Home » Materials » 902/904 БЕРЕЛДЕН ТАБЫЛҒАН СҮЙЕК БҰЙЫМДАР*

Б.А. Сиражева, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Қазақстан

902/904 БЕРЕЛДЕН ТАБЫЛҒАН СҮЙЕК БҰЙЫМДАР*

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(16), 2018

Author:
Мақалада Берел обасының №36 қорғанынан табылған мүйіз бұйымдар кешеніне трасологиялық сараптама жүргізу нәтижелері келтірілген. Бұл кешен Берел қорымында 2002-2004 жж. жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған. Марал мүйізінен жасалған 66 дана ат-әбзелдерінің осы әшекейлері Қазақ даласы ерте көшпелілерінің сүйек ұқсату өнерінің бірегей үлгілері деп танылады. Аталмыш №36 қорған ашылған 2002-2004 жж. бері бұл бұйымдар бірнеше археолог ғалымдардың назарына іліккенімен, өз зерттеулерін тұжырымдап жария еткен тек З. Самашев пен А.П. Бородовский ғана болды. Табылған бұйымдар жинағы аз зерттелген заттар қатарына жататындықтан осы ақтаңдақтың орнын толтыру мақсатында бірқатар зертханалық зерттеулер жасалды. Бұйымдардың бойындағы өңдеу және тұтыну іздерін анықтау мақсатында Материалдық мәдениет тарихы институтының (РФ, Санкт-Петербург қ.) тәжірибелік-трасологиялық зертханасында Е.Ю. Гиряның жетекшілік етуімен және «Кайнозой геохронологиясы» ұжымдық қолдану орталығында (РФ, Новосибирск қ.) А.П. Бородовскийдің жетекшілік етуімен бірқатар зертханалық жұмыстар жүргізілді. Автор аталған ғалымдарға өз алғысын білдіре отырып, осы мақалада сол зерттеулердің жинақталған қорытындысымен таныстырады. Түйін сөздер: сүйек, мүйіз, сүйек ұқсату ісі, ерте темір дәуірі, қорған, трасология, Берел.
Text:

Кіріспе. Қазақстан археологиясында ерте көшпелілер тұтынған сүйек бұйымдар өте аз зерттелген. Оларды
егжей-тегжейлі жіктеу мәселесі әлі күнге қолға алынған емес. Сүйек пен мүйізден жасалған бұйымдар басқа заттармен салыстырғанда көп жағдайда зерттеушілер назарынан тыс қалатын дүниелер. Олардың пікірінше сүйек заттардың хронологиялық және мәдени таралу аймағы кең болғандықтан ескерткіштің уақыты мен мәдени тегін анықтауға жарамсыз болып келеді. Дегенмен соңғы уақыттағы жаратылыстану-ғылыми әдістерді қолдану арқылы зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай сүйек пен мүйізден жасалған бұйымдардың көмегімен ежелгі тұрғындардың шаруашылығы, экономикасы, тұрмысы және мәдени өмірі жайлы құнды деректер алуға болады. Осы мақалада Қазақстан ерте көшпелілерінің сүйек ұқсату өнерінің кейбір аспектілерін сарапқа салу талпыныстары жасалды. 

Нәтижелер.Берел қорымының 36 қорғанынан 2002 ж. марал мүйізінен аң стилінде ойып жасалған, ат-әбзелдерін безендіруге арналған 66 дана көркемөнер туындысы табылды. Бұл бұйымдар кешені әсемдігі мен бірегейлігі жағынан қола дәуірінің Кент қонысынан табылған жинақтан кем түспейді (Усачук, Варфоломеев, 2013: 223; Варфоломеев, Ломан, Евдокимов, 2017: 217).  З.С. Самашев пен А.П. Бородовский 2004 ж. мүйізден жасалған осы әшекейлерді сипаттап мақала жариялап, ғылыми  айналымға енгізді. Олар бұл кешенге: «Мүйізді скиф-сақ аң стилінде асқан шеберлікпен ойып жасаған көркемөнер бұйымдары Алтай ғана емес бүкіл Еуразия ерте көшпелілерінің жерлеу ескерткіштерінен мұндай көлемде тұңғыш рет кездесіп отыр. Әдетте Обь өзенінің жоғары алабында орналасқан б.д.д. І м.ж. екінші жартысына жататын обалардан ат-әбзелін құрайтын жекелеген сүйек бұйымдар немесе мүйізден жасалған жүген әшекейлерінің бірнешеуі ғана табылатын», – деп баға берді (Самашев, Бородовский, 2004: 83).

Сол уақыттан бері осы заттар бірнеше ғылыми мақалаға (Базарбаева, Джумабекова, 2014: 235; Бесетаев, 2014: 4; Шульга, 2015: 59) арқау болғанымен, нақты трасологиялық тұрғыдан зерттеулер жүргізген тек З. Самашев пен А.П. Бородовский ғана болды (Бородовский, 2007: 104-107; Бородовский, Телегин 2007: 52; Самашев, 2011, 36-37; Бородовский, 2013: 25).  

Дегенмен бұл мәселе З.С. Самашевтың назарынан тыс қалып көрген емес. Оның біз қарастырып отырған заттар кешеніне 2009 ж. украиналық ғалым А.Н. Усачукпен, 2011 ж. австриялық ғалым В. Лобиссермен (Wolfgang Lobisser) бірлескен трасологиялық зерттеулер жүргізгені осыны байқатады. Бірақ бұл зерттеулердің қорытындысы әлі күнге ресми түрде  ғылыми айналымға енгізілген жоқ. 

Мүйізден жасалған әшекейлерді зерттеудегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 2015 ж. олардың 53 данасын (жақсы сақталған, тасымалдауға келетін, бүтін әрі ақпарат беру мүмкіндігі мол дегендерін іріктеп алып) РФ Санкт-Петербург қаласындағы Материалдық мәдениет тарихы институтының Эксперименталдық-трасологиялық зертханасына апарып Е.Ю. Гиряның басшылық етуімен трасологиялық зерттеуден өткіздік. Артынша осы бағыттағы зерттеулерді А.П. Бородовскийдің басшылық етуімен, 2016 ж. РФ Новосибирск қаласында орналасқан РҒА СБ Археология және этнография, Геология және минерология, Ядролық физика институттарының Ұжымдық қолдану орталығы базасында жалғастырдық.  

Алдымен, 2015 ж. зерттеулерге тоқталатын болсақ, олар бұйымдардың бетіндегі материалдық іздердің макрофототүсірілімін жасау, МБС-9 стереоскопты микроскобының көмегімен бақылау және анықталған іздерді ацеттаттық пленкаға түсіру әдістері арқылы жүзеге асырылды. Мүйізден жасалған әшекейлердің макротүсірілімі Helicon Focýs компьютерлік бағдарламасымен өңделді.

Атап айтар болсақ, мына заттар зерттелінді: негізгі пішіні төртбұрышқа келетін, мүйіз тірескен қос бұғыгрифон протомасы бейнесіндегі салпыншақтар (20 дана); мәнерлеп оймышталған тікбұрышты салпыншақтар (15 дана); арка пішіндес оймышты салпыншақтар (4 дана); құйысқанның жапсырмалары (2 дана); пішіні S-тәріздес, ұштарында бұғыгрифон протомасы бейнеленген қостесікті сулықтар (2 дана); үзбелер (2 дана); жұқа, шығыңқы-иіліңкі тікбұрыш планкалар түріндегі жапсырмалар (2 дана); маңдай жапсырмасы (1 дана); тамшы пішіндес жіңішке пластина түріндегі тұмсық жапсырмасы (1 дана); төс жапсырмасы (1 дана); ер қасының доға пішіндес әшекейі (1 дана); ромб пішіндес үзбе (1 дана); тартпа тоғасы (1 дана).

Бұл жерде айта кететін нәрсе, бұйымдардың органикалық заттан жасалғанын, жер астында ұзақ уақыт бойы сақталғанын және жаңғырту барысында да химиялық ықпал етуге ұшырағандығын ескере отырып олардың шикізат күйіндегі өңделу іздерін (қайнату, жібіту және т.б.) анықтауға талпынбадық. 

Зерттеулер нәтижесі бойынша бұйымдардың барлығына дерлік ортақ мынадай белгілерді анықтадық:

-  бұйымдарды жасауда жүзі өткір және өте үшкір металл құралдар ғана пайдаланылған;

-  барлығы да қолдан оймышталып жасалған;

-  бұйым бетіндегі тесіктер мүйізді шытынатып алмау мақсатында көбіне қарама-қарсы бұрғылау арқылы жасалған;

-  бұйымдарда белгілі бір сызба немесе үлгі арқылы жасалғанын білдіретін белгілер жоқ немесе сақталмаған;

-  бұйымдар матаға немесе қайысқа бекітілген;

бұйымдар біраз уақыт қолданыста болған.

Алдымен, бұйымдардың қандай құралдардың көмегімен жасалғанын анықтауға талпындық. Бұйымдардың макрофототүсірілімін Helicon Focýs компьютерлік бағдарламасы арқылы өңдеу арқылы әр заттың жеке-жеке қолдан мұқият оймышталып жасалғаны анықталды. Мысалы айылбастар мен жапсырмалардың қай-қайсысының болмасын бірнеше есе үлкейтілген суретін алып қарайтын болсақ, басында түп-түзу, жұп-жұмыр етіп жасалғандай көрінетін оймыштардың шын мәнінде кертіктері көп екенін көреміз (1 сурет).

17231aa2c8debe386221d9c242f6644b.jpg

1-сурет. Жүген салпыншағындағы оймыштау іздерінің Helicon Focus бағдарламасында өңделген макротүсірілімі

 Бұл кертіктер пышақпен немесе сол сияқты жүзі өткір кез келген металл құралмен біртіндеп жону барысында түсетін кертіктер болып табылады. Жай көзбен бұл кертіктерді байқау мүмкін емес болғандықтан, құрал металдан жасалған деп кесімді түрде айтуға болады. Себебі тастан, сүйектен немесе басқа да материалдардан жасалған құралдардың жүзі мұндай жұқа, әрі өткір болуы мүмкін емес нәрсе.

Әзірге құралдың үш түрі болғаны туралы болжам жасауға болады. Біріншісі, пышаққа ұқсас құрал (ұшы қаламұш тәріздене келген болуы ықтимал); екіншісі, басы жартылай дөңгелене келген өткір құрал (осы заттармен бірге табылған ұшы сақина тәрізді пышақ болуы мүмкін); бұрғы.

Бірінші құралмен көлемі жағынан үлкенірек негізгі элементтер оймышталып жасалған болуы тиіс. Мүйіз бетіндегі бейнелер біртіндеп тілік жасау арқылы түсірілгендіктен, бұйым бетіндегі тереңірек түзу сызаттар (2 сурет) алдын-ала жасалған белгілер емес, осы құралдың олқы түскендігінен қалған іздер деген болжам жасадық.

3fca930089634573cd64917fe073bbe6.jpg

2-сурет. Жүген-ноқтаның әшекей салпыншағындағы  оймыштау іздерінің Helicon Focus бағдарламасында өңделген макротүсірілімі

Салпыншақ айылбастардың бетіндегі «қабыршақтар екінші құралдың көмегімен жасалған деуге негіз бар. Себебі, бұйым бетіндегі «қабыршақтардың» үлкейтілген бейнелерінен кертіктерді байқамадық, жартылай дөңгелене келген өрнектің шет-шеті түп-түзу (3 сурет).

33cdf341a2fd714e920bd53d275f848d.jpg

3-сурет. Ат-әбзелі әшекейінің бетіндегі «қабыршақтардың» Helicon Focus бағдарламасында өңделген макротүсірілімі

 Бұндай өрнекті ұш жағы сақина тәріздене біткен өткір металл құралдың көмегімен үңгіп алу арқылы жасауға болады.

Ал бұйымдардағы тесіктер металл бұрғының көмегімен жасалған (4 сурет). 

0f9b52b9886f7f5d3135948b19b2f6c8.jpg

4-сурет. Жүген-ноқтаның әшекей салпыншағындағы бұрғымен тесу іздерінің Helicon Focus бағдарламасында өңделген макротүсірілімі

Бірақ кейбір бұйымдарда тесіктер төтесінен жасалмаған, бұйымды бүлдіріп алмау мақсатында бір-біріне қарама-қарсы бағытта тесілген. Бұйым бетіндегі жалпақ тесіктер бұрғымен тесіліп алынып, артынша бір бағытта (бұйымның төменгі жағына қарай) пышақпен жона отырып кеңейтілген (5 сурет). 

de0290cdf1e89b1496a0f1ab5dd35811.jpg

5-сурет. Жүген-ноқтаның әшекей салпыншағындағы бұрғымен жасалған тесіктердің пышақпен жона отырып кеңейтілуінің Helicon Focus бағдарламасында өңделген макротүсірілімі

Жалпақ тесіктердің қызметі жөніндегі болжамымыз екі түрлі: біріншісі, бұл тесіктер бұйымдар салпылдап тұрмас үшін қайыс, киіз немесе мата астарға бекіту үшін жасалған; екіншісі,  бұл тесіктерден сәндік үшін қайысты немесе шашақты шығарып түйіп қою үшін жасалған. Бірінші болжамымызды нақтылай түсу үшін астарға бекітілген қайыстан қалған үйкеліс іздерін қарастырып көргенімізбен ондай белгіні байқай алмадық (үйкеліс іздері болмаған немесе реставрациялау барысында жойылып кеткен), сондықтан бұл болжамымыз әлсіздеу болып отыр. Екінші болжамымыз шындыққа жанасуы мүмкін, себебі, бұл тесіктерден қайыс баулар немесе шашақтар шығарылып қойған болса, үйкеліс іздерінің болмауы немесе болса да әлсіз болғандықтан сақталмауы заңдылық. Қалай болған күнде де бір нәрсе анық, шебер бастапқыда бұндай үлкен тесіктерді жасауды жоспарламаған. Бұйымдарда алдымен кішкене тесіктер жасаған, артынша дайын бұйымның тесіктерін әлдебір себептермен тағы да кеңейткен. 

Бұйымдарды жасауда негізінен кесу, жону және тесу әдістері қолданылған.

Бұйымдар қолдан жеке-жеке жонылып жасалғандықтан жасаушы шебер бірнешеу болуы мүмкін деген болжам жасадық. Себебі, бұйымдар жасалған мүйіз материалдың сапасы біркелкі. Мұндай мұқият, әрі нәзік оймыштау біраз уақыт алатын жұмыс. Ал мүйіз материал уақыт өткен сайын кебу тарту, жарылу сияқты органикалық заттарға тән бүлінушілікке ұшырайтыны белгілі. Оның үстіне бұл бұйымдар тек жерлеу ғұрпына арнап жасалған деген болжамға сүйенсек, бұл да жұмысты шапшаңдату үшін бірнеше адам жабылып жасауға себеп болады. Сондай-ақ кейбір бұйымдар симметриялығымен және мұқият жасалуымен ерекшеленеді және бұл бұйымды басқаларға қарағанда тәжірибесі молдау шебер жасаған болуы мүмкін-ау деген ойға жетелейді. Ал былайынша, белгілі бір шебердің қолтаңбасын анықтау және бір жақты шешім шығару деген мүлдем мүмкін емес нәрсе.

Бұйымдар мата, киіз немесе былғары астарға бекітілген деп болжауға негіз бар. Себебі бұйымдардың барлығының дерлік артқы жағы жап-жаңа (ешқандай үйкеліс немесе басқа да іздер байқалмайды).

Тағы бір назар аударарлық нәрсе, бұйымдардың барлығының төменгі жақтарынан тозу іздері байқалады. Кейбір бұйымдардың тозу іздері тіптен анық. Бұйымдардың белгілі бір мөлшерде тозғандығына қарап бұл әшекейлердің бастапқыда салтанатты іс-шараларда қолдануға арнап жасалған болуы ықтимал деп шештік. Оның үстіне, бұйымдар қабірге түскенге дейінгі қолданыс кезінде алтын фольгалар жапсырылмаған, тек қызыл түспен боялған күйінде (6 сурет) немесе қалайы жабындысымен қолданылған болуы мүмкін. 

8c6c85d6c327c1bb1a8e28628286cedb.jpg

6-сурет. Мүйіз салпыншақтағы бояу іздерінің Helicon Focus бағдарламасында өңделген макротүсірілімі


Қалайы жабындысы минус 13°С температурасында қалайы кристалдары атомының тығыздығы азайып, cұрғылт түсті Sn модификациясындағы жартылай өткізгішке айналатынынын ескерсек, мүйіздің құрылысындағы табиғи тесіктерде кездесетін көкшілдеу немес сұрғылт кристалдарды бұйымның қолданыстағы кезінде сіңіріп алған қалайысы деп санауға негіз бар.  Бірақ бұйымдар қалайы жабындысымен қабірге түсірілгенге дейін де кейін де минус 33°С температурасына ұрынбаған. Олай болған күнде қалайының орнында ұнтағы ғана қалатын еді (Мутылина, 2016: 63).

Ал бұйымдардың бетіндегі алтын фольга жапсырмалары тіптен жаңа болғандықтан, оларды бертінде (қабірге түсірілер кезде) жапсырған деп санаймыз. Алтын фольгада тозу іздерінің болмауы, ал фольга астындағы бұйымда керісінше бұл іздердің болуы бұйымдардың аз кем қолданыста болған болуы мүмкін деген болжам жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен, фольгалардың реставрациялық жұмыстар барысында мұқият өңделуі есебінен жаңарып кету мүмкіндігін де жоққа шығармаймыз. Екінші жағынан алып қарағанда, үлбіреген жұқа фольгамен жабылған әшкейлермен безендірілген ат-әбзелдерін салтанатты іс-шараға болсын қолдану, яғни атты ерттеп мініп аз уақыт болса да жүру ақылға қонымсыз нәрсе.

  Біз қарастырып отырған мүйіз бұйымдардың да нәзіктігі олардың үнемі қолданыста болу мүмкіндігін жоққа шығарады.

  Тағы бір тоқтала кететін жайт, төс айылдың мүйіз тоғасы (7 сурет) біздіңше бұл кешенге сырттан келіп қосылған дүние және оның біраз уақыт бойы қолданыста болғаны МБС-9 стереоскопты микроскобының көмегімен бақылау арқылы және ацетаттық пленкаға іздерді көшіріп алу арқылы анықталып отыр. Оның үстіне бұйым жасалған шикізаттың тығыздығы да, біз қарастырып отырған кешеннен қарар көзге де ерекшеленеді. Бұндай тоғалардың күнделікті қолданыста болғаны осы дәуірге тән басқа ескерткіштерден осыған ұқсас жәдігерліктердің табылуымен дәйектелініп отыр.

dbe47cba9a7a6644c6a832118b738b42.jpg

7-сурет. Мүйіз тоғадағы тұтыну іздерінің Helicon Focus бағдарламасында өңделген макротүсірілімі.


Заттардағы бояу іздері барлығында дерлік жақсы сақталғандықтан бұйымдарды бояу басынан жоспарлы түрде атқарылған деуге негіз бар.

Ал 2016 ж. жүргізілген зерттеулер барысында дәстүрлі (органолептикалық) және жаратылыстану ғылыми әдістерінің (энергодисперсиялық сараптаманы) көмегімен бұйымдардың жасалу материалын және оларды безендіру (алтынмен аптау, сырлау) кезінде қолданылған материалдарды анықтадық.

Нәтижесінде:

- бұйымдардың сом мүйізден ойылып жасалғаны, нақтырақ айтар болсақ, мүйіз шикізатының әртүрлі бөліктерінен (бұтақтары мен ұзын өскіндерінен) алынған жалаңқабат мүйіз пластинаның әр түрінен оймышталып әзірленгені анықталды;

- кейбір бұйымдарда сақталған алтын жабындылардың (фольгалардың) құрамында таза алтынның басымдығы, яғни 83 % алтын, 13 % күмістен тұратындығы белгілі болды. Соған қарағанда олардың негізгі шикізаты Алтайдың саф алтыны болса керек деген болжамға келдік;

-  бұйымдардың бояуына сараптама жасау кезінде аздаған ерекшеліктер байқалды. Біріншіден, бұйымдардың бір данасы құрамында кадмиі басым заманауи боуямен боялғаны анықталды (Бородовский, 2016: 84). Кейін белгілі болғандай, ол реставратор Қ. Алтынбековтың бұйымдарды жаңғырту кезінде жүргізген тәжірибесінің іздері болып шықты. Екіншіден, басқа бұйымдардағы ежелгі бояу заттың органикалық қабатына әбден сіңіп, бірігіп кеткендіктен, оларды ажыратып алып энергодисперсиялық әдіспен құрамын анықтаймыз деген мақстамызға жете алмадық. Бірақ қол жеткізген нәтижеміз ежелгі бояудың құрамы химиялық емес органикалық заттардан тұрады деп нақты болжам жасауға жеткілікті болды. 

Ал енді осы мүйізден бұйым жасауға қолданылған құралдар мәселесіне тоқталар болсақ, жоғарыда аталған әшекейлердің бетіндегі технологиялық іздерге қарап ежелгі сүйекшілер қолданған құрал-жабдықтар туралы нақты бір дерек алу мүлдем мүмкін емес нәрсе. Шеберлер өз ісіне қарапайым, ықшам, көшіп-қонуға оңтайлы, яғни жеңіл, көшпелі өмірге бейімделген құралдарды пайдаланған деуге негіз бар. ХХ ғ. басына дейін жартылай көшпелі өмір салтын ұстанып келген қазақтардың қолданбалы өнері туралы жазып қалдырған Е. Масановтың (Масанов, 1963: 105), Ә. Марғұланның (Маргулан, 1986: 188-205), Х. Арғынбаевтың  (Арғынбаев, 1987: 83-87), С. Қасимановтың (Қасиманов, 1995: 100-108) еңбектерінде қазақ шеберлерінің құрал-жабдықтары қарапайым болғаны, негізінен кесу, тесу, жону құралдарынан ғана тұрғаны келтіріледі. Тағы бір назар аударарлық жайт, аталған ғалымдар сүйек пен мүйізден бұйым жасау ісін қазақ қолөнерінің зергерлік, ағаш ұқсату сияқты басқа салаларынан ерекше бөліп-жарып қарастырмайды. Керісінше, шеберлердің әмбебап болғаны туралы айтып өтеді. Бұны этнограф-шебер Д. Шоқпарұлы да растайды (Шоқпарұлы, 1994: 3; Шоқпарұлы, 2005: 83). Н. Оразбаеваның 1959 ж. жарық көрген мақаласында (Оразбаева, 1959: 158). Қазақстанда жүргізілген этнографиялық экспедициялардың ешқайсысы сүйек өңдеуге арналған  құралдарды анықтай алмады деп пікір қалдыруының басты себебі қолданбалы өнердің кейбір салаларының бір-бірімен тығыз ұштасып жатуымен байланысты болса керек. Бұл жағдайда қазақ даласындағы шаруашылық өмір соңғы үш мың жылда аса өзгеріске ұшырамағанын ескеріп және этнографиялық материаларды дерек ретінде қолдана отырып, яғни этноархеология әдісімен (Кожевникова, 2013: 150; Кениг, 2010: 34) ежелгі дәуір шеберлерінің іс-әрекетін жаңғыртып көруге болады. Бірақ бұндай әрекетті тиісті ғылыми ортаның құптау-құптамауы неғайбыл болғандықтан біз бұл мәселеде аса тереңдей қойған жоқпыз.

Сондықтан, Берел қорымының №36 қорғанынан табылған мүйізден жасалған бұйымдарды әзірлеуге нақты бір құрал түрі қолданылды деп кесіп айтпаймыз, бірақ жоғарыда келтірілген зертханалық зерттеу нәтижелеріне қарай олар түрлі өлшемдегі металл аспаптар, яғни – пышақтар, қашаулар және бұрғылар болуы мүмкін деп болжаймыз. 

Қорытынды. Мақалада қарастырылған мүйізден жасалған ат-әбзелдерінің әшекейлеріне жүргізілген зертханалық трасологиялық зерттеулер Ұлы дала белдеуін ерте темір дәуірінде мекен еткен халықтарда сүйек ұқсату ісінің көркемдік жағынан ғана емес технологиялық қырынан алғанда да жоғары деңгейде болғандығын нақтылай түсуге мүмкіндік берді.

Әдебиеттер:

АрғынбаевХ.Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987. 281 б

Базарбаева Г.А., Джумабекова Г.С. Убранства коня в культуре кочевников // Материалы международной научно-практической конференции «ІІ Аргынбаевские чтения», посвященной 90-летию выдающегося ученого-этнографа, доктора исторических наук, профессора Халел Аргынбаева 25 декабря 2014 г. Алматы: «Қазақ университеті», 2014. С. 230-237

Бесетаев Б.Б. История изучения конского снаряжения кочевников Восточного Казахстана скифо-сакского времени // Вестник НГУ. Серия: История, филология. 2014. Том 13, выпуск 7: Археология и этнография.  С. 17-28

Бородовский А.П. Древний резной рог Южной Сибири (эпоха палеометалла). Новосибирск: Изд-во Института археологии и этнографии СО РАН, 2007. 176 с.+ цв. вкл. 8 с.

Бородовский А.П., Телегин А.Н. Роговые украшения седла скифского времени с Приобьского плато // Археология, этнография и антропология Евразии, 2007. № 2 (30). С. 52-62

Бородовский А.П. Проблемы реконструкции специализации производств по обработке органических материалов на Юге Западной Сибири в эпоху палеометалла // Вестник Томского государственного университета. История. 2013. № 3 (23). С. 24-27

Бородовский А.П. Рекогносцировочные исследования состава красителей на резных роговых предметах из некрополей эпохи раннего железа Южной Сибири // Теория и практика археологических исследований. Барнаул: Издательство Алтайского государственного университета, 2016. С. 81-87

Варфоломеев В., Ломан В., Евдокимов В. Кент – қазақ даласының орталығындағы қола дәуірінің қаласы. Астана: Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының баспа тобы, 2017. 338 б. Қазақша, орысша, ағылшынша

Кениг А.В. Этноархеология как метод археологических реконструкции (на примере тазовских селькупов). Екатеринбург–Ханты-Мансийск: издательство АМБ,  2010. 128 с.

Кожевникова Д.В. Комплексное использование данных археологии и этнографии для анализа древнейших музыкальных инструментов // Вестник НГУ. Серия: История, филология. 2013. Том 12, выпуск 3: Археология и этнография. С. 150-156

Қасиманов С. Қазақ халқының қол өнері. Алматы: Қазақстан, 1995. 240 б

Маргулан А.Х.Казахское народное прикладное искусство. Алма-Ата: Онер, 1986. Т. 1. 256 с.

Масанов Э. А. Заметки о резьбе по кости и камню у казахов (вторая половина XIX - начало XX века) // Труды института истории, археологии и этнографии им. Ч.Ч. Валиханова АН КазССР. Алма-Ата, 1963. Т. 18. С. 103-121

Мутылина И.Н. Материаловедение. Цветные металлыисплавынаих основе. Учебно-методический комплекс. М.: Проспект, 2016. 160 с.

Оразбаева Н.А. Искусство резьбы по кости у казахов // Труды института истории, археологии и этнографии АН Каз ССР, 1959. Т.6. С. 144-158

Самашев З.С., Бородовский А.П. Роговые украшения конской узды и упряжи из Берельского некрополя. // Археология, этнография и антропология Евразии – 2004. № 3 (19). С. 82-87

Самашев З. Берел. Алматы: Издательский дом «Таймас». 2011. 236 с.

Усачук А.Н., Варфоломеев В.В. Костяные и роговые изделия поселения Кент (предварительный результат трасологического и функционально-типологического анализа) // Бегазы-дандыбаевская культура Степной Евразии. Алматы, 2013. С. 218-227

Шоқпарұлы Д. Сүйектерге жан бітсе // Ана тілі. 3 ақпан 1994. №5, 2-4 бб

Шоқпарұлы Д. Қазақтың қолөнері: альбом. Алматы: «Өнер», 2005. 176 б.: суретті.

Шульга П.И. Снаряжение верховой лошади в Горном Алтае и Верхнем Приобье: в 2 ч. Новосибирск: РИЦ НГУ, 2015. Ч. II (VI–IIIвв. до н.э.). 322 с. 

References

ArgynbaevH.Qazaq halkynyńqolóneri. Almaty: Òner, 1987. 281 b

Bazarbaeva G.A., Dzhýmabekova G.S. Ýbranstva konya v kýl'týre kochevnikov // Materialy mezhdýnarodnoi naýchno-prakticheskoi konferencii «II Argynbaevskie chteniya», posvyashennoi 90-letiyý vydayýshegosya ýchenogo-etnografa, doktora istoricheskih naýk, professora Halel Argynbaeva 25 dekabrya 2014 g. Almaty: «Kazak ýniversiteti», 2014. S. 230-237

Besetaev B.B. Istoriya izýcheniya konskogo snaryazheniya kochevnikov Vostochnogo Kazahstana skifo-sakskogo vremeni // Vestnik NGÝ. Seriya: Istoriya, filologiya. 2014. Tom 13, vypýsk 7: Arheologiya i etnografiya. S. 17-28

Borodovskii A.P. Drevnii reznoi rog Yýzhnoi Sibiri (epoha paleometalla). Novosibirsk: Izd-vo Institýta arheologii i etnografii SO RAN, 2007.176 s.+ cv. vkl. 8 s.

Borodovskii A.P., Telegin A.N. Rogovye ýkrasheniya sedla skifskogo vremeni s Priob'skogo plato // Arheologiya, etnografiya i antropologiya Evrazii – 2007. № 2 (30). S. 52-62

Borodovskii A.P. Problemy rekonstrýkcii specializacii proizvodstv po obrabotke organicheskih materialov na Yýge Zapadnoi Sibiri v epohý paleometalla // Vestnik Tomskogo gosýdarstvennogo ýniversiteta. Istoriya, 2013. № 3 (23). S. 24-27

Borodovskii A.P. Rekognoscirovochnye issledovaniya sostava krasitelei na reznyh rogovyh predmetah iz nekropolei epohi rannego zheleza Yýzhnoi Sibiri // Teoriya i praktika arheologicheskih issledovanii. Barnaýl: Izdatel'stvo Altaiskogo gosýdarstvennogo ýniversiteta, 2016. S. 81-87

Kenig A.V. Etnoarheologiya kak metod arheologicheskih rekonstrýkcii (na primere tazovskih sel'kýpov). Ekaterinbýrg–Hanty-Mansiisk: izdatel'stvo AMB, 2010. 128 s.

Kozhevnikova D.V. Kompleksnoe ispol'zovanie dannyh arheologii i etnografii dlya analiza drevneishih mýzykal'nyh instrýmentov // Vestnik NGÝ. Seriya: Istoriya, filologiya. 2013. Tom 12, vypýsk 3: Arheologiya i etnografiya. S. 150-156

Margýlan A.H.Kazahskoe narodnoe prikladnoe iskýsstvo. Alma-Ata: Oner. T. 1, 1986. 256 s.

Masanov E. A. Zametki o rez'be po kosti i kamnyý ý kazahov (vtoraya polovina XIX - nachalo XX veka) // Trýdy institýta istorii, arheologii i etnografii im. Ch.Ch. Valihanova AN KazSSR.Alma-Ata, 1963. T. 18. S. 103-121

Mýtylina I.N. Materialovedenie. Cvetnye metallyisplavynaih osnove. Ýchebno-metodicheskii kompleks. M.: Prospekt, 2016.160 s.

Orazbaeva N.A. Iskýsstvo rez'by po kosti ý kazahov // Trýdy institýta istorii, arheologii i etnografii AN Kaz SSR. T.6, 1959, S. 144-158

Qasimanov S. Qazaq halhynyń qolóneri. Almaty: Qazaqstan, 1995. 240 b

Samashev Z.S., Borodovskii A.P. Rogovye ýkrasheniya konskoi ýzdy i ýpryazhi iz Berel'skogo nekropolya. // Arheologiya, etnografiya i antropologiya Evrazii – 2004. № 3 (19). S. 82-87

Samashev Z. Berel. Almaty: Izdatel'skii dom «Taimas»,2011.236 s.

Shoqparýly D. Sýiekterge jan bitse // Ana tili. 3 akpan 1994. №5, 2-4 bb

Shoqparýly D. Qazaqtyn qoloneri: al'bom. Almaty: «Oner», 2005. 176 b.: sýretti.

Shýl'ga P.I. Snaryazhenie verhovoi loshadi v Gornom Altae i Verhnem Priob'e: v 2 ch. Novosibirsk: RIC NGÝ, 2015. Ch. II (VIIIIvv. do n.e.): 322 s. 

Varfolomeev V., Loman V., Evdokimov V. Kent Kazak dalasynyn ortalygyndagy kola daýirinin kalasy.Astana: Kazak gylymi-zertteý madeniet institýtynyn baspa toby, 2017. 338 b. Kazaksha, oryssha, agylshynsha

Ýsachýk A.N., Varfolomeev V.V. Kostyanye i rogovye izdeliya poseleniya Kent (predvaritel'nyi rezýl'tat trasologicheskogo i fýnkcional'no-tipologicheskogo analiza) // Begazy-dandybaevskaya kýl'týra Stepnoi Evrazii. Almaty, 2013. S. 218-227

Б.А. СИРАЖЕВА1

1Научный сотрудник Института археологии им. АХ. Маргулана,

магистр истории

КОСТЯНЫЕ ПРЕДМЕТЫ ИЗ БЕРЕЛИ

Резюме

В статье отражены результаты трасологических исследовании комплекта роговых изделийиз кургана 36 могильника Берел. Настоящий комплект, обнаруженный в результате археологических изысканий проведенных на некрополе Берел в 2002–2004 годы, является убранством верхового коня, состоит из 66 предметов, изготовленных из рога марала, и представляет собой выдающееся произведение косторезного искусства ранних кочевников Великого пояса степей.

Со времени исследования кургана 36 в 2002–2004 гг. данные предметы стали объектом исследовании нескольких ученых-археологов, но результаты своих исследовании опубликовали только З. Самашев и А.П. Бородовский. 

В целом коллекция относится к категории малоизученных предметов и для восполнения этих пробелов проведен ряд лабораторных исследований. 

В целях изучения материальных следов изделия, были исследованы в ноябре 2015 г. в экспериментально-трасологической лаборатории Института истории материальной культуры (Санкт-Петербург, РФ) под руководством Е.Ю. Гиря. Дополнительные исследования были проведены в 2016 году, в Центре коллективного пользования «Геохронология кайнозоя» (Новосибирск, РФ), под руководством А.П. Бородовского. Автор выражает благодарность коллегам за оказанную помощь в изучении данного комплекса.

Ключевые слова: кость, рог, косторезное дело, ранний железный век, курган, трасология, Берел

B.Sirazheva

Institute of Archaeology named after A.Kh. Margulan, Kazakhstan

Bonelles objects from Berel

Abstract. The article presents the results of  tracological researches of a set of objects made of horns from the barrow 36 of the burial mound Berel. The set discovered as a result of archaeological research carried out on the necropolis Berel in 2002-2004, is the horse harness. It consists of 66 items made of red deer horns, and is an outstanding work of bone carving art of the early nomads of the Great Steppe Belt.

These objects have become the object of research of several archaeologists since the study of the barrow 36 in 2002-2004, but the research results were published only by Z. Samashev and A.P. Borodovsky.

In general, the collection can be referred to poorly studied subjects and a number of laboratory studies have been carried out to eliminate these gaps.

In order to study the material traces of the objects, they were examined 2015 in the experimental-trasological laboratory of the Institute of the History of Material Culture (St. Petersburg, Russia) under the guidance of E.Yu. Gir’. Additional studies were carried out in 2016, at the Center for Collective Use " Cainozoe geochronology” in November (Novosibirsk, Russia), under the supervision of A.P. Borodovsky. The author expresses gratitude to colleagues for their help in studying this complex.

Key words:bone, horn, bone carving, early iron age, barrow, Trace Analysis, Berel

* Мақала № АР05133484 «Қазақ Алтайындағы сақ мәдениетінің эталонды ескерткіштері (Таутекелі, Қарақаба, Өрел, Солонечные белки, Берел)» гранттық жобасы аясында жүргізілген зерттеулер негізінде жазылды


No comments

To leave comment you must enter or register