Главная » Материалы » ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН АРАСЫНДАҒЫ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ДАМУ ДЕҢГЕЙІ ЖӘНЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ

М.О. Иембекова¹. ¹Т.ғ.к., доцент. «Нархоз» Университеті. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН АРАСЫНДАҒЫ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ДАМУ ДЕҢГЕЙІ ЖӘНЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(24) қазан-желтоқсан, 2020

Теги: Еуразиялық, дағдарыс, кедендік, қатынастары, сауда-тауар, Қазақстан-Қырғызстан, экономикалық, одақ.
Аннотация:
Аңдатпа. Мақалада Орталық Азия өңірінде көрші орналасқан, даму деңгейі, тарихы және мәдениеті, тілі, діні ұқсас, түбі бір түркі елдері Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы өзара ынтымақтастық қатынастардың даму деңгейі талданып, екі жақты қатынастардың жеткен дәрежесі, нәтижесі зерттелген. Екі елдің арасындағы қатынастар дипломатиялық байланыс орнатылғаннан бастап бірнеше кезеңдерге бөлініп қарастырылып, халықаралық қатынастар ғылымы деңгейінде жан-жақты талдау жасалынған. Екі мемлекеттің арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштері мен нәтижелері талданып, салыстырылып, қазіргі кезге дейін екі елге де қандай пайдасы болғаны анықталып, нақты қорытынды жасалған. Көрші елдер арасындағы қатынастардағы жетістіктер анықталып, бүгінгі күнге дейін шешілмей келе жатқан проблемалық мәселелер зерделенген. Автор қазіргі күнге дейін көршілес орналасқан елдер арасындағы саяси, экономикалық ынтымақтастықтың нәтижелері қанағаттанарлық деңгейде екенін атай отырып, екі елдің арасындағы кейінгі кезде орын алған сауда-тауар айналымындағы, кедендік қатынастардағы келіспеушіліктердің пайда болу себептеріне талдау жасай отырып, екі жақтың да осы кедергілерді болдырмауға тырысуы керектігін және бұл даулы мәселелер өзара келісімдер арқылы шешілуі қажеттігін негіздейді. Сонымен бірге автор халықаралық қатынастар маманы ретінде аталған мәселеге қатысты өз ұсыныстарын көрсете білген.
Содержание:

Кіріспе. Бәрімізге белгілі 4-қазанда көршілес орналасқан Қырғыз Республикасында парламенттік сайлау өткізіліп, оның соңы сайлау нәтижесіне қанағаттанбаған көпшіліктің наразылық шеруін тудырды. Бұл оқиға елді дүрліктіріп, бірнеше күн қатарынан тоқтамастан қақтығыс, шерулер жүргізіліп, қан төгіске дейін барғандықтан, ел Президенті С.Жээнбеков президенттік биліктен кетуге мәжбүр болды.

Ел іргесінде болып жатқан осы саяси оқиғалар біздің елді де алаңдатқаны анық. Орталық Азияның басқа төрт мемлекеттерінің басшысы бірігіп Қырғызстан халқына ел ішіндегі мұндай келеңсіз жағдайды тоқтатып, бейбіт халықтың амандығын басты назарға алып, тыныштық орнатуға шақырып мәлімдеме жасады.

Осы саяси оқиғаларды зерттей отырып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара ынтымақтастық байланыстардың осы уақытта даму дәрежесі қандай деңгейге жеткенін зерттеп, нәтижесін анықтап, қорытынды жасау қажеттігі туындады.

Өзімізге белгілі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алысымен ең алдымен өзіне көрші орналасқан Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық қатынастарды дамытып, жоғары деңгейге жеткізуге аса басымдық берді. Қазақстанның сыртқы саясатындағы осы бағыттың ең басты орында тұруының себебін атап өтетін болсақ:

Біріншіден, Орталық Азия елдері КСРО кезеңінен экономикалық, саяси және мәдени негіздері бірыңғай, даму менталитеттері, даму деңгейі мен дәрежесі ұқсас дамып келе жатқан мемлекеттер;

Екіншіден, сауда-экономикалық жағынан ынтымақтасуға қолайлы көрші, шекаралас орналасуы;

Үшіншіден, Орталық Азия мемлекеттері түбі бір түркі тілдес, туысқан елдер;

Төртіншіден, жаһандану заманында бір мемлекеттің жеке дара дамуы мүмкін емес, сондықтан ең алдымен ынтымақтасуға қолайлы көрші мемлекеттермен тату қатынастар болу керектігі;

Бесіншіден, жаһандық қауіптердің күшейіп отырған жағдайында аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты бірігіп қамтамасыз ету қажеттігі көрші мемлекеттермен қатынастарды тұрақты ұстауды талап етеді.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің 2012 жылғы халыққа Жолдауында «Біздің басымдықтарымыз өзгермейді, көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен Орталық Азия елдерімен, сондай ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады... Екіншіден, біз әрі қарай да аймақтық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігімізді сезінуге және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз» (Назарбаев, 2012:43).

Осыған байланысты Қазақстан көрші елдермен өзара ынтымақтастық қатынастарды тұрақты дамытуға үнемі тырысып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Осы ретте еліміз үшін сол мемлекеттердің ішінде аса маңызды орын алатын достық қатынастағы мемлекет ол – Қырғызстан Республикасы. Анықтап қарағанда Қазақстан мен Қырғызстанда құқықтық мемлекетті құрудың, либералды нарықтық экономиканы дамытудың және қоғамдық демократиялық құрылымдарды құрудың моделі ұқсас.

Өз кезегінде Қырғызстан үшін де Қазақстанмен қатынастарды дамыту ерекше орын алады. Қазіргі кезде Қазақстан Қырғызстан экономикасына салған инвестиция көлемі жағынан 49 мемлекеттің алғашқы шебінде тұр,  ал сауда айналымы жағынан Қырғызстанмен сыртқы сауда байланысы бар 100 елдің ішінде үшінші орынды иеленеді (Центральная Азия, 2010: 131).

Қырғызстанның өз дамуына келетін болсақ, аймақ елдері ішінде Қырғызстан экономикалық жағынан орташа дамып келе жатқан, ал саяси жағынан тұрақсыздау мемлекет болып саналады. Қырғызстанның өзінде қазба байлықтары, әсіресе алтынның қоры мол болып келеді және тау өзендерінің энергиясы дұрыс пайдаланса елге едәуір қаражат әкелетін көз болып табылады. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша елдің инвестиция үшін тартымдылық деңгейі бойынша Қырғызстан 2017 жылы 75 орынды иеленіп отыр. Бұл әрине жақсы көрсеткіш (Орталық Азия 25 жылда, 2017:7).

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның көрші орналасқан Қырғызстанмен өзара ынтымақтастықты дамытуы, екі елдің арасындағы қатынастардың қазіргі даму тенденциясы халықаралық қатынастар мамандары үшін үнемі өзекті мәселе. Екі мемлекеттің арасындағы КСРО ыдыраған соң тәуелсіз мемлекеттер ретінде басталған өзара ынтымақтастық қатынастар бүгінгі күні стратегиялық серіктестік дәрежесіне көтерілгені үлкен жетістік.

Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастықтың барлық салаларын дамыта отырып, өзара түсіністік пен достық қатынастарды орната алды. Бүгінгі күні екі мемлекет аймақтық ұйымдардың белсенді мүшесі. Екі мемлекет те ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕАЭО т.б. да халықаралық және аймақтық ұйымдардың белсенді мүшелері.

Дегенмен, екі мемлекеттің арасындағы қатынастарда даулы, өзара келісімге келе алмай жатқан мәселелер де жоқ емес. Әсіресе Қырғызстан ЕАЭО-тың мүшесі болғаннан бері сауда-тауар айналымы мен көлік қатынастары салаларындағы біраз түсініспеушілік екі жақты қатынастардың толыққанды дамуына кейінгі кезде біраз кедергі болып отырғаны анық. Сондықтан бұл зерттеуде осы мәселелерді жан-жақты талдап, себептерін ашып, бірқатар ұсыныстар жасау көзделіп отыр.

Материалдар мен әдістер. Осы уақытқа дейін еліміздің сыртқы саясатының бағыты, ұстанымдары мен даму барысы, нәтижесі кеңінен зерттелуде. Халықаралық қатынастар саласындағы мамандар үшін еліміздің сыртқы саясатындағы ұстанымдар мен бағыттарын зерттеп, ғылыми негізде қажетті ұсыныстар жасап, болжап отыру міндетті түрде қажетті іс. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанның шетел мемлекеттерімен екі жақты қатынастары бірқатар зерттеулерде ашып көрсетілуде. Дегенмен, Қазақстанның екі жақты қатынастары туралы кең көлемді, іргелі ғылыми еңбектердің жоқтығы әлі де болса зерттеушілердің осы бағытта тереңірек зерттеу жүргізуін қажет ететін жағдай.

Екі жақты қатынастарды саралап, талдап, нәтижесін анықтауда осы қатынастардың бастауында тұрған, өздері тікелей араласып, келісім шарттарға қол қойып мемлекеттер арасындағы достық қатынастардың дамуына тікелей куә Қазақстанның бірінші Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың, қазіргі Президент Қ.-Ж.Тоқаевтың т.б. мемлекет басшылары мен қайраткерлерінің еңбектері мен естеліктерінің мақалаға арқау болғаны, бағыт-бағдар бергені сөзсіз. Сонымен бірге Қазақстан Президентінің жанындағы стратегиялық зерттеу институтының ғалымдарының Орталық Азия елдері мен Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты туралы жарық көрген бірнеше еңбектері Қырғызстан мен Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы жағдайын салыстыра отырып зерттеуге мүмкіндік бергені сөзсіз.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қатынастарды кезеңдерге бөліп, талдап, саралап, белгілі бір қорытынды жасауда бірқатар отандық, Ресей және қырғыз зерттеушілерінің еңбектерінің көмегі болғаны сөзсіз. Атап айтқанда М.Лаумулин, М.Шайхутдинов, Қ.Жандыбаев, А Тусупбеков, А Шустов, К Ларионовтың т.б. еңбектері қазақ-қырғыз қатынастарының саяси және экономикалық ынтымақтастығының нәтижесі мен проблемалық тұстарын ашып көрсетуде үлкен көмек болды.

Қазақстандық зерттеуші М.Лаумулин өзінің Орталық Азиядағы халықаралық қатынастар мен аймақтың әрбір мемлекетінің ішкі және сыртқы саясаты туралы пайымдаған еңбектерінің Қазақстан мен Қырғызстанның саяси, экономикалық мүмкіндіктерін және аймақтағы халықаралық жағдайда алатын орнын анықтауға мүмкіндік бергені сөзсіз. Ғалымның «Центральная Азия в эпоху трансформации» атты еңбегінде аймақ елдерінің әрқайсысының ішкі және сыртқы саяси жағдай толық зерделенген және осы мақалада Қырғызстан мен Қазақстанның экономикалық және саяси жағдайларын ашып көрсетуге арқау болғаны анық.

Зерттеуші М.Шайхутдинов өзінің еңбегінде Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы мен аймақтық ұйымдардағы ұстанымдары мен саясатына талдау жасаған. Зерттеушінің талдаулары Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы саяси қатынастардың қаншалықты дәрежеде дамып отырғанына баға беруге жағдай жасағаны сөзсіз.

Сонымен бірге Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен жарияланған Қырғызстан мен Қазақстанның ынтымақтастық мәселелерін талқылаған «Кыргызстан жана Казахстан: достуктун жана ынаккоңшулаштыктын чекарасы» атты мақалалар жинағының да Қырғызстан тарапының екі жақты қатынастарға қатысты пікірлерін саралауға, қырғыз жағының екі елдің арасындағы қатынастарға деген көзқарасын анықтауға мүмкіндік бергені анық.

Отандық және ресейлік зерттеушілер Қ.Жандыбаев, А Тусупбеков, А Шустов, К Ларионовтың т.б. еңбектері екі елдің арасындағы сауда экономикалық, көлік коммуникациялық және кедендік мәселелер төңірегіндегі жағдайларды, нақты цифрлық көрсеткіштерді анықтап, осы салалардағы екі жақты қатынастардың нәтижесі мен проблемалық тұстарын саралап, нақты қорытынды және ұсыныстар жасауға бағдар болды деп айтуға болады.

Зерттеудің теориялық негізі екі елдің арасындағы қатынастардың саяси, экономикалық аспектілерін ашып көрсеткен отандық ғалымдар мен қырғыз зерттеушілерінің еңбектеріне сүйенеді. Екі елдің арасындағы қатынастарды зерттеуде деректерді жинақтау, жүйелеу және талдау, салыстыру әдістері, статистикалық мәліметтерді өңдеу әдістері кеңінен қолданылды. Екі жақты қатынастардың саяси, экономикалық мәселелерін зерттеп, нақты қорытындылар жасау үшін екі елдің мемлекет қайраткерлерінің сөздеріне, еңбектеріне, интернет материалдарына инвент-талдау, конвент-талдау әдістері қолданылды.

Талдау. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық қатынастар екі ел де тәуелсіздігін алысымен өзара ынтымақтастық негізде орнап өзара мүдделілік тұрғысынан дамып келе жатқандығы сөзсіз. Бұл қатынастардың дамуына Қырғызстанда бірнеше рет орын алған «түсті төңкерістердің» де аса әсер етепегені екі елдің арасындағы қарым-қатынастардың достық ниетте дамуына және екі елдің де халықтарының осы пайдалы қатынастарды тоқтатпай одан әрі дамыта беруге деген мүдделілігіне байланысты екендігі анық.

Қырғызстан Орталық Азияда су ресурстарының молдығымен және таза табиғи энергия ресурстарының көптігімен ерекшеленеді. Қырғызстанның сыртқы саясаты да Қазақстанға ұқсас әлем елдерімен және көрші мемелекеттермен тату қатынастарды дамыта отырып, елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады. Осыған байланысты Қырғызстан да әлем елдерімен, халықаралық ұйымдармен өзара ынтымақтастық қатынастарды орната білген ел.

Орталық Азия елдері ішінен Қырғызстан Республикасы сыртқы саясатының бір ерекшелігі – бірінші болып Дүние жүзілік сауда ұйымына мүше болуы (1998) және ел территориясына АҚШ әскери күштері базасының уақытша болса да орнатылуына (2001-2014) мүмкіндік беруі болып табылады. Қазақстандық зерттеуші М.Е.Шайхутдинов өз еңбегінде Орталық Азиядағы АҚШ-тың осы әскери қатысуы туралы зерттеушілердің пікірлерін талдай келіп, олардың көпшілігінің АҚШ-тың әскери күштері аймақтағы күштердің тепе-теңдігін бұзуы мүмкін және АҚШ осы арқылы өзінің аймақтағы көмірсутегі шикізатына бақылауын орнатуға, екіншіден Ресейдің аймақтағы ықпалын әлсіретуге тырысып отыр деген пайымдауларын білдіреді деп атап өткен (Шайхутдинов, 2005: 379).

Қарап отырсақ, Қырғызстан өзінің сыртқы саясатында АҚШ сияқты беделді мемлекеттермен ынтымақтасуға басымдық берсе де, қанша дегенмен аймақтағы көрші мемлекеттермен өзара достық байланысты барынша сақтап қалуды басты орынға қоятыны Қазақстанмен қатынастарынан көруге болады.

Қазақстан бүгінгі күнге дейін Қырғызстанның сенімді сауда серіктесі болып келеді және инвестиция орналастыру жағынан төртінші орынды алады.

Дегенмен бүгінгі күнге дейін тұрақты дамып келе жатқан екі жақты қатынастарда даулы мәселелер де баршылық, әсіресе кейінгі кезде сауда-тауар қатынастары, көлік қатынастары, кедендік тексеру жағында бұл қайшылық айқын байқалады. Бұл жағдай әсіресе Қырғызстан ЕАЭО-қа мүше болғаннан бастап біртіндеп басталып, Қырғызстандағы 2017 жылғы президент сайлауы кезеңінде және одан кейінгі кезеңде де бір шешілмейтін дауға айналғаны белгілі. Ендігі жерде біз мақалада екі жақты қатынастарды кезеңге бөле қарастыра отырып, нәтижесін анықтап, қорытындылап, осы даулы мәселелердің себебін тауып, қазіргі кездегі жағдайына талдау жасап, деректер негізінде қорытындылап, ұсыныстар жасауға ұмтылып отырмыз.

Нәтижелері. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қатынастар 1992 жылдан бастау алып, 1997 жылы қол қойылған «Мәңгілік достық» шартқа сәйкес және 2003 жылы қол жеткен «Одақтық келісім» арқылы стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтеріліп, дәйекті түрде дамып келеді. Осыған орай біз бұл екі елдің ара-қатынастарын зерттеу негізінде, даму тенденциясын саралай отырып үш кезеңге бөліп қарастыруды жөн көрдік:

-1992-2003 жылдар – екі жақты қатынастардың бастау алып құқықтық-келісімдік базасының қалыптасқан кезеңі және екі мемлекет арасындағы қатынастар Мәңгілік достық деңгейіне көтерілген кезең;

-2003-2015 жылдар – екі елдің арасындағы қатынастар Одақтық деңгейге көтеріліп, стратегиялық серіктестік дәрежесінде жалғасын тапқан кезең.

- 2015- қазіргі кезеңге дейін – Қырғызстанның ЕАЭО мүше болғаннан бастап екі жақты қатынастардың қазіргі даму деңгейі.

Бірінші кезең 1992-2003 жж. – достық қатынастардың орнаған және екі елдің қатынастарының құқықтық-келісімдік негізі қаланған кезең болып табылады. Сонымен бірге ең маңыздысы – екіжақты қатынастар тұрақты түрде дамып, екі туысқан елдің арасындағы ынтымақтастық «Мәңгілік достық» деңгейіне көтерілген кезең болып табылады.

Негізінен екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі қағидаттары мен бағыттары, шұғыл мәселелерді шешу жолдары мен құралдары 1993 жылы 8 маусымда Алматыда қол қойылған «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы Шартта», сондай-ақ әскери, ғылыми-техникалық, экономикалық, үкіметаралық келісімдерде және мәдени ынтымақтастық туралы шарттарда белгіленіп, осы кезден екіжақты қатынастардың достық сипатта бастау алғаны белгілі. Шарттың кіріспесінде екі көршілес мемлекет халықтарының арасындағы ғасырлар бойы достық дәстүріне сілтеме жасай отырып, тәуелсіздікті және мемлекеттік егемендікті, теңдікті және бір-бірінің өздерінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген қатынастарды дамытуға келісті (Жандыбаев, 2017).

Ынтымақтастықтың алғашқы кезеңінде екі жақты қатынастардың барлық салалары бойынша өзара қатынастарды дамыту мәселесі алға қойылды. Осы мақсатта қатынастарды өзара тиімді ынтымақтастық негізінде жасау үшін қазақ-қырғыз Үкіметаралық бірлескен комиссия құрылды. Осыдан бастап екі жақты сауда қатынастары біртіндеп дамып, 2000-2001 жылдары өзара сауда айналымы көлемінің өсуі байқалды, сонымен бірге екі мемлекет сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі кеңейтуге, тар ведомстволық мүдделерді еңсеруге, аймақтағы су-энергетикалық проблемаларды ұзақ мерзімді, көпжақты негізде шешудің әмбебап механизмін құру үшін әкімшілік кедергілерді жою қажеттігіне ерекше назар аударды. Бұл саладағы қарым-қатынастар су ресурстарына тең қол жеткізу және Арал теңізі бассейнінің экологиялық жағдайына тең жауапкершілікті қамтамасыз етудің басты бағыты екенін алға қойды. Осы кезеңде екі мемлекеттің де ТМД-ны жандандыруға, Ұжымдық қауіпсіздік шарты мен Шанхай бестігі аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысы білінді. Қырғызстан өкілдері «Қырғызстан осі - Қазақстан тарихынан сұранысқа ие және қазіргі жағдайда жаңа қатынастар парадигмасын құру керек» деп ерекше атап көрсетеді.

Осы жылдарда 120-дан астам Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдеріне қол қойылған, соның ішіндегі ең маңыздысы 1997 жылғы 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы шарт болып табылады (Жандыбаев, 2017).

Екі жақты қатынастар осы жылдары нәтижелі дами бастағанын келесі мәлеметтерден көруге болады. 2003 жылы Қазақстан Республикасынан Қырғызстанға бөлініп жатқан инвестициялық капитал көлемі төрт есеге өсті, оның көлемі жағынан Қазақстан ТМД елдері арасында Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орында болды. Ал 1- қыркүйек 2004 жылғы жағдай бойынша Қырғызстанға салынған қазақстандық инвестицияның көлемі 50,8 млн. АҚШ долларына жетті (Сааданбеков, 2004: 13).

Сонымен бірге Қырғызстан нарығында Қазақстандық компаниялар белсенді әрекеттер жүргізе бастағанын біздің еліміздің Ресеймен бірге Қамбарата ГЭС-1, ГЭС-2 жобаларының құрылысын жүргізуге қатыса бастағанынан көруге болады. Сонымен бірге қырғызстанның қаржы нарығында қазақстандық «Кахкоммерцбанк», «Темірбанк», «Халық банкі» т.б. жұмыс жасай бастады.

Екі елдің арасындағы сауда-тауар айналымының біртіндеп жан-жақты дами бастағанын статистикалық мәліметтерден көруге болады, атап айтқанда 2000 жылы сауда айналымы 90,8 млн.ақш долларын құраса, 2014 жылдың бірінші жартысында 426,1 млн. доллар құраған.Осының өзі екі елдің арасындағы сауда-тауар қатынастарының біртіндеп дамып келе жатқанын көрсетеді (Нурматов, 2014).

Осы кездері Қазақстаннан Қырғызстанға мұнай өнімдері, металл прокаты, түсті металлдар, машина жасау мен металл өңдеу өндірісінің өнімдері, уран шикізаты, бидай т.б. тасымалданса, Қырғызстаннан Қазақстанға элект энергиясы, ауылшаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдері, электр двигателдері, лампалары, жеңіл және тамақ өнеркәсібіне қажетті шикізат т.б. жеткізілуде.

Осы кезеңде Қырғызстанда кіші және орта бизнес саласында шамамен 400 бірлескен кәсіпорындар жұмыс жасады. 2004 жылдың көктемінен бастап Қырғызстан территориясында «КырКазГаз» кәсіпорны өз жұмысын бастады. Экономикалық ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері ең алдымен көлік инфрақұрылымына қатысты Президент А.Ақаевтың Астанаға жасаған сапары аясында 2003 жылы екі мемлекеттердің үкіметтері арасында «Халықаралық автомобиль қатынасы», «Шекара өткелдері туралы» келісімдерге қол қойылды.

Бұдан басқа, мұнай және газ тасымалдау саласындағы ынтымақтастық дамып келеді. Қырғызстанға мұнай өнімдерін жеткізуге, сондай-ақ Бішкек арқылы өтетін Бұқара-Алматы газ құбырында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Екіжақты ынтымақтастықтың тағы бір маңызды аспектісі - екі ел арасындағы шекараны нақты делимитациялаудың басталуы болды. 2000 жылы Астана қаласында өткен келіссөздер барысында жұмыс және логистика саласындағы құжаттар пакеті келісіліп, бекітілді. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараны белгілеу туралы келіссөздер 1999-2001 жылдар аралығында жүргізілді. 2001 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасында шекараны белгілеу туралы келісімге қол қойылды және ол тек 2008 жылы күшіне енді. Осыдан соң екі елдің арасындағы ұзындығы 1257 км. болатын мемлекеттік шегараға белгі қою ісі жүргізілді. Тек 2017 жылы ғана екі елдің арасындағы шекараның белгіленіп біткендігі туралы Келісім Шартқа екі елдің Президенттері Қ.Тоқаев пен С.Жээнбеков қол қойды. Бір сөзбен айтқанда екі елдің арасындағы мемлекеттік шекара заңды түрде бекітілді. Бұл әрине екі жақты қатынастарда орындалған маңызды істердің бірі екендігі сөзсіз.

Екі елдің арасындағы қарым қатынастарда энергетика мәселесінің алатын орны ерекше. Қырғызстан өзімізге белгілі экологиялық жағынан таза су энергиясына бай мемлекеттердің бірі және су энергиясын қазақстанға экспорттайды. Сонымен бірге 2000 жылдан бастап Қазақстан мен Қырғызстан арасында Шу және Талас өзендерінің суын бірігіп пайдаланудың тәртібі белгіленген екі жақты Келісімге қол қойылған болатын. Ол бойынша арнайы екі жақты комиссия құрылып, жыл сайын пайдаланылатын судың мөлшері өлшеніп, соған байланысты суды пайдаланғаны үшін Қазақстанның қосатын үлесі белгіленіп отыратын болды (Лаумулин, 2020: 139).

Қорыта келгенде, екі жақты қатынастардың алғашқы кезеңінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында екі жақты қатынастарды барлық салада дамытудың келісімдік-құқықтық базасы толыққанды қалыптасқанын көреміз. Сонымен бірге екі мемлекеттің арасында үкіметаралық қатынастар, сауда-тауар айналымы, инвестициялық қатынастар, банкаралық ынтымақтастық біртіндеп дамып, тұрақты қатынастар сипатына ие бола бастағанын байқауға болады.

Ал енді, екінші кезеңге тоқталатын болсақ, ол 2003-2015 жылдарды қамтиды, бұл кезең – екіжақты қатынастар өзара достық, ынтымақтастық негізінде жан-жақты дамып келе жатқан кезең болып есептеледі. Бұл кезең 2003 жылғы 25 желтоқсанда қол қойылған маңызды құжат «Одақтық қатынастар туралы шарты» басшылыққа алумен басталады.

Одақтастық қатынастар туралы шарт негізінде ынтымақтастық үшін жақсы екіжақты институционалдық база қалыптасты, яғни келесі өзара іс-қимыл жөніндегі органдар құрылды:

- мемлекет басшыларының басшылығымен Жоғары мемлекетаралық кеңес, Үкімет басшыларының басшылығымен Қырғызстан-Қазақстан Үкіметаралық кеңесі, ҚР және ҚР Сыртқы істер министрлері кеңесі.

Екі жақты қатынастарды осындай бірлескен органдардың құрылуы екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете дамуына мүмкіндік бергені сөзсіз.

Қазақстандық зерттеуші М.Лаумулиннің пайымдауынша, 2005 жылға дейінгі кезеңде Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қатынастар көп деңгейлі сипатта болды. Сол кезеңде Бішкек үшін бұл ынтымақтастықтың анағұрлым басым бағыттары экономика саласы, еңбек миграциясы және жоғарғы деңгейде дамып отырған саяси ынтымақтастық болды. Сонымен бірге М.Лаумулин Қырғызстан басшысы А.Ақаев Қазақстан басшылығымен өзінің жеке қатынастарын дамытуға тырысты және сол үшін отбасылық одақ құруға дейін барды - деп көрсетеді (Лаумулин, 2009: 285-286).

Осы кезеңде Қазақстан мен Қырғызстан сыртқы саясаттағы мақсат мүдделері ортақ келіп, аймақтағы қауіпсіздікті сақтау үдерісіне белсене ат салыса бастады. Екі мемлекет те Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға мүдделі болып келді. Бішкек бастапқы кезден бері Қазақстанның АӨСШК бастамасын белсенді түрде қолдады, өз кезегінде Алматы аймақтағы ядролық қарудан азат аймақты құру туралы келісімді қолдады. Екі мемлекет те аймақтық қауіпсіздікті нығайту, Орталық Азияны халықаралық терроризмнен қорғау және лаңкестікке қарсы коалицияны қолдау туралы ШЫҰ шеңберінде белсенді түрде жұмыс жасады. Қырғызстан үшін күрделі кезеңде 2005-2007 жж. ҚР президенті Н.Назарбаев республиканың саяси жағдайын тұрақтандыру және Бішкекке қаржылық, экономикалық көмек көрсету үшін көп жағдай жасады.

2006 жылдың мамырында екі ел арасындағы трансшекаралық сауда туралы меморандумға қол қойылды. Атап айтатын болсақ, Жамбыл облысы мен Қырғызстанның Талас және Шу облыстары арасында трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі орталықтарды құру туралы келісімге қол жеткізілді.

2008 жылғы күзде Қазақстан Парламенті «Екі мемлекет арасындағы экономикалық интеграция жөніндегі іс-қимыл жоспары» келісімінің ажырамас бөлігі болып табылатын «Екі ел арасындағы одақтастық қатынастар туралы» шартты ратификациялады. Осы келісімге сәйкес екі ел әртүрлі салаларда екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуды жоспарлады. Еліміздің басшысы қазақстандық бизнес өкілдерін Қырғызстан экономикасына инвестицияны ұлғайтуға бірнеше рет бағыттады.

2008 жылдың басында Қырғызстандағы Қамбарата ГЭС-нің бірлескен құрылысы туралы келісімге қол жеткізілді. Қырғызстаннан басқа бұл станция Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне электр энергиясын жеткізеді.

2009 жылдары теміржол көлігі қатынасы мәселесі шешілді. 1 қаңтарда қырғызстандық теміржолшылардың шығыны жылына 8 млн. долларға жеткеніне қарамастан, қазақстандық темір жол үшін де сол тәртіп болатындығы туралы келісілген болатын. Осыған байланысты Қырғызстаннан келетін жүк айналымы «қазақстандық теміржолдың шығындарын өтейді» деген үміт білдірілді. Бұған қоса, Қазақстан Қырғызстанға бай су ресурстары бар ел ретінде қызығушылық танытады.

Дегенмен екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі тұрақты дамытуда Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық Қазақстанды ғана емес, ол елмен дипломатиялық қатынастардағы барлық елдерді алаңдататыны сөзсіз. Қазақстандық зерттеуші М.Лаумулин айтқандай Қазақстан үшін көрші жатқан, мәдени және тарихи дамуы ұқсас Қырғызстандағы саяси тұрақтылықтың сақталуы біздің еліміз үшін де маңызды. Сондықтан болар 2010 жылғы «мемлекеттік төңкеріс» кезінде Қазақстан жағы қырғыз еліндегі саяси тұрақсыздықты, тәртіпсіздікті басып, тезірек ретке келтіруге тырысты. Бұл ретте Н.Назарбаев сол кезде ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде ел ішіндегі жағдайды тұрақтандырып, Президент Қ.Бакиевты отбасымен аман-есен қауіпсіз жерге көшіруде батыл қимыл жасауға тура келгендігін еске алады.

2011 жылы Қырғыз-Қазақстан саяси байланыстары барлық деңгейлерде белсенді түрде қолдау тапты. Қазақстанға Қырғыз Республикасының Президенті Р.Отынбаева, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі А.Атамбаев, Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төрағасы А.Келдибеков, Қырғыз Республикасының Бірінші вице-премьері О.Бабанов, Қырғыз Республикасының түрлі министрліктері мен ведомстволарының басшылары келді. ҚР-ның Премьер-Министрі К.Мәсімов Қырғызстанға жұмыс сапарымен барды, оның аясында Бішкекте Қырғыз-Қазақстан Үкіметаралық кеңесінің 2-ші отырысы өтті.

Екі жақты қатынастардың дамуында ең қарқынды және өнімді кезеңі 2012 жыл болды деуге болады. Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев (10-11 мамыр) және Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі О.Бабанов (1-2 шілде) ресми сапармен Қазақстан Республикасына келді. Астанада мемлекет басшыларының қатысуымен Қырғызстан-Қазақстан Үкіметаралық кеңесінің үшінші отырысы өтті. Сапар барысында экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, халықаралық ұйымдар мен форумдар аясында екі елдің күш-жігерін өзара іс-қимыл және үйлестіру мәселелері талқыланды.

Сонымен бірге осы сапарлар барысында Қазақстаннан Қырғызстанға азық-түлік бидайын, табиғи газды және көмірді жеткізу, Қамбар ГЭС-1 және Кемин-Алматы электр жеткізу желілерін салу жобаларын іске асыру бойынша, Қазақстан Республикасының электр энергиясына қажеттігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстаннан су электр энергиясын экспорттау туралы келісімге қол жеткізілді. Осы кездесулерде Қырғыз-Қазақстан Инвестициялық Қорының жұмысының басталуы, Қырғызстанның Ош облысындағы мектеп құрылысы, қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы бұрын жабық бекеттердің жұмысын қайта бастау туралы айтылған болатын.

2012 жылғы 22 тамызда қырғыз-қазақ қатынастарының тарихында тұңғыш рет ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қырғызстанға жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына орай өткен болатын. Бішкекте Президенттер екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды тереңдету туралы Мерейтойлық Декларацияға қол қойды.

Осы сапар барысында мемлекет басшыларының төрағалығымен ҚР-ның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің (ҮАК) кезекті үшінші отырысы өтті. Осы мәжілісте тараптар Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының Парламентаралық кеңесін құруды мақұлдады және екі мемлекеттің арасындағы 2012-2015 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті.

Сапар барысында бірқатар келесідей құжаттарға қол қойылды: Қазақстан мен Қырғыз Республикасының радио қызметтері пайдаланатын радио жолағы 30-2000 Мгц радиожиілік тапсырмалар үйлестіру жөніндегі Қырғызстан мен Қазақстан үкіметтері арасындағы келісім; Екі елдің Үкіметі арасындағы 11 шілде 2007 жылғы қырғыз-қазақ инвестициялық қорын құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Есірткіні бақылау жөніндегі мемлекеттік қызметі және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі арасындағы келісім; 2012-2013 жылдарға арналған ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қырғызстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы.

2013 жылы Қырғызстан Республикасының Президенті А.Атамбаев (11 сәуір мен 29 мамыр), Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Ж.Сатыбалдиев (25 қыркүйек) жұмыс сапарымен Қазақстанға келді. Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Е.Әбділдаевтың Қазақстан Республикасына ресми сапары (12 сәуір) болып өтті. Осы сапарлар екі жақты қатынастарды одан әрі нығайту мәселелерін қарастырды.

Осы кезеңде екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастар біршама тұрақты даму жолына түсті. Қазақстан мен Қырғызстан өз арасында энергетикалық ресурстарды, халық тұтынатын тауарлар алмасу тұрақты деңгейде жүзеге асырыла бастады. Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастар келісім шарттар арқылы жүзеге асырылып келді.

Қазақстан мен Қырғызстан арасында біраз уақытқа дейін шешілмеген проблемалар жоқ болды десе болады. Осы кезеңде Қазақстан Орталық Азия елдері арасынан Қырғызстанның негізгі экономикалық және сауда серіктестерінің бірі және негізгі инвесторлардың бірі болып табылды десек болады. Осы аралықта Қазақстанда Қырғызстан капиталының қатысуымен көптеген бірлескен кәсіпорындар тіркелген. Жалпы алғанда, бұл бірлескен кәсiпорындар көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, автокөлiк сату, мал шаруашылығы, астық және бұршақты дақылдар өнiмдерi, соның iшiнде тұқым өндiрiсi, мақта-мата иiрiмжiптерi және баспа қызметiнiң басқа да түрлерiмен айналысады.

Өз кезегінде Қазақстан көрші елге мұнай өнімдерін, машина жасау өнімдерін және кейбір ауылшаруашылық өнімдерін жеткізеді, қара және түсті металдарды және электр энергиясын, электр қозғалтқыштарын, темекі шикізатын және азық-түлік өнеркәсібі үшін бірқатар өнімдерді импорттады.

Сонымен бірге Қазақстан Қырғызстандағы тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) ең ірі көзі болып табылады. Қырғызстанда банк, құрылыс және энергетика сияқты салаларда көптеген бірлескен кәсіпорындар жұмыс жасайды. Қырғызстанның банк секторында ғана 2012 жылы қазақстандық капитал 40 пайызға жетті. Екі ел энергетикалық секторда тығыз байланыстар орнатқан. Қазақстан Қырғызстанға күніне 30 мың текше метр газ жеткізеді. Қырғызстаннан Қазақстанға жаңа мұнай құбырын салу мәселесі де талқылануда. 2013 жылғы қарашада Қазақстан Қырғызстанның 2011 жылғы Еркін сауда аймағы туралы келісімді ратификациялауына байланысты баж салығынсыз мұнай жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын болатынын мәлімдеді. Хабарламаға сәйкес, Қазақстан 400 километрді құрайтын және 210,3 млн. доллар тұратын 500 киловатт-Қазақстан-Қырғызстан электр желісін салуды көздеп отыр (Ибраева, 2017).

Осы кезеңде Қазақстаннан Қырғызстанға импорт 2014 жылы 776 млн АҚШ долларын құраса, Қырғызстаннан экспорт 2014 жылы 367 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш кейінгі жылдармен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Осының өзі екі жақты қатынастардың екінші кезеңінде сауда-экономикалық қатынастарының өте жақсы жағдайда дамығанын көрсетеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда Қырғызстаннан Қазақстанға негізінен тасылатын тауарлар: рудалар мен бағалы металдардың концентраттары (Қазақстанға тауар экспорты жалпы көлемінде 39,1%), аяқ киім (6,5%), косметика (6%), киім-кешек (6,4%), жемістер мен жаңғақтар (6,2%), синтетикалық маталар (4,1%), сүт және сүт өнімдері (5,1%), нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер (3,8%), жылтыратылған әйнек (4,1%).

Қазақстан өз кезегінде көрші республикаға келесі тауарларды жеткізеді: мұнай өнімдері (Қазақстаннан келетін импорттың жалпы көлемінің 30,3%), қара металдар және олардан жасалған бұйымдар (6,9%), бидай (5,9%), темекі өнімдері (5%), ағаш және ағаштан жасалған бұйымдар (4,5%), бидай ұны (3,5%), көмір (3,4%), минералды және қант қосылған газдалған су (3,3%), күнбағыс майы (1,8%) (Тусупбеков, 2020).

Дегенмен Қырғызстанның экспортының көлемінің төмен болуын елдің ішіндегі экономикалық саясаттың, нарықтық экономиканың тетіктерінің дұрыс жұмыс жасамауының салдары деп пайымдауға болады. Зерттеушілердің көрсетуінше Қырғызстанда жергілікті фермерлердің өз шаруашылықтарын кеңінен дамытуға мүмкіндіктерінің болмай отырғандығы. Оған бірнеше себеп бар, ең бастысы ауыл шаруашылығы секторы мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрмей отырғандығы, екіншіден, осыған байланысты жұмыс күші көрші мемлекеттерге орын ауыстырып, өз елінде ауыл шаруашылығына жұмыс қолының жетіспеушілігін тудыруы, үшіншіден, ауыл шаруашылығына қажетті жерге деген тыңайтқыштардың, техниканың жетіспеушілігі, бағасының қымбат болуы, төртіншіден, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістерінің кеңінен қолданылмауы.

Соған қарамастан, жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе екі жақты қатынастардың екінші кезеңінде екі елдің арасында тұрақты саяси диалогтың, үкіметаралық қатынастардың қалыптасқанын көреміз және осы кезеңде екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастық өзінің жоғары деңгейіне жеткенін атап өтуге болады.

Енді, соңғы үшінші кезеңдісипаттайтын болсақ, ол 2015 жылдан қазіргі кезеңге дейінгі аралықты қамтиды - бұл кезеңді екі ел арасындағы қатынастардағы күрделі кезең ретінде бейнеленуге болады. 2015 жылы Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды қатысушысы болды. Қырғызстанды Ресей, Қазақстан, Белоруссия және Армениядан тұратын Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қосу туралы келісім күшіне енді. Сол жылы Қазақстанмен шекарада кедендік бақылауы жойылды. Ендігі жерде екі елдің де тауарлары мен халқының кедендік бекеттерден еркін өтуіне жағдай жасалды десе болады.

Бұл тұрғыда кедендік бақылау Қырғыз-Қазақстан шекарасындағы 8 бақылау-өткізу бекеттерінде жойылды. Олар: «Ақ-Жол» жолы, «Чалдыбар» жолы, «Ақ-тілек» жолы, «Кен-Булан» жолы, «Токмок» жолы, «Қарқыра» жолы, «Чон-Капка» жолы, «Қайынды» темір жолы болып табылады.

Қарап отырсақ, екі елдің арасындаға қатынастарды одан әрі жоғары деңгейге жеткізуге қажетті жағдайлардың бәрі орнаған сияқты. Алайда дәл осы кезден екі елдің арасында бірқатар саяси, экономикалық жағынан келіспеушіліктер бой көтергенін атап өтпесе болмайды. Оның бір себебі Қырғызстанның өзінде үнемі орын алып келе жатқан саяси тұрақсыздыққа байланысты деуге болады. Саяси тұрақсыздық орын алған жерде заңсыз бизнес, қылмыстық топтардың әрекеттері күшейетіні белгілі.

Өзімізге белгілі көптен бері Қырғызстанда саяси тұрақсыздық орын алған ел. Бұл елдегі басқару мәселесіндегі күрделі үдеріс 2005 жылы ел Президенті А.Ақаевтың биліктен қуылғаннан басталды, осындай төңкерістер 2010 жылы ел басқарып отырған Қ.Бакиевтың да биліктен кетуіне, 2017 жылы оның орнына келген А.Атамбаевтың да осындай жолмен президенттік биліктен бас тартуына алып келді. Осындай жағдай А.Атамбаевтан кейін билікке келген С.Жээнбековтың да 2020 жылы биліктен кетуіне мәжбүрледі.

Қарап отырсақ, тәуелсіздік алғаннан бастап билік басына келген бес президент те елдің көңілінен шықпай, басқару ісінде дұрыс демократиялық өзгерістер енгізіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудың қажетті саяси-құқықтық тетіктерін таба алмағандықтан биліктен кетуге мәжбүр болып отырғандығын көруге болады. Мұның өзі Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстанның саяси қайраткерлерінің елдің саяси, экономикалық және мәдени өсіп-өркендеуіне қажетті жағдай жасай алмай, қайта құру үдерісін дұрыс жүргізе алмағандықтан, елдің барлық табиғи, адами, қоғамдық құндылықтарын дұрыс ескере білмегендіктен болып отырған құбылыс деуге болады.

Осы жағдай Қырғызстанның ЕАЭО-қа қосылған кезден бастап туысқан екі елдің арасында сауда-тауар қатынастары мен жүк тасымалы, кеден бекетінен өту мәселесінде біраз түсініспеушіліктің орын алуына алып келді десе болады. Зерттеушілер екі елдің арасында басталған бұл келіспеушілікті 2017 жылы Қырғызстанда күтіліп отырған президент сайлауы мен осы президенттік сайлауда үміткерлер қатарында өз кандидатурасын ұсынған О.Бабановтың Қазақстанға келіп, елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болуымен байланыстырады. О.Бабановтың Қазақстанға келуі Қырғыз саяси қайраткерлерінің «Қазақстан ел ішіндегі президенттік сайлауға ықпал еткісі келіп отыр» деген айыптауларын тудырды. Тіпті Қырғызстан СІМ осы жағдайға байланысты Қазақстан елшілігіне «қарсылық нотасын» да жіберіп үлгерді. Сонымен бірге Президент А.Атамбаев Қазақстанға, Елбасы Н.Назарбаевқа қатысты бірқатар айыптаулар мен күрделі сын ескертпелермен сөйледі. Осы жағдай екі елдің арасындағы сауда-тауар айналымына, кедендік қатынастарға үлкен ықпал жасады.

Тіпті 2017 жылы осыған байланысты еліміздің басшысы екі бауырлас мемлекеттері арасындағы шегараны белгілі бір уақытқа жауып тастаған болатын.

Бұл екі елдің арасындағы түсініспеушілік Қырғызстан елінің жаңа Президенті Сооронбай Жээнбеков сайланған соң біраз реттеліп қарым-қатынастар өз жалғасын тапқанмен бұл жағдай да ұзаққа созылмады. Оған себеп екі елдің ЕАЭО-тың талаптарын орындамауында болып отыр. Қырғызстан жағы Қазақстанды бүгінгі күнге дейін кедендік бекеттерден тауар тиеген көліктерді өткізбей, қосымша салықтар салуы деп айыптаса, Қазақстан жағы қырғыз бизнес өкілдерінің тауарларын контрабандалық жолмен ешқандай салық төлемей өткізуге тырысу әрекеттерін айыптайды.

Екі елдің арасында осы кедендік келіспеушілік 2019 жылы одан әрі күшейіп әлі күнге дейін нақты шешімін тапқан жоқ. Осы жағдайға байланысты екі елде бірін бірі айыптап, ЕАЭО аясында бұл қайшылықты шешуге талпынды, тіпті Қырғызстан жағы кейінгі кезде артық кетіп, Қазақстанды ЕАЭО-тан шығару керек деген айыптауларға дейін барды. Қазақстан жағы қырғыз бизнес өкілдерін өз тауарларын шегарадан қосымша құн салығын және кедендік алым төлеместен өткізуге тырысады деп айыптайды және мұның өзі мемлекеттік бюджетке, тіпті ЕАЭО-тың бюджетіне келіп түсуге тиіс қаражатты жоққа шығарып отырғандығын алға тартады.

Екі елдің арасында біраздан бері дау тудырып отырған тағы бір мәселе Қырғызстан арқылы қытай тауарларының да заңсыз тасымалдануы болып отыр. Бұл мәселе ЕАЭО аясында талқыланса да әлі күнге дейін шешілмей келе жатқандығы тағы бар. Қазақстанның Сауда министрлігінің хабарлауынша қырғыз бизнес өкілдері өздерінің жүктерін Ресейге жіберілетін жүк ретінде рәсімдей отырып, оны Ресейге жібермей Қазақстан территориясында қалдыратыны, сөйтіп салықтарды төлеуден жалтаратыны туралы мәлімдеп отыр (Шустов, 2020).

Қырғызстан жағы қазақстандық кеденшілердің жүк таситын көліктердегі тауарларын тексеру арқылы ЕАЭО аясындағы мүше мемлекеттер арасында тауар тасымалы еш тексерусіз, кедергісіз өту керек деген қағидатты бұзып отыр десе, қазақстан жағы қырғыз жүк тасымалдаушылары кедендік салықты төлемей, үшінші бір елдің тауарларын өткізуге тырысып, құжаттарды дұрыс рәсімдемейтіндіктерін алға тартады. Ресей зерттеушісі К.Ларионов осы мәселелерді зерттей келе осы кедергілерден басқа екі жақта да жағдайды ушықтырып тұрған мәселе жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың болуы деп пайымдайды (Ларионов, 2020).

Осы мәселелерді анықтай отырып ең бастысы екі елдің арасындағы қылмыстық топтардың контрабандалық жолмен тауар тасуға деген әрекеттерін жою керектігін атап айтуға болады, мұның өзі кеден бекетінде жемқорлық әрекеттердің орын алатыны себеп болатындығын көрсетеді. Әсіресе қырғыз автожүк көліктерін жүргізушілер Қазақстан жағының әрбір көліктен заңсыз негізде қаражат талап ететіндіктерін айтса, бұл жағдайдың қырғыз бизнес өкілдерінің өз тауарларының құжаттарын дұрыс рәсімдемей, заңсыз алып өтуге ұмтылуынан туындап отырғанынан екендігін байқауға болады (Айтжанбайқызы, 2020). Сондықтан екі елге де шекара аймағындағы жағдайға қатаң бақылау орнатып, жекелеген қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерін бірге анықтап, жойып отыруға ұмтылуы қажеттігін негіздейді.

Міне, кейінгі кезде екі елдің арасындағы осындай даулы мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай, екі елдің халықтарының қарым-қатынасына кедергі келтіруде. Соған қарамастан екі ел арасында сауда-тауар айналымы, экономикалық қатынастар бұрынғы қарқыны жоқ болса да тоқтамай дамуда.

Статистикалық деректерге қарағанда 2015 жылдан бастап екі елдің арасындағы сауда айналымының деңгейі төмендеген. Атап айтқанда, Қазақстанның Қырғызстанға деген импорты 2015 жылы – 553 млн. АҚШ долларын құраса, 2016 жылы – 437 млн., 2017 жылы – 520 млн., 2018 жылы – 602 млн. доллар, 2019 жылы 865 млн.долларды құраған. Өз кезегінде Қырғызстанның да экспортының көрсеткіші осындай жағдайда (Тусупбеков, 2020).

Көрсеткіштердің мұндай төмендеуі және біртіндеп жоғарылауы алдыңғы көрсетілген бірнеше себептерге байланысты екені анық. Сонымен бірге бүгінгі күнге дейін Қырғызстанда қазақстандық капиталмен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс жасайды. Бұл туралы ел президенті Қ.Тоқаев 2019 жылы қараша айында өткен мемлекетаралық кеңестің бесінші отырысында атап өтті. Президент Қазақстан Қырғыз елі экономикасына 1 млрд. доллар көлемінде инвестиция салғандығын, Қазақстандық компаниялар негізінен тау-кен кәсіпорындарында, өңдеу салаларында, банк секторында, құрылыс саласында және телекоммуникация саласында жұмыс жасайтындығын атап өтті. Өз кезегінде Қазақстанда қырғыздардың қатысуымен 1 миллиондай кәсіпорын бар екендігі атап өтілді (Сыздыкбаев, 2019). Осының өзі екі бауырлас халықтың арасында саяси жағынан келіспеушіліктер болып жатса да бүгінгі күнге дейін тығыз экономикалық ынтымақтастықтың нақты қалыптасқанын көрсетеді.

Қазақстан Президенті Қ-Ж.Тоқаев жақында ғана 2020 жылдың қазан айында Қырғыз елінің сыртқы істер министрі Р.Казабаевты қабылдай отырып: «Біз бауырлас халықтың болашағына алаңдаймыз. Сондықтан біз Қырғызстанға қолдан келгеннің бәрін жасадық және жасай береміз. Біз мемлекеттеріміз арасында бұдан бұрын қол жеткізген уағдаластық негізінде қатынастарымызды одан әрі даму үшін бәрін жасаймыз» - деп атап көрсетті (Токаев, 2020)

Дегенмен, Қырғызстанда саяси жағдай тұрақтанғаннан кейін екі бауырлас халықтардың арасындағы ынтымақтастық қатынастар бірқалыпты даму арнасына түседі деген үміттеміз.

Үшінші кезеңнің даму барысын қорытындыласақ, бұл кезеңде қалыптасып, дамып келе жатқан екі жақты қатынастардың одан әрі дамуына бірнеше факторлар әсер етіп отырғанын көреміз: біріншіден, Қырғызстанның ЕАЭО-қа мүше болуы екі елдің сол Одақ деңгейіндегі тәртіпті сақтауда бірқатар қайшылықтар тудырғанын көреміз, екіншіден, Қырғызстанның қытай тауарларын шекарадан салықсыз алып өтуге тырысуы жағдайды тіптен ушықтырып отырғандығы, үшіншіден, қырғыз жағынан өтетін жүк тасыған көліктердің көп жағдайда өз тауарларын Ресейге арналған деген сылтаумен қосымша салықты төлеместен өтуге тырысуы, төртіншіден, қазақстан жағының санитарлық және ветеринарлық нормалар сақталмауда деген айыппен қырғыз жүк таситын көліктерін шекарада мерзімнен тыс ұзақ ұстауы, бесіншіден, екі жақтан да жемқорлық әрекет пен ұйымдасқан қылмыс әрекеттерінің тоқтамай тұрғандығы. Осылардың барлығы екі елдің арасындағы қатынастарды қиындатып, жағдайды реттеуге үлкен бөгет болып тұрғандығы.

Қорытынды. Қорытындылай келе, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы саяси және экономикалық қатынастар екі елдің арасындағы кейінгі кезде орын алған біршама қайшылықтарға қарамастан өзіндік деңгейде қалыптасып, дамып отырғандығын көреміз. Сонымен бірге түбі бір туысқан, әрі көрші орналасқан елдер арасындағы барлық мәселелер келіссөздер арқылы шешіліп, екі мемлекет арасында тұрақты қатынастар одан әрі дамиды деген үміттеміз. Себебі екі мемлекет те бір-бірімен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі және бұл қатынастар үшін қолайлы жағдайлар нақты орныққан, атап айтқанда екі елдің де өздеріне тиімді ынтымақтасттық қатынастарға қолайлы іргелес, шекаралас орналасқандығы, екіншіден, көлік қатынасы  инфрақұрылымының нақты қалыптасқандығы және үшіншіден, екі мемлекет те ЕАЭО-қа, ДСҰ-на мүше мемлекеттер.

Бұл байланыстарды одан әрі дамытуда екі елдің арасында конструктивті түсіністік орын алады деп сенеміз. Ең бастысы мына мәселелерге назар аударған дұрыс:

Біріншіден, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қатынастардың серіктестік ынтымақтастықтан көрі бәсекелеске айналғандығы. Сондықтан екі жақты қатынастарды жоғары дипломатиялық деңгейде бірқалыпты дамытуға жағдай жасалуы керек.

Екіншіден, Қазақстанда да, Қырғызстанда да бүгінгі күнге дейін құқықтық нормаларға бағынбайтын көлеңкелі экономика мен жемқорлықтың орын алуы, осы мәселені екі ел де қатаң түрде реттеу қажеттігі сөзсіз.

Үшіншіден, екі ел де тез арада ЕАЭО-тың шарттарын сақтай отырып, сауда-тауар қатынастарын, кедендік бекеттерден өту жағдайын бірлесе отырып реттеуі қажет.

Төртіншіден, Қазақстан өз кезегінде Қырғызстан экономикасына қажетті көмек жасай отырып, екі жақты қатынастарды екі мемлекетке де тиімді жағдайда дамытуыға назар аударуы қажет.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Жандыбаев Қ. Соңғы жылдардағы қазақ-қырғыз қарым-қатынасының даму жолы (шолу). Дерек көзі: https: //strategy2050.kz/news/48783[Есепке алынған күні: 10.10.2017]

Ибраева А. Какие торговые отношения связывают Казахстан и Кыргызстан сегодня. / Курсив. – 2017. – 10 октября.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ««Қазақстан 2050 стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». Астана: Елорда, 2012. – 57 б.

Айтжанбайқызы Г. Қырғызстанның ескертуіне Қазақстан жауап берді. // EGEMEN QAZAQSTAN. – 2020. – 15-ақпан.

Лаумулин М.Т. Центральная Азия в эпоху трансформации. – Нур-Султан: КИСИ при Президенте РК, 2020. – с.464.

Лаумулин М.Т. Центральная Азия в зарубежной политологии и мировой геополитике. Т.Ү: Центральная Азия в ХХІ столетии. – Алматы: КИСИ при Президенте РК, 2009. – 440 с.

Ларионов К. Что делать с не тарифными барьерами между Кыргызстаном и Казахстаном? Источник: https: //cabar.asia/ru/chto-delat-s-netarifnymi-barerami-mezhdu-kyrgyzstanom-s-kazahstanom-vzglyad-iz-kyrgyzstana[Дата регистрации: 24.03.2020]

Орталық Азия 25 жылда. Жалпы ред. З.К.Шаукенова. – Астана: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ. – 2017. – 136 б.

Сааданбеков Ж. Сотрудничество во благо двух братских народов. //Кыргызстан жана Казахстан: достуктун жана ынаккоңшулаштыктын чек арасы=Кыргызстан и Казахстан: граница дружбы и добрососедства. Сб. материалов.отв.ред. Н.Керимбекова. – Б.: МИД КР, 2004. – 170с. – с.13.

Сыздыкбаев А. Казахстан вложил в экономику Кыргызстана более 1 млрд долларов. Источник: inform.kz https://www.inform.kz/ru/kazahstan-vlozhil-v-ekonomiku-kyrgyzstana-bolee-1-mlrd-dollarov_a3589301[Дата регистрации: 27.11.2019]

Токаев К.-Ж. Казахстан и Кыргызстан являются самыми близкими государствами. //Деловая неделя. – 2020. – 30 октябрь.

Нурматов Э.Товарооборот между Кыргызстаном и Казахстаном за І полугодие составил 246,1$. Источник: http: // www.tazabek.kg/news:1660777/ ?from= tazabek &place=newsload [Дата регистрации: 14.10.2014]

Тусупбеков А. В Казахстан молоко, в Кыргызстан муку и пщеницу. Источник:https: //kazvedomosti.kz/article/v-kazahstan-moloko-v-kyrgyzstan-muku-i-pshenitsu/[Дата регистрации: 22.01.2020]

Центральная Азия: 1991-2009 гг. Монография. Под ред. Б.К.Султанова. – Алматы: КИСИ при Президенте РК, 2010. – 300 с.

Шайхутдинов М.Е. Геополитика постсоветского пространства и «Большой Центральной Азии»// Геополитика, глобалистика и теория национальной безопасности: методологические и прикладные аспекты. – Павлодар: ТОО НПФ «ЭКО», 2005. – 528 с.

Шустов А. Казахстан-Кыргызстан: яблоко раздора китайские товары. Источник: https://www.ritmeurasia.org/news-2020-03-02-kazahstan-kirgizija-jabloko-razdora-kitajskie-tovary-47769[Дата регистрации: 02.03.2020]

References

Jandybaev Q. Sońǵy jyldardaǵy qazaq-qyrǵyz qarym-qatynasynyń damý joly (sholý) [The development of Kazakh-Kyrgyz relations in recent years]. Derek kózі: https://strategy2050.kz/news/48783 [Esepke alynǵan kúnі: 10.10.2017] [in Kazakh]

Ibraeva A. Kakıe torgovye otnoshenııa svıazyvaıýt Kazahstan ı Kyrgyzstan segodnıa [What trade relations connect Kazakhstan and Kyrgyzstan today]. / Kýrsıv. – 2017. – 10 oktıabrıa. [in Russian]

QR Prezıdentі N.Á.Nazarbaevtyń Qazaqstan halqyna Joldaýy «Qazaqstan 2050 strategııasy» qalyptasqan memlekettіń jańa saıası baǵyty» [Address of the President of the Republic of Kazakhstan N.A. Nazarbayev to the people of Kazakhstan Strategy «Kazakhstan 2050» – a new political direction of the established state»]. – Astana: Elorda, 2012. – 57 b. [in Kazakh]

Aıtjanbaıqyzy G. Qyrǵyzstannyń eskertýіne Qazaqstan jaýap berdі [Kazakhstan responded to Kyrgyzstan's warning] // EGEMEN QAZAQSTAN. – 2020. – 15-aqpanj. [in Kazakh]

Laýmýlın M.T. Tsentralnaıa Azııa v epohý transformatsıı [Central Asia in the era of transformation]. – Nýr-Sýltan: KISI prı Prezıdente RK, 2020. – s.464. [in Russian]

Laýmýlın M.T. Tsentralnaıa Azııa v zarýbejnoı polıtologıı ı mırovoı geopolıtıke [Central Asia in foreign policy and world geopolitics]. T.Ú: Tsentralnaıa Azııa v HHI stoletıı.- Almaty: KISI prı Prezıdente RK, 2009. – 440 s. [in Russian]

Larıonov K. Chto delat s ne tarıfnymı bareramı mejdý Kyrgyzstanom ı Kazahstanom? [What to do with non-tariff barriers between Kyrgyzstan and Kazakhstan?] Istochnık: https://cabar.asia/ru/chto-delat-s-netarifnymi-barerami-mezhdu-kyrgyzstanom-s-kazahstanom-vzglyad-iz-kyrgyzstana [Esepke alynǵan kúnі: 24.03.2020] [in Russian]

Ortalyq Azııa 25 jylda [Central Asia for 25 years] Jalpy red. Z.K.Shaýkenova.– Astana: QR Prezıdentі janyndaǵy QSZI.– 2017.– 136 b. [in Kazakh]

Saadanbekov J. Sotrýdnıchestvo vo blago dvýh bratskıh narodov [Cooperation for the benefit of two fraternal peoples]//Kyrgyzstan jana Kazakstan: dostýktýn jana ynakkońshýlashtyktyn chek arasy=Kyrgyzstan ı Kazahstan: granıtsa drýjby ı dobrososedstva. Sb. materıalov.otv.red. N.Kerımbekova. B.: MID KR, 2004. –170s.– s.13. [in Russian]

Syzdykbaev A. Kazahstan vlojıl v ekonomıký Kyrgyzstana bolee 1 mlrd dollarov [Kazakhstan invested over $ 1 billion in the Kyrgyz economy] Istochnık: inform.kz https://www.inform.kz/ru/kazahstan-vlozhil-v-ekonomiku-kyrgyzstana-bolee-1-mlrd-dollarov_a3589301[Data regıstratsıı: 27.11.2019] [in Russian]

Tokaev K.-J. Kazahstan ı Kyrgyzstan ıavlıaıýtsıa samymı blızkımı gosýdarstvamı [Kazakhstan and Kyrgyzstan are the closest states]. //Delovaıa nedelıa. –30.10.2020. [in Russian]

Nýrmatov E. Tovarooborot mejdý Kyrgyzstanom ı Kazahstanom za I polýgodıe sostavıl 246,1$ [Trade turnover between Kyrgyzstan and Kazakhstan for the first half of the year amounted to $ 246.1.]. Istochnık: http:// href="http://www.tazabek.kg/">www.tazabek.kg/<> news:1660777/ ?from= tazabek &place=newsload [Esepke alynǵan kúnі: 14.10.2014] [in Russian]

Týsýpbekov A. V Kazahstan moloko, v Kyrgyzstan mýký ı penıtsý [Kazakhstan milk, Kyrgyzstan flour and wheat]. Istochnık: https://kazvedomosti.kz/article/v-kazahstan-moloko-v-kyrgyzstan-muku-i-pshenitsu/ [Esepke alynǵan kúnі: 22.01.2020] [in Russian]

Tsentralnaıa Azııa: 1991-2009 gg.[Central Asia: 1991-2009]. Monografııa. Pod red. B.K.Sýltanova. – Almaty: KISI prı Prezıdente RK, 2010.– 300 s. [in Russian]

Shaıhýtdınov M.E. Geopolıtıka postsovetskogo prostranstva ı «Bolshoı Tsentralnoı Azıı» [Geopolitics of the post-Soviet space and «Greater Central Asia»]. // Geopolıtıka, globalıstıka ı teorııa natsıonalnoı bezopasnostı: metodologıcheskıe ı prıkladnye aspekty. – Pavlodar: TOO NPF «EKO», 2005. – 528 s. [in Russian]

Shýstov A. Kazahstan-Kyrgyzstan: ıabloko razdora kıtaıskıe tovary [Kazakhstan-Kyrgyzstan: bone of contention Chinese goods]. Istochnık: https://www.ritmeurasia.org/news-2020-03-02-kazahstan-kirgizija-jabloko-razdora-kitajskie-tovary-47769 [Esepke alynǵan kúnі: 02.03.2020] [in Russian]

МРНТИ 03.20.00

СОВРЕМЕННЫЙ УРОВЕНЬ РАЗВИТИЯ И ПРОБЛЕМЫ ВЗАИМООТНОШЕНИЙ МЕЖДУ КАЗАХСТАНОМ И КЫРГЫЗСТАНОМ

М.О. Иембекова¹

¹К.и.н., доцент. Университет «Нархоз». Казахстан, г. Алматы.

Аннотация:В статье анализируется уровень развития и достижения двухсторонних отношений между двумя тюркоязычными странами Казахстаном и Кыргызстаном, которые расположены в соседстве в Центральной Азии со схожим историей и культурой, языком, религией. Отношения между двумя странами рассмотрены с момента установления дипломатических отношений по этапно и был проведен всесторонний анализ на уровне науки международных отношении.Проанализированы и сопоставлены основные показатели и результаты политического и экономического сотрудничества между двумя странами и определены пользы для обеих стран от этих отношении. Были выявлены достижения в отношениях между двумя странами и проанализированы нерешенные вопросы. Отмечая, что результаты политического и экономического сотрудничества между странами-соседями по-прежнему удовлетворительны, автор анализирует причины недавних разногласий в торгово-таможенных отношениях между двумя странами, отмечая, что обе стороны должны попытаться избежать этих препятствий. Это оправдывает необходимость разрешения споров путем взаимных договоренностей. В конце статьи сделаны предложения по изучаемой проблеме.

Ключевые слова:Казахстан-Кыргызстан, торгово-сырьевые отношения, таможенный кризис, Евразийский экономический союз.

IRSTI03.20.00

CURRENT LEVEL OF THE DEVELOPMENT AND PROBLEMS OF RELATIONS BETWEEN KAZAKHSTAN AND KYRGYZSTAN

¹Iyembekova M.O.

¹Candidate of Historical Sciences, Associate Professor, Narhoz University.

Kazakhstan. Almaty.

Abstract.The article analyzes the level of development and achievement of bilateral relations between the two Turkic-speaking countries Kazakhstan and Kyrgyzstan, which are located in the neighborhood in Central Asia,  having similar history and culture, language, religion. Relations between the two countries were considered from the moment of establishing diplomatic relations in stages and a comprehensive analysis was carried out at the level of science of international relations. Analyzed and compared the main indicators and results of political and economic cooperation between the two countries and identified the benefits for both countries from these relations. Achievements in relations between the two countries were identified and outstanding issues were analyzed. Noting that the results of political and economic cooperation between the neighboring countries are still satisfactory, the author analyzes the reasons for the recent disagreements in trade and customs relations between the two countries, noting that both sides should try to avoid these obstacles. This justifies the need to resolve disputes through mutual agreements. At the end of the article, proposals are made on the problem under study.

Key words:Kazakhstan-Kyrgyzstan, commodity-trade relations, customs crisis, Eurasian Economic Union.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь