Главная » Материалы » ҒТАМР 03.09.31 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫ ЖӘНЕ ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНДА ЯНЫЧАРЛАР ӘСКЕРИ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТІ (XV-XVIII ғғ.)

Н.М. Абдукадыров¹, А.П. Акынова². ¹Ph.D. әл-Фараби ат. ҚазҰУ. Ph.D. ²Абай ат. ҚазҰПУ. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 03.09.31 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫ ЖӘНЕ ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНДА ЯНЫЧАРЛАР ӘСКЕРИ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТІ (XV-XVIII ғғ.)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(24) қазан-желтоқсан, 2020

Теги: янычарлар, батырлар, хандығы, қазақ, империясы, Осман, әскери, қызмет.
Аннотация:
Аңдатпа. Әлемдік өркениетте түркі халықтарының тарихы мен қалыптастырған сан ғасырлық бай мәдениеті ерекше орын иеленеді. Еуразия төскейінде далалық әскери өнерді ерте кезден жетік меңгеріп, Ұлы Далада орын алған аса ірі саяси-тарихи процестердің басталуына ықпал еткен түркілердің осы саладағы жетістіктері ауқымды тарихты құрайды. Орта ғасырларда Еуразияда ірі саяси процестердің бастамашысы болған түркі мемлекеттері Қазақ хандығы мен Осман империясының дамуына олардың әскери қуатының жоғары деңгейде болғаны ықпал етті. Екі мемлекеттің де әскери қуаты мықты болып, ол кейіннен осы салаларда белгілі бір орталықтанған жүйе мен институт қалыптастырды. Қазақ хандығында көшпелі өмірге негізделген әскери саланың өзіндік ерекшеліктері болып, ол қазақ қоғамында Батырлар институтының қызметімен сипатталды. Ал, Осман мемлекетінде бірқатар әскери жасақтар болып, оның ішінде Янычарлар әскери жүйесінің қызметі күшті болды. Ұсынылып отырған ғылыми мақалада, Осман империясында әскери салада янычарлардың қызметі мен қазақ қоғамында батырлар институтының саяси-әскери, қоғамдық және әлеуметтік қызметі тарихи-салыстырмалы түрде қарастырылады. Қазақ қоғамындағы әскери жүйе мен түріктердің әскери саладағы ерекшеліктері зерттеледі және тақырыпқа қатысты ғылыми мәселелер талдауға түседі.
Содержание:

Кіріспе. Әлем тарихында түркілер құрған мемлекеттер өзінің даму жолы мен саяси өмірінде әскери салаға ерекше мән берді. Тарихтың өзі көрсеткендей, түркілер құрған мемлекеттерде, империя болсын, сұлтандық, хандық, әмірлік немесе қандай да бір мемлекеттік бірлестік болса да онда әскери сала басты орында болды. Бұл жағдай біріншіден мемлекеттің қорғанысы мен сыртқы саясатына бағытталса, екіншіден, әскери сала қоғамдық өмірдегі бағзыдан қалыптасқан бір дәстүр іспеттес болды. Бұл әрине, сонау протүркілерден бастау алатын иен далада ұрпақтан ұрпаққа берілген өнер түрі болып табылады. Тақырыптың мазмұны көрсетіп тұрғандай, тарихын Тұран далаларынан бастайтын Анадолы түркілерінің және осы Ұлы Даланың иесі саналған қазақтардың әскери саладағы тарихына салыстырмалы талдау жасау тарихи заңдылық болып табылады. Екі халық құрған мемлекеттер – Қазақ хандығы мен Осман империясындағы қорғаныс пен әскери институттардың өзіне тән ерекшеліктерін көрсету ғылымдағы маңызды тақырыптардың қатарынан орын алатыны сөзсіз. Екі елдің әскери саладағы ұқсастықтары мен ерекшеліктері қазіргі кезде де ерекше болып, Түркия мен Қазақстан бұл күнде осы салада негізгі стратегиялық әріптестер болып саналады. Осман мемлекетінде Янычарлар жүйесі мен қазақ қоғамындағы  Батырлар институтының өзіндік өзгешеліктері мен ерекшеліктері және ұқсастықтарын түрлі мысалдар негізінде айқындау мақаланың мазмұны болып табылады.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу тақырыбына қатысты негізгі деректер мен ғылыми материалдың үлкен бөлігін түрік тіліндегі деректер құрайды. Түрік-осман тіліндегі материалдар орта ғасырлық Осман сұлтандығының тарихын, оның ішінде мемлекеттің саяси-әлеуметтік тарихты және оның әскери саладағы тарихына қатысты кең ауқымды мәліметтер береді. Осман мемлекетінде янычарлардың саяси-әскери қызметі туралы мәліметтерді жазу барысында, құжаттық және жазба материалдардың көшірмелері қолданылды. Янычарлардың қызметі мен олардың ерліктерін айғақтайтын материалдар Түркияның Министрлігі жанындағы Османлы архивінің материалдарынан алынды. Ондағы материалдар негізінен, Осман мемлекетінің саяси тарихына қатысты мәліметтермен айқындалып, соның аясында әскери тарихқа қатысты мәліметтер беріледі. Янычарлардың тарихын мемлекет тарихының негізінде жазылған мәліметтерден көруге болады. Сонымен қатар, янычарлардың қызметіне қатысты мәліметтер, түркиялық, еуропалық т.б елдердің тарихшылары тарапынан аударылған Осман архивінің материалдарының аудармалары негізінде жазылған еңбектер тақырыптың материалдық негізін құрайды. Зерттеу жұмысында, құжаттық материалдар ішінде ең негізгілері қатарында османдардың санжактары мен эйалеттерінде XVI-XVII ғасырларда қабылданған Кануннамелерді айтуға болады (Pulah, Yücel, 1988:56-59).

Сұлтан І Селімнің кезінде янычарлардың қатары көбейіп, соғыс қимылдары аса үлкен қарқынмен жүргізілді. Бұл туралы мәліметтердің осы сұлтан І Селімнің тарихына қатысты архив деректерін жинақтап шығарған. А.С.Тверитинованың жинағында янычарларға қатысты мәліметтерді алуға болады (Тверитинова, 1969: 16-19). Келесі бір орта ғасырлық еңбектердің авторы Селаники Мустафа пашаның кітаптарында янычарларға қатысты мәліметтер беріледі. Атақты ортағасырлық түрік тарихшысының екі томдық зерттеуі тарихи дерек ретінде қалған құнды зерттеулердің бірі саналады. Бұл деректе, Осман империясының орта ғасырлардағы, оның ішінде І Сүлеймен сұлтан тұсындағы тарихы туралы ауқымды мәліметтер беріліп, онда янычарларың қызметі мен әскери жүйесіне қатысты мәліметтер жазылған (Selaniki, 1989:21-24). Жалпы, янычарлар туралы орта ғасырлық мәліметтердің құнды болуының басты ерекшелігі – Осман империясында янычарлар негізінен орта ғасырларда құрылып, олар империяның саяси өмірінде ерекше қызмет етті.

Сонымен қатар, янычарлардың пайда болуы мен олардың қызметі мен ролінің күшеюі туралы деректік материалдар Осман империясының тарихын нақты деректер негізінде жазған атақты тарихшылар болды. Осман империясының тарихына қатысты дерек көздерін жинақтаған атақты тарихшы Йозеф вон Хаммердің зерттеулерінде түрік әскерінің янычарлар корпусының қызметі бағаланады. Хаммер өзінің зерттеу жұмыстарын осман мұрағаттарынан бөлек еуропалық мұрағаттардың көпшілігін аралап Осман мемлекетінің тарихына қатысты деректер жинағын да жарыққа шығарған. Оның жинақтаған материалдары янычарлар тарихынан құнды мәліметтер береді (Hammer, 1997: 115-120).

Келесі кезекте, қазақ қоғамында батырлардың әскери, қоғамдық және саяси қызметі туралы сипаттама бертін болсақ, қазақтарда батырлардың тарихы бойынша деректік материалдар негізінен сол заманда өмір сүрген тарихшылардың, ақын-жыраулардың жазбаларында қалған. Сонымен  институтына, батырлардың ерлігін сипаттайтын жанама еңбектер дедің деректік негізі жоғары саналады. Қазақтардың батырлар институты мен олардың жеке әлеуметтік ортасы мен қоғамы орта ғасырлардан емес, сонау түркілік кезеңнен қалыптасты. Алтын Орда немесе Монғол кезеңінде және Қазақ хандығы құрылатын кезеңде бұл қоғамдық ортаның маңызы өте жоғары деңгейге көтеріліп, ол кезде бүкіл өмірі соғыста өтетін, соғыс ісі атадан балаға жалғасқан негізгі кәсібі болған, мемлекет билікті қолына ұстаған қоғамдық топ – далалық әскери аристократия пайда болды. Осы топта соғыс ісінің тәжірибесі жинақталып, әскери өнер дамып, қару-жарақ жасаудың, оны қолданудың биік деңгейі қалыптасты. Қазақ даласындағы аталған кезеңдегі батырлардың есімдері мен олардың әскери және қоғамдық қызметі туралы деректік материалдар отандық және кеңестік ғалымдар тарапынан жинақталған «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандықтарының тарихы бойынша материалдарда» (Материалы, 1969:25), Өтеміс Хажының «Шыңғыснама» еңбегінде берілген (Утемиш-Хаджи, 1992: 110-115). Аталған шығарма түркі тілінде жазылып, олардың парсы тілінде жазылған нұсқасы да болды. Себебі, бұл кезде аймақта парсы тілі халықаралық тіл ретінде қолданылды. Осындай еңбектердің бірі, парсы және түркі тілдерінде жазылған Мұхаммед Хайдар Дулатидің Тарих-и Рашиди еңбегінде де қазақ қоғамындағы батырлар туралы тарихи фактілер көрсетілген (Дулати, 2003:105).

Қазақ хандығын құрылған кезден бастап, ондағы батырлардың өмірінен сыр шертетін келесі бір маңызды деректер топтамасына жекелеген ізденушілер, тарихшылар, шежіретанушылар, жылнамашылар тарапынан жазылған жинақтар мен шежірелер топтамасы жатқызылады. Мұндай еңбектердің қатарына Қадырғали Жалайридің Жәми ат-тауарих» еңбегі (Қадырғали, 1997: 120), Хиуалық Әбілғазының «Шаджара-йи тюрк» сияқты еңбектер жатқызылады (Әбілғазы, 1991: 5-8). Мұндай еңбектер Қазақ хандығы мен бұл мемлекетте өмір сүріп жатқан қазақ және өзге де түркі халықтарының тарихы мен шежіресінен хабар береді. сонымен қатар, Қазтуған, Марғасқа, Жиембет, Шалкиіз, Бұқар жыраулардың өлең-жырларында батырлар туралы тарихи деректер кездеседі.

Зерттеу жұмысында түркиялық, еуропалық және ғалымдардың іргелі теориялық пікірлері мен тұжырымдары қолданыс тапты. Мақаланы жазуда тарих ғылымының қалыптасқан дәстүрлі және заманауи методологиясына негізделген тарихи-салыстырмалылық, тарихи типологиялық, сипаттау, ғылыми талдау мен синтез және тарихи жүйелеу әдістері мен принциптері қолданысқа енді. Сондай-ақ, қазақ батырларының қоғамдағы қызметі мен түрік әскерінің соғыстағы қимылдарына қатысты әлеуметтік процестерді зерттеуде тарих ғылымының заманауи пәнаралық әдістері басшылыққа алынды. Сонымен қатар, ең маңыздысы, халықтардың әскери мәдениеті мен олардың ерекшеліктерін анықтауда және олардың әскери саладағы тарихын зерттеуде, өзара ұқсастықтарды талдауда жершілдік пен діншілдік ұлтшылдық, түрікшілдік, мұсылмандық көзқарастардан бас тартып, тақырыптың өзекті мәселелерін объективті түрде шешуге талпыныс жасалды.

Талдау. Жалпы, қазақ қоғамында батырлар институты туралы зерттеулер аз емес. Батырлар институты өзінің қалыптасу кезеңдерінде көшпелілер қоғамына тән басқа да әлеуметтік институттармен бірге дамыды. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар әрі би, әрі жырау, әрі елші, әрі ру басшысы қызметін қоса атқара беруімен ерекшеленеді (Мәдібай, 1996: 36-40). Зерттеуші А.И. Першиц көшпелі халықтардың саяси құрылымының ерекшеліктерін рулық құрылымдардың басшыларының негізінен әскери көсемдер болғандығымен түсіндіреді (Першиц, 1976:8-14). Батырлар институты тарихының кейбір мәселелерін зерттеу А.К.Кушкумбаев, Т.К. Алланиязов [13] сынды зерттеушілердің әуелде қазақ халқының әскери өнері мен қазақтан шыққан батырлардың қызметіне арналған еңбектерінде көрініс тапқан (Кушкумбаев, 2001: 9-15). Қазақ қоғамындағы батырлардың институционализациялануы (Алланиязов, 1997: 12-20) олардың тек қана жеке батыр ретінде ғана емес, би, шешен, жырау, ұлыс, ру билеушісі ретіндегі функцияларды бір қолға жинақтауынан келіп туындағанын көреміз. Батырлардың әлеуметтік, саяси күш ретінде институтқа айналуы бұдан кейінгі кезеңдерде бірте-бірте жүзеге асты. Қазақ қоғамында батырлар көбіне осы әлеуметтік жіктің өкілдері арасынан шықты. Олардың бар өмірі елдің қонысын кеңейту, халықты жаудан қорғау жолындағы жорықтарда өткен. Ел үшін жанын қиған батырлардың есімі ел ұранына айналып, халық олардың ерліктеріне тағзым етіп отырған. Мұндай дәстүрлер қазіргі кезге дейін сақталған. Сонымен қатар, батырлардың дәстүрлі өнеріне қатысты зерттеушілер М.Қ.Дауытбекованың зерттеу жұмыстарында (Дауытбекова, 2016:3-7) және Н.А.Абдоллаевтың еңбектерінде көрсеткен (Абдоллаев, 2002: 13-16).

Янычарлардың қызметі мен қоғамдағы рөлі туралы түркиялық, еуропалық және кеңестік тарихшылар зерттеу жүргізіп, ғылыми тұжырымдар жасады. Жалпы, әлемдік тарихнамада янычарлар тақырыбы өте тартысқа толы тақырып екенін осы орайда айта кеткен орынды. Негізгі ғылыми мәселелер янычарлардың пайда болуы мен түрік әскери корпусының жасақталуында әскерилердің ұлты мен дініне қатысты туындайды. Бұл тартыстар ғылымда өз шешімін таппаған сұрақтар болып саналады. Атап айтқанда, еуропалық, және кеңестік тарихшылардың зерттеулеріндегі қорытындылардың негізінде ұзақ жылдар бойына янычарларға тек христиан балалары қабылданды және түріктердің Еуропаға, оның ішінде Балқан түбегіндегі христиан халықтарына жауыздықпен күш көрсетті деген біржақты тұжырымдар қабылданды. Мұндай біржақты тұжырымдар И.Е. Петросянның зерттеулерінде (Петросян, 2019: 4-8), әскери тарихшы А. Широкорадтың еңбектерінде, (Широкорад, 2009: 31-16), сондай-ақ А. Палмер (Palmer, 1953: 450-455) сынды зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі.

Янычарлар корпусы расында да осман әскерінде ауыр әскери топты құрады. Олардың қызметіне сұлтан ерекше сенім артуына байланысты әрбір янычар бақылауда болды. Оларға ерекше күтім жасалды және қоғамнан аулақ жерде ұсталды. Олар сұлтанның ең жауапты соғыс миссияларын орындауына байланысты әскери тәртіп барынша өте қатал болды. Янычарлардың осындай жауапты қызметі мен олардың әскери қатал заңына қатысты зерттеу жұмыстарында тарихшылар мен зерттеушілер осман билігін барынша айыптайды. XIV-XV ғасырларда Осман империясы үшін нағыз жаугершілік және соғыс жағдайлары жиілеген кезде янычарлардың еңбегі майданда ерекше көрінді. Соғыста жеңілмес үшін оларға барынша аса жоғары деңгейдегі ең қатқыл әрекеттер мен әдістер үйретілді. Соның негізінде олар жанашырлық пен мейірімділікті сезіне алмады. Соның арқасында ғана Осман мемлекеті үздіксіз соғыстарда жеңістерге қол жеткізіп, ғасырлар бойы ешбір көршілес мемлекеттер басып ала алмаған, тарихы мен өркениеті тереңге тараған атақты Византия империясын құлатты. Мұндай факторларды тарихшылар көп жағдайда біржақты қарап қорытынды жасайды. Алайда, соғыс жағдайында ешкімді ақтап алу мүмкін еместігі сияқты янычарлардың да соғыс тәртібіне қатысты көзқарастар мен қабылданатын тұжырымдар жан-жақты болуды ғылымның өзі талап етіп отыр. Осындай жан-жақты қарастырылған ғылыми еңбектердің қатарына Николле Дэвид, (Дэвид, 2014: 6-11), атақты тарихшы Халил Иналжык, (İnalcık, 1980:15-21), осман және түркілер тарихы бойынша зерттеуші Мустафа Акдаг (Akdağ, 1947: 6-9) және басқа да ғалымдардың зерттеулерін көрсетуге болады.

Зерттеу нәтижелері. Қазақ қоғамында батырлар институтының қызметі. Жалпы қазақ қоғамында немесе қазақ мемлекетінде батырлар институтының қалыптасу генезисі мен эволюциясы Қазақ хандығының құрылуына дейінгі ғасырлардан бастау алады. Бірақ, оның тарихын терең зерттеу оның деректердің аздығы мен жетіспеушілігі өз кезегінде қиындық тудырады. Қазақ батырларының тарихы туралы негізгі деректер бұл кезде ауызша деректермен сипатталады. Бұған қатысты ауызша тарихи деректердің негізгі тобын батырлар жыры мен ақын-жыраулардың жазып қалдырған шығармалары құрайды. Батырлар институтының бастау көзі, олардың әлеуметтік топ ретінде қалыптасу кезеңдерінің тарихи эволюциясы осындай ауызша деректерден анық көрініс береді. Сырт жауларға қарсы күрес, елдің сыртқы, ішкі жағдайы түскен саяси ахуал көрініс беріп жататын қаһарман жауынгердің тұлғасы соғыс сәтінде сомдалған ерлік жырларды туғызушы Казтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Қожаберген, Ақтамберді, Бұхар, Үмбетей, Тәтіқара жыраулардың еңбектерінің тарихи маңызы өте терең (Ошақбаева, 2014:32-33).

Қазақ хандығы құрылғанда қоғамда билердің, батырлар мен орақ ауызды шешендердің өзіндік орны болды. Бірақ, бұл кезде аталған қызметтегі адамдар мемлекетте қабылданған заңдарға және қоғамда қалыптасқан дала заңына негізделген жұмыстар мен өздеріне бекітілген қызметтерді атқарумен шектелді. Оның ішінде билер мен батырлардың қызметі мен рөлі ерекше болды. Олар қоғамның тыныштығы мен сыртқы жаудан қорғаудың негізгі кепілі саналды. Атап айтқанда, Билер – бұл хандықтағы ең беделді адамдар, олар өз қауымдастығында әкімшілік және сот қызметін атқарды. Заңның дұрыс орындалуы мен азаматтар арасындағы қарым-қатынастарды реттеумен, қоғамның тыныштығын қамтамасыз етумен айналысты. Батырлар – әскери басшылар болды, әдетте, олар қол бастап жауға шапты, әскери қақтығыстардың кезінде мемлекет пен қоғам арасынан олардың есімдері танылып ұсынылды, олар жекелеген түрде, сондай-ақ бірлестіктердің жасақтарын басқарды. Мұның барлығы хандықтың алғашқы құрылған жылдарына бастап қалыптасқан әскери жүйе еді (Султанов, 2009:34-35).

Үрім-бұтағынан бері қарай батыр атанып келе жатқан, ауыр жараланса да ұрыс даласын тастамайтын батыр қара батыр немесе қара берен батыр деп аталған. Жеке батыр – қауіп-қатерді елеместен, ұрысқа жолдассыз, жалғыз өзі аттанатын батыр. Қазақ хандығының құрылатын кезеңінде және осы дәуірдегі қазақтың қаһармандық эпостарындағы Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды, Қамбар – жауына жалғыз аттанған ұлы батырлар. Қамал бұзған батыр – талай рет жаугершілікке қатынасып, жауын жеңіп, бірнеше рет қамал алған, атақты, танымал батырлар саналады. Аталған батырлар қазақ жырларында кеңінен көрсетіліп, олардың ерлігі бағаланады. Жырларға, ән мен күйге, аңыз – ертегіге арқау болған ол соғыс өнері мен әскери амал-айланы биік сатыға көтеруші мемлекеттің интеллектуалдық қарымын арттырды.

Көріп отырғанымыздай, уақыт өте батырлар қазақ қоғамында белгілі бір әлеуметтік категория болып қалыптасты. Бұрынғы кезде батырлық жай ғана бір адамның бойындағы қасиет болса енді оның мағынасына өзгерістер енгізілді. Бұл екі ұғымның тууына заманның ағымы мен оған қатысты қоғамның дамуы ықпал еткен. Қазақтарда батырлар мен олардың қоғамдағы қызметіне деген сұраныс пен қажеттілік әрқашан жоғары болған. Қазақ хандығының ішкі өмірі мен сыртқы саясаты, соғыстар, жорықтар мен түрлі аймақтық жанжалдар, қоғамдағы келіспеушіліктер мен алауыздықтарды реттеу мен осы аталған жағдайларды реттеуде немесе осы іспеттес мәселелерді шешу жұмыстарында белсенділік танытып, араағайындық жасау жұмыстары қоғамда батырлардың орнын күшейтті және беделін арттырды. Кез-келген даулы мәселеде батырлардың ықпалы анық көрініп отырды. Батырлардың ханмен тайталасатындай беделі қалыптасты. Олардың қоғамда белгілі орны айқындалды. Бір сөзбен айтқанда жоғарыда аталған факторлар қоғамда толыққанды бір институттың құрылуының заңды екенін көрсетті.

Батырлар институты дәстүрлі қазақ қоғамының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, негізінен сыртқы факторлардың әсерімен шыңдала түсті.батырлар институтының қазақ даласында шарықтау шыңына жеткен, аса пәрменді әлеуметтік-саяси күшке айналып, барлық мәнді белгілері мен қасиеті жарқырай ашылған тұсы – ХVІІІ ғасыр. Қанжығалы қарт Бөгенбайды қайта атқа отырғызып, қолына қару алғызған да, бұғанасы қатпаған Абылайды сар далада тентіреткен де сол заман еді. Осылайша, батырлардың әлеуметтік, саяси күш ретінде институтқа айналуы бұдан кейінгі кезеңдерде бірте-бірте жүзеге асты. Сондықтан Е. Бекмаханов ХІІІ-ХІV ғасырлардағы батырлар мен ХVШ-ХІХ ғасырлардағы батырларды бірдей қарастыруға болмайды деп атап көрсеткен еді (Бекмаханов, 1994: 104). Е. Бекмаханов өзінің тұжырымдарын негізінен қазақ батырларының, оның ішінде Кенесары ханның ерлігіне қатысты зерттеулерінің негізінде ұсынады. ХVІІ-ХVШ ғасырлардағы ішкі және сыртқы факторлар қазақ қоғамындағы батырлардың саяси, әлеуметтік мәртебеге ие болуына қолайлы жағдай туғызды. Сондықтан ел басына күн туған сәтте саяси басымдылық батырлар қолына өтті. Сыртқы жаудан қорғану, елдің ішкі бірлігін сақтау сияқты күрделі мәселелерде батырлардың рөлі жоғары болды. Батыр атағын ақсүйек және қарасүйек өкілдері де қоғамдық дәрежесіне қарамастан бірдей иелене алатын, әрі батырлар ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы сыртқы фактордың күштілігінен қоғамдық қатынастарда басымдылыққа ие болды. Сондықтан дәл осы кезеңде батырлар институтының күрделі қалыптасу процесі аяқталып, ол өзінің дәл осы кезеңдегі дәстүрлі қазақ қоғамына тән ерекшелігіне сай өзіндік функцияларын атқарды

ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда батырлар институтының толықанды қалыптасып бітуіне және олардың қызметі мен функцияларының өзгеруіне Жоңғар шапқыншылығына қатысты факторлар болды. Бұл дәуірде Жоңғар басқыншыларына қарсы қол бастап, жауына соққы берген Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Көшебе керей Қожаберген, Шұбарайғыр Қожаберген, Балта керей Тұрсынбай, Табын Бөкенбай, уақ Батыр Баян, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы, Ер Жәнібек батырлар қол бастап, олар ордабасы атанған (Күзембайұлы, 2019: 24-25). Осы ғасырларда қол бастаған қазақ батырлары қоғамда жеке әлеуметтік институт қалыптастыра алды. Бұл кезең батырлар институытының беделі мен қызметінің шарықтау шегі болып саналады, олар қарадан шықса да ел ісіне араласып, зор беделге ие болды. Оның басты дәлелдері – батырлар ел қорғаны, қоғамда тыныштық пен бірліктің кепілі, хан мен сұлтандарға датын айтып, халықтың мұң-мұқтажын көрсете алатын және кез-келген мемлекеттік-қоғамдық мәселеге бәс тігетін саяси тұлғалар болды. Сондықтан, олардың қоғамда беделі мен орны өте жоғары саналды.

Одан кейінгі дәуірлердегі, яғни Қазақ хандығының саяси дағдарыстар кезеңіне аяқ басып, Ресей бодандығына өткен кезеңдердегі батырлардың қоғамдағы беделі мен орны басқаша болды. Бұрын батырлар ел қорғаны мен геосаяси мәселелерге байланысты қол жинап күресіп, оларды атақты батырлар бастайтын болса, ендігі жағдай басқаша болды. ХVІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғасырда Ресей империясының отарық саясатына қарсы қазақ арасынан қол жинап көтеріліске шыққан батырлар Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Жоламан Тіленшіұлы, Кенесары, Наурызбай Қасымұлдары, Шұбыртпалы Ағыбай, Кейкі, батырлар өзінің ерлігімен ел есінде қалғаны белгілі. Олардың беделі хандық кездегі батырлар сияқты үстем болмағанымен, олардың қоғамдағы өзіндік орны мен рөлі болды.

Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияны отарлауының салдарынан қазақ даласында Батырлар институтының қызметі тоқтатылды. Бірақ халық арасында ел қорғаны үшін, халықтың бірлігі жолында қызмет еткен адамдар аз болмады. Дегенмен, Қазақстан тарихында төрт ғасырдан астам тарихы бар хандық дәуірі кезінде пайда болып, ел игілігі үшін қызмет еткен батырлар институты мен оның қызметі ұрпақтың жадында сақталады. Бүгінде батырларымызға арналған тарихи, әдеби, көркем шығармалар жарық көрді, тарихшылардың, философтардың, әскери мамандардың, журналистердің, өнер адамдарының зерттеулері, мақалалары, әндері жазылды, есімдері ауданға, әскери бөлімшеге, мектепке берілді, қорлар құрылды. Тәуелсіз қазақ елі аман тұрғанда халықтан шыққан батырлар есімі мен олардың ісі ешқашан ұмытылмайды.

Осман империясында әскери жүйе және янычарлар.Кеңестік кезеңде Осман империясының тарихына қатысты оқулықтар мен ғылыми еңбектерде янычарларды дайындауда түріктер «еуропалық халықтардың арасынан ата-анасын әдейі өлтіріп, оларды тірідей жетім қалдырып, немесе күшпен тартып алып, сондай-ақ оларды зорлықпен әскери жауынгерлердің қатарына қосты» деген біржақты тұжырымдар мен пікірлер басым болып келді. Алайда, уақыт өте жаңартылған зерттеулер мұндай біржақты тұжырымдардың жалған екенін көрсетіп берді. Бұған қатысты негізгі факторлар әрине соғыс факторларымен байланысты болып, осман әскерлері еуропалық аймақта соғыс қимылдарын жүргізген кезде далада аш-жалаңаш, қараусыз қалған балалар мен ересек адамдарды өздерімен бірге алып келген. Бірақ, оларға соғыс тұтқындары ретінде қарамастан, тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, қоғамға қосып отырған. Осман әскерлері соғыста өз еркімен берілгендерге қарсылық көрсетпейтін болған. Бұл ілгеріден әскери салаға енгізілген негізгі тәртіп болып саналды. Олар қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларында қызмет етіп, елмен араласып сіңісіп кетті. Солардың ішінен жастар, бойында күш-қуаты бар жігіттер әскер қатарына тартылды. Бұл кезде сұлтан әскері империя әскерінің ең таңдаулы және негізгі бөлігін алып, оған жас ер азаматтар арнайы іріктеуден өтіп алынатын болған. Янычарлардың қызметі атақты Хажи Бекташ Уәлидің идеяларымен байланысты болған (Maden, 2015: 175-178).

Сұлтан әскерінің негізгі бөлігін құраған янычарлардың пайда болуы мен олардың қалыптасу тарихы осылай басталған болатын. Осман әскерінде янычарлардың пайда болуы Осман мемлекетінің атақты билеушілерінің бірі саналған І Мұрат сұлтанның кезіндегі саясатпен тығыз байланысты. Осман империясының аумағының Еуропаға қарай кеңеюіне байланысты оның әскерлерін қайта құру, оның негізгі соққы күші ретінде ерекше тәртіптегі тұрақты жаяу әскерлер бөлімдерін құру қажеттігі туындай бастады. Бұл кезде негізінен Балқан жерінде соғыс қимылдарын жүргізген түріктер үшін тұрақты жаяу әскери корпустың қажеттілігі расында да уақыт санап анық байқалды. Осыған байланысты І Мұрат сұлтанның бастамасымен жаңа жаяу әскер корпусы құрылып, ол «Янычарлар» (йени-чери – жаңа әскер) деп аталды. Осыдан бастап янычарлар Осман империясының әскери, яғни қарулы күштерінің арасында тұрақты жаяу әскеріне айналып, олар шешуші ұрыс алаңдарында соғысқа кірісетін болды. Янычарлар әскерін 1365 жылы құрған түрік сұлтаны Мұрат I оны Осман мемлекетінің саяси өмірі үшін аса маңызды болады деп сенген еді. Янычарларды құрылу уақыты кейбір мәліметтер бойынша 1363 жылға тура келеді (Elibol, 2009: 21-25).

Бұған дейін Осман сұлтандығында Сипахилер (ауыр атты әскер) менАкынжылар (тұрақты емес, тек соғысқа бағытталған атты әскер) түрік армиясының негізін құрады. Бұлардан тыс «Капыкулу» деп аталатын әскери жасақ құрамы (осман сұлтанының жеке гвардиясы) болып, ол ресми түрде сұлтан үшін өмірін қиятын кәсіби жауынгерлерден құралды. Жаңадан құрылған янычарлық полктер мемлекет пен қоғам өміріне тез араласып, оның құрамындағы әскерилер полиция, күзет, өрт сөндірушілерді және қажет болған жағдайда жазалау функцияларын да атқара бастады. Янычарлар корпусын дайындау мен оны топтастыруда девширме жүйесі жұмыс істеді. Бұл жүйе болашақта жауынгер болатын әрбір баланың физикалық дайындығынан бастап, білім беру, оқыту мен тәрбиелеу және әлеуметтік қамсыздандыру жұмыстарын жүргізумен айналысты. Әрбір жас бала Янычар болуды армандады, олар 25 жасына дейін өсіп, толыққан соң, Янычар атауына ие болды. Олардың негізгі тәрбиесі өзге елдермен соғысу және мемлекеттің қорғанысын қамтамасыз ету болды.

Осман сұлтандары янычарлар отрядтарын әу баста түрік әскерінің бір бөлігі, жаяу әскер болады деп жоспарланып, және солай жүргізілді. Янычарлар ресми түрде қызмет етті, олар сұлтанға адал болып, өздерін сұлтанның құлымыз деп санады және әскери мекеме (штаб) мен казармаларда өмір сүрді. 1566 жылға дейін оларға үйленуге және жеке үй шаруашылығымен айналысуға тыйым салынды. Қайтыс болған немесе қайтыс болған Янычардың мүлкі полктің меншігіне айналды. Соғыс өнерімен қатар, янычарлар каллиграфия, заң, теология, әдебиет және шет тілдерін оқыды. Жараланған немесе ескі янычарлар зейнетақы алды. Сонымен, янычарлардың негізгі бөлігі исламдық дәстүрлерде тәрбиеленген жергілікті этникалық албандар, армяндар, босниялықтар, болгарлар, гректер, грузиндер, сербтер болды. Олардың көбі соғыстарда тұтқын болған балалар болып, денсаулығы нашар болған балалар жергілікті түрік отбасыларында тәрбиеленуге берілді.

Уақыт өте янычарлардың әскер арасында, одан біраз уақыт өткен соң саяси ортада орны білінді. Бұл олардың әскери өнерімен және санымен байланысты болды. Сандық көрсеткіштеріне келсек, олар: 1480 жылы 10 мыңнан, 1568 жылы 12 мыңнан, 1610 жылы 40 мыңға жуық болып, осы ғасырдың соңына қарай 50 мыңнан асты. Қоғамда олардың ерлігімен жүргізген жойқын соғыстары туралы ақпарат пен мәліметтер кең тарады. Қоғамның оларға деген ерекше ықыласы мен құрметі қалыптасты. Янычарлар қоғамдағы өзінің беделінің жоғары болуына байланысты және қалыптасқан әскери күшке сүйене отырып, олар енді мемлекеттің ішкі істеріне араласа бастады (Beydilli, 2013: 452-455). Ондағы негізгі факторлар янычарлардың уәзірлердің саясатына, тіпті сұлтанның өзіне қарсы шыға бастады. Олардың басты мысалдарын атап өтсек, янычарлар 1449 жылы сұлтан ІІ Мұратқа, 1525 жылы сұлтан І Кануни Сүлейменге, қарсы шықты және олар аяусыз бастырылған. Янычарлар тарапынан ұйымдастырылған ең маңызды оқиғалардың бірі 1622 жылы көтеріліс жасап, сұлтан ІІ Османды өлтірген. Сонымен қатар, 1807 жылы янычарлар империя тарихындағы атақты сұлтандардың бірі, еуропалықтар тарынан «Реформатор» атағына ие болған сұлтан ІІІ Селімді тақтан түсіріп өлтіреді. Көптеген сұлтандар өз кезегінде янычарлардың көтерілісінен сескеніп отырған. Тек атақты Сүлеймен сұлтан сынды жігерлі сұлтандар ғана оны бастырып, аяусыз жазалап отырған. Мұның бәрі әрине янычарлардың басынуымен сипатталды. Бұлай болуының негізгі себептерінің бірі XVII ғасырдан бастап янычарлар жергілікті түріктер мен өзге де мұсылман халықтары арасынан алынып, олардың бұрынғы янычарларға қарағанда билікке қарсы шығу мүмкіндіктері көп болды. Ақыры, осындай көтерілістердің алдын-алу және Осман империясының әскерінен янычарлар корпусын алып, бұл жүйені мүлде жойып тастау жоспары қарастырылып, ол сұлтан ІІ Махмұт тарапынан жүзеге асырылды. 1826 жылы сұлтан ІІ Махмұт янычарлар бөлімін, жалпы бұл жүйені жойып тастады және жаңартылған әскери реформа жасады. Осыдан бастап Осман империясының әскери саласында янычарлар институты жойылды (Özcan, 1995: 15-18).

Салыстырмалы талдау. Өзіндік ерекшеліктері. Қазақ қоғамында батырлардың өзіндік орны болып, олар әрқашан оны мақтан тұтқан. Осман империясында қалыптасқан әскери жүйе өте ауқымды болып, ол негізінен аса ірі империялық билікке негізделгендіктен, оның ерекшеліктері осымен сипатталды. Янычарлардың мемлекет пен қоғамда қалыптасқан өзіндік орны болды. Оларды басқару үшін тағайындалған янычар ағалардың халық арасында және мемлекеттегі беделі жоғары саналды. Екі халықтағы әскери жүйенің өзіндік ерекшеліктері болып, олардың ең негізгілері төменде көрсетілді:

– Янычарлардың ұлттары біртекті болмады. Олар алғашқыда еуропалық ұлт өкілдерінен жасақталды. Кейіннен бұған басқа да ұлт өкілдерінен жасақтар қосылды. 

– Янычарлар бала кезден қатаң тәртіпке үйретілді. Олар осман сарайында бекітілген қатаң тәртіп пен қабылданған қатқыл заңдардың негізінде күн кешті. Бұл оларды өмірге, қоғамға наразы болып, олардың ештемеден тайсалмайтын және қорықпайтындай етіп тәрбиелеуге алып келді.

– Әрбір янычар мұсылман болуы тиіс болды. Осман мемлекет Ислам дінін берік ұстанғандықтан барлық әскерилер ұлты мен нәсіліне қарамай, Ислам дінін қабылдап, оның парыздарын орындаған.

– Осман әскерилері арасынан танымал болған тұлғалар кейіннен мемлекет басқару ісіне араласты. Бұрын янычар болып, кейіннен сарай істеріне араласқан адамдар болды және олар тіпті сұлтаннан кейінгі орынды иеленетін бас уәзір титулын иемденген. Қазақ батырларында мұндай мүмкіндік болған жоқ. Олар тек белгілі қоғамдық ортада беделді болып, алайда ел басқару ісіне тек Шыңғыс тұқымының өкілдері тартылды.

– Янычар ағаларға (басқарушылар) мемлекет тарапынан тиісті жалақы төленді. Өйткені, оларды ынталандыру керек болды, екіншіден, олардың бұдан тыс кіріс жоқ еді. Ал, мұндай жағдай қазақ батырларында болған жоқ. Олар тек ел үшін жер үшін соғысқа шықты.

– Осман империясының сұлтандары янычарларды басқа әскери бөлімшелермен бірге Шығысқа қарай аударуды да ойластырған. Бірақ, бұл кезде Шығыста Ресей мен Иран күшейіп, бұл біріншіден соғыста жеңіске жетуді қиындатса, екіншіден, соғыстан түсетін табыстың мардымсыз болатыны янычар ағаларды алаңдатты. Ал, янычарлар үшін үнемі көлемді табысқа қол жеткізу үшін жеңіске жетіп отыру аса маңызды еді. Сондықтан, осман билігі янычарлар әскери корпусын негізінен Еуропаға және Таяу Шығыс пен Магриб елдеріне қарай бағыттады. Бұл аймақтар табысты соғыстар жүргізуге қолайлы еді.

– Қазақ батырларының да өзіндік ерекшеліктері болып, онда әскерде жауынгерлер жергілікті халықтан алынып, олар ел қорғанысына жұмыс істеді. Қазақ хандығы құрылған уақытта әскерге міндетті түрде алынған болса, кейіннен ел қорғанысы үшін әрбір үйден жас ер азаматтар әскер қатарына алынып, соғысқа қатысқан.

– Қазақ әскерилері мен жауынгерлері хандар мен билік адамдарына қарсы шыққан жоқ. Тек қана датын айтумен шектелген. Әскерилер жиналып өз уәжін айтқан кезде ғана хандар мен сұлтандар олармен кеңесіп, тиісті шешімдер қабылдайтын болған.

Ұқсастықтар.Қазақ хандығы мен Осман мемлекетінің әскери саладағы даму жолы мен олардың ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жасай отырып, өзіндік ұқсастықтарға да көз жеткізілді. Олар төмендегідей сипатта болды:

– Қазақ хандығы мен Осман мемлекетіндегі әскери саясаттың ең негізгі ұқсастықтарының бірі мемлекет басшыларының халық арасында батыр атанып, олардың қол бастауы болды. Қазақ хандары Бұрындық, Қасым, Хақназар, Тәуекел және есім хандар, сыртқы соғыста жаумен шайқасқа өздері қол бастап шығатын болған. Қасым хан тұсында қазақ атты әскерінің саны 300 мыңға жеткен.

– Дәл осы секілді, XVI ғасырда билік құрған ІІ Баязид, І Селім, І Сүлеймен сұлтандар соғысқа янычарларды өздері бастап шығатын болған. Осман әскерінің ішінде ең негізгі күшті янычарлар корпусы құрап, ол негізінен шешуші шайқастарға қатысты. Осының салдарынан империя территориясы батыс пен шығыста екі есеге ұлғайған. Осы ғасырлар Осман империясының «Алтын ғасыры» деп аталып, ал бұл дәуір Қазақ хандығының да «гүлденген кезеңі» болып саналады.

– Янычарлардың әскери тәртібінде қазақтардың әскери саласында бар әдістер қолданылды. Екі елдің әскери саласында бағзыдан түркілерге тән болған әскери тактика басшылыққа алынды. Ондық, жүздік, мыңдық деген бөлімшелер болып, олар табысты қызмет етті.

– Екі мемлекетте де әулеттік басқару болып, онда Осман мемлекетіндегі ең жоғары басқарушы титул – сұлтандыққа тек Осман әулетінен шыққан адамдар ғана үміткер болды. Қазақ хандығында да дәл осы дәстүр болып, онда хан әулетінен шыққан сұлтандар ғана ұлы хандыққа үміткер бола алды. Мемлекетте қалыптасқан әулеттік басқару нағыз орта ғасырлық және оның ішінде түркілер әулетіне тән дүние болып саналды және ол өз кезегінде елдегі әскери жүйеге ерекше ықпал етті.

– Янычарлар аса қатқыл заңның аясында жұмыс істеді. Ол сұлтан І Мұраттың кезінде қабылданған қатаң заңмен және одан кейінгі уақытта толықтырылып отырған заңдар аясында қызмет етті. Қазақ батырлары мен жауынгерлері Тәуке мен Есім хандардың және одан бөлек Дала заңымен жұмыс істеді. Ек елдің әскерилері арасында да әскерден қашудың жазасы өліммен өтелді.

– Қазақ батырлары өлім жазасына кесіліп отырды. Олар негізінен әскерден қашқан жағдайда, сатқындық жасаса, хан әулетіне қарсы шықса және т.б. Янычарларда да мұндай өлім жазасы заңда қарастырылған. Олар сұлтан билігіне қарсы шыққанда, көтеріліс ұйымдастырғанда, соғыстан қашқанда және лауазымды тұлғаларды өлтірген үшін т.б.  

– Қазақ қоғамында атақты батырлардың орны мен беделі болды. Қаракерей, Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Албан Райымбек, Шапырашты Наурызбай сынды қазақ батырларының қоғамда тек қол бастаған батырлық қана емес, сонымен бірге ел ішіндегі даулы мәселелерге араласып, бәтуа айтатын батырлар болды. Түріктерде мұндай дәрежеге жеткен янычар ағалар болып, олар ел ішіндегі және сұлтан сарайындағы саяси мәселелерге араласа алды.

– Қазақ хандығында батырлардың қызметі де ерекше болып, олар алғашқы хандық құрылған дәуірде басқыншылық, яғни территориялар жаулау үшін соғысса, кейіннен XVII-XVIII ғасырларда жоңғарларға қарсы қорғаныс үшін соғысты. Янычарлар да әуелде Осман мемлекетінің құрылу мен даму дәуірінде өз территориясын Еуропаға қарай кеңейту үшін басқыншылық соғыстар жүргізіп, ал кейіннен XVII-XVIII ғасырларда оны Француз, Ресей, Британ империяларынан қорғау үшін соғысқа қатысты.

Қорытынды. Сан ғасырлық тарихы бар әлемдік империялар қатарында саналған Осман мемлекетінде қалыптасқан және ең ұзақ өмір сүрген әскери жүйелердің бірі – Янычарлар институты болды. Янычарлар алғашқыда осман сұлтандарының жеке әскери мектебі секілді құрылған еді. Өзінің даму жолымен жүріп, жылдар бойына жүргізілген әскери тәжірибенің арқасында институтқа айналды.  Янычарлар мемлекеттің негізгі әскери жүйесі ретінде қалыптасып, дамыды және ол осы мемлекетті әлемдік империя дәрежесіне шығарды. Орта ғасырларда Осман империясында құрылған Янычарлар мен қазақ қоғамында қызмет еткен Батырлар институтының өзара ұқсастықтар мен өз кезегінде өзіндік ерекшеліктер де болды. Мұндай ұқсастықтар әскери салада түбі бір түркіліктің ұқсастығынан болуы әбден мүмкін. Екі мемлекетте қалыптасқан саяси-мәдени жүйелер олардың әскери өміріне де терең ықпал етті. Тарихи-салыстырмалы түрде жүргізілген зерттеулер түркі халықтарында әскери салада өзіндік ұқсастықтардың бар екенін көрсетті. Бұдан тыс, осман-түркілерінің Орта Азиядан Анадолыға жасаған көшінде жол-жөнекей түрлі халықтардың мәдениетін өзіне сіңіруіне қарамастан, осы салада белгілі бір дәрежеде түркілерге тән болған тәжірибені сақтағанын көреміз. Расында, орта ғасырлық Анадолы түркілерінде әскери өнердегі дәстүрдің сақталғаны айқын көрініп тұр. Жалпы, қазіргі кезде Ұлы Тұраннан тыс аймақтарда өмір сүріп жатқан түркі халықтарында әр түрлі салаларда ұмытылмаған дәстүрлер сақталған. Мұның бәрі түркі халықтарының арасында болашақта түрлі салаларда интеграцияның дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.

ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:

Абдоллаев Н.А., Сатыпалды Е.С. Дәстүрлі қазақ қоғамының батырлар институты: әлеуметтік сипаты мен қоғамдық қызметіндегі ерекшелік // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттык университетінің Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2002. - № 4. – 12-17 бб.

Алланиязов T.K. Очерки военного дела кочевников Казахстана. – Алматы: Фонд «XXI век», 1997. – 94 с.

Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 208 бет.

Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы: «Санат», 1994. – 406 б.

Дауытбекова М.Қ. Қазақ халқындағы батырлық дәстүрлер: оқу құралы / М.Қ. Дауытбекова, А.И. Исаева; жауапты ред. А.Б. Қалыш. – Алматы: Қазак университеті, 2016. – 246 б.

Казахстан сегодня: монография / Под общ. ред. Б.К. Султанова. – Алматы: КИСИ при Президенте РК, 2009. – 416 с.

Кушкумбаев А.К. Военное дело казахов в XVII-XVIII вв. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001.– 184 с.

Күзембайұлы А. Батырлар институты: теориялық және методологиялық проблемалары // Еуразия гуманитарлық институтының ХАБАРШЫСЫ. – 2019. – №4. – Б. 21-27

Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 128 б.

Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII вв. (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин (МИКХ). – Алма-Ата: Изд.-во Академии Наука Казахской ССР, 1969. – 652 с.

Мәдібай Қ.Қ. Хандық дәуір әдебиеті. – Алматы. “Мектеп’ 1996. 

Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди, парсы тіліндегі қолжазба нұсқасынан тәржімалаған Ислам Жеменей. Жалпы ред. басқарған және алғысөзін жазған Әбсаттар Дербісәлі. – Алматы: Тұран, 2003. – 318 б.

Николле Дэвид. Янычары. – Москва: ООО «АСТ», Астрель, 2004. – 72 с

Ошақбаева Ж.Б. Дүниетанымдық әмбебаптар: тарих пен тағылым / З.К. Шәукенова және С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2014. – 242 б.

Першиц А.И. Некоторые особенности классообразования и раннеклассовых отношений у кочевников скотоводов // Становление классов и государства. – Москва: Наука, 1976. – 350 с.

Петросян И.Е. Янычары в Османской империи. Государство и войны (XV-начало XVII в.). – Москва: Наука, 2019. – 606 с

Тверитинова А.С. Книга султана Селима І. Публикация текста, перевод, терминологический коммент и предисловие. – Москва: Наука 1969.– 158 с.

Утемиш-Хаджи. Чингиз-наме. Факсимиле, перевод, транскрипция, примечания, исследования В.П. Юдина, комментарии и указатели М.Х. Абусеитовой. – Алма-Ата, 1992. – 244 с.

Широкорад А.Б. Турция. Пять веков противостояния / А.Б. Широкорад. – Москва: Вече, 2009. – 400 с.

Beydilli, Kemal. 2013 “Yeniçeri”. TDV İslam Asiklopedisi. Cilt 43. – s. 450-462.

Elibol A. 2009 Yeniçeriler ve İktidar Bağlamında Osmanlı Sisteminin Dönüşümü. // Akademik Bakış Dergisi. –. – № (3). – s. 5, 21-40.

Halil İnalcık, 1980 - Military and Fiscal Transformation in the Ottoman Empire, 1600-1700 - Archium Ottomanicum

Maden, F. 2015. Yeniçerilik-Bektaşilik İlişkileri ve Yeniçeri İsyanlarında Bektaşiler. // Türk Kültürü ve Hacı Bektaş Veli Araştırma Dergisi. – s. 73, 173-202.

Mustafa Akdağ - 1947 Yeniçeri Nizamının Bozuluşu - Anakara Üniversitesi, Dil Tarih ve Coğafya Fakultesi Dergisi

Joseph von Hammer Osmanli tarihi (Ata bey tercümesi) IІ cilt  Istanbul 1997

Özcan, A. (1995). II. Mahmud ve refomları hakkında bazı gözlemler. // Tarih İncelemeleri Dergisi. (X). – s. 13-39.

Palmer J.A.B. 1953. The Origin of the Janissaries. Bulletin of the John Rylands Library. Vol. 35 (2): – 448-481.

Selіmin kanunnamesi (1515-1520) ve XVI yizyılın yarısının kimi kanunları. Yayınlayanlar S. Pulah. Y. Yücel. – Ankara: TТК. 1988 y. – 99 s

Selaniki Mustafa Efendi (1003-1008/1595-1600). Hazırlayan Mehmet İpşirli. – İstanbul, 1989. İstanbul üniversitesi basımevi. – 875 s.

References:

Abdollaev N.A., Satypaldy E.S. Dástúrlі qazaq qoǵamynyń batyrlar ınstıtýty: áleýmettіk sıpaty men qoǵamdyq qyzmetіndegі erekshelіk // Ál-Farabı atyndaǵy Qazaq ulttyk ýnıversıtetіnіń Habarshysy. Tarıh serııasy. – 2002. – № 4. – 12-17 bb.

Ábіlǵazy. (1991). Túrіk shejіresі. – Almaty: Ana tіlі,– 208 bet.

Allaniyazov T.K. Ocherki voennogo dela kochevnikov Kazahstana. – Almaty: Fond «XXI vek», 1997. – 94 s.

Bekmahanov E. Qazaqstan ХІХ ǵasyrdyń 20-40 jyldarynda. – Almaty: «Sanat», 1994. – 406 b.

Beydilli, Kemal. 2013 “Yeniçeri.”TDV İslam Asiklopedisi. Cilt 43. s.450-462.

Daýytbekova M.Q. Qazaq halqyndaǵy batyrlyq dástúrler: oqý quraly / M.Q. Daýytbekova, A.I. Isaeva; jaýapty red. A.B. Qalysh. – Almaty: Qazaq ýnıversıtetі, 2016. – 246 b.

Elibol A. Yeniçeriler ve İktidar Bağlamında Osmanlı Sisteminin Dönüşümü. // Akademik Bakış Dergisi. – 2009 – № (3). – 5, 21-40.

Halil İnalcık. Military and Fiscal Transformation in the Ottoman Empire, 1600-1700. – Archium Ottomanicum,1980.

Joseph von Hammer. (1997). Osmanli tarihi (Ata bey tercümesi) IІ cilt Istanbul

Kazahstan segodnıa: monografııa / Pod ob. red. B.K. Sýltanova. – Almaty: KISI prı Prezıdente RK, 2009. – 416 s.

Kúzembaıuly A. Batyrlar ınstıtýty: teorııalyq jáne metodologııalyq problemalary // Eýrazııa gýmanıtarlyq ınstıtýtynyń Habarshysy. – 2019. – №4. – B. 21-27

Kushkumbaev A.K. Voennoe delo kazahov v XVII-XVIII vv. – Almaty: Dajk-Press, 2001. – 184 s.

Qadyrǵalı Jalaıyr. Shejіreler jınaǵy. – Almaty: Qazaqstan, 1997. – 128 b.

Maden, F. Yeniçerilik-Bektaşilik İlişkileri ve Yeniçeri İsyanlarında 1997. Bektaşiler. // Türk Kültürü ve Hacı Bektaş Veli Araştırma Dergisi. – 2015. – 73, 173-202.

Materialy po istorii Kazahskih hanstv XV-XVIII vv. (). (izvlecheniya iz persidskih i tyurkskih sochinenij). Sostaviteli: S.K. Ibragimov, N.N. Mingulov, K.A. Pishchulina, V.P. Yudin (MIKKH). – Alma-Ata: Izd.-vo Akademii Nauka Kazahskoj SSR, 1969. – 652 s.

Muhammed Haıdar Dýlatı. Tarıh-ı Rashıdı, parsy tіlіndegі qoljazba nusqasynan tárjіmalaǵan Islam Jemeneı. Jalpy red. basqarǵan jáne alǵysózіn jazǵan Ábsattar Derbіsálі. – Almaty: Turan, 2003. – 318 b.

Mustafa Akdağ. Yeniçeri Nizamının Bozuluşu - Anakara Üniversitesi, Dil Tarih ve Coğafya Fakultesi Dergisі. – 1947. – С. 291-313

Mádіbaı Q.Q. Handyq dáýіr ádebıetі. – Almaty: «Mektep», 1996.

Nıkolle Devıd. Үanychary. – Moskva: OOO «AST», Astrel, 2004. – 72 s.

Oshaqbaeva J.B. Dúnıetanymdyq ámbebaptar: tarıh pen taǵylym / Z.K. Sháýkenova jáne S.E. Nurmuratovtyń jalpy redaktsııasymen. – Almaty: QR BǴM ǴK Fılosofııa, saıasattaný jáne dіntaný ınstıtýty, 2014. – 242 b.

Özcan, A.II. Mahmud ve refomları hakkında bazı gözlemler. // Tarih İncelemeleri Dergisi. (X). – 1995. – 13-39.

Palmer J.A.B. The Origin of the Janissaries. Bulletin of the John Rylands Library. – 1953. – Vol. 35 (2). – Р 448-481.

Pershic A.I. Nekotorye osobennosti klassoobrazovaniya i ranneklassovyh otnoshenij u kochevnikov skotovodov // Stanovlenie klassov i gosudarstva. – M: Nauka, 1976. – 350 s.

Petrosyan I.E. Yаnychary v Osmanskoj imperii. Gosudarstvo i vojny (XV-nachalo XVII v.). – M.: Nauka, 2019. – 606 s.

Selіmin kanunnamesi. (1515-1520) ve XVI yizyılın yarısının kimi kanunları. Yayınlayanlar S. Pulah. Y. Yücel. – Ankara: TТК. – 1988. – 99 s.

Selaniki Mustafa Efendi (1003-1008/1595-1600). Hazırlayan Mehmet İpşirli. – İstanbul. İstanbul üniversitesi basımevi, 1989. – 875 s.

Shirokorad A.B. Turciya. Pyat' vekov protivostoyaniya / A.B. Shirokorad. – Moskva: Veche, 2009. – 400 s.

Tveritinova A.S. Kniga sultana Selima І. Publikaciya teksta, perevod, terminologicheskij komment i predislovie. – Moskva: Nauka, 1969. – 158 s.

Utemish-Hadzhi. Chingiz-name. Faksimile, perevod, transkripciya, primechaniya, issledovaniya V.P. Yudina, kommentarii i ukazateli M.H. Abuseitovoj. – Alma-Ata, 1992. – 244 s.

МРНТИ 03.09.31

ИНСТИТУТ БАТЫРОВ В КАЗАХСКОМ ОБЩЕСТВЕ И ФУНКЦИИ ЯНЫЧАРСКОЙ ВОЕННОЙ СИСТЕМЫ В ОСМАНСКОЙ ИМПЕРИИ (XV-XVIII вв.)

Н.М. Абдукадыров¹, А.П. Акынова²

¹Ph.D. Казахский Национальный Университет им. ал-Фараби.

²Ph.D. Казахский Национальный Педагогический Университет им. Абая.

Казахстан, г. Алматы.

История и богатая культура тюркских народов занимают особое место в мировой цивилизации. Достижения тюрок в этой области, которые овладевшие военным тактическим искусством с древних времен в степях Евразии, способствовали их начать крупнейших политических и исторических процессов в Великой степи. В средние века такие тюркские государства, как Казахское ханство и Османской империя которые были инициаторами крупных политических процессов в Евразии, способствовали развитию благодаря своей высокой военной мощи. Военная мощь обеих стран была значительной, и впоследствии она сформировала централизованную систему и институт в этих областях. Казахское ханство имело свои особенности в военной сфере, основанной на кочевом образе жизни, что характеризовало деятельность Института Батыров в казахском обществе. В Османской империи имелся ряд воинских частей, в том числе Янычарская военная система. Предлагаемая научная статья представляет собой историко-сравнительное исследование деятельности янычар в военной сфере в Османской империи и политической, военной, социальной и социальной деятельности института Батыров в казахском обществе. Изучаются особенности военной системы казахов и турок, анализируются научные вопросы, связанные с данной темой.

Ключевые слова. Османская империя, казахское ханство, батыры, янычары, военная служба.

IRSTI03.09.31

INSTITUTE OF BATYRS IN KAZAKH SOCIETY AND FUNCTIONS OF THE JANISSARIES MILITARY SYSTEM IN THE OTTOMAN EMPIRE (XV-XVIII centuries)

N.M. Abdukadyrov¹, A.P. Akynova²

¹Ph.D. al-Farabi Kazakh National University.

²Ph.D. Abai Kazakh National Pedagogical University.

Kazakhstan, Almaty.

Abstract.The history and rich culture of the Turkic peoples occupy a special place in world civilization. The achievements of the Turks in this area, who mastered the military tactical art from ancient times in the steppes of Eurasia, contributed to them to start the largest political and historical processes in the Great Steppe. In the Middle Ages, the Turkic states, like the Kazakh Khanate and the Ottoman Empire, which were the initiators of major political processes in Eurasia, contributed to the development due to their high military power. The military power of both countries was strong and it subsequently formed a centralized system and institution in these areas. The Kazakh Khanate had its own characteristics in the military sphere, based on a nomadic way of life, which characterized the activities of the Batyrs Institute in Kazakh society. The Ottoman Empire had a number of military units, including the Janissary military system. The proposed scientific article is a historical and comparative study of the activities of the Janissaries in the military sphere in the Ottoman Empire and the political, military, social and social activities of the Batyrs Institute in Kazakh society. The peculiarities of the military system of the Kazakhs and Turks are studied, scientific issues related to this topic are analyzed.

Keywords. Ottoman Empire, Kazakh Khanate, Batyrs, Janissaries, Military service.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 377

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА Орта Азияда мекен еткен қоңырат тайпалары жайлы кейбір мәселелер ӘОЖ 94 (100) МИХАИЛ VIII ПАЛЕОЛОГ БИЛІГІ КЕЗЕҢІНДЕГІ (1261-1282) ВИЗАНТИЯНЫҢ АЛТЫН ОРДАМЕН САЯСИ БАЙЛАНЫСТАРЫ 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері ӘОЖ 94 (5) "1242-1259" АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (1242-1269 жж.) ӘОЖ 930:94(574) «16/17» ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫ АЛЫС ШЕТЕЛ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ОӘЖ 94(574:347.963(092)ҚАЗАҚСТАН ДЕРБЕС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ (мемлекет қайраткері С.Есқараевтың туғанына 120 жыл) ЛАТЫНДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТАРИХЫ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ ӘОЖ 929.52 АКАДЕМИК М.Қ.ҚОЗЫБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ 4(574) ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРІ Н.НҰРМАҚОВТЫҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАТЫСТЫ САЯСИ ҰСТАНЫМЫ ӘОЖ 01:7.07(574) ҚАЗАҚ КИНОДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ КЕЗЕҢДЕРІ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР ӘОЖ 94:81(47+57) ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ТІЛ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАМР 03.20.00 РЕСЕЙ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ (1748–1772 ЖЖ.) ҒТАМР 03.20 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА АҚТӨБЕДЕ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРДЫҢ ЖАСАҚТАЛУЫ ҒТАМР 03.09.31 XIX Ғ. БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САЯСИ ТЫҢШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ «БӘРІ ДЕ МАЙДАНҒА, БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН!» ҰРАНЫМЕН ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ (Жамбыл облысының мысалында) ҒТАМР 03.09.31 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫ ЖӘНЕ ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНДА ЯНЫЧАРЛАР ӘСКЕРИ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТІ (XV-XVIII ғғ.) ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 30-ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ: ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АТАМЕКЕНЕН КӨШУІ ҒТАМР 16.21.23 ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ КЛАССИФИКАЦИЯСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ ҒТАМР 03.20.00 КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАН: ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЕНГІЗУ ТАРИХЫНАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Статьи автора

ҒТАМР 03.09.31 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫ ЖӘНЕ ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНДА ЯНЫЧАРЛАР ӘСКЕРИ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТІ (XV-XVIII ғғ.)