Главная » Материалы » ӘОЖ 940.2(574) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ

З.С. ТОҚБЕРГЕНОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, т.ғ.к.

ӘОЖ 940.2(574) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № №2(14)2018

Теги: Ақпан, төңкерісі, ұлттық, интеллигенция, Уақытша, үкiмет, жұмысшы, және, өлкесi, солдат, депутаттарының, Түркiстан, Кеңесi, Шуро-и-Исламия.
Аннотация:
Мақалада Ақпан төңкерісінен кейін Түркiстан өлкесiндегі ұлттық интеллигенция өкiлдерiнің саяси iс-әрекеттері, Сырдария облысының қалалары мен шет елдi мекендерiнде ұлттық, кәсiби және саяси белгiлерiне негiзделген саяси топтар мен қозғалыстардың пайда болуы және олардың ара қатынасы қарастырылады. Автор өлкедегi, әсiресе Ташкент қаласында құрылған жергiлiктi халықтардың ұлттық қозғалысын бейнелейтiн саяси ұйымдардың бағдарламалары мен нақтылы iс-әрекеттерiнде бiрлiк пен түсiнiстiк нашар болғанына тоқталады.
Содержание:

1917 жылғы ақпан айының соңында Ресей империясының астанасы Петроградта басталған революциялық толқулар 28 ақпанда монархияның құлауына әкелдi. Елде буржуазиялық-демократиялық революция жеңiске жеттi.

Ресейді ешбiр шектеусiз 300 жылдан астам билеп келген Романовтар әулетiнiң саяси билiктен айырылуы елдегi патшалық өкiметтiң құлауын және ел орталығында буржуазиялық-демократиялық саяси партияның жеңiске жеткендiгiн бейнеледi.

1917 жылғы наурыздың 2-сiнде патшалық тәртiп ресми түрде тарих сахынасынан кеттi де, елдегi билiк Ресей буржуазиясы мен буржуазияланған помещиктердiң мақсат-мүдделерiн бiлдiрушi Уақытша үкiметтiң қолына көштi.

Ел орталығында революция жеңiске жеткен алғашқы айларда Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесi – Петросовет iс жүзiнде мемлекет астанасындағы екiншi өкiмет рөлiн атқаруға ұмтылды. Өйткенi, оны революцияның басты қозғаушы күшi болған қаруланған халық бұқарасы: жұмысшылар, солдаттар және матростар қолдады.

Бiр жағынан Уақытша үкiмет, екiншi жағынан Петроград және солдат депутаттарының Кеңесi жер-жерлерге өз өкiлдерiн тез аттандырып жатты: Уақытша үкiмет бүкiл ел көлемiнде құлатылған патшалық билiк жүйесiн өз әкiмшiлiк жүйесiмен алмастыруды ойластырса, Петроград кеңесi  жергiлiктi жерлерде жұмысшы, солдат депутаттары Кеңесiнiң жүйесiн құруға ұмтылды. Басқа сөзбен айтқанда, мемлекет астанасында қосөкiметтілiк орнап, оның әрқайсысы түптеп келгенде елдегi өкiмет билiгiн өз қолына түгелдей алуды мақсат еттi.

Патша өкiметiнiң құлап, елде республикалық саяси жүйенiң қалыптаса бастауын күллi империя халқының басым көпшiлiгi сияқты, Түркiстан мен Қазақстанды мекендеген халықтар да, жалпы алғанда, қуанышпен қарсы алды. Патша үкiметi мен оның жергiлiктi органдарының құлатылуын, облыстар мен уезд орталықтарында патша әкiмшiлiгiнiң неғұрлым реакцияшыл өкiлдерiнiң тұтқындалуы мен қызметтерiнен қуылуын Түркiстан мен Қазақстан халықтары әрi келешекке деген жақсы үмiтпен қабылдады. Жер-жерден Петроградтағы Уақытша үкiмет пен Петросоветтiң  атына халықтың әртүрлi әлеуметтiк топтарының атынан жолдаған құттықтау телеграммалар тасқын болып  ағылды. Мұның өзi бiр жағынан, құлатылған патша үкiметiне және оның жергiлiктi өкiлдерiне деген халық өшпендiлiгiнiң көрiнiсi болса, екiншi жағынан Уақытша үкiмет пен Петросовет ел iшiнде әдiл саясат жүргiзедi деп, оларға аңқаулықпен сенгендiгiнiң белгiсi болды [1, 193-б.].

Халық бұқарасының талабымен жер-жерлерде жұмысшылар мен солдаттардың тiкелей араласуымен губернаторлар, уезд бастықтары, полиция мекемелерiнiң, округтiк соттар мен прокуратура бастықтары, т.с.с. ескi мемлекеттiк, басқарушы және жазалаушы органдардың жетекшiлерi орындарынан түсiрiлдi немесе бас бостандықтарынан айырылды. Мәселен, 1917 жылғы 30 наурызда Түркiстан өлкесiнiң атышулы генерал-губернаторы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстi аяусыз басып-жаншуды ұйымдастырушылардың бiрi Куропаткин орнынан алынып, өз үйiнде қамауда ұсталды; Пiшкек гарнизонының бастығы Рукин Жетiсу облыстық губернаторына 26 наурыз күнi жолдаған телеграммасында былай дептi: «Өкiмет халық пен солдаттардың қолында. Бұрынғы қызмет адамдарына өшпендiлiктiң шегi жоқ…Сiздi де, Куропаткиндi де ешбiр елейтiн емес» [2, 16-б.].

Түркiстан өлкесiне, оның iшiнде Сырдария облысына ортақ осындай жағдайдың қалыптасуын Уақытша үкiмет пен оның жергiлiктi органдары, сол сияқты Петросовет пен оның ықпалы нәтижесiнде құрыла бастаған жер-жердегi кеңестер жүйесi өздерiнiң қол жеткiзген саяси жеңiстерiнiң қатарына жатқызды.

Бiр сөзбен айтқанда Уақытша үкiмет пен Петросовет арасындағы текетiрес пен саяси бәсеке патша үкiметi құлай салып-ақ басталып кеттi.

«Жаңа ұрық сеуiп келе жатқан» Кеңестердiң әлсiздiгiн пайдаланған Россиялық буржуазия Уақытша үкiметтi нығайтуды, оны түбiнде елдегi бiрден-бiр атқарушы өкiмет органына айналдыру үшiн оның жер-жердегi органдарын құру iсiн қолдарына алды. Ал Россия социал-демократтарды, ең алдымен большевиктер мен олардың көсемi В.И. Ленин «заңға емес, бұқараның тiкелей бастамасына сүйенетiн» Кеңестердi өздерiнiң өкiмет үшiн күрестерiнiң басты құралына айналдыруды ойластырды.

Уақытша үкiмет империяның Түркiстан мен Қазақстан сияқты отарлы аймақтарына кадеттерден, оларға iш тартқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкiлдерiнен, ұсақ буржуазияшыл партия мүшелерiнен (мәселен, эсерлерден) өз комиссарларын тағайындады [3, 20-б.]. Ал Петроград Кеңесi жер-жерлерге өзiнiң төтенше өкiлдерiн аттандырумен болды.

Петроградтағы Ақпан төңкерісінің  жеңiсi, Уақытша үкiмет пен Петроград Кеңесiнiң арасындағы текетiрес жөнiндегi телеграммалар Қазақстанға наурыз айының басында жеттi. Көп кешiкпей мұндай хабарлар барлық аймақтарға белгiлi болды.

Революция жеңiске жеткен сәтте майданның қара жұмысына алынғандарға жан-жақты көмек беру үшiн Минск қаласында жүрген ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жетекшiсi Әлихан Бөкейханов наурыз айының басында Қазақстанның бiраз қалаларындағы өз жақтастарына телеграммалар жолдап, елде болып жатқан өзгерiстерге баға бердi. Мұндай телеграмманың алғашқыларының бiрiн сол кезде Петроградта болған Мұстафа Шоқай да алды. Ұлттық революция көсемi өз телеграммасында өз жақтастарын Уақытша үкiметтi жақтауға шақыра отырып, сонымен бiрге жер-жерлерде облыстық, уездiк, болыстық қазақ комитеттерiн құру үшiн шұғыл түрде сайлау өткiзу қажеттiгiн баса көрсеттi [4, 159-б.]. Әлихан Бөкейхановтың өз жақтастарына қазақ комитеттерiн шұғыл құру туралы нұсқаулары оларды Уақытша үкiметтi қолдау жөнiндегi кеңестермен қатар айтылғанына қарамастан, ондай ұлт мекемелерiн құру елде қалыптаса бастаған қосөкiметтiлiктiң аясына симайтын едi. Кейiнгi оқиғалар көрсеткенiндей, қазақ комитеттерi сөз жүзiнде Уақытша үкiметтi қолдағанымен, оның барлық iс-әрекетi ұлттық мүдделерге қызмет еттi: «Алаш» партиясының бағдарламалық мақсат-мүдделерiн жүзеге асыруға, алаш автономиясын жариялап оның үкiметi – Алашорданы құруға, ұлттық милиция жасақтарын ұйымдастыруға, өлкедегi жер мәселесiн әдiл шешу iсiне белсендi түрде ат салысты [5, 25-б.].

1917 жылғы Ақпан төңкерісі берген мүмкiндiктердi толық пайдалану арқылы ұлттық интеллигенция өкiлдерi саяси iс-әрекет сахынасына белсендi түрде шыға бастады. Әлихан Бөкейханов 1917 жылғы наурыз айының басында Уақытша үкiметтiң Торғай облысындағы комиссары болып тағайындалса, сәуiр айының басында Мұхаметжан Тынышбаев, одан кейiн Мұстафа Шоқай Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетiнiң құрамына енгiзiлдi. Жаһанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Жақып Ақбаев, Асфендияр Кенжин, Әзiмхан Кенесарин, т.б. Қазақстан мен Түркiстанның жекелеген уездерi және қалаларындағы Уақытша үкiметтiң Атқару Комитеттерiне мүше болды [6, 124-б.; 7, 30-б.].

Уақытша өкiметтiң Қазақстан мен Түркiстандағы облыстық, уездiк басқару органдарына мүше болған айтылмыш ресми үкiметтiң чиновниктерiнiң мiндеттерiн атқарумен қатар ұлттық мүдде мәселелерiн де ойдан шығарған жоқ.

Ал, Қазақстандағы казак-орыс әскерлерiнiң билеушi топтары жаңадан құрыла бастаған Уақытша үкiметтiң жергiлiктi органдарына, жаңадан ұйымдаса бастаған Кеңестерге (олардың қатарында қазақ депутаттарының кеңестерi де бар), жеңiлген облыстық және уездiк қазақ комитеттерiне менсiнбей қарап, казак-орыс станицаларындағы билiк тiзгiнiн бұрынғысынша өз қолдарында қалдыруға бар күштерiн салды.

Дәл осы кезде көпұлтты Сырдария облысының қалалары мен шет елдi мекендерiнде ұлттық, кәсiби және саяси белгiлерiне негiзделген саяси топтар мен қозғалыстар пайда бола бастады. Мәселен, Жетiсу мен Сырдария облыстарында мұсылман дiндес, түрiк тiлдес халықтардың қоғамдық қозғалысына басшылық жасау мақсатында «Құрылтай» атты комитет құрылды. Оның басшылығы Жетiсу облысының орталығы Верный (Алматы) қаласына орналасты да, оған «Тазетдинов и К°» сауда үйiнiң қожасы Зайтдин Қажы Тазетдинов жетекшiлiк еттi. Негiзiнен өзбек, ұйғыр саудагерлерi мен дiндарларының мұрындық болуымен “Шуро-и-Исламия” («Ислам кеңесi», одан сәл кейiн ұлттық-демократиялық қазақ, қырғыз зиялыларының комитеттерi (1917 жылғы шiлдеден «Алаш» партиясының жергiлiктi бөлiмшелерi болып құрылған) пайда болды [8, 76-б]. Бұл iсте қазақ Ыбырайым Жайнақов, қырғыз Ишаналы Арабаев, т.б. белсендiлiк көрсеттi.

Түркiстан өлкесiнiң орталығы Ташкент қаласының саяси өмiрi күрт нашарлады. Мұндағы саяси өмiрдiң өзiне тән ерекшелiктердiң бiрi, бiр жағынан Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетiнiң құрамында негiзiнде кадет партиясының мүшелерi мен оның жақтастары көпшiлiк орынға ие болса (олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Мұқаметжан Тынышбаев және Мұстафа Шоқай сияқты қазақ халқының өкiлдерi де бар), екiншiден, осы комитетпен текетiресте болған Ташкент Кеңесiнiң құрамында эсерлер мен социал-демократтардың қанатының (негiзiнен большевиктердiң) көпшiлiк орынға ие болуына байланысты едi.

Мүшелерi түгелге дейiн «еуропалықтардан» (негiзiнен орыс халқының өкiлдерiнен) тұратын Ташкент Кеңесi өкiмет билiгiне жергiлiктi халықтардың («мұсылман» халықтарының) өкiлдерiн жолатпау бағытын ұстады.

Өлке орталығында қалыптасқан осындай саяси жағдайда (белгiлi дәрежеде соған жауап ретiнде) жергiлiктi халықтардың саясатқа белсендi түрде араласа бастаған өкiлдерi екi саяси ұйым құрды. Олардың бiрiншiсi қоғамдық-саяси өмiр мәселелерiне белгiлi дәрежеде консервативтiк бағыт ұстаған «Ғұламалар одағы» («Улема жаннаты») болса, екiншiсi қоғамды буржуазиялық-демократиялық тұрғыда өзгеруге бейiм тұрған «Ислам кеңесi» («Шуро-ислам») едi. 1917 жылғы наурыз айында осы екi ұйым Ташкент қаласында Түркiстанның мұсылмандар конгресiн шақырды. Ал бұл конгресс өзiнiң кезегiнде Түркiстан мұсылмандарының орталық комитетiн («Туркестон мусулмани шурози») сайлады. Бұл комитет қысқаша «Ұлттық орталық» («милли маркез») деп те аталады. 1917 жылғы сәуiр айында Петроградтан Түркiстанға оралған Мұстафа Шоқай «Ұлттық орталықтың» төрағалығына сайланып, оның құрамына Түркiстан өлкесiнiң Мұхаметжан Тынышбаев, Ораз Сардар сияқты белгiлi қайраткерлерi енгiзiлдi.

Ақпан төңкерісі жеңiске жеткен жағдайдағы «Ұлттық орталықты» басқарған Мұстафа Шоқайдың Ресейге көзқарасын сепаратистiк емес, автономистiк деп бағалауға болады. Дәл сол кезде ол Түркiстанның Ресейден бөлiнуiн емес, оның демократиялық федеративтiк Ресейдің автономиялы республикасы болуды қалады [4, 21-22-бб.].

Түркiстандағы орыс емес халықтардың Ақпан төңкерісінен кейiн саяси белсендiлiгiнiң артқандығын жергiлiктi ұлт тiлдерiнде газеттердiң шығарыла бастауынан анық көруге болады. 1917 жылғы көктемнiң басынан Ташкентте жартылай татар, жартылай өзбек тiлiнде «Ұлұғ Түркiстан» («Ұлы Түркiстан») атты газет шыға бастады. «Түркiстан татарларының бюросы» атынан шығып тұрған осы басылымның редакциялық алқасына 1917 жылғы сәуiрден  мүше болған Мұстафа Шоқай оның беттерiнде Түркiстан халықтарының бiрлiгi туралы идеяны белсендi түрде насихаттады.

Мұстафа Шоқай кейiн, шетелдiк эмиграцияда жүрген кезiнде, жариялаған (1936-1937 жж.) «1917 жыл естелiктерiнен үзiндiлер» атты еңбегiндеАқпан төңкерісі жеңiске жеткен кездегi ұлттық-мемлекеттiк құрылысқа деген көзқарасын былай бiлдiрген едi: «Бiз әлi ұлттық тағдырымыздың мәселелерiн ұлттық тәуелсiздiк  тұрғысынан көтере қоймағанбыз. Тек бәрiмiз орыс патшалығы жойылып,мемлекет құрылысы өзгередi деген пiкiрде едiк… Көп ұзамай орыс революциясының оқиғалары бiздiң осы тәттi үмiтiмiздiң тас-талқанын шығарды. Орыс революцияшыл демократтары iс жүзiнде сынақтан өте алмады. Олар патшалық заманда орыстан өзге халықтардың өкiлдерiн жатырқамағанымен, билiкке қолы жеткен кезде оларды шеттетiп, маңайына жолатпай қойды» [9, 44-б.].

Уақытша үкiметтiң алғашқы қадамдары, оның Түркiстан өлкесi сияқты отарлы аймақтар жөнiндегiiшкi саясатының жаңа бағытында құлатылған патша үкiметiнiң осы саладағы iс-әрекеттерiмен салыстырғанда жаңа, сапалы өзгерiстер байқалмады. Сондықтан да ұлт аймақтарында, оның iшiнде Түркiстанда пайда бола бастаған саяси күштер жаңа жағдайға орай әрекет еттi.

Мәселен, «Ұлұғ Түркiстан» газетiнiң 1917 жылғы 30-ы сәуiрдегi санындағы редакциялық мақаласында жаңа саяси жағдайдағы «татарлардың, сарттардың, қазақтардың бiр болуы» туралы айтылды. Бұл Мұстафа Шоқай сол кездiң өзiнде уағыздай бастаған түрiк тiлдес, мұсылман дiндес Түркiстан халықтарының бiрлiгi туралы идеяның көрiнiсi едi.

Осы идея 1917 жылғы маусым айында Ташкент қаласында шыға бастаған «Бiрлiк туы» газетiнде де тұрақты әрi кең түрде насихатталды. Бұл газеттi шығаруға Мұстафа Шоқай мен Сұлтанбек Қожанов мұрындық болды, ал оның мерзiмдi баспасөз органы болып қалыптасуына «Қазақ» газетiнiң редакциясында мол тәжiрибе жинақтаған Мiржақып Дулатов оңды рөлатқарды.

Газеттiң редакциялық алқасына қол ұшын берiп, оның жекелген сандарын шығаруға қатынасқандар қатарында Тоқтабаев Ш, Ақаев Серiкбай, Өтегенов Садық, Кенесарин Әзiмхан, Бориев Кумуш-әли (ұлты түркмен), т.б. болды.

Ақпан төңкерісіне дейiн патша үкiметiне сенiмсiз адам ретiнде саясат мәселелерiне араласуына тиым салынған Көлбай Тоғысов, қазақтың зиялы қауымының басқа өкiлдерi сияқты, ендi өзiнiң саяси белсендiлiгiн күшейте түстi. Ол Сырдария облысының тұрғындары арасында патшалық тәртiптiң құлағаны, Ресейде демократиялық республика орнағандығын, ескi қоғамдық-мемлекеттiк жүйе мен буржуазиялық мәндегi республикалық мемлекеттiң негiзгi айырмашылықтарын түсiндiруге ат салысты. Наурыз айының бiрiншi жартысында Көлбай Тоғысов облыстың Ташкент, Қазалы сияқты қалаларымен Қауыншы, Ниязбек, Зинчеата, Желал-Төбе, Ишанбазар, т.б. iрiлi-ұсақты елдi мекендерiнде өткен митингтерде сөз сөйлеп, елдiң орталығы мен оның ұлт аймақтарында орын алған өзгерiстерге талдау жасады.

Зерттеушi Б. Елькеевтiң пiкiрi бойынша К. Тоғысов сол кездегi мерiзiмдi баспасөз беттерiнде жарияланған мақалалары мен облыс тұрғындарының көптеген мәжiлiстерiнде сөйлеген сөздерiнде халықтың назарын Ресейдің орталық аймақтары мен шет өңiрлерiнде демократиялық Республикаға тән тәртiп орнату, орыс демократтары мен еңбекшi мұсылмандардың революцияшыл iс-әрекеттерiне қолдау көрсету, жергiлiктi басқару орындарына халық мүддесiн қорғайтын адамдарды сайлау қажеттiгiне басты назар аударған [10, 109-б.].

1917 жылғы сәуiр-мамыр айларында Көлбай Тоғысов Сырдария облысының қалалары мен басқа елдi мекендерiнде «Шуро-исламия» партиясының ұйымдарын құруға Петроградтан Түркiстанға оралған Мұстафа Шоқайға көмектестi және айтылмыш партияның Ташкент ұйымына мүше болды. Осы ұйымның атынан ол мұсылмандардың бүкiлресейлік съезiне делегат болып қатынасып, оның атқару комитетiнiң құрамына сайланды [11, 15-б.; 12, 232-б.].

Ақпан төңкерісінен кейiн Түркiстан  өлкесiндегi, әсiресе өлке және Сырдария облысының орталығы болған Ташкент қаласында құрылған жергiлiктi халықтардың ұлттық қозғалысын бейнелейтiн саяси ұйымдардың бағдарламалары мен нақтылы iс-әрекеттерiнде бiрлiк пен түсiнiстiк нашар болды. Сол кездегi саяси қозғалыстардың қайнаған ортасында болған Мұстафа Шоқайдың пiкiрiнше мұндай жағдайдың «Шуро-Исламия» мен «Ғұламалар одағына» тiкелей қатынасы болды. Осыған орай М. Шоқай «1917 жыл естелiктерiнде…» былай деп жазды: «Өлкелiк ұйымдар деп аталған, шындығында да бүкiл өлке тұрғындарының көңiл-күйiне ықпал жасамақ болған екi мықты ұйым – «Шуро-Исламия» мен «Ғұлама қоғамы» бiр-бiрiмен қатты қырқысып жатты.

Муннавар Қары басқарған «Шоро-Исламия» жаңа дәуiр талабымен өлкенiң бағыныштылық тәуелсiздiгiнен туған жағдайын ескерiп, реформа жасау жоспарын ортаға салды…Сералы Лапин басқаратын «Ғұлама қоғамы» мәселеге басқаша қарады… «Ғұлама қоғамы» Ресей федерациясынан автономия берудi талап еттi. Олардың арасындағы араздық бiздiң жалпы ұлттық мүддемiздi бәсеңдетiп, жұмысымызды былықтырды» [8, 127-б.].

Зерттеушi К.Есмағамбетов «Шуро-и-Улемаға» деген көзқарасын былай білдіреді: «Дегенмен идеялық ұстанымдарының бірбеткейлігіне қарамастан «Улема» қоғамының мүшелері халықтың ұлттық сана-сезімін оятып, этностық бірегейлігі идеясын орнықтыруға, саяси белсенділігін арттыруға өз үлестерін қосады. Отарлық жүйені қайта қалпына келтіруге тырысқан ұлы державалық шовинизмге қарсы жергілікті халық мүддесін басты қорғаушы Ұлттық орталық болады» [13, 107-б.].

Лапин Сералы Мұңайтпасұлы (1868, Ақмешiт – 1919, Самарқан) – ағартушы, адвокат, сәулет өнерi тарихын зерттеушi, 1891 жылы Петербург университетiнiң заң факультетiн бiтiрген. Ақпан төңкерісі жеңiске жетiсiмен Ақмешiтке (Перовск) «Халық өкiлдерi кеңесi» атты ұйым құрды [10, 129-131-б].

Мұның үстiне облыстың басқа өңiрлерiнде ұлттық ұйымдар көп жағдайда рулық белгiлер «негiзiнде құрылғандықтан» [8, 90-б.] олар бiрiн-бiрi түсiнбей, кейде iс-әрекеттерiнде қарама-қайшылыққа тап болып, нәтижесiнде жергiлiктi жұмысшы және солдат депутаттарының ықпалына оңай түсiп отырды.

Мұстафа Шоқайдың мойындауынша, 1917 жылғы көктемде Түркiстан ұлттық қозғалысының басшылары өзара түсiнiсе алмағандықтарымен қатар, өз қызметiн өлке орталығымен шектедi. «Бiз, Түркiстандықтар, - деп жазды кейiн Мұстафа Шоқай, - өлкелiк комитеттерден ары аса алмадық, мұның үстiне ұйымдардың бiразы бiр-бiрiмен керiсуден басқа ештеңенiң жөнiн бiлмейтiн. Әрбiр аудандық немесе облыстық ұйым өзiн ғана мықты санап, бұл мәселе туралы басқалардың аузын аштырмайтын…Бiр-бiрiмен керiсiп, тартысып жатқан ұйымдар саяси және идеологиялық бағдарлама тұрғысынан емес, тек басшыларының бiр-бiрiмен  жеке қарсылығына байланысты тартысатын» [8, 128-б.].

Мұстафа Шоқаймен оның жақтастары басқарған демократиялық қозғалыс, Мұстафа Шоқайдың сөзiмен айтсақ, Ақпан «…революциясы берген мүмкiндiктердi ұлттық мүддеге пайдалана алмады» [10, 224-б].

Осының салдарынан Түркiстан өлкесiнде, оның басты аймағының бiрi Сырдария облысында да, саны көп, сапасы жоқ көптеген ұйымдар төрағасы Мұстафа Шоқай болған «Ұлттық орталықтың» («милли маркез») басшылығымен мықтап топтаса алмады. Сондықтан да, дейдi Мұстафа Шоқай, бiз көп болсақ та мықты ұйым құра алмадық. Тек заңды, орынды талаптарымызды жүзеге асыра алмайтын көпшiлiк болдық та қалдық. Бүкiл мекеме аппаратын, қарулы күштердi және басқа да құрамдарды қолына ұстаған аз санды орыстардың күшi басым болатын» [10, 128-б].

«Саны аз, күшi басым» Түркiстандағы орыс халқының өкiлдерiнен тұратын Ташкент жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесi, сол сияқты өлкенiң облыстары мен уезд орталықтарында құрылған кеңестер бiртiндеп, күн өткен сайын өлкенiң саясат сахынасындағы Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетi мен оның жергiлiктi органдарына қарсы тұратын негiзгi  ұйымдарға айнала бастады. Ал мұның өзi Ақпан төңкерісінен кейiн өлкеде қалыптасқан «көпөкiметтiлiктiң» қосөкiметтiлiкке ұласа бастағанның көрiнiсi едi. Түркiстандық ұлттық ұйымдардың, деп жазды Мұстафа Шоқай, дәрменсiздiгiн «жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестерi де түсiнген болатын. Сондықтанда бiздi көзге iлмедi. Көпшiлiктiң 96-98 процентiн құрғанымызбен жұмысшы және солдат депутаттары Кеңестерiне қарсы қүресе алмай, Уақытша үкiмет комитетiнен одақтас iздеп жүруiнiң қандай екендiгiн айқын көрсетедi» [10, 124-б].

Ақпан төңкерісі жеңiске жеткеннен кейiнгi екi-үш айда орын алған оқиғалар анық көрсеткенiндей, өлкеде алғашқы кезде орнаған «көпөкiметтiлiк» бiртiндеп қосөкiметтiлiкке ұласа бастады. Уақытша үкiметтiң Түркiстандық комитетi өлкенiң облыстары мен уездерiнде, солармен қатар жекелеген болыстарында Уақытша үкiметтiң жергiлiктi органдары болып табылатын атқару комитеттер жүйесiн құру iсiне белсендi  түрде  кiрiстi. Кей жерлерде олар азаматтық комитеттер болып та аталды.

1917 жылғы 7-i сәуiрде Уақытша үкiмет өзiнiң өкiлеттi органы ретiнде Түркiстан комитетiн құрды. Оның құрамына кадет Щепкин, меньшевик Елпатьевский, қазақтың ұлттық-демократиялық зиялыларының жетекшiсi Ә. Бөкейханов, т.б. ендi. Ал сол жылғы 17-i сәуiрде өзiнiң Сырдария облысындағы комиссары етiп бұрынғы уезд бастығы подполковник Тризнаны тағайындады [5, 146-б]. Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетiмен бiр мезгiлде Ташкентте жұмысшы депутаттарының Кеңесi пайда болды. Ташкент жұмысшы депутаттарының Кеңесi облыстың жекелеген қалаларына орналасқан гарнизон солдаттары тарапынан қолдау тапты [14, 36-п.].

Түркiстан өлкесiнiң генерал-губернаторының және оның сыбайластарының өкiмет билiгiнен тайдырылуы туралы хабарды өлкенiң iрiлi-ұсақты елдi мекендерiнде халық қуанышпен қарсы алды. 1917 жылғы сәуiр айының басында Әулиеатада өткен қалалық митингте және одан кейiн болған қалалық жұмысшы және солдат депутаттары кеңесiнiң мәжiлiсiнде «уезд бастығын, оның көмекшiлерi мен приставтарды тұтқындау» туралы қаулы қабылданды [15, 48-б.]. Осымен мазмұндас қаулы-қарарлар уездiң ауыл-селоларында өткен халықтық жиналыстар мен саяси басқосуларда да жаппай қабылданып жатты. Көптеген болыстар да жаңадан құрылған атқару комитеттер көпшiлiктiң талап етуiмен халықтың каһарына ұшыраған болыс басшылары мен ауыл старшындарын тұтқындап немесе оларды соған дейiн атқарып келген қызметтерiнен жаппай қуумен болды. Мәселен, Шаповалов болыстық атқару комитетi Әулиеата уездiк комитетiнiң атына 1917 жылғы 9-ы сәуiрде «бұрынғы өкiмет кезiнде халықты қатыгездiкпен қорлап келген Лукьян Терновой тұтқынға алынып, Әулиеата түрмесiне жөнелтiлгенi» туралы хабарлаған [16, 144-п.].

Черняев уезiнiң Қошқарата болысының дихандарының талабына сәйкес бұрынғы болыс басшысы «патша үкiметiнiң қошаметшiл қызметкерi ретiнде» орнынан тайдырылып, болыстағы уақытша үкiметтiң комиссары болып Мақұлбек Шерiмов тағайындалса, осыған ұқсас себептермен Қарабастау болысының комиссары болып Жұмаш Керiмбаев, Мақпал болысының комиссарлығына Мандыбай Сарықұлов, Ащыбұлақ болысының комиссарлығына Арзыбай Әйнеков тағайындалды [17, 19-п.].

Халықтың құлаған патша үкiметiне деген өшпендiлiгiн шебер пайдаланған Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетi мен облыстық және уездiң комиссарлары ауыл, село, болыс деңгейiндегi билiк пен басқару жүйесiн осылайша белсендi түрде құра бастады.

Дегенмен де, кейбiр болыстарда Уақытша үкiметтiң болыстық комиссарларын сайлау айтарлықтай қиыншылықтарға кездесiп отырды. Атап айтқанда Уақытша үкiметтiң Әулиеата уездiк комиссарының қалауымен Шоқпар болысының бұрынғы басшысы штабс-капитан Жабагин 1917 жылғы сәуiрде орнынан түсiрiлiп, болыстық комиссар қызметiне көпшiлiктiң қалауымен Төртоқа Түгiрбековты тағайындау жөнiнде қаулы қабылданды. Алайда Жабагин бұл шешiммен келiспей, болыс кеңсесiн жаңа комиссарға тапсырудан бас тартты. Ол мұнымен де шектелмей, 30-да астам өз руластарын қаруландырып, жаңа тағайындалған болыстық комиссарды өлтiрем деп қорқытты. Жұмысшы және солдат депутаттарының облыстық кеңесi  Жабагиндi жақтады. Нәтижесiнде Жабагин Шоқпар болыстық  комиссары болып тағайындалды [2, 67-б.]. Облыстық кеңестiң араласуымен жекелеген болыстарда Уақытша үкiметтiң бiрнеше комиссарларын қайтадан сайлау орын алды.

Уақытша үкiметтiң жергiлiктi жүйесiнiң басты өкiлеттерiне айналған уездiк және Сырдария облыстық кеңестерiнiң комитеттерiнiң талап етуiмен бұрынғы болыс басшылары мен ауыл старшындарын Уақытша үкiметтiң комиссарларымен алмастыруға арналған сайлауларда орын алған кемшiлiктер мен заңсыздықтарды тексеретiн комиссиялар негiзiнен Сырдария облыстық жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесiнiң атына түскен арыздар негiзiнде ұйымдастырылды. Облыстық кеңестiң 1917 жылғы 27 және 31 мамыр күндерi өткен мәлiметтерiнде Әулиеата уезiнiң 11 болысынан Уақытша үкiметтiң жергiлiктi органдарын (атқарушы комитеттерi мен комиссарларын) сайлауда орын алған заңсыздықтар жөнiндегi арыздар қаралды. Нәтижесiнде атқару комитеттерiне сайланған депутаттар мен тағайындалған болыстық және ауылдық комиссарлардың уәкiлдiктерiн тексеруге арналған мандат комиссиялары құрылды [18, 26-27-пп.]. Барлық уездiк комиссарларға, олардың қатарында Әулиеата уезiнiң комиссарына да, айтылған мәселелер жөнiнде арнаулы хаттар жөнелтiлдi. Алайда облыстық және уездiк деңгейдегi барлық билiктi өз қолдарына шоғырландыра бастаған Уақытша үкiметтiң органдары Сырдария облыстық Кеңестiң ескертпелерiн «жүре тыңдап», тiптi каперiне де алуды қойды. Орталықта билiктi өз қолына алған Уақытша үкiмет жергiлiктi жерлерде атын өзгерткенiмензаты бұрынғыша қалған атқарушы қоғамдық-саяси жүйе арқылы құлаған патша үкiметiнiң отарлау саясатын жалғастырумен болды. Ақпан революциясының алғашқы күндерiнде пайда болған халықтық милиция таңдамалы милициямен алмастырылды. Отаршыл, өктемшiл де, озбыр саясатты жүзеге асыруға машықталған жергiлiктi басқару жүйесi iс жүзiнде бұрынғысынша қалдырылды.

Орта Азия жағдайында аса үлкен маңызды жер мен су мәселесi шешiлмей, шиеленiскен жағдайда қала бердi: сан мыңдаған гектар жерлер латифундистердің меншiгiнде болды; 1917 жылғы 7-i маусымда қабылданған «Сырдария облысындағы су комитеттерi туралы ережеге» сай егiстiкке су беру құқығы бұрынғысынша арық-ақсақалдарының (мирабтардың) құзырында қалды.

1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың барысы мен нәтижесiнде Сырдария облысында шиеленiскен ұлтаралық (ең алдымен қазақ-орыс, қырғыз-орыс,) қатынастар шешiлмедi, тiптi кей жерлерде олар Уақытша үкiметтiң жергiлiктi органдары жол берген қателiктерден өрши түстi.

Торғай облысында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiске қатынасушыларды жазалау 1917 жылғы мамыр айына дейiн созылғанын айтқанның өзiнде, басқа өңiрлерде (атап айтқанда Сырдария облысында) «1916 жылғы қырғыздар көтерiлiсiн» аяусыз басып-жаншу барысымен, ол жеңiлiске ұшырағаннан кейiн жергiлiктi халықтың тоналған малы мен басқа да мүлкiн қайтарып беру сөзде болмады [19, 73-п.; 20, 69-б.]. Мәселен, 1917 жылғы 25 мамырда Әулиеата уезiнiң  Меркi бөлiмiндегi «1916 жылғы тәртiпсiздiктен зиян шеккен» орыс халқының өкiлдерiне Уақытша үкiметтiң жәрдемi ретiнде 26 мың сом көлемiнде ақша беруге шешiм қабылданған. Бұл оқиға осы өңiрдi мекендеген қазақтар мен басқа да тұрғылықты халықтар өкiлдерi тарапынан наразылық туғызған.

Олар кей жерлерде ашық қақтығыстарға ұласқан. 1917 жылғы 22 қырқүйекте Әулиеата уездiк комиссарының Сырдария облыстық кеңесiне жолдаған хабарламасында «Тоғышар орыс тұрғындардың жергiлiктi халықтардың«шабындық пен егiндiгiн бүлдiргендiгiн, оларды тонап, зорлық көрсеткендiгiн» айттық [21, 63-п.; 321-п.]. Ұлтаралық қатынастардың шиеленiсуi 1916 жылы Қытай ауып кеткен қазақтар менқырғыздардың, сол сияқты майданның қара жұмысына алынған жiгiттердiң ата қоныстарына оралуына айтарлықтай кедергiлер туғызды.

Уақытша үкiмет ұлт мәселесiн әдiлеттi шешуге қабiлетсiз болды. Атап айтқанда, ол Түркiстан халықтарының өз тағдырларын өздерi шешуiне жол бермедi, «бiртұтас және бөлiнбейтiн Россия» туралы патшалық көзқарасты жақтады.

1917 жылғы сәуiр айында Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетi жанындағы өлкелiк  мәжiлiс Түркiстан халықтарына қандай түрде болса да автономия беруге қарсы шығып, Түркiстанды ағылшын  мен француз отарлары үлгiсiмен қайтадан құру туралы шешiм қабылдады. Уақытша үкiметтiң ұлт мәселесiндегi осы позициясын кейбiр келiсiмпаз партиялар (эсерлер мен  меньшевиктер) өкiлдерi жақтады. 1917 жылғы мамыр айында Ташкент қаласында өткен эсерлердiң өлкелiк съезi Түркiстанның автономиясы туралы мәселенi талқылай келiп, өлке тұрғындары ұлттық автономия алуға саяси тұрғыдан пiсiп-жетiлмегендiктен, оларға өзiн-өзi билейтiн земстволық және қалалық органдар жүйесiн құруға берсе жетiп жатыр деген пiкiрге тоқтады [22, 114-п.].

Уақытша үкiметтiңоргандары өздерiнiң өкiмет билiгi жолындағы негiзгi бәсекелестерi жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестерiнiң  беделiн түсiрiп, олардың қызметiне шек қоюға тырысты. Мәселен, Перовск кеңесiне ұлтаралық қатынастарды реттеуге қатынасуға тиым салынып, оған қазақ ауылындағы оқиғалар жөнiнде өзiн «бейтараптық» жағдайда ұстау ұсынылды [23].

Сырдария облысының қалаларында алғашқылары 1917 жылдың наурыз-сәуiр айларында құрыла бастаған Кеңестер өздерiнiң қатарындағы мүшелерi жағынан аз, ұйымдасу жағынан нашар болды. Өлкенiң Ташкенттен басқа қалаларында жұмысшылардың аз болуына байланысты оларда алдымен солдат және офицерлер комитеттерi құрылды да, олар кейiн солдат депутаттарының Кеңестерi болып қайтадан сайланды. Мәселен, 1917 жылғы 17 наурызда Әулиеата солдаттар мен офицерлер комитетi ұйымдасып, сол күнi Ташкент Кеңесiмен телеграф байланысын орнатты. Сол айдың екiншi жартысында құрылған Черняев (Шымкент) қалалық солдат депутаттарының Кеңесi өзiнiң атқару комитетiнiң мүшесi Н. Чехляевтi Ташкентке Түркiстан өлкелiк солдаттар депутаттары Кеңесiнiң жұмысымен танысу мақсатында iссапарға жiбердi.

Черняев солдат депутаттары Кеңесiнiң төралқасы сол жылғы 1-шi сөуiр күнi Ташкент солдаттар депутаттары Кеңесiне арнаулы хат жазып, онда күнделiктi қызметiнде басшылыққа алу үшiн кеңестер туралы ережелер мен басқа да құжаттарды жiберудi өтiндi. Сонымен қатар Черняев солдаттар Кеңесiнiң төралқасы Ташкент Кеңесiн Сырдария облысындағы Кеңестермен жүйелi байланыс орнатуына мұрындық болуын сұрады [24, 23-б.].

Сырдария облысында құрылған алғашқы Кеңестер құрамында әуелгi кезде ұсақ-буржуазияшыл партиялар мен басқа да саяси ұйымдардың өкiлдерi көпшiлiк орындарға ие болды. Солдаттар Кеңесiнде де депутаттардың көпшiлiгi әскерилердiң киiмiн киген шаруалар өкiлдерi болды. Мұны өлкедегi жұмысшылар санының аздығымен, оның iрi өнеркәсiп орталықтарынан шалғай орналасуымен түсiндiруге болар едi. Мұның үстiне бiрiншi империалистiк соғыстың жүрiп жатуына байланысты шұғыл саяси әрекеттерге бейiм тұратын жұмысшы кадрларының майданға шақырылуына орай олардың заводтар мен фабрикалардағы орындарына селолар мен ауылдардан келгендердiң орналасқандығын айту қажет. Ал соңғылары ұсақ-буржуазияшыл шаруалар өкiлдерi болғандықтан келiсiмпаздыққа бейiм тұратын. Сондықтан да Кеңестердiң алғашқы құрамындағы депутаттар Уақытша үкiметтiң жергiлiктi органдарымен ымыраға келгiш және әлеуметтiк саяси мәселелердi батыл шешуге енжарлау, тiптi қабiлетсiз болды.

Кеңестерге бiрiккен жұмысшылар мен  солдаттар бұқараларының ұйымшылдығының жеткiлiксiздiгi мен саяси тұрғыдан толыспағандығы және олардың көпшiлiгiне ұсақ-буржуазияшыл, келiсiмпаз партиялар өкiлдерiнiң (мәселен, эсерлердiң) жетекшiлiк етуi бiртiндеп билiктiң Уақытша үкiметтiң жергiлiктi органдарының колына шоғырлануына мүмкiндiктер туғызды.

«Алғашқы кезде, - дейдi Г.Сафаров «Отарлық революция» (Колониальная революция. Опыт Туркестана) атты кiтабында,- кеңестерде большевиктер болған жоқ, оларда көпшiлiк орынға меньшевиктер мен эсерлер ие болды. Кеңестер Түркiстанда Ресейдiң державалық мемлекеттiк ыдыратушы рөлiн атқаруға мәжбүр болды» [25, 39-б.]. Бұл рольдi атқаруды 1917 жылға  Ақпан төңкерісінің негiзгi қозғаушы күштерi жұмысшылар мен шаруалар (дәлiрек айтсақ, солдат шинелдерiн киген шаруалар бұқарасы) талап еттi. 1917 жылдың көктемiнде қалыптаскан жағдайда Түркiстан өлкесiне қараған Сырдария мен Жетiсу облыстарындағы Кеңестер айтылмыш талаптарды орындауға дәрменсiз болды. Осыдан келiп монархия құлағаннан соң «жаңа тәртiптi тез қарқынмен орнатуды талап еткен жұмысшылардың» талаптары мен «офицерлердi тыңдауды қойған» солдаттардың наразылығы бiр арнаға тоғысты [26, 91-б.]. Олар Кеңестердiң Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетiнiң шылауына айналмай, халық мүддесiн қорғайтын билiк органы болуын талап еттi. Алайда Кеңестерге жетекшiлiк жасаған меньшевиктер мен эсерлер Уақытша үкiмет органдарымен ымыраға келуге бейiм тұрды.

  Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс, жоғарыда айтылғанындай, елдiң барлык аймақтарында, оның iшiңде Сырдария облысында да, жаппай шаруашылық дағдарысын туғызды, жұмыссыздық пен күнделiктi тұтыныс заттарына қымбатшылық күшейдi. Нәтижесiнде халық қатты күйзелiске ұшырады, ашаршылық қаупi төндi.

  Ақпан төңкерісіне дейiн Түркiстанға империяның басқа аудандарынан жылына 4 млн. пұт астық әкеленiп тұрса, ендi оның келуi күрт азайды [26, 91-б.]. Сондықтан 1917 жылдың көктемiне қарай Сырдария облысындағы азық-түлiк жағдайы қатты шиеленiстi. Қала тұрғындарының әрқайсысына тиесiлi нан мөлшерiнiң орташа көлемi 200 граммға жетер-жетпес деңгейде болды, ауыл мен кыстақтардың жағдайы да мәз болмады. Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетi аштықтың алдын алуға бағытталған нақтылы шараларды жүзеге асыруда дәрменсiздiк көрсеттi. Ол шұғыл шаралар қолданудың орнына Петроградқа көмек сұраған жеделхаттар жiберумен шектелдi. Ол өтiнiштер түгелге дерлiк жауапсыз қалдырылды [26, 91-б.].

  1917 жылғы мамыр-маусым айларында Ташкент қаласының бiрнеше кәсiпорындары мен Арал теңiзiндегi балық кәсiпшiлiктерiнiң жұмысшылары үкiметтен азық-түлiқ мәселесiн шешудi талап еткен ереуiлдерге шықты. Арал поселкесiнен Уақытша үкiметтiң Сырдария облыстық комитетiне жолданған телеграммада айтылмыш елдi мекенде бiр түйiр нан қалмағандығы себептi балық кәсiпорындарында «армияны қамтамасыз етуге арналған жұмыстардың тоқталғандығы» жөнiнде айтылды [27, 27-б.]. Осындай жағдайда 1917 жылғы сәуiрдiң 7-15 күндерi аралығында Ташкент қаласында Кеңестердiң Түркiстан өлкелiк съезi өттi. Оған Сырдария облысы Кеңестерiнiң өкiлдерi де қатынасты. Съезд делегаттары өздерiнiң эсерлер мен меньшевиктер басқарған келiсiмпаз жетекшiлерiнiң әсерiмен соғыс, Уақытша үкiметке көзқарас, ұлттық және аграрлық мәселелер жөнiнде Уақытша үкiметтiң саясатын қолдап, онымен ымыраға келуге бейiм екендiгiн мәлiмдедi. Съезд сонымен қатар жұмысшылардың өз қожайындары арасындағы қарама-қарсылықтар мен дау-дамайларды бейбiт жолмен шешу қажеттiгiн қолдап, ал шаруаларды “Құрылтай жиналысы тиiстi заңдар қабылдағанға дейiн өз беттерiмен жердi басып алудан“ бас тартуға шақырды [28].

Сол мезгiлде өткен Кеңестердiң жекелеген облыстық съездерi де осындай шешiмдер қабылдады.

Қорыта келгенде, 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісінің жеңiсi нәтижесiнде патша үкiметiнiң құлатылуы мен Ресейде Республикалық тәртiптiң орнатылуы Қазақстан мен Түркiстандағы саяси жағдайды түбiрiмен өзгерттi. Ақпан төңкерісі Қазақстанның басқа аймақтары сияқты оңтүстік өңірінде де үлкен қолдауға ие болды. Бірақ, аймақтың аталған кезеңдегі қоғамдық саяси дамуының өзіндік ерекшеліктері де болды. Аймақтағы казак-орыс әскерлерiнiң билеушi топтары өзгерістерге қарамастан казак-орыс станицаларындағы билiк тiзгiнiн бұрынғысынша өз қолдарында қалдыруға бар күштерiн салды. Көпұлтты Сырдария облысының қалалары мен шет елдi мекендерiнде ұлттық, кәсiби және саяси белгiлерiне негiзделген саяси топтар мен қозғалыстар пайда болды.

Әдебиеттер

1 Бурджалов Э.Н. Вторая русская революция.  – М.: Наука, 1971. – 463 с.

2 Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттiк қызметi (1916-1924 жж.): Түркiстан кезеңi: тарих ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1997. – 227 б.

3 Подготовка и проведение Великой Октябрьской социалистической революции в Узбекистане” //Сборник документов. –Ташкент: Фан, 1970.– 560 с.

4 Никишов П.П. Из истории краха левых эсеров в Туркестане. - Фрунзе:«Кыргызстан»,1965. – 178 с.

5 Махаева А.Ш. Қазақ комитеттерi: құрылуы мен қызметiнiң тарихы (наурыз 1971 – маусым 1918 жж.): тарих ғыл. канд. ... автореф.  – Алматы, 1995. – 25 б.

6 Нұрмағанбетқызы Ж. Қазақстандағы Уақытша үкiметтiң комиссарларының қызметi: тарих ғыл. канд. ...  дис. – Алматы, 2000.  –  124 б.

7 Өзбекұлы С. XVII ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезiнде Қазақстандағы саяси-құқықтық ой-пiкiрдiң тарихы және қайраткерлерi: заң ғыл. докт. ... дис. – Алматы, 1999.  – 52 б.

8 Нұрпейiс К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы, 1995. – 256 б.

9 Из истории казахов  /сост. Е. Аккошкаров – Алматы: Жалын, 1997. - 448 с.

10 Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры / құраст. Б. Серікбайұлы, Қошым-Ноғай. – Алматы, 1992. – 184 б.

11 Елькеев Б. Из истории идейно-политической борьбы в Казахстане  в период установления советской власти: автореф. ... канд. ист. наук.–Ташкент, 1975. – 30 с.

12 Смағұлова С. Көлбай Төгісов және «Үш жүз» партиясы. – Алматы: Арыс, 2009. – 232 б.

13 Есмағамбетов К.Л. Әлем таныған тұлға. Мұстафа Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы. – Алматы, 2008. – 105, 107 б.

14  Өзбекстан Республикасының ОММ. - Қор-1760, тiзбе-1, iс-25, 36 п.

15 Победа Великой Октябрьской социалистической революции в Казахстане 1917-1918 гг. // Сборник документов. – Алма-Ата: КазГосиздат, 1957.  – 425 с.

16 Жамбыл облыстық мемлекеттiк мұрағаты. - Қор-50, тiзбе-2,б.-1, iс-2, 144 п.

17 Жамбыл облыстық мемлекеттiк мұрағаты. - Қор-50, тiзбе-2, б.-1, iс-8,  19 п.

18 Жамбыл облыстық мемлекеттiк мұрағаты. - Қор-50, тiзбе-2, б.-1, iс-8, 26-27 пп.

19 Жамбыл облыстық мемлекеттiк мұрағаты. - Қор-50, тiзбе-2, б.-1, iс-10, 73 п.

20 Қазақстан Коммунистiк партиясы тарихының очеркi. – Алматы: Казмем баспасы, 1963. – 705 б.

21 Жамбыл облыстық мемлекеттiк мұрағаты. - Қор-50, тiзбе-2, б.-1, iс-10, 63,321 пп.

22  Өзбекстан Республикасының ОММ. - Қор- 17, тiзбе-4, iс-9599, 114 п.

23 Туркестанские ведомости.– 1917, май – 11. – №40.

24 Елеуов Т. Установление и упрочение Большой Советской власти в Казахстане. – Алма-Ата, 1961. – 526 с.

25 Нурпеисов К. Становление Советов в Казахстане (март 1917 г. – июнь 1918 г.). – Алма-Ата: Наука, 1987.– 240 с.

26 Сафаров Г. Колониальная революция: опыт Туркестана // В кн.:  Алаш Орда: Краткий исторический очерк о национально-буржуазном движений в Казахстане периода 1917-1919 гг. - Алматы: Жалын, 1996. – 272 с.

27 Труды Узбекского филиала ИМЛ.

28 Туркестанские ведомости.– 1917, август– 2. – №153.

References

1 Burdjalov E.N. Vtoraya russkaya revolyuciya. – M.: Nauka, 1971. – 463 s.

2 Konyratbaev O. Turar Ryskulovtyn kogamdyk-sayasi zhane memlekettik kyzmeti (1916-1924 jj.): Turkistan kezeni: tarikh gyl. kand. ... dis. – Almaty, 1997. – 227 b.

3 Podgotovka i provedenie Velikoy Oktyabrskoy socialisticheskoy revolyucii v Uzbekistane” //Sbornik dokumentov. –Tashkent: Fan, 1970.– 560 s.

4 Nikishov P.P. Yz istorii krakha levykh eserov v Turkestane. - Frunze: «Kyrgyzstan», 1965. – 178 s.

5 Makhaeva A.SH. Kazak komitetteri: kuryluy men kyzmetinin tarikhy (nauryz 1971 – mausym 1918 .): tarikh gyl. kand. ... avtoref. – Almaty, 1995. – 25 b.

6 Nurmaganbetkyzy Zh. Kazakstandagy Uakytsha ukimettin komissarlarynyn kyzmeti: tarikh gyl. kand. ... dis. – Almaty, 2000. – 124 b.

7 Ozbekuly S. 19 gasyrdyn sony – 20 gasyrdyn bas kezinde Kazakstandagy sayasi-kukyktyk oy-pikirdin tarikhy zhane kayratkerleri: zan gyl. dokt. ... dis. – Almaty, 1999. – 52 b.

8 Nurpeyis K. Alash ham Alashorda. – Almaty, 1995. – 256 b.

9 Yz istorii kazakhov /sost. E. Akkoshkarov – Almaty: Zhalyn, 1997. - 448 s. 

10 Shokay M. Turkistannyn kily tagdyry / kurast. B. Serikbayuly, Koshym-Nogay. – Almaty, 1992. – 184 b.

11 Elkeev B. Yz istorii ideyno-politicheskoy borby v Kazakhstane v period ustanovleniya sovetskoy vlasti: avtoref. ... kand. ist. nauk. – Tashkent, 1975. – 30 s.

12 Smagulova S. Kolbay Togisov zhane «Ush juz» partiyasy. – Almaty: Arys, 2009. – 232 b.

13 Esmagambetov K.L. Alem tanygan tulga. Mustafa SHokaydyn dunietanymy jane kayratkerlik bolmysy. – Almaty, 2008. – 105, 107 b.

14 Ozbekstan Respublikasynyn OMM. - Kor-1760, tizbe-1, is-25, 36 p.

15 Pobeda Velikoy Oktyabrskoy socialisticheskoy revolyucii v Kazakhstane 1917-1918. //Sbornik dokumentov. – Alma-Ata: KazGosizdat, 1957. – 425 s.

16 Jambyl oblystyk memlekettik muragaty. - Kor-50, tizbe-2,b.-1, is-2, 144 p.

17 Jambyl oblystyk memlekettik muragaty. - Kor-50, tizbe-2, b.-1, is-8, 19 p.

18 Jambyl oblystyk memlekettik muragaty. - Kor-50, tizbe-2, b.-1, is-8, 26-27 pp.

19 Jambyl oblystyk memlekettik muragaty. - Kor-50, tizbe-2, b.-1, is-10, 73 p.

20 Kazakstan Kommunistik partiyasy tarikhynyn ocherki. – Almaty: Kazmem baspasy, 1963. – 705 b.

21 Jambyl oblystyk memlekettik muragaty. - Kor-50, tizbe-2, b.-1, is-10, 63,321 pp.

22 Ozbekstan Respublikasynyn OMM. - Kor- 17, tizbe-4, is-9599, 114 p.

23 Turkestanskie vedomosti. – 1917, may – 11. – №40.

24 Eleuov T. Ustanovlenie i uprochenie Bolshoy Sovetskoy vlasti v Kazakhstane. – Alma-Ata, 1961. – 526 s.

25 Nurpeisov K. Stanovlenie Sovetov v Kazakhstane (mart 1917 g. – iyun 1918 g.). – Alma-Ata: Nauka, 1987.– 240 s. 

26 Safarov G. Kolonialnaya revolyuciya: opyt Turkestana //V kn.: Alash Orda: Kratkiy istoricheskiy ocherk o nacionalno-burjuaznom dvijeniy v Kazakhstane perioda 1917-1919. - Almaty: Jalyn, 1996. – 272 s. 

27 Trudy Uzbekskogo filiala YML.

28 Turkestanskie vedomosti. – 1917, avgust– 2. – №153.

З.С. ТОКБЕРГЕНОВА

Доцент Таразского государственного  педагогического университета, к.и.н.

ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ НАЦИОНАЛЬНО-ПОЛИТИЧЕСКИХ ОРГАНИЗАЦИЙ ТУРКЕСТАНСКОГО КРАЯ ПОСЛЕ ФЕВРАЛЬСКОЙ РЕВОЛЮЦИИ

Резюме

  В статье рассматривается политическая деятельность представителей национальной интеллигенции в Туркестанском крае, а также новые организации политических групп и движений городов  и отдаленных населенных пунктов Сырдарьинской области, созданных на основе национального, профессионального и политического признаков и их взаимоотношения.

  Ключевые слова: Туркестанский край, Февральская революция, национальная интеллигенция, Временное правительство, Совет рабочих и солдатских депутатов, Шуро-и-Исламия.

TOKBERGENOVA Z.S.

Taraz State Pedagogical University, Associate Professor,

Candidate of Historical Sciences

The Activities of National Political Organizations in Turkestan Region after the February Revolution

Summary

The article examines the political activities of representatives of the national intelligentsia in the Turkestan region, as well as new organizations of political groups and movements of towns and remote settlements of the Syrdarya region, established on the basis of national, professional and political features, as well as relations between them.

  Keywords:Turkestan,February Revolution, national intelligentsia,  Provisional Government,  Board of Deputies of workers and soldiers, Shuro-e-Islam.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 782

Нет рецензий

Скачать файлы

Токбергенова.doc 0.13 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

Моңғолдардың Шығыс және Орталық Еуропаға жорықтары (1241-1242) ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ 94(574) Бөрі батыр: аңыз және дерек (сыни талдау тәжірибесі) ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман) ӘOЖ 940.2 (574) OҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТТЫҚ ҚOҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ (ХХ ҒАСЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ШИРЕГI) ӘОЖ 940.2(574) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАН КОМИТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ (1917 жыл) ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ӘОЖ 929.52 АКАДЕМИК М.Қ.ҚОЗЫБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ӘӨЖ 940.2 Т 52 ТҮРКIСТАН ӨЛКЕСIНДЕГI ЖӘДИДШIЛДIК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ҚЫЗМЕТI 902.7(574). ЭТНИКAЛЫҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ CӘЙКЕCТІКТІҢ КЕЙБІР МӘCЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ

Статьи автора

ӘОЖ 940.2(574) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ