Главная » Материалы » ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында

Д. А. РАХЫМҚҰЛОВ

ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4

Теги: Түркі-мұсылмандық, әскер, Ұзынағаш, шайқасы, Қарақастек, қазақ, батырлары, би, сардар, сарбаз, әскери, қару-жарақ, шабуыл, үндеухат, Әулиеата, жиыны, барлау, экспедициясы, әскери, қақтығыс, қадағалау, қарсыласу.
Аннотация:
Мақала 1860 жылы 19-21 қазан күндері Жетісу өлкесіндегі Ұзынағаш пен Қарақастек өзендерінің бойында өткен атақты «Ұзынағаш шайқасының» тарихына арналады. Автор онда алғаш рет жаңа мұрағат деректерін ғылыми айналымға енгізу арқылы Түркі-мұсылмандық әскердің біріккен күші мен патша әскерінің арасында өткен қырғын шайқасты оқиға желісімен жүйелі түрде тарқата отырып қарастырады. Сондай-ақ мақалада патшалық Ресейдің өлкедегі жаулаушылық саясатына қарсы күреске қатысып елін-жерін қорғаудағы бірқатар белгісіз жаужүрек қазақ батырларының есімдері аталып және олардың осы оқиға кезіндегі саяси ұстанымдары мен танытқан қайраткерліктері тарихи деректермен жан-жақты сипатталады.
Содержание:

ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Жетісу өлкесінде түркі-мұсылман әскерінің біріккен күші мен патша өкіметі отрядының арасында бірнеше ірілі-ұсақты әскери қақтығыстар орын алды, соның ішіндегі екеуі ірі шайқасқа ұласып тарихқа енді, оларды атап айтсақ, 1850 жылы бес күнге созылған Тойшыбек бекінісі үшін күрес, келесі 1860 жылы үш күнге созылған атақты Ұзынағаш шайқасы болатын. Осы аталған екі шайқаста Жетісудың Іле өңірінде өтті және екеуі де сол өңірдегі қазақтардың орыс өкіметінің жаулап алушылығына қарсы ұйымдастырылған азаттық үшін күресі болып табылды. Бірақ өкінішке орай, Отан тарихында бұл екі бірдей шайқас әлі өз деңгейінде бағасын алмай отыр және сол ұлт-азаттық көтерілістерге қатысқан кейбір қазақ батырларының есімдері бүгінгі күнге дейін аталмай келеді, тіпті тарихи оқулықтардың өзінде Ұзынағаш шайқасын ашып көрсететін жаңа деректер мен оны баяндайтын оқиғалар желісі әлі толық көрініс таппаған.

1850 және 1860 жылдары патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы ұйымдастырылған бұл көтерілістерге Жетісудың Іле және Шу өңірлерін ертеден мекендеген Ұлы жүздің ішіндегі Дулат, Шапырашты, Жалайыр, Албан, Суан, Қаңлы, Ысты және т.б. руларынан шыққан қазақтың әйгілі батырлары, билері, сұлтандары және байлары жаппай қатысты, сондай қайраткерлік қылған белгісіз тұлғалардың  есімдерін алғаш рет оқиғаларды тарқату барысында байланыстырып кеңінен атап өтетін боламыз. Ендеше Ұзынағаш шайқасы қарсаңында және шайқас барысында болған тарихи оқиғаларды жүйелі негізде тарқатып өтсек.

1859 жылы қаңтарда Петерборда өткен патшаның өзі қатысқан мәжілісте орыс әскерлерінің Шу бойына шабуылдап, Тоқмақ, Пішпек қамалдарын алу туралы мәселе біржола шешіледі [1, 150-б.]. Империяның орталығынан жіберілген тапсырманы орындау үшін, 1859 жылы наурыз айында Батыс Сібір әкімшілігінің бұйрығымен Алатау округінің орталығы Верный бекінісіне генералдық штабтың штабс капитаны М.Венюков іссапармен жіберіледі, оған Шу алқабындағы қоқандықтардың алдыңғы қатарлы Тоқмақ және Пішпек қамалдарының орналасу аумағын мұқият зерттеп шығып, оның топографиялық картасын түсіріп қайту жұмыстарын орындау мақсатымен арнайы әскери барлау экспедициясын ұйымдастырып оған басшылық жасауды тапсырады. Сөйтіп Верный бекінісінде бір айға жуық қажетті керек-жарақпен жабдықталған 800 адамнан құралған барлау экспедициясы 12 мамырда М.Венюковтың басшылығымен Шу өңіріне қарай аттанып кетеді [2, 41-б.]. Бірнеше күнде экспедиция маршрутымен Венюков отряды Қастек шатқалына жақындап, жоспар бойынша алдыңғы Қастек бекінісінің іргетасын қалайды, ол кейініректе патша өкіметінің сол жердегі жағдайды бақылап тұратын мықты әскери гарнизонына айналады. Содан кейін экспедиция отряды ары қарай жол жүріп Шу бойындағы Тоқмақ және Пішпек қамалдарының орналасқан жерінде топографиялық жұмыстарын жүргізеді және жол бойында қоқандықтардың бірнеше қарулы шабуылдарына ұшырағанымен тапсырылған істі орындап маусым айының ортасына таман Қордай асуы арқылы Қастек шатқалына, яғни Қастек бекінісінің іргетасы қаланған жерге келіп жетеді. Ол өзінің отрядының бір бөлігін бекіністің басталған құрылыс жұмыстарын ары қарай жалғастыру үшін қалдырып, ал қалған экспедиция құрамымен Верныйға жүріп кетеді. Венюков экспедициясы Шу өңірінің әскери топографиялық картасын түсіріп қана қоймай, сондай-ақ қоқандықтардың қазақтар мен қырғыздарды өздеріне тартып орыстарға қарсы бірлесіп шабуыл жасауға әрекет жасап жатқандығы жөнінде де ақпарат әкеледі.

Патша өкіметінің ендігі жоспары Верный бекінісін жаңа салынған Қастек қамалымен байланыстыру үшін тұрақты екі әскери пикетті: біріншісін Верный бекінісінен батысқа қарай 26 шақырым қашықтықтағы Қаскелең өзені бойында, ал екіншісін Қаскелең мен Қастек аралығындағы Ұзынағаш жерінде салу көзделді. Бұл жұмыстарды жылдам қолға алу мақсатымен 1859 жылы 30 тамызда Алатау округінің бастығы Колпаковский Бөлек Сібір корпусының командирі және Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфордқа: «Ұзынағашта шитті кірпіштен тұрақты пикетті салудың жобасы мен сметасын бекітуге және көктем шыға құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат сұрап рапорт жазады. Сонымен қатар рапортта ол поручик Гумницкийдің жанындағы инженерлерге аталмыш пикеттің шатырын қытайлық құрылыс үлгісімен жобалап салуды тапсырғанын да жеткізеді [3, 13-п.]. Батыс-Сібір генерал-губернаторының рұқсатын алғаннан кейін Колпаковский бақылау пикеттерін салатын орындарға жіберетін жұмысшылар тобын үй-жаймен, сондай-ақ көлікпен қамтамасыз ету үшін жергілікті қазақ билеушілерін осы іске қолқа салу үшін тартады. Мысалы, 1859 жылы 11 қыркүйекте Колпаковский штабс-капитан Василевке Сұраншы батырдың атына жазылған өзінің хатын жеткізуді, одан Ұзынағаш пикетін салуға тартылған жұмысшыларға екі киіз үймен қатар керек-жарақты таситын бес артпа өгіздерді беруін талап етіңіз – деп тапсырған болса, ал Қасқарау руының биі Жайнақ Қараталов пен Шапырашты Сарыбай Айдосовтан Қаскелен өзенінің бойында салынатын пикеттің казактарына екі киіз үй және екі лаушасы бар отын тасу үшін артпа ері бар бес көлікті жіберуін сұрайды [4, 3-4-пп.]. Сөйтіп 1860 жылдың көктемінде Ұзынағаш пен Қаскелеңде екі әскери бақылау пикеттері тұрғызылып, оның әрқайсына казак отрядынан бір урядникпен бірге құрамында 12 казак әскері бар бақылау командасы жіберіледі.

Іле өлкесіндегі қарқынды түрде жүргізілген отарлау шараларынан кейін ғана патша өкметі Верный бекінісінен Қастек гарнизонына дейінгі жерлерді бақылап отыратындай мүмкіндікке қол жеткізіп, сол аумақта өз ауыл-аймақтарымен көшіп жүрген Дулат және Шапырашты руларының кейбір басты батыр-билерін отарлық ықпалынан шығарып алмауға тырысты. Мәселен, 1859 жылы 21 қарашада Алатау округінің бастығы Колпаковский штабс-капитан Ясинскиге: Қасқарау руының құрметті қазағы Шаян маған оның қоластындағы қазақтардан Қастек гарнизонының адамдарымен тегін екі сиыры мен алты қойын күшпен тартып алғанын, сондай-ақ аталмыш гарнизонның адамдары аңшылыққа шыққан кезде күшпен қазақтардан көлік ретінде жылқыларын да алады. Осыны сізге білдіре отырып, нақты олар сиыр мен қойларды алғанын және оны қайда пайдаланғанын анықтаған соң маған жеткізіңіз. Көлікке алынған жылқылар қайтарылғанымен мен сізге оларды кімнің алғанын және оларға тиісті шараны қолданыңыз, алдағы уақыттарда аңшылыққа шыққан казактар ешқандай сылтаумен қазақ жылқыларын не еркін түрде не күшпен көлікке алмауларын бұйрыңыз, егер гарнизон адамдары аңшылыққа шығатын болса онда олар өз аттарын алатын болсын және сонымен қатар аңшылыққа тек қазақтарға тәртіпсіздік жасамайтын сенімді адамдарды ғана жіберіңіз [5, 4-5-пп.]. - деп қамқорлық танытқандай болып сондағы қазақтардың сенімдеріне кірудің тәсілдерін қолданады.

Бірақ бұл кездері Ұлы жүздің Дулат және Шапырашты руларының бірқатар ру билеушілері патша өкіметінің отарлық саясатына қарсылықтарын тоқтатпай Шу өңіріндегі қоқандықтар жағында көшіп жүрген болатын, солардың ішіндегі Ботбай Сыпатай батыр Иткечу мен Меркі бекінісінің маңында көшіп жүрсе, Қасқараулық Керім батыр ауылымен Шудың арғы жағында, ал Қырбас батыр Шудың бергі жағында орналасты. 1860 жылдың шілде айының басында қоқан ханының бұйрығы бойынша Ташкент билеушісі Рүстембек паруанбасы 3000 әскермен Пішпекке аттанып, сонда қоқаннан шыққан қолбасшы Қанағатшаh бастаған басты әскерді күтіп, Іле өңіріндегі орыс бекіністеріне шабуыл жасауды тапсырады. Шу бойына Рүстембек паруанбасының басшылығымен қоқандықтардың 3000 әскерінің келгенін естіген бойы Дулат руының бірқатар батыр-билері: Сыпатай, Керім, Андас, Жыланкөз, Байсейіт және Қырбас, сондай-ақ солармен бірге қырғыз манаптары да Пішпекке келіп, сонда жиналған Рүстембек, Атабек және Әлішер датқаларды – Қастекке шабуыл жасап, оны басып алуға үгіттей бастайды және өз руларынан қазақ жігіттерін жасақтануына дайындық жасайтындықтарын да білдіреді [6, 26-27-пп.]. Сөйтіп, қоқандық қолбасшылар жақын күндері Қастекке шабуыл жасау туралы шешім қабылдап, осыны Әли сұлтанға және басқа да Ұлы жүздің батыр-билеріне хабарлау үшін жаушылар арқылы қолдау хаттарын таратады.

Бұрыннан қоқандықтармен байланысы бар Әли сұлтан Ұлы жүздің қадірменді адамдарын: Диқанбай, Сәт, Әшекей, Сұраншы, Андас, Суан, Туғанбайды, Тезек төрені және басқа билер мен батырларды, төрелерді шақырып Қарғалы өзені бойында жасырын кеңес өткізеді. Бұл кеңесте қоқандықтарға кедергі жасамау туралы шешім қабылданып, егер де қоқандықтар Қастек түбінде жеңсе, бүкіл Іле бойындағы дулаттар қол жинап қоқандықтарға қосылып орыстардың жұмыстарына қолбайлау жасап, реті келсе Алматыны өртеуге дейін баратындықтары туралы өзара бітімге келеді. Екіншіден, осы кеңесте Қастек түбіндегі орыстар жиған шөмелелерді өртеу әрекеті де қарастырылады. Үшіншіден, Іледегі бекініске шабуылдап, паромды жою, сөйтіп орыстардың Қапалмен байланысын үзу, яғни қосымша күш алу жолын кесу жоспарланады [7, 191-192-пп.].

1860 жылы 6 шілдеде Пішпек бекінісінде қоқандықтардың алдағы Іле өңіріне қарай жасалатын әскери жорықтарының жоспары құрылады, ол бойынша Рүстембек паруанбасы қоқандықтардың басты әскери күшін бастап тұтқиылдан орыстардың шабуылына ұшырап қалмасы үшін, алдымен ілгері қарай Ботбай Байсейіт батыр бастаған 300 адамдық қолды Іле өіңіріне қарай аттандырады. Олар жылдам Шудан өтіп, патша бекіністеріне шабуылдар жасауын жиілетіп, орыстардың үрейін алады. Міне, осы жөнінде 1860 жылы 9 шілдеде Қастек гарнизонының меңгерушісі, штабс-капитан Василев Алатау округінің бастығы подполковник Колпаковскиге былай деп рапорт жасады: «8 шілдеде таңғы сағат 9-да бақылау постында казактар бір топ қазақтарды байқап, маған жеткізді. Мен бекіністен жарты версттік қашықтықта жайылып жүрген табын жылқыларды бекініске қуып әкелуге жібердім. Сол табын жылқылардың жанында төмеңгі шенді 30 адам болған, олар жылқыларды қуа бастағанда соның ішіндегі атты артиллерияға тиесілі бір жылқы табыннан бөлініп басқа жаққа қарай шаба жөнелгенде оның артынан атты 4 адам қайтаруға шығады, бірақ осы уақытта 300 адамдық қазақтар шоғыры таудан шыға келе, 4 адамға шабуыл жасайды және солардың ішіндегі атты-артиллерия жанындағы 2-ротаның қатардағы солдаты Федот Гавриловты қолындағы 60 оғы бар мылтығымен тұтқындап үлгереді олардың артынан сотник Хранцовтың басшылығымен 35 казак әскері арттарынан қуа жөнеледі, бірақ олар қуып жете алмады» [8, 17-п.].

Содан Байсейіт батыр қазақ жасағымен Ілеге қарай бет алған Рүстембек паруанбасының басты қарулы қолына қосылып, солармен бірге Қастектің батыс жағындағы 35 шақырымдай қашықтықтағы «Балажансаз» деген жерге келіп орналасады. Әскер құрамында Меркі бекінісінің коменданты Әлішер датқа, Пішпек бекінісінің басшысы Атабек датқа, Тоқмақ бекінісінің коменданты Ханқұлы датқа және солармен қатар Ташкенттік бес датқа да солардың араларында болды. Біріккен түркі-мұсылмен әскері Қастекке шабуыл жасау кезінде Шу өзеніне жақын маңда көшіп жүрген бірқатар қазақ ауылдары әдейлеп Іле өзеніне қарай, егер де қоқандықтар Қастекті алса онда оларға көмек беретіндіктері туралы уәделесіп көшіп барған болса, ал Іледегі орыс ықпалында қалған қазақ ауылдарының барлығы шығысқа, яғни Қаскелеңге қарай жылжып көшіп кетеді. Сөйтіп қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы соғысу қаупі тіптен жақындай түседі.

1860 жылы 9 шілдеде Әлішер мен Ханқұлы датқалар бастаған түркі-мұсылман әскері Балажансаз жерінен аттанып, Қастекке үлкен қолмен жетіп, оған шабуыл жасайды. Шабуыл екі күнге дейін жалғасып, орыстардың есін аударады. Шабуыл кезінде басты әскерден бөлініп шыққан қазақ жасақтары Іле бойындағы орыстардың роталық хуторын өртейді, онымен қоса Қасқарау руынан Керім мен Қырбас батырлардың адамдары Қастек бекінісі маңындағы орыстардың шөмелейлеріне де от қойып оны өртеп кетеді. Сонымен қатар Іле өңіріне көшіп барған қазақтар қоқандықтарға болысу үшін Іле бекінісіне шабуыл ұйымдастырып Қапалмен байланыстырып тұратын паромды жойып жіберуге әрекеттенеді, бірақ осы сәтте орыс әскерлерінің пайда болуымен бұл іс жүзеге аспай қалады [9, 77-п.]. Өйткені Верный бекінісінен жылдам жүріп келген Циммерман отряды Қастек гарнизонындағыларға көмекке келіп, қоқандықтардың жилей түскен шабуылдарын тек зеңбірекпен атылған оқпен ғана тоқтатады. Содан кейін полковник Циммерман казак қорғанысын жаяу әскермен жылжытқан сәтте қоқандықтар кері Жиренайғыр өзеніне қарай шегініп кетеді. Олардың соңдарынан жүріп келген Циммерман бастаған орыс әскері Жиренайғыр кең алқабының алдыңғы және соңғы биіктігін еңсерген кезде алдарынан 40 жалауы мен белгілерімен саны 3000-ға жуық қоқандық әскердің барлығы көрінеді. Бұл Әлішер мен Ханқұлы датқалардың әскерімен жаңа ғана біріккен Рүстембек пен Атабек бастаған барлық қоқандық қол болатын. Осылай 1860 жылдың шілде айының басында Жиренайғыр түбінде Рүстембек паруанбасы мен Циммерман әсерлерінің арасында әскери қақтығыс орын алып, бұл шайқастың арты қоқандықтардың кері шегінуімен аяқталады, бірақ бұл шегініс қоқан-орыс арасындағы шайқастың әлі аяқталмағанын білдірді, өйткені алда біріккен түркі-мұсылман әскері мен орыс отрядтарының арасында үлкен шайқастын болатыны жақын еді. Жиренайғыр түбіндегі әскери қақтығыс кезінде екі жақтан аса үлкен адам шығыны болмады, тек қоқандықтар жағынан үш сарбаз жараланып, бір арғымақ мерт болды [10, 110-п.]. Осыдан кейін барлық қоқандық әскерді Рүстембек паруанбасы Шу бойындағы Пішпек және Тоқмақ бекіністеріне әкеліп орналастырып, өзі Талас аймағындағы Әулиеата бекінісіне жүріп кетеді, ал қоқандықтардың жағында жүріп орыстармен соғысқан қазақ және қырғыз жасақтары болса өз ауылдары орналасқан көш орындарына қарай тарқап кетеді.

Бұл шабуылды қоқандықтармен бірге Дулат руының батыр-билері: Сыпатай, Керім, Қырбас, Байсейіт, Жыланкөз, Кебекбай, Әшекей, Диқанбай және Шапырашты Сұраншы, мен Андас батырлар ұйымдастырған еді. Олар Іле өңіріндегі патша бекіністеріне қарсы қарулы шабуылға қатысып қана қоймай, сондағы орыстардың хуторлары мен жиналған шөмелейлерін өртеуге, сондай-ақ шабуыл жасалатын аумақта барлаушылық қызметінде қатар алып ат салысты. Міне, осы жөнінде Алатау округінің бастығы Колпаковский Батыс-Сібір генерал-губернаторы Гасфордқа: «қоқандықтар біздің Іле өлкесіндегі тұрақтарымызға қарсы әскери іс-қимыл жасайтын кезде үйсіндердің болысуына өте үлкен сенімде болды» [9, 115-п.] - деп жазған еді. Іле өңіріндегі жағдай біршама тынышталғаннан кейін Жетісудағы патша өкіметі 1860 жылы 4 тамызда аға сұлтандар Әли Әділұлына, Тезек Нұралыұлына, Жанғазы Сөкұлына және Қамбар сұлтанға, сондай-ақ Ұлы жүздің Диқанбай, Сұраншы, Сәт, Жайнақ, Атамқұл, Тазабек және Тіленші секілді батыр-билеріне соңғы уақыттарда қоқандық жасақтардың Іледегі біздің Қастек бекінісін жаулап алу үшін шабуылдауы кезінде көптеген сұлтандар мен билер соларға қосылып, өздерін соңғы уақыттарда өте екі жүзді ұстады. Біз мұны бірінші рет қазақтардың жеңілтектіктері деп санадық, сондықтан да кінәлілерді іздемедік, ал екінші рет сатқындықтары үшін ешкімге ешқандай аяушылық болмайды, бұл үшін аға сұлтандар мен билер өздері үшін ғана емес, сондай-ақ өз адамдары үшін де жауап беретін болады, өйткені 24 сағаттағы әскери сот антты бұзғандарға қандай жаза күтіп тұрғанын көрсетеді. Сіздерден өтінерім құрметті сұлтандар осыны сіздердің билерге және халыққа болашақта сатқындыққа жасалатын жазаны ескертсеңдер [8, 107-п.]  – деп олардың әрқайсына осы ескерту хатын жеке-жеке таратады.

Ал, Қастекке шабуылда қоқандықтарға Дулат руының қазақтары барынша қол ұшын бергенін білген Колпаковский аға сұлтан, полковник Әли Әділұлына «Қастек түбінде біз қоқандықтардың шабуылын қайтарған уақытта қазақтар біздің Іледегі хуторомызды өртеп жіберді және мен сол уақытта жеке өзім және сосың жазбаша сізден кінәлілерді іздеп тауып маған хабарлауды сұрағам, егер осы туралы корпус командирі біліп қойса, онда сізге жақсы болмас. Жуырда ол өртелген шөмелейлерді, өртелген хуторды және Іле өзенінің оң жағалауындағы үлкен пикетті салуды сіздің Дулаттарыңыздың есебіне тапсыруды бұйырды, өйткені бұл қазақтар біздің Іле арқылы өтетін өткелімізді жойып жіберуге ниеттері болған. Осы үшін сізден қандай керек-жарақтың талап етілетінің сіз менен ерекше хат аласыз, ал қазір мен сізге корпус командирінің көңілі толмайтынын айтқым келеді, ол маған яғни сізге орыс үкіметі көрсеткен қамқорлығына лайықты емессіз, өйткені жуырда көктемдегі қоқандықтардың Қастекке шабуылы уақытында өзіңіздің Шапырашты болыстықтарында болғанда сіз қоқандықтардың пиғылы туралы қазақтардан біле тұра, маған осы жөнінде хабарлауды ойламадыңыз, естігендеріңізді білмеймін деп қойдыңыз. Тіпті сіз өзіңіздің кейбір билеріңіздің қоқандықтармен байланыста болғанын да айтпадыңыз» [11, 81-82-пп.] – деп кінәлады.

Біріккен түркі-мұсылман әскерінің Іле өңіріндегі орыстардың бекіністеріне қауып төндіруі Колпаковскийді тың әрекеттерге баруына итермеледі. Сол үшін ол Алу деген жерде ауылымен отырған Әбілес сұлтанды әкесі Әли сұлтанның ықпалынан ажырату мақсатымен дереу Верныйға шақыртып, арнайы тапсырмамен Қастекке сол маңайдағы және Шу жақтағы қазақтар жөнінде мәлімет жинату үшін іссапармен жібереді. Жиналған ақпаратты Әбілес сұлтан Қастек гарнизонының меңгерушісі, штабс-капитан Василев арқылы Колпаковскийге жеткізіп отыру керек болатын. Бір жағынан Колпаковский Әбілес сұлтанның патша өкіметіне көрсеткен қызметін жоғары бағалады, ел екінші жағынан оның өз әкесінің құпиясын (яғни үнемі қоқандықтармен байланыс жасап тұрғанын) одан жасырғаны үшін оған азда болса да сенімсіздікпен қарай бастады. Тіпті, Колпаковский 25 шілдеде штабс-капитан Василевке Іле жақтағы Сұраншы, Андас, Диқанбай және Әшекей батырлардың үстінен Әбілес сұлтан арқылы бақылау жүргізуді тапсырып, бірақ оған бұл жөнінде білдіртпеуді ескертіп, себебі олар сезіп қойса Шу жаққа қарай жаппай көшіп кетуі мүмкін деген бұйрықта берді. Сонымен қатар егер олар сол жаққа көшуге талпынса, онда өзіңізде бар күшпен солардың көшіне кедергі жасап, оларды ұстауға тырысыңыз және барлығын маған жылдам түрде хабарлаңыз [8, 85-86-пп.]  – деп жазады. Патша өкіметінің бақылауға алынғанына қарамастан Әшекей би өз ауылымен төмен алқапқа қарай жылжып Шу жаққа қарай бірі қалмай өтіп кетуге тырысады, бірақ осы жөнінде Қастек гарнизонының меңгерушісі Василевпен дер кезінде ескертілген Колпаковский 1860 жылы 1 тамызда депутат, сұлтан Әбілес Әлиұлына сізден өтінерім жылдам Әшекей бидің төмен көшіп бара жатыр деген мәліметтің анығына жетіп және егер ол шыныменен көшетін болса, онда оны сөзсіз ауылымен қайтарып осында көшіріңіз, сосың Әшекейдің үстінен қатаң қадағалау орнатыңыз [8, 106-п.] – дейді. Бірақ 1860 жылы 3 тамызда Алатау округінің бастығы Колпаковскийге Бөлек Сібір корпусының командирі Гасфордтан: «мен өзімнің хатымда сізге жазғандай біздің жақтағы қазақтардың арасындағы қоқандықтармен тығыз байланыста болған күдіктілерді анықтауда әрқилы тырысуымыз қажет. Андас, Әшекей және Диқанбайды қазір-ақ ұстап және тұтқындап Қапалға жіберіңдер, онда олар бұйрыққа дейін ұсталсын. Сұраншыны әлбетте отрядта болуын және оны жіті қадағалауға алып экспедицияға қатысуын күштеу керек. Ал оның бауырын аманатқа алу. Ұлы жүз буынындағы рубасшылар мен старшындардың арасындағы араздықты қолдауға тырысуымыз қажет. Бұл кінәлілерді әшкерелеуге әкеледі» [9, 33-п.] - деп шұғыл тапсырма береді.

Орыстардың отарлық саясатына қарсыласушы және жауласушы Дулат және Шапырашты руларының Әшекей, Диқанбай, Андас және Сұраншы сынды батырларын үнемі қадағалауда ұстап отырудың мүмкін еместігіне көзі жеткен Колпаковский енді оларды басқа жолмен бағындыруды ойластырады. Сол үшін Колпаковский жуырда Шу өңіріне қарай әскери экспедицияны бастап шығатын полковник Циммеранмен ақылдасады. Екеуі өзара кеңескеннен кейін экспедицияға дейін Ұлы жүздің барлық аға сұлтандарын, ықпалды билерін және қоқандықтармен байланыс жасағанымен күдік туғызған батырларды да Верный бекінісіне шақыртады. Алайда, 1860 жылы тамыз айының ортасында патша отряды Жаныс Әшекей батырды қандай да бір жолмен ұстап тұтқынға алған болатын. Ал, сол жылдың 22 тамыз күні Бөлек Сібір корпусының командирі Алатау округінің бастығы Колпаковскийге ұсталмаған Диқанбай мен Андас батырларға тиісті шараларды қолданып жылдам тұтқындауды тапсырады. Көп ұзамай Ботбай Диқанбай батыр және Шапырашты Андас мырзамен бірге Әли сұлтан да Верныйда тұтқындалып Әшекей батыр секілді қатаң қадағалауға беріледі. Ал солармен қатар Верный бекінісінде ұсталған Сұраншы батыр болса бірден Колпаковскийдің талабымен Циммерман экспедициясының құрамына алынады. Сұраншымен бірге Шу экспедициясына Әбілес сұлтан және оның бауыры Дайыр сұлтан, Диқанбайдың үлкен ұлы Тасыбек, Туғанбайдың баласы Қашеке, Шапырашты руының билері Нарбота мен Бердіс, Тезек сұлтан онымен бірге жеті өте ықпалды би және оның басшылығымен 75-ке жуық ер жігіттер өз аттарымен еріп келеді. Сол ықпалды билердің ішінде басқаларынан орда көлемінде белгілі тұлғалар Тазабек, Атамқұл және Саурық болған [9, 104-б.].

Экспедиция отрядына жастарының ұлғайып қалғанына байланысты алынбаған Әли сұлтан мен Диқанбай батыр, сондай-ақ Андас батыр Циммерманның экспедициясы Шу өңірінен қайтқанша Верный бекінісінде аманатқа қалдырылып, ал барлығынан бұрын орыс өкіметіне өте қауіпті қарсыласушы болып саналған Әшекей батырды 1860 жылдың 19 тамызында Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфордтың бұйрығымен оқталған мылтықтары бар алты казактан тұратын қарулы күзетпен Қапалға жөнелтеді, ал 22 тамызда ол сондағы абақтыға жеткізіліп, жаңа бұйрық шыққанға дейін сонда қамауда ұстайды [12, 5-6-пп.].

Мұрағат құжаттарының көрсетуінше, бұл уақытта Албан руының қазақтары қоныстанған Алтынемелде Тезек сұлтанның қайтыс болған анасы, бауыры, екі ұлы және Беке сұлтан мен Жайнақ бидің жылдығына арналған үш бірдей ас өткізіліп жатқанда оған Ұлы жүздің қазақтары ғана емес, сондай-ақ алыстағы Орта жүз округтарының қазақтары және көрші қырғыздарда келіп жатты. Асқа келген қазақтардың ішінде Дулат және Шапырашты руының аға сұлтаны Әли Әділұлы, Найман руынан Бердісүгір би, Танеке би болды, солармен бірге Жалайыр, Суан руларының игі-жақсылары да қатысты. Албан болыстығында өтіп жатқан бұл асқа қазақтардың көп жиналғанынан және қоқандықтардың Ілеге екінші жорығының сәйкес келіп қалуынан қауіптенген Бөлек Сібір корпусының командирі дереу сол жаққа жақын орналасқан Көксу және Қарабұлақ пикеттеріндегі казак командасының санын көбейтіп, тіпті қажет болған жағдайда Қапалдан бір жүздік казак әскерін соларға қарай жылжытуға бұйрықта береді. Сосың Колпаковскийге полковник Циммерманмен бірге Іле өңірінде барынша сақтық шараларын ұстануды тапсырады. Алдағы сақтық шараларын жүргізу үшін Колпаковский өзінің көмекшісі поручик Блументальді Алтынемелдегі Асқа мәлімет жинауға іссапармен жібереді. Соның артынша ол подполковник Шайтановты Сүйік пикетіне қызмет бабымен аттандырып, егер сәті түссе сол асқа қатысып ондағы жиналған ықпалды тұлғалар туралы мәлімет жинап қайтуды тапсырады. Астан іссапармен оралған Блументаль Колпаковскийге қоқандықтар өздерінің адамдары арқылы Әли сұлтанға ғана емес, сонымен қатар Жалайыр және Албан руының би-батырларына да арнайы қолдау хаттарын таратқандығы туралы және осындай хатты алған Танеке қоқандықтардың Ілеге шабуылы бола қалған сәтте мыңнан-мың жарымға дейін қазақ жігіттерін жіберетіндігіне дайын екеніне жауап бергені жөнінде де мәлімет әкеледі [9, 55-п.].

Жуық арада қоқандықтар орыстардың күдіктенетіндей Ілеге екінші рет әскери шабуылын жасамады. Сондықтан полковник Циммерман 1860 жылы 23 тамызда құрамында 2 штаб-офицер, 33 обер-офицер, 94 унтер-офицер мен урядник, 28 приказчик, 32 музыкант, 25 саптан шыққан солдат, барлығы 1550 солдаттан құралған экспедиция отрядын бастап екі колоннамен Верный бекінісінен Шуға қарай аттанып, оның екі тау зеңбірегі, бір ракеталық станогы, 250 түйеге артылған правианты бар 300 казактан тұратын сол колоннасы Қастек өзені бойымен Қастек асуынан өтіп, сосың Қарақоныз өзенінің жоғарғы жағымен, артиллериялық және инженерлік парктен алынған екі батареялық, төрт атты-жеңіл зеңбіректері бар барлық жаяу отрядтары Бесмойнақ асуы арқылы жүріп келген он колоннамен Шуға жетпей 9 верстік қашықтықта бірігіп, ары қарай бірлесіп қимылдай отырып 26 тамыз күні Тоқмақ бекінісіне келіп жетеді. Содан кейін Циммерман отряды 30 тамызда қоқандықтардың Пішпек қамалын қоршауға алады. Пішпекті қоқандық әскермен бірге 5 күн бойы қазақ және қырғыз сарбаздары да жан аямай қорғайды. Бірақ патша әскерінің ауыр артиллериясына қарсы бекініс қорғаушылары ұзақ уақыт тұра алмай, жеңіліске ұшырайды, артынан екі қамалда патша әскерилерінің бұйрығымен жермен-жексен етіледі. Сөйтіп 1860 жылы 4 қыркүйекте Циммерман отряды қиратылған екі бірдей қамалдан көп адамды тұтқынға түсіріп, Верныйға қарай қайтып кетеді. Тұтқынға алынған Меркі бекінісінің басшысы Әлішер, Пішпек бекінісінің коменданты Атабек және Тоқмақ бекінісінің коменданты Ханқұлы датқалар Верныйға жеткізіліп, олардан қоқан хандығы туралы мәлімет алуға тырысады. Бірақ Атабек пен Әлішер датқалар өздерін құпия ұстап, ешқандай мәлімет бермейді, сондықтан да олар Семей арқылы Омбыға жер аударылады, ал Тоқмақ бекінісінің бұрыңғы коменданты Ханқұлы датқа қоқандықтардың алдағы әскери жоспарын білу үшін орыстарға өте қажет болып қалдырылады [9, 232-233-пп.].

Циммерманның отряды экспедициядан Верныйға оралғаннан кейін онда аманатта отырған Диқанбай мен Андас батырлар бірден босатылып ауылдарына жіберіледі, ал аға сұлтан Әли Әділұлының жасы мен дәрежесін сыйлап, тұтқынға алмай алдағы уақытта өзін осылай екі жүзді ұстайтын болса онда оған ешқандай аяушылық болмайтынын ескертеді, бірақ қалай болғанменде Қапалда орыс тұтқынында бір өзі отырған Әшекей батыр босатылмайды.

Патшаның бұйрығымен, қоқандықтардың Шу бойындағы алдыңғы қатарлы бекіністерін жаулап алуға жіберілген полковник Циммерман өзіне жүктелген бұл тапсырманы орындап, 1860 жылы қыркүйек айының басында Жетісудан біржола қайтып кетеді, ал оның өлкедегі атқарған әскери міндеті Алатау округінің бастығы Колпаковскийдің қолына өтеді. Ол Пішпек пен Тоқмақ бекіністері қиратылып енді қоқандықтар Дулаттар мен қырғыздар арасындағы ықпалынан айырылды, осыдан кейін қазақтар қоқандықтардан кетіп, бізге қарсы қандай да бір жаулық әрекеттерін жасамайтын болады деген сеніммен 1860 жылы 15 қыркүйекте ғана Қапалда 25 күн бойы орыстардың тұтқынында отырған Жаныс руының ықпалды биі әрі батыр Әшекей Дайырбекұлын қамаудан босатады [12, 6-6-арт. п.].

Верныйдағы аманаттан және Қапалдағы тұтқыннан қазақ батырларының босатылғанын естіген бойы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Гасфорд 1860 жылы 1 қазанда Колпаковскийге: «неге сіз жылдам Диқанбай, Андас және Әшекейді босаттыңыз, оларды әлі де болса тұтқында ұстап отыру керек еді, бірақ бұл осылай істелгендіктен, сізге олардың үстінен қатаң бақылауға алуыңызға кеңес беремін, дегенмен бұл көшпенділерді қадағалау оңай емес. Егер де қоқандықтар тарапынан көктемде жаңа әрекеттер жасалатын болса, оларды сол уақытта-ақ кепіл түрінде ұстау керек, олар бір рет бізге опасыздық жасағандарымен белгілі болғандықтан, біздің үкімет өзінің сақтық шараларын жасауы қажет. Тіпті қарсылық көрсеткен қазақтарға мейірімділік емес өте қатаңдық көрсетуіміз қажет, өйткені олар оны түсінбейді және оған біздің әлсіздігімізді немесе қоқандықтар тарапынан жаңа әрекеттердің қауіпін жабады, әйтседе егер ханның өзі әскерін бастап келсе, онда Шу өзенінің жоғарғы жағында көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздардағы біздің ықпалымызды, тіпті біздің Іле өлкесіндегі билігімізді жойып жіберетіндей бір ойдың жасырылатынын сендіргем, өйткені қоқандықтар әліде болса ол жерлерді Тойшыбек бекінісін қиратқан кездегі алған сабақтарына қарамастан өздерінің жетістігі санайды» [9, 202-п.] - деп жазды.

1860 жылдың қазан айының басында Іле өңіріне қоқандықтардың орыстарға қарсы жаңа ірі шабуылды жоспарлап жатқандығы жөнінде үрейлі дақпырт лезде тарап кетеді. Осы кезде патша өкіметінің қадағалауында жүрген Сұраншы, Андас, Нарбота, Сәт және басқа да Шапырашты руының билері мен Дулат руының Ботбай, Жаныс, Қасқарау бөлімдерін басқарған Диқанбай, Әшекей, Шаян батырлар Іледегі егістіктеріндегі бидайларын орып алып, қоқандықтарға қолдау көрсету үшін өз ауылдарымен жаппай Шуға қарай көшеді [8, 85-п.]. Солардың артынан Қасқарау руының Солтанкелді-Бөкен тармағының биі әрі батыр Кебекбай Байторыұлы да өз ауылымен Қастектен 25-30 верстік қашықтықтағы Сарымсақ өзенінің маңында егілген егістігінен бидайды орып, оны Шоқпар деген жерге тасып алып, содан Шуға көшуге әрекет  етті [8, 119-120-пп.]. Бұларды кері Ілеге қайтару үшін Колпаковский тағы да Әбілес сұлтанды араға салады, бірақ оның бұл жолғы әрекеті нәтижесіз аяқталады, өйткені бұрыннан қоқандықтармен байланысы бар Дулат және Шапырашты руларының басым бөлігі әлдеқашан Шудың арғы бетіне өтіп үлгерген еді. Осы жылғы П.Пичугиннің мәліметі бойынша, Верный бекінісінің батыс жағында көшіп жүрген Дулат руының жартысынан көбі нақты 5000 түтін Шуға қарай көшіп кеткен еді [13, 14-б.].

1860 жылы Мәллә хан Үшалматы, Тоқмақ және Қастек тұсындағы бекіністерді және оның айналасындағы жерлерді орыстардың жаулап алғанын Ташкент билеушісі Қанағатшадан естіп, сол уақытта-ақ өз әскербасыларын және шенеуніктерін жинап, солардың кеңесі бойынша Әндіжан билеушісі Әлімбекке өз әскерімен Құртқа арқылы өтетін жолмен жүруді, ал басқа жеті-сегіз пансадбасшыларға орталықтан жиналған қосындармен және Құрама қосындармен Ташкентке келуді бұйырады. Сөйтіп орталықтың пансадбасылары Құрама қосындармен бірге үлкен жылдамдықпен Ташкентке келіп жетеді. Олар Ташкентте екі-үш күн аялдайды. Сол жерде Қанағатшаhта Ташкенттік қосындарды жинап, көптеген нүкерлері және әскерлерімен бірге Ташкенттен ғазауатқа қатысу үшін Пішпекке қарай жүріп кетеді [14, 234-235-пп.]. Орталықтан Шуға қарай аттанған бұл қосындардың арасында Кенесары ханның балалары Тайшық, Сыздық және Ахмет сұлтандар да пансадбасылар ретінде болды.

Қоқан әскерлері өте жылдам жүріп, екі-үш күнде Шымкентке жетіп, онда екі күн дем басып үшінші күні қайта жолға шығады [14, 235-п.]. Сөйтіп Қанағатшаh бастаған қоқандық әскер алтыкүндік ұзақ шақырымдық жолды қиындықсыз еңсеріп өтіп, 1860 жылы қазан айында алдымен Талас өзенінің бойындағы сол кезде Шадыбек датқа басқарып тұрған Әулиеата бекінісіне келіп аялдайды, мұнда олар алты күн бойы демалды. Сонда Қанағатшаh Рүстембекті бізді күтпей неге Жиренайғыр түбінде соғыстың даңқа ертерек жеткің келді ме деп сөгеді [1, 151-п.] және сол жерден өз шолғыншысы арқылы орыстардан олардың  Шу бойындағы Тоқмақ пен Пішпек бекіністерін қиратқан кезде тұтқынға алған Атабек, Ханқұлы, Әлішер датқаларды және сол жерден алып кеткен қару-жарақтарды қайтаруды талап етеді, егер бұл талаптары орындалмайтын болса, онда орыстарға қарсы соғыс жариялайтынын ескертеді. Қанағатшаh бастаған 7000 әскердің Әулиеатаға келіп жеткенін Колпаковский Әбілес сұлтан жіберген жігіт арқылы Шу өзенімен өтетін Жаңаөткел жеріндегі Керім биге тиесілі егістікте жүрген қазақтардан біледі [8, 115-116-пп.].

Әулиеата жиыны: Бұл жиын 1860 жылы шамамен 4 қазанда Әулиеата бекінісінде сераскир Қанағатшаhтың басшылығымен өткізілді. Бастапқы кезде бұл жиын Ұлы жүз қазақтары қалың көшіп жүрген «Жон» деген жерде өтуге тиіс болатын, бірақ Қанағатшаh алдымен Әулиеата бекінісіне келіп тұрақтағандықтан жалпы ақылдасу жиыны Талас аймағына ауыстырылды. Сол жерден Қанағатшаh паруанбасы өзінің атынан жіберілген шолғыншылар  арқылы Талас және Шу өзендерінің бойында көшіп жүрген барлық Ұлы жүздің құрметті адамдарын, батырлары мен билерін Әулиеатада өтетін жиынға қатысуға шақырады. Сонымен қатар Қанағатшаh оларды осы жиынға шақырып ғана қоймай солардың әрқайсына өз атынан жеке-жеке жазылған атаулы үндеухаттарды да таратады. Сондай үндеухаттардың бірқатары Диқанбай, Керім, Әшекей, Андас, Сұраншы, Дәулетбақ, Сәт, Нарбота, Тойшыбек, Жарғақ, Кебек, Жайнақ, Байсерке және Әліш сияқты билер мен батарыларға арналып жазылған. Онда «Бүкіл Дешті-Қыпшақ мұсылмандары, Алматыға жорыққа бару үшін қатарға қосылыңдар, бәріңнің еңбегін еш кетпейді, паруанбасы Қанағатшаh сый-құрметке бөлейді, мал-жандарыңызға ешкім қол тигізбейді, ислам әскері Іледен ары қарай өтіп, мұсылмандарды қорғайды» [7, 189-б.] - деп көрсетілді. Деректердің көрсетуінше Әулиеата жиынына Ұлы жүздің ішіндегі тек Дулат және Шапырашты руларынан шыққан батырлар мен ықпалды билер, атап айтсақ, Қасқарау руынан Керім, Жыланкөз, Алпысбай, Қырбас, Кебекбай, және Шаян батырлар; Жаныс руынан Әшекей батыр, Әлдекен бай және Биназар би; Ботбай руынан Диқанбай, Сыпатай, Әділбек және Байсейіт батырлар; Шымыр руынан Байзақ батыр мен Райымбек би; Сиқым руынан Батырбек би, Құдайберген би; ал Шапырашты руынан Сұраншы мен Андас және Нарбота мен Сәт және тағы басқа да өлкедегі аса белгілі адамдар барып қатысқан болатын.

Жиынға жиналған билердің әрқайсына Қанағатшаh өз араларынан әскерге өздерінің аттарымен бірге бірнеше сарбаздарды шығарып жасақтауды тапсырады. Мәселен, Дулат руының Шымыр аталығына жарамды аттарымен 310 жігітті жасақтауға бұйрық берсе, ал Бестерек тармағына 50 жігітті шығаруды бұйырды. Сонымен қатар Дулат руының Жаныс бөлімінің биі Биназар да атты 300 сарбазды әскер қатарына қосуға міндетті болды [15, 2-3-пп.]. Бұл жиында Қасқараулық Керім батыр өз есебінен әскер қатарындағы сарбаздарға көлік ретінде бірнеше жүз жылқысын беретінін уәде етті. Солармен бірге осы жиынға қатысқан басқа да қазақтың белгілі батыр-билері бас қолбасшыға орыстармен шайқасқа өз жасақтарымен шығуға келісті. Жалпы сонда Дулат руының билері мен байлары жиналған біріккен түркі-мұсылман әскерінің қатарын 1000-нан аса атты сарбазбен толықтыратыны белгілі болды.

Сондай-ақ осы жиында Дулат руының дәулеті асқан бай адамдары Жаныс руынан Әлдекен бай мен Қасқарау руынан Керім бай өз қаржысымен ерікті түрде шабуылға жасақталып жатқан әскерді азық-түлікпен және қару-жарақпен де қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірген еді. Сонымен қатар жиында Қанағатшаh Ұлы жүз  билері мен қырғыз манаптарына әр шанырақтан байлығына немесе кедейлігіне қарамастан бір жылқыдан жинауды тапсырды, бас қолбасшының есебі бойынша олардан кемінде 3000 жылқы жиналуға тиіс болды [9, 59-арт. п.].

Бұдан басқа жиында бас қолбасшылық Қанағатшаhтың қолында болатыны және соғыс кезінде біріккен түркі-мұсылман әскеріндегі мыңбасы, пансадбасы, жүзбасы, елубасы, онбасы секілді әскери құрамаларды басқаратын датқалардың есімдері жария етілді. Мұнымен қоса онда Шу өңірінен Ілеге қарай әскердің жүріп өтетін маршруттары белгіленіп, сол жерлерден барлау жүргізетін адамдардың есімдері де анықталады. Ең бастысы жиында орыстармен соғыс жүргізген уақытта оларға қандай әскери тәсілді қолданатыны да шешіледі. Бас қосудағы мәселені талқылап болғаннан кейін, Қанағатшаh жиынға қатысушылармен жақын күндері қиранды Пішпек қамалының түбінде жиналатын болып келіседі, артынша сондағы жиынға қатысқан қазақтың батыр-билері өз ауылдарына тарқап кеткен болатын.

Әулиеата бекінісіндегі маңызды жиынды өткізген Қанағатшаh басты қосынға Талас аймағындағы Дулат руының қазақтарынан жасақталған атты жігіттерді қосып, Пішпек бекінісіне қарай жүріп кетеді. Олар әр күн сайын үлкен өткелдерді жылдам өткеріп, алты күн ішінде Пішпекке келіп, сонда өздерінің тұрақты және жасақталған әскерлерін топтастыра бастады және Шу өзенінің алқабындағы, Әулиеата мен Пішпек арасындағы үлкен кеңістіктегі тау шатқалдарында көшіп жүрген үйсіндер мен қырғыздарды қосылуға шақырады [9, 70-п.]. Осындай мақсатпен Қанағатшаh әскері Пішпекте бір апта бойы аялдайды, себебі қиранды Пішпек қамалының маңы жан-жақтан келетін әскердің басты жиналатын пункті болып есептелген болатын. Әулиеата жиынында уағдаласқандай қазан айының бас кезінде жалпы жиналатын тұраққа алыс-жақын жерлерден аралары үзілмей азды-көпті атты сарбаздарды басқарған қазақ сардарлары бірінен соң бірі ағылып келе бастайды. Алғашқы болып Қасқарау руынан Керім батыр өз жасағымен келіп қосылып, Қанағатшаhқа берген уәдесін орындау үшін өзінің есебінен әскерге көлікке деп 317 жылқысын және азыққа деп 1000 қойын бөліп берді [16, 19-п.]. Сонымен қатар Пішпекке Жаныс руының Әлдекен есімді бай адамы өзінің болыстығындағы әртүрлі әлеуметтік топтағы бірнеше жүз жігітті өз қаржысынан қару-жарақпен саймандап және олардың әрқайсысын атқа қондырып сақадай сай дайындап алып келеді. Солардың ізімен Жаныс руынан Әшекей батыр, Ботбай руынан Диқанбай, Сыпатай және Байсейіт батырлар, Қасқарау руынан Қырбас батыр, Сиқым руынан Құдайберген би, Шымыр руынан Байзақ батыр және тағы басқалары өз жасақтарымен келіп жетеді. Сөйтіп Дулат руының билері мен байлары уәделерінде тұрып, Пішпекке 1000-нан аса атты сарбазды әкеліп, Қанағатшаh әскерінің қатарын үлкен санмен толықтырады. Осы жөнінде П.Пичугин: «Верныйдың батыс жағында көшіп жүрген барлық Дулат руы бізден кетіп, алға келе жатқан қоқан әскеріне қосылды. Бірінші болып Ботбай болыстығынан, қазақтар арасында ерекше ықпалы бар Диқанбай және Жаныс руының қазағы Әлдекен бай өзінің болыстығынан әртүрлі әлеуметтік топтағы жігіттерді өзінің жеке қаржысымен қаруландырып және даярлап қосылды. Барлығы Дулат руының жартысынан көбі дәл 5000 түтін бізге опасыздық жасады, бастапқы кезде қоқандықтарға көмекке 1000-нан аса атты сарбаздарды жіберді» [13, 14-б.]  – деп жазады.

Жалпы алғанда, Ұзынағаш шайқасына қатысқан біріккен түркі-мұсылман әскерін қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етудегі барлық ауыртпалық көп жағдайда Дулат руының Қасқарау бөліміндегі қазақтарына түскендігі аян еді. Мұны 1861 жылы 16 қаңтарда Алатау округінің бастығы Колпаковскийдің Бөлек Сібір корпусының командирі Гасфордқа жазған мәлімдемесінен көруге болады: «1855 жылы Қасқарау қазақтарының 500-ге жуық ауылы бізден көшіп кетіп қоқан ханына 5 жыл салық төлеп тұрды және бізге қарсы жаулық әрекеттері кезінде қоқандықтарға түрлі материалдық қаражатпен ғана емес, сондай-ақ қарулы араласуменде көмектесті» [10, 114-п.]. Осындай істе қоқандықтарға Дулат руы Қасқарау тармағының әртүрлі аталығынан Керім Майлыбайұлы, Жыланкөз Жантеліұлы, Дәулетбақ Малдыбайұлы, Қарабай Төлесұлы, Кебекбай Байторыұлы, Тойбай Оңғалбайұлы, Төлбай Баққұтұлы, Алпысбай Жантеліұлы және т.б. бай-дәулетті адамдар айтарлықтай жәрдем көрсеткен еді.

Артынан Қанағатшаh сераскир Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардан жиналған 3000 жылқыны алып негізгі әскердің құрамындағы жаяу сарбаздарға үлестіріп атқа қондырды. Алда азыққа деп жинаған малдан басқа, қосымша Шудағы Ұлы жүз қазақтарынан тағы да барлығы 2030 қой жиналады [9, 60-п.]. Осындай мақсатпен жиналған салықтардың ауыртпалығынан кейбір билер, соның ішінде ресми деректерде Қасқарау руының Солтанкелді-Бөкен тармағын басқаратын Кебекбай би 200 ауылымен Қордай арқылы солтүстік жаққа өтіп, егер қоқандықтар кедергі келтірмейтін болса Қастекке жақын көшіп баруға әрекеттенді делінген [9, 48-п.], бірақ бірде-бір дерек оның Іле жаққа қарай көшіп кеткенін куәлендірмейді, соған қарағанда Кебекбай би қоқандық әскердің құрамында соңына дейін болғанға ұқсайды.

Пішпек түбіндегі жиналатын тұраққа Жантай менен Жаңғараш манаптарда қырғыз жасақтарын алып келіп, түркі-мұсылман әскерінің қатарына қосылады. Бірақ Қанағатшаh сераскир Жаңғараш манапты осыған дейін балаларын орыстарға жібергені үшін кінәлап, әскер сапына алмай, жүзге жуық адамдарымен бірге қираған Пішпек бекінісін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қалдырады. Мұнымен қоса одан күшпен 400 жылқысын тартып алып саптағы сарбаздара үлестіріліп беріледі [9, 60-п.].

Алдағы уақытта біріккен түркі-мұсылман әскерін Пішпек қамалынан Іле өңіріне қарай ұзақ шақырымдық жолды еңсеріп өту мақсаты тұрды. Мұрағат құжаттарының көрсетуінше, әскер сапындағы сарбаздар жол бойы соғыста қолданатын зеңбіректердің барлығын лафеталармен сүйреп, ал артиллериялық снарядтарды арнайы жүк көтеретін түйлермен тасыды. Отряд құрамында сондай жүк таситын түйелер көп болғандықтан, оларға киіздер мен күркелерді, сарбаздардың азық-түлігін және ат-көлікке деп берілетін жем-шөпті де артты. Сонымен қатар ұзақ жолға азық ретінде 200-ден 300-ге дейін қойда алынған болатын. Қанағатшаhтың қолында қанша зеңбірек болғаны деректерде нақты жазылмаған болатын, бірақ қоладан, шойыннан және темірден құйылған үлкенді-кішілі бірнеше зеңбірегі соғыс алаңына жеткізілгендігі белгілі, дегенмен шайқас кезінде оны жеткілікті дәрежеде қолдана алмағанын да айта кетуіміз керек.

1860 жылы шамамен қазан айының ортасында Қанағатшаh қоқан, қазақ, қырғыз жігіттерінен біріккен түркі-мұсылман әскерін бастап Пішпектен шығып, екінші күні Шу өзенінің жағалауына келіп тоқтайды. Осы жерде қоқандық әскерге Шапырашты Сұраншы, Андас батырлар және оның бауырлары (Сұраншының бауырлары Тайтелі мен Шынасыл болуы мүмкін) мен 500 жігіттен тұратын жасағы, сондай-ақ Шапырашты Саурық батырдың балалары (олар Сыпатай мен Сұлтанқұл болуы мүмкін) келіп қосылады. Соларға дейін бір күн бұрын Қасқараулық Алпысбай мен Шаян батырлар да өз жігіттерімен қоқандық қосынмен біріккен еді. Жаңа келген қазақ батырларына Қанағатшаh паруанбасы жомарттық көрсетіп, түрлі сый-сияпатпен қарсы алады. Мәселен, Сұраншы батырға өте таза қанды бір арғымақты, оған қоса күміспен қапталған, алтынмен тігілген ертоқым және халатпен бірге алтын қылыш сыйға тартылды [17, 100-п.]. Мұндай сый-құрмет оның аталас бауыры Андасқа және олардан бұрын келген Алпысбай мен Шаян батырларға да көрсетілген еді.

Шу қазақтарына Қанағатшаh паруанбасының жіберген үндеухаты Іле жақтағы орыстар ықпалында қалған Әли, Жанғазы, Қамбар, Тезек сұлтандарға және Тіленші биге де тиеді.Үндеухатты алысымен Әли сұлтан өз ауылымен Шелек деген жерге көшіп барып, сол жерден өзінің төленгіттері арқылы ел-жұртқа жақын күндері біріккен түркі-мұсылман әскері Верный мен Қастекті алатын болады деген сенімді қауесет таратып жібереді [17, 102-п.]. Осы қауесеттің әсерінен Албан және Жалайыр руынан Қамбар, Жанғазы, Тіленші және тағы басқа сұлтан, билер Верныйдағы Колпаковскийдің шақыртуына бармай, тікелей Әли сұлтанның ауылы қоныс тепкен Шелекке жол тартып, сонда олар өзара жасырын кеңес өткізіп, бірауыздан қоқандық әскерге қолдау көрсету үшін Қанағатшаhтың өзіне жолығу керектігін шешеді. Бірақ Колпаковский олардың бұл әрекетін сезіп қойып, барлығын Верныйға қалайда жеткізуді тапсырады. Оларды күзетпен Верныйға әкелгенде Колпаковский оларды өте суық қабылдап, сол кезде Жанғазы сұлтанның әлсіздік танытқанына сөгіс береді және оны үнемі өздерінің жетегінде ұстап жүретін Қамбар сұлтан мен Тіленші биді үш тәуілік бойы әскери абақтыда ұстайды [17, 104-п.]. Ал Тезек сұлтан болса, Әли сұлтан өткізген жасырын кеңесіне қатыспай, бірден Верныйдағы Колпаковскийдің шақыртуына барған еді. Онда Колпаковский оны жылы қабылдап, өзінің сеніміне түрлі бағалы сый-сияпат беру арқылы жақын тартуды ойластырады. Осындай мақсатпен ол Тезек сұлтанға 1856 жылы Әбілес сұлтан Мәскеуден патшаның таққа отыру рәсімі кезінде алып келген жоғары үлгідегі матадан кафтан тіккізіп, оның бағалы сыйлық екенін көрсетіп сыйлауды өз көмекшілеріне тапсырады [17, 105-п.].

Сонымен қатар Колпаковский 1860 жылдың қазан айының басында-ақ Қанағатшаh паруанбасының үлкен қосынмен Ілеге келе жатқанын естіп, қорғаныс шараларын жүргізуге қатты әзірленеді. Алдымен ол өлкедегі алдыңғы қатарлы тірек пунктердің бірі Қастекке орналасқан ротаның толық құрамын күшейткен болатын. Содан кейін бекіністің айналасына күндіз пикеттер қойып, ал түнде оларға қосымша түрде жасырынып жатқан солдаттарды қосты, зеңбірек қоятын орындарды қорғаныс жағдайына қою туралы бұйрық береді. Қауіпті болып саналған Қастек бекінісіне қарай атқыштардың бір взводын жібереді және ондағы әскери гарнизонды басқаруды №8-ші шеп батальонының командирі майор Экобладқа тапсырылады. Ал Каскелеңге бір казак жүздігі және екі ракеталық станогімен есаул Бутаков жіберіледі. Ұзынағаш пен Қастек бекіністері арасындағы байланысты үзбей ұстап тұру үшін подпоручик Сярковскийдің басшылығымен №8-ші батальонның №2-ші ротасы Саурық қорғанына аттанады [13, 19-б.].

Қастек бекінісі үшін қатты аландаған Колпаковский Ұзынағаш пикетіне есаул Усовтың 100 казагын жібертеді. Сонда барған бетте оған майор Экобладтың құзырына қарауды бұйырады және Қастек жолындағы разьездерді қарап, шатқалдар мен таулардың қапталдарын бақылау тапсырылады. Сонымен қатар сол кезде Қастек гарнизоны тағы бір атқыштар взводымен күшейтіледі. Орыстар қоныстанған Үлкен Алматы, Кіші Алматы станициялары, Қаскелен, София, Надежда және Іле қоныстарының қорғаныстары күшейтіліп, ондағы тұрғындар жаппай қаруландырылады. Бұл жөнінде П. Пичугин былай деп жазады: «қираған жағдайдағы жалдар жөнделе басталды, станиция тұрғындарының қарулары жоқтарына оны үлестіруді бұйырды, выселкалар қарусыз болғандықтан қазыналық ескі мылтықтар жіберілді, дегенмен оның төрттең бір бөлігі қолдануға жарамсыз болып қалды. 9 қазаннан бастап алматылық станицияларды күшейту бойынша жүз жұмысшыдан жұмысқа тартыла бастады. Қоныстардағы әскери қызметтен босаған казактардан жергілікті қызмет үшін екі жүздік жиналды. Тұрақты әскерлерде аз артиллерия болды, қоймалардан батареялық единорогтар мен екі жеңіл зеңбірек алынды. Батареялық взводтың және атты-артиллериялық дивизионның қосалқы және жүк көтергіш көліктері соларға жегілген болатын және осындай бағытта тұрақты артиллерияға бір батареялық және екі жеңіл зеңбірек қосылды [13, 12-б.].

Сөйтіп 1860 жылдың 18 қазанында Іле өңіріндегі барлық орыс әскері мынандай тәртіппен бөлінді: Қастекте 4 рота, 4 казак жүздігі, 3 ауыр зеңбірек, 4 жеңіл зеңбірек; Саурық қорғанында: 1 рота және ракеталық станок; Ұзынағашта: 1 рота, 1 казак жүздігі және 2 жеңіл зеңбірек, Қаскелеңде: казактардың 1 ½ жүздігі, Верныйда: 2 рота және казактардың 1 ½ жүздігі, Іле бекінісінде: 1 рота, 1 казак жүздігі және 2 зеңбірек болған [13, 19-20-бб.].

Ұзынағаш шайқасы кезінде полковник Колпаковский 4 зеңбірек пен 2 ракеталық станогы бар 3 рота жаяу әскер, 400 казак барлығы 799 адамды басқарады [13, 20-б.]. Онымен бірге шайқаста орыс әскерлеріне подполковник Шайтанов, поручик Вроченский, подпоручик Курковский, штабс-капитан Обух, есаул Бутаков, поручик Соболев, хорунжий Ростовцев, подпоручик Сярковский, Шанявский, есаул Усов, сотник Жеребьятов жетекшілік жасады. Барлық қорғаныс шараларын жасағаннан кейін, Колпаковский бірнеше адамдық күзетпен 18 қазанда Верныйдан шығып, қараңғы түскенде Қастек гарнизонына келеді және әскерін шекарадағы Қастек бекінісі маңына орналастырып, қоқандықтарды күтіп жатты.

Ал, 12 қазанда Шу өзенінің жағалауына келіп тоқтаған Қанағатшаh әскері, алдақашан Шөміш өткелі арқылы Қордай асуынан асып Ырғайты-Қайынды деген жерге жеткен еді. Осы жерден Қанағатшаh сераскир «Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандарға қырғыз, қазақтардан құралған бір топ жасақ беріп: Ілгері барып, ала алсаңдар Ұзынағашты алыңдар. Ала алмаған күнде де жауды Қастекке жібермеңдер, ертең біз де жетеміз, - деп бұйрық береді. Сұлтандар Ұзынағашқа жеткенде, онда бір зеңбірегімен екі жүз солдат бар екен. Сұлтандар солдаттардың мылтық атуына да, зеңбірек атуына да мұрша бермей, шабуылға кірісті, сондықтан екі жақтан адам шығыны көп болған жоқ. Жаужүрек жігіттер жау шебіне шауып барып, солдаттардың қолдарындағы мылтықтарын да тартып алып жүрді. Осылай олар үш күн соғысты» [18, 20-б.].

Ырғайты өзенінің бойында тынығып алғаннан кейін, біріккен түркі-мұсылман әскері ары қарай жүріп отырып Қоныртөбе тауының жанындағы Жаманты штақалының маңына келіп тағы да аялдайды. Жаманты жерінен Қанағатшаh екінші рет Шанқара датқаның басшылығымен 8 адамды, соның ішінде Сұраншы батырдың 4 адамы – біреуінің есімі Базарқұл бар топты Қастек маңында не болып жатқанын білу үшін барлауға аттандырады. Бұдан кейін Қанағатшаh бастаған әскер Талдыбұлаққа келіп, сол жерден үшінші барлау тобын дайындайды. Бұл жолы Қастек пен Алматы арасындағы жерді барлауға Сұраншы, Андас, Байсейіт және Құдайберген батырларды 2 мың сарбазбен жібереді. Оларға сол жерлерді торып, егер мүмкіндік болса өтіп бара жатқан орыс командаларына шабуыл жасап, тұтқындарды қолға түсіру ісін тапсырады. 18 қазанда қоқандық әскер Қозыбасыдағы Үшбұлақ жеріне келіп тоқтайды. Қордай асуынан өткеннен кейін, әскер әрбір аялдап тоқтаған жерінде Қанағатшаhтың бұйрығымен үлкен зеңбіректерден үш мәрте дүркіндетіп оқ атып тұрды. Үшбұлақтан Қанағатшаh соңғы рет 80 адамнан тұратын, оның құрамында Қасқарау руының Қарабек деген адамы бар барлаушы топты орыстар жаққа мәлімет жинау үшін тағы аттандырады, бұл кезде Талдыбұлақтан аттанған Сұраншы, Андас, Байсейіт және Құдайберген батырлар бастаған топ барлаудан Үшбұлақта тұрған қосынға қайтып оралған кезі болатын [15, 4-5-пп.]. Сөйтіп шамамен 12 қазанда Шудағы қиранды Пішпек бекінісінен шыққан түркі-мұсылман әскері 19 қазанда ұзақ жолды еңсеріп Қастектен аса алыс емес Жиренайғыр жеріне келіп жетеді. Сол жерден олар бірден соғысқа араласпас бұрын әскери дайындық жұмыстарын жүргізу үшін үш күн демалып алуды шешеді.

Қанағатшаh әскері Жиренайғыр жеріне жеткен күні Әлімбек мыңбасы Құртқа жолы арқылы Әндіжан, Құртқа және Кетментөбе аймағынан қазақ, қырғыз жігіттерінен жиналған 12 мың әскерді бастап Іле өңіріне Қарақастек асуы арқылы асып түсіп, орыс әскері бекініп отырған Ұзынағашқа шабуылдап жатқан еді. Бұл шабуылға қазақ сарбаздарымен қатар Сарыбағыш  руынан Үмбетәлі, Төрегелді және оның бауыры Садыхан, Рысқұлбектің баласы Қайду, Елчи, Құлжа, Бүрге, Үмбетәлінің бауыры Чаргын, Орманның баласы Сейілхан; солты руынан Байсейіт, Бочқай, Байтық; Үшбағыш руынан Маймыл және Құдияр; Бөлекей руынан Курчи, Абайылды және Чингиздің баласы Шайдылла, жалпы Әлімбектің басшылығындағы әскердің құрамында деректердің көрсетуінше 3 мыңға дейін қырғыз сарбаздары болған [17, 45-п.]. Қоқан әскерінің 19 қазандағы Ұзынағаш пикетіне жасаған шабуылы жөнінде П. Пичугин былай деп жазады: «Таңертең біздің отряд жоғарыдан айнала қазақ және сарттардың атты әскерін көрді, ол топтың ішінен ақ және қызыл түсті тулар  көрінді. Пикеттен жоғары биіктікте  де жүзге жуық топ адам тұрды. Таудың сарттармен толып тұруы, пикетті қорғау мүмкін болмағандай еді, бізді сол жерден-ақ қырып тастауға болатын еді. Фельдфебель Штинев 54 солдатымен және 4 казакпен тауға қарай бет алды, солдаттар қиын өрге шығып сүрінді. Қоқандықтар жақын биіктен шабуылды байқап, көмек беру үшін төменге жылдам түсе жөнелді, бірақ фейерверкер Дудинский жылдам жолға зеңбіректерді жылжытып, оларды бөліп тастау үшін тауға қарай оқ жаудыра бастады. Біздің солдаттар қысқа шайқастан кейін, қоқандықтардың тобын төмен қарай тастап, жараланған үш солдатты және бір казакты қалдырып, алып қойған биіктікке бекіндік. Солдаттар найзалармен жараланған болатын. Қоқандықтар Қастекке қарай бағытталып жатқан биіктіктен түсіп, пикетке қарай шабуылдады, оның алдында атысты қолдаған шабандоздардың тобы шашырап жүрді. Зеңбіректен атылған оқ оларды пикеттен кері шегіндірді. Сағат екі де ғана бұл іс басылды. Сағат бесте, Қастек жолында қатты іс-қимыл байқалған болатын, қоқандық кавалерия тобы пикеттен жылдам кете бастады. Сотник Жеребьятовтың казак жүздігі бір зеңбірекпен сол жаққа қарай аттанып және жол бойын тазартты, осылайша ол Қастекке ротамен бару керек деген округ бастығының бұйрығын Соболевке апара жатқан 60 казактан тұратын команданы қоқандықтардың шабуылынан құтқарып қалды. Пикетке бес верст жетпейтін жерде команда қоқандық әскермен қоршалған болатын. Қазақтар онда айналып жүріп алды, казактарға шабуыл жасады, тоқтаусыз атыс жүргізіп отырды. Команда жаралылармен қосқанда үш адамдарынан айырылды [13, 21-22-бб.]. Бұл шабуыл жүріп жатқан уақытта Жиренайғырда отырған Қанағатшаhқа Әлімбектен бір жаушы шауып келіп, олардың Ұзынағашқа шабуылдап жатқанын хабарлайды. Келесі күні, Ұзынағашта қоқандық әскермен соғысып жатқан орыс әскеріне көмек беру үшін Қастектен негізгі күшпен Колпаковский аттанады.

20 қазан күні таңертең өз лагерінде отырған Қанағатшаh паруанбасыға Әлімбектен тағы бір жаушы келіп, Ұзынағашқа орыс отрядының бірқатар зеңбірекпен көптеп тартылып жатқанын хабарлап, көмекке келулерін сұрайды. Осы хабарды алған соң Қанағатшаh дереу Жиренайғыр жеріндегі әскерін соғысқа араластыру үшін барлығын сапқа тұрғызып Ұзынағашқа шабуылдап жатқан Әлімбекке көмек беруге аттанады. Шайқас кезінде біріккен түркі-мұсылман әскеріне Әулиеата бекінісінің коменданты – Мырзадәулет, Мерке коменданты - Удачи, Пішпектің бұрыңғы коменданты – Рахматулла, Ташкенттің бұрыңғы паруанбасы Шағманқожа және Рүстембек, Нұрмұхамед, Шадыбек, Мырзаахмет секілді датқалар мен бек лауазымындағы қолбасшылар мыңбасы, пансатбасы, жүзбасы, елубасы, онбасы ретінде жектекшілік жасады. Олардың басқарған әскерлерінің негізгі бөлігі – Қоқаннан, Марғұланнан, Наманғаннан, Ташкенттен және соларға іргелес аумақтардан тартылған сарбаздардан құралды. Қанағатшаh қолбасшылық жасаған әскері негізінен атты жауынгерлерден тұрды. Сондай-ақ әскер құрамында мыңға жуық соғыс ісіне дайындығы бар жаяу әскері және қызылбастар аталған жалдамалы парсылық 600 сарбазы болды. Сол жалдамалы парсылық әскердің әрқайсысы денелеріне арнайы үлгімен тігілген қызыл түсті мундир және бастарына ұштары қызыл келген парсылық қара тақияларды киген ерекше әскери формадағы отряд болып шайқасқа араласты.

Қанағатшаh әскерімен бірге Ұзынағаш шайқасына жергілікті Жетісулық қазақ жігіттері де ерекше қатысты, оларға қазақтың белгілі батырлары мен билері қолбасшылық жасады. Деректердің көрсетуінше, Ботбай Диқанбай батыр – 100 атты сарбазды, Шапырашты Сұраншы батыр мен Андас батыр – 500 атты сарбазды, Жаныс Әшекей батыр 130 атты сарбазды, Қасқарау Шаян батыр 9 атты сарбазды, Сиқым Шомай батыр 4 атты сарбазды, Шапырашты Нарбота мен Сәт батырлар 10 атты сарбазды, Жаныс Әлдекен бай бірнеше жүз атты сарбазды (нақты саны берілмеген) [17, 46-47-пп.] және Шымыр Байзақ батыр, Ботбай Сыпатай батыр, Қасқарау руынан: Керім, Қырбас, Жыланкөз, Кебекбай, Төлбай, Тойбай, Дәулетбақ, Қарабай батырлар өз жасақтарын бастап шықты. Бұлардың барлығы негізінен Дулат және Шапырашты руларының қазақтары еді. Солармен қатар қырғыздардан Жантай манапта 50 жігітті бастап жүрді. П.Пичугин қырғыздардың атты әскері 3000-дай адам болды, солты руын Іледен қуылған біздің дұшпанымыз – Тойшыбектің ұлы Байсейіт батыр бастап келді деп көрсетеді [13, 14-б.].

Қанағатшаh сераскирден бастап барлық аталған қоқандық қолбасшылар Ұзынағаш шайқасына ақ боз атқа мініп, үстілеріне ақ матадан тігілген қоқандық үлгідегі әскери мундирмен және қолдарына алтыннан соғылған қылышты алып шыққан болатын. Сонымен қатар шайқас кезінде біріккен түркі-мұсылман әскерінің әрбір бөлімшелері өздеріне тиесілі жалаулары мен белгілерін көтерді. Мәселен, Қанағатшаh паруанбасының жеке ту ұстаушы адамы сераскирдің қылдан істелген моншақты қызыл маталы үлкен жалауын көтеріп жүрді. Тұрақты қоқандық әскердің жауынгерлері барынша оқ-дәрімен атылатын қару-жарақпен қамтылды, бірақ ондай қарулар барлығына бірдей жете бермеді, тек шайқас кездері өздерінің қабілеттерімен ерекшеленген және сол қаруларды пайдалана алатындарға ғана берілетін. Ал сондай қару-жарақтары жетпеген қоқандық қалған жауынгерлер болса найза және қылыш секілді суық қарулармен саймандалды. Солармен қатар орыстарға қарсы шайқасқа шыққан барлық қазақ және қырғыз сарбаздары да ескі үлгідегі найза мен қылыш түріндегі саймандармен қаруланды, тек олардың кейбірінде ғана атылатын мылтықтары болды.   

Сөйтіп Қанағатшаh паруанбасы барлық әскерді саппен Ұзынағаш жаққа қарай алып жүріп, Әлімбектің әскеріне келіп қосылады. Екі үлкен қоқандық қосын бірігіп, бекініп алған орыс әскерлерін қоршаған кезде Қанағатшаh пен Әлімбектің арасында бас қолбасшылық үшін талас болады. Бұл жағдайды Құрбанғали Халид былайша сипаттайды: «орыстар бұл екі арада Алматыдан да бері өте бастаған соң Әндіжан өкілі Әлімбек, Түркістан уәлиі Қанағатшаh екеуін алты мың әскерге бас етіп екі бөліп, қарсы аттандырады. Бұлар Қастек пен Алматы арасында орыс әскерлерімен кездесіп қоршап алып, ұрысқа кіріскенде Әлімбек жеңісті қызғанып, өз әскерімен жылыстап кетеді» [19, 23-б.]. Осы жағдайдан кейін Әлімбек датқа өз әскерімен ұрыс алаңын тастап, Ташкентке қарай кетіп қалғанымен, Қанағатшаh өз қосынымен сонда қалып, орыс отрядымен соғыс жүргізуді жалғастырады. Егер нақтылы деректерді мұқият талдап шығатын болсақ, онда сол кезде Қанағатшаh сераскирдің қолында аса көп әскері болмағанын байқаймыз. Шыныменен шайқас кезінде Қанағатшаhтың қолында 22 мың (қару-жарағының нашарлығына қарамастан) әскері болғанда онда ол осынша көп қолмен орыс отрядын қиындықсыз тізе бүктіріп, тас-талқан етіп жеңіп кетуі әбден мүмкін еді. Бірақ сол жылғы күз айындағы соғыста Қанағатшаhтың қолбасшылығында ең көбі 5 немесе 6 мың түркі-мұсылман сарбаздары (барлығын қосып есептегенде) болған деп қорытынды шығаруға болады. Бірақ Ұзынағаш шайқасын бүге-шегесіне дейін жоғары билікке баяндаған патша офицерлерінің мәліметтерінде түркі-мұсылман әскерінің ерекше көптігі айырықша аталып өтіледі, сол көрсетілген деректердің өзі қарама-қайшылыққа толы. Өйткені орыс офицерлері өздерінің әскери қуаттылығын ерекше таныту үшін сол шайқаста қоқандықтар тіпті 40 мың әскерімен шыққан деп көрсетуге ынтық болғанын байқау қиын емес. 

Ұзынағаш пикетіне Колпаковский отрядымен түркі-мұсылман сарбаздарының шабуылынан аман-есен жеткеннен кейін, сондағы әскери адамдарынан/* екі күндік шайқас туралы мұқият естіп, келесі күні, яғни 21 қазанда қоқандық әскерге қарсы шабуыл жасауды шешеді. Пикетті қорғау үшін ол 75 адамнан тұратын жаяу әскерді және 25 казакты бір зеңбірекпен қалдырып, ал қалған отрядпен Қарасу өзенінің алқабында орналасқан қоқандық қосынға қарай шығады. Онда оларды ақ түсті жалаулармен екі қоқандық колонна күтіп алып, шайқас болады, бірақ орыс артилериясынан атылған оқтар қазақ, қырғыз атты әскерлерінің кейін шегініп кетуіне ықпал етті [13, 29-б.].

Бұдан кейін Колпаковский отрядымен Қарақастек өзенімен жоғары қарай жылжып, жазық далаға жеткенде, Қанағатшаh паруанбасы орыс әскерінің алдынан шығады. Сонымен, қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы шешуші шайқас 1860 жылы 21 қазанда Қарақастек өзенінің бойында өтті. 21 қазанда Қарақастек өзенінің бойында өткен қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы шайқасты Бөлек Сібір корпусы командирінің рапортында былайша сипатталған: «Орыс отряды Қарақастек түбіне жеткен кезде, қоқандық әскердің бас қолбасшысы Қанағатшаh бүкіл сарбазды әскери тәртіппен орналастырып қойған еді. Алдыңғы қатарда қоқандықтардың басты әскери күші тұрды. Олар жазық алқапта айнала тұрып орналасты. Ал әскердің басқа жаяу және кавалериядан тұратын күші басты әскердің артында резервте тұрды. Орыс әскері белгіленген жерге жеткенде қоқандықтар жазық даладан бақылау орындарын жылдам тазартады. Алдыңдағы жазық алқапта қоқандықтардың қаптаған қолын көрген Колпаковский дереу штабс-капитан Обухтың басшылығындағы артиллерияны зеңбірек ататын орынға жылжытып, оларға қарсы оқ атуын бұйырады. Өз кезегінде артиллерияны атқыштар мен казактар тобы қорғап тұрды. Біздің артиллериялық және мылтық саймандарымыз сәтті қолданылған кезде, қоқандықтар фальконеттер мен туроктардан атып жауап қайтарды. Бірақ біздің зеңбіректен атылған оқ қоқандықтарды біртіндеп бір жерден екінші жаққа Қарақастек өзеніне қарай өтуіне мәжбүр етті. Осындай шегініс кезінде штабс-капитан Обух жылдам бір зеңбірек пен бір ракеталық станокты төбеге шығарып алып, қоқандықтардың колоналарына жақын қашықтықта ауыр соққы берді. Сосын қоқандықтардың шегініс жасаған ізімен жүріп отрып, Қарақастектің сол жағалауына өтті және өзеннің жоғарғы алқабын бойлап жүргенде подполковник Колпаковский әскеріне азғантай демалыс берді. Алдында қоқандық әскер 5 мыңға дейін болды, сосын біртіндеп олар күшейе отырып, біздің әскердің екі бірдей қанатын айнала өте бастады, тіпті олар тылда да көрініп қалды. Осылайша біздің көп емес отрядымыз осы сәттегі қақтығыста қоқандықтардың көп әскерімен барлық жағынан қоршауға алындық. Осы жерде де біздің артиллериямыздың жақын тұрған қоқандықтардың колоналарына тиімді қолданылуы және жаяу әскердің қолдауымен есаул Бутаковтың басшылығындағы казактардың батыл шабуылы қайтадан қоқандық әскерлерді сейілтіп жіберді, осы кезде қоқандықтар жылдам шегініп, тіпті олар шайқас алаңында оққа ұшқан адамдарды алып кетуге де үлгермей жатты. Осы қимылдар жалғасып жатқан кезде, біздің он қанатымыздың жағынан қоқандықтардың екі мықты колонасы шыға келді. Олар үстілеріне қызыл мундир және бастарына парсылық қара ұштары қызыл келген тақияларды киген жаяу әскерден тұратын сарбаздар алқаптан тұрып фальконеттер мен туроктардан оқ жаудыра бастады. Қалын қорғаныстағы атқыштардың көмегімен отряд осы алқапта жатқан әскерге шабуылға шыға бастағанда, тылдан шабуыл жасау үшін қойылған арттағы қорғанысқа қоқандықтардың атты әскері шабуылдаған болатын. Бірақ бұл шабуыл уақытында поручик Вроченскийдің басшылығындағы артиллерия мен казактардың сәтті қимыл танытуымен тоқтатылды. Орыстардың отрядына қоқандықтардың шабуылы кезінде Вроченскийдің басқа бір атты зеңбірегі бар бір казак жүздігі штабс-капитан Обухтың басшылығымен жылдам көмекке келіп жетеді. Олар қоқандық әскердің шабуылына ұшыраған ротаны құтқарып қалады. Қоқандықтар орыс әскерінің қатты тойтарыс беруіне қарамастан, олардың он қанатынан тағы да шабуыл жасайды. Бұл жолғы шабуылды қоқандық әскердің құрамындағы жаяу әскер жасаған болатын. Қоқандықтардың колоннасындағы жаяу әскер сарбаздары таңқаларлық ержүректіліпен біздің он қанатымыздан шабуыл жасады. Оларға қарсы подпоручик Курковскийдің басшылығындағы артиллерия шабуылға шығып, үлкен тойтарыс берді. Осыдан кейін-ақ қоқандық әскерлер жылдам барлық пунктерден шегіне бастады» [10, 30-34-пп.].

Тарихи деректерге қарағанда, 1860 жылы 21 қазан күні Қарақастек өзенінің бойында қоқан-орыс әскерінің арасында өлшемсіз қанды қырғын шайқас болғандығын көреміз. Үзіліспен үш күн бойы жалғасқан бұл қан төгістің ақырғы шешуші шайқасының өзі тынымсыз сегіз сағатқа созылды, нәтижесінде соңғы үлгімен қаруланған қуатты орыс артиллериясының қорғанысын бұза алмаған түркі-мұсылмандық әскердің қолбасшылары әскерді соғыс аланынан кейін шегіндіріп алып кеткен еді. Бұл Ұзынағаш шайқасында түркі-мұсылмандық әскер орыс отрядынан тас-талқан болып жеңілді деген сөз емес, тек әскери тәсілмен шебер қолданылған ауыр артиллериядан ғана соққы алған еді. Міне, осы жөнінде 1872 жылы П.Пичугин былай деп жазды: «қоқандықтар бұл шайқаста біржола жеңілген жоқ, тек олардың алғашқы аптығы басылды, көп шығыннан кейін қайта шабуылға шығуға батпады да, шегіну арқылы өздерінің жеңілгендігін білдірді» [13, 39-б.].

Бұл ірі шайқастан кейін, соғыс алаңында қаза тапқан төрт жүзге жуық қоқандық сарбаздардың денелері және онымен қоса онда олардың мерт болған аттары да қисапсыз көп қалды. Өйткені түркі-мұсылмандық әскер негізінен аттың үстінде жүріп ұрысқа араласқанын ескеретін болсақ, олар шайқас кезінде көптеген сарбаздарынан айырылды, ал орыс әскері оржолдарда жасырынып жатып соғыс жүргізгендіктен әскер санынан аса көп шығын көрмеді, сондықтан да олардың мұндай әскери тәсілі түркі-мұсылмандық атты әскерлердің шабуылына қарсы тұруларына үлкен мүмкіндіктер берді. Осы шайқаста П.Пичугин қоқандықтардан 400 адам оққа ұшып, 600-і жараланды, ал орыстар жағынан 2 адам өліп, 32-і (соның ішінде подполковник Колпаковский мен подпоручик Сярковский бар) жараланды деп көрсетеді [13, 35-б.].

Соғыс алаңынан кейін шегінген Қанағатшаh паруанбасы бастаған түркі-мұсылман әскері араларында жаралылары мен ауруға шалдыққан адамдармен бірге қайта тұрғызылып жатқан Пішпек қамалына жетіп, сонда бірнеше жүз сарбаздарын күзетке қалдырып, қалған үлкен қосынмен Қоқан хандығының орталығына қарай жүріп кетеді. Ал қазақ жасақтарын басқарған қазақтың батыр-билері болса, әрқайсысы өз ауылдарына қарай тарқап кетеді.

Арада көп уақыт өтпей, Алатау округінің бастығы Г.Колпаковский Ұзынағаш шайқасында түркі-мұсылмандық әскердің жағында жүріп соғысқан Ұлы жүздің ішіндегі Дулат және Шапырашты руларының ықпалды батыр-билерінің әрқайсының атына жеке-жеке хат жазып, онда оларға Ілеге қарай ауылдарымен көшетін болсаңдар кешірім беретінін білдіріп ескертеді. Алдымен мұндай хаттардың бірқатары 1860 жылы 28 қазанда Дулат және Шапырашты руларының билеріне, соның ішінде Нарбота, Сәт, Сұраншы, Диқанбай, Керім, Шомай және Қырбас батырларға жөнелтілді. Содан кейін 28 қарашада Шапырашты Сыпатай Саурықұлына, 16 желтоқсанда Қасқарау Керім биге, келесі 1861 жылы 10 наурызда Диқанбай биге, Әшекей батырға, 23 наурызда Сұраншы батырға, 1862 жылы 19 сәуірде Андас мырзаға қайталанып жазылды [16, 21, 24, 25-п.]. Бірақ олардың ешқайсысы Колпаковскийдің жіберген хаттарына еш құлақ аспай, 1862 жылдың аяғына дейін қоқандықтар жағында жүріп, орыс отаршылдығына қарсы қарсыласуларын тоқтатпады.

Ұзынағаш шайқасынан кейін патша өкіметі Жетісудың Іле өңірін толық отарына айналдырады, сонымен қатар Шу алқабына шабуыл жасап 1862 жылы 13-24 қазанда қоқандықтармен қайта қалпына келтірілген Пішпек бекінісін тағы да қиратып, сол аумақтағы қазақтар мен қырғыздарға өз ықпалдарын жүргізе бастайды. Осы кезден бастап Жетісу өлкесінің Іле және Шу өңірлерінде орыс өкіметінің билігі толық орнайды.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректердің тізімі

1 Махаева А. Тойшыбек би және оның заманы.-Алматы: Баянжүрек, 2006, 202-б.

2 Недзвецский В.Е. Узунагачское дело. Историческая справка к пятидесятилетнему юбилею 21 октября 1860-1910 гг. - Верный: Тип. Семиреченского областное правления. -1910. С. 95.

3 Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (Бұдан әрі – ҚРОММ). 3-қ. 1-т. 25-іс.

4 ҚРОММ 3-қ. 1-т. 23-іс.

5 ҚРОММ 3-қ. 1-т. 382-іс.

6 ҚРОММ 3-қ. 1-т. 64-іс.

7 Махаева А. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (ХVІІІ  ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі). Алматы: «Ценные бумаги», 2007. – 357 б.

8 ҚРОММ 3-қ. 1-т. 48-іс.

9 ҚРОММ 2300-қ. 1-т. 425-іс. (1449-қ. 1-т. 35-іс.).

10 ҚР БҒМ ҒК Біріккен ведомствалық мұрағаты. 11-қ., 1-т., 82-іс.

11 ҚРОММ 3-қ. 1-т. 50-іс.

12 ҚРОММ 3-қ. 1-т. 425-іс.

13 Пичугин П.П. Вторжение коканцев в Алатауский округ в 1860 году //Военный сборник. 1872, № 5-6, 5-41-сс.

14 Перевод извлечений из Тарих-й Шахрухи Муллы Нийаз-Мухаммеда Хоканди // Материалы по истории киргизов и Киргизии. М, 1973. Вып.1.

15 ҚРОММ 3-қ. 1-т. 57-іс.

16 ҚРОММ 3-қ. 1-т. 402-іс.

17 ҚРОММ 2300-қ. 1-т. 426-іс. (1449-қ. 1-т. 36-іс.).

18 Ахмет сұлтан Кенесарыұлы. Кенесары мен Сыздық сұлтандар. Алматы: «Жалын», 1992. - 48 б.

19 Құрбанғали Халид. Тауарих-хамса (бес тарих). Алматы: «Қазақстан», 1992.  304 б.

 

УДК 94 (574).06/.07 Тюрко-мусульманские войска в Узынагашском сражении

Аннотация

Статья посвящена истории известного Узынагашского сражения, произошедшего 19-21 октября 1860 года в Семиречье возле рек Узынагаш и Каракастек.  Автор здесь впервые путем введения в научный оборот новых архивных данных по линиям событий системно рассматривает данное сражение между объединенными тюрко-мусульманскими войсками и царской армией. Также в статье упоминаются имена некоторых неизвестных казахских батыров участвовавших в борьбе против завоевательной политики царской России в крае и на основе достоверных источников описывается их политические позиции и деятельность в данных исторических событиях.

Ключевые слова: тюрко-мусульманские войска, Узынагашское сражение, Каракастек, казахские батыры, бий, сардар (военачальник), военные доспехи, наступление, воззвание,Аулиеатинский совет, разведывательная экспедиция, военные столкновения, контроль, сопротивление.

Turkic-Muslim Troops in the Uzynagash Battle

The article describes the history of the famous Uzynagash battle that occurred on October19-21, 1860 in Zhetysu region near rivers Uzynagash and Karakastek. The author for the first time systematically considers this battle between the joint Turkish-Muslim troops and the royal army throughintroducingnew historical data on the events into the scientific turn. The article also mentions the names of some unknown Kazakh batyrs who took part in the struggle against the aggressive policy of Tsarist Russia in the region. Besides, the author basing on reliable sources described their political positions and activities in these historic events.

Keywords: Turkish-Muslim troops, Uzynagash battle, Karakastek, Kazakh batyrs, Biys, Sardar (commander), military armor, offensive treatment Aulie-Ata council, reconnaissance expedition, military conflict, control, resistance.

   


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 3075

Нет рецензий

Скачать файлы

Рахимкулов Д.А. Узунагаческая битва 1860 г..docx 0.09 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) Қазақ Мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) Бірінші Дүниежүзілік Соғыс тұтқындары Жетісуда ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында СҮЙІНБАЙ БИ ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары 304.5 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНДАРЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНЕ ШОЛУ

Статьи автора

ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында