. Бұл жерде қосалқы мерземдеу көрсеткіші ретінде салт аттыларды айтуға болады. Жылқылардың жалдарының үш жерден буылуы, салт аттылардың жаңбас тұсында ілінген адырнасыз садақ, тотығу дәрежесі сияқты барлық көрсеткіштері ортағасырлық кезеңді меңзеп тұр.  Жылқы жалын бұлай әсемдеу өз бастауын бұған дейінгі кезеңнен алады, мысалы, Пазырық, Берел сияқты сақ дәуірінің жерлеу орындарынан немесе Сауысқандық, Майлықара жартас суреттерінің осы кезеңге тән бейнелерінде көруге болады. Ортағасырлық кезеңдердің жартас суреттерінде де, заттай мәдениетінде де олар көп жағдайда үш «бума» немесе үш тармақты тарақ тісі іспеттес етіп көрсетіледі (Байпаков, Марьяшев, 2004, 130-б.; Байпаков, Марьяшев, 2008, 48-б., 71 фото; Ремпель,1987, 26-27бб., сурет 5-6 (д)). Осы көріністегі салт атты бейнесі осы маңдағы жартас беттеріне бірнеше жерге еш өзгеріссіз қайталанып салынған және олардың тотығу деңгейі, қашалу әдісі бәрінде бірдей [10-сурет].

06b0aec5fb8ef8a008aa230599ef1098.jpg

Жоғарыдағы көрініске қарама-қарсы бетінде және бір көңіл аударарлық қызық көрініс бейнеленген. Төбесі жұмыртқа тәрізді етіп жабылған «баспана» ішіндегі екі адам бейнесі. Баспана сыртқы пішіні жағынан киіз үйге өте ұқсас, бірақ оны ортасынан тіреу немесе түтін шығұға арналған мұржа тәріздес қатарласқан қос сызық бөліп тұр.  Ішіндегі екі адам (бірі әйел, бірі ер адам) баспананың екі бөлігінде орналастырылған. Әйел адам баспананың сол, ер адам оң бөлігінде [10-сурет]. Бұл көріністегі адамдардың баспана бөлігін иемдену тәртібі қазақтар арасындағы киіз үй ішіндегі жанұя мүшелерінің орналасу тәртібіне сәйкес келеді (Арғынбаев,1987,  99-104-бб.).

Ортағасырлық бейнелер арасында соғыс жүргізу әдісі мен оған байланысты қару-жарақ түрінен мәлімет беретін көріністерді айтуға болады. Осындай бір көріністе салт атты жауынгердің жаяу жауынгерді ат үстінен найзамен түйреп жатқан сәті [1-сурет]. Екі жауынгердің де қалқандары бар. Салт атты жауынгердің найзасының бас жағында ту-байрақ іспеттес белгі бар. Бұл көріністе жақыннан соғысу кезіндегі әдіс пен қару жарақ түрі көрсетілген. Келесі бір көріністе алыстан соғысу сәті көрсетілген. Бір-біріне қарама-қарсы тұрып садақпен қаруланған екі топ арасындағы салт аттылар мен жаяу жауынгерлердің соғысу сәті бейнеленген [11-сурет]. 

a2399d7a2bc0d1d3b954a8d9c7a7e103.jpg

Бұл жерде де олардың мерзімдеу көрсеткіші ретінде найза не садақ бола алмайды. Өйткені найза да, құрама садақ та соғыс құралы ретінде бұған дейінгі кезеңдерден белгілі. Бұл жердегі мерзімдік көрсеткіш ретінде ту-байрақ сияқты атрибуттар мен соғысу әдісі, тотығу деңгейі, стильдік ерекшеліктері сияқты белгілерді айтуға болады.

Жартас суреттерінде қылыш пен соғысу сәті өте сирек  кездеседі. Біздің жағдайда ол екі жерде ғана кездесіп отыр. Бірінде Шалабай петроглифтерінде салт аттыға қарсы тұрған жаяу адамның қолында бейнеленген [12- сурет]. 

5ee26bb431c9ba242246c30f46627a02.jpg

Жалпы қылыштың пайда болуының хронологиясы мен пайда болу орталықтары туралы ортақ пікір жоқ. И.А. Аржанцева бұл аварлықтардың ойлап тапқан дүниесі, сонымен қатар солтүстік Кавказ қылыштың пайда болып тарай бастаған аудандардың бірі десе (Аржанцева 1986,12-б.), М.Г. Магомедовтың ойынша солтүстік Кавказда қылыштың пайда болуына хазарлықтардың қосқан үлесі ерекше (Магомедов, 1983, 75-78-бб.). Кейбір зерттеушілердің пікірінше қарудың бұл түрі Еуразияның салт атты жауынгерлерінің арасында б.з. 7-8 ғасырларында пайда болуы мүмкін деп біледі. Қылыштың пайда болуына бірінше кезекте Азиялық көшпенділер, сондай-ақ, олардың соғысу әдісі және соғыс құралдарымен таныс қарсыластары қатысқан (Кирпичников, 1966, 61-б.). 

Сатайбұлақ петроглифтерің бірінде қылыш салт атты адамның қолында бейнеленген. Бұл жердегі жылқы бейнесі керемет шеберлікпен орындалған [5-сурет]. Бір өкініштісі, алғашқыда өзіне дейінгі кезеңдердің бейнелерінің үстіне салынған бұл көріністі «анық көріну» үшін кейінгі кезде қайта «жаңғыртқан». Сондықтан соңғы «жаңғырту» кезінде кейінгі «суретші» көріністің кейбір элементтерін қосып жібірген болуы да мүмкін. Сондықтан бұл бейненің жасын шамалап айту қиын. Шалабай жартас суреттерінің бірінде қолына қайқы қылыш ұстап, алға ұмтылған адам бейнесі кескінделген. Бұл жердегі суреттің тотығу дәрежесіне қарағанда кейінгі ортағасырлық кезеңдер болуы ықтимал.

Жартас суреттеріндегі ортағасырлық бейнелерге тән бейнелеу үлгісінің қатарында мойнына тұмар таққан жылқы мінген салт атты бейнесі. Бұл бейне Орталық Азияның ортағасырлық бейнелерінің қатарында көптеп кездеседі. Осындай салт атты бейнесі Сауысқандық, Шалабай петроглифтерінде кездесіп отыр [13-14 суреттер]. 

3fdaf9ee89bfe38ffb7710a1d3f93187.jpg

806712b611592e2017c934d012495fd1.jpg

Осы мәнердегі жылқы мен салт аттының кескінделуіне Боралдай, Қарамұрын, Қоспа (Арыстанды), Сауысқандықта бірнеше жерде өте ұқсас көріністер кездеседі, бірақ ол жердегі жылқыларда тұмар жоқ. Әйтсе де  кескінделу ерекшеліктеріне қарап бұл бейнелерді кезеңдес деп айтуға болады [15-19 суреттер]. 

b7da19c107a006644c88fa605540c21a.jpg

Сурет - 15. Боралдай петроглифтеріндегі көпбейнелі көріністе жылқы мінген салт аттымен бірге ерттелген екі жылқы көрсетілген.


edb74f645336db64e41491f0af8ed136.jpg

Сурет-16.

84758f64f272e7ed12b1f310add4b577.JPG

Сурет-17.

7e49b812c45511132b90f5796720ef6a.JPG

Сурет-18.

6d3c6abf81cb519101ba712fcb0edf82.JPG

Сурет-19.

 Ердің құрылымына қарағанда олар сүйегі қатты биік ерлерге ұқсайды. Сақ-скифтердің жұмсақ, жайдақ тоқымнан көп айырмашылығы жоқ ерлеріне ұқсамайды. Мұндай сүйегі қатты ерлердің пайда болған уақыты шамамен б.з. V ғасырларына сәйкес келеді. Сондай – ақ нағыз үзеңгінің пайда болуы да шамамен осы сүйегі қатты ер тұрманның шығуымен байланысты болуы ықтимал (Кызласов,1973, 24-36-бб.; Тоқтабай, 2009, 94-98 -бб.).

Бұл кезеңнің бейнелері қатарында аңшылық, саятшылық тақырыбындағы көріністер де жиі кездеседі. Арқарбұлақ петроглифтерінің бірінде қос салт атты саятшының жыртқыш аңға құс салу сәті бейнеленген [20-сурет]. 

7456664aff472ddf2897d6f92e9731f2.jpg


Бұл жердегі жылқының бірінің жалы тарақ тісі тәрізді үш тісті етіп берілген. Бірінің құсы қалықтап жыртқыш үстінде ұшып жүрсе, екіншісінің құсы білегінде қондырылған. Сонымен қатар жылқы соңынан ерген иті бар. Келесі бір осындай көрініс Сауысқандық VІІ тобындағы жартас суреттерінде кескінделген. Ол жерде құс пен аңға шығу сәті мен қоса ат үстіндегі ерге қосалқы құс қондыруға арналған тұғыр да көрсетілген [21-сурет].  

d92396c259ff42e4852b5d871a46d251.jpg

Саятшылар білек талмас үшін бұндай тұғырды қазіргі кезде де пайдаланады. Бұл тұғырды тек қана бүркітке арнап жасайды, басқа ителгі, қаршыға, сұңқар тәріздес құстардың көлемдері шағын болғандықтан тұғырдың қажеті жоқ.

Әзірше аталмыш аудан суреттері арасынан Алтай, Монголия, Оңтүстік Сібір т.б. жерлердегідей жауынгерлер мен жылқылары сауыт киген бейнелерді жолықтырған жоқпыз. Бұл жоғарыда қарастырып отырған бейнелердің мерзімін дәл айту қиын. Сондықтан ат үстіндегі найзамен соғысу, байрақ-ту, тұмар, жылқыны белгілі бір тәртіппен әшекейлеу сияқты ерекшеліктердің өзінің өмір сүру салты, дүниетанымы, шаруашылығы, белгілі саяси жүйесі бар көне Түркі қағанатының саяси аренаға келуімен байланысты деп ойлаймыз.

Қаратау жотасында кездесетін таңбалар соңғы жылдардағы зерттеулер барысында көптеп кездесіп жүр [22-26 суреттер]. 

aa1775597e885fd6df24d8669cc21585.JPG

Сурет - 22.

c0c4d5b2ff28cc8f4395f163067838a0.JPG

Сурет - 23.

55a3d09efeee3ff360ad021f347a76a9.jpg

Сурет - 24.

c170bc30793b5aaededc80b0dbed2de8.JPG

Сурет - 25.

7ef4a423b1a82244979241e715b8b4e8.jpg

Сурет - 26.


Жалпы таңбалар жүйесін зерттеу жеке тақырыпты қажет ететін үлкен мәселе екендігі мәлім. Дегенде, қазірше қолда бар бірқатар деректерге тоқтала кетсек. Біресек өзенінің жоғарғы ағысындағы  Таңбалы тас деп аталатын  тігінен жерге қадаулы тұрған биіктігі 1,3 м, төрт қырлы тас баған анықталған болатын. Бағанның төрт жақ қабырғасына да жоғарыдан төмен таңба, түрік руникасында кездесетін әріптерге ұқсас таңбалар, араб әліпбиінде жазбалар, жануарлар бейнелері қашалып салынған [26-сурет]. Жоғарғы бөліктегі екі таңба көлденең үш сызықтың үстінде тік бір сызық. Бұл таңбаның құрылымындағы белгілі бір ұқсастық Монголиядағы «Бөмбөгөр» бітіктасы мен «Дарви» жартасындағы таңбаларынан көруге болады (Базылхан, 2009, 116-б.). «Бөмбөгөр» бітіктасында қарлұқ, басмыл тайпалары сөз болады. Оның мерзімдік көрсеткіші VІІ ғ. деп көрсетілген. Ал Таңбалы тастағы таңба аздап өзгешелеу. Бұл таңбаның тура баламасы Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігінде» анық көрсетілген және ол кейінгі қазақ таңбаларының арасында кездеспейді. «Оғұз: түрік тайпаларының бірі. Оғыздар – түрікмендер. Олар жиырма екі ұрық: әр-бірінің айырым белгілерімен малға басатын таңбалары бар...» делінеді және біз айтып отырған таңба - ulajudluғ – ұлайүндлығ тайпасының таңбасы болып шықты (Махмұт Қашқари, 1997, 85-86-б.б.).

Осы екі таңбаның төменгі жағында төрт таңба тұратын бітік жазуына ұқсас тізбек бар. Мүмкін бұлар да бір-бірімен қатар орналасқан 4 рудың таңбасы болар. Сонымен қатар бағанның басқа бөліктерінде де бірнеше таңба түрі кездеседі. Олардың кейбірі Түркі сөздігінде оғыздардың іgdir – ігдір және salғur тайпасының таңбаларына өте ұқсас. Бағанда жалпы саны 18 таңбамен араб әліпбиіндегі жазба бар. Бұл бағанда бірнеше кезеңнің таңбалары орын алған. Алғашқысы оғыздар кезеңіне тән болса, араб әліпбисіндегі мәтін одан кейінгі кезең, ал жоғарғы аша тәріздес, тотығуы төмен кейіннен салынған  қазақ ру таңбасы. Осы бағандағы салғұр тайпасының таңбасына ұқсайтын таңба Монголия, Шығыс Қазақстанның бітік тастарында жиі кездеседі. Осы таңба Сауысқандық, Шалабай петроглифтерінде де бірнеше жерде кездесіп отыр [22-сурет]. Қаратау жотасындағы бірқатар таңбалардың мерзімдік көрсеткіші мен таралу аймағы ежелгі түркі түркі тайпаларының мекен еткен аймақтарының көпшілігіне тән болып отыр (Самашев, Базылхан, Самашев, 2010, 126-б.). Біз қарастырып отырған Сырдариялық Қаратауда кездесетін таңбалардың басым бөлігі Сырдарияның төменгі ағысын мекен еткен Оғыз тайпаларына тән болып отыр. Олардың таралу аймағы да ортағасырлық жазба деректердегі оғыз тайпаларының шығыс шегарасымен сәйкес келеді. Оғыз тайпаларының шығыс шегарасы ретінде көрсетілетін Сырдың орта ағысындағы ортағасырлық Қарашық, Сауран қалалары (Махмұт Қашқари, 1997, 84-89-б.б.), сонымен қатар Сырға параллель жатқан Үлкен Қаратау жотасы мен сол жағалаудағы Қызылқұмда қазіргі таңға дейін сақталған топонимикалық атаулар көптеп кездеседі (Каллаур, 1903, 105-б). Қазіргі кезге дейін Қаратаудағы Оғызмүйіс, Оғызтау,  Қызылқұмдағы Оғызжылға сияты атаулар сақталған. Келешекте біз қарастырып отырған аймақтағы таңбалардың ерекшеліктері мен ұқсастықтарына байланысты жүйелі түрдегі жиынтығын жасап шығу жоспарланып отыр. Тек қана сол кезде таңбалардың хронологиялық, этникалық белгілері мен әр кезеңдердегі этномәдени, саяси т.б процестерді ашып көрсетуге болады. 

Қорытынды. Қаратау жотасының жартас суреттеріндегі ортағасырлық кезеңнің бейнелері мен таңбаларына жасалған қысқаша талдаудың қортындысы әр кезеңнің өзіне тән стильдік ерекшеліктері, ішкі мәтіндік сарындары мен бейнелеу үлгісі қалыптасқандығын көрсетеді. Өзара ұқсас бейнелерде кең байтақ аймақты алып жатқан бір-біріне шаруашылық-мәдени тұрғыдан, өмір сүру салты мен дүниетанымы жағынан жақын халықтар арасында бұл ерекшелік айқын байқалады. Кейде жартас суреттеріндегі көріністер қарап соғыс жүргізу әдістері, қару-жарақ түрлері, көлік түрлері, ат әбзелдерінің дамуы, саятшылық түрлері мен оларға байланысты ұмыт бола бастаған кебір құрылғыларды да кездесіп отыр.

Ал енді ортағасырлық таңбалар жүйесін зерттеу, сол кездердегі саяси одақтар мен этникалық топтардың аймақтық орналасуы мен ежелгі байланыстарынан сыр шертеді. Соның ішінде Сырдың төменгі ағысы мен орта ағысына дейінгі өңірді мекен еткен ежелгі Оғыздардың жазба деректерде кездесетін таңбалары анықталды. Бұл таңбаларды толыққанды, кең көлемдегі бірлескен халықаралық зерттеулерге ұштастырсақ берер нәтижесі орасан зор деп ойлаймын.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

Мургабаев С.С. Үлкен Қаратаудың петроглифтері. - Түркістан: Сейіт, 2017. - 130 б.

Самашев З., Мургабаев С. Елеуов М. Сауысқандық петроглифтері. Sauyskandyk petroglyphs. Петроглифы Сауыскандыка. - Астана: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қаласындағы филиалының баспа тобы, 2014. - 374 б. (Қазақша, ағылшынша, орысша).

Самашев З. Петроглифы Казахстана. - Алматы: Өнер, 2006. - 200 с.

Савинов Д.Г. О «скифском» и «хунском» пластах в формировании древнетюркского культурного комплекса // Вопросы археологии Казахстана. Вып. 2.  - Алматы - Москва: «Ғылым», 1998. - С. 130-141.

Кубарев В.Д. О некоторых проблемах изучения наскального искусства Алтая // Древности Алтая. - Горно-Алтайск, 1999. - C.186-201.

Самашев З. К изучению графического искусства средневековых номадов Великой Степи // Наскальное искусство Азии. - Кемерово, 1995. - С. 20-27.

 Новгородова А.Э. Мир петроглифов Монголии. - М.: Наука, 1984. - 168 с., илл.

Байпаков К.М., Марьяшев А.Н. Петроглифы в горах Кульжабасы. - Алматы, 2004.  - 22 с., илл. 86.

Байпаков К.М., Марьяшев А.Н. Петроглифы Баян-Журека. - Алматы: Credo, 2008. - 200 с., илл. 64.

Ремпель Л.И. Цепь времен. Вековые образы и бродячие сюжеты в традиционном искусстве Средней Азии.  - Ташкент: Издательство литературы и искусства им. Гафура Гуляма, 1987. - 190 с.

Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. - Алматы: Өнер, 1987. - 127 б.

Аржанцева И.А. Вооружение раннесредневековой Средней Азии (по изобразительным данным): автореф. канд. ист. наук: 07.00.06. - М., 1986. 26 с.

Магомедов М.Г. Образование Хазарского каганата. По материалам археологических исследований и письменным данных. - М.: Наука, 1983.-224с.

Кирпичников А.Н. Древнерусское оружие // САИ Е -1-36. - М.-Л., 1966. - Вып. І. - 176 с.

Кызласов И.Л. О происхождении стремян // СА. - 1973. - № 3. - С. 24-36.

Тоқтабай А. Көшпенділердің салтаттылық-серілік дәуірі (б.з.д. 2 мың ж. –б.з. ХІІ ғ. // Қазақстанның ортағасырлық тарихы: нәтижелері мен болашақ зерттеу жолдары. Халықар. ғыл.- практ. конф. материалдар жинағы. - Алматы: Арыс баспасы, 2009. - 94-98-бб.

Базылхан Н. Көне түрік бітіктасы мен ескерткіштері: тарихи деректанулық талдаулар // Түркология. - Түркістан, 2009. - 110-127-бб.

Самашев З., Базылхан Н., Самашев С. Көне түрік таңбалары. - Алматы: Аbdi company,  2010. - 126 б.

Махмұт Қашқари. Түрік сөздігі. (Аударған Асқар Құрмашұлы Егеубай). - Алматы: Хант баспасы, 1997. - Т. 1. - 85-86-бб.

Каллаур В.А. Древние города и селения (развалины) в Перовском уезде в долине р.р. Сыр-Дарьи и Яны-дарьи // ПТКЛА, VІІІ. - Ташкент: типо-литография тогового дома Ф. и Г. Бр. Каменских, 1903.- 105 c.

References

Mýrgabaev S.S. Úlken Qarataýdyń petroglıfterі. - Túrkіstan: Seıіt, 2017. - 130 b.

  Samashev Z., Mýrgabaev S. Eleýov M. Saýysqandyq petroglıfterі. Sauyskandyk petroglyphs. Petroglıfy Saýyskandyka. - Astana: Á.H. Marǵulan atyndaǵy Arheologııa ınstıtýtynyń Astana qalasyndaǵy fılıalynyń baspa toby, 2014. - 374 b. (Qazaqsha, aǵylshynsha, oryssha).

  Samashev Z. Petroglıfy Kazahstana. - Almaty: Óner, 2006. - 200 s.

   Savınov D.G. O «skıfskom» ı «hýnskom» plastah v formırovanıı drevnetıýrkskogo kýltýrnogo kompleksa // Voprosy arheologıı Kazahstana. - Vyp. 2.  - Almaty - Moskva: «Ǵylym», 1998. - S. 130-141.

  Kýbarev V.D. O nekotoryh problemah ızýchenııa naskalnogo ıskýsstva Altaıa // Drevnostı Altaıa. - Gorno-Altaısk, 1999. - C.186-201.

  Samashev Z. K ızýchenııý grafıcheskogo ıskýsstva srednevekovyh nomadov Velıkoı Stepı // Naskalnoe ıskýsstvo Azıı. - Kemerovo, 1995. - S. 20-27.

   Novgorodova A.E. Mır petroglıfov Mongolıı. - M.: Naýka, 1984. - 168 s., ıll.

  Baıpakov K.M., Marıashev A.N. Petroglıfy v gorah Kýljabasy. - Almaty, 2004.  - 22 s., ıll. 86.

  Baıpakov K.M., Marıashev A.N. Petroglıfy Baıan-Jýreka. - Almaty: Credo, 2008. - 200 s., ıll. 64.

  Rempel L.I. Tsep vremen. Vekovye obrazy ı brodıachıe sıýjety v tradıtsıonnom ıskýsstve Sredneı Azıı.  - Tashkent: Izdatelstvo lıteratýry ı ıskýsstva ım. Gafýra Gýlıama, 1987. - 190 s.

  Arǵynbaev H. Qazaq halqynyń qolónerі. - Alamaty: Óner, 1987. - 127 b.

  Arjantseva I.A. Voorýjenıe rannesrednevekovoı Sredneı Azıı (po ızobrazıtelnym dannym): avtoref. kand. ıst. naýk: 07.00.06. - M., 1986. - 26 s.

Magomedov M.G. Obrazovanıe Hazarskogo kaganata. Po materıalam arheologıcheskıh ıssledovanıı ı pısmennym dannyh. - M.: Naýka, 1983. - 224 s.

  Kırpıchnıkov A.N. Drevnerýsskoe orýjıe // SAI E -1-36. - M.-L., 1966. - Vyp. I. - 176 s.

  Kyzlasov I.L. O proıshojdenıı stremıan // SA. 1973. - № 3. - S. 24-36.

  Toqtabaı A. Kóshpendіlerdіń saltattylyq-serіlіk dáýіrі (b.z.d. 2 myń j. –b.z. HII ǵ. // Qazaqstannyń ortaǵasyrlyq tarıhy: nátıjelerі men bolashaq zertteý joldary. Halyqar. ǵyl.- prakt. konf. materıaldar jınaǵy. - Almaty: Arys baspasy, 2009. - 94-98-bb.

  Bazylhan N. Kóne túrіk bіtіktasy men eskertkіshterі: tarıhı derektanýlyq taldaýlar // Túrkologııa. - Túrkіstan, 2009. - 110-127- bb.

  Samashev Z., Bazylhan N., Samashev S. Kóne túrіk tańbalary. - Almaty: Abdi company,  2010. - 126 b.

  Mahmut Qashqarı. Túrіk sózdіgі. (Aýdarǵan Asqar Qurmashuly Egeýbaı). -Almaty: Hant baspasy, 1997. - T. 1. - 85-86- bb.

  Kallaýr V.A. Drevnıe goroda ı selenııa (razvalıny) v Perovskom ýezde v dolıne r.r. Syr-Darı ı Iany-darı // PTKLA, VIII. - Tashkent: tıpo-lıtografııa togovogo doma F. ı G. Br. Kamenskıh, 1903. - 105 c.

С.С. МУРГАБАЕВ1.

1Национальный университет имени Аль-Фараби кафедра Археология, этнология и музеологии, докторант, Алматы, Казахстан

ИЗОБРАЖЕНИЯ И ТАМГИ РАННЕТЮРКСКОГО ПЕРИОДА В ПЕТРОГЛИФАХ КАРАТАУ

Резюме

В статье рассматриваются характерные для средневековых сюжетов образы и тамги, распространенные среди петроглифов местонахождений Сауыскандык, Шалабай, Сатайбулак, Тектурмас, Танбалы тас, Боролдай, Карамурын, Коспа (Арыстанды) хребта Каратау. Определены хронологические рамки рисунков. В контексте преемственности рассмотрены вопросы стилистики, формирования манеры исполнения рисунков, особое внимание обращается на влияние предшествующих исторических периодов. Освещаются виды вооружения, конского снаряжения, сцен охоты и другие сюжеты петроглифов, которые находят аналогию с этнографическим периодом. Рассматриваются стилистические особенности рисунков и  вопросы внутренней семантики петроглифов.

А также в данной статье рассматриваются тамги древнетюркского периода и ареал их распостранения. Приводятся аналогии этнической принадлежности и хронологии некоторых тамг по письменным источникам.

Ключевые слова: Каратау, Сырдария, петроглиф, тамга, огуз, ранние тюрки, стиль, преемник, изобразительная традиция.

S.S. MURGABAYEV 1.

1National Al-Farabi University Department of Archeology, Ethnology and Museology, doctoral student, 

Almaty, Kazakhstan

IMAGES AND TAMGI OF THE EARLY TURKISH PERIOD IN KARATAU PETROGLYPHS

Summary

The article considers the images and tamgas typical for medieval plots, common among petroglyphs of the locations of Sauiskandyk, shalabay, Sataybulak, Tekturmas, Tanbaly TAS, Borolday, Karamuryn, Kospa (Arystandy) of the Karatau ridge. The chronological frames of the figures are defined. In the context of continuity, the issues of stylistics, the formation of the manner of execution of drawings are considered, special attention is paid to the influence of previous historical periods. The types of weapons, horse equipment, hunting scenes and other subjects of petroglyphs, which find an analogy with the ethnographic period, are covered. Stylistic features of drawings and questions of internal semantics of petroglyphs are considered.

And also in this article tamgas of the ancient Turkic period and an area of their distribution are considered. Analogies of ethnicity and chronology of some tamgas from written sources are given.

Keywords: Karatau, Syrdaria, petroglyph, tamga, oguz, early Türks, style, successor, fine tradition.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз