Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ

Н.А. ТАСИЛОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к.

ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(18), 2019

Тегтер: хандық, мемлекеттілік, саяси, дипломатия, байланыстар, халықаралық
Аңдатпа:
Мақалада ортағасырларда тарих сахнасына көтерілген Қазақ хандығының билеушісі әйгілі Шығай ханның баласы - Тәуекел ханның тұсындағы мемлекеттің ішкі саяси жағдайы мен көрші жатқан Мәуреннахрдағы Шайбанилер, Ирандағы Сефевилер әулеті, орыс елі арасындағы саяси-дипломатиялық, әскери, сауда-экономикалық байланыстарының тарихы ортағасырлық жазба деректер мен тарихнамалық еңбектердің негізінде зерделенген. Әсіресе, көшпелілер мен отырықшылар арасындағы саяси қатынастары үшін Сыр бойындағы қалалардың маңызы көрсетіліп, ХVI ғасырдың екінші жартысындағы шайбанилық Баба сұлтан мен Абдолла арасындағы қарама-қайшылықтарды, орыс мемлекетімен дипломатиялық ресми қатынастарды шебер орнатқан, қазақ мемлекеттілінінің пайдасына шеше білген Тәуекел ханның ішкі және сыртқы саясаты талданған.
Мазмұны:

Кіріспе.

Қазақ хандығының тарихында күшті мемлекет басшысы болып, сыртқы саясатын асқан шеберлікпен өз елінің мүддесі үшін жүзеге асыра білген хандар аз болмады. Атақты Қасым ханның ұлы Хақназар ханнан кейін билікке келген Шығайдың ұлы Тәуекел ханның тарихта алатын орны ерекше.

1580 ж. кейін Хақназар ханның аты деректерде кездеспейді, ал оның немере інісі Шығай (Сығай) Қазақ ханы деп аталған еді. Осы уақытқа дейінгі деректерде Шығайдың аты көп аталмаса да, сұлтан деп берілетін. Шығай әйгілі Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік (Йадык) сұлтанның баласы. Анасы Абайқан бегім еді. В.В. Вельяминов-Зернов өз еңбегінде: «Жәдіктің ұлы Шығай ұзақ ғұмыр кешкен, шамамен 80 жылдай», - дейді [Вельяминов-Зернов В.В., 1864 : 42].

Зерттеушілер Тәуекел ханның атақ-дәрежесі мен ақыл-парасаты, жоғарғы билікке келуі Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайының жаңа сатыға көтерілгендігін, жерінің кеңейгендігін ғана емес, сонымен қатар көрші жатқан Мәуреннахрдағы биліктегі әулеттің ауысуымен байланыстыра қарайды. Т.И. Сұлтанов, М.Х. Әбусеитова, Қ. Салғараұлы, Б.Б. Кәрібаев, И.В. Ерофеева, Н. Атығаев және т.б. зерттеушілер Тәуекел хан тұсындағы Қазақ хандығындағы өзгерістерге ерекше назар аударған.

Материалдар мен әдістер. Мақаланың әдістемелік негізіне қоғамдық құбылыстардың дамуы мен өзгеруін нақты зерттеуді талап ететін сыни және тарихилық қағида негізге алынып отыр. Еңбекті жазуда қазіргі деректану саласы мамандары мен тарих бағытында зерттеулер жүргізіп жатқан ғалымдардың тарихи дәуірді кешенді зерттеу қажеттілігі туралы  ғылыми тұжырымдарына баса көңіл аударылды. Зерттеу барысында ғылыми ізденістің жалпы даму-танымдық әдістерімен бірге тарих ғылымындағы нысандылық, жүйелілік, талдау, салыстырмалы-тарихи талдау, тарихи оқиғалардың дамуын хронологиямен қабыстыру тәсілдері басшылыққа алынды.

  Әдістері: Зерттеу жұмысында тарихи тұлғаны тарихи кезең шеңберінде кешенді түрде сипаттау, тарихи-салыстырмалы, деректанулық талдау, жинақтау, жүйелеу, тарихи-географиялық т.б. әдістер қолданылды.

Талқылау. XVІ  ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығын қайта өрлетіп, Ұлы дала тарихында  ерекше  орын  алатын  бірнеше  хандар  болды. Олардың  тарихи  ролі  әрбір  хан  тұсындағы  хандықтың  саяси-экономикалық  және  әскери  жағдайымен, көрші елдермен байланысы, ортағасырлық деректердің авторлары берген бағасымен бағаланады. Тәуекел ханның XVІ  ғасырдың екінші жартысыдағы  тарихи  рөлі  неден  көрінді  десек, ең  алдымен, Қазақ  хандығының  территориясы  жағынан  кеңеюімен,  мемлекеттілік  жағынан  нығаюымен, халқы  санының  өсуімен, қазақ  деген  халықтың  және  мемлекеттің  атын  алыс-жақын  елдерге  паш  етумен, Сыр бойындағы қалалар мен Ташкент, Ферғана аумағына дейінгі жерлер Қазақ хандығының құрамына кіруімен  көрінді  дейміз.

Ортағасырлық  жазба  деректерде  Тәуекел ханның жеке  өмірбаянын  толық  баяндайтын  мәліметтер  аз, оның  өмірінен  қысқа - қысқа  мәліметтер  әртүрлі  ортағасырлық  деректерде  кездеседі. Олардың  қатарында  Әбілғазының «Түрік шежіресі», Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Хафиз Таныштың "Шараф наме и шахи", Ахмед Ғаффар Казвинидің,  Махмуд  ибн  Уәлидің «Бахр аль-асрар» шығармасы  жатады. Сонымен қатар орыс елшілік мұрағат құжаттарында, жылнамаларда, сібір, ноғай мырзаларының деректерінде біршама мәліметтер кездеседі [Материалы по истории казахских ханств XV-XVІІІ веков., 1969 : 353].

Нәтижесі.  1582 жылы Шығай хан қайтыс болады. Одан кейін хандық билікке оның ұлы Тәуекел келді [Абусеитова М.Х., 1998 : 97]. Тәуекел (Тевеккел, Тевкел, Тауке, Тукай) шағатайлық Яхшым бегімнен туылған Шығай ханның ұлы.

Мақалада Тәуекел ханның тұсындағы мемлекеттің ішкі саяси жағдайы мен көрші жатқан Мәуреннахрдағы Шайбанилер әулеті, Ирандағы Сефеви әулеті мен орыс елі арасындағы саяси-дипломатиялық, әскери, сауда-экономикалық байланыстарының тарихы жазба деректер мен тарихнамалық еңбектердің негізінде зерттеу нысанына айналды.

  Шығайдан көп ұрпақ қалды. Оның әйелдері де көп еді. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Шығай ханның үш әйелін ерекше атап өтеді. Біріншісі – Байм бегім. Одан  Сейдқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Алтын ханым; Екіншісі – шағатайлық Яқшым бегім. Одан Тәуекел хан, Есім хан, Сұлтан-Сабырбек ханым; Үшіншісі – Бұрындықтың қызы Дадим ханым. Одан Әлі сұлтан, Сұлұм сұлтан, Ибрахим сұлтан, Шахым сұлтан. Сондай-ақ, басқа да тарихта аты қалған  Абылай, Күшік деген ұлдары болған [Қадырғали Жалайыр, 1997: 121].

  Хафиз Таныштың өзі Тәуекел ханды: «Батырлығы, ерлігі мен күштілігі жөнінде ол әлемде жалғыз еді және Дешті-Қыпшақта атақты болды. Оның сырт келбеті де сұлу, ақындық таланты да бар», – деп сипаттайды [История Казахстана: народы и культуры., 2000 : 147].

   И.В. Ерофеева Тәуекел ханды: «Қазақ хандығының басында тұрғандағы барлық кезеңінде Тәуекел өзін талантты және тез шешім қабылдай алатын қолбасшы, сыртқы саясатта шебер тактика пайдалана алатын хан ретінде көрсете алды», – дейді [Ерофеева И.В., 2000: 147]. Және «Тәуекел жастық шағын елінен алыста Бұқара хандығында  өткізіп, XVІ ғ. 80 ж. өз әскерімен Абдолла ханға қосылып, бірігіп белсенді түрде Баба сұлтанмен күресіне қатысты», - дейді. Шайбанилық Абдолла ханның сарайында  жүргенде жас сұлтанға  Бұқара ханы сыйластықпен өзіндік ерекше мейірімділікпен қарады. Қазақ сұлтаны Абдолла ханның баласы Абдал Момынмен және көптеген сұлтандармен  әскери жарыстарда Тәуекел көзге түсіп, осы үшін де бірнеше рет «алтын жіппен тігілген халат, қымбат тастармен әшекейленген бас киім мен белбеумен» марапатталғанын Хафиз Таныш жазады [Материалы по истории казахских ханств XV-XVІІІ веков., 1969 : 257-262.].

  Т.И. Сұлтанов: «Тәуекел хандық билікке өте қиын кезеңде отырды. Бір жағынан Шайбанилық  Абдолла, моғол және жоңғар қатынастары шиеленісте болды. Осындай тұста Тәуекел өзін соғыстың білгірі, епті саясаткер екенін көрсете алды», – дейді [Султанов Т.И., 2001: 144].

  Осыдан кейін, 1583 жылы жазда Тәуекел Абдолла ханның Әндіжан мен Ферғанаға жасаған жорығына қатысады. Бұл жорықта Тәуекелге Шайбанилық Махди сұлтан мен Баба сұлтанның  ұлы Абдалл Ғаффарды өлтіру сәті түседі. Сөйтіп, жорықтан қайтып келе жатып Хафиз Таныштың айтуынша: «Әндіжан мен Ферғанаға жорықтап қайтып келе жатқанда Абдолла ханның Тәуекелге теріс ниетінен күдіктеніп, оны тастап, өзінің  Дешті-Қыпшағына кетіп қалды», – делінген [Материалы по истории казахских ханств XV-XVІІІ веков., 1969 : 311]. Шынында да өз туыстарын билікті заңды мұралануы үшін аямай өлтірткен Абдолла хан, Жошы ұрпағы Тәуекелдің де Орта Азиядағы билікті заңды түрде алу үшін күрес алаңына шығатынынан сезікті. Оны Тәуекел сезді және де Абдолла қазақтарға Түркістан өңіріндегі 4 қаланы беремін деп, уәдесін орындамаған еді. Ал Т.И.Сұлтановтың айтуынша: «Тәуекел Абдолла ханның қол астында қалып, өз елінің тәуелсіз билеушісі  бола алатынына сенбеді. Өзінің құқықсыз хан ретінде жүруден бас тартып, Мауреннахрдан Ұлы далаға Абдолла ханға қарсы әскер жинау үшін оралды», – дейді [Султанов Т.И., 2001: 145].

  А. Миллер: «Тәуекел өз еліне оралғаннан кейін, қолға қару алып 3 жыл бойы әкесінен қалған хандық билікті заңды мұралану үшін күресті. Өйткені, көптеген сұлтандар оның билігін мойындағысы келмеді», – дейді [Миллер А., 1942: 32]. Тәуекел хан қарсыласы Шайбанилық Абдолла ханмен күресу үшін де қажырлы күш жұмсап, ішкі және сыртқы шиеленіскен жағдайды туырлауына  тура келді. Ал 1583 ж. әкесі Ескендір қайтыс болғаннан кейін Абдолла өзін хан деп жариялады. Осындай жағдайда Тәуекел хан 1586 ж. бастап Сыр бойындағы қалаларды иелену үшін күресін бастады. Бұл ханның сыртқы саясаттағы басты мақсаты еді. Өйткені, Қазақ хандығын қалпына келтіріп, нығайтып, тәуелсіз ету үшін Түркістан аймағын иеленудің маңызы зор екенін түсінді. Сөйтіп, оның бірінші талпынысы 1586 жылы  болды. Тәуекел хан Абдолланың көп әскерімен оңтүстікте екенін біліп, күтпеген жерден Ташкент аймағына шабуыл жасайды. Шеребханда (Ташкент маңында) Тәуекелді нашар қаруланған қазақтар қарсы алды. Олардың оқ пен қылыштан қорғаны тон мен жылқының терісінен тігілген киім болды. Сондықтан Ташкенттіктер қазақтарды әлсіз жау деп тауып, олардың артынан ешбір қауіп-қатерсіз қуады. Бірақта қазақтар қарсы шабуылға төтеп беріп, ташкенттіктерді тез басты, сөйтіп ташкенттіктер арасында үрей пайда болды. Тәуекелдің бұл жорығы Ташкент, Түркістан мен Самарқандқа қауіп төндірді. Осы тұста Абдолланың ағасы Ұбайдолла Самарқандтан көмекке келгенін естіген қазақ ханы артқа шегінуге мәжбүр болды. Осылайша Тәуекелдің  бірінші жорығы нәтижесіз аяқталды.

Бұл жорық тәуелсіз Қазақ хандығының Бұқара хандығына ешбір сырт елдердің көмегінсіз жасаған алғашқы жорығы еді. А. Миллердің айтуынша: «Екі жылдан кейін, 1588 ж. Тәуекел қайталап Ташкентті басып алуға талпынды, бұл жолы Ташкенттегі өзінің сенімді адамдары арқылы көтеріліс ұйымдастырды», – дейді. Ал зерттеуші М.Х. Әбусеитова: «Бұл көтеріліске  Тәуекел хан қатыспады. Өйткені, оған Хақназар ханның екі ұлы қатысты, ал олармен Тәуекелдің қарым-қатынастары дұрыс емес еді», – деп түсіндіреді [Абусеитова М.Х., 1985 : 84 ].

  1588 ж. оқиға қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың бірі екенін атап өту қажет. Хафиз Таныштың айтуынша бұл Ташкенттегі көтеріліс Абдолла хан мен оның немере інісі осы аймақтың билеушісі Рүстемнің ұлы Өзбек ханға қарсы еді дейді. Бұл уақытта Абдолла хан Гератта соғысып жатты. Сөйтіп, Пскентте осы қаланың бай-бақуатты адамдары, ақсүйектер және әмірлер де болды. Бұл көтерілістің себебі Абдолланың заңсыз хандық билікке келуінде еді. Шайбанилық әулеттің дәстүрі бойынша ханды билікке шайбанилық әулет өкілдерінің қалауымен, мақұлдауымен отырғызатын. Бірақта Абдолла билікке шайбанилық сұлтандардың емес, әмірлердің көмегімен келді. Өйткені, Абдолла тақтың заңды мұрагері болмағандықтан және шайбанилықтар хандық билікке Абдолладан жасы үлкен Шайбанилықтардың бірін отырғызады деп  қорқып, ол әкесі өлгеннен кейін тез арада әмірлермен келісіп, өзін хан жариялайды. Сондықтан да ықпалды ақсүйектер мен  шайбанилық сұлтандар бүлік шығарды [Абусеитова М.Х., 1985 : 90 ].Осылайша, көтерілісшілер Абдолла ханның даруғасын өлтіріп, қазақ сұлтаны Жан-Әліні хан етіп көтереді. Ташкент уәлиятының билеушісі Өзбек сұлтан Абдолла мен басқа да шайбанилықтарға шабарман жіберіп, көмек сұрайды. Алайда көмек келсе де, көтеріліс тоқтамады. Көп кешікпей бүлікшілерге Хақназардың ұлдары Мыңғытай мен Дін Мұхаммет сұлтандар келіп қосылады. Олар әкесінің кегін қайтару үшін ыңғайлы сәтті күткен тәрізді.

Бұл көтеріліс үш айға созылып, бұқаралық сипат алғанымен тез басып, жаншылды. Ташкент Бұхара хандығының қол астына қайта кірді. Осыдан кейін 1598-1599 жылға дейінгі Қазақ хандығы мен Шайбанилер әулеті арасындағы қарым-қатынастар туралы мәліметтер жоқтың қасы. Тек қана 1594-1595 жж. қазақ-орыс қарым-қатынастарынан Мәскеуге жіберілген Тәуекел ханның елшісі Құл Мұхаммедтің: «Ал Бұхара патшасымен уақытша бейбіт қатынастамыз», – деуі қазақ-өзбек қатынастарының уақытша бітімге келгенін көрсетеді [Казахско-русские отношение в XVІ-XVІІІ вв., 1961 : 3-4]. Сондай-ақ, Тәуекел хан бұл құжаттарда «қазақ және қалмақ ханы» деп беріледі.

  Қазақ ханы Тәуекел Мәскеу патшасынан немере інісі Ораз Мұхамметті қайтарумен қатар Бұхара хандығын жеңу үшін от қару сұрайды. Ол жайында зерттеуші А.И. Левшин, В.В. Вельяминов-Зернов, В.Я. Басин, М.Х.Әбусеитовалардың еңбектерінде қарастырылған болатын.

  Шын мәнінде Тәуекел хан орыс елінен Бұхараны бағындыру үшін от қару сұрайды, ал орыс елі қазақ елін өз боданына айналдыруға дайын тұрды. Олар қазақтарға Ораз Мұхаммедті де, от қаруды да бермеді. Өйткені, қазақтардың күшті халық екендігінен ноғайлар арқылы хабарлары болды және қазақтарға сұрағанын беру өздеріне қауіпті еді.

  Зерттеуші Н. Атығаев бұл туралы: «Осы кезде қазақ билеушісі Тәуекел хан Шайбанилық Абдолла ханмен уақытша мәмілеге келуін пайдаланып, оған қарсы өзіне одақтас табуға кірісті. Ондай одақтасы Сефевилік мемлекет еді. Оларда Шайбанилармен үнемі соғыста еді», – дейді [Атыгаев Н.А., 2002 : 18 ]. Бұл XVІ ғ басынан басталған күрес екенін атап өту қажет. Және де қазақтар орыстармен одақтасудан үміттері үзілгеннен кейін осы шешімді қабылдаған секілді.

  1594 ж. Қазақ елшісі Құл Мұхаммед Мәскеуге Сефевилерден елші келгенін естіп, онымен келісім жасауға талпынады. Ол өз мақсатын: «Біз қызылбашылармен (Сефевилер) бірігіп бұхаралықтарға қарсы күресуіміз керек», – деп түсіндіреді. Бұл, әрине, Тәуекел ханның сыртқы жауларымен күресуге бағытталған одақ еді [Казахстан, Средняя и Центральная Азия в XVІ-XVІІІ вв., 1983 : 170 ].

Қазақ хандығы өзінің көздеген мақсатына жету үшін қазақ жеріне Құл Мұхаммедпен бірге орыс елшісі В. Степанов және Сефевилік елші Дервиш Мағметті шақырады. Ал Сефеви мемлекетінің Аббас шахына қазақтар өз елшілерін жібереді. Өкінішке орай  бұл қарым-қатынастар туралы мәлімет беретін дерек қазірше жоқ. Сонымен, Қазақ хандығы ешбір одақтассыз, өзінің күшіне сеніп қана Шайбанилық әулетті жеңу керектігіне көздері жетті. Сырттан одақтас табу әрекеті нәтижесіз аяқталды. 1998-1599 жж. қазақтар үшін сәтті кезеңдердің бірі еді. Өйткені, осы уақытта Абдолла ханның үстемдігі саяси тоқырауға түсті. Абдолла ханға өз ұлы Абдал Момын да қарсы шығып, ол жағдай ұлын жақсы көретін әкесінің денсаулығына кері әсерін тигізді. Осыны көре білген қазақ ханы тыныш жатпай, өз мақсатына жетудің кезеңі пісіп жетілгенін түсінді. Сөйтіп, Тәуекел хан жорыққа қайта аттанады. Тәуекелдің Мауреннахрға жорығы туралы мәліметтер бірнеше нарративті, парсы және тәжік тілдеріндегі деректерде кездеседі. Олар - Ескендір Муншидің «Тарихи аламара–ий Аббаси», Мұхаммет Аваздың «Заийа ал-Кулуб», Мұхаммадиар ибн Араб Катағанның «Мусаххир ал-билад», Қыпшақ ханның «Тарихи Қыпшақ» еңбектері. Бұл деректерді 1598-1599 жж. оқиғаның замандастары ол оқиғадан көп уақыт өтпей-ақ жазған. Сондықтан да ол деректердің мәліметтері ерекше құнды [Казахстан в эпоху феодализма., 1981: 124-141].

  Ескендір Муншидің мәліметі бойынша Абдолла хан Тәуекелді өзіне лайықты қарсыласы деп санамады және оған қарсы өзінің әскерінің бір бөлігі мен шекаралас аймақтағы сұлтандар мен әмірлердің әскерін жіберген еді делінген. Ташкент пен Самарқанд арасындағы жерде екі ел арасында соғыс жүреді. Бұл соғыста Абдолла хан әскері жеңіліске ұшырайды. Бұл жеңілісті естіген Абдолла хан тез арада жаңадан әскер жасақтап, оны өзі басқарады. Жорыққа дайындалып болғаннан соң, ол Гераттағы Күлбаба-көкілташ әмірге адам жібереді. Бұл кезде Тәуекел Абдолла ханның келе жатқанын естіп, далаға шегініс жасап, күте тұруды ойлайды. Бірақта Абдолла ханның денсаулығы күрт нашарлап, 1598 жылы көктемінде қайтыс болады. Осыдан кейін Бұхара хандығында саяси тұрақсыздық орын алып, билікке Абдолланың ұлы Абдалл Момын келді. Көп ұзамай 1598 ж. жазда оны бүлікші әмірлер өлтіреді. 1598 жылы тамызда Абдалл Момын қайтыс болғанын естіген Тәуекел хан Шайбанилердің жерін жаулап алу үшін  белсенді қимылға көшеді. Ескендір Муншидің дерегі бойынша Тәуекел мен оның інісі Есім сұлтанның біріккен әскері 100 мыңға жуық дейді. Ал Мұхаммед Аваз сонымен қатар, Тәуекелмен бірге 120 сұлтан болды дейді. Яғни, бұл жорыққа барлық қазақ сұлтандары жұмыла кіріскенін көреміз. Сондай-ақ, Тәуекел ханның әскерінің құрамында дала өзбактері мен Түркістандықтар да болды. Тәуекелге сол кезеңдегі ықпалы күшті діни ұйымдар да көмектесті.  Және де Шайбани әулетінің кейбір ықпалды өкілдері көмек беріп, оның есесіне Түркістан мен Мауреннахрдағы билікті бөліске салуды көздегендер де болды. Мысалы, «Мұсаххир ал-билад» дерегі бойынша Өзбек сұлтан Тәуекелмен Абдоллаға қастандық ұйымдастырмақ болып, Абдолла ханның кек алуынан қорқып өз балаларын қазақ ханына жібереді және де бұл әрекеті үшін Тәуекел Түркістан мен Мауреннахрды жаулап алған соң тең бөлісеміз деп уәде берген екен. Осы мәліметтерге қарағанда Тәуекел ханның билікке келіп, Орта Азияны жаулап алуына Шайбанилық ақсүйектер қарсы болмаған. Осылайша Тәуекел ханның Орта Азияға жорығы кенеттен және тұтқиылдан болған жоқ. Себебі, оны Мауреннахр да күтті және көмек көрсетеміз деп уәде де берді. Сондықтан да, бұл жорық арнайы жоспарлы түрде дайындалған деуге негіз бар. Сонымен, Тәуекел хан Түркістаннан Мауреннахрдағы Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқантты Мийанқалаға дейін басып алып, Есім сұлтанды 20 мың әскермен Самарқантта қалдырады. Ал өзі 70-80 мың әскермен Бұхараға беттейді. Бұхарада небәрі 10-15 мың әскермен Пір Мұхаммед (Шайбанилық сұлтан) қаланы бекітіп, 11 күн бойы қаладан шықпайды. Он екінші күні  Бұхараның барлық халқы шығып, кескілескен күрестен кейін Тәуекел ханның әскері жеңіліс табады. Мұны естіген Есім сұлтан ағасына артқа шегін деп өтінеді. Сөйтіп, олар шегініп, жорыққа қайта дайындалады. Осыдан кейін Пір Мұхаммед әскері Тәуекел әскерінің артынан қуып келеді. Екі жақ әскері  ашық далада Ұзын сақал деген жерде қайта соғысады. (Ескендір Мунши бойынша Ұзын сақалда, «Зийа ал-кулуб»  дерегі бойынша Сар-и Пулда, «Мусаххир ал-билатта» және «Бахр ал-асрар» бойынша Үш-қарада болды.) Пір Мұхамметке көмекке Баки сұлтан келеді. Бір айдай күрестен кейін, көп сұлтандар мен ерлер қаза табады. Осы күресте Тәуекел хан да қатты жараланып, Ташкентке оралады. Сөйтіп, осы жерде Қазақ ханы көз жұмады.

  Осы қысқа мерзімде Тәуекел хан Түркістан, Ташкент, Ферғананы өз иелігіне қосты. Оның Орта Азияға жорығы алдын-ала жоспарланған және де көп жылдар бойы дайындалған, нақты мақсаттарға жұмылдырылған күрес еді. Тәуекел хан Шайбанилық иелікті қосқанда ғана Қазақ хандығына байланысты шаруашылық-экономикалық, саяси-әлеуметтік оқшаулануды  жоя алатынын түсінді.

  Тарихшы М.Х. Әбусеитованың айтуынша Тәуекел хан өзінің басты мақсаты – Мауреннахрды қазақтардың қол астына кіргізе алған жоқ. Бірақта Түркістан, Ташкент, Ферғана белгілі бір кезеңдерге дейін қазақ жерлерінің құрамына кірді. Ал бұл өз кезегінде қазақ және ортазиялық хандарының арасында Нақшбанди орденінің сопы шейхтерінің ықпалымен жасалынған бейбіт бітіммен нығайтылды. Қазақ хандарының Түркістанды билеуіне нақшбанди шейхтары өздерінің рұқсаты мен оң батасын берді.

  Шайбанилық Абдолла хан мен Абдалл Момын билікке басқа шайбанилықтар келіп қояды деп, бәсекелес, қауіпті адамдар ретінде оларды өлтіртті. Сөйтіп, шайбанилықтардан жалғыз ғана Абдолла ханның ағасы Пір Мұхаммед қана қалды. Осыдан кейін Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады. Өйткені, Абдалл Момынның өлімінен кейін Бұхара тағына Шайбан әулетінің мұрагер қызы мен Джаннан туылған Баки Мұхаммед келіп, Аштарханилық әулеттің билігі орнайды. XVІІ ғасырлардағы оқиғалар жаңа бір тарихи кезеңнің басталуымен сипатталады.

Қорытынды. Қорыта келгенде, Әбілхайыр хан мен Ұрыс ханның ұрпақтары XVІ ғ. соңында мәреге әр түрлі дәрежеде жетті. Мауреннахрды билеп-төстеген Шайбанилық әулеттің дәуірлеуі аяқталды, ал қазақтарды бастаған Тәуекел хан өзінің жеңісімене көздеген мақсатына жетті. Осылайша, Қазақ хандығы бір ғасыр бойы Түркістан аймағы үшін күресті, ол күрестің босқа кетпегендігін тарихтың өзі дәлелдеп берді.

Тарихи деректерден атақты Тәуекел хан өз халқының қамын ойлаған  билеуші, шебер дипломат, көреген саясаткер және талантты қолбасшы болғанын көреміз. 

  Міне, XVІ ғ. Қазақ хандарының жүргізген саясаты тарихта өз таңбасын қалдырды. Ал талай-талай қиян-кескі жағдайларды басынан өткеріп келе жатқан Қазақ хандығы бұл кезеңнің қиындықтарына да төтеп беріп, өз тәуелсіздігін сақтап қалып, өміршең Ұлы қазақ мемлекеті екенін тарихта тағы бір дәлелдеді.

Әдебиеттер:

Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах // Труды Восточного Отделения Императорского Археологического Общества. – Санк-Петербург, 1864. ч. 2.

Материалы по истории казахских ханств XV-XVІІІ веков. /Извлечения из персидских и тюркских сочинений/. Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата: Наука, 1969. – 353 б.

Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVІІ вв. – Алматы, 1998. – 97 с.

Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. (Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар Н.Мингулов, Б.Көмеков, С.Өтениязов). – Алматы, 1997. – 121 б.

История Казахстана: народы и культуры. - Алматы, 2000. – 147 с.

Ерофеева И.В. Казахские ханы: личности, традиции и преемственность власти // История Казахстана: Нороды и культуры. – Алматы: Дайк-Пресс, 2000. – 145 с.

Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001. – 188 с.

Миллер А. Международное положение Казахстана во второй половине XVІ в. // Исторический журнал. – 1942. - Кн. 8. – 52 с.

Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVІ века. – Алма-Ата: Наука, 1985. – 104 с.

Казахско-русские отношение в XVІ-XVІІІ вв. - Алма-Ата, 1961. – С. 3-4.

Атыгаев Н.А. Взаимоотношение Казахского ханства и Сефевидского государства в XVІ в. // Вестник Каз НУ. - Серия востоковедений. – 2002. №2. – С.18-20.

Абусеитова М.Х. Из истории внешнеполитических связей казахского ханства с соседними государствами во второй половине XVІ в.// Казахстан, Средняя и Центральная Азия в XVІ-XVІІІ вв. – Алма-Ата: Наука, 1983. – 170 с.

Абусеитова М.Х. Из истории казахско-среднеазиатских отношений: события 1598-1599 годов //Казахстан в эпоху феодализма. – Алма-Ата: Наука, 1981. – С.124-141

References:

Velyaminov-Zernov V.V. Issledovanie o Kasimovskih tsaryah i tsarevichah // Trudyi Vostochnogo Otdeleniya Imperatorskogo Arheologicheskogo Obschestva. – Sank-Peterburg, 1864. - ch. 2.

Materialyi po istorii kazahskih hanstv XV-XVІІІ vekov. /Izvlecheniya iz persidskih i tyurkskih sochineniy/. Sostaviteli: S.K. Ibragimov, N.N. Mingulov, K.A. Pischulina, V.P. YUdin. – Alma-Ata: Nauka, 1969. – 353 b.

Abuseitova M.H. Kazahstan i Tsentralnaya Aziya v XV-XVІІ vv. - Almatyi, 1998. – 97 s.

Қadyirgali Jalayyir. Shejіreler jinagyi. (Shagatay-qazaq tіlіnen audaryip, algyi sөzіn jazgandar N.Mingulov, B.Komekov, S.Uteniyazov). – Almatyi, 1997. – 121 b.

Istoriya Kazahstana: narodyi i kulturyi. - Almatyi, 2000. – 147 s.

Erofeeva I.V. Kazahskie hanyi: lichnosti, traditsii i preemstvennost vlasti.//Istoriya Kazahstana: Norodyi i kulturyi. – Almatyi: Dayk-Press, 2000. – 145 s.

Sultanov T.I. Podnyatyie na beloy koshme. Potomki CHingiz-hana. – Almatyi, 2001. – 188 s.

Miller A. Mejdunarodnoe polojenie Kazahstana vo vtoroy polovine XVІ v.// Istoricheskiy jurnal. – 1942. - Kn. 8. – 52 s.

Abuseitova M.H. Kazahskoe hanstvo vo vtoroy polovine XVІ veka. – Alma-Ata: Nauka, 1985. – 104 s.

Kazahsko-russkie otnoshenie v XVІ-XVІІІ vv. - Alma-Ata, 1961. – 3-4 s.

Atyigaev N.A. Vzaimootnoshenie Kazahskogo hanstva i Sefevidskogo gosudarstva v XVІ v.// Vestnik Kaz NU. - Seriya vostokovedeniy. – 2002. - №2. – 18-20 s.

Abuseitova M.H. Iz istorii vneshnepoliticheskih svyazey kazahskogo hanstva s sosednimi gosudarstvami vo vtoroy polovine XVІ v.// Kazahstan, Srednyaya i Tsentralnaya Aziya v XVІ-XVІІІ vv. – Alma-Ata: Nauka, 1983. – 170 s.

Abuseitova M.H. Iz istorii kazahsko-sredneaziatskih otnosheniy: sobyitiya 1598-1599 godov // Kazahstan v epohu feodalizma. - Alma-Ata: Nauka, 1981. – 124-141 s.

Н.А. Тасилова

КазНУ имени Аль-Фараби, к.и.н., асс. профессор. Алматы г., Казахстан.

РОЛЬ ТАУЕКЕЛ ХАНА В УКРЕПЛЕНИЙ КАЗАХСКОЙ ГОСУДАРСТВЕННОСТИ И ЕГО ВНЕШНЯЯ ПОЛИТИКА

Аннотация. В статье автор рассматривает проблемы взаимоотношений между Казахским ханством и династией Шайбанидов Мауереннахра, Сефевидами Ирана и Русским государством в конце XVI в. Автор опираясь на источники, рассматривает историю дипломатических связей и военных сражений, исследует факты о Тауекел хане, о личных качествах как правителя, дипломата, единство казахского общества.

В сложных внешнеполитических ситуациях он показал выдающиеся дипломатические способности. Он воссоединил Казахское ханство, которое было разделено его предшественниками. Во время правления Тауекел хана Казахское ханство активно развивалось, в исторических документах того времени Тауекел хана называли «царем казахов и калмаков».

В эпоху правления Тауекел хана произошли исторические изменения во внешней политике Казахского ханства: Казахское ханство установило дипломатические и политические отношения с Москвой. Тауекел хан сумел объединить раздробленное Казахское ханство, в состав Казахского ханства на двести лет вошли Ташкент, на определенное время Фергана и весь Туркестан, то есть оседло-земледельческие районы по обоим берегам Сырдарьи, которые до того принадлежали Шайбанидам. Он объединил казахский народ и внес большой вклад в укрепление его государственности.

  Ключевые слова: ханства, государственность, истоки, политические, международные, связи, дипломатия.

N.A. Tasilova

Al-Farabi Kazakh National University,

Candidate of Historical Sciences,Associate professors. Almaty, Kazakhstan.

THE ROLE OF KHAN'S TOWEKEL IN STRENGTHENING OF KAZAKH STATEHOOD AND ITS FOREIGN POLICY

<b>Annotation</b><b>: </b>In the article, the author examines the problems of the relationship between the Kazakh Khanate and the Shaibanid dynasty of Mauerennakhr, the Iranian Safavids and the Russian state at the end of the 16th century. The author, relying on sources, considers the history of diplomatic relations and military battles, explores the facts about Tauekel Khan, about personal qualities as a ruler, diplomat, and unity of the Kazakh society.
In difficult foreign policy situations, he showed outstanding diplomatic skills. He reunited the Kazakh Khanate, which was divided by his predecessors. During the reign of Tauekel Khan, the Kazakh Khanate actively developed, in historical documents of that time Tauekel Khan was called "the king of the Kazakhs and Kalmaks".
During the reign of Tauekel Khan, historical changes occurred in the foreign policy of the Kazakh Khanate: the Kazakh Khanate established diplomatic and political relations with Moscow. Tauekel Khan managed to unite the fragmented Kazakh Khanate, Tashkent was included in the Kazakh Khanate for two hundred years, Fergana and the whole of Turkestan for some time, that is, settled agricultural areas on both banks of the Syr Darya, which previously belonged to the Shaibanids. He united the Kazakh people and made a great contribution to strengthening its statehood.
<b>Keywords:</b> khanates, statehood, sources, political, international, ties, diplomacy.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 3263

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. ӨЗБЕКСТАН – ОҢТҮСТІК КОРЕЯ: КЕЛІСІМДЕРДЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА. 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ХАҚНАЗАР ХАННЫҢ БИЛІГІ ТҰСЫНДА ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУІ ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОРЫС ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ