Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 ЖОЛАМАН ТІЛЕНШІҰЛЫ БАСТАҒАН КӨТЕРІЛІСТІҢ КЕЙБІР ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Н.Ы. Жетпісбай¹. ¹Тарих магистрі, Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 03.20.00 ЖОЛАМАН ТІЛЕНШІҰЛЫ БАСТАҒАН КӨТЕРІЛІСТІҢ КЕЙБІР ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4 (24), 2020

Tags: шеп., тұтқындар, көтеріліс, шабуыл, сарбаздар, Жоламан Тіленшіұлы
Author:
Аңдатпа. Мақалада үзілістерімен 1822-1840 жж. аралығында болған Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістің кейбір қорытындылары сипатталады. Бұл көтеріліс Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы бағытталды. Патша үкіметінің жергілікті билікті мақсатты түрде әлсіретуіне, жерлерді тартып алуына, басқа да қадамдарына қарсы жауап болып табылды. Ауыр қысымдардан жапа шеккен қазақ қауымдары Жоламан Тіленшіұлының туы астына бірігіп өз мүдделерін қорғау жолында азаттық күреске шықты. Өтініш-талаптарына жауап болмаған соң орыс шебіне көптеген шабуылдар ұйымдастырды. Қарсылық қимылдары ұзақ жылдарға созылған үлкен науқанға айналды. Қатаң жазалау шараларының өзі күрес қимылдарын бірден баса алмады. Бірнеше жыл үзілістен соң күрес ошағы Кенесары майданымен бірікті. Бұл жайттар өз заманында үлкен тарихи оқиғалар болып табылды. Жоламан бастаған көтеріліс қазақ даласындағы мықты билік үшін, қазақ қауымдарының біртұтастығы үшін күресті. Бүгінде Отан тарихындағы аз зерттелген тың оқиғалардың бірін құрап отыр. Бұл күресті жаңа деректер негізінде зерттеу, қорытындыларын шығару, оларға баға беру ісі жалғаса беруі қажет. Мақалада архивтік деректерге негізделе отырып аталған қарулы күрестің таралу аумақтары, жасалу жолдары және басқа бірқатар белгісіз тұстары баяндалады.
Text:

Кіріспе. Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының тарихындағы ең бір аласапыранға толы ауыр кезеңдерде болып өтті. Ол жылдар, ХІХ ғ. алғашқы ширегі әртүрлі сыртқы және ішкі ықпалдардың әсерінен әсіресе батыс өңірлердегі қазақ қауымдарының аса ауыр күйзелістерге ұшыраған, өзара жаппай алауыздықтарға душар болған алмағайып жылдарымен тұспа-тұс келді. Аталған мерзім іс жүзінде халық үшін қилы кезең болып табылды, қазақ даласындағы ғасырлар бойғы дәстүрлі хандықтың тағдыры да шешілу үстінде еді; ол Ресей үкіметі тарапынан мақсатты түрде әлсіретілу салдарынан өзінің соңғы сәттерін өткізуде болды. Батыс далаларда ұзақ жылдарға созылған, шешілу орнына шиеленісе түскен дау-дамай, талас-тартыстар, билік үшін күрестер өршіп тұрды, бұған қоса жұртшылықты қатты күйзелткен жұттар да орын алған еді. Жоламан бастаған азаттық көтеріліс осындай сыртқы отарлау мен ішкі әлеуметтік-саяси дағдарыстар әбден шегіне жеткен қысылтаяң кезеңдерде орын алды.

Қарулы күрестің негізгі себептерінің бірі патша үкіметінің Елек өзенінің бойында Жаңа Елек әскери бекіністер шебін тұрғызуы болып табылды. Елек тұз кәсіпшілігінің қатынас жолдарын қорғау желеуімен Жайық пен Елек арасындағы жерлер қазақтардан тартып алынды. Орал казак әскерінің көтерілісші ауылдар жайлауға барып жүретін Нарын құмдары мен Өзен, Қамыс-Самар өзендері аралығын өз беттерімен басып алуы да жалпы наразылықтарды күшейте түсті. Көтерілістің туындауына дала төсінде өзінің ел басқарудағы әділдігімен көзге түскен атақты Арынғазы сұлтанның елге қайтарылмай Ресейде ұсталуы да айрықша әсер етті.

Көтерілістің алғашқы кезеңінде жасақтарға біріккен қазақ сарбаздары Елек бойындағы орыс шептеріне ірілі-ұсақты көптеген шапқындар жасады. Жаңа Елек шебінің барлық форпосттары бірдей ашық шабуылдарға ұшырады. Жекелеген шапқындарға шеп бойында орналасқан көптеген елді-мекендер де душар болды. 1823-1826 жж. ірі жазалау шараларынан соң қарсылықтар уақытша тоқтауға мәжбүр болды, күрес көсемдері орыс ықпалынан тыс оңтүстік далаларда, Хиуа иеліктерінде шоғырланды. ХІХ ғ. 30-жж. үкімет әскерімен жекелеген қақтығыстар орын алды. 1835 ж. солтүстік шекарадан Жаңа шептің салына бастауы кезінде Жоламан Тіленшіұлы қарулы күрес жолына қайта оралды. Көтерілістің бұл кезеңінде ол Қасым және Кенесары сұлтандарға қосылды, өзінің күрес ошағын аталған сұлтандардың азаттық майданымен біріктірді. Ірі оқиғалардан саналса да Жоламан көтерілісі Отан тарихындағы өзінің лайықты бағасын алмады, тәуелсіздік жылдары шығарылған бестомдық «Қазақстан тарихына» енгізілмеді. Отандық және ресейлік тың дереккөздерді айналымға енгізу арқылы аталған тақырыпты жан-жақты зерттеу бүгінгі күндері өзекті болып отыр.

Материалдар мен әдістер. Тақырып бойынша басты деректер архив құжаттары болып табылады. Көтеріліс қимылдары туралы барлық дерлік дереккөздер Қазақстан мен Ресейдің орталық архивтерінде шоғырланған. Олардың басым бөлігі ғылыми айналымға енгізілмеген. Сонымен бірге жалпы Жоламан күресіне қатысты архивтік мәліметтер басқа көтерілістердегі тәрізді жеке іс-құжаттарға топтаспағанын атап өтеміз. Арнайы осы тақырып атауымен кездесетін құжаттар жоқтың қасы. Оның бүкіл сипатымен танысу сол кезеңдегі мазмұндары әрқилы деректерді түгелдей шолып шығуды талап етеді. Деректердің өзі көп жағдайда үзік-үзік, шашыраңқы болып келеді. Оларды толықтай шолу, археографиялық талдау жасау және игеру, араларындағы байланыстар мен тақырыпқа қатысының дәрежесін, орнын анықтау өте ұзақ уақыттар мен еңбектерді қажет ететін күрделі процесс болып табылды. Аталған тақырыптың арнайы зерттелмеуінің бір себебі де оның осындай қиындықтарынан орын алған болуы мүмкін. Тақырыпқа қатысты бірқатар қосымша әрі жанама материалдар аталған екі елдің орталық кітапханаларында, ХІХ – ХХ ғ. басында жарық көрген кейбір еңбектерде кездеседі.

Архив құжаттарынан күрес қимылдарының жалпы келбетін көрсете алатын көптеген құнды мәліметтер алынды. Басты мәліметтерді – әртүрлі дәрежедегі ресейлік басқарушы және әскери шенеуніктердің әралуан мазмұндағы жазбалары мен қатынастары, қазақ өкілдерінің билік орындарына жолдаған хаттары, жазалаушы әскер командирлерінің күнделік-жазбалары мен есептері, дала төсінен алынған басқа да көптеген іс қағаздары құрайды. Жоламан бастаған белгілі қазақ билері мен батырларының патша үкімет орындарына бірлесе жазған хаттары, ресейлік лауазымды билік өкілдерінің атынан берілген жарлықтар, нұсқаулықтар, қатынастар пен бұйрықтар, әртүрлі күнделік-жазбалар мен ұсыныстар тақырыпқа тікелей байланысты маңызды дереккөздер сапына жатады. Қосымша құнды мағлұматтар әртүрлі санаттағы орыс офицерлерінің, форпосттар командирлерінің, бекіністер басшыларының, кеңсе қызметкерлерінің, жазалаушы әскер командирлерінің рапорттары мен мәлімдемелерінен, сонымен бірге белгілі би-старшындардың, сұлтандардың көтерілісшілерден бөлек өз аттарынан жолдаған хаттарынан көптеп ұшырасады. Азаттық күреске қатысты маңызды деректердің келесі бір бөлігін қазақ даласына әртүрлі мақсаттармен жіберілген ресми өкілдердің ақпарлары, қолға түсіп қазақ даласынан қашып шыққан немесе босатылған тұтқындардың жауаптары, Орынбор басшылығының көп жағдайда татар-башқұрт ұлттарынан шыққан кіші шенді аудармашылары мен іс қағаздарын жүргізушілердің рапорттары мен куәліктері құрайды.

ХІХ – ХХ ғ. басында жарық көрген орыс және шетел зерттеушілерінің, атап айтқанда Л. Мейер, И.Ф. Бларамберг, М. Терентьев, А.И. Добросмыслов т.б. еңбектері архивтік мәліметтерді толықтыра түседі. Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында және 1940-жж. жарық көрген А.Ф. Рязанов, М.П. Вяткин, Е.Б. Бекмаханов еңбектерінде ХІХ ғ. алғашқы ширегінде Батыс Қазақстанда орын алған күрделі әлеуметтік-саяси жағдайлар біршама сипатталған. Зерттеу жұмысы жүйелі талдау, салыстырмалы-тарихи және тарихи-жүйелілік әдістерін қолдана отырып объективтілік пен тарихилық принциптеріне негізделді.

Талдау. Аталған көтеріліс арнайы зерттелмеген, жеке зерттеу тақырыбына айналмаған. Қазақ даласын отарлау ХІХ ғ. 20-40 жж. жедел қарқынмен жүргізіле бастаған кезде Жоламанның есімі сол тұстағы орыс шенеуніктері мен әскери зерттеушілерінің жазбаларында ұшыраса бастады. Алайда бұл жазбалардың дені шағын ғана сипаттаулар деңгейінде болды. Қарулы күрес туралы Бларамберг, Мейер, Терентьев тәрізді белгілі ресейлік әскери зерттеушілердің еңбектерінде қысқаша аталды. Ресей Бас штабының офицері Бларамберг өзінің 1848 ж. шыққан әскери-статистикалық кітабында Жоламан бастаған сарбаздардың Елек бойындағы форпосттарға жанқиярлық шабуылдары жөнінде атап өтті (Военно-статистическое обозрение Российской империи, 1848: 86, 95-96). Келесі бір Бас штаб офицері полковник Мейердің еңбегінде қазақтардың шепке шабуылдары және дала төсіне шығарылған үкімет әскерінің кейбір қимылдары сипатталды (Материалы для географии и статистики России, 1865: 41, 45). Бұл әскер көтерілісті басу үшін шығарылған болатын. ХХ ғ. басындағы белгілі әскери зерттеуші Терентьев 1823-1825 жж. әскери экспедициялар жайында біршама толығырақ ақпарлар береді. Сонымен бірге ол Жоламанның күрес алаңынан кеткен өмірінің соңғы жылдарымен қатысты маңызды бір оқиға жөнінде баяндайды (Терентьев, 1906: 98, 187). Көтеріліс туралы аздаған мәліметтер төңкеріске дейінгі орыс зерттеушілері А. Макшеев пен Н. Середаның еңбектерінде де ұшырасады.

Кеңестік дәуірдің алғашқы онжылдықтарында (ХХ ғ. 20-40 жж.) Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс жөнінде біршама толығырақ тоқталып өткен зерттеушілер Рязанов, Вяткин және Бекмаханов болып табылды. Дегенмен олардың зерттеулерінде де аталған тақырып көлемі 3-4 беттен аспады. Рязанов өзінің 1926 ж. жарық көрген кітабында басым түрде күрестің басты сипаттарына емес, оның жазалануына тоқталды. Мұнда қарсылықтардың басталу себептері қысқаша ұсынылды. Көтеріліске қатысты көптеген құжаттар 1940 ж. академик Вяткиннің жетекшілігімен шыққан «Материалы по истории Казахской ССР» деп аталатын құжаттар жинағының 4-томында берілді. 1941 ж. жарық көрген еңбегінде Вяткин аталған азаттық күресті тұңғыш рет жеке шағын тарауша түрінде ұсынылып, зерттеуші оны қозғалыс ретінде атады (Рязанов, 1926: 155-158; Материалы по истории КазССР, 1940; Вяткин, 1941: 227-230). 1943 ж. жарық көрген «Қазақ ССР тарихының» тұңғыш басылымында Жоламан көтерілісі өте қысқаша баяндалып өтті. Көлемі бір беттен аспаса да оның алғашқы академиялық басылымға енгізілуі үлкен жетістік болып саналды. Белгілі тарихшы Е. Бекмаханов 1947 ж. шыққан монографиясында Жоламан күресіне де тоқталып өтті. Мұнда оның себептері мен қысқаша барысы сипаттала келе, еңбектің басты тақырыбына сай негізінен күрестің екінші кезеңіне, Кенесары көтерілісіне қосылауына назар аударылды (История Казахской ССР, 1943: 197-198; Бекмаханов, 1947: 194-198). Монографияда аталып отырған тақырып стихиялық бас көтеру ретінде көрсетілді. 1949 ж. жарық көрген «Қазақ ССР тарихының» түзетілген және толықтырылған екінші басылымында да Жоламан Тіленшіұлы науқанына аздаған жарты беттік орын берілгенімен мұнда да ол ешқандай саяси астарсыз, тек патша үкіметі тартып алған жерлерді қайтаруға ғана бағытталған бас көтеру ретінде суреттелді.

Көрсетілген жылдардан соң аталған тақырып ұзақ жылдар бойы зерттеушілер назарынан тыс қалды. Кейінгі академиялық басылымдарға енгізілмеді. Тәуелсіздік жылдары Жоламан бастаған көтеріліс кейбір еңбектерде, мысалы зерттеуші Е.Ж. Уәлихановтың Кенесарыға арналған эссесінде аталып өтті. Мұнда автор Жоламанды ХІХ ғасырдағы қазақ қауымындағы ең көрнекті тұлға деп көрсетті. Бұдан бөлек, көтеріліс тақырыбына бірқатар жекелеген зерттеушілер мақалалар арнады.

Нәтижелері. Көтеріліс қазақ қауымдарының біртұтастығы үшін, қазақ даласындағы мықты билікті қалпына келтіру үшін күресті. Жоламан бастаған топ жерлерін қайтарумен бірге, сахарада темірдей тәртіп орнатқан Арынғазыны, оның өлімінен соң Кенесарыны қолдау арқылы осындай мақсаттарды көздеді. Өзара талас-тартыстардың шегіне жеткізіліп әбден бөлшек-бөлшек етілген қазақ қауымдарын біріктіретін, тәртіп орнататын орталық билік орнату жолында тартысты. Көтерілістің барлық сипаттары олардың ұлттық біртұтастық пен дербес билік үшін күрескендіктерін айғақтайды.

Кейбір сипаттары бойынша азаттық күрес көтеріліс ауқымынан шығып, жақсы ұйымдастырылған азаттық қозғалыс деңгейіне де жетеқабыл болды. Ол үлкен аумақты қамтыды, бастапқыда негізінен Табын және олармен бірге Тама, Кете, Адай т.б. рулардың жекелеген бөлімдері ғана қатысқанына қарамастан өте ауқымды болып табылды. 1822-1826 жж. көтеріліс солтүстікте Батыс Қазақстандағы Елек, Қобда, Шыңғырлау т.б. өңірлерден бастап оңтүстікте – Жем, Сағыз, Ойыл, Темір бойлары және ішінара Солтүстік Үстіртке дейінгі аралықты қамтыса, 1837-1840 жж. Ырғыз, Торғай, Сырдария, Қарақұм өңірлеріне де тарады. Осы соңғы кезеңде көтеріліс қимылдарына Шөмекей, Төртқара, Шекті және Қыпшақ руларының бөлімдері де қосылды. Бұларды айтпағанда осы кезеңде, бұрын көтерілісші ауылдармен көбіне қырғиқабақ, тіпті шапқыншылықта болып келген Байұлы одағының рулары да Жоламанның ұлы мақсаттарын қызу қолдай бастаған еді. 1837-1839 жж. Байбақты, Тана, Алаша, Масқар, Қызылқұрт бөлімдері өз қоныстарын тастап шығып көтерілісшілер ордасына бағыт алуы ірі оқиғалардан саналды.

Көтеріліске қатысқан руларға келсек, оның басты қозғаушы күші өз жерлерінен айырылған Табын руының қауымдары болып табылды. Күрестің негізін қалаушы Жоламанның өзі мен оны басқарған алты бас қолбасшының төртеуі осы рудан өрбіді. Кете мен Адай руының бөлімдері де көтеріліске басынан бастап белсене қатысты. Олар Дербісәлі мен Сүйінқара батырлар бастаған сарбаздарды құрады. Сарбаздар құрамында шабуылдарға Тама, Кердері, Ысық, Шеркеш, Шекті өкілдері де қызу қатысты. Көтеріліс қимылдарына кез келген уақытта Алаша, Байбақты т.б. рулар да қосыла алатын. Олар жазалау кездерінде қарулы жасақтарға бірігіп қарсылықтар көрсетті, 1824 ж. жазалауда ауылдары да талқандалып, көптеген адамдары қолға түсті. Бір өкінішті тұсы, басқа рулар өкілдерінің есімдері аталатын құжаттар азшылықты құрайды. Негізгі себепкерлері болғаннан да болар, күреске қатысты деректердің басым бөлігінде бір ру адамдары – Табын руының өкілдері көбірек көрсетіледі. Шабуылдарды ұйымдастырушы сардарлардың да көпшілігі осы рудан тарады, құжаттарда олардың ру тармақтарына дейін атап өтіледі. Жалпы көтеріліс қимылдарына бірнеше ру өкілдері қатысқанымен оған тікелей қатыспаған рулардың да көтерілісшілерге ниеттес болғанын атап өтеміз. Қандас әрі діндес бауырларының «орыспен соғысына» олар әрқашанда тілектес еді. Реті келсе көмектесуге тырысты, бұл әсіресе жазалау кездерінде байқалды. Мысалы, Байбақты руының биі Жоламан сарбаздарына орыс әскерінің шыққанын дер кезінде хабарлады. Көтеріліс ошағы Кенесары ордасына қосылу кезінде Жоламанды Байұлының жоғарыда аталып кеткен бірнеше руы қолдауға ниет білдірсе, жалпы сол жылдары Әлімұлының ірі рулары да біріккен майданда болған болатын.

Көтеріліс өз сипаты жағынан ұлт-азаттық күрес болып табылды, ол ешқандай да мақсатсыз, жүйесіз әрекеттерден тұрған жоқ, шабуылдар нақты мақсаттармен, жоспармен ұйымдастырылды. Шабуылдардың бәрінде дерлік сарбаздардың бір емес, бірнеше ту ұстап шығулары да сол шабуылдардың жай жортуылдардан мақсаттары әлдеқайда биік азаттық сипатын анық көрсететін. Күрес жетекшілері өздерінің нақты талаптарын Ресей үкіметіне қойды, дегенмен оның негізгі тактикасы орыс шебіне шабуылдар жасап, салынған бекіністерді өртеу және тұтқындар алу болды. Шепке зиян жасау, бекіністерді өртеу арқылы көтерілісшілер отарлаушы үкіметті Елек бойларынан кетіруге тырысты. Бұл әрине орындалуы қиын шаруа болатын. Зеңбіректермен қаруланған жазалаушы әскермен көтерілісшілер бетпе-бет шайқасуға тырысып көрді, алайда күштердің тең еместігі айқын көрінді. Көтерілісті басуға мыңдаған адамнан тұратын үлкен командалардың шығарылуы, оларды тәжірибелі командирлердің басқаруы, жалпы дүркін-дүркін жазалануы Ресей үкіметінің Жоламан бастаған күрестен шындап қауіптенгенін көрсетеді.

Ресей шебіне жасалған шабуылдардың түрлеріне, жасалу жолдарына және мақсаттарына қысқаша тоқталып өтсек, көптеген архив құжаттарымен танысып, талдау барысында олардың жалпы сипаттарын байқауға болады. Шепке шабуылдар жасаудың бірнеше тактикасы болған. Олардың ең көп қолданылған түрі шекарадан аз адаммен өтіп әрекет ету болып табылды. Жоламан бастаған күресте аз адамдық жасақтармен әрекет ету тактикасы кеңінен қолданылды.Көтерілісшілер үлкен қолға біріккенімен, орыс шебіне шабуылдарды көбіне осы аз адамнан тұратын топтар арқылы іске асырып отырған. Кейде жортуылдарға бірнеше адаммен де шыға берген. Аз адаммен әрекет ету тәсілі шеп бойына жағалай қойылған казак қарауыл бекеттерінен елеусіз өтуге ыңғайлы болатын. Сонымен қатар мұндай топтармен шабуыл жасауда шығын жоққа тән болған, олжа түсіру оңай болса, құтылып кету жеңілге түскен. Жортуылдарға аса жарау таңдаулы, қосарлы аттармен шыққан, қуғын болған жағдайда ұстатпаған.

Шағын жортуылдар негізінен тұтқындар мен әскери олжа алуға бағытталды. Осындай шабуылдардың өзі шеп тұрғындарына үлкен зияндар шектіріп отырды; сарбаздар адамдар тұтқындап, малдарды әкетіп, шөп пен астық қорларын өртеп кетіп отырды. Сарбаздардың кейбір шағын топтарының Орынборға бір шақырым жерге дейін жақындап, сол жерден адамдар тұтқындап әкеткен кездері де орын алды. Мұндай кезде олар қарауыл шептерінің бірнешеуінен өтіп отырған. Шағын топтар 5-10 мен 20-40 сарбаз аралығындағы күштерден тұрды. Аз адамдық топтардың өзі шепке жақындағанда кейде өз ішінен бірнеше топтарға бөлініп, әртүрлі бағытта жылжып отырды. Бірнеше адамдық топтардың өзі де қарауыл бекеттеріне өз күштерімен ашық шабуыл жасай берген. Олар шеп бойына 40-50 адаммен жақындаса да, сол жерде топ-топқа бөлініп, әр топ өзіне белгілі бір шабуыл нысанын таңдаған. Кейіннен өзара хабарласып, қайта қосылып отырған. Осындай бірнеше адамдық топтардың шекарадан жасырын өтіп, орыс тұтқындары мен жылқылар әкеткен оқиғалар жүздеп саналады.

Шамамен 100-200 адамдық топтардың шабуыл жасаған оқиғалары да көп кездеседі. Мұндай күшпен форпосттарды шабуылдай беруге болатын. 500-1000 адамдық қолдың шабуыл жасаған оқиғалары біршама азырақ, мұндай жасаққа ірі бекіністерді шапқанда ғана біріккен. Мысалы, 1822 ж. Ветлянский, Буранный форпосттарына шабуыл 500 сарбаздық күштермен жасалса, Сухореченский форпостына 100 (басқа деректе 300) адаммен жасалды (ҚР ОМА. 4-қ., 1-т., 4700-іс, 1 п.; 4-қ., 1-т., 1808-іс, 7, 23-24 пп.; РМТА. 1291-қ., 81-т., 90-іс, 129-130 пп.). Сонымен қатар, қазақ даласына жіберілген жазалаушы әскерге осындай күшпен қарсы тұрған. Көп адаммен әрекет ету кезінде шығындар да көп болатын, себебі ірі жасақты алдын-ала байқап отыратын қарауыл қызметтері дер кезінде хабарлап, оларға қарсы жақсы қаруланған казак әскері бірден шығарылатын. Бұған қоса төменде айтылатын әскери олжа да аз болып, жұмсалған шығындарды өтеуге жетпейтін. Бұл кезеңде бұрынғыдай шептерді ірі күштермен шабу дәстүрі әралуан жағдайларға байланысты қолданыстан әлдеқашан шыққан еді. Одан бір ғасыр бұрынғы Әбілқайыр хан, Бөкенбай, Есет, Жәнібек батырлар заманындағы орыс шептерін ғана емес, ірі қалаларының өзін тікелей 20-30 мың әскермен шабатын замандар келмеске кеткен болатын.

Шабуылдар жасауда әртүрлі әдіс-айлалар, тактикалар қолданылған. Шағын жасақтар негізінен тек тұтқындар алуға бағытталған болатын, себебі аз адаммен ірі бекіністерді шабу мүмкін емес еді. Олар қарауылдардан елеусіз өтіп, тоғайларда немесе сайларда  жасырынып, аз адамдық кордондық күзет адамдарын, хат-хабар тасушыларды, шөп шабуға, балық аулауға немесе жеміс-жидек теруге өз хутор-бекіністерінен ұзап кеткен адамдарды қолға түсіріп отырған. Мұндай кезде де қақтығыстар орын алған, бірақ бұлар шабуылдан гөрі жасырын жортуылдарға, жалпы басқыншыларға қарсы партизандық күрес тәсіліне көбірек ұқсайды. 50-100 шамалы адаммен жорыққа шыққанда, жоғарыда аталғандай кейде бірнеше топқа бөлініп, әртүрлі бағытқа жылжыған. Бірақ сол әр жерден қолға түсірілген тұтқындарды белгіленген бір жерге жинаған. Кең қолданылған тағы бір амал, бір нысанды бәрі бірге шабуылдап, қолға түскен олжаны не тұтқындарды аз адаммен өз ауылдарына қарай жіберіп, қалғандары қайтадан басқа нысанды шабуға не қуғынға шығарылған казак әскеріне тосқауыл жасауға аттанып отырған. Мұндай әрекеттерді жасырын басталып, аяғы шайқастарға ұласатын орта көлемді шабуылдарға жатқызуға болады. 500-1000 адамдық ірі жасақпен бір ірі бекіністі шапқанда бірнеше топқа бөлініп, бекіністі қоршау арқылы маневр жасаған. Ірі шабуылдар кезінде көтерілісшілер қолдарына бірнеше ту ұстап шығатын болған және бекіністерді қатты айқаймен ұрандатып шабуылдаған. Бұлар ашық шабуылдарға жатады. Сонымен қатар ірі шабуылдарды көбіне таң алдында бастаған.

Жорықтарда кеңінен қолданылған тәсілдердің бірі – шеп бойына не одан ішкері алғы әскер түріндегі аз адамдардың өтуі. Олардың артында белгілі бір қашықтықта сай-салаларда ірі жасақ орналасатын болған. Алдыңғы сарбаздар қарауылдарға өздері шабуыл жасап, басқа да әрекеттер істей берген. Оларға қарсы күші басым казактар тобы шығарылған кезде алғы әскер шегінгендей кейіп танытып қуғын қызығына түскен казактарды жасырын тосқауылда отырған ірі жасақтың үстіне әкелетін болған. Мұндай әдіс кейбір деректермен қатар Жайық казактарының өмірінен көптеген шығармалар жазған И. Железновтың да «Картины казацкой жизни» атты бір көркем туындысында да кездеседі. Онда өздерінен қашқан 20 сарбаздың соңынан түскен көбірек санды казактардың оларды далада жоғалтып алғаны, бір кезде тұтқиылдан үлкен сайдан өздеріне қарсы 400-500 сарбаздың лап қойғандықтары баяндалады. Сонымен қатар сайдың жыпырлаған тулардан көрінбей қалғаны да суреттеледі, сарбаздардың көпшілігі найзаларының ұштарына ту байлап алғаны айтылады.

Сарбаздар жортуылға сақадай-сай даярланып, қосарға бір, кейде тіпті екі аттан алып шығып отырған. Казак офицерлерінің көрсетулеріне қарағанда, олардың астындағы аттары таңдап мінілген, аса жарау аттар болған, сондықтан қуғын болған жағдайда олар көбіне құтылып отырған. Қора-қопсыларда ұсталатын казак аттарына, қысы-жазы кең далада жайылып өскен сарбаздардың аттары жеткізбеген, қуған жағдайда құтқармаған.

Сарбаздардың негізгі қарулары найза, айбалта, қылыш және мылтық болған, үстеріне сауыттар да киген. Екі-үш жанама деректер сауыттарды көбіне сарбаздарды бастап шығушы батырлардың кигенін көрсетеді. Садақты аз қолданған. Мылтықтарды жиі қолдануға тырысқанымен олар казактар мылтығына қарағанда әлдеқайда әлсіз болған. Кейбір мағлұматтарға қарағанда, сарбаздар мылтықтарының оқтары дөңгелетілген тастан немесе кәдімгі жұмыртастан жасалып, ол үстінен қорғасынмен құйылатын болған. Көп жағдайда құйылмай қорғасынмен жай ғана қапталған. Атылған оқтар дұшпанына дарығанның өзінде көбіне жаралап қана отырған. Оқ-дәрі де азырақ болған. Көтерілістің жеңілу себептерінің бірі осы отпен атылатын қару-жарақ жағының әлсіздігі, казактар қаруының бұл жағынан басымдығы еді. Сарбаздар қанша қоян-қолтық ұрысқа кіруге тырысса да бекініп алған казактар оқ атып жақындатпайтын. Кейде жақсы бекінген 20-30 казактың өзі 300-400 сарбазды өздеріне жақындатпай, сәтті тойтарып отырған. 

Сарбаздарды жортуылға бүкіл ауыл болып шығарып салып отырған. Деректерге қарағанда, жорыққа қатыспай ауылда қалғандардың өзі оларға жақсы аттарын, қаруларын, ақыл-кеңестерін беріп отырған. Кейін олар әкелген олжаны да бүкіл ауыл болып бөліскен. Сонымен қатар, көтеріліске қатысқан ру бөлімдері ортақ істе бір-біріне қолдау көрсетіп отырған, іздеу салынып, қашуға мәжбүр болған адамдарды басқа ру тармақтары өз ауылдарына паналатқан, қуғыннан жасырған.

Көтеріліс кезіндегі сарбаздар саны әр дереккөзде әртүрлі межеде кездеседі. Орыс командирлері Берг, Циолковский, Донсков т.б. шамамен шындыққа жуықтайтын сандарды келтірсе, Шерғазы хан, Милорадович ақпарларында олардың саны өсіріліп көрсетіледі. Алдыңғылары 1-2 мың сарбаз санын берсе, соңғылары 3-5 мың аралығындағы сарбаздарды көрсетеді. Жалпы көтерілісшілер ордасы, көтерілісші ауылдар бірнеше мың әскер шығара алған. Өкінішке қарай, Қиыл, Сағыз, Темір бойларына барып ту тіккен ауылдар қанша түтінді құрағаны жөнінде еш дерек жоқ. Алайда олар қалай да болмасын көп санды әскер шығаруды басты міндет етпегендері анық байқалады. Біздің ойымызша, тұрақты сарбаздар саны шамамен 2 мыңға дейін адамды құраған. Мұның өзінде көтерілістің алғашқы 1822 ж. жазында ең таңдаулы деген 500 сарбаз ғана шептерге шабуыл жасаумен тұрақты айналысқан. Бұл 500 адамның өзі көбіне 250 адамдық екі жасаққа бөлініп әрекет еткен. Сәл кейіннен олардың саны тағы 200-ге көбейген. Шабуылдардың бірінде сарбаздар өздерінің тұрақты 500 адам екенін, бірақ 4 мыңға дейін адам шығара алатындықтарын айтқан (РМТА. 1291-қ., 81-т., 90-іс, 130 п.). Олардың бұл сөздері толықтай шындыққа келеді. Себебі жалпы саны, 250-ден екі топ екенін айтқандықтары деректермен де расталады. Демек, 1822 ж. шілде-тамыз айларында көтерілісшілер ордасы 4 мыңға дейін сарбаз шығара алған, алайда тікелей жорықтарға 500-700 таңдаулы сарбаз ғана шығып отырған. 1822 ж. соңына қарай сарбаздар саны 1-2 мың адамды құраған деп шамалауға болады.

1823 ж. көктемінен бастап көтерілісші ауылдар саны өте көбейген. Деректерде олардың саны күн санап өсуде екені, келіп қосылып жатқан адамдар нөпірі бір сәт те толастамауда екені айтылады (ҚР ОМА. 4-қ., 1-т., 4698-іс, 21 п.). Бұл басқа ауыл-аймақтарды өздеріне қосылуға шақырулар нәтижесінде іске асқан болуы керек. Бұған әрі жаздық жайлау уақыты да себеп болуы мүмкін. Осының өзінде Жоламан бастаған қолбасшылар сарбаздар санын қалайда көбейтуді міндет қоймағандары байқалады. Жорықтар бұрынғыша аз адамдық жеке топтар арқылы жасалып отырған. Күрес көсемдерінің мақсаты – көптеген ауылдарды Ресей ықпалынан әкетіп дала түкпірлерінде өз алдына орда құру болған. Осы 1823 ж. жазалаулар кезінде оларға қарсы тұрған сарбаздардың жалпы саны шамамен 2-3 мың адамды құрады. Бұлардың ішінде бұрынғы тұрақты сарбаздармен бірге көтеріліске тікелей қатыспаған ауыл-аймақтар жігіттері де болғанын атап өтеміз. Бұдан бөлек, көтерілісшілер ордасына қосылмай шеп бойында қалған ауылдардың өздері де өз күштерімен жортуылдар жасап отырды. Сонымен бірге, кейде басқа ауылдардың адамдары әртүрлі мақсаттармен сарбаздарға қосылып жортуылға қатысып кейін өз ауылдарына қайтып отырды. Осыдан келіп келесі бір маңызды жайттың шеті көрінеді – көтеріліс қимылдарына кез келген уақытта одан тыс жатқан ауыл-аймақтар қосыла алды. Бұл үрдіс әсіресе жазалаулар кезінде анық байқалды. Осындай әртүрлі факторлар әсеріне қарап, қажеттілік жағдайда бірнеше мыңдық жасақ шығара алатын әлеуеті бар көтерілісші сарбаздардың жалпы саны 2 мыңға дейін болған деп есептеуге болады. Бұл көтерілістің бірінші кезеңінің мәліметтерін құрайды. Кенесары қосынында олардың саны әлдеқайда көп болды, бірақ әртүрлі жағдайлардың әсерінен құбылып та отырды.

Бірқатар деректерге қарағанда, сарбаздар қанша күшпен шықса да казак әскерімен бетпе-бет келіп қалған жағдайда шегінбей, кескілескен шайқастарға түсіп отырған. Үзік-үзік деректер мен бірқатар сол кезеңдегі орыс авторлары қазақ сарбаздарының жанкештілікпен, асқан өлермендікпен шайқасқандарынан хабар береді. Олар әрбір жорыққа бастарын өлімге тігіп шығатын, қолға түскен жағдайда орыс империясының алыс қиырларына жазаға жіберілетіндерін жақсы білген олар қолға түскенше өлуді жөн көрген, сол үшін жан аямай соңына дейін шайқасқан. Қарсылық көрсеткен, әсіресе қасындағы жолдастарын жаралаған не өлтірген казак солдаттарын аямаған, оларды кейде тұтқынға да алмай бірден өлтірген. Қолға түсірген тұтқындарды да қуғын болып, әкете алмайтындай жағдайда тірі жібермей өлтіріп кетіп отырған. Күші өздерінен сан есе басым алып Ресеймен соғысқа шыққан көтерілісшілер өз жерлерінің тартып алынғаны үшін ашу-ызаға булығулы еді, сол себепті олар бұл күресте өздерін де, жауларын да аяған жоқ. Казактар да шептен өткен қазақ сарбаздарын еш ымырасыз бірден өлім жазасына кесетін. Екі арадағы текетірес, тайталастардың өзі жеке тақырыпты құрайды.

Көтеріліс шеңберіндегі шабуылдар жоғарыда аталғандай көбіне жеке жасақтармен, аз топтармен жүргізілді. Жеке жасақтарды жеке сардарлар басқарды. Жоламан мен оны қолдаған Адай Сүйінқара, Кете Дербісәлі, Шөмішті Асау батырлар ұсақ жортуылдарға тікелей қатысуға міндетті емес болатын, олар бас қолбасшылар ретінде бүкіл іс-қимылдарды жоғарыдан басқарды және тек ірі шешуші әрекеттерге ғана қатысты. Мұның үстіне олар рубасы билер және беделдерімен қоса, өте дәулетті адамдар болып табылатын. Шабуылдардың көпшілігін Жаналы, Құттыбас, Түктібай, Түркебай, Бүркітбай, Қитар, Байғана, Ақыл сияқты көптеген жеке сардарлар (батырлар) басқарды. Бұлардың бірқатары, әсіресе Жаналы мен Құттыбас батырлар кейінен бас қолбасшылыққа дейін көтерілді. Бұлардан бөлек, орыс шебіне көптеген жорықтар жасаумен көзге түскен Айдос, Байдос Сағырұлдары ағайындарымен, Саттық пен Жанқұтты сардарлар, ағайынды Отыншы, Сушы, Тушы Татанұлдары, ағайынды Қадырқұл, Дәуіт Асауұлдары, ағайынды Жидебай, Таңқай Маралұлдары, Сейтен Жанетұлы мен бауырлары, басқа да көптеген белгілі жортуылшылар болды.

Осы сияқты бірқатар мәліметтерге талдау жасай отырып, көтеріліске қатысушылардың әлеуметтік топтарын аңғаруға болады. Күресті ірі басқарушы билер (батырлар), старшындар және ел арасынан шыққан батырлар басқарса, қозғаушы күші солар басқарған ру өкілдері болды. Бұлардың ел арасындағы беделдері мен дәулеттері де шабуылдарды ұйымдастыруға белгілі бір дәрежеде әсер етті. Жеке шағын жортуылдарды ұйымдастырудағы негізгі мақсаттардың бірі әскери олжа алу болғандығы айтылды. Жоғарыдағы дәулетті ірі билер (батырлар) бұларды ұйымдастыруға араласқандарымен, тікелей қатысып, тікелей олжаға ие болуға аса мүдделі болмаған тәрізді. Сондықтан да күрес аясындағы мұндай жорықтарды көп жағдайда ел арасынан шыққан батырлар мен бұрыннан барымталарға қатысып жүретін мықты деген шабандоз жігіттер ұйымдастырды. Жоғарыда аталған Сағыр би ұрпақтары, Асау батыр ұлдары т.б. дәулетті таптардан шыққандықтары белгілі. Дегенмен бірқатар көтеріліс сардарларының орташа таптан болғандықтары да байқалады. Жалпы қатардағы олжа мен тұтқындар алу жорықтарына негізінен халықтың орташа және жарлы топтарынан шыққан сарбаздар қатысқан, оларға билер мен батырлар кеңесшілік еткен деп жорамалдаймыз. Біздің бұл жорамалымызды Жаңа Елек шебінің командирі Аржанухиннің сандаған рапорттарының бірінде кездескен мәлімет те құптайды. Онда ол Жаналы мен Құттыбас батырлардың көптеген жортуылдарды басқарып, сәтті жорықтар нәтижесінде өздеріне біраз дәулет жинап, кейіннен осындай жорықтарға өздерінің орнына ақыл-кеңестерін бере отырып, өздерінен жас әрі жарлы деген жігіттерді жібере бастағандарын айтып өткен.

Аталған шабуылдардың негізгі мақсаты орыс шептеріне мейлінше үлкен зиян келтіруге тырысу, салынған бекіністерді өртеу не қирату арқылы көзін жою болса, екінші мақсат – әскери олжа, яғни тұтқын адамдар мен олардың мал-мүліктерін әкету болып табылды. Әсіресе, тұтқын алуға ерекше мән берілді, оларды үкімет қолында аманатта жатқан өз руластарына ауыстыруға немесе сатуға да болатын. Тұтқындар көп жағдайда Хиуа хандығына және дала түкпірлерін мекендеген Адай, Шекті сияқты руларға да сатылып отырды. Сонымен бірге оларды туыстары орыс әкімшілігінің қолында жатқан басқа ру адамдары арнайы іздеп келіп, құн төлеп сатып алатын. Сатып алынған тұтқындарды шепке тапсырып, шекара басшылығынан аманатта не тұтқында ұсталып отырған өз туыстарын босатып алуға тырысатын. Орынбор әкімшілігі тұтқындарды қайтару үшін оларды әкетуші рулардан кепілге адамдар да алып отырды. Мұндай жағдайда, қолға түскен сондай туыстарын құтқару үшін Табын руының бір тармағының адамдары шабуыл жасап тұтқындар алған басқа екінші тармақтан оларды белгілі бір бағаға сатып алған кездері де аз болмаған. Сонымен қатар, орыс тұтқындары туыстық байланыстар орнату кезінде тірі тауар рөлін де атқарған, оларды қыз айттыру кезінде қалың малға қосып берсе, қыз ұзатушы жақ та тұтқындарды қыздың жасауына қосқан кездері жиі кездескен.

Әскери олжаға келсек, бір кезеңдері, әсіресе 1822-1823 жж. аралығында көтерілісшілер алдында белгілеген өз жоспарларына сай шептен тұтқындар алумен де қызу айналысып кеткен болатын. Бұл оларға біршама үлкен пайда әкелетін, бір орыс тұтқыны ел ішінде 100-350 қой аралығында бағаланса, Хиуа хандығында да орыс тұтқындары парсы тұтқындарынан екі есе қымбат бағаланып, 300 алтын теңгеге дейін жеткен. Бұған қоса оларды негізгі сатып алушы Хиуа ханының өзі болып табылған. Осыған байланысты бұрыннан да кездескен тұтқындау әрекеттері, көтеріліс жылдарында айрықша көбейген. 1836 ж. Хиуа хандығында шамамен 3000-ға жуық орыс тұтқыны құлдықта болып еңбек еткен, олардың арасында 30-40, тіпті 55 жыл тұтқында болғандары да кездескен (Иванин, 1874). Бұлардың ішінде әскери қызметтен өз еріктерімен қашып шыққан жандардың да болғанын атап кету керек, кейін екі ел арасындағы келісім бойынша қайтарылғанда, бір топ тұтқын өз отандарына қайтудан бас тартқан кездері де болған. Сонымен қатар оларды классикалық түрдегі өте қатал құлдықта жапа шекті деп есептеу қате. Хиуа халқы орыс құлдарына жақсы қараған, аяушылық танытқан, өз діндерін ұстануына, тіпті діни жоралғыларын атқаруға тыйым салмаған, керісінше жағдай жасаған (О хивинских пленниках, 1873). Кейбір тұтқындарды біраз уақыттардан соң иелері өздері босатып отырса, кейбір тұтқындар өз еңбектерімен дәулет жинап, иелеріне деген барлық қарыздарынан құтылып қалаған кезде қайтып отырғандары да кездескен. Көптеген тұтқындардың сол Хиуа өңірінде отбасын құрып әдеттегідей өмір сүргендіктерін атауға да болады. Дегенмен олардың көпшілігінің еріктерінен тыс ұсталғандықтары белгілі, жалпы Хиуада үлкен қауымды құраған ресейлік тұрғындардың тағдырлары да сан алуан болды деуге болады. Тұтқындардың көпшілігін Каспийдің шығыс жағалауларынан қолға түскен балықшылар құраған, оларды Адай мен Байұлының басқа да рулары да жүздеп қолға түсіретін.

Жоламан бастаған көтерілісшілердің бүкіл күрес аясында нақты қанша тұтқынды қолға түсіргендері туралы дерек жоқ, бірақ олар аз болмаған. Жаңа Елек шебінен қолға түскен ресейлік адамдар жөніндегі толық емес мәліметтерде, 1817 ж. бір казактың, 1820 ж. үш казак пен бір жұмысшының, 1821 ж. 6 казак пен шаруаларды, әйелдерін қосқанда 13 адамның қолға түскендігі көрсетілген. Көтеріліс басталған 1822 ж. барлығы 48 адам тұтқындалған, олардың ішінде 21 казак, 6 башқұрт, 8 қыз бен 3 казак әйелдері болса, 1823-1824 жж. қолға түскендердің ішінде 90-ға жуық адам көрсетілген, олардың 30-ы казактар, 20 жуық башқұрттар мен тептярлар, шаруалар, әйел адамдар т.б. болған (ҚР ОМА. 4-қ., 1-т., 1351-іс, 2-7 пп.). Әрине, бұл тізім толық емес, өйткені тұтқындарды босатуға іс-шаралар жүргізілгенімен, оларды толық есепке алу іске аса бермеген. Құн төлеу арқылы босатылған тұқындар көп болатын, олар мәліметке енбеген. Кейбір мәліметтер бойынша 1818-1829 жж. аралығында барлығы 443 адам тұтқынға алынған. Қазақ даласындағы ешбір көтерілісте мұндай мөлшерде тұтқын алынбаған болатын. 1826 ж. Шекара комиссиясында ресейлік тұтқындарды сатып алуға арналған арнайы сома да болған. Ол әрбір тұтқын үшін 150 рубльден есептелген. Мұның өте аз болуына байланысты Комиссия үкіметтен бұл соманы 1 мыңға дейін көтеруді сұрағанда одан бас тартылған (Материалы для географии и статистики России, 1865: 45). Оқиғалардан беріде өмір сүрген Орынбор әскерінің есаулы Севастьянов тұтқындарға қатысты сәл басқаша деректерді береді. Ол жалпы 1758-1832 жж. аралығында тұтқынға барлығы 3497 адамның түскенін келтіреді. Олардан 1154 адам сатып алынған, 2827 адам тұтқында қалса, 192-сі қаза тапқан. Мұндағы келтірілетін сандар әлдеқайда көп болса да бұл автордың мәліметтерін әзірге толыққанды негіздей алмаймыз.

Қорытынды. Жоламан бастаған көтеріліс ХІХ ғ. бірінші жартысында патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы бағытталған ең ірі қарсылықтардың бірінен саналды. Көтерілісшілер өз әрекеттерін Ресейге қарсы соғыс деп те жариялады. Ол шептерге шабуыл жасау, тұтқындар алу және өздеріне қосылмаған басқа қазақ қауымдарына күш көрсету сияқты жалпы сипаты жағынан Кенесары бастаған көтеріліске ұқсас болды. Одан айырмашылығы, қорқытса да 1822-1826 жж. көтерілісшілер күреске қосылмаған қазақ ауылдарын тікелей шапқан жоқ, мал-мүліктеріне де тиіспеді. Өздерін жазалауға қатысқан төре-сұлтан ауылдарын екі-үш мәрте шауып, солардың мал-мүлкін алды. Жекелеген себептермен кейбір билердің малдарына барымталар жасады. Мұның бір себебі, шеп бойында қалған ауыл-аймақтардың көпшілігі күреске тікелей қатыспаса да, көтерілісшілерді іштей жақтаған, оларға құрметпен қараған өз қауымдастары болатын. Кенесары күресінің үлкен бөлігі Ресейді қолдаған әкімдер мен билер қауымдарын шабудан тұрған еді, себебі хан әулетінен шыққан ол бүкіл қазақ жұртына тең қарады, өз билігін қатаң күшпен болса да мойындатуға күш салды. Сонымен қатар, жоғарыда атап өтілгендей, екі ірі күрес ошағының бірігуі Қазақстан тарихында тұңғыш орын алған құбылыс болып табылды.

Көтеріліс нәтижесінде жеңіліске ұшырағанымен, ол үзілістермен біршама ұзақ жылдарға созылып, Ресей үкіметін біраз шығындарға әкелді. Көтерілісті басуға жіберілген бірнеше ірі жазалау шаралары, тұтқындарды босатуға бағытталған әрекеттер т.б. іс-шаралар үкіметке үлкен күшке, ірі материалдық шығындарға түсті. Жаппай қарсылықтар Ресей империясының оңтүстікке қарай жылжуын, Орта Азия халықтарын басып алу әрекетін көп жылдарға тежеді.

Жоғарыда аталғандай, Жоламан көтерілісі қазақтар үшін аса күрделі, дағдарыстарға толы, әбден әлсіретілген хандық биліктің тағдыры шешілген кезеңдерде болып өтті. Хандық жойылған соң қазақ сахарасы тікелей шекаралық әкімшіліктің қол астына қаратылды. Осындай қысылтаяң шақтарда да азаттық көтеріліс қазақ қауымдарының біртұтастығы үшін күресті. Жоламан бастаған даланың билері мен батырлары өз араларында әділдік пен темірдей тәртіп орнатқан Арынғазы сұлтанды хан қылып бекіттіруге ұмтылды. Осы арқылы өзара талас-тартыстарға түсіп, саяси ыдырай бастаған қазақ қауымдарын бір күшке біріктіре алатын мықты билеушінің келуіне күш салды. Өзінің барлық сипаттары бойынша көтеріліс қазақ даласындағы заңды қуатты билік үшін, ұлттық бірегейліктің сақталуы үшін де күресті. Арынғазы қайтыс болған соң Жоламан бастаған қауымдардың Кенесары Қасымұлын қызу қолдауы да осыған дәлел болатын. Түбінде жеңілістерге ұшыраса да аталған азаттық күрес қазақ тарихындағы ерліктерге толы ең бір жарқын да қастерлі кезеңдердің бірі ретінде сақталды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Бекмаханов, 1947 – Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1947. – 389 с.

Военно-статистическое обозрение Российской империи, 1848 – Военно-статистическое обозрение Российской империи. Т. 14. Ч. 3. Сост. И. Бларамберг. – Санкт-Петербург, 1848. – 194 с.

Вяткин, 1941 – Вяткин М. Очерки по истории Казахской ССР. Т. 1. – Алма-Ата, 1941. – 368 с.

Иванин, 1874 – Иванин М.И. Описание зимнего похода в Хиву в 1839-1840 гг. – Санкт-Петербург, 1874.

История Казахской ССР, 1943 – История Казахской ССР с дрейнейших времен до наших дней. – Алма-Ата: Казогиз, 1943. – 671 с.

ҚР ОМА – ҚР Орталық мемлекеттік архиві. 4-қ., 1-т., 1351-іс, 2-7 пп.

ҚР ОМА. 4-қ., 1-т., 4698-іс, 21 п.

ҚР ОМА. 4-қ., 1-т., 4700-іс, 1 п.;

ҚР ОМА. 4-қ., 1-т., 1808-іс, 7, 23-24 пп.; РМТА. 1291-қ., 81-т., 90-іс, 129-130 пп.

Материалы для географии и статистики России, 1865 –Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба. – Часть І. Киргизская степь Оренбургского ведомства. Сост. Л. Мейер. Санкт-Петербург, 1865. – 464 с.

Материалы по истории Казахской ССР, 1940 – Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828). Т. 4. – Москва-Ленинград: Изд-во АН СССР, 1940. – 543 с.

О хивинских пленниках, 1873 – О хивинских пленниках // «Нива».1873. № 30.

РМТА – Ресей мемлекеттік тарихи архиві. 1291-қ., 81-т., 90-іс, 130 п.

РМТА. 1291-қ., 81-т., 90-іс, 129-130 пп

Рязанов, 1926 – Рязанов А.Ф. Сорок лет борьбы за национальную независимость Казакского народа (1797-1838). – Кзыл-Орда: Изд. общества изучения Казакстана, 1926. – 298 с.

Терентьев, 1906 – Терентьев М. История завоевания Средней Азии. Том 1. – Санкт-Петербург: Типо-литогр. В.В. Комарова, 1906. – 510 с.

References:

Bekmakhanov, 1947 – Bekmakhanov E. Kazakhstan v 20-40 gody XIX veka [Kazakhstan in 20-40 years of XIX century]. – Alma-Ata: Kazgosizdat, 1947. – 389 s. [in Russian].

Voenno-statisticheskoe obozrenie Rossiiskoi imperii, 1848 – Voenno-statisticheskoe obozrenie Rossiiskoi imperii [Military statistical review of the Russian Empire]. T. 14. Ch. 3. Sost. I. Blaramberg. – Sankt-Peterburg, 1848. – 194 s. [in Russian].

Viatkin, 1941 – Viatkin M. Ocherki po istorii Kazakhskoi SSR [Essays on the history of the Kazakh SSR]. T. 1. – Alma-Ata, 1941. – 368 s. [in Russian].

Ivanin, 1874 – Ivanin M.I. Opisanie zimnego pohoda v Hivu v 1839-1840 gg. – Sankt-Peterburg, 1874.

Istorya Kazakhskoi SSR, 1943 – Istorya Kazakhskoi SSR [The History of the Kazakh SSR from ancient times to the present day]. – Alma-Ata: Kazogiz, 1943. – 671 s. [in Russian].

KR OMA – Kazakhstan Respublikasy Ortalyk memlekettik arhivi [Central state archive of the Republic of Kazakhstan]4-қ., 1-т., 1351-іс, 2-7 пп.

KR OMA. 4-k., 1-т., 4698-is, 21 p.

KR OMA. 4-k., 1-т., 4700-is, 1 p.

KR OMA. 4-k., 1-т., 1808-is, 7, 23-24 pp.

Materialy dlia geografii i statistiki Rossii, 1865 – Materialy dlia geografii i statistiki Rossii, sobrannye ofitserami general'nogo shtaba [Materials for geography and statistics of Russia, collected by officers of the General staff]. Chast' І. Kirgizskaia step' Orenburgskogo vedomstva. Sost. L. Meier. – Sankt-Peterburg, 1865. [in Russian].

Materialy po istorii Kazakhskoi SSR, 1940 – Materialy po istorii Kazakhskoi SSR (1785-1828) [Materials on the history of the Kazakh SSR (1785-1828)]. T. 4. – M.-L.: Izd-vo AN SSSR, 1940. – 543 s. [in Russian].

O hivinskih plennikah, 1873 – O hivinskih plennikah [About the Khiva prisoners] «Niva». 1873. № 30.[in Russian].

RMTA – Resey memlekettik tarihi arhivi [Russian state historical archive]1291-k., 81-т., 90-is, 130 p.

RMTA. 1291-k., 81-т., 90-is, 129-130 pp.

Riazanov, 1926 – Riazanov A.F. Sorok let bor'by za natsional'nuiu nezavisimost' Kazakskogo naroda (1797-1838) [Forty years of struggle for national independence of the Kazakh people (1797-1838)]. – Kzyl-Orda: Izd. obshchestva izucheniia Kazakstana, 1926. – 298 s. [in Russian].

Terent'ev, 1906 – Terent'ev M. Istoriia zavoevaniia Srednei Azii [History of the conquest of Central Asia]. Tom 1. – Sankt-Peterburg: Tipo-litogr. V.V. Komarova, 1906. – 510 s. [in Russian].

ҒТАМР 03.20.00

НЕКОТОРЫЕ ИТОГИ ВОССТАНИЯ ПОД РУКОВОДСТВОМ ЖОЛАМАНА ТЛЕНШИУЛЫ

Н.Ы.Жетписбай¹

¹Магистр истории, Институт истории и этнологии

Имени Ч.Ч. Валиханова. Казахстан, г. Алматы

Аннотация.В статье описываются некоторые итоги восстания под руководством Жоламана Тленшиулы, происходившего с перерывами в 1822-1840 гг. Данное восстание было направлено против колониальной политики Российской империи. Оно являлось ответом на целенаправленные действия царизма, приведшие к совершенному ослаблению и дееспособности местной власти, на захват территории, также на другие меры. Притесненные казахские общины объединившись под знаменем Жоламана Тленшиулы встали на путь освободительной борьбы ради защиты своих интересов. Не получивши ожидаемых ответов на свои просьбы и требования, они организовали многочисленные нападения на линию. Протестные действия превратились в крупную кампанию продлившиеся на многие годы. Жестокие карательные меры не сразу смогли подавлять выступление. После некоторого перерыва очаг восстания соединился с фронтом Кенесары. Эти обстоятельства являлись в свое время крупными историческими событиями. Восстание Жоламана выступало за сильную власть в казахских степях, за единство казахских общин. Ныне оно представляет собой одну из малоизученных страниц истории Отечества. Исследование этих событий на основе новых архивных данных, выводить итоги, давать им оценку должны иметь продолжение. В статье на основе архивных источников повествуются об ареале распространения, способах организации, также о некоторых неизвестных моментах указанной вооруженной борьбы.

Ключевые слова: восстание, нападение, воины, Жоламан Тленшиулы, пленники, линия.

IRSTI 03.20.00

SOME RESULTS OF THE UPRISING LED

BY ZHOLAMAN TLENSHIULY

N.Y. Zhetpisbay¹

¹Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology

Kazakhstan, Almaty

Abstract. The article describes some results of the uprising led by Zholaman Tlenshyulywith interruptions in1822-1840. This uprising was directed against the colonial policy of the Russian Empire. It was a response to the purposeful actions of tsarism, which led to the complete weakening and incapacity of the local power, to the seizure of territory, as well as to other measures. Oppressed Kazakh communities together under the banner of Zholaman Tlenshyulyembarked on the path of the liberation struggle to protect their interests. Not receiving the expected responses to their requests and demands, they organized numerous attacks on the line. The protest actions turned into a large company that lasted for many years. Harsh punitive measures were not immediately able to suppress the action. After a short break, the center of the uprising United with the Kenesary front. These circumstances were at the time, major historical events. Zholaman's rebellion advocated strong power in the Kazakh steppes, for the unity of Kazakh communities. Now it is one of the little-studied pages of the history of the Kazakhstan. The study of these events based on new archival sources, draw conclusions, and evaluate them should be continued. Based on archival sources, the article tells about the distribution area, methods of organization, as well as about some unknown moments of this armed struggle.

Keywords:uprising, attack, warriors, Zholaman Tlenshyuly, captives, line.

No comments

To leave comment you must enter or register