Главная » Материалы » Қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесі қарсаңындағы Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерi

Л.Т.Исова - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесі қарсаңындағы Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерi

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № №2(10)

Теги: шығыстану, көктемі», «араб, Шығыс, Таяу, және, Африка, Солтүстік, геосаясат, Араб, әлемі, Араб, шығысы, және, ПШАМЫК.
Аннотация:
Мақалада араб мемлекеттерінің қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі кейбір мәселелері қарастырылады. Халықаралық қатынастардың қазіргі жүйесіндегі Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс аймағы экономикалық, жағрапиялық және геосаяси, саяси, әскери, көші-қон секілді бірқатар факторлармен анықталады. Әлемнің ең бір тұрақсыз аймағы ретінде де танымал. Араб Шығысындағы аймақтық дағдарыс ақуалы осы аймақта орналасқан мемлекеттердің бір-бірімен мүдделерінің қарама-қайшы болу, аймақтық емес державалардың бәсекелестігі, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстармен де байланыс тапқан.
Содержание:

Қазіргі Қазақстанның әлемдік саясаттағы орын алып жатқан саяси оқиғаларға ден қоя, өзінің саяси ұстанымдарына сай халықаралық оқиғаларға ат  салысуы шынайы мазмұнға ие болуда. Оның дәлелі, бірнеше басқосуларға алаң болған халықаралық Сирия диалогының «Астана процесі». Яғни, ресми Астана мінберінде халықаралық қатынастың ат шулы аймағы, араб түбегінің саяси ақуалына қатысты мәселенің талқылануы,  Қазақстанның халықаралық қатынас субъектісі ретіндегі маңыздылығы мен геосаяси салмағын айқындалғанының да көрсеткіші болып отыр.

ХХ ғасырдың 50-жылдары тәуелсіздіктеріне қол жеткізгеннен бергі кезеңде араб әлеміне кіретін мемлекеттер ауқымды сілкіністерді басынан өткізе, әлемдік қауымдастықтың қашанда назарына ілініп  келеді. Таяу Шығыс немесе араб шығысы секілді бірде-бір аймақ әлемдік саясат назарын өзіне соншалықты терең аудартқан емес. Аймаққа деген ерекше назардың болу себебі де,  араб елдерінің дүние жүзіндегі маңызды стратегиялық орнымен сипатталып, аймақтағы негізгі әлемдік көмірсутегі қорының шоғырлануымен ғана емес, су, құрлықтық, әуе желістерінің тоғысуы, құрлықтар мен өркениеттердің бірігуінің де аумағы ретінде геосаяси параметрлерге де  бағынуымен сипатталады.

  Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерiндегі саяси оқиғалар таралымы қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесінің қалыптасуына негіз болуы мүмкін делінетін жаңа алғышарттар қалыптастыруда. Халықаралық ақуал және геосаяси орта қарқынды  өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыздықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар, Жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда [1]. Қазіргі халықаралық қатынастар сараптамасына «араб көктемі» атты атаумен енген араб тектес мемлекеттердегі саяси тұрақсыздық геосаяси бетбұрыстар белесін өзгертіп, аймақтың әлемдік саясат жүйесіне жаңаша түзілу әкелетіндей үдерістерді тудырған болатын.  Алайда, әлі де болса аймаққа қатысты геосаяси өлшемдер қандайда бір анықтамалар ауқымына сай келіп, шынайы тұжырымдар параметрлеріне бағынбай отырған сыңайлы.

Соңғы уақыттарға дейін арабтық шығыстың барлық сәтсіздіктері үшін аймақ туралы кереғар ғылыми ойлар таратып, оның сипатын тұрғындарының болмысын өздерін басқару қабілеті аз, жабайы келбетінде сипаттаған  және сонау ХІХ ғасырдан араб әлемі туралы қысаң ақпараттарды тарата, өздеріне қажетті ғылыми анықтамаларды жасаушы батыстық шығыстанушыларды айыптау ұғымы орын алды. Батыстық шығыстанушылардың араб әлеміне қатысты тұжырымдары батыс державалары «жабайы мұсылман» араб елдерін қалай өмір сүру және өз-өздерін басқаруды үйрету керек көзқарасқа сайды. Белгілі араб ойшылы Э.Саид былай деген еді: «Батыстағы ғылыми шығыстану Шығыс өркениетің түсініп, тануға емес, «бақылау үшін түсінуге»  құрылды, <...> шығыстану  Батыстың Шығыспен саяси қатынастар  жүйесін құруға қызмет еткен әдіснамалық құралға айналды. Бұл сападағы шығыстану екі жақты, қарама-қарсы рөл ойнай, нәтижесінде еуропалық отарлаушыларға адал қызмет  етті». Келесі бір араб ғалымы М,Аль-Бахи болса, «шығыстанудың пайда болуының басты себебі дінмен байланысты болды, содан кейін барып сауда, саясат, дипломатия және жеке сипаттағы салдарлар орын алды» дейді [2,20-б.]. Осындай арабтық шығыстың саяси сілкіністеріне батысты айыптау секілді көзқарастар қазіргі уақытқа дейін толастамауда.

Әрбір араб мемлекетіне өзінің спецификасы мен халықаралық қатынастардағы өзіндік орны тән сыртқы саяси үдерістерін анықтау үшін олардың әрқайсындағы исламның саясаттануын, дәстүрлі қоғам элементтерінің ықпалын, саяси жүйедегі әскердің орынын, мемлекеттің экономикадағы орынын және елдің бірінші тұлғасының ауқымды өкілеттілігінің көлемін,биліктің орталықтану ерекшеліктерін анықтап алу қажет. Араб елдері, ортақ геосаяси, лингвистикалық, мәдени және діни кеңістік, Солтүстік Африка мен Батыс Азияның 14 млн. шшаумағын алып жатқан кеңістік. Араб елдеріне  22 араб мемлекеттері Лигасына мүше-елдер, яғни Алжир, Бахрейн, Джибути, Еги­пет, Иордания, Ирак, Йемен, Катар, Комор аралдары, Кувейт, Ливан, Ливия, Мавритания, Марокко, Біріккен араб әмірліктері, Оман, Сауд Арабиясы, Сирия, Сомали, Судан, Тунис және егеменді мемлекет құруға қол жеткізе алмай отырғанына қарамастан Палестиндік ұлттық әкімшілікті жатқызады. Сонымен бірге Джибути, Комор аралдары, Мавритания, Сомали, Суданда арабтардың тұрғындардың аз бөлігін құрайтын факторы да бар. Әрбір араб елінің сыртқы саяси ресурстары халықаралық аренада нәтижеге қол жеткізуге бағытталған сыртқы саясатта әрекетті жүзеге асырудағы құрал болып табылады.

Территориялық-географиялық сыртқы саяси ресурстары араб елдеріне ыңғайлы геосаяси ақуал тудырып отыр. Еуропалық елдерге жақындығы (әсіресе, Солтүстік Африка), Африка мен Азиядан Еуропаға транзиттік жолдардың тоғысында орналасуы  ыңғайлылық. Маңызды геосаяси мүмкіндікке ие болып отырғаны  Египет, себебі оған Африка мен азиялық құрлықтарды байланыстырып отырған Си­най жарты аралы тиесілі, сонымен қатар Суэц каналы арқылы Үнді мұхитынан Жерорта теңізі ары қарай Атлантикаға шығатын жол да өтеді. Жағымсыз территориялық-географиялық ресур­старға араб мемлекеттерінің аймақтық қақтығыстар мен тұрақсыздық аудандарына жақын орналасуы (Палестина, Судан, Йемен, Ирак, Ливан). Араб елдері арқылы миграциялық толқын өтеді. Араб елдеріндегі демографиялық факторда күрделі. Экономикаға тәуелді елдерінде (біршама  ірі елдерінде, мысалы Египетте -83 млн, Суданда-41 млн, Ма­роккода- 34,9 млн, Алжирде-34,2 млн, Иракта-29 млн, Сауд Арабиясында - 28,7 млн., Йеменде - 23,8 млн, Сирияда - 20,2 млн, қалғандарында бірнеше жүз мыңдаған бірер миллион ғана тұрғындар бар). Мұнайы жоқ араб мемлекеттерінде жұмыссыздық орын алса, екінші жағынан Парсы шығанағындағы мұнай өндіруші білікті мамандардың жетіспеушілігінен шетелден жұмысшылар тарту (Бахрейн, Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясында) тұрғындардың  80 % дейін құрайды.

Араб елдері аумағында әртүрлі этнос өкілдерінің (араб, бербер, туркоман, курд, ар­мян, ассириялықтар), конфессиялар (мұсылман және христиан), исламның әртүрлі бағыттарының болуы (сунниттік мен шейіттік ағымның басымдылығы), этникалық және конфессия аралық негізде орын алған қарулы қақтығыстар мен шиеленісті ушықтырудың жасырын қақтығыстық потенциалына ие (мысалы  курдтар мен арабтардың, Ирактағы сунни­ттер мен шииттер Ливандағы христиандар мен мұсылмандар). 

Парсы шығанағы елдері мұнай қорына бай. British Petroleum кампаниясы құрастырған  2007 ж. «әлемдік энергетиканың статистикалық шолуына» сәйкес, ауқымды көмірсутегіне ие болып отырғандар: Сауд Арабия (264,3 млрд. баррель немесе 21,9 % әлемдік қор), Ирак (115 млрд. баррель немесе 9,5 %), Кувейт (101,5 млрд. баррель немесе 8,4 %), БАӘ (97,8 млрд. баррель немесе 8,1 %) [3]. Бұл деген әлемдік қаржы нарығында жетекші рөл ойнайтын мұнай өндіруші елдердегі валюта ағынын қалыптастырады. Бұл елдерде бір жақты экономиканың дамуы орын алып отыр, одан туатын азық түлік, көлік құрылысы өнімдері мен жоғары технологиялық тауарлар импортына тәуелділіктен туатын мәселелерді күрделендіру. Араб елдері мемлекеттерінде 57 % су көздерін араб емес мемлекеттерден алуға тәуелділік бар. Су жетіспекпеуінен  шөлейттену етек алуда.Аймақтық емес халықаралық ұйымдарға қатысуы тұрғысынан,  Саудия ғана әлемнің жетекші елдерінің «үлкен жиырмалығына» кіреді. Сонымен бірге араб елдері ЛАГ, Ислам Конфе­ренциясы Ұйымы, ОПЕК және мұнайды экспорттаушы-елдер Ұйымына мүше. Араб елдерінің ешқайсысы  НАТО-ға кірмегеніне қарамастан, бірқатар мемлекеттері (ең бірінші кезекте Египет, Марокко, Иордания, Парсы шығанағы елдері) АҚШ-пен көп жылғы тығыз әскери –саяси ынтымақтастықта. Сирия аймақтық күштер орталығы рөліне үміткер Иранмен ерекше қатынаста. Солтүстік Африка мен Батыс Азияда орналасқан араб елдері Еуропалық Одақтың Жерорта теңіздік жобасы ауқымында белсенді серіктесі болып табылады.

Биполярлық әлемдік тәртіптің бұзылуы халықаралық катынастың бүкіл жүйесінің едәуір дәрежеде өзгеруіне әкелді. Аймақтық жөне жаһандық қауіпсіздікті, әсіресе тұрақсыздық орын алған және жанжалдар ушығып түрған жерлердегі қауіпсіздікті сактау мақсатында күштердің жаңа аймақтық орталықтарының құрылуы, сондай-ақ әр түрлі аймақтық ұйымдардың рөлінің күшеюі осы өзгерістердің ең маңыздыларының бірі саналады. Сондай аймақтық ұйымдардың бірі 1981 жылы Бахрейннің, Катардың, Кувейттің, Сауд Арабиясының, Біріккен Араб Әмірлігінің және Оманның құрылтайшы болуымен құрылған «Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» (ПШАМЫК) болып табылады. ПШАМЫК-тың құрылған күннен бастап алға қойған басты міндеті аймақтық қауіпсіздік жүйесін құру, біртұтас қорғаныстық стратегияны және халыкаралық аренада бірізді, бірыңғай позицияны жасау болып келеді.Осылармен бірге, ПШАМЫК-тің қызметінде араб монархияларының басшылығы қажеттілік деп карастырып отырған ішкі кауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету жолымен жүзеге асырылатын араб мемлекеттілігін нығайту мәселесі де басты орын алады. Бұл бір жағынан, аталған елдердің әркайсысының өз ішінде оппозициялық күштер қызметінің белсенділігі арта түскен, екінші жағынан Парсы шығанағы аумағында шиеленіскен жағдайлардың өрши түсіп отырған кездегі билеуші жүйелердің орнықтылығын қамтамасыз етуден туындаған қажеттілік еді. Осыған орай өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Сауд Арабиясының басшылары бір мемлекеттің қауіпсіздігі бүкіл аймақтың қауіпсіздігімен тікелей байланысты деген тезис ұсынды. ПШАМЫК шеңберінде 1986 жылы Хавардағы бір топ аралдың және Зубара елді мекенінің қай жаққа қарайтындығы жөніндегі территориялық даулардан туындаған Бахрейн мен Катар арасындағы қарулы кақтығысты болдыртпай тастауға қол жетті. Алайда ПШАМЫК шеңберінде бұл мәселені шешу мүмкін болмағандықтан, Катар оны Гаагадағы Халықаралық соттың қарауына ұсынды. ПШАМЫК шеңберінде Сауд Арабиясы мен Оманның, БАӘ мен Оман-нын араларындағы шекаралық дауларды шешу қажеттігі жөнінде де алдын-ала келісімге қол жеткізілді.

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі араб әлемінің қалыптасуын анықтауда оның кезеңдену сипатына сай бағамдау орынды.

·  Бірінші кезең ХХ ғасырдың 50-ші жылдарынан 90-шы жылдарын

·  қамтиды. Бұл кезең тәуелсіздікке ие болу және мемлекеттілік қалыптастыруды сипаттайды.

·  Екінші кезең өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басы және ХХІ ғасырдың алғашқы жылдары. Бұл кезеңде араб әлеміндегі шашыраңқылық басталып,  Ирак және Кувейтке барлық салдарымен туындаған басқыншылық, ең бастысы араб бұғазы аудандарына американдық әскерлердің енгізілуі және аймақтағы келесідей «Шөлдегі қалқан» (1990-1991 жж.) және «Шөлдегі дауыл» (1991 ж.) әскери әрекеттер орын алды.

·  Үшінші кезең маңызды сипат ретінде орын алған «Араб көктемі» оқиғасымен өрбиді. 2011 жылдың қаңтарынан басталған бұл кезеңді қорытындылау тұр ғой, оның нәтижелерін  алдын-ала бағамдаудың өзі қиын. Бұл кезең қазіргі кездегі араб тарихының дамуының соңы емес екені анық.

2011 жылдың басындағы тұтанған оқиға, араб әлемінің геосаяси сипатын әлі де болса келтіріп тұр. Араб елдеріндегі Тунистің, Египеттің, Ливияның, Бахрейннің, Йеменнің және Сирияның «Көктемінің» саяси әртүрлігі болғанымен де, олардағы орын алған оқиғалардың бір уақытқа сәйкес келуі кездейсоқ емес және қақтығыстардың ішкі себебі мен оларға ықпал етуші сыртқы жағдайлар бойынша да көптеген ортақтықтарға ие.

Тунис – «араб көктемінің» бастау тұғыры іспетті. Буазизидің қазасынан кейінгі кедейшілік пен жұмыссыздық жайлаған ел  халқының үні күш алады. Зин эль-Абидин Бен Али 2011 жылдың 14 қаңтарында елдегі зорлықтың өршуінен кейін елді басқарудан бас тартып, елден кетуге мәжбүр болды. Бен Али сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін сырттай  35 жылға түрмеге қамалу үкіміне кесіледі. Сол жылдың 17 қаңтарында құрылған  уақытша үкімет құрамына құлаған жүйе өкілдерінің етіп кетуі де елдегі қарама-қайшылықты шиеленістіріп жібереді. 2011 жылдың 23 қазанындағы сайлауда ұзақ уақыт тыйым салынған «Қайта өрлеу-аль Нахда» партиясы болса 41 % дауыс жинайды.

Тунистің ішкі саяси дамуына ықпал еткен сыртқы саяси өзгерістер 2005 жылы Тунис республикасы Американың «Транссахарлық контрлаңкестік инициативасына» қосылуымен де жаңаша мазмұнға ие болғандай еді. Ғасырлар тоғысында Тунис Мағриб елдері мен Арабтық Шығыстағы біршама тұрақты мемлекет саналған болатын. Тунистің сыртқы саясатында салмақ оның Батыс елдерімен жан жақты қарым-қатынас орнатуына бағытталған. Алайда, тунис-американ қатынасы біржақты қорытындыға жинақталмаған, палестин және ирак оқиғалары елдің араб тұрғындары арасында үлкен резонанс алады. Бауыр ислам халықтары үшін олар Құрама Штаттарға қарсылық көрсетіп, әртүрлі дәрежедегі басқосуларда, съездер мен жиналыстарда өткір сыни көзқарастарын көрсетеді. Соңғы жылдардағы өзгерістер қарқыны дәлелдегендей, тунис-американ диалогына деген қажеттілік араб әлемі үшін нақтылаған американ үкіметінің асқақ армандары бағыт ауқымды етер еді деген ойлар да туындайды. Тунис басшылығы НАТО ның Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдеріне қарай әскери-саяси жақындауын қолдай отырып, Мавритания, Египет, Израиль, Марокко, Иордания мен Алжир секілді аймақ елдерімен бірлесе, «Бейбітшілік үшін серіктестік» секілді бағдарламаға ұқсас бағдарлама аяында Солтүстікатланттық альянспен ынтымақстық мәселелерін қарастыруға ат салысқан еді. [4, 57-б.].

2011жылдың  25 қаңтарында басталған Египеттегі халықтық көтеріліс  Хосни Мубарак билігін аяқтады, 12 ақпанда Мубарак үкіметті Жоғары әскери кеңеске табыстады. 2012 жылғы маусымдағы президенттік сайлауда Мухаммед Мурсидің «Мұсылман бауырлар» ұйымының мүшелері 51% дауыс жинады.  

Ливияда да Муаммар Каддафи жүйесіне қарсы толқу белең алды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ливияға араласуды санкциялайтын 17-наурыздағы қарары қабылданған кейін-ақ, НАТО қолдауына сүйенген оппозициялық қарулы күш үкіметке қарсы соғысын бастап кеткен еді. Оппозиция құрған Ұлттық өтпелі кеңес шілде де, халықаралық қоғамдастық тарапынан Ливияның заңды үкіметі ретінде мойындалады. 2011 жылдың  20-қазанында Сиртте Каддафи өлтіріледі. Қарулы топтар мен бұрынғы жүйе жақтастары арасындағы қақтығыстардың арқасында мемлекеттегі тұрақтылық әлі де алыс белеске айналуда.

  Саяси сараптамаларға сүйенер болса, Ливия әлемдік саясатта маңызды рөл ойнаған еместігін айтуға  болады. Өзінің сыртқы саясатында мұнайды саяси қару ретінде қолдануына мүмкіндік беретін ауқымды мұнай ресурстарына ие. Халықаралық санкция әрекет етуімен, «зұлымдық» елі атанып, соңғы 40 жылда Ливия  Араб Шығысындағы АҚШ саясатына қарсы тұрып келеді. Триполидің аймақтық саясаттағы табысы 2003 жылғы адам құқығы жөніндегі БҰҰ комиссиясының африкандық елдердегі төрағасы болуып сайлануы мен М. Каддафи  ұсынған Африка мемлекеттерінің Одағын Африкандық Бірлік ұйымы орынына құруға келісуі елге үлкен табыс әкелді. Ливия үшін ықпалдылық күресін АҚШ  XIX ғасыр бойы, тіпті XX ғасырда да жүргізген еді. Король жүйесін құлатқанға дейін он жыл бұрын әскери көмек көрсету бағдарламасын зерттеу бойынша Комитетке АҚШ арнайы барлау басқармасы (ЦРУ) Ливия жөніндегі арнайы зерттеуін әзірейді, онда: «Ливия Таяу Шығыс пен Мағриб арасындағы буфер ретінде қызмет етуі керек. Ол Каирден келетін араб ұлтшылдығына да ыңғайланып кетуі мүмкін.  Әзірге Ливия батыс елдерімен достық қатынаста, осы жағдай батысқа Шығыс Жерорта теңізі бөлігі мен оңтүстік жағалауларды бақылап отыруға мүмкіндік тудырды»  делінген. Американдықтар бұл елде өздерін орныққан жағдайда сезінген тұстағы ел билігіне әскерилердің келуімен туындаған АҚШ-тың әскери қатысуының ликвидациялануы мен оның мұнай концерндері қызметінің шектелуі мұхиттың арғы бетінде төзімсіздік тудырды [4, 57-б.]. Ливия үкіметі бірнеше рет өздерінің халықаралық лаңкестікке қатыстары жоқ екенін  «толқынды» кезеңдер аталған тарихи дамуында жариялаумен келді.  

Бахрейндегі  шейіттердің қарсылық акциялары болса, 2011 жылдың ақпанында бастау алады. Оның ізінше наурызда  Араб түбегі елдері Бахрейн үкіметін қолдау мақсатында әскерлерін жібереді.

2011 жылдың қаңтарынан бастап, Йеменде көшеге ондаған мың адамдар шыққан көлемі ауқымды қарсыластық сахнасына айналады. Көптеген ру көсемдері, әскерилер және ресми тұлғалар басшылықты қолдаудан бас тартады. 2011 жылдың қарашасында билікті табыс етуді қарастырған келісімге қол қоюға келісім береді. 23-қарашада Сауд Арабиясында Йемен президенті Али Абдалла Салех оппозициямен бітімге қол қояды. Сөйтіп, оның өкілеттілігі вице-президент Абд Раббу Мансур Хадиге өтеді де, ұзаққа созылған ішкі саяси дағдарыстан шығу мүмкіндігі туады.

Сирияда 2011 жылы наурызда Дерьа қаласындағы қала үйлері сыртына, қоғамдық орталықтардағы көрнекі орындарға ұран жазып демократиялық өзгерістер мен 1963 жылдан елде әрекет етіп келе жатқан елдегі төтенше жағдайды жоюды, ел президенті Башар Асадтың отставкаға кетуін талап еткен жастардың ұсталынуынан кейін-ақ елдегі азамат соғысының басталуына сылтау пайда болған еді. Бас көтеру «18-наурыз төңкерісі» деген атқа ие болды. Сирияның президенті Башар Асад аталмыш оқиғаны «АҚШ және Израиль заговоры» деп сипаттады. Әскери қақтығыс орын алғаннан бергі уақытта әртүрлі ақпарат көздерінің болжамына сүйенсе, жүз мыңдаған адам қаза тауып, екі миллиондай адам босқын болған.

Бірқатар сарапшылардың көзқарасынша, Сирия аймақтық және халықаралық күштердің арасындағы саяси есеп айырысу нүктесіне айналып отыр. Жартылай конфессиялық және жартылай этникалық Сириядағы жағдай оппозициялық құрылымдардың өз ішінде жік тудырып, жағдайды мүлде ушықтырып жіберген еді. Сириялық оппозицияны жүйелі және жүйесіздігіне қарай бөлуге болады. Біріншісіне билікті эволюциялық жолмен алмастыруды қалайтын солшыл қанаттағы ұйымдар мен қозғалыстар кіреді. Екіншісі суннитік ағымның діни-саяси күштері, билікті бірден құлатуды көздейтін, айналымға келмейтін экстремисттік және лаңкестік ұйымдар. Сирия мәселесінің ерекше назар аударыла, өрши түсуінің басты себебі, оның дамуындағы сыртқы факторлардың анықтаушы күшке айналуымен сипатталуда. Оған дәлел Сирия бойынша Сирия билігі мен оппозициясы өкілдерінің қатысуымен өткен «Женева-2» бейбіт конференциясының халықаралық қауымдастық назарында болуы.

Тунис, Египет, Ливия, Йемен президенттері билігінің құлауына қарамастан, аталмыш елдердегі жағдай әлі де болса шиеліністі. Тунисттегі исламшылардың билікке келуі зайырлы және либералды топтар арасындағы мазасыздықты тудыра, қарсыластық акцияларын күшейтті.

Египетте 2013 жылдың 3 шілдесінде президент Мохамед Мурси оның билігіне қарсы орын алған жаппай наразылықтар аясында биліктен аласталды. Оның ізінше келешектің жоспары жасалынып, өтпелі үкімет құру келісілді. Алайда, әлі де болса саяси тұрақтылық сипат алмады.

Ливиялық қоғамдағы рушылдық және трайбализм Ливиядағы тиімді үкімет және құқық қорғау құрылымын құруды қиындатып келеді. Қарулы күштер кұштеу әрекеттерін жалғасыруда. Билік етуші Өтпелі ұлттық кеңеске жиі бағына бермейтін әрбір провинцияның өз билігі бар. Кейбір сарапшылардың пікірі бойынша, елде бұрыңғы төңкерісшілер арасында мемлекетті ықпалына қарай бөлшектеу жүріп жатыр [5, 3-б.]. Рулық топтардың біразы ресми билік бақылауына өтуге келіссе, кейбірі ресми Трипольда автономия алу үшін қолдарынан келген жасауда, олар ливиялық мұнай терминалдарын қоршап алуда, ірі мемлекеттік орындарда отырғандарды ұрлап, бопсалауда.

Йеменде де биліктің орынбасар Абд Раббу Мансур Хадиге өтуі оппозицияны қанағаттандырмады. Елдегі шиеленістің өршуі «әл-Каида» сарбаздары мен қақтығыс және елдің оңтүстігі мен солтүстігі арасындағы қарама-қайшылықтармен сипатталуда. Оған йемендік қоғамның рушыл-тайпалық сипаты мен тайпалық одақтардың оқиғалардағы жетекші рөлі де ықпал етуде.

 Сауд Арабиясының және  өзге де Египет, Иордания, Судан секілді Парсы шығанағы елдерінің қатысуымен халықаралық коалиция Йеменде елдің астанасымен қоса көп бөлігіне бақылау орнатып отырған  «Ансар Алла» (хуситтер) қозғалысына қарсы әскери операция жүргізді. 

«Көктем» оқиғалары жүзеге асқан елдерден басқа, араб әлеміндегі Ирактағы  ішкі саяси ақуал да күрт күйінде қалуда. 2011 жылғы АҚШ  әскерилерінің елден шығарылуы да, ешқандай өзгеріс әкеле қоймады. Сол жылғы кезекті парламент сайлауынан кейін қол жеткізілген  жұтаң саяси тепе-теңдік те қауқарсыз. Ирактағы ақуал жалғасып келе жатқан ауқымды лаңкестік амалдарымен тереңдей түсуде.

Тунисте, Египетте, Ливияда, Йеменде және Сирияда басталған оқиғаларды біршама уақыт өтуіне сай бағалауда әртүрлі сараптамалар жасалынды. Оқиғаларға төңкеріс ретінде баға беру, сонымен қатар арнайы заговор деп те қарау бар. Аймақты қайта бөліске салу, нәтижесінде «Үлкен Таяу Шығыс» аталатын аймақ құруды көздейтін заговор жасау исламшылардың билікке келуіне мақсатталған делінуде. Отыз жыл бұрын американдық саясатта Мароккодан Түркияға және Израильден Пәкістанға дейінгі  «Үлкен Таяу Шығысты» құру идеясы пайда болғаны белгілі. 2006 жылы АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Израиль мен Ливан арасындағы соғысты сипаттай келе мынадай пікір білдірген еді: «бүгінгі біздің бақылап отырғанымыз шын мәнінде, тектік басқыншылықтың басы, нәтижесінде «Жаңа Таяу Шығыс» туындайды, сонымен қатар біз не істемесек те, өзімізге осы Жаңа Таяу Шығыстың жолында жұмыс істеп жатқанымызды ұмытпауымыз керек».  Сондықтан да «2011 жылғы араб көктемінің» оқиғаларына қатысты «заговор сценарийін» жақтаушылардың пікірінше, аймақтағы АҚШ және оның батыс одақтастарының жалпы геосаяси, геостратегиялық жоспарына сәйкестендірілуде. Бұл жөнінде ірі араб басылымы «Аль-Ахрам» беттеріндегі жарияланымдар да жарыса жарық көреді. Басылым бұл заговорға дәлел ретінде американдық генерал Хью Шилтонның (американдық қарулы күштердің  бұрынғы  штаб бастығының  «World Tribune» американдық басылымына жазғанынан алынған) мәлімдемесін басады. Американдық генерал Хью Шилтон  «соңғы екі жылда Б.Обама әкімшілігі кем дегенде екі араб мемлекетін, бірінші кезекте Бахрейн мен Египетті тұрақтыздыруды жоспарлаған  еді», дейді [6].

Болған және болып жатқан араб әлеміндегі оқиғаларға батыстың арасу үлесінің болған-болмағанына қарамастан, араб зиялыларының айналысуы тиісті басты мәселе, басты сұрақ – неге арабтық шығыс ісіне араласу үшін мүмкіндік батысқа үнемі бола береді, деген болуы қажет сияқты. Бұл тұста ескі шығыстануды зерттеу «әдісі», «шығыстанушылық»  тағы да қолданыста іспетті.  Қашан немесе өзге халықаралық күштердің ішкі саяси кереғарлық немесе идеялық әртүрлілік ақуалында рөл ойнауы, оның дәлелі ретінде сипатталып, көптеген араб мемлекеттерінде белең алып тұрғандай.

Араб шығысының басты мәселесі, саясидан гөрі, идеялық сипатта секілді. Басқаша айтқанда араб әлеміндегі дағдарыс, ол идеялық дағдарыс па деген де ой туады. Себебі, көптеген араб мемлекеттерінде адамдар арасындағы бұрыннан келе жатқан идеялық қақтығыс үстем. Екі идеялық топтағы адамдар арасындағы тарихи жікті көзқарас араб ісіне сыртқы күштердің араласуына үнемі ашық болған идеялық қақтығыс, османдық империяның құлау кезеңінен өмір сүріп келеді. Идеялық тартыс біркелкілік мәселесімен астасқан. Араб қоғамының бір бөлігі біркелкілікті ұлттық тұтастық, немесе нақты бір мемлекет пен мәдениетке тиесілі болумен негіздейді. Екіншілері, біркелкілік ұлт үсті, немесе мемлекет ауқымынан шыққан, діннің ортақтығын ғана негіздейтін көзқарасты айтушылар. Бірінші топтың өкілдері үш бірлікті: тілді, жерді, тарихты жариялайтын зайырлы қоғам құруды насихаттаса, екінші топ өкілдері діни исламдық мемлекет құру идеясын айтады. Діни идеологияның өкілдері Египеттегі соңғы ішкі саяси дағдарыстан кейін белгілі болғандай, араб мемлекеттері арасындағы шекараларды мойындағысы келмейді. Олар бұл шекаралар бірінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі отаршылардың қолымен жасаған бөліністер деп есептейді [2, 24-б.]. Бұл қақтығыстарды белгілі халықаралық күштер өз мүдделерінде пайдалануға тырысады.

Жағрапиясы, болуы мүмкін заңдық өзгерістерінің тереңдігі және болған саяси сілкіністердің нақты қорытындылары бойынша да «араб көктемі» өзінің қисынды аяқталу шеңберінен әлі де болса алыс екендігін бағамдай келе, бірқатар мәселелер өзінің өрбу өрісіне енетіндігін көруге болады. Билікке келетін күштер, мемлекеттердің саяси ұстанымы, Сириядағы ақуалдың аяқталуы, басқа да араб мемлекеттеріне ықпал ету мүмкіндігі төңірегіндегі болжамдар оның өрісін тараптайды.

Араб Шығысы жалпы әлем құрылымы мен халықаралық қатынастар жүйесінің ажырамас бөлігі. Ол адами да, табиғи да ресурстарға бай, ірі материалдық мүмкіндіктерге ие. Сонымен қатар ол тиімді геостратегиялық жағдайға ие. Алайда, халықаралық қатынастардағы араб әлемі орындайтын шынайы рөл, оның потенциалды мүмкіндіктеріне сәйкес келмеуі, «Араб Мемлекеттері Лигасы» секілді ұйым да оған кірген елдерді біріктіру мен дамытуға тиісінше үле қоса алмауымен де күрделі. Жалпы, Араб Шығысы «қозғалуда». Халықаралық қатынастардың аса шиеленісті, ерекше геосаяси аймағы туралы тиянақты тұжырымдарға келу өте қарама-қайшылықты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

2.  Ашраф М.Аттия. Арабский мир сегодня. // «ХХІ  ғасырдағы шығыстану ғылымы: мәселелері мен болашағы»: халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағы. – Астана, 1 қараша 2013 ж. – Астана: Гумилев атындағы ЕҰУ. – 200 б.

3.  Федорченко А.В., Крылов А.В. Арабский пояс нестабильности (итоги заседания «круглого стола» в МГИМО) //Вестник МГИМО-Университета. – 2011. – №2 (15). – С.306-311

4.  Клименко, И. А. Изменение позиции США в отношении Ливии после выдачи Триполи оружия массового поражения (2003-2005 гг.) / И. А. Клименко//Вестник Майкопского государственного технологического университета. –2011. – №3. – С.76-80.

5.  Иванов С.М. «Арабская весна»: год спустя // http:www.iimes.ru/rus/stat/2012/07-02-12.htm#top (дата обращения: 12.09.2011).

6.  الإعلامالمصرىبعد 25 ينايرو30 يونيو. http:www.ahram.org.eg/NewsQ/235355.aspx  (дата обращения: 25.01.2012).

Л.Т.Исова - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

халықаралық қатынастар және әлемдік экономика

кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесі қарсаңындағы  Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерi

  ТҮЙІН

Мақалада араб мемлекеттерінің қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі кейбір мәселелері қарастырылады.  Халықаралық қатынастардың қазіргі жүйесіндегі Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс аймағы экономикалық, жағрапиялық және геосаяси, саяси, әскери, көші-қон секілді бірқатар факторлармен анықталады. Әлемнің ең бір тұрақсыз аймағы ретінде де танымал. Араб Шығысындағы аймақтық дағдарыс ақуалы осы аймақта орналасқан мемлекеттердің бір-бірімен мүдделерінің қарама-қайшы болу, аймақтық емес державалардың бәсекелестігі, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстармен де байланыс тапқан.

Түйін сөздер: геосаясат, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс, «араб көктемі», шығыстану, Араб әлемі, Араб шығысы және ПШАМЫК.

L. T. Issova – the associate professor of the international relations and

world economy of Al-Farabi Kazakh National University, candidate of historical sciences

 

The states of North Africa and the Middle East on the eve of new periodic system of the modern international relations

SUMMARY

The article some problems of the Arab states to modern system of the international relations are considered. The region of the Middle East and North Africa in system of the modern international relations is predetermined by a number of factors – economic, geographical and geopolitical, political, military, demographic. Represent one of the most unstable regions of the world. Regional crisis in the Arab East it is in no small measure connected with stratification at each other of interests of the states of this region, rivalry of not regional powers, the international and interreligious conflicts.

Key words:geopolitics, the Middle East and North Africa, "the Arab spring", oriental studies, the Arab world, the Arab East, Cooperation Council for the Arab States of the Gulf.

Л.Т.Исова -

доцент кафедры международных отношении и

мировой экономики КазНУ им. аль-Фараби, кандидат исторических наук

Государства Северной Африки и Ближнего Востока накануне новой периодической системы современных международных отношений 

АННОТАЦИЯ

 В статье рассматриваются некоторые проблемы арабских государств современной системе международных отношений. Регион  Ближнего Востока и Северной Африки в системе современных международных отношений, предопределяется рядом факторов – экономических, географических и геополитических, политических, военных, демографических.Представляют один из наиболее нестабильных районов мира. Региональный кризис в Арабском  Востоке  в немалой степени связана с наслоением друг на друга интересов государств этого региона, соперничества нерегиональных держав, межнациональных и межрелигиозных конфликтов.

Ключевые слова: геополитика, Ближний Восток и Северная Африка,  «арабская весна», востоковедение,  Арабский мир, Арабский Восток, ССАГПЗ.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 4117

Нет рецензий

Скачать файлы

Исова 2 макала 2017.doc 0.1 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ПАЙДА БОЛУ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні Қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесі қарсаңындағы Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерi Қазақтың аспан әлеміне байланысты түсініктері, ғұрыптары Т.Т. МҰСТАФИННІҢ ҚОҒАМДЫҚ, ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 94(574): 20/30 373.016 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТАСУШЫЛАРЫ РЕТІНДЕ: ТІЛ ТҰЛҒАЛАРЫН РЕТРОСПЕКТИВТІ Ш 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ ӘОЖ 94:81(47+57) ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ТІЛ САЯСАТЫ

Статьи автора

Қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесі қарсаңындағы Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерi УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары