Главная » Материалы » ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР

Т.Ә. Әпендиев¹. ¹PhD, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(24) қазан-желтоқсан, 2020

Теги: көші-қон, халқы, ауыл, демография, Қазақстан, процесі.
Аннотация:
Аңдатпа. ХХ ғасырда кеңестік Қазақстанда адам капиталын дамытудың, оның ішінде жұмысшылар мен ауыл тұрғындары санының артуына мемлекеттік саясат ерекше ықпал етті. Кеңес Одағында құрылғаннан бастап қалыптасқан осындай мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі демографиялық процестермен де байланысты еді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи оқиғаларды бағалауға деген көзқарас түбірімен өзгерді. Адамзаттың өткен тарихын өркениеттік, халықтық, ұлттық тұрғыда зерттеуге ден қойылып, Қазақстан халқының, оның ішінде ауыл халқының демографиялық дамуының саяси-тарихи үдерістермен тығыз байланыстылығы жаңа теориялық ұстанымдар негізінде қайта қарала бастады. Көші-қон үдерістерін тарихи демографиялық аспектіде зерттеу қазіргі Қазақстан тарих ғылымының ішкі өзгерістерімен қатар, тарихи білімді жаңарту үдерісін басынан өткізіп жатқан тарих ғылымындағы өзгерістерге қатысты жүзеге асырылуда. Осындай жағдайда ұлттық тарихты оқшауламай, ұлттық тарихтың шындығын қайта жаза отырып, зерттеуде қолданылатын методологиялық принциптердің ғылымдағы ортақтығына көңіл бөлеміз. Мақалада 1945-1955 жылдар аралығындағы Қазақстандағы ауыл тұрғындарының демографиялық процестері мен тарихы зерттеледі. Аталған кезеңдегі ауыл халқының демографиясын, тұрмысын және оған ықпал еткен көші-қон процесін зерттеу – мақаланың басты міндеті болып табылады.
Содержание:

Кіріспе. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары КСРО-да жүргізілген ішкі миграциялық процестер мен халықтың туу көрсеткішінің артуы, ауыл халқының көбеюі сынды факторлар мемлекеттің дамуына септігін тигізді. Ауыл халқы негізінен ауыл шаруашылығы мен өндірістің басты жұмыс күші саналды. Дегенмен бұл елімізде ауыл халқында демографиялық процестердің дамуына үлкен үлес қосқанымен, ол жергілікті ұлт – қазақ халқының азайып, елде өзге ұлт өкілдерінің көбеюіне алып келді. Соңғы жылдары Қазақстан тарихнамасында республиканың қоғамдық-саяси, әлеуметтік экономикалық жағдайына қатысты ғылыми зерттеу жұмыстары жазылу үстінде. Солардың ішінде өткен ғасырдың басынан Қазақстан территориясына қоныстанып, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік-саяси демократиялық тұрғысынан жедел дамуына өзіндік үлес қосқан әртүрлі ұлттардың тарихы болып табылды. Себебі, әртүрлі этностар бүгінгі таңда қоғамда бірігіп өмір сүріп, Қазақстанның егеменді тұтқасын берік ұстанып келеді. Өткен ғасырдағы тәжірибелер көрсеткендей, ұлтаралық татулық, мемлекеттік тұрақтылық елдегі экономиканы өркендетуге, ғылым мен мәдениеттің дамуына жәрдемдесетіндігі күмәнсіз.

Зерттелу мәселелері және методологиясы. Кеңес дәуірінде демографиялық үдерісті жоспарлау, жүргізу, нәтижелерін халықтың санасына сіңіруде ұлттық ерекшелік мәнсізденіп, халықаралық сипаттағы таптық мән басты идеологиялық тақырыпқа айналды. Тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл кеңес елінде тоталитаризмнің үстемдік етуіне мүмкіндік берген идеология барлық ұлт өкілдерінің тарихын бұрмалады. Ал қазіргі плюралистік ұстанымдар мен көзқарасқа негізделген философиялық ойлар мен тұжырымдардың негізінде кеңестік кезеңде Қазақстан ауылдарындағы халықтың демографиялық жай-күйін зерттеу бұрынғы жазылған еңбектерде берілген тарихи және теориялық бұрмалаушылық негізінде орын алған олқылықтардың орнын толтыруда. 

Кеңес дәуіріндегі тарихи білімдер вакуумын толтыру объективтілікті, шынайылылықты, тарихилық пен нақтылықты субъективизмнің жетегіне кетпей, нақты анықтау арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге, нәтижелері мен зерттеу әдістерін пайдалану үшін басқа тарихи мектептердің ғылыми әлемдегі танымал тұжырымдамалары мен бағыттарының жетістіктерін есепке аламыз. Бұндай ұстаным ұлттық тарихты әлемдік құбылыстардан оқшауламауға, ұлттық деңгеймен шектелмей, отандық тарихтың зерттелмеген бос кеңістігін толтыруға мүмкіндік береді. Осы тұста Қазақстанның тарихи демографиялық мәселелерін зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін айта отырып, оның өткенін толық түгендеу қажет. Осы кезге дейін жарияланған зерттеулерде кеңес өкіметі тұсындағы Қазақстандағы демографиялық тарих Одақ көлеміндегі тұтас үдерістің құрамдас бөлігі ретінде көрсетілді. Ал біздің зерттеуімізде республикадағы демографиялық процестер мемлекет шеңберінде жүзеге асырылғанын көрсетіп, сол тұрғыдан қарастырады.

Ф.Н. Базанованың кеңес дәуіріндегі халықтың қалыптасуы мен дамуы мәселесі қарастырылған монографиясында көші-қон үдерістері халық санының өзгерістерінің басты факторы болып көрсетіліп, соның ішінде тұрғылықты емес ұлт өкілдерінің санының өсіміне себеп болған республикааралық көші-қон екені айтылады. Еңбекте көші-қоншылардың Қазақстанның экономикалық дамуына қосқан үлесі де қарастырылады. Бірақ автор көші-қон саясатының нәтижесін, оның жергілікті ұлттың болмысына тигізген әсерін көрсеткен жоқ (Базанова 1987:18).

Қазақстандағы халықтану мәселесіне арналған зерттеулерде халық сандық құрамындағы өзгерістердің негізгі факторы – көші-қонның рөлі көрсетіле бастады. Жаңа көзқараспен талдау арқасында көші-қонның келімсектерден басқа бағыттары, оның ішінде шетелдерге, Одақ кезінде басқа республикалар мен аймақтарға, өз еліміздің ішінде (облысаралық, қала-ауыл, қала-қала, ауыл-қала және т.б.) болған түрлері жан-жақты талдана бастады. Әсіресе, қазақтардың демографиялық күйзелістер мен апаттар кезінде ауа көшіп, қоныс аударуы, оның себептері мен зардаптары және т.б. жақтарына ерекше көңіл бөлінді (Қозыбаев және т.б., 1992:12). Кеңестік кезеңде идеологиялық тұрғыда тыйым салынған тақырыптың бірі – демографиялық дамудың барысы, үрдістері, негізгі нәтижелері қарастырылған зерттеулердің көшбасшысы болған М.Х. Асылбековтің еңбектерінде Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық үдерістердің зерттелу деңгейіне арнайы көңіл бөлініп, бұл мәселеге жаңа көзқарас тұрғысынан тарихнамалық шолу жасалған.

Тәуелсіздік жылдарынан бері бұл тақырып аясында еліміздің ЖОО мен институт ғалымдары айналысып келеді. Басты мақсат – ХХ ғасырда кеңестік ұлт саясатына байланысты елімізде орын алған демографиялық процестерді зерттеу болып, онда бұл тақырып аясында іргелі ғылыми тақырыптар қолға алынды. Қазақстанда тарихи демографияның дамуы мен методологиясы жайында көлемді ғылыми еңбектер де жарық көрді. Мысалы, М.Х. Асылбеков (Асылбеков, және т.б., 1991:35), В.В. Козина (Козина, 2001:15) және А.И. Құдайбергенованың (Құдайбергенова,және т.б., 2005:10-11) көлемді еңбектері жарияланды. Сондықтан, мұндай еңбектер тарихнамалық және тарихи тұрғыдан зерттеулер жасауға негіз болары сөзсіз.

Қазақстан халықтарының тарихын зерттеу жұмыстары мен оның ішінде ауыл тұрғындарының сандық көрсеткіштерінің демографиялық сипаты халық санын зерттеу аясында көпфакторлы әсерлердің өзара байланысы тұрғысынан зерттелді. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан халқының демографиялық тарихын, құрамын зерттеу уақыт өте заманауи методология негізінде зерттелуде. Кеңестік дәуірде таптық көзқарасқа негізделген теория мен методология тарихты, әсіресе, ұлттық тарихты бұрмалаушылыққа әкелгені белгілі. Демографиялық мәселелер мен мәліметтер қатаң бақылауға алынып, қадағаланып, басқарылып қана қоймай, барлық көрсеткіштер билік саясатының қажетіне бейімделіп жазылды. Мемлекет халқының демографиялық зерттелуіне деген идеологиялық қағидалар тіпті қатаң болды. Ең бастысы, тұрғылықты ұлт – қазақтардың демографиялық дамуындағы апатты жағдайлар көмескіленіп, елде орын алған үдерістер оңды маңызы жағынан ғана түсіндірілді.

Негізгі бөлім. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы табиғи қозғалыстың негізгі үрдісін анықтауда көптеген зерттеулерде туу көрсеткіші төмендеп, өлім-жітім өсті, сол себепті табиғи өсім төмендеді деп көрсетеді. Осы жерде анықтап кететіні, табиғи қозғалыс көрсеткішін талдасақ, онда табиғи өсім мен туу көрсеткішінің кемігені нақтыланады да, бірақ өлім-жітімнің өскені дәлелденбейді. Керісінше, соғыс жылдарында өлім-жітім көрсеткіштері де төмендеген. 1943-1944 жж. республика халқының өсу үрдісі екі жыл бойы тоқтап қалды, ал 1944 ж. бойғы эвакуация мен табиғи өсімнің төмендігі 1944-1946 жж. республика халқын 104, 1 мың адамға кемітті. 1941-1945 жж. республикаға 1257,6 мың адам келіп, 902,2 мың адам кетіп, 255,4 мың адам (келгендердің 20,3%-ы) тұрақтады. Ауыл халқының саны кеміп, қала халқы көші-қон есебінен 13,3%-ға өсіп, 1939 ж. (27,7%) салыстырғанда 1945 ж. (37,8%) үлесі 11,1 пунктке көтерілдi. Соғыстан кейінгі жылдары да эвакуацияланғандар қайтып жатты, бірақ механикалық қозғалыс оң көрсеткіш көрсетті: 1946 ж. Қазақстан халқы көші-қон есебінен 164,0 мың адамға өсті.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайымен тығыз байланыста жүрген көші-қон республика халқының көпұлттану үдерісін жеделдетіп, халықтың жастық-жыныстық құрамындағы арасалмақты өзгертті. Осы кезден бастап, жастық-жыныстық құрылымның арасалмағында әйелдердің, қарттар мен балалардың үлесі басым бола бастады (Құдайбергенова, 2010:30).

Соғыстан кейінгі жылдары барлық күш жігер негізінен өнеркәсіп саласын дамытуға жұмсалып, ауыл шаруашылығы едәуір артта қалып қойды. Кәсіпорындар мен мекемелерде белгілі уақыттық жұмыс тәртіптері енгізіліп, қосымша демалыс уақыттары белгіленсе, ауыл шаруашылығындағылар үшін бұл мәселе назардан тыс қалып отырды. Оған себеп ауыл шаруашылығында техниканың жетіспеуі еңбек ресурстарының да жеткіліксіз екенін көрсетті. Ауыр жұмыстар қол еңбегімен орындалды. Барлық өнім мемлекетке өткізілді. Бұл республикамыздағы тұрғын халықты күнделікті азық-түлік өнімдерімен, қамтамасыз етуге әсер етті.

Мал шаруашылығында жем-шөптің жетіспеуі, оны дайындауға мүмкіндік болмай, мал шығынына әкеп соқтырды. Бұл жағдай 50-жылдардың басына дейін созылды. Соғыстың аяқталғанына біраз уақыт болса да ауыл шаруашылығы халықты азық-түлік өнімдерімен, өнеркәсіп шикізаттарымен қамтамасыз ете алмады. Халық шаруашылығында, оның ішінде, ауылдық әлеуметтік-мәдени ісін өркендету барысында біршама қиындықтармен қатар келеңсіз кедергілер де болып отырды. Бұны шешу қаржы мәселесіне келіп тірелді. Ал жер аударылған халықтардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерге қоныстандырылғаны белгілі. Олардың колхозға орналастырылғандары көбінесе егіс жинауға, дәнді-дақылдарды, мақта, темекі егістігі күтіміне, мал шаруашылығында және басқа салада жұмыс істеді (Қожаханова, 2007:12-13).

Десек те халық тұрмыстық қиыншылықтарды көтере білді. 50-жылдардың басында ұсақ колхоздарды біріктіріп, ірілендіру іске асырылғаны мәлім. Сонымен қатар, 1950 жылдың орта шенінде Қазақстан Республикасында тың игеруге байланысты тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық және мал шаруашылығы құрылыстарын салу жұмыстары ұлғайтылды. Осындай игі істерге жергілікті халықпен бірге ауыл-селолық жерлерге орналастырылған жер аударылғандар да белсене араласты. Ауыл шаруашылығының алдында тұрған міндеттерді табыспен орындау мемлекеттік саясатқа еңбек адамдарына, ауыл мен селоны қамтамасыз ететін өнеркәсіпке, бүкіл сондағы инфроқұрылымға байланысты еді. Соғыстан кейін мемлекет тұңғыш рет ауыл шаруашылығына басты назар аударып, халықты ынталандыруға, тұрмысына, рухани және мәдени сұраныстарын қамтамасыз етуге көңіл бөлді. Сөйтіп ауыл шаруашылығындағы еңбеккерлер табысы ескеріліп, тұрмысы түзеле бастады, еңбекке деген ынталары өсті. Жергілікті кеңестердің ауыл және село тұрғындарымен бірге ұйымдастыру жұмыстарында халықтың білім алуы, денсаулық сақтау, сауда, мәдениет және тұрмыс, жол құрылысы оған ауыл тұрғындарының бірауыздан атсалысуы талап етілді. Сондай-ақ МТС жұмыстары жандандырылып, техникалық қажеттіктер, мал шаруашылығына, егін шаруашылығына машиналар бөлініп берілді.

Сөйтіп ауыл шаруашылығын дамыту шаралары іске асырылды. Жұмысшылар жалақысы өсіп қана қоймай, қосымша еңбекақы енгізілуі ауыл шаруашылығындағы жетістіктердің көбеюіне септігін тигізді. Себебі жұмысшылардың еңбекақысының өсуі олардың ауыл шаруашылығындағы кіріс көлемінің мөлшеріне байланысты болды. Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасының нығаюы, ондағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің дамуы, өңдеуші өнеркәсіптің дамуына, олардың өзара байланысуына жағдай жасады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өндірісінің осындай байланысын орнықтыратын совхоз, колхоздар мен зауыттар, мал фермалары мен фабрикалардың әсері күшті болды. Совхоздар мен зауыттардың байланысы ауыл шаруашылығы өндірісімен, оның өнімдерін өнеркәсіптің өңдеуі негізінде өздерінің тиімділігін арттырды (Қожаханова, 2007:13-14).

ХХ ғасырдың 40-50 жылдары Қазақстан демографиясында сан жағынан негізінен депортацияланған халықтар мен көшіп келушілердің рөлі үстем болып, олар ауыл халқының өсуіне ерекше ықпал етті. Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында және соғыс жылдары Қазақстан жеріне күштеп көшірілген халықтар корей, поляк, неміс, украин, шешен, ингуш, түрік және басқа да халықтар ауыл халқының санын тым өсіріп жіберді және тіпті жаңа ауылдардың пайда болуына әкелді. Көшірілген халықтар республиканың барлық облыстарына дерлік тарады. Олардың үлкен бөлігі ауылды жерде орналасқандықтан ауыл шаруашылығына белсене араласты. Соның негізінде ауыл халқының демографиясы айтарлықтай өсті.

Жер аударылып келген халықтардың қоныстанған жерлерінде алғашында ауыл шаруашылығында еңбекке аз араласты. Оған себеп өз ата-мекенінде қызмет атқарған немесе ауыл шаруашылығына араласып көрмеген, басқа жұмыстарда істеген адамдар колхоз, совхоздардың ауыр жұмысына бой ұсына бермеді. Сондай-ақ, бірнеше адам істейтін жұмысты, жұмысшы күшінің жетіспеуінен бір адамның атқаруы, яғни ауыл шаруашылығына берілген техниканың жеткіліксіздігінен ауыр жұмыстарды қол күшімен орындау да қиынға соқтырды.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығының әр саласына бұрынғы бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалмауындағы кемшіліктерге назар аударылып, болашақта жұмсалатын және жетпей жатқан қаржының орнын толтыру мәселелерін де қарастырды. Мысалы, бұрындары 3-4 жылдың аралығында 500-600 мың шары метр жерге тұрғын үй салынып келсе, енді 3-4 жыл аралығында 3 миллион 200 мың шаршы метрге тұрғын үйлер салынды. Бұл халықтың әл-ауқатының түзеле бастағанның да белгісі еді.

Ауыл шаруашылығында жер аударылғандар арасында жұмыстар жандана түсті. Үй құрылыстары көбейіп, ауылдық жерлерге адамдар тұрақтай бастады. Күштеп қоныстандырылған халық арасында ауыл шаруашылығының жұмыстарына белсене араласу байқалды. Мәселен, облыс аудандарына қоныстанған 1 721 жер аударылған халықтан 1 300 адам мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында жұмыс істеген болса, Қостанай облысында 44 072 жер аударылған адамдардың 19 289-ы колхоздарда, 9 336-ы совхоздарда жұмыс істеді. Павлодар облысында жер аударылған адамдардан 1955 жылы 25 қаңтар көрсеткішінде колхоздарда 14 361 адам, МТС-те 2 254 адам, совхоздарда 6086 адам еңбек етті (Депортированные, 1998: 272-277).

Қоныс аударылған халықтар әртүрлі әлеуметтік топтарға жатты. Бұлардың арасында зиялы қауым өкілдері, жұмысшы табы да, шаруалар да болды. Дегенмен олар өзінің мамандығы бойынша қызмет етпеді. Олардың білімі, мамандығы ескерілмеді. Білікті инженер немесе экономист колхоз, совхоздарға малшы, күзетші, тракторшы т.б. қара жұмыс істеді. Мәселен, өз жерінде мұнай саласында қызмет еткен шешен-ингуштар мен зауыт-фабрикада жұмыс істеген поляк, немістер колхоз-совхозды жерлерге қоныс аударылғаннан кейін өз мамандықтары бойынша емес, ең ауыр қара жұмыстарға жегілді.

Жер ауып келгендердің бастапқы кездерде жалақылары да өте төмен болды. Дегенмен жақсы жұмыс істеп, көзге түскендерге, күнделікті еңбек мөлшерін орындап жүргендерге жалақыны көбейтіп отырған. Оларға еңбекақы тамақ түрінде де берілді. Соғыс басталған жылдары төмен жалақыға қарамастан майдан есебіне, әскери техника жасауға Ақмола облысының неміс ұлт өкілдері 70 миллиондай ақша жинап берген.

Неміс ұлттары кен өндіру орындарында, оның ішінде алтын өндіру кеніштерінде жұмыс істеген. Олардың арасында ауыл шаруашылығында еңбегімен көзге түсіп, үкімет тарапынан Еңбек Қызыл Ту орденімен 8 адам марапатталды. Шешен ұлт өкілдерінен 1946 жылы ірі өнеркәсіп орындарында 826 адам жұмыс істеп, оның көпшілігі қажірлі еңбектерімен көзге түскен. Ірі өнеркәсіп, кәсіпорын, фабрика, зауыттарда жұмыс істейтіндердің арасында социалистік жарыстар өткізіліп, өзге ұлт өкілдерінің арасында суырылып алға шыққандар да болды. Ауыл шаруашылығында жер аударылғандар арасында үздік еңбектерімен көзге түсіп, Кеңестер Одағының түрлі марапатына ие болғандардың қатары көбейді. Павлодар облысында мемлекет тарапынан 131 адам марапатқа ие болған.

1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге қоныс аударғандар тың белсене атсалысып, олардың араларынан да үкімет марапатына ие болғандар болды. 1955 жылы 29 маусымда КОКП ОК-нің «Қоныстанушылар арасында саяси жұмысты жаппай күшейту туралы» қаулысының қабылдануы ұлттар арасында үгіт-насихат жұмысын өрістетті. Алайда олардың ана тілінде дәрістер оқу, радиодан түрлі бағдарламалар мәселелері ол уақытта қолға алынбады (Сон Ен, 2010:17-18).

Корей ұлтын оңтүстік және солтүстік өңірлерге қоныстандырудың өзіндік мақсаты болды. Әрбір ауданда көшіру мен қайта қоныстандыру жұмысында негізінен экономикалық-географиялық жағдайлар қарастырылды. Көшіру мен қайта қоныстандыруда екі көзқарас болды. Оның бірі, экономикалық тиімділік (колхоздарда жұмысшылар жетпеді, жетекші сала ауыл шаруашылығы болды, азық даярлау орындалмай қалатын кездер болды), ал корейлерге келсек, олар еңбекқор, шыдамды халық, жаңа орында да аз ғана уақыт ішінде өздеріне берілген жаңа жерді өңдеп алады, себебі олардың этникалық мінездемесіне үңілсек, бұл халықтың қол қусырып отырып алмайтыны белгілі, бірден іске кірісіп кетеді. Екінші көзқарас, корейлер жаңа орынды игеруге мәжбүр болды, олар қолға алған ісін соңына дейін дұрыстап жасауға машықтанған халық, демек жерді жыртып, егінді де егеді, жерді қазып, көкөністі отырғызады, өмір сүру үшін қажетті қор мен күшті де табады. Корейлердің осындай еңбекқорлығын барынша пайдалану қажет еді (Сон Ен, 2010:18-19).

Соғыстан кейінгі демобилизация, отбасылардың қайта бірігу мен некеге тұрудың өсуі табиғи қозғалыста компенсаторлық кезеңді туғызды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру, жаңа өндіріс орындары (шикізаттық бағыттағы) мен әртүрлі көлік жолдарын іске қосу, жаңа қалалар мен қала типтес поселкелердің құрылуы, ауыл шаруашылығындағы реформалар, тың және тыңайған жерлерді игеру және т.б. негізіндегі көші-қонның өрістеуі мен табиғи өсім республика халқын 3360,2 мың адамға (56,6%-ға) өссе, оның 2346 мың адамы (69,8%-ы) 1955-1960 жж. тиесілі. 1939-1959 жж. республикадағы ауыл халқы 19,0%-ға, тың өлкесінде 83%-ға өсті. Тың жерлері игерілген облыстардағы механикалық өсiмнің бүкiл республикалық өсiмдегі үлесі 1952 ж. 2,3%, 1953 ж. 4,0% ғана болса, 1954 ж. 31%-ға, 1955 ж. 47%, ал 1956 ж. 49,9%-ға дейiн көтерiлді. Тың жерлер игерілген облыстарда халық 828 мың адамға (143 %) өстi. Халқы ерекше қарқынды өскен Қостанай (343 мың адамға немесе 193,2 %-ға), Павлодар (204 мыңдай адамға, 181,1 %-ға) мен Көкшетау (187 мың адамға, 161,2 %-ға) облыстары болды. Қазақтар республикада 474 мың адамға өссе, бұл өлкеде 10,5 мың адамға кемiп, 1939 ж. деңгейінің 97,9 %-ын құрады. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының халқы осы жылдары 84,5 мыңға кеміп, 1959 ж. 1939 ж. деңгейінің 84,4%-ын құрағанда, мұндағы орыстар 106,3%-ға, немістер 151,6%-ға өсті.

Ал қазақтар (44,1 %) мен украиндар (42,7 %) үлесі кеміген. 20 жыл iшiнде орыстардың 1523 мыңдық өсімінің ішіндегі 435,4 мыңы тың өлкесiндегi өсiм (28,6 %) есебінен ұлғайған. Қостанай (173 мың адамға немесе 246,5%-ға) мен Көкшетау (88 мыңнан аса адамға немесе 175,4%-ға) облыстарындағы орыстар саны өсті. Украиндар Солтүстік Қазақстан (31,6 мыңға) мен Ақмола (5 мыңға) облыстарында кемігенімен, Қостанай (46,3 мыңға, 144,5 %-ға) мен Көкшетау (11 мыңға, 121,8 %-ға) облыстарында көбейді. Немістер 539 %-ға, тың өлкесiнде 8-9 еседей өсті. Қазақтар екі санақ арасындағы өсiмнiң 14,6 %-ын, орыстар 48,2 %-ын, басқа ұлттар 37,2 %-ын берді. Оңтүстiк Қазақстанда ғана қазақтң табиғи өсiмі 66 %-дық үлеске ие болды. Тың қазақты тұқыртып, 1959 ж. санақта үлесін 29,7%-ға түсірді. Тың игеру кезінде ұлттық фактор есепке алынбады, көшіп келушiлер iшінде қазақтар саусақпен санарлықтай болды. Көші-қонғандар ішінде 1954-1962 жж. шетелден келген отандастарымыз да бар. Олар саяси идеологияның қатаң бақылауында жүріп-ақ, қазақтың этномәдениетіне үлес қосты (А.И. Құдайбергенова, 2010:31).

Бұл кезеңде Қазақстан халқының демографиялық дамуында сырттан келген қоныстанушылардың демографиялық мінез-құлқы шешуші рөл атқарды. Халық құрамында славян типтес халықтардың үлесі көтерілген сайын табиғи өсім көрсеткіштеріндегі олардың шешуші рөлі жоғары болды. Мысалы, тың және тыңайған жерлерді игеру шарасының нәтижесінде сырттан келгендер ішінде еңбек ету және некеге тұру жасындағылар үлесі мен әлеуетінің басым болуы. 1956-1964 жж. туу көрсеткіштерінің күрт өсуіне, табиғи өсім мен халық өсімінің көтерілуіне әкелді. Сырттан келген қоныстанушылардың негізгі дені 20-35 жастағылар және ер адамдар болғанымен, жыныстық арасалмақта ерлердің жетімсіздігін туғызған Ұлы Отан соғысынан кейінгі жағдай түзелмеді: 1959 ж. ерлер – 47,5%, әйелдер – 52,5% болды. Тың және тыңайған жерлері игерілген, өндірісі дамыған аймақтарда 25-49 жастағылар үлесінің жоғары болуынан некелесу коэффициенті де жоғары болды.

1955 ж. 20-29 жастағылар некеге тұрғандардың – 64,8 %-ы, 1957 ж. – 66,5 %-ы болды. Некелескендердің ішінде 18-29 жастағы әйелдер 1955 ж. – 76,1 %-ын, 1957 ж. – 78,3 %-ы құрады. 1950-1955 жж. некелесу көрсеткіші 0,8 %-ға өскенде, тың жерлері игерiлмеген Алматы (2,5%-ға), Батыс Қазақстан (1,4%-ға), Қызылорда (3,6%-ға) облыстарында төмендеп, тың жерлері игерiлген Павлодар (2,6 %-ға), Ақмола (4,0 %-ға), Көкшетау (4,2 %-ға) және Қостанай (6,0%-ға) облыстарында өскен. Некелесу коэффициентi тың игерiлген облыстарда жоғарғы, ал Оңтүстiк және Батыс облыстарда төменгi деңгейдi көрсеттi. Мысалы, республикадағы орташа некелесу коэффициентi 1956 ж. 12,5 %, 1957 ж. 13 % болғанда, жылдарға сәйкес, Ақмола (14,4%; 15,3%), Көкшетау (14,45%; 16,2%), Қостанай (14, %; 15,3 %) және т.б. облыстарында жоғары болды. Кейбiр аудандарда ерекше жоғары – Ақмола облысының Есiл ауданында 1956 ж. 21‰-ге жеткен. Тың игерiлмеген облыстардағы көрсеткiш республикалық деңгейден төмен: Алматы (10,0%, 9,7%), Атырау (10,1%, 10,6%), Қызылорда (8,5%, 9,9%) және т.б.. Тың игеру жылдарының аяғына қарай жалпы республикалық көрсеткiш барлық облыстарда бiртектес деңгейге түстi (А.И. Құдайбергенова, 2010:32).

Келесі кезекте, ауыл халқының негізгі бөлігі саналып, сол уақытта Қазақстан демографиясына үлкен өзгеріс әкелген соғыс кезінде күштеп көшірілген халықтарға жеңілдік немесе оларға кешірім беру қарала бастады. Кеңес Одағы мен оның ішінде Қазақстанда соғыс кезінде депортацияланған халықтарға құқықтық бостандықтар беріліп, оларды бұрынғы «сатқын», «халық жауы» сынды атақтарын алып тастады. Сол сияқты қазақстандық немістерден де «сатқын», «фашист» сынды негізсіз тағылған айдарлар алынып тасталды. Мұндай құқықтық бостандықтарды берілуі немістердің әлеуметтік жағдайына бірден өзгерістер алып келді. Олардың тіпті әлеуметтік құрылымдарында да өзгешіліктер пайда болды.

Келесі кезекте, осындай қаулы-шешімдерден кейін кеңес қоғамында немістерді саяси-әлеуметтік беделі бірте-бірте жоғарылай бастады. Жоғарыда атап өткендей, немістердің негізгі бөлігі ауылды жерлерде орналасып, олар өздерінің еңбекқорлығы мен жаңашылдығының арқасында бірқатар нәтижелерге қол жеткізді және соның негізінде олардың әлеуметтегі орны ерекшелене бастады. Оның басты көріністері тың игеру жылдарында байқалды. Мысалы, немістердің ең көп шоғырланған аймақтарының бірі Солтүстік Қазақстан облысында 50-жылдардың ортасында осы облыстың сегіз колхоздық шаруашылығында неміс этносынан шыққан адамдар төрағалық етті. Сонымен қатар, колхоз төрағаларының орынбасарлары, меңгерушілер, бөлім басшылары бас агроном, зоотехниктер мен ферма басшылары болды. Сондай-ақ Павлодар облысында да ауыл шаруашылығында ауқымды қызмет атқарып қоғам назарына іліккен неміс этносының өкілдері де болды. Соғыс жылдарында күштеп қоныс аударылған немістер арасынан еңбекқорлығымен танылған немістер Социалистік Еңбек Ері және осы сынды үлкен марапатқа ие болған немістердің қатары күн санап артты. 50-жылдары Павлодар облысында мемлекет тарапынан жүзден астам неміс этносының өкілдері түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды (ҚРОМА. 1488-қ., 8-т., 79-іс, 32-п). Мұндай еңбек адамдары Қарағанды облысында да аз болған жоқ. 1954 жылдан бастап Кеңес Одағында жүзеге асырылған ауқымды мемлекеттік шара болып табылатын тың және тыңайған жерлерді игеруге немістер белсене ат салысты. Мұның басты себептері Қазақстанда тың жерлерді игеру негізінен солтүстік облыстарда жүргізілді. Тың игеру жылдарынан бастап еңбекке тартылған Қарағанды облысының немістері де ерен еңбек етіп, ұйымдастырушылық қызметі мен шаруашылықтағы белсенділігі үшін үкімет тарапынан түрлі марапаттауға ие болды. Мұның барлығы аталған шешімдерден кейін депортацияланған этностардың, оның ішінде немістердің білімі мен іскерлігінің бағаланғанын көрсетіп отыр. Осындай іскерлік пен қабілетінің арқасында немістердің әлеуметтік құрылымы мен қоғамдағы беделінің жоғарылай бастағанын анық көруге болады (ҚРОММ. қ. 1488. т. 8, іс. 79, п. 32). Мұндай жағдайлар бүкіл Қазақстан аумағында орын алып, ол ауылдағы халықтардың әлеуметтік өміріне оң серпіліс берді.

Қорытынды. Қорыта айтқанда, 1945-1955 жылдар аралығы Қазақстанның халық шаруашылығы мен демографиясы тарихындағы айтулы оқиғаларға толы кезең саналып, ол тарихта аса ірі процестерді қамтыған уақыт аралығы ретінде қалды. Бұл кезеңде Қазақстан жерінде демографиялық процестер аса ірі көлемді жүргізіліп, ол мемлекетте ауыл шаруашылығының дамуына ерекше ықпал етті. Халықтардың көші-қоны, барлық халықтардың соғыстан тұралап қалған мемлекет экономикасы үшін жұмыла еңбек етуі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және демографиялық тарихында аса үлкен із қалдырды. Мемлекеттің дамуы аз уақыт ішінде алға жылжыды және белгілі көрсеткіштерге жете алды. Дегенмен халықтардың тұрмысы мен олардың орналасуына қатысты жағдайлар назардан тыс қалып қойды. Ең бастысы, мемлекеттік саясат пен ұраншылдықтың және мықты идеология мен ауызбірліктің арқасында кеңестік Қазақстан халқы дами отырып, келесі кезеңге аяқ басты.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Асылбеков М.Х., Галиев А.Б. Социально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980 гг.). – Алма-Ата: Гылым, 1991. – 192 с.

Асылбеков М.Х., Құдайбергенова А.И. Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жж.). – Алматы: Өркениет, 2005. – 160 б.

Базанова Ф.И. Формирование и развитие структуры населения Казахской ССР. – Алматы: Наука, 1987. – 152 с.

Қозыбаев М.Қ., Алдажұманов Қ.С., Әбілхожин Ж.Б. Қазақстандағы күшпен коллективтендіру: қорлық пен зорлық. – Алматы, 1992. – 32 б.

Козина В.В. Население Центрального Казахстана (40-е годы – конец ХХ века). – Алматы: Өркениет, 2001. – 184 с.

Құдайбергенова А.И. Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістері: тарихи-демографиялық аспект (1917-1991 жж.). / тарих...ғылым... докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. Авторефераты. – Алматы, 2010. – 54 б.

Қожаханова Қ.К. Қазақстанға жер аударылған халықтар және олардың Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі (1946-1960 жылдар). / тарих...ғылым... канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. – Алматы, 2007. – 27 б.

ҚРОМА. 1488-қ., 8-т., 79-іс, 32-п.

ҚРОМА. 1137-қ., 18-т., іс.155-іс, 30-п.

Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. – Алматы: Арыс-Казахстан,1998. – 428 с.

Сон Ен Хун. Қазақстандағы аз ұлттардың қатынастары және әлеуметтік-саяси тарихы (1935-2009 жж.). / тарих...ғылым... канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. – Алматы, 2010. – 27 б.

References:

Asylbekov M.H., Galıev A.B. Sotsıalno-demografıcheskıe protsessy v Kazahstane (1917-1980 gg.). – Alma-Ata: Gylym, 1991. – 192 s.

Asylbekov M.H., Qudaıbergenova A.I. Qazaqstan halqynyń áleýmettіk-demografııalyq jaǵdaıy (1939-1959 jj.). – Almaty: Órkenıet, 2005. – 160 b.

Bazanova F.I. Formırovanıe ı razvıtıe strýktýry naselenııa Kazahskoı SSR. – Almaty: Naýka, 1987. – 152 s.

Qozybaev M.Q., Aldajumanov Q.S., Ábіlhojın J.B. Qazaqstandaǵy kúshpen kollektıvtendіrý: qorlyq pen zorlyq. – Almaty, 1992. – 32 b.

Kozina V.V. Naselenıe Tsentralnogo Kazahstana (40-e gody – konets HH veka). – Almaty: Órkenıet, 2001. – 184 s.

Qudaıbergenova A.I. Keńes dáýіrіndegі Qazaqstandaǵy kóshі-qon úderіsterі: tarıhı-demografııalyq aspekt (1917-1991 jj.). / tarıh...ǵylym... doktory ǵylymı dárejesіn alý úshіn daıyndalǵan dıss. Avtoreferaty. – Almaty, 2010. – 54 b.

Qojahanova Q.K. Qazaqstanǵa jer aýdarylǵan halyqtar jáne olardyń Respýblıkanyń halyq sharýashylyǵyn qalpyna keltіrіp, damytýǵa qosqan úlesі (1946-1960 jyldar). / tarıh...ǵylym... kand. ǵylymı dárejesіn alý úshіn daıyndalǵan dıss. – Almaty, 2007. –27 b.

QROMA. 1488-q., 8-t., 79-іs., 32-p.

QROMA. 1137-q., 18-t., 155-іs., p. 30-p.

Deportırovannye v Kazahstan narody: vremıa ı sýdby. – Almaty: Arys-Kazahstan, 1998. – 428 s.

Son En Hýn. Qazaqstandaǵy az ulttardyń qatynastary jáne áleýmettіk-saıası tarıhy (1935-2009 jj.). / tarıh...ǵylym... kand. ǵylymı dárejesіn alý úshіn daıyndalǵan dıss. – Almaty, 2010. – 27 b.

МРНТИ 05.601.91

ДЕМОГРАФИЧЕСКИЕ ПРОЦЕССЫ ПОКОЛИЧЕСТВЕННОМУ

ПОКАЗАТЕЛЮ СЕЛЬСКОГО НАСЕЛЕНИЯ В КАЗАХСТАНЕ

В 1945-1955 гг.

Т.А. Апендиев¹

¹Институт истории и этнологии им.Ч. Валиханова, Казахстан, г.Алматы

Аннотация. В ХХ векев советском Казахстане особое влияние на общую ситуацию в республике оказала государственная политика развития человеческого капитала, в том числе увеличения численности рабочих и сельских жителей.Одно из главных направлений такой государственной политики, сложившейся с момента создания в Советском Союзе было связано и с демографическими процессами.В 40-50-е годы прошлого столетия, проведенные в СССР внутренние миграционные процессы и увеличение рождаемости населения, увеличение сельского населения способствовали развитию государства.Сельское население в основном считалось главной рабочей силой сельского хозяйства и производства.Но несмотря на то, что данное изменение в стране внесло большой вклад в развитие демографических процессов у сельского населения, оно привело к уменьшению местного населения – казахского народа, а также увеличению количества представителей других национальностей в стране.

После обретения независимости подход к оценке исторических событий в стране в корне изменился.На основе новых теоретических принципов начало пересматриваться цивилизованное, народное, национальное исследование истории человечества, тесная связь демографического развития населения Казахстана, в том числе сельского, с политико-историческими процессами.Исследование миграционных процессов в историческом демографическом аспекте осуществляется не только с внутренними изменениями исторической науки современного Казахстана, но и с изменениями в исторической науке, которые проходят процесс обновления исторических знаний.В этих условиях мы уделяем внимание общности в науке методологических принципов, применяемых в исследовании, переписывая истину национальной истории, не изолируя национальную историю.

В статье исследуются демографические процессы и история сельского населения Казахстана с 1945-1955 гг. Главной задачей статьи является изучение демографии, быта и миграционного процесса, оказывающих влияние на сельское население данного периода.

Ключевые слова: Казахстан, демография, сельское население, миграционный процесс.

IRSTI 05.601.91

DEMOGRAPHIC PROCESSES IN QUANTITATIVE TERMS

OF THE RURAL POPULATION IN KAZAKHSTAN IN 1945-1955

T.A. Apendiyev¹

¹Ch.Ch.Valikhanov Institute of History and Ethnology.

Kazakhstan, Almaty.

Abstract. In the 20th century, in Soviet Kazakhstan, the state policy of human capital development, including increasing the number of workers and rural residents, had a great impact. One of the main directions of this state policy, which has developed since its establishing in the Soviet Union, was associated with demographic processes. In the 1940-1950s, internal migration processes held in the USSR and an increase in the birth rate of the population, an increase in the rural population contributed to the development of the state. The rural population was generally considered as the main labor force in agriculture and manufacturing. Despite the fact that this change in the country made a great contribution to the development of demographic processes among the rural population, it led to a decrease in the local population – the Kazakh people and an increase in the number of representatives of other nationalities in the country.

After gaining independence, the approach to analyze the historical events in the country has changed radically. On the basis of new theoretical principles, the civilized, popular, national study of the history of mankind began to be revised, the close connection of the demographic development of the population of Kazakhstan, including rural, with political and historical processes. The study of migration processes in the historical demographic aspect is carried out not only with internal changes in the historical science of modern Kazakhstan, but also with changes in historical science, which are undergoing the process of updating historical knowledge. In these conditions, we pay attention to the generality in science of the methodological principles used in research, rewriting the truth of national history, without isolating national history.

The paper examines demographic processes and the history of the rural population of Kazakhstan in 1945-1955. The main objective of the article is to study demography, everyday life and the migration process that affect the rural population of this period.

Keywords: Kazakhstan, demography, rural population, migration process.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 165

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

НҰРАЛЫ ХАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ (XVIII ғ. 50-70 жж.) ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ94(574).084.91+327(574:44) ҚАЗАҚСТАН МЕН ФРАНЦИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ИСТОРИКО-ДЕМОГРАФИЧЕСКИЙ АНАЛИЗ ТЮРКСКИХ НАРОДОВ КАЗАХСТАНА ЗА 1959 – 1970 ГГ. Қызылорда облысы Жалағаш ауданына 1960-шы жылдары қоныс аударған отбасылар XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында ӘОЖ 341.7 ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ САУДА -ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. УДК 392 (- 512122) (574.5) Социально-психологический портрет городской семьи в конце ХХ в. (по материалам этносоциологического исследования казахского населения 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ 304.5 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНДАРЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНЕ ШОЛУ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 АРАЛТӨБЕ КӨТЕРІЛІСІ: ТАРИХЫ МЕН ТАҒЫЛЫМЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 30-ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ: ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АТАМЕКЕНЕН КӨШУІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Статьи автора

ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР