Home » Materials » ҒТАМР 03.00.20 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_28

1928-1929 ЖЖ. ҚАЗАҚ БАЙЛАРЫН ТӘРКІЛЕУ НАУҚАНЫ

ҒТАМР 03.00.20 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_28

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(27), 2021

Tags: Сталин, Голощекин, кәмпеске, бай-феодалдар, орташалар, тәркілеу
Author:
А.М. Әбікей¹*ID, А.Ж. Утегалиева²ID, Ж.С. Саурыкова³ID

¹Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан, Алматы

²Алматы энергетика және байланыс университеті, Қазақстан, Алматы

³Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан, Алматы

*Автор-корреспондент

E-mail: abikey.arm@mail.ru (Әбікей), almazhan@gmail.com (Утегалиева), zhanarsaurykova@mail.ru (Саурыкова)

Аңдатпа. Мақалада кең архивтік дереккөздермен, сонымен қатар қазақ және шетел авторларының соңғы жылдары жарияланған еңбектері негізінде, XX ғасырдың 20-шы жылдарының соңындағы Қазақстандағы байлар қауымын тәркілеу науқаны қарастырылады. Бұл кезең Қазақстан тарихында дәстүрлі қазақ ауылының ғасырлар бойы қалыптасқан құрылымы, қауымдық заңдылықтары мен өзіне ғана тән экономикалық қатынастары дағдарысқа ұшырауымен және ХХ ғасырдың 31-33-ші жылдардағы зұлмат ашаршылықтың тікелей алғышарттарының бірі болғандығымен белгілі. Мақалада дәстүрлі қазақ ауылындағы байлар қауымының рөлі қарастырылып, олардың әлеуметтік және экономикалық қатынастарына көңіл бөлінеді. Өз шаруаларын аяусыз қанайтын ресейлік немесе еуропалық бай тап өкілдері мен қазақтың байлар қауымына салыстырмалы анализ жасалады. Науқан барысында жіберілген өрескел заңсыздықтарға, озбырлыққа толы тәркілеу саясатының әділетсіз табиғатына мән беріледі.
Түйін сөздер: Сталин, кәмпеске, бай-феодалдар, орташалар, тәркілеу, Голощекин.
Text:

Кіріспе. Еліміздің тарихындағы үнемі назарда болатын, ақтаңдақты кезеңдердің бірі 1931-1933 жылдары орын алған алапат ашаршылық тақырыбы. Қазақ елі үшін осы қаралы қиын-қыстау кезеңді дұрыс түсініп, әділ бағасын беру үшін оның бастауында тұрған, тікелей алғышарттарының бірі болған – «Қазақ байларын тәркілеу науқанын» тыңғылықты зерттеуіміз қажет. Соңғы жылдары осы тақырыпқа жіті көңіл бөліп, қадағалап отырған ресми биліктің де талабы осындай. Биылғы жылы ашаршылыққа арналған 3 томдық құжаттар жинағының жариялануы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссияны құру туралы Үкіметке тапсырма беруі, зерттеп отырған тақырыбымыз қоғам тарапынан сұраныс тудырып отырған аса өзекті мәселе екендігін көрсетіп отыр.

Материалдар мен әдістер. ҚР Орталық мемлекеттік архивінің, ҚР Президенті архивінің құжаттары мақаланың деректік негізін құрады. Президент архивіндегі № 141 қордың келесідей материалдары зерттелді: Ірі бай-феодалдарды тәркілеу мәселелері (Тәркілеу қорытындылары туралы Қазкрайкомының БКП(б) ОК-не баяндама хаты және оған қосымша тіркелген материалдары), байларды тәркілеу туралы материалдар (ОГПУ ПП мәліметтері, өлкелік парткомиссияның хаттамалары, анықтамалар, Қазкрайкомының ақпараттары және т. б.)

ҚР Орталық мемлекеттік архивінде зерттелген қорлар: № 135 қордан: Қазақ КСР Орталық Атқару Комитеті жанындағы бай-феодалдардың мүлкін тәркілеу және жер аудару жөніндегі орталық комиссия материалдары қаралды; № 5 қордан ҚазАССР кеңестерінің орталық атқарушы комитетінің (ҚазАССР ОСК) бай феодалдардың мүлкін тәркілеуге қатысты материалдары қаралды.

Сонымен қатар зерттеудің дереккөзі ретінде осы тақырып аясындағы соңғы жылдары жарық көрген отандық және шетел зерттеушілерінің монографиялары болды.

Талқылау. Тақырып тарихнамасын кеңестік кезең мен тәуелсіздік тұсында зерттеулер жүргізген ғалымдардың еңбектері құрайды. Кеңестік кезеңде қарастырып отырған тақырыпты терең зерттеген ғалымдар қатарында А.П. Кучкин, Г.Ф. Дахшлейгер, М.Қ. Қозыбаев және т.б. болса, тәуелсіздік тұсында негізінен Ж.Б.Абылхожин, Қ.С.Алдажұманов, Т.Омарбеков, С.А. Жакишева, Ф.К. Қозыбақовалар зерттеу нысанына алды. Қарастырылып отырған мәселе, кеңестік кезеңде идеологиялық шеңбердің аясында, саяси тұрғыда негізделген еңбектер болды. Кейінгі жылы шыққан зерттеулер тың көзқарас, жаңа деректермен қамтылғанмен, тақырып бүгінгі күнге дейін өзінің ғылыми және зерттеу маңыздылығын сақтап келеді. Жаңадан ғылыми айналымға енгізілу барысындағы деректер мен жаңа зерттеулер қазақ байларын кәмпескелеу науқаны шараларының әлі де ақтаңдақ беттерінің бар екендігін көрсетіп отыр.

Зерттеу нәтижелері. Жеке меншіктік, өзгенің жұмыс күшін пайдаланушылық жалпы кеңестік, социалистік мемлекетке жат құбылыстар. Сондықтан, Қазақстанда бай, кулактардың кеңестік жүйемен қатар өмір сүруі әлбетте уақытша еді. Жаңа экономикалық саясат та қазақ байларының мәселесін кейінге қалдыруға түрткі болды. Дегенмен таптық күрестің жағымсыз кейіпкеріне айналған қазақ байлары большевик билігінің үгіттеуінше, сан ғасырлар орыстың крепостнойларын қанап келген помещиктермен (орыс байларымен) қатар қойылды. Мәселен, байларды тәркілеу кезінде Қазақстан республикасы үкіметінің халыққа жолдаған үндеуінде «қатардағы қарапайым бай әр ауылда бар, оның шаруашылығы тауарлық капиталистік қатынасқа негізделген және мұндай қазақ байының орыс кулагынан еш айырмашылығы жоқ» деп, қазақ байының қоғамдағы өзіндік ерекше статусын жоққа шығарғысы келді (Народное хозяйство Казахстана, 1928: 128). Орал округтік атқару комитетінің жұмысшы, шаруа, казак және Қызыл әскер депутаттары мен Қазақтың еңбекші халқы кеңестерінің қаулысында: «Саны жағынан елеусіз, бірақ өзінің әлеуметтік-саяси жағдайы бойынша аса зиянды және қауіпті ауылдың мығым бөлігі ең зымиян және ең қауіпті таптық жаулар болып табылады» деп қазақ байына батыс байларының теріс қасиеттерін теліді. Бірақ бастысы байлар тарапынан «... алдағы уақытта да жалшыларды, кедейлерді және орташаларды құлдыққа салып және ауылды қайта құру кезінде кеңес өкіметінің алдында тұрған міндеттердің іске асуына тосқауыл болады» деген қауіпті төндірді.Мұндай өсек-аянды ресми билік құрылымдары тарапынан айту байларды мал-мүлкінен айыру үшін ғана емес, сонымен бірге оларды тұрғылықты округтерден, тіпті республикадан тыс жерлерге шығару үшін де қажетті және жеткілікті негіз деп санады(Жакишева, 2021: 8).  

Өмір салты көшпенді шаруашылыққа негізделген қазақ халқының байлары большевиктік билік тарапынан таңылатын қанаушы таппен салыстыруға келмейтіндігі туралы Изабель Огайон өзінің «Сталин тұсындағы КСРО-дағы қазақтардың отырықшылануы. Ұжымдастыру және әлеуметтік өзгерістер (1928-1945 жж.) атты еңбегінде: «Көшпелілердің дәстүрлері бойынша, қиын-қыстау уақыттары қазақ қоғамының байлары өздерінің мал-мүлкі мен беделін басқа руластарын құтқаруға бағыттауға міндетті болды және бұл жалпы қазақ байлары сословиесіне тән нәрсе деп жазады (Qazaqstan tarihy, 2013).

Сол сияқты орыс зерттеушісі Кушнер қазақтың байларын өз шаруаларын аяусыз қанайтын ресейлік немесе еуропалық бай тап өкілдерімен теңестіруге келмейтіндігі жөнінде: «Мен әлеуметтік таптар мен таптық күресті бос іздедім, қазақ қоғамының таптарға бөлінудің нақты мысалдарын таппадым» деп түйеді (Абылхожин, 1991: 225).

Осы мәселемен тереңірек айналысқан орыс зерттеушісі Полочанский қазақ байлары мен ауқатты шаруалардың қазақ қоғамындағы зор беделі мен біріктіруші рөлін туралы айта келе былай деп жазады: «Бұқарада таптық сана болмаған жағдайда, ол (бай) қанаушы ретінде емес, экономиканы ұйымдастырушы ретінде, рулық қоғамның ажырамас мүшесі ретінде танылады» (Алланиязов, 2002: 25).

1903 жылы «Сибирский наблюдатель» атты ай сайынғы ғылыми журналдың №3-де жарияланған «қырғыздар» очеркінде («қазақтар» деп оқыңыз), орыс зерттеушісі В.Никольский: «қазақ даласын орыстар түпкілікті тыныштандырғанға дейін қазақтар біртұтас рулық топтарда өмір сүрді және олардың басты кәсібі мал шаруашылығы болды», - деп куәлік етеді. Сонымен бірге, автор «... Бүкіл қазақ халқы ауқаттылығымен ғана емес, көшпенділер тұрғысынан тіпті, байлығымен де ерекшеленетінін» мойындайды. Ол сондай-ақ Қазақстанда отарлық тәртіптер орнатылғанға дейін «қазақтар, жалпы алғанда, ауқатты өмір сүрді және олардың қоғамында әлеуметтік бөлініс пен таптық қайшылықтар байқалмағанын» атап көрсетеді.

«Халық шаруашылық-экономикалық тұрғыдан біртекті қоғам болды, олар байлар мен кедейлер деп таптарға мүлдем бөлінбеді. Бұл кезде пролетарийлер табы туралы айту мүмкін емес еді, өйткені оның қалыптасуына рулық негіздегі қазақ қоғамының құрылымы кедергі келтірді» деп қазақ қауымының жікке бөлініуіне бейімсіздігін түсіндіруге тырысады. Никольскийдің айтуынша, қазақтардың өркендеп өсуіне, ең алдымен, қазақ қоғамының қауымдық-рулық құрылымының ерекшеліктері ықпал етті: «Шалғынды алқаптар мен жайылымға ыңғайлы алып далалық кеңістік мыңғырған малды айдауға мүмкіндік берді, ал рулық қоғам қандай да бір себеппен малынан айырылып, бақытсыздыққа ұшыраған туыстарын қолдап отырған. Қазақ өз отарларынан айырылып қалса да, оны жұт салдарынан жоғалтса да, ол аштыққа ұшырамайтын... Оны рудан шығарып тастамайтын, далалық қатарынан шығарылмайтын, керісінше, руластары оны қолдауға тырысты, оларға қайтадан шаруашылық тұрғысынан оңалып кетуіне мүмкіндік берді ...» (Аккулы, 2016).

Қазақ қоғамының байлығы, ауқаттылығы жөнінен көрініс беретін тағы бір орыс зерттеушісі А. Левшин, өзінің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде былай дейді: Қой отарлары мұнда көптігімен таң қалдырады. Әлемде малды бұл жерден де көп өсіретін ел жоқ. Қазақтардың ең байларының жиырма мың қойы бар».

Мұндай көп көлемдегі малды бір ғана байдың отбасы бағып ие бола алмайды. Кеңестік кезеңдегі бір колхоз малының жартысын немесе үштен бірін бағып-баптап өсіру бір байдың отбасының күшімен емес, ауыл ауылдың күшімен іске асуы мүмкін болған. Бұл жерде әрине ру, тайпаның рөлі маңызды болған.

Кез-келген ру-тайпалық қоғам ең алдымен отбасылық-туыстық қатынастарға сүйенеді. Қазақ қоғамының қауым ішіндегі қарым-қатынастар, қауымның аға буын және неғұрлым ауқатты мүшелерінің кіші және әлсіз мүшелерін қамқорлыққа алуына негізделді (Акимбеков, 2021: 375). Тиісінше, шағын рулық қауымдастықтың ішінде бәрі бір-біріне әр түрлі дәрежеде туыстық қатынаста болды. Бұл қажетті келісімді, соның ішінде ресурстарды үлестіруді қамтамасыз етті. Ресурстарды үлестіру малды пайдалануға беру арқылы, сондай-ақ сыйға тарту актілерінің көмегімен жүзеге асырылды. Қатардағы қазақтың бай туыстарына жұмыс істеу маңызды фактор болды. Сонымен қатар, туыстары байдан несие алып тұрды және ол көбінесе қайтарылмайтын. Бұл ретте экономикалық тұрғыдан қазақ қоғамында стратификация аса маңызды болған жоқ. Қазақ үй шаруашылығының 80%-ында әр аулада 10 бас мал бар, 17%-да 10-нан 35 -ке дейін болды, тек 3%-да 35 -тен және 200-ден астам малға ие болды (Огайон, 2009: 63). Сонымен қатар, қиын жағдайда қазақ байлары кедей туыстарына тікелей қолдау көрсетті. Мысалы, 1924 жылы Ақмола уездік атқару комитеті «ұлттық әдет-ғұрыпқа сәйкес» 25 мың аштыққа ұшыраған адамдарды тамақтандыру үшін жергілікті байларға бекітеді» (Аманжолова, 2019: 376).

Жалпы, мұндай қатынастар прагматикалық есепке негізделген. Туыстарға тұрақты негізде көмек көрсету отбасылық байланыстарды нығайтты. Сонымен қатар ол ауқатты бай қазақтардың айналасында өздеріне адал тұтынушылардың желісін қалыптастырды. Өз кезегінде, мұндай желінің болуы және оның ауқымы мемлекетпен қарым-қатынаста да, басқа ру-тайпалық қауымдармен бәсекелестік жағдайында да байдың мәртебесін арттырды.

Байдың беделі оның тұтынушыларының санымен анықталды. Мысалы, жергілікті сайлау жағдайында, Ресей империясы кезіндегі болыстар деңгейінде немесе Кеңес Одағының алғашқы жылдарында болғандай, тұтынушы байларға сайлау жағынан қолдау көрсетті. Басқа рулармен бәсекелестік жағдайында клиенттер күштік қолдау көрсетті және олар неғұрлым көп болса, соғұрлым күшті болды. Сондықтан ресурстарды бөлу қазақ қауымын ұйымдастыру құрылымында байлардың өмір сүруінің маңызды және ең қажетті функциясы болды. Оның мүлкі іс жүзінде бүкіл қауымның меншігі болды (Акимбеков, 2021: 376).

Сонымен қазақ байының қоғамның басқа мүшелерімен қарым-қатынасы қайшылықты емес, керісінше екі жақ та қатынастарын прагматикалық тұрғыдан құруға мүдделі екендігін көреміз. Сондықтан қазақ байының батыс өлшеміне келмейтін этникалық, географиялық, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан түсіндірілетін ерекшеліктері болғандығы анық нәрсе. Ал қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескергісі келмеген большевиктік билік қазақ байларын қоғамнан аластап, халыққа иелік ету үшін қазақ қоғамын Ресейдегідей қанаушы және қаналушы таптарға бөлді. Қазақтың байларын жеккөрінішті көрсетіп оның эксплуататорлық, қанаушы ретіндегі бейнесін ресми газет-жорналдар арқылы жиналыс, митингілер ұйымдастырып насихаттады.

Кеңестік билік қазақтың байларын халқына қарсы қоюды кәмпескеге дейін де бастаған еді. 1926-1927 жж. шабындық және егістік алқаптарды қайта бөлу реформасы арқылы билік байларды экономикалық қыспаққа алып, олардың қазақ қауымындағы рөлін аласартуға талпынады. Шабындық және егістік алқаптарды қайта бөлу реформасының сәтсіз болғандығын келесідей деректер көрсетеді: БКП(б) ОК-нің ұйымдастыру кеңесі (1929 ж.сәуір) реформаның қорытындыларын ескере отырып, «бұл іс-шаралардың нәтижелері кереметтей болған жоқ» (Прииртышская правда, 1928: 5 фев) деп көрсетті. Семей губкомы БКП (б), сондай-ақ қайта бөлу үміттерді ақтамағанын айтты (Ряднин, 1928: 28). Енді бір бақылаушы былай деп жазады: «көптеген аудандарда қайта бөлу кезінде кедейлер айтарлықтай белсенділік танытқан жоқ. Біз кедейлерді тиісті дәрежеде үгіттей алмадық... Шабындықтарды қайта бөлу ауылдағы тап күресінің, ауылдың әлеуметтік топтарының жер үшін күресінің нәтижесі тиісті дәрежеде болмады деп қорытынды жасауға болады» (Ряднин, 1928: 28).

Голощекин де реформа нәтижесінің болжамдары оның нақты нәтижесінен тіпті алшақтайды деп күтпеді. «Біз әлі барлығын ой елегінен өткізіп түсінген жоқпыз»... Мысалы,10 мыңнан мал басы бар Шорманов пен Ақпаевты алайық. Біз олардан жерді алдық, мен олар енді не істей қояды деп ойладым, ал олардың мұрты да қисаймаған сияқты. Мұнда бір кілтипан бар, жолдастар. Біз олардан жерді тартып алғанымыз жақсы әрине, бірақ біз бәрін әлі жіті түсінген жоқпыз, бай үшін құтылудың жол бар болып тұр, міне соны жолдастар, тауып алып құтылып кетуіне жол бермеуіміз керек» (Голощекин, 1927: 75).

Ал енді қазақ байларының көзін жойған Голощекин кім еді? Бір қызығы 1925 жылы Голощекин Қазақстанды басқаруға келгенде, дәл сол жылы Лазарь Каганович Украинаны басқаруға Киевке жол тартады. Украинаға барған Л.Каганович украиндықтардың көңілін табу үшін, украинша сөйлеуге тырысқан екен. Қазаққа бұйырған Голощекиннің қазаққа көзқарасын төменде келтіретін тарихшы В.Л.Бурцевтің сөзінен білетін боламыз. Сонымен, Голощекин И.В.Сталиннің Қазақстандағы сенімді өкілі, қазақстандық партия ұйымын 1925 жылдан бастап басқарды және Қазақстанның Өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы болды. Голощекинді білетін, революция тарихшысы В.Л.Бурцевтің айтуынша: «Бұл кәдуілгі лениншіл адам. Мақстақа жетуде қан төгуге де бар. Баскесер, қатыгездік оның табиғатына тән қасиеттер. Және оның бойында дегенерацияның элементтері байқалады. Партия өмірінде ол менмендікпен ерекшеленді, демагог әрі циник. Ол қазақтарды адамдар ретінде санаған жоқ. Голощекин Қазақстанға келіп үлгермей, мұнда Кеңес өкіметі жоқ және «Кіші қазанды» ұйымдастыру керек деп мәлімдеген еді (Аян Аден, 2016: 16.01.2019).

Голощекин орталықтың тапсырмасын мүлтіксіз орындауы үшін өзіне қарсы келген қарсыластарын жолдан тайдырып отырды. Тапсырманы асыра орындайтын Голощекинді Сталин мақтап, қолдау білдіріп отырды (3-й Пленум, 1927: 4). Голощекиннің шексіз билігі БКП(б) ОК Саяси Бюросы мен Сталиннің қолдауымен ғана түсіндірілмеді. Оның тағы бір себебі Қазақстандағы жергілікті интеллектуалды элита тым аз және бытыраңқы күйде болғандығында. Қазақ элитасының әлеуметтік мүдделері де айтарлықтай ерекшеленді (Мухамедина, 2002: 138).

Ешкім қарсы тұра алмаған Қазақстан көшбасшысына 1927 жылдың 24 маусымында Г.Е.Зиновьев партия Орталық Бақылау Комиссиясында келесідей сипаттап еді: «Мен Голощекиннің қандай төраға екенін саған қарағанда өте жақсы білемін. Ол кәрі большевик, бірақ мұндай Өлкені ол қайдан басқара алсын. Оның сөзі жазылған стенограмманы оқып көріңізші. Ол жергілікті ұлт өкілдеріне не үйретіп отыр. Ол партияның атына кір келтіріп, Лениннің ұлттық мәселесінің қойылуына нұқсан келтіретін бағытты ұстанып отыр» (6-я Всеказахская конференция, 1927: 95).

Голощекин үшін қазақ байларына қарсы кезекті және соңғы науқан 1928 жылы байларды кәмпескелеу кезінде жүзеге асты. Дәл осы жылы мемлекет жоспарларының ішінде кең көлемді ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастыру да болды. 1928 жылдың тамыз айында, ҚазССР-де байларды кәмпескелеу бойынша комиссия жұмыс істей бастаған кезде, Мәскеуде 125 ірі астық совхозын құру туралы шешім қабылданды. Астық совхоздарының жартысынан көбін Қазақстан Республикасының аумағында құру жоспарланған болатын. Осылайша, бұл кезде мемлекет нарықтағы және ауылдық жерлерден жеткізілетін тауарларға тәуелді болмайтындай, өз бақылауындағы астық өндірісін кеңейтуді жоспарлады. Әлбетте, мұндай ірі кеңшарлар үшін үлкен кеңістікті алып жатқан жерлер қажет болды. 1928 жылы мұндай жерді не крестьяндар қауымынан, не көшпелілерден алуға болатын еді. Алайда 1928 жылы ауқымды мемлекеттік өндірісті ұйымдастыру үшін мемлекет тұрғысынан салыстырмалы түрде бос жерлерді алу қисынды болды. Мемлекетке мұндай жерлерді көшпелілер мен жартылай көшпелілерден, яғни негізінен ҚАССР-ден тартып алу оңай болды (Акимбеков, 2021: 374).

Голощекиннен бұрын Қазақ байларын кәмпескелеу мәселесі Мәскеуде 1919 жылдың өзінде-ақ көтерілген болатын. Кирвоенревкомның бірінші төрағасы Станислав Пестковскийдің өзінің естеліктерінде 1919 жылдың көктемінде В.И.Ленин РКП(б) VIII съезінің делегаттары – қазақстандықтардың сұрағына жауап бере отырып, қазақ байларын экономикалық әлеуетінен қалай айыруға болады деген сауалдарына: «Әлбетте, сіздерге ерте ме, кеш пе малды қайта үлестіру туралы мәселе қоюға тура келеді» деп жауап береді (Ларькина, 1960: 79).

Ірі байлардан малды тәркілеу туралы мәселе 1923 жылы наурызда Қазақстанның ІІІ облыстық партия конференциясында да қойылды. Алайда, сол кездегі «әскери коммунизмінің» тауарсыз утопияны жүзеге асыру нәтижесінде туындаған экономикалық және саяси дағдарыстан шығуға бағытталған ЖЭС стратегиясы, коммунистік радикалдардың экспроприациялық әрекеттеріне тоқтау салды (Дахшлейгер, 1965: 179).

КСРО үкіметі БКП(б) XV съезінде (1927 ж. қараша) Кеңестік шығыс өлкеде кеңестік қоғамының мүлде орнамағанын атап өтіп, ондағы кеңестендіру жұмыстарын тез арада іске асыру мәселесі ретінде күн тәртібіне қояды (XV съезд ВКП(б), 1928: 1047). Кеңестік Қазақстан Республикасына қатысты бұл Қазан революциясына он жыл толса да қазақ қоғамында сақталып отырған бай, кулак шаруашылықтарын кәмпескелеуді білдірді. 1927 жылы қарашада Қазақстанның VI-шы партиялық конференциясында «ірі байлардан мал мен құрал-сайманның бір бөлігін тартып алуға рұқсат беру» мүмкін деп тауып, байларды экспроприациялау мәселесі талқыланды. Бұл «ауылдың орташалануы мен оның өндіргіш күштерінің дамуына және пролетариаттың ауыл еңбекші халқымен одағын одан әрі нығаюына әкелуі тиіс» деп есептелді.

1927 жылдың желтоқсанында ірі көлемдегі шаруа қожалықтарын тәркілеу туралы заң жобасын әзірлейтін комиссия құрылды. Казкрайком бюросында қаралып, нақтыланғаннан кейін оны Бүкілодақтық большевиктер коммунистік партиясының орталық комитеті мен Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мақұлдады. 1928 жылдың 18 тамызында Қазкрайком Бюросының отырысында Қазақ байларын тәркілеу жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылданды. Тәркілеу жөніндегі комиссияны Елтай Ерназаров басқаратын болып шешілді. Комиссия құрамына Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Ғ.Тоқтабаев және басқалар кірді. Жергілікті жерлерде тәркілеумен округтік комиссиялар айналысатын болды. Уәкілдер тағайындалып, Қостанай облысына Ұзақбай Құлымбетов, Ақмола облысына Садық Сапарбеков шықты.

1928 жылы 27 тамызда республиканың Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің отырысында «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулы қабылдады. Мұнда «Қазақстан АССР-да Адай округі мен бұрынғы Сырдария және Жетісу губерниялары мен Қарақалпақ автономиялық облысының мақта өсіру аудандарын қоспағанда, жартылай феодалдық, патриархалдық және рулық қатынастарды сақтай отырып, өзінің мүліктік және қоғамдық ықпалымен ауылды кеңестендіруге кедергі келтіретін ірі байларды көшіру» қарастырылды (Материалы к отчету ЦИК КАССР, 1928: 18). Республика аудандарында тәркілеу жүргізу үшін өкілетті өкілдер тағайындалды. Мыңнан астам өкілетті өкілдер тікелей ауылдарға жіберілді. Сонымен қатар, жәрдемдесу комиссияларында 4700 адам жұмыс істеді. Тәркілеуді жүргізу үшін ауылдарда 300-ге дейін комиссия ұйымдастырылды, оған 5000-ға жуық жұмысшы өкілдері кірді.

1928 жылы 30 тамызда «Бай шаруа қожалықтарын тәркілеу туралы ҚАССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің декретін қолдану жөніндегі нұсқаулық» бекітіліп, жарияланды. Нұсқаулыққа сәйкес мыналар тәркілеуге және көшірілуге тиіс болды:

а) көшпелі аудандардағы ірі малға шаққанда 400 бастан аса малы бар, жартылай көшпелі аудандардағы ірі малға шаққанда 300 бастан аса малы бар, отырықшы аудандарда 150 бастан аса малы бар және төңірегіндегі халыққа қатынасының кіріптарлық сипатына байланысты әлеуметтік қауіпті болып табылатын немесе рулық артықшылықтар мен экономикалық үстемдікті пайдалана отырып, ауылды кеңестендіру іс-шараларын өткізуге кедергі келтіретін байлар;

б) ірі қара малға шаққанда жоғарыда көрсетілген нормадан малы аз болса да, бірақ «а» тармағында көрсетілген шарттарға байланысты жергілікті билік әлеуметтік қауіпті деп таныған адамдар;

в) бұрын мәртебесі бойынша артықшылықты иемденген топтарға жататын адамдар, мысалы: сұлтан, хан ұрпақтары, патша үкіметінен арнайы марапаттар алған бұрынғы болыс басқарушылары, яғни жеке немесе мұрагерлік атақтары бар азаматтар, еңбек сіңірген қызметі үшін медальдар алған және басқа да ерекшелік белгі, қандай да бір артықшылықтар беру туралы ерекше грамоталар алған адамдар, олардың мүліктік жағдайына қарамастан көшірілуі тиіс».

«а» тармағына енген байлар 1-ші категорияға жатқызылды, «б» және «в» тармақтарына енген байлар тәркілеу мен көшірудің 2-ші категориясы бойынша өтті. Олардың өздері және отбасы мүшелері автоматты түрде сайлау құқығынан айырылды. Билік шаруашылықтар санын болжап, шамамен бөліп қойған еді: 1-ші топ бойынша 600 шаруашылық, 2-ші топ бойынша 100 шаруашылық (Жакишева, 2021: 46). Кәмпескені іске асырушылардың ұзақ пікір-таластарынан кейін бастапқыда белгіленгендей 4300 шаруашылық емес, 500-600 шарушылық тәркіленетін болып шешілді (Кстаубаева, 2015: 174).

Алматы облысының мемлекеттік архивінің 591-қордың, 1-тізімдемесі, 1-бумасы, 9-шы ісінде Алматы округтік атқару комитетінің жанындағы байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы округтік комиссияның жиналыстарының хаттамалары сақтаулы. Осы хаттамада қабылданған қаулы бойынша «ірі қара» деп жасы екі жылдан асқан жылқы, сиыр, қодас, түйе есептелетін болды. Сонымен бірге үш құлын, екі бір жасар тай, үш бас тайынша, бес бұзау, бес қой, алты ешкі, үш бас бияз жүнді қой, үш бота, екі тайлақ, бір ірі қара болып есептелінетіндігі нақтыланды. Сондай-ақ, төлдеген тоқты да ірі қойдың қатарына жатқызылды. Міне, осы және басқа да мәселелерді түсіндіру-насихаттау мақсатында тәркілеу комиссиясы 5 қыркүйектен 2 желтоқсанға дейін 25 жиын өткізген (Рысдәулет, 2018: 1).

Декретке сәйкес малдан басқа бай шаруашылықтарынан ауыл шаруашылығы құрал-саймандары, көлік құралдары, зергерлік және кілем тоқу бұйымдары да тәркіленді. Осы тақырыпты зерттеуші И.Огайон тәркілеуге ұшыраған үлкен әулеттік тарихы бар материалдық мүлікке ерекше мән береді. Тәркіленген осындай отбасылық жәдігерлер фольклорлық дүние болып, мемлекет кірісін толықтырғанымен, терең тарихы бар рулық жадтың жойылуына ықпал етті. Этнографиялық мұражайлардың қорларын байыта отырып, генеалогиялық тізімдерді символдық түрде көрсететін отбасылық құндылықтар рулық сәйкестіліктің берілу механизмінің бастапқы мағынасын жоғалтты. Осылайша қазақ элитасын әлеуметтік және саяси мәртебеден айырды дейді зерттеуші (Qazaqstan tarihy, 2013).

Байлардың мүлкін тәркілеу және оларды кейіннен жер аудару кезінде өрескел заңсыздықтарға жиі жол берілді. Мысалы, шын мәнінде, мал саны көп болған байлардың саны салыстырмалы түрде аз болды, олар жалпы санның үш-ақ пайызын құрады. Сондықтан уәкілетті өкілдер, өздерінің жеке мүдделері үшін неше түрлі амалдарға барды. Мемлекеттік деңгейде байлардың эксплуатациялық әрекеттерін әшкерелеу және тәркілеу жөніндегі комиссияларға жан-жақты көмек көрсетілуі үшін, билік тарапынан ауылдың ең кедей топтарына тәркіленген мал мен мүліктің 60-70% бөлу туралы уәделерімен азғырды. Сондықтан, бақай есебі бар шолақ белсенділер тек растауға ғана емес, сонымен бірге жойылатын бай шаруашылықтарының шеңберін кеңейтуге де тырысты.

Сондай шолақ белсенділердің бай шаруашылықтарының көлемі, олардың әлеуметтік қауіптілігі туралы берген мәліметтері тексерусіз қабылданды. Ал кеңес органдарының құжаттарымен бекітілген байлардың мәліметтері күмән тудырды немесе ескерілмеді. Сонымен қатар байдың кінәсінің жоқтығына кепілдік беретін немесе оларды қорғауға алған адамдардың сенімділігін тексеру туралы нұсқаулар берілді.

Сонымен қатар, тәркіленетін және жер аударылатын байлардың тізімдері үнемі жаңартылып отырды. Мысалы, жергілікті жерлердегі уәкілдерден байлардың мал саны 1-ші категорияға сәйкес келмей жатқандығы туралы жеделхаттар келіп түскен жағдайда округтік комиссия бұл байлар әлеуметтік қауіпті және Кеңес өкіметіне қарсы болғандықтан, оларды тәркілеудің 2-ші тобына сәйкес анықтау керек деп 2-ші категорияға аудара салатын болған.

Жоспарды орындау үшін уәкілдер көбіне қолданған әдіс – бірнеше отбасы мүшелерін біріктіріп, қажет пайызға қол жеткізіп отырған. Байды жер аударып жіберуге және мүлкін тәркілеуге малдың жеткіліксіз болуы, шолақ белсенділерді аса алаңдатпады. Мысалы, Алматы округы Бәрібаев ауданының азаматы Заманбек Бексұлтановтың Өлкелік орталық комиссияға, көшірмесі ҚазССР прокурорына, ҚазЦИК Президиумына жазған арызынан біз бірнеше заң бұзушылықтың орын алғанын байқаймыз. Жалпы арыз мазмұны сол науқан кезінде көптеп жазылған арыздарға тән болғандықтан арыз мәтінін толығымен береміз:

Согласно обьявления в газете «Джетысуйская искра» я подвергнут выселению а мое имущество конфискации. Считаю мое выселение и конфискацию моего имущества в корне неправильными по нижеследующим основаниям.

І. В силу декрета КЦИКА и СНК АКССР для выселения и конфискации необходимо хотя бы одно из нижеследуемых условий:

А) Наличие скота в переводе на крупные единицы в полукочевых районах свыше 300 шт.Я скотовод. Семья моя состоит из четырех человек, имущественное положение: лошадей- 8 шт., коров- 2 шт., баранов- 10 шт. Таким образом по имущественному положению я являюсь мирным скотоводом ПОЛУСРЕДНЯКОМ, ПОЛУБЕДНЯКОМ т.е. стою в ряде имущественно-социальных единиц в отношении которых советская властьсоздает в ауле рад экономически-политических привеллегий.

Б) Вторым условием для выселения может быть наличие политической нетерпимости, т.е. известная контрреволюционная идеология, враждебное отношение к советской власти, ее мероприятиям.

Ни мое прошлое ни мое настоящее и ни мое имущественное положение, абсолютно, ничто ни говорит за то что я могу быть признан идеологически чуждым советскому строю элементом. Я никогда не занимал каких либо должностей при царском строе, я нигде никогда не выступал против советской власти и по обьективным данным врагом социалистического строительства как в городе так и в ауле, а это особенно важно, признан быть не могу.

2. Первоначально мое хозяйство и хозяйство одного из моих родственников Ахметбека Султанова было признано единым , вследствие чего мы были преданы к уголовной ответственности по признакам 2ч. I69ст. Угол. Код . Если бы даже признать правильным, что наше хозяйство действительно едино, то и тогда нет оснований к нашему выселению, ибо всеравно 300 голов крупного скота хозяйство не составит. Но против этого уголовного пресдования имеется целый ряд фактов а) Мы т.е. я и Ахметбек Султанов живем совершенно отдельно. Ведем самостоятельные хозяйства Платим каждый самостоятельно единый с.х.налог. Я живу в сел. Кызы-Гора, Барибаевском районе, Ахметбек Султанов живет в Алмалинском ауле, Барибаевском районе, т.е., совершенно в другом месте чем я. б) Нарсуд 15уч Алма-Атинскаго Округа выше указанное раздельное самостоятельное существование нас и наших хозяйств признал фактически и юридически действительным и 10 декабря 1928года вынес оправдательный приговор.

3. Я НЕ БИЙ, НЕ б. ВОЛОСТНОЙ ПРАВИТЕЛЬ, Я НЕ ПОТОМОК ХАНА И Т.П. Я никогда не был ни аксакалом ни аткаменером и т.д.Я трудящийся скотовод, т.е представитель той аульной массы в отношении которой мы имеем неоднократные категорические указания со стороны КЦИКаи КРАЙКОМа ВКП(б), об осторожном вдумчивом подходе к скотоводусредняку а тем паче к бедняку и полубедняку каковым, являюсь я не смотря на это. Не смотря на то что я ни формально ни фактически не подподаю под декрет о выселении меня все же выселению и конфискации подвергли.

4. Выселение и конфискация проходят на основе безусловной классовой борьбы. С одной стороны байcтвo и с другой средняк в союзе саульной беднотой и батрачеством. С этой точки зрения весьма (характерным и лишний раз подчеркивающим неправильность моего выселения является Постановление Общего схода членов СОЮЗА КОШЧИ на каковом присутствовало свыше ста человек членов с. Кошчи и батраков. В этом постановлении дана моя характеристика как трудящегося с одной стороны и не врага советской власти с другой и кроме, сход признал необходимым обратиться в соответствующие органы на предмет отмены постановления о моем выселения и конфискации.

5. Сейчас наступила зима. У меня на руках маленькие грудные дети и не имею ни материальной ни физической возможности перекочевать. Кочевкa в настоящее время к месту высылки, абсолютно, невозможна. Наосновании изложенного и принимая во внимание, что я по имущественному положению, полубедняк-полусредняк. Идеологически чуждым Советской власти не являюсь, что посколько конфискация и выселение баев направлены с целью освободить аул от вредных элементов тормозящих проведение мероприятий Советской власти, постолько ясно, что мое выселение и конфискация нищенскаго имущества и нецелесообразно и ошибочно и политически вредно, что это наконец особо подчеркивается высказанным в мою пользу мнением организованной аульной бедноты, ПРОШУ СРОЧНО ЗАТРЕБОВАТЬ ПОДЛИННИКИ ДОКУМЕНТОВ ИЗ ОКРУЖНОЙ АЛМА АТИНСКОЙ КОМИССИИ И ПОСТАНОВЛЕНИЕ О МОЕМ ВЫСЕЛЕНИИ ОТМЕНИТЬ Т.Е. ПРОШУ ОКАЗАТЬ МНЕ СОДЕЙСТВИЕ В ДЕЛЕ ВОССТАНОВЛЕНИЯ МОИХ НАРУШЕННЫХ ПРАВ ТРУДЯЩЕГОСЯИ ГРАЖДАНИНА. 15 декабря I929 года. (ҚР ОМА, 211: 30)

Алайда, көп жағдайда жер аударылғандардың шағымдары ескерілмеді. Бай мүліктерін тәркілеуге жәрдемдесу жөніндегі аудандық комиссиялардың хаттамаларын талдау көрсеткендей, өтініштердің көпшілігі шындыққа сәйкес келмейді деп қабылданбады (ҚР ОМА, 8: 121).

Көп жағдайда рулық ауызбірлік бүкіл қазақ қоғамы тарапынан тәркілеуге қарсы тұру деңгейін көрсетіп отырды. Сонымен қатар, рулық ауызбірлік комиссиялардың өз қатарында да болды. Тіпті коммунист партиясы қатарына өткен қазақтар да туыстарын экспроприациялау акцияларына қатысудан бас тартты. Мысалы, Орал округінің 178 партия мүшесінің тек 7 коммунисі жерлестерінің мүлкін тәркілеуге қатысты. Оның үстіне партияға кіруге ынталандырудың бірі «балалары Коммунистік партияның мүшелері болған және комиссиялардың құрамына кіретін байлар реквизициядан босатылады» деген қауесет те болған (Огайон, 2009: 86). Бірақ бұл әдіс көбіне нәтиже бермеді. Тіпті комиссия мүшелері жергілікті байларға алдағы тәркілеу туралы ескертіп, хабарлап отырған.

Сондықтан билік науқан белсенділеріне моральдық ұстанымдарды сақтамауға және оларға ГПУ қарулы топтары мен агенттерінің көмегімен физикалық, әлеуметтік тұрғыдан зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға да құқық берді. Мәселен, Шалқар ауданында тәркілеу комиссиясы жергілікті бай Нағым Мұхтаровтың мал-мүлкін экспроприациялау үшін Ақтөбе округінің өкілетті өкілі және полиция қызметкері бастаған он адамнан тұратын топты жібереді. №12 ауылға келген бұлар тұрғындарды мылтықтан оқ атып қорқыта бастады. Кедейлерге қоқан-лоқы көрсете отырып, олардың соңғы жылқыларын өз пайдаланулары үшін тартып алады. Кәмпеске өкілдері онда шамамен бір ай тұрып, оларға сый-құрмет көрсетуді, үнемі қой сойып беруді талап етіп отырған. Осы аралықта кәмпеске өкілдері байдың 200 қойын жеп, өздерінің зорлық-зомбылық көрсетулерін жалғастыра берді. Содан кейін ауыл тұрғындары арасында жаппай тінту жүргізіліп, күшпен тартып алынған арбаларға бар тәркіленген дүние-мүлікті тиеп алып, тайып тұрған. Сондай-ақ, Алматы округіндегі комиссия өкілдері байларға дегенін істетіп, қорқыту мақсатында ату жазасына кескендей етіп, жалған үкім шығарып оларды жәбірлеген (Огайон, 2009: 91).

Сара Кэмерон да өзінің: «Аштық жайлаған Дала: Ашаршылық, Зорлық және кеңестік Қазақстанды орнату» еңбегінде негізінен ОГПУ қызметкерлерінен тұратын тәркілеу комиссияларына ешкімді аямау туралы бұйрық болғандығы және тәркілеу комиссия мүшелерінің де аянып қалмағандығы туралы айтады. Зерттеуші Садық Жердентапқановтың тағдыры туралы мынадай деректі келтіреді: «Комиссия мүшелері оны тыржалаңаш етіп шешіндіріп тастады. Олар оның аузын байлап, кеудесіне тапанша тақап, оның әлі де тәркілеуден кейін жасырған малы мен басқа дүниесі қайда екенін айтуды талап етеді. ... Мал қалмағаны белгілі болғаннан кейін, олар оның жалаңаш арқасынан қан кеткенше қамшымен сабап тастайды. Қанжоса болып жатқан күйеуін көрген Жердентапқановтың жүкті әйелі жүрек ұстамасынан қайтыс болады». Зерттеуші мұндай айуандықтар сол кезеңде кездейсоқтықтан гөрі үйреншікті жайға айналған еді, деп түйеді (Камерон, 2020: 105).

Іс жүзінде ауыл тұрғындары не болып жатқанын нашар түсінді (Народное хозяйство Казахстана, 1928: 27). Тіпті орта шаруалар мен кедейлер ауқатты мал иелерінің жойылуына наразылық білдірді. Шаруашылықтың күйреуін, кедейліктің жаппай орын алуын қолдаған адам аз. Сонымен қатар, кедей шаруалар, орта шаруалар «байлармен қауымда жақсы өмір сүргендігін, олардан тегін сиыр, өгіз және т.б. алғандығын, сондықтан оларды тәркілеудің қажеттігі жоқ» деп те айтып жатты.

Қарқаралы округіндегі жеке шаруа қожалықтарының таратылуы үлкен қиындықтармен өтті. Мұнда көп жағдайда кеңес және қоғамдық құрылымдар байларды қорғап, сөз сөйледі; 90 ауылдық Кеңестер, «Қосшы» ұйымы тәркіленген мал мен мүлікті қайтару туралы атқару комитеттері алдында өтініш білдірді (Красный Урал, 1928). Ақтөбе уезінде орыс кулактары байларға қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы сөйлеген жағдайлар да болды. Архив құжаттарында әйелдердің тәркілеуге теріс қатынасы сипатталады. Мысалы, Қарқаралы округі аудандарының бірінде олар жергілікті байдың қоныс аударуына қарсы наразылық ретінде жиналыстан шығып кетеді (ҚР ПА, 1988: 360).

Мал мен мүлікті тәркілеу, көшіру бойынша 696 емес, тарихшы ғалым С.Ә. Жәкішеваның жүргізген соңғы зерттеулеріне қарағанда, жүйеге қауіп төндірген 1053 ірі меншік иелері, бұрынғы болыс билеушілері мен хан мен сұлтан әулеттерінің ұрпақтары ұшырады. Оның ішінде жалпы көлемнің 65,71%-ы тәркілеудің 1-ші категориясы бойынша, ал 34,29% 2-ші категориясы бойынша өтті.

Зардап шеккендерден тәркілеуді әділетсіз және өрескел тәсілдермен жүргізгендігі жөнінде Орталық комиссияға келіп түскен 500 шағым куәландырады. Байлардан 144 474 бас мал тәркіленді (ірі қара малға шаққанда). Оның 58,6% - ы 25061 орташаларға пайдалануға берілді, ал қалған мал колхоздар арасында үлестірілді. Тәркіленген ірі қара мал барлық кедей шаруашылықтарын қанағаттандырарлықтай қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар оларды орташалар деңгейіне жеткізу үшін жеткіліксіз болды. Осы шаруашылықтардан алынған малдың едәуір бөлігі қарыздарын жабуға, салықтарын төлеуге жұмсалды.

Қорытынды. 1928 жылғы кәмпеске науқаны ауыл тұрғындарын орны толмас моральдық және материалдық шығынға тап болды. Қазақ қоғамының ең тәжірибелі және сауатты, экономикалық тұрғыдан білімді бөлігі репрессияға ұшырады. Дәстүрлі ауылдың ғасырлар бойы қалыптасқан құрылымы, қауымның ішкі қағидалары, өзіне ғана тән экономикалық қатынастары дағдарысқа ұшырады. Қазақ алдағы келе жатқан ұжымдастыру, отырықшыландыру сынды реформаларына қарсы тұратын не болмаса, реформа әкеле жатқан жаңа жағдайға халықты бейімдей алатын күштен, механизмінен айрылды. Бұл өз кезегінде бассыз қалған қазақтың кеңестік биліктің одан әрі тонауына және де 1931-1933-тің ылаңына алып келді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Абылхожин Ж.Б. Традиционная структура Казахстана. Социально-экономические аспекты функционирования и трансформации ( 1920-1930-е гг.). – Алма-Ата, 1991.– С. 225.

Акимбеков С. Казахи между революцией и голодом.– Алматы: ТОО «Институт Азиатских исследований», 2021. – 584 с.

Алланиязов Т. О некоторых вопросах методологии и историографии коллективизации в Казахстане.//Мысль. – 2002. – №5.

Аманжолова Д.А. Советский проект в Казахстане: Власть и этничность. 1920-1930-е гг.– Москва., 2019. – С. 376-377.

Аден А. Жестокий палач с элементами дегенерации // Qazaqstantarihy. 16.01.2019

Внутрипартийные вопросы на 3-м Пленуме Казахского крайкома ВКП(б). –Кызыл-Орда, 1927. –С. 4.

Голощекин Ф.И. Отчет Краевого комитета IVВсеказахской партконференции. –1928.– С.75.

Дахшлейгер Г.Ф. Социально-экономические преобразования в ауле и деревне Казахстана. – Алма-Ата., 1965, с.179.

Жакишева С.А. Элиминация байских хозяйств в Казахстане на рубеже 20-30-х гг. ХХ в.: новые подходы, методы и технологии.– Алматы: Қазақ университеті, 2021. – 222 с.

Камерон С.: Голодная степь. Голод, насилие и создание Советского Казахстана. Издательство: Новое литературное обозрение, Серия: Historia Rossica. 2020 г. – С. 360.

Красный Урал. – 1928. 4 окт.

Козыбаев М.К., Алдажуманов И.С. Тоталитарный социализм: реальность и последствия. АН Респ. Казахстан. Ин-т истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, Казахстан. ист.-просветит. о-во «Адилет» (Справедливость) – Алматы: 21 век, 1997. – 28 с. – 500 экз.

Ко всем трудящимся Казахстана. Ко всем аульным батракам, беднякам и середнякам // Народное хозяйство Казахстана. – 1928. – №8-9.

Кстаубаева, У. А. Ликвидация казахского байства как класса в конце 20-х годов XX века.//Материалы III Междунар. науч. конф. (г. Москва, январь 2015 г.). – Москва: Буки-Веди, – 174 с.

ҚР ОМА. 135-қ, 1-т, 211-іс.

ҚР ОМА. 135-қ, 1-т, 7-іс.

ҚР ОМА. 135-қ, 1-т, 8-іс.

ҚР ПА. 141-қ, 1-т, 1988-іс.

Ларькина Е.И. Подготовка колхозных кадров в период массовой коллективизации. – Москва: Соцэкгиз, 1960. – С. 167

Материалы к отчету Центрального Исполнительного Комитета Казахской Автономной Социалистической Советской республики на 3-й сессии ВЦИК 13 созыва. – Кызыл-Орда, 1928. – С. 18.

Мухамедина Ш. Конфискация байских хозяйств в Казахстане // Вопросы истории. – 2002. – № 4. – С.138-143

Народное хозяйство Казахстана. – 1928. – № 9-10. – С. 35, 27-28.

Огайон И. Седентаризация казахов СССР при Сталине. Коллективизация и социальные изменения. (1928-1945 гг.) / Пер. С франц. А.Ракишева. – Алматы, 2009. С. 63.

Прииртышская правда, 1928, 5 февраля.

Рысдәулет М. Қоңыр ауылдарды күйреткен кәмпеске // Түркістан. 16.08.2018

Ряднин М. Казахстан на путях к социалистическому строительству. (Ответ на выступления оппозиции по национальному вопросу). – Кзыл-Орда: Казахское гос. изд-во, 1928. С.81

Систематическое собрание законов Казахской АССР, действующих на 1 января 1930 г. (6 октября 1920 г. – 31 декабря 1929 года). – Алма- Ата: Упр.дел. СНК КАССР, 1930. – 224 с.

Сужиков Б.М. Казахстанская трагедия в исследовании французского историка Часть I. «Дебаизация» + конфискация = обнищание // Qazaqstantarihy. 04.08.2013

Султан Хан Аккулы. Баи-меценаты и их роль в национальном возрождении казахов – [Электронный ресурс] – URL: https://zebra.today/i345(дата обращения: 09.09.2016 г.)

6-я Всеказахская конференция ВКП(б), 15-23 ноября 1927 г. – Кызыл-Орда, 1927. – С. 95; 7-я Всеказахская конференция ВКП(б). Стенографический отчет. – Алма-Ата, 1930. – С. 7.

XV съезд ВКП(б) Стенографический отчет. – Москва, 1928. – С. 1047.

References

Abylhojın J.B. Tradıtsıonnaıa struktura Kazahstana. Sotsıalno-ekonomıcheskıe aspekty funktsıonırovanııa ı transformatsıı (1920-1930-e gg.). [The traditional structure of Kazakhstan. Socio-economic aspects of functioning and transformation (1920-1930s).] – Alma-Ata, 1991. –S. 225.

Akımbekov S. Kazahı mejdu revolıutsıeı ı golodom. [Kazakhs between revolution and famine.] – Almaty: TOO «Instıtýt Azıatskıh ıssledovanıı», 2021. – 584 s.

Allanııazov T. O nekotoryh voprosah metodologıı ı ıstorıografıı kollektıvızatsıı v Kazahstane. [On some issues of methodology and historiography of collectivization in Kazakhstan]. //Mysl. – 2002.–№5.

Amanjolova D.A. Sovetskıı proekt v Kazahstane: Vlast ı etnıchnost. 1920-1930-e gg. [The Soviet project in Kazakhstan: Power and ethnicity. 1920s-1930s.] – M., 2019. – S. 376-377.

Aden A. Jestokıı palach s elementamı degeneratsıı [A cruel executioner with elements of degeneration] // Qazaqstan tarihy. 16.01.2019

Vnutrıpartıınye voprosy na 3-m Plenume Kazahskogo kraıkoma VKP(b). [Internal party issues at the 3rd Plenum of the Kazakh Regional Committee of the CPSU (b).] – Kyzyl-Orda, 1927. – S. 4.

Goloshekın F.I. Otchet Kraevogo komıteta IV Vsekazahskoı partkonferentsıı, [Report of the Regional Committee of the IV All-Kazakh Party Conference]. –1928. – S.75.

Dahshleıger G.F. Sotsıalno-ekonomıcheskıe preobrazovanııa v aýle ı derevne Kazahstana. [Socio-economic transformations in the village and village of Kazakhstan.] – Alma-Ata., 1965, s.179.

Jakısheva S.A. Elımınatsııa baıskıh hozıaıstv v Kazahstane na rýbeje 20-30-h gg. XX v.: novye podhody, metody ı tehnologıı.[Elimination of bai farms in Kazakhstan at the turn of the 20-30s of the XX century: new approaches, methods and technologies] – Almaty: Qazaq unıversıtetі, 2021. – 222 s.

Kameron S.: Golodnaıa step. Golod, nasılıe ı sozdanıe Sovetskogo Kazahstana. Izdatelstvo: Novoe lıteratýrnoe obozrenıe.[Hungry step. Famine, Rape and the creation of Soviet Kazakhstan. Search: new literary review] Serııa: Historia Rossica. 2020 g. – S. 360.

Krasnyı Ural. – 1928. 4 okt.

Kozybaev M.K., Aldajýmanov I.S. Totalıtarnyı sotsıalızm: realnost ı posledstvııa. [Totalitarian socialism: reality and consequences.] AN Resp. Kazahstan. In-t ıstorıı ı etnologıı ım. Ch.Ch. Valıhanova, Kazahstan. ıst.-prosvetıt. o-vo «Adılet» (Spravedlıvost). – Almaty: 21 vek, 1997 – 28 s. – 500 ekz.

Ko vsem trudıaımsıa Kazahstana. Ko vsem aulnym batrakam, bednıakam ı serednıakam // Narodnoe hozıaıstvo Kazahstana. [To all the workers of Kazakhstan. To all the aul farm labourers, the poor and the middle peasants] – 1928. – №8-9.

Kstaubaeva, U.A. Lıkvıdatsııa kazahskogo baıstva kak klassa v kontse 20-h godov XX veka. [The elimination of the Kazakh baity as a class in the late 20s of the XX century.]//Materıaly III Mejdunar. nauch. konf. (g. Moskva, ıanvar 2015 g.). – M.: Býkı-Vedı. – 174 s.

KR OMA. 135-q, 1-t, 211-іs.

KR OMA. 135-q, 1-t, 7-іs.

KR OMA. 135-q, 1-t, 8-іs.

KR PA. 141-q, 1-t, 1988-іs.

Larkına E.I. Podgotovka kolhoznyh kadrov v perıod massovoı kollektıvızatsıı. – Moskva: Sotsekgız, 1960-s. [Training of collective farm personnel during the period of mass collectivization] 167

Materıaly k otchetu Tsentralnogo Ispolnıtelnogo Komıteta Kazahskoı Avtonomnoı Sotsıalıstıcheskoı Sovetskoı respýblıkı na 3-ı sessıı VTsIK 13 sozyva. [Materials for the report of the Central Executive Committee of the Kazakh Autonomous Socialist Soviet Republic at the 3rd session of the Central Executive Committee of the 13th convocation.] – Kyzyl-Orda, 1928. – S. 18.

Muhamedına Sh. Konfıskatsııa baıskıh hozıaıstv v Kazahstane [Confiscation of farms in Kazakhstan] // Voprosy ıstorıı. – 2002. –№ 4. – S.138-143

Narodnoe hozıaıstvo Kazahstana. [National economy of Kazakhstan] – 1928. – № 9-10. – S. 35, 27-28.

Ogaıon I. Sedentarızatsııa kazahov SSSR prı Stalıne. Kollektıvızatsııa ı sotsıalnye ızmenenııa. (1928-1945 gg.) [Sedentarization of the Kazakhs of the USSR under Stalin. Collectivization and social change] / Per. S frants. A.Rakısheva. – Almaty, 2009. S. 63.

Prıırtyshskaıa pravda, 1928, 5 fevralıa.

Rysdaulet M. Konyr auyldardy kuıretken kampeske [The confiscation policy that destroyed the villages] // Turkіstan. 16.08.2018

Rıadnın M. Kazahstan na putıah k sotsıalıstıcheskomu stroıtelstvu. (Otvet na vystuplenııa oppozıtsıı po natsıonalnomu voprosy). [Kazakhstan is on the way to socialist construction. (Response to the opposition's speeches on the national question).] – Kzyl-Orda: Kazahskoe gos. ızd-vo, 1928. S.81

Sıstematıcheskoe sobranıe zakonov Kazahskoı ASSR, deıstvýıýıh na 1 ıanvarıa 1930 g. (6 oktıabrıa 1920 g. – 31 dekabrıa 1929 goda). [Systematic collection of laws of the Kazakh ASSR, effective as of January 1, 1930]. – Alma- Ata: Upr.del. SNK KASSR, 1930. – 224 s.

Sujıkov B.M. Kazahstanskaıa tragedııa v ıssledovanıı frantsuzskogo ıstorıka Chast I. «Debaızatsııa» + konfıskatsııa = obnıanıe [The Kazakh tragedy in the study of a French historian Part I. "Debaization" + confiscation = impoverishment] // Qazaqstan tarihy. 04.08.2013

Sultan Han Akkuly. Baı-metsenaty ı ıh rol v natsıonalnom vozrojdenıı kazahov [Rich patrons and their role in the national revival of the Kazakhs]. – [Elektronnyı resýrs] – URL: https://zebra.today/i345 (data obraenııa: 09.09.2016 g.)

6-ıa Vsekazahskaıa konferentsııa VKP(b), 15-23 noıabrıa 1927 g. [6th All-Kazakh Conference of the CPSU (b), November 15-23, 1927] – Kyzyl-Orda, 1927. – S. 95; 7-ıa Vsekazahskaıa konferentsııa VKP(b). Stenografıcheskıı otchet. – Alma-Ata, 1930. – S. 7.

XV sezd VKP(b) Stenografıcheskıı otchet. [XV Congress of the CPSU (b) Verbatim report] – Moskva, 1928. – S. 1047.

МРНТИ 03.00.20

КАМПАНИЯ КОНФИСКАЦИИ КАЗАХСКИХ БАЕВ

В 1928-1929 гг.

А.М. Абикей¹*, А.Ж. Утегалиева², Ж.С. Саурыкова³

¹*Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова, Казахстан, Алматы 
²Алматинский университет энергетики и связи, Казахстан, Алматы 

³Казахский национальный педагогический университет имени Абая, Казахстан, Алматы 

*Корреспондирующий автор 
E-mail: abikey.arm@mail.ru (Абикей), almazhan@gmail.com (Утегалиева), zhanarsaurykova@mail.ru (Саурыкова)

Аннотация. В статье рассматривается кампания по конфискации имущества и скота баев Казахстана конца 20-х годов XX века на основе архивных источников, а также трудов казахских и зарубежных авторов, опубликованных в последние годы. Этот период в истории Казахстана известен тем, что многовековая структура, общинно-родовые законы и присущие только ему экономические отношения традиционного казахского аула находились в кризисе и являлись одной из непосредственных предпосылок голода 31-33-х гг. ХХ века. В статье также рассматривается роль казахских баев в традиционном казахском ауле, уделяется внимание их социальным и экономическим отношениям. Проводится сравнительный анализ между представителями русского или европейского эксплуататорского класса и баями казахских общин. Уделяется внимание произволу, допущенным в ходе кампании, несправедливой природе политики конфискации имущества казахских баев.

Ключевые слова: Сталин, конфискация, баи-феодалы, средняки, Голощекин.

IRSTI03.00.20

THE CAMPAIGN OF CONFISCATION OF KAZAKH BAIS

IN 1928-1929

A. Abikey Аrman¹*, A.Dzh. Utegalieva², Zh.S. Saurykova³

¹Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty

²Gumarbek Daukeyev Almaty University of Power Engineering and Telecommunications, Kazakhstan, Almaty 

³Abai Kazakh National Pedagogical University, Kazakhstan, Almaty 

*Corresponding author E-mail: abikey.arm@mail.ru (Abikey), almazhan@gmail.com (Utegalieva), zhanarsaurykova@mail.ru (Saurykova) 

Abstract. The article discusses the campaign to confiscate the property and livestock of the Kazakh bais of the late 1920s on the basis of archival sources, as well as the works of Kazakh and foreign authors published in recent years. This period in the history of Kazakhstan is known for the fact that the centuries-old structure, community-tribal laws and economic relations of the traditional Kazakh aul inherent only to it were in crisis and were one of the immediate prerequisites for the famine of the 1931-1933. The article also examines the role of Kazakh bais in the traditional Kazakh village, pays attention to their social and economic relations. A comparative analysis is carried out between representatives of the Russian or European exploiting class who mercilessly exploit their peasants and the bais of Kazakh communities. Attention is paid to the arbitrariness committed during the campaign, the unfair nature of the policy of confiscation of Kazakh bais’ property.

Keywords: Stalin, confiscation, feudal lords, middle peasants, Goloshchekin.

Авторлар туралы мәлімет: 

¹*PhD доктор 

²Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор 

³Магистр 

No comments

To leave comment you must enter or register