Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР

С.К. Рүстемов¹, Р.Е. Оразов². ¹Т.ғ.к., доцент. ²Гуманитарлық ғылымдар магистрі. Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты. Қазақстан,

ҒТАМР 03.20.00 МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: мұсылман съезі., мұсылмандық қозғалыс, «Ресей мұсылмандары одағы», жәдидшілдік, Ислам
Annotation:
Аңдатпа. Аталмыш мақала тоталитарлық идеологияның үстемдігі тұсында бұрмаланып, Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінің біріне айналған мәселеге арналған. Мақалада ХХ ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыстың Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі қарастырылып, бірінші орыс революциясы тұсында қазақ интеллигенциясы өкілдерінің «Ресей мұсылмандары одағы» («Иттифақ-ул-муслимин») ұйымына және бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысуы шынайы тұрғыда талданады. Бұл істе Орынбор діни басқармасында қызмет атқарған саяси күрескер, татар азаматы А.Ибрагимов ерекше көзге түсті. Ол 1893 жылы діни қызметін тастап, Түркияға кетті. А.Ибрагимов Түркияда жүріп шетелдік басылымдар арқылы патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынға алып, әлем жұртшылығының назарын Ресей мұсылмандарына бұруда елеулі еңбек сіңірді. Ресей мұсылмандарының саяси өміріне ХХ ғасыр басындағы тарихи оқиғалар да әсер етпей қоймайды. Зерттеуде дерек көздері ретінде архив құжаттары (Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві, Татарстан Республикасының ұлттық архиві), ХХ ғасыр басында татар және орыс тілдерінде жарияланған газеттердің мақалалары және мұсылмандық қозғалысқа атсалысқан қайраткерлердің еңбектері пайдаланылды. Ресей мұсылмандары арасында отаршылыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бірінші орыс революциясы қарсаңында өрістей түсті.
Text:

Кіріспе. Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының ХХ ғасыр басында ұлттық мүддені қорғау бағытындағы бірлескен әрекеттері тарих ғылымында мұсылмандық қозғалыс деген атауға ие. Бұл қозғалыстың бірінші орыс революциясы тұсында өріс алуы және оған қазақтардың тартылуы, яғни «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымына қазақтардың тартылуы, сондай-ақ сол тұста өткізілген бүкілресейлік мұсылман съездеріне қатысуы жайы отандық тарих ғылымында арнайы қарастырыла қойған жоқ. Сондықтан осы жәйтті арнайы зерттеу өзіндік ғылыми маңызға ие деуге болады.

Мұсылмандық қозғалыстың барысында түркі тілдес халықтардың орыстандыру, шоқындыру саясатынан көрген жәбірлері және отарлшылдықтан тартқан ауыртпашылықтары көтеріліп, одан құтылу жолдары талданды. Ондай жол ретінде мұсылмандық қозғалыста демократиялық күрес жолы таңдалып алынды. Осы күресті зерттеу Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерін жоюға өзінің оң ықпалын тигізеді. Сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы түркі тілдес халықтардың азаттық күресінің қыр-сырын терең түсінуге жол аша түседі.

Материалдар мен әдістер. Мақалада қарастырылып отырған мәселенің дерек көзі ретінде бірінші кезекте архив деректерін ғылыми айналымға тарту көзделді. Бұл ретте Ресей Федерациясының мемлекеттік архивіндегі полиция департаментінің және Татарстан Республикасының мемлекеттік архивіндегі жандармерия қорларының материалдарын ерекше атауға болады. Бұл қорлардағы құжаттар ХХ ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыстың өрбу ерекшеліктерін аңғаруға мүмкіндік береді. Мұның өзі алға қойылып отырған мәселені ашып көрсетуде материалдардың жеткілікті деңгейде екенін байқатады. Аталған архивтерден алынған құжаттар деректанулық талдауға алынып барып қолданыс тапты.

Алға қойылған мәселені ашып көрсетуде анализ, синтез, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи және сипаттап баяндау әдістері қолданылды. Осы әдістер негізінде жасалынған тұжырымдар мен қорытындылардың өзара логикалық тұрғыда үйлесімді болуы басты назарда ұсталды.

Талдау. Ресей империясында басында өрбіген мұсымандық қозғалыс мәселесі ХХ ғасыр басында жарық көрген М. Бигиев (Бигиев, 1915: 288), Ф. Туктаров (Туктаров, 1912: 240) және А. Салихов (Салихов, 1917: 22) еңбектерінде көрініс тауып, бұл қозғалыс патша өкіметінің отарлық саясатқа қарсы әрекет ретінде бағаланды.

Кеңестік дәуірде мұсылмандық қозғалысты панисламизм мен пантүрікшілдіктің айқын белгілері ретінде бағалау орын алды. Мұндай бағалаулар әсіресе, А. Аршаруни мен Х. Габдуллиннің (Аршаруни, Габидуллин,1931: 242) және Л. Климовичтің (Климович, 1936: 405) еңбектеріне тән. Н. Сәбитовтың (Сабитов, 1949: 14) еңбегінде мұсылмандық қозғалыс сол тарихи кезеңдегі діндарлардың реакциялық қызметінің нәтижесінде тарих сахнасына көтерілді деп көрсетіледі.

Қазіргі кезде мұсылмандық қозғалысты Ресей империясындағы мұсылман халықтарының діни, мәлени және саяси талаптарды көтерген демократиялық сипаттағы күресі болып табылатынын негіздеу орын алуда. Бұған С.М.Исхаковтың (Исхаков, 2007: 400) еңбегіндегі пікір дәлел бола алады.

Зерттеу нәтижелері. Ресей мұсылмандары арасында отаршылыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бірінші орыс революциясы қарсаңын өрістей түсті. Бұл істе Орынбор діни басқармасында қызмет атқарған саяси күрескер, татар азаматы А.Ибрагимов ерекше көзге түсті. Ол 1893 жылы діни қызметін тастап, Түркияға кетті. А.Ибрагимов Түркияда жүріп шетелдік басылымдар арқылы патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынға алып, әлем жұртшылығының назарын Ресей мұсылмандарына бұруда елеулі еңбек сіңірді. 1895 ж. Түркияда өзінің әйгілі «Шолпан жұлдызы» атты кітабын жариялады. Оның бұл кітабы мұсылман халықтарының ұлттық-саяси мәселелерін көтерген тұңғыш эмигранттық шығарма болды. ХХ ғасыр басында А.Ибрагимовтың «Шолпан жұлдызы» Ресейге жетіп, мұсылмандар арасында зор беделге ие болды. Патша тыңшыларынан жасырын түрде қолдан қолға өтіп, мұсылман халықтарының саяси оянуына өз септігін тигізді (РФМА,74 т.3 (1): 52).

А.Ибрагимов 1904 ж. Стамбул қаласында орыс үкіметінің шешіміне орай қолға түсіріліп, абақтыға жабылған кезде, бұл хабар бүкіл Ресейге тарап, халықтың талап етуімен көп ұзамай босатылды. Ол 1904 ж. қыркүйек айынан 1905 жылға дейінгі мерзімде мұсылман елді мекендерінде, атап айтқанда Қазанда, Перьмде, Уфада, Тройцкіде, Петропавлда (Қызылжарда) болып мұсылмандардың жалпы жағдайымен танысып, өз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 1904 ж. Петропавл (Қызылжар) қаласында болған кезінде сол өңірдегі қазақ, татар өкілдерін жинап, мәжіліс өткізіп, өлке мұсылмандарының талап-тілектерін тұжырымдап, Министрлер Комитетінің төрағасы граф Витте атына өтініш жіберуін ұйымдастырды.

Ресей мұсылмандарының саяси өміріне ХХ ғасыр басындағы тарихи оқиғалар да әсер етпей қоймайды. Бұл жерде орыс-жапон соғысын атап өткен жөн. Полиция департаментінің директоры губерниялық жандарм басқармаларына жіберген нұсқау хатында мұсылмандар арасында үкімет тәртібіне наразылық орыс-жапон соғысы кезінде ерекше күшейе түсті деп көрсеткен. Жергілікті әкімшілік орындары соғыс жылдары өз патриотшылдығын көрсетіп қалуға тырысып, жаралыларға жәрдем ретінде қазақ қауымынан ақша жинады. Күштеп алынған мұндай жәрдемдер қазақтардың ашу-ызасын тудырды. Ел арасында орыс-жапон соғысына байланысты орыс қаруының күшіне күмән келтіретін, түрлі қауесет сөздер тарады. Мұндай оқиғаның өріс алғаны соншалық, орыс әкімшілігінің алаңдатушылығын тудырды (РФООА, 412: 514).

Белгілі саяси қайраткер Г. Исхаки өз естелігінде: «Орыс-жапон соғысының тұтануы бүкіл түркі әлемінің, әсіресе Еділ-Орал түркі-татарларының рухын көтерді. Жапондықтардың тамаша жеңісі мен орыс қаруының моральдық, әрі күші жағынан жеңіліс табуынан бүкіл Ресей түркілері ұлттық-саяси мәселені шешу мүмкіндігін аңғарды. Соғыс күндері жасырын түрде радикальды-ұлттық бағдарламасы бар, құрамына көптеген түркі-татар интеллигенциясы енген «Хурият» («Бостандық») партиясы құрылды. Бұл ұйым сол кезеңдегі түркі-татар өміріне белсене араласып, үкіметке қарсы күшті үгіт жүргізді» (Исхаки, 1991: 5), - дейді.

Басталған революцияның өршуін әлсірету мақсатында Николай ІІ 18 ақпанда «халықтан сайланған» адамдарды заңдық жобаларды дайындауға және талқылауға қатыстыру туралы Ішкі істер министрі А.Булыгин әзірлеген рескриптке қол қойды. Сол күні жеке адамдар мен ұжымдарды мемлекет қызметі мен халықтың әл-қуатын жетілдіре түсуге байланысты өз ұсыныстарын орталық билікке жеткізуге шақырған құжат та өмірге келді. Мұның артынша 17 сәуірде дін еркіндігі жөнінде жарлық шықты. Бұл құжаттар халықтың көңіл-күйін көтеріп, олардың саяси өмірге құлшына араласуына жол ашты. Ресей империясында 1905 жылы қалыптасқан саяси ахуал ұлттық езгіні бастан кешіріп жатқан халықтардың азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді.

Ресей мұсылмандарының көңіл күйіне әсер еткен «дін еркіндігі» жөніндегі жарлықтың шығарылуына шоқындыру ісінде аса белсенділік танытқан Қасиетті Синодтың оберпрокуроры К.П.Победоносцев барынша наразылық танытты. Мұны К.П.Победоносцевтің іс-қағаздары ішінен табылған император атына жазылған төмендегі хат мазмұны айғақтайды. Онда: «Мұсылмандық насихатқа ерік берілмекші. Бұл іс өте қауіпті. Ислам бір сәтке де өз қаруын қолынан тастамайтын орасан зор күш, бұл күшпен үздіксіз күрес жүргізу керектігі ғасырлар бойғы тарихтан қалған өсиет. ...Онымен рухани негізде күрес жүргізу мүмкін емес, себебі діни миссиялар нәтижесіз, жеміссіз болуда... Мұсылмандық ілімге еркіндік берген кезде барлық бұратаналар біртіндеп мұсылманға айналып, орыс губернияларында орасан зор күшке айналады», - делінген.

1905 ж. саяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен Ә.Бөкейханов атап көрсеткендей «бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді». Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: «Патша үкімдері жариялануынан бері қарай қазақ жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барлардың көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-соңды болмаған құбылыстар байқалуда», - делінген. Қазақ даласында байқалмаған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендеріне қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұқтаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық өкімет орындарына тапсыруға петициялар (тілек-арыз) әзірленді. Осылайша қазақ даласындағы саяси күрес патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрініс ала бастады.

Қазақ елінің мұң-мұқтажын білдірген петицияларды жазып, оны тиісті орындарына тапсыру ісі 1905ж. көктем айларында-ақ қолға алынған еді. Мәселен, 1905 ж. сәуірде 2-інде Ақмола қаласындағы Халфин деген қазақ саудагерлерінің үйінде жиналыс етіп, Петерборға барып петиция тапсыру үшін арнайы делегация сайлап жіберу мәселесі қарастырылған.

Қазақ даласынан петициялар арнайы делегация жіберу арқылы да, сонымен бірге жеделхатпен де жолданған. Петицияларды жазып тапсыру ісіне сан жағынан аз болғанымен, саяси күреске ысыла бастаған ұлттық интеллигенция өкілдері де атсалысты.

1905 жылы Семей облысы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болған. Осы жылы сәуір айы ішінде Торғай және Орал облыстары қазақтарының петиция тапсыруға жіберген делегациясын Б.Қаратаев бастап барды.

Қазақтардың орталық билік орындарына тапсырған петицияларында жерді тартып алуға, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоққы жасалуына наразылық білдірді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату, қазақ арасындағы оқу-ағарту ісін ретке келтіру және әлкеге земство енгізу сұралды.

Орталық өкімет орындарында петициялар тапсыру тек қазақ даласында ғана емес, империядағы барлық түз халықтарында да етек алды. Кавказ өңіріндегі, Қырымдағы, Еділ бойындағы және т.б. жерлердегі мұсылман елді мекендерінен 1905 ж. наурыз-сәуір айларында петиция тапсырушылар Петерборға ағылып келіп жатты. Ол петициялардың мазмұны көп жағдайда қазақтардың талап-тілектерімен үндесіп жатты.

Осы кезеңде Ресей мұсылман халықтарының талап-тілектерін тұжырымдап, олардың саяси әрекеттерін бір ізге түсіру ниетінде жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу мәселесі көтеріле бастады. Бұл мәселені А.Ибрагимов 1905 ж. наурыз айында Қазан қаласында татар азаматтары бас қосқан жиналыста көтерген еді. А.Ибрагимовтың ұсынысын Ж.Акчурин, С.Алкин секілді татар зиялылары тарапынан қолдаушылық тапты. Болашақ съезге Қырым, Кавказ, Түркістан, дала облыстары, Сібір өкілдерінің толық қатысуына басты назар аударылды. Жиналыста съез жасау үшін алдын ала мәжіліс өткізіп алу қажет деген шешім қабылданды. Ол мәжіліске съездің өткізілетін орны мен мерзімі белгіленуі тиіс болды. Бұл мәжіліс 1905ж. сәуір айының басына қарай Петербор қаласында өтетін болып белгіленді. Жиналысқа қатысушылар атынан И.Гаспринский мен А.Топчибашевқа жеделхат жолданып, Петерборда өтетін мәжіліске кешікпей келулері хабарланды.

Осылайша, жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу мәселесін қарастырған мәжіліс 1905 ж. 8 сәуірде Петербор қаласында өтті. Оған И.Гаспринкий, А.Топчибашев, Ж.Акчурин секілді қайраткерлермен бірге Петербор қаласындағы «Мұсылмандық қайырымдылық қоғамы» мүшелері де қатысты. Мәжілісте болашақ съездің өткізілетін орны мен мерзімі белгіленді. Мәжілістің ұйғарымы бойынша жалпы ресейлік мұсылман съезі Нижний-Новгород қаласында тамыз айында өтетін болды. Съездің тура осы мерзімге қойылуында төмендегідей себептер ескерілді: біріншіден, Нижний Новгородта тамыз айында түрлі елді мекендерінен саудагерлер ағылып келетін жәрмеңке өтетін, екіншіден, жәрмеңке кезінде съез жасау патша тыңшыларының, үкімет орындарының назарын көп аудартпайтын-ды. Мәжілістің бұл шешімі Чистопель қаласында (Қазан губерниясы) мамырда өткен мұсылмандар жиналысында да қаралды. Бұл жиналысқа негізінен татар-башқұрт зиялылары қатысқан еді.

Міне осындай әзірлік жұмыстарынан кейін «Тәржіман», «Каспий» газеттерінің бетінде жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу жайлы мақалалар жарияланып, мұсылман елді мекендеріне, соның ішінде қазақ облыстарында да жеделхаттар жөнелтіле бастады (Бигиев,1915: 164).

Жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу жайлы Петербор қаласына петициялар тапсыруға келген делегациялар арқылы да тарады. Петербор қаласында мұсылман съезін өткізу жайлы мәжіліс өтіп жатқан кезде және одан кейін де Қырымнан, Кавказдан, қазақ даласынан және т.б. жерлерден петиция тапсыруға келген делегация өкілдері А.Ибрагимовпен жолығып, кеңесіп отырған. Мәселен, Торғай және Орал облыстарынан келген, құрамында Б.Қаратаев бар қазақ делегациясының өкілдері А.Ибрагимовпен жолыққан. Оған қазақтардың бастан кешіп жатқан ауыр халін баяндап, діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату басты талаптырының бірі екендігін білдірген. Сонымен бірге А.Ибрагимовке бұл делегация өкілдері өздерінің барлық әрекетте мұсылмандармен болғысы келетіндіктерін айтқан.

Жалпы ресейлік мұсылман съезін өткізу туралы хабарлар империядағы мұсылман елді мекендеріне жетісімен 1905 ж. тамыз айына қарай Нижний Новгород қаласына Түркістаннан, Сібірден, қазақ даласынан, Қырымнан, Кавказдан жіберілген өкілдер жинала бастады. Нижний-Новгород қаласында осы кезде өтіп жатқан жәрмеңке негізінен 1500 мұсылман жиналған еді.

Съездің ашылу қарсаңында, 13 тамызда, делегаттардың А.Ибрагимов, И.Гаспринский, А.Топчибашев секілді белсенді өкілдері алдын-ала бас қосқан съездің бағдарламасын жасады. Онда Ресей мұсылмандарын өзара байланыстыратын ұйым құру мәселесі ең басты мәселе етіліп қойылды. Бұдан соң съезді өткізуге рұқсат алу үшін бірнеше делегаттар Нижний-Новгородтың губернаторына жіберілді. Бірақ губернатор қаланың әскери жағдайда екенін желеу етіп, съезге рұқсат етпеді (ТРМА, 161: 27).

Әйтсе де делегаттар алған беттерінен қайтпай, 15 тамыз күні жасырын түрде Оқа өзеніндегі «Гыстав Струве» кемесінде тұңғыш жалпыресейлік мұсылман съезін өткізді. Съезге қатысушылардың жаопы саны 150-ге жуық болды. Оның ішінде қазақ өкілдерінен көкшетаулық молда Шаһмардан Қосшығұлов та бар еді (РФМА, 74(1): 30).

Ресей мұсылмандарының тұңғыш съезінің төрағасы И.Гаспринский болды. Съезд азербайжан халқының өкілі А.Топчибашевтың: Уа, дінге берік бауырлар! Осы күн мәңгі есімізден шықпас. Бұл күн бұдан соң да Ресей мұсылмандарының жыл сайынғы ұлттық мейрамдарының бірі болатынына шүбә келтірмеймін. Біз тегіміз, дініміз, тағдырымыз бір түрік балаларымыз», - деп, мұсылман халықтарын бірлікке шақырған сөзімен ашылды.

Өзі бас аяғы бір-ақ күнге (дәлірек айтсақ 13 сағатқа) созылған съезде сөйлеушілер мұсылман халықтарының отаршылдықтан ғана емес, шоқындыру саясатынан көрген жәбірін, тұрмысының ауырлығын, азаматтық құқығының бұрмаланып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, бұдан былай Ресей азаматтарының тіліне, дініне, жынысына, ұлтына қарамай тең құқықта болу қажеттігін баса көрсетті. Делегаттар 6 тамызда шыққан патша манифесіне өз ризашылықтарын білдірді. Бұл манифест бойынша Ресей мұсылмандарына да Мемлекеттік думаға сайлау құқығы берілген еді. Осыған орай делегаттар атынан императорға «6 тамыздағы манифест мұсылмандарға рух беруде» деп, өз ризашылықтарын білдіре жеделхат жолдады.

Делегаттар бұл съезді Ресей мұсылмандарының өміріндегі тарихи оқиға деп бағалап, әр жыл 15 тамыз күні мұсылман елді мекендерінде мейрам ретінде аталып өтсін деген қаулы шығарды (ТРМА, 139: 65-п.).

Мұсылман съезіне жиналған делегаттардың барлығы Ресей мұсылмандарын өзара байланыстырып, іс-әрекетін бір ізге түсіріп отыратын саяси ұйым құру қажеттігін бір ауыздан қолдады. Бұл ұйымның бағдарламасы мен жарғысын әзірлеу А.Топчибашев пен А.Ибрагимовке тапсырылды. Съездің қабылдаған қарарында:

«1. Ресейдің барлық облыстарындағы мұсылмандарды қазіргі орыс өмірінің қоғамдық-мәдени және саяси сұраныстары мен міндеттері негізінде жақындастыра түсу қажет.

2. Бұл міндетке қол жеткізіп, оны жүзеге асыруда мұсылмандардың прогрессивті тобы алдыңғы қатарлы орыс қоғамының идеалдарын бөлісе отырып, елде құқықтық тәртіптің орнығуы жолында іс-әрекет етеді.

3. Алға қойылған мақсатқа мұсылмандар орыс тұрғындарымен бірдей құқықта болғанда ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан мұсылмандардың прогрессивті тобы осы күнгі ережелер, үкімет орындарының нұсқаулары негізінде мұсылмандарға жасалатын шектеушіліктер мен кемсітушіліктерді алып тастауда барлық заңды шараларды қолданып, мұсылмандарды орыс тұрғындарымен саяси, азаматтық және діни құқықтары жағынан толық теңестіру жолында іс-әрекет етеді.

4. Мұсылмандар өз қызметін жалпы мемлекеттік мүдделер мен сұраныстарға сай бағыттайды. ...Мұсылмандардың қажетіне сай әртүрлі мектептер ашуға талпыну керек. Бүгінгі өмірді кітап, газет-журналдар арқылы.... кітапхана, оқу залдары секілді мәдени ағартушылық бағыттағы ұйымдар арқылы кең насихаттау керек.

5. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін мерзімді түрде өтіп отыратын мұсылман съездерінің басшылығына негізделген жергілікті жерлерде ұйымдар (меджлистер) құрылсын», - деп көрсетілді.

Қабылданған бұл қарардан съез делегаттарының мұсылман халықтарын тапқа, жікке бөлмей, олардың орыс хылқымен тең құқықта болуын талап еткенін; отаршыл жүйемен күресте орыс және басқа да халықтардың демократиялық күштермен бір болу қажеттігін ұғынғанын: мұсылман халықтарының мүддесін қорғауды қарулы күрес тәсілімен емес, тек заңды орындар (Мемлекеттік дума) арқылы шешуге басты көңіл аударғанын және бұл істе бүкіл Ресей мұсылмандарының саяси күштерін біріктіруге ерекше мән бергенін аңғаруға болады.

Революциялық өрлеу барысында өмірге келген 1905 жылғы 17 қазанда жарық көрген манифесттің тек метрополия тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар ұлттық аймақтарға да үлкен ықпалы болды. «Бостандық манифесі» атанған бұл құжатта жеке адамның құқығына қол сұқпу, ұждан бостандығы сияқты мызғымас принциптер негізінде халыққа азаматтық бостандықты сыйлау, кешіктірмей Думаға сайлау өткізу жөнінде айтылған болатын. Бұл манифест жарық көрісімен барлық мұсылман елді мекендеріне орыс тілінен аударылып таратылды. Мұсылман зиялылары бұл құжатты халықтың саяси белсенділігін арттыру, саяси сауатын көтеру үшін пайдаланып қалуға тырысты. Сол мақсатта 1905 жылдың соңына қарай Орынборда, Семейде, Петропавлда (Қызылжарда), Астраханьда мұсылмандық қоғамдар құрылып өз жұмысына кірісе бастады. Бұл қоғамдар Орынбор мен Семейде «Мұсылман қоғамы», Астрахань мен Петропавлда (Қызылжарда) «Жамиғат исламие» («Ислам қоғам») деп аталды. Құрылған қоғамдардың атаулары әртүрлі болғанымен атқарар қызметтері бірдей еді. Орынбор қаласында құрылған мұсылмандық қоғамының мақсаты жайлы оның жарғысында былай делінген: «Мұсылман қоғамының мақсаты 1905 ж. 17 қазандағы манифеске сәйкес туындаған саяси, экономикалқы ахуалмен мұсылман дініндегілерді жан-жақты таныстыру. Материалдық көмекке мұқтаж мұсылмандарға жәрдем ұйымдастыру» (РФМА, 74 т.: 14).

17 қазан манифесінен кейінгі ірі оқиғалардың бірі түз халықтарын азаттық күресте жақындастыра түскен «Автономистер одағының» құрылуы болды. Бұл ұйым Ресей империясының қол астындағы ұлттар мен ұлыстардың өзін-өзі билеуін, яғни автономия алуын жақтаған саяси күрескер поляк лингвист ғалым, профессор И.А.Бодуэн де Куртэненің ұйымдастыруымен 1905 ж. қараша айында құрылған болатын. Мұсылман зиялы қауым өкілдерінің бір тобы соның төңірегінде топтасты, А.Ибрагимов «Автономистер одағының» қызметіне тікелей араласып, автономистер съезін өткізу үшін елдің түпкір-түпкіріне хаттар жазып, ел арасындағы беделді азаматтарды шақырды. 1905 ж. 19 қарашада Петербор қаласында өткен автономистер съезіне М.Тынышбаев қатысқан еді. Бұл съезге азербайжандықтардан 2, армяндардан 17, грузиндерден 5, белорустардан 5, еврейлерден 7, қазақтардан 1, латыштардан 1, литвалықтардан 8, поляктардан 5, татарлардан 3, украиндықтардан 18, эстондықтардан 1 өкіл қатысты. Жалпы съезге 83 кісі жиналды.

Автономистер съезінің күн тәртібіне империяны федерациялық негізде құрып, әр ұлтқа автономия әперу, езгідегі ұлттардың одағын құру секілді маңызды мәселелер қойылды. Үш күнге созылған бұл съезде мұсылман халықтарының өкілінен А.Ибрагимов пен М.Тынышбаев сөз алып, өз ұлттарының бастан кешіп жатқан ахуалына көпшілік назарын аударды. А.Ибрагимов өз сөзінде езілген ұлттардың одағын құру мәселесіне тоқталып, мұндай одақтың мұсылман халықтары арасында қалыптасып келе жатқандығын айтты. М.Тынышбаев болса отаршыл үкіметтің «біріншіден, қырғыздардың (қазақтардың) тілін, салт-дәстүрін, діни сенімін, жалпы ереже болмысын тағылық және айуандықпен жазалау және қуғындау арқылы оны тәуелсіз ұлт ретінде жойып, бүтін өлкені орыстандырып жіберуді; екіншіден, түрлі шаралар, нұсқаулар және ережелер арқылы қазақтарды құқықсыз, заңнан тыс тобырға айналдыруды, үшіншіден, оларды өздерінің қаны сіңген, ата-бабасының сүйегі жатқан ата мекен жерінен айырып, нәрсіз шөлге ығыстырып, өлім халіне жеткізуді көздейтінін айтып, ендігі уақытта халыққа автономиялық дәрежеде болса да еркіндік беруін талап еткен еді.

Автономистер съезі Ресейдегі мекендеген барлық ұлттар орыс мемлекетін республикалық негізде құруға атсалыссын; әрбір ұлт бостандықта болып, оның құқықтарына қол сұғылмасын; Ресей мемлекеті бір орталыққа бағындырылмаған (децентрализованный) түрді болып, әр ұлт өз істерін өздерін басқаратын автономия алсын деген қарар шығарды.

«Бостандық манифесінен» кейінгі мерзімде мұсылман басылымдары қаулып өсе бастады, әсіресе татар тілінде газет-журналдардың саны күрт өсіп, 1905-1906 жж. 50-ден астам мерзімді баспасөздер шықты. Олардың ішінде А.Ибрагимов редакторлығымен 1905ж. желтоқсан айынан бастап шыға бастаған «Үлфәт» газеті мен 1906 жылдан Орынборда татар елінің көрнекті ойшыл ғалымы, қоғам қайраткері Ф.Каримовтың атсалысуымен шыға бастаған «Вакыт» газеті қазақ даласына танымал бола бастады. «Үлфәт» газеті бетінде М.Тынышбаевтың автономистер съезінде сөйлеген сөзі және «Тар заман» атты мақаласы, Ж.Сейдалиннің қазақтарға бас қосып съез жасауға шақырған үндеуі және т.б. қазақтарға қатысты материалдар үзбей жарияланып тұрды. 1907 ж. Ш.Қосшығұлов пен Х.Ыбыраймовтың жетекшілігімен шығарылған қазақтың «Серке» атты газеті де осы «Үлфәт» газетіне қосымша ретінде жарық көрді.

Мемлекеттік думаға сайлау науқаны таяп қалуына байланысты жалпыресейлік мұсылмандық қозғалыс алдында мұсылман халықтарының сайлау кезіндегі тактикасын, олардың сол кезеңдегі саяси партияларға көзқарасын айқындау, жеке мұсылман партиясын құру үшін оның бағдарламасы мен жарғысын қабылдау секілді мәселелерді қарастырып, талқылау қажеттілігі бұл кезеңде басты мәселеге айналды. Осы тұста «Үлфәт» газетінің 1905 ж. 29 желтоқсанындағы санында Орал қаласында қазақтардың «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдағанын, оның бағдарламасы Б.Қаратаевтың атсалысуымен жазылғаны жөнінде хабарланды. Бұл ұйымның 9 адамнан тұратын Орталық комитетінің құрамына Б.Қаратаев, Х.Досмұхамедов секілді т.б. қазақ зиялылары енді. Орал қаласында К.Тухватулиннің редакторлығымен шығып тұрған «Әл-аср-ул жәдид» («Жаңа ғасыр») журналында берілген аталмыш партия бағдарламасында қазақ жері халықтың өз меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп қоныстануды тежеу, халыққа еркіндік, теңдік беру, қазақ баласы үшін мектеп, медресе, жоғары оқу орнын ашу», «степное положениені» жою, қазақ даласына земстволық басқаруды енгізу қажеттігі туралы мәселелер көтерілді.

Алайда, бұл ұйым жалпы ұлттық дәрежеге жете алмады. Дегенмен патша үкіметіне оппозицияда болған кадеттер партиясын қазақ зиялылары белгілі дәрежеде үлгі тартты. Біз қарастырып отырған кезеңде Б.Қаратаев, Ә.Бөкейханов, С.Жантөрин осы партияға мүше болған. Мұндай жағдай тек қазақ зиялыларына ғана емес, басқа мұсылман халықтарының өкілдеріне де тән еді. Мәселен, азербайжандық А.Топчибашев, татар халқы арасында С.Алкин, Қ.Тевклелев, Ж.Акчурин, С.Мақсұдов және т.б. кадеттер партиясы құрамында болды. 1905 ж. желтоқсанда Ж.Акчурин кадеттердің Орталық комитетіне енді.

1905 ж. желтоқсанда «Үлфәт» газеті редакциясына Орынбор губерниясының мұсылмандары жеделхат арқылы Мемлекеттік думаға сайлау науқанында «Конституциялық-демократиялық партиямен» ынтымақтаса әрекет жасау жөнінде шешім қабылдағанын білдірді. Бұл ұсыныс кейіннен 1906 ж. қаңтарда өткен жалпыресейлік мұсылман съезінде арнайы қаралды (РФМА, 74: 74).

Кезекті жалпыресейлік мұсылман съезін шақыруды мұсылмандардың саяси ұйымының бағдарламасын әзірлеуді мойнына алған А.Ибрагимов пен А.Топчибашев Қазандағы Ж.Акчурин төңірегінде топтасқан зиялы азаматтарға тапсырған еді. Олар съездің 1906 ж. қаңтардың 12-інде Петербор қаласында өтетінін хабарлаған жеделхаттарды барлық мұсылман елді мекендеріне жөнелтті. Мұның артынша үкімет орындарының съезд өткізуге рұқсат бермеуіне байланысты, съезд үш күнге кешіктірілетін болды деген хабар да жіберілді.

1906 ж. қаңтардың 13-іне қарай Петерборға мұсылман делегаттары келе бастады. Қаңтардың 14-іне Сібір мен Еділ өңірінің, 15-іне Түркістан мен дала облыстарынан және Қырым мен Кавказдан жіберілген өкілдер келді. Съезге 100-ден астам делегат жиналды. Олардың тізімі «Үлфәт» газетінде жарияланды. Онда Бөкей Ордасынан У.Танашев, М.Исмағұлов, Семейден З.Құлаев, Сырдариядан И.Абуов, М.Оразаев, Уфадан С.Жантөрин келгендігі көрсетілген. Бұл съезге өзбек халқының өкілдерінен Х.Ғафуров пен Қ.Таһиров қатысты.

Мұсылман съезіне келген қазақ өкілдері алдымен Петербордағы оставкадағы генерал Шыңғысханмен жолығып, елдің ахуалын білдуді жөн көрді. Осы кездесу барысында сұлтан Шыңғысхан қазақ өкілдеріне «татарлармен қосылмаңдар, бүгіннен қалмай Петербордан кетіңдер» - деген қоқа-лоқылық танытты. Бірақ қазақ өкілдері оған мойын бұрмастан, қаңтардың 15-і мен 23-і аралығында өткен жалпыресейлік мұсылман съезіне қатысты.

Бұл съездің өткізілуіне де үкімет орындары рұқсат бермеген еді. Сондықтан да съезді жасырын түрде мейманханалар мен пәтерлерде өткізуге тура келді. Съезге жиналған делегаттар үкімет орындарының съезге рұқсат бермеуін әділетсіздік, 17 қазан манифесі жариялаған бостандық негіздерін аяқ асты етушілік деп бағалады. Съездердің жұмысы барысында әлі де болса ресми рұқсат алу мәселесі көтеріліп, 18 қаңтар күні Ішкі істер министріне арнайы делегация жіберілді. Ол делегацияның құрамында С.Жантөрин де бар еді. Бірақ бұл делегацияны Ішкі істер министрі қабылдамады. Үкімет орындарының мұндай қырын қарауына ашынған делегаттардың біраз бөлігі съезді Финляндия жеріне барып өткізуді ұсынды. Алайда, делегаттардың басым бөлігі мұндай ұсынысты уақыт көтермейді деп, съезді Петерборда жалғастыра беруді жөн көрді.

Съезде қаралған басты мәселенің бірі жеке мұсылман партиясын құру болды. Делегаттар А.Ибрагимов пен А.Тоичибашев әзірлеген партия бағдарламасы мен жарғысын талқылауға көп уақыт бөлді. Олар мұсылман партиясының қалай аталу қажеттігіне де ерекше мән берді. Көпшіліктің ұсынысымен мұсылман партиясы «Ресей мұсылмандарының одағы» деп аталатын болды. Осы жерде «Ресей мұсылмандары одағының» ғылыми әдебиеттерде «Иттифак» ұйымы деп аталып жүргендігін айта кеткен жөн. Ол сол кезеңдегі татар басылымдарында «Иттифак-ул муслимин» («Мұсылмандар одағы») деп аталып, көпшілік қауымға да «Иттифак» атауымен танымал болуына байланысты еді.

Съезде «Ресей мұсылмандары одағының» 23 тармақтан тұратын жарғысы қабылданды. Ресей мұсылмандарының мүддесіне сай бір саяси партияға бірігуге үндейтін жарғыда Ресейдің 16 қаласында оның ішінде Орынборда, Астраханьда, Оралда, Омбыда, Қызылжарда, Семейде, Верныйда (Алматы), Ташкентте, Ашхабадта «Ресей мұсылмандары одағының» бөлімшелері құрылатындығы; мұндай аудандық ұйымдар жергілікті жиналыста құрылу керектігі; ұйым мүшелерінің 50 тиыннан 5 сомға дейін жарна төлейтіндігі; ұйымға мүше болып енгендердің жалпы және аудандық жиналыстың шешімдерін орындауға міндетті екендігі және т.с.с. ұйымдастыру мәселелері көрсетілді.

«Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасының жобасы 80-ге жуық тармақтан тұратын. Оның көптеген тұстары, әсіресе мемлекеттік құрылыс пен жер мәселесі төңірегіндегі талап-тілектері кадеттер партиясының бағдарламасымен үндесіп жатты. Делегаттар бағдарлама жобасын талқылауда оның мемлекеттік құрылыс мәселесі төңірегінде қызу пікірталас жүргізді. Мұсылмандардың өзін-өзі басқару мәселесін бағдарлама жобасын енгізу керектігін ұсынды. Сонымен бірге оқу ісіне байланысты тармақтарына да сын ескертпелер жасалды. Съездің шешімі бойынша «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдау келесі мұсылман съезінің қарауына қалдырылды.

Съезде Мемлекеттік думаға сайлау мәселесі арнайы қаралды. Бұл мәселе төңірегінде сөйлеушілер 1905 ж. 11 желтоқсанда шыққан сайлау заңының мұсылмандарды кемсітіп отырғандығын айтты. Бұл заң жобасы бойынша шеткері ұлттық аймақтардың тұрғындары Ресейдің басқа тұрғындарымен бірдей сайлауға қатысты алмайтын. Олар үшін ерекше ережелер шығарылатын еді.

Жарысөзде сөйлеген кейбір делегаттар Думаға байкот жариялау керек деген ұсыныс та жасады. Мұндай ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау таппады. И.Гаспринский, Ж.Акчурин және А.Ибрагимов өз сөздерінде Думаға байкот жариялау мұсылмандар үшін зиянды екені, мұсылмандар мүддесін қорғауда Дума өздеріне бірден-бір мүмкіндіктері болып отырғандығын айтты. Міне осындай пікір таластардан кейін съез «мемлекеттік думаға мұсылман өкілдері халықтың санына қарай пропорциональды түрде жіберілсін» деген қаулы шығарды.

Делегаттардың барлығы да сайлау науқанында мұсылмандар орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы оппозицияда тұрған саяси күштердің қолдауына сүйенуі қажет деген пікірде болды. Осыған байланысты съезд делегаттары ішкі губерния мұсылмандарының осы сайлау науқанында «Конституциялық-демократиялық партиямен» ынтымақтаса әрекет жасауға шақырған ұсынысын қуаттап, ол жөнінде арнайы қарар қабылдады.

Съездің соңғы күнгі мәжілісінде миссионер В.Череванскийдің іс-әрекеті жөнінде мәселе көтерілді. В.Череванский қазақтарды мұсылман емес, шариғатпен өмір сүрмейді, олар шамандар деп үкіметті нандыруға тырысып баққандығымен көпшілікке танымал еді. Съезд жұмысы барысында В.Череванскийдің Мемлекеттік кеңеске мұсылмандардың дін істері жөнінде «записка» тапсырғаны және ол бойынша заң жобасы әзірленетіндігі туралы хабар келіп түскен болатын. Міне, осы мәселені анықтау үшін делегаттар Министрлер кеңесінің төрағасы Виттеге делегация жіберу қажет деп тапты. Съездің шешімі бойынша бұл делегацияның құрамы 8 адам болып белгіленді. Делегация құрамында И.Гасприский мен А.Топчибашев та болды.

Бұл делегация съезд жұмысы аяқталғаннан кейін, 29 қаңтарда Витте қабылдауында болды. Делегация өкілдері граф Виттеге мұсылмандарға қатысты ешқандай заң жобасының мұсылмандардың ризалығынсыз, Мемлекеттік думаның қарауынсыз заң болып қабылданбаса екен деген өтініш білдірді. Бұл делегацияны граф Витте: «Мұсылмандарға ешқандай да қысымшылық жасалайын деп жатқан жоқ, бұл жайлы барлық мұсылмандарды хабардар етіңіздер. Череванский үкімет емес. Барлық заң жобалары Мемлекеттік думада қаралады», - деген жылы сөзбен шығарып салды.

Граф Витте мұсылман делегациясын осылайша жылы сөзбен шығарып салғанымен, көп ұзамай Халық ағарту министрлігі 1906 ж. 31 наурызда «Ресейдің шығыс және оңтүстік шығыс бөлігіндегі түз халықтарының бастауыш училищелері туралы ережені» бекітті. Халық арасында «31 наурыз ережесі» деген атпен әйгілі болған бұл ереже мұсылман халықтарының ана тілінде білім алуын барынша шектейтін. Сонымен қатар бұл ереже олардың жазу ісін орыс альфавитіне көшіруді заңды түрде бекітіп, барлық мұсылман оқу орындарын Халық ағарту министрлігінің қарамағына өткізді.

Мұның артынша барлық мұсылман халықтары зор үміт артқан Мемлекеттік дума 1906 ж. 9 шілдеде Николай ІІ жарлығымен таратылды.

1906 ж. 16-21 тамыз аралығында Нижний Новгород қаласында жалпыресейлік ІІІ мұсылман съезі шақырылды. Үкімет орындарының ресми рұқсатымен ашылған съезге 800-ге жуық делегат қатысты. Олардың арасында Ш.Қосшығұлов (Ақмола), Ж.Алдаоңғаров (Семей), А.Қойбағаров (Жетісу), Н.Дауылбаев (Жетісу), Н.Жапаров (Сырдария) секілді қазақ облыстарының өкілдері болды. Съезд делегаттары ішінде С.Жантөрин, С.Алкин, А.Топчибашев, Қ.Тевкелев, Ш.Сыртланов секілді Мемлекеттік думаның мүшелері де бар еді.

Съездің күн тәртібінде оқу ісі, діни басқарма және «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы туралы мәселелер қойылды. Съездің алғашқы күні төралқа құрамы сайланды. Төрағалыққа А.Топчибашев, оның орынбасары болып И.Гаспринский сайланып, төралқа құрамына қазақ өкілдерінен С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлов енді. Күн тәртібінде қойылған мәселелер бойынша арнайы комиссиялар құрылды. 15 адамнан тұратын оқу ісі комиссиясының құрамына қызылжарлық Нияз Сүлейменов, Түркістандық Нияз Жапаров кірді. Діни басқарма мәселесін қараған комиссия құрамында семейлік Жаңғали Аллаоңғаров, жаркенттік Ғабдолрахман Мұхамедиев қызмет етті. Съездің көкейтесті мәселесі – «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдауға әзірлеу комиссиясы құрамында Ш.Қосшығұлов болды.

Съезге түрлі мерзімді баспасөз орындарының тілшілері де қатысты. Татар тіліндегі «Үлфәт», «Вакыт», «Юлдуз», азербайжан тіліндегі «Хаят», сондай-ақ «Тәржіман» және орыс тіліндегі «Новое время», «Речь» секілді газеттердің тілшілері схездің жұмысы барысында бастан-аяқ қатысып, съездің жария түрде өтуінің куәсі болды.

Оқу мәселесі бойынша съезде 33 тармақтан тұратын қарар қабылданды. Онда мұсылман балалары үшін барлық елді мекендерде бастауыш және орта мектептер ашылсын, оқу араб графикасы негізінде ана тілінде өткізілсін, балалар 8 жастан оқуға барсын деп көрсетілді. Тек оқу ғана емес, оқыту мәселесі, оқытушылар мәселесі де съезд делегаттары назарынан тыс қалмады. Ресейдің мұсылман мектептерінде бірдей оқу бағдарламасы болу қажет, ол үшін 1907 жылдың мамыр айында Қазан, Қызылжар, Ташкент, Бақшысарай қалаларында мұғалімдер съезі шақырылсын делінді. Мұсылмандар бірлігін арттыра түсу мақсатында съезд «ортақ түркі тілін» барлық мектептерде арнайы пән ретінде оқытылсын деп шешті.

Съездің оқу мәселесі жөнінде қабылданған қарарлары Халық ағарту министрлігі бекіткен «31 наурыз» ережесіне мүлдем қайшы келетін. Сондықтан да съезд делегаттары «31 наурыз ережесін» тез арада өзгерту жөнінде үкімет орындарынан өтініш жасау керек деген шешімге келді. Бұл жөнінде съезд атына Жетісу облысынан жеделхат та келіп түскен еді. Жетісу өңірінің мұсылмандары өз жеделхатында съездің «31 наурыз ережесіне» наразылық танытатындығына сенім артатындығын білдірген болатын.

Барлық Ресей мұсылмандарын толғантқан дін ісі мәселесі бойынша да съезде маңызды қарарлар қабылданды. Съезд дін ісін реформалау арқылы ғана мұсылмандардың діни-адамгершілік деңгейін көтеру мүмкін болатындығын баса көрсетті. Сонымен қатар съезде Ресейде барлық муфтилер сайланбалы болсын, әрі бес жылға сайлансын, діни басқарма «Махкама-и-исламия», ал муфти «Шейх-ул-ислам» аталсын деп шешті.

Қазақ ауылдарындағы діни жағдайдың тоқыраушылығын, ондағы орыс әкімшілігінің ислам дініне қарсы жүгенсіздігін ескере отырып, съезд барлық қазақ ауылдарында мешіттер ашылсын деп көрсетті.

Съезде діни мекемелер бойынша Ресейдегі бұрынғы діни мекемелермен (Кавказдағы екі муфтилік, Тавриялық пен Орынбор муфлитігі) қатар Түркістан да өз алдына жеке муфтилік ашылсын деген шешімге келді. Қазақ делегаттарының Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстары мен Бөкей ордасының діни істері Орынбор муфтилігіне қосылсын деген талап-тілектері де ескерілді.

Мұсылмандардың діни істеріне әкімшілік орындарының қол сұқпауы, вакуфтардың ұлғайтылуы, дін иелерінің міндеттері съездің қарарларында арнайы көрсетілді.

Съезд делегаттары жоғарыда қабылданған қарарларды Министрлер кеңесінің төрағасы атына жолдау жөнінде шешім қабылдады. Соған орай осы қарарлармен бірге телеграф арқылы жіберілетін хат мазмұны әзірленді. Онда үкімет тарапынан күнделікті өмірде мұсылмандардың азаматтық және діни құқықтарының шектеліп, кемсітушілікке ұшырауы, сондай-ақ христиан миссионерлеріне мемлекеттің қолдау көрсетуі мұсылмандардың ашу-ызасын туғызып отырғандығы айтылды. Сонымен қатар 17 қазан манифесі жариялаған бостандық негіздерін қалпына келтіру үшін тез арада Мемлекеттік думаның шақырылу керектігі атап көрсетілді.

«Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы осы съезде бір жола бекітілді. Бағдарлама 72 тармақтан тұрды. Бағдарлама жобасын талқылау барысында съезд делегаттарының солшыл топтары («Таң» газеті төңірегінде топтасқан Г.Исхаки мен Ф.Туктаров секілді татар зиялылары) барлық мұсылмандар бір партияға біріге алмайды деген пікірді алға тартты. Олар мұсылмандар арасында таптық жіктелу болғандықтан, мұндай партияның құрылу мүмкін еместігін айтты. Қазіргі жағдайда тек мәдениет пен дін мәселесінде ғана мұсылмандар бір қоғамға біріге алады деген пікірлерін білдірді. Г.Исхаки мен Ф.Туктаровтың мұндай пікірлеріне делегаттардың басым көпшілігі наразылық танытты. Ж.Акчурин қазіргі жағдайда таптық мүддені қорғаудан гөрі «ұлттық және діни негіздерді» басшылыққа алу керектігін ұсынды.

Съездегі қазақ бағдарламада орыс қоныс аударушыларының легі тоқталсын, олар қазақ жерінен кері қайтарылсын деген өтініштерінің көрсетілуін талап етті. Олардың бұл ұсыныстары делегаттардың көпшілігі тарапынан қолдаушылық тапты.

Қабылданған бағдарлама «Ресей мұсылмандары одағының» мақсаты, саяси, әлеуметтік, экономикалық, діни және басқа да реформаларды жүзеге асыру жолында Ресейдің барлық мұсылман азаматтарын нақты іске жұмылдырып, біріктіру екендігі көрсетілді.

Барлық Ресей азаматтарының дініне, жынысына, нәсіліне, ұлтына қарамай заң алдында тең болуын талап ете отырып «Ресей мұсылмандары одағының» кадеттер партиясы секілді конституциялық монархия идеясын жақтады. Бағдарлама: «Ресейдің қазіргі жағдайында мемлекеттік басқарудың лайықты формасы конституциялық-монархия, жоғарғы мемлекеттік билік конституция арқылы шектелген монарх қолында болсын», - делінді.

«Ресей мұсылмандары одағы» кейбір ғылыми әдебиеттерде айтылып жүргендей мұсылман халықтарын Ресейдің қол астынан бөліп әкетіп, Түркияны паналауды емес, керісінше біртұтас орталықтанған Ресей мемлекетін сақтап қалуды көздеді. Империядағы мұсылман халықтарының орыс халқымен тең құқықта болып, Ресейдің толық азаматтары болуын қалады. Сондықтан «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы кадеттер партиясының бағдарламасымен үндесіп жатты деп тұжырымдауға да болады.

Жер мәселесінде де «Ресей мұсылмандары одағы» кадеттер секілді жерге жеке меншікті жақтады. Сондай-ақ бағдарламада мұсылман халықтарының ерекшеліктерін ескеретін қоныс аударуды тоқтату секілді талап-тілектер де болды.

Дегенмен «Ресей мұсылмандары одағы» ұлттық мәселе бойынша кадеттерге қарағанда солшылдық танытты. Ұлттық-мәдени автономия идеясын қолдай отырып, съездің оқу, дін мәселелері бойынша қабылданған шешімдерін басшылыққа алатын болды.

Жалпыресейлік ІІІ мұсылман съезі «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдауымен қатар, оның 15 мүшеден тұратын Орталық комитетін сайлады. Олардың ішінде А.Топчибашев, И.Гаспринский, А.Ибрагимов, М.Бигиев секілді қайраткерлермен бірге С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлов сияқты қазақ азаматтары да болды. Съезде Орталық комитетке сайланған 15 мүшеден басқа тағы да 5 мүше сайлау жөнінде шешім қабылданған еді. Бұл бес мүшенің үшеуі Кавказдан, қалған екеуі Орынбор өңірі мен Түркістан өлкесінен сайланып жіберілуі тиіс болды.

Съезд келесі кезекті жалпыресейлік төртінші мұсылман съезін 1907 ж. 10 тамызда Нижний Новгород қаласында өткізуді ұңғарды. Сондай-ақ съезде мұсылман елдеріндегі саяси ахуал да назардан тыс қалмады. Кавказ өңірінде етек алған ұлттық жанжалға байланысты армян және азербайжан халықтарын бейбіт өмір сүруге шақырды (ТРМА, 906: 112).

«Ресей мұсылмандары одағына» түрлі қоғамдық-саяси ұйымдардың көзқарасы әртүрлі болды. Мәселен, солшыл (социал-демократиялық) бағыттағы, татар тіліндегі «Орал», «Азат халық» газеттері біртұтас мұсылмандар ұйымының құрылуына қарсы шығып, оны тапсыз ұйым болғаны үшін сынға алды.

Қазақ қоғамындағы әлеуметтік тегі әркелкі зиялы қауым өкілдері бірінші орыс революциясы кезінде саяси күрес аренасына шыққан либералдық-демократиялық партиялар мен топтардың жағында болумен қатар сол уақытта өрлеу алған мұсылмандық қозғалысқа де тікелей атсалысты. С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлов секілді қазақ азаматтары осы қозғалыстың бел ортасында болып, қазақ халқының талап-тілектерін білдіріп, мүддесін қорғауды басшылыққа алды.

Қорытынды. Жалпы қорыта айтқанда, ХХ ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс қазақтарға елеулі ықпал тигізіп, олардың дін еркіндігі жолындағы талпынысына әсер етті. Қазақтар осы қозғалыс арнасында демократиялық күрес арнасына тартыла түсті. Сонымен қатар бұл қозғалысқа қатысқан қайраткерлер заман ағымына ілесе отырып, ұлттық бостандыққа жету жолындағы күреске жұмыла кірісіп, шеткері аймақтардың саяси күштерін бастай алатындығын, ол аймақтардағы халықтардың құқын қорғай білетіндіктерін көрсетуге тырысты.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Аршаруни А., Габидулин Х. Очерки панисламизма и пантюркизма в России. – М.. «Безбожник», 1931. – 242 с.

Исхаки Г.Идел-Урал. – Казань: Татарское кн-ное изд., 1991. – 64 с.

Исхаков С.М. Первая русская революция и мусульмане Росиийской империи. М.: Изд. «Соц.-полит. мысль», 2007. – 400 с.

Климович Л. Ислам в царской России. – М.:Гос. анти религиозн. изд., 1936. – 405 с.

Бигиев М. Ислахат әсаслари. – Казань, «Матбуғе Кариме»,1915. – 288.

Салихов А. Учредительный собраниеде мөселман фракциесин ташкил ету хақинде. – Казан, Матбуғе Кариме, 1917.

Туктаров Ф. Беренче, икенче вәөченче Думадеги мөселман депутаталар һәм аларның ишлари. – Казань, «МатбуғеКариме», 1912. – 240 б.

РФ ООА (Ресей Федерациясының Орынбор облыстық архиві). 21-қ., 1-т., 412-іс, 514-п.

РФ МА (Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві). 102 қ., 240-т., 74 т.3 (1)-іс, 52-п. 506-п.

РФ МА. 102-қ., 240-т., 74(1)-іс, 30-п.

РФ МА. 102-қ., 240-т., , 74 т.-іс, 14-п.

РФ МА. 102-қ., 77-т., 74-іс. 74-п.

ТР МА (Татарстан Республикасының мемлекеттік архиві). 199-қ., 1-т., 139-іс. 65-п.

ТР МА. 199-қ., 1-т., 906-іс, 112-п.

ТР МА. 420-қ., 1-т., 161-іс, 27-п.

References:

Arsharýnı A., Gabıdýlın H. Ocherkı panıslamızma ı pantıýrkızma v Rossıı. – M.. «Bezbojnık», 1931. – 242 s.

Ishakı G.Idel-Ýral. – Kazan: Tatarskoe kn-noe ızd., 1991. – 64 s.

Ishakov S.M. Pervaıa rýsskaıa revolıýtsııa ı mýsýlmane Rosıııskoı ımperıı. M.: Izd. «Sots.-polıt. mysl», 2007. – 400 s.

Klımovıch L. Islam v  tsarskoı Rossıı. – M.:Gos. antı relıgıozn. ızd., 1936. – 405 s.

Bıgıev M. Islahat ásasları. – Kazan, «Matbýǵe Karıme»,1915. – 288.

Salıhov A. Ýchredıtelnyı sobranıede móselman fraktsıesın tashkıl etý haqınde. – Kazan, Matbýǵe Karıme, 1917.

Týktarov F. Berenche, ıkenche váóchenche Dýmadegı móselman depýtatalar һám alarnyń ıshları. – Kazan, «MatbýǵeKarıme», 1912. – 240 b.

RF OOA (Reseı Federatsııasynyń Orynbor oblystyq arhıvі). 21-q., 1-t., 412-іs, 514-p.

RF MA (Reseı Federatsııasynyń memlekettіk arhıvі). 102 q., 240-t., 74 t.3 (1)-іs, 52-p. 506-p.

RF MA. 102-q., 240-t., 74(1)-іs,  30-p.

RF MA. 102-q., 240-t., , 74 t.-іs, 14-p.

RF MA. 102-q., 77-t. 74-іs. 74-p.

TR MA (Tatarstan Respýblıkasynyń memlekettіk arhıvі). 199-q., 1-t., 139-іs. 65-p.

TR MA. 199-q., 1-t., 906-іs, 112-p.

TR MA. 420-q., 1-t., 161-іs. 27-p.

МРНТИ: 03.20.00

МУСУЛЬМАНСКОЕ ДВИЖЕНИЕ И КАЗАХИ

С.К. Рустемов¹, Р.Е. Оразов²

¹Кандидат исторических наук, доцент. Институт истории и этнологии

им. Ч.Ч. Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

²Магистр гуманитарных наук. Институт истории и этнологии

им. Ч.Ч. Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. Данная статья посвящена одной из страниц «белых пятен» истории Казахстана, которые были искажены во время господства тоталитарной идеологии.

В статье рассматривается роль мусульманского движения в общественно-политической жизни Казахстана в начале ХХ века. С объективной точки зрения показано участие казахской интеллигенции в таких организациях как «Союз российских мусульман» («Иттифак-ул-муслимин») и всероссийские мусульманские съезды в годы первой русской революции. Накануне первой русской революции усилилась антиколониальная пропаганда среди российских мусульман. Особняком в данном случае выделился татарский политический деятель, работавший в Оренбургском духовном управлении А. Ибрагимов. Он оставил духовенство в 1893 году и уехал в Турцию. Во время пребывания в Турции А. Ибрагимов подверг критике колониальную политику царского правительства посредством зарубежных публикаций и внес значительный вклад в привлечение внимания мировой общественности к мусульманам России. На политическую жизнь российских мусульман также влияют исторические события начала ХХ века.

В исследовании в качестве источника использованы архивные документы (Государственный архив Российской Федераций, Национальный архив Республики Татарстан), газетные статьй, опубликованы в начале ХХ в. на татарском и русском языках. В начале ХХ века, а также труды участников мусульманского движения.

Ключевые слова: Ислам, мусульманское движение, джадидизм, «Союз российских мусульман», мусульманский съезд.

IRSTI: 03.20.00

THE MUSLIM MOVEMENT AND THE KAZAKHS

S.K. Rustemov¹,R.E.Orazov²

¹Candidate of Historical Sciences, Associate Professor. Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Kazakhstan, Almaty.

²Master of Arts, Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Kazakhstan, Almaty.

Abstract. This article is devoted to one of the pages of «white spots» in the history of Kazakhstan, which were distorted during the reign of totalitarian ideology.

The article examines the role of the Muslim movement in the socio-political life of Kazakhstan in the early twentieth century. From an objective point of view, the participation of Kazakh intellectuals in such organizations as the Union of Russian Muslims (Ittifak-ul-muslimin) and all-Russian Muslim congresses during the first Russian revolution is shown. On the eve of the first Russian revolution, anti-colonial propaganda among Russian Muslims intensified. In this case, the Tatar politician who worked in the Orenburg spiritual administration A. Ibragimov stood out. He left the clergy in 1893 and went to Turkey. During his stay in Turkey, A. Ibragimov criticized the colonial policy of the tsarist government through foreign publications and made a significant contribution to drawing the world's attention to the Muslims of Russia.The political life of Russian Muslims is also influenced by the historical events of the early 20th century.

The research uses archival documents (State archive of the Russian Federation, national archive of the Republic of Tatarstan), newspaper articles published in the early twentieth century in Tatar and Russian. In the early twentieth century, as well as the works of members of the Muslim movement.

Keyword: Islam, muslim movement, jadidism, «Union of Russia’s Muslims», Muslim Congress.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 754

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ИДЕОЛОГИЧЕСКАЯ БОРЬБА В СРЕДНЕВЕКОВЫХ ТЮРКСКИХ ГОСУДАРСТВАХ И ИСЛАМ (VІІ-ХІІІ В.В.) ИЗ ИСТОРИИ МУСУЛЬМАНСКОГО ОБРАЗОВАНИЯ В СЕВЕРНОМ КАЗАХСТАНЕ ВО ВТОРОЙ ПОЛОВИНЕ XIX – НАЧАЛЕ XX ВВ. О НЕКОТОРЫХ АСПЕКТАХ ПРОБЛЕМЫ СОЗДАНИЯ КИРГИЗСКОЙ ДУХОВНОЙ МИССИИ НА ТЕРРИТОРИИ СЕМИПАЛАТИНСКОЙ ОБЛАСТИ ӘОЖ 94(100)"12/13": 327 АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕГІ ХАНАФИЗМНІҢ РӨЛІ УДК 2-472(574) К ВОПРОСУ О СОДЕРЖАНИИ УЧЕБНЫХ ПРОГРАММ В МУСУЛЬМАНСКИХ ШКОЛАХ КАЗАХСТАНА УДК 94(574) ЭТНОПЕДАГОГИЧЕСКИЕ ТРАДИЦИИ В ИСЛАМСКОМ ВОСПИТАНИИ КАЗАХСКИХ ДЕТЕЙ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ӘОЖ 2.752 АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІҢ РУХАНИ ҚЫЗМЕТІ 304.5 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНДАРЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНЕ ШОЛУ 94(576)(89) Х-ХІ Ғ. ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ШЫҒЫС САЯСАТЫ: КОЧО ҰЙҒЫР ИДИҚҰТТЫҒЫМЕН СОҒЫСЫ ЖӘНЕ ХОТАНДЫ ЖАУЛАП АЛУЫ ҒТАМР 03.20.00 МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00 МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР