Главная » Материалы » ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ

МАХАЕВА А. Ш. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, т.ғ.д., ЧАРГЫНОВА Г. О. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(08)

Теги: сұлтандығы, Шығыс, Түркістан, Жетішар, қазақтар, мемлекеті, Құлжа, қырғыздар.
Аннотация:
Мақалада ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында Шығыс Түркістан аумағында қалыптасқан Құлжа сұлтандығы мен Жетішар (Жеті шаһар) мемлекеттеріндегі саяси ахуалдардың қазақтар және қырғыздарға әсері мәселесі ғылыми тұрғыдан талданады. Авторлар өз тұжырымдарын ғылыми еңбектердің мәліметтері және мұрағат деректері бойынша негіздейді.
Содержание:

ХІХ  ғасырдың  60-70-жылдарындағы  Шығыс Түркістандағы  саяси оқиғалар патшалық Ресейдің  қол астындағы қазақтар мен қырғыздардың азаттық жолындағы ұмтылысына зор әсерін тигізді. Осы туралы белгілі ресейлік зерттеуші Н.Б.Бекмаханова: «...Шыңжандағы мұсылмандардың көтерілісі ерекше қатаң  сипатқа ие болды. ...Түркістандағы мұсылмандардың  азаттық жолындағы  көтерілісіне  мұсылман үгіттеушілерінің ықпалымен Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан көптеген тұрғындар  –  Ресейден келген  қазақтар мен қырғыздар қатысты», – деп жазды [1, с. 197].  

Цин империясында  1861 жылы дүңгендердің көтерілісі басталып, келесі жылы көтеріліс ұшқыны Шыңжанды шарпиды, көтерілісті мұндағы басқа ұлттардан  құралған мұсылман халықтар да қолдап кетеді,  ұлт аймақтары орталық өкіметтің бақылауынан тыс қалды [2,  183-б.].

  1864 жылы күзде Қашқарда дүнгендер мен қырғыздар бірлесе бүлік шығарады. 3000-дай атты әскері бар қырғыз қолбасшысы Сыдықбек  Қашқарды алуға ұйғырларға да жәрдем беріп, елге танылып, ақыры Қашқардың хәкімі болып тағайындалады.  Сыдықбек өте ықпалды адам болған. Сыдықбектің әскерінің саны 3-4 мыңдай болып, қырғыздар мен қыпшақтардан құралды [3, с. 130].

1864 жылы желтоқсанда Шығыс Түркістандағы саяси жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты  Сыдықбек Қоқанға, Әлімқұлға елшілік жібереді. Сыдықбек Әлімқұлдан Жәңгірқожаның ұлы Бұзырықты (Бузурук) хан сайлау үшін Қоқаннан Қашқарға жіберуді сұраған еді.  Әлімқұл оның өтінішін орындап, Бұзырықты және туысы Алдашты қызметшілерімен, сондай-ақ Жақыпбек Мірлатифбекұлы бастаған 60 жігіттен тұратын әскерді  1864 жылы желтоқсанда Қашқарға аттандырады. Олармен әскери өнердің білгірі, Қоқан хандығындағы аса беделді, әрі жетісулық  қазақ, қырғызға танымал тұлға, ташкенттің бұрынғы хәкімі,  Мырзахмет күшбегі де қоса жіберіледі [4]. Қоқандық тарихшы Мухаммад Юнус Тоибтың мәліметіне қарағанда, Әлімқұл Бұзырық қожаны Шығыс Түркістанның ханы деп жариялап, ал Жақыпбекті әскербасы етіп бекітіп жібереді [5, 219-б.].

Бұзырық қожа мен Жақыпбек қолы, осылайша, 1865 жылы қаңтарда Қашқарға келіп жетеді. Арада көп уақыт өтпей,  Сыдықбекті де, Бұзырықты да ығыстырып, Қашқардағы билікті Жақыпбек өз қолына алады.

Бұл кезде жетісулық қазақтар мен қырғыздар Шығыс Түркістандағы саяси оқиғаларға белсене араласып жатқан болатын. Мысалы, 1865 жылы Текестегі қалмақтар қытайлықтарға көмектескендері үшін қазақ, қырғыздардың араласуымен көтерілісшілер тарапынан талқандалып, әрі тоналып, 2000-ға жуық түтін орыс үкіметінен жәрдем сұрап,  пана  іздейді. Қалмақтардан бос қалған жерлерді 1864-1865 жылдары орыс билігіне мойынсынудан қашып, көтерілісшілер жағына өткен жетісулық Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздар иеленеді [6].

1864-1865 жылдары шекараға жақын орналасқан қазақ, қырғыздар түгіл Шу бойындағы қазақтың ботбай, жаныс руларының қазақтары және қырғыздың  сарыбағыштары көп қол жинап, көтерілісшілерге қарай Текес және Іле  арқылы өте бастайды. Олар қалмақтарды аяусыз қырғынға ұшыратады [7,  c. 171].

1865 жылы дүнген көтерілісшілеріне қырғыздардың  бұғы руы  мен албан, қызай және байжігіт руларының қазақтары қосылды. Дүнген көтерілісшілері  Шәуешекті алуда қызайлар мен байжігіттердің көмегіне сүйенді.

1865-1866 жылдары, орыс әкімшігінің 1866 жылғы  ресми  мәліметіне қарағанда, Алатау округынан 841 түтін  Қытайға өткен. Олардың арасында албан руының Саурық, Малабай, Жетен (500 түтінмен өткен) сияқты батырлары, Есбер ( Испир), Қасаболат, Әліке биі, суан руының  Өстемір биі,  Тезек төренің бауыры  Дүрәлі сұлтан,  қырғыздың бұғы руының Сабатар молдасы  болған. Құлжаға қарай өткендердің жалпы саны 5500-дей түтінді, 22 340 адамды құраған [7,  c. 208].

Қазақтар мен қырғыздардың дүнген көтерілісшілерін қолдауына діни фактор үлкен әсерін тигізді. Ал қалмақтар қазақтар мен қырғыздардың мұсылман көтерілісін жақтағанын байқаған соң, қытайлықтар жағына шығады [8,  20-п.].

Қазақтар мен қырғыздар дүнгендерге ат және жігіт беріп көмектесті, әсіресе,  қазақтың  Кезеңқара, Жетен батырлары, Дүрәлі  сұлтан және қырғыздардың бұғы  руы  көтерілісшілерге  барынша қолдау жасады.

1865 жылдың өне бойы қазақтар мен қырғыздардың  қалмақтармен атыс-шабысымен және барымтасымен өтті. 1865 жылдың қазан айының 23-нен 24-не қараған түні қалмақтың Кеген деген батыры манчжур әскерімен бірге байжігіттер ауылына кенеттен шабуылдап, 1 мың 300 жылқысын, 100 000 бас қойын, 6000 ірі қара малын айдап әкетіп,  қазан айының 26-на дейін қырғынға ұшыратты, 3000 адамды өлтіріп, 200 қой мен 1,5 мың итін бауыздап кетті. Орыстар жақтағы қазақтардан осы қырғында 300-ден аса адам өлді [8, 21-п.].

«Батыс Қытайдағы 1,5 ғасырлық төңкерістерге белсене қатысқан қырғыздар  да дүнгендердің манчжурлармен күресінде  шет қалмады, – деп көрсетеді орыс әскери шенеуніктерінің бірі. – Біздің отрядтар қырғыздарды Қытаймен және ортаазиялық түркістандықтармен байланыстыратын Тянь-Шань арқылы өтетін жолдарды кесіп тастағанымен, Іле провинциясы жақтағы ыңғайлы шекаралық жерлер оларға, яғни қырғыздарға шығыстағы жақын көршілері – қалмақтармен ілінісуге мүмкіндік берді. Қырғыздар мен  Ұлы жүздің албан руының  қалмақтарды тонап, талағаны соншалық, олар біздің иелікке келіп, бас сауғалап өтіп кетті. 1000 қалмақ Верный төңірегіне орналасты. Барлық қазақтар өздерінің діндестері – дүнгендерге бар ниетімен қатты жанашырлық танытуда, манчжур үкіметімен бұрынғы байланыстарын үзе алмауынан ба, тек бір ғана албанның Тезек сұлтаны дүнгендер көтерілісіне ниеттестік білдірмей тұр» [8, 27-п.]. Тезек төре  1865 жылы Алатау округінің бастығына  бірнеше рет қайрылып, қазақтардың Қытайға өтіп кетуін тоқтату үшін Алтынемелге  отряд  жіберуді өтінген болатын. Ол Дүрәлі сұлтан мен Жетен батыр бастаған албанның 3000 түтіні Қытайға көшіп кеткенін және мұнда қалған ауылдарды да өздеріне қосылуға шақырып жатқанын айтқан.

Қырғыздың бұғы руының манаптары да 1865 жылы 1500 адамнан тұратын жасақпен көтерілісшілер жағына шығуға уәде бергендерімен, бұған жол бермеу үшін Текеске подпоручик Никольский бастаған отряд келіп, бұғылардың билеушілерін райынан қайтарады және қалмақтарды тонауға тиым салады. Шекаралық отрядтарға қырғыз, қазақ ауылдарының Шығыс Түркістанға көшуіне жол бермеуге бұйрық берілді. Бұған қарамастан,  албан руының Саурық батыры мен Дүрәлі сұлтан, бұғы руының Балбай манабы бастаған қазақ, қырғыз қолы дүнгендердің көтерілісіне қатысуды жалғастыра береді..

Қырғыздың атақты Балбай батыры Тезек төре сияқты Ресейге қызметі үшін бірнеше сый-сияпаттар алғанымен, Ыстық көлге орыс отрядының тұрақтанып қалуына қарсы болып, 30 шақты түтінмен  Саурық батыр ауылы қонған Алтынсу тауларына келіп қонады. Балбай бастаған қырғыздар, Саурық, Дүрәлі бастаған қазақ ауылдары  шекараға іргелес қоныстанған басқа да қазақ, қырғызға үлгі-өнеге болмасын деп орыс әкімшілігі оларды қалайда ұстап алып, жазалауды көздеді. Алайда, патша өкіметінің тосқауылдарына қарамастан, Саурық, Дүрәлі және Балбайдың қарамағындағы халық та қашқындар есебінен күнен-күнге көбейе түсті. Патшалық Ресей билігіне наразы болып, Қытайға өткен қазақтар мен қырғыздардың қатарының өскені соншалықты 1866 жылы  патша өкіметі  Алатау округіне қарасты қазақтар мен қырғыздардан алынатын салықты уақытша тоқтатуға бұйрық шығаруға мәжбүр болды. Сол тұста Алатау округінің әрбір түтінінен 1 сом 50 тиыннан салық алынған еді. Кейіндері  көшпелі халықтан түтін салығы 2 сом 75 тиыннан, отырықшы халықтан харадж бен танап жиналатын болды [1, с. 165]. 

1867 жылы мамырда Текеске аттандырылған полковник Полтарацский бұғы руының манабы Сарпектің баласы Күшіктің (Кучук) жігіттерін де өз отрядына жол көрсету үшін қосып алады. Полтарацскийдің бұйыруымен есаул Халдеевтің отряды түнде келіп, Саурық пен Балбайдың ауылын қапылыста қоршап алып, Саурық пен Балбайды тұтқындайды. Полтарацский қазақ, қырғыз ауылдарын қайта бұрынғы қоныстанған жерлеріне күшпен қайтарып, Саурық, Балбай, Сабатыр молда, Молдажан және Дүрәліні Верныйға әкеліп, түрмеге отырғызады. Қазақ, қырғыздың орыс бодандығына мойынсұнбаған өзге билеушілеріне сабақ болуын көздеп, Жетісу облыстық әскери губернаторы  Колпаковский оларды қатаң жазалауды ойластырады. Г.А. Колпаковский Саурық пен Балбайды дала соты бойынша сұраусыз атып тастауды, ал Дүрәліні итжеккенге айдатып жіберуді ұсынады. Осы тұста Жетісу облысы Түркістан өлкесінің құрамына енуіне байланысты  Г.А. Колпаковский қарауындағы қазақ, қырғыз ісі Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның құзырына өткізіледі. Кауфман оларды ақтау жөн деген шешімге келеді. Себебі, орыс әкімшілігі Дүрәлі  сұлтан мен Саурық батырға ойлануға 6 ай уақыт  берген болатын. Ал оларды орыс отряды 6 ай толмай жатып тұтқындағанын және орыс басшылығының сөзіне жергілікті халықтың сенуден қалатынын ескеріп, ақыры Кауфман Саурық пен Дүрәліні 1867 жылы қазан айында қамаудан босатып жібереді. Ал қырғыздың Балбай батырын Верный түрмесінде  уланып көз жұмды.

Қазақ, қырғыз ауылдарының Шығыс Түркістанға көшіп, көтерілісшілерге қосылып кетуінің негізгі себебі орыс отаршылдығына қарсылықта жатты, әсіресе, 1867 жылғы Уақытша ережеге наразылықпен байланысты еді. Осы уақытта  көшпелі халықтан түтін салығы 2 сом 75 тиыннан, отырықшы халықтан харадж бен танап жиналатын болды [1, с. 165]. 

  «Іле провинциясындағы тәртіпсіздік  пен жеңіл олжа көп адамды қызықтыруы мүмкін. Онда Тезек сұлтан басқаратын руынан айрылып, біздің жақта қалуы, я Қытайға көшіп, дүнгендерге қосылуы мүмкін. Соңғы шешім сұлтанның материалдық пайдасы үшін тиімдірек және епті де мінезді Тезекті бізге қарсы дұшпандық қатынаста қойса, аса зиянды болар» [8, 27-п.] деп қауіптенген орыс әкімшілігіндегілер 1865 жылдың қарашасының аяғында қалмақтарды шекарада қабылдап, Верныйға дейін жеткізу үшін Алтынемелге отряд жібереді. Дүнгендер Құлжаны алған соң, Жетісуға шабуылдамақшы деген Тезек төренің хабарын алған соң, Семей облысы әскерлерінің қолбасшысы Қоғалы, Алтынемел, Көксу бекеттеріне және Іле бекінісіне отрядтар орналастыруға бұйырады. Осы бұйрыққа орай сауда керуендері мен орыстар жақтағы қазақтарды жиі шабуылдаған  байжігіт руының Төлеген батыры бастаған 100 жігітті ұстауға 25 казак және  әр рудан құралған  240 қазақтан құралған отряд Базар өзені бойын күзетуге қойылады.

Шығыс Түркістандағы көтерілістерді қазақ, қырғыздардың қолдауын болдырмау мақсатында 1866 жылы 10 мамырда Алатау округы бастығына Семейден Тезек төре мен  Ұлы жүздің өзге де сұлтандарын  және  бір топ қырғыз манаптарын Верныйға шақыртып, ауылдарына жібермей ұстап тұруға бұйрық беріледі [9, 1-п.].  Өйткені, Семейден Верныйға арнайы келе жатқан орыс әскерлерінің қолбасшысы қазақ, қырғыз билеушілеріне Шығыс Түркістандағы оқиғаларға бейтараптық танытуды қатаң ескертуді  көздеген болатын.

Осындай қатаң ескертулерге қарамастан, 1867 жылы 4 мамырда ыстықкөлдік бұғы руының бас көтерер кісілері  және Тоқмақ уезінің манабы Төрегелді Жақыпбекке сыйға арғымақтар даярлайды.

 Қапал уезі бастығының мәлімдеуіне қарағанда,  Ғазы сұлтан Болатұлы Уәлиханов та қазақтар арасында «орысты күшті дегенге сене бермеңдер» деп сөз таратады. Ал Борохудзир отряды бастығының 1868 жылғы 10 мамырдағы мәлімдемесінде Жақыпбектің де Қапал, Верный уезі қазақтарына, соның ішінде Тезек төреге де үндеухат жолдап, орыстарға қарсы бас көтеруге және қазақтарды Көксу, Қарабұлақ сияқты орыстар қоныстанған елді мекендерге маусым айында шабуыл жасауға шақырғаны айтылады.  Тезек төренің Іленің сол жағалауына өткен қоңырбөрік, суан рулары арасында Жақыпбектің осы үндеухатына орай жүргізген насихаты аталмыш руларға қатты әсер еткен.

Қырғыздар арасында үгіт жұмыстарын Жаңғараштың ұлы Төле манап жүргізген. Ол 1865 жылы орыс бодандығын мойындамай, көшіп кеткен болатын. Төле манап Тоқмақ уезі Талқан болысындағы туыстарын және ықпалды қырғыз, қазақтарды  аралып,  елді Қашқарға көшіп кетуге, Жақыпбекті қолдауға шақырады. Жақыпбектің үндеухаттарын Тезек төре сияқты сарыбағыш руының Үмбетәлі манабы және оның туыстары да алып тұрған. 1868 жылы Жетісу әскери губернаторы: «Олар Жақыпбектің хаттарын алып тұрса, яғни оған жауап та жазады» [10, 248-п.], – деп мәлімдеді.

Жақыпбекпен достық қарым-қатынасы болды деген қазақ, қырғыз билеушілерінің, батырлары мен билерінің көбі тұтқынға алынып, түрмеге жабылды. Орыс әкімшілігі тарапынан  Тезек төре мен Ғазы Болатұлы  Уәлихановты және қырғыздың Тілекмет, Нұрдәулет, Мұратәлі және Шоңғараш сияқты манаптарын  құпия аңдуға алу басталады [11, 49-п.]. Оның соңы Тезек төре мен Ғазы Уәлихановтың 1868 жылы Қапал түрмесіне  жабылуына, ал Тілекмет, Нұрдәулет манаптар бастаған 6 қырғыз билеушісінің Верный түрмесіне қамалуына  соқтырды. Тезек төре мен Ғ. Уәлиханов Қапал түрмесінде 6 ай ұсталды. Орыс  әкімшілігі  халық арасында үлкен беделге ие, әрі жасы келіп қалған, мұсылмандығы да басым адам болғандықтан Мұратәлі манапты қамауға алудың зиянды салдарлары болуы мүмкін деп оны түрмеге отырғызбады. Шоңғараш манап  шемен ауруымен ауырғандықтан қамалмай қалған.

  1868 жылдың басында саяқ руының манабы Осмон Тайлақов жаңа әкімшілік басқару жүйесіне қарсы шығып, қырғыз ауылдарында болыстық басқарма құрмақшы болған майор Загряжскийге шабуыл жасап, тұқынға алуға ұмтылады. Өйткені, оның ұлы Мамырханды Загряжский ұстап алып, кепілдікке Верныйға аттандырғын болатын. Осман да ақыры Жақыпбекке барып паналайды.

Қазақ, қырғыздың Жетішар мемлекетіне тартылуының бір себебі, Жақыпбектің Түркияны, түрік сұлтанын қадірлеп, арқа сүйеуі еді. Қашқар теңгелерінде түрік сұлтаны Абдул Азиздің аты жазылып, Жетішарда Түркияның жалауының желбіреуі  де түркі-мұсылман халықтарының Жақыпбек мемлекетіне тілектестігін тудырды. Бұған қырғыз ақыны  Арыстанбек қазақ-қырғыз жиылып, Қашқардағы Бадаулет Жақыпбекті басшы қылып алсақ па деп арман еткендерін өз жырында көсетеді.

Халық Жақыпбекті құрметтеп, оның есіміне «Бадаулет» –  бақытты деген сөзді қосып айтқан. Қырғыз фольклорлық деректерінде Жақыпбектің Жетісудағы орыс шенеуніктеріне асыл тастардан және алтыннан жиі тартулар жасап тұрғаны, бұған разы болған олар Бадаулеттен қарымтасына «не сұрайсың?» дегенде, «орыс төрелері Жетісуды қайтарсын» деп жауап бергені айтылады [12, 102-п.]. 

1864-1865 жж. дүнген-ұйғыр көтерілісшілерінің күресі Орталық Азияда қытай отарлық үстемдігін толық жойып жіберді, Шыңжанда үш тәуелсіз феодалдық-теоркратиялық иелік: Жетішар (орталығы Қашқар), Құлжа сұлтандығы (орталығы Құлжа), Дүнгендердің қалалар одағы (орталығы Үрімші) пайда болды [1, с.197].  Өзінің билігінде бүкіл Шығыс Түркістанды  ұстап тұрған Жақыпбек Бадаулет иелігі барынша үлкен және қуатты  болатын. Оның басшысы Жақыпбек  өз мемлекетінің шекарасын Қоқан хандығының және Түркістан өлкесінің Жетісу облысының есебінен кеңйте түсуге ұмтылды [1, с.200].   Орыс отаршыл әкімшілігінің тыңшылары да Жақыпбектің қазақ, қырғыз билеушілерімен тығыз қарым-қатынасы барын және олардың  патшалық Ресейге қастандық ойластырып жүруі де мүмкін екенін жеткізген [11,  49-п.].

Жетісулық қазақ сұлтандары мен қырғыз манаптары Жақыпбектің ұлы Ақылбекті қонаққа шақырып, оны Алматыда салтанатты түрде қарсы алғаны, қырғыз манаптары Шабдан мен Сауранбай Ақылбекті бірнеше күн сый-құрмет көрсетіп, күткені қырғыз фольклорлық деректерінде баяндалады. Қырғыздың сарыбағыш руының манабы Әділ бұғы руының манабы Балбаймен және солто руының манабы Маймылмен келіссөздер жүргізіп, үш руды: солто, сарыбағыш, бұғыны орыс отаршылдарына қарсы көтеруге шақырады, бұл кеңеске Шабдан мен Марал да қосылады. Олар жеңіле қалған күнде Қашқардағы Жақыпбекпен бірігіп кетуге уәделеседі. Алайда Әділдің жігіттерінің бірі – Семетей бұл жөнінде жергілікті орыс шенеуніктеріне айтып қойып, көтеріліс іс жүзіне аспай қалған.  Әділ манап 1875 жылы Алматы түрмесіне жабылып, Балбай батыр сияқты у беріліп өлтірілсе, Маймылды киізге орап, Әулиеатадағы ноғай мешіті алдындағы дар ағашына байлап, 12 орыс солдаты мылтықтан  оқ жаудырып өлтіреді.

1867 жылы Қытайға көшуге әрекеттенді, сөйтіп, мемлекетке сатқындық істемекші болды деген желеумен албанның қызылбөрік руының Байдана, Қашаған, Айдар және Дәркембай сияқты бірнеше биі Семейдегі түрмеге қамалды [13, 369-п.].

Қазақтар мен қырғыздардың  өтініші бойынша Жақыпбек Ресейден Жетішар мемлекетін ресми тануды және қару-жарақ сатуын өтінумен бірге  Түркістан өлкесі мен Жетісудан Жетішарға келмекші болған еріктілерді өткізуге рұқсат сұрайды [14, c. 39]. А.Н. Куропаткиннің көрсетуінше, Жақыпбектің әскерінің басым бөлігін қазақтар мен қырғыздар құраған [15, c. 166].

Жақыпбек қазақ-қырғызға  Әулиеата, Ақмешіт бегі болған кезден-ақ жақын таныс болатын. Оның үстіне Құрама уәлаятын басқаруы, Шымкент қаласын орыс әскерлерінің шабуынан қорғауға қоқандық әскери қолбасшылардың бірі ретінде қатысуы  Жақыпбекті қазақ, қырғыз арасында аса танымал адамға айналдырды.  Ал қырғыздар оны қырғыз-қыпшақтың  торайғыр руынан деп те білген [16, 49-п.].

Ұлы жүздің қазағы Алдыраж датқа Жақыпбек Ақмешітте бек болып тұрғанда онымен бірге қызметтес болып, бірге жүреді. Кейін Жақыпбек Қашқарға  келгенде  де Алдыраж датқа оның қызметіне кіргенін Қ. Халид : «Алдыраж датқа Жақыпбектің «қуаныш пен қайғысын бірге бөлісіп, хандығында кеңесші-уәзірі қызметін атқарды. Өзі Ұлы жүзден болатын», – деп әңгімелейді.  Жақыпбектің әскерінде Алдаш би, Өмірқұл бек, Мұхамбет-Жүнісхан, Мұхамбетқожа,  Абдылда пансат, Заманбек, Ташбек датқа сияқты қоқандық және қашқарлық қырғыздар, сондай-ақ Жетісудан барған қырғыздар қызмет етті.

Жақыпбек мемлекетінің дипломатиялық жұмыстары бөлімін орыс тілін жақсы білетін семейлік қазақ Мірқасым атқарды [17, 271-п.]. Кавказдан қашып келген оқымысты Заманбек (Заманхан) қашқарлық елшілікті әзірлеу істерінде белсенділік танытты. Жақыпбек Қоқан хандығындағы танымал да талантты әскери қолбасшыларды өз мемлекетінің қызметіне тарта білді [18]. Сонымен бірге жетішарлық әскерлерді соғыс өнеріне даярлауға татарлар атсалысты. 2000 сарбазды татар әскерилерінің жаттықтырып жатқаны мұрағат деректерінде көрсетіледі [17, 132-п.]. Жақыпбектің артиллеристері де түрік әскерінің киім үлгісінде киінді. Зеңбірек ату ісіне, оқ-дәрі жасауға жігітттерді Әли Эфенди бастаған түрік әскерлері үйретті. Әскер құрамында әртүрлі ұлттың өкілдері, тіпті, алыс мұсылман елдерінен келгендер де, діни сенімі бөлек буддистер де болды [19, 41-п.]. Алайда Жақыпбек Бадаулеттің қарамағындағылардың біраз бөлігін бұрын орыс бодандығында болған мұсылмандар құрады [19, 42-п.].

  Жетішар мемлекетінде лауазым, шен атаулары Қоқан хандығындағыдай болды, ал дін істері Бұхар хандығындағы секілді атқарылды.  «Халықтың санасында  әлі күнге бұрындары Қоқан хандығына қарағандығы  ұмытылар емес», – деп жазды сол тұста  орыс отарлық билік орындары қызметкерлерінің бірі. А.П. Хорошхиннің көрсетуінше, Жақыпбектің қоластына Қоқан хандығының ең бір тамаша адамдары кеткен [20,  c. 51].

  Жақыпбек Бадаулет халықтың мұсылмандық парызын уақтылы өтеуін қатты қадағалап, қатаң тәртіпте ұстады. Оның билігі тұсында ескі мешіттер қайта жөндеуден өткізіліп, бірқатар жаңа мешіттер салынды. Қашқар маңындағы  Әзіреті  Аппақ қожа, Бибі Мәриям, сондай-ақ мұсылмандықты қабылдап, Әбдікерім (Абд-ал-керим) деген ат алған,  ортағасырлық Қарахан мемлекетінің негізін қалаған алғашқы қашқарлық хан –  Сатұқ Бограхан кесенелері қайта салынып, Сатұқ Бограханның немере қызының басына да мазар орнатылды.  Жақыпбектің  кезінде  бір ғана Қашқар қаласында 108 мешіт болды [19 40-п.].  Мұның өзі патшалық Ресейдің отарлық бұғауына түскен қазақтар мен қырғыздар секілді Түркістан өлкесіндегі  түркі-мұсылман жұртының Жетішар мемлекетіне деген сенімін арттырды.

  Жақыпбекті  Ресейдің отарлау саясатына наразы қазақ, қырғыз рулары, елбасшылары қолдады. Әсіресе, Қашқарға шекаралас аудандардағы қазақ, қырғыздар Жақыпбек мемлекетінің көмегіне сүйеніп, орыс бодандығынан арылуға ұмтылды. Ел басқаруға қабілетті де жігерлі қызметкерлерге зәру Жетішар мемлекетінің басшысы – Жақыпбек  Қашқарға пана іздеп келген беделді  де танымал жандарды  қуана қарсы алды [21, с. 56].  Жақыпбек 1868 жылы  Ресей бодандығындағы қырғыз, қазақтар  қоныс тепкен Қашқармен шекаралас Атбасы, Нарын, Тоғызторау аңғары және Ақсай, Арпа, Қарақұжыр, Сонкөл, Шатыркөл сияқты жайылымдарды және Жетісуды т.б. жерлерді қосып алуға ұмтылды. Жақыпбек қолының Нарынға келуі қырғыз, қазақтың толқуын тудырды. Мұндай толқуды басып тастау үшін патшалық Ресей  Зауке, Барскаун өткелдеріне бақылау орнатып,  әскерлерін  әкелді.

  1869 жылы қыркүйекте Тезек төренің ауылында Алтынемел болысының  барлық кісілері жиналып,  Қытайға бүкіл болыс болып көшіп кетуге келіседі. Жиынға қатысқандардың арасында Тезек төренің ұлы  және старшина Байжан Мекебаев, Сатыбалды Қалқанбаев, Шәріп Саурықов пен  Исмаил Медетмолдаев, Байназар Ноғаев, Түлен Сырноев сияқты билер болады [22, 1-п.]. 1869 жылы 3 қазанда аталған кісілердің барлығы тұтқындалып, тергеуге алынады. Қапал уездік бастығы старшындарды да  шақырып, Уақытша ережеге сәйкес әкімшілік басқаруға бағынуды талап етті.

  1869 жылы 20 қазанда, Алтынемел болысының басқарушысы Бейсенбінің айтуынша,  Тезек төренің ауылында ас болып,  сонда Тезек төре әр болыстан жиналғандарды Қытайға өтіп кетуге үгіттеген [22, 3-п.]. Патша өкіметінің отарлау саясатына наразы болған полковник Тезек төре ақыры Іле өлкесіне  200 түтін қазақты алып, көшіп кетті [23, с. 183].  Қазақстандық зерттеуші  В.З. Галиев Тезек төренің Құлжаға көшіп кетуі 1870 жылдың басында еді деп нақтылай түседі [24, c. 73].

Патшалық Ресей  өкіметіне қызметі сіңген Тезек төре секілді адамдардың Қытайға өтіп кетуі  отарлық билік орындарын қатты алаңдатты. Жергілікті орыс отаршыл әкімшілігі бас көтерер қырғыз, қазақ билеушілеріне түрлі жала жауып,  олардың ел алдында беделін түсіру үшін  небір  сорақы әрекеттерге барды.  Мысалы, жергілікті халықты сүліктей сорған Қапал уездік бастығының аға көмекшісі  Здоренко  1870 жылы тамызда қарулы  қазақтардың  тарапынан шабуылға ұшырап, 18 жерінен жарақат алып, 15 жылқысы мен қомақты ақшасынан айрылып қалды. Здоренконы тонауға қатысты іске Тезек төре бастаған 60 қазақ кінәлі деп табылды. Тергеу жұмысының барысында 1 орыс казак уездік судьяның бұйыруымен және ұйымдастыруымен айғақ болар заттарды Тезек төренің үйінің жанына апарып тастағанын мойындайды. Қапал уездік басшылары Тезек төрені қалайда қылмыскер етіп, қамауға алуға талпынғанымен,  дегендеріне жете алмады. Өмірінің соңына қарай орыс әкімшілігінің қатты қысымына ұшыраған Тезек төре 1879 жылы көз жұмды. Тезек төре сияқты қырғыздың  да бас адамдары орыс отаршыл билік орындары тарапынан қудалауға ұшырап, тағдырлары тәлкекке түсті. «Уезд бастығының бір үлкен тілмәші және мұсылманша хат танитын екі татар тілмәші бар, – деп әңгімелейді сол заманның билік басындағылары туралы қырғыздың Талып деген молдасы. – Бір қазынашы төресі бар. Бұғыдан Зарыпбекті сұлтан (аға манап) қылды... Орыс өкіметі орныққан соң, Зарыпбекті сұлтандықтан түсіріп, бұғыдан Тоқсоба деген кісіні кіші  көмекші қойды. Көп кешікпей оны да түсіріп, Тілекметті кіші көмекші  қылып қойды. Оны Қашқар ханы Жақыпбекке хат бердің деп ұстап, түрмеге салып, одан Алматы түрмесіне апарып жатқызып, одан Ыстықкөлге алып келіп, түрмеде көп ұстап, ақыры түрмеде көп ауырып жатып өлді» [25,  97-б.].

  1871 жылы сәуірде қазақ, қырғызға танымал  Тазабек Пұсырманов та 1000 түтіннен тұратын ауылымен Қытай асып кетті.

  Тазабек Пұсырманов Ұлы жүздің албан руының ықпалды да беделді билерінің бірі болған [26, 1-п.]. Патша өкіметі қазақ қана емес, қырғыздар арасында да беделді, әрі танымал Тазабекті  өз жағына тарту үшін және Үмбетәлі манап пен Тезек төре сияқты қазақ, қырғыз билеушілеріне қарсы  пайдалануды көздеп әскери шен де берді, сый-сияпаттар да көрсетті. Бірақ Тазабек батыр оңайлықпен илікпеді, сондықтан орыс отаршыл билік орындарының қуғын-сүргініне ұшырады.

  1871 жылы болыстыққа  сайлауға түсіп, орыс әкімшілігі Құлжаға көшіп барғаны үшін оның кандидатурасын өткізбей тастайды. Оның үстіне қалмақтарды өлтіргендерді ұстап бермей, құтқарып қалды деп айыпталып, қуғынға ұшырайды.

  1871 жылы 18 сәуірде есаул Герасимов 32 казак және 1 урядниктен, 100 қазақтан тұратын отрядты бастап, Ақтоғай өзені маңындағы Мойнақ деген жерде орналасқан Тазабек ауылына жақындап келіп, Тазабектің отрядқа өз еркімен келуін талап етеді. Тазабек батыр  жігіттерімен атқа қонып, орыс отрядына қарсы шабуылға шығады. Алғашқы кездесуде Тазабек батырдың жігіттері  басым түседі. «Тазабек батырдың жасағы  көріне сала отряд құрамындағы әр болыстан жиналған 300  албан жігіті  аттарына міне сала әр жаққа бытырай қашып кетті. Ауылынай Жақыпты қуып жеткендер оған қылышпен және найзамен 13 жерден жарақат салды... Тазабектің жаяулы-атты 140 жігіті таңға дейін жасаған 3 шабуылына тойтарыс берілді».

Таң  атқаннан кейін Тазабек ауылы теңдері мен малдарын тастап, Құлжаға қарай қашады. Орыс  әскерлері қолына  Тазабек батырдың 1 туысы  және ауылдасы тұтқынға түсіп қалады. Тазабекпен бірге Шонжа және Темір-Құтылық болыстарының 1000-нан аса түтіні кетеді. Тазабек бастаған қазақтардың жолын тосып,  жібермеу үшін солтүстік жақтан хорунжий Копцов отряды жіберіледі. Тазабекке  Құлжа сұлтанының  200 адамдық қолы көмекке  келеді.  Құлжа сұлтаны  Әлихан Тазабектің ауылын Тоғызтораудағы  қырғыздар арасына орналастырған болатын.

Жетісу әскери губернаторы Құлжа сұлтанынан 7 күннің ішінде, яғни 7 мамырға дейін Тазабекті ұстап қайтаруды талап етеді, қайтармаса, соғыс ашатынын мәлімдейді. Құлжа сұлтаны оны бермей қойды. Патшалық Ресейдің Тазабекті қайтар деп талап етуі жәй ғана сылтау еді. Шын негізінде, патша өкіметі Тазабекті Жақыпбектің қолына өтіп кетуінен қауіптенді. Жақыпбектің әскерлерін Англия жаңа үлгідегі қару-жарақтармен қамтамасыз еткені де  орыс жағының бәсекелестігін  тудырды.

Тезек төре мен Тазабектің соңынан ерген қазақтарды қайтар деген талабына теріс жауап алған  Г.А. Колпаковский подполковник Ждан-Пушкинге 140 казактан тұратын отрядымен шекарадан өтіп, қашқындарды қайтарып кел деп бұйрық бергенімен, ұйғырлар орыс отрядын жібермей қояды.  Құлжа сұлтаны  Әлихан қырғыздың бұғы руының 1868 жылы уезд бастығына шабуыл жасап, қашып кеткен 30 түтінін де  орыстар қолына беруден, шариғатта мұндайға жол берілмейді деп,  бас тартады [7, c. 179]. Бұған ыза болған  Г.А. Колпаковский зеңбіректерімен 3 отрядты алып, Құлжаға аттанады. Тазабекті ұстаймыз деген сылтаумен Ілеге басып кірудегі патшалық ресейдің мақсаты – өз ықпал кеңістігін ұлғайту еді.

1871 жылы 22 маусымда Г.А. Колпаковский Әлиханның қолынан Құлжа қақпасының кілтін алады.

Іле өлкесінің орыстар қолына өткенін естіген қазақ, қырғыздар Қашқардағы Жақыпбекке кету мақсатымен оңтүстікке қарай қашты. Орыс офицері оларды әрең қуып жетіп, тоқтатып, бұрынғы жерлеріне қайтарып әкеледі. Олардың қарсылығын басу үшін, тіпті, бұрынғы  болыс басқарушыларын да өзгертпеуге уәде етеді [23, c. 186].

Әлихан Тазабек пен оның серіктерін орыстар қолына беруге мәжбүр болады [26,  1-2-пп.].

Дала сотына кесілген Тазабек Пұсырманұлы түрмеде 1872 жылы наурызда тергеу ісі бітпей жатып, қаза табады [26, 1-п.]. Тазабек ұрпақтарының айтуынша, батырды түрмеде у беріп өлтіргенімен қоймай, билік орындары оның сүйегін алу үшін туыстарынан 2000 жылқы беруді талап еткен екен [27, 10-б.]. Ал Тазабек батырмен бірге Қытайға кетіп, бірге қолға  түскен  Шалтабай Алпарұлы 10 жылға Сібірге айдалды.

Шалтабай Алпарұлы айдаудан қайтқан соң, қырғыз жеріне өтіп кетіп, сонда көз жұмады. Қазақ, қырғыз ауылдарын бастап, Құлжаға өтіп кеткен Шалтабай батырдың ағасы Саурық Алпарұлын орыстар 1871 жылы Қытайдың Суасу деген жерінде қырғыз батырымен бірге қолға түсіріп, өлтіреді.

Қытай тарихшысы Чи Чиңшүң Тазабек Пұсырманұлын қазақтың Ресейге қарсы көтерілісінің қолбасшысы деп бағалады [28, 320-б.]. Қазақ тарихшысы Н. Мұқаметқанұлы: «Тазабектің Қытай шекарасын асып, Іле аймағына ауып баруы... Ресей отаршылдарына қарсылық көрсету тұрғысынан жасалған қадам болып табылады» [28, 133-б.], – деп оң бағасын берді.

 Қазақ, қырғыздың Қытайға қашуының басты себебінің бірі жер тапшылығы болды [29, 319-п.]. Қытаймен шекаралас көшпелі халықтардың «санасында бодандықтан азат болсақ деген егемендік, тәуелсіздік туралы ойлар шарықтап жүр», – деп жазды орыс шенеуніктерінің бірі. – Қашқарияда қытайларға қарсы бүлік кезінде көшпелілер таудан түсіп, қашқарлықтарға тезірек берілуге асығады ...Қырғыз, қазақтың орыс иелігінен Қытай шекарасына қарай өтіп кетуінің экономикалық себебі –  екі жақтың салық жүйесінің әртүрлілігінде. Орыстар иелігіндегі көшпелі халықтар қазынаға, түземдік қызмет иелерінің жалақысына әр түтіннен 6 сомнан төлейді, қытайлық қазақ-қырғыздар болса, қазынаға ештеңе төлемейді, ал өнімнен салықты олар өте аз төлейді. Рулық құрамы, өмір салты бірдей және бірдей экономикалық жағдайда өмір сүріп отырған халықтың бірі қытайлық, бірі орыстық болғанына бола осыншама айырмашылықтың болуы Шығыс Түркістанмен шекарамыздың тыныштығын қамтамасыз ете алмайды» [30, 8-п.].

Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарынан түтін салығын жинап алу орыс әкімшілігіне оңайға түспеді. Әр болыстың жері дұрыс бөлінбеді. Арлы-берлі көшудің салдарынан болыс басқарушылары қарамағында қанша түтін бар екенін дәл айта алмады, әкімшілік те тексере алмады. «Бұл , әсіресе, албан руында аса қиындық туғызып тұр, – деп көрсетті 1870 жылы орыс әкімшілігінің қызметкері. – Айлакер Тезектің пендешілік есебінің үстіне кейбір рулардың дүнгендерге көшіп кетуінен тексеру мүмкін емес, 1865 жылы осы себептерден жасақ салығын тексеру мүмкін болмады» [30, 1-п.].

Шығыс Түркістанда Жетішар мемлекетінің пайда болуы Орталық Азияда жаңа әкімшілік құрылыс жүйесін құруға әрекеттеніп жатқан патшалық Ресейді қатты мазасыздандырды. Ұйғыр, дүнгендердің азаттық жолындағы қозғалысы және Жетішар мемлекетінің нығая түсуінен Шығыс Түркістандағы  өндіріс тауарларын өткізетін кең нарықты жоғалту қаупін күшейте түсті. Екінші шеті, тәуелсіздікке ұмтылған Түркістандағы түркі-мұсылман жұртының азаттық күресінің бір арнаға тоғысып, күш алып кету қаупі де алаңдатпай қоймады. «Ағылшындар Орта Азия мен Түркияның байланысын барынша нығайта түсу  үшін «панисламизм» ұғымы айналымға енгеннен бері шебер қолданып келеді. Мен осы насихатты бақылауды өзімнің борышым деп есептеймін, – деп жазды  орыс генералдарының бірі патшаға. – Ағылшын Г. Форсит және  оның серіктерінен тұратын елшілік  қашқарлықтардың бізге қарсы қарулануға  және біздің жаулап алу саясатымызға қарсы тұруға әзірленуге кеңес берді» [31, 1-п.].

1875 жылы Жақыпбек өзін түрік сұлтанының боданымын деп жариялап, Ресеймен арадағы мәселелерді де, тіпті, өзі өлген соң мұрагер болатын мемлекеттің билеушісін де таңдауды  түрік сұлтаны шешеді деп мәлімдеді [17, 132-п.]. Cөйтіп, Жақыпбек өзін Түркия сұлтанына ғана бағыныштымын деп санаған. 1875 жылы орыстарға қарсы көмек сұрап келген Қоқан елшісі Киікбайға Жақыпбек өзінің түрік сұлтанының рұқсатынсыз ешқандай саяси іске араласпайтындарын айтқан [19, 44-п.].

Жақыпбек, орыс шенеуніктерінің байқауынша, Қоқан хандығындағы төңкерістерге  көзқарасын білдірмей,  өзін сабырлы ұстаған. Қоқан ханы Құдияр хан Жақыпбектен гөрі Кауфманмен ымыраласып, Қашқардан келген хаттарды Кауфманға табыс етіп отырған.

Қоқан хандығындағы көтерілістерге Тоқмақ, Әулиеата уездерінің қазақ, қырғыздарының қатысы туралы Түркістан генерал-губернаторы 1874 жылы: «Хандықтағы жиі болып тұратын толқулар біздің қазақтар мен қырғыздарға да әсер етеді. ...Олардың көбінің Қоқанда туыстары, таныстары бар, жиі араласып тұрады, хандықта 2 жыл бойы тәртіпсіздік тоқтар емес, ал біздің қазақтар мен қырғыздар  болса, ылғи да бір әбігерлік көңіл-күйде жүр. Көрші хандықтағы туыстарының табысы мен сәтсіздіктерін олар назар сала қадағалап қана қоймай, өздері де көтерілістерге араласып кетеді [32, 154-155-пп.], – деп  көрсетті.

Қоқан хандығындағы 1873 жылы Әндіжан қырғызы Мамыр Мергенұлы бастаған көтерілісшілер Тоқмақ уезінің Тоғызтарау деген шатқалына келіп, алыс-жақындағы қазақ, қырғызды өздеріне қосылуға үндейді. М. Мергенұлы ақыры Қашқарға өтіп, сол жақта Әндіжанды басып алуға даярлық жасауды ойластырады. Бірақ бұл ойларын жүзеге асыра алмай, қайтадан Тоқмақ уезінің жеріне өткенде, осы уездің Қапқа деген жерінде ұсталып, қазақ жеріне  –  Лепсіге жер аударылып, мұндағы қазақтарды да көтеріп жібермеу үшін қатаң бақылауға алынады [32, 155-п.]. Мамырды Шабдан Жантаев та қолдап,  ақыл-кеңесін аямаған.

Ал Құрама уезінің қырғызы Момын Шамурзакұлы Шатқалға 1867 жылы көшіп келеді. 1874 жылы оған Мұсылманқұл би және хан тағынан үміткер Сейітболат жолығып, Құдиярға қарсы көтеріліске қосылуға шақырады. Шатқалға 10 мың адам жиналады. Алабұқа шатқалына, қырғыздың қытай руы қонған жерге жиналып, осы жерден шабуылдар ұйымдастырады. Төреқорған түбінде Құдияр хан әскері қолынан Мұсылманқұл қаза тауып, Сейітболат қашып құтылып, ал Момын қайта Шатқалға келеді [32, 156-п.]. Шатқалдағы Момынға қазақ, қырғыздар орыс өкіметінен жасырын қолдарынан келгенше көмек берді.

Әулиеата уездік бастығы Момынды ұстап алу үшін Ақмолда Байзақұлы бастаған бірнеше қазақ, қырғыз болыс басшыларын, атап айтқанда, Бүркітбай Биназарұлын, Айтымбет Тұтұлын, болыстыққа кандидат Райымбек Сарымсақұлын және тағы басқаларды Момынды көндіріп қайту үшін елшілікке жібереді. Олар Момынның қасында халықтың көптігін және Момынды ұрыссыз ұстап алу  мүмкін еместігін жеткізеді.

  Бұдан соң, Момынға тағы да қазақ, қырғыз  ықпалды кісілерімен бірге орыс әскерлері қоса жіберіліп, ақыры 1874 жылы 24 тамызда Момын ұсталып, Әулиеата түрмесіне отырғызылады. Болатсейіт хан Қоқан шекарасына өтіп кетеді [32, 158-159-пп.]. 1873-1874 жылдардағы Қоқан хандығындағы көтерілістер тек ханға қарсы әлеуметтік-экономикалық сипат алған жоқ,  сонымен бірге орыс жаулап алушылығына да қарсы бағытталды. Құдияр ханның орыс билік орындарына сүйеніп, халықтан шариғатта көрсетілмеген алым-салықтан жинап алған 140000 күміс ақшасын мемлекеттік банкке салдыртқан Кауфман 1875 жылы 12 тамызда Құдиярды үй-іші, жақындарымен Орынборға жөнелтуге бұйрық береді. Оны тұтқыннан қазақтың белгілі биі Әзберген  Мұңайтпасұлы құтқарып жібереді. Қазақ, қырғыздың саяси өмірінде өзіндік орны бар Құдияр хан 50 жасында Ауғанстан жерінде көз жұмып, сүйегі сонда қалды.

  Орыс билік орындары қызметкерлерінің өз мақсаттарына жеткенше екі жүзділікпен  әрекет етуі,  айтқан уәделерінде тұрмауы халықтың оларға деген сенімін жоғалтып, қарсыласуына мәжбүр етті. Қырғыздың Әбділдәбек (Абдылдабек) батырының М.Д. Скоблевке жазған хатындағы мына бір сөздері көп жайдан хабардар етеді: «Құдайға және оның пайғамбарына сенген біз осы мезгілге дейін сіздерге қарсылық көрсетіп келеміз. Бұл іс сіздің тараптан шартты бұзғандық үшін жасалып отыр. Мысалы,  Насириддинге Қоқан хандығын беріп қойғандарыңызбен, оны алдап, қайтадан Сібірге жөнелтіп жібердіңіздер. Ал енді, Сіз, генерал Скоблев, Әбдірахман автабашыны және бірнеше біздің билерді Қоқанға отырғызамын деп құр уәделермен қолға түсіріп алғаннан кейін тура осындай жолменен Сібірге жөнелттіңіз. Міне, осылардың бәрі біз үшін қорқынышты және сенімсіздікті тудырды. Сондықтан исламды тұтқан бірнеше адам сіздерге қатты қарсылық көрсетуге бел байладық.

Сіз өзіңіздің үлкен жеңілмес әскеріңізбен мақтанасыз. Ал енді біз кішкене адамдармыз, сондықтан құдайға сиынып, шүкіршілік қана қыламыз. Мүмкін көктегі жаратқан бізге де рақым қылар. Егер берген уәдеңізді нақты атқарсаңыз, біз де сіздің ұсыныстарыңызға мақұл дер едік. Бірақ жоғарғы себептермен біз енді қасық қанымыз қалғанынша сіздерге қарсы күресе береміз. Біз көшпендіміз, сондықтан бізге ешқандай мүліктің керегі жоқ, құдайдың берген дәм-тұзына разымыз» [33, 154-п.].

  Міне, осындай себептермен Қоқанның  билеушісі Құдиярдың ұлы Насириддин хан да «ғазауат» жариялауға мәжбүр болады. Насириддиннің үндеухатының бірінде Әндіжанда, Бұқара, Құрама, Шымкент, Әулиеатадан өкілдер келіп, қоқандықтарға жәрдем беруге уәде бергені, тіпті, Шу өңірінің қазақтары мен қырғыздың солто, сарыбағыш рулары өздерінің атынан Қожа датқаның басқаруымен орыстарға қарсы қарулы қол аттандырғаны айтылады.

  «Ғазауат» ұранының соңы  азаттық іздеген елдердің көтерілісіне ұласып кетуінен қауіптенген орыс  билік орындары Жетісу, Сырдария, Ферғана,  Самарқан облыстарынының уезд басшыларына жергілікті халықтың бас көтеруіне  қалайда жол бермеуге нұсқаулар беріп жатты. Алайда Түркістан-генерал-губернаторы К.П. Кауфман мұсылмандардың толқулары Қоқан хандығын ғана емес, Түркістанның бір қатар аймақтарында белең алғандығын көрсетті [34, 139-п.].

  Расында  қазақ, қырғыздың азаттық жолындағы күресі тоқтамады. 1875 жылы Қашқардағы Жақыпбек әскерінің қатарына Сыздық төре Кенесарыұлы келіп қосылады.

Сыздық төре Кенесарыұлы Қоқан, Хиуа, Бұхара әскерлерімен бірге орыс жаулаушылығына қарсы күресіп, кейінгі азаттық күрестерге түркі-мұсылман жұртымен бірге түгел қатысты.

   Сыздық төреге Жақыпбектің жергілікті әкімшілік қызметінде Ташкенттің бұрынғы хәкімі Мырзахмет паруанашыдан кейін екінші орын беріледі . Сыздық төре 1877 жылы маусымда Жақыпбек өлгеннен кейін оның үлкен ұлы Бекқұлибек жағында Қытай әскерлерімен соғысып,  қолына оқ тиіп, жарақат та алады. Алдыраж датқа болса, 1877 жылы Хәкімхан төремен бірге қол жиып, Сарықол деген жерде Қытай әскерлерімен соғыс барысында шейіт болады.

Сыздық төре  Бекқұлибек Жақыпбекұлымен бірге қырғыздың жеріне, Ошқа өтіп, сол жерден орыстардың қоластына  өтетінін мәлімдейді. Бекқұлибек әкесі Жақыпбектің туылған жері Пскентте тұруды, ал  Сыздық төре Шымкент жақтағы өзінің бауыры – Ахмет төренің  қасына баруды қалайды.

  Қазақ, қырғыздың шынайы пейіліне бөленіп, қолдауына ие болған  дүнген көтерілісшілерінің басшысы Биянху да 1878 жылы қырғыз жеріне өтіп, 1880 жылға дейін Пішпекте тұрып, сонда көз жұмды.

  Жақыпбек мемлекеті құлағаннан кейін орыс бодандығына көнбей, талай жыл тағдырдың тауқыметін тартқан Осман манап сияқты қырғыздар да  туған жеріне оралды.

Қазақ, қырғыздың Жақыпбек мемлекеті арқылы отарлық күйден арылып, егемендікке қол жеткізсек деген үміті ақталмады. Бірақ қазақ, қырғыздар әлі де тәуелсіздікті қалпына келтірсек деген үміттерін жоғалтпады.

Әдебиеттер:

1  Бекмаханова Н.Е. Присоединение Центральной Азии к Российской империи в XVIII – XIXвв.  Историко-географическое исследоание. – М., 2015. – 240 с.

2  Алдабек Н. Тарихы талқыға толы Шыңжан. – Алматы, 2003. – 432 б.

3  Ресалэ-и-Якуби (Воспоминания о Якуб-беке кашгарском Камиль-хана-ишана) // Историк-марксист. – 1940. - № 3 (79). – С.  127-135.

4  О кульджинских делах // ТВ. –  1871.  –  27  декабря.

5  Аристов Н.  О  Кульдже //  ТВ.  – 1871. –  15  мая.

6  Аристов Н. Отношения  наши к дунганам, Кашгару и Кульдже // Материалы для статистики Туркестанского края: в 4 ч.  – СПб.: Изд-во туркестанского стат. комитета, 1874. - Ч. 3 .  –  С.  170-181.

7  ҚРОММ.  44-қ.,  1-т.,  38257-іс.

8  ҚРОММ.  825-қ.,  1-т.,  8-іс.

9  ӨРОММ.  И-715-қ.,  1-т.,  36-іс.

10  ӨРОММ.  И-715-қ.,  1-т.,  37-іс.

11  Абдырахманов  И.  Жакыпбек Бадаулет  //  ҚырРҰҒАҚҚ. - Инв. № 116 (319). –  102-109- пп.

12  ӨРОММ.  715-қ.,  1-т.,  34-іс. 

13  Исиев Д.А. Уйгурское государство Йеттишар (1864 – 1877). – М.: Наука, 1981. – 91 с.

14  Куропаткин А.Н.  Кашгария. Историко-географический  очерк  страны  ее  военные  силы,  промышленность  и  торговля.  – СПб.: Тип.  М.С.  Балашева, 1879.  – 435 с.

15  Мифтаков  К.  Жакыпбек  (Байдаулет) //  ҚырРҰҒАҚҚ. - Инв. №  20 (213).  –  93  б.

16  ӨРОММ.  И-715-қ.,  1-т.,  62-іс. 

17  Правитель Алтышара // ТВ. – 1871. – 27 декабря.

18  ҚРОММ.  21-қ.,  1-т.,  162-іс. 

19  Сборник статей, касающихся Туркестанского края А.П. Хорошхина. ­­– СПб.: Тип. А. Траншеля,  1876. – 531 с. .

20  Путешествие в Туркестан А.П. Федченко, совершенной от имп. общества, любителей естествознания. – СПб.: Университетская типография, 1875.  - Т. І. - Ч. ІІ.  – 160 с.

21  ҚРОММ.  44-қ.,  1-т.,  29185-іс. 

22  Петров  В.И.  Мятежное  «сердце»  Азии: Синьцзянь:  краткая  история  народных  движений  и  воспоминания.  – М.:  Крофт,  2003. – 528 с.

23  Галиев В.З. Караванные тропы (Из истории общественной жизни Казахстана ХVІІ-ХІХ веков). ­– Алматы: Атамұра, 1994. ­– 123 с.

24  Талып Молдо. Кордолгон заманда // Кыргыздар. Тарых. Мурас.  Өнер. – Бишкек: Кыргызстан-Сорос фондусу, 1995. - 3 т. – 91-137-бб.

25  ҚРОММ.  825-қ.,  1-т.,  32-іс. 

26  Қауғабаев  Т.  Тазабек батыр //  Парасат. –  1995. - № 6.  – 10 б.

27  Мұқаметханұлы  Н.  Қытайдағы  қазақтардың  қоғамдық  тарихы  (1860-1920).  – Алматы:  Қазақпарат,  2000. –  336  б.

28  ҚРОММ.  64-қ.,  5091-іс.

29  ҚРОММ. 825-қ.,  1-т.,  57-іс.

30  ҚРОММ.  825-қ.,  1-т.,  36-іс.

31  ӨРОММ.  И-715-қ.,  1-т.,  61-іс. 

32  РМӘТМ.  1396-қ.,  2-т.,  97-іс.

33  ӨРОММ.  1-қ.,  34-т.,  346-іс.

34  ҚРОММ,  44-қ.,  1-т.,  21538-іс.

Referens

1  Bekmahanov N.E . Prisoedinenie Tsentral'noy Azii k Rossiyskoy imperii v XVIII – XIX vv.  Istoriko-geograficheskoe issledoanie. – M., 2015. – 240

2  Aldabek N. Tarikhy talқyғa toly Shyңzhan. – Almaty, 2003. – 432 b..

3  Resale-i-Yakubi (Vospominaniya o Yakub-beke kashgarskom Kamil'-khana-ishana) // Istorik-marksist. – 1940. - № 3 (79). – S.  127-135.

4  O kul'dzhinskikh delakh // TV. –  1871.  –  27  dekabrya.

5  Aristov N.  O  Kul'dzhe //  TV.  – 1871. –  15  maya.

6  Aristov N. Otnosheniya  nashi k dunganam, Kashgaru i Kul'dzhe // Materialy dlya statistiki Turkestanskogo kraya: v 4 ch.  – SPb.: Izd-vo turkestanskogo stat. komiteta, 1874. - Ch. 3 .  –  S.  170-181.

7  KROMM.  44-k.,  1-n.,  38257-is.

8  KROMM.  825-k.,  1-t.,  8-is.

9  OROMM.  I-715-k.,  1-t.,  36-is.

10  OROMM.  I-715-k.,  1-t.,  37-is.

11  Abdyrakhmanov  I.  Zhakypbek Badaulet  //  KyrRUGAKK. - Inv. № 116 (319). –  102-109- pp.

12  OROMM.  715-k.,  1-t.,  34-is. 

13  Isiev D.A. Uygurskoe gosudarstvo Yettishar (1864 – 1877). – M.: Nauka, 1981. – 91 s.

14  Kuropatkin A.N.  Kashgariya. Istoriko-geograficheskiy  ocherk  strany  ee  voennye  sily,  promyshlennost'  i  torgovlya.  – SPb.: Tip.  M.S.  Balasheva, 1879.  – 435 s.

15  Miftakov  K.  Zhakypbek  (Baydaulet) //  ҚyrRҰҒAҚҚ. - Inv. №  20 (213).  –  93  b.

16  OROMM.  I-715-k.,  1-t.,  62-is. 

17  Pravitel' Altyshara // TV. – 1871. – 27 dekabrya.

18  KROMM.  21-k.,  1-t.,  162-is. 

19  Sbornik statey, kasayushchikhsya Turkestanskogo kraya A.P. Khoroshkhina. – SPb.: Tip. A. Transhelya,  1876. – 531 s..

20  Puteshestvie v Turkestan A.P. Fedchenko, sovershennoy ot imp. obshchestva, lyubiteley estestvoznaniya. – SPb.: Universitetskaya tipografiya, 1875.  - T. І. - Ch. ІІ.  – 160 s.

21  KROMM.  44-k.,  1-t.,  29185-is. 

22  Petrov  V.I.  Myatezhnoe  «serdtse»  Azii: Sin'tszyan':  kratkaya  istoriya  narodnykh  dvizheniy  i  vospominaniya.  – M.:  Kroft,  2003. – 528 s.

23  Galiev V.Z. Karavannye tropy (Iz istorii obshchestvennoy zhizni Kazakhstana ХVІІ-ХІХ vekov). – Almaty: Atamұra, 1994. – 123 s.

24  Talyp Moldo. Kordolgon zamanda // Kyrgyzdar. Tarykh. Muras.  Oner. – Bishkek: Kyrgyzstan-Soros fondusu, 1995. - 3 t. – 91-137-bb.

25  KROMM.  825-k.,  1-t.,  32-is. 

26  Kaugabaev T.  Tazabek batyr //  Parasat. –  1995. - № 6.  – 10 b.

27  Mukhametzhanuky N. Kytaidagi kazaktardin kogandik tarikhy (1860-1920).  – Almaty: Kazakparat,2000. –  336  b.

28  KROMM.  64-k.,  5091-is.

29  KROMM. 825-k.,  1-t.,  57-is.

30  KROMM.  825-k.,  1-t.,  36-is.

31  OROMM.  I-715-k.,  1-t.,  61-is. 

32  RMATM.  1396-k.,  2-t.,  97-is.

33  OROMM.  1-k.,  34-t.,  346-is.

34  KROMM,  44-k.,  1-t.,  21538-is.

ВЛИЯНИЕ ПОЛИТИЧЕСКИХ ПРОЦЕССОВ  В ВОСТОЧНОМ ТУРКЕСТАНЕ  В 60-70 ГГ. ХІХ ВЕКА НА КАЗАХОВ И КЫРГЫЗОВ

МАХАЕВА А. Ш.

 Казахский национальный педагогический университет имени Абая,  д.и.н.

  ЧАРГЫНОВА Г. О.

Казахский национальный педагогический университет имени Абая,  PhD докторант

  В статье рассматривается проблема политических процессов в  Восточном Туркестане (60-70-гг. ХІХ века)  и их влияние на казахов и кыргызов.  Статья написана на  основе  архивных источников, а так же опубликованных материалов.

Ключевые слова: Восточный Туркестан, Государство Йеттишар, Кулджинский султанат, казахи, кыргызы.

EFFECT OF POLITICAL PROCESSES in East Turkestan in 60-70 years. XIX CENTURY IN THE Kazakhs and Kyrgyz

  MAHAEVA A. SH.

 Kazakh National Pedagogical University named after Abai, Doctor of History

  CHARGYNOVA G.O

Kazakh National Pedagogical University named after Abai, PhD doctoral student

The problem of political processes in East Turkistan (60-70 gg. XIX century) and their impact on the Kazakh and Kyrgyz. This article was written on the basis of archival sources, as well as published materials.

Keywords: Eastern Turkistan State Yettishar, Kuldzhinsky Sultanate, Kazakhs, Kyrgyz.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 2656

Нет рецензий

Скачать файлы

МАХАЕВА-ЧАРГЫНОВА.docx 0.05 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА 1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы О ТЕРМИНАХ «КАЗАХИ» И «КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО» В ИСТОЧНИКАХ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ ӘӨЖ 94(574) «15» XV ғ. I жартысындағы Әбілқайыр хандығының тарихынан Қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесі қарсаңындағы Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерi ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАН КОМИТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ (1917 жыл) ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ ҒТАМР 03.20 Кеңестік биліктің орнауы тұсындағы Оңтүстік Қазақстандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы 03.20 МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ТАРИХТЫ ЗЕРТТЕУДІҢ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫ 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ БОЛЬШЕВИКТЕРМЕН ҚАТЫНАСЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ

Статьи автора

ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ