Әдістемелік еңбектер

Мақала түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, тарихшы және дипломат Тұрар Рысқұловқа арналған. Ол Кеңес империясының қоластындағы түркі халықтарының бірлігі мен азаттығы үшін күрескен түрікшіл тұлға. Түркістан халықтарының саяси құқықтары мен бостандығы, олардың еуропалықтармен теңдігі және Шығыстағы революция мәселелері туралы теориялық ой-пікірлер айтқан ірі теоретик, ойшыл. Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі ретінде дипломатиялық әрі эмиссарлық қызмет атқарып, Моңғолияның тәуелсіз ел болып қалыптасуы жолында ересен еңбек сіңірген дипломат. Т. Рысқұлов өзінің бүкіл саналы ғұмырын туған халқының жарқын болашағы үшін күреске арнады. Бірақ, оның Қазақстандағы ресми қызметі бар-жоғы екі айға ғана созылды. 1926 жылдың сәуір-маусым айларында ол БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің Баспасөз бөлімін басқарды және «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып жұмыс істеді. Мақалада архивтің тың құжаттары негізінде Т. Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі талдауға алынады.
Мақалада Кеңес Одағының Шыңжаңға қатысты саясаты және Шығыс Түркістан Республикасының құрылу тарихы мен Алтай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы болған Оспан батырдың тарихи тұлғасына қатысты ғылыми талдау жасалады. ХХ ғ. 20-30-жж. Қытайдың Шыңжаң аумағы толықтай Кеңес Одағының тікелей ықпалында болды. Кеңес Одағы басшылығының ХХ ғ. 30-жылдарында Шыңжаңға қатысты қабылдаған шешімдеріне қарап, Шыңжаңның толықтай КСРО дотациясына көшкенін көруге болады. Осындай жағдайда, жергілікті қытайлық билік өкілдерінің өзі Шыңжаңның КСРО-ға қосылуы туралы мәселені бірнеше рет көтереді. Кеңес Одағының арнайы жобасы ретінде 1944 ж. 12 қарашада жарияланған Шығыс Түркістан республикасы алғашқы күннен бастап КСРО-ның тікелей қамқорлығына алынды. Бірақ, КСРО фашистік Германияны талқандаған соң, Тегеран-Ялта-Потсдам конференцияларында мойнына алған міндеттемелеріне сәйкес Жапонияға қарсы соғыс ашуы тиіс болды. КСРО басшылығы тез арада Қытаймен қарым-қатынасын ретке келтіре бастады. 1945 ж. тамызда жасалған кеңес-қытай келісімінен кейін Шығыс Түркістан тағдыры толықтай шешілген болатын. Осындай жағдайда, Алтай қазақтарының басшысы Оспан батыр КСРО-ға да, Қытайға да бағынудан бас тартып, өмірінің соңына дейін азаттық үшін арпалысты.