Главная » Материалы » ӘОЖ 94 (574) «20/30» Қазақстандағы нарық механизмінің соңғы элементтеріне қарсы Сталиндік экстремистік саясат

Қозыбақова Ф.А. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.к.

ӘОЖ 94 (574) «20/30» Қазақстандағы нарық механизмінің соңғы элементтеріне қарсы Сталиндік экстремистік саясат

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(08)

Теги: жер, Түйін, сөздер:, Империялық, билік, бай, кулак, ұжымдастыру, ОГПУ, мұрағат, партия, конференция, аудару, тоталитаризм, экстремизм
Аннотация:
Аннотация. Мақалада авторлар ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан тарихының кеңестік тоталитарлық жүйе жүргізген төтенше саяси-шаруашылықтық науқандарының, қазақ қауымындағы ежелден қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық пен нарықтық қатынасты күйретудің Сталиндік-Голощекиндік негіздерін талдай келе, «байлар мен кулактарды тап ретінде жою» саясатын ҚР ҚРОМА, ҚР ПА мұрағаттарындағы деректері мен құжаттары негізінде баяндайды. Авторлар кеңестік Қазақстанның империялық билік кезіндегі «Байлар мен кулактарды тап ретінде жою саясаты» - шаруа қауымының табиғатына қарсы бағытталған, адамгершіліктен жұрдай, қылмысты саясат. Сондықтанда оның зардаптарыда аса ауыр: ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі мал шаруашылығын табиғи ерекшеліктерге сай тиімді ұйымдастыра алатын ең іскер, білікті шаруақор адамдардан айырып, дәстүрлі шаруашылықты біржола күйретуге әкелгендігін ғылыми негіздейді.
Содержание:

Кулактарды тап ретінде жою саясаты шаруалар қожалықтарын күштеп жаппай ұжымдастыруға бағыт ұстауға байланысты біртіндеп, 1929 жылдың соңына қарай өмірге табанды түрде енгізіле бастады. Партияның Орталық Комитеті кулактарды тап ретінде жою туралы арнайы нұсқау қабылдамаса да, И.Сталин өзінің сөйлеген сөздерінде бұл науқанның басталуына теориялық негіз қалады. Ол өзінің «Ұлы өзгеріс жылы» деген атпен «Правда» газетінде 1929 жылдың 7 қарашада жарық көрген еңбегінде осыдан бұрынғы азық-түлік дайындау науқанындағы қол жеткен табыстар «Деревняның капиталистік элементтеріне шабуыл» жасаудың нәтижесі екенін атап көрсете келе, мұны тіпті соқырлар да көріп отыр» - деген еді [1, 145 -б.]. Бірақ орталық тарапынан «Ал енді осы науқанды бастаңыздар» деген арнайы нұсқау бола қоймағанын да айта кеткен жөн. Сондықтан да, сәл кейінірек өзінің Бүкіл қазақтық 7 партия конференциясында сөйлеген сөзінде Ф.И.Голощекиннің былай дегені бар: «Мен жиналыстарда мәселені былай қойдым – Орталық комитеттің кулактарды тап ретінде жою туралы нұсқауын, Орталық комитеттің кулактарды жою туралы қарарын кім оқыды? Ешкім де оны оқи алған жоқ. Өйткені ондай қарар жоқ, бірақ коллективтендіру туралы қарар бар. Бұл тағы да кулактарды тап ретінде жоюды коллективтендіру процесінен бөлек ойластыруға болмайтынын көрсетеді» [2, 104 -б.].

Бұдан біраз кейінірек 1929 жылы 27 декабрьде, «ССРО-дағы саясат мәселелері жөнінде» марксист аграршылдар конференциясында сөйлеген сөзінде И.Сталин бұл мәселені анық және батыл қойды. «Біз,–деді ол,– соңғы уақытта кулактардың қанаушылық тенденциясын тежеу саясатынан кулактарды тап ретінде жою саясатына көштік» [1, 186 -б.].

И.Сталин осы сөзінде осынау жаңа саясаттың мәнін ашып көрсетіп, былай деген еді: «Кулактарға шабуыл жасау үлкен жұмыс... Кулактарға шабуыл жасау дегеніміз – кулактарды қирату және оларды тап ретінде жою деген сөз... Кулактарға шабуыл жасау дегеніміз – іске әзірленіп алып, кулактарға соққы беру, соққы бергенде олар қайта тұра алмастай ету деген сөз. Біз, большевиктер нағыз шабуыл деп осыны айтамыз» [1, 184 -б.].

Осылайша, И.Сталиннің теориялық тұжырымдары 1929 жылдың 5 желтоқсанында құрылған (төрағасы Я.А. Яковлев) БК(б)П ОК Саяси бюросының «Коллективтендіру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысна көмек беру шаралары туралы» қаулысының жобасын дайндау үшін құрылған комиссияның жұмысына шешуші ықпал жасап, оның кулактарды тап ретінде жою шараларын жасауға баса мән беруін қажет етті [3, 206 –б.].

1930 жылы 5 қаңтарда жарық көрген бұл қауылда кулактарға қарсы жаулық саясаттың мәні төмендегідей түсіндірілді: «Біздің ірі кулак өндірісін ірі колхоз өндірісімен ауыстыруға, барлық жоспарда болжағанынан өсуі әлде қайда асып түскен совхоздар туралы айтпағанның өзінде, социалистік егін шаруашылығын жасауға байланысты қуатты алға жылжуға материялдық базамыз бар. ССРО-ның барлық халық шаруашылығы үшін шешуші маңыз алатын бұл жағдай партияның өзінің практикалық жұмысында кулактардың қанаушылық бағыттарын тежеу саясатынан, кулактарды тап ретінде жою саясатына көшуге толық негіз жасады» [4, 258 – б.]. Кулак туралы мәселені біржолата шешу және оны тап ретінде жоюдың нақты шараларын жасау үшін БК(б) П ОК 1930 ж. 15 қаңтарда өзінің хатшысы В.М.Молотов бастаған арнайы комиссия құрды [3, 206 –б.].

Комиссия жұмысына теориялық ықпал жасау үшін И.Сталин «Красная звезда» газетіне 1930 ж. 21 қаңтарында «Кулактарды тап ретніде жою саясаты туралы мәселе жөнінде» деген атпен өзінің мақаласын жариялады [1, 195-201 –бб.]. Онда И.Сталин екі түрлы күрделі сауалға жауап берді. Оның алғашқысы – 1927 жылы болып өткен соңғы БК (б) Х съезінің жерді арендаға беру және деревняда еңбек жалдау туралы заңдарды күшінде қалдыруы жаңа саясатқа, яғни кулактарды тап ретінде жою саясатына қайшы келмей ме? деген сауал еді. И.Сталин бұл сұрауға жауап бергенде партияның ХVсъезінің жоғарыдағы мәселелер жөніндегі шешімдеріне ашықтан-ашық қарсы болып былай деді: «Бұл заңдар мен қаулылар (арендаға беру және деревняда жалдамалы еңбекті пайдалану туралы – Ф.Қ.) кулактарды тап ретінде жою саясатына қарсы келмей ме? Сөз жоқ, қайшы келеді! Олай болса жаппай коллективтенген аудандарда бұл заңдар мен қаулыларды енді былай жинап қоюға тура келеді» [1, 199 -б.].

Иә, осылайша И.Сталин деревнядан нарық механизмінің соңғы элементтерін де өмірден аластап, басқарудың таза әміршіл-әкімшіл әдістерін ұсынды. Сол жылдарда қоғамды толғандырған екінші сауал бұрынғы деревняның капиталистік элементтерін тежеу саясаты. Кулактарды тап ретінде жою саясаты арасындағы сабақтастық қандай? – деген мәселе еді. И.Сталин бұған төмендегідей жауап береді: «...кулактарды тап ретінде жою саясаты деревняның капиталистік элементтерін тежеу (және ығыстыру) саясатының жалғасы деуге болады ма? Әрине болмайды!» [1, 200 -б.].

Неге «болмайтынын» ол одан ары былай түсіндірді: «Кулактарды тап ретінде ығыстырып шығару үшін, бұл таптың қарсылығын ашық майданда тойтару керек және кулактарды олардың өмір сүруіне және дамуына керекті өндіріс көздерінен (жерді еркін пайдалану, өндіріс құралдары, аренда, еңбек жалдау правосы, тағысын-тағылардан) жұрдай қылу керек. Кулактарда тап ретінде жою саясатына бет бұру деп міне осыны айтады».[11] 

И.Сталин осылайша мәселені өте қатал қойды. Кулактардың жағдайын қиындата түскен бір мәселе, барлық өмір сүруге қажетті нәрселерден жұрдай болған олар, тіптен колхозға өз еріктерімен кіру құқынан да айырылды. Осыдан соң 1930 ж. 5 қаңтарда жарық көрген «Коллективтендіру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек беру шаралары туралы» БК (б) Орталық Комитетінің қаулысында кулактарды колхозға алуға мүлдем тыйым салынды [4, 260 -б.].

Кулакқа қарсы шаралардың шұғыл қолға алынуына 1930 жылдың қаңтардың алғашқы жартысында болып өткен жаппай коллективтендіру аудандары өкілдерінің Бүкілодақтық кеңесі қайшы болды [3, 210 -б.].И.Сталиннің жоғарыда 21 қаңтарда айтылған пікірінен кейін, тіптен осы мәселеге байланысты құрылған және жоғарыда атап көрсетілген  БК(б)П ОК комиссиясының қорытындысын күтіп жатпастан, енді жаппай коллективтендіру аудандарында кулактарды тап ретінде жою саясаты шұғыл қолға алынды. Мысалы, Қазақстанда 1930 жылы 23 қаңтарда Қазақстан өлкелік партия комитетінің жанынан құрылған кулактарды тап ретінде жоюды дайындау және жүзеге асыру шаралары бойынша үштік мәжілісі кулактарды Қазақстанның өз ішінде жер аудару мәселесін қарады. Бұл бойынша жаппай коллективтендірілетін аудандардан жер аударылатын кулактар қожалықтарының саны 20 мың болып белгіленеді [5].

  Жер аударылатын кулак қожалықтары өндіріс орындарынан, темір жолдардан және өлкеаралық аудандардан жырақ шөл аудандарға тығыз қоныстандырылатын болды. Мұндай аудандарға Адай, Балқаш бойы,  Уст-Урсам, Бөкей, Ырғыз, Шет аудандары, бұрынғы Атбасар уезінің және Торға  й ауданының оңтүстік бөлігі жатты.

Бірінші кезекте ОГПУ органдары жер аударылатын кулактар жанұяларын көрсетілген аудандардағы шаруашылық жұмыстарында қалай пайдаланатындарын екі күннен қалмай анықтап шешулері тиіс болды. Екінші кезектегі мәселе ретінде Қазақстанның өз ішіндегі барлық кулак жанұяларын жер аудару қажеттілігі атап көрсетіледі [5].

Жиналыс мұнымен шектелмей, күн тәртібіне үшінші мәселе етіп кулактар қожалықтарын нақты есепке алу мәселесін қойды. Сонымен қатар дәл осы жиналыста Кеңестер Одағының басқа аудандарынан Қазақстанға жер аударылатын кулактар туралы мәселе де талқыланады. Осыған байланысты алғашқы кезекте Қазақстанға сырттан жер ауып келетін кулактар жанұяларының саны шамамен 30 мыңдай болады деп жобаланады. Оларды да Қазақстанның өз ішіндегі кулактар жер аударылатын аудандарға қоныстандыратын болды [6].

Бұл жұмысты жаппай коллективтендіру жүргізілетін округтерде құрылатын үштіктер жүзеге асырулары тиіс болды. Оның құрамына округтік комитет хатшысы (төраға), округтік атқару комитетінің төрағасы және округтік ОГПУ-дің бастығы кірді. Оларға кулактарды жер аударуға байланысты  барлық жұмыстарды қатал түрде құпия ұстау тапсырылды. Округтік үштіктер кулактарды есепке алу жұмысын округтік финанс бөлімінің салықтар жөніндегі тізімдерін пайдалана отырып, бас-аяғы 10 күндік мерзімде аяқтаулары тиіс болды. Осындай шешім қабылдаған республикалық үштік қаулысына: І.Құрамысов (төраға), Альшанский мен Асылбеков қол қойған [7]. Жоғарыда атап көрсетілген осы мәселеге  байланысты құрылған БК (б) П Орталық Комитетінің В.Молотов  басқарған комиссиясы 1930 жылы 26 қаңтарда өздерінің жұмыстарын аяқтап, қаулы жобасын Саяси бюроға тапсырды. 30 қаңтарда БК (б) П ОК Саяси бюросы «Жаппай коллективтендіру аудандарындағы кулактар шаруашылықтарын жоюға байланысты шаралар туралы қаулы қабылдады, ол сол күні телеграфпен барлық партия ұйымдарына жіберілді» [8, 177-178 бб.].

«Правда» газеті арада бір күн өткен соң, өзінің бас мақаласында «Кулакты жоюды жаппай коллективтендіруден бөліп қарауға» қарсы шешуші күреске шақырды [9].

 Саяси бюроның 30 қаңтарындағы қаулысы кулактарды жерден де, адам жалдаудан да, құрал-сайманнан да біржолата айырды. Кулактардың Кеңес өкіметіне қарсы бас көтерулерін болдырмау үшін мынадай шаралар белгіленеді:

а) контрреволюциялық актив, қастандық актілерін және кеңеске қарсы бүлікті ұйымдастырушылар тұтқындалулары сотқа берілулері тиіс болды;

б) ірі кулактар және бұрынғы жартылай помещиктер коллективтендіруге қарсы болғандықтан жаппай коллективтендіру аудандарынан елдің алыстағы солтүстік аудандарына жер аударуға жатты;

в) қалған кулактардың ең көп бөлігі аудан көлемінде жаңа жерлерге қоныстандырылып, колхоздар жерінен тыс аймақта орналасатын болды.

Қаулыда кулактардың көрсетілген үш категориясы оларды жергілікті жердегі сандарына байланысты өзгеріп отыруы керектігін атап көрсете келе, бірақ шаруалар арасында кулакқа айналдырылғандар жалпы алғанда орта есеппен 3-5 % аспаулары керектігін де ескертті [10, 54 -б.]. Партияның Орталық Комитеті мұны жазалау шараларының орташаларға таралып кетуінен сақтандыру шаралары деп қабылдаса да, шын мәнінде бұл көрсеткіш Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі аудандарына жарамайтын еді. Қолында едәуір малы бар ауқатты қазақтар 1928-29 жылдары ірі мал иелерін кәмпескелеу науқанында өздерінің бай туыстарына біріктіріліп (кәмпескелеу көрсеткішіне мал басы жетпегендіктен) кәмпескеленіп кеткен еді. Ендігі жерде қазақ ауылында әр бір 100 шаруаның 5-ін (5%) кулакка айналдыру аса қиын шаруа еді. Бұл науқан аз ғана малы бар орта шаруаны жаппай кулакка айналдыруға негіз жасап берді. Қаулы бойынша, алғашқы категорияға жататын – «контрреволюциялық активті» анықтау және жер аудару ОГПУ органдарына жүктеледі де, ал екінші категорияға жататын «ірі кулактарды» жергілікті өкімет органдары анықтап, ол округтік атқару комитетінде бекітілетін болды. Ал үшінші категорияға жататын кулактарды қоныстандыру мәселесімен округтік атқару комитеттері тікелей айналысты. Кулактардан тәркіленген өндіріс құрал-жабдықтары  колхоздардың бөлінбейтін қорына, ал кулактардың кооперацияға төлеген жарнамалары және салымдары кедейлер мен батырақтардың коллективтендіру қорына берілді [10, 54 -б.].

Осы БК (б) П Орталық Комитеті 1930 жылдың 30 қаңтарындағы қаулысының негізінде КСРО ОАК мен ХКК «Жаппай коллективтендіру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайтуға байланысты және кулактармен күресуге байланысты шаралар туралы» 1930 жылдың 1 ақпанында қаулы қабылданды [4, -267 б.].Ол бойынша жаппай коллективтендіру аудандарында жерді жалға беруге рұқсат ету және жекешелер шаруашылықтарында жалдамалы еңбекті қолдану туралы (Жерді пайдаланудың және жерге орналастырудың жалпы бастауының VII және VIII бөлімдері) заңы жойылды. Өлкелік (облыстық) атқару комитеттеріне және автономиялық республикалар өкіметіне бұл аудандарда кулактардың   дүние-мүлкін толық кәмпескелеуге және оларды жекелеген аудандардың және өлкелердің (облыстардың) жерінен жер аударуға дейін кулактарға қарсы күрес шараларын қолдану құқы берілді [4, 24 -б.].

 Одақтық егіншілік Халық Комиссариаты Осы қаулыға сәйкес кулактарды тап ретінде жою шараларын жүзеге асыру тәртібі жөнінде колхоздарға үш күндік мерзім ішінде нұсқау жіберуге міндетті болды.[24] Осылайша 1930 жылдың қаңтар айында және ақпан айының басында кулактарды тап ретінде жою саясатын өмірге нақты енгізуді көздеген шаралардың тұтас жүйесі өмірге келді. Бірақ бұларда шаруаларды кулакка айналдырып жіберу ісі тағы да сандық (сапалық емес) көрсеткіштермен белгіленіп, КСРО-ның алыс аудандарына жер аударылатындар кулак қожалықтарының жалпы санының төрттен бірінен аспауы керектігі, яғни жалпы шаруа шаруашылықтарының шамамен 1% қамтуы керектігі атап көрсетілді [3, 209 б.].

Иә, әңгімен тек алыс аудандарға жер аударылатын кулактар туралы. Ал жалпы жазаланатын, кәмпескеленетін кулактар жоғарыда атап көрсетілгендей жалпы шаруалардың 3-5% қамтуы тиіс болды. Осылайша үкімет жергілікті жерлердің өзіндік, әлеуметтік ерекшеліктерін терең талдап, бас ауыртып жатпады. Өз кезегінде жоғарыдағылардың  жергілікті жерлердегі кулактарды жоюға байланысты шараларын өмірге енгізуге үлкен белсенділік танытып, көзге түсіп қалуға тырысты. Осының жарқын көрінісі Қазақстан Өлкелік партия Комитетінің мәжілісінің  БК(б)П ОК-нің арнайы қаулысын күтіп жатпай-ақ бай-кулактарды жер аударуға байланысты жедел шешім қабылдауы еді. Осыған байланысты БК(б)П ОК секретариаты 3 ақпанда Қазақстанның партия ұйымына арнайы жасырын нұсқау жолдап, кулактарға қарсы шараларды жүзеге асырудағы асығыстықты және Орталық Комитет атап көрсеткен жер аударылуға тиісті кулактар мөлшерін асырып жіберушілікті және т.б. кейбір асыра сілтеушіліктерді сынға алып, Орталық Комитет Қазақстан Партия ұйымынан 1930 жылы 30 қаңтарда қабылданған қаулыны өмірге бұлжытпай енгізуді талап етті.

«БК(б)П ОК-нің 30 қаңтардағы жаппай коллективтендіру аудандарында кулактарды тап ретінде жою шаралары» туралы қаулысы Қазақ өлкелік партия комитетінің осы мәселеге байланысты комиссияның мәжілісінде 10 ақпанда қаралды [11, 14-17 -п.]. Онда кулактарды жоюға байланысты республикада жүргізетін шаралар мақұлданды және 11 ақпанның кешкі сағат 8-нен қалдырмай тікелей сыммен округтерге хабарлар жөнелтілді. Бұл тапсырмалар ОГПУ арқылы жергілікті жерлерге де жөнелтілді. Осы мәжілісте Альшанский мен Орынбаев кулактардың қаражаттарын, зайымдарын және т.б. құнды заттарын алып қою шаралары туралы да мәлімдеді.  Қазақ ауылындағы кулактар мен байларды жоюға байланысты алғашқы шаралардың өткізілетін аудандарын белгілеуге байланысты мәлімдемені Залогин жасады.  Бұл аудандар, әрине, жаппай коллективтендіру аудандары еді. Округтар бойынша олардың тізімі төмендегідей болып шықты: [11, 14-17 п.].

Петропавлск округі бойынша:

1) Булаев, коллективтендірілуімен қамтылуы  68% 

2) Рыков    88%

3) Қызыл әскер   100%

4) Трудовой  62%

5) Ворошилов    60%

Орал округі бойынша:

1) Заруральский  70%

2) Соломихинский  70%

3) Чижинский  70%

4) Тепловский  75%

5) Каменский    65%

Қостанай округі бойынша:

1) Феодоров  60%

2)Қарабалық  63%

Павлодар округі бойынша:

1) Максим Горький  87%

2) Тереңқұр   76%

Ақтөбе округі бойынша:

1) Ақ бұлақ  75%

2) Мәртөк  65%

Сырдария округі бойынша:

1) Иржар  80%

2)Келес  70%

3) Жуалы  80%

4) Беловодский  70%

Бай-кулактарды тап ретінде жою осы көрсетілген аудандармен ғана шектеліп қалған жоқ. Егер басқа аудандарға коллективтендіру көлемі шамамен 70 процентке жетер болса, онда округтердің ұсыныстарымен олар БК (б)П Қазақ өлкелік комитетіне ұсынылып, мақұлданған соң кулактарды тап ретінде жою ісіне кірісе алатын болды. Осы аталған мәжілісте кулактар мен байларды тап ретінде жоюды жоғарыда көрсетілген жиырма аудандарда жою жоспарын жасау және оларды жер аудару мерзімін белгілеу республикалық ОГПУ бастығының орынбасары Альшанскийге тапсырылды [11, 14-17 -п.].Мәжілісте жаппай коллективтендіру аудандарынан жер аударылған бай; кулактарды қоныстандаратын мекендер туралы Тоқтабаев сөйледі. Оның ұсынысымен бай-кулактар орналасатын жерлер және оларда қоныстанатын қожалықтар сандары нақты белгіленді. Олар төмендегідей аймақтарды қамтыды [11, 14-17 -п.].

1) Қызылорда округінде – Арал теңізінің жағалауы, оңтүстік және  оңтүстік-шығыс жағалаулардан басқалары 3000 шаруашылықты қабылдайды.

2) Осы округте – Сарысу өзені ауданы, Сарысудың орта ағасындағы Түгескен елді мекенінен бастап Сарысудың Телікөл  және Ащыкөл  көлдеріне құйылысына дейін және осы көлдері қоса, 5000 қожалық қоныстанатын болды.

3) Сырдария округінде Балқаш көлінің батыс жағалауына 2000 шаруашылық қоныстандыру жоспарланды.

4) Гурьев округінде Каспий теңізінің жағалауында (Жылқосы ауданында, Жолқосыдан Өлі Қолтыққа дейін) 2000 шаруашылық қоныстандарылатын болды.

5) Ақмола округінде Қашырлы, Құсмұрын, Адағарлы аудандарында Керей, Қыпшақ өзендері мен көлдерінен Теңіз көліне дейін 5000 шаруашылық қоныстандыру көзделді.

6) Қостанай округінде:

а) Торғайдан Ырғызға баратын даңғыл бойынша Ақтөбе округінің шекарасына дейін, осы жолдан оңтүстікке қарай (Тұрсын құмдары, Қаракөл көлі);

б) Торғайдан оңтүстікке қарай, Аққұм құмдарында, Ақкөл көлінде, Жыланды өзенінде 1500 шаруашылықтарға орын бөлінді;

7)Ақтөбе округінде – жоғарыда көрсетілген жол бойымен Торғай шекарасынан Ырғызға дейін, Ырғыздан оңтүстікке қарай Шалқар көліне дейін, осы көлдің өзін қоса құмдарға дейін 1500 шаруашылық қоныстандырылуы тиіс;

8) Ақтөбе және Гурьев округінде Ембі және Сағыз өзендерінің жоғарғы ағысы, Шаған өзенінің ауданынан және осы аймақтағы көлдерден Үлкен Барыс құрамдарына дейін 2000 шаруашылық қоныстанатын болды;

9) Семей және Қарқаралы округінде Шығыс, Дегелең және Мұржұқ тауларында 2000 шаруашылық қоныстандырылу көзделеді. Өлкелік комиссия мәжілісі Тоқтабаевқа және Альшинскийге 11-ші ақпаннан қалдырмай осы аудандарды олар орналасқан округтерге тікелей сыммен жедел мәлімдеу, жаппай коллективтендіру аудандарынан жер аударылғандары қоныстандыратын орындарды дәл анықтай түсу, және жер ауып барғандарды жұмыстарға пайдалану жағын ойластыру тапсырылды. Байлар мен кулактар қоныстандырылған жаңа поселоктар 50 ауладан аспауы керек болды. Округтік партия комитеттерінде осы қоныстану аудандары туралы мәліметтерді тексеруге небәрі 7-ақ күндік мерзімі берілді. Өлкелік Комиссия мәжілісі жер аударылған бай-кулактарды азық-түлікпен және құрылыс материалдарымен жабдықтау туралы Лейзорзонның мәлімдемесін тыңдап, төмендегідей қаулы қабылдады:

а) ... Жер аударылған жағдайда бұл шаруашылықтарға азық-түлік қорын қалдыру ескерілсін.

в)  Округтарға берілген нұсқауда БК (б)П ОК қаулысына сәйкес бай-кулак шаруашылықтарының үй тұрмысына қажет қалдырылатын заттардың тізімдері көрсетілсін.

г)  Жер аударылған кулактар мен байлардың еңбектерін пайдалану көзделген аудандарда құрылыс материалдары мен азық-түлікпен қамтамасыз ету сол жерлердегі ұйымдарға жүктелсін.

д) Асылбеков пен Лейзорзонға кулак-бай қожалықтары еңбегін қоныстандыру аудандарында пайдалану тәртібін жасап және өздерінің бұл мәселеге байланысты ойларын комиссияға ұсыну тапсырылды [11, 16-17 -п.].

Бірақ жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл шешімдер қабылданбай-ақ, 23-ші қаңтардағы Өлкелік партия комитеті жанынан бай-кулактарды тап ретінде жою үшін құрылған Үштік шешімінен кейін-ақ, Қазақстанда бұл жұмыс шұғыл үрдіс алып, ә дегеннен-ақ асыра сілтеулерге ұрындырды. Бұл науқанның алапат екенін Мәскеудегі Орталық Комитеттің өзі де тоқтата алмай қалды. Нәтижесінде 1930 жылдың қаңтар айының соңына қарай Қазақстанның астық және мақта өсіретін 60 ауданында 3,1 мың бай мен кулак тап ретінде жойылды [12, 278 -б.].

Жағдай асыра сілтеуге ұласты. Қазақстанда және Орта Азия республикаларында орын алған мұндай ұнамсыз қарқынды тежеуге Мәскеудегі парияның Орталық Комитеті өзінше шара қолданып бақты. Осы мақсатпен 1930 жылы 20 ақпанда БК (б)П Орталық Комитеті «Экономикалық жағынан артта қалған аудандарда ұлттық аудандардағы коллективтендіру және кулактарға қарсы күрес туралы»[10, 184-185 -бб.] қаулы қабылдаы. Онда жаппай коллективтендіру аудандарындағы кулактарға қарсы күрес шараларын сол қалпында экономикалық  жағынан артта қалған ұлттық аудандарда қолдану, бұл істі жүзеге асыруда әкімшілікпен әуестену қатты сыналды. Орталық Комитет ұлт аудандарының партия ұйымдарынан назарды жаппай коллективтендіруге және бай-кулактарды жоюға жағдай дайындап алуға аударуды және бұл бағытта жүргізілетін шараларда республикалар мен облыстар іштеріндегі аудандарының өзіндік ерекшеліктерін ескеруді талап етті. Қаулы әлі жаппай коллективтендіруге жағдай пісіп жетілмеген аудандарда кулактарды (байларды) тежеу саясатын бұрынғыша жалғастыра беру қажеттілігін ескерді.

Бірақ мұның бәрі Қазақстанда орын алған асыра сілтеуге пәрменді тежеу бола алған жоқ. Байлар мен кулактарды барынша жек көрушілік, сондықтан да олардың көзін қалайда тез арада жоюды, жоғарыға тапсырманың орындалғанын жедел мәлімдеуге деген құштарлық бәрінен де басым түсіп жатты. Ф.И.Голощекин өзінің 7-ші Бүкілқазақтық өлкелік партия конференциясыннда жасаған  баяндамасында мұны нақты масалмен мойындады, сонымен қатар Орталық партия Комитетінің шешімімен жаппай коллективтендіру аудандарына көмек беру үшін жауапты партия қызметкерлері жөнелтілді. Олардың ішінде Қазақстанға төрт ай мерзімге 200 адам жөнелтілді [3, 215 -б.].

Кулактарды тап ретінде жаппай жою саясаты ақыры 1931 жылға барып ұласты. Бір жылдың ішінде ғана Қазақстаннан бай-кулак ретінде 5500 адам жер аударылды [13, 143 -б.].

Дегенмен де, 1931 жылдың жазынан бастап кулакты іздеп табудың өзі де қиындап кетті. Қазақстанда кулакқа айналдыру процесі жоғарыдан белгіленген 5%-тен әлдеқайда төмендеп қалды [8, 288 -б.]. Енді шын мәнінде, бай-кулак тұрмақ, орта шаруаның өзін табу да мүмкін болмай кетті. Оның үстіне, 1931 жылдың өзінде-ақ кедейленудің және жұтаудың шектен шыққан көрінісі – ашаршылық барлық қазақ аудандарында жан түршігерлік халге жетті. Байды құртамын деп жүргенде, кедейдің өзінен айырылып қалатын заман туды. Сондықтан да, 1932 жылдан бастап Қазақстаннан бай-кулактарды күштеп жер аудару тоқтатылды. Бұдан бай-кулактарға деген жаулық көзқарас осымен мүлдем тоқталды деуге негіз жоқ. Қазақстандық партия функционерлері аштықтың себептерін де, зорлап отырықшыланудағы сәтсіздіктерді де,  шаруалардың босып кетуін де бай мен кулактан көрді.

Байлар мен кулактарды тап ретінде жою саясатына қысқаша қорытынды жасар болсақ, бұл – шаруа қауымының табиғатына қарсы бағытталған, адамгершіліктен жұрдай, қылмысты саясат болды. Сондықтан да оның зардаптары да аса ауыр: ауыл шаруашылығы дәстүрлі мал шаруашылығын табиғи ерекшеліктерге сай тиімді ұйымдастыра алатын ең іскер, білікті, нарықты жақсы меңгерген, шаруақор адамдарынан айырылды.

 Ал мұның өзі қазақ қауымын ашаршылық апатына ұрындыруға апарып соқты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Сталин И.В. Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 12 том: (апрель 1929 – июнь 1930), -1950, – 200 с.

2 Всеказахская конференция ВКП(б). Стеногр.отчет. – 104 с.

3  История советского крестьянства. 2 т. – 206 с.

4 Коллективизация сельского хозяйства. Важн.пост. – 258 с.

5 ҚР ПА, 141 қ.

6 ҚР ПА, 141 қ, 2696 іс, 4 п.

7 ҚР ПА, 141қ., 1 том, 2696-іс, 4 п.

8 Ивницкий Н. Классовая борьба в деревне и ликвидация кулачесво как качество ака класса, 1992-1993 гг. – 288 с.

9 «Правда», 1930 г., 1 февраля.

10 История КПСС, 4 т., кн. 2, – 54 с.

11. ҚР ПА, 141 қ., 1т., 2969 іс, 14-17 п.

12 Очерки истории коллективизации сельского хозяйства в союзных республиках. М., 1963, – 278 с.

13 Ленинский кооперативный план и борьба партии за его осуществление. М, 1969, – 143 с

Козыбакова Ф.А.

Экстремистская политика Сталина по ликвидации последних элементов механизма рынка в Казахстане

В статье раскрывается суть  чрезвычайной политико-экономической компании, по уничтожению сложившихся в казахской общине с древности, традиционных хозяйственных и рыночных отношений,  известной в истории Казахстана как политики «ликвидации баев и кулаков как класса». Авторы, анализируют события  20-30 годов ХХ века, периода существования сталинско-голощекинской советской тоталитарной системы, на основе документов и материалов ЦГА РК и АП РК. 

Исследователи  считают политику имперской власти советского Казахстана по «ликвидации баев и кулаков как класса»  противоестественной, лишенной человечности, преступной политикой и указывают на тяжелые  последствия,  как лишение казахских хозяйств знатоков основ и правил организации традиционного скотоводства,  с учетом  природных особенностей сельского хозяйства Края. Авторы дают научное обоснование окончательному разрушению традиционного хозяйства казахов.

Ключевые слова: Имперская власть, бай, кулак, коллективизация, ОГПУ, архив, партия, конференция, ссылка, тоталитаризм, экстремизм

Kozybakova F.A.

Extremist politics of Stalin against last elements of market mechanism in Kazakhstan

The article reveals the essence of extreme political-economical company of destroying traditional economical and market relations that existed in Kazakh society, by using Stalin-Goloshekin basis and it is known in the history of Kazakhstan as a policy of "liquidation of the kulaks and bais as a class."Moreover  authors analyze the period of 20-30th ofXX century, period of soviet totalitarian system on information and documents from KRCAA of RK and PA of RK.

Authors consider that “liquidation of rich and qulaqs as a class” politics of soviet Kazakhstan imperial authority is unnatural, lacking humanism and illegal politics. Thus it has unbearable consequences: liquidation of knowledgeable, experienced people, who knew how to organize traditional cattle breeding based upon natural characteristics of agriculture. Authors  scientifically prove the  final destruction of traditional economics. 

Key words: imperial authority, bay, qulaq, collectivization, JSPD,  archive, party, conference, deportation, totalitarianism, extremism.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 2570

Нет рецензий

Скачать файлы

Козыбакова.docx 0.03 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

Зарубежная историография современной истории Казахстана: грани истины и заблуждения ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) ӘОЖ 94(574) «1920/30»:33 1921-1922 ЖЖ. ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖЕР-СУ РЕФОРМАСЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС ӘОЖ 94 (574) «20/30» Қазақстандағы нарық механизмінің соңғы элементтеріне қарсы Сталиндік экстремистік саясат ӘОЖ 94(574) “1920/30”:336.22 Қазақстанда астық дайындау науқаны: қазақ шаруаларын қуғындау УДК 930.2: 94 (574) Из истории национальной партии «Уш жуз» (К 100-летию образования партии) ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ 94(574): 373. 016 Қазақстан тарихы мектеп оқулықтарындағы ұлттың интеграциясы, патриотизмі мен бірлігі мәселелері ҒТАМР 03.20 Кеңестік биліктің орнауы тұсындағы Оңтүстік Қазақстандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ОТАРШЫЛДЫҚ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒДЫРЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН КЕЙІНГІ «ҚАЗАҚТЫҚ РЕНЕССАНС» 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ӘӨЖ 94(574) «19/20»АСЫЛБЕК СЕЙІТОВ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ БОЛЬШЕВИКТЕРМЕН ҚАТЫНАСЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ: 94(574)(092) Ғ.Н. БӨКЕЙХАНОВ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ҒТАМР 11.25.25 КОНФУЦИЙ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Статьи автора

ӘОЖ 94 (574) «20/30» Қазақстандағы нарық механизмінің соңғы элементтеріне қарсы Сталиндік экстремистік саясат