Басты бет » Материалдар » Керей хан

Б.Б. КӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. Алматы, Қазақстан.

Керей хан

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(20), 2019

Автор:
Автор бұл мақаласында Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі және алғашқы қазақ ханы – Керей ханның қазақ тарихындағы алатын орны мен атқарған рөлін қарастырады. Керей ханның өміріне қатысты жазба дерек мәліметтері мен халық ауыз әдебиетінің материалдарын бір-бірімен салыстыру, толықтыру сондай-ақ тарихнамалық материалдар арқылы, автор Керей хан тақырыбына қатысты бірнеше мәселелерге жауап береді. Олардың қатарына – Керей сөзінің мәні, қазақ хандарының шығу тегі мәселесі, Керей ханның ата-бабалары, Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының этносаяси мәселелері, хандықтың құрылу процесі барысындағы Керей ханның жетекшілік рөлі мәселелері жатады. Керей ханның алғашқы хан болғандығы жазба дерек мәліметтері негізінде дәлелденеді. Түйін сөздер: Керей хан, Жәнібек хан, Әбілқайыр хан, Дешті Қыпшақ, Моғолстан, Мауереннахр.
Мазмұны:

Кіріспе. Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік тарихы үш мың жылдық дәуірді басынан өткергені белгілі. Осы дәуірде аумақта  жиырмадан аса саяси құрылымдар өмір сүріп, отандық тарих пен әлемдік тарихта өз іздерін қалдырды. Солардың ішінде Қазақ хандығының алар орны ерекше. Уақыт жағынан алғанда Қазақ хандығы - үш мың жылдық тарихы бар  мемлекеттіліктің кейінгі орта ғасырдағы көрінісі болса, этникалық тұрғыдан алғанда,  ол – ұлттық сипаттағы мемлекет болды.

Қазақ хандығының тарихында ғылыми тұрғыда шешімін тапқан мәселелерден гөрі түйінді және жабулы жатқан мәселелер жетіп артылады. Тек соңғы отыз жылдық көлемінде хандық тарихына зерттеушілер назары көбірек ауа бастады. Соның нәтижесінде хандық тарихындағы жекелеген мәселелердің түйіндері ағытылып, алынған нәтижелер көпшіліктің рухани байлығына айналды. Солардың біріне – хандықтың негізін қалаған тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандарға қатысты зерттеу қорытындылары жатады. Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде  хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дерек мәліметтерінде көрсетілгендей, олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан атты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды деген пікірді зерттеушілердің бәрі мойындайды. XIX ғасырдың ортасында айтылған бұл пікір қазіргі күндерге дейін тек даму үстінде болды. Бірақта осы саяси үрдісте жетекші рольдер атқарған  екі басты тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар туралы зерттеулер толық жүргізілмей, олар туралы біліміміз тек дерек мәліметі деңгейінде қала берді. Оған себеп - деректік мәліметтердің мардымсыздығы. Қазіргі күнде заман талабы өзгеріп, өз тарихымызға қайта үңілгенде, алғашқы  хандарымыздың тарихын, олардың атқарған рөлін көрсетуге осы себеп қол байлау болады да тұрады. Мардымсыз деген – тіпті жоқ деген емес, аздау, бірен-саран деген мағынада. Олай болса, қолда бар деректерге сүйеніп, ұлттық мемлекетіміздің іргетасын қалаушылардың ел тарихындағы алатын орнын неге ашып көрсетпейміз.

XV ғасырдың ортасы  қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ерекшеліктің ең басты белгісіне – ұлттық мемлекетіміздің қалыптасуы болса, ал басты оқиғасына Қазақ хандығаның құрылуы  жатады. Тарихтағы мұндай түбегейлі бетбұрыстарды қалың бұқара жасайды. Ал бұкараның басында көш бастаушы ірі тарихи тұлғалар тұрады. Ал біз бұл мақаламызда Қазақ хандығының негізін қалаушы, алғашқы қазақ ханы - Керейдің тарихи рөліне тоқталмақшымыз.

Зерттеу әдістері. Ортағасырлық тарихшы Махмуд бен Уәлидің  жалғыз мәліметі  бойынша алғашқы қазақ ханы - Керей хан болған. Әртүрлі жазба дерек мәліметтері  мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі  - Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы Керей атауы  жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы есімді қолданамыз.

«Керей» сөзінің  түп-төркіні мен мағынасына келсек, академик В.В. Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «...Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде  деректерін қайдан алғанын көрсетпей,  «гирей» - монғол сөзі, монғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады». Қазіргі кезде Монғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған және көне монғол тілін жетік білетін бауырларымыздан бұл сөздің мән-мағынасы жөнінде сұрастырғанымызда, кезінде тарих пәнінің мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққан, Астана қаласының іргесінде тұратын ардагер-ұстаз Нығмет Мәмбетұлы ақсақал бізге: «гарай» - көне монғол сөзі, оның екі мағынасы бар, біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіретінін хабардар етті. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, монғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеміз.

Мұндай есімнің Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб, парсы тілдеріндегі шығармаларда кездеспеуіне және де тек қана осы дәуірден бастап  қана  Шыңғыс ұрпақтары мен Дешті Қыпшақтың көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасында жиі кездесуіне қарап,  «Керей» сөзінің түп-төркіні монғолдық, ал мағынасы жоғарыда айтып өткен «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдіреді деген пікірлерді толық қолдаймыз.

Отандық тарихнамада қазақ хандарының шығу тегі мәселесінде екі түрлі пікірлер бар. Олардың бірі – қазақ хандарын Жошы ханның кіші ұлы Тұқайтемірден таралған десе, екінші тобы – Керей мен Жәнібек хандардың шығу тегі Жошы ханның үлкен ұлы Орда Еженнен бастау алады деп санайды. Осы еңбек авторы екінші пікірді қостап, өзінің бірнеше мақалаларында осы тұжырымды дәлелдеп көрсетеді[1,13; 2, 46-55].

Керей ханның шығу тегі Рашид ад-диннің  мәліметтері бойынша былайша беріледі: «Жошы хан, оның  үлкен ұлы Орда Ежен, оның үлкен ұлы Сартақтай, оның үлкен ұлы Қоныша(Куйнджи), оның үлкен ұлы Баян,  Баянның екінші ұлы - Саты бұқа»[3, 66-67]. Одан әрі  ортағасырлық тарихшы Муйн ад-Дин Натанзидың тарихи шығармасынан мынадай мәліметті кездестіреміз: «...Сасыбұқа, оның ұлы  Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Орыс хан, оның ұлы Тоқтақия»[4, 129-131]. Орыс ханнан Керей ханға  дейінгі хан әулетінің шежіресі ортағасырлық дерек мәліметтерінде жақсы сақталған.  Т.И. Сұлтанов аударған «Муизз ал-ансаб» атты шығарма мәліметінде «Орыс ханның 15 баласы: 8 ұл және 7 қызы болған, делінеді де: «Бірінші ұл - Тоқтақия, ол хандық билікте болған. Оның үш қызы және үш ұлы болған. 1) Анике-Булад, 2) Бугучак, 3) Тенгриберди», - деп айтылады[5,120].  Ал «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Тоқтақияның ұлдары «Тенгри-Берди, Йагуджак-анеке, Пулад», - деп беріледі[6,42]. «Анике» немесе «анеке» сөзінің біресе Болаттың алдында, біресе Йагуджактың соңында берілуін қолжазбаны көшірушілерден жіберілген техникалық қате деуге болады. XVI ғасырдың алғашқы жылдары жазылған шибанилық  деректер тобына жататын  «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наманың» дәл осы мәліметтері 1426 жылы жазылған темірлік деректер тобындағы «Муизз ал-ансабқа» тәуелді болғандықтан, біз осы соңғы шығармадағы мәліметті негізге аламыз. Ал Анике-Булад немесе Болатта бір ғана ұл болған, оның есімі - Керей-хан. Сөйтіп, Орыс ханнан бері қарай таратсақ, Орыс-хан, оның ұлы Тоқтақия, оның ұлы Анике Болат және оның ұлы – Керей хан болып жалғасады.

Керей ханның Орыс ханға дейінгі ата-бабалары жөнінде материалдар  тарихи зерттеулерде біршама жақсы қарастырылғандықтан, біз оларға тоқталмаймыз. Зерттеулердің бәрінде де Орда Еженнен бастап Орыс ханға дейін Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулеті билігінің үзілмегендігі айтылады. 1377 жылы Ақ Орда билеушісі Орыс хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның үлкен ұлы Тоқтақия, яғни Керейдің атасы келеді де, 2 ай ғана билік құрады[4, 131]. Т.И.Сұлтановтың көрсетуі  бойынша Керей ханның атасы Тоқтақия хан «жұмсақ мінезді және әділетті» адам болып, Әмір Темір мен Тоқтамысқа қарсы күресте қайтыс болған. Ал Керейдің әкесі Анике-Болат немесе Болатқа келсек, ол – Тоқтақия ханның үш ұлының бірі. Оның есімі деректерде шежірелерге қатысты тұстарда ғана айтылады. Басқа жағдайларда Анике-Болат туралы ешқандай мәліметтер айтылмайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама» бойынша Керей хан – Болаттың (Анике Болаттың) жалғыз ұлы. Тоқтақия ханның Болаттан басқа Тәңірберді және Бұғышақ атты екі ұлы болып, Бұғышақтың Мұхаммед, Ахмет және Әли атты үш ұлы және Имен би атты қызы болғандығы белгілі[6,42].

Ежелгі және ортағасырларда Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттердің негізін қалаған тарихи тұлғалардан Керей мен Жәнібек хандардың басты айырмашылығы сонда,  тағдыр оларға жаңа этникалық бірлестікке негізделген мемлекетті құру және оны басқару үлесін берді. Бұл үлес кездейсоқ сияқты болып көрінгенімен, заңдылық болатын. Өйткені екі ханның да арғы ата-бабалары – Шыңғыс ханнан Керей мен Жәнібек хандарға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билікті мұрагерлік жолмен иемденіп, атадан балаға қалдырып отырған. Басқаша айтқанда, Керей мен Жәнібек - бірнеше ғасыр бойы уысынан билік кетпеген өте мықты, әрі өте беделді әулеттің өкілдері болып табылады. Бұл бір болса, екіншіге, XIV ғасырдың бірінші жартысында бүкіл Алтын Орда аумағындағы моңғолдық этноэлементтердің қыпшақтануы үдерісі өз мәресіне жетіп, жергілікті этноүдеріс жаңа қарқынмен өз арнасында дами бастайды. Билеуші әулет өкілдері де жазба деректерде «қыпшақ хандары» делініп, жаңадан ұлттық сипатта  қалыптаса бастаған этностың билеуші тобы ретінде көзге түседі. Керей мен Жәнібек хандардың ата-бабалары - Ерзен хан, Шымтай хандар осы топтың басында тұрады.

Керей ханның  қай жылы дүниеге келгендігін дерек мәліметтері  айтпайды, бірақ оны салыстыру әдісі арқылы болжап, шамамен айтуға болады. Орыс ханның үлкен ұлы Тоқтақия хан да, кіші ұлы Қойыршақ хан. Олардың жас арасын шамамен 15-20 жыл деуге болады. Тоқтақияның ұлы Болат болса, Қойыршақтың ұлы – Барақ хан. Барақтың 1428 жылы қайтыс болғаны белгілі. Барақтың үш ұлының үлкені Жәнібек хан. Ал Жәнібек хан мен Болаттың ұлы Керейдің бір тарихи кезеңде өмір сүргені және белгілі. Олардың да арасындағы жас айырмашылықтары 10-20 жыл деп санауға болады. Керейдің есімі ХV ғасырдың 60-шы жылдарының соңынан, ал Жәнібектің есімі ХV ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап жазба дерек мәліметтерінде кездеспейді. Соған қарап оларды 60-70 жыл өмір сүрген деп есептесек, онда олар XV ғасырдың басында дүниеге келген болып шығады.

ХV ғасырдың 50-ші жылдарында, яғни Қазақ хандығының құрылар қарсаңында Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберлерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз олардың саны 20-ға жуықтаған. Олардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Керей болған. Сондай-ақ Орыс ханның үлкен ұлы – Тоқтақия, ал оның үлкен ұлы – Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, ХV ғасыр ортасында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің  Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған. Сол себепті де Керей хан Қазақ хандығының құрылу қарсаңында ордаежендік сұлтандар арасында көшбасшы міндетін атқарған деуге толық негіз бар.

  Керей хан туралы мәліметтер аз болса да жазба және ауызша деректерде кездеседі. Жазба деректер ол жөнінде екі жағдайда ғана мәліметтер қалдырған. Біріншісіне  «Тауарих-и гузида-ий нусрат наме»[6,42] секілді тарихи шығармадағы хандар шежіресіне байланысты мәліметтер жатса, екіншісін - Мұхаммед Хайдар Мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди»[7,110-111] және Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал ахйар»[8,352] атты еңбектеріндегі Қазақ хандығының құрылуына байланысты жазылған мәліметтер құрайды.  Ауыз әдебиетіндегі бірнеше тарихи аңыздардағы материалдарда да Керей хан есімі кездеседі.

Керей ханның  жазба дерек мәліметтеріне ілініп, көзге түсуі оның XV ғасыр ортасында Қазақ хандығын құруына байланысты болды. Хандықтың құрылуы - сырттай қарағанда Әбілқайыр хандығынан екі сұлтанның қарамағындағы ұлыстарымен бөлініп, Моғолстанның батыс аумағына  келуімен болған оқиға. Ал егер де XV ғасыр ортасында Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы хандыктардың ішкі және сыртқы саяси даму барысына терең үңілсек, Қазақ хандығының құрылуы осы үрдістердің заңды қорытындысы екендігіне көз  жеткіземіз. Олай болса, Керейдің туысы Жәнібек сұлтанмен бірлесіп, XV ғасыр ортасындағы шым-шытырықты оқиғаларды бастан өткеруі жене сол оқиғалардың жетегінде кетпей, дұрыс жол таба білуі  - олардың алысты болжай білетін ірі саясаткер екендігін керсетеді.

Енді Керейдің Әбілқайыр ханнан бөлінгенге дейіпгі, яғни XV ғасырдың 50-жылдарындағы өмірі туралы бір-екі ауыз сөз. Өйткені кез-келген оқырманға Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлінгенге дейін Дешті Қыпшақтың кай жерінде өмір сүрді деген сұрақ тууы мүмкін. Мұндай сұраққа ортағасырлық ешбір дерек жауап бере алмайды. Тек кана жанама мәліметтер мен соңғы жылдары табылып, ғылыми айналымға енгізілген ауыз әдебиетінің деректері ғана бұл сұраққа толық жауап береді.

Тарихтан белгілі Шыңғыс хан төрт ұлына жаулап алғап жерлерін бөліп береді. Оның бөлісі еуропалықтардың Африканы бөлуіндей емес, белгілі бір қағидатқа негізделді. Ол жаулап алынған халықтардың шаруашылық, этникалық, тілдік және т.б. белгілеріне қараған. Сол сияқты Жошы Ұлысы да өз ішінде ұсақ ұлыстарға бөлінгенде, негізінен шаруашылық жағдай ескеріледі. Моңғол жаулауына дейін-ақ,  Хорезммен күресте әлсіреген Қыпшақ хандығында XII ғасырдың II жартысы мен XIII ғасыр басында екі аймақ пайда болған еді. Шығыс аймаққа – Қазақстанның оңтүстік, орталық және солтүстік-шығысы енеді[9, 211-212]. Ал Аралдың солтүстігі мен одан батысқа қарай жатқан жерлер – Батыс аймакқа қараған. Қыпшақ дәуіріндегі табиғи-шаруашылық жағдайға сай бөлісу Жошы Ұлысында да ескеріліп, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен негізінен Шығыс аймақты басқарады. XIII ғасырдың  соңы – XIV ғ. басында Орда Ежен Ұлысының орталығы Алакөл маңынан Сырдария өзенінің  орта ағысы бойына көшіріледі де, алғашында Сауран, кейін Сығанақ қалалары саяси-әкімшілік орталық қызметін атқарады. Осы тұстан бастап Орда Ежен ұлысы Ақ Орда атауына ие болады.

Баян ханнан Барақ ханға дейін Сыр өңірі Ақ Орданың саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, діни-мәдени орталығы болады. Мал бағушы тайпалардың қысқы жайылымдары мен қыстаулары осы өңірде еді. 1428 жылы Барақ хан қаза тауып,  хандық билік шибанилық Әбілхайыр ханға көшкенімен Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңірінде қала берген. Олардың ішінде Керей де, Жәнібек те және басқалар да бар еді. 1446 жылы шибанилық Әбілқайыр хан Сыр өңірін Мәуреннахрдағы темірлік әулеттен  қайтарып, өз астанасын Сығанақ қаласына  көшіреді. Шибанилық сұлтандардың Сыр өңіріне келуі ордаежендік сұлтандарға өте ауыр болады. Ең жақсы жайылымдар мен қыстаулардан айырылу, ордаежендік сұлтандар үшін «көп қиыншылыққа ұшырау» болған. XV ғасырдың 50-жылдары соңында Керей мен Жәнібек «қиыншылыққа» көнбей, осылайша Сыр өңірінен көшкен. Біздің бұл ойымызды тарихи аңыз мәліметі де дәлелдей түседі. 20 жылдан астам уақыт бойы Шу мен Талас, Сыр өңірлерінде археологиялық барлау мен қазба жұмыстарын жүргізген елімізге белгілі археолог Мадияр Елеуов ел аузындағы тарихи ауыз-әңгімелерді де қосымша жинастырады. Оның жиған аңыздарының бірнешеуі ғылыми басылымдарда жарық көрді. Ондағы 5 аңыздың екеуі Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуіне байланысты айтылады. Бірінші аңызда –  «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті» деп баяндалады[10, 7].  Осы аңыздың соңында біршама жылдар өткеннен соң, екі сұлтанның Сырға қайта оралғандығы жөнінде жазылады. Ал төртінші аңыз болса: «қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті» деп басталады да, бір-бірімен іргелес жатқан екі ескі қала жұртын көріп, Жәнібек сұлтан Керейге: «Алла тағала екеумізді ажырамасын деп осы екі ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар, қаласаңыз, біріне сіз, ал екіншісіне мен қоныстанып, қала салайық», – деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, алла тағала сәтін салған күні – Түркістанға жол жүруіміз керек», – депті[10, 9]. Екі аңыздағы мәліметтер біздің ойымызды дәлелдей түсіп, Сыр өңірі – Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлысы болғандығын баяндайды. Соңғы аңыздағы Түркістан атауы қандай мағынада айтылғаны белгісіз, оның не қала, не Сыр өңірінің XIV–XVI ғасырдағы атауы мағынасыңда айтылып тұрғанын ажырату мүмкін емес, бірақта анық нәрсеге  - Сыр өңірінің де, Түркістан қаласының да Шудың батысында орналасқандығы жатады. Бұл мәліметтен біз, Сыр өңірінің - Керей мен Жәнібек хандарға «атамекен» болғандығын көреміз.

1446 жылдан бастап Сыр өңірі Әбілқайыр ханға қарады дедік. Осы жылдардан бастап 1457 жылға дейін Керей мен Жәнібек хандар бастаған сұлтандардың Әбілқайыр ханға наразылығы өсе түседі. Ақ Орданын мұрагерлері осы жылдарда тек өздері ғана «оппозицияда» болмаса керек. Оларды жергілікті ру-тайпа көсемдері қолдай бастаған секілді. Өйткені  1428 жылы Әбілқайыр хандыққа отыруына Дешті Қыпшақтың 71 ру-тайпа басшысы  қолдап «дауыс» берсе, 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі қалмақтармен ұрысқа түсу үшін хан жарлығымен небары 17 тайпадан ғана жасақ жиналады[11, 143-144]. Осы дерек мәліметі –  Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Дешті Қыпшақтағы саяси өмірдің бір айнасы іспетті. Саяси билік өздерінде болмаса да жергіпікті халықтық ресми ханды мойындамайтынына екі сұлтанның көзі жетеді.

1446 жылы Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен қысқы жайылымдарға өте қолайлы өңірлерді бағындыру арқылы Әбілхайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақтың толық және жеке-дара билеушісі болады.  Хандық билікті басқаруда ол шыңғыстық  немесе моңғолдық дәстүрді  ұстанып, жергілікті этникалық топ басшыларын маңызды шешімдер қабылдаудан шеттетіп, тек хан жарлықтарын орындаушы ретінде пайдаланады. Осындай жағдайға байланысты  көп ұзамай-ақ,  Әбілхайыр ханнан оны қолдаған жергілікті этникалық күштердің өкілдері қол үзіп, бөліне бастайды. Бірінші болып «көшпелі өзбектер» елінің ханынан Оқас бидің ұлдары бөлініп кетеді. Біз оны «көшпелі өзбектер» еліндегі бірінші бөлініс деп атаймыз. Осы бөлініске тереңірек көз жүгіртелік.

Әбілқайыр хандығының тарихындағы 1446 жылдан кейінгі аса ірі оқиғалардың біріне этникалық тұрғыдан алғанда «көшпелі өзбектер» этоқауымдастығының құрамындағы маңғыт тайпалар бірлестігінің одан бөлініп кетуі, ал саяси тұрғыдан алғанда саяси одақтың ыдырауы жатады. Маңғыттардың Әбілқайыр ханнан бөлінуі маңғыт биі – Оқастың қайтыс болуынан кейін, яғни 1440-шы жылдардың соңында жүзеге асқан. В.В. Трепавловтың көрсетуі бойынша Оқас би 1446 жылы әлі тірі болған, ал 1451 жылғы Әбілқайыр ханның темірлік мырза Абдулламен қақтығысында оның есімі аталмайды [12, 100 б.].

Біз Оқас бидің нақты қай жылы қайтыс болғанын дөп басып айта алмасақ та, В.В. Трепавловтың 1440 жылдардың соңында деген пікіріне толық қосыламыз. Қадырғали Жалайыр ол жөнінде «Қырық тоғыз жасында Уақас (Оқас – Б.К.) би опат болды», - деп жазады[13,118]. Ал Матвей Меховский болса бұл туралы былайша баяндайды: «ноғай татарлары немесе олар оқастар (Оқас бидің қарауындағы маңғыттарды айтып отыр – Б.К.) Еділдің арғы жағындағы татарлардың бір бұтағы ретінде ең соңынан құрылған, пайда болғанына көп уақыт бола қоймаған төртінші Орда. Ұлы ханның [Әбілқайырдың] қызметшісі, әрі жауынгері, 30 ұлы бар Оқас өлтірілгеннен кейін оның ұлдары Еділдің арғы жағындағы бас ордадан бөлініп, қазіргі 1517 жылдан шамамен 70 жыл немесе одан сәл аздау уақыт бұрын Сарай [Сарайшық] қаласының маңына қоныстанады. Көп ұзамай олар бірден көбейіп кетті. Қазіргі кезде олар ең көп, ең ірі Ордаға айналып отыр... Оларды Оқастың ұлдары мен немерелері басқаруда» [14, 92-93 бб.]. В.М. Жирмунский қазақ халының ауыз әдебиетіндегі үлгілердің бірі – шежірелік деректерге сүйене келе «Оқасты Қожас өлтірді» деген дерек мәліметінің  шындыққа өте жақын екендігін айтады [15, 437 б.].

Оқас бидің 49 жасында туысқанының қолынан опат болуы немесе қаза табуы біз қарастырып отырған мәселеге жанама түрде болса да жақындығы бар.

Оқас би – Едігенің немересі, Нұраддиннің ұлы болса, Қожаш та (Хаджи Ахмед) – Едігенің немересі, Ғази (Қази) бидің ұлы болып келеді. Қадырғали Жалайырдың дерегінде олар туралы мынадай мәліметтер бар: «.. Онан соң Қази, Наурыз Барақ ханмен соғыс қылды. Барақ хан ол соғыста өлді. Ол ұлыста Мансұр бидің орнына Қази би болды. Ол опат болғаннан соң Нұр-ад-Дин мырзаның ұлдары Афас, Уақас, Хорезми бар еді. Нұраддин мырзаның ұлы Афас би болды. Атасының інісі Қази би ұлысын ол биледі. Онан соң Уақас би болды. Неше уақытқа дейін ол ұлысты сол биледі. Қырық тоғыз жасында Уақас би опат болды» [13, 118 б.]. В.В. Трепавлов Қожаштың (Хаджи Ахмед) Оқасты өлтіруін әкесі үшін кек алумен түсіндіреді [12, 100 б.]. Бұл дұрыс пікір. Енді осы Ноғай мырзалары арасындағы саяси топтарға үңілсек, ХҮ ғасырдың орта тұсында Нұраддиннің ұлдары мен Қазидің ұлдары арасында билік мәселесіне қатысты қайшылықтардың болғанын байқаймыз. Қазиды «опат болды» деуіне қарағанда, ол кісі қолынан қаза тапқан. Одан кейінгі билік Нұраддин ұлдарына өтіп, олардың беделі артады. Осы жерде мынадай жағдайда ескеру керек: әулетаралық талас-тартыстарда жеңіске жету үшін жеке бастың қасиеттерімен қатар қоғамдағы белді саяси топтар мен күштерді де өз жағына тарта білген тұлға ғана жеңіске жете алады. Ал саяси топтар мен саяси күштерді өзіне тарту үшін олардың мүдде-талаптарымен есептесу қажет.

Оқас бидің ұзақ жылдар бойы (1428-1448/49) Әбілқайыр ханның жанында болуы, сөйтіп маңыттардың «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығы құрамында айтылуы дербестікке үйренген маңғыт мырзаларының қарсылығын туғызады. Әбілқайыр ханның 1446 жылы Сыр бойын иеленгеннен кейін Үзгент қаласын Оқас биге сыйға беруі қарсылықты одан ары күшейткен секілді. Ноғай мырзалары да қалалы жерлерге барудан бас тартып, өздерінің үйреншікті дәстүрлі шаруашылығынан қол үзгісі келмейді. Мұндай процесті тоқтатудың бір ғана жолына – Оқас биді өлтіріп, Әбілқайыр ханнан мүлде бөліну жатса керек. Ноғай мырзаларының осындай наразылықтарын дер кезінде сезіне білген Қожас солардың мүдделеріне сай жұмыс істеп, өз жағына тартады. Күшейіп алғаннан кейін ол әкесінің кегін сылтау етіп, Оқас биді өлтірген деп есептеуге болады. Бірақ Оқастан кейін Қожаш биліке келе алмайды. Билікке келген  Оқастың мұрагерлері ноғай мырзаларының талаптарына сай Әбілқайыр ханнан бөлініп, өздерінің ата-бабасы Еділ, Ембі аралықтарына кетеді де, Сарайшықты әкімшілік орталық етеді.

Міне, біздің ойымызша, ноғай мырзаларының Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себебі осындай. Оқас биден соң билікке келген оның інісі Аббас би, одан кейін Оқастың ұлы Хорезми би өздерінің Әбілқайыр хандығына қатысты саясатында дербестік бағытты ұстанады. Осылайша, маңғыттардың Әбілқайыр хандығының, ал маңғыт билері мен мырзаларының шибанилық әулеттен бөлінуі «көшпелі өзбектер» елін біршама әлсіретіп кетеді. Біз бұл бөлінуді «көшпелі өзбектер» еліндегі алғашқы бөлініс деп айтамыз.

Келесі бөлініс – 1457 жылғы Әбілқайыр ханның Үзтемір тайшы бастаған қалмақтардан жеңілісінен кейін шибан ұлысының өз ішінде болады.

1457 жылғы Сығанақ түбіндегі шайқас туралы мәліметтер бірнеше ортағасырлық авторларлың еңбектерінде кездеседі. ХҮІ ғасырда өмір сүрген шайбанилық әулеттің тарихшысы Масуд бен Осман Кухистани өз еңбегінің бір тарауын осы шайқасқа арнаса, үзік-үзік мәліметтер авторы белгісіз «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме», «Тарих-и Кипчаки» секілді деректерде кездеседі [6, 17 б.; 11,168-170 бб.; 16, 392-393].

Қалмақтардың жорығы 1457 жылдың жаз айларының бірінде басталады. Кухистани бұл туралы былай деп баяндайды: «... Қалмақтардың падишахы Үз-Темір-тайшы ханның даңқы мен байлығы жөнінде естіп, кеудесінде қызғаныш оты лаулап жанды. Ол өзінің әмірлерін, батырларын және әскер басыларын жиып, Әбілхайыр хан көп қару жинап, мол байлыққа ие болып отыр. Қазір ол өзінің жайлауына көңілді күндерін өткізуде. Тез арада әскер жинап, тосыннан соққы беру керек», - деп айтады [11, 168 ]. Қалмақтардың әскер басылары өз тайшыларының ойын түсінді де, әскер дайындап жорыққа аттанады [11, 168]. Бұл мәліметтен көріп отырғанымыздай, Үз-Темір тайшының жорығы жаз айларында өтеді. Екінші бір байқайтынымыз, ол – қалмақ тайшысының Әбілқайыр хандығының ішкі өміріндегі өзгерістерден хабардар болуы, яғни Оқас би мұрагерлерінің одан бөлініп кетуі, жергілкті ру-тайпа көсемдерінің ішкі наразылықтары, ордаежендік әулет өкілдерінің Әбілқайыр ханға қатысты көзқарастары және тағы басқа мәселелер Үз-Темір тайшыға белгілі болған. Егер де Әбілқайыр хандығында ішкі бірлік күшті болса, онда оған көршілес елдерден шапқыншылықтар жасалмаған болар еді. Кез-келген көрші елдің өз көршісінде не болып жатқанын әр түрлі жолдармен біліп, бақылап отыратыны белгілі. Қысқаша түрде айтсақ, қалмақ билеушісі Әбілқайыр хандығының әлсірей бастағанын бірден байқаған. «Тарих-и Кипчаки еңбегінің авторы: «... Қалмақтардың басшысы Үз-Темір тайшы 170 мың атты әскермен ханға қарсы аттанды», - деп қалмақтардың санын көрсетеді [11, 392 ]. Ал «Тарих-и Кипчаки» еңбегінің басқа нұсқаларында қалмақ әскерлерінің саны 70 мың болғандығы айтылады [16, 556]. Біздің ойымызша, осы соңғы әскер саны дұрыс секілді.

Қалмақтардың жорығы туралы хабарды естіген бойда Әбілқайыр хан өзінің ең атақты сұлтандары – Бақтияр сұлтан мен Ахмед сұлтандар бастаған әмірлерді, батырларды жауға қарсы аттандырады. «Тарих-и Абулхайр-ханида» Қият, Шынбай, Итжан, Қытай, Қоңырат, Құсшы, Найман, Дурман тайпалары әмірлерінің осы жорықа қатысқандығы айтылады [11, 168 б.]. Маңғыт тайпасынан жалғыз Сарыг Шиман атты тұлғаның есімі кездеседі. Бұған дейінгі жорықтарға Әбілқайырдың жарлығына сәйкес Оқас биден бастап бірнеше маңғыт билерінің есімдері кездесіп отырса, бұл жорықта тек қана жалғыз маңғыт көсемінің айтылуын біз, маңғыттардың «көшпелі өзбектерден» бөлінуінің салдары деп түсінеміз.

Сонымен, екі жақтың әскері Сығанақ төңірегіндегі Көк Кесене деген жерде бір-біріне сап түзеп, қарама-қарсы тұрады. Көк Кесене – Сығанақтан Төменарыққа қарай 8 шақырым жерде орналасан жер атауы. Оның осылай аталуы кесене түсінің көк болуына байланысты болған. Масуд бен Осман Кухистани әртүрлі теңеулер арқылы екі жақ әскерінің көптігін, сарбаздардың ерлгін мейлінше суреттейді. Біз оны кейінгі қалдырып, оқиға барысына көшейік. Үз Темір тайшы әскерінің көптігіне қарап, Әбілхайыр ханға бірнеше талаптар қояды. Бірақ оған ханның сұлтандары көнбей, ұрысқа даяр екендігін, жаудан қорықпайтындығын білдіреді. Сөйтіп, екі жақтың әскері қан майданға түсіп кетеді. Майдан барысын қызыл тілмен барынша суреттеп жазған автор, ақыр соңында Әбілқайыр ханның ең сенімді серіктері, атақты сұлтандар – Бақтияр-сұлтан мен Ахмед сұлтанның қаза тапқанын, жеңістің қалмақтар жағына өткенін айтады [11, 169 б.].

Бұдан кейін Әбілқайыр хан ұрысты тоқтатып, Сығанақ қаласына шегінеді да, қаланың бекінісін күшейте бастайды. Ал қалмақтар болса қаланың төңірегіндегі елді мекендерді талан-таражға салып, ханға екінші рет елшілік жібереді. Елшіліктің қандай талаптар қойғаны белгісіз, деректерде айтылмайды. Әбілқайыр хан бұл талаптарға амалсыздан көнуге мәжбүр болады. 

Одан әрі Үз Темір тайшы Әбілқайыр ханмен келісімге келгеннен кейін, Сайрам арқылы Шу өңіріне келіп, онда қалдырған әйел, бала-шағаларына қосылады да, өз елдеріне оралады [11, 170 б.]. Қалмақтар Әбілқайыр ханды өз талаптарына көндіргеннен кейін, аманат ретінде ханның 1454 жылы туған үш жасар немересі Махмуд сұлтанды алып кетеді. Әбілқайыр ханның аманатқа туған немересін беруіне қарағанда, ол қалмақтарың ауыр шартына көнген секілді

Шибанилық әулет тұсында жазылған еңбектерде бұл жөнінде ештеңе айтылмайды. Тек қана кейбіреуінде қысқаша түрде Махмут сұлтан үш жасар кезінде Үз Темір тайшы қалмақтың қолына түскен делінеді [11, 17 б.].

Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілісі мен қалмақтарға аманатқа адам беруі оның бүкіл Дешті Қыпшақтағы беделін төмендетеді. Шибанилық билеуші әулет арасында бір ауыздылық азайып, шибанилық әулеттің бір бұтағы боп саналатын Арабшах сұлтан ұрпағы Жәдігер (Иадкар) сұлтанды ұлы Буреке сұлтан  Арал маңы мен Сырдың төменгі ағысы бойында 1457 жылы  хан көтереді. Біз бұны «көшпелі өзбектер» еліндегі екінші бөлініс деп есептейміз.

 «Көшпелі өзбектер» еліндегі келесі ірі бөлініске – Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен болған ордаежендік тайпалардың бөлініп кетуі жатады. Орда Ежен ұлысындағы ру-тайпалардың жетекшілері де 1446 жылдан кейін Әбілхайыр хан тарапынан шеттетулер мен қысымшылықтарға ұшырады деуге болады. Тіпті, олардың жағдайлары маңғыт және шибандық жетекшілерге қарағанда анағұрлым қиындау болған секілді. Өйткені, шибандықтар Әбілхайыр ханға бұрыннан бағынышты, маңғыттар одақтас болып келсе, ордаежендіктер жаулап алынған немесе бағындырылған тайпалар қатарына жатады. Сол себепті де ордаежендік тайпалар Сыр бойындағы ең жақсы, ең тәуір жайылымдарынан айрылып, оларды «жеңімпаз» тайпаларға қалай берсе, олардың жетекшілері де өздерінің 1446 жылға дейінгі мемлекеттік жүйедегі мәртебелерінен айырылып, кейінгі қатарларға ығыстырылады. Олардың құқықтары мен құзыреттері басқаларға қарағанда барынша төмендетіледі. Міне, осы жағдайлар да ордаежендік тайпалардың Әбілхайыр ханнан бөлініп кетуінің  басты факторларының біріне жатады. Осылайша, 1446 жылдан кейінгі жағдайлардың бәрін бір арнаға топтастырсақ, мынандай жайттарды аңғарамыз. Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік әулет өкілдері ХІІІ ғасырдан бері Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы жалғасып келе жатқан саяси биліктен айырылып, хандық биліктің шеңберінен шығарылса, ордаежендік ру-тайпа жетекшілерінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы билікке ықпал ету құқықтары төмендетіледі. Ал, қарапайым ру-тайпа мүшелеріне әртүрлі салықтар мен міндеткерліктер көптеп салынады. Осы аталған саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік себептердің жиынтығы бөліну процесіне жалпы халықтық сипат бергізеді.

Біздің ойымызша, зор маңызға ие болып, салдарлары өте күшті болған бұл бөлінудің себептері жоғарыда аталған себептермен шектеліп қоймайды. Жетісу жеріне келген бойда көрші халықтарға «өзбек-қазақ» деген атаумен белгілі болған бұл этникалық қауымның Өзбек ұлысынан бөлінуін Шығыс Дешті Қыпшақ көлеміндегі этникалық бөлініс деуге болады. Өйткені, бөлінуге дейін бір ғана өзбектер немесе «көшпелі өзбектер» деп аталатын этнос бөлінуден соң екі этносқа айналады. Олай болса, бөлінудің салдарларының біріне этникалық мән жатса, онда бөлінудің этникалық себептері де болғаны.

Этникалық себептердің дерек мәліметтері арқылы байқауға болатын жағына жергілікті халықтың өміріндегі қарапайым мұрагерлік дәстүрдің саяси билікті мұралау жүйесіне еніп, саяси биліктегі моңғолдық мұргерлену дәстүрін ығыстырып шығаруы жатады. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында моңғолдық этноэлементтердің ХІV ғасырдың бірінші жартысында қыпшақтанып болғанын бұған дейін атап өткенбіз. Қыпшақтану процесіне алдымен, қарапайым, аз санды моңғолдық элементтер түседі. Олар жергілікті қыпшақ тілін, әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын қабылдайды. Бұл процесс әлеуметтік жүйеде төменнен жоғары қарай жүреді. Қарапайым моңғолдар бірте-бірте қарапайым Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарына, нояндар – әмір немесе бектерге, баһадүрлер – батырларға айналады. Хандардың өзі де қыпшақ хандары деп есептелінеді. Моңғол хандары қыпшақтық дәстүрлерді қабылдағанымен де, бір дәстүрге келгенде, өздерінің бұрынғы жолын берік ұстап отырады. Ол – хандық билікті мұралау жолы еді. Моңғолдық дәстүр бойынша, билік атадан әкеге, әкеден балаға, одан тікелей немереге ауысып отырған. Ал қыпшақтық дәстүрде – ол әкеден оның бірге туған бауырларына, әулеттің жасы үлкен өкіліне берілетін болған9, 282].

Біздің ойымызша, Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайырдан бөлінбей тұрып, алдын-ала қайда баратынын, қарамағындағы елімен қай өңірде қоныстанатынын айқындап, келісіп алған. Өздері аздаған адамдарымен кез келген елге кетуге мүмкіндіктері бар еді. Ортағасырларда ресми ханнан бөлініп, аздаған адамдарымен көршілес елге көшіп кеткен шыңғыс ұрпақтары туралы мысалдар өте көп. Ал қарамағындағы ел-жұртымен көшу – өте күрделі жағдай.  Сол себепті де Керей мен Жәнібек сұлтандар сол тұстағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында, Моғолстанда және Мауереннахрда қалыптасқан саяси жағдайларды өте жақсы біліп, зерделеп  отырған және бөліну үшін өздеріне өте қолайлы жағдай мен ыңғайлы сәттерді  күткен.

Керей хан бастаған ордаежендік сұлтандар үшін бөлінуге қолайлы жағдайлар 1450-ші жылдардан бастап қалыптаса бастайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «көшпелі өзбектер» қауымдастығындағы Оқас бидің өлімінен кейін, оның ұлдарының бөлінуі – Әбілқайыр хан үшін саяси жағынан да, этникалық жағынан да оған ауыр соққы болып тиді. Ал 1457 жылы  шибанилық Жәдігер сұлтанды (Иадкар сұлтан) жақтастарының хан көтеруі – Әбілқайыр хан үшін екінші ауыр соққы болып саналды. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік саяси күштер үшін бұл жағдайлар бөліну үшін өте қолайлы болды. Біз бұны бөліну үшін ішкі қолайлы жағдайлар деп санаймыз.

Керей мен Жәнібек сұлтандарға бүкіл ел-жұртымен бөліну үшін ішкі қолайлы жағдайлар жеткілікті болғанымен, әлі толық емес еді. Ол үшін сыртқы қолайлы жағдайлар қажет болатын.

Моғолстан мен Мауереннахрдағы дәл осы жылдары қалыптасқан саяси ахуалдар Керей мен Жәнібек сұлтандарға бөліну үшін қолайлы жағдайларды қалыптастырады. Моғол билеушісі Есенбұға ханға сол кезде ең қауіпті қарсылас – туған ағасы Жүніс хан еді. Соңғысы Мауереннахр билеушісі Әбусайд мырзаның әскери көмегіне сүйеніп, інісінен тақты тартып алу үшін әрекеттеніп жатқан болатын.

  Керей хан бастаған топ біздің ойымызша, Моғолстан мен Мауереннахр арасындағы саяси жағдайлармен қатар, олардың ішкі саяси жағдайларын да жіті бақылап отырған. Өйткені, сол елдер арасындағы саяси ахуалдың өте күрделеніп, сәт сайын ушыға түсуі, Керей мен Жәнібек сұлтандарға өте қиын сәтте  қарамағындағы ру-тайпалары үшін бірден бір дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл шешімнің қандай  тарихи маңызы болғандығы бәрімізге аян! Осындай елдің болашағы үшін қысылтаяң шақта дұрыс қадам, оң шешім қабылдаған Керей ханның кемеңгерлігі мен данышпандығына, дарындылығына таңқалмасқа шара жоқ!

Енді Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік саяси топтың бөлінуіне қатысты мәселелердің біріне – оның қай уақытта болғанын анықтау жатады. Бұл мәселенің де хандықтың құрылуы мен оның датасына қатысы бар болғандықтан одан айналып өтуге болмайды.

С.К. Ибрагимов Керей мен Жәнібектің бөлінуін қалмақтар жорығынан кейін Әбілхайыр ханның өз елін тәртіпке келтірумен сәйкес келді деп айтады да, нақты жылдарды көрсетпейді [17, 178-179 – б.]. Ал Моғолстан мемлекетінің тарихына арналған монографиясында К.А. Пищулина біз қарастырып отырған мәселе бойынша өзіндік пікірлерін білдіре кетеді. Ол бөлінудің мерзімін нақты айтпаса да, оны «ХV ғасырдың 50 - жылдарының екінші жартысында болған», – деген қорытындыға келеді [25, 251 – б.]. Зерттеушілер арасында осы мәселемен ең ұзақ айналысып, көп жұмыстар жариялаған Т.И. Сұлтанов, бөлінуді 1459-1460 жылдары жүзеге асқан деп дәлелдейді [5; 19; 20]. Ол өзінің тұжырымын: «Керей мен Жәнібек өздерінің ұлысындағы адамдарымен Моғолстанға моғол ханы Есенбұғаның тірі кезінде келеді, ол қашып келгендерді қуана қарсы алып, оларға Шу бойы мен Қозыбасын береді. Есенбұғаның 866 (1462) жылы қайтыс болғаны белгілі. Олай болса, көшіп кету оған дейін болған. «Тарих-и Рашиди» мен «Бахр ал-асрардың мәліметтері бойынша Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуі темірлік Әбу Саидтың Шираздан Жүніс ханды шақырған және оны Есенбұғаға қарсы пайдалану үшін Моғолстанға әскермен жіберген уақытымен сәйкес келеді. Әбу Саидтың Жүніс ханды Гератта қабылдауы 863/1458-1459 жылы Хорасанды бағындырғаннан кейін болғаны белгілі, ал Жүніс хан мен Есенбұға арасындағы өзара тартыстар аз дегенде бір жарым-екі жылға созылған. Соған қарап, көшіп кетудің уақытын, дәлірек айтсақ, Керей мен Жәнібектің қарамағындағы адамдарымен Есенбұға ханның иелігіне көшіп келуін 864/1459-1460 жылдар деп санауымыз керек», – деп негіздейді [20, 233 ].

Керей мен Жәнібектің Әбілхайыр ханнан бөлініп кеткен уақытында  Т.И. Сұлтанов ұсынып отырған 864/ (1459-1460) жылды алуға болар еді, егер де алдымыздан бірнеше сұрақ шықпаса. Сол сұрақтың алғашқысы мынадай, неге Әбілхайыр хан 1457 жылдан кейін өзін қолдамаған Керей мен Жәнібекке 2-3 жыл бойы ешқандай әрекет жасамаған?! Әбу Саид мырзаның Герат қаласын бірінші рет алуы 1457 жылы, ал түпкілікті түрде алуы 1458 жылдың соңында болғаны белгілі, соған байланысты ол Жүніс ханды Герат қаласын қай алуында шақырған? Өйткені оны нақтылау арқылы Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келген кезін нақты анықтауға болады. Олай болса, біз төменде осы сұрақтарға жауап табу арқылы Керей мен Жәнібек сұлтандардың  Моғолстанға келген кезін анықтап көрелік.

Жоғарыда айтап өткеніміздей, Керей ханның басшылығымен ордаежендік тайпалардың бөлінуі - 1457 жылғы Сығанақ түбінде Әбілхайыр ханның қалмақтардан жеңіліс табуынан кейін және Есенбұға қайтыс болғанға дейін, яғни 1457-1461/1462 жылдар аралығында болған. Мұхаммед Хайдар Дулати бөлінудің мерзімін нақтылауға тигізер көмегі көп Жүніс ханның өміріне қатысты бірнеше датаны айтады. Ол Жүніс ханның дүниеге келген жылын бір дерегінде «оның туған жылын мен естімесем де, өлген жылы және өмір сүрген уақытына қарап, оны 819 (1416-1417) жылы туған деп санауға болады. Алла жақсы біледі», - деп шамалап айтады [7, 112]. Ал келесі бір дерегінде ол Жүніс ханның туған жылы мен қайтыс болған жылын, қанша жыл өмір сүргенін нақты баяндап береді. «Хан Ташкентте қоныстанған соң, ұлы Сұлтан Махмұд ханға Сұлтан Ахмет мырзаның қызы Қаракөз бегімге құда түсті. ... Сұлтан Жүніс хан сол арада сал болып, содан екі жылға жуық төсек тартып жатып қалды. Сол сырқаттан ол ақыры бұл дүниеден өтті. Оның жасы жетпіс төртте еді. Моғол хандарының ішінде мұндай жасқа ешкім жеткен жоқ. Олардың көпшілігі қырыққа жетпеген. Хан 818 (1415-1416) жылы туып, 892 (1486-1487) жылы дүние салды. Оны Ташкентте Шайх Хаванд Тахур мазарының жанына жерлеген», - деп нақтылап жазады [7, 138]. «Тарих-и Рашиди» авторы Жүніс хан туралы тағы да: «Сол арада Мырза Сұлтан Әбу Саид Хорасанды жаулап алды, енді Иракты да бағындыруды мақсат етті. Бірақ Есенбұға ханның Ферғана, Шаш және Түркістанға қауіп туғызуына байланысты Иракқа [жорық] жасау кейінге қалды. Сонда Мырза Сұлтан Әбу Сайд адам жіберіп, ханды Шираздан алдырды да ... оны Моғолстанға жіберді. Ханның жасы ол кезде 41-ге келген-ді, ол 860 (1455-1456) жыл болатын», – деп датаны айтып өтеді [7, 113].

 Ал енді Әбу Саид мырзаның Гератты алуына байланысты белгілі болған даталарға назар аударып көрелік. Абд-ар-Раззак Самаркандидың деректеріне сүйеніп, Б.А. Ахмедов 1452-1457 жылдары Гератты билеген Әбіл-Қасым Бабырдың 1457 жылы 21 ақпанда қайтыс болып, Ала-ад-Дауланың ұлы Ибрагим мырзаның бірнеше талпыныстардан соң 1457 жылы қыркүйекте Хорасан астанасын алғандығын, Әбу Саид мырзаның Әмударияның сол жағында Ибрагим мырзаны жеңіп, 1457 жылдың 2 қазанында ұрыссыз Гераттың Қыпшақ қақпасы арқылы қалаға салтанатпен кіргенін айтады [21, 133-134]. Көп ұзамай Балхта Абдаллахтың ұлдары – Мұхаммед Жөкі мен Ахмед мырза көтеріліс жасайды да, Әбу Саид мырза Гераттан Балхқа аттанады. Көтерілісті тұншықтырып, Әбу Саид Балхты басып алады да, Гератқа да, Самарқанға да қайтып оралмай, сонда қыстап қалады. Гераттың иесіз қалғанын көрген Ибрагим мырза тез арада Гератты қайта иеленеді. Осы кезде Ибрагим мырзаның әкесі Ала ад-Даула қайтадан пайда болып, баласы әкесіне 1458 жылдың 23 сәуірінде Герат тағын ұсынады [21, 135]. 1458 жылдың қазанының ортасында Қарақойлы әулетінің басшысы Жаһан шахтың Гератқа төніп келуіне байланысты Ала ад-Даула қаланы тастап кетуге мәжбүр болады. 1 қарашада Жаһан шах Гератты соғыссыз алады. Бірақ оның тылында өте қиын жағдайдың қалыптасуына байланысты, ол Гератқа беттеген Әбу Саид мырзамен бейбіт келісімге келеді де, Хорасанды тастап кейін оралады. Ал Әбу Саид мырза болса, 1458 жылдың 16 желтоқсанында екінші рет, бұл жолы түпкілікті түрде Гератты иемденеді [21, 136]. Жоғарыда келтірілген даталарға талдау жасай отырып, Жүніс ханның Моғолстанға Әбу Саид мырза атынан келген кезін анықтап көрелік.

Біздің ойымызша, Герат билеушісі Әбілқасым Бабыр 1457 жылдың 21 ақпанында қайтыс болса да, Хорасан астанасын басып алуға Әбу Саид мырза сол жылдың аяғына дейін аттана алмаған. Оған себеп, біріншіден, Есенбұға хан тарапынан төніп тұрған қауіптер болса, екіншіден, Әбілхайыр хан тарапынан жасалатын тонаушылық жорықтар қол байлаған. Ал 1457 жылдың жаз айларында Әбілхайыр ханның қалмақтардан жеңілуінен кейін, Мауереннаһрға солтүстіктен келер қауіп-қатер біршама сейіледі де, Әбу Сайд мырза 1457 жылдың күзінде Гератқа аттанады. Ол Есенбұға хан тарапынан болып қалар жорықтарға тосқауыл қою үшін Иранның Шираз қаласы жағында жүрген Есенбұға ханның ағасы Жүністі Моғолстан жаққа, яғни туған інісіне қарсы жіберуді алдын ала жоспарлаған. Өйткені, Бабырдың айтуына қарағанда Жүніс ханның туған әпкесі Ханымды күйеуі Абд ал-Азиз мырза өлтіргеннен кейін Әбу Саид мырза алған болатын [22, 30]. Жүніс ханның әпкесіне інісінің қайда жүргені мәлім болғандықтан, кіші інісінің іс-әрекеттерін тежеу үшін үлкен інісін пайдалану туралы күйеуіне кеңес беруі де мүмкін.

Сөйтіп, 1457 жылдың 2 қазанында Гератты алғаннан кейін Әбу Саид мырза бірінші кезекте "жезделігін бетке ұстап, Ирак пен Хорасан жақта жүрген Жүніс ханды шақыртады" [22, 30]. «Хорасанда ол (Әбу Саид мырза - Б.К.) Жүніс ханды Бағ-и Заған (Гераттың солтүстік жағындағы бақ, Шахрух билік құрған жылдары онда оның ордасы орналасқан - Б.К.) бағындағы сарайға жайғастырды да, ханның құрметіне патшалық той жасады», - деп баяндайды М.Х. Дулати [7, 111 ]. «Ханның жасы сол кезде 41-де болатын» деген «Тарих-и Рашиди» авторының мәліметі тура келіп тұр. Жүніс ханның 1415-1416 жылы туылғанына қарап, 1457 жылы оның жасы 41-де болғандығына көзімізді анық жеткіземіз.

Әбу Саид мырзаның Жүніс ханды Шираздан шақыртуы оның Гератты алғашқы алуынан кейін болғандығын тағы да мынадай жағдай дәлелдей түседі. Балх аймағындағы Мұхаммед Жөкі мен Ахмед мырзаның көтерілісін басқаннан кейін, Әбу Саид мырза Гератқа да бармай, Самарқанға да қайтып оралмай, Балх қаласында қыстап қалып қояды. Оның мұндай қадамға баруын біз, Жүніс ханды Есенбұға ханға қарсы жіберу арқылы ол Моғолстан ханы тарапынан Мауереннаһрға төнген қауіптерден құтылғандығынан деп есептейміз. Сөйтіп, ол Мауереннаһрға солтүстіктен де, шығыстан да қауіп-қатердің болмайтынына толық көз жеткізгеннен кейін ғана Балхта қыстап, 1458 жылдың соңына дейін, яғни 1458 жылдың 16 желтоқсанында Гератты алғанға дейін Әмударияның сол жағалауында болады.

Ал енді Жүніс ханға келсек, Ол Мауереннаһрда шашырап жүрген моғолдардың басын қосып, Моғолстанның батыс өңіріне келеді. Бұл кез – 1457 жылдың күз айларының соңы болатын. Оған кейбір моғол әмірлері қолдау көрсетеді, ол Құнжы тайпасы әмірінің Исан Даулат бегім атты қызына үйленіп те үлгереді [7, 113]. Келесі жылы, яғни жылдың жаз айларының бірінде Есенбұға ханның Моғолстанның шығысындағы Жұлдыз жайлауында жүргенінен хабардар болған Жүніс хан Қашғарды бағындыруға аттанады. Сол кезде Қашғарда «Тарих-и Рашиди» авторының үшінші атасы Әмір Саид Әлі билікте болатын. Ол Есенбұға ханға хабар жібереді. Есенбұға тез арада жетеді де, Әмір Саид Әлімен бірігіп, Жүніске қарсы Қашғар маңындағы Хансалар деген жерде шайқасқа түседі. Жүніс хан жеңіліс тауып, қашып кетеді. Ал әйелі, бала-шағасымен әмір Саид Әлінің қолына түседі[7, 114]. Дулатидың жазуына қарағанда, Жүніс ханның Исан Даулат бегімнен туған Михр Нигар ханым атты үлкен қызы емшекте болған[7, 114]. Көп ұзамай әмір Сайд Әлі (1457-1458 жылы) қайтыс болады[7, 114]. 862 хижра жылының христиан жыл санауы бойынша 1457 жылдың 19 қарашасынан 1458 жылдың 9 қарашасы аралығына сәйкес келетінін ескере келе, біз тарихи уақыттарға қатысты мынадай қорытындыларға келеміз: а) Әмір Сайд Әлі – 1458 жылдың қыркүйек-қазан айларында қайыс болған; ә) Жүніс хан мен Есенбұға хан арасындағы шайқас – 1458 жылдың тамыз-қыркүйек айларында болған және сол кезде Жүніс ханның тұңғыш қызы 1-1,5 айда болған; б) олай болса, Әбу Сайд мырза Жүніс ханды 1457 жылы 2 қазанда Гератты алғаш иеленген бойда Шираздан шақыртып алып, бірден Моғолстанға аттандырған.

Осылайша, жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, мынадай тұжырымдарға келеміз. Бірінші, Әбілхайыр ханның Сығанақ түбіндегі қалмақтардан 1457 жылғы жеңілісінен кейін Керей мен Жәнібек «көшпелі өзбектер» ханынан келер «бір пәленің иісін сезіп алып, оны болдырмауға» тырысып, яғни Әбілхайырдан бірден бөлініп кетуді жөн санаған. Сол себепті де Керей мен Жәнібектің Әбілхайыр ханнан бөлініп, Моғолстанның батыс бөлігіне көшіп келуі 1457 жылдың күз айларының соңына таман болған. Екінші, Жүніс ханның да Әбу Сайд мырзаның шақыруымен Шираздан Гератқа келіп, одан Моғолстанға орнығуы – 1457 жылдың қазан-қараша айларында болған.

Әрине, Мауереннахр мен Хорасандағы жағдайдың бәрі Есенбұға ханға мәлім болғандықтан, ол да өз кезегінде қарсы әрекеттер жасайтыны анық. Оның дәл сол тұста Жүніс хан мен Әбусайд мырзаға қарсы қояр ешқандай күші жоқ болатын. Сол себепті де ол Шығыс Дешті Қыпшақ жақтағы Керей мен Жәнібек сұлтандар тарапынан болған ұсынысты қабылдауға мәжбүр болады, яғни олардың сұраған жеріне қоныстануына қарсылық білдірмейді.

  Қалай болса да екі сұлтан Әбілқайыр ханның қарсыласына кетуді ұйғарғаны «Менің жауымның жауы маған жау емес» деген қағида бойынша, оларға моғол ханы Есен Бұға хан тиімді болады. Екі жақты өзара келісімнің болғандығын төмендегі жағдайлар қуаттайды. Біріншіден, Керей мен Жәнібек қарамағындағы ұлысымен М.Елеуовтың аңызында баяндалғандай, бір түмен елмен көшкен. Осыншама адаммен, төрт түлік малымен мақсатсыз, бағыт-бағдарсыз көшу ақылға сыймайды. Ұлыспен түгелдей көшуге қарағанда алдын-ала уағдаластық болған. Екіншіден, Моғол ханы Есен Бұға хан сұлтандарды құрмет көрсетіп күтіп алады[8,352]. Бұл алдын-ала келісімнің болғандығын дәлелдейді.

  Осылайша, Керей мен Жәнібек сұлтандар бөліну үшін қолайлы жағдайлардың туғанын, ыңғайлы сәттердің келгенін біліп, белдерін бекемге байлайды.

Бөлінуге түрткі болған оқиғаға көпшілікке белгілі аңыз – Қара қыпшақ Қобыланды мен арғын Ақжол би арасындағы жанжал жатты. Ақжол бидің қанын өтеуге арғын тайпасы тағы да Керей мен Жәнібекке жүгінеді. Бұл да екі сұлтанның Дешті Қышақтағы Әбілқайыр ханмен текесердей рөл атқарғандығы көрсетеді.

Мұхаммед Хайдар Дулати мен Махмұд ибн Уәли екі сұлтанның Моғолстанға келуін, Есен Бұға ханның оларға Шу мен Қозыбасы жайлауы арасында орналасқан жерді бергенін жазады. Не себепті Есен Бұғаның бұл өңірді екі сұлтанға бергенін «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» авторы былай түсіндіреді: «Бұл кезде Моғолстанда Шыңғыс ханның ұлы, Шағатай хан ұрпақтарының бірі Уәйіс хан ұлы Есен Бұға хан билік етіп тұрды. Дәл осы тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың,  оның ұлы Сұлтан Мұхаммед-мырзаның, оның ұлы Әбу Сайд мырза жоғарыда аталған ханның ағасы Жүніс ханды Ирактан алдыртып, көмек береді және қолдау көрсетеді, сөйтіп оның бөлігіне қауіп төнеді. ...Екі сұлтанға ол Моғолстанның батысынан жер берді, ол Есен Бұға ханның иелігі мен Жүніс ханның қол астындағы жердің арасында орналасқан еді. Бұл жер – Шу мен Қозыбасы деген жерлер болатын»[8,352]. Одан әрі автор «...Осы кезде Керей хан билеуші болып саналды»,- деп баяндайды[8,353]. М.Елеуовтің бірінші аңызында «...Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап, өздерін «қазақ» ден атапты», – делінеді[10,7]. Көріп отырғанымыздай, жазба дерек пен ауыз әдебиетінің мәліметтері, бірін-бірі толықтырып, Керейдің алғашқы Қазақ ханы болғандығын жариялап тұр.

Неге тұңғыш хан Жәнібек емес, Керей болды деген сұрақ төңірегінде жауап бере кетелік.

ХІ-ХІІІ ғасырлардағы ерте феодалдық қыпшақ мемлекеттілігіндегі өзіне ғана тән белгіге – хандық биліктің әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа не ініге берілетіндігі жатты[9,282]. Бұл әдет сырттан әкелінбей қыпшақтарға дейінгі және қыпшақтар кезіндегі жергілікті тайпалардағы әулеттегі жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсегуден туса керек. Монғол жаулауы нәтажесінде хандық билік әкеден балаға қалдырылатын заңға айналды. XV ғасырда монғолдар енгізген бұл жолды жергілікті халыктың әдет-ғұрпы ығыстырып шығара бастайды. Қыпшақ дәуіріндегі хандық биліктің мұрагерлік жолы XV ғасыр ортасында қалпына келтіріле бастайды. Оған Керейдің хан сайланылуы дәлел. Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған еді. Монғол дәстүрі бойыша келесі хан оның ұлы Жәнібек сұлтан  болуы тиіс еді. Жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына билік тимей, Жәнібек хан болды. Жәнібектен соң хан Бұрындық хан болды.

Міне, не себепті Керей хан болды деген сұрауға біздің жауабымыз осындай. Келесі мәселе, қай жылдан бастап Керей хан болған деген сауал төңірегінде болмақшы.

Бұл сұрақ – Қазақ хандығы қашан құрылған деген сауалмен тікелей байланысты. Соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы осы мәселе бойынша көптеген айтыс-тартыстар болды, бірақ негізгі мәселе жайында бір тоқтамға келер пікір айтылмады. Мақала авторы да осыған байланысты, өз ойларын бірнеше басылымдарда білдірген болатын. Теменде біз ең соңғы деректерге сүйене отырып, Керей ханның қай жылдан бастап хандық құра бастағаны туралы тағы да пікірімізді айта кетелік.

Мұхаммед Хайдар Мырза Дулати өзінің «Тарихи Рашидиінде» «Қазақ хандарының билік ете бастағаны хижраның 870 жылы» деп жазады. Бұл – қазіргі жыл санау бойынша - 1465/1466 жыл. Бұл дерек - ортағасырлық тарихи шығармалар ішіндегі Қазақ хандығының құрылған датасын көрсететін әзірге жалғыз мәлімет болып отыр.

Енді М.Елеуовтің тапқан аңызының мәліметіне жүгінелік. Ондағы бірінші аңыз: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «Қазақ» деп атапты» десе, екінші аңыз бұл жөнінде: «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті. Құмды қыстап, мал-жаны аман қалған екі сұлтан көктемде Тұлпарсазда той жасап, бәйге шаптырыпты» деп баяндайды[10,7-8]. Екі аңыз да Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуін «тышқан жылы, қара күзде» деп, ал Керейдің хан көтерілуін «көктемде» деп жарыса мәлімет беріп отыр. Сонда аңызда қай жыл тышқан жылы деп көрсетілген? Тағы да жазба дерек мәліметіне жүгінелік. Әбілқайыр ханның өмірін тарих етіп жазған XVI ғасыр тарихшысы Масуд ибн Осман Кухистаии оның кайтыс болған жылын «874 жылы тышқан жылы 57 жасында...» деп көрсетеді[11, 171].  Бұл қазіргі жыл санау бойынша 1469/1470 жыл. Керей бұдан бір мүшел жыл ерте хан сайланған, яғни 1457/1458 жылы хан болған.

Жазба және ауыз әдебиеті деректерінің мәліметтерін бір-бірімен толықтырып, 1457-58 жылдар оқиғаларының даму барысын былайша қалпына келтіруге болады. 1457 жылы жазда Әбілқайыр хан қалмақтардың жорығы туралы естіп, қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық етеді. Сол жылдың күз айларының басында ол қалмақтардан женіледі. Жарлықка құлақ аспағандарды Әбілқайыр хан жеңілудін себебі деп, жазалауға кіріседі. «Өздеріне төніп келе жаткан кауіпті болдырмай алдын-алу үщін Керей мен Жәнібек өз Отанын тастап, бөгде елге кетеді». Екі сұлтан да 1457 жылы  жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естіген. Жарлыкқа сай әскер жібермегендіктен, олар Сыр бойындағы қыстауларына барудан қауіптеніп, 1457 жылдың кара күзінде Шу бойына жеткен, әрине, алдын-ала Есен Бұға ханмен келісе отырып. Ал келесі жылы, яғни 1458 жылдың көктемінде Тұлпарсазда Керейді хан етіп сайлаған. Сол дәуірдің заңдылығы бойынша ханның сайланып, хандық биліктің қалыптасуы – жаңа мемлекеттің құрылғандығын көрсетеді. Деректің екі түрін бір-бірімен толықтыру, бізге осыңдай нәтиже бергізіп отыр. Біз осы жерде мынадай мәселені айтып өткіміз келеді. Керей 1458 жылы хан болып сайланса да, ол толық дербес мемлекеттің ханы емес еді. Әбілқайырдан бөлініп кету мен Керейдің хан сайланылуы – жаңа мемлекеттің толық қалыптасуындағы алғашқы қадам болды. Ал толығымен дербес мемлекеттің құрылуының аяқталуын біз, 1470/71 жылы жүзеге асқан деп санаймыз. Өйткені осы жылы қазақ билеушілері Шығыс Дешті Қыпшақ аумағынан Әбілқайыр ханның ұрпақтарын толығымен қуып шығып, шибанилық әулеттен билікті кейін қайтарады.

Керей хан 10 жылдай Шу бойында хандық құрған (10,7-б). Бұл жылдар хандықтың құрылуының алғашқы кезеңі, сатысы болатын. Керей ханның билігі тұсында жаңа хандық – саяси күш ретінде бірнеше міндетті орындайды:

1) Жүніс ханның Есен Бұға ханның тағына таласы уакытша болса да тоқтатылады;

2) Моғол ханы Есенбұғаның өз елінде ықпалы өседі;

 3) «көшпелі өзбектер» елінің күйреу процесі тереңдей түседі;

4) Әбілқайыр ханға наразылардың бәрі Қазақ хандығына келе бастайды, сөйтіп хандық халқы тез көбейеді... Мұхаммед Хайдар Дулатидың  мәліметі бойынша 1470 жылға дейін хандық халқы 200 мыңға дейін жеткен.

  Ауыз әдебиетінің материалында «...10 жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті»,- деген мәлімет көп нәрсенің бетін ашуға көмектеседі [10, 7]. Мүмкін, сол маңдағы  таудың «Хан тау» аталуы осыған байланысты шығар. Ал «10 жылдай...» дегеніміз 7-8 жыл шамасы. Керей хан өліп, орнына немере туысы, үзеңгілес серігі Жәнібектің хан болғандығы белгілі. Егер Керей 7-8 жылдан соң қайтыс болса, онда Жәнібек ханның билікке келуі 1465/66 жылға сәйкес келіп тұр. «Тарихи Рашиди» авторының «қазақ сұлтандарының билік құруы 870 жылдан (хижра бойынша) басталады» деп жазуы сол тұстағы қазақ сұлтандарының арғы атасы Жәнібек ханның билікке келген жылын көрсетуінен шығуы мүмкін.  Бұл әлі толық дәлелдеуді және зерттеуді қажет етеді.

Керей хайның қайтыс болған жылы жөніндегі біз пайдаланып отырған аңыз мәліметі жазба дерек мәліметтерімен сәйкес келеді. «Шайбани нама», «Фатх -нама», «Тарихи Кипчакхани» деректерінде Әбілқайыр ханнан кейін, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы шибанилық әулет билігіне қарсы күрескен саяси күштер арасында Керей ханның есімі кездеспейді. Барлық саяси күштердің басшылары айтылады да, қазақтар тарапынан тек Жәнібек ханның есімі ғана аталады аталады. Бұл дерек Керей ханның 1468-1469 жылға дейін қайтыс болғанын дәлелдеп көрсетеді.  Аңыз мәліметі де осыны көрсетіп тұр.

«Хандар шежіресі» Керей ханның үш ұлы болғанын жазады: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әли. Бұрындық хан туралы жазба деректерде азды-көпті мәліметтер баршылық, ал соңғы екі ұл жөнінде ешбір деректе айтылмайды. Бұрындық ханнан соң Қазақ хандығындағы  билік толығымен және түпкілікті түрде Жәнібек хан ұлдары мен оның ұрпақтарына көшеді. Біз ол жөнінде келесі тараушаларымызда қарастырамыз.

Қорытынды. Осылайша, алдыңғы беттерде айтылған ойларымыз бен пікірлерімізді түйіндей келе мынадай қорытындыларға келеміз.

Біріншіден, Керей хан - XIII ғасыр басынан бері Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында саяси билігі үзілмеген билеуші әулеттің өкілі болып табылады.

Екіншіден, «Керей» сөзінің мәні арабтың «хайдар» сөзінің мәнімен бірдей, қазақ тілінде -  «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген  мағынада қолданылады.

Үшіншіден, Керей хан - XV ғасыр ортасында қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеттігі – Қазақ хандығының  құрылу барысына  жетекші  рөл атқарып,  хандықты  тұңғыш рет 10 жылдай билейді.  Оның ұрпақтары Қазақ хандығының билігінен айырылса да, Керей хан - Қазақ хандығын құрушылардың бірі және оның тұңғыш ханы ретінде қазақ халқының тарихында ерекше орын алады деп санаймыз.

Әдебиеттер 

1. Кәрібаев Б. Шайбанилық шежіре қазақ хандарының шығу тегін неге бұрмалаған? // Ақиқат.  - 1994. - №7. - 13-б.

2. Кәрібаев Б. Керей мен Жәнібек хандардың шығу тегі туралы // Абай атындағы ҚазҰПУ хабаршысы, тарих және саяси –әлеуметтік ғылымдар  сериясы.  - 2009. - №2 (21). - 46-55-бб.

3. Рашид ад-дин. Сборник летописей / Пер. с персидского  Ю.П. Верховского, примеч. И.П. Петрушевского. – М.-Л., 1960. – Т.2. – 248 с.

4. Из «Анонима Искендера» // Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. - Т.II. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В. Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. – М.-Л., 1941. – 308 с.

5. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001. – 276 с.

6. Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) / Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.( МИКХ)

7. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. (Хақ жолындағылар тарихы). – Алматы, 2003. – 616 б.

8. Бахр ал-асрар фи манакиб ал ахйар // МИКХ

9. Ахинжанов С.М. Кипчаки в истории средневекового Казахстана. - А.. 1995.

10. Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих // ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы, 3-шығуы. - 1996.

11. Тарих-и Абу-л-хайр-хани // МИКХ.

12. Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. – М.: Восточная литература, 2002.

13. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы / Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар Н. Мингулов, Б. Көмеков, С. Өтениязов. – Алматы, 1997. –128 б.

14. Меховский М. Трактат о двух Сарматиях / Введение, перевод и комментарии С.А. Аннинского. – М.-Л., 1936. – 288 с.

15. Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос. –Л., 1974. – 728 с.

16. Тарих-и Кипчаки // МИКХ.

17. Ибрагимов С.К. К истории Казахстана ХVІ в. // Вопросы филологии и истории стран советского и зарубежного Востока. – М., 1961.

18. Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХІV – начале ХVІ веков (Вопросы политической и социально-экономической истории).  – Алма-Ата, 1977. - 288 с.

19. Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в ХV-ХVІІ вв. – М., 1982. - 133 с.

20. Кляшторный С.Г., Сұлтанов Т.И. Казахстан: Летопись трехтысячилетий. – Алматы, 1992. – 384 с.

21. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – М., 1965.

22. Бабыр Захир ад-дин Мұхаммед. Бабырнама / Қазақша сөйлеткен Б. Қожабекұлы. – Алматы: Ататек, 1993. - 448 б.

References

1. Karibaev B. Shajbanilyq shezhire qazaq handarynyq shyғu tegin nege burmalagan? // Aqiqat.  - 1994. - №7. - 13-b.

2. Kәribaev B. Kerej men Zhәnibek handardyң shygu tegi turaly // Abaj atyndagy QazUPU habarshysy, tarih zhane sayasi –aleumettik gylymdar  seriyasy.  - 2009. - №2 (21). - 46-55-bb.

3. Rashid ad-din. Sbornik letopisej / Per. s persidskogo  Yu.P. Verhovskogo, primech. I.P. Petrushevskogo. – M.-L., 1960. – T.2. – 248 s.

4. Iz «Anonima Iskendera» // Sbornik materialov, otnosyashihsya k istorii Zolotoj Ordy. - T.II. Izvlecheniya iz persidskih sochinenij. Sobrannye V. Tizengauzenom i obrabotannye A.A. Romaskevichem i S.L. Volinym. – M.-L., 1941. – 308 s.

5. Sultanov T.I. Podnyatye na beloj koshme. Potomki Chingiz-hana. – Almaty, 2001. – 276 s.

6. Materialy po istorii Kazahskih hanstv XV-XVIII vekov (Izvlecheniya iz persidskih i tyurkskih sochinenij) / Sost.: S.K.Ibragimov, N.N. Mingulov, K.A.Pishulina, V.P. Yudin. – Alma-Ata, 1969. – 652 s.( MIKH)

7. Muhammed Hajdar Dulati. Tarih-i Rashidi. (Haq zholyndagylar tarihy). – Almaty, 2003. – 616 b.

8. Bahr al-asrar fi manakib al ahjar // MIKH

9. Ahinzhanov S.M. Kipchaki v istorii srednevekovogo Kazahstana. - A.. 1995.

10. Eleuұly M. Shu oniri: anyz ben tarih // QazMU habarshysy. Tarih seriyasy, 3-shyguy. - 1996.

11. Tarih-i Abu-l-hajr-hani // MIKH.

12. Trepavlov V.V. Istoriya Nogajskoj Ordy. – M.: Vostochnaya literatura, 2002.

13. Qadyrgali Zhalajyr. Shezhireler zhinaggy / Shagataj-qazaq tilinen audaryp, alg sozin zhazgandar N. Mingulov, B. Komekov, S. Oteniyazov. – Almaty, 1997. –128 b.

14. Mehovskij M. Traktat o dvuh Sarmatiyah / Vvedenie, perevod i kommentarii S.A. Anninskogo. – M.-L., 1936. – 288 s.

15. Zhirmunskij V.M. Tyurkskij geroicheskij epos. –L., 1974. – 728 s.

16. Tarih-i Kipchaki // MIKH.

17. Ibragimov S.K. K istorii Kazahstana HVI v. // Voprosy filologii i istorii stran sovetskogo i zarubezhnogo Vostoka. – M., 1961.

18. Pishulina K.A. Yugo-Vostochnyj Kazahstan v seredine HIV – nachale HVI vekov (Voprosy politicheskoj i socialno-ekonomicheskoj istorii).  – Alma-Ata, 1977. - 288 s.

19. Sultanov T.I. Kochevye plemena Priaralya v HV-HVII vv. – M., 1982. - 133 s.

20. Klyashtornyj S.G., Sultanov T.I. Kazahstan: Letopis trehtysyachiletij. – Almaty, 1992. – 384 s.

21. Ahmedov B.A. Gosudarstvo kochevyh uzbekov. – M., 1965.

22. Babyr Zahir ad-din Muhammed. Babyrnama / Qazaqsha sojletken B. Qozhabekuly. – Almaty: Atatek, 1993. - 448 b.

Б.Б. КАРИБАЕВ,

член-корр. НАН РК, проф. Казахского Национального университета имени аль-Фараби,

доктор исторических наук

КЕРЕЙ ХАН

Аннотация 

В данной статье автор рассматривает роль и место в истории казахов основателя и первого хана Казахского ханства – Керея. Отвечает на ряд проблематичных вопросов, связанных с темой Керей хана, посредством сравнения и дополнения информации о жизни Керей хана из письменных источников и устной народной литературы, а также историографических материалов. К ним относятся – значение слова Керей, проблема происхождения казахских ханов, предки Керей хана, этнополитические проблемы на территории Дешт-и-Кипчака в период образования Казахского ханства, а также ведущая роль Керей хана в процессе становления Казахского ханства. На основе письменных источников доказывается факт становления Керей хана первым ханом.

Ключевые слова: Керей хан, Жанибек хан, Абулхаир хан, Дешт-и-Кыпчак, Могулистан, Мавереннахр.

B. KARIBAEV,

Corresponding Member of the NAS RK, Professor of Al-Farabi Kazakh National University,

Doctor of Historical Sciences

KEREY KHAN

Abstract. In this article, the author considers the role and place in the history of the Kazakhs of the founder and the first khan of the Kazakh Khanate - Kerey. Answers a number of problematic questions related to the topic of Kerey Khan by comparing and supplementing information about the life of Kerey Khan from written sources and oral folk literature, as well as historiographic materials. These include - the meaning of the word Kerey, the problem of the origin of the Kazakh khans, the ancestors of Kerey Khan, ethnopolitical problems in the territory of Desht-i Qipchaq during the formation of the Kazakh Khanate, as well as the leading role of Kerey Khan in the formation of the Kazakh Khanate. Based on written sources proves the fact of becoming the first khan of Kerey Khan.

Keywords: Kerey Khan, Janibek Khan, Abulkhair Khan, Desht-i Qipchaq, Moghulistan, Maverannahr.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз