Home » Materials » ҒТАМР 03. 20.00 КЕЙКІ БАТЫР: ЖЫЛАНШЫҚ-ЖАЛАУЛЫДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

А.А. Әбсадық¹, Ө.И. Исенов². ¹Фил. ғыл. док., профессор. ²Т.ғ.к., профессор. А. Байтұрсынов ат. ҚӨУ. Қазақстан, Қостанай қ.

ҒТАМР 03. 20.00 КЕЙКІ БАТЫР: ЖЫЛАНШЫҚ-ЖАЛАУЛЫДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: тыңшы, отряд, қарақшы, жазалаушы, Торғай, 1916, жылғы, ұлт-азаттық, көтеріліс, маусым, жарлығы, экспедиция, Жыланшық, азаматтық, соғыс, мерген, Кунскамера, батыр, рух.
Annotation:
Аңдатпа. 2017 жылы Қостанай облысы Ішкі саясат басқармасының бастамасымен Торғай даласына «Ұлы дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» ғылыми-ағартушылық экспедициясы ұйымдастырылды. Оның мақсаты – Нұрмағамбет (Кейкі) Көкембайұлына қатысты ел арасында сақталған деректерді жинау, аты аңызға айналған батырдың туған, қайтқан жері, халық көтерілісінің айтулы оқиғалары өткен өлкеге сапар жасау, даңқты тұлға қатысты елімізде, облыс көлемінде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мән-маңызын түсіндіру сипатында болды. Мақала 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі болған Кейкі батырдың қазасына байланысты ел арасында айтылатын деректі талдауға құрылған. Ел аузындағы деректе ол Жалаулы өзекшесінің Жыланшық өзеніне құяр сағасында орын алған қанды қақтығыста отбасымен бірге қаза тапқан. Мақала авторлары қатысып жинақтаған ғылыми экспедицияның материалдарының негізінде Кейкінің қазасына қатысты зерттеулерді, ел арасындағы деректерді, қанды оқиға куәгерінің естелігін талдауға басты назар аударған. Даңқты батырдың қазасы туралы көпшілікке белгісіз жағдай мен жағдаятарды баяндалған және Кейкі батырдың ерлік істеріне қатысты түйінді ойлар бедерленген. Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранты бойынша «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ көшпелілері: орналасуы мен бейімделуі» атты ғылыми жоба аясында дайындалды.
Text:

Кіріспе. Ресей империясының колониалдық саясаты кезеңінде отар қамытын киген қазақ халқының азаттық жолындағы сан-алуан ұлт-азаттық көтерілістерінің мәні мен маңызы, ол оқиғалардың жетекшілері мен даңқты батырларының ғұмырнамалық тарихы Отан тарихы ғылымындағы өзекті тақырыптардың бірі екендігі белгілі (Исенов, 2020 а:13). Ұзақ жылдарға созылған колониалдық саясат нәтижесінде патша әкімшілігі қазақ жерін зорлық жолымен,алдау-арбау әрекетімен Ресей империясының меншігіне айналдырды. Бұған көнбеген қазақ халқы хан-сұлтандар, батырлардың бастауымен ірі-ірі көтерілістер, қозғалыстар ұйымдастырды. Сондай ірі оқиғалардың бірі – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс. Ресей патшалығының құлауына себеп болған 1917 жылғы ақпан және қазан көтерілістерінің алдында орын алған аталмыш оқиға ұлт-азаттық көтерілістер тарихында ерекше орны бар. Монархиялық биліктің иесі патша 1917 жылдың ақпан айында тақтан өз еркімен бас тартқаннан кейін және сол жылдың қазан айындағы «большевиктер бүлігі» арқылы билікке келген кеңес үкіметі қазақ даласын басқарудың жаңа империялық тәсілін орнатты. Олардың билігі Ресей империясындағы бұратана халықтарға қағаз жүзінде ұлттық-территориялық автономия бергенімен, шындық өмірде мүлдем басқаша болды. Империяның алып территориясында азаттық соғыс өрті тұтанды. Кеңес үкіметі енгізген жаңа тәртіп жергілікті тұрғындардың ашу-ызысы мен наразылығын тудыруға әкеліп соқтырды (Исенов, Наурызбаева, 2016а:142). Алдымен Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтерілістің қаһарманы, кейін азаматтық соғыстың құрбаны болған даңқты тұлғаның бірі –Нұрмағамбет (Кейкі) батыр Көкембайұлы Мақаланың басты өзегі Кейкі Көкембайұлының кеңестік жазалаушы отряд қолынан қаза табу оқиғасын ел естеліктері негізінде талдау.

Материалдар мен әдістер.Зерттеудің негізгі мазмұнына арқау болған басты деректер – кеңес дәуірі мен тәуелсіздік тұсында Кейкі батырдың қаһармандық ерлік істері туралы жазылған тарихи романдар, өлең-жырлар, өлкетанушылар жинаған естеліктер (Кейкі батыр, 2001:153), (Қылышбайұлы, 1997:193), (Әлмағамбет, 2000:180), (Нұрманов, 2005: 224), (Сүлеймен, 2017: 404). Бұған қосымша экспедиция барысындағы жиналған Кейкі батыр туралы ел естеліктері, мерзімдік басылымдарда, ғылыми конференцияларда жарияланған мақалалар пайдаланылды (Кейкі батыр (Нұрмағамбет Көкембайұлы), 2017:47) (Кейкі батыр: ерлік пен елдік тағылымы, 2017:94).

Жұмыстың әдіснамалық тұрғыдан негізіне тарих пен фольклортануда қалыптасқан негізгі қағидаттар басшылыққа алынды. Олардың қатарында тарихи-салыстырмалы әдіс, объективтілік, дәйектілік және нақтылық сынды әдіс-тәсілдер бар.

Бұл зерттеу тұлға тану бағытында жүргізілді. Зерттеуде қарапайымнан күрделіге және жалқыдан жалпығы қарай саралау үйлесімділігі, зерттеу барысында үнемі туындайтын сұрақтар негізгі сұрақтарға жауап беру мәселлері қаперге алынды. Кейкі батыр туралы халықтық таным мен нақты тарихи фактілердің өзара байланысының негіздемесі микротарихтан макротарих кеңістігіне өту тұрғысынан  қарастыру міндеті қойылып, ол зерттеу барысында жүзеге асты.

Талдау.Қазіргі қазақстандық тарих ғылымында ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы қазақ қоғамының этно-өркениеттік дамуына үлес қосқан тарихи  тұлғалардың өмірлік белсенділігі туралы кешенді зерттеулер дамуының үрдісінің серпілісі байқалады. Айта кету керек, ұлт-азаттығы мен теңдігі жолында күрескен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Амангелді Имановтың жорықтас серігі (Исенов, Шерзат, 2016а: 64). жарқын және ерекше тұлға 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы әрі көтеріліс басшыларының бірі Нұрмағамбет (Кейкі) батыр Көкембайұлының өмірі мен қызметінің тарихы туралы іргелі монографиялық еңбек әлі де жарияланған жоқ. Соңғы жылдары ғылыми танымдық тұрғыда жазылған өлкетанушылар мен ғалымдардың мақалалары көбейіп келеді. Солардың қатарында біздің де мақаламыз бар (Әбсадық, 2017: 57), (Исенов, 2020:18), Кейкі батыр туралы үзінді мәліметтер бар. Авторлардың Кейкі батыр қазасына қатысты мәселелеге негіз болған бұрын жарияланған дереккөздерінің жүйелі зерттелуі. Кейкі батырдың ғұмырнамасы бойынша жарияланған материалдарды талдау қазақ қоғамындағы әлеуметтің ел тәуелсіздігімен, ұлт-азаттық қозғалыс арқылы тәуелсіздікке жетуді мұрат тұтқан қазақ елі мен жерінің тұтастығын сақтауды көздеген ұлттық сана туралы тұжырымды қисынды түрде анықтайды.

Зерттеу нәтижелері. «Ұлы Дала тұлғалары: – Кейкі батыр ізімен» ғылыми-ағартушылық экспедициясы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Нұрмағамбет (Кейкі) Көкембайұлына қатысты ел арасында сақталған деректерді жинау, аты аңызға айналған батырдың туған, қайтқан жері, халық көтерілісінің айтулы оқиғалары өткен өлкеге сапар жасау, даңқты тұлға қатысты елімізде, облыс көлемінде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мән-маңызын түсіндіру тұрғысында жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізу мақсатында ұйымдастырылды. Экспедиция 2017 жылы жүзеге асырылды (Кейкі батыр: елдік пен ерлік тағылымы, 2017: 94).

Экспедицияның таңбасына (эмблемасына) Қазақ даласынан табылған көне петроглифтер негізгі алынып, ол Кейкі батырдың ғұмырнамасынан хабар беретін штрихтар-мазмұндармен толықтырылды. Көне петроглифтағы адам бейнесінің бірінің басына «Ұлы Дала тұлғалары» атты жазу бар шаңырақ бейнеленді. Мұндағы рәміздік сипат – жансыз денесі қорланып бас сүйегі шабылған Кейкі батырдың  қазақ елінің бейбіт өмірі (шаңырағы) үшін құрбан болғандығын бейнелеу еді. Шаңырақ басты бейненің жанына мылтық кезенген аңшы, қазақ даласының еркін аңы киіктің және байрақ ұстаған салт аттының бейнелері берілген. Бұлар Кейкі ғұмырнамасына (мергендігі, батырлығы, лақап есімі) тән мазмұндарды рәміздейдіДала жануары киік – Нұрмұхаммед Көкеймбайұлының жұрттан бөлектеніп, далада еркін жүргендіктен «Кейкі» деп аталған деген аңыздың сұлбасын, аңшы – Кейкінің дала кезгендегі кәсібі, ал байрақты салт ат – 1916 жылға көтерілістің сипаты болып табылады (1 сурет).

1-сурет. «Ұлы Дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» ғылыми-ағартушылық экспедициясының эмблемасы.

Ғылыми сапардың арнайы ат басын тіреген жерінің бірі – Ұлы Жыланшық өзені. Ел аузында Кейкі батыр осы Жыланшық өзеніне құлайтын Жалаулы өзекшесінің құярлығындағы Сүтемген Жәкенінің қыстауында орын алған қанды оқиға кезінде қайтыс болған деген дерек бар.

Ұлы Жыланшық – Торғай даласындағы ұзын өзендердің бірі. Ол Ұлытаудан бастау алып, Ақкөлге құяды. Жыланшықтың бойын патша дәуірінде негізінен қыпшақ және бір болыс найман тайпалары жайлаған. Торғай өлкесінің тарихын зерттеуге алғаш қалам тартқан А.Добросмысловтың «Тургайская область» деген тарихи очеркінде аталмыш өлке «Жыланшық болысы» аталып, онда 1884 жылдары 8 ауыл, 1701 отбасы тұратыны тіркелген (Добросмыслов, 1902: 491). 1895 жылы Жыланшық болысындағы №1 ауылды бөліп, №9 және №10 ауылдар құрылады. Ал 1896 жылы Жыланшық болысының атауын өзгертіп, оны «Қайдауыл болысы» деп атай бастайды. 1916 жылғы көтерілістің негізгі ошағы осы Қайдауыл болысы болады.

Қайдауыл болысының көтерілістің басты ошағы болуының себебі негізсіз емес еді. ХІХ ғасырдағы патша отаршылдығына қарсы қару алып көтерілген ірі күрестің бірі Кенесары Қасымұлының тарихына да аталмыш өлкенің терең қатысы бар болатын. 1843-1844 жылдары Кенесары бастаған көтерісшілер Торғай даласына келіп, Жыланшықта қыстайды. Ел арасында қазақ рубасылары мен билері Кенесарыны Торғай өлкесінде (Ұлытау-Жыланшық бойында) Үш жүздің ханы етіп сайлаған деген аңыздық дерек сақталған.

Патша заманының зерттеушілері Кене ханның осы өлкені жайлаған жылдары оның атақ-даңқының артқан, күшінің көбейген тұсы деп баға береді. 1844 жылы Жыланшық өзенін бойын қыстап отырған ханның ауылына старшина Лебедевтің отряды тұтқиылдан шабуыл жасап, оның бір әйелін тұтқындап алып кетеді (Мейер, 1865: 61).

Жыланшық өзені бойындаКейкі батыр ғұмырының басым бөлігі өтті. Ұлт-азаттық көтеріліске дейін ол осы өлкені жайлаған Шашанбайдың Рахметінде бақташы-жылқышы болып қызмет етеді. Шашанбайдың Рахметі Торғай өңіріндегі бір шеті Бұқара-Ташкент өзбектерімен, екінші бір шеті Троицк, Орск, Орынбордағы саудагер татарлармен алыс-беріс, сауда-саттық жүргізген аса ауқатты, өте бай кісі. Кейкінің есімін атауға тыйым салынған кеңес дәуірінде батыр туралы «Құланның ажалы» атты романында Шашанбайды «Шарбақбай» деп атайды. Романда Шашанбайдың байлығы «Шарбақбайлар бір жағы Троицк, Жаманқалаға өгіз айдатып сатып, бір жағы ана шеті Қарсақбай, мына шеті Арақарағай, тіпті туу Қорғаннан жылқы алдырды-ау» (Нұрманов, 2005:24), – деп суреттелетін тұстар бар.

Мың-мыңдап жылқы айдаған Рахмет мал-мүлкін, отбасын қорғау мақсатында өз аулында қарулы топ ұстаған. Көтерісшілер патша озбырлығына қарсы көтерілгенде оларды қару-жарақпен Шашанбайдың Рахметі сынды бай кісілер қамтамасыз еткені сөзсіз. Кейкінің мылтық атып, қару ұстаған алғашқы тәжірибелері аталмыш кісіде қызмет етіп жүрген кезінен басталғаны анық. Өйткені 1916 жылғы көтеріліс басталғанда Кейкі – кәнігі, тәжірибелі мерген. Сондықтан Аманкелді оны мергендер тобының басшысы етіп сайлайды.

Батыр 1922 жылы Жыланшық бойында кеңес үкіметінің жазалаушы отрядының қолынан отбасымен түгел қаза табады. Ел ақсақалдарының айтуынша, Ә.Жангелдин Кейкі мергенге А.Токарев арқылы хат жазып, «қаруыңды таста, кеңес үкіметіне бағын, ол сені кешіреді, қызмет береді-мыс» деген мазмұнда хат жазады. Әккі Әліби Жангелдин ол хатты тапсыруды Кейкінің қанды көйлек досы А. Токаревке жүктейді. Аңғал батыр Ә.Жангелдинге және А.Токаревке сенгеннен кейін қару-жарағын тастап, жасағын таратып, Торғай бекінісіне жол тартады. Сол жолда ол А.Токаревтен секем алып, оны өлітіріп, осы Ұлы Жыланшық өзенінің бойын тасалайды. Ұлытаудан бастау алатын бұл өзен Кіші Жыланшықтың қосылуынан күшейіп, Ұлы Жыланшық аталады.

Батырдың аталмыш өзеннің бойына жасырынуының, біздіңше, бірнеше себебі болған секілді. Біріншіден, Ұлы Жыланшық өзенін жағалай отырып Ұлытау немесе Қарақұм асып, бой тасалауды мақсат етсе, екіншіден, аталмыш өзеннің бойы өзіне әбден таныс, үшіншіден, өзеннің жықпыл-жықпыл қойнауы, географиялық орналасуы із жасыруға қолайлы болды. Соңғы уәждің растығын біздер Жыланшық өзенінің спутниктен түсірген суретін көргенде анық аңғардық (2-сурет.).

2-сурет. Жыланшық өзенінің Googlee іздеу жүйесі арқылы спутниктен түсірілген кескіндемесі

Спутниктен алынған кесіндемені көргенде біздер Кейкі батырдың Жыланшық бойын не себептен тасалағанын түсінгендей болдық. Себебі Ұлы Жыланшық өзені кәдімгі жыландай ирелеңдеп, бұралаңдап ағып, жықпыл-жықпыл қолтық құрайды. Жағалау тік жарлы, суы терең, яғни судың арғы беті мен бергі бетіне өту оңай емес. Мұндай географиялық жағдай қашқынға өте қолайлы. Сондықтан Кейкі батыр Ұлы Жыланшықтың бойын тасалайды.

Сонымен қатар өзенінің спутниктен алынған кескіндемесі бізге өзеннің не себептен «Жыланшық» аталатынын тұспалдайтын мәлімет бергендей болды. Ел арасында «Жыланшықтың» атауы өзенде жылан көп болғандықтан деген шыққан деген сөз бар. Рас, қазақ жерінде «Жыланды» деген жер атаулары баршылық. «Жыланды», «Жыландытау» сынды топонимдер қазақ даласының әр тұсынан кездеседі.

Қазақтардың негізгі танымында жылан - суды емес, жерді мекендейтін жәндік. «Су жыланы» деген де ұғым бар. Десек те, оны қазақ танымында «ордалы жылан» түсінігі кең орныққан. Ордалы жыландар сусыз құдықтарда, шұңқырларда, үңгірлерде мекендейді, «жүздеген, мындаған жыландар бір-біріне оралып, үйіліп жатады» деген түсінік осыған байланысты айтылады. Егер адам ордалы жыланның біреуін абайсызда, болмаса әдейі өлтірсе, онда қалған жыландар әлгі адамды қай жаққа кетсе де тауып алып өлтіреді деген түсінік те қазақтың сенім-нанымынан орын алғандығы белгілі.

«Ордалы жылан» түсінігі – ежелгі «жылан елі, жыландар мемлекеті» деген түсініктің сарқыншағы. Бұл орайда «Ер Төстік» ертегісінің мазмұнын еске түсірейік. Төстік жер астына түсіп, жылан патшалығының билеушісі Бапы ханның еліне бармайтын ба еді? Бұған қоса көне әпсаналардың бірінде Сыр бойындағы Жаркент қаласының қирауы ордалы жыланның қаптауынан деп айтылады. Онда  ашушаң қала билеушісі әулие кісініңқарғысқа ұшырап, оның киелі дұғасы нәтижесінде қалаға ордалы жылан қаптайды.

Қазақ халқында үйге жылан кірсе, «жер астынан жаман ниетпен шықты» деп басына ақ құйып, шығарып саоу ырымы бар. Демек, жылан - су астын емес, мекен жайын, інін жер астынан дайындап, азығын жер мен су үстінен табатын жәндік.

Ұлы Жыланшық гидронимінде халықтың өзен-су атауының арнасының көлеміне және оның ұзын-қысқалығы қатысты таным-түсініктері орын алған. Бұл жерде атаудың «ұлы» бөлігі ұзындыққа қатысты болса, кішірейітпелі мағына беретін «шық» қосымшасымен жасалатын «жылан» деген екінші бөлігі өзен арнасының жіңішкелігіне және ирелеңдеп ағатына байланысты қалыптасқан. Басқаша айтқанда, қазақ танымында «Ұлы Жыланшық» «арнасы жіңішке үлкен, ұзын өзен», ал «Кіші Жыланшық» «арнасы жіңішке қысқа өзен» деген мағына береді (Әбсадық, 2017: 57).

Ұлы Жыланшық гидронимінде халықтың өзен-су атауының арнасының көлеміне және оның ұзын-қысқалығы қатысты таным-түсініктері орын алған. Бұл жерде атаудың «ұлы» бөлігі ұзындыққа қатысты болса, кішірейітпелі мағына беретін «шық» қосымшасымен жасалатын «жылан» деген екінші бөлігі өзен арнасының жіңішкелігіне және ирелеңдеп ағатына байланысты қалыптасқан. Басқаша айтқанда, қазақ танымында «Ұлы Жыланшық» «арнасы жіңішке үлкен, ұзын өзен», ал «Кіші Жыланшық» «арнасы жіңішке қысқа өзен» деген мағына береді.

Жыланшыққа құятын өзектің бірі – Жалаулы. Жалаулының бойы да ойлы-қырлы, жықпыл-жықпыл сайлары бар, қашқан кісіге жасырынып жүруге қолайлы. Жалаулыдан ары қарай Ұлытау сілемдеріне шығып кетуге болады. А.Токаревті өлтіргенен кейін жазалаушы отрядтан қашып Жыланшық арқылы Ұлытау аспақ болған Кейкі батыр Жалаулы өзегінің бойындағы Сүтемгеннің Жәкенінің қыстауына ат басын шалдырады.Жәкеннің қыстауының орны бұрынғы «Родник» совхозынның орнын көктей өтіп, Жыланшыққтан шығатын Жалаулы өзекшесін жағалай жүріп отырғанда кездеседі.«Родник» совхозынның тұрғындары 90-жылдары орын алған күйзеліс кезінде жан-жаққа көшіп, тарап кеткен. Қазіргі таңда совхоз тұрғындарының қираған үйлерінің орны, яғни көне жұрты жатыр. Қазіргі атауы - «Рахмет». Аты бар, заты жоқ ауыл Аманкелді кентінен шамамен 110 шақырым жерде.

Жалаулы өзекшесінің Жыланшықпен қосылар құярлығында «Родник» совхозының қорымы бар. Қорымның жанынан Жалаулы өзекшесін жағалай шығатын қара жолмен 3-4 шақырымдай жүргенде, Кейкі батырға туған-туыстары тарапынан 1996 жылы арнайы қойылған қоршау, қайтқан кісілердің аты жазылған арнайы құлпытас белгі кездеседі (3-4 сурет). Жәкен қыстауының орны осы белгі қойғандықтан ғана белгілі болып тұр.

3-сурет.Жалаулыдағы Кейкі батырдың басына қойылған белгі

 

4 сурет Кейкі батырмен Жалаулыда бірге қайтыс болғандарға қойылған белгі

Жалаулыда болған оқиға туралы жергілікті өлкетанушылар тарапынан жазылып алған тірі куәгердің естелігі бар. Оқиға куәгері болған кісі – Сүтемген Жәкеннің туған қызы Бибіжамал. Жәкенқызы Бибіжамал – сол кезде 14 жастағы бала. Ол кісінің естелігін 1976 жылы 19 желтоқсан күні «Родник» совхозының «Боқай» бөлімшесіне іссапармен барған белгілі өлкетанушы Бөгетбай Әлмағамбетұлы «Күздік» деген жерде отырған шопан үйіне (Бибіжамалдан туған қыздың үйі) Арқалық ауданы «Аңғар» совхозынан қонаққа келіп отырған жерінен жазып алады. Аталмыш естелікті автор өзінің «Торғайдағы азаттық көтерілісі» атты тарихи очеркі кітабына жариялайды. Өлкетанушы естеліктің жазылып алған уақытын, дерек беруші туралы мәліметтерді тіркеп, зерттеушіге тән кәсібилікті таныта білген. Мұндағы мәліметтерде Кейкі туралы жазба деректерден ұзын сонары, сұлбасы сақталған. Оның үстіне бізге Кейкінің өлімі туралы ақпарат беруші ақсақалдардың дені Б.Әлмағамбетұлының жазғандарына және батырдың рухына көркем туынды арнаған ақын жазушылар да сол ақпаратқа сүйенетіндігін байқадық (Кейкі батыр, 2001:153).Сол себепті Кейкінің қайғылы тағдыры душар болған Жалаулы қанды оқиғасы туралы баянымызға «Торғайдағы азаттық көтерілісі» кітабындағы мәліметтерге тоқталып, оны «індетіп талдауға» тура келді.

Кейкі мергеннің Жалаулыға келуі. «...Жәкен Сүтемген ұлының қыстаудағы қызыл үйі өзен (Жалаулының – авторлар) аңғарының орта тұсына таман орналасқан. Өзеннің аңғары үлкен биік қыратты жарып өткендей. Басы сонау Жыланшық түрмесінен (өзеннен түріле шыққан биік, қырат мағынасында – автордың түсініктемесі.) алады. Жыланшыққа қарағанда Жалаулының суы тұщы. Көктемде қар суымен толатын құлама өзен. Екі беті сыңсыған ел. Аңғардағы үйді қырқа тасалап тұр. Осы елге алдында Кейкінің Торғайға кеткені туралы хабар жеткен. Іле Кейкі Александр Токаревті атып кетіпті деген хабар келді. Бір пәледен мың пәле туындап, елдің дуылдап жатқан кезі ғой. Жыланшық бойы дүрлігіп, үкімет нұсқауымен Кейкіні ұстауды ақылдаспаққа Тоқпан Көшкінбай байдың Майдамтал жағындағы үлкен қызыл үйіне жиналуға аттанған. Ішінде Бижамалдың әкесі Жәкен де бар (Әлмағамбет, 2000:109).

Кейкі өз адамдарымен Сүтемген Жәкен отырған Жалаулының арғы бетіндегі ескі қыстауында отырған Құлан Жалмағамбеттің үйіне түскен екен. Інісі Шәукенді жіберіп, Жәкеннің қатыны Зәурені шақыртады. «Жалмағамбеттікіне келсін, сыбағамды ала келсін», – деп сәлем айтады. Зәуре қазы, қарта, сыбағалық етін алып, қорықса да Жалмағамбеттікіне келеді. Кейкі үйдің жанындағы қарды сызып, намаз оқып:

– Майдамталдағылар мені күткендер, ертең қызыл көтен болады, әмин, – деп бата қылады (Әлмағамбет, 2000:109).

Мұның алдында Зәуре Жалаулының қызыл суынан өтіп, Кейкіні шақыртып алып, ат үстінде сөйлескен жаман киімді, ешкім танымасын деп бетін таңып алған біреуді көреді. Бұл Сазан Шошайдың ағасы Ақтамыш екенін Зәуре айтпай-ақ таныған. Сазан Шошай өткен күзде Қарақұм жақта дүкен тонап, бір қызыл нар мен қасқа атқа дүние тиеп әкеліп осы ауылдарға әрекет салғаны бар. Сазан Үсенбай дегеннің белетесіне тыққан екен. Екі орыс індете қуып келіп, сабап қорқытқаннан кейін тауып берген. Шошай сол бетімен Сазан Сарыағындағы (шағын ауылдың қотанындай кішкентай қопашық) үйіне келіп, маяның астына қос тігіп, қыстай тығылып жатқан. Кейкінің Жалаулыға келгенін естіп, қайда, қалай жолығарын сұрап, ағасы Ақтамышты жансыздыққа жіберген екен. Кейкі Шошайды Жәкен үйінде күтіп алып, таң алдында Майдамтал аспақ болған. Кейкінің Зәурені шақырту себебі содан өзгерген. Кейкі сол Шошай үшін Майдамталға сол күні аттанбай, қонып қалуға мәжбүр болады (Әлмағамбет, 2000:110).

Сол екі арада Жалмағамбеттің үйіне Ожан Қарабайдың Асқары мен Тоқпан Жекебайдың Жақсылығы келіп қалды. Асқардың астында семіздіктен жараған күрең ат бар екен. Алыс жолға жүргелі тұрған Кейкі Асқардың атын сұрайды. Асқар бермеген. Асқар – Рахметке жақын туыс: кешегі Қайдауыл мыңбасы Әлжанның туған інісі. Кейкімен жақсы таныс, әрі туыс, сыйлас адам. Ол атын берігісі келмейді. Екеуі ренжіседі. Жанжалмен Кейкі ішке кіріп кеткенде, Асқар қашып кеткісі келеді. Асқар аттан түспеген. Кейкі атамын деп қорқытқан:

– Сенен маған күрең ат пайдалы, – депті Кейкі Асқарға. – Жесем тамақ, мінсем көлік.

Екеуінің арасына Зәуре түскен. Асқарды Зәуре «Кенжесары» дейді екен.

– Кенжесары, сен мұны баяғы Шұбар деп тұрсың ба? Бұл әбден қанына қарайған: атады да кетеді. Атты бер, – деп, Асқардың аяғын үзеңгіден шығарған.

Асқар Кейкіге:

– Мен жаяу қаламын ба? Маған не бересің?» – деп, амалсыз аттан түскен.

Кейкі оған бір жаман ат пен жаман ер тоқым берген. Асқар соны мініп, осыдан 4-5 шақырым жердегі Рахмет ауылына келіп, Кейкіні іздеп келе жатқан отрядтың үстінен түседі. Олар Кейкі Майдамтал асып кетті, ертең іздейміз деп отыр екен...» (Әлмағамбет, 2000:110).

Жәкенқызы Бибіжамалдың естелігінің осы бір үзігінен мынадай мәліметтерді байқаймыз:

1.  Кейкі – аса діншіл адам. Оның жайнамаз орнына ақ қар үстіне сызық сызып, намаз оқып, қонақасы ретінде алып келген асқа бата оқығаны осыны аңғартса керек.

2.  Кейкі батыр алдымен өз ағайыны Құлан Жалмағамбеттің үйін паналаған. Сазан Шошаймен кездесу үшін Сүтемгеннің Жәкенінің қыстауына барады.

3.  Кейкінің А.Токаревті атып қашып кетуі, Қарақұмда дүкен тонаған қарақшы Сазан Шошайдың Кейкімен байланысуы ел арасында түрлі қауесет жүріп, дүрбелең тудырған. Кейкі үкіметке қарсы қару кезенген қарақшы ретінде бағаланып, оның жолын кесу үшін жазалаушы милиция ел ішіне іріткі салып, тыңшы қойып, батырдың басқан ізін аңдып отырғандығы байқалады (Келте, 1922).

Кейкі қызмет жасаған Рахмет байдың жақын туысы, көтеріліске қатысқан Қайдауыл Әлжан деген кісінің туған інісі болып келетін Ожан Қарабайдың Асқарының батырға бір жарау ат қимай, оның Жәкеннің үйіне кеткенін қуғыншы отрядқа айтып сатқындық жасауы, ел ағаларының Кейкіні ұстау мақсатындағы әрекеттері – жаудың алыстан емес, іштен шыққандығын байқатады. Кейкінің ескі мазарының қабырғасына қойылған көк тасқа қашалып жазылған салауаттағы:

Атқа салдым терімді,

Бермедім жауға елімді.

Мұсылманнан жау шығып,

Сындырдың Алла белімді, –деп келетін өкініштің шындық өмірдегі болған көрінісінің жырдағы кестесін бейнелейтіні анық (Әбсадық, 2017: 34).

4.  Естелікті айтушы батырдың інісі Ермағамбеттің «Шұбар» деген лақап есімін Кейкінің лақабымен шатыстырған.

Қарабайдың Асқары («Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында қызы Баянды жетім Қозыға бермей, мал-мүлкін құтқарған Қодарға бермек болған кейіпкердің аты да Қарабай еді - авторлар) астындағы атынан, қасындағы серігі Тоқпан Жекебайдың Жақсылығын Кейкі «тыңшысың» деп ұстап алып қалғанына ызаланып, Рахмет байдың аулына келіп жатқан қуығыншы отрядқа Кейкі батырдың Жалаулының арғы бетіндегі Сүтемген Жәкеннің үйіне барып қонуды жоспарлап отырғанын айтып қояды.

Қанды қақтығыс. «...Қуғыншылар қосыны мына хабарды естіп, Кейкі тобын ұстаудың қамына кіріседі. Ауылға айнала күзет қойып, ешкімді шығармайды. Барлау жүргізіп, күзеттің жоқтығын анықтаған. Қуғыншыларды алаңдатқан мәселе Жәкеннің үй-ішін қырып алмау. Олар сол үшін де өте сақ қимылдауға мәжбүр болған (Әлмағамбет, 2000:111 ).

Зәуре Жалмағамбеттікінен оралып, Кейкі тобын қабылдауға үйін дайындаған. Олар Кейкі, әйелі Ақжан, інісі Шәукен, Қарақұмнан бірге келген үш жігіт: Уәли, Жақыбай, Жақып – Сазан руынан, тұтқынға алынған екі орыс жігіті. Барлығы 8 адам, қос ат, қос қоржыннан. Бұл кезде көктемгі жайлауға шығуға әзірленіп жатқан. Тері қайнатқан (жосамен бояу). Ерте туған арамзаға (ерте туған қозы-лақты қазақ осылай атаған- түсініктеме біздікі) малшысы Құлан Ділдебайдың үйін босатып, киіз үйге шығарған екен. Сол күні Ділдебай үйде болмапты. Әйелі Құныш қана бар. Кейкілер үйге кіріп жайғасқан. Екі адамды күзетке қойған. Тұтқын екі орыстың қолдарына кісен салған.

Жекебайдың Жақсылығын «жансызсың», мойныңа тас байлап, суға тастаймын, саған оқ шығармаймын деп қорқытқан. Оған да кісен салған. «Пәлесін бізге қалдырма, онан да мені өлтіріп кет», – деп Зәуре қолқа салып, маған көмектессін деп сұрап алған. Кейкі Зәуреге өзінің өкпе-назын айтқан.

– Мен Сүтемгеннің бес баласының бірімін деуші едім. Сендер мені әлі баяғы жылқышы Шұбар деп есептейсіңдер. Мені ашта азық, тоқта туыс қылғыларың келеді. Жәкендікі жөн болсын. Жаман Зікірия менен неге қашты қарсы алмай?

Кейкі Ақыжанды Ұлытаудағы аста кездестіріп, қалай үйленгенін әңгімелеген. Біраз уақыттан кейін күзет қойып, өзі ұйықтап қалған. Зәуре Кейкілердің жол азығына деп, өздері қоржынға салып жүрген қазы, қарта, шұжық және басқа еттерді пісіреді. Кірлерін жуады. Ділдебайдың үйде жоғын пайдаланған Шәукен күзетшілік орнына Құнышты  айналдырмақ болады.

Зәуре бұларды ертерек жөнелту мақсатымен Уәлиді ұйқыдан оятып, су әкелуге жұмсаған. Оны екі адам ұстап алып, тергеуге алған. Кейкінің жәй – күйін білген. Осы екі арада Ақыжан есіктің ашықтығын пайдаланып, далаға шығып, үйді айнала қоршап жүрген адамдарды көріп, қайта кіріп Кейкіге хабар берген.

– Көзіме қан толып кетті-ау, – деп екі рет қайталап, Кейкі қаруына ұмтылған. Ақыжан Зәуреге: Бәйбіше-ай, жау қоршап алды. Құрыдық-ау, – дей беріпті (Әлмағамбет, 2000:113).

Зәуре бес баласын бір бұрышқа жинап, көрпе, киізге орап тастаған. Атыс басталған. Кейкі жалғыз атысқан. Екі күзетшісі мен Уәлиден қайыр жоқ. Шәукен киіз үйден үш рет шыққан. Бірінде әйел киімін киіп, құтылғысы келген. Милициялар үйге қуып тыққан. Кейкі ашық терезеден атысқан. Есікті ашып қалып оқ атқан. Оқ таусылуға айналған. Өйткені, бұл Кейкінің Александр мен оның екі жігітінен алған қаруы ғой. Кейкіде үш граната бар екен. Кебеже, сандық алдырып, шошаланың төбесіне шығып тастаймын деген. Екі тұтқын орыс жігіттің бірі қазақша жақсы біледі екен. Кейкі Жәкеннің үй-іші мен Ақыжан аман қалсын деді ме, қандай оймен айтқаны белгісіз:

 – Аналарға хабарла, атысты тоқтатсын. Сөйлесейік, – деген. Кейкінің орысша білмейтінін пайдаланып, әрі сөз сөйлесуге рұқсат берген соң, олар қуғыншыларға: бұл есікті ашып атысқанда, біз итеріп қаламыз. Дайын болыңдар, – деп дауыстаған.

Кейкі осылайша оққа ұшқан. Жәкеңнің 14 жасар, 1910 жылы туған қызы Бижамалдың оң жақ қарын етіне оқ тиген. Шафих деген жасақтың командирі болуы керек: «Қазір мына соғыс бітсін. Өзім емдеп, жазып беремін» деген. Сөйтіп, азаттық үшін арыстандай арпалысқан. Кейкі батыр қаза тапты. Айы – күніне жетіп отырған Ақыжан атылды. Шәукен мен Кейкіге ерген үш жігіт те оққа байланды...» (Әлмағамбет, 2000:112).

Бибіжамал Жәкенқызының естелігінен Сүтемген Жәкеннің әйелі Зәуре өте ақылды кісі болғандығы байқалады. Күйеуі Кейкіні ұстау жолында ел ағаларымен ақылдасып жүргенде, ол ашынған, көзіне қан толған Кейкінің ызасын келтіре бермей, ағайын кісінің қонақжайлығын танытып, бір топ адамды күтіп бағады. Ағайын арасына жік түсірумеге ұмтылады. Кейкі батырдың оған:

– Мен Сүтемгеннің бес баласының бірімін деуші едім. Сендер мені әлі баяғы жылқышы Шұбар деп есептейсіңдер. Мені ашта – азық, тоқта – туыс қылғыларың келеді. Жәкендікі жөн болсын? Жаман Зікірия менен неге қашты қарсы алмай? – деп мұң-шерін айтуы – көп нәрсені аңғартса керек.

Кейкінің өзі батыр болғанымен, жанындағы серіктері жауынгерлікке лайық болмай шығады. Інісі Шаукен күзетшілікті пысықтау орнына, күйеуі жолаушылып кеткен әйелге қырындап, қырағылықты жойып алады. Қарақұмнан еріп келген жігіттер қару ұстауға икемсіз болып шығып, Кейкі жаумен жалғыз айқасады. Ақырында өзі А.Токаревті өлтігенде тұтқындап алған кісілердің аярлығынан қаза табады.

Қанды оқиғадан кейінгі қорлық. «...Екі тұтқын өз адамдарына қауышты. Жақсылықты босатып жіберді. Түнде басталған атыс сәскеде аяқталды. Бижамалдың қолының қанын жуып, мылтық дәрісін үгіп, жағып таңып берді. Есіктің алдында алты адамның өлігі жайрап жатты. Милициялар Кейкінің басын кесіп, қоржынға салып алып, аттанып кетті. Сазан Шошай Жәкен үйіне келе жатып, атысты естіп, кері қайтып кеткен. Маңайдағы бүкіл ел келіп, сойқанды көздерімен көріп, күңіренді. Мыналардың амандығын білді. Алғашқы келгендердің ішінде Асқар бар еді. Сол күні қанды оқиғаны естіп, Майдамталдан Жәкен келіп жетті. Өліктер жиналмаған күйі қалай болса солай жатыр. Бір пәлесі жұға ма деп жұртта зәре жоқ. Осыны ойлаған Жәкен қос атпен қуып милиция тобына жетті.

– Біздің есімізден шығып кетіпті, – депті олар ештеңе болмағандай. – Бір шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміңдер.

Үш жігіт әкеліп, тапсырма бойынша Кейкінің бассыз денесін ең астына тастап, бәрін бір жерге көмген. Арада 20 күн өткенде Токаревтің баласы келіп, әкемді өлтірген адамды анықтаймын деп, өліктерді қаздырып шығартады. Кейкінің сүйегін бөлек қойдырып, жүгіріп, секіріп жүріп қылышпен шапқылайды. Оң қолын кесіп әкетеді. Сөйтіп, тіріде әлі келмегендер Кейкінің жансыз денесіне «асқан зор батырлық» көрсеткен (Әлмағамбет, 2000:113).

 – Сенің аттан зорлағандай етіп түсіргенің жақсы болды, – депті Асқар Зәуре жеңгесіне. – Намыстанып түспейін деп тұр едім. Онда мені атып кетуі сөзсіз еді.

Азаттық үшін арыстандай арпалысқан Кейкі батыр осылай қапияда қаза тапты. Жұмыр басты пендеге әйтеуір бір өлім бары хақ. Бірақ бұл жолы батырға үнемі қуғында жүргендіктен амалсыз серік қылған Шошай қарақшының кесірі тиді. Күзетшілері жауапсыздық жасады. Егер Кейкі ат үстінде болып, ашық шайқасқа шықса шамалы қолға алдыра қоймас еді. Дұшпанын мысымен-ақ басып, жайратар еді».

Кейкі батырды өлтірген Дудиннің басқарған милиция отрядының жауыздығы адамның тұла бойын тітіркендіреді. Кейкінің басы кесіледі, інісі Шұбар өлтіріледі: бәрінен бұрын аяғы ауыр жұбайы Ақжанның ішін жарып, дүниеге келмеген сәбиді өлтіруін айуандықтың шегі демеске лаж жоқ. Милиция отряды өлгендерді көмусіз қалдырады. Сүтемгеннің Жәкені олардың артынан қуып барып өлген кісілердің көміп кетуін талап етеді. Сонда олар Кейкінің денесін ең астына салып, үш мүрдені бір шұңқырға тастайды. Кейін Токаревтің баласы әкемді өлтірген кісінің денесін өз көзіммен көрем деп шұңқырды қайта қаздырып, шабылған бас аз болғандай, Кейкінің бір қолын шауып алады (Әлмағамбет, 2000:113).

Б.Әлмағамбетұлының Жәкенқызы Бибіжамалдан жазып алған аталмыш естіліктегі мәліметке жақын деректі өлкетанушы Шөптібай Байдилдин де келтіреді. Бірақ ол Жалаулыдағы қанды оқиғада қаза тапқан Кейкінің басы емес, қолы кесілген деген деректі алға тартады (Байдилдин, 2011:91).Ш.Байдилдин де Жәкенқызы Бибіжамалды көргенін, бірақ Кейкінің өлімі туралы деректі ақсақалдардан алдым дейді. Соның бірі әкемнің інісі Сейітқасым Жамбылұлы еді дей келе, Кейкімен болған атысқа ол кісі орыстар жағынан оққағар болып қатысқанын, Кейкінің қолы шабылғанын сол кісі көргенін, сонымен қатар «быржиып ісіп кеткен» қолды оның көршісі Тұрсын ақсақалдың шешесі (Тұрсынның кім екені, оның шешесі туралы деректерді жазбайды) де көргенін жазады (Байдилдин, 2011: 91).

Ш.Байдилдиннің мәліметі Кейкі батыр туралы жазылған жазба деректерге, ауызша мәліметтерге де, бүгінгі таңда орныққан ақиқатқа да мүлдем кереғар, қарама-қайшы. Сондықтан біздер Кейкінің өлімі туралы ауызша жеткен мәліметтерді салыстыра келе Бөгетбай Әлмағамбетұлының дерегі шындыққа жақын деп танимыз.

Жалаулы оқиғасынан кейінгі хайуанға тән айуандық батырдың басын Торғайда қорлау ісінде жалғасын табады. Жазалаушылар Кейкінің басын Торғай бекінісіне апарып, кезінде патша армиясының әскери гарнизоны болған, сол тұста Ревкомның кеңсесі болған ғимараттың алдындағы темір бағанға іліп қояды. Сол жерде кесілген бас 2-3 күн тұрады. Содан кейін жергілікті жұрт ызаланып, бұл не сұмдық деген әңгіме шығараған соң батырдың басын Орынборға қарай аттандырады. Одан әрі батырдың басы Орынбордан Санкт-Петербургтегі Кунскамераға қарай асады...

Батырдың бас сүйегі араға 94 жыл салып қазақ даласына оралды. Жау қолынан қаза тапқан Кейкінің сүйегі кезінде жұрт көзінен жасырылынып, жерге арулап берілмесе де, кіндік қаны тамған Тасты өңірінде батырдың сұлбасы дулығасын бейнелейтін жаңа мазар салынып, жер қойнына құрметпен берілді. Аңызға айналған Кейкі батыр рухы осылайша туған елге қайта оралды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Әбсадық А. Бір жоқты бір жоқ табады //Кейкі батыр: елдік пен ерлік тағылымы. Дөңгелек үстел материалдары. – Қостанай, 2017. – 94 б.

Әлмағамбет Бөгетбай. Торғайдағы азаттық көтерілісі (тарихи очерк - зерттеулер). – Астана: Әлем. 2000. – 180 б.

Байдилдин Ш. Санаулы ғұмырымдағы саналы ойларым. – Екібастұз, 2011. –  416 б.

Добросмыслов А.И. Тургайская область (Исторический очерк).// Известия Оренбурского отдела Императорского русского географического общества, Выпуск №17. Тверь, 1902. – С. 257-524.

Исенов Ө. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс және алаш зиялылары [Мәтін] / Исенов Ө., НаурызбаеваЭ. К. // «Алдамжар оқулары – 2016»: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Қостанай: академик З.Алдамжар атындағы ҚӘТУ, 2016. – 142-146 б.

Исенов Ө. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қаһарманы Кейкі батыр [Мәтін] / Исенов Ө., ШерзатА. // «Әлихан Бөкейхан және Алаш тағылымы»: материалы республиканской конференции, посвященной празднованию юбилея государственного деятеля, лидера партии «Алаш» А. Букейхана под эгидой ЮНЕСКО и 80-летию Костанайской области. – Костанай: КГУ им. А. Байтурсынова, 2016. – 63-65 б.

Исенов Ө. Батырлар институты: эволюциялық даму [Мәтін] / Ө. Исенов // Қазақ тарихы ғылыми-әдістемелік журнал. – 2020. – №1 (178). – 13-15 б.

Исенов Ө. Торғайдағы 1916 жылғы көтеріліс: жүзбасы Қайранбай Малшыұлы. [Мәтін] / Ө. Исенов // Қазақ тарихы ғылыми-әдістемелік журнал. – 2020. – №5 (182). – 16-18 б.

Мейер Л.Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства // Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами Генерального штаба, т. 10, 1865. – 382 с.

Кейкі батыр. Тарихи дастан. – Алматы: «Білім», 2001. – 153 б.

Кейкі батыр (Нұрмағамбет Көкембайұлы): өмірі мен өлімінің тарихы. Республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференцияның материалдар жинағы. –Қостанай-Арқалық, 2017. – 47 б.

Кейкі батыр: ерлік пен елдік тағылымы» атты дөңгелек үстелдің материалдары. – Қостанай, 2017 ж. – 94 б.

Келте Қара. Қазақстанда Торғай уезінде аламаншы құрылды. // Ақ жол. – 1922. – 6 май . – № 169.

Қылышбайұлы Ә. Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң. – Арқалық, 1997. – 193 б.

Нұрманов А. Құланның ажалы: Роман. – Алматы: Раритет, 2005. – 224 б.

Сүлеймен М. Кейкі Көкембайұлы. – Павлодар: ЖК «Сытина Н.И. баспаханасы», 2017. – 404 б.

References:

Absadyk A.Bir joqtı bir joq tabady[One finds the one without the one] // Keiki batyr: country and heroic lessons. Round table materials. – Kostanay, 2017. – 94 p. [In Kazakh].

Baidildin Sh.Sanauly gumyrymdagy sanely oylarym [Conscious thoughts in my short life]. – Ekibastuz, 2011. – 416 р. [In Kazakh].Bogetbay Almagambet. Torgaydagy azattyq koterilisi (tarixi oçherk-zertteuler) [Liberation uprising in Turgai (historical essay - research)]. – Astana: World. 2000. – 180 p. [In Kazakh].

Dobrosmyslov A.I. Turgayskaya oblast' (Istoricheskiy ocherk). [Turgai region (Historical sketch)]. // Bulletin of the Orenburg department of the Imperial Russian Geographical Society, Issue No. 17. –Tver, 1902. – 257-524 pp. [In Russian].

Er Keyki elinde («Ulı Dala tulğaları: Keyki batır izimen» ğılımi ağartushılıq ekspediciyasınıñ materialdarı boyınsha). [In the land of Er Keiki (according to the materials of the scientific-educational expedition «Persons of the Great Steppe: in the footsteps of Keiki batyr»)]. // Keiki batyr: country and heroic readings. Round table materials. - Kostanay, 2017. – 94 p. [In Kazakh].

Issenov O. 1916 jılğı ult-azattıq koterilis qaharmanı Keyki batır [Matin] [The hero of the national liberation uprising of 1916 Keiki Batyr [Text] / Issenov O., Sherzat А. // «Alikhan Bokeikhan and Alash readings»: materials of the republican conference dedicated to the jubilee of the statesman, the leader of the party «Alash» A. Bukeikhana under the auspices of UNESCO and the 80th anniversary of the Kostanay region. – Kostanay: KSU. А. Baitursynova, 2016. – pp. 63-65. [In Kazakh].

Issenov O. Batırlar institutı: evolyuciyalıq damu [Matin] [Batyrlar institute: evolutionary development [Text] / O. Issenov // Scientific and methodical journal of Kazakh history. – 2020. - №1 (178). – pp. 13-15. [In Kazakh].
Issenov O. Torğaydağı 1916 jılğı koterilis: jüzbası Qayranbay Malshıulı. [Matin] [ of 1916 in Turgai: Captain Kairanbay Malshyuly. [Text] / Issenov O. // Scientific and methodical journal of Kazakh history. – 2020. – №5 (182). – pp. 16-18. [In Kazakh].

Issenov O., 1916 jılğı ult-azattıq köterilis jane alash ziyalıları [Matin] [National liberation uprising of 1916 and Alash intellectuals [Text] / Issenov O., Nauryzbaeva E. // «Aldamzhar readings – 2016»: Materials of the International scientific-practical conference «Aldamzharov readings – 2016»: materials of the international scientific-practical conference.– Kostanay: KATU named after academician Z. Aldamzhar, 2016. – pp. 142-146. [In Kazakh].

Issenov O., Sherzat А. Qol mergen Keyki batır [Matin]. [Hand sniper Keiki batyr [Text]] / O. Issenov O., Sherzat А. // Kostanay morning. – 2016. – April 12 (№39). –10 p. [In Kazakh].

Kelte Qara. Qazaqstanda Torğay wezinde alamanshı qurıldı. [In Kazakhstan, a riot was created in Turgai district.] Aq jol. – 1922. – 6 may. – №169. [In Kazakh].

Keyki batyr (Nurmagambet Kokembayuly): omiri men oliminin tarixy [Keiki Batyr (Nurmagambet Kokembayevich): the story of his life and death]. Proceedings of the Republican scientific-practical conference. – Kostanay-Arkalyk, 2017. – 47 p. [In Kazakh].

Keyki batyr. Tarixi dastan. [Keiki Batyr. History of the hand]. – Almaty: «Education», 2001. – 153 p. [In Kazakh].

Kylyshbayuly A. Qulan Qypşaq Keyki batyrdan son [After Kulan Kipchak Keiki batyr]. – Arkalyk, 1997. – 193 p. [In Kazakh].

Materials of the round table «Keyki batyr: erlik pen eldik tagylymy» [«Keiki batyr: heroism and country lessons»]. –Kostanay, 2017. – p. 94 [In Kazakh].

Meyer L.Kirgizskaya step'Orenburgskogo vedomstva // Materials for geography and statistics of Russia, collected by officers of the General Staff [Kyrgyz steppe. Orenburg department.] 10 Т.– Saint Petersburg, 1865.– 382 р.[In Russian].

Nurmanov A.Qulannıñ ajalı: Roman. [Death of Kulan: Novel]. – Almaty: Raritet, 2005. – 224 p. [In Kazakh].

Suleimen M. Keyki Kokembayuly [Keiki Kokembayuly]. –Pavlodar: «Publishing house of IP Sytin N.I», 2017. – 404 p. [In Kazakh].

МРНТИ 03. 20.00

КЕЙКИ БАТЫР:
КРОВАВОЕ СОБЫТИЕ НА ЖЫЛАНШЫК-ЖАЛАУЛЫ

А.А. Абсадык¹,О.И. Исенов²

¹Д.фил.н., профессор.

²К.и.н., профессор. Региональный университет имени А. Байтурсынова.

Казахстан, г. Костанай.

Аннотация. В статье рассказывается о кровавых событиях в местности Жыланшык-Жалаулы, связанных со смертью одного из лидеров национально-освободительного движения в Тургае в 1916 году Нурмагамбета (Кейки)-батыра Кокембайулы. В 2017 году была организована экспедиция с целью изучения местности, где происходили исторические события и организации встречи с местными жителями Тургая, определения исторической значимости событий 1916 года. А также уточнение места смерти героя, описание основных событий Тургайского восстания и соратников Кейки-батыра.
Статья посвящена анализу исследовательских данных о смерти Кейки-батыра на основе собранных авторами материалов научной экспедиции. Подробно проанализированы данные и исследования, предоставленные авторами, а также данные и воспоминания о кровавых событиях, связанных с гибелью Кейки батыра в Жыланшык-Жалаулы. Авторы собрали устные сведения о смерти известного казахского героя, который руководил наряду с Амангельды Имановым и Алиби Жангильдиным Тургайским восстанием.
Ключевые слова:Тургай, национально-освободительное движение, 1916 год, экспедиция, Жыланшык, гражданская война, мерген, карательный отряд, Кунтскамера, герой, степной дух.

IRSTI 03. 20.00

KEIKI BATYR: BLOODY EVENT ON ZHYLANSHYK- ZHALAULY

A.A. Absadyk¹, O.I. Issenov²

¹Doctor of Philology, Professor.

²Candidate of Historical Sciences, Professor.

A. Baitursynov Regional University. Kazakhstanб Kostanay

Abstract. The article describes the bloody events in the Zhylanshyk-Zhalaulyarea associated with the death of one of the leaders of the national liberationmovement in Turgay in 1916, Nurmagambet (Keiki)-batyr Kokembayuly. In 2017,an expedition was organized to study the area where historical events took placeand to organize a meeting with the local people of Turgay in order to determine the historical significance of the events of 1916. As well as clarification of the place of death of the hero, a description of the main events of the Turgay uprising and theassociates of Keiki-batyr.

The article is devoted to the analysis of research data on the death of Keiki-batyr based on the materials of the scientific expedition collected by the authors. Adetailed analysis of data and research provided by the authors, as well as data and memories of the bloody events surrounding the death of Keiki Batyr in Zhylanshyk-Zhalauly. The authors collected oral information about the death of the famous Kazakh hero, who led the Turgay uprising along with Amangeldy Imanovand Alibi Zhangildin.

Key words: Turgay, national liberation movement, 1916, expedition,Zhylanshyk, civil war, archer, punitive squad, Kuntskamera, hero, steppespirit.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 1209

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ 1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы НОВЫЕ АРХИВНЫЕ МАТЕРИАЛЫ О СОБЫТИЯХ 1916 ГОДА В КАЗАХСТАНЕ Шыңғыстау көтерілісі: жаңа деректер негізінде зерттеу АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛАШ ОРДА» ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ (Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві материалдары бойынша) ӘОЖ 94 (574) ЕМБІ МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ АЛҒАШҚЫ МҰНАЙ КӘСІПШІЛІКТЕРІ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҒТАМР 17.71.01 КЕЙКІ МЕРГЕН: ХАЛЫҚТЫҚ БАЯНДАУЛАР ЖӘНЕ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР ҒТАМР 03. 20.00 КЕЙКІ БАТЫР: ЖЫЛАНШЫҚ-ЖАЛАУЛЫДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Author's articles

ҒТАМР 03. 20.00 КЕЙКІ БАТЫР: ЖЫЛАНШЫҚ-ЖАЛАУЛЫДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА