Главная » Материалы » ӘОЖ 94 (5) "1242-1259" АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (1242-1269 жж.)

АБДИМОМЫНОВ Н.Т.

ӘОЖ 94 (5) "1242-1259" АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (1242-1269 жж.)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(08)

Теги: Бату-хан, Өгедей-қаған, империясы, Моңғол, ұлысы), (Жошы, Орда, Алтын, Гуюг-қаған, Мөңке-қаған.
Аннотация:
Мақалада Моңғол империясының ішкі саясатының контекстінде Алтын Орданың 1242-1269 жылдар аралығындағы саяси тарихының кейбір мәселелері қарастырылған. Осы мақсатта автор Алтын Орданың Моңғол империясынан оқшаулануы, Алтын Орда билеушілерінің саясаты мен орталық билікпен қарым-қатынастарын талдаған. Мақалада ортағасырлық араб-парсы, моңғол, еуропалық деректері және тақырып бойынша отандық, шетелдік зерттеушілердің пікірлері қолданылған.
Содержание:

Бату қолбасшылығымен моңғолдардың Орталық Еуропаға жорығының соңына қарай (1241-42 жж.) Моңғол империясының астанасы Қарақорымда ұлы қаған Өгедейдің кенеттен қайтыс болуы (1241 ж. желтоқсан) империяның сыртқы және ішкі саясатына айтарлықтай ықпал етті. Сыртқы саясатта ең алдымен моңғолдар Еуропа жасаған жорығын аяқтап, жаңа ғана бағындырылған Шығыс және Орталық Еуропа жерлерін тастап, шығысқа кері қайтты (1242 ж.). Батыс жорығының аяқталуы Батудың жеке шешімі ме, әлде жоғарғы моңғол билігінің шешімі ме ол жағы белгісіз. Шамасы, Батудың жорықты ары қарай жалғастырудан гөрі Қарақорымдағы саяси жағдайлар алаңдатқан секілді. Өйткені, жорық барысында ата-жұрт тобын басқарған Гуюг және бас қолбасшы Бату арасында келіспеушілік пайда болды, ата-жұрттың атынан жолға шыққан ұлы қағанның ұлы Гуюг Бату билігін мойындамады. Бату бұл туралы қаған ағасы Өгедейге құпия хат жолдады. Өгедей өз ұлы Гуюг пен Шағатайдың ұлы Бөріге сөгіс жариялады. Бірақ Гуюг пен Бату арасында қақтығыс жалғаса берді [1, 45-б.].

Батыс жорығы нәтижесінде Жошы ұлысының территориясы батысқа қарай зор аймаққа кеңеюмен қатар жорықтың бас қолбасшы болған Батудың да әулет ішіндегі беделі өсті, Еуразияның аса ықпалды саяси тұлғасына айналды. Бату саяси ықпалының арқасында Моңғол империясының ішкі саясатына ықпал ете бастады. Батудың саясаты да көп жағдайда Шығыста болып жатқан саяси оқиғаларға бағытталды. Сонымен қатар, Жошы ұлысы осы кезеңнен бастап-ақ, Батудың жүргізген саясаты мен геосаяси жағдайына байланысты Моңғол империясынан оқшаулана бастады. Бату хан Қарақорымдағы жоғарғы моңғол билігін тек формалді түрде ғана мойындап, тәуелсіз саясат жүргізгені байқалады. Ұлы қаған Өгедей қайтыс болған соң, уақытша билікте болған Өгедейдің жесірі Төркін-хатун кезінде, одан кейінгі ұлы қаған тағына Гуюгтің сайлануынан кейін, тіпті орталық моңғол билігіне конфронтациялық бағыт ұстанғаны анық байқалады. Бату мен Гуюг арасындағы қарама-қайшылықтың бастауы жоғарыда айтып өткеніміздей, Батыс жорығында басталғаны белгілі еді. Сонымен қатар, осы кезеңде Шыңғыс-ханның төрт ұлының ұрпақтары екі тарапқа (Жошы-Төле және Өгедей-Шағатай) бөлініп, біріне-бірі қарсылығы байқала бастады. Ол әсіресе, моңғол империясының ұлы қаған тағына сайлау кезінде көрініс берді. Моңғол империясының ұлы қағаны Өгедей қайтыс болған соң, билікті Төркін-хатун өзінің қолына алып, мұнымен Шыңғыс-ханның ұлдарының ішіндегі тірі қалғаны Шағатай да, Бөржегін тайпасының белді ақсүйектері де келісті. Джувейнидің айтуынша, ол тіпті Өгедейдің үлкен әйелі болмаса да, билікті қолына ұстап қалуы, оның ұлы қаған тағына отыруға құқығы бар ұлдарды дүниеге әкелгенінен болар деді [2, p. 240].

Рашид ад-Дин мәліметтері бойынша, ұлы қаған Өгедей тірі күнінде мұрагері ретінде өзінің үшінші ұлы – Куджуды (Кучук) сайлағанымен, ол әкесінен бұрын қаза болған. Өгедей бұл ұлын басқалардан ерекше жақсы көргендіктен, оның (Кучуктың) баласы «алғыр және ақылды» Ширамунды өзі тәрбиелеп, осы немересін тақ мұрагері болатындығын жариялаған еді [3, c. 118]. Билікке келген Төркін-хатун алғашқы кезде марқұм Өгедейдің қалауымен келісіп, Ширамунды тақ мұрагері ретінде мойындаған. Бірақ, біршама уақыт өткен соң, Шыңғыс-хан мен Өгедейдің заңдары мен өкім-биліктерін аса мұқият орындалуын қадағалаған Шағатай қайтыс болуынан кейін, Төркін-хатунның саясаты да өзгеріп шыға келді. Моңғол империясында саяси ықпалын нығайтуға тырысқан Төркін-хатун Өгедейдің өсиеті бойынша ұлы қаған тағына Ширамунды отырғызуға құрылтай жасамай уақытты соза берді. Бұл моңғол ақсүйектерінің, тіпті өзінің ұлдарының да қарсылығын туғызды. Ал бұл уақытта Батудың құрылтайға келуге енжарлық танытуының өзі де Төркін-хатун үшін әбден тиімді еді, өйткені оның үмітсіз билікте біршама уақыт отыруына, Шыңғыс-хан ұрпақтары арасындағы жасы жағынан үлкен, аға ұрпақ Батудың келмеуі құрылтайдың болмауына сылтау болған секілді. Ақыр соңында, 1246 жылы құрылтайға моңғол ақсүйектері жиналды. Құрылтайға шамамен барлық Бөржегін тайпасының игі-жақсылары, оның ішінде Төленің жесірі Сорхугтан-хатун ұлдарымен бірге, Тэмугэ-отчигин 80 (!) ұлымен бірге, Шыңғыс-ханның немере інісі Илжигдэй және Шыңғыс-хан бауырларының ұрпақтары, Шағатай ұлысынан – Қара-Құлағу, Йису-Мунке, Байдар, Бөрі, Есен-бұға және басқа да Шағатай ұрпақтары, сондай-ақ, құрылтайда сайланатын Өгедей ұрпақтары қатысты. Тек Бату ғана құрылтайға қатысуға енжарлық танытып, денсаулығының сыр беруі мен аяғына түскен ақауды алға тартып, бұл рәсімге келмеді [3, с. 118]. Плано Карпини мәліметі бойынша әлемнің жан-жағынан келген көптеген шетелдік меймандар қатынасып, дүниенің төрт бұрышынан 4 мыңнан аса қонақ қатысты. Бірақ, Жошының мұрагері моңғол дәстүрі және Шыңғыс-хан негізін салған моңғол қағидасы мен заңын құрмет тұтқандықтан, құрылтайға өзінің бауырларын – Орда, Шайбан, Берке, Беркечар, Таңғұт және Тұқа-Темірді жіберді. Сонымен қатар, құрылтайда көпшілік кімді қолдаса, соны қолдаңдар деп, моңғол империясының ішкі татулығын сақтау үшін, ашық қарсылыққа барудан бас тартқан еді. Сонымен, құрылтай өтіп, Өгедейдің өсиетіне сәйкес немересі Ширамун емес, оның үлкен ұлы Гуюг ұлы қаған тағына отырды. Ол жөнінде Рашид ад-Дин мәліметінде былайша сипатталған: Относительно ханского достоинства царевичи и эмиры [так] говорили: «Так как Кудэн, которого Чингиз-хан соизволил предназначить в кааны, скончался,а Ширамун, [наследник] по завещанию каана, не достиг зрелого возраста, то самое лучшее – назначим Гуюк-хана, который является старшим сыном каана». [Гуюк-хан] прославился военными победами и завоеваниями, и Туракина-хатун склонилась на его сторону, большинство эмиров было с ней согласно. После словопренья [все] согласились на возведение его [на престол], а он, как это обычно бывает, отказывался, перепоручая [это] каждому царевичу, и ссылался на болезнь и слабость здоровья. После убедительных просьб эмиров он сказал: «Я соглашусь на том условии, что после меня [каанство] будет утверждено за моим родом» [3, с. 119].

Бастапқы кезеңде Гуюг Жошы ұрпақтарының құрылтайда ашық түрде қарсылық көрсетпей, оны қолдағанын бағалап, тіпті моңғол империясындағы билікті басып алуға ұмтылған Темугэ-отчигинге қатысты тергеуді Жошы ұрпақтарынан Орда мен Төле ұрпақтарынан Мөңкенің жүргізуін бұйырды. Тергеу аяқталған соң, олар үкім шығарды: Яссы заңына сәйкес Отчигинге өлім жазасын кесті. Осылайша, Моңғол державасының тағы үшін Шыңғыс-хан ұрпақтары мен Бөржегін тайпасының басқа мүшелерінің арасындағы таластың соңғы нүктесі қойылды [2, р. 255; 3, с. 119]. Сонымен қатар, Плано Карпини де Гуюг пен Бату екеуінің арасындағы қарама-қайшылықты байқамаған. Плано Карпини Гуюгпен кездескен соң, қайтар жолында Батуға арнайы кіріп жолықты. Бірақ, бұл жолы да Бату мен жаңа сайланған ұлы қаған арасындағы келіспеушілікті байқамады. Плано Карпинидің негізгі мақсаты – моңғол мемлекетінің саяси жағдайын да бақылау еді, бірақ ол өз есебінде Бату мен Гуюг арасындағы араздық жөнінде еш мәлімет қалдырмаған. Осы жағдайларға байланысты Бату мен Гуюг арасында татулық орнаған секілді көрінеді. Сонымен қатар, биілікте болған Төркін-хатунда билік тізгінін өз қолында ұстап отырды, себебі оның билігі кезінде мемлекеттік маңызды қызметтерге қойылған моңғол ақсүйектері де өз қызметтерін жалғастыра берді. Бірақ, көп кешікпей Гуюгтің таққа отырғаннан кейін бірнеше айлардан соң, анасы Төркін-хатун жұмбақ жағдайда қаза тапты. Деректер оның уланып өлтірілгені жөнінде айтылмайды. Бірақ, кейбір авторлар Гуюг пен Төркін-хатун арасында айтарлықтай қарама-қайшылықтың болғанын тұспалдайды, яғни Төркін Гуюгті билікке жібермей, өз иелігі Емілде отырғызуға мәжбүрлеген [2, р. 244]. Гуюг-хан Төркіннің өлімінен соң, оның сенімді адамдары болған Фатима-хатун мен Абд ар-Рахманды өлімге кесті. Төркіннің тағайындаған ірі шенеуніктері қызметтерінен айырылып, ол қызметтерге Гуюгтің қойған адамдары отырды. Мысалы, Батуды да, Гуюгті де қолдамай нейтралды бағыт ұстанған Шағатайдың немересі және мұрагері Қара-Құлағудың орнына Шағатай ұлысында Йису-Мөңке таққа отырды. Сондай-ақ, Батумен Кавказ және Кіші Азиядағы саяси ықпалдасыққа мүдделі Байджу-нойанның орнына, Илжигдэй отырды. Илжигдэй Батумен жақсы қатынаста емес еді. Сонымен қатар, Байджуға қарағанда ықпалды және әрі Шыңғыс-ханның немере інісі, әрі Гуюгтің сенімді адамы болды. Төркін-хатун билігі кезінде, Иран – Батудың сенімді резиденті Шараф ад-Дин Хорезми арқылы ықпал аймағында болған еді. Бірақ, Шараф ад-Дин 642 х. ж. (1245 ж.) қайтыс болған соң, Гуюг оның орнына өзінің адамы Фахр ад-Дин Бихиштиді отырғызды [2, р. 245; 3, с. 119-120].

Гуюг ұлы қаған тағына отырған соң Жошы ұлысының орталық билікпен қарым-қатынастары шиеленісе бастады. Гуюгтің Жошы ұрпақтарын қарсы жасаған алғашқы қадамы – Батудың сюзерендігін мойындаған, мемлекеттердегі билігін шектей бастады. Бату Гуюгпен ортақ тіл табысатындығына әрекеттеніп, вассалдық мемлекеттердің тағына отыруға үміткерлерді Қарақорымға аттандыра бастады. Олардың қатарында грузин ханзадалары, патшайым Тамараның екі немересі – Георгий IV Лашидың ұлы Улу Да­вид, Русуданның ұлы Давид Нарини; Селжүк сұлтаны Изз ад-Дин Кей-Кавус II және онымен таққа таласушы оның бауыры Рукн ад-Дин; Екі орыс княздары Ярославтың ұлдары – Алек­сандр Невский мен Андрей бар еді. Батумен қарама-қарсы Гуюг оның таңдауы түскен адамды таққа отырғызбай керісінше жасады. Мысалы, Александр Невскийді қоюдың орнына, оның кіші інісі Андрейді отырғызуды қалады. Селжүк ханзадасы Рукн ад-Дин, IV Килич-Арслан атымен сұлтан тағына отырып, сұлтанаттың шығыс жағындағы жерлерін – Сивас, Эрзинджан, Эрзурум және т.б. қалалары билеуге мүмкіндік алса, ағасы II Кей-Кавусқа батыс иеліктері – Конья, Анкара, Анталья жерлерін берді. Грузияның патшасы болып, Георгий IV Лашидың некесіз туылған ұлы Давид VII Улу отырғызылса, Давид VI Нариниге тек оның мұрагері болуға ғана үміті болды [4, с. 195; 3, с. 120]. Вассалдық мемлекеттердің билеушілерін тағайындауда Гуюгтің мақсаты Батудың таңдауымен келіспей, оның орнына өз адамдарын қою арқылы Жошы ұлысы билеушісінің саяси ықпалын әлсірету еді. Сонымен қатар, Гуюг ұлы қаған тағында отырған бес жылда (1246-1251) Орталық Азияда Шағатай әулетінің құзыр билігі артып, Шағатай және бұрынғы Өгедей ұлысының жер көлемі Жошы ұлысы (Ақ Орда) жері есебінен кеңейе түсті. Бату ханға бет бұрып кеткен Масуд Бек қайтып оралып, 1246 жылғы құрылтай шешімімен Мәуераннахр, Түркістан және сол маңдағы отырықшы жұрттың өкілетті билеушісі (даругач) болып қайта тағайындалды. Әрине, мұндай өзгерістер Бату хан бастаған Жошы ұлысы билеушілерінің көңілінен шықпады [1, 557-б.]. Ақыр соңында, Гуюг Батудың көзін құртуға әрекеттеніп, ашық соғысқа шығуға шешім қабылдады. «Батыста алынбай қалған Исмайыл елін жаулап алу» деген сылтаумен әуелі Илжигдэй қолын батысқа аттандырды. «Емел елінің табиғаты жұмсақ, жер суы ауруыма дауа болушы еді» деген сылтаумен соңынан өзі аттанды. Оның мақсаты «Емел табиғатында» емес, Батудың көзін құрту болса керек [1, 46-б.]. Батуға бұл жағдай Қарақорымдағы сенімді адамдары белгілі болғаны шүбәсіз. Сонымен қатар, Төленің бәйбішесі Сорхугтан хатун бұл хабарды Батуға жеткізу үшін, жедел жаушы аттандырып, бұл хабар туралы мынадай хат жолдайды: «Дайын бол, Гуюг-хан сансыз әскерімен сенің жеріңе бара жатыр» [3, с. 121]. Бірақ, Бату біршама тартыншақтық та жасады, себебі сол кезеңге дейін Моңғол империясында ішкі азаматтық соғыс болмаған, сондықтан Жошы ұлысының билеушісі бірінші бастауға бел бумағанымен, қалай дегенмен жаудың аты жау екенін жақсы білетін Бату қарсы тұруға қамданған секілді. Аталмыш жайды алдын ала білген Батый әскерін сапқа тұрғызып, Гуюгті Қыпшақ шекарасында күтіп алып соққы беруге дайындалды. Бірақ Гуюг көздегеніне жете алмады. 1248 жылы сәуірде Самархан маңында Бесбалыққа жетуге бір-ақ апта жол қалғанда кенеттен қайтыс болды [1, 46-б.]. Гуюгтің өліміне Батудың қатысы жөнінде деректерде ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ, Гуюгтің өлімі тек Жошы ұлысының билеушісі Бату үшін ғана тиімді болған жоқ. Сонымен қатар, Гуюгтің өлімі моңғол империясының ішіндегі алауыздықты тоқтатқаны айқын. Академик В. В. Бартольд ортағасырлық шығыс деректеріне сүйене отырып, Гуюгті адамгершіліктен жұрдай, қатал және қыңыр адам ретінде сипаттап, егер өз қалауымен болмаса, оның алдына ешбір шенеунік келуге қорықты, ертеңгі күніне ешкім жауап бере алмаған деп сипаттады [5, с. 554].

Гуюгтің өлімінен соң, Моңғол империясында билік ұлы қағанның жесірі – Оғыл-Ғаймышқа өтті. Бірақ, оның биліктегі отырған кезеңіне өзінің енесі Төркін-хатуннан ерекшелігі, өз билігін нығайту үшін Шыңғыс-хан ұрпақтары арасындағы қайшылықтарды өз пайдасына пайдалануға тырысқан жоқ. Керісінше, Гуюгтің жесірі Қарақорымнан Өгедей ұрпақтарының иелігі Емілге кетуге шешім қабылдап, осылайша оның билігі моңғол империясында айтарлықтай әлсіреді. Тіпті, оның ұлдары Наху мен Қожа ашық түрде қарсы шығып, әрқайсысы өзін билеуші жариялап, өз аттарынан жарлықтар шығара бастағаны жөнінде деректер бар [2, р. 265]. Бату Гуюгтің қазасынан кейін, Оғыл-Ғаймышқа күйеуінің қазасы жөнінде көңіл айтып, жаңа ұлы қаған сайлағанға дейін уақытша билікке отыруға оның кандидатурасын толықтай қолдайтыны жөнінде жолдау жіберді [2, р. 263]. Гуюгтің өлімінен кейін-ақ, Бату Оғыл-Ғаймыш кезінен бастап, вассалдық мемлекеттерге саяси ықпалын қайта жандандыра бастады. Оның алғашқы қадамы вассалдық мемлекет билеушісі ретінде өзінің сенімді, қолдау көрсеткен адамдарын отырғыза бастады. Ал Мөңке ұлы қаған тағына отырған соң, ол тіпті сәтті жүрді. Мысалы: Русте оның сенімді одақтасы Александр Невский билікке келді. Грузияда Батудың көмегі арқылы Русудан патшайымның баласы Давид Нарини билікте отырған өзінің немере бауыры Давида Улудың (Гуюгтің шешімімен) мұрагерліктен, тең басқарушы (со­правитель) болып, іс-жүзінде Грузияны екіге бөліп басқарды. Рум сұлтанатында II Кей-Кавус Батудың көмегі арқылы, өзінің бауыры IV Килич-Арсланнан іс-жүзінде иеліктерінен айырып, билігін нығайтты.

Батыс тарихнамасында Жошы ұлысының орталық моңғол билігімен қарым-қатынастары маңызды орынды алды. Оның ішінде неміс зерттеушілерінің пікірлері аса маңызды. Неміс зерттеушілерінің еңбектерінде осы кезеңдегі ұлы қаған Өгедейдің қайтыс болуынан кейінгі ұлы қаған тағы үшін күрес, Гуюгтің ұлы хан тағына отыруы, оның Батумен күресі, Мөңкенің ұлы хан тағына отыруы және соңында Жошы ұлысының орталық Моңғолиядан тәуелсіздік алуы мәселелері еді. Й. Хаммер Пургшталь өзінің «Алтын Орда тарихы» еңбегінде Өгедей қайтыс болған соң, pax mongolica жағдайын сипаттай отырып, Бату Төркін-хатун мен Гуюгті жек көруінің себебін Плано Карпинидің мәліметіне сүйене отырып, былай дейді: «Ұлы хан Өгедейдің қалауы бойынша билік оның немересі Ширамунға берілуі керек еді, бірақ Тёрэгэнэ (Төркін-хатун) – Өгедейдің бес ұлының анасы, үлкен ұлы Гуюгті қолдады. Жаңа ұлы ханды салтанатты жариялағанға дейін ол билікті өз қолына шоғырландырды. Құрылтай Өгедей қайтыс болған соң, тек үш жылдан соң болды, ал Бату Тёрэгэнэ және оның ұлы Гуюгті жек көргендіктен ертерек келуге (Еуропадан) асықпады. Нәтижесінде, Батудың қатынаспауына қарамастан (жаңа ұлы ханды) сайланды...» [6, s. 131]. О.Вольфтің пікірінше, Бату Тёрэгэнэ (Төркін-хатун) тарапынан «дұшпандық пиғылдан» қауіптеніп, Еуропалық жорықты тоқтатып, кері қайтуға асығып, Моңғолиядағы жаңа қағанды сайлауға шешуші ықпал жасауға әрекеттенді [7, s. 381]. Неміс зерттеушісі Т. Шиманның пікірінше, Өгедей тірі күнінде ұлы хан тағының мұрагері ретінде өзінің үшінші ұлын бекітті, ал ол ұлы өлген соң, немересін, яғни үшінші ұлының баласын таққа отырғызуға бекітті. Бірақ, «моңғол құқығы бойынша жаңа хан сайланғанға дейін үстемдік етуші, ұлы ханның жесірі таққа өзінің үлкен ұлы – Гуюгті отырғызуды қалады. Осыдан кейін қарбаластық басталып, сол кезеңдегі ең қуатты моңғол князы Бату үшін кімге болысатындығы маңызды болды». Шиманн Плано Карпинидің мәліметіне сүйеніп, Бату Өгедей қайтыс болған соң, Батыс жорығын тоқтатты, бірақ шешуші құрылтай оның қатысуынсыз болмайтындықтан, ол түрлі сылтауларды айтып (мысалы: әскери жылқылар көп жылдық жорықтардан соң, әлсіреп әлденуді қажет етті) Моңғолияға баруға асықпады. Ақыр соңында, Бату Гуюгтің сайлануына қарсы тұра алмайтыны түсініп, өзінің өкілдерін жіберді, нәтижесінде 1246 ж. тамызда Гуюг ұлы хан болып сайланды [8, s. 170-171]. Гуюгтің қаған сайлануы, Моңғолиядағы ықпалды саясаткер, империяның Батыс бөлігінің билеушісі Батумен шиеленісуінің асқынуына алып келді. Д'Оссон пікіріне сүйене отырып, Гуюг пен Батудың қарым-қатынастарын сипаттаған Й.Хаммер-Пургшталь пікірінше, Гуюгтің әскери жорық жасауға деген ниетінің себебі, Батудың жаңа қағанға ант етуден бас тартуы еді, яғни «Гуюг ұлы хан тағына отырған құрылтай өткен жерде қыстап шығып», жорыққа шықты. «Төленің жесірі – Соркуктани, Гуюгтің Батуға ант беруге келмегені үшін дұшпандық пиғылда жорыққа шыққаны деген қауіппен соңғысына құпия түрде хат жолдады. Бірақ, Гуюг сапар кезінде қайтыс болды...». Бату, Гуюгтің өлгені жөніндегі хабарды алған соң, билікті Шыңғыс ұрпақтарының ішіндегі үлкен үй болып саналатын, «дәстүрге сәйкес, Гуюгтің үлкен әйелі Оғыл-Ғаймышқа беріп, моңғолдардың съездін белгіледі» [6, s. 133-134].

Неміс зерттеушісі Б.Шпулердің пікірінше, Бату мен Гуюг арасындағы шиеленіс тек тақ мәселесі бойынша болған жоқ, сонымен қатар, Моңғол империясының болашақтағы даму концепциясының негізінде бақталастығы еді. Тёрэгэнэ (Туракин) баласы Гуюгті ұлы хан тағына отырғызу үшін бар мүмкіндікті пайдаланды, ал Бату бұған қарсы болды. Сонымен қатар, ол Гуюг негізін салған діни және мәдени саясатпен келіспеді. Бату, Шыңғыс-хан және Өгедей секілді Моңғол мемлекетінің территориясында әлемдік барлық діндерге салқынқандылық танытқан еді. Ол шамандықты берік ұстанды... Ал Гуюг... жаңа тенденциямен бағыт алды, ол сол кезеңде моңғолдарға жалпыға бірдей танылғысы келді. Несториандық формасындағы христиандық... моңғолдарға бірнеше ғасырлар бойына белгілі еді, ал бұл ішкі қуаты мен діни құлшынысы жаулаушыларға да таралып, Гуюгке айтарлықтай әсер етті. Яғни ол христиандарға өте үлкен көңіл бөліп, христиандарды өз қарамағында айрықша дәрежелі жағдайда қарады. Оның хан сайлануы моңғолдар арасындағы христиандықтың жеңісі мен көзқарастардың орнығуының бастамасы еді. Бірақ, Бату бұған қарсы тұра алар еді дейді. Гуюгтің сайлануы, Батумен қарулы қақтығысқа дайындыққа себеп болған еді... Осындай жағдайлар кезінде 1248 жылы Гуюг өлді, оның өлімі көптеген күрделі мәселені шешті, бірақ оның билік ету кезіндегі көп үміт күттірген христиандықтың несториандық бағытының толқыны жойылды деген еді [8, s. 117].

Моңғол империясының ұлы қаған тағына ата жолын қуса да, жасын сыйласа да, еліне еткен еңбегін бағаласа да ұлы хаған тағына отыратын ендігі жол Батудікі еді. Бірақ көреген Бату мұндай тәуекелділікке бармай, Төле ұрпағын қолдауға бел буды. «Олай істеуінің өзіндік себебі бар, - деп жазады моңғол тарихының авторлары, Жошы ұрпағы хаған тағына ие болуға еш қарсы емес еді, бірақ Шыңғыстың «өз әулетінің» арасында жаттан туған делініп шеттетіліп келгендіктен, хан әулетінен қолдау таппай қалуымыз мүмкін дегенді сезіп, өздерімен бір тарапта болған Төле ұрпағын қолдауға бел буды» [1, 46-б.]. Сондай-ақ, Джузджани мәліметі бойынша Бату өз сөзінде былай деген: «Мне и брату моему Берка принадлежит уже в этом крае (т. е. Дешт-и-Кипчаке) столько государств и владений, что распоряжать­ся им (краем) да вместе с тем управлять областями Китая (Чин), Туркестана и Ирана (Аджем) невозможно» [9, с. 16].

Моңғол империясының ұлы қаған тағына жаңа үміткерді тағайындау жөніндегі мәселені шешу үшін, Бату хан қанша дегенмен жасын бұлдап, Шыңғыс әулетінің біліктілерін өз ордасына шақырды. Бірақ Шағатай, Өгедей ұрпақтары «Шыңғыс хағанның ордасы, шаңырағы Онон, Хэрленде жатса, Қыпшақ жерінде біздің неміз бар», - деп бұл шақырудан бас тартты. Осынау үзілісті пайдаланып Төленің бәйбішесі Сорхугтан хатун тұңғыш ұлы Мөңкені жол-жоралғысымен ағасы Бату ханға «сәлем беруге» аттандырды. Сөйтіп, Мөңкені ұлы қаған көтеру мәселесі Қыпшақ даласында, Бату ордасында шешілді [1, 46 б.]. Бұл құрылтайға Батудың бауырларымен қатар, Төленің ұлдары – Мөңке, Арық-Бұға және Мөге, Өгедейдің ұлы Қадан және Шағатайдың ұлы Мауци келді. Соңғы екеуінің келмеуге шарасы қалмады, себебі Бату ықпал ету аймағында иеліктері бар еді. Мауеранахрдағы биліктен айырған Гуюгке наразы Қара-Құлағу, Гуюгтің ұлдары Наху мен Қожа да келді. Бірақ, соңғы екеуі, тәуелсіз бағыт ұстанса да, келесі күннен соң-ақ, орындарына Темір-нойанды тастап, «Бату – ханзадалар арасында аға ұрпақ «ака». Ол не айтса да, оның сөздері заң. Біз оның айтқандарының барлығымен, кеңестерімен, қандай мәселені дұрыс деп шешсе сонымен келісеміз және оған ешқандай қарсылық көрсетпейміз». Осыған ұқсас түрде Өгедейдің таққа отырмаған мұрагері Ширамун тіпті, құрылтайға келмей өзінің өкілі ретінде Қонқыр-Тоқай-нойанды жіберіп, Өгедейдің ұлдары Темір-нойанға айтқандарындай нұсқаулықты берді [2, р. 557-558; 3, с. 129]. Өгедей ұрпақтарының құрылтайға толық қатыспауы Батуды әбігерге түсірген жоқ, керісінше олардың қатыспауына байланысты, мынадай өзіндік айыптау қорытындысын айтқан еді: «Дети Угедея поступили вопреки словам отца и не отдали трон Ширэмуну, и, преступив за­кон и обычай, убили без суда младшую дочь Чаур-сэчен. По этой причине ханство им не подобает» [2, с. 80; 3, с. 558]. Құрылтай соңы салтанатты той-томалақпен аяқталып, «Бату, как обычно принято среди монголов, поднялся, а все царевичи и нойоны в согласии, распустив пояса и сняв шапки, стали на колени. Бату взял чашу и установил хан­ское достоинство в своем месте; все присутствующие присягнули на подданство, и было решено в новом году устроить великий курултай» [3, с. 130]. Төле ұрпағы Мөңкенің ұлы қаған тағына салтанатты отырғызуды Жошы мұрагері атасы Шыңғыс-хан негізін қалаған заңы мен моңғол дәстүрін құрметтеп, ағайындар арасындағы алауыздықты туғызбауы үшін келесі жылы, құрылтайдың дәстүрлі өтетін орыны Онон мен Керулен арасында өткізуді жоспарлап, Батудың інісі Беркені қыруар әскермен Моңғолия жеріне жіберді. Джувейнийдің мәліметін сәйкес Берке қатар, Тұқа-Темір бірге үш түмен әскермен барған, ал Рашид ад-Диннің Тұқа-Темірдің орнына Сартақты атайды. Моңғолия жерінде Төле ұлысы оның одақтастарының әскері де топтасырылды [2, р. 563; 3, с. 80]. Ал 1249 жылдың аяғына қарай Жошы ұлысының өкілі және негізгі ұйымдастырушы Берке құрылтайға дайындықты бастады. Беркенің өзі Қарақорымға орналасып, Шыңғыс-хан ұрпақтары мен нойандарын жинауға тырысты, бірақ олардың толық басы қосылмай біршама қиындықтар туындады. Алғашқы болып, Төленің ұрпақтары, Мөңке және жеті бауырымен бастап келді. Сонымен қатар, біршама моңғол ақсүйектері келді. Ал Гуюгтің ұлдары мен Ширэмун, Шағатай ұрпақтары Йису-Мөңке, Бөрі, Есен-Бұға және басқалар бұрынғыдай келуден бас тартты. Берке біршама алаңдаушылық танытып, Батуға мынадай хат жазды: «Екі жыл өтті қалай біз Мөңке-қағанды таққа отырғызуға келгенімізге, ал Өгедей қаған мен Гуюг ханның ұрпақтары, Шағатайдың ұлы Йису-Мөңке, келген жоқ». Бұған Бату қысқа да, нұсқа жауап қайтарды: «Сен оны таққа отырғыза бер, ал Ясыдан бағынудан бет бұрғандар болса, онда басы алынады» [3, c. 131-132] деп, құрылтайға келмегендерді, іс-жүзінде Ясыны бұзушылар деп жариялады.

Берке белгілі деңгейде сахналанған түрде қатысушылардың жартысына жуығы қатынаспағанына қарамастан құрылтайды сәтті өткізді. Берке қатысушылардың көп бөлігі Мөңкені қолдаушылар қатарынан болғанына қарамастан құрылтайдың сәтті өтуін қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік шараларын жасады. Құрылтай өтетін орнын мыңдаған әскерімен қоршады және қатысушылардың тиісті орындарына отыру тәртібін бұзып, құрметті орындарға сенімді нөкерлерін отырығызды, ал сенімсіз ақсүйектер мен ханзадаларды алысқа отырғызып, олардың келіспейтін мәселелері бойынша пікірлерінің жарқын-жарқын шығуын шектеді. Осыған сәйкес, Мөңкені ұлы қаған сайлау сәтті өтті [3, с. 131-132]. Осылайша Жошы және Төле ұрпақтары Батудың басшылығымен бірге, құрылтайды дәстүрге сәйкес өткізіп ұлы қаған сайласа да іс-жүзінде мемлекеттік төңкеріс жасаған еді. Сонымен қатар, Бату хан Мөңкені ұлы қаған сайлау кезінде сіңірген еңбегі үшін Мөңке қағанның жарлығымен «Мемлекеттің (империяның-автор) батыс бөлігінің иесі (Ежен қаған) деген дәрежеге көтерілді». Осы кезден бастап Жошы ұлысы державасы із жүзінде империялық орталықтан бейтарап мемлекетке айнала бастады [1, 566-б.].

Жошы әулетінің қолдауымен Мөңке ұлы қаған тағына отырғаннан кейін Шағатай, Өгедей ұрпақтары Мөңке қаған басқарған империялық биліктің қысымшылығына ұшырады. Шағатай, Өгедей әулетінен тараған хан және хан оғландары ұлы қағанға қарсы астыртын әрекеттері үшін қайсыбірі жазаланып, қайсыбіреулері басқа елдерге өтіп кетті. Бұл іске Бату хан тікелей араласып отырды. Бату хан ордасында басы алынғандардың бірі Шағатайдың немересі Бөрі еді. Гуюг, Байдар, Бөрілер Батыс жорығы кезінде топтасып Батуға қарсы шыққан еді. Бұларға кезінде Өгедей қаған басу айтқан болатын. Бірақ, бір жағынан Өгедей, Шағатай ұрпақтары, екінші жағынан Жошы, Төле ұрпақтары арасындағы қақтығыс толастамады. Қақтығыс Бату ханның көмегімен Мөңкені қаған сайлаған кезде тіптен де ушығып кетті [1, 557-б.]. Неміс зерттеушісі О. Вольфтың пікірнше, Батудың Мөңкені ұлы хан сайлаған құрылтайға қатыспауының себебін, оның Шағатай ұлысы шекарасы маңында, яғни Сырдария өзені бойында Жошы ұлысының әскерін шоғырландырып, Шағатай ұрпақтарының Мөңкенің ұлы хан тағына сайлауға қарсы әрекеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті дейді [7, s. 386].

Т.Шиманның пікірінше, Гуюгтің өлімі «...империядағы басқарушылық ролі Батудың қолына көшті», соның арқасында 1251 жылы құрылтай шақырылып, ұлы хан тағына Төленің ұлы Мөңке отырып, соңғы жылдары империяда билік еткен Өгедей ұрпақтары біртіндеп құртылды» Б. Шпулердің пікірінше, Ұлы хан тағына отыруға Батудың бас тартуы оның жасының егде тартуына байланысты дейді. Моңғол империясында Гуюг хан билігі кезінде-ақ, Жошы ұлысының билеушісі Бату ішкі саясатында тәуелсіз саяси қадамдар жасай бастағаны белгілі, ал Гуюгтің өлімінен кейін, Моңғол империясының тағына Мөңке-хан отырған соң, сыртқы саясатын тәуелсіз түрде жүргізе бастады. Бұл жөнінде Т.Шиманн Жошы ұлысының оқшаулану процесін сипаттай отырып, Мөңке ұлы хан сайланған соң «Қыпшақ немесе Алтын Орда империясы» тәуелсіз болды дейді. 1242 жылы Шыңғыс-ханның соңғы ұлы Шағатайдың қайтыс болуынан кейін-ақ, Бату Бөржегін тайпасының ішіндегі жасы жағынан да, беделі жағынан да үлкен аға ұрпақ болғаны белгілі. Бірақ, Өгедейдің жесірі Төркін-хатунның да, ұлы қаған болып сайланған Гуюгтің де мұны мойындағысы келмегені анық. Ал Гуюгті Батуға қарсы ашық түрде соғыс басталуына жол бермеген факті оның өлімі ғана себеп болды.

В.В. Трепавловтың пікірінше, Шағатай өлімінен соң, империяның батыс жерлері жасы жағынан үлкен, Бату бастаған Жошы ұрпақтарына берілді дейді. Ал Гуюг ұлы қаған тағына отырған соң, 1246-1248 жылдары іс-жүзінде Бату мен Гуюгпен тең басқарушы (соправитель) болған дейді [11, c. 78-79]. Ал Гуюгтің өлімінен соң, 1248-1251 жжылдар аралығында Бату Моңғол империясындағы ең беделді адам болған белгілі. Ол жөнінде Киракос Гандзакецидің мәліметтерінде былайша сипатталған: «Русудан... послала послов к... Бату... предлагая признать свою зависимость от него, поскольку тот был вторым после хана лицом. И Бату велел ей восседать в Тифлисе, и татары не стали противодействовать этому, так как в эти дни умер хан» [4, с. 181]. Бұдан байқайтынымыз, ұлы қаған қайтыс болған соң, жаңа кандидатты таққа отырғызғанға дейін Батудың империядағы бірінші адам екені анық байқалады. Ал Мөңкені таққа отырғызған соң, Батудың саяси ықпалы артып, Моңғол империясындағы ұлы қаған әкесі ретінде болғаны байқалды. Армян тарихшысы Киракос Гандзакеци, Мөңке-хан таққа отырған соң, даңқты қолбасшы Батудың «патша әкесі» (хан әкесі) титулын иемденгенін жазады [4, с. 222]. Сондай-ақ, IX Людови­ктің елшісі Вильгельм Рубрукке Мөңке былайша айтқан: «Как солнце распространяет повсюду лучи свои, так повсюду распространяется владычество мое и Бату» [12, с. 138].

1259 жылы Қытай жорығында жүріп ұлы қаған Мөңкенің қайтыс болуымен байланысты орын алған кезекті саяси дағдарыс Моңғол империясының тұтастығын жойылуына алып келді. Бұрын саяси қарама-қайшылықтар бір жағынан Өгедей-Шағатай, екінші жағынан Жошы-Төле ұрпақтары арасында болса, ендігі жерде Жошы әулетінің қолдауындағы Төле ұрпақтары арасында қаған тағы үшін күрес басталды. Тақ үшін талас Мөңке қағанның бауырлары Құбылай мен Арық-Бұғы арасында өрістеді. 1260 жылы Қытайдағы моңғол әскері Құбылайды ұлы қаған деп мойындаса, Қарақорымда Арық-Бұғыға да жақтастары адалдыққа ант берді. Осылайша, империяда екі қаған, екі орталық, бірінен-бір өзгеше екі билік жүйесі пайда болды. Осыған байланысты Шыңғыс-хан ұрпақтары да екі топқа бөлінді. Бұл күресте Берке-хан бастаған Жошы ұрпақтарының негізгі бөлігі Арық-Бұғаның ұлы қаған тағына отыруын заңды екенін мойындады. Берке-хан Арық-Бұғаны белсенді түрде қолдады. Ол жөнінде араб авторы әл-Муфаддал шығармасында Берке Арық Бұғаға әскери көмек те көрсете отырып, ол жіберген жасақтар бір шайқаста Құбылай әскерін жеңіліске ұшыратқаны сипатталған [13, с. 146]. Сонымен қатар, Берке Бұлғарда Арық-Бұға атынан теңге соқтырған. Осыған байланысты, зерттеушілер арасында оның Арық-Бұғаны ұлы хан ретінде мойындап, оған қолдау көрсетті деп айтып өтті. Б. Шпулердің пікірінше, Берке мен Арық-Бұға арасын көшпенділік байланыстырса, Құлағу мен Құбылай қалалық мәдениетті қолдаушылар қатарында болды дейді [14, s. 72]. Осыған қарағанда, Арық-Бұға өз тарапынан Берке Алтын Орда териториясындағы билігін ресми заңдастырып, олардың араларында тығыз саяси қарым-қатынас орнаған болуы тиіс. Осындай жағдай Құбылай мен Құлағу арасында орнады. Соңғысы Құбылайдың билігінің заңды екенін мойындап, оған Арық-Бұға мен оның одақтастарына қарсылығын білдірді. Құбылайда өз кезегінде Құлағудың басып алған територияларына ұлыстың заңды билеуші (Елхан) ретінде бекітті. Моңғол империясының ұлы қаған тағы үшін текетірескен күрес Құбылайдың жеңісімен аяқталды. 1264 жылы Арық-Бұға қарсыласуын тоқтатып, өзінің қалған әскерімен Құбылайға берілді. Құбылай Арық-Бұғаның өмірін сақтап қалды, бірақ оның барлық жақтастарын саяси қастандық ұйымдастырушы, арандатушы ретінде қатал жазалады. Олардың көбін өлім жазасына кесті [15, с. 324-326].

Құбылайдың таққа отырған кезеңінен бастап, моңғол империясының құрамындағы ұлыстар орталық биліктен қашықтап, іс-жүзінде орталық әкімшілік пен ұлыс әкімшіліктері арасындағы байланыс үзілді. Жошы ұлысының билеушісі Берке мемлекеттің қуаттылығын арттыруда осындай қолайлы жағдайды кеңінен пайдаланды. Ұлыс билеушілері де ұлы қағанның ішкі саясатына араласпады және бұл мемлекеттердің билеушілері де Құбылайдың ұлыстардың ішкі мәселелеріне араласуына ерік бермеді. Осылайша бүкіл Моңғол империясының ұлы қағаны Құбылай деп саналғанымен, іс жүзінде империя бір-біріне тәуелсіз төмендегідей төрт мемлекетке бөлініп кетеді.

1. Моңғолия мен Қытайдағы Шыңғысханның кенже ұлы Төленің ұрпақтары, соның ішінде Құбылай билеген – Юань империясы.

2. 1258 ж. Иранда Төленің ұлы Құлағу негізін қалаған – Құлагидтер немесе Елхандар (тайпа хандары) мемлекеті.

3. Мәуереннахр, Жетісу, Шығыс Түркістан аймақтарын біріктірген – Шағатай мемлекеті.

4. Шығысында Ертістен батысында Дунайға дейінгі жерлердегі Ұлы даланы біріктірген Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұрпақтары билеген – Алтын Орда мемлекеті.

Тарихи әдебиеттерде Берке мен Құбылай арасындағы қарым-қатынас жөніндегі мәселе әлденеше рет қарастырылды. Көптеген зерттеушілер, ХІІІ ғасырдың 60-ші жылдарының басында олардың арасындағы қатынасты конфронтациялық бағытта болды деген пікірге келді. Құбылай ұлы қаған болған соң, Сарай мен Пекин арасындағы қатынас тіпті күрделене түсті. Берке мен Құбылай арасындағы қатынастың сипаттамасында белгілі бір қызығушылық туғызатыны ұлы қағанның Моңғол империясының ұлыстық билеушілеріне жіберілген жолдауында Беркенің тіпті аты да аталмайды [3, с. 162]. Демек, Құбылай оның Алтын Ордадағы билігінің заңды құқығын мойындамады, бірақ қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуге де мүмкіндігі болмады. Арық-Бұғаны толық жеңгеннен кейін немесе оған дейін Құбылай Құлағуға жарлық берді, онда «ол Аму өзенінен Сирия және Египеттің шеткі шегіне дейін жерлердің билеушісі болып табылды» [9, с. 75]. Осылайша, ұлы қаған Берке мен Құлағу арасындағы территориялдық дауды өзінің бауырының пайдасына қарай шешті. Бірақ, Алтын Орда ханы ол шешіммен келіспей, Құлағуға қарсы, ал ол өлген соң оның мұрагері Абагаға қарсы соғыс қимылдарын белсенді түрде жалғасыра берді. Бұл дегеніміз Беркенің империялық биліктің бұйрықтарына қарсы тайсалмай күресті. Бізге мәлім Берке мен Құбылай арасында «ынтымақтастық» жөніндегі жекелеген бір мәліметтер бар. Мысалы, Құбылай Арық-Бұғаның мәселесіне қатысты сот жүргізу үшін, оның жұмыстарына қатынасуға Құлағу, Берке және Алғуйды шақырғаны жөніндегі мәлімет. Бұл фактінің сенімділігіне күмәнданудың қажеті жоқ, бірақ оны ұлы қағанның саяси айласы іске асқан жоқ деп бағалауға болады, өйткені шақырылғандардың ешқайсысы келген жоқ [16, с. 11]. Қарастылған мәселелердің барлығы, 1264 жылы Құбылай өзінің бауыры Арық-Бұғамен күресте жеңіске жеткен соң, ұлы қаған болды, ал Алтын Орда Моңғол империясынан іс-жүзінде тәуелсіз мемлекетке айналды деп айтуға болады. Егер Алтын Орда мемлекетінің ұлы қағаннан белгілі-бір тәуелділігі болса да ол формалді сипатқа ғана ие болды.

Құбылайға қарсы күресте Арық-Бұға жеңіліс тапқан соң, оның жақтасы болған және саясатын жалғастырушы Өгедей ұрпағы Хайду күресті жалғастырды. Хайду Юань мемлекеті құрылған соң, империя орталығын Қытайға көшіруіне үлкен қарсылық туғызды. Осының нәтижесінде Моңғол империясының шығысында соғыс басталып, 1301 жылы Хайдудың қайтыс болуына дейін жалғасты. 1266 жылдың аяғына қарай Хайду Құбылайға қарсы әскерді бастап шықты. Оның негізгі әскери күші Еміл маңына шоғырланды. Құбылай Хайдудың шабуылына қарсы күресуге дайындықты бастады. Құбылай өзінің ұлы Номғонға Хайдуға қарсы әскерге қолбасшылықты жүктеді. Номғон ұлы ханның мұргері және империяның Моңғолиядағы бөлігін басқарушы ретінде тағайындалып, оның резиденциясы Қарақорымда орналасты. Номғонға империяның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Хайду қарсылығын талқандау міндеті тұрды. Номғон Қарақорымға келген соң, Хайдуға қарсы әрекетке кірісіп, таңдаулы моңғол әскерлерін жасақтады. Сондай-ақ, Шағатай ұлысы мен Алтын Ордаға елшілер жіберіліп, Құбылайдың атынан жолдаулар арнады және Қытайдан әкелінген бағалы сыйлықтарды бере отырып, Шағатай ұлысының билеушісі Жапармен және Алтын Орда билеушісі Мөңке-Темірмен уақытша келісімге келді. Алтын Орда ханы Мөңке-Темір алғашқы кезде тіпті, Хайду соғыс ашатын болса, Құбылайға көмек көрсетуге дайын екеніне уәдесін берді. Номғон қысқа ғана уақытта моңғол ұлыстарының қолдауына ие болса да, бұл келісім өте осал болды [15, c. 328-329]. Номғон империяның қауіпсіздігі мәселелерімен айналасып жатқан кезде, Хайду да ұлыс билеушілеріне өз елшілерін жіберді. Оның жіберген бір хатының мазмұны былайша сипатталды: «Наши предки и Чингисхан оставили нам завет о строгом соблюдении порядка наследования ханского престола. В настоящее время мы с вами, нойоны-братья, уступили ханский престол тому че­ловеку, кто не выполняет заветов наших предков, наоборот, их отвергает. Я же должен наследовать ханский престол. Хубилай предательски перешел на сторону Китая, он перестал соблю­дать старую добрую традицию Монголии и отвергает заветы предков. Если вы будете помогать ему, то это будет отходом от заветов наших предков. Просим хорошенько подумать об этом» [17, c. 334]. Номғон мен Хайду мақсатқа жету жолында екі түрлі әдісті қолданды. Номғон Құбылай атынан жазылған хат жіберіп, бағалы сыйлықтар беру арқылы, яғни дәстүрлі Қытайлық дипломатиялық жолмен шешуді көздеді. Ал Хайду болса Құбылайдың дәстүрлі моңғол құқығы мен Шыңғыс-хан негізін қалаған ұстанымдарды бұзғандығын әшкерелеп, өз жағына ұлыс билеушілерін үгіттеу арқылы жүзеге асырмақшы болды. Сондықтан, Алтын Орда билеушісі кешікпей Құбылаймен жасаған келесімін бұзып, Хайдудың жағына шығып кетті [15, c. 329].

1268 жылы Құбылайдың одақтасы, Шағатай ұлысына билеушісі ретінде қойған Барақ Хайдуға қарсы соғысын бастады. Мөңке-Темір Құбылай мен Шағатай ұлысының билеушісімен біріккен әскери одақтың күшеюін қаламағандықтан, Хайдуға көмекке немере атасы Беркечар бастаған 30 000 жауынгер жіберді. Екі жақты қысымға шыдай алмаған Барақ Оңтүстік-Қытайдың Сун империясымен соғысып жатқан Құбылайдан көмек келмеген соң, тізе бүгуге мәжбүр болды [3, c. 70].Хайду ендігі жерде Құбылаймен күресін тоқтатып, Орталық Азия ұлыстарының береке-бірлігін нығайтуға күш сала бастады. Әуелі Барақты ымыраға шақыру үшін немере інісі Қыпшақты тарту-таралғысымен Бараққа аттандырады. Барақ Хайдудың елшісін Самарқанда қабылдап, арадағы шиеленісті күшпен емес, келісім арқылы шешу керектігін айтып Орталық Азиядағы Моңғол ұлыстарының басын қосқан құрылтай шақыру туралы Хайдудың пікірін қолдайды [1, 562 б.]. Осыған байланысты көптен күткен құрылтай 1269 жылы Вассафтың мәліметі бойынша, Катван даласында, ал Рашид ад-Дин мәліметі бойынша, Талас өзені бойында өтеді. Құрылтайға Хайду, Барақ және Жошы, Шағатай, Өгедей ұлыстарының өкілдері қатысты. Рашид ад-Дин мәліметіне сенсек, құрылтайға Мөңке-Темірдің өзі қатысқан. Басқа деректерде Мөңке-Темірдің өзі бұған қатынасқан жоқ, бірақ жоғарыда аталған Беркечарды жіберді. Құрылтайға қатысушылар Моңғол империясының болашақ тағдырына қатысты бірқатар шешімдер қабылдады [1, 562-б., 3, с. 60. 18, р. 333]. Оның ішінде шешуші және маңызды шешімдердің бірі қатысушылар өз ұлыстарын Құбылай билігінен тәуелсіздігін ресми түрде қабылдады. Дегенмен, Бату, Берке кезінде Алтын Орданың тәуелсіз саясат жүргізген байқалса да, ал бұл құрылтай шешіміне байланысты ресми түрде Шыңғыс-хан ұрпақтары тарапынан мойындалды. Шығыстағы Шыңғыс-хан ұрпақтарынан ұлыстың тәуелсіздігін мойындаған соң, Мөңке-Темір жалпы империялық саясатқа көп араласпай, одақтастарына көп жағдайда моралді және дипломатиялық түрде қолдау көрсетумен ғана шектелді. Осылайша, Шыңғыс-хан ұрпақтары арасында өзара шиеленіс жағдайында Алтын Орда Мөңке-Темір билігі кезеңінде толық тәуелсіздікке ие болды

Әдебиеттер:

1. Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті. – Алматы: Тарих тағылымы, 2010. – 728 б.

2. Juvaini Ata-Malik. The History of the World Conqueror / Transl. from text of Mirza Muhammad Qazvini by J.A. Boyle, introduction and bibliography byD.O. Morgan. – Manchester: Manchester University Press, 1997. – 832 p.

3. Рашид ад-Дин // Сборник летописей / пер. с перс. А.К. Арендса, ред. А.А. Ромаскевич, Е.Э. Бертельс, А.Ю. Яку­бовский. – М.-Л., 1946. - Т.3. – 316 с.

4. Гандзакеци К. История Армении / пер. с древнеарм., предисл. и коммент. Л.А. Ханларян. – M.: Наука, 1976. – 358 с.

5. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия // Соч.: в 9 т. - М.: Наука, 1963. – Т.1. – С. 43-597.

6. Hammer-Purgstall J. von. Geschichte der Goldenen Horde in Kiptschak, das ist: der Mongolen in Russland. – Pesth: C.A.Hartleben's Verlag, 1840. – 683 s.

7. Wolff O. Geschichte Mongolen oder Tataren besonders ihres Vordringes nach Europa, so wie ihrer Eroberungen und Einfaelle in diesem Welttheile. – Breslau: Verlag von Carl Dülfer, 1872. – 429 s.

8. Spuler B. Geschichte der islamischen Länder, ein Überblick. Die Mongolenzeit. – B.: Wissenschaftl. Edionsges, 1948. – 76 s.

9. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В.Г. Тизенгаузеном и обработанные А.А.Ромаскевичем и С.Л.Волиным. – М.-Л., 1941. – Т.II. – 308 c.

10. Почекаев Р.Ю. Батый. Хан, который не был ханом– СПб.: Евразия, 2007. – 350 с.

11. Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи XIII в.: Проблема исторической преемственности. – М.: Наука, 1993. – 168 с.

12. Гильом де Рубрук. Путешествие в восточные страны / Пер. А. И. Малеина, вступит, ст., коммент. М. Б. Горнунга // Путешествия в восточные стра­ны. М., 1997. С. 86-189.

13. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды Извлечения из арабских сочинений, собранные В.Г. Тизенгаузеном / Подготовка к новому изданию, введения, дополнения и комментарии Б.Е. Кумекова, А.К. Муминова. – Алматы.: Дайк-Пресс, 2005. – Т. І. – 709 с.

14. Spuler B. Die Mongolen in Iran. Politik, Verwaltung und Kultur der Ilchanzeit. 1220-1350. 2., erweiterte Auflage. – B.: Akademie-Verlag, 1955. – 579 s.

15. Далай Ч. Борьба за великоханский престол при Хубилае и его преемниках // Татаро-монголы в Азии и Европе: сб. статей. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Наука, 1977. - С. 323-334.

16. Закиров С. Дипломатические отношения Золотой Орды с Египтом. – М.: Наука, 1966. – 160 с.

17. Д'Оссон К. История монголов от Чингиз-хана до Тамерлана / пер. и предисловие проф. Н. Козьмина.– Алматы: Санат, 1996. - 2 изд. – 255 с.

18. Grousset R. The Empire of the Steppes: A History of Central Asia. - New Brunswick: New Jersey and London, 2000.

References:

1. Kinaiatuly Z. Shyngys han zhane Kazakh memleketі. – Almaty: Tarih tagylymy, 2010. – 728 b.

2. Juvaini Ata-Malik. The History of the World Conqueror / Transl. from text of Mirza Muhammad Qazvini by J.A. Boyle, introduction and bibliography by D.O. Morgan. – Manchester: Manchester University Press, 1997. – 832 p.

3. Rashid ad-Din // Sbornik letopisej / per. s pers. A.K. Arendsa, red. A.A. Romaskevich, E.Je. Bertel's, A.Ju. Jakubovskij. – M.-L., 1946. - T.3. – 316 s.

4. Gandzakeci K. Istorija Armenii / per. s drevnearm., predisl. i komment. L.A. Hanlarjan. – M.: Nauka, 1976. – 358 s.

5. Bartol'd V.V. Turkestan v jepohu mongol'skogo nashestvija // Soch.: v 9 t. - M.: Nauka, 1963. – T.1. – S. 43-597.

6. Hammer-Purgstall J. von. Geschichte der Goldenen Horde in Kiptschak, das ist: der Mongolen in Russland. – Pesth: C.A. Hartleben's Verlag, 1840. – 683 s.

7. Wolff O. Geschichte Mongolen oder Tataren besonders ihres Vordringes nach Europa, so wie ihrer Eroberungen und Einfaelle in diesem Welttheile. – Breslau: Verlag von Carl Dülfer, 1872. – 429 s.

8. Spuler B. Geschichte der islamischen Länder, ein Überblick. Die Mongolenzeit. – B.: Wissenschaftl. Edionsges, 1948. – 76 s.

9. Sbornik materialov, otnosjashhihsja k istorii Zolotoj Ordy. Izvlechenija iz persidskih sochinenij. Sobrannye V.G. Tizengauzenom i obrabotannye A.A. Romaskevichem i S.L. Volinym. – M.-L., 1941. – T.II. – 308 c.

10. Pochekaev R.Ju. Batyj. Han, kotoryj ne byl hanom – SPb.: Evrazija, 2007. – 350 s.

11. Trepavlov V.V. Gosudarstvennyj stroj Mongol'skoj imperii XIII v.: Problema istoricheskoj preemstvennosti. – M.: Nauka, 1993. – 168 s.

12. Gil'om de Rubruk. Puteshestvie v vostochnye strany / Per. A. I. Maleina, vstupit, st., komment. M. B. Gornunga // Puteshestvija v vostochnye stra¬ny. M., 1997. S. 86-189.

13. Sbornik materialov, otnosjashhihsja k istorii Zolotoj Ordy Izvlechenija iz arabskih sochinenij, sobrannye V.G. Tizengauzenom / Podgotovka k novomu izdaniju, vvedenija, dopolnenija i kommentarii B.E. Kumekova, A.K. Muminova. – Almaty.: Dajk-Press, 2005. – T. І. – 709 s.

14. Spuler B. Die Mongolen in Iran. Politik, Verwaltung und Kultur der Ilchanzeit. 1220-1350. 2., erweiterte Auflage. – B.: Akademie-Verlag, 1955. – 579 s.

15. Dalaj Ch. Bor'ba za velikohanskij prestol pri Hubilae i ego preemnikah // Tataro-mongoly v Azii i Evrope: sb. statej. – 2-e izd., pererab. i dop. – M.: Nauka, 1977. - S. 323-334.

16. Zakirov S. Diplomaticheskie otnoshenija Zolotoj Ordy s Egiptom. – M.: Nauka, 1966. – 160 s.

17. D'Osson K. Istorija mongolov ot Chingiz-hana do Tamerlana / per. i predislovie prof. N. Koz'mina.– Almaty: Sanat, 1996. - 2 izd. – 255 s.

18. Grousset R. The Empire of the Steppes: A History of Central Asia. - New Brunswick: New Jersey and London, 2000.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 867

Нет рецензий

Скачать файлы

Макала_Алтын Орданын саяси тарихы.doc 0.15 MB Макала_Алтын Орданын саяси тарихы.doc 0.15 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ӘОЖ 94 (100) МИХАИЛ VIII ПАЛЕОЛОГ БИЛІГІ КЕЗЕҢІНДЕГІ (1261-1282) ВИЗАНТИЯНЫҢ АЛТЫН ОРДАМЕН САЯСИ БАЙЛАНЫСТАРЫ ТОҚТАМЫС ПЕН ТЕМІР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЗША (1391 ж.) ЖӘНЕ ТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ (1395 ж.) ШАЙҚАСТАР ТАРИХЫ АК-ОРДА: ОТ УЛУСНОГО ОБЪЕДИНЕНИЯ К НЕЗАВИСИМОМУ ГОСУДАРСТВУ ӘОЖ 94 (5) "1242-1259" АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (1242-1269 жж.) УДК 902.2/904 БРАСЛЕТЫ С ЛЬВИНЫМИ ЛИЧИНАМИ: К ИСТОРИИ ОДНОГО УКРАШЕНИЯ

Статьи автора

Моңғолдардың Шығыс және Орталық Еуропаға жорықтары (1241-1242) ӘОЖ 94 (100) МИХАИЛ VIII ПАЛЕОЛОГ БИЛІГІ КЕЗЕҢІНДЕГІ (1261-1282) ВИЗАНТИЯНЫҢ АЛТЫН ОРДАМЕН САЯСИ БАЙЛАНЫСТАРЫ ТОҚТАМЫС ПЕН ТЕМІР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЗША (1391 ж.) ЖӘНЕ ТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ (1395 ж.) ШАЙҚАСТАР ТАРИХЫ ӘОЖ 94 (5) ТОҚТАМЫС ПЕН ТЕМІР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЗША (1391 ж.) ЖӘНЕ ТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ (1395 ж.) ШАЙҚАСТАР ТАРИХЫ ӘОЖ 94 (5) "1242-1259" АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (1242-1269 жж.)