Главная » Материалы » САНЖАР АСФЕНДИАР – ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҰҢҒЫШ РЕКТОРЫ (1928-1931 ЖЖ.) (қайраткердің 125-жылдық мерейтойына орай)

ЖҮНІСБАЕВ А.

САНЖАР АСФЕНДИАР – ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҰҢҒЫШ РЕКТОРЫ (1928-1931 ЖЖ.) (қайраткердің 125-жылдық мерейтойына орай)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2

Теги: педагогические, Наркомпрос, КазГУ, ректор, Асфендиаров, С., кадры.
Аннотация:
Ғылыми мақалада бұрын ғылыми айналымға тартылмаған тың мұрағат құжаттарының негізінде қазақ жерінде бой көтерген алғаш жоғары оқу орнын – Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру мен нығайтудағы Санжар Асфендиаровтың 1928-1931 жылдар аралығындағы ректорлық қызметі жан-жақты қарастырылып, талданды.
Содержание:

1928 жылдың 10 қазанында Қазақ Мемлекеттік университетінің ректоры және оны Ұйымдастыру комиссия төрағасының орынбасары қызметін ресми түрде атқаруға [1, 4 п.] кіріскен Санжар Асфендиаров ҚазМУ-ды ұйымдастыру барысымен танысып, Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовтың атына көлемді баяндама-хат жолдайды. С. Асфендиаров өз баяндамасында ҚазМУ-ды ұйымдастыру ісінің алға басуына РКФСР Ағарту және Жұмысша-шаруа инспекциясы халық комиссариатының бекіткен штат құрамының шектеулі болуы өз кесірін тигізіп жатқандығын негіздеп берді. Штатта әкімшілік және техникалық құрам үшін бірде-бір бірлік қарастырылмай, небәрі 12 адамды құрады. Осы себептен, ҚазМУ-ды нығайту, алдынғы жылдарға қаржы сметаларын және даму жоспарларын құрастыру, оқу процесін ұйымдастыру, ғылыми қызметкерлерді одан ары шақыру сынды қауырт істермен айналысқан ректор С. Асфендиаров әкімшілік-шаруашылық бөлімнің істерін де қатар алып жүруге мәжбүр болды. С. Асфендиаровтың пікірінше, ҚазМУ-дың штатында жергілікті қызметкерлер арасынан ғылыми кадрларды даярлау қажеттілігі мүлдем қарастырылмаған. С. Асфендиаров жоғарғы басшылыққа Қазақ Мемлекеттік университетінің қалыпты жұмыс жүргізуі үшін штат құрамына келесідей қызметтерді қосымша енгізуді ұсынысын алға тартты: оқу ісі жөніндегі проректор – 1, әкімшілік-шаруашылық бөлім бойынша проректор – 1, ғылыми қызметкерлер (аспиранттар) – 2, лаборатория қызметкерлері – 2, техникалық қызметкерлер – 9 [2, 112 – 112 а.п.].

С. Асфендиаров баяндаманың екінші тарауында 1928-1929 оқу жылын қамтамасыз ету және ҚазМУ-дың ғылыми қызметкерлерін іріктеу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталып өтті. С. Асфендиаровтың мәлімдеуінше, ҚазМУ-дың ғылыми-педагогикалық құрамын жасақтау жұмысы бірнеше жылға жалғасатын күрделі процесс, өйткені ҚазМУ-ға ең алдымен марксистік дайындығы жоғары және идеологиялық жағынан тәжірибелі мамандар шақырылды. ҚазМУ-дың профессорлық құрамын тиісті деңгейде жасақтау үшін кафедра меңгерушілерінің қызметтеріне конкурс жариялау жоспарланды. ҚазМУ-дың басшылығы Мәскеудегі Қызыл профессура институтымен, Коммунистік академиямен, Қоғамдық ғылымдар  бойынша ғылыми-зерттеу институттарының Ресей ассоциациясымен университетке қажетті білікті мамандарды алдырту мәселесі бойынша келіссөз жүргізілді. Сонымен қатар, С. Асфендиаров курстарды жүргізу үшін ҚазМУ-ға өзіне жақсы таныс болған белгілі ғалымдарды академик Н.Маррды және профессор П. Кушнерді шақыруды жоспарлады [2, 113 п.]. 1928-1929 оқу жылын небәрі 9 адамнан құралған профессорлық-оқытушылық құрам қамтамасыз етуге мәжбүр болды. С. Асфендиаров, А. Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков сынды жергілікті қызметкерлерден құралған профессорлық-оқытушылық құрамды Мәскеу, Ленинград және Киевтің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан арнайы шақыртылған профессор Н. Фатовпен (орыс тілі және әдебиеті), Е.Мансұровпен (тарихи материализм және қоғамдық формалардың даму тарихы), В. Потаповпен (математика), Б. Ровинскиймен (физика) және В.Дубошинмен (ағылшын тілі) толықтырылды [1, 5 а.п.]. 1928 жылдың 1 қарашасына дейін химия және биология пәндері бойынша сырттан оқытушыларды шақыру күтілді. Жоғарыда есімі аталған ғылыми қызметкерлердің барлығы 1928 жылы 18 желтоқсанда ҚазМУ бойынша жарық көрген бұйрыққа сәйкес КСРО-ның шалғай аудандарында қызмет ететін мамандардың қатарына жатқызылып, тиісті жалақымен және артықшылықтармен қамтамасыз етілді. Ал Мәскеуден және Киевтен Қазақстанға қызметке ауысқан С. Асфендиаров, Е. Мансұров және В.Потапов 1927 жылы 11 мамырда РКФСР БОАК-тың және Халық Комиссарлар Кеңесінің «РКФСР-дың шалғай аудандарына мемлекеттік мекемелермен және кәсіпорындармен қызметке жіберілетін тұлғалар үшін жеңілдіктер туралы» қаулысына сәйкес қосымша төлемдер мен артықшылықтарға ие ғылыми қызметкерлер деп саналды [1, 16-17 пп.].

С. Асфендиаров ҚазМУ-дың барлық істерін тиісті деңгейде жүргізу үшін жоғарғы кеңес басшылығының назарын университеттің басқармасын құру қажеттілігіне аударған болатын. С. Асфендиаров 1928-1929 оқу жылында «РКФСР жоғары оқу орындарының құрылымы туралы ережеге» толық жауап бере алатын басқарманы құру мүмкін болмағандықтан, шұғыл түрде РКФСР Ағарту халық комиссариатының келісімімен Қазаткомның төралқасы тағайындайтын уақытша жұмыс басқармасын құру ұсынысын алға тартты. С.Асфендиаровтың осы ұсынысына сәйкес ҚазМУ-дың ашылуына байланысты үкіметтік Ұйымдастыру комиссиясын тарату және 5 мүшеден тұратын университеттің басқармасын құру ұйғарылды. Басқарманың құрамына ҚазМУ ректоры С. Асфендиаров, оқу ісі жөніндегі проректордың міндетін уақытша атқарушы – Е. Мансұров, әкімшілік-шаруашылық бөлім проректоры – Х. Досмұхамедов, профессорлар Н. Фатов пен В. Степанов, кандидаттыққа мүше ретінде жұмысшы факультетінің меңгерушісі С.Шейнессон ұсынылды [3, 20 п.].

С. Асфендиаров өз баяндамасында ҚазМУ-дың кітапханасын құру ісін университеттің өміріндегі маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырды. Өйткені, кітапханасыз университеттің ғылыми-зерттеу және оқу-педагогикалық қызметін тиісті деңгейде ұйымдастыру, сырттан білікті мамандарды жұмысқа тарту мүмкін емес еді. Санжар Асфендиаровтың мәлімдеуінше, 1928-1929 оқу жылында Мәскеу, Ленинград және Киев қалаларының кітап қоймаларынан 40-45 мыңға жуық кітаптың көшірме даналары университеттің кітапханасына келіп түсетін болады [2, 115 п.]. Кітап қоры көрсетіп отырғандай, математика және жаратылыстану салалары бойынша әдебиеттер тапшы болуына орай, Алматы қалалық көпшілік кітапханасынан қажетті кітаптарды алдырту және оған арнайы ғимарат бөліп беру қажет деп танылды. ҚазМУ-дың жанынан жеке кітапхана ұйымдастыру ісінің алға басуына 1928 жылы 28 қыркүйекте және 3 қазанда КСРО Орталық Атқару Комитетінің өткен мәжілістерінде РКФСР БОАК төралқасының Қазақ АКСР-нің Орталық кітапханасын Кеңес Одағының территориясында жарық көріп жатқан барлық басылымдармен қамтамасыз етілетін маңызды мемлекеттік кітап қоймаларының қатарына косу туралы өтінішінің негізінде қабылдаған қаулылар ықпал етті. КСРО ОАК-і ҚазМУ-дың жанынан кітапхана ашудың қажеттілігін орынды деп тауып, БОАК төралқасының мүшесі Ә. Досовқа білім беру мен ғылымның қай маңызды салалары бойынша кітап жіберуді анықтау және арнайы тізім құрастыру ісін тапсырады. Осы тізім КСРО Орталық Атқару Комитеті хатшылығында бекітілген соң, Кеңес Одағының басылымдарына ҚазМУ-дың кітапханасын қажетті кітаптармен қамтамасыз етуді ұсыну жоспарланды [2, 152 п.]. 

ҚазМУ-дың ұйымдастыруында ғимарат мәселесі бұрынғысынша өзекті сипатқа ие болды. Университет оқу ғимараттары жағынан қамтамасыз етіліп, оларға жөндеу жұмыстары атқарылғанымен, оларды техникалық және шаруашылық жағынан жабдықтау нашар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, профессорлық-оқытушылық құрамға арналған үйлер мен пәтерлер жетіспей, бөлінген ғимараттарда жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Сондықтан да, С.Асфендиаров жоғарғы басшылықтың алдында университет орналасып отырған аудандағы барлық ғимараттарды және жер учаскесін ҚазМУ-дың меншігіне беру, оларға шұғыл түрде жөндеу жұмыстарын жасау мәселесін көтерді.

С. Асфендиаровтың ҚазМУ-ды ұйымдастыруда алға тартқан келелі бастамалардың бірі, ол университеттің жанынан тәжірибелі-үлгілі мектепті құру болды. Өйткені, 1928-1929 оқу жылына студенттерді қабылдау кезінде тиісті дайындығы бар тыңдаушылардың тапшылығы айқын сезілді. С.Асфендиаровтың пікірінше, 9-жылдық қазақ тәжірибелі-үлгілі мектебі ҚазМУ-дың педагогикалық факультетіне тыңдаушыларды даярлаумен айналысатын  базаға айналуы тиіс еді [2, 115 а.п.]. 

1928-1929 оқу жылына ҚазМУ-ға тыңдаушыларды қабылдау өзекті мәселелердің қатарына жатып, қабылдау комиссиясының жұмысына тікелей Қазақ АКСР Ағарту халық комиссары О. Жандосов жетекшілік жүргізді. Қабылдау комиссияның құрамына Темірбеков, Орынбаев, Алтынбаев,  Сүлеев, Степанов және Столяров мүше ретінде кірсе, сынақ комиссиясының құрамынан 11 адам орын алып, олар математика,  қазақ тілі, қоғамтану, орыс тілі және физика пәндері бойынша үміткерлердің білімін тексерді [1, 2 а.п.]. 1928 жылдың қазан айына дейін ҚазМУ-да білім алуға барлығы 119 адам ерік танытып, тиісті өтініш тапсырды, олардың ішінен 96 адам сынаққа жіберілген болатын. Алайда, осы 96 адамның ішінен 66 адам сынаққа қатынасып, олардың қорытындысы бойынша небәрі 57 адам ғана оқуға қабылданды [3, 21 а.п.]. Сынаққа жіберілген үміткерлердің 1/3 бөлігі қабылдау емтихандарынан өтпей қалуы ең алдымен олардың дайындығының төмен деңгейде болуымен түсіндірілді. Округтерден аттандырылған жергілікті ұлт өкілдері орыс тілін нашар білу салдарынан сынақтан сүрінді. Бұл жағдайға ҚазМУ ректоры С. Асфендиаров та, оның әкімшілік-шаруашылық істері бойынша орынбасары Х. Досмұхамедов та, жоғары басшылыққа жолдаған есепті баяндамаларында назар аударды. Сонымен қатар, оқудың алғашқы айларында-ақ 20-ға жуық студент нашар үлгерімі немесе әлеуметтік шығу тегі бойынша жарамсыз деп табылғандығы үшін университеттен шығарылған болатын [4, 14-14 а.п.].

ҚазМУ педагогикалық факультетінің 1-курсына қабылданған 57 тыңдаушының ішінен 30-ы әр түрлі республикалық және облыстық ұйымдармен  аттандырылған болса, 17-і өз бетімен келіп түскендер еді, ал қалған 10 студент Ташкенттегі Қазпедвуздан ауыстырылды. ҚазМУ-дың толыққанды студенті атағына қол жеткізген тыңдаушылардың ішінен 32-і қазақ, ал 25-і еуропалық және аз санды ұлт өкілдері болды [1, 4 а.п. - 5 п.], яғни педагогикалық факультетті ұлттық құрамы жағынан алғанда жасақтаудың пайыздық нормасы (60% – қазақ, қалған 40% – өзге ұлт өкілдері) қатаң сақталынды. Дегенмен, оқуға қабылданған студенттердің саны алдын ала белгіленген жоспарға сай келмегендіктен, қосымша қабылдау жүргізу шешімі қабылданды. Педагогикалық факультетке қажетті қосымша 23 тыңдаушының ішінен 20-сы әр түрлі мекемелердің тарапынан оқуға жіберілетіндігі күтілді [2, 115 а.п.]. 1928 жылдың қазан айында жүргізілген қосымша қабылдаудың нәтижесінде ҚазМУ-дың педагогикалық факультетіне 23 адамның орнына 63 студент оқуға қабылданып, БКП (б) Қазөлкекомның үлестіруі бойынша әр түрлі ұйымдардан аттандырылған студенттер уақытша мемлекеттік стипендианттар деп есептелінді [1, 6 а.п., 7 а.п. - 8 п.].

1928 жылдың қыркүйек және қазан айларында жүргізілген қабылдаудың нәтижесінде барлығы 124 студент қабылданып, олардың 28 қыз бала болды. Педагогикалық факультеттің 3 бөліміне студенттер келесідей сандық арақатынаста үлестірілді: физика-техника бөлімі – 37, жаратылыстану бөлімі – 38, тіл және мәдениет бөлімі – 49 студент. Нақ осы соңғы бөлімде ғана студенттер тілдік ерекшеліктеріне қарай бөлініп, қазақ бөлімінде 24, ал орыс бөлімінде 25 студент білім алуға даярланып жатты [5, 68 а.п.]. 1928-1929 оқу жылына қабылданған 124 студенттің ішінен 50-і шәкіртақымен қамтамасыз етілетін студенттердің қатарына жатқызылды [1, 10-10 а.п.].

С. Асфендиаров өз баяндамасында жоғарғы басшылықтан студенттерді тамақтандыру ісін ұйымдастыруды шұғыл түрде қолға алуды талап етті. Өйткені, 1928-1929 оқу жылында педагогикалық және жұмысшы факультеттерінің, сондай-ақ ҚазМУ-дың жанында орналасқан педагогикалық техникум студенттерінің жалпы саны 200-ден асып түсіп, оларды тамақтандыру үшін асхана ашу кезек күттірмес мәселеге айналды. С.Асфендиаров Алматы қалалық тұтыну қоғамына дереу ҚазМУ-мен, Жұмысшы факультетімен және халыққа білім беру институтымен келісімге отырып, студенттерді қажетті азық-түлік қорымен қамтамасыз ету ісін ұйымдастыруды ұсынды [2, 116 а.п.].

Ташкенттен көшірілген Қазпедвуздың материалдық базасы, Мәскеу, Ленинград және Фрунзе қалаларынан алынған шаруашылық құралдар университеттің кабинеттері мен лабораторияларын, аудиторияларды жабдықтауға жеткіліксіз болуы салдарынан оқудың басталуы бір ай мерзімге кейін шегеріліп, 1 қарашаға белгіленді. Осыған байланысты қысқы демалыс уақытын қысқарту және көктемгі семестрдің мерзімін ұлғайту жоспарланды.

Жоғары оқу орындарын ұйымдастыру ісінде айтарлықтай тәжірибе жинақтап үлгерген С. Асфендиаров ҚазМУ ректоры ретінде педагогикалық факультеттің оқу жоспарын құрастыру ісіне қызу араласып, осы бағыттағы жұмысқа тікелей жетекшілік жүргізеді. 1928 жылы 9 қазанда РКФСР Ағарту халық комиссариатының жанындағы ЖОО бөлімдері бойынша Кәсіптік білім беру Бас басқармасы және Бас оқу кеңесінің ғылыми-педагогикалық секциясы бекіткен оқу жоспарына сәйкес педагогикалық факультеттің 3 бөлімінде 1928-1929 оқу жылында барлығы 69 сағат дәріс сабағы, 20 сағат просеминарлық және лабораториялық сабақтардың, 38 сағат практикумдар мен шетел тілдердің өтуі белгіленді [5, 39 п.]. Педагогикалық факультеттің оқу жоспарын құрастыру кезінде профессорлық-оқытушылық құрамның шектеулі болуы, сондай-ақ студенттердің төмен академиялық даярлығы ескерілді. Осы себептен оқу жоспарында студенттерге негізінен қоғамдық пәндерді оқытуға баса назар аударылып, математика, қазақ және орыс тілдері бойынша сағат саны ұлғайтылды. Сонымен қатар, осы уақытта педагогикалық факультеттің 1928-1929 оқу жылына арналған реалды жоспармен қоса, жаратылыстану бөлімінің 5 жылдық, тіл мен мәдениет бөлімінің 4 жылдық оқу жоспары да құрастырылған болатын [5, 1-4 пп.]. 

Қазақ Мемлекеттік университетті ұйымдастыру барысында орын алған барлық қиындықтарға қарамастан 1928 жылы 1 қазанда оның ресми түрде ашылу салтанаты өтті [6, С. 68.]. Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орнының ашылуы республиканың мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың қатарына кірді. ҚазМУ-ды ұйымдастыру ісіне жоғарғы білім мен ғылым салаларының жетекші қызметкерлері тартылып, мемлекеттің тарапынан қажетті қолдау көрсетілгенімен, университеттің бастапқы кезеңдегі қызметі көптеген қиыншылықтарды бастан кешірді. Кабинеттер мен аудиториялардың нашар жабдықталуына орай студенттер кешкі уақытта қараңғыда оқуға мәжбүр болса, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қазан-қараша айларында жеке пәтерлерде емес, қонақ үйлерде немесе бас оқу ғимаратының жер асты бөлмелерінде уақытша жайғастырылды. Сонымен қатар, Алматыда студенттер мен оқытушылардың оқу процесін қажетті кеңсе заттарымен (қалам, дәптер және т.б.) қамтамасыз ете алатын бірде-бір арнайы дүкен болмады. Оқу процесі 1928 жылдың 1 қарашада басталғанына қарамастан, биология және химия пәндері бойынша мамандардың тапшы болуына орай, аталған пәндер бойынша студенттерге дәріс оқылмай, тәжірибелік сабақтар жүргізілмеді. С. Рождественский университетке химия пәнінің оқытушысы ретінде тек 1928 жылдың 29 қарашасында ғана қызметке алынған болса, биология пәні бойынша студенттерге дәріс оқу үшін Орта Азия мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, белгілі зоолог профессор А. Захваткин шақырылып, оқытушылық міндеттерді атқаруға 1929 жылдың ақпан айының аяғында ғана кірісті [1, 12, 25 пп.].

Дегенмен, 1928-1929 оқу жылында ҚазМУ-дың болашақта қалыпты қызмет етіп, нығаюына мүмкіндік беретін оқу ғимараттарының, ғылыми және қосалқы оқу мекемелерінің желісі құрылды. ҚазМУ-дың педагогикалық факультетімен бірге 1928 жылдың күзінде университеттің жанында жұмысшы факультеті де ашылды. 1928 жылдың күз айларында С. Шейнессон жетекшілік еткен жұмысшы факультетіне 90 адам оқуға қабылданып, олардың 54-і қазақ, қалғандары орыс және аз санды ұлт өкілдері еді [2, 117 п.]. Сонымен қатар, ҚазМУ-дың жанынан педагогикалық техникум, тәжірибелік-үлгілі және ересектер үшін арналған жексенбілік мектептер, жоғары оқу орындарына дайындық курстары қызмет етті. 

С. Асфендиаров республика жұртшылығын университеттің ашылуы туралы хабардар ету мақсатында 1928 жылы қазан айының аяғында «Джетысуйская искра» газетінде «О задачах КазГУ» атты мақала жариялайды. Мақалада С. Асфендиаров университеттің құрылу қажеттілігін негіздей отырып, оның жақын болашақта ұлттық жоғары оқу орнына айналатынына сенім білдірді. Сонымен қатар С. Асфендиаров Қазақстанда ашылған тұңғыш жоғары оқу орны алдында тұрған екі негізгі міндетке де жеке-жеке тоқталып өтеді: «Тыңдаушыларды даярлау арнайы білімдерді игеру және тиісті идеологиялық тәрбие алу бағыты бойынша жүргізіледі. Біз кеңес жұмысшы зиялы қауымын даярлап шығуымыз тиіс. Біздің оқу процесі іс жүзінде алға қойған мақсат-міндеттерімізбен тығыз байланыста жүруі шарт. Сонымен қатар, мәдени даму барысында Қазақ ЖОО біртіндеп ұлттық тілде оқытуға қол жеткізеді, сондықтан да қазақтардың арасынан оқытушылар кадрларын дайындау қажет. Бұл міндет университеттің ғылыми-зерттеу жұмысымен тығыз байланысты. Қазақстанның өндіргіш күштерін, қазақ халқының тарихын, қоғамдық формалардың дамуын, экономикасын және т.б. зерттеу университет тарапынан қолға алынып отыр. Ғылыми-зерттеу жұмысының дамуы болашақта университетті тәжірибелік маңызы бар мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерттеумен айналысатын лабораторияға айналдырады» [7].

С. Асфендиаров ҚазМУ-да ректорлық міндетті атқарумен қатар, белсенді түрде педагогикалық қызметпен де айналысты. 1928-1929 оқу жылында С. Асфендиаров педагогикалық факультеттің студенттеріне «Батыста және Ресейде революциялық қозғалыстың тарихы» пәні бойынша дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізді [1, 4 а.п. - 5 п.]. 1928 жылдың желтоқсан айында С. Асфендиаров ҚазМУ-дың жанында ұйымдастырылуы жоспарланып отырған ғылыми-зерттеу ассоциациясының ережесін құрастырып шығып, жоғарғы басшылықтың назарына ұсынды. Бұл ережеге сәйкес ғылыми-зерттеу ассоциациясына келесідей мақсат-міндеттерді жүктеу көзделді: 1) Қазақстанның мәдениетін, экономикасын, өндіргіш күштерін, тарихын, университеттің оқу жоспарында көрсетілген салалар бойынша ғылыми- зерттеу жұмыстарын жүргізу, жаңа білікті марксистік ғылыми кадрларды даярлау ҚазМУ-дың жанындағы ғылыми-зерттеу ассоциациясының басты міндеті болып табылады; 2) Ассоциация даму барысына байланысты төмендегідей секцияларға бөлінетін болады: өлкетану, тіл-әдебиет, тарих, биология және т.б.; 3) ҚазМУ-дың барлық ғылыми қызметкерлері ассоциацияның мүшелері болып табылады. Сонымен қатар, жеке өтініштер бойынша ассоциацияның жалпы жиналысында сырттан қызметке алынатын кандидатуралар да қарастырылатын болады; 4) Ассоциацияның жұмысы келесідей бағыттарда жүзеге асырылады: а) 1-ші пунктте көрсетілген мәселелер бойынша бірқатар ғылыми баяндамаларды ұйымдастыру; б) Қазақстан бойынша ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыруды қолға алу; в) Қазақ АКСР-нің органдарынан алынған тапсырмалардың орындалуын іске асыру; г) ассоциацияның ғылыми еңбектерін жарыққа шығару; 5) Ассоциация жұмысына жалпы жетекшілік жүргізу үшін жалпы жиналыспен 3 мүшеден тұратын (төраға, оның орынбасары және хатшы) ассоциацияның төралқасы сайланады [5, 55 п.].

1929 жылы 14 қаңтарда С. Асфендиаровтың төрағалығымен өткен ҚазМУ Ұйымдастыру комиссиясының мәжілісінде Х. Досмұхамедовтың 1929-1930 оқу жылында университетті нығайту туралы баяндамасы тыңдалып, оның қорытындысында 14 пункттен тұратын қаулы қабылданды. С. Асфендиаров Ұйымдастыру комиссиясының университетті нығайтуға қатысты қабылдаған қаулысымен жоғарғы басшылықты таныстыру мақсатында 1929 жылы 21 қаңтарда Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариатына хат жолдайды. Хатқа 1929-1930 оқу жылына арналған ҚазМУ ғимараттарының үлестірілу жоспары және оған арналған түсіндірме баяндамасы, университет жер учаскесінің сызба жоспары, 1929-1930 оқу жылында шақырылуы жоспарланып отырған ғылыми қызметкерлердің тізімі және оларды шақырудың шарттары, ҚазМУ-дың оқу жоспары тіркелді [8, 4-26, 32-38 пп.].

С. Асфендиаровтың және Ұйымдастыру комиссиясының ҚазМУ-ды нығайту бойынша алға тартқан бұл ұсыныстары Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариаты коллегиясының 1929 жылы 9 ақпанда өткен мәжілісінде қаралып, олардың негізінде төмендегідей қаулылар қабылданды: 1) ҚазМУ-ды нығайтудың барлық мәселелерін анықтау мақсатында директивті органдардың атынан партиялық және кәсіптік ұйымдарға жеделхатты даярлау, осы арқылы олардың ҚазМУ-ды нығайту жұмыстарына белсенді қатысуына қол жеткізу; 2) РКФСР Ағарту халық комиссариатынан ҚазМУ-да 3 бөлімнен тұратын (мал дәрігерлік, зоотехникалық және экономикалық) ауыл шаруашылық факультетін ашу туралы мәселенің шешілуін сұрау, оның ашылуын Мал дәрігерлік институттың 1-ші курсының ашылуымен сәйкестендіру. Біріккен курсты 100 студентке ашу; 3) Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесін және РКФСР Ағарту халық комиссариатын 1929-1930 оқу жылында ҚазМУ-дың бас ғимараттарын жөндеу және құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін қаражатты бөлдіртуді сұрау: Қазақ АКСР-нің республикалық бюджеті бойынша 100 мың сом, РКФСР мемлекеттік бюджеті бойынша 200 мың сом; 4) ХКК және астананы көшіру бойынша комиссияға ҚазМУ-дың педагогикалық және ашылуы жоспарланып отырған ауыл шаруашылық факультеттерінің ғылыми қызметкерлері үшін пәтерлерді, сондай-ақ студенттердің жатақханасы үшін ғимараттарды бекіту туралы өтініш білдіру; 5) ХКК-не ҚазМУ-дың құрылыс жоспарына ғылыми қызметкерлердің пәтерлері және студенттердің жатақханасы үшін жаңа ғимараттардың тұрғызуды енгізуді өтіну; 6) ҚазМУ-ға эксперименталды мекеме ретінде 9-жылдық тәжірибелі-үлгілі мектепті қосуды мерзімнен бұрын іс деп табу, сондықтан мектеп үшін жеке ғимарат іздестіру қажет. Бұл мәселені шешуді Алматы округтік білім беру бөліміне тапсыру [9, 83 п.]. 

 ҚазМУ-ға қосымша оқу ғимараттарын бөліп беру мәселесі 1929 жылы Қазақ АКСР-нің астанасын Қызылордадан Алматыға көшіруге орай өткір сипат ала бастады. Осы мәселені шешу мақсатында С. Асфендиаров 1929 жылы 4 ақпанда үкіметтік мекемелерді көшіру комиссиясының төрағасы М. Орынбаевқа хат жолдап, онда келесідей ұсыныстарды алға тартты: «1) бұрынғы [Верный] ерлер гимназиясының ғимараты ҚазМУ-ға берілу қажет, өйткені 1929-1930 оқу жылында мал дәрігерлік институт ҚазМУ-мен бір жерде орналасатын болады; 2) Мал дәрігерлік институтқа бөлініп отырған мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумның ғимараты мүлдем жарамсыз, себебі 100-120 мың сомнан кем емес соммаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді және кешенді жабдықтауды талап етеді, бұл шығын орынсыз болып табылады; 3) ерлер гимназиясының ғимаратын бөлу бірқатар кабинеттерді, лабораториялар мен кафедраларды жабдықтауға мүмкіндік береді. Бұл жалпы пәндерге бастапқы кезеңде (алғашқы екі жылда) қос жоғары оқу орнының оқу жоспарларында айтарлықтай орын қарастырылып отыр. Оларға қоғамтану (тарихи материализм, саяси экономия, тапты күрес тарихы, ленинизм), физика, химия, жануартану, биология, өсімдіктану, математика, шетел тілдері және қазақ тілі кіреді. Осы себептен екі ЖОО үшін де жоғарыда көрсетілген кабинеттер мен лабораторияларды жеке-жеке ұйымдастыру орынсыз әрі шығынды іс; 4) Гимназияның ғимаратын беру қос ЖОО екі оқу жылына қажетті ғимаратпен қамтамасыз етіп, осы уақыт аралығында ҚазМУ мен Мал дәрігерлік институт өздеріне қажетті жаңа ғимараттарды тұрғызу мүмкіндігіне ие болады. Мысалы, мал дәрігерлік институтқа округтік жер басқармасы ғимараттарды тұрғызу үшін қажетті жер бөліп беріп отыр. ҚазМУ-дың қазіргі орналасып отырған ғимараты және бұрынғы ерлер гимназиясының ғимараты жалпы пәндер бойынша қос жоғары оқу орнын тұрақты бөлмелермен қамтамасыз етеді; 5) Сұрастырылып отырған ғимаратқа қол жеткізген жағдайда бірден күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және тұрақты қондырғыларды (газ-электр және су құбырлары) орнатуға кірісуге болады; 6) 45 бөлмеден және дәліздік жүйесі бар мал дәрігерлік-зоотехникалық институттың ғимараты кеңес мекемелерін орналастыруға әлдеқайда қолайлы және жөндеу жұмыстары үшін анағұрлым аз шығынды (15-20 мыңнан көп емес) талап етеді. Осыған ұқсас шешімге округтік жер басқармасының жанындағы кеңес те келген болатын; 7) ҚазМУ-дың және Мал дәрігерлік институттың болашақ нығаюы мақсатында, құрал-жабдықтарды, ғылыми күштерді ұтымды әрі үнемді пайдалану үшін бұрынғы ерлер гимназиясы туралы мәселені қайта қарастыру қажет. Ғимарат ҚазМУ-дың меншігіне көшкен жағдайда қос ЖОО тұрақты бөлмелермен қамтамасыз етіп, үкіметтік мекемелердің орналасуына еш зиян келтірмейді» [8, 26-26 а.п.]. 

1928 жылы ақпан айының басында С. Асфендиаров ұқсас мазмұндағы жеделхатты Қазақ АКСР-нің БОАК жанындағы өкілетті өкілі В. Көшербаевқа да жолдап, ҚазМУ-ды нығайту мәселесіне қатысты білдірген ұсыныстары қабыл алынған жағдайда барлық қажетті материалдармен Мәскеуге аттануға даяр екендігін хабарлайды [10, 2 п.]. В. Көшербаев С. Асфендиаровтың атына жолдаған жауапты жеделхатында ҚазМУ-ды және мал дәрігерлік институтты біріктіру мәселесін уақытынан бұрын көтеріліп тұрған мәселе екендігі жайлы хабардар етті. Өйткені, мал дәрігерлік институт жоғарғы оқу орны ретінде тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орта Азия республикалары үшін маңызды болып табылғандықтан, оған Орталықтағы жоғарғы кеңес басшылығы баса назар аударды. Сондықтан да, оны құру ісіне жетекшілік ету Қазақ өкілдігімен Қазақ АКСР-нің Жер шаруашылығы халық комиссариатының қарауына берілді. Қазақ АКСР-нің Ағарту және Жер шаруашылығы халық комиссариаттары арасында жасалған келісімге сәйкес Мал дәрігерлік институтты ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстарды атқару  өкілдіктің жанында құрылған арнайы комиссиямен жүргізілді. Болашақ Мал дәрігерлік институтының жоспары және құрылыс жобалары, сондай-ақ сметалары Мәскеуде құрастырылып, оның ұйымдастырушысы (ректоры) қызметіне профессор Попов белгіленді [10, 4 п.]. Қазақ өкілдігінің мұндай шешімге келуінің басты себептерінің бірі өкілдіктің қызметкері Қ. Балғаевтың Қазақ АКСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовқа 1929 жылы ақпанның соңында жіберген жеделхаттардың бірінде айқын көрсетілді: «ҚазМУ мен Мал дәрігерлік институттың жетекшілігін және ұйымдастыру шараларын біріктіру Орталықтан Мал дәрігерлік институт үшін тұрғызылатын ғимараттардың құрылысына және оны жабдықтауға арналған құралдарға жіберілетін қаражаттың көлеміне тікелей ықпал ететіндіктен, өкілдік Орталықтан Мал дәрігерлік институттың құрылуына қатысты оң шешімдерге қол жеткізу мақсатында С. Асфендиаровтың алға тартқан ұсыныстарынан бас тартып отыр» [10, 3 а.п.].

1929 жылы 15 наурызда С. Асфендиаров жоғарғы басшылықтың алдында ҚазМУ-дың жағдайы бойынша есеп беру үшін және университетті 1929-1930 оқу жылында нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешенінің жобасын негіздеу мақсатында Қызылордаға іссапарға аттанып, ректорлық міндетті уақытша атқару ісін оқу ісі жөніндегі проректоры Е. Мансұровқа тапсырады [1, 27 п.]. 1929 жылы 1 сәуірде С. Асфендиаров Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариаты коллегиясының мәжілісінде ҚазМУ-ды нығайту жөнінде баяндама жасайды [5, 88 п.]. Коллегия С. Асфендиаровтың баяндамасын тыңдай келіп, ҚазМУ-ды одан ары нығайту ісін маңызды деп тауып, осы мәселенің қаралуын БКП (б) Қазөлкекомның қарауына тапсырады. 3 сәуірде С. Асфендиаров БКП (б) Қазөлкеком бюросының мәжілісінде ҚазМУ-ды нығайту мәселелері бойынша көлемді баяндама жасайды. Мәжілістің қорытындысында келесідей маңызды қаулы қабылданды: 1) ҚазМУ-дың одан арғы нығаюы үшін жұмыс істеп тұрған педагогикалық факультетпен қоса ауыл шаруашылық факультетін ашу қажет деп табу. ҚазМУ-ды нығайту, оқу ғимараттарын жөндеу, лабораториялар мен кабинеттерді жабдықтау, оқытушыларды мезгілінде шақыру сынды мәселелерді шешу үшін С. Асфендиаровты дереу Мәскеуге іссапарға аттандыруды қажет; 2) Мемлекеттік жоспарлау комитетіне ҚазМУ-дың ғимараттарын жөндеу жұмыстарына қаражат бөлу мүмкіндігін арнайы қарастыруды тапсыру; 3) Тыңдаушылардың ұлттық құрамын қатаң түрде қамтамасыз ету: 60% қазақ және 10% аз санды шығыс ұлт өкілдері. Осы мақсатта Ағарту халық комиссариаты осы жылы Қазақстанның, Орынбордың және Ташкенттің жұмысшы факультеттерін және техникумдарын аяқтап жатқан қазақтарды оқуға аттандыру шараларын қолға алсын. Халық ағарту институттарын және педагогикалық техникумдарды аяқтаған мұғалімдер үшін педагогикалық факультетке қабылдау емтихансыз оқуға қабылдануын мүмкін деп санау. Қабылдау туралы халыққа кеңінен хабардар ету; 4) қазақ және аз санды шығыс ұлттарының қыздарын оқуға даярлау және қабылдау шараларын қолға алып, осы жылы олардың санын барлық студенттердің 10%-на дейін жеткізу; 5) Ағарту халық комиссариатына және ҚазМУ-ға осы жылы оқуға қабылданатын тыңдаушылардың құрамын уақытында анықтау, бүгінгі күннен бастап жұмысшылардың, батрактардың, қазақ ұлдары мен қыздарының жазғы дайындығын ұйымдастырып, студент қауымының тиісті әлеуметтік және ұлттық құрамын қамтамасыз ету. Студенттерді жасақтау кезінде алып отырған қиындықтарды ескере отырып, ҚазМУ-дың жанынан қызмет ететін дайындық курстарды ұйымдастыру. Округтік парткомдарға ҚазМУ-ға оқуға 30 адамды, оны ішінен 20 қазақты аттандыруды ұсыну; 6) Осы жылы оқуға қабылданатын тыңдаушылардың әлеуметтік құрамына баса назар аудару, бай-кулак элементтеріне жол бермеу. Еуропалықтардың даярлығы жоғары болғандықтан оларға қатысты қатаң іріктеу орын алуы тиіс; 7) ҚазМУ студенттерінің тұрмыс жағдайын жақсартуға күш салу керек, С. Асфендиаровқа тамызда студенттердің тұрмысын ұйымдастыру бойынша арнайы баяндама жасауды ұсыну; 8) С. Асфендиаровқа Қазөлкекомның атынан БКП (б) Орталық Комитетінің алдында Қызыл профессура институтын аяқтаған екі профессорды ҚазМУ-ға жіберу туралы мәселені көтеру ісін тапсыру [11, 249-251 пп.].

1929 жылы 8-15 сәуір аралығында С. Асфендиаров Қазақ АКСР кеңестерінің VII съезіне қатынасып, ол жұмысын аяқтаған соң, ҚазМУ істері бойынша Мәскеу қаласына іссапарға аттанады. Мәскеуде екі айға жуық мерзім ішінде С. Асфендиаров жоғарғы кеңес және партия басшылығының алдында Қазақ Ағарту халық комиссариатының, Қазақ ХКК-нің және БКП (б) Қазөлкеком бюросының 1929-1930 оқу жылында ҚазМУ-ды нығайтуға қатысты қабылдаған шешімдерін орындауға көп күш-қайрат жұмсады. Іссапардың нәтижесінде С. Асфендиаров БОАК жанындағы Қазақ АКСР-нің өкілетті өкілдігімен бірлесе отырып, РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің ҚазМУ үшін қажетті болған оқу ғимараттарының жөндеу және құрылыс жұмыстарына, кабинеттер мен лабораторияларды жабдықтауға, университетің кітапханасына қажетті басылымдарды алдыртуға қаражат бөлуіне оң шешім шығаруына, РКФСР Ағарту халық комиссариатының ЖОО бөлімінде және Кәсіптік білім беру Бас басқармасында педагогикалық  факультеттің 1929-1930 оқу жылына арналған оқу жоспарын, ҚазМУ-дың ғылыми қызметкерлері штатын бекітуіне қол жеткізілген болатын.

Алайда, осы іссапардың қорытындысы бойынша С. Асфендиаров және Қазақ өкілдігінің қызметкерлері Қазақ республикасы үкіметінің тарапынан көрсетілген барлық көмекке қарамастан РКФСР Ағарту халық комиссариатының алдынан 1929-1930 оқу жылында ҚазМУ-да ауыл шаруашылық факультетін ашу туралы мәселені өткізе алмады. 1929 жылы 15 мамырда Қазөлкекомның 1-ші хатшысы Ф. Голошенкиннің қатысуымен өткен РКФСР Ағарту халық комиссариаты коллегиясының мәжілісінде ҚазМУ-да ауыл шаруашылық факультетті ашу туралы қаулысын қайта қарастырып, оның күшін жойған болатын. Коллегия ҚазМУ-да ауыл шаруашылық факультетті ағымдағы бес жылдықта ашу қажеттілігін мойындау туралы қаулы қабылдағанымен, ұйымдастырудың нақты мерзімін белгілеуден бас тартты [12, 59 п.]. РКФСР Ағарту халық комиссариаты бұл мәселе бойынша өз келісім бермеуін 1929-1930 және 1930-1931 оқу жылдарында ҚазМУ-да ауыл шаруашылық факультетін ашу комиссариаттың 5-жылдық жоспарында қарастырылмағандығымен түсіндірді. РКФСР Ағарту халық комиссариатының қаулысымен танысқан РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі де 1930 жылы республикадағы барлық жоғары оқу орындарының желісін қайта қарастыру салдарынан бұл мәселені алдымен РКФСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің қарауына тапсыру қажеттігі туралы шешім қабылдады. Осылайша, жоғарғы кеңес басшылығы 1930 жылы Қазақстанда жеке мал дәрігерлік институттың ұйымдастырылуы жоспарланып отырғандықтан, 1930-1931 оқу жылында да ҚазМУ-да ауыл шаруашылық факультетті ашудың барлық ұмтылыстары оң нәтиже бермейтіндігі туралы айқын білдіруге тырысты [12, 59 п.].

1929 жылы 5 маусымда С. Асфендиаров Мәскеуден қайта оралып, ҚазМУ-дың ректоры қызметін атқаруға кіріседі [1, 38 а.п.]. ҚазМУ-ды нығайтуға қатысты Орталықтан тиісті шешімдер алынған соң, оларды іс жүзіне асыру үшін білім беру және ағарту саласының жетекші кеңес органдарымен бірлесе отырып әрекет етуді қажет етті. Осыған байланысты, 1929 жылы 24 маусымда өткен Қазақ АКСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісінде Ағарту халық комиссариаты коллегиясының құрамына ҚазМУ-дың ректоры С. Асфендиаровты кіргізу туралы шешім шығарылды [13, 153 п.]. 1928-1929 жылдары С. Асфендиаров негізінен ҚазМУ-ды ұйымдастыру істерімен айналысқан болса, 1929 жылдың екінші жартысынан бастап республиканың жоғарғы кеңес және партия органдары оны білікті маман ретінде елдегі жоғарғы білім мен ғылымның, мәдениет пен өнер мәселелерін шешу үшін құрылып отырған түрлі комиссиялардың жұмысына тұрақты түрде тарта бастайды. Мысалы, 1929 жылдың 2 қыркүйегінде С. Асфендиаров БКП (б) Қазөлкекомының үгіт-насихат бөлімі коллегиясының шешімімен көркем кеңестің құрамына мүше ретінде кіргізілсе, 8 қыркүйекте С. Асфендиаров Қазөлкекомның жанынан қазақ көркем әдебиетінің мәселелерін құрастыру міндеті жүктелген комиссияның мүшелері қатарынан орын алды [12, 18 п.]. Сәл кейінірек, 23 қыркүйекте Үгіт-насихат бөлімі коллегиясының шешімімен С.Асфендиаров  Смирнов, О. Жандосов, М. Жұлдыбаев, Болатов, Идельсон сынды қайраткерлермен бірге Өлкелік әдістемелік бюроның құрамына кірді [12, 18 п.].

ҚазМУ-дың алғаш 1928-1929 оқу жылының көктемгі сессиясы 15 маусымда аяқталып, педагогикалық факультеттің студенттері 15 қыркүйекке дейін жазғы демалысқа шығарылды. 1929 жылдың мамыр-шілде айларында ҚазМУ-дың ғылыми қызметкерлерінің қатарын О. Жандосов пен Ә.Байдилдин, сондай-ақ белгілі этнограф-ғалым, профессор В. Кун толықтырды [1, 37  а.п., 45 а.п.]. Жазғы уақытта ҚазМУ-дың 1929-1930 оқу жылына қызу даярлық жүргізілді. Оның барысы және ҚазМУ-дың алғаш оқу жылында қол жеткізген табыстары туралы қалың жұртшылықты хабардар ету мақсатында шілде айында С. Асфендиаров «Советская степь» газетіне көлемді сұхбат берген болатын. Онда С. Асфендиаров оқырмандарды 1928-1929 оқу жылында орын алған көптеген қиындықтарға қарамастан, университеттің тыңдаушылары жақсы білім көрсеткіштеріне қол жеткізгендіктері, Мәскеуден 35 мың сомға қажетті оқу құралдары мен материалдық жабдықтар алынғандығы, кітапханада 150 мың дана кітап жиналғандығы туралы мәлім етті. Сонымен қатар, С. Асфендиаров 1929-1930 оқу жылында ҚазМУ-да ауыл шаруашылық факультетінің ашылмайтындығы туралы өкінішпен айта келіп, осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралармен таныстырды. Өз сұхбатында С. Асфендиаров ҚазМУ-дың жаңа 1929-1930 оқу жылына тыңдаушыларды қабылдау және іріктеу мәселесіне баса назар аударды. С.Асфендиаровтың мәлімдеуінше, 60-қа жуық қазақ студенттерін ҚазМУ-ға Алматыда және Орынборда ашылған ЖОО-на даярлық курстары, сонымен қатар әрбір округтік білім беру бөлімі педагогикалық техникумды аяқтаған 3-5 түлекті аттандыратын болса, қалған бөлік Алматы және Семейдің 9-жылдық мектептерін бітірген талапкерлерден іріктелетін болады [14].

1929 жылдың 14 тамызында ректор С. Асфендиаров байқау сынақтарын өткізу үшін қабылдау комиссиясын құру туралы бұйрыққа қол қойды. В. Потапов төрағалығындағы комиссияға О. Жандосов, А. Ермеков, Титов, Н. Фатов. С.Асфендиаров, Л. Федулова, С. Рождественский, Слесарев мүше ретінде кіріп, оларға 25 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында талапкерлердің білімін тексеру және қабылдау сынақтарының кестесін құру тапсырылды [1, 48 п.]. Комиссия жұмысының қорытындысында 1929-1930 оқу жылында ҚазМУ-дың педагогикалық факультетінің 1-ші курсына барлығы 150 студент оқуға қабылданып, олардың 52-сі физика-техника бөліміне, 46-сы – жаратылыстану бөліміне, 52-сі – тіл және мәдениет бөліміне (27-сі – ұлттық және этникалық мәдениет секциясына, 25-сі – тіл мен әдебиет секциясына) үлестірілді [1, 52 а.п. - 54 п.].

1929 жылдың қыркүйек айында ҚазМУ-дың басқару құрамы бірқатар өзгерістерге ұшыраған болатын: осыған дейін әкімшілік-шаруашылық істер жөніндегі проректор қызметін атқарып келген Х. Досмұхамедов педология кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалып, профессор атағына қол жеткізді; оның орнына проректорлық қызметке М. Кеплер тағайындалды; 1929 жылы мамырда Орта Азия мемлекеттік университетінен ҚазМУ-ға қызметке ауысқан профессор В. Кунға университеттің жанынан ұйымдастырылған ғылыми кітапханаға жетекшілік жүргізу ісі сеніп тапсырылды; 1928-1929 оқу жылында ҚазМУ-дың жанындағы жұмысшы факультетін меңгеріп келген С. Шейнессон қызметтен босатылып, оның орнын Н. Залиев басты; университеттің ғылыми қызметкерлердің қатарын І. Қабылов және Арыстанов толықтырды. 1928-1929 оқу жылында ҚазМУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы 7 профессордан (Х. Досмұхамедов – педология кафедрасы бойынша, А. Захваткин – биология және зоология кафедрасы, Н. Фатов – орыс әдебиеті кафедрасы, С. Асфендиаров – Шығыс тарихының профессоры, Н. Караваев – химия кафедрасы, А. Вайнфельд – математика кафедрасы, А. Соколов – түркітану кафедрасы), 4 доценттен (В.Потапов пен Ә. Ермеков – математика кафедрасының бойынша, Е.Мансұров – қоғамтану кафедрасы және М. Солонина – тілі білімі кафедрасы бойынша), 5 оқытушының аға ассистентінен (Муравьев – саяси экономия бойынша, С. Рождественский – химия, А. Линчевский – Батыс Еуропа әдебиеті, С. Шейнессон – математика, Б. Ровинский – физика), 2 ассистенттен (Х. Теплова – биология, И. Железнов – физика), 4 лектордан (В. Дубошин – ағылшын тілі, Х. Моани – парсы тілі, Т. Данилов – әскери пәндер, А. Кардош – неміс тілі, Т. Шонанұлы – қазақ тілі) және 5 оқытушыдан (Муравьев – саяси экономия, Ананьин – дене шынықтыру, Брайнин – Батыс тарихы, Мурзин – экономикалық география, Страхов – педология) тұрды [1, 61 а.п. - 63 а.п.]. Сәл кейінірек университеттің ғылыми қызметкері ретінде профессор И. Автухов, доцент Н. Косоротов, жергілікті ұлт өкілдерінен С. Сейфуллин, Қ. Жұбанов және араб тілінің оқытушысы Ахметов жұмысқа алынды. 

1929 жылы ҚазМУ-дың 1-жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді. Университеттің ректоры С. Асфендиаров «Советская степь» газетінде осы мерекелік шараға орайластырып «Первая годовщина КазГУ» атты мақала жариялайды. Мақалада С. Асфендиаров ҚазМУ-дың 1928-1929 оқу жылында қол жеткізген табыстарына және оның алдында тұрған міндеттерге кеңінен тоқталып өтеді [15]. Сонымен қатар, 1929 жылы 21 қазанда С. Асфендиаров БКП (б) Қазөлкеком үгіт-насихат коллегиясының мәжілісінде ҚазМУ-дың 1928-1929 оқу жылының қорытындылары және даму перспективалары туралы есепті баяндама жасайды [12, 50 п.]. Мәжіліс С. Асфендиаровтың баяндамасын талқылау барысында ҚазМУ-дың 1928-1929 оқу жылы күрделі ұйымдастыру кезеңімен қатар жүргендігін және жалпы алғанда оқу жоспарын орындалғандығын ескере отырып, бірінші жылдың қорытындыларын қанағаттанарлықтай деп тапты. Жарыссөзден кейін мәжіліс С. Асфендиаровтың баяндамасының негізінде қарар қабылдап, онда қабылдау кезінде тыңдаушылардың тек ұлттық құрамына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік шығу тегіне де айтарлықтай назар аударылуы тиіс екендігі, университетке ең алдымен жұмысшы факультеттерінің түлектері, әсіресе қазақ жастары қатаң іріктеудің негізінде оқуға қабылдану қажеттілігі, университет басшылығы және Ағарту халық комиссариаты студенттердің тұрмыс жағдайын (жатақханалардың жабдықталуы, асхананың азық-түліктермен қамтамасыз етілуі, санитарлық-гигиеналық нормалардың қатаң сақталынуы және т.б.) жақсартуға қатысты іс-шаралардың кешенін атқару, ҚазМУ-ға жоғары білімді ғылыми-педагогикалық кадрларды тарту жұмыстарын жалғастыру, 1930-1931 оқу жылында ҚазМУ-дың жанынан ауыл шаруашылық факультетті ашуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру туралы айтылды [12, 54-54 а.п.]. 

1929 жылы 23 желтоқсанда С. Асфендиаров Алматыда жоғары оқу орындарына және үкімет мекемелеріне ғимараттарды тұрғызу мәселесін талқыға салған Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісіне қатысады. Мәжілістің қорытындысында ҚазМУ-да 1930-1931 оқу жылында ауыл шаруашылық факультетінің ашылуы күтілгендіктен және университетті нығайту жоспарына орай Алматыдан ауыл шаруашылық және мал дәрігерлік техникумдарды өзге қалаларға көшіру қажет деп табылып, олардың босаған оқу ғимараттарын және жатақханаларын ҚазМУ-дың және Мал дәрігерлік институттың қажеттіліктеріне беру туралы қаулы қабылданды. Сонымен қатар, ҚазМУ-ды нығайту жұмыстарына республикалық бюджеттен 250 мың сом қаржы бөлу туралы шешім шығарылды [16, 141 п.].

1929 жылдың 31 желтоқсанында С. Асфендиаров 1930 жылдың қаңтар айында өтуі жоспарланып отырған Бүкілресейлік ректорлардың кеңесінің жұмысына қатынасу үшін Мәскеу қаласына іссапарға аттанып кетеді [1, 70 п.]. Бұл кеңеске бүкіл РКФСР жоғары оқу орындарының ректорлары жиналып, жоғарғы білім мен мектептің, педагогикалық кадрларды даярлаудың өзекті мәселелерін талқыға салды. Кеңес өз жұмысын аяқтаған соң, С. Асфендиаров БОАК жанындағы Қазақ АКСР-нің өкілетті өкілдігімен біріге отырып, РКФСР Ағарту халық комиссариатының және Халық Комиссарлар Кеңесінің алдында 1930-1931 оқу жылында ҚазМУ-да ауыл шаруашылық факультетті ашу туралы мәселені қайтадан көтерген болатын. Алайда, ректорлық кеңестің материалдары көрсеткендей, жоғарғы кеңес басшылығы тиісті материалдық базаға және білікті профессорлық-оқытушылық құрамға ие болмаған университеттердің жанынан ауыл шаруашылық факультеттерді ашуды қолдамайтындығын білдірді [17].

1929 жылы ақпан айының аяғында Мәскеуден оралған С. Асфендиаров ҚазМУ-ды нығайту жолындағы жұмыстарын қайтадан жалғастыра түседі. 1930 жылдың көктем айларында жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысында Қазөлкеком 1930-1931 оқу жылында Қазақстандағы жоғары оқу орындарын қайта ұйымдастырудың төмендегідей іс-шараларын белгіледі: 1) Қазақ Мемлекеттік университетті Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институт (ҚазМПИ) ретінде қайта құру және жылдық тыңдаушылардың санын 400-ге дейін қысқарту; 2) ҚазМПИ-дің қарауына берілетін жұмысшы факультеті, тыңдаушылардың жылдық саны – 400 адам; 3) Мал дәрігерлік институт, жылдық құрамы 600-ден 400 студентке дейін кемітілді; 4) Ауыл шаруашылық институты, жылдық қабылдау 250 адам және институттың жанынан 150 тыңдаушыға жұмысшы факультетін ашу; 5) Голощекин атындағы Коммунистік жоғары оқу орны (Комвуз), жылдық нормасы 150 адам және оның жанында газет қызметкерлерін, кеңес-партиялық мектептердің оқытушыларын және Комвузға оқуға даярлайтын курстарды ашу [18, 259 п.]. Қазақстандағы жоғары оқу орындарды ұйымдастыру, олар үшін оқу және тұрғын ғимараттарды тұрғызу мәселесін Мемлекеттік жоспарлау комитетінде өткізу мақсатында Халық Комиссарлар Кеңесінің жанында С. Асфендиаровтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылды [18, 35 п.]. Осы комиссия жұмысының қорытындысында Қазақстанның халық шаруашылығын білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін республикада мамандырылған жоғары оқу орындарын тек ҚазМУ-дың төңірегінде емес, жеке-жеке құру ұйғарылды. 1928 жылы өмірге келген ҚазМУ-ды жаңа оқу жылынан Қазақ Мемлекеттік педагогика институты етіп қайта ұйымдастыру, 1929 жылы ашылған Мал дәрігерлік институтты одан әрі нығайтып жетілдіру, сондай-ақ Алматыда 1930-1931 оқу жылында ауыл шаруашылық және медициналық институттарды құру жоспары құрастырылды. 

1930 жылдың басында Қазақ республикасының жоғарғы басшылығы елде тұңғыш медициналық жоғары оқу орнын құру ісін қолға алып, оны ұйымдастыру жұмыстарын С. Асфендиаровқа жүктеген болатын. Санжар Асфендиаровтың ҚазМУ-дың ректоры қызметінен босатылу мүмкіндігі 1930 жылдың маусым айында ҚазМУ жанындағы БКП (б) ұяшығының мәжілісінде талқыға салынды. Осы мәжілісте С. Асфендиаров 1930-1931 оқу жылынан бастап ҚазМПИ болып қайта құрылатын ҚазМУ-дың директоры қызметіне О. Жандосовты тағайындау қажеттігі туралы ұсыныс білдіреді. Мәжіліс бұл ұсынысты қабыл ала отырып, О. Жандосовтың ҚазМПИ директоры етіп тағайындау және оны осы мақсатта Алматыда жауапты қызметте қалдыру туралы БКП (б) Қазөлкекомына өтініш білдіру қажет деген қаулы қабылдайды [19, 13 п.]. 

Кезекті оқу жылы аяқталғаннан кейін, С. Асфендиаров өзінің орынбасарын Е. Мансұровты, профессор И. Автуховты және Б. Ровинскийді 1930 жылы маусым айында педагогикалық факультеттің қайта құрастырылған оқу жоспарларын РКФСР Жоғарғы оқу кеңесінде, сондай-ақ 1930-1931 оқу жылына арналған сметаларды және құрылыс жоспарларын РКФСР Ағарту халық комиссариатында өткізу мақсатында бір ай мерзімге Мәскеу және Ленинград қалаларына іссапарға аттандыру туралы бұйрық шығарады [1, 102 п.]. Сәл кейінірек, С. Асфендиаров та ҚазМУ-ға жетекшілік ету ісін О. Жандосовқа тапсырып, Мәскеу қаласына іссапарға аттанып кетеді [1, 104 а.п.]. Бұл сапар кезінде С. Асфендиаров РКФСР Ағарту халық комиссариатының және РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің алдынан ҚазМУ-ды ҚазМПИ етіп қайта ұйымдастыруға қатысты қажетті шешімдерге қол жеткізу бағытында әрекет етумен қатар, жоғарғы басшылықтың алдында 1930 жылдың күзінде Қазақстанда медициналық институтты құру қажеттілігін негіздеу жұмыстарын жүргізеді. 

1930 жылы тамыздың басында Мәскеуден оралған С. Асфендиаров ҚазМУ-ды жаңа оқу жылынан бастап Қазақ Мемлекеттік педагогика институты ретінде қайта ұйымдастыру ісіне кіріседі. 1930 жылы тамыздың ортасында С. Асфендиаров ҚазМУ жанындағы БКП (б) ұяшығының мәжілісінде 1930-1931 оқу жылына дайындық туралы баяндама жасайды. Мәжіліс баяндаманы талқылай келе тыңдаушылардың құрамын жасақтау, оқу жоспарын және қаржы сметаларын құру, сырттан ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді шақыру бағытында жұмыстар қанағаттанарлық деңгейде атқарылды деп тапты. Сонымен қатар, мәжілісте ҚазМУ-дың, Мал дәрігерлік институттың, жұмысшы факультетінің, Ауыл шаруашылық институтының, педагогикалық техникумдардың тыңдаушыларын тиісті дәрежеде тамақтандыру үшін жоғарғы кеңес органдарынан 2,5 мың студентке арналған ортақ асхананы құру мәселесін көтеру туралы шешім қабылданады. Ұяшық ҚазМУ-дың ғимараттарына қатысты жасалынып жатқан жөндеу жұмыстары баяу қарқынмен жүргізіліп жатқандығына алаңдаушылық білдіріп, осы мәселе бойынша Қазөлкекомға шұғыл түрде хабарлама жасауды қаулы етті [19, 37 п.].

ҚазМУ-ды ҚазМПИ етіп қайта құруға, сондай-ақ педагогикалық факультеттің 1-2-ші курс студенттерінің айтарлықтай бөлігі сауатсыздықпен жаппай күрес жұмыстарына жұмылдыруына байланысты 1930-1931 оқу жылында сабақтың басталу уақыты 20 желтоқсан деп белгіленді. Осы уақытта ҚазМУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы айтарлықтай кеңейіп, жалпы саны 62 ғылыми қызметкерге дейін жеткен болатын [1, 120-122 пп.].

1930 жылы 23 қарашада БКП (б) Қазөлкекомы С. Асфендиаровтың Қазақ медициналық институттың директоры қызметіне тағайындайды [20, С. 321.]. 1931 жылдың ақпан айына дейін С. Асфендиаров ҚазМПИ және ҚазМИ институттарының директоры қызметтерін қатар алып жүреді. 1931 жылы 12 ақпанда ҚазМПИ-дің жанындағы БКП (б) базалық ұяшығының мәжілісінде Қазөлкеком үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі С. Садуәқасов С. Асфендиаровты директорлық қызметтен босату және оның орнына Бәймен Алмановты ұсыну туралы хабарлама жасайды. Мәжіліс С. Асфендиаровтың медициналық білімі бар қабілетті ұйымдастырушы екенін ескере отырып, бұл тағайындауды орынды деп тапты. Мәжілісте сөз сөйлеген институттың қызметкерлері Смирнов, Муравьев, Баталов, Брайнин, Такежанов ректор Санжар Асфендиаровтың 1928-1930 Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ мемлекеттік университетті құруға және оны 1930-1931 жылдары  педагогикалық институт ретінде қайта ұйымдастыруға сіңірген еңбегін жоғары бағалады [19, 58-59 пп.]. 1931 жылдың 16 ақпанында С. Асфендиаров ҚазМПИ-дің директоры қызметіне тағайындалған Б. Алмановқа барлық істерді тапсырып, өзі медициналық институтты құруға бел шеше кіріскен болатын.

1928-1930 жылдар аралығында ҚазМУ ректоры және 1930-1931 жылдары ҚазМПИ директоры қызметтерін атқарған жылдары профессор С.Асфендиаров аталмыш жоғары оқу орнын Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымның ошағына айналдыру жолында аянбай еңбек етті. Санжар Асфендиаровтың тұсында университетке Мәскеу, Ленинград, Киев және Ташкент қалаларынан 50-ге тарта жоғары білікті мамандар қызметке алынды. 1928 жылы С. Асфендиаровтың тікелей басшылық етуімен Ташкенттегі Қазпедвуздың материалдық базасы, кітап қоры және оқу жиһаздары Алматы қаласына көшірілді. С. Асфендиаровтың беделінің арқасында ҚазМУ-дың қажеттіліктеріне бұрынғы Верный ерлер және қыздар гимназияларының оқу ғимараттары мен жатақханалары, кітапханасы, ғылыми қызметкерлер орналасатын тұрғын үйлер бөлініп берілді. Ректор С. Асфендиаровтың тапжылмай ерік танытуының нәтижесінде ҚазМУ-дың жанынан жоғары оқу орындарына маман даярлайтын жұмысшы факультеті, педагогикалық техникум, 9-жылдық тәжірибелі-үлгілі мектеп, қысқа мерзімді және тұрақты педагогикалық курстар, жексенбілік университет ұйымдастырылып, халық үшін қызмет етті. С. Асфендиаровтың бастама көтеруімен 1928-1931 жылдар аралығында ҚазМУ-дың жанынан кітап қоры 150 томға жеткен республикадағы ең ірі әрі бай ғылыми кітапхана, мұражай және студенттік асхана ашылды.

С. Асфендиаров қауырт қоғамдық және ұйымдастырушылық қызметіне қарамастан жыл сайын ҚазМУ үшін тыңдаушыларды іріктеумен айналысқан қабылдау комиссиялардың жұмысына тікелей басшылық жүргізіп, жүздеген қазақ жастарына университет қабырғасында білім алуына жол ашты. С.Асфендиаров ҚазМУ-да білім алуға ерік танытқан талапкерлердің білімін сынап қана қоймай, олардың қабілетіне қарай үлестіруге де араласты. Оның дәлелін біз академик Қ. Жұмалиевтің естелігінен таба аламыз. 1929 жылы тамызда Қ. Жұмалиев қабылдау сынақтарынан сүрінбей өтіп, педагогикалық факультеттің жаратылыстану бөліміне оқуға қабылданды. Қазақ тілінен сынақ тапсыру барысында «Абай Құнанбаев» атты тақырыпта мазмұндама жазып, өз әдеби тілімен, ойының кеңдігімен сынақ қабылдаушыны тәнті етті. Осы себептен ол студент Қ. Жұмалиевті тіл және мәдениет бөліміне оқуға ауыстыру туралы ректор С. Асфендиаровқа өтініш білдірді. С. Асфендиаров Қ. Жұмалиевті өзіне шақыртып, ұзақ әңгіме барысында оны тіл және мәдениет бөліміне ауысуға шақырды. С. Асфендиаров өзінің бұл ұсынысын былайша негіздеп берген болатын: «Қазақстанның қазіргі мәдени тілектерін қанағаттандыру үшін гуманитарлық ғылым өкілдері өте қажет. Қазақ әдебиетінің тарихынан жеке мақалалар болмаса, не оқулық, не оқу құралы әлі жоқ. Жақында «Қазақ әдебиетінен не бар» деп сұрағанымда, кітапханада істеуші жолдастар, жөнді еш нәрсе атай алмады. Ертеңгі ғалымдар да, орта мектеп және ВУЗ-дарды оқулықпен қамтамасыз ететін авторлар да, әдебиетіміздің тарихын жасаушылар да біздің университеттен шығулары керек. Демек, әңгіме сіздің өз басыңыз ғана емес, одан кеңірек көлемде екендігін аңғарыңыз. Жазушы жолдастардың тілектерін осылай ұғынғандықтан да мен сізді литфакқа ауыстыруға уәде бердім» [21, 191-192 бб.]. Осылайша, С. Асфендиаров бар ғұмырын қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясын зерттеуге арнаған академик Қ. Жұмалиевке болашаққа жол сілтеп, оның тағдырына шешуші түрде ықпал еткен. 

Ректор С. Асфендиаров педагогикалық факультеттің оқу процесін ұйымдастырумен қатар ҚазМУ-ды республикадағы жетекші ғылыми орталыққа айналдыруға ұмтылып, университеттің жанынан Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, өнерін, өндіргіш күштері мен табиғат байлықтарын зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу ассоциациясын құрды. Ассоциацияның мүшелері жыл сайын археологиялық және өлкетанушылық экспедицияларға аттанып, қазақ халқының тарихына қатысты тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерді, халық ауыз әдебиетінің туындыларын жинақтаумен шұғылданды. С. Асфендиаров өзі жетекшілік еткен университетте белсенді түрде оқытушылық қызметпен айналысып, студенттерге «Революциялық қозғалыстардың тарихы» пәні бойынша дәріс оқыды. С. Асфендиаров бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын тереңдете отырып, 1932 жылы институттың сырттай оқу бөлімінің 2-ші курс студенттеріне арналып жазылған «История национально-революционных движений на Востоке» атты оқу құралын жарыққа шығарды [22].

Әдебиеттер

1 ҚРОММ. Р-1142-қ. 1-т. 1-іс.

2 ҚРОММ. Р-30-қ. 1-т. 639-іс.

3 ҚРПМ. 2-қ. 1-т. 73-іс.

4 ҚРПМ. 2-қ. 1-т. 252-іс.

5 ҚРОММ. Р-81-қ. 1-т. 1493-іс.

6 Культурная жизнь в СССР. 1928-1941 гг. Хроника. – Москва: Наука, 1976. – 818 с.

7 С. Асфендиаров. О задачах КазГУ // Джетысуйска искра. – 1928. – №119. – 28 октября.

8 ҚРОММ. Р-30-қ. 1-т. 1295-іс.

9 ҚРОММ. Р-81-қ. 1-т. 1361-іс.

10 ҚРОММ. Р-30-қ. 1-т. 1174-іс.

11 ҚРПМ. 141-қ. 1-т. 336-іс.

12 ҚРПМ. 141-қ. 1-т. 2782-іс.

13 ҚРОММ. Р-30-қ. 1-т. 1031-іс.

14 Асфендиаров С. О подготовке КазГУ к новому учебному году // Советская степь. – 1929. – 4 июля.

15 Асфендиаров С. Первая годовщина КазГУ // Советская степь. – 1929. – 7 октября.

16 ҚРОММ. Р-30-қ. 1-т. 1033-іс.

17  Толығырақ қараңыз: Материалы ректорского совещания. (Январь1930г.). – Москва-Ленинград:Госиздат, 1930.

18 ҚРОММ. Р-30-қ. 1-т. 1205-іс.

19 ҚРПМ. 448-қ. 1-т. 1-іс.

20 Ашимбаев Д., Хлюпин В. Казахстан: история власти. Опыт реконструкции. – Алматы: Credos, 2008. – 920 с.

21  Жұмалиев Қ. Жайсаң жандар. (Естеліктер).  – Алматы: Жазушы, 1969. – 348 б.

22 Асфендиаров С.Д. История национально-революционных движений на Востоке (задание 1-е). – Алма-Ата: Казгосиздат, 1932. – 24 с.

References

1 KROMM. R-1142-k. 1-t. 1-іs.

2 KROMM. R-30-k. 1-t. 639-іs.

3 ҚRPM. 2-k. 1-t. 73-іs.

4 ҚRPM. 2-k. 1-t. 252-іs.

5 KROMM. R-81-k. 1-t. 1493-іs.

6 Kul'turnaja zhizn' v SSSR. 1928-1941 gg. Hronika. – Moskva: Nauka, 1976. – 818 s.

7 S. Asfendiarov. O zadachah KazGU // Dzhetysujska iskra. – 1928. – №119. – 28 oktjabrja.

8 KROMM. R-30-k. 1-t. 1295-іs.

9 KROMM. R-81-k. 1-t. 1361-іs.

10 KROMM. R-30-k. 1-t. 1174-іs.

11 KRPM. 141-k. 1-t. 336-іs.

12 KRPM. 141-k. 1-t. 2782-іs.

13 KROMM. R-30-k. 1-t. 1031-іs.

14 Asfendiarov S. O podgotovke KazGU k novomu uchebnomu godu // Sovetskaja step'. – 1929. – 4 ijulja.

15 Asfendiarov S. Pervaja godovshhina KazGU // Sovetskaja step'. – 1929. – 7 oktjabrja.

16 KROMM. R-30-k. 1-t. 1033-іs.

17 Tolygyrakkaranyz: Materialy rektorskogo soveshhanija. (Janvar' 1930 g.). – Moskva-Leningrad: Gosizdat, 1930.

18 KROMM. R-30-k. 1-t. 1205-іs.

19 ҚRPM. 448-k. 1-t. 1-іs.

20 Ashimbaev D., Hljupin V. Kazahstan: istorija vlasti. Opyt rekonstrukcii. – Almaty: Credos, 2008. – 920 s.

21 Zhumaliev K. Zhajsan zhandar. (Estelіkter).  – Almaty: Zhazushy, 1969. – 348 b.

22. Asfendiarov S.D. Istorija nacional'no-revoljucionnyh dvizhenij na Vostoke (zadanie 1-e). – Alma-Ata: Kazgosizdat, 1932. – 24 s.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь