Басты бет » Материалдар » 327.8 Қазақ-Үнді әдебиетіндегі ұлттық характері (салыстырмалы сипаты)

М.Т. ШОИНЖАНОВА, 2 курс PhD докторaнты, Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институты. А.С. УАЛТАЕВА, ВНС Института истории и этнологии им.Ч.Ч. Валиханова, к.и.н, ас. профессор

327.8 Қазақ-Үнді әдебиетіндегі ұлттық характері (салыстырмалы сипаты)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(18), 2019

Тегтер: ұлттық сипат, қарым-қатынас, ұлттық мәдениет, өзара байланыс, мінез-құлық, ұлттық характер
Автор:
Бұл мақалада қазақ-үнді әдебиетіндегі ұлттық ерекшелік сипатталады. Характер терминінің шығу тарихымен қатар, отандық және шет ел ғалымдарының ұлттық характерге берген тұжырымдамалары беріледі. Әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық характерін оның ерекшеленген мінез-бітімі, ойлауы, сөйлеуі арқылы белгілі бір халықтың өкілі екендігін тануға болады. Ұлы жазушы М. Әуезов «Абай жолы» романында әйелдердің образын сомдау арқылы қазақ халқының әйелдеріне тән ұлттық характерін тамаша шеберлікпен жеткізгендігі айтылады. Сонымен қатар, мақалада дүниежүзілік әдебиет қазынасының бір бөлшегі болған көне үнді эпосы «Махабхарата» жырында да әйел образы ерекше жоғары қойылып, адалдық пен пәктік символы ретінде қарастырылғандығы жайлы айтылады. Үнді жазушысы Деваприя Рой өз шығармаларында үнді әйелінің характерін көрсетеді. Ұлттық мінез этностың, ұлттың, халықтың өмір тіршілігі мен әлеуметтік жағдайының тұтастығы арқылы танылады. Әрбір ұлттың өзіндік мінез-құлықтарының ерекшеліктері болады.
Мазмұны:

Кіріспе. «Характер» терминінің шығу тарихына көз жүгіртетін болсақ, алғаш рет «характер» термині Ежелгі Грекияда қолданыс тапқан. Аристотельдің шәкірті Феофрастың «Характерлер» кітабында бұл сөз адамдарды әлдебір түрге енудің өкілі ретінде басым жағдайда жаман жағынан анықталған болатын. «Сараңдық – шығын шығып кетушіліктен қорқу, сараңданады мынандай жан…», – деп, өзінің «30-шы жазбасын» осындай сөздермен бастап, ары қарай адамдардың жүріс-тұрысы мен қандай қимыл-әрекет жасайтыны жайында суреттейді. Осы терминді Лессинг, Гегель, Маркс, Энгельс, И. Тэн бастаған әдебиеттанудағы мәдени-тарихи мектептің өкілдері, сондай-ақ, XIX ғ. көптеген жазушы мен суретшілері кеңінен қолданды. О. Роден: «Суреткердің салиқалы назары түскен әр тіршілік иесінде, әр затта характер ашылып, яғни ішкі шындық сыртқы форма арқылы сәулеленеді», – деп жазды. Характер ұғымы адам тіршілігінің әлеуметтік-тарихи нақтылығы (конкретика) ретінде  марксистік әдебиеттанудың өзегіне айналды.

Материалдар мен әдістер. Ал бүгінгі қолданыстағы қазақ тіліндегі арнаулы лексиканы құрайтын жекелеген сөздердің терминдік түрде жұмсала бастауын Абайдың қара сөздерінен, XIX-ғасырдың екінші жартысында шыққан газет-кітаптардан,  журнал мен ғылыми еңбектерден кездестіруге болады. Нақты ғылым салалары бойынша терминологияның қалыптасуы алғашқы ғылыми еңбектер, оқулықтар, терминологиялық сөздіктердің жарық көруімен, олардың өзге тілдерден аударылуы­мен тығыз байланысты. Яғни, қазіргі қазақтың ғылыми терминологиясының тұтас жүйе ретінде қалыптаса бастауы да XIX-ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұл істің басында қазақ тілінде алғашқы  оқулықтар, оқу құралдары мен түрлі деңгейдегі ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер жазған А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, X.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, Ж.Күдерин, С.Қожанұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы,  Н.Төреқұлұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ғ.Қараш, К.Жәленов, Т.Шонанұлы сияқты қазақ зиялыларының есімдері аталуға тиіс.

Талқылау. Қазіргі уақытта орыс әдебиеттану ғылымында да бұл мәселеге ерекше назар аударылып, көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, өзінің диссертациялық жұмысында ғалым Владимир Тучков бұл мәселені өткір қойып, жақсы нәтижелерге жеткен. Тұшымды деген, мына бір пікіріне назар аударайық: «Один из традиционных подходов к изучению национального характера связан с анализом его через культурную продукцию: литературу, искусство. В таком контексте культура и национальный характер рассматриваются в неразрывном единстве, поскольку в культурных феноменах выражается ментальность нации, национальный гений. Согласно этой позиции, для того, чтобы понять народ, необходимо усвоить мировоззрение элиты, поскольку оно отражает национальный менталитет в наиболее ясной форме. Основываясь на этой традиции, многие публицисты, философы описывали русскую душу, опираясь на романы Ф.М. Достоевского, Л.Н. Толстого, А.И. Гончарова». 

Көркем әдебиеттегі ұлттық мәселе міндетті түрде ұлттық характермен (мінезбен) тікелей байланысты екені айқын.

 Ұлттық характер әдебиеттану ғылымында аса маңызды әрі зерттеліп жатқан мәселе. А. Лаушкина деген орыс ғалымы бұл мәселенің өзекті екенін осыдан қырық жыл бұрын айтып кеткен: «Проблема национального характера – вопрос важный, и малоизученный в современном литературоведении». 

Нәтижесі. Академик Зәки Ахметовтың басшылығымен жарық көрген «Әдебиеттану. Терминдер сөздігінде»: «Ұлттық характер – шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі» деп анықтама береді [Бекниязов, 2016:398].

Қазақ халқы да өзге халықтар сияқты ерекшеленіп тұратын өзіне ғана тән  сипаты мен қасиеттері бар халық. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин өзінің  еңбектерінде халқының мінез-құлқына тән бірнеше қасиеттерді атап көрсеткен. Мысалы,   қазақ халқына қарапайымдылық пен кішіпейілділік, ашық-жарқын көңіл мен кеңпейілділік, өзге нәсілді адамдарға деген достық және сыйластық көзқарас, қонақжайлылық пен пайымшылдық сияқты қасиеттер тән. Сонымен қатар, қазақтардың өз жері мен Отанына, туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі, мал шаруашылығымен айналасуға икемділігі, меймандостығы мен балажандығы, өмірдің қиыншылықтары мен әділетсіз істерге төзімділігі, сөз өнерін ардақтауы, шешендік қабілеті, еңбексүйгіштігі мен шыдамдылығы олардың жалпы және негізгі ұлттық қасиеттері болып табылады. Бұған мысал ретінде  Қаз дауысты Қазыбек бидің мына сөздерін келтіруге болады:

  Біз қазақ деген мал баққан елміз,

  Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,

  Елімізден құт-береке қашпасын деп,

  Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

  Найзаға үкі таққан елміз.

  Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

  Басымыздан сөз асырмаған елміз.

  Достықты сақтай білген елміз,

  Дәм-тұзды ақтай білген елміз. [Radhakrishnan, 1988].

Әр халыққа ұлттық характер жасау үшін оның дүние танымын, психологиясын, әдет-ғұрпы сияқты қасиеттерін білу керек. Бұл жөнінде Н.В. Гоголь: «Ақын өмірге өз халқының көзқарасымен қарап, әр нәрсені ұлттық психологияға сәйкес құбылыстай сезініп, толғанғанда ғана ұлттық сипатты бейнелеп беруі мүмкін», – деген ой айтады.  Мысалы орыстардың «Игорь полкы туралы жыры», Үнді халқының «Махабхаратасы», немістердің «Нибелунга туралы жыры», қырғыздардың «Манасы», қазақтардың дүниетанымын, мінез-болмысын айқындайтын батырлар жыры, ғашықтар жыры, тарихи романдар мен түрлі поэзиялық, прозалық шығармалар бар.

Мысалы, М.Әуезов «Абай жолы» романында «Абай бойында енді туып келе жатқан жаңашылдықтың қалыптасуын көрсету арқылы мен үлкен қоғамдық шындықты – ескі мен жаңаның диалектикасын, қарама-қарсылығын, күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болдым» дейді. Бұл роман-эпопеяда қоғамның тіршілігін, көшпенді халықтың өмірін, әке мен ананың балаға берген тәрбиесін  ерекше суреттейді.

«Абай жолы» романында автор ұлттық мінездің үлгісін кеңінен көрсете білді. Ондағы кейіпкерлердің іс-қимылы, харакеті осыны байқатады. Романдағы Абайдың анасының сөзіне, іс-әрекетіне назар аударайық: «Көптен елін жерін сағынып келе жатқан бала Абай көп ішінен шешесін көріп жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:

–   Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр. Сәлем бер!- деді.

Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар – әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды.» [Әуезов, 1961: 59] 

Ұзақ уақыт ұлын көрмей, сағынса да, сағынышын сездірместен салмақтық танытқан ана бір ауыз сөзбен әкенің орнын жоғары қою арқылы баланың бойына әкеге деген ілтипат пен сыйластықты сіңдіре білген ананың тәрбиесін бере білген қазақ әйелінің образы сомдалып тұр. Романға зер салсақ көз алдымыздан біріне-бірі ұқсамайтын әр қайсысы өз қалпымен, кескін-кейпімен, ерекше ішкі сырымен соны, тың туынды болып көрінетін, көптеген әйелдер бейнесін көрміз. Жазушы әйел образдары арқылы қазақ халқының ұлттық асыл қасиеттерін тамаша шеберлікпен жеткізеді. 

Әдебиеттің халық ауыз әдебиетінен, яғни фольклордан өсіп жетілетіні заңдылық. Сондықтан халықтар арасындағы әдеби байланыс та бұл саланы айналып өте алмайды. Көне заманда мемлекет пен елдер арасындағы мәдени ауысулар сонау ескі дәуірден бастау алады. Қазақ фольклорында Үнді елінің дүниежүзіне белгілі ескі дәуірде дүниеге келген бірқатар шығармаларының сюжеттерін кездестіруге болады. Мысалға, атақты үнді «Калила мен Димна» шығармасының сюжеті негізінде құрылған біраз ертегілер бар. Ертегілердің көбі «Панчатантра», «Хитопедаша», «Шукасаптати» сияқты үнді жинақтарына негізделген. Жоғарыда аталған «Калила мен Димна» шығармасының қазақ халық ауыз әдебиетімен байланысы туралы, оның қазақ әдебиетінде көрініс беруі туралы А.Сейтқұлова өзінің «Калила мен Димна және оның қазақ халық ауыз әдебиетімен байланысы» атты мақаласында сөз етеді. Зерттеуші «Калила мен Димна» сюжеттері Д.Бабатайұлының, Майлықожаның, Мәделі Жүсіпқожаұлының, Шөженің мысал өлеңдерінде көптеп кездесетіндігі туралы сөз қозғайды  [Сейітқұлова, 2004].

Тәуелсіз Үндістан өз елінің мәдениетінің демократиялық жағдайларда дамуы Сахитья Академиясы (Үндістан Республикасының әдеби академиясы) таныған бходжпур, догр, конкан, майтхил, манипур, раджастхан тілдеріндегі әдебиеттердің қайта өркендеуіне септігін тигізді. Санскрит әдебиеті – Үнді халықтарының біріккен әдеби тәжірибесінің нәтижесі, ортақ жетістігі. Ағылшын тілді әдебиет Үнді халықтарының көпғасырлық бай әдеби тәжірибесі мен Батыс әдебиеті жетістіктерінің синтезі іспеттес. Қазіргі көптілді Үндістан халықтарының күрделі ұлттық интеграция үрдісін бастан кешіруінде, халықтардың рухани өміріндегі жалпыға тән белгілерді күшейтуінде жалпы үнді әдеби үрдісінің рөлі ерекше.

Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов «Индия очерктері» атты еңбегі қазақ-үнді байланыстарының дамуына зор үлес қосқаны белгілі. Автор шығармасында Үндістан бейнесін былай сипаттайды: «Индия халқы ерекше зер салып, өз дінін ақындық күйлерге көп ауыстырған. «Махабхарата», «Рамаяна» тәрізді анық көркем, өзгеше мол, мұхиттай мол эпостық шығармалары болса, солары әрі дін, дұғалық мінажаттың, қысқасы құдайылық сыйпаты мол ескерткіштер. Олардың берген тақырыптары, жырлаған оқыйғалары мүсін өнерінде, суретте, музыкада, сәулет өнерінде, Индия театрында шексіз мол тақырыптар тудырып, бәрінен де басым орын алған.» [Әуезов, 1958: 131]

Дүниежүзілік әдебиет қазынасының бір бөлшегі болған көне үнді эпостары «Махабхарата» және «Рамаяна» бұдан мөлшері екі мың жыл бұрын санскрит тілінде жазылған. «Махабхаратаны» қасиетті білім көзі ретінде де қабылдап, «индуизм энциклопедиясы» деп те атайды. «Махабхарата», «Рамаяна» үнді халқының мәдениетіне игі ықпал етті және қазіргі уақытта да ықпал етуде. Эпостар сан ұрпақтардың әдеби жұмысына таусылмайтын қайнар көз болды. Оның  кейіпкерлері мен сюжеттері көптеген жазушыларға өлең, пьеса, әңгімелер жазуға әсер етті. Аталған эпостар әлемнің ең атақты шығармаларының қатарынан орын алады. Бұл жәдігерліктер тарихи аңыздарға жүгінеді және олардың мазмұнында ерте заманда болған шын оқиғалар туралы мәліметтер сақталған.

Белгілі бір шешім қабылдауда, белгілі бір адамды мақтауда немесе даттауда үнділер «Махабхаратаға» жүгінеді. Мысалға, адал әйел эпостағы Савитри немесе Драупадимен салыстырылса, мықты ер адам Арджуна мен Бхимасенаға, ал биліктегі дана адам Юдхиштхираға теңеледі. [Махабхарата, 2005: 544].

 Ересектер үшін эпос адамшылыққа баулитын қасиетті шығарма болса, балалар үшін бұл батырлар мен сұлулар туралы әңгімелер жинағы болып табылады.

Ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған поэма уақыт өте келе түрлі материалмен толығып отырды. Эпикалық шығармалармен қатар, оған мифологиялық, ертегілік, діни-философиялық, тарихи мазмұндағы шығармалар еніп отырды. Сондықтан болар, «Махабхарата» жәй эпикалық поэма ғана емес, бұл тұтас әдебиет, көне үнділер өмірінің энциклопедиясы.

«Ригведаның» қазақша аудармасының алғысөзін жазған Қазақстанда Үнді елшісі болған Видья Сагар Верма былай дейді: «Адамзат кітапханасының ең көне кітабы болып табылатын «Ригведа» қазақ тіліне аударылып, қазақ халқының да игілігіне айналғанына терең сезіммен ризашылық білдіремін. «Ригведа» кітабында: «Бүкіл ғаламды мұхиттай шексіз киелі сөз өзінің құдіретті ықпалымен шұғыла шашып, нұрландырып тұрады» деп айтылған. Осынау құдіретті сөздің киелі де қасиетті ұшқыны Веда мантраларынан таңдалып алынған осы кітапта молынан көрініс табады. Мен осы кітап шын мәнінде оқырманның жаны мен ойын нұрландырып, оның өмір жолына шұғыла шашып, іс-әрекетіне игілікті әсер ететініне сенемін.» [Chatterjee, 1943: 52]№

Үнді халқының әдебиетінде осы уақытқа дейін теңсіздік құрбаны болып жүрген әйел қауымының әйелдік бейнесі, ұлттық характері туралы шығармалар көптеп кездесіп жатады. Соның ішінде үнді жазушысы Деваприя Рой «Heat and Dust Project» және оның Прия Куриянмен бірігіп жазған «Индира» атты шығармаларында үнді халқының нәзік те жасқаншақ әйел қауымын суреттейді. Оны жасқандыратын сол дәуір, қатал ескілік заңы. Автор Үндістандағы әйел қауымы қанша талапты, пысық болғанмен, тілегіне жете алмайтындығын айтады. Өйткені олардың талабына кедергі, бөгет болып отырған әділетсіз күш бар. Сондықтан осы әділетсіз күш құлауы керек және оны құлату қажеттігі туралы айтады. Үнді әйелдерінің бойында ұяңдық кездескенмен, жаңашылдықты аңсайтындары туралы сөз етіледі [Dalmia, 2003: 81]. Қараңғы халықтың тағдырын байлап отырған ескілік салт-дәстүрге қарсы үн көтереді. Сол қараңғылық пен надандықты әйелдердің теңсіздіктегі ауыр хал-жайы арқылы көрсеткен.  

Қорыта келгенде, ұлттық характер категориясы өз бетімен дамитын эстетикалық құндылық емес, халықтың қоғамдағы тұрмыс-тіршілігімен бірлікте дамиды. М. Әуезовтың «Абай жолы» романындағы әйел, аналардың характерін немесе үнді жазушысы Деваприя Ройдың «Heat and Dust Project», «Индира» атты шығармаларында үнді әйелінің характерін авторлар басқа кейіпкерлермен қарым-қатынасы арқылы көрсетеді.

Шығармада ұлттық характер ұлттық әдебиеттің ерекшелігін айқындайтын фактор ретінде қарастырылады.

Белгілі бір ұлттың өмірді тануы, оны қабылдауы өзі тұратын ортаға, қоғамдық жағдайға, климат пен табиғатқа байланысты туып, қалыптасатыны сияқты оның образы да сол орта мен қоғамды сипаттаумен туындайды.

Қазақ-үнді әдеби байланыстар кеңес одағы кезеңінен қайта жандана бастап, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тұсында да өз дамуын тоқтатқан жоқ. Тәуелсіз Қазақстан Үндістан елімен барлық салада қарым-қатынас орнап, мәдениет саласында, оның ішінде әдебиет саласында да байланыстар даму үстінде. Бұған екі елдің ақын-жазушыларының өзара қарым-қатынасы мен бір-бірін аударған шығармаларынан байқауға болады.

 Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Бекниязов Т. Ұлттық характер  //  Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. / Құраст.:. З.Ахметов./ – Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006. - 398 б.

2.  Қаз дауысты Қазыбек би. Энциклопедия. - Астана: Фолиант, 2013.  632 б. 

3.  Әуезов М. Абай жолы. - Алматы, 1961. 1-т. - 59 б.

4.  Сейітқұлова А. «Калила мен Димна» және оның қазақ халық ауыз әдебиетімен байланысы // ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы, 2004жыл, № 1 (26).

5.  Әуезов М. Индия очерктері (көріністері). – Алматы: Көркем әдебиет, 1958 жыл, – 131 б.

6.  Махабхарата. Рамаяна. – Астана: Аударма, 2005. – 544 б.

7.  «Ригведа». – Алматы: «Өлке», 2004. – 200 б.

8.  Нілібаев Ә. Қос қағида // Жұлдыз. 2009, 4 сәуір. –  192-200-бб.

9.  Веда ілімі: Ежелгі үнді мифологиясынан (ведалар) мәтінінен қазақша аударма // Әлемдік философиялық мұра: 20 томдық. – Алматы: Жазушы, 2005. – Т. 1: Ежелгі Шығыс философиясы. – 80-116-бб. 

10.  Зубов В.П. Аристотель,. - М.,1963.

11.  Radhakrishnan S. Reader. An Anthology. - Bombay, 1988. 

12.  Нілібаев Ә. Асыл адам: Өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1989. – 120 б.

13.   Веда ілімі: Ертедегі үнді мифологиясынан (ведалар) мәтінінен қазақша аударма // Әлемдік философиялық-қоғамдық мұра: 20 томдық. – Алматы: Жазушы, 2005. – Т.1: Ежелгі Шығыс философиясы. – 80-116-бб.

14.  Индра Нат Чаудхури. Индийская литература // Очерки по мировой литературе рубежа ХХ –ХХІ столетия. – Алматы, 2006.

15.   Нілібаев Ә. «Махабхаратаны» 20 жыл аудардым // Айқын. – 2009. – 8 желтоқсан. 

16.  Ибн аль-Мукаффа Калила и Димна / перевод с арабского Б. Шидфар. - М.: «Художественная литература», 1986

17.  Образ Индии в русской литературе. - Петрозаводск, 2011.

18.  http://cheloveknauka.com/obraz-indii-v-russkoy-literature#ixzz5iAYNysJ1

19.  Chatterjee, А.С. British contributions to Indian studies Text. / Atul Chandra Chatterjее. London, 1943. - 52 p.

20.  Dalmia, V. Orienting India Text.: Europian knowledge formation in the Eightinth and Nineteenth centuries / VasudhaDalmia. Delhi, 2003. - 81 p.

21.  Sardar, Z. Orientalism Text.: Concepts in the Social Sciences / ZiauddinSardar; [series editor: F. Parklin]. - New Delhi, 2005. - 136 p.

References

1.  Bekniazov T. Ulttyk haracter. // Adebiettanu. Terminder sozdigi./кurasturgan Z.Ahmetov. - Semey-Novosibirsk: «Taler-Press», 2006. - 398 b. 

2.  Qaz dauisty Qazbek bi. Inziklopedia. - Astana: Foliant, 2013. - 632 b.

3.  Ayezov M. Abay joli. - Almaty, 1961.  1- tom. - 59 b.

4.  Seitkulova A. «Kalila men Dimna» jane onin qazaq halik auiz adebietimen baylanisi // Qaz UU habarshisi. Shigistanu seriasy. - 2004. - № 1 (26).

5.  Ayezov M. India ocherictery (korinisteri). – Almaty: Korkem adebiet, 1958. – 131 b.

6.  Mahabharata. Ramayana. - Astana: Audarma, 2005. – 544 b.

7.  «Rigveda». - Almaty: «Olke», 2004. – 200 b.

8.  Nilibaev A. Qos qagida // Juldiz. - 2009. - 4 sayir. –192-200-b.

9.  Beda ilimi: iejelgi undi mifologiasinan (vedalar) matininen qazaqcha audarma// Alemdik filosofia mura: 20 tomdik.- Almaty: Jazushi, 2005.- 1 t.: Iejelgi Shigis filisofiasy,11-55-b.

10.   Zubov B. Aristotel. - M., 1963.

11.  Radhakrishnan S. Reader. An Anthology. - Bombay, 1988. 

12.   Nilibaeb A. Asyl adam: olender, poiemalar. - Almaty: Jazushi, 1989. - 120 b.

13.  Beda ilimi: iejelgi undi mifologiasinan (vedalar) matininen qazaqcha audarma // Alemdik filosofia mura: 20 tomdik. - Almaty: Jazushi, 2005.- 1 t.: Iejelgi Shigis filisofiasy, 60-80-b.

14.  Indira Hat Shaudhuri. Indiskaya literature// osherki po miroboi literature rubeja ХХ –ХХІ stoletia. – Аlmaty, 2006.

15.  Nilibaev A. «Mahabharatani» 20 jil audardim // Aiqyn. - 2009. - 8 jeltoqsan.

16.  Ibn al-Muqaffa Kalila I Dimna herevod s arabskogo B.Shidfar. - M.; «Hudojestvennaya literatura», 1986. 

17.  ObrazIndii v russkoi literature, Nauchnayarabota 2011, Petrozavodsk.

18.  http://cheloveknauka.com/obraz-indii-v-russkoy-literature#ixzz5iAYNysJ1

19.  Chatterjee А.С. British contributions to Indian studies Text. / Atul Chandra Chatterjее. - London, 1943. - 52 p.

20.  Dalmia V. Orienting India Text.: Europian knowledge formation in the Eightinth and Nineteenth centuries / Vasudha Dalmia. - Delhi, 2003. - 81 p.

21.  Sardar Z. Orientalism Text.: Concepts in the Social Sciences / Ziauddin Sardar; [series editor: F. Parklin]. - New Delhi, 2005. - 136 p.

М.Т. Шоинжанова,  

PhD докторaнт 2-­го годa обучения, Институт востоковедения им. Р.Б. Сулейменова. 

Кaзaхстaн, г. Алмaты.

А.С. Уалтаева, 

ВНС Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, к.и.н, ас. профессор, г. Алматы.

НАЦИОНАЛЬНЫЙ ХАРАКТЕР В KАЗАХСКО-ИНДИЙСКОЙ ЛИТЕРАТУРE

 (СОПОСТАВИТЕЛЬНЫЙ АНАЛИЗ)

Резюме

В этой статье описывается национальный характер в казахско-индийской литературе. Наряду с историей возникновения термина характер, так же даются формулировки о национальном характере отечественных и зарубежных ученых. Национальный характер персонажа в литературном произведении познается через его обособленное поведение, мышление, речь и которые характеризуют его как представителя определенной нации.  В статье говорится, что в романе «Путь Абая» великий писатель М. Ауезов изображая образ женщин смог мастерский передать национальный характер женщин казахского народа. Так же в статье отмечается, что в древнеиндийском эпосе «Махабхарата», который стал частью сокровищницы мировой литературы, образ женщины особенно высоко ценился и рассматривался как символ верности и целомудрия.  Индийския писательница Деваприя Рой в своих произведениях изображает характер индийской женщины. Национальный характер отражается через целостность быта и социального условия этноса, нации, народа. У каждой нации есть свои особенности свойстенные национальному характеру. 

Ключевые слова: национальный характер, национальная черта, взаимоотношение, поведение, взаимосвязь, национальная культура.

M.T. Shoinzhanova1

2-ndyear PhD student, 1R.B. Suleimenov Institute of Oriental Studies. Kazakhstan, Almaty.

A.S. Ualtayeva2

2Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, al-Farabi Kazakh National University, Candidate of Historical Sciences. Almaty, Kazakhstan.

NATIONAL CHARACTER IN KAZAKH AND INDIAN LITERATURE

(COMPARATIVE ANALYSIS)

Summary

The article reveals the national character in Kazakh-Indian literature.  Along with the history of the term character, there are given the definitions of the national character given by the native and foreign scientists. The national character of a character in a literary work is known through his specific behavior, thinking, speech that characterize him as a representative of a certain nation.The article also reveals that the great writer M. Auezov in the novel «The Path of Abay» by portraying the image of women was able to convey the national character of the women of Kazakh people.In addition, the article state that in the ancient Indian epic «Mahabharata», which had become a part of the treasury of the world literature, the image of a woman was highly valued and considered as a symbol of faithfulness and chastity. Indian writer Devapriya Roy in her literary works portrays the character of Indian women.National character is reflected through the integrity of life and social conditions of the ethnic group, nation, people. Each nation has its own characteristics peculiar to the national character.

Keywords: nationalcharacter, national feature, relationship, behavior, interrelation, national culture.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз