Home » Materials » ҮГЕДЕЙ ХАНДЫҒЫНЫҢ КЕМЕЛДЕНУІ

ЖИЯ СҰҢЖИЯҢ (Jia Congjiang)

ҮГЕДЕЙ ХАНДЫҒЫНЫҢ КЕМЕЛДЕНУІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2

Tags: орта ғасыр, моңғол империясы, Үгедей, Қайду, Орталық Азия, көшпелілер.
Author:
Түйіндеме: Мақалада Үгедей хандығының құрылу мен өркендеуі, Үгедей ұрпақтарының тағдыры, сондай-ақ, Қытайдағы Моңғолдың Юань патшалығы мен Орталық Азия қарым-қатынасы қарастырылады. Түйін сөздер: орта ғасыр, моңғол империясы, Үгедей, Қайду, Орталық Азия, көшпелілер.
Text:

I

Үгедей хандығы – моңғолдың төрт ірі хандығының бірі. Басқа үш хандықпен салыстырғанда, оның құрылуы мен дамуында үлкен айырмашылықтар бар. Қыпшақ хандығы мен Шағатай хандығы Шыңғыс ханның екі ұлы Жошы мен Шағатайға еншіге берілген жерлердің негізінде құрылып, дербестігін алудан бұрын әлдеқашан мұрагерлік билікті негіз еткен әулеттік саяси жүйені қалыптастырып болған еді. Төленің ұлы Құлағу Иранды бағындыруға аттанып, кейін моңғол елінің өз ішіндегі (Құбылай мен Арықбөкенің) тақ таласы себебінен, сол арада ірге теуіп, Илхан мемлекетін құрды. Үш хандықтың құрылу барысы географиялық жақтан қарағанда табиғи түрде құрыла салғандай сезіледі. Ал Үгедей хандығының құрылуы бұлардан айқын өзгешелікке ие болса да, ғалымдардың назарын өзіне аудара қоймаған тәрізді.

Батысқа жорықтан кейін, Шыңғыс хан кең-байтақ  даланы ұлдары мен інілеріне бөліп берді. Соның ішінде бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлының мәртебесі асқақ болды. «Моңғол елінің төрт діңгегі» аталған ұлдарының иеленген территориясы сол заманда жасаған парсылық автор Жувайнидың еңбегінде былай деп өте айқын жазылған: «Қаялық (Қазақстан, Алматы облысы) пен Хорезм (Арал теңізінің оңтүстік жағалауы) өңірінен Сақсын (Еділдің төменгі аңғары) мен Бұлғар (Еділдің төменгі аңғарының (ағысының – ауд.) батыс жағасы) шекарасына дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр дала тұңғышы Жошы ханға берілді. Шағатайға бөлініп берілген аумақ Ұйғыр шекарасынан басталып, Самарқанд пен Бұхараға дейін жетіп, ордасы Алмалықтағы Құяс (Шыңжаң, Қорғас) деген жерде болды. Үгедей ханзаданың ордасы әкесі билік құрған кезде Еміл (Шыңжаң Дөрбілжін) мен Қобық (Шыңжаң Қобықсары) өңірінде болса, бірақ кейін таққа отырған соң ордасын қарақытайлар мен ұйғырлардың ортасындағы өздерінің ата-жұртына көшірді. Төленің иелігі де онымен шектес болатын, міне бұл олардың империясының орталығы еді» [[i]].

Бұл бөлісте Ертіс өзенінің батысынан Арал теңізінің оңтүстік жағалауының солтүстігі мен батысына дейінгі ұлан-ғайыр алқап үлкен ұлы Жошыға қарады. Екінші ұлы Шағатай Іле өзенінің жоғарғы ағысынан Бұхараға дейінгі кең сахараны иеленді. Төле Моңғолдың байырғы мекеніне иелік етіп қалды. Бұлармен салыстырғанда, Үгедейге бөлінген жерде әлдебір кездейсоқтық жатқандай көрінеді. Жувайни мен «Жами-ат тауарихтың» авторы Рашид-ад-дин де Үгедейдің басқа үш ағасындай ұлан-байтақ территорияны емес, олармен салыстырғанда алақандай жерді, яғни Алакөлдің шығысындағы Еміл мен Қобық өңірін ғана еншілегенін растайды. Кейінгі дәуірлерде кейбіреулер оның еншісіне Алтай тауы мен Еміл өзенінің аралығы, яғни бұрынғы наймандардың ата мекені тиеселі болды деп жорамалдаған [[ii]]. Алайда, Қытайдың сол кездегі тарихи деректері мен парсы жазбаларының барлығы да бұл жорамалды теріске шығарады.

Шындығында, Шыңғыс хан Үгедейге наймандардың ата мекенін тұтастай емес, тек шағын жайылымдық жер ғана бөліп берген. Былай қарағанда, бұл батысқа жорық жасаудан бұрын-ақ Ұлы Қағанның мұрагері атанған Үгедейдің атағына сәйкес емес еді. Анығында бұл Үгедейдің мұрагер ханзадалығына байланысты болатын. Бұл жолғы енші үлесін бөлісу батысқа жорықтан кейін 1225 жылы өтті. Шыңғыс ханның Үгедейге берген еншісі Үгедейдің Ұлы қаған тағына отырудан бұрынғы өз жайылысы ғана еді. Бұл әр ұл еншіге ие болатын рулық дәстүрдің бір көрінісі болса да, басқа үш ұлынан өзгешелеу еді. Өйткені, Ұлы қаған болғандықтан Үгедей моңғол елінің жер-суының иегері және билеушісі, Қарақорымды орталық етіп, барлық жаңадан бағындырылған жерлерді бөліске сала алатын мұрагер. Сондықтан да кейінгі ұрпақтарының иелігі үшін қам жемеуге тиісті. Үгедей таққа отырған соң, тұңғыш ұлы Күйікке өз иелігіндегі Еміл өңірін берді, ал екінші ұлы Құтанға Лияңжу өлкесін, сондай-ақ Шыңғыс хан көзі тірісінде Төлеге бөліп берген сұнит руы мен сұлдұс руының 3000 түтінін де бөліп береді [[iii]].

Құтанның Сары өзеннің батыс өңіріне ғана ие болуы, шындығында Үгедейдің басқа аға-інілеріндей үлкен аумақты территорияға ие болмағандығын білдіреді. Үгедейден тараған ханзадалардың да иелігінде толыққанды территория болған жоқ.

Үгедейдің Ұлы қаған болу мәртебесіне сәйкес, Үгедей хандығында Шағатай мен Жошы ұлысы сияқты орталықтандырылған хандық билік қалыптаспады. Үгедей, Күйік (Үгедейдің тұңғыш ұлы) хандардың тұсында Үгедей ұрпақтары жоғары мәртебені иеленіп, әскери билікті қолдарында ұстаса да, 1251 жылы Төленің ұлы Мөңке Ұлы қаған тағына отырып, Ұлы қағандық Үгедей ұрпақтарынан Төле ұрпақтарына көшкен кезде ғана, олар өздерінде арқа сүйер нақты саяси құрылым (ұлыс) жоқтығын сезінеді. Ал Мөңке болса, «Үгедей ұрпақтары саяси өзгеріс жасауға ұмтылды» дегенді сылтауратып, оларға ауыр соққы берді. Нақу, Шіремұн ханзадаларды қудалап, олардың иелігіндегі бұрыннан Ұлы қағанға қарасты әскери қосын мен олардың жеке әскери күштерін қосып алды. Ханзадаларды жан-жаққа: Қаданды Жемсарыға, Меликті Ертіс бойына, Тоқтайды Емілге, Мөңкедуды Сарыөзеннің батысындағы Юңчаң өңіріне [2], ал Қайдуды Қаялыққа қоныс аудартты. Наймандардың ата-мекенінің «Үгедейдің еншісіне» айналуын Ту Xи «Бектерді ыдыратып, күшін әлсірету» [2] тәсілі деп қарайды.

Шындығында, жоғарыда баяндалғандай, наймандардың ежелгі мекені Үгедейдің еншісі болған жоқ. Мөңкенің бектерді қудалауы, оларды бұрынғы мансабынан ажыратып, Ұлы қағанның айналасындағы Үгедейдің ұрпақтарының күшін әлсірету болатын. Бұл кезде Үгедейден тараған хандардан мықты хан шықпағандықтан, бас-басымен кетіп, әркімді өз қорқынышы жеңіп, өз бастарын қорғаштаудан аса алмады.

Жоғарыдағы баяндалғандардан екі түйін жасауға болады: 1. Үгедейдің еншісіне тиген жер - Үгедей хандығының қалыптасуына территориялық негіз болған жоқ. Үгедей хандығын Қайду әскери күшпен құрған болып, жер көлемі Үгедей мен оның ұрпақтарының еншісіне тиген жерден әлдеқайда үлкен еді. 2. Хандық Шағатай мен Қыпшақ хандықтары сияқты енші алудан басталып, әулет ханзадалары мен бектерін негіз етіп, үлкен ханға бағынатын біршама орталықтандырылған саяси құрылымды қалыптастыру арқылы дербес хандыққа айналатындай табиғи үдерісті бастан кешірген жоқ.

II

Қайдудың ниетінің қашаннан бастап бұзылғаны туралы дәлел жоқ. Алайда, бүліктің басын 1251 жылы Мөңкенің Ұлы қаған тағына отырғаннан бастап іздестірсек, қателескен болмаймыз. Сол жылы Мөңкенің Ұлы қаған тағына отыруы, Алтын ұрық әулетінің өз ішіне бірікпес жік түсірді. Үгедей қаған болғанда Шыңғыс ханның барлық үрім-бұтағы «Үгедей қағанның ұрпағы болса, мейлі шіріген жұмыртқа болса да оны қаған деп танимыз» [3] деп серт берген болатын. Күйік таққа отырған Құрылтайда да осындай серт жасалған. Сондықтан, Қайду Төле ұрпағының Ұлы қаған тағына отырғызылуын заңсыз деп танып, осыған байланысты көтеріліс жасау ойы тым ертеден тұтанған болатын. 1256 жылы Қайду «Мөңке жіберген елші Шы Тиянжуоны ұзақ уақыт тұтқында ұстады» [4]. Ұлы Қағанның елшісін тұтқында ұстау Қайдудың қарсылық ниетін туғызады. Ұлы қаған ордасына қарсы көтерілу үшін әскери күшке сүйену керек, Қайду Қаялыққа көшірілгеннен бастап күш жинай бастаған. Өйткені Мөңке қаған Үгедей ханзадаларының қосынын өзіне қаратып алғандықтан, Қайду еріксіз әр жерден 2-3 мыңдық қосын жинады [5]. Қайду негізінен екі жаққа: біріншіден, бас-басына би болған Үгедей ұрпақтарының басын біріктіруге; екіншіден, Жошы ұрпақтарымен тіл табысып, Қыпшақ хандығынан қолдау табуға бар күшін салды. Алайда, сол кездегі моңғол империясының саяси бір тұтастығы мен шынайы тарихи жағдайы Қайдудың әрекетіне мүмкіндік бермеген еді. Бірақ 1260 жылы ағайынды Құбылай мен Арықбөке арасындағы тақ таласының туылуы Қайдудың көтеріліс жасауға ұрынуына белгілі дәрежеде жол ашты.

1260-1264 жж. таққа таласып соғысқан Құбылай мен Арықбөке бас-басына ту тігіп, Шыңғыс ханның Алтын ұрық әулетін екі жікке бөліп тынды. Қайду Арықбөкені жақтады. Кейінгі тарихшылар «Қайду моңғолдардың көшпелі тұрмысын сақтап, басып алынған жерлердің алғабасар мәдениетін қабылдағысы келмегендіктен, өзімен ниеттес Арықбөкені қолдады» деп қарайды. Мұндай көзқарастың өзіндік қисыны да жоқ деуге болмайды. Бірақ мәселенің түйіні бұл емес. Мәселе Қайдудың осыны желеу етіп ішкі соғыс кезінде өз күшін нығайтуында жатыр. Басында Қайдудың әскери және экономикалық-саяси күші әлсіздеу болды.

«Уассаф тарихында»: «Ханзадалардың ішінде Асутай, Өріңташ, Шіліге және Шағатайдың бірнеше немерелері мен Құлқанның ұлы Арықтай және Оғұл қатарлылар Арықбөкені қолдады» [6], - деп жазылған. «Уассафта» келтірілген Арықбөкенің басты қолдаушыларының қатарында Қайду айтылмайды. Міне, бұл 1260 жылдары Қайдудың әскери күші мығым болмағанын білдірсе керек. «Құбылай мен Арықбөкенің қайсысын қолдау керек» дегенде, Үгедей әулетінің көзқарасы бірдей болмай шығады. Үгедейдің Емілдегі үлкен ордасында отырған ханымы Төрекененің сіңлісі мен ықпалы күшті Орда бегі Қоқу (Күйіктің кенже ұлы) әсілінде Құбылайға берілуді ойластырады. Бірақ кейіннен ойларын өзгертеді. Рашид-ад-дин «Қайду мен Құтқу Арықбөкені қолдады» [5] - деп жазады. Шау Шұнжың мұндағы Құтқу есімін Қоқу есімінің қате жазылуы деген дәлел келтіреді [7]. Қоқуды Қайдумен қосып атау Қоқудың өзгерісіне бәлкім Қайдудың қатысы барлығын көрсетеді. «Юань тарихында» осыған байланысты «Құбылай таққа отырғанда, Қоқу қарсы шығып, Сары өзеннің батысындағы қалаларды басып алды» деп түсініктеме берілген. Тақ таласынан туындаған соғыс аяқталуға таяған 1264 жылы Қайду Үгедейден тараған хандардың басшысына айналып үлгерді. «Жами-ат тауарихта» жазылғандай, «ол қастық жасау, билікті тартып алу және соғысу арқылы Үгедей хандығының бір бөлігін қолында ұстады» [5]. Үгедей ұрпақтарының біртұтас территориялық иелігі болмағандықтан, Құтан мен оның әулетінің Сары өзеннің батысындағы иелігі мен Қарақорымдағы бұрын Үгедей қағанға тиеселі үлкен орда иелігінен басқа жерлер мұнда «бір бөлім» деп аталды. Алайда Үгедей хандығының негізгі бөлігі болған Батыс солтүстіктің жер-жеріндегі ықпалды күштер Қайдудың қол астында болды.

Қайдудың қысқа ғана бірнеше жыл ішінде тез көтерілуін Қыпшақ хандығындағы Жошы әулетінің қолдауынан бөле қарауға болмайды. Қайдудың иелігіндегі Қаялық қаласы Қыпшақ хандығының шығыс оңтүстік шекарасында болып, батысы Жошының бесінші ұлы Шибанға тиеселі Жетісумен іргелес [8], солтүстігі Жошының үлкен ұлы Орданың Ертістің батыс жағасындағы ұлысы (Ақ ордамен) [9] жақын еді. Қайду олармен барынша достасып, Қыпшақ ханы Беркемен бір туғанындай араласты. Ал Берке ықпал-күші жылдам ұлғайып келе жатқан Шағатай хандығына қарсы тұру үшін, Қайдуды демеп отырды. 1260 жылы Арықбөке өзінің сенімді адамы, Шағатайдың немересі Арғуды Орта Азияға жіберіпШағатай хандығының тағына отырғызды. Арғу Арықбөкенің бұйрығын пайдаланып, Ұлы қаған ордасының Орта Азиядағы қосынын өзіне қаратып, егін шаруашылығы гүлденген қалалы өңірдің нақты билігін қолға алды. Кейін Құбылайға бет бұрып, есесіне Құбылайдан «Алтайдыңсолтүстігінен Әмударияға дейінгі аралықтағы ұлыс пен ру-тайпаларды қорғау мен билеу бұйрығын»алды [5].СөйтіпШағатай хандығы бірінші рет ресми түрде Ұлы Қағанның бұйрығымен Орта Азиядағы егін шаруашылығы өңірін билеп-төстеу құқығын еншіледі.Міне осыдан бастап хандықтың күш-қуаты күрт ұлғайды. Одан бұрын Мәуреннахрда Жошы ұрпақтарының күші басым болатын. Арғу таққа отыра сала «Беркенің (Мәуреннахрдағы) барлық адамдарын өлтірді» [5], екі жақ талай рет соғысып, бұрын Жошының еншісіне тиген Шу өзенінің батысындағы сахара мен Хорезмнің біраз шұратты өңірін Шағатай хандығы тартып әкетті. Берке Кавказдағы соғыспен қарбаласып, шығысқа шындап мойын бұра алмағандықтан, Қайдуды белсене қолдап, Арғуға қарсы салды. Қайду Қыпшақ хандығының қолдауына сүйеніп, әскери күшін арттырып [10], өзінің аталас хандарының алдындағы беделін де тіктеді. Ол Арғумен талай мәрте соғысып, алма-кезек жеңіске жетті. 1262 жылы Арықбөке Орта Азияға аттанып, Арғуды жеңді, Арғу Қашқар, Хотан өңіріне қашты. Бұл Қайдудың күшін нығайтуына ықпал етті.Сөйтіп ол Қаялықтан бастап, терістікте Үліңгір көліне дейін ұласып жатқан ұлан-ғайыр Сахарада өз ықпал-күшін орнатты. Құбылай Ішкі өлкедегі (Қытай қорғанының ішіндегі өлкелер–ауд.) жағдайды тыныштандырып, Орта Азияны тізгіндеуге дайындалған кездекөтеріліс орайын күткен Үгедей хандығы барынша ұлғайып болған еді.

1264 жылы шілдеде Арықбөке Құбылай әскеріне тізе бүгіп, моңғол мемлекеті қайта бірігіп, Құбылай жылнамасын өзгертті. Жеңістен кейін Құбылай Шыңғыс хан әулетінің барлық ұлыстарына шұғыл елші аттандырып, Ұлы құрылтайға келуге моңғол үстіртіне қайта шақырды. Құбылайдың құрылтай шақырудағы мақсаты – 1262 жылы Кайпиңде асығыс таққа отыруы Шыңғыс ханның ұлы Жасақ заңына сай келмегенін ойластырып, дәстүр бойынша ата-жұрты Онан-Керуленде Шыңғыс хан әулетінен тараған барлық хандар қатынасқан құрылтай өткізу арқылы өзінің Ұлы Қағандық мәртебесін қайтадан бекіту, сол арқылы империяның бөлшектену үрдісін тежеу болатын. Қыпшақ ханы Берке, Шағатай ханы Арғу, Илхан Құлағу (Құбылайдың інісі) барлығы құрылтайға келуге қосылды. Құбылай Қайдуға да шұғыл елші аттандырды, бірақ Қайду келуден бас тартты. Алайда, 1267жылға жоспарланған құрылтай уақытында өткізілмей қалды.Мұның басты себебі хандықтар арасында шұғыл соғыс басталады.Сондай-ақ бір жыл ішінде Арғу, Құлағу, Берке хандар бірінен соң бірі қайтыс болады. Бірақ, Қайдудың бұйрықты орындамауы оның сатқындық ниетін ашып көрсеткен еді.

«Юань тарихының»63-ші бумасындағы дерек бойынша, Қайдудың 1268 жылы Бесбалыққа (Бесбалық қаласы Бейтиң деп те аталады, Шыңжаңның Жемсары ауданының маңында) (қытай тілінде Солтүстік астана деген мағынаны білдіреді) шабуылдауы оның көтерілісінің басталуы деп қарайды. «Юань тарихының» 63-бумасында төмендегідей жазылған: «1268 жылы Қайду көтеріліс жасап, әскер бастап оңтүстікке кірді. Құбылай қарсы аттанып, Бейтиңде жеңіп, Алмалыққа дейін қуып салды. Олар екі мың шақырымнан ары қашып кетті. Одан әрі қумауға бұйрық беріп, Намұхан ханзадаға қосындарды жиып, Алмалықты тыныштандыруды тапсырып, Бас уәзір Алтынды көмекке жіберді».

Бірақ осы деректің өзіндегі қателіктер адамды еріксіз күмәндандырады. Біріншіден, Құбылай ешқашан Бесбалықта болмаған; екіншіден, Намұхан ханзада «Қарақорымның солтүстігіндегі (нақтырақ батысындағы) Алмалықта 1271 жылы ғана әскери ордасын тіккен»; үшіншіден, Бас уәзір Алтын ханзаданың әскери ордасына көмектесу үшін 1275 жылы ғана Алмалыққа келген. Жоғарыдағы деректе бірнеше кезеңдегі оқиғаларды бір уақытқа (1268 жылға) жинақтай салған.

Қайдудың қай кезде бүлінгені туралы сол дәуірдің басқа айтылымы да бар. «Юань тарихы. Темен баянында»: «Құбылай таққа отырған алғашқы мезгілде Қайду бүлініп, патша ордасы ақылдаса келіп, Қайдуды көндіріп көргісі келді» делінген. Құбылай Қайдуды ойынан қайтаруға ниеттеніп, Теменді елшілікке жіберіп, жағдай ахуалын түйіп, қаған ордасына бағынуға үндеді, «Темен ілгерінді-кейін 4 рет барып қайтып, 14 жыл сарып етіп», ақыры 1278 жылы ордаға қайтып «Жияңжуға даруғаш болды». «Құбылай таққа отырған алғашқы жылдары» Қайду бүлінгеннен бастап, Темен 4 рет елшілікке барған «14 жыл» мен 1278 жылы ордаға қайтып мансап алған үш уақытқа қарай отырып, Теменнің елшілікке барған алғашқы уақытын 1264-1265 жж. аралығы деп мөлшерлеуге болады. Сондықтан Қайдудың көтеріліс бастауын да осы кез деп айтуға болады.

Қайдудың көтеріліс бастаған уақыты туралы екі түрлі айтылым бар: 1268 ж. немесе 1264-1265 жж. парсы деректерімен салыстыра отырып, 1264-1265 жж. Қайдудың бұйрыққа қарсы келіп, қаған ордасына бағынбағанын, ал 1268 жылы қарулы көтеріліс бастағанын байқаймыз. Жоғарыда айтылғандай, 1264 жылы шілдеде Арықбөке бағынғаннан кейін, Құбылай қарсыласқан аталас хандар мен әмірлерді жазалаған соң, төрт хандыққа «шұғыл елші» аттандырып, жаза үкімін жариялап, оларды құрылтайға шақыртады. Бұл 1264 жылдың күзіндегі іс болатын. «Шұғыл елші» аталғанмен, Орта Азияға жеткенде әлдеқашан 1265 жылға аяқ басып үлгергендіктен, Берке хан жолдың ұзақтығын ескеріп, елшіге «сиыр жылы (1265) аттанып, барыс жылын (1266) жолда өткізіп, қоян жылы (1267) құрылтайға жететінін» [5] білдірген. Бұл расында 1265 жыл екенін түсіндіреді. «Жами-ат Тауарихта» Қайдудың көтерілісі егжей-тегжейлі жазылған:

«Құбылай оларға шұғыл елші аттандырды. Қайду бағынғысы келмей, елші жіберіп «қазір біздің ат-көлігіміз арық, қоңданғаннан кейін барамыз› деп сылтауратты. Ол осы сылтаумен сапарын 3 жылға кешіктірді. Кейін Қоншы ноянмен сөз байласып, бұрын Өріңташқа тиеселі ауылдарды үркітіп-қорқытып, талан-таражға салып,  көтеріліс бастады» [5].

Ұлы Қағанның бұйрығына қарсы шығу сатқындықпен бірдей болғандықтан, «Қайду бүлігі» деп аталды. Қайду 3 жылдан кейін, «Жами-ат тауарихда» жазылғандай, 1268 жылы соғыс бастады.

«Юань тарихының» 63-бумасыында «1268 жылы Қайду Бейтиңге шабуылдады» деп жазылғаны уақыты жағынан парсы деректерімен айғақтала тұрып, одан ары күмән тудырмаса да, мәлімет керісінше болатын. Қайду алғаш шабуылдаған Бейтиң қаласы Бесбалық (Жемсары) емес, Қарақорым (Моңғолия Орхон өзенінің батыс жағалауына жақын) болатын. Жоғарыда «Жами-ат тауарихда» айтылғандай, Қайду бастабында нарын руына шабуыл жасаған, нарындар моңғолдардың бір руы болып, Ертістің жоғары ағарында Алтай тауының бөктерін мекендеген [5], олар дәл Қайдудың Қарақорымға жасаған жорық жолында болатын. Қайду алдымен соларды талқандап, одан соң Қарақорымға шабуылдады. Міне, бұл Қайдудың алғашқы шабуылдаған жері «Жами-ат тауарихда» Нарын болып, «Юань тарихында» Бейтиң (Қарақорым) болып жазылуының себебі еді. Қайдудың алғаш шабуылдағаны Бесбалық емес, Қарақорым екендігінің дәлелі: біріншіден, Юань патшалығы кезінде Қарақорым да Бейтиң деп аталған. «Юань патшалығының әйгілі уәзірлерінің қысқаша өмірбаяны. Әділетті, пәк, адал бек (Лиян Шишиян) баянында» «Мөңке оңтүстікті бағындырып, кенже інісі Арықбөкені Бейтиңді қорғауға қалдырды» [11] делінген, Мөңке Қытайдың Сұң патшалығына жорыққа аттанғанда, Арықбөке Қарақорымдағы ұлы орданы қорғауға қалып, кейін Қарақорымда өзін қаған деп жариялайды, міне бұдан Бейтиңнің қай жер екені айтпаса да түсінікті. «Орда сарайының естеліктерінде» 1264 жылы «Бейтиңнен Дұң Унбиңкелді, қосынымыздың ұлы жеңісін естіп, орданың іші-сырты тегіс құттықтады» деп жазылған. Бүл жерде Құбылайдың Қарақорымда Арықбөкені жеңгені айтылған. Қарақорымның «北庭» аталуы, «北廷 (大汗廷)»-ның әріп қателігі салдарынан болса керек. Екіншіден, ол кезде Үгедей хандығының өзегі болған Еміл мен Қобда өңірі Жемсарының солтүстігінде болып, Қайдудың «әскер бастап оңтүстікке кіруі» бағыты жағынан алып қарағанда дұрыс сияқты. Бірақ ол кезде моңғолдар төрт тарапты «шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік» деп аталғандарымен, бағытты көрсетуде 90 градус парықты екенін ешкім білмесе керек, олардың «шығысы» шамасы солтүстікті, «оңтүстігі» шығысты, «батысты» оңтүстікті, «солтүстігі» батысты білдірген, мұндай өзгеше бағыт айыру амалы мен қалыпты бағыт айыру амалы Юань патшалығы кезінде қатар қолданылғандықтан, Юань патшалығының тарихи жазбаларындағы бағыт-бағдарды білдіретін сөздер өте қалаймақан қолданылған. Бұған мысалдар оп-оңай табылады, мәселен, Юань патшалығы кезіндегі Үй Жидың«Едіқұт ханы Шы Шұн ескерткішінде» «Жияужудан Тұрпанға қоныс аударып, Бесбалықты меңгерді, солтүстігі (анығында батысы) Амударияға, оңтүстігі (анығында шығысы) Жючуанға, шығысы Ұнағыш көліне, батысы (оңтүстігі) Түбітке жетті» [12] деп жазылған. Мысалы, «Юань тарихының» 122-бумасы: «(Едіқұт) Тұрпанда оңтүстік (шығыс) қамалда тұрып жатыр»; «Юань тарихы» 13-бумасы: «1271 жылы Қарақорымның солтүстігіндегі (анығында батысындағы) Алмалықта әскери база құрылды». Моңғолдардың осындай 90 градус парықты бағыт өлшемін түсінгенде ғана барып, Қайдудың «әскер бастап оңтүстікке кіргенде» Жемсарыға емес, шығыстағы Қарақорымға шабуыл жасағанын білуге болады. Үшіншіден, 1268 жылы Қарақорымды күзеткен Намұхан болатын. Ханзаданың Қарақорымды күзетуі Юань патшалығында бастан-ақыр жалғасқан дәстүр болатын, Намұхан 1266 жылы солтүстік орда - Қарақорымның бегі болды (бұл жердегі «солтүстік» өз мағынасында қолданылған, мәселен, оның ағасы Маңғала Анши бегі болып, Сарыөзеннің батыс жағалауын қорғады, інісі Өлжейті Шипиң бегі болып, Түбіт пен Чуанши өңірін қорғады), «Юань тарихы. Тұтқа баянында» «Қайду хан көтеріліс жасағанда, Құбылай қаған ханзаданы қосын бастап мемлекеттің төркінін қорғауға бұйырды» делінген. Қарақорымнан басқа ешқандай жер Юань патшалығы кезінде «мемлекеттің төркіні» аталмаған еді, бұдан ханзада Намұханның Қарақорымды қорғағанын көре аламыз. Қайду мен Намұханның Қарақорымда шайқасқанын Марко Поло да тілге тиек етіп, «Араға екі жыл салып, Қайду хан күшті қосын жинады. Намұхан деген ханзаданың Қарақорымды қорғап тұрғанын естіп, Қайду Қарақорымға тақап келді. Намұхан мен Юехан қалың қосынмен қарсы шықты. Соғыс ұзаққа жалғасып, татарлар бұрын-соңды бастан кешпеген қиян-кескі шайқас болады. Ертесі таң ата, Қайду ханның шолғыншысы Құбылай қағанның ханзадаға көмекке қалың үстеуіл (қосымша – ауд.) қосын жібергенін жеткізіп, ұзақ тіресудің пайдасы болмайтынын айтып, әскер шегіндіруді өтінді. Қайду қалған қосынын бастап түрік патшалығы Самарқандқа дейін қашты» [13] - деп жазады. Бұдан Қайду мен Намұханның шынында Қарақорымда шайқасқанын білуге болады, Марко Поло бұл соғысты 1278 жылы болды деп жазады, әсілі 1268 жылы болуы керек. Өйткені Намұхан 1278 жылы Қыпшақ хандығында қамақта болатын. Ол 1271 жылы Алмалыққа барған соң, 1277 жылы қол астындағы Шіліге жағынан барымталанып, Қыпшақ хандығында қамақта отырып, 1284 жылы ғана босатылады, одан кейін қосынға қолбасшылық жасаған емес, сондықтан бұл соғыс 1268 жылғыдан басқа болуы мүмкін емес. «Юань тарихы» 63-баянында Қайдудың (Алмалықтан) «екі мың шақырымнан ары қашып кетті» делінуі мен мұнда айтылған «Самарқандқа дейін шегінуі» үйлес келеді, «Құбылайдың Қарақорымда жеңіске жетуі» мен «ертесі Ұлы Қағанның ханзадаға көмекке қалың үстеуіл қосын жіберуі» кездейсоқ сәйкестік емес. Жоғарыдағыдан 1268 жыл Қайдудың шабуылдағаны Қарақорым екенін ұғынамыз.

1268 жылы Қайдудың «әскер бастап оңтүстікке (шығысқа)» Қарақорымға келгенін анықтағаннан кейін, сондай-ақ, «Юань тарихы» 63-баянында жазылған деректе ілгерінді-кейінді туылған бірнеше оқиғаны бір араға жинақтағанын білгендіктен, «Жами-ат тауарихмен» салыстырып, Қайдудың алғашқы соғысының алды-артындағы оқиғаларды сабақтауға болады: 1268 жылы Қайду алғаш рет соғыс бастап, Қарақорымға бет алып, алдымен жорық жолының бойындағы нарын руын талқандап, кейін Қарақорымның маңында ханзаданың қалың қосынымен шайқасып, жеңе алмасын білген соң, батысқа кері шегінеді. Осыдан кейін Юань патшалығының ордасы «Құшағына тарту» саясатын өзгертті, үш жылдан кейін ханзада Намұхан қосын бастап Алмалықты алып, әскери база құрды, Қайду «екі мың шақырымнан ары қашып кетті», 1275 жылы орда Бас уәзір Алтынды ханзадаға көмектесіп, Алмалықты бірге қорғауға жіберді.

III

Қайдудың 1265 жылы Юань патшалығына бағынғысы келмегені оның сатқындық ниетін түсіндірген еді. Бірақ, ол кезде Үгедей хандығының күші Ұлы қаған ордасымен қарсыласуға жетпейтіндіктен, Қайду 1268 жылға дейін артық соқтықпай, бар күшін Орта Азиядағы қақтығыстарға жұмсады.

Ол кезде Орта Азияның шұрайлы жерлері Шағатай хандығының билігінде болып, оның ықпал-күші шығыста Іленің жоғарғы ағарынан тартып, батыста Амударияның шығыс жағалауына дейін жетті, Қашқар, Хотан өңірлері де олардың қармағында болатын. Қайдудың Орта Азиядағы ірге кеңейтуі Шағатай хандығымен қақтығысқа ұрындырары даусыз еді. Сол кездегі ауқым Қайдуға ерекше тиімді болды. 1265 жылы Арғу, Берке [14], Құлағу хандар бірінен соң бірі қайтыс болады, Қайду Мүбәрәк Шахтың Шағатай хандығының тағына енді ғана отырған кездегі саяси жағдайдың тұрақсыздығынан пайдаланып, оған жаппай соғыс ашады. «Жами-ат тауарихда» Арғу хижираның 662 жылы [5], яғни 1263 жылы қараша мен 1264 жылы қазан аралығында қайтыс болған делінгені көрнеу қателік, анығында оның 1265 жыл қайтыс болғаны ғылымға белгілі. Жоғарыда айтылғандай, 1265 жылдың басында, Құбылайдың құрылтайға шақыртып жіберген елшісі Орта Азияға жеткенде, Арғу әлі тірі болатын. Басқа бір деректе Арғудың Алмалыққа жерленгені жазылған [15], 1265 жылдың басында Іле өзені аңғары әлі де Шағатай хандығына тиеселі болғанын түсіндіреді. «Уассаф тарихында» 1266 жылы Барақтың Шағатай хандығының тағына бұрынғы Шағатай ордасы тұрған Алмалыққа жақын Құяста емес, Өзкентте (Қырғызстан Өзген) отырғаны жазылған, бұл сол кезде, яғни Мүбәрәк Шах тақта отырған 1265-1266 жж. аралығында Іле өзені аңғары да Қайдудың басқаруына өткенін түсіндіреді. Сонан кейін «Юань тарихы. Жер-су шежіресі. Батыс солтүстік өңір қосымша материалдарында» «Қайду Алмалық қатарлы жерлерде әскери әкімшілік құрып, маңындағы жерлерді басып алды» деп жазылған. Қайду бұған қанағаттанбай, Шағатай хандығына ішкерлей кіріп, аумақты территорияны тартып алды. «Уассаф тарихында» Қайдудың басып алған жерлері «Талас, Кенжек, Отырар, Қашқар қалалары мен Амудария өңірін» [16] тұтастай қамтығаны жазылған. Бұл деректе де уақыт жағынан қателік кеткен, өйткені Қайду Қашқар мен Амудария өңірін Барақ хан мен оның мұрагерінен тартып алған болатын. Бірақ, жоғарыда айтылған Сырдарияның шығыс жағалауы өңірін Қайду 1266 жылы, яғни Барақ Шағатай хандығының тағына отырудан бір жыл бұрын тартып алған еді, ал Қыпшақ хандығына тиеселі Отырар қатарлы қалаларды кезінде Арғу басып алған болып, кейін Қайдудың қармағына өткен болатын. Осылайша, Үгедей хандығының жері Алтай тауының батыс солтүстік баурайынан басталып, Сырдарияның шығыс жағалауына дейін жетті.

1268 жылы Арықбөке берілгеннен кейін, Құбылай назарын солтүстік-батысқа бұрып, Орта Азияның егіншілік өңірін ұлы ордадан төте басқаратын бұрынғы жағдайды қалпына келтіргісі келді, Юань патшалығының алғашқы жылдарында Орта Азияға әскер кіргізгенін айғақтайтын дәлелдер де бар. 1265 жылы Құбылай «Шынқай, Бірбалық, Кем-Кемчіктен ордаға көптеген ұсталарды алдырған» (Бірбалық - жалғыз таулы қала деген мағынада, түрік тілінде ‹балық› қала мағынасында, қазіргі Шыңжаңдағы Мори ауданын көрсетеді) [17]. 1266 жыл сол өңірде Хотанбалық (Хотан қаласы) мекемесін құрған, бұл осы жерлердің Юань патшалығының меңгеруіне өткенін түсіндіреді. Құбылай Орта Азияны меңгеру үшін қолданған тағы бір әдісі - Арғу хан өлген соң мақұлдаусыз таққа отырған, Ергене қатұнның кенжесі Мүбәрәк Шахтың орынын басуға Шағатай хандығына ұлы ордаға еңбегі сіңген Шағатайдың немересі Барақты жіберді. Мүбәрәк Шахтың билігінің орнықтылығын көрген Барақ қағанның әмірін құпия ұстап, орай күтіп жүріп, көп өтпей әскер басымен астыртын ымыраласып, 1266 жылы Шағатай хандығының тағын тартып алды.

Дегенмен, сол кезде Орта Азиядағы хандықтар бір-бірінен алшақтай бастаған еді, өз билігін нығайту үшін Бараққа хандықтың мүддесін қорғауына тура келді, бірақ бұл Құбылайдың Орта Азияны біртіндеп ырқына көндіру мақсатымен қарама-қайшы келеді. Барақ таққа отырған соң Юань патшалығына қарасты Хотан өңірін өзіне қаратты, бірақ бұған бола екі тараптың өзара тәуелділік қатынасы үзіле қоймады, өйткені Қайдуды тежеу үшін Құбылайға Барақ керек болатын. Ал Үгедей хандығына қарсы тұруда Барақ та Құбылаймен бүкілдей ниеттес болды. Сырдарияның шығыс жағалауындағы қолдан кеткен жерлерді қайтарып алу үшін Барақ Қайдумен шайқасты, бұл туралы «Жами-ат тауарихта» «қаған (Құбылай) (Қайдудың бағынбағаны үшін) Барақты жіберіп, Қайдуға қарсы қойды. Ол келіскен пәрмен бойынша алдымен әскери күш топтап алып, кейін Қайдуға шабуылға өтті» [5] деп жазылған.

Олар бірнеше рет соғысып, Сырдария бойындағы шайқас ең қиян-кескі болады, «Жами-ат тауарихтың» дерегінше, екі жақтың әскері Сырдарияның бойында кездесіп, Барақ Қайдуды жеңіп шығады. Қайдудың жеңілісі Қыпшақ хандығының соғысқа араласуына түрткі болды. Қайдудың Қыпшақ хандығымен бастан-ақыр жақсы қарым-қатынаста болғанын жоғарыда айтқан едік, 1265 жылы Мөңкетемір таққа отырған соң, Қайдудан пайдаланып Шағатай хандығының нығаюын тежегісі келді, бұдан бұрын Қайдудың Сырдарияның шығыс жағалауын басып алуы да екі елдің одақтасуына кедергі болмады. Мөңкетемір Қайдудың жеңілісінен хабар тапқан соң, «көкесі Беркешарды бес түмен қолмен Қайдуға көмекке жібереді, (Қайду) шашыраған әскерін қайта топтайды. Олар қайта-қайта соғысып, Барақты жеңеді» [18], «Уассаф тарихы» бұл соғыстың Шағатай хандығы үшін ауыр соққы болып, Барақ хан Сырдария жағалауынан Мәуреннахрға дейін шегініп, бір мезгіл қайта бас көтере алмастай болғанын жазады. Ал, Үгедей хандығының батыс шегі Сырдариядан ары асады. «Жами-ат тауарихта» бұл екі соғыстың уақыты туралы мәлімет жоқ, алайда 1266 жылы Барақ таққа отырғаннан кейін туылып, 1268 жылы Қайдудың Юань патшалығына қарулы қарсылық танытқанына дейінгі аралықта болғаны сөзсіз. Бараққа қайталай соққы беруден бұрын Қайдудың Қарақорымға шабуылдауға ұрынбайтынын топшылауға болады, олай болғанда шығысқа жорығы сәтсіз болып қана қалмастан, бүкіл хандықты Барақтың басып алу қаупі туатын еді.

1268 жылы Қайдудың Қарақорымға шабуылдағанын жоғарыда баяндағандықтан, бұл жерде қайталап жатпадық. 1269 жылы көктемде Қайду, Мөңкетемір және Барақ үшеуі бітімге келіп, кейін Талас өзені бойында кездесіп, құрылтай өткізеді. Құрылтайда үш хандықтың Мәуреннахр өңіріндегі иеліктерін анықтап, үштен екі бөлегін Барақ алып, қалған бөлегін Қайду мен Мөңкетемір тең бөлісуге; Көшпелі тұрмысты сақтап, қала мен ауылдарды қорғауға; Үш ел бірігіп Төле ұрпақтарының қолындағы Юань патшалығы ордасы мен Абақа ханның (Құлағудың ұлы) Илхан еліне ортақ қарсы тұруға уағдаласады [19]. Осылайша батыс солтүстікте Юань патшалығының орталық өкіметіне бірлесіп қарсы тұратын одақ құрылды. Ал осы құрылтайдағы ең пайда көргені Қайдудың Үгедей хандығы болды.

Арықбөке бүлігін тыныштандырған соң, оңтүстік Сунь патшалығын жоюға бар күшін салған Юань патшалығы өкіметі батыс солтүстікке көп әскери күш жұмсай алмады. Алайда талас құрылтайы Құбылай мен Юань патшалығы өкіметін қатты дүрліктіріп, содан барып қол жиып қосын топтап, Орта Азияға шабуылдап кірді, бұл 1271 жылы Намұхан Алмалықты басып алған Батыс жорығы болатын. «Юань тарихы» 7-бумасында «1271 жылы шілдеде Намұхан ханзадаға алты мың ат, үш мың сиыр, бір түмен қой, Солтүстік кежеуіл қосынға екі түмен ат, бір мың сиыр, бес түмен қой тарту етілгені» жазылған. Міне бұл жорық алдындағы қол жиып қосын топтаудың айқын көрінісі болатын. Сонымен бірге Құбылайдың өзі Шынқайға келді (қазіргі Моңғолияның Хар-ұс Нұр көліне жақын, Алтай тауы сілемінің шығыс қапталына орналасқан болып, Үгедей хандығының шығыс шегінде) [20]. Құбылайдың бұл жерге келуі батысқа жорық үшін екені сөзсіз, бұдан ханзада Намұханның қалың қосыны 1270 жылы Дешті Құмнан аттанғанын білуге болады. 1271 жылы Юань патшалығы Алмалықты алды, қолымыздағы тарихи деректердің тапшылығынан, Іле өзені аңғарында Қайду мен Намұхан арасында қандай істер болғанын анық біле алмаймыз, алайда 1271 жылы жазда Қайдудың онда емес, Мәуреннахр өңірінде болғанын ғана білеміз.

Ендеше Мәуреннахр өңірінде туылған оқиғаларды шолып көрейік. Мәуреннахр өңірінен талас құрылтайында Бараққа тиеселі болған жерлер оның әскери қажетінің үдесінен шыға алмағандықтан, Үгедей хандығының көмегімен Амударияның батыс жағалауындағы Хорасан өңірін Илхан хандығынан тартып алуға Қайдумен келіседі. 1269 жылдың басында Барақ Амудариядан өтіп, Хорасанның басым бөлігін басып алды, 1270 жылы жазда Илхан Абақа мен Барақ соғысып, Барақ ойсырай жеңіліп, Мәуреннахрға шегінді, 1270 жылдың аяғында қосынымен Бұхараға жайғасты [21]. Барақтың жеңілісі қол астындағылардың бытырауына алып келді, Қайду орайдан пайдаланып Барақтың көзін жоюды ойлап, әскери көмек беруді сылтауратып, қалың қосынмен келіп Барақтың әскери тұрағын қоршады, Барақ сол күні кеште көз жұмды (бірде қорқыныштан өлді делінсе, бірде Қайдудың қол астындағылар астыртын өлтірді делінеді). Қайдумен замандас Жамал Қарши «Мүлкахат ал-сұрақта» Барақ Хижираның 670 жылы, яғни 1271 жылы тамыз бен қыркүйек аралығында өлді деп жазады [22]. Жамал Қаршидың жазбасы Барақтың қорасанға жасаған жорығымен сәйкес келеді, ол кезде Жамал Қарши Қайду басып алған Қашқарда болатын, сондықтан да оның дерегі сенімді. Ендеше, 1271 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қайдудың Мәуреннахрдағы Бұхара қаласының маңында болған деп нақтылы айтуға болады. Қайдудың қосын бастап батысқа жорық жасауы сол жылы Намұханның Алмалыққа кіруімен байланысты екені даусыз, Намұхан ханзада 1271-1277 жылдары алты жылдай Үгедей хандығының қолқа-жүрегі болған Іле өзені алқабын басып жатты, Юань патшалығының қарулы қосыны екі хандыққа да бірдей қауып төндіргендіктен, бұл жылдары Қайду шарасыз қалды. Ал, Қайду бұдан ары қарсыласқысы келмеді ме, жоқ әлде Барақтың көзін жойған соң батыста қалуға ықтяр болды ма, оны тоспалдау қиын.

Уи Жи «Едіқұт ханы Шышұн ескерткішінде» 1285 жылғы Дуаның Едіқұтті қоршауға алуын 1275 жылы болды деп қате жазғандықтан, 1271-1277 жж. арсындағы тарихи оқиғаларға байланысты ғылымда әр түрлі көзқарас өмір сүріп отыр [23]. Шындығына келсек, Юань патшалығының Алмалықта әскери бекініс салуы Тәңір тауының оңтүстігіндегі жағдайды күрт өзгертіп, Қайду қорғануға мәжбүр болып, Юань патшалығының басқару көлемі барған сайын артқан еді. Алмалықтағы әскери бекініс ұйғыр өңірін артқы шеп етті, 1271 жылы «ұйғыр жеріндегі қамбаларға келуге патша жарлық түсірді». Сонымен бірге, Шағатай хандығынан Тарым өзенінің оңтүстік жағалауындағы жасыл алқапты қайтарып алды, сол жылы маусымда «Сары өзеннің батысы мен Хотан өңіріне тұрғындарды шоғырландырды» [24]; 1274 жылы «Хотан мен Яркен қалаларында 14 жерден су жолы бекеттерін құрды» [25]. Бұл деректер сол кезде Юань патшалығының тұтас Шыңжаңды бағындырып, Қайдуды Іле өзені мен Шу өзені аралығына сырып тастағанын түсіндіреді.

Үгедей хандығы шығыста ұлан-ғайыр жерден айырылды, бірақ Барақ өлген соң Қайду Шағатай хандығын біртіндеп меңгеріп, шығыстағы жеңілісінің қарымжысын батыстан (Мәуреннахр өңірінен) қайтарды. Барақ өлген соң, Шағатай хандығы бөлшектенуге душар болды, көп санды бектер Қайдуға бағынды. Алайда, Қайдуға қарсы келушілер де аз болмады, Барақтың Дуа бастаған төрт ұлы мен Арғудың екі ұлы бірлесіп Қайдуды Мәуреннахрдан қуып шыққылары келді, бірақ жеңіліп қалды, кейін Барақтың ұлдары Қайдумен сан мәрте соғысып, тағы да жеңіліп тынды [26]. Барақ өлген соң Шағатай хандығындағы тақ алмасу туралы «Жами-ат тауарихтың» деректері өзара қарама-қайшылықты, бірде Барақ өлген соң Бұқа темір мен Дуа таққа отырды делінеді [5]. Енді бірде Барақ өлген соң Некібай таққа отырып, 3 жылдан кейін орнына Бұқатемір келіп, бірнеше жылдан соң Дуа таққа шықты деп жазады [5], Жамал Қаршидың дерегі бойынша, Барақ Хижираның 670 жылы жыл басында өліп, орынына Некібай таққа отырады, көп ұзамай Бұқатемірден жеңіледі, Бұқатемір Қайдудың емеурінімен таққа отырып, Хижираның 680 жылы қайтыс болады, ал Дуа Хижираның 681 жылы (1282 жылы 11 сәуір – 1283 жылы 31 наурыз) Қайдудың қолдауымен ғана Шағатай хандығының тағына отырады [22], бұл «Жами-ат тауарихтағы» екінші айтылыммен үйлес келеді, мұндада Дуаның таққа отырған нақтылы уақыты 1282 жыл деп көрсетілген, міне бұл Юань патшалығы кезіндегі қытай тіліндегі жазбалардың кейбір мезгіл аралығында өте жүйесіз жазылғандығының айқын дәлелі. Жамал Қарши еңбегін жазып жатқан кезде Қайду мен Дуаның екеуі де тірі болатын, әрі Жамал Қарши Үгедей хандығына қарасты Қашқарда тұрғандықтан, оның жазбаларының шындығы еш күмән туғызбайды. Некібайдің Бұқатемірден жеңіліп тақтан түсуі Қайдудың Шағатай хандығын сырттай меңгеріп отырғанын көрсетеді. Бұқатемір мен Дуаның екеуі де Қайдудың қолдауымен таққа отырғаны туралы «Жами-ат тауарих» пен Жамал Қаршидың кітабында да анық жазылғанына қарай отырып, 1271 жылы Барақ өлгеннен кейінгі бірнеше жыл ішінде Қайду Шағатай хандығын біртіндеп меңгеріп, өзіне бағынышты етіп, Орта Азиядағы моңғол хандарының әміршісіне айналады.

Қайду Шағатай хандығын меңгеріп алғанымен, Юань патшалығының Алмалықтағы әскери бекінісінің күш-қуаты Үгедей хандығының ықпал-күшін Іле өзенінен асырмады, Тәңір тауының (Тянь-Шань) солтүстігі мен оңтүстігі тұтастай Юань патшалығының меңгеруінде болды. Дегенмен, мұндай дәурен тек 1277 жылға дейін ғана жалғасты. Сол жылы Намұханның қол астындағы Шіліге (Мөңкенің ұлы) мен Тоқай Темір қатарлылар Алтынды тұтқынға алып, көтеріліс жасады, Юань патшалығының зорға құрған батыс солтүстік қорғаныс шебі лезде быт-шыт болып, батыс өңірдің жағдайында бұрылыс болды. Қайду орайдан пайдаланып Іле өзені аңғарын қайтадан басып алып, оңтүстік және солтүстік Шыңжаңға шабуыл жасады. Қайдудың солтүстік Шыңжаңдағы Бесбалыққа (Жемсары) шабуылы 1277 жылдары ұйғырлардың астанасын Едіқұтқа көшіруіне себеп болды [23]. 1278 жылы Юань патшалығы әскері Бесбалықты алып, осы өңірді қайтадан қолға келтірді. Патша ордасы ұйғыр өңірін тұрақты қолда ұстау үшін, Төте қарасты ұлықтар тағайындап, қорғаныс күшін арттырды, 1278 жылы «ұйғыр жерінде алғаш рет Бақылауыл мекемесін құрды», 1279 жылы «Түменбасы Чигүң Жыға Бесбалықты қорғауды тапсырды», әрі бірінші рет ұйғыр жерінде басқақтық құрды, бұл кезде Басбалық өңірі солтүстік Шыңжаңдағы алдыңғы шеп болды. Сонымен бірге, Тарым ойпатындағы жағдай да шиеленісті. Жоғарыда айтылғандай, Юань патшалығы Алмалық бекінісін салғаннан кейін, Тарым ойпатының оңтүстігіндегі жасыл алқапты қайтарып алды. Алайда, қытай жазбаларындағы 1279 жылы «Лю Ын моңғол-қытай біріккен қалың қосынын бастап Хотанды алды» [27], Оғынша «1279 жылы Хотанды алуға қатынасты» [28] деген деректер сол кезде Хотан, Қашқар өңірлері Үгедей хандығының билігінде болғанын дәлелдейді. Ал одан бұрын Хотан өңірін Юань патшалығының иеленіп отырғандығы туралы жазылған, дерек бойынша, 1276 жылы қазанда Юань патшалық ордасы «Бесутай, Құбылай батырларды моңғол қосынынан екі мың қолды және Сары өзен қосынынан бір мың қолды бастап, Хотанды қорғауға әмір береді» [29]. Бұған қарап, Тарымның оңтүстік жасыл алқабы Шіліге бүлігінен кейін көп өтпей қолдан кетіп, 1277-1278 жылдары мен одан кейінгі бірнеше жылда Юань патшалығы мен Үгедей хандығы Хотан өңірі үшін қян-кескі күрескенін межелеуге болады. 1280 жылы Яған Тегін Хотанға жорық жасады. 1281 жылы «Лю Ынға Хотанға шабуыл жасау бұйрығы берілді, Қайду Үргенішті түмен қосынмен қарсы жіберді». 1282 жылы «Манғұтай Хотанға кіріп, бүлік шығарған улулармен соғысты». 1282 жылға дейін екі жақ бетпе-бет келген қан майдан Хотан өңірі болғанын көреміз, ал Тарым ойпатының батысын Үгедей хандығы басып алған болатын.

1282 жылы Қайду Шағатай хандығының тағына Дуаны отырғызғаннан кейін, батыс солтүстіктегі Қайду бастаған одақтастардың күш-қуаты артты. Қайду тек Дуаны өз айтқанымен жүргізіп қана қоймай, бүкіл Орта Азияны толықтай уысында ұстады. Осыдан кейін, Қайду бастысы Шағатай хандығымен бірлесіп, Батыс өңірімен Дешті құмның терістігінен Юань патшалығына қарсы тынымсыз шабуыл жасап тұрды. Қайдудың тынымсыз жорықтарының арқасында Үгедей хандығының күш-қуаты кемеліне жетті.



1. Жувайни. Әлемді бағындырушының тарихы. 1-кітап. - Хоккот: Ішкі моңғол халық баспасы, 1980.

2. Ту Чи. Моғұл тарихы. 74-бума. Қайду баяны. - Пекин: Қытай кітап үйі, 1984.

3. Рашид-ад-дин. Жами-ат тауарих.Қытайша аудармасы 1-т. - Пекин: Сауда баспасы, 1983.

4. Юан тарихы. 153-бума. Шы Тиянжуо баяны.

5. Рашид-ад-дин. Жами-ат тауарих. Қытайша аудармасы. 2-т. - Пекин: Сауда баспасы, 1983.

6. Лю Иңшың. Батыс солтүстіктегі ұлттар мен Шағатай хандығы тарихынан зерттеулер.  – Нанжиң: Нанжиң университеті баспасы. 1994 . - 108-б.

7. Шау Шұнжың. Рашид-ад-динның «Жами-ат тауарихындағы» Құбылай туралы жазылғандарына түсінік // Чиңхуа университетінің ғылыми журналы. - 14-т. - № 1.

8. Әбілғазы. Түрік шежіресі. Кітапта Шибанның Іле өзені мен Сыр дарияның арсында қоныстанғаны жазылған. Салыстыру: Бартольд. Түркістан. Ағылшынша басылымы, 392-б.

9. Бартольд. Орта Азия түрік тарихынан 12-баян. / Луо Жыпиң аударған. - 169-б, 185-б.

10. Монғол тарихы. Фың Чыңжүн аударған. - Пекин: Жұңхуа кітап мекемесі, 1962. 1-т., 294-б.

11. Су Тяньжуе. Юан патшалығының әйгілі уәзірлерінің қысқаша өмірбаяны. 2-хаттама. 7-бумасы. Әділетті, пәк, адал бек баяны. - Пекин: Жұңхуа кітап мекемесі. 1960. Суретті басылым.

12. Үй Жи. Бұтхана ілімінің көне естелігі. 24-бума.

13. Марко Полоның сапарнамасы. – Шаңхай: Шаңхай кітап үйі баспасы, 1994. - 481-б.

14. «Жами-ат тауарих»-та Берке ханды Хижираның 664 жылы (1265 ж. қазан – 1266 ж. қазан) қайтыс болды деп жазылған. Бартольд мен René Grousset 1266 жылы өлген деп қарайды, қытай тарихшылары да көбінде осыған тұрақтайды. Бірақ «Юан тарихы. Темен баянына» негізделгенде, Темен 1265 жылы алғаш рет елшілікке барғанда Қыпшақ хандығының тағында Мөңкетемір отырған, демек Берке хан 1265 жылы қайтыс болғанын аңғарамыз.

15. Қырғыздар мен Қырғызстан тарихына қатысты материалдар. 1-т. – Москва, 1973. - 114-б.

16. Лю Иңшың. Құбылай жылнамасының алғашқы жылдарындағы Шағатай хандығы // Юан тарихы және батыс терітік ұлттар тарихынан зерттеулер журналы. - № 9. - 49-б.

17. Юан тарихы. 6-бума. Құбылайдың ғұмырнамасы III.

18. Рашид-ад-дин. Жами-ат тауарих. Қытайша аудармасы. 3-том. - 107-109-бб.

19. «Жами-ат тауарихта» Қайду мен Барақтың Юан патшалығына ортақ қарсы тұруға уағдаласқаны анық жазылған, ал Қыпшақ хандығының Намұған ханзаданы қамақта ұстауы мен «Юан тарихы. Яағуду баянындағы» деректер Қыпшақ хандығының да осы одақта болғанын көрсетеді.

20. Юан тарихы. 134-бума. Лю Рұң баяны.

21. Монғол тарихы. Фың Чыңжүн аударған. – Пекин: Жұңхуа кітап мекемесі, 1962. 2-т., 157-б.

22. Жамал Қарши. Мүлкахат ал-сұрах / Хуа Тау аударған. // Юан тарихы және батыс терітік ұлттар тарихынан зерттеулер журналы. - № 11. - 92-б.

23. Юан патшалығының алғашқы мезгіліндегі Батыс өңір тарихына қатысты бірнеше мәселелер // Батыс өңір зерттеулері. - 1998. - №4.

24. Юан тарихы. 7-бума. Құбылайдың ғұмырнамасы IV.

25. Юан тарихы. 8-бума. Құбылайдың ғұмырнамасы V.

26. René Grousset. Сахарадаға империя. – Чиңхай: Чиңхай халық баспасы. 1991. - 367-б.

27. Юан тарихы. 166-бума. Лю Ын баяны.

28. Юан тарихы. 123-бума. Баян батыр баяны, Оғынша баяны.

29. Юан тарихы. 99-бума. Қосын естеліктері. 


Қытай тілінен аударған және редакциялаған:  

Өмірбек Қанай, ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов  

атындағы Тарих және этнология

институтының ғылыми қызметкері


No comments

To leave comment you must enter or register