Главная » Материалы » Қазақ халқының өткені мен болашағы

Шайхыгалиев Е.А., Қапышев А.К.

Қазақ халқының өткені мен болашағы

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № № 1 (9) Қаңтар-наурыз 2017

Теги: халық, қазақ, халқы, демография, халық, санағы
Аннотация:
Бұл мақалада қазақ халқының өсу динамикасы, оның бұрынғы және қазіргі кездегі саны қарастырылады. Сондай-ақ қазақ халқы санының өсуі басқа халықтар мысалында талданып, қазақтардың санының аздығына әсер еткен оқиғалар берілген. Мақалада XX ғасырдағы және соңғы халық санағының көрсеткіштері берілген. Зерттеу жұмысының соңында Қазақстан халқының санын өсіру жолдары ұсынылған.
Содержание:

Мазмұны. Халық – мемлекет билігінің қайнар көзі. Қандай да мемлекет болмасын  халыққа сүйенеді. Халықтың күш-қуаты оның санына тікелей байланысты. Кез келген мемлекеттің демографиялық жағдайы оның экономикасына, ішкі және сыртқы саясатына әсер етеді. Тарихта саны көп халықтар әрқашан көрші мемлекеттерге ықпал етіп, әлемде маңызды орын алып келді. Әлемдегі халық саны ең көп мемлекет  Қытай  бүгінгі күні әлемнің екінші экономикасына айналып, императорлар кезеңіндегі қуаттылыққа қол жеткізді. Еліміздің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін Қазақстан өзінің халқын бірнеше есе ұлғайту керек. Бұл мақсатта барлық мүмкіндіктерді қолдан жібермей, ішкі (туу көрсеткішін жоғарылатып, өлім көрсеткішін төмендету)  және сыртқы резервтерді (этникалық қазақтарды) қолданғанымыз жөн. Сонымен қатар  шығу тегі түрік болып табылатын басқа да халықтарды Қазақстан жалауының қол астына жинау артық болмас. Мәселен, ноғай халқы – қазақ халқына өте жақын этнос, олардың көпшілігі біздің елімізде тұруға ниет білдіріп, Қазақстанға қоныс аударуға мемлекеттен көмек сұраған. Сол сияқты  Ресей, Қытай, Венгрия, Түркия, Иран, Ауғанстан, Ирак және т.б. елдерде  тұратын түркі халықтары қазақ жерінде тұруға қарсы еместігін білдіруде. Егер де бұлардың барлығы Қазақстан аспанының астында өмір сүрсе, онда санымыз бірнеше миллионға артып, болашағымызға нық сеніммен қарар едік. Оларың мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, әдет-ғұрпы  бізге ұқсайды, кезінде ата-бабаларымыз барша түрік халықтарына ортақ Түрік қағанатының қол астында өмір сүріп, тарихымыз құрмалас болды. Сондықтан бұл халықтар біздің ортамызға жеңіл сіңісіп, ассимиляцияға ұшырайды. Қазақстан үшін бұл ең дұрыс жол. Себебі Шығыстан Қытайлық демографиялық экспансия Қазақстан халқына қауіп төндіріп тұрғаны айдан анық. Қытайлықтардың Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы кейбір мемлекеттердегі үлесі жыл сайын артып келеді. АҚШ, Канада, Австарлия елдері жыл сайын миллиондаған қытай халқының өкілдерін қабылдап отыр. Болашақта  олардың көші-қон бағыты Қазақстан аумағына бұрылмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Еліміздің жері кең байтақ, алайда халқымыздың саны аз. XX ғасырдың басында қазақ халқының саны артпай, керісінше  күрт төмендеп кетті, ұлтымыздың  бастауы, алдыңғы қатарлы азаматтарымыздан айырылып қалдық!

XX ғасырдағы қайғылы оқиғалар орын алмағанда  қазақ халқының саны 30 миллионға жетіп те қалар еді. Бұл белгілі ғалым, демограф Мақаш Тәтімовтың  айтқан сөзі. 2012 жылы 13 шілдеде «Ұлы Дала Әлемі – Мир Великой степи» қоғамдық ұйымының кеңсесінде М.Тәтімовтың қатысуымен сұхбат өтті. Ол қазақ халқының санына байланысты қызықты статистикалық мәліметтерді келтірді. Оның айтуынша, XX ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылықтан қазақтардың саны 49-51 %-ға дейін азайған. 1926 жылы қазақ халқының саны өзбектерден 10-15 %-ға артық болған екен. Түркі халықтарының ішінде біз Осман империясынан кейінгі екінші орынды иелендік. Ұлы Отан соғысы жылдарында 2 млн. қазақтың 350 мыңы майданда қаза тапты. Дегенмен соңғы жылдары қазақ халқының күш-қуаты артып, орташа туу көрсеткіші бір әйелге шаққанда 2,9-3 баладан келіп тұр. Бұл көрсеткіш қазақ халқын болашағы бар халықтардың бірі ретінде көрсетеді. Жаһан бойынша халық саны артып келе жатқан заманда Қазақстан аз қоныстанған аймақ болмауы керек. Қазақстанның жер аумағы мен пайдалы қазбалары 30 миллионға дейін адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді [1].

XX ғасырдың басында қазақ халқының саны Кіші Азиядағы түріктерге және Ирандағы парсыларға жақын болатын. Қазіргі кезде бұл елдердің  халқы 70 миллионға жуық, ал біз әлі күнге дейін 20 миллионға да жете алмай отырмыз. Аталған мемлекеттерде Қазақстанда орын алған мемлекеттік тілді қолдану, ұлттық тұтастыққа байланысты мәселелер жоқ. Олар өздерінің сандық факторына сүйене отырып сенімді сыртқы саясат жүргізуде. Қазақстанның  экономикасының қарыштап дамуына қарамастан, әрқашан халық санының аздығы кері ықпал етіп келеді. 1926 жылы Қазақстанда 5 млн 230 мың адам тұрды, оның 3 млн 628 мыңы қазақтар, яғни 61,3 %-ды құрады. [2]. 1931-1932 жылдардағы ашаршылық жылдарында қазақ халқының саны күрт төмендеп, 1939 жылы Қазақстанда 2 327 625 қазақ қана қалған, ал республикадағы үлес салмағы 38 %-ға дейін төмендеп кеткен. Кейінгі жылдары  қазақ халқының саны артқанына қарамастан оның үлес салмағы  төмен болып қала берді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана 50 %-дық көрсеткішке жеткен еді. Төмендегі кестеде  Бүкілодақтық халық санағының көрсеткіштері берілген. Онда қазақ халқы мен орыс халқының салыстырмалы саны, үлес салмағы көрсетілген [3, 681].

1959

%

1970

%

1979

%

1989

%

Барлығы

9 294 741

100

13 008 726

100

14 684 283

100

16 464 400

100

Қазақтар

2 787 309

37,9

4 234 166

32,6

5 289 349

36

6 534 600

39,7

Орыстар

3 972 042

40,2

5 521 917

42,5

5 991 205

40,8

6 227 500

37,8

2009 жылы Қазақстан Республикасында жүргізілген халық  санағы тәуелсіздік алғаннан кейінгі екінші санақ болып табылады. Санақ қорытындысы бойынша еліміздің халқы 16.004,8 мың адамды құрады. 1999 жылмен салыстырғанда 1.022,9 мың адамға  (6,8 %) артты. Ал қазақ халқы бүкіл республиканың 63,1  %-ын құрады, яғни 10,1 млн адамға жуық.

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында Қазақстанның халқы азайды. Оның себептері де баршылық еді. Ең бастысы еуропалық және кавказ халықтарының өз тарихи отандарына  қайтуы, сонымен қатар Кеңес Одағы құлағаннан кейін елде қалыптасқан ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай салдарынан туу көрсеткіші төмендеп, өлім-жітім көбейді. Дегенмен бұл аралықта қазақ халқының саны Қытай, Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран, Ауғанстан, Түрікменстан және т.б. елдерді мекендейтін этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына байланысты артты.  XXI ғасырдың алғашқы он жылдығында қазақ халқы жылдам өсе бастады. 20 жылдың ішінде  қазақтардың саны 6,5 млн-нан 10,1 млн-ға дейін өскен.  Халықтың жылдам өсуі жоғары туу көрсеткіші мен өлімнің  төмендеуіне байланысты болды, бауырлас оралмандардың елге қайтып келуі де өз септігін тигізуде. 2009 жылғы санаққа сәйкес қазақтардың арасында  1000 адамға шаққандағы туу көрсеткіші 28, өлім – 7, ал табиғи өсім 21 адамды құрады. Сырт көзге қарасақ жақсы көрсеткіш болып көрінеді. Бірақ бұл көрсеткіш демографиялық дағдарысқа ұшырап жатқан Еуропаның дамыған елдерінен  ғана жоғары. Қазіргі кезде Азия мен Африканың көптеген елдері демографиялық дүмпуді бастан кешіруде. Олардың демографиялық күш-қуаты жылдан-жылға артуда. Мысалы, Қазақстанда тұратын өзбектердің табиғи өсімі 28 адамды құрайды. Олар Өзбекстанмен шекаралас Оңтүстік Қазақстан облысында тығыз қоныстанған. Алдағы уақытта өзбектердің саны осы деңгеймен ұлғая берсе елде тағы бір ірі  этностың пайда болуына алып келеді. Ал бұл қазақ халқының айналасына түркі халықтарының  шоғырлануына, ассимиляция процесіне кедергі келтіруі мүмкін. Қазақстандағы саны бойынша екінші орында тұрған орыс этносы 10 жылдың ішінде 700 мың адамға азайған, бірақ олар әлі де республика халқының 23,3 %-ын құрап отыр. 1989 жылы  саны бойынша үшінші орында тұрған немістер  20 жылдың ішінде  5 есе азайып, 950 мыңнан бірден 178 мыңға дейін төмендеп кеткен.  Шығу тегі еуропалық болып келетін халықтардың азайуы табиғи өсімдегі кері көрсеткішке байланысты емес, миграциялық процестердің ықпалынан болып отыр.

Бұл жағдайда еуропалық халықтардың Қазақстаннан қоныс аударуы әрі қарай жалғасын табатыны анық. Сондықтан олардың санын толықтыру үшін қысқа уақыттың ішінде этникалық қазақтардың елге оралуын қайтадан жандандырып, көшіру және орналастыру мәселелерін қолға алған жөн.

Көрші Ресей Федерациясы да бүгінгі күні демографиялық қиындықтарға тап болып отыр. Ресейліктер басқа мемлекеттердегі орыс халқын елге қайтару мәселесіне  толықтай кірісіп кетті. Болжам бойынша Қазақстаннан 1 миллионға дейін орыс ұлтының өкілдері Ресейге қоныс аударуы мүмкін.

Қазақ емес халықтардың үлесі тәуелсіздік алғаннан бері  үздіксіз  төмендеп келеді. Бұл жағдайға бірнеше фактор әсер етіп отыр:

- Ауыл қазақтарының арасындағы жоғары туу көрсеткіші (жыл сайынғы табиғи өсім 200 мың адамды құрайды);

- Жыл сайын Қазақстанға 100 мыңнан аса этникалық қазақтар келеді. Жалпы, басқа мемлекеттерде 5 млн-нан аса қазақ тұрады (әрбір үшінші қазақ қазақстандық шекараның ар жағында қалып қойды). 30 жылдың ішінде елге 3 млн-ға жуық қазақ келуі тиіс;

- Басқа этностардың арасындағы туу көрсеткішінің төмендігі және көп  бөлігінің тарихи отандарына оралуы.

Бұл процестің барысында екі-үш онжылдықтан кейін Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 70-80 %-ға жетуі мүмкін, ал орыс халқы түпкілікті этникалық аз халықтардың санатына қосылады. Нәтижесінде Қазақстанның этникалық түр-сипаты толығымен өзгеріске ұшырып, түрік халықтары басымдыққа ие болады. 2019 жылы болатын  халық санағы кезінде Қазақстан бір ұлтты және бір конфессиялы мемлекетке айнала бастайтыны болжанып отыр. Мемлекеттің халқының сандық және  сапалық құрамы әрқашан бақылауда болуы керек. Көші-қон үнемі  үкімет тарапынан қадағаланып, Қытай, Орта Азия сияқты елдерден келетін қазақ емес халықтардың  толқынын шектеп отырғанымыз жөн.  Себебі көрші мемлекеттерде халық тығыздығы өте жоғары, олардың Қазақстанға ұмтылуы қазірдің өзінде-ақ байқалып отыр. Сондықтан біздің міндетіміз миграциялық толқынды үнемі бақылауды ұстау, әйтпесе ол ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсерін тигізуі мүмкін.

Қазақстан халқының тығыздығы ТМД мемлекеттерінің арасында ең төмен көрсеткішке ие болып отыр. 2010 жылғы мәліметтер бойынша  1 кв.км-ге 6 адамнан келеді. Қытай, Оңтүстік Азия, Батыс Азия, Орталық Азия елдеріндегі халық тығыздығымен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте төмен. Бұл елдердің басым бөлігінде 1 кв.км  аумақта 100 адамнан артық тұрады. Қазақстандағы табаиғи өсім басқа азиялық мемлекеттермен салыстырғанда  төмен болғандықтан, болашақта Қазақстанда халық санының тапшылығы әрі қарай жалғаса береді. Сондықтан саяси және экономикалық дамуда демографиялық мәселелер бұрынғысынша негізгі тосқауылдардың бірі болып қалады.

Қазақстанның болашағы тікелей халық санына, соның ішінде қазақ халқына байланысты. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған ұлан байтақ жеріміз түрлі пайдалы қазбаларға бай, жеріміздің кеңдігі ауыл шаруашылығын дамытып, 50 миллионға дейін халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Елбасымыз Қазақстанның бұл артықшылығын атап кеткен болатын. Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметтері бойынша  2014 жылдың басында  Қазақстанның халқы 17 миллионды құрады, оның ішінде қазақ халқы 11 миллионнан асқан екен. [4]. 3 жылдың ішінде республика халқы 1 миллионға артқан екен.  Дегенмен біздің еліміз әлі де халыққа тапшы. Ендігі кезекте халықтың өсіп-өнуі тәуелсіздік тұғырына көтерілген  қазақ халқына байланысты болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. dalaruh.kz.

2. Всесоюзная перепись населения 1926 года. М., 1928. Т.8, отд 1.

3. История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В пяти томах. Том 4. – Алматы: «Атамұра», 2009. 768 с., табл., илл., карты.

4. Агентство Республики Казахстан по статистике. Этнодемографический сборник Республики Казахстан 2014.

References

1. dalaruh.kz.

2. Vsesoiuznaia perepis’ naselenia 1926 goda. M., 1928. T.8, otd. 1.

3. Istoria Kazahstana (s drevneishih vremen do nashih dnei). V piati tomah. Tom 7. – Almaty: «Atamura», 2009. 768 s., tabl., ill., karty.

4. Agentsvo Respubliki Kazahstan po statistike. Etnodemograficheskii sbornik Respubliki Kazahstan 2014.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 1586

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) Қазақ Мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) ҚОСТАНАЙ ГУБЕРНИЯСЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ (1921-1922 жж.) АҚТӨБЕ ГУБЕРНИЯСЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ (1921-1922 жж.) ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында ӘОЖ 314.1 (574-25) АЛМАТЫ ХАЛҚЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДАМУЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары 304.5 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНДАРЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНЕ ШОЛУ

Статьи автора