Главная » Материалы » ӘОЖ 94(574) «1920/30»:33 1921-1922 ЖЖ. ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖЕР-СУ РЕФОРМАСЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС

Қозыбақова Ф.А., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.к., Рвайдарова Г.О. Қазақстан

ӘОЖ 94(574) «1920/30»:33 1921-1922 ЖЖ. ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖЕР-СУ РЕФОРМАСЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(08)

Теги: совхоз, колхоз, Түйін, сөздер:, модернизация, пролетариат, жер, реформасы, модернизация
Аннотация:
Аннотация Мақалада ХХ ғасырдың басында Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы зор өзгерістермен қарастырылады. Патшалық езгіден босаған бұрынғы отар ел дамудың жаңа сатысына енді. Қазақ қоғамының барлық саласында шиеленіскен қайшылықтар байқала бастады. Сондықтан осы кездегі ең маңызды мәселе – Қазақстанда жүргізілген жер-су реформасы жан-жақты қарастырылады. Кеңес үкіметінің ұлт аймақтардағы ең жауапты саясаты бұрынғы кезден шиеленісті түрде мұра болып қалған жер қатынастарын реттеу болып табылды.
Содержание:

ХХ ғасырдың соңғы он-он бес жылдығы әлемдік аренадан социалистік жүйенің басты тұғыры-КСРО деген ұғыммен тарихта қалған қызыл империяның күйреуімен ерекшеленетіні белгілі.

  Ғасыр басында, нақтырақ айтқанда 1917 жылдың қазан айында билікті қолға алған большевиктер партиясы езілген халықтардың, отар ел болып келген ұлт, ұлыстардың мүддесін шешуді ту етіп көтергені мәлім.

  Әрине, осынау зор сілкініс қазақ қоғамын да бей-жай қалдырмады, жаңа бір өзгерістерге үміттендірді. Ал оның себеп-салдары да түсінікті еді.

  Қазақ елі Ресей қол астына өткеннен-ақ елдігінің мәнін құрайтын жер үшін атқа мінгені баршаға аян. Қазақтардың қолға қару алып көтерілген 1916 жылғы көтерілісінің басты себебінің  бірі  -осы жер мәселесі болды.

  Дәстүрлі басқару жүйесінің жойылуы, қазақ жерінің мемлекеттік меншік есебінде жариялануы, соған байланысты сырттан келімсектердің ағылуы, оларға миллиондаған десятина жердің кесілуі, оның негізі сулы, нулы, шұрайлы да шүйгін алқаптардың болғандығы, ал қазақтардың өздері сортаң, тастақты аймақтарға ығыстырылғаны, міне осы жағдайлар тұрмыс-тіршілігі жерге байлаулы тұтас бір халықтың жедел түрде шешімін күткен қасіреті еді.

  Кеңес үкіметі ұлттық аймақтарда, оның ішінде Қазақстанда патшалық кезеңнен қалған жер мәселесіндегі қайшылықтарды шешуді қолға алынды.   Осы орайда жер-су реформалары жүргізілді, жерді заңды иелеріне қайтару жөнінде заң-жарлықтар шығарылды, қазақтарды жермен қамтамасыз ету шаралары да жүзеге асырылды. Сөйтіп, жер мәселесіндегі қайшылықтардың жойылғандығы салтанатты түрде жария етілді.

  Дегенмен, кеңестік кезеңде де жерге қатысты проблемалардың орын алғандығы, тіпті кезінде дамуы жағынан мешеу қалған қазақ аудандары жөнінде арнайы қаулылардың қабылданғаны, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кездегі жер мәселесінің төңірегіндегі талқылауларда, жерге қатысты заңды қабылдау барысындағы қайшылықтардың туындауының түп-төркінінде аса назар аударарлық мән барлығы айқын.

  Сондықтан да кеңестік дәуірде жер мәселесінің реттелуі барысын, оның бірінші кезекте заңды иелері байырғы тұрғындар – қазақтарға қаншалықты әсері болғандығын жан-жақты зерттеп ашу әліде маңызын жойған жоқ.

Жалпы, жаңа және қазіргі замандағы тарихи процестерді түсіндіруде модернизация моделін пайдалану үлкен мүмкіншілік береді деп саналды. Осы модернизация теориясын игеру, оны  жан-жақты қарастыру ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасынан кең етек алды.

Бүгінде, Ресейлік модернизация жөнінде түрлі көзқарастар бар. Мәселен А.С. Ахиезер «Ресей- бөлшектенген өркениет» тұжырымдамасын ұстанады. Ол Ресейде модернизация қоғамды өркениеттілікке өткізетін  көпір бола алмағанын келтіреді. Оның ойынша оған басты себеп түрлі әлуметтік топтардың қалауындағы модернизацияның бір нүктеге түйіспеуінен шықты. Сөйтіп, модернизация «қоғамның басты бөлігінің творчестволық потенциалының төмендеуі» есебінен жүзеге асырылады. Ресейде ол ешқашан « ... ұлттық мәдениет ерекшелігін бұзбау мақсатында» қарастырылмайды. Осының негізінде, А.С. Ахиезер Ресейде нақты модернизацияны көрсетуге тырысқан жалған модернизацияға жол берілді дейді. Л.С. Васильев те А.С. Ахиезер сияқты Ресей ХХ ғасырда модернизацияның екі түрінен, яғни «шынайы» және «жалған» (Кеңестік Ресейдің жалған модернизациясы) түрлерінен өткені жөнінде тұжырым жасайды [1, 159- б.]. 

  Қазақстандағы жер мәселесін шешу Орталықтың құзырында болған, оның біржақты, яғни одақтың экономикалық мүддесі тұрғысынан қаралғандығын байқаймыз. Себебі Ресейлік ғалым А.Н. Жемчужниковтың еңбегінде Қазақстандағы жер-су реформасының жүрісі, жерге орналастыру шаралары және қоныстандыру мәселесі қарастырылады. Еңбекте «жер реформасы байырғы тұрғындарды да, келімсектерді де жоспарлы түрде шаруашылыққа орналастыру мақсатын қойған жоқ, оған тіпті техникалық күші де, қаржысы да болған жоқ. Сол себепті, жер реформасының барлық актілерінде жер кесу жөніндегі шаралар «уақытша, жерге түпкілікті орналастыруға шейін» деген мазмұнда көрсетілді»-деп жазылды [2, 66-67- бб.].

  Автор түрлі цифрлық мәліметтер келтіру және талдау арқылы өзі атап отырған аудандарда «егіншілік жағынан отарлауға бос жер жоқтығында» айтады [2, 82- б.]  және жалпы Қазақстан бойынша шығатын бос жерлер жаңа келімсектер орналастырылатындай егіншілікке келмейтіндігі, олар тек көшпелі-жайылымдық шаруашылыққа ғана ыңғайлы екендігі, алдағы уақытта жерге орналастыру төмендегідей үш бағытта жүруі керектігі жөнінде ескертеді:

  1) Қырғыз (Қазақ) өлкесінің жартылай көшпелі аудандарындағы егіншілікке жарамды жерлерді, жерге орналастыру жұмыстарымен одан әрі қамту;

  2) Көшпелі-жайылымдық шаруашылықтарды ғылыми зерттеуге байланысты сол шаруашылыққа ыңғайлы территорияларда жерге орналастыру;

  3) Жерге орналастыруға тартылған тұрғындарды шаруашылық жағынан орналастыру деп атап көрсеткен [2, 94- б.].

  А.М. Брискин көшпелі шаруашылықты шаруашылықтың артта қалған түрі есебінде қарастырып, Қазақстанға келімсектер неғұрлым көп орнықса, соғұрлым артта қалған шаруашылық жоғары деңгейге көтеріледі дейді. Оның тұжырымы бойынша «қазақ тұрғындарын отырықшыландыру ...Одақтың орталық аудандарынан келімсектердің қоныс аударуын күшейтуге мүмкіндік беретін болған» [3, 21- б.] десе,  В.К. Скороспешкин шаруа қожалығын дұрыс ұйымдастыруда бірінші кезектегі шара жерге орналастыру екендігі, осы жұмыста әлі де кемшіліктер барлығы, яғни І және ІІ-саты арасында үлкен алшақтық сақталып отырғандығы, ауыл, село ішілік жерге орналастырудың аз қамтылуы, колхоздарды орналастыру қарқынының төмендігі жайында баяндайды.  Автор жерге орналастыру ісінің баяу жүргізілуі, оның он жылдықтарға созылып кетуі, соған байланысты шаруашылықты өзгерту де сол мерзімге ысырылатындығы, сондықтан алдағы жылы осы мәселеге ерекше көңіл бөлу қажеттілігін айта келіп, «қаржы жағдайы жерге орналастыруды бірнеше ай бұрын белгіленген көлемде жүргізу жайында айтуға мүмкіншілік бермейді, керісінше, барлық жандар Қазақстанда жерге орналастыру жұмысының аяқталу мерзімін жылжытуды қалауда, себебі соңғы үш жыл бойы келе жатқан сол жұмыстың қарқыны тым баяу еді» - деп көрсетеді [4, 81- б.].

Б. Родневич еңбегінде жерге орналастыруда бірінші кезекте ұлттық тұрғыдан қарастырылуы сыналады, қазақ тұрғындарын отырықшыландырудың «пролетарлық мемлекеттің ұлттық мәселені шешуі жағынан қарастырғанда дүниежүзілік маңызға ие» екендігі дәріптеледі. Дегенмен, автор жылдық тәжірибеде осы істе бірқатар кемшіліктердің болғанын да көрсетіп береді: «а) отырықшыландыру жоспарына совхоздарға орналастыру кірген жоқ, онда орналасу стихиялы түрде жүрді; б) отырықшыландыру және мал шаруашылығын қайта құру жоспарларында схематизация байқалды, әр ауданға отырғызудың нақты шарасы болмады; в) жұмыс өндірістік-шаруашылық отырықшыландырудан (шаруашылық құрылыстар, мелиорация, т.б.) емес, жай тұрмыстық (баспана салу) әрекетімен басталды» [5, 84-85- бб.].

И.А. Зверяков өз еңбегінде жерге орналастыру ісіндегі революцияға дейін және кейінгі кездегі ерекшеліктеріне тоқталады, социалистік жерге орналастыруды дәріптей отырып, «Кеңес үкіметі ғана казактар мен келімсектер және солармен қазақ тұрғындары арасындағы тым шиеліністі жер қатынастарын реттеу арқылы ұлттық мәселелерді дұрыс шешті»-дей келіп, «Қазан революциясы жер мәселесінің бұрынғы қалпын түбірімен өзгерткенмен, көшпелі және жартылай көшпелілерді жерге орналастыру барысында әлі де істер жұмыстар көп» екендігіне шарасыздық білдіреді [6, 100-101- бб.].  Автор отырықшылыққа көшіп жатқандарды жерге орналастыру барысында кесілген жерді ауыл шаруашылығына пайдалану үшін мелиорация жұмыстарына да көңіл бөлу керектігін қозғайды.

Ф. Сластухин революциядан кейін бүкіл Одақтағы сияқты Қазақстанда да жер «национализацияланды», «...Қазақстанда ұлттық қарым-қатынастарды шешу мәселесі барлық тұрғындарды жаппай жерге орналастыру, оларды норма бойынша жермен қамтамасыз ету қажеттілігіне алып келді» - дейді. Еңбекте шабындық және егістік жерлерді бөлу, мал-мүлікті кәмпескелеу ауылда кулак-бай өктемдігін жою, ауылды феодалдық-рулық қатынастардан тазарту деп көрсетілді [7, 74- б.].

К.Тоқтабаев елді индустрияландырудың даму қарқыны ауыл шаруашылығы, оның ішінде астық шаруашылығының артта қалып қойғандығы, мұның өзі « нарық қатынасын, экспортты, сондай-ақ валюта мен импортты реттеуге кесірін тигізіп отырғанын», соған байланысты совхоздар құру керектігі, оларға қажетті жер аудандарын, жерге орналастыруды «жеделдетіп жүргізу» [8, 1-4- бб.] арқылы табуға болатындығын келтіреді.

Б.И. Семевский  көшпелі шаруашылық ерекшелігіне тоқтала келе, егістік және шабындық жерлерді қайта бөлу, мал-мүлікті тәркілеу ауқаттыларға жасалған «революциялық шара» болғандығы, өйткені, «алынған мал ұжымдастырудың бастапқы базасын» құрағандығы жайында жазады [9, 100- б.].

1921-1922 жж.жүргізілген жер-су реформасы, оның тарихи маңызы жөніндегі мәліметтерді М.П. Новиковтың еңбегінен  көруге болады.Автор жер-су реформасын  мазмұны және сипаты жағынан «социалистік революцияның орыс деревнясында, өзбек қышлағында және қазақ, қырғыз, түрікпен ауылдарында одан әрі өрістеуі» деп көрсетеді [10, 49-51- бб.].

  Еңбекте реформаның тарихи маңыздылығына орыс кулак отаршылдығына соққы берілуінің, олардың экономикалық негізінің шайқалғандығының жатқызылуын құптарға болар, бірақ «реформа ТАКСР халықтарының ұлы орыс халқымен достығын одан әрі бекіте түсті,...пролетариат диктатурасының селодағы әлеуметтік базасын нығайтты» [10, 73- б.] деген тұжырымдарының күмән туғызатыны белгілі.

Дегенмен «реформаны жүзеге асыру барысында асыра сілтеушілік болғандығы, яғни кулак шаруашылықтарын жою барысында олардың қатарына орташалардың да қосақталып кетуі, кейде кулактармен қатар орташалар, кедейлер, қызыл әскер отбасылары тұратын бүтін бір орыс поселкелерінің қуылғандығы, байырғы тұрғындардың жасанды түрде бай, кедейге бөлінуі, ұжымдық ауыл шаруашылығы бірлестіктерін, жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктерін ұйымдастыру барысында еріктілік принципінің бұзылуы, реформаға отарлық село, хуторлардың барлығы бірдей тартылмағандығы, шара нәтижелерінің шаруашылық-ұйымдастырушылық жағынан бекітілмеуі» жайында нақты түйінделеді [10, 75-76- бб.].

  Осы мәселе Кеңестердің 6-шы жалпықазақтық съезі мен ҚазОАК 1-сессиясындағы Н. Нұрмақов баяндамасында нақтырақ көрсетіледі. Онда осы шараға қаржылай көмек барысы айтыла келіп, атқарылған істер барысы былай беріледі: «...1923-24 жылдары бірінші сатылық жерге орналастыру жұмыстары 2,5 млн. га жерде жүргізіліп,жерге орналастыруға 28.300 шаруашылық қамтылады.1924-1925 жылдары бірінші саты бойынша 3,5 млн.га жерде жұмыс жүргізіліп, 24 мың шаруашылық, 1925-26 жылдары 8912 мың га жерде жүргізіліп, 53.962 шаруашылық тартылған. Сондай-ақ екінші сатылық жұмыста 3,5 млн.га жер көлемі, 39.857 шаруашылық қамтылады» [11, 26- б.] деп атап көрсеткен.

  Ал, 1926 жылдан бастап жер мәселесінде таптық принцип қолға алынғаны белгілі. Жерге орналастыру шарасын зерттеу барысында Жұмысшы-Шаруа инспекциясы, БОАК Ерекше Комиссиясы «анықталған кемшіліктерге байланысты»  ҚазАКСР және РФКСР  партия, кеңестік органдар алдына жерге орналастырудың мазмұны мен бағытын өзгерту мәселесі қойылады.

  Жерге орналастыру шарасын қайта қарау нәтижесінде алдағы уақытқа мынадай нұсқаулар беріледі:

  1) ҚазАКСР жер алуға құқылы жерді еңбекпен жерді пайдаланушылардың барлық категорияларына (барлық ұлт өкілдеріне) бірыңғай, тең дәрежеде жер бөлу және оның негізіне ауданға келген мерзімі емес,әлеуметтік жағдайы алынуы керек;

  2) Ауданы және шаруашылық түріне байланысты жерді еңбекпен пайдаланушылар мен ұлт өкілдерінің барлық категорияларына бірыңғай жер нормасын қолдану қажет. Бұл жағдай қосымша жер берілетін отырықшылыққа өтіп жатқан қазақтарға таңылмайды;

  3) Жүргізіліп жатқан жерге орналастыру жұмысының мазмұнын жеке әлеуметтік топ тұрғындарының ауылішілік және шаруашылық жер пайдалануын реттеу арқылы тереңдету керек. Осыған байланысты зерттеу жұмысы жағын (топырақтық-ботаникалық, экономикалық, гидротехникалық) күшейту қажет...[12, 8- б.].

  1928 жылғы жерге орналастыру жұмысын ұйымдастыруда жоғарыда көрсетілген директива негізге алынып,

  1. Аудандарда жаппай жерге орналастырудың бірінші сатысын (жаңа жұмыстар) жүргізу үшін мына мәселелер ескеріледі:

  а) ауданның ҚазАКСР және Одақ үшін шаруашылық маңызы;

  б) аудандар бойынша жер қатынасының, бастысы ұлтаралық қатынасының шиеленісуі дәрежесі;

  в) ең алдымен жері аз жергілікті тұрғындарды орналастыруға бос қор табу мүмкіншілігі [12, 9-10- бб.]. 

  Орындау жұмысына (жұмыстың ІІ-сатысы) бекітілген жер нормасы бар аудандар тартылады. Сонымен қатар, жаппай жерге орналастыру территориясына кіріп жатқан немесе жанасып, тіреліп тұрған отырықшы-егіншілік поселкелерде олардың жағдайларын жан-жақты анықтап, жерді пайдаланудағы кемшіліктерін жою үшін қосымша зерттеу жүргізілетін болды. Осы жылы ІІ-сатының жұмысы, Орал және Жетісу губернияларында қолға алынуы көзделеді.

  Қазақстанда жер мәселесінің шешілуі, жерге орналастыру шарасының бірыңғайлануы шаруашылықтың қай түріне басымдылық берілуіне байланысты болды. Сол себепті де Кеңес үкіметі орнаған кезден-ақ елде дәстүрлі мал  немесе отырықшы-егін шаруашылығы басымдық алуы төңірегінде айтыс- тартыс қалыптасты.

  Көшпелі-жайылымдық территорияның табиғи-тарихи жаратылысы жағдайын өзгертуге келмейтіндігі секілді осындағы қалыптасқан көшпелі мал шаруашылығы формасын жою да мүмкін емес еді. Бұл жөнінде А.Н. Жемчужников былай деп көрсетеді: «Шаруашылықтың бұл түрі алғашқы тұрмыстық мәдениет қалдығы болып табылмайды және де оған тұрмыстық ескі наным-сенім ретінде қарауға болмайды. Қырғыз (Қазақ) өлкесі үшін бізге егіншілік малшының өтуге тиіс шаруашылығының жоғарғы формасы сияқты мектептік түсінікті тастау керек. Табиғи-тарихи және тұрмыстық жағдайына байланысты мұнда тек қана көшпелі-жайылымдық шаруашылықты дамыту керек және ол Одақтың экономикалық күш-қуатын одан әрі өсіру мақсатындағы мемлекеттік шара болуы қажет» [2, 95-96- бб.] десе,  одан әрі ол Қазақ өлкесінде көшпелі-жайылымдық шаруашылықты дамытудың мемлекеттік маңызы қалай өрнектелетінін бұрынғы Ферғана әскери губернаторы полковник П.П. Ивановтың 21.02.1917 жылғы баяндамасынан үзінді келтіріп көрсетеді.

  Онда: «Бізге көшпелі жер өңдеушілер керек емес, керісінше, осы көшпелілердің мал шаруашылығының мың жылдық тәжірибелерін, отырықшылыққа жарамсыз шөлді далада малды өсіру, асырау дағдыларын пайдалану керек. Сондықтан, бізге номад-малшыны дәріптеу қажет, оларға қысқы мал азығын дайындауға мүмкіндік беру керек. Олардың малын еш кедергісіз көбейту, тұқымын жақсартып отыру арқылы шаруашылықта өзінің маңызды орнын алуды қамтамасыз ету қажет»-деп келтірілген  [2, 96- б.]. 

  Кезінде су шаруашылығы қызметкерлерінің съезінде сөйлеген сөзінде С. Қожанов та әр шаруашылық өзіндік ерекшелігімен маңызды болып келетіндігін, өздері түсінбейтін шаруашылықты «жабайылық» деп атауға болмайтындығын, керісінше, Покровский «Орыс мәдениетінің тарихы» еңбегінде ежелгі Ресейде мал шаруашылығы болмағандығын, оның (мал шаруашылығы) ресейліктер ауыл шаруашылығының тиімдірек формасына көшу кезінде сырттан келгендігін  атап көрсетеді, яғни бір қызығы, Ресейге мал шаруашылығы басқа жақтан шаруашылықтың тиімді түрі есебінде келген болып шығады және ол олай болса «жабайылық белгісі» болып табылмауы керек»-деп көрсетеді [13, 6-7- бб.].

1920 жылдардың ортасынан бастап үкімет пен партия елде астық мәселесін шешуге зор көңіл бөледі. Осы жолда Қазақстанның орасан зор территориясын егін шаруашылығына тарту мәселесі күн тәртібіне қойылады. Сол себепті, өлкеде егістікке жарамды бос жер анықтап, оған келімсектер орналастыру, колхоз, совхоздар құру сияқты шараларды жүргізу әрекеттері көтеріледі. Сөйтіп, осы мәселелер төңірегінде, яғни Қазақстанның болашағы жөнінде қарама-қарсы ой-пікірлер жаңа қарқын алады. Осы пікірлердің бірінде елдің социалистік бағытта дамуы, келесісінде шаруашылықтың дәстүрлі қалпының сақталуы, тағы біреулерінде кеңестік кезеңде капиталистік деп көрсетілген нарықтық қатынас жолымен өркендеуі дәріптеледі.

  ХХ ғ. 20-30 жылдарында Қазақстанда жүргізілген кеңестік жер саясатының мән-мазмұны, бағыты, нәтижелері жайында ұлт өкілдері де өз ой-пікірлерін, тұжырымдарын, ұстанымдарын көрсете білді. Әрине, кеңестік кезеңдегі зерттеулерде осы мәселеге біржақты баға беру үстем болғаны белгілі және оның түп-төркіні де түсінікті еді.

  Ұлт өкілдері жүргізілген жер саясатына қатысты барлық мәселелерді назарларынан тыс қалдырған жоқ,саралап отырды, талдау жасады.

  Жетісу өңіріндегі жүргізілген жер-су реформасы жөнінде Т. Рысқұлов өзінің «Джетысуйские вопросы» атты мақаласында жан-жақты талдайды. Автор 1921-1922 жж. реформаның келімсек тұрғындардың қазақтарға көрсеткен зорлық-зомбылығын ауыздықтауға зор саяси маңызы болғандығын айта келіп, экономикалық жағынан алғанда оның (реформаның) «нәтижесі мардымсыз» болғандығын, «бастапқыда белгіленген жоспардың аяғына дейін жүзеге асырылмағандығын» айтады және оның айғағы ретінде казак, кулактардан және байлардан алынған жер мөлшері аз болғандығын, сол жер телімдеріне орналастырылған батырақ және кедейлер отбасының 10 мыңға жетпейтіндігін (жоспар бойынша 80 мың отбасы орнығуы керек болған еді) келтіреді [14, 11-12- бб. ].

  С. Аспендияров жер мәселесіне байланысты жазған мақаласында партияның жер мәселесіне қатысты  міндеттерін жан-жақты көрсете келіп, сол жер мәселесінің Түркістан өңірінде шешілуі бағыттарына арнайы тоқталады. Мақалада 1921-1922 жж. жер реформасы келімсектер мен көшпелі тұрғындар арасындағы қайшылықты жоюға негізделгені, ол келімсек кулактардың байырғы тұрғындар жерін өз бетімен басып алушылығын тию арқылы жүзеге асырылғаны, көшпелі тұрғындардың бірыңғай жер игеру формасы болмағандығы, сол себепті көптеген шаруашылық аралас, яғни мал-егін шаруашылығы формасында көрінетіндігі айтылады. Осы жағдайды ескере келіп, автор бұл арада жерді игеру формасын таңдауды тұрғындардың еркіне бермей, жерге орналастыруды мемлекет тарапынан жүргізу керектігін, бірінші кезекте отырықшылыққа өткен «бұрынғы көшпелілерді», сондай-ақ жартылай көшпелілерді жерге отырғызу, олардың арасында жер қоғамдарын ұйымдастыру қажеттігін көрсетеді. «Онсыз – дейді С. Асфендияров  - тарыдай шашылып жатқан басқарусыз бұратана кедейлер бай, манап қолтығына тығылып, олардың ықпалынан кете алмайды» [15, 35-36- бб.].

 Бұдан кейінгі Қазақстандағы жер мәселесінің шиеленісуі Ф.И. Голощекиннің келуімен байланысты туындағаны белгілі.

  Ф.И. Голощекин жер мәселесінде үш жағдайды бір-бірімен тығыз байланыста қарастыруды айтады. Олар: ұлттық мәселе, ұлтаралық мәселе және таптық мәселе. Әрине, жер мәселесін ұлттық, ұлтаралық тұрғыдан қарастыру түсінікті. Патшалық Ресей кезінде басқа ұлт өкілдері байырғы тұрғындар-қазақтардың орасан зор территориясына еніп, шұрайлы да шүйгінді жерлерін иеленіп, өздерін шөлді-шөлейтті, таулы-тастақты аймақтарға ығыстырып тастағаны белгілі. Міне, сол отаршыл жер саясатының зардаптарын жою керектігі туындағаны белгілі.

  Бірақ, Ф.И. Голощекиннің жер мәселесіне қабаттастыра таптық мән беруі бүтін бір халықтың трагедиясының бір бағыты еді. Ол осы мәселеде сол үш жағдайдың қатаң ескерілуін талап етті. Бұл жөнінде: «Жер мәселесі Қазақстанда ұлттық, ұлтаралық және өте-мөте таптық мәнде болғандықтан, оны біржақты қарастыру, шешу ауытқушылық болып саналады. Егер ұлттық жағынан қарастырылса, онда ол ұлтшыл ауытқушылыққа алып келеді. Езілген ұлттар мүддесінен қарастырылмай шешу отаршылдыққа, ал таптық мүдде ескерілмесе таза буржуазиялық ауытқушылыққа соқтырады» - деп көрсетеді [16, 161-162- бб.]. Осы тұжырымы арқылы Ф. Голощекин өзінің және жақтастарының ұстанған бағытына қарсыларды тізгіндеуді шешті деп айтуға болады. Сөйтіп, орталықтың өктемдік саясаты соның тұлғасы, іс-әрекеті арқылы көрініп қалды.

  Жерге орналастыру мәселесінде бірінші, байырғы тұрғындар мүддесі қарастырылуы керектігі, яғни мәселені ұлттық тұрғыда шешу жойылып, орнына таптық мүдденің көтерілуі қазақтарға жерді сол өздерінің іштерінен іздестіруге алып келді. Ф.Голощекин «...ең алдымен қазақтарға қанша жер керектігін анықтап алу керек. Егер сіз сол учаскіде  (қазақтардың) орналасуын қанағаттандырсаңыз, онда қалған жерге басқа ұлт өкілдерін, яғни европалық тұрғындарды отырғызамыз. Міне, бар болғаны осы ғана. Менің есебімше бұл арада жер мәселесінде ұлттық мүддеге ешқандай нұқсан келген жоқ...»-дейді [16, 167- б.].

  Әрине, ұлттық мүддеге нұқсан келді және келгенде қандай! Қазақтар толық және ойдағыдай жерге орналасып болмады. Белгіленген норма қазақтан жер алудың тәсілі болды. Оған бір мезетте басқа ұлт өкілдерін отырғызды. Сол европалықтарға ол жерден орын табылмаса оған үкіметтік басы онша ауыра қоймады. Өйткені, басқа жерлерден бәрібір орын табылар еді.

  Ф. Голощекиннің қоныстандыру саясатында да өз ұстанымы болды. Оның ойынша Қазақстанда бос жерлер көп деп есептеген еді. Ал өз кезегінде  жерлердің артық алынуы үшін осы «қайраткердің» колхоз, совхоздар құру, қазақтарды зорлап отырықшылыққа көшіру үшін қаншалықты «еңбектенгені» белгілі. Сол себепті де «...бұл күндері біздің дамуымызды тежеуші фактор-ол орасан зор бос кеңістіктер. Совхоздарды, отырықшылыққа өтушілерді жермен қамтамасыз ету нәтижесінде бізде көп артық жерлер қалды»-деп бекер айтпады [16, 278- б.].

  Ф. Голощекиннің жүргізген саясаты, жерге байланысты ұстанған бағыты Орталықтың Қазақстан үшін ұстанған бағыты болып табылады.

  Әрине, ғасырлар бойы шиеленісіп келе жатқан жер мәселесінің шешілмеуі ұлттық қайшылық тудыратыны заңдылық. Басқаша айтсақ, ұлттық жарасым негізі жер мәселесінің дұрыс шешілуінде болуы тиіс еді. Бірақ, езілген ұлттар, халық мүддесін көздейтін Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ осы саясаттың бағыты, барысы көңілден шықпай қалғанын білеміз. Шындығына келгенде кезінде меньшевиктер мен ревизионистер айтқан «Социалистік отаршылдық саясат» бағытының бір тармағы осы жер мәселесіндегі қайшылықтан байқалған еді.1926 жылы 12-14 қараша аралығында Т. Рысқұловтың басшылығымен өткен «Жеке Кеңестің» ұсынысында ұлттық қайшылықтар «орыс кеңес шенеуніктерінің ұлттық республикалардың мұң-мұқтажы мен талап-тілектеріне тәкаппарсып елемей, тас мейір бюрократтық пен қарауынан көрінуде дей келіп, «сол қайшылықтар жергілікті халықтың жер мәселесіне деген мұң-мұқтажы мен мүддесін есепке алуды көзге ілмей, қоныс аудару-отарлау тенденцияларының шет аймақтарға қарай күшейте түсуі...осыдан туып жатыр»-деп, көрсетілуі көп жайды аңғартса керек [17, 325- б.].

  Жоғарыда көрсетілген нәтижелер негізінде төмендегідей мазмұнда тұжырым жасауға әкеледі:

  1. Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі кездегі жер мәселесіне қатысты шаралардың толық жүзеге асырылмағанының ақиқаттығына тағы да көз жеткізілді және қазақтарға бұрынғы қордағы жайлы жерлер қайтарылмады, жерге орналастыру аяқталған жоқ;

  2. Қазақтарға жер белгілеу мемлекеттік жер мүлкіне жарамды алқаптар кесумен қабаттастыра жүргізілді. Мұның өзі Орталықтың бұрын отар болған езілуші  ұлттың жағдайын бірінші кезекте шешу бағытындағы іс-әрекеттеріне күмән туғызады;

  3. Үкіметтің арнайы заңдары, қаулы, шешімдері, сондай-ақ сол кезде қалыптасқан қайшылықты жағдайлар бойынша жер мәселесін ұлттық тұрғыда шешу, яғни тез арада қазақ тұрғындарын жерге бірінші кезекте орналастыру таптық мүдде желеуімен тізгінделіп тасталды;

  4. Одақтық қажеттілікке байланысты Орталық өзінің шығарған шешім, қаулыларын бұзып, қазақ жерін республика жұртшылығы мен басқарушыларының келісімінсіз сырттан қоныстандыру үшін ашып берді. Егіншілікке керекті жер қорын қолдан жасатып алды. Мұның өзі кеңестік жер саясатының патшалық кезеңдегі саясаттың жалғасы екендігін дәлелдейді;

  5.Орталық жер нормасын көтеріп, алғашқы күндерден-ақ дәстүрлі шаруашылық болашағына балта шапты. Ғылыми жүйеленген жер нормасы тым жоғары есебінде қабылданбады. Бұл әрекет Орталыққа қандай жағдайда болмасын қоныстандыру шарасын жүзеге асыру үшін артық жер қорын табу керек болғандығын көрсетеді;

  6. Жер қатынастары шиеленіскен аймақтарда байырғы тұрғындардың заңды құқықтары ескерілмей,  таптық мүдде сылтауымен мәселелер  көп жағдайда келімсектер пайдасына шешіліп отырды;

  7. Жер мәселесінің заңды түрде реттелуіне қатысты пікір білдіруші ұлт өкілдері «ұлтшылдар» есебінде қудаланды. Осы әрекеті арқылы Орталық барлық мәселені шешуде бірыңғай үстемдікке қол созғанын ашық білдірді;

  8. Қазіргі күнге шейін жер мәселесінде кездесіп отырған проблемаларды, кезінде осы мәселенің дұрыс шешілмеуінің салдары деп айтуға болады;

  Міне, келтірілген осы тұжырымдар кеңестік билік кезіндегі көтерілген отарсыздандыру шараларының аяғына жеткізілмегенін, көп жағдайда бұрынғы патшалық кезеңдегі қайшылықтар негізінде қалып қойғандығын көрсетеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР  ТІЗІМІ

 1 Проскурякова Н.А. Концепции цивилизации и модернизации в отечественной историографии // Вопросы истории. - 2005. - №7.- С.153-165.

2 Жемчужников А.Н. Движение на Восток. (к вопросам переселения, землеустройства и колонизации). –М.,1927.-143 с.

3 Брискин А.М. Казаки (Казакстан).- М. -Л., ОГИЗ «Московский рабочий», 1931.- 48 с.

4 Скороспешкин В.К. Состояние и очередные задачи сельского хозяйства // НХК.- 1928.- №9-10.- С.67-90.

5 Родневич Б. От колониального вырождения к социалистическому расцвету.- М., 1931.- 127 с.

6 Зверяков  И.А.  От кочевания-к социализму.- Алма-Ата –М.,1932.-140 с.

7 Сластухин Ф. Социалистическая перестройка кочевого аула // Советская этнография.- 1933.- №1.- С.68-97.

8 Тоқтабаев К. Совхозное строительство в Казахстане  // НХК.- 1928.- №6-7.- С.1-6.

9 Семевский  Б.И. Экономика кочевого хозяйства Казахстана в начале реконструктивного периода //  Известия ВГО. - 1941.- Т.43.- №1.- С.98-111.

10 Новиков  М.П. Борьба КП Туркестана  за  разрешение  земельного  вопроса и восстановление хлопководства. - Ташкент,1966.

11 6-й Всеказахстанский  съезд Советов // Стенографический отчет.- Кзыл-Орда, 1927.

12 Материалы по землеустройству. - Кзыл-Орда, 1928. - 23с.

13 Вопросы сельскохозяйства и ирригации Туркестана // Материалы ІІ-го  Средне-Азиатского сельскохозяйственного съезда и ІІІ-го съезда работников водного хозяйства. - Ташкент, 1924.

14  Рыскулов Т. Собрание сочинений.–Алматы, 1997.- Т.2. - С.7-21.

15 Асфендияров С. Партия и землеустройство // Спутник коммуниста-. 1921.- № 2-3.- С. 33-36. 

16 Голощекин Ф.И. Партийное строительство в Казахстане // Сборник речей  и статей. (1925-1930 гг.). – М. - Алма-Ата, 1930. - 344с. 

17 Қазыбек М., Маймақов Ғ. Құпия кеңестер. - Алматы: Санат, 1999. – 336 б.

Козыбакова Ф.А., Рвайдарова Г.О.

rvaydarova 83@mail.ru

Аннотация

  В статье характеризуется значительные изменения политического, социально-экономического развития Казахстана в начале XX века. Освобожденная от царского угнетения колониальная страна перешла на новую ступень развития. Во всех отраслях казахского общества стали наблюдатся новые сферы развития. Конечно, самым важным вопросом того времени рассматривается земельно-водная реформа, которая проводилась в Казахстане.

   Наиболее важной политикой Советского союза в решении проблем национальных регионов было решение земельных отношений.

Ключевые слова: пролетариат, земельная реформа, колхоз, совхоз

Kozybakova F.A., Rvaydarova G.O.

rvaydarova 83@mail.ru

Annotation

  In the article mentioned political, social, economical development and changes of Kazakhstan in the beginning of 20th century. A new stage in the history independent nation after royal crush. New development steppes in all spheres of Kazakh society has represented. It was main problem of that time. Autor considered some information about land and water reform.

  For Soviet Government main political problem to chose in national areas was land cases.

  Key words:modernization, proletariat, land reform, kolkhoz, state farm.           


Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 2473

Рецензии (1)

Скачать файлы

СТАТЬЯ_Козыбакова Ф.doc 0.12 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ИННОВАЦИИ В СИСТЕМЕ ВЫСШЕГО И ПОСЛЕВУЗОВСКОГО ОБРАЗОВАНИЯ РК ӘОЖ 94(574) «1920/30»:33 1921-1922 ЖЖ. ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖЕР-СУ РЕФОРМАСЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС ӘОЖ 94 (574) «20/30» Қазақстандағы нарық механизмінің соңғы элементтеріне қарсы Сталиндік экстремистік саясат ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.20 Кеңестік биліктің орнауы тұсындағы Оңтүстік Қазақстандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ӘӨЖ 94(574) «19/20»АСЫЛБЕК СЕЙІТОВ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ БОЛЬШЕВИКТЕРМЕН ҚАТЫНАСЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ: 94(574)(092) Ғ.Н. БӨКЕЙХАНОВ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ҒТАМР 11.25.25 КОНФУЦИЙ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Статьи автора

ӘОЖ 94(574) «1920/30»:33 1921-1922 ЖЖ. ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖЕР-СУ РЕФОРМАСЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС