Главная » Материалы » ӘӨЖ 2:93(574) ҒТАМР 03.01.39 «Мәңгілік Ел» идеясы және қала халқының демографиялық мәселелері

Ерболат Мамырайхан, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2 курс магистранты

ӘӨЖ 2:93(574) ҒТАМР 03.01.39 «Мәңгілік Ел» идеясы және қала халқының демографиялық мәселелері

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 1(13), 2018

Теги: Тәуелсіз Қазақстан, қала халқы., этнос, демогафия, урбанизация, Мәңгілік Ел
Аннотация:
Бұл мақалада Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде Қазақстандағы қала халқының әлеуметтік-экономикалық мәселелері мен этнодемографиялық жағдайы сөз болады. Сонымен қатар Тәуелсіздік алған кезден бергі қала тұрғындарының сандық және сапалық өсімі ел дамуының саяси, әлеуметтік шарттарымен үйлесімде талданады. Елдегі ұлттардың көрсеткіштері мен ахуалы көрсетіледі. Қазақстанның үлкен қалалары мен шағын қалаларының қазіргі заман талаптарына бейімделуі мен олардың ұлттық болмысымызды танытудағы орны сарапталған.
Содержание:

Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» (17 қаңтар, 2014 ж.), «Нұрлы жол – болашаққа жол» (11 қараша, 2014 ж.) атты Жолдауларында «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастыру туралы ойын көпшілік талқысына ұсынған еді. Бұл ұсыныс ғылыми ортада, халық арасында, яғни әлеуметтік ауқымда кең қолдауға ие болды [1, 1-б.]. Себебі тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлттық консолидацияны күшейтіп, Қазақстанның өзіндік бірегейлігін арттыруға жол ашатын мұндай бастаманың қажеттілігі айқын сезілген еді.  

«Мәңгілік Елдің» өзегінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар - отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққан» [2, 4-б.].

Аталмыш идея елдегі әлеуметтік институттар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан жиі талқыланып, оның басым бағыттары, маңызы атап көрсетілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы тұрғындарына Үндеуінде «Қазақ халқының мыңжылдық тарихи тәжірибесінен, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан жолынан туындаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жарияланды» деп көрсетілген. Ассамблея өкілдері «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру үшін екі маңызды факторды алға тартты: 1) Қазақстан халқы алдында тұрған стратегиялық міндеттердің орындалуы Қазақстанда жасақталған бірегей модель – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік моделі негізінде ғана жүзеге асуы мүмкін; 2) тұрақты түрде өркендеуші Қазақстанды құру, қасиетті жерімізде берекелі қоғам құру сынды озық міндеттерді орындау үшін ұйымдасып, бірігу қажет (Астана, 17 қаңтар, 2014 ж. )[3, 3-б.].

Тарихшылар мен саясаттанушылар айтуына қарағанда «Мәңгілік Ел»  идеясының түп-төркінін Қазақстан тарихының өн бойынан кездестіруге болады. Кеңпейілділік, төзімділік, мейірбандық, береке-бірлік ынтымақ сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар Қазақстан аумағында өмір сүрген барша ұлт пен ұлысты әлемдік өркениетке апарып жалғаған алтын көпір тәрізді болды. Н.Ә.Назарбаевтың бұл бастамасы көнеден келе жатқан текті дүниетанымды қайта жаңғыртып, қазіргі заман тұрғысынан модернизациялауды көздейді. Сонымен қатар бұл Тәуелсіз Қазақстанның консолидация, ұлттық бірлік саласында орасан зор әлеуетке ие екендігін танытатын идея. Осы тұрғыдан алғанда, «Мәңгілік Ел» идеясы – Қазақстанның ұлттық кодының кілті» болып табылады [4, 4-б.].

«Мәңгілік ел» идеясында басты ұстаным ретінде екі ұғым атап көрсетілген: Тәуелсіздік және Астана. Бұл екеуі де Қазақстанның қазіргі кезеңдегі ең үлкен құндылықтары. Тәуелсіздік – қазақ халқының тарихи мақсат-мұраты, Астана болса, осы мақсат-мұраттың жемісі. Сонымен қатар «Мәңгілік Елдің» тұғыры берік болу үшін ұлттық идеяның орны айқындалып, даралана түседі. Себебі ұлттық идея – елді біріктіруші негізгі құрал. Қазіргі жаһандану заманында оның өзектілігі арта түседі. Сондықтан ол бүкіл қоғамды жұмылдырушы фактор болуы тиіс. Ұлттық идеяны іске асыру бүкіл қоғам мен әрбір Қазақстан азаматының игілігі тұрғысынан еліміздің одан әрі өскелеңдікпен дамуын қамтамасыз ету үшін жаһанданудың осы заманғы сынақтарына төтеп бере алуы керек. Түптеп келгенде, ұлттық идея Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясында қадап айтылған, сипаттары жан – жақты тұжырымдалған қоғамды құру ісіне қызмет етуі керек. Ұлттық идеяны шын мәнінде жүзеге асыру үшін Қазақстанда ғұмыр кешіп жатқан ұлттардың өзара бірлігі, ынтымағы маңызды роль ойнайды. Ұлттардың өзара келісімі мәселесі Қазақстанның мемлекеттік саясатында ерекше орын алады. Азаматтық ұлт пен этникалық ұлт арасындағы қақтығыстың ғылыми түсініктемесін американдық зерттеуші Энтони Д. Смит біршама дәл берген. Э.Д. Смит ұлт пен этностың айырмашылығын табу өте қиын дейді. Дегенмен, «Мемлекеті бар этностарды ұлт деп атауға болады да, ал мемлекеті жоқ этностарды этния деп атаймыз» - деп жазады [5, 91-б]. Бұл логика бойынша егер этниялар мемлекет құрса, онда олар ұлт болып кете алады. Э.Д. Смит Еуропалық ұлттардың қалыптасуын Э. Геллнер, Б. Андерсон, Ф. Риггс, Х. Кон концепцияларымен ұқсас түрде, яғни капитализмнің, әкімшілік тұтастықтың ықпалымен түсіндіреді. Бірақ, ол Шығыстағы ұлттық процесстердің Еуропадағы ұлттық үрдістерден айырмашылығы көп екенін байқаған. Яғни, ол контруктивистік теорияның өкілі бола тұра примордиалистік тұжырымның ерекшеліктерін біршама толық талдаған ғалым. Э.Д. Смиттің айтуынша Еуропада шіркеудің ықпалы мен жергілікті дәстүрді ертеректе, яғни ХҮІ ғасырда қалыптасқан білім жүйесі түбегейлі алмастырды. Сондықтан, ұлттың қалыптасуы Батыста территориялық-әкімшілік билік пен тіл бірлігінің, білім жүйесі мен басқа да өмір салттарын стандарттау арқылы жүрді. Сөйтіп, индустриалды мәдениетті қалыптастырушы мемлекетке деген адалдық дәстүрге, дінге деген адалдықтан жоғары қойылды. Э. Д. Смит,- «Шығыстағы ұлттар империя қыспағынан құтылған соң этникалық ұлттарға айналды, өйткені, олардың менталитеті, діни дүниетанымы өз халқының әдет-ғұрпын, дәстүрлерін сақтап, қорғауға итермеледі» деп жазды [5, 92-б.].  Өйткені, Шығыс халықтарының ұлт жайлы түсінігіне нативизм қатты әсер етті. Нативизм - тарихи дәстүрлер қанға, бойға сіңеді, адамның бүкіл болмысына, түпкі табиғатына топырақтан жұққан мінез бен қасиет, дәстүр мен әдет-ғұрыптар әсер етеді деген түсінік. Бұл Қазақстанға да тән құбылыс. Жергілікті халықтың ежелгі сенім-нанымдары мен дәстүрлерін отаршылдарға қарсы күресу үшін мобилизациялық құрал ретінде пайдалану Шығыс елдеріндегі ұлт ұғымын Еуропадағы азаматтық ұлт тұжырымының логикасынан мүлде алшақтатып әкетті. Сөйтіп, Шығыс адамдары өз елдерінде секуляризацияға ұшыраған ортақ білім жүйесі, индустрия мен ортақ заңдар жүйесі ежелден қалыптаспағандықтан ұлттық ортадағы этникалық дәстүрлі қарым-қатынастар мемлекеттік тұтастықтың кепілі деп түсінді. Шығыста заң кодекстері мен билік институттарын, білім жүйесін Еуропалық тәжірибеге ұқсатып құрғанда әдет-ғұрыптарды, мистикалық түсініктерді де араластырып, кірістіріп отырды. Ислам елдеріндегі, Қытайдағы құқықтық қатынастарды реттеу тәжірибесінен осыны көреміз. Бұл этникалық ұлттардың мемлекеттерінде стандартты кодекстер мен институттар болмайды деген сөз емес, тек олар Шығыс халықтарының идеологиялық ұлттық бірлігін қамтамасыз етуде шешуші роль атқармайды. Шығыс елдерінде стандартты құқық кодекстері мен мемлекеттік институттардан гөрі этнографиялық дәстүрлер мен діни түсініктер, дәстүрлі институттар (ақсақалдар соты, шариғат, мешіт, ұлттық аңыздар т.б.) ұлттық тұтастыққа пайдалы әсер етеді. «Бірақ, - дейді Э.Д. Смит, - Шығыс елдерінің көбіне этнос пен мемлекеттің тұтастығы бірдей нәсіп болмаған. Мысалы, Түркия көпұлттылық әсерінен этникалық пантүркизм идеясынан бас тартуға мәжбүр болды. Шағын территорияға, азаматтық құқықтарға, бірыңғай азаматтық кодекске, зайырлы саяси мәдениетке және азаматтардың сенім бостандығына сүйеніп қазір қуатты мемлекет құрды. Бірақ, ұлттың территориялық және этникалық тұжырымдарының дуализмі әлі шешілген жоқ», - дейді [5, 93-б.].

«Мәңгілік Ел» идеясында көрсетілгендей, ұлттық бірлікті қамтамасыз ету үшін Қазақстанда тұрмыс кешіп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өзара бірлік пен ынтымақ ішінде өмір сүруі маңызды. Тәуелсіздіктің тұғырын берік қылу этнодемографиялық мәселелердің де оңтайлы шешімін табуға тікелей тәуелді. Тарихқа көз салатын болсақ, Қазақстан жұртшылығының этнодемографиялық құрамын, мәдени бейнесін ХІХ-ХХ ғасырдағы славян нәсілі өкілдерінің көшіп келуімен байланыстырған жөн. 1897 жылы жүргізілген санақ бойынша Қазақстан халқы - 4,2 миллион адам, ішіндегі 3,4 миллионы қазақ болыпты. Яғни, жергілікті ұлт жалпы халықтың 82 пайызын құраған. Ол кезде елімізде орыстардың саны 454 мың, жалпы халықтың 11 пайызы, украиндықтар 80 мың, жалпы халықтың 2 пайыздайы ғана.  Бұдан кейін Қазақстанға ақ патшаның империялық саясатымен Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан 1 млн 150 мың адам көшіп келіп, қоныстанды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін жүргізілген ұжымдастыру науқанында қазақ жеріне 250 мың шаруа жер аударылды. 1920-30 жылдары жүрген «индустриалау» кезеңінде қазақ даласына 1 миллион 200 мың адам тағы көшірілді. КСРО заманында славяндарды есептемегенде 800 мың неміс, 507 мың шешен, ингуш, қарашайлар, 102 мың поляк, 19 мың кәріс жер аударылыпты. 1940-шы жылдары Қазақстанға қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және тағы басқа этнос өкілдері жіберілді. Ұлы Отан соғысы кезінде елімізге 350 мың адам және көшірілді. Осы жылдары Қазақстан Кеңес Одағының халықтарды күшпен жер аударатын «түрмесіне» айналды. 1950-ші жылдары әлемде теңдесі жоқ ірі науқан - тың игеру басталды. Осы кезде Республикамыздың теріскей облыстарына 1,5 миллион адам, құпия әскери объектілерге 150 мың адам көшіп келді. Сөйтіп, ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ жеріне сырттан келген 5 миллион 600 мың адам қоныстанды. Оның үстіне өткен ғасырдың 30-шы жылдары 1,5 миллион қазақ аштан қырылса, 1,3 миллион қазақ босқын тауып, шетелге ауды. Аштықтың алдындағы 1930 жылы республикамызда 5 миллион 873 мың адам тұрса, 1933 жылы осы халықтан  2 миллион 493 мың ғана адам қалды. Сөйтіп, ұжымдастыруы, аштығы, жер аударуы бар, өндіріс пен тың игеру науқаны бар 1962 жылы қазақтардың өз жеріндегі үлес салмағы 29 пайызға төмендеді.  29 пайыз қазақтың 1960 жылға дейін 90 пайызы ауылда тұрды.  Мемлекеттік істердің, қоғамға берілетін үлгі, бағдарламаның қалалы жерде әзірленіп, жүргізілетіні белгілі және орыстандыру саясатының да ықпалы бар. Орыс тілді кеңестік-атеистік мәдениет Қазақстанның мемлекеттік мәдениетіне айналды. Кеңес заманында Одақтың барлық түкпірінде орыс ұлты өкілдері мемлекетті нығайтушы, ел тағдырына жауап беруші адамдар болып саналды. Сөйтіп, Қазақстанда төмендегідей этно-демографиялық жағдай қалыптасты. Біріншіден, географиялық орналасуы жағынан екі этникалық аймақ бөлектеніп шықты. Славян нәсілінің өкілдері еліміздің теріскейін жайлайды. Қазақтың көпшілігі елдің оңтүстігінде отыр. Екіншіден, орыс ұлты өкілдері қалалы жерлерде тұрады да, қазақтар көбіне кей ауылға қоныстанған.  Қазіргі жағдайды төмендегі көрсеткіштер арқылы біле аламыз. 1970 жыл мен 1979 жыл аралығында қазақтар 1 миллион адамға көбейіп, 5,3 миллион болып, халықтың 36 пайызына жетті. Орыс этносының өкілдері бұл уақыт ішінде 470 мыңға көбейіп, 6 миллионға өсті. Жалпы халықтың 40,8 пайызы болды. 1979 жылы ғана славян нәсілінің өкілдері Қазақстан халқының көпшілігі мәртебесінен айырылды. 1989 жылы қазақтардың саны (6,5 миллион) бірінші рет орыс ұлты өкілдерінің санынан (6,2 миллион) асты. 1992 жылдан бастап Қазақстандық орыстар Ресейге көше бастады. 1999 жылғы санақ бойынша елімізде қазақтардың үлес саны 52 пайыз, орыс ұлтының үлесі 34 пайыз болды. Ал 2009 жылғы санақ бойынша қазақ халқының үлес салмағы 63%-дан асты.

Елдің этнодемографиялық дамуындағы бұл үдеріс мемлекет құрушы ұлт – қазақтардың басқа этностарды топтастырудағы рөлін, қоғамдағы келісім мен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі жауапкершілігін айқындап тұрса керек.

Ол Қазақстандағы этносаралық қатынас мәдениетінің бейбітшілік, мәдениеті, рухани келісімге ұласу динамикасын көрсетіп тұр. Оның негізі қазақ халқының менталитетіндегі қонақжайлылық пен толеранттылық құндылықтары тұр [6, 33б]. Егер славян, неміс, грек этносы өкілдерінің де миграциясын ескерсек, Қазақстанда түркі-мұсылман жұртшылығы (қазақ, ұйғыр, өзбек, тәжік, татар т.б.) енді бір 10-15 жылдан кейін халықтың 2/3 бөлігі болады. Қазақстан халқының этнодемографиялық құрамы осылай өзгеретін болса, Қазақстан мемлекетінің мәдени келбетіне, яғни ұлттық идентификациясына да бұл процесс әсерін тигізбей қоймайды. Сонымен, Қазақстан жоғарыда берілген тарихи оқиғалар мен миграциялық процестердің салдарынан халқының негізгі дені қазақ пен орыс ұлты өкілдерінен тұратын биэтникалық мемлекет болып қалыптасты. Осының нәтижесінде қазір еліміздің тілдік-мәдени идентификациясы шешілуі қиын, күрделі мәселеге айналып тұр. Осы жағдайда еліміз жаһандану дәуіріне кіруде.

«Мәңгілік Ел» идеясында айтылған негізгі қағидалардың бірі Астана қаласын дамыту мен көркейту, оны ұлттық жеңісіміздің символына айналдыру. Бұл жерде Астана қаласымен бірге Қазақстанның барлық қалаларын дамыту мен көркейту мақсаты көзделгендігі анық. Қазақстандағы урбанизация процесінің тарихы тым тереңде болмаса да, Кеңес одағы кезінде қатты дамыды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қалалардың өмірі күйзеліп, тұрмыс-тіршілігі құлдыраса да, кейіннен біртіндеп қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бұрынғы өндірістік-өнеркәсіптік орындар қайта іске қосылып, ел экономикасын дамытуға қарқынды үлес қосып отыр. Бұлардың барлығы Қазақстан қалаларының инновациялық-технологиялық тұрғыдан әлі де жетілдіруді қажетсінеді. Мемлекет тарапынан да қаланың экономикалық-әлеуметтік ахуалын жетілдіру туралы бірқатар заңнамалар қабылданды. Мәселен, 2012 жылы «Моноқалаларды дамытудың 2012 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Осының негізінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры шағын қалаларда кәсіпорын, бизнес ашқысы келетіндерге несие, субсидия беруді жолға қойды. Бұлардың барлығы «Мәңгілік Ел» идеясында айтылған инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсімді жандандыратыны белгілі.

Кез келген мемлекеттің қала желісінде ірі және өте ірі қалалар барынша маңызды роль ойнайды. Өсіп келе жатқан қыстақты еске салатын басқа шағын қалалардан ерекшелігі – оларда нағыз қалалық өмір салты үстемдік құрған. Орта қалалармен салыстырғанда ірі және өте ірі қалаларда жұмыс мүмкіндіктері мол, әлеуметтік инфрақұрылымның даму аймағында айтарлықтай басымдылықтар бар. Олар негізінен әлемдік нарық шеңберінде қоғамдық еңбек бөлінісіне жоғары деңгейде тартылған. Технологиялық жаңалықтарды шоғырландырады, бүкіләлемдік ақпараттық және инвестициялық тасқынға, жаһандану үдерісіне қосылу үшін үлкен мүмкіндікке ие. Сондықтан урбанизацияны талдау кезінде ірі және өте ірі қалалардың даму үдерістеріне әрқашан баса назар аударылады [7, 57-б.]. Урбанизацияның жаһандану шартындағы ерекшеліктері мен тенденцияларын, оның елдің индустриальды-инновациялық дамуындағы өскелең ролін зерттеу маңызды ғылыми және тәжірибелік мәселені құрайды.

Тәуелсіздік алғалы жиырма жеті жыл өтті. Осы уақыт аралығында республиканың қарқынды дамуы бойынша жасалып жатқан жұмыстар жүйесінде Қазақстанның қала елдімекендері көрнекті орын алады.

Қалалар орасан ғылыми-өнеркәсіптік потенциалға ие бола отырып, инновациялық және технологиялық байланыстардың орталығы ретінде көрініс табады. Осы потенциалды тиімді пайдалануға, қалалар дамуының стратегияларын дұрыс анықтау мен бағыттауға көбінесе қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі тәуелді.

Қазақстан әдетте бес ірі экономикалық аймаққа бөлінген: Батыс (Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары), Солтүстік (Астана, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары), Шығыс (Шығыс Қазақстан облысы), Оңтүстік (Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары) және Орталық (Қарағанды облысы). Егер қалалар мен қыстақтарды да ескеретін болсақ, онда барынша урбандалған қалалар ретінде Шығыс және Орталық аймақтарды айтуға болады. Бұл аймақтарда кеншілер тұратын қыстақтар әжептәуір мол. Өндірістің арқасында қыстақтар мен қала типіндегі қыстақтар көптеп салынған. Орташа дәрежеде урбандалған қалалар ретінде Солтүстік және Оңтүстік аймақтарды көрсетуге мүмкіндік бар. Ал Қазақстанның батыс өңірлеріндегі қалалар болса шашырай орналасқан. Егер жоғары деңгейдегі қала қыстақтарымен шектелетін болсақ, онда салыстырмалы түрде Қазақстандағы урбанизация «лидерлері» ретінде Оңтүстік пен Солтүстік аймақтарды атауға болады. Шығыс пен Орталық Қазақстан аймағы орташа дәрежеде урбандалғандығы жоғарыда айтылды. Ал Батыс Қазақстан аумағы төменгі деңгейде орын алғандықтан, оларды аутсайдар деп айтса да болады.

10 мың шаршы метрге шаққанда барлық қала типіндегі қыстақтардағы тұрғындар саны бойынша аймақтардың деңгейлік бөлінісі қалалардың кеңістік концентрациясы бойынша бөлінісімен сәйкес келетіні қызықты. Орташа алғанда 1999 жылдың 1 қаңтарындағы санақ мәліметтеріне сәйкес 10 мың шаршы метрге шаққанда қалалар мен қала типіндегі қыстақтарды бірге алғандағы тұрғындар саны 33 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш Оңтүстік аймақта арта түседі, яғни 10 мың шаршы метрге шаққандағы жан басы – 44 мың адам. Одан кейін 36 мың адаммен Солтүстік аймақ келеді. Шығыс Қазақстан аймағында – 32 мың және Орталық Қазақстанда – 27 мың адам қоныстанған. Батыс Қазақстан аймағы болса 16 мың адаммен соңғы орында тұрақтаған. Бұл Орталық аймақтан бөлек барлық жерде қала типіндегі қыстақтар қала тұрғындарына қатысты өте болмашы мөлшерде екендігін көрсетеді. Аймақтар мен ел кеңістігіндегі қалалық орындардың тұрғындары бөлінісінің жалпы сипатына айтарлықтай әсер ету үшін бұл жеткіліксіз.

Тәуелсіз Қазақстан жоғары урбандалған мемлекеттер қатарына жатады. Өйткені 2009 жыл санақ қорытындылары бойынша қала тұрғындарының үлес салмағы 54,1%-ды, ауыл тұрғындары – 45,9%-ды құраған. 1999 жылы олардың арақатынасы сәйкесінше 56,4 % және 43,6%-ды құрады [8, 64-б.].

1999-2009 жылдар ішінде Қазақстанның бір аймағынан екіншісіне қоныс аударуы ауқымды сипат алды. Басым түрде бұған Қазақстан Республикасының жаңа астанасы – Астана қаласы болып таңдалуы қатты ықпал етті. Мұнда елдің барлық мемлекеттік аппараты көшірілді. Сонымен қатар он жыл ішінде қала динамикалық өсу қарқынын көрсетті. Түрлі жаңа нысандар бой көтеріп, өзіндік стилін тапқан шаһар ретінде тарихқа енді. Жекелеген аймақтардың да ұласпалы қарқынды дамуы тұрғындардың көші-қон үдерісін жаңа сапаға көтерді. Алматы қаласы мен Атырау, Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда және т.б. облыс орталықтары болған қалалардың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы миграцияның негізгі бағытының ірі қалаларға жөнелуіне себеп болды [9, 41-б.].

Әсіресе мұнай және газ кен орындарының ашылуы, құрылыс саласындағы серпін, экономиканың әртүрлі салаларында жаңа жұмыс орындарының жасалуы, оның ішінде сауда-саттық пен қызмет көрсету аясының үлкен стандарттарға ұласуы бұл аймақтарға негізінен еңбекке жарамды жастағы ішкі мигранттар тасқынының ағылуына жол ашты. Жұмыс іздеген тұрғындар осы аймақтарға, қалаларға көшіп келді. Олар уақытша тұрып қана қоймай, үлкен қалаларды тұрақты мекен-жай ретінде таңдады. Өйткені экономикалық және әлеуметтік әл-ауқаттың артуы осы қалаларда деп есептеді.

Өзінің тұрақты мекен-жайынан қоныс аудармаған түпкілікті тұрғындардың үлкен үлесі Атырау облысында байқалды (86,0%). Бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда (84,3%), Оңтүстік Қазақстан облысы (78,9%) және Жамбыл облысы (73,0%). Ақмола облысы (49,6%), Маңғыстау облысы (48,1%) және Алматы қаласы (49,3%) жартыдан төмен, ал Астана қаласы тұрғындарының тек үштен бірі ғана жергілікті тұрғындар санатына жатады. Елдегі қалған аймақтарда өзінің тұрақты мекен-жайынан қоныс аудармай тіршілік кешіп жатқан тұрғындар саны 51,4%-дан 63,8%-ға дейінгі аралықта теңселіп тұр [9, 44-б.].  

1999-2009 жылдар арасындағы он жыл уақыт ішінде ел аумағында бір аймақтан екінші аймаққа көшіп-қонып жүрген тұрғындардың үлес салмағы тұтас алғанда 39,8%-ды құрады. Бұл бойынша Астана қаласына келгендердің үлес салмағы барынша жоғары (67,6%), Алматы қаласы (50,4%), Атырауда (51,0%), Ақтөбеде (48,3%), Батыс Қазақстанда (45,5%), Қызылорда облысында (41,1%) және Алматы қаласында (40,6%).

Қос санақ арасы өткен уақыттағы ел ішіндегі тұрақты мекен-жайдың ауысуы кезіндегі айтарлықтай мобильділік негізінен еңбекке жарамды жастағы тұрғындарға, сонымен қатар төмендегі жас тобындағы тұрғындарға тиесілі болып келеді: 0-9 жас – 76,6%, 10-19 жас – 61,6%, 20-29 жас – 60,8%. 70 жас пен одан жоғарғылардың миграциялық белсенділігі төменгі дәрежеде.

Қаладағы қазақ тұрғындарының абсолютті мөлшері 1989-1999 жылдары 1111 мың адамға артып, 1999 жылдың 1 қаңтарында 3601 адамға көбейді. Осының нәтижесінде Қазақстандағы қазақтардың жалпы мөлшерінде қалалық қазақтардың үлесі 38,3%-дан 45,1%-ға дейін жетті. Егер 1989 жылы республиканың барлық қалалық тұрғындарының арасындағы қазақтардың үлес салмағы 26,3%-ды құраса, онда 1999 жылы бұл көрсеткіш 43%-дан асты. 2009 жылғы Ал екінші ұлттық санақ нәтижелері бойынша қазақтардың үлес салмағы 63%-дан асты. Одан бері 9 жыл өткенін есте ұстайтын болсақ, қалалық қазақтардың саны 70%-ға жетуі ықтимал деп болжам жасауға болады. Тіпті бұл көрсеткіштен сәл асуы да мүмкін.

Қорыта айтқанда, қала тұрғындарының абсолютті мөлшерін толықтыру қалаларға қала шетіндегі елдімекендерді қосу, ауылдық елдімекендерді қалаға айналдыру, табиғи өсім мен ауылдық-қалалық миграция есебінен жүреді. Бізге қолжетімді мәліметтерде қандай да бір село тәуелсіздік кезеңінде қала немесе қала типіндегі қыстақ мәртебесін алды деген дерек жоқ. Егер мұндай жағдай орын алса, онда қаладағы қазақ тұрғындары есебінен жүзеге асқан үстеме әрі кеткенде бірнеше мың адамға артқан. Екі қаланың құрамына 12 село қосылған. Бұдан бөлек, 6 қалаға селолық аудандардың территориялары біріктірілген. Оларда тұрғындар санының белгілі бір мөлшері өмір сүреді деп ұйғаруға болады. Мұндай жолмен алынған қала тұрғындары үстемесі салмақты бола түседі, бірақ 50 мың адамнан аса қоймайды. Әрі қарай 1991-2000 жылдары Қазақстандағы қала тұрғындарының табиғи өсімі 360,5 мың адамды құрады. Және бірқатар уақыт ауысымынан кейін (1989 - 1999) өсім мөлшері де осындай болып қалды. Қалалық қазақ тұрғындарын толықтырудың үш алғашқы тәсілі жиыны 400-420 мың адамды берді. Екі ұлттық санақ жүргізілген 1989 – 1999 жылдар арасындағы 690 – 710 мың адам деп саналатын қалалық қазақтар өсімінің айтарлықтай үлкен бөлігін ауылдық-қалалық миграция қамтамасыз етті.

Ауыл тұрғындарының қалаға көшуі оның әлеуметтік табиғатының бір сәтте автоматты түрде өзгеруін білдірмейді. Ауыл тұрғындары қала ортасына бейімделу үшін ауылдағы қалыпты өмір сүру дағдысынан қалалық өмір салтына өтті және жұмысқа орналасу үшін қажетті мамандықтарды игерді. Тек қомақты табыс қана алып келмей, адамның әлеуметтік мәртебесін көтеретін мамандық алу үшін қалада бірнеше жылдар қажет болды. Әрине, көп нәрсе көшіп келген адамның мінез-құлқы мен ерекшеліктеріне, көшіп келмей тұрып алған әлеуметтік тәжірибесінің мазмұнына тәуелді. Кейбір мигранттар қалаға екі-үш жыл ішінде тез бейімделеді; басқалары адаптация үшін бүкіл ғұмырын арнауы мүмкін. Бірақ бірінші ұрпақ өкіліндегі мигранттардың негізгі бөлігі қалада өмір сүріп, ауылдан алып келген қасиеттері мен дағдыларының көбісін сақтап қалады. Бұл өз кезегінде тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқының тарихи мақсат-мұратына жетуді жалғастыратын ұрпақтың негізгі әлеуеті қалада да жинақталып жатыр дегенді көрсетеді. Сонымен бірге, «Мәңгілік Ел» идеясының өзегін құрайтын ақиқаттардың қала халқының тыныс-тіршілігінде жалғасын тауып, Қазақстанның ұлттық кодын сақталуына қолайлы жағдайдың туындағанын көрсетеді. Қазақтар және басқа да этнос өкілдерінің, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқының бірлігі мен келісімге негізделген қарым-қатынасының нәтижесі қазақ жерінде «Мәңгілік Ел» идеясының ел дамуындағы бағалы құндылық ретінде бауырмалдық пен біртұтастықты негізге  алатынының көрінісі болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Интервью Президента РК Агентству «Хабар»: «Размышления у подножия Улытау» (24 августа 2014 года) // pravo.zakon.kz/4648972-ervju

2. Обращении Ассамблеи народа Казахстана к гражданам страны» (Астана,17 января 2014г.)

3. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі (Толық мәтін). http://www.inform.kz/kz/mangilik-el-patriottyk-aktisi-tolyk-matini_a2897386

4. В чем значение формулы «Казахстан - Мәнгіліқ Ел»?//altyn-orda.kz/v-chem-znachenie

5. Смит Э.Д. «Образование наций». Этнос и политика. Хрестоматия. - Москва, Издательство «УРАО», 2000.

6. Макашев Е.С. «Этнополитика и межэтническая ситуация в РК». (1991-2001 годы). Казахстанская модель этнополитики. – Алматы: КИСИ, 2002.

7. Панарин С. Казахстан: города и урбанизация в межпереписной период (1989 - 1999) / Люди, 2003.

8. Казахстан 1991–2001 годы. Информационно-аналитический сборник. - Алматы, 2001.

9. Итоги национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года». Аналитический отчет. Под ред.Смаилова А.А. – Астана, 2011. 

Ерболат Мамырайхан

Идея «Мәңгілік Ел» и демографические проблемы городского населения

Магистрант 2-го курса Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова 

Резюме

  В данной статье на основе идеи Н.А. Назарбаева «Мәңгілік Ел» обсуждаются социально-экономические проблемы и этно-демографическое положение городского населения в Казахстане. Кроме того, анализируется количественный и качественный рост городского населения, с момента обретения независимости, в соответствии с политическим, социальным и политическим развитием страны. В работе отражены показатели по национальностям страны. Проанализирован процесс адаптации к современным требованиям крупных и малых городов Казахстана, а также их место в осознании национальной идентичности.

Ключевые слова:Мәңгілік Ел; городское население; демография; Независимый Казахстан; этнос; урбанизация.


<b style="font-family:Arial, Helvetica, Verdana, Tahoma, sans-serif;font-size:15px;">



The Idea of "Mangilik
El" and Demographic Problems</b><br />

of Urban Population

Yerbolat Mamyrayakhan

 2nd year Master’s Student of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology

Summary

  In this article, based on N.A. Nazarbayev's idea of "Mangilik El", social and economic problems and the ethno-demographic situation of the urban population in Kazakhstan are discussed. In addition, the quantitative and qualitative growth of the urban population is analyzed, from the moment of gaining independence, in accordance with the political, social and political development of the country. The work reflects the countries nationalities. The process of adaptation to modern requirements of large and small cities of Kazakhstan, and their place in the awareness of national identity, is analyzed.

Key words: Mangіlіk El; urban population; demography; Independent Kazakhstan; ethnos; urbanization.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 2250

Нет рецензий

Скачать файлы

Е. Мамырайхан мақала.docx 0.04 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ЮРТА И ОСОБЕННОСТИ МИРОВОСПРИЯТИЯ КАЗАХОВ ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ КЕРЕЙ ХАНДЫҒЫ УДК 947.084 (574.2) ЭТНОЯЗЫКОВЫЕ ПРОЦЕССЫ В УСЛОВИЯХ ДВУЯЗЫЧИЯ В ПЕРИОД ЦЕЛИНЫ УДК 316.334:314.5/.6; 316.356.2ОСОБЕННОСТИ СЕМЬИ И БРАКА И ЭТНОЯЗЫКОВАЯ СИТУАЦИЯ В СРЕДЕ ГОРОДСКИХ КАЗАХОВ В КОНЦЕ 1950 –1980-х ГОДОВ УДК 39 (=512.122)(560) ҒТАМР 03.41.01 ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (экспедицияда жиналған материалдар негізінде) ӘӨЖ 2:93(574) ҒТАМР 03.01.39 «Мәңгілік Ел» идеясы және қала халқының демографиялық мәселелері ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) УДК 94(574) (5-191.2) «20/30»:323.17 Национально-территориальное размежевание Казахстана и Средней Азии: проблемы, дискурсы, мнения УДК: 314.1(574-25) ЭТНО-ДЕМОГРАФИЧЕСКОЕ РАЗВИТИЕ НАСЕЛЕНИЯ КАЗАХСТАНА (1999-2018 ГГ.) 902.7(574). ЭТНИКAЛЫҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ CӘЙКЕCТІКТІҢ КЕЙБІР МӘCЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ

Статьи автора

ӘӨЖ 2:93(574) ҒТАМР 03.01.39 «Мәңгілік Ел» идеясы және қала халқының демографиялық мәселелері