Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС ОҚУ ОРЫНДАРЫ, ОЛАРДЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚҚА ӘСЕРІ (ХІХ ғ. ІІ жарт.-ХХ ғ. басы)

Л.А. Бисембаева¹, Ұ.М. Әлімбай². ¹PhD доктор, аға оқытушы. ²Магистрант. Қазақ ұлттық қыздар пед. университеті. Қазақстан. Алматы қ.

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС ОҚУ ОРЫНДАРЫ, ОЛАРДЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚҚА ӘСЕРІ (ХІХ ғ. ІІ жарт.-ХХ ғ. басы)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(26), 2021

Tags: гимназия, медресе, мектеп, орыстандыру, ағартушылық
Annotation:
Аңдатпа. Мақалада ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басында патша үкіметінің ағартушылық саясатының аясында Қазақстанда ашылған орыс оқу орындары және олардың жергілікті халықтың рухани-мәдени өміріне тигізген әсері туралы мәселелер талдауға алынған. Қазақ жерінде орыс тілінде білім беретін оқу орындарын ашу арқылы патша әкімшілігі жергілікті халықтың санасын орыстандырып, олардан Ресей империясына берілген шенеуніктер даярлауды, сол арқылы империяның отаршылдық саясатын еш кедергісіз жүргізуді мақсат етті. Патша үкіметінің ағартушылық саясаты негізінен орыс ұлтының мүддесін көздеді. Жергілікті халық балаларына гимназиялық білім беруді қажет деп таппады, оларды реалдық мектептерде ғана оқытып, төменгі шенді шенеуніктерді, тілмаштарды даярлауды ойластырды. Оқу орындары орыстар мекендеген жерлерде ғана орналасып, қазақтардың көші-қон аймағынан алыс болды. Қазақтардың ауылдарына жақын аймақтан мектеп ашып беру туралы өтінішін әкімшілік қанағаттандырмады. Билігін нығайтып алған патша үкіметі ХІХ ғасырдың аяғына қарай мешіт-медреселер жанынан да орыс мектептерін ашуды талап етті. Орыстандыру арқылы жүргізілген ағартушылық саясаты қазақ халқының менталитетін өзгертті. Орыс оқуын оқыған ұрпақтар арасынан алған білімін өз ұлтына қарсы қолданғандармен қатар патша үкіметінің империялық саясатына қарсы шығып, қазақ халқының бостандығы мен теңдігі жолында адал қызмет еткен азаматтар шоғыры да қалыптасты. Мақалада осы мәселелер тереңірек қарастырылады.
Text:

Кіріспе. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы уақыттар аралығында Қазақстанда орын алған оқиғалар, әсіресе, білім беру бағыты Отандық тарих ғылымы үшін өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Аталған уақыттардағы патша үкіметінің ағартушылық саясаты қазақ халқының болашағына үлкен әсер етті. Империяның ағартушылық бағыты жергілікті халықтың мәдени-рухани деңгейін көтеруді мақсат тұтпағандықтан, оның қазақ халқының санасындағы көрінісі біркелкі болған жоқ. Бір жағынан, отаршылдық ұстанымда жүргізілгеніне қарамастан, қазақ халқын сол заманның ғылым-білімімен таныстырып, таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, діні мен ділінен, салт-дәстүрінен ажыратып, құлдық сананың қалыптасуына негіз қалады. Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «ХХ ғасырдың басында батыстық үлгідегі жаңғырудың бүгінгі күн талабына сәйкес келмей қалу себебі, олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін өзге халықтар мен өркениеттердің ерекшелігін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтап қалу» - (Назарбаев, 2017) деп көрсетеді.

Білім беру саласы қай кезеңде де қоғам үшін өзінің өзектілігін жоймақ емес. Кез-келген мемлекеттің іргетасының мығым, болашағының жарқын болуы халқының білім деңгейі мен ұлттық санасының беріктігіне байланысты болмақ. Сондықтан елімізде мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқының тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық сана-сезімін ояту мәселесі қолға алынды. Осы бағытта өткеннен сабақ ала отырып, болашақты дұрыс бағамдау үшін еліміздің өткен тарихындағы білім беру мәселесін қайтадан ой елегінен өткізу өзекті мәселе болып табылады.

Материалдар мен әдістер. Тақырыпты жазып шығуда Қазақстан Республикасы Алматы облыстық мемлекеттік архивінің (177 қор) қорының мәліметтері, сонымен бірге тақырыптың хронологиялық шеңбері аясында шығып тұрған Обзор Оренбургской губернии (1888ж., 1896ж., 1900ж.), Обзор Акмолинской области (1894ж.), Обзор Семиреченской области(1908 ж.)жинақтарының әр жылдардағы басылымдары негізгі дерек көздері ретінде қолданылды. Себебі, бұл жинақтар генерал-губернаторлардың патшаға өздері басқаратын өңірлердің әр саласы бойынша жыл сайын беріп отыратын Есептерінен тұрады.

Пайдаланылған дереккөздері мен материалдардың ақпараттылық және сенімділік дәрежесі жоғары. Сондықтан ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы орыс оқу орындары мен олардың жергілікті халыққа әсерін жан-жақтықарастыруға мүмкіндік береді.

Тақырыптың мазмұнын ашуда аталған уақыттарда Қазақстанда ағартушылық саласында орын алған үрдістердің өзара байланысын ашып көрсету үшін жалпығылыми және жалпытарихи әдістер қолданылып, тарихи үдерістерді сипаттау және тақырыпқа қатысты әртүрлі фактілерді жан-жақты талдап, тарихи шынайылыққа жақындау үшін объективтілік және тарихилық қағидасы басшылықта ұсталды. Сонымен бірге тарихи-салыстырмалы, тарихи типология және тарихи жүйелеу әдістері қолданылды.

Талдау. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы орыс оқу орындары, патша үкіметінің ағартушылық саясаты мәселесі революцияға дейін де, кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік алған уақыттан бері де зерттеу аясынан тыс қалған емес.

Революцияға дейінгі зерттеушілер қандай да бір методологияға сүйенбей, патша үкіметінің арнайы тапсырмасын орындаушы әртүрлі мамандық иелері болған. Сонымен бірге архив материалдары мен жыл сайын патшаға беріліп тұрған есептер де замана куәгерлері қалдырған деректер ретінде біз үшін құнды болып табылады. Мысалы, Архив материалдарынан (ҚР АОМА. 177 қ., 1 т., 1017-іс.) патша әкімшілігінің қоныс аударушыларға шіркеу, мектептер салып беріп, барынша көмек көрсеткендігі (жергілікті халыққа ондай қолдау, көмек көрсетілмеген) туралы, Патшаға беріліп тұрған Есептерден (Обзор Оренбургской губернии за 1888 год, б.г.), (Обзор Оренбургской губернии за 1896 год), (Обзор Оренбургской губернии за 1900 год), (Обзор Акмолинской области за 1894 год], (Обзор Семиреченской области за 1908 год) Қазақстанның батыс, солтүстік және Жетісу өңірлеріндегі орыс мектептерінің, оқушылардың саны, олардың өсу динамикасына қатысты маңызды мәліметтер алынды. Васильев (Васильев, 1896) орыс оқу орындарында оқыған қазақ жастарының молдадан білім алған өз замандастарынан ой-өрісімен ерекшеленетінін айтады.

Тақырыпты жазу барысында негізінен кеңес заманы мен тәуелсіздік кезеңінің материалдары қолданылды. Кеңестік зерттеушілер: Тажибаев Т. (Тажибаев, 1958) қазақ балалары мен орыс балаларын екі түрлі бағдарламамен оқытқанын, (Тажибаев, 1962) қазақтардың білім алуға деген ынтасы толық қанағаттандырылмағанын баяндап, аталған уақыттардағы патша үкіметінің ағартушылық саясатының отаршылдық мәнін ашып көрсетеді. Бержанов К. (Бержанов, 1965] ХІХ ғасырдағы Қазақстан аумағындағы, атап айтсақ, Орынбор, Ақмола, Семей, Жетісу облыстарының жерінде қазақтарға арналып ашылған орыс мектептері, олардың бағдарламалары, оқушылар саны туралы, сондай-ақ, Торғайдағы Ы.Алтынсарин мектебіндегі оқу-тәрбие ісінің ұйымдастырылуына қатысты мәліметтер береді.

Тәуелсіздік кезеңінің зерттеушілері: Қойгелдиев М. (Қойгелдиев, 2014) патша үкіметі орыс мектептерін ашуды балаларын орыс оқуына бергісі келмеген жергілікті халыққа заң жүзінде қысым жасау арқылы жүзеге асырғаны, Қалдыбаева С. (Қалдыбаева, 2020) араб алфавитіне тиым салынуы, мұсылман дініндегі халықтардың балаларын орыс тілінде оқытуға мәжбүр болғандығы туралы ақпараттар береді. Төлекова М. (Тулекова, 2004), Әміржанұлы А. (Әміржанұлы, 2017) орыс оқу орындарында білім алып жатқан оқушылардың саны мен әлеуметтік тегіне қатысты мәліметтер, Әміржанұлы А. (Әміржанұлы, 2016) сонымен бірге, Атырау өңірінде ХІХ ғасырда орыс мектептерін ұйымдастыруға қатысқан  қазақ азаматтары туралы құнды деректер береді. Бүркітбаева Ү. (Бүркітбаева, 2009]. Галиев В. (Галиев, 2001), Дулатбеков Н. (Дулатбеков, 2013) сияқты зерттеушілер орыс оқу орындарында білім алып, қазақ халқына қалтқысыз қызмет еткен азаматтар туралы жан-жақты баяндайды.

Зерттеу нәтижелері. Қазақстандағы орыс оқу орындарының тарихына үңілсек, алғашқы білім беру ошақтарының біз қарастырып отырған мезгілден көп бұрын пайда болғанына куә боламыз. Яғни, Ресей империясы отаршылдық саясатын қазақ жеріне саяси билігін толық орнатпай тұрып-ақ, «ағартушылық» ұранымен жүргізе бастаған. Мәселен, 1786 жылы Омбыда Азиаттық мектеп, 1789 жылы Орынборда үкіметтік мектеп ашылған. Бұл мектептерде жергілікті қазақ балаларын тілмаштыққа, хатшылыққа оқытқан. Ал, 1825 жылы Орынборда Неплюев және 1846 Омбыда кадет корпустары ашылып, әскери мамандар мен әкімшілік шенеуніктерін даярлай бастаған (ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан жеріндегі білім беру бағыттары/https://baribar.kz/student/19913/khikh-ghasyrdynh-ekinshi-zhartysyndaghy-qazaqstan-zherindegi-bilim-beru-baghyttary/ (19.12.2020. қарадым)). Осылайша, болашақта өлкедегі саяси-экономикалық мақсаттарын кедергісіз жүзеге асыру үшін қажетті кадрлар, империяға сенімді адамдар даярлай бастады. Бірақ, сөйте тұрса да, орыс балалары үшін ешқандай шектеу қоймай, барлық пәндерді оқытып, қазақ кадеттеріне құпия әскери пәндерді оқытпаған (Открытие светских школ в Степи во второй половине XIX – начале XX веков. https://www.itest.kz/ru/ent/istoriya-kazahstana/8-klass/lecture/razvitie-prosvesheniya-v-kazahstane(15.01.2021)).

Ресеймен ертерек байланысқа түскен, шекаралас аймақтардың бірі – Бөкей ордасы. Уақыт өткен сайын орыс ықпалының артып келе жатқанына алаңдаған Жәңгір хан қазақ балалары заманға сай білім ала алмаса, замана көшінен қалып қоятынын ерте аңғарады. Оның қазақ балалары да білім алып, ғылымға қол жеткізсе екен деген ынтасын 1826 жылдың өзінде Қазан университетінің ректоры Фукс былайша суреттеген: «өзінің жас кезінде, хандығының бас кезінде, тіпті, Ордада әлі бірде-бір үй тұрғызылмаған кезде, оның білімнің пайдасы жөнінде осы бастан ойлануы қандай ғанибет».Ақыры, 1841 жылы 6 желтоқсанда, Жәңгір ханның күшімен Бөкей ордасындақазақ балаларына арналған тұңғыш қазақ-орыс мектебі бой көтереді. 1848 жылдан бастап хан Жәңгір мектептің қажеттіліктері үшін жыл сайын 1404 сом ақша бөліп отырған(«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия, 2001:620).

Қазақстанның батыс аймағында құрылған Орынбор генерал-губернаторлығында ХІХ ғасырдың ортасында Орынбор әскери губернаторы Обручевтің жетекшілігімен «Орынбор шекаралық комиссиясының қырғыз (қазақ-авт.) балаларына арналған мектеп ережесі» құрастырылып, негізінен қазақ балаларына орыс тілін үйретіп, төменгі шенді шенеуніктер даярлауды мақсат тұтты. Соның негізінде 1850 жылы 22 тамызда қазақ балаларына арналған Орынбор орыс мектебі ашылып, алғаш 50 бала қабылданды. Бұл – қазақ жеріндегі Бөкей ордасында Жәңгір хан ашқан мектептен кейін 9 жылдан кейін ашылған екінші мектеп еді. Орынбор орыс мектебінде жергілікті халықты орыс мектебіне тарту үшін ислам дінінің шарттары жеке пән болып оқытылды. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы М.В.Ладыженский көшпелі тұрғындардың ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктері ескерілуі тиіс деп, Обручевтің мектеп туралы ережесіне қарсы шыққан болатын. Бірақ, Обручев ұсынған «Мектеп туралы Устав» нұсқаулығы іске қосылып, қазақ балаларына арналған орыс мектептері сол ереже бойынша жұмыс істей бастады. Орынбор орыс мектебінде оқытылған пәндер:

1. Ислам заңдары;

2. Орыс тілінде таза, сауатты жазу, оқу;

3. Арифметика және шоттарды есептеу әдісі;

4. Татар тілі;

5. Орыс және татар тілдеріндегі іс қағаздарының жағдайы мен оларды жүргізуге көмек беру тәртібі;

6. Гимнастика.

Оқу мерзімі 7 жыл болды, мектепке қабылдау жыл сайын емес, екі жылда бір рет жүргізілді. Жазғы демалыс уақыты 15 маусым мен 15 тамыз аралығы болды. Мектептің оқу, тынығу кестесі және емтихан қабылдау ережесі болды. 1957 жылы мектептің алғашқы түлектерінің бітіру емтиханы болып, оған оқушылардың ата-аналары мен туыстары, өңірдің құрметті қазақтары шақырылған (Бержанов, 1965: 54-55).

Қазақ балаларына арналған Орынбор орыс мектебі бар болғаны 19 жыл ғана қызмет етіп, 1869 жылы 1 ақпанда жабылады. Осы жылдар ішінде мектепті 48 оқушы ғана бітірген. Қазақ балаларының сауаттылық деңгейі, оқу үлгерімі жоғары болған, ол әрине, империялық пиғылдағы әкімшілікке ұнамады, сондықтан бұл мектепті жалпыресейлік мектептер жүйесіне қосып жіберген. Мектептің деңгейі гимназиядан төмен (патша үкіметі қазақ балаларына гимназиялық білім беруге мүдделі болмады-авт.), уездік училищеден жоғары болған. 1865 жылы Омскіде де осындай мектеп ашылып, 1881 жылға дейін жұмыс істеген. Билік Ақмола және Семей облыстары қазақтарының округтен емес, өздерінің көші-қон жолдарына жақын жерден орыс мектебін ашып беру туралы өтінішіне құлақ түрмей, бұл аймақтар үшін Омскідегі мектеппен ғана шектелді (Бержанов, 1965: 59-60). Сонымен бірге патша үкіметінің қазақтар арасында оқу-білімнің кеңінен таралуына құлықты болмағанын Орынбор генерал-губернаторы Обручевтің сұлтан Ахмет Жантөриннің Орданың шығыс бөлігінде қазақ балаларына арналған мектеп ашып беру туралы өтінішін қанағаттандырмауынан да көруімізге болады (Тажибаев, 1962: 19-21). Себебі, патша үкіметінің халық ағарту саласындағы ісі біріншіден, орыстарға; екіншіден, империяға бағындырылған ұлттарға арналып, екі бағытта жүзеге асырылды (Әміржанұлы, 2017:11). Бұл оның отаршылдық сипатын көрсетті.

1864 жылғы гимназиялар мен прогимназиялар туралы Устав бойынша оқу орындары екі шет тілін (грек және латын) оқытатын; бір шет тілін (латын тілін) оқытатын және шет тілінсіз оқытатын деп үш типке бөлінген-ді. Шет тілдерін оқытатын білім ошақтары классикалық, ал шет тілінсіз оқытатын оқу орындары реалдық деп аталды (Тажибаев, 1958: 42). Классикалық білім беретін гимназияларда қоныс аударушылардың балалары білім алып, бір немесе екі шет тілін меңгерсе, шет тілін оқытпайтын реалдық оқу орындарында қазақ балаларын оқытты.

ХІХ ғасырдың ортасынан бастап патша әкімшілігі орыс балаларымен қазақ балаларын араластырып оқытуды қолға ала бастады. Қазақтар ондай мектептерге балаларын беруге түбегейлі қарсы болды. Ежелден ислам дінін салт-дәстүрі мен ұрпақ тәрбиесінің өзегі санап келген қазақтар аралас мектептерге күдікпен қарап, балаларының тек мұсылманша білім алуын қалады. Бастапқыда қоныс аударушылардың өмір салты мен діні оғаш көрінгендіктен, жергілікті халық олардың оқуына да үрке қарап, оны дін мен дәстүрге төнген қауіп деп қабылдады.

Жергілікті халықтың балаларын орыс мектебіне беруге табанды қарсылығын байқаған үкімет 1870 жылдан бастап мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқытуды міндеттеді. Егер орыс тілі мұғалімі болмаса, мұсылмандық оқу орындарын ашуға рұқсат етілмеді. Сонымен бірге шет елдерден мұсылмандық білім алып келгендерге бала оқытуға тиым салды. Балаларын мұсылманша оқытқысы келетіндер оқу орнының басшыларынан құны 50 тиын тұратын рұқсат куәлігін алуы тиіс болды. Оған құлақ аспағандар бастапқыда 10 сом, екінші жолы 30 сом айыппұл төледі, үшінші жолы тағы қайталанса, 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауға алынды және балаларын бұдан бұлай мұсылманша оқыта алмайтын болды (Қойгелдиев, 2014: 142-143).

Осылайша, ақырындап, қазақ жерінде қазақтар үшін оқытушылар семинариясы мен орыс-қазақ мектептерін ашты. Медреселердің жұмысын тоқтатып, араб әріптерімен басылатын кітаптарды шығаруға тиым салуды ойластыра бастады. 1876 ж. араб жазуын орыс жазуына алмастыру туралы, 1880 жылы 8 қарашада орыс-түзем мектептерін ашу туралы шешім қабылданады. Бұл істердің бәрі аса сақтықпен жүргізілді. 1905 жылы 10 мамыр - 3 маусым аралығында Шығыс халықтарын оқыту жөніндегі арнайы кеңес болып, бұдан былай татарлардан басқа түркі халықтарының бәрі мектепте алғашқы екі жылын өз ана тілінде, қалғанын орыс тілінде оқып, оқулықтар орыс графикасымен жазылатын болады (Қалдыбаева, 2020: 56-59).

ХІХ ғасырдың соңына қарай патша үкіметінің ықпалы күшейіп, жер-суынан айырылған қазақтардың әлеуметтік жағдайы қиындай бастағаны белгілі. Оның үстіне молдадан алған білімнің заман талабына жауап бере алмайтыны айқын көрінді. Бастапқыда орыстың діні мен өмір салтынан, дәстүрінен шошынған қазақтар балаларын орыс оқуына беруге өре-тұра қарсы болған болатын. Ендігі жерде балаларының болашағына алаңдаған қазақтар орыс мектептеріне бет бұра бастаған-ды. Бірақ, қазақтардың балаларын орыс мектептеріне оқытуға деген құлшынысы билікті алаңдата бастайды. Себебі, патша үкіметі жергілікті халықтың сауаттылығы көтерілсе, отар аймақтардағы империялық саясатқа кедергі келетінін жақсы түсінді. Сондықтан қазақтардың гимназиялық білім алуына жол бермеуге тырысып, оларды барынша реалдық мектептерде оқытуға ұмтылды. Сол арқылы үкіметке берілген шенеуніктерді, төменгі басқару аппаратының кадрларын дайындауды ғана мақсат тұтты.

1867-1968 жж. Уақытша Ережеде де білім беру мәселесіне баса мән беріліп, қазақ балаларын орыс оқуына барынша тарту көзделген болатын. Бұрын қазақ балаларына арнап арнайы орыс мектептерін ашқан болса, енді қазақ балаларын орыс селолары мен казак станицаларындағы орыс мектептерінде оқыту көзделді. Уақытша Ережелерге дейін болған орыс-қазақ, орыс-түзем мектептері күшейтілді. Бөкей ордасында мектептер жүйесі ұзақ уақыт Астрахань губерниясының училищелері директорына бағынғаннан кейін екі және бір кластық (бөлімшелік) үкіметтік, сонымен бірге старшындық орыс-қазақ мектептері болса, Орынбор губерниясының құрамына кірген Орал және Торғай облыстарында мектептердің негізгі типі уездік екі кластық, болыстық бір кластық орыс-қазақ және ауылдық мектептер болған. Ал, Дала генерал-губернаторлығына қараған Ақмола және Семей облыстарында мектеп-интернаттар ашылса, Түркістан генерал-губернаторлығына кірген Жетісу және Сырдария облыстарында әртүрлі оқу мерзімімен орыс-түзем мектептері ашылды. Сонымен бірге Қазақстан аймағында кәсіптік-техникалық оқу орындары жүйесі қалыптаса бастайды (Бержанов, 1965: 70-71). Осылайша, орыстандыру саясаты қарқынды түрде жүргізіле бастады.

Қазақ жеріндегі орыс мектептерінің саны ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қоныс аударушылар легінің артуымен бірге қарқын ала түсті. Себебі, ХІХ ғасырдың ортасында патша үкіметі қазақ жеріне саяси билігін заңдастырып, өлкені бірнеше генерал-губернаторлыққа бөліп тастаған болатын. Енді патша үкіметі осы жаңадан қосып алған аймақтарда өздеріне әлеуметтік тірек орнатуды, әрі 1861 жылғы шаруалардың басыбайлылығының жойылуына байланысты ішкі Ресейде туындаған әлеуметтік мәселелерді қазақ жерлері есебінен шешуді ойластыра бастады. Сол себепті Ресейден, Украинадан шаруалар мен казактардың толассыз көшіп келе бастауына жол ашты. Қоныс аударушылар келіп орналасқан мекендерге тұрғын үйлермен бірге мектептер мен шіркеулер салып беріп (ҚР АОМА. 177 қ., 1 т., 1017-іс. 72 бума. 60-п.), олардың жаңа жерлерге тез бейімделіп кетуіне мүдделі болды.

Мысалы, 1867-1868 жылдары Жетісу облысында 10 орыс оқу орны болса, 1896 жылы олардың саны 94, ал 1914 жылы 239 (оның 29-орыс-түзем мектебі) жеткен (Бисембаева, 2019: 122]:

Кесте 1. 1867-1914 жж. Жетісу облысындағы орыс оқу орындары мен оқушылар туралы мәлімет

Жылы

Оқу орындарының саны

Оқушылар саны

1867-1869

10

-

1879

29

-

1882

41

-

1888

55

2439

1896

94

5081

1914

239 (210 - таза орыс, 29 - орыс түзем)

14083 (12887-таза орыс, 1196 - орыс-түзем)

 

1916 жылы орыс-түзем мектептерінің саны 54 болған (Абдирашидов, 2011: 57].

Орынбор губерниясында 1888 жылы 636 орыс мектебі болған. Оның 55 – ұлдарға, 19 – әйелдерге арналған, ал 562 – аралас мектептер болды (Обзор Оренбургской губернии за 1888 год, б.г.: 48). 1894 жылы орыс мектептерінің саны – 883, оқушылар саны -52345; 1895 жылы орыс метктептері – 963; оқушылар саны – 57057 болса, 1896 жылғы орыс оқу орындарының саны – 974, оқушылардың саны – 58300 ге жеткен (Обзор Оренбургской губернии за 1896 год, 1896: 45]. Ал, 1900 жылы оқу орындарының саны – 1298; оқушылар саны – 75 602 (оның 51522 – ер, 24080 – қыз балалар) жеткен. Сонымен бірге шіркеу, т.б. мінәжат ету үйлерінің саны – 1289 (оның 1158-уездерде, 131-қалаларда) болған (Обзор Оренбургской губернии за 1900 год, 1901: 100-102).

Кесте 2. 1888-1900 жж. Орынбор губерниясындағы орыс оқу орындары мен оқушылар саны

Жылы

Оқу орындарының саны

Оқушылар саны

1888 ж.

636 (оның 55 – ұлдарға, 19 – әйелдерге арналған, ал 562 – аралас мектептер)

-

1894 ж.

883

52345

1895 ж.

963

57057

1896 ж.

974 (оның 43-губерниялық қалаларда, 41- уездік/уездік емес қалаларда, 890 –уездерде)

58300 (оның 41471-ұл, 16829-қыз)

1900 ж.

1298

75602

1894 жылы Ақмола облысының қоныс аударушылар мекендеген аймақтарында 151 мектеп болған. Ол жердегі оқушылар саны 7977 болған. Оның 5714 ұл, 2263 қыз балалар еді. Қоныс аударушылар мекендерінде мектептер саны жылдан жылға артып отырған. Облыстағы оқу орындары негізінен Омбы қаласында орналасты. Атап айтар болсақ, Сібір кадет корпусы, 2 гимназия (1 әйелдер, 1 ерлер), 1 әйелдер прогимназиясы, уездік училище, мұғалімдер семинариясы, 10 бастауыш училище және 3 арнаулы (2 медициналық, 1 техникалық) училище болды. Ақмола облысының Петропавл, Көкшетау, Атбасар сияқты қалаларында Халық Ағарту Министрлігі ведомствосының қалалық училищелері орналасты. Ал уездердегі казак селоларында станицалық және селолық мектептер, ал шаруалар мекендеген жерлерде шіркеу-приход мектептері мен жеке меншік мектептер болды. Сонымен бірге Омбыда орыс және қазақ ұл балаларына арналған пансионат, 2 қазақ балаларына арналған ауыл шаруашылық училищесі болды (Обзор Акмолинской области за 1894 год, 1896: 85-89).

Патша әкімшілігі ХІХ ғасырдың соңына қарай қазақ жеріндегі билігін нығайтып, орныға бастағаннан кейін, мешіт-медреселер жанынан орыс мектептерін ашуды талап ете бастады. Әкімшіліктің талабы болғанымен елінің ертеңіне алаңдаған көзі ашық қазақ азаматтары оны халқын заманға сай біліммен қамтамасыз ету мүмкіндігі ретінде қабылдағаны анық. Мысалы, Орал облысына қарасты Ілбішін уезінің Мәтеш болыстығында 1899 жылы Қ.Әділов, Б.Сүлейменов, У.Құрмановтың ұйымдастыруымен медреселер жанынан ашылған 3 орыс-қазақ мектебі жұмыс істеп тұрған. ХХ ғасырдың басында осындай оқу орындарының біртіндеп көбейе түскенін байқаймыз. Индер болыстығының №1 ауылында молда М.Тойғанбаев медресесінің жанынан да 1900 жылы орыс-қазақ мектебі ашылып, 1906 жылға дейін қызмет еткен. Жоғарыда аталған оқу орындарының бәрі Орынбор оқу округінің 1899 жылғы 13 маусымдағы «Орал облысының Жайықтың арғы жағындағы далалықта қырғыздардың ауылдық қауымдастықтары және жеке адамдардың күшімен сауат ашу жөніндегі орыс-қырғыз мектептерін ашу және қаржыландыру туралы ережелер» негізінде құрылған болатын. Бұл оқу орындары, аты айтып тұрғандай, жеке адамдардың қаржысына тәуелді болғандықтан бірде жабылып қалса, бірде қайта ашылып отырған (Әміржанұлы, 2016: 35-38).

ХІХ ғасырдың 60 жылдарында Бөкей ордасының 7 елді мекенінде (Қамыс-Самар, Талов, Нарын, Қалмақ, Тарғын, 1 және 2 Теңіз жағалауы округтерінде) бастауыш мектептер жұмыс істеп жатқан. ХІХ ғасырдың соңына қарай Жәңгір хан мектебі 2 кластық училище болып қайта құрылды. 1883 жылы Орда қаласында қазақ қыздарына арналған мектеп, он жылдан кейін, яғни 1893 жылы Ганюшкинде 2 кластық училище іске қосылса, 1895 жылы Хұсни-Жамал Нұрлыханова қазақ қыздарына арнап жеке меншік мектеп ашқан болатын. Сонымен қатар 1899 жылы бастауыш мектеп ашылып, орыс тілінде білім бере бастады. ХХ ғасырдың басына қарай Бөкей ордасындағы білім беру ошақтарының саны көбейе түсті. Мысалы, 1904-1905 оқу жылында ХІХ ғасырдың соңында Жәңгір хан мектебінің негізінде ашылған 2 кластық училище арнаулы білім бере бастайды. 1911 жылы Ордада қыздарға арналған 2 мектеп іске қосылды. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Бөкей ордасында бір 4 кластық қалалық училище, педагогтар дайындайтын курс, төрт 2 кластық (1-қыз балаларға, 1-ер балаларға арналған) және 35 бастауыш мектеп (29-ер балаларға, 6-қыздарға арналған), 2 діни оқу орны болған (Бөкей_ордасындағы_мектеп]. 

Патша үкіметінің білім беру жүйесінде бастапқыда оқу орындарына әлеуметтік тегіне қарамай қабылдай берген болса, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында әлеуметтік жағдайына мән бере бастаған. Мысалы, шіркеу-приход училищелерінде әл-ауқаты төмен отбасының балалары; 3 жылдық уездік училищелерде көпестердің; 7 жылдық гимназияларда тек дворяндардың балалары білім ала алды. Гимназия бітірмегендер университеттерге қабылданбады (Әміржанұлы, 2017: 11). 

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына қарай патша әкімшілігінің шенеуніктерімен қоян-қолтық араласып кеткен жергілікті би-болыстар да балаларын гимназияларда оқыта бастаған (алғашқы кезде қазақ балаларын гимназияларға қабылдамаған-авт.). Мысалы, Үлкен Алматы болыстығының болысы Жайнақ Қараталов ұлы Ибрагим Жайнақұлын, ал Дүйсебай қажы Шоманақұлы ұлы Төлембай Дүйсебайұлын Верныйдағы ерлер гимназиясына оқуға берген. Сонымен бірге кедейлердің, қалалардағы қазақ жұмысшыларының балалары да орыс оқу орындарында оқи бастады (Бүркітбаева, 2009: 165). Верныйдағы ерлер гимназиясында, сондай-ақ қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері, Жетісу облысының алғашқы қазақ зиялылары Мұхаметжан Тынышбаев, Тоқаш Бокин, Барлыбек Сыртанов (Галиев, 2001: 14) және Садық Аманжолов, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев сияқты т.б. жетісулық қазақ балалары оқып, білім алған (Дулатбеков, 2013: 168). 1899 жылы Верныйдағы классикалық ерлер гимназиясында оқып жатқан 260 оқушының 149 дворяндар мен шенеуніктердің, 21 дін қызметкерлерінің, 3 бірінші сатылы көпестердің, 48 мещандар мен қолөнершілердің, екінші сатылы көпестердің, 1 шаруаның, 17 жергілікті қазақ және қырғыз халқының балалары болған. Жергілікті халық балалары гимназия жанынан ашылған пансионда жатып оқыды. Пансиондағы 40 орынның 20 сырттан келген балаларға, 20 офицерлер мен шенеуніктердің балаларына арналды. 1897 жылы гимназияны бұл пансионда жатып оқыған 3 сұлтанның баласы, 4 атақты, сыйлы адамдардың және 9 жай малшының балалары бітіріп шыққан (Тулекова, 2004: 67-70). 

1908 жылы Верный ерлер гимназиясында білім алып жатқан оқушылар саны 337 болса, 1909 жылы 28 оқушы қосылып, олардың саны 365 болды. Оның 23 қырғыздардың (қазақтардың-авт.), 199 шенеуніктер мен офицерлердің, 37 казактардың, 34 мещандардың, 29 дін қызметкерлерінің, 27 шаруалардың, 10 көпестердің, 6 шетелдіктердің балалары еді. 273 оқушының ата-анасы Верный қаласында тұрған, ал қалған 92 оқушы уездерден келіп оқып жатты. Осы жылы гимназияны 36 оқушы бітірген (Обзор Семиреченской области за 1908 год, 1910: 87). Қарап отырсақ, жылдан жылға гимназия оқушыларының ішінде қазақ балаларының да үлесі арта түскені байқалады. Бұл бір жағынан, қазақтардың заманға сай білім алуға деген құштарлығын көрсетсе, екінші жағынан, орыстандыру саясатының жергілікті халықтарға әсерінің күшейіп келе жатқанын аңғартады.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан – 1917 жылға дейінгі патша үкіметінің білім беру жүйесі:

1) Бастауыш училищелер (земстволық, министрлік, шіркеу-приход) – оқу мерзімі 3-4 жыл;

2) Екі кластық бастауыш училище – оқу мерзімі 5 жыл (алғашқы үш жылы-1 класс, соңғы екі жылы -2 класс);

3) Жоғары бастауыш училищелер – оқу мерзімі 4 жыл (1912 жылға дейін 6 жылдық қалалық училищелер деп аталған);

4) Гимназия (орта білім берді) – оқу мерзімі 7-8 жыл;

5) Мұғалімдер семинариясы (орта білім берді) – оқу мерзімі 4 жыл;

5) Мұғалімдер семинариясы (орта білім берді) – оқу мерзімі 4 жыл;

6) Мұғалімдер институты (жоғары білім берді) – оқу мерзімі 3 жыл болды (Әміржанұлы, 2017: 11-12).

Патша үкіметі қазақ жерінде империяның орыстандыру саясатының ыңғайындағы оқу орындары жүйесін қалыптастырғанмен, жоғары оқу орындарын ашуды қажет таппады. 1878 жылы Орынборда ашылған мұғалімдер институтына қазақтарды қабылдамады. Бұл институт қарамағына Ішкі қазақ ордасы, Торғай, Орал облыстары кіретін Орынбор оқу округінің қалалық училищесіне мұғалімдер дайындауы тиіс болатын. Билік үшін қазақтар ортасындағы оқу орындарында жоғары білімді қазақтардың болғаны тиімсіз еді. Соған қарамастан жағдайы келген қазақтар Қазан университетінде, кейінірек ашылған Томскідегі Сібір университетінде жоғары білім ала бастады (Тажибаев, 1962: 47).

Империяның ағартушылық саясаты отаршылдық сипатына қарамастан қазақ халқын сол заманның білімімен, алдыңғы қатарлы ойларымен таныстыра алды. Орынбор және Самара генерал-губернаторы Катенин «орыс оқу орындарын бітірген қазақ жастары молдадан білім алған бала күнгі жолдастарына қарағанда ой-өрісімен, бағыт-бағдарымен ерекшеленеді» (Васильев, 1896: 62-63), деп көрсетеді. Сондай жастардың бірі Орынбор орыс-қазақ мектебінің түлегі ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин болатын. Ол 1864 жылы Торғайда қазақ балаларына арнап мектеп ашып, 14 қазақ баласын ана тілінде оқыта бастайды. Сабақ қазақ тілінде жүргізілгенмен, оқу-тәрбие орыс мектептерінің үлгісінде ұйымдастырылады. Мектеп бағдарламасында эстетикалық тәрбиеге, Халық пен Отан алдындағы қоғамдық парыз мәселелеріне баса көңіл бөлді (Бержанов, 1965: 66-67). Ы.Алтынсарин орыс алфавитінің негізінде қазақ әліппесін жасап, сол арқылы қазақ балаларының сауатын ашқан. Ол қазақ ұлдарының ғана емес, қыз балаларының да сауатын ашып, өнер-білім үйренуіне мүдделі болды. Осылайша, Ырғызда (1888 ж.), Торғайда (1891 ж.), Қазалыда (1893 ж.), Қарабұтақта (1895 ж.), Ақтөбеде (1896 ж.) қыздардың мектеп-интернаттары ашылып, жұмыс істей бастады. 

Қазақстандағы бастауыш мектептердің саны 1898 жылы 730, ал олардағы оқушылар саны 29 000 болса, 1914 жылы мектептер саны 1988, ал оқушылар саны 101 000 болған. Яғни, аз ғана уақыттың (16 жыл-авт.) ішінде бастауыш мектептердің саны 1258 ге, бастауыш мектеп оқушыларының саны 72 000 артқан. Бастауыш мектептердің, оқушылар санының бұлайша күрт өсуі, әрине, патша үкіметінің қоныс аудару саясатымен тікелей байланысты болды. Сонымен бірге қазақтар арасында білімнің кеңінен таралуына аса құштар болмаған билік жергілікті халыққа тек бастауыш білім беру жеткілікті деп есептеді. Сондықтан 1917 жылға дейін орта білім беретін мектептер мен реалдық оқу орындарының, ерлер мен қыздар гимназияларының саны өте аз болды. Мысалы, 1914 жылы ондай оқу орындарының саны 12 болса, 1917 жылға қарай жоғары бастауыш училище саны - 47, орта мектеп - 17, реалдық училище - 4, гимназия - 15 (оның 4-ерлерге, 9-қыздарға арналған), төменгі ауыл шаруашылық мектебі мен қолөнер училищесінің саны - 13 болды (ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан жеріндегі білім беру бағыттары). Бұл көрсеткіштер де қоныс аударушылар санының артуына, сонымен қатар қазақтардың заманға сай білім алуға деген ынтасының артуына тікелей байланысты болды.

Патша үкіметінің ағартушылық ұранымен жүргізілген орыстандыру саясаты көп ұзамай жемісін бере бастады. Орысша оқығандардың арасынан өз ұлтының тұрмыс-тіршілігін қор санап, кемсітіп, алған білімін халқына қарсы жұмсағандар да (Нуртазина, 2008: 83), сонымен бірге орыстың білімін алу арқылы империялық саясаттың астарын ұғынып, қазақ халқының бостандығы мен теңдігі үшін күрескен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, О.Әлжанов, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков, Б.Сыртанов, М.Тынышбаев сияқты т.б. қайраткерлер өсіп шықты.

ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары қоғамды қайта құру үшін халық арасында білім таратудың маңызын түсінді. Ғылымды, оқу-ағартуды дамыту арқылы ғана әлемдік дамудың көшіне ілесе алатынына сенімді болды (Дүйсембаева, 2020: 40-46). 

Қорытынды. Патша үкіметінің ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда жүргізген ағартушылық саясаты негізінен орыс халқының мүддесіне қызмет етті. Білім ошақтары қалалар мен селоларда ғана ашылып, орыс ұлты өкілдерінің мәдени-рухани деңгейін көтеруге қызмет етті. Қазақтардың көші-қон аймағында мектеп ашып беру туралы өтінішін елемей, оларды орыс селоларына келіп білім алуға мәжбүрлеп, сол арқылы оларды орыстармен араластырып жіберіп, орыстандыру үдерісін жеделдетті. Дегенмен, аталған уақыттардағы патша үкіметінің ағартушылық саясаты қазақ халқының болашағына үлкен әсер етті. Патша үкіметінің ағартушылық бағытындағы іс-шаралары қазақ халқын дәстүрі мен дінінен ажыратып, отаршылдық ұстанымда жүргізілгеніне қарамастан, халықты сол заманның алдыңғы қатарлы ғылым-біліммен таныстырды. Нәтижесінде елінің азаттығы мен теңдігі жолында күрескен қазақ халқының біртуар ұлдарын тарих сахнасына шығарды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Абдирашидов (2011) Абдирашидов З. Исмаил Гаспринский и Туркестан в начале ХХ века: связи-отношения-влияние. –Ташкент: «Akademnashr», 2011. –384 с.

Әміржанұлы (2016) Әміржанұлы А. Ұлағатты ұстаздық ұстаным: Атыраудың алғашқы ағартушылары. 1-кітап. – Ақтөбе: Ақ Жайық, 2016. – 163 б. 

Әміржанұлы (2017) Әміржанұлы А. Атыраунама. 5-кітап. Атыраудың 1917 жылға дейінгі орыс мектептері. – Атырау, 2017. – 48 б.

Бержанов (1965) Бержанов К. Русско-казахское содружество в развитии просвещения в Казахстане (историко-педагогические исследование). –Алма-Ата, Издательство «Казахстан», 1965. – 343 с.

Бисембаева (2019) Бисембаева Л.А. Жетісу облысы ауыл және село тұрғындарының күнделікті өмірі (1867-1917). Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2019. – 179 б.

Бөкей_ордасындағы_мектеп. Дерек көзі: https://kk.wikipedia.org/wiki/ (Қаралған күні: 30.12.2020)

Бүркітбаева (2009) Бүркітбаева Ү. Жетісуым – жеті құтым, ырысым. Тарихи деректер. –Алматы: «Нұрлы әлем», 2009. – 336 б.

Васильев (1896) Васильев А.В. Исторический очерк русского образования в Тургайской области. -Оренбург: Типо-литография Жарикова, 1896. – 226 с. 

Галиев (2001) Галиев В.З. Тюркская библиотека в Верном. – Алматы: Национальная библиотека Республики Казахстан, 2001. – 112 с. 

Дулатбеков (2013) Дулатбеков Н. Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2013. – 240 б.

Дүйсембаева, 2020 – Дүйсембаева Н.Б. ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының қоғамның интеллектуалдық дамуына қосқан үлесі. //Абай ат. ҚазҰПУ Хабаршысы «Тарих жəне саяси-əлеуметтік ғылымдар» сериясы. – 2020. №4 (67). – 40-46 бб. ISSN 1728-5461 

«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия (2001) «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/Бас ред. Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2001. – 720 б.

Қалдыбаева, 2020 – Қалдыбаева С.С. Қазақ қоғамындағы оқу-ағарту қызметі (ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басы) //Абай ат. ҚазҰПУ Хабаршысы «Тарих жəне саяси-əлеуметтік ғылымдар» сериясы. – 2020. №4 (67). – 56-59 бб. ISSN 1728-5461

Қойгелдиев (2014) Қойгелдиев М. Қазақ елі: Ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес (ХІХ ғ.-ХХІ ғ.басы). – Алматы: «Дәстүр», 2014. – 432 б.

Қазақстан Республикасы Алматы облыстық мемлекеттік архиві [ҚР АОМА]. 177 қ., 1 т., 1017-іс. 

Назарбаев, 2017. – Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. – 2017. – №70 (29051)

Нуртазина (2008) Нуртазина Н. Народы Туркестана: Проблемы ислама, интеграции, модернизации и деколонизации на ребеже ХІХ-ХХ веков. – Алматы: «Қазақ университеті», 2008. –166 с. 

Обзор Оренбургской губернии за 1888 год (1888) Обзор Оренбургской огубернии за 1888 год (Приложение ко всеподданейшему отчету Оренбургского губернатора). – Оренбург, Губернская типография, б.г. 

Обзор Оренбургской губернии за 1896 год (1896) Обзор Оренбургской огубернии за 1896 год (Приложение ко всеподданейшему отчету Оренбургского губернатора). – Оренбург, Типо-Литография Губернского Правления, 1896. 

Обзор Оренбургской губернии за 1900 год (1901) Обзор Оренбургской огубернии за 1900 год (Статистический обзор). – Оренбург, Типо-Литография Губернского Правления, 1901. 

Обзор Акмолинской области за 1894 год (1896) Обзор Акмолинской области за 1894 год. – Омск: Типография Акмолинского Областного Правления, 1896.

Обзор Семиреченской области за 1908 год (1910) Обзор Семиреченской области за 1908 год. – Верный, 1910. – 93с.: 13 ведомостей. 

Открытие светских школ в Степи во второй половине XIX – начале XX веков. Дерек көзі: https://www.itest.kz/ru/ent/istoriya-kazahstana/8-klass/lecture/razvitie-prosvesheniya-v-kazahstane (Қаралған күні: 15.01.2021)

Тажибаев (1962) Тажибаев Т. Просвещение и школы Казахстана во второй половине ХІХ века. -Алма-Ата, 1962. – 508 с.

Тажибаев (1958) Тажибаев Т. Развитие просвещения и педагогической мысли в Казахстане во второй половине ХІХ в. – Алма-Ата: «Издательство АН Каз.ССР», 1958. – 98.

Тулекова (2004) Тулекова М.К. Жетісу халқының әлеуметтік дамуы (1897-1999 жж.). –Алматы: «Ценные бумаги» баспасы, 2004. – 169 б.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан жеріндегі білім беру бағыттары. Дерек көзі: https://baribar.kz/student/19913/khikh-ghasyrdynh-ekinshi-zhartysyndaghy-qazaqstan-zherindegi-bilim-beru-baghyttary (Қаралған күні: 19.12.2020)

References:

Abdirashidov (2011) Abdirashidov Z. İsmail Gasprinskii i Turkestan v nachale ХХ veka: sviazi-otnosheniia-vliianie.[Ismail Gasprinsky and Turkestan at the beginning of the twentieth century: connections-relations-influence] –Tashkent: «Akademnashr», 2011. –384 s. [in Russian].

Amіrzhanuly (2016) Amіrzhanuly A. Ulagatty ustazdyk ustanym: Atyraudyn algashky agartushylary. 1-kіtap.[Great teaching principles: the first educators of Atyrau] – Aktobe: Ak Zhaiyk, 2016. – 163 b. 

Amіrzhanuly (2017) Amіrzhanuly A. Atyraunama. 5-kіtap. Atyraudyn 1917 zhylga deiіngі orys mektepterі. [Atyrau. Book 5. Russian schools of Atyrau before 1917] -Atyrau, 2017. – 48 b.

Berzhanov (1965) Berzhanov K. Russko-kazakhskoe sodruzhestvo v razvitii prosvesheniia v Kazakhstane (istoriko-pedagogicheskie issledovanie). [Russian-Kazakh community in the development of enlightenment in Kazakhstan (historical and pedagogical research).] – Alma-Ata, İzdatelstvo «Kazahstan», 1965. – 343 s. [in Russian].

Bissembayeva (2019) Bissembayeva L.A. Zhetіsu oblysy auyl zhane selo turgyndarynyn kundelіktі omіrі (1867-1917). Philosophiia doktory (PhD) darezhesіn alu ushіn daiyndalgan dissertasiia. [Daily life of the rural population of Zhetysu region (1867-1917). Thesis for the degree of Doctor of Philosophy (PhD)] – Almaty, 2019. – 179 b.

Bokei_ordasyndagy_mektep. Derek kozі: [School in Bokey. Source:] https://kk.wıkıpedıa.org/wıkı/ (Karalgan kunі: 30.12.2020)

Burkіtbayeva (2009) Burkіtbayeva U. Zhetіsuym – Zhetі kutym, yrysym. Tarihi derekter. [Zhetysu is my seven bottles, my fortune. Historical data.] – Almaty: «Nurly Alem», 2009. – 336 b.

Vasilev (1896) Vasilev A.V. İstoricheskii ocherk russkogo obrazovaniia v Turgaiskoi oblasti. [Historical essay of Russian education in the Turgai region.] –Orenburg: Tipo-litographiia Zharikova, 1896. – 226 s. [in Russian].

Galiev (2001) Galiev V.Z. Turkskaia biblioteka v Vernom. [Turkish Library in Vernom.] – Almaty: Nasional’naia biblioteka Respubliki Kazakhstan, 2001. – 112 s. [in Russian].

Dulatbekov (2013) Dulatbekov N. Alash ardaktylary: Sankt-Peterburg іzderі. [Honors of Alash: Traces of St. Petersburg.] – Almaty: «Taimas» baspa uiі, 2013. – 240 b.

Duisembayeva, 2020 – Duisembayeva N.B. XX gasyr basyndagy ult ziialylarynyn kogamnyn intellektualdyk damuyna koskan ulesі//Abai at. KazUPU Habarshysy «Tarih zhane saiasi-aleumettіk gylymdar» seriiasy [The contribution of the nation's intellectuals in the early twentieth century to the intellectual development of society // Abai. KazNPU Bulletin "History and political and social sciences" series] – №4 (67), 2020. – 40-46 bb. ISSN 1728-5461 

«Kazakhstan». Ulttyk ensiklopediia (2001) «Kazakhstan». Ulttyk ensiklopediia/Bas red. A.Nysanbayev. ["Kazakhstan". National encyclopedia / Ed. A.Nysanbayev] – Almaty: «Kazak ensiklopediiasynyn» Bas redaksiiasy, 2001. – 720 b.

Kaldybayeva, 2020 – Kaldybayeva S.S. Kazakh kogamyndagy oku-agartu kyzmetі (XIX gasyrdyn aiagy-XX gasyrdyn basy) //Abai at. KazUPU Habarshysy «Tarih zhane saiiasi-əleumettіk gylymdar» seriiasy. [Educational activity in the Kazakh society (late XIX-early XX centuries) // Abai. KazNPU Bulletin "History and political and social sciences" series]. – №4 (67), 2020. - 56-59 bb. ISSN 1728-5461

Koigeldiev (2014) Koigeldiev M. Kazakh elі: Ulttyk bіregeilіktі saktau zholyndagy kures (XIX g.-XXI g.basy). [Kazakhstan: the struggle for national identity (XIX-early XXI centuries)] – Almaty: «Dastur», 2014. – 432 b.

Kazakhstan Respublikasy Almaty oblystyk memlekettіk arhivі [KR AOMA]. 177 k., 1 t., 1017-іs. [Almaty Regional State Archives of the Republic of Kazakhstan [ARSA RK]. 177 fund., 1 volume, 1017-case.]. [in Russian].

Nazarbayev, 2017. – Nazarbayev N. Bolashakka bagdar: ruhani zhangyru // Egemen Kazakstan. [Orientation to the future: spiritual revival // Sovereign Kazakhstan] -2017. – №70 (29051)

Nurtazina (2008) Nurtazina N. Narody Turkestana: Problemy islama, integrasii, modernizasii i dekolonizasii na rubezhe XIX-XX vekov. [Peoples of Turkestan: Problems of Islam, integration, modernization and decolonization at the turn of the XIX-XX centuries] – Almaty: «Kazakh universitetі», 2008. –166 s. [in Russian].

Obzor Orenburgskoi gubernii za 1888 god (1888) Obzor Orenburgskoi ogubernii za 1888 god (Prilozhenie ko vsepoddaneishemu otchetu Orenburgskogo gubernatora). [Review of the Orenburg oasis for 1888 (Appendix to the report of the Orenburg governor)] - Orenburg, Gubernskaia tipographiia, b.g. [in Russian].

Obzor Orenburgskoi gubernii za 1896 god (1896) Obzor Orenburgskoi ogubernii za 1896 god (PriloZhenie ko vsepoddaneishemu otchetu Orenburgskogo gubernatora). [Review of the Orenburg oasis for 1896 (Appendix to the report of the Orenburg governor)] – Orenburg, Tipo-Litographiia Gubernskogo Pravleniia, 1896. [in Russian].

Obzor Orenburgskoi gubernii za 1900 god (1901) Obzor Orenburgskoi ogubernii za 1900 god (Statisticheskii obzor). [Review of the Orenburg oguberniya for 1900 (Statistical review)] - Orenburg, Tipo-Litographiia Gubernskogo Pravleniia, 1901. [in Russian].

Obzor Akmolinskoi oblasti za 1894 god (1896) Obzor Akmolinskoi oblasti za 1894 god. [Review of the Akmola region for 1894] – Omsk: Tipographiia Akmolinskogo Oblastnogo Pravleniia, 1896. [in Russian].

Obzor Semirechenskoi oblasti za 1908 god (1910) Obzor Semirechenskoi oblasti za 1908 god. [Review of the Semirechensk region for 1908] -Vernyi, 1910. – 93s.: 13 vedomostei. [in Russian].

Otkrytie svetskih shkol v Stepi vo vtoroi polovine XIX – nachale XX vekov. Derek kozі: [Opening of secular schools in the Steppe in the second half of the XIX - early XX centuries. Source:] https://www.ıtest.kz/ru/ent/ıstorıya-kazahstana/8-klass/lecture/razvıtıe-prosveshenıya-v-kazahstane  (Karalgan kunі: 15.01.2021) [in Russian].

Tazhibayev (1962) Tazhibayev T. Prosveshenie i shkoly Kazakhstana vo vtoroi polovine XIX veka. [Enlightenment and schools of Kazakhstan in the second half of the XIX century] -Alma-Ata, 1962. – 508 s. [in Russian].

Tazhibayev (1958) Tazhibayev T. Razvitie prosvesheniia i pedagogicheskoi mysli v Kazakhstane vo vtoroi polovine XIX v. [Development of enlightenment and pedagogical thought in Kazakhstan in the second half of the XIX century.] – Alma-Ata: «İzdatel’stvo AN Kaz.SSR», 1958. – 98. [in Russian].

Tulekova (2004) Tulekova M.K. Zhetіsu halkynyn aleumettіk damuy (1897-1999 zhzh.). [Social development of the Semirechye population (1897-1999)] – Almaty: «Sennye bumagi» baspasy, 2004. – 169 b.

XIX gasyrdyn ekіnshі zhartysyndagy Kazakhstan zherіndegі bіlіm beru bagyttary. Derek kozі: [Directions of education in Kazakhstan in the second half of the XIX century. Source:] https://barıbar.kz/student/19913/khıkh-ghasyrdynh-ekınshı-zhartysyndaghy-kazakstan-zherındegı-bılım-beru-baghyttary (Karalgan kunі: 19.12.2020)

XIX gasyrdyn ekіnshі zhartysyndagy Kazakhstan zherіndegі bіlіm beru bagyttary. Derek kozі: [Directions of education in Kazakhstan in the second half of the XIX century. Source:] https://barıbar.kz/student/19913/khıkh-ghasyrdynh-ekınshı-zhartysyndaghy-kazakstan-zherındegı-bılım-beru-baghyttary (Karalgan kunі: 19.12.2020)

МРНТИ 03.20.00

РУССКИЕ УЧЕБНЫЕ ЗАВЕДЕНИЯ В КАЗАХСТАНЕ И ИХ ВЛИЯНИЕ НА МЕСТНОЕ НАСЕЛЕНИЕ

(вторая половина XIX века - начало XX века)

Л.А. Бисембаева¹, У.М. Алимбай²

¹PhD доктор,старший преподаватель. Казахский национальный женский педагогический университет. Казахстан, г.Алматы.

²Магистрант. Казахский национальный женский педагогический университет. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. В статье анализируются проблемы русских учебных заведений, открытых в Казахстане во второй половине XIX - начале XX веков в рамках просветительской политики царского правительства и их влияние на духовную и культурную жизнь местного населения. Открывая русские школы в Казахстане, царская администрация стремилась русифицировать сознание местного населения и готовить их как чиновников Российской империи, тем самым беспрепятственно проводить колониальную политику империи. Просветительская политика царского правительства служила в основном в интересах русского народа. Царская администрация не считала нужным обучать детей местного населения в гимназии, а планировала обучать их только в реальных школах и готовить чиновников низшего звена и переводчиков. Учебные заведения располагались, далеко от казахских аул, только в русских селах. Администрация не удовлетворила просьбу казахов об открытии школы вблиз казахских аул. Царское правительство, усилившее свою власть в конце XIX века, потребовало открытия русских школ при мечетях и медресе. Политика  просвещения, проводимая через русификацию, изменила менталитет казахского народа. Среди казахов, обучавшихся в русской школе, были люди, которые использовали свои знания против своей нации, а также были граждане, которые использовали полученные знания против имперской политики царского правительства и верно служившие свободе и равенству казахского народа. В статье эти вопросы рассматриваются более подробно.

Ключевые слова:просвещение, русификация, школа, медресе, гимназия.

IRSTI 03.20.00

RUSSIAN EDUCATIONAL INSTITUTIONS IN KAZAKHSTAN AND THEIR IMPACT ON THE LOCAL POPULATION

(the second halfof19th century and the beginning of the 20th century)

L.A. Bissembayeva¹, U.M. Alimbai²

¹Senior Lecturer, PhDdoctor.Kazakh National Women's Pedagogical University. Kazakhstan, Almaty.

²Master student. Kazakh National Women's Pedagogical University. Kazakhstan, Almaty.

Abstract. The article analyzes the problems of Russian educational institutions opened in Kazakhstan in the second half of the 19th - early 20th centuries within the framework of the educational policy of the tsarist government and their impact on the spiritual and cultural life of the local population. By opening Russian schools in Kazakhstan, the tsarist administration sought to Russify the consciousness of the local population and train them as officials of the Russian Empire, thereby freely pursuing the colonial policy of the empire. The educational policy of the tsarist government served mainly in the interests of the Russian people. The tsarist administration did not consider it necessary to teach the children of the local population in the gymnasium, but planned to teach them only in real schools and to train lower-level officials and translators. Educational institutions were located, far from Kazakh auls, only in Russian villages. The administration did not satisfy the Kazakhs' request to open a school near the Kazakh auls. The tsarist government, which strengthened its power at the end of the 19th century, demanded the opening of Russian schools at mosques and madrassas. The policy of education, carried out through Russification, changed the mentality of the Kazakh people. Among the Kazakhs who studied at the Russian school, there were people who used their knowledge against their nation, and there were also citizens who used the knowledge gained against the imperial policy of the tsarist government and faithfully served the freedom and equality of the Kazakh people. The article discusses these issues in more detail.

Key words: education, russification, school, madrasah, gymnasium.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 353

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Айдархан Турлыбаев – политический лидер алашского движения. ӘОЖ 94(574.41-25) «1856/1917» СЕМЕЙ ҚЫЗДАР ПРОГИМНАЗИЯ МЕН ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫНАН (1856-1917Ж.Ж.) Қызылорда облысы Жалағаш ауданына 1960-шы жылдары қоныс аударған отбасылар УДК 94(574) О ЗАНИЖЕНИИ ДАННЫХ О КОЛИЧЕСТВЕ ГРАМОТНОГО НАСЕЛЕНИЯ СРЕДИ КАЗАХОВ ПРИ ПЕРЕПИСИ НАСЕЛЕНИЯ В СТЕПНОМ КРАЕ ӘОЖ 930.001.83 ЖӘДИДШІЛДІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНДАҒЫ И. ГАСПЫРАЛЫНЫҢ РӨЛІ ӘОЖ 9; 93/94 ТАНЗИМАТ ДӘУІРІНДЕГІ РЕФОРМАТОРЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ӘОЖ 2.752 АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІҢ РУХАНИ ҚЫЗМЕТІ 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ (1946-1955) ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС ОҚУ ОРЫНДАРЫ, ОЛАРДЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚҚА ӘСЕРІ (ХІХ ғ. ІІ жарт.-ХХ ғ. басы)

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС ОҚУ ОРЫНДАРЫ, ОЛАРДЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚҚА ӘСЕРІ (ХІХ ғ. ІІ жарт.-ХХ ғ. басы)