Главная » Материалы » ҒТАМР: 03.41.91 ҚАЛБА-НАРЫМ ӨҢІРІНДЕГІ ҚОЛА ДӘУІРІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНА ҚЫСҚАША ШОЛУ (1991 жылға дейін)

С.Т. Шакенов¹, А.Е. Ерғабылов². ¹PhD докторант. ²Магистр, оқытушы. Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР: 03.41.91 ҚАЛБА-НАРЫМ ӨҢІРІНДЕГІ ҚОЛА ДӘУІРІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНА ҚЫСҚАША ШОЛУ (1991 жылға дейін)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Теги: қорған., Қалба-Нарым, қола дәуірі, ескерткіш, жерлеу орындары
Аннотация:
Аңдатпа. Ғылыми жұмыста авторлар Шығыс Қазақстан облысы Қалба-Нарым өңірлерінде қола дәуірі кезеңінің зерттелу тарихы жайында мағлұмат берілген. Белгіленген аймақ қола дәуіріне тән көптеген ескерткіштердің шоғырланған жері деп айтуға болады, сондықтан ғылми жұмыста алғашқы зерттеу жұмыстары, археологиялық қазба жұмыстарымен айналысқан ғалымдар жайында сөз қозғалып отыр. Авторлар ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, алынған мәліметтер арқылы осы өлкедегі жүргізілген зерттеулерге қысқаша тоқталып кетеді. Ғылыми жұмыста XVIII ғасырдан бастап 1991 жыл Кеңес Үкіметі құлағанға дейін, аталған аймақта зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар жайында, сонымен қатар жеке коллекционерлердің аймақта алғашқы саяхаты негізінде, табылған заттар жайлы жазылған. С.С. Черниковтың Шығыс Қазақстан, соның ішінде Қалба-Нарым жоталарында, қола дәуіріне тән ескерткіштерге жүргізген, көптеген зерттеу жұмыстары ежелгі тайпалардың материалдық және рухани мәдениетін сипаттайды. Аймақта жасалған қазба жұмыcтардың қорытындыларына авторлар салыстырмалы анализ арқылы тақырыптың мәнін, мағынасын ашып көрсетеді. Ғылыми жұмыста қола дәуірі тұрғындарының дүниетанымында, жерлеу орындарын зерттеу негізінде: от, жоса, астаяқтың маңыздылығы, өміріндегі алатын рөлдері жайлы мәліметтер келтірілген. Атап айтқанда, Талапты-ІІ, Мыңшұңқыр-ІІІ, Құйған обалары, Зевакино селосы, Кіші қойтас, Нұрмамбет қорымдарындағы ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындылары орын алды.
Содержание:

Кіріспе. Тақырыптың өзектілігі: Ерте қола дәуірі ескерткіштерінің мол шоғырланған өңірлерінің бірі болып саналатын Шығыс Қазақстан аймағы, Еуразия даласындағы, археологиялық зерттелу тарихы 200 жылды қамтитын, бірегей аудан ретінде белгілі. Шығыс Қазақстан жерінде ерте қола дәуірінің зерттелу тарихын 2 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең, XIX ғасырдың 40-жылдарынан бастап XX ғасырдың 80- жылдары арасындағы алғашқы материалдарды жинау, екінші кезең, мақсатылы зерттеулер 1980- жылдың соңынан қазіргі уақытқа дейінгі аралықты қамтиды. Сондықтан, әр кездегі жүргізілген зерттеулерді жүйелеп, олардың алдыңғы кезеңі – ерте қола дәуірі жайлы бұрыңғы ізденістердің мәнін, археологиялық зерттеулердің маңыздылығын көрсету, зерттелу тарихын баяндау қазіргі уақытта тарихнама ғылымындағы күрделі мәселе болып табылады. Жерімізде орналасқан қола дәуірі көптеген мәдени қатпарларды бойына қабылдаған мекен болып табылады. Қола дәуірі бойынша көптеген жерлеу орындары мен қорған-қорымдар ашылды. Осындай ескерткіштер арқылы ол халықтардың даму, өзгеру сатыларын анықтауға мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстан жері, Қалба-Нарым өңіріндегі қола дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштерді зерттеу жұмыстары кезінде, жерлеу орындарында жүргізілген археологиялық қазба барысында табылған заттай деректер, сол дәуір адамдарының өмірге деген көзқарасы, дүниетанымы, салт-дәстүрі мен тұрмысының қалыптасуы және дамуын көрсету қазіргі таңда археология ғылымында өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Аталған аймақты зерттеумен айналысқан ғалымдар: А.Г. Максимова, Г.Б. Зданович, О.А. Кривцова-Гракова, М.П. Грязнов, С.С. Черников, М.К. Кадырбаев, А.М. Оразбаев, Ж. Курманкулов, С. Марьяшев, А.З., Самашев З., Төлеубаев Ә.Т., Омаров Ғ.Қ., және т.б.

Материалдар мен әдістер: Шығыс Қазақстан, оның ішінде зерттелуіне 250 жылдан астам уақыт болған Қалба-Нарым жоталары. Бұл жердегі қорғандар, ежелгі заттар, жерлеу орындары, ежелгі рудалар, тағы басқа археологиялық ескерткіштер жайлы ХІХ ғасырда П. Паллас, Г.Ф. Миллер, И. Г. Гмелин, М. П. Фальк сияқты ғалымдар, саяхатшылар өз еңбектерінде жазып кеткен(Паллас П, 1780: 315). Қазіргі таңда Қалба-Нарым жерлерінде қола дәуіріне тән көптеген қорымдар зерттелді. Мысалы: Беткудук, Кіші Қойтас, Жартас, Белокаменка, Қанай, Усть Буконь, Сарыкөл көлі бойындағы қорымдар, Жаңажұрт ауылы маңындағы ескерткіштерді жатқызамыз. (Максимова А.Г., Ермолаева А.С., 1987: 24-63).

Талқылау. =Шығыс Қазақстан жерінде алғашқы қазба жұмыстарын 1734 жылы Г.Ф. Миллер және 1793 жылы ботаник Сиверс жүргізген. Г.Ф. Миллер Өскемен бекінісінің маңында тоналған қорғандарға зерттеу жұмыстарын жүргізіп темір заттар тапқан(Г.Ф. Миллер, 1890: 67 ). Сиверс Кара Ертіс аймағы және Нарым жотасының етегінде орналасқан кейінгі көшпелілердің жылқы жерленген бай қорғандарына зерттеу жұмыстарын жүргізді (Sievers J, 1796: 100 ). XIX ғасырдың басында жоғарыда аталған жерлер жайлы Спасский , Левшин сияқты саяхатшылар өз еңбектерінде жазып кеткен.

  1862 жылы В.В. Радлов Семей қаласының маңында қола дәуіріне тиесілі қорғанға қазба жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар Бұқтырма жері, жоғарғы Ертіс өңірі, Тарбағатай өңірлері зерттелді. (Максимова А.Г., 1959: 86-150).

1910 жылы Ғылым академиясы жаңа археологиялық материал жинау мақсатында, Семей облысына В.И. Каменский жіберіледі. Мешіт ауылының айналасындағы жерлерде, әр уақытқа жататын тұрақтарды ашып, ерте қола дәуіріне жататын ккерамика қалдықтарын жинап алады. (Сол жылы, Марқакөл көлі және Күршім өзеніне саяхат кезінде тау-кен университетінің студенті В.И.Пилетич тастан, қоладан жасалған қару-жарақтар жинап алды. Азамат соғысы және революция кезінде Ертіс өңірінде археологиялық жұмыстар жүргізілген жоқ. Алайда, Мясникова және ағайынды Белослюдовтар өздерінің жеке коллекцияларын толықтыру жұмыстарын жалғастырды, әр түрлі артефактілердің арасында сеймин-турбиндық кельт көзге түсті Иілген пышақтардың сынықтары және бірқатар жалпақ металл құралдар табылды. (Черников С., 1960: 123).

1928 жылы А.А. Адрианов Қалба жоталарына сапарда болып, бірнеше қорғандарды зерттеген болатын(Черников С., 1960: 140).

1930 жылдары жоғарғы Ертіс жерінде А. А. Иессен, С.С. Черниковтың бастауларымен 1935-1937 жылдары жургізілген зерттеулер нәтижесінде ежелгі мыс, алтын, қалайы ошақтары анықталды. Осы бір 14 экспедициялық зерттеулерден кейін, нақты бір материалдар болмаса да, И. Мерц осы зерттеулерге арқау болып, аталған аумақта қола дәуірі мен темір дәуірі арасындағы байланыстары, әр түрлі ескерткіштер жайында жоспарланған, мақсатталған зерттеулер жүргізіп , көптеген еңбектерді жарыққа шығарған (Мерц И, 2017: 13).

1940 жылдардың екінші жартысында Бұқтырма ГЭС құрылысының басталуы мен Шүлбі ГЭС жобалануына байланысты Ертіс өңірінің жоғарғы бөлігінде археологиялық зерттеулер қайта жанданды(Длужневская, 2011: 139). Ленгидэп, Қазгидроэнергострой және ГЭС Бұқтырмасының тапсырысы бойынша КСРО ЛОЙИМК су қоймаларының, су басу аймағында күзет жұмыстарын жүргізу үшін С. С. Черниковтың басшылығымен ШҚАЭ (Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы) ұйымдастырылады (Длужневская, 2011: 289). С.С Черников 1947 жылы Ертіс аңғарына жүргізілген экспедициясында, Семей қаласынан Зайсан көліне дейінгі учаскедегі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Семей қаласы мен Мешіт аулының жанындағы әр түрлі жоталарда ерте қола дәуіріне жататын керамика қалдықтарын жинауға мүмкіндік болды (Черников, 1950: 44 ). Осыған ұқсас материалдарды 1930-40 жылдары аталған аймақта, Ауыл курорты маңайларында өлкетанушы Б. А. Белослюдов зерттеу жұмыстары кезінде тауып, археологиялық материалдар жинағына енгізген. (Белослюдов, Максимова, 1951: 126).

ХХ ғ. 40 ж. П. Хоршихтің жазбаларында Өскемен өңіріндегі петроглифтердің айтарлықтай бөлігі шоғырланғандығы айтылады. Ескерткіштердің негізгілері төмендегідей:

1. Солдатова ауылынан 8 км жерден табылған петроглифте суретте адамдар мен жануарлар бейнеленген. Бір кескінде шаңғымен тұрған адам бейнеленсе, екіншісінде белгісіз жануар бедерленген. Жануарлардың ішінде марал мен тау ешкілердің саны басым келеді. Бір суреттегі кескінді түйенің бейнесі деп қорытынды жасауға болады. Көбінің мүйіздерінің салынуы табиғи емес.

2. Жақсы Қаражан алқабына жақын, Назар Башталовтың бұрынғы қыстауы.

3. Жалыбұлақ алқабындағы таңбалы тас, қырғыз Тойболды Күменовтың қыстауына жақын жерде.

4.Сарыбұлақ алқабына жақын, Бердібайқы өзенінің жанындағы жартас жазбалары.

Зайсан уезінің териториясында қызықты образдар бейнеленген таңбалы тастар сақталған:

1. Жолтау тауындағы таңбалы таста марал, арқар, қасқыр және сал атты аңшы кескінделген.

2. Қызыл тас, Долан тауларындағы, Өкпекті алқабындағы таңбалы тастар (Хороших,1947: 30).

Қалба-Нарым аудандарында көптеген жылдар зерттеу нәтижесінде С. С. Черниковтың 2 монографиялық жұмысы жарыққа шықты. Ғылым осы еңбектерінде Қалба- Нарым жерлеріндегі қалайы өндірісінің ошақтары жайлы нақты зерттеулерін жазып кеткен. С.С. Черниковтың зерттеп кеткен тау- кен өндіріс ошақтарынан көптеген жекелей артефактілер кездескен болатын. Мысалы: тастан, мал сүйектерінен жасалған әр түрлі қару- жарақтар, және де кейінгі қола дәуіріне жататын бұйымдар(Манчункур ауданы, Қарагойын, Чердояка ). Қалба-Нарым өңіріндегі қалайы өндіріс ошақтарының ішіндегі ең улкендері- Белогорское және Маймурзинское деп аталады. Черниковтың зерттеулері бойынша аталған аймақта 37 тау кен өндіріс орындары бар. (Черников С., 1948: 98).

1947 жылы Орталық Музейдің қызметкері Л.К. Нифонтова Семей облысы Абай ауданында, біздің зерттеу кезеңіне жататын бірнеше қорғанға зерттеу жұмыстарын жүргізген( Нифонтова Л., 1949: 145).

1950 және 1952 жылдары ШҚАЭ, Қанай ауылының жанындағы Андронов уақытына тән қорымды зерттеу кезінде, дөңгелек және шаршы қоршаулардағы жерлеу орындарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Осы уақытта Ертістің оң жағалауын зерттеу кезінде экспедиция қызметкері Э. Р. Рыгдылон Д. Черемшанка ауылының маңынан тарақ оюларымен безендірілген ыдыс сынықтарын тауып алды (Черников С., 1960: 21).

1956 ж. ШҚАЭ, Усть-Буконь уезіндегі ерте кезеңге жататын қорғандарды зерттеу кезінде, ерте андронов уақытына жататын құмыралардың фрагменттері анықталды. (Черников, 1960, с. 17, 95).Сол кезде Павлодар облысы Григорьевка ауылының маңында, Ертістің оң жағалауының үзілісінде жергілікті тұрғындар сеймин-турбин типине тән дартс ұшын тапты. (Грушин , 2006: 8).

С.С. Черников бастаған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының жұмыстары аяқталғаннан кейін, бөлек хронологиялық уақытқа жататын ескерткіштерді зерттеумен басқа ғалымдар жалғастырды. Мысалы, 1980-1983 жылдары ШҚО Ұлан ауданында А.С. Ермолаеваның басшылығымен Темір-Канка және Измайловка қорымдары зерттеліп, көптеген тың материалдар анықталды (Максимова, Ермолаева, 1987: 55). 1990 ж. Шығыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейінің экспедициясы Күршім ауданының аумағында әртүрлі дәуірлерге жататын қорымдарды анықтады(Мерц, 2017: 25).

Нәтижелер.Ерте қола дәуірі ескерткіштерінің мол шоғырланған өңірлерінің бірі болып саналатын Шығыс Қазақстан аймағы – Еуразия даласындағы археологиялық зерттелу тарихы 250 жылды қамтитын бірегей аудан ретінде белгілі. Сондықтан, әр дәуірде жүргізілген зерттеулерді жүйелеп, олардың алдыңғы кезеңі – ерте қола кезеңі жайлы бұрыңғы археологиялық ізденістердің мәні мен маңыздылығын көрсету, зерттелу тарихын баяндау қазіргі уақытта тарихнама ғылымындағы күрделі мәселе болып табылады.

Шығыс Қазақстан жеріндегі белгілі қоныстардың көпшілігі негізінен тікелей суға және шабындықтар мен жайылымдықтарға жақын өзен аңғарларында орналасқан. Мұндай жерлердің шөбі шүйгін, топырағы құнарлы еді. Алайда, Шығыс Қазақстан жеріндегі өзен аңғарларындағы қоныстар біршама зерттелген де, тау арасындағы қоныстар әзірше ашылмаған. Қоныстар 6-10-ға дейін, кейде үлкендері 20 үйден құралды. Мүйістегі үйлер ортада ашық алаң қалдырып айнала салынды, бұл алаң қоғамдық жиындар орны ретінде немесе мал қамау үшін пайдаланылды (Ткачева, Ткачев 2008: 196). Тұрғын үйлер жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер болып бөлінеді. Шығыс Қазақстан өңірінде жартылай жертөлелердің негізгі үш түрін бөліп қарауға болады. Олар: тік бұрышты, сопақ және сегіздік тәрізді жертөлелер, бәрінің де дәліз сияқты шығар аузы бар. Қабырғаларына тік бағаналар орнатылып арасына шарбақ ұстатылған. Шығыс Қазақстандағы тіреме бағамдық құрылымдар тұрғын үйлер мен қора - қопсылардың негізі болды.Олардың төбесі жайпақ немесе екі сайлы етіп жабылды. Құрылыста ағаш кеңінен қолданылды. Көбінесе қоныстар үштен беске дейінгі топқа бөлініп орналасқан. Әдетте олардың ішінде біреуі ерекше үлкендеу болып келеді. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей бұны негізгі орталық деп санауға болады. Онда мәдени қабаттардың белгілері жақсы сақталған және ұзақ уақыт пайдаланылған тұрақ орны болып келеді. (Захариха І, Волчовка, Барашки І, Усть-Нарым) (Черников, 1947: 38-40). Осындай ірі қоныстар маңынан 1,5 км шамасында төмен не жоғары жақтарынан мәдени қабаты белгісіз және заттар аз табылатын қоныстар ұшырасады. Мысалы: Захариха 1-ден 2 қоныс, Волчовкаға жақын жерден кішірек төрт ескерткіш, Барашки қонысы айналасынан үш қоныс-жұрты табылды. С.С.Черников осындай жағдайлар таулы ауданда да байқалатынын айтады. 1 және үлкен қоныстардың маңынан бірнеше ұсақ тұрғылықты жайлардың байланысып орналасуындағы жайдың ұқсастығын орта қола дәуірінен кейінгі қола дәуіріне өтпелі кезеңге тән екендігін көрсетеді.

Ертістің оң жағалауына орналасқан Қанай ауылы іргесіндегі қоныста жапсарластыра салынған шаруашылық құрылыстары бар тік бұрыш түріндегі (аумағы 50 шаршы м-ге жуық) тұрғын-жай ашылды. Жай жертөле сияқты. Құрылыс қабырғаларының негізі - тіреулер, олардың арасына қамыс салынып, балшықпен сыланған. Едені жер, онда тастан қаланған 3 ошақ бар. Оның екеуі тамақ дайындауға, біреуі үйді жылытуға арналған. Шаруашылық қора-қопсы негізгі тұрғынжаймен бірге тұтас жайдақ төбемен жабылған. Тұрғын жайға өзенге қараған тар дәлізден кіреді. Жайдың орталық бөлігі кіретін дәлізден аласа қабырғамен бөлінген, осының бәрі континеттік климаттың қатаң жағдайларында үйлерді жылыту үшін істелді. Бөлінген жағы шаруашылыққа арналған болуы керек, онда төлдер ұсталған.

Трушниково мен Мало-Красноярка қоныстарында қой, ешкі сүйегінің басым болуы, жылқы сүйектерінің көбеюі, сондай-ақ бүйірі шығыңқы ернеуі аздап сыртқа қайырылған, жапсырып соғылған белдіктер мен өрнектелген немесе өрнексіз ыдыстардың жаңа түрлерінің, сондай-ақ түбі дөңгелек келетін ыдыстардың шығуы соңғы қола дәуірі тайпаларының экономикасында өзгерістар болды деуге мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Оңтүстік Сібірдің шектес аймақтарындағы сияқты, мұндада шаруашылық нысандарының өзгеру үрдісі жүріп жатты. Тұрғын жайлардың көлемінің көрсеткіші қола дәуірі туралы мәлімет беретін негізгі дерек көзі болып табылмайды. Үлкенжәне кіші қоныстардан да қола дәуірінің ерте және кейінгі кезеңдерінің материалдық мәдениеттері кездеседі. Қоныс көлемі негізінен жергілікті ортаның табиғи жағдайы, шаруашылық қызметі, тұрғындардың бір ұжымға бірігуімен байланысты.

Қола дәуірінің материалдық мәдениетінің ерекшелігі жер бетіндегі құрылыс құрылымы Меновное және Побоко қоныстары олардың көлемі үлкен емес 17-ден 30 ш.м.-ге дейін ірі жертөлелермен жер үстіндегі құрылыстардың арасындағы айырмашылық: ірі жертөлелер ұзақ уақыттық қысқы қоныстар, ал жер бетіне салынғандары жеңіл ағаш үйлер малшы көшпелілердің жазғы жайылым кезінде пайдаланған (Ткачева, Ткачева с. 2008: 83-87). Мал санының көбейуіне байланысты шаруашылықта өзгерістер басталып көшпелі мал шаруашылығының қалыптаса бастауының өзіндік әсері үлкен болды және осындай жағдайлар Шығыс Қазақстан өңіріне өзіндік тән ерекшелік.

Шығыс Қазақстан жеріндегі жерлеу орындары: жалпы қола дәуіріндегі Қазақстан аумағындағы қабірлердің үсті айнала жалпасынан салынған немесе қырынан қойылған және қазылып орнатылған тақта тастардан тік бұрышталып, шаршыланып, дөңгелектеніп қоршалды, кейде обалар да етегінен тақта тастармен айнала көмкерілді, осындай тақта тастар лақыт шығарғанда да қолданылды. Оның ең көп тараған түрі тақта тастардан тігінен қойып жасалған немесе жалпағынан салынып, ішке қарай ұмсындыра өріп жапқан тас жәшіктер болды. Дегенмен, әр өңірдің өзіне тән ерекшеліктері болды. Шығыс Қазақстан жерінде қола дәуірінің ерте кезеңіне жататын жерлеу орындары сондай көп емес, оған жататын Қанай, Сарыкөл, Жанажұрт, Қойтас (Черников, 1960: 34).

Мәйіттер сол жағына бүгіліп басы шығысқа әлде батысқа қаратылған. Мәйітті жатқызып қоюмен қатар мәйітті өртеген обалар да кезігеді. Соңғысына тән ерекшелік мүлкімен қою білінбейді. Ерте қола дәуіріне жататын жерлеу орынында мәйітті жатқызып қою тән. Дегенмен, өртеу сирек кездеседі.

Қола дәуірінің ортаңғы (дамыған) кезеңіндегі Шығыс Қазақстан жеріндегі қорымдардың үлкен тобымен сипатталады. Олар Қанай ауылы маңындағы қорымдар мен құрбан шалатын орыннан, Зевакино селосы, Кіші қойтас, Нұрмамбет қойнауларындағы және т.б. қорымдардан алынды (Черников, 1960: 86). Ертістің оң жағалауында орналасқан Зевакино қорымы әр кезеңдегі 500-ден астам, Қанай қорымы 15 бейіт құрылыстарынан тұрады. Бір қабірге бір ғана өлік жерленгенде оларды жерден қазылған қабірлерге, тас жәшіктерге, цисталарға және ағаш қималарға қоятын болған. Жерленгендер сол және оң қырынан, басы батысқа және солтүстік - батысқа қаратылып, бүктетіліп жатқызылған.

Сонымен қатар, жерлеу ескерткіштерін зерттеу барысында анықталған түрлі артефактілер, әсіресе ғұрыптық заттардың маңызы жоғары. Олардың қатарына, қарастырылып отырған кезеңде табылып, қазіргі күні Шығыс Қазақстан музейлерінде сақтауылы заттарды жатқыза аламыз. Нақтырақ айтар болсақ, олар асатаяқтар, келсаптар, ғибадат ету заттары және тағы басқалары. Бұл артефактілерді бір-бірінен бөліп қарастыру қиын, себебі бұл заттар утилитарлық және культтік мақсаттарда қолданылады. Бұндай заттар көп жағдайда көпшілік назарына ұсынылу үшін қойылғаны және заттың зоо-антропоморфизмі оған қосымша мағыналы мән беретінін ескеру керек.

Ресми көзқарас бойынша, Шығыс Қазақстандағы тас асатаяқтар категориясына Семей мен Бұқтырмадан табылған ат басты, сүйір төбелі заттарды жатқызуға болады. Ғұрыптық заттар ретінде Зайсан көлінен табылған антропоморфты сүйір төбелер мен Тюмень 3 қонысынан табылған мүсінді қарастыру керек. Қалған жұмыс бөлігі тегіс артефактілер утилитарлы заттар болып табылады.

Мүсіндік бейнесі бар күрделі келсаптардың да аналогиясы бар. Акшийлік бұйымдар Трушниково, Мало-Красноярка аймақтарындағы андрондық қоныстардан табылған фалоо тәрізді құралдармен, сондай-ақ Сібір мен Қазақстан аймағынан кездейсоқ табылған бұйымдарға ұқсас болып келеді. Қарасор мен Семей келсаптары чемурчектік мүсіндер мен Синьцзян және Батыс Монғолия асатаяқтарына ұқсайды.

Көріп отырғанымыздай ғұрыптық заттар мәдениетке тән наным-сенімдерді көрсетеді. Бұны әртүрлі асатаяқтар, келсаптар мен мүсіндерді жануарлардың бейнеленуінен, адамдар мүсінінің әртүрлі қалыпта бейнеленуінен көруге болады. Жоғары да аталғандай ерте қола дәуірінде таралған мәдениеттер секілді, бұл мәдениетте де жануар культі қалыптасқанына көз жеткізе аламыз. Бұған дәлел әртүрлі бұйымдарда жануарлардың бейнеленуі. Әсіресе, жылқы культінің көп таралғанын байқаймыз. Орта Азияға жылқының келуі б.з.д. ІІ мыңжылдықтағы андрондықтармен байланысты болды. Содан бері жылқы культі дами бастаған.

Жоғары да қарастырып өткен қоныстар мен тұрақтар, ескерткіштерде жерлеу кезінде адамдармен бірге олардың өмір сүрген кезінде қолданған құрал-жабдықтарын, қару-жарақтары мен бұйымдары да бірге жерленгенін көре аламыз. Бұл олардың о дүниеде де өмір бар деген сенімімен байланысты деп топшыласақ болады. Шығыс Қазақстан облысында кездесетін бұндай жерлеу орындарының аналогияларының бірінде қалыңдықты жерлеген кезде қызыл түсті киім киігізіп, оны алтынмен сәндегені белгілі болды. Бұл басқа тайпалар сияқты үнді-арийліктерде де қалыңдықты Күн Құдайы Сурьидің әйелінің жердегі бейнесі деп есептеу сенімімен байланысты.

Қола дәуіріндегі тайпалардың тұрмысы мен әл-ауқаты түгелдей табиғатқа тәуелді болды, сондықтан адам табиғат күшін киелі рух деп білді. Бұл күштер ең алдымен күн, от, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі болды. Күн мен от жылылық береді, – Мұның бәрі қайырымды, құдіретті рухтармен байланыстырылады. Күн тәңірінің белгілерін сәндік заттардан – бір ортадан жан-жаққа тарайтын сәулелер түріндегі өрнегі бар қаптырмалардан, балшық ыдыстардағы меандрлардан көруге болады.

Ерте кезеңдегі ескерткіштердің ішкі жерлеу шұңқырларының құрылымы жинақы түрде жасалып, бір орталықтан даму үрдісін көрсетеді.

Біртіндеп қоғамның дамуы барысында, жерлеу орындарында ішкі обалар жиынтығы бөлініп шыға бастайды (әдетте екі обадан бес обаға дейін), обалар бір-біріне алшақтау орналасады. Мұндай топтамалы обаларды талдау барысында, жекелеген рулық топтар өз алдына шыға бастағанын байқаймыз. Яғни, бастапқыда жалпы әулеттік топтар ішінде жерленсе, енді уақыт өте келе, рулар ішінде жекелеген отбасы мүшелерін жерлейтін обалар пайда болып отыр. Аталған жерлеу ғұрыптарындағы қоғам мүшелерінің қалдырған обалары басқарушылыққа тән: ру-тайпалық құрылымды басқарып, көптеген көрші тайпалаық одақтар арасындағы байланыс пен қарым-қатынасты білдіреді және басқа ұжымдармен өзара тығыз байланыс орнатып, бір ұжымға айналу. Бұл дегеніміз, үлкен отбасылық қоғамды басқара отырып, барлық шаруашылыққ да басшылық таныту да жекелеген форманың ерекше түрі болып табылады (Аванесова, 1991: 154).

Кейбір жерлеу орындарынан бірден беске дейін тас қоршаулар кездеседі. Мұндай құрылыс кешені андрон тайпаларындағы қоғамның өзгерісін түсіндіреді. Яғни орта қола кезеңінен соңғы қола кезеңіне өту осы ғұрыптардың жасалуына сәйкес келеді. Бұл кешендердің ерекшелігі қосымша құрылыстардың меридиан бойымен созылып орналасуы. Яғни көп жағдайда тас қоршаулар оңтүстіктен солтүстікке қарай, кей жағдайларда шығыстан батысқа қарай созылыңқы орналасады.кейбір тас қоршаулардың беткі қабатында ұсақ тас жабындылар кездеседі. Тас жабындылардың биіктігі 0,1-0,3 м аралығында болса, диаметрлері 9-12 м аралығында. Обалардың жсопарында дөңгелек пішінде созылыңқы орналасқан пішінмен қатар бөлініп қалған сегмент тәрізді бөліктері де бар. кейде обалардың орталық бөлігінде тонаушылардан қалған ойықтар кездеседі. Бұл ойықтардың барлығы тонаушылардан қалды деген сөз емес, кей жағдайларда, обаның орталық құрылысы ішіне қарай опырылып құлайтын сәттер де болады. кейбір жағдайларда екі қоршаулар да кездеседі.

Екі қоршаулы ескерткіштің ішкі қоршауынің өлшемдерімен қатар, тастарының да кіші болып келуі өз алдына ерекшеленеді. Сонымен қатар қоршаулар шаршы пішінде (Зевакино), шаршы пішінде дөңгелекке ұласатын (Қызылтас), шаршы тік бұрыштармен орналасады (Меновное IX), дөңгелек күйінде келеді (Березовский).

Өлікті өртеу ғұрпы өте сирек кездеседі. Өлікті өртеу ғұрпы көбіне Маринка обаларында кездеседі. Онда үш жерлеу шұңқырынан өлікті өртеу ғұрпы кездескен. Басқаларынан жекелеген сүйектер ғана кездескен. Жоғарғы Ертістің басқа жерлеу орындарынан өлікті өртеу ғұрпы өте сирек кездеседі. Орта қола кезеңінің бастапқы кезінде пайда болған өлікті өртеу ғұрпы, қола дәуірінің соңғы кезеңінде көп тарала қоймады. Кейбір обаларда сүйектер жоқ, заттар кездессе, енді біреулерінде сүйек пен зат кездеспейді. Мұндай жерлеу ғұрыптары әлі толық талданбаған.

Жерлеу орныдарының үстіңгі қабаты көбіне тас жабындысыз тас қоршаулардан тұрады. Тастар әртүрлі көлемде және әр түрлі типте: тас қоршауар жанынан тұрғызылып, ор немесе терең шұңқырға тігінен ганиттен жасалған тақта тастар, яғни топырақтың беткі қабатын тесіп өтіп, материктің төменнгі қабатына қарай аздап енгізілген. Сырттағы тас қоршаулар көбіне сынған тастар бөлігі. Оның ішінде: гранит, порфирит, санц, кварц. Барлығы да материктің беткі қабатын тазалап, соның үстіне орнатылған. Тас қоршаулар өзінің пішініе қарай, дөңгелек қоршау, тікбұрыш, шаршы және трапеция пішіндес құрылыс ретінде көрініс береді.

Кейбір жерлеу орындарынан бірден беске дейін тас қоршаулар кездеседі. Мұндай құрылыс кешені андрон тайпаларындағы қоғамның өзгерісін түсіндіреді. Яғни орта қола кезеңінен соңғы қола кезеңіне өту осы ғұрыптардың жасалуына сәйкес келеді. Бұл кешендердің ерекшелігі қосымша құрылыстардың меридиан бойымен созылып орналасуы. Яғни көп жағдайда тас қоршаулар оңтүстіктен солтүстікке қарай, кей жағдайларда шығыстан батысқа қарай созылыңқы орналасады.кейбір тас қоршаулардың беткі қабатында ұсақ тас жабындылар кездеседі. Тас жабындылардың биіктігі 0,1-0,3 м аралығында болса, диаметрлері 9-12 м аралығында. Обалардың жоспарында дөңгелек пішінде созылыңқы орналасқан пішінмен қатар бөлініп қалған сегмент тәрізді бөліктері де бар. кейде обалардың орталық бөлігінде тонаушылардан қалған ойықтар кездеседі. Бұл ойықтардың барлығы тонаушылардан қалды деген сөз емес, кей жағдайларда, обаның орталық құрылысы ішіне қарай опырылып құлайтын сәттер де болады. кейбір жағдайларда екі қоршаулар да кездеседі.

Екі қоршаулы ескерткіштің ішкі қоршауынің өлшемдерімен қатар, тастарының да кіші болып келуі өз алдына ерекшеленеді. Сонымен қатар қоршаулар шаршы пішінде (Зевакино), шаршы пішінде дөңгелекке ұласатын (Қызылтас), шаршы тік бұрыштармен орналасады (Меновное IX), дөңгелек күйінде келеді (Березовский).

Қола дәуіріне тән, белгілі жерлеу орындарының дүниетанымдық түсініктерін зерттеуде жерлеу құрылысы, жартастардағы суреттер, қыш бұйымдар мен ондағы тамға белгілерді талдау мәселелері зор көмек тигізеді. Ұлттық мәдениет пен ондағы тұрғындардың тұрмыстық-шаруашылық және ғұрыптық салт жоралғылары арасында тығыз байланыс бар. Жерлеу орындарының құрылыстарындағы ерекшеліктер мен ұқсастықтар негізін толық қарастыруда бір аймақта орналасқан жерлеу орындарын қатар қарастыру өте маңызды. Жалпы айтқанда, жерлеу орындарының бір сызы бойында немесе белгілі бір аймақта жеке дара, екі тізбек негізінде орындалу көрінісінен, қола дәуіріндегі жаратушы күшке деген сенімнің деңгейін көреміз. Қола дәуірінің жерлеу орындары әдетте қорған немесе оба деп аталғанымен, бұл атау кейбір ерекшеліктеріне қарай тар мағынада қолданылатын секілді. Ежелгі тұрғындардың дүниетанымдық түсініктері әлемдік бірорталықпен басқарылатын ось арқылы түсіндірілген секілді.

Осы тұрғыдан алып қарағанда обалар біз айтып отырған әлемдің орталы немес осьтің ролін атқарған. Барлығымызға белгілі кезкелген мәдениет материалдық заттармен ғана емес, әлеуметтік институттар негізінде де құрылатын анық. Яғни ойлау кеңістігі мен оның орындалуы әлемге деген қарым-қатынас және өмірге бейімділік тұрғысынан алып қарағанда біршама түсінікті. Сонымен қатар, өлім туралы түсініктері әлемді ой негізінде орналастыруда үлкен роль атқарады. Тіпті әлеуметтік-мәдени қоғамдастық: тек өлім ғана ежелгі қоғамдық өмірдегі түсінік бойынша мифологиялық түсінік бойынша екі өмір арасындағы түсінікті кеңістік турасында түсінуге мүмкіндік туғызады. Өлімді ойлау, оған қатысты символдық белгілер, ғұрыптық-мифологиялық түсініктер кез-келген әлеуметтік-мәдени жүйені құраушы дүниелер болып табылады. Бұл жағдайдағы жерлеу құрылысы өзіндік мағынаға ие құрал ретінде қызмет атқарады,яғни әлеуметтік деңгейлерге байланысты ғұрыптық жоралғылардың орындалуымен көрінеді. Соңына келгенде, өзіндік мағынаға ие симфоликалық кілт ретінде, жерлеу орны мен жерлеу ғұрыптары отырықшы халықтардағы жерлеу ғұрпының ролімен аралық байланыс бар. Бұл аталған көріністердің соңында Кеңістік туралы, оның мифтік, ғұрыптық мағынасы туралы ойлар туындайды. Олар геометриялық негізде құрылған деген ұғымның шығуымен байланысты. Физика-математикалық ғылымда: әлем бейнесі кеңістік ретінде қаралатынын ескерсек, біз қарастырып отырған кезеңдегі түсінік те осы ұғымнан аса алшақ емес. Адамзаттың кеңістік туралы ойлары (дүниетанымдық негізде) иерахиялық кеңістік аясында түсіндірілген секілді. Яғни орталықты маңыздылығына қарай таңдау, көлденең және тігінен келген кеңістіктерді бір орталық арқылы байланыстыру. «Орталық мекен» ғылымға дейінгі кезеңде ғұрыптық, салттық мағынаға кеңірек ие болғаны анық. Бұл үш деңгейлі кеңістіктің тігінен қарағандағы орналасуымен байланысты: жерасты, жердің беті және аспан ұғымдары. «Әлемдік орталы» жерге байланысқан жерден, ғалам айналады, яғни бұл жағдайда әлемдік орталық жердің көлденең қабаттарымен кездеседі. Аспандағы аяқталатын «әлемдік орталықты» абсолютты биіктік деп түсіну ұғымы да осымен тікелей байланысты. Бұл аталған орталы немес ось тігінен орналасқан кеңістіктермен тікелей байланыстан тұрады. Ғұрыптық мағынаға ие символикалық белгілер ежелгі дәуірге тән ескерткіштердегі графикалық және мифтік түсініктерге негіз бола алады. Дәстүрлі мәдениетте кез келген ғұрыптың жетістігі ғұрыптық жоралғылардың орындалу деңгейлеріне қарай, әлемді түсіну деңгейлерін анықтайды. Бұл жерлен «бір орталық», архаикалық мифтерде көрініс беретін «Әлемдік тау», «Өмірлік ағаш» немесе «Жердің орталығы» және жердің бетіндегі өмір мен астындағы өмір арасында байланыстарды анық көре аламыз.Қола дәуіріне қатысты зерттеу жұмыстарына назар аударып қарасақ, көп жағдайда, обаларды Әлемдік таулармен айланыстыратынын байқаймыз. Обалардың көпшілігі өтпелілік, жаңашылдықпен байланысты кескінді сипаттайды. Әлемдік тау, ғаламның орталығы – бастау мен аяқталудың көрініс іспеттес. Олар – адамзатты өмірге әкелуші және адам өлген соң қайта өзіне алушы деп айтуға болады. Осы деректер арқылы әлемнің бейнесі шығатынын, ғалам туралы, Әлемдік орталық туралы түсініктері анықтауға болады (Золотарев, 1964: 200).

Ерте және кейінгі қола дәуіріндегі обалар зертеушілердің пікірінше үнемі культтық нысандарды білдіріп отырған. Біз қарастырып отырған кезеңдегі обалардың әлемді тану жөніндегі мағынасы тұрғысынан алып қарағандағы мағынасы тура бір арнайы бекітілген бекет секілді, тірілер мен өлілер арасынадығ анықталған шекара секілді ұғымдарды білдіреді. Сол кезеңдегі ғұрыптардың жөнжоралғылары жалпы алған идеологиялық таныммен, екі фактор бойынша: этникалық ерекшелі және энелоит кезеңінде, қола дәуірінде қалыптасқан жалпы қоғамдық ара қатынас кең таралған үрдіс болып табылады. Қола дәуірі кезеңіндегі дүниетаным материалдық және рухани мәдениеттің белгілі аспектісі ретінде көрінеді. Қола дәуіріндегі дүниетанымның іздері жерлеу орнындағы табылған бұйымдармен қыш бұйымдармен байланысты қарастырылады. Материалдық ескерткіштерді талдау барысында қола дәуірінде ақ әлемді үш бөлікке бөліп қарастырғанын көре аламыз. Қола дәуіріндегі обалардағы тұрмыстық бұйымдар, қыш ыдыстар, ондағы геометриялық белгілер дүниетанымның нақты көріністері екендігі анық. Тіпті көп жағдайда қола дәуіріндегі обалардан табылған заттардағы ерекшеліктерден біз күнге табыну секілді ұғымдарыдан байқай аламыз.

Қорытынды: Қорытындылай келгенде, жоғарыда аталғандай Қалба- Нарым жерлерін алғаш зерттеген ғалымдардың жазып кеткен деректеріне қысқаша шолу жұмыстарын жасадық. Кеңес уақытында ұйымдастырылған археологиялық қазба кезінде аталған аймақта металлургия, тау кен өндіріс ошақтарында табылған қола дәуірінің қару жарақтары, керамика қалдықтары, руда қазғыштардың құрал-жабдықтарының табылғандығы жайлы мәліметтер көптеген еңбектерден алынды. Қола дәуіріне тән көптеген қорымдар, қорғандар анықталғандығы айтылды. Қазіргі таңда Қалба-Нарым жерлерін жан-жақты зерттеп, тарихқа толы жер екенін өскелең ұрпақтың көздерін жеткізу. Қола, темір дәуірінде адамзаттың өміріндегі металлургия, тау кен ісінің алатын орны, әлі де көптеген зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Қазіргі уақытта археологиялық қазба кезінде қорған, қалаларды қазумен қатар жоғарыда аталған өндіріс ошақтарының маңындағы тұрақ, қорымдарда зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс, сол кезде аймаққа байланыста жаңа, тың жаңалықтар ашылады деп үміттенеміз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Паллас П.С. Рассуждения о старинных рудных копях в Сибири и их подобии с Венгерскими, различествующими от Римских. – Академические известия, Cпб., 1780. Ч. 5. – С. 315-317.

Максимова А.Г., Ермолаева А.С. Памятники эпохи бронзы // Археологические памятники в зоне затопления Шульбинской ГЭС. – Алма-Ата: Наука, 1987. – С. 24-63.

Г.Ф. Миллер, 1937; материалы для истории императорской Академии наук. Т. VI, СПб., 1890. – С. 357 .

Sievers J. Beriefe aus Sibirien. Спб., 1796.

Максимова А.Г. Эпоха бронзы Восточного Казахстана Труды института истории, археологии и этнографии. Том 7: Археология. – Алма-Ата, 1959. – С. 86-150.

Черников С. С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы / С. С. Черников // Матер. и исследования по археологии СССР / отв. ред. М. П. Грязнов. – Москва- Ленинград : АН СССР, 1960. – № 88. – 272 с.

Мерц И.В. Культура населения Восточного Казахстана в эпоху ранней бронзы // Диссертация на соискание ученой степени кандидата исторических наук. – Барнаул, 2017

Ткачева Н.А., Ткачев А.А. Эпоха бронзы Верхнего Прииртышья. – Новосибирск, «Наука» 2008. – 304p.

Черников С.С. Наскальные изображения Верховий Иртыша // Советская археология 1947. – №9. – С. 251-282

Длужневская Г. В. Археологические исследования в Центральной Азии и Сибири в 1859–1959 гг. (по документам Научного архива Института истории материальной культуры РАН) / Г. В. Длужневская. – СПб.: ЭлекСис, 2011. – 296 с.

Черников С.С. Отчет о работе Восточно-казахстанской археологической экспедиции 1947 года / С. С. Черников // Известия АН КазССР. Серия археологическая. – 1950. – № 67. – Вып. 2. – С. 37-58

Белослюдов Б.А., Максимова А.Г. // Известия АН КазССР. Серия археологическая. – 1951. – Вып. 3. – С. 125-129.

Хороших П.П. Писанцы Алтая // КСИИМК. 1947. Вып. ХІҮ. – С. 26-34.

Черников С.С.Древняя металлургияигорное дело Западного Алтая// КСИИМК. 1948. – Вып. 23. – С. 96-100.

Нифонтова Л.К. Андроновское погребение в Абаевском районе, Семипалатинской области // Известия АН КазССР, серия археологическая. – 1949. Выпуск 2. – С.143-147.

Грушин, С. П. Матер. эпохи бронзы из Павлодарского Прииртышья / С. П. Грушин, В. К. Мерц, Д. В. Мерц и др. // Алтай в системе металлургических провинций бронзового века / отв. ред. С. П. Грушин. – Барнаул : Изд-во АлтГУ, 2006. – С. 4-17.

Максимова, А. Г. Памятники эпохи бронзы /А.Г. Максимова, А.С. Ермолаева. // Археологические памятники в зоне затопления Шульбинской ГЭС / К.А. Акишев. – Алма-Ата : Наука Каз ССР, 1987. – С. 25-63.

Аванесова Н.А. Культура пастушеских племен эпохи бронзы азиатской части СССР (по металлическим изделиям). – Ташкент: ФАН, 1991. – 200 с.

Золотарев A.M. Родовой строй и первобытная мифология. – Москва, 1964. – 328 с.

References:

Pallas P. S. Arguments about ancient ore mines in Siberia and their similarity to the Hungarian ones, which differ from the Roman ones. – Academic news, St.-Petersburg, 1780. – Part 5. – p. 315-317.

Maksimova A. G., Ermolaev A. S. Monuments of the bronze age // the monuments in the flood zone Shulbinskaya HPP. – Alma-Ata: Nauka, 1987. – P. 24-63.

G. F. Miller, 1937; materials for the history of the Imperial Academy of Sciences, t. VI, St. – Petersburg, 1890. –p. 357 .

Sievers J. Beriefe aus Sibirien. SPb., 1796.

Maksimova A. G. the bronze Age of East Kazakhstan Proceedings of the Institute of history, archeology and Ethnography. Volume 7: Archaeology. – Alma-Ata, 1959. – pp. 86-150.

Chernikov S. S. East Kazakhstan in the bronze age / S. S. Chernikov // Matera. and research on the archeology of the USSR / ed. by M. P. Gryaznov. – Moscow-Leningrad: USSR Academy of Sciences, 1960. – No. 88. – 272 p.

Merts I. V. Culture of the population of East Kazakhstan in the early bronze age / / Dissertation for the degree of candidate of historical Sciences. – Barnaul, 2017.

Tkacheva N. A., Tkachev A. A. the bronze Age of the Upper Irtysh region. –Novosibirsk, Nauka 2008. – 304 p.

Chernikov S. S. Rock images of the upper Irtysh River // Soviet archeology, 1947, no. 9. –Pp. 251-282

Dluzhnevskaya, G. V. Archaeological research in Central Asia and Siberia in 1859-1959 (according to the documents of the Scientific archive of the Institute of history of material culture of the Russian Academy of Sciences). / G.V. Dluzhnevskaya. –St-Petersburg: elexis, 2011. –296 p.

Chernikov, S. S. Report on the work of the East Kazakhstan archaeological expedition in 1947 / S. S. Chernikov // Izvestiya an KazSSR. A series of archaeological. – 1950. – No. 67. – Issue 2. – Pp. 37-58

B. A. Beloslyudov, A. G. Maksimova // Izvestiya an KazSSR. A series of archaeological. – 1951. – Issue 3. – Pp. 125-129.

Chernikov S.S. Ancient metallurgy and mining of the Western Altai // KSIIMK. 1948. – Issue 23. – P. 96-100.

Nifontova L.K. Andronovo burial at Abescon district of Semipalatinsk region // News of Academy of Sciences of the Kazakh SSR, a series of archaeological. – 1949. – issue 2. –P. 143-147.

Grushin, S. P. Mater. epochs of bronze from the Pavlodar Irtysh region / S. P. Grushin, V. K. Merts, D. V. Merts and others. /Altai in the system of metallurgical provinces of the bronze age / ed. – Barnaul: Altsu Publishing House, 2006. – P. 4-17.

Maksimova, A. G. Monuments of the bronze age / A.G. Maksimova, A. S. Ermolaeva / / Archaeological monuments in the zone of flooding of the Shulbinskaya HPP / K.A. Akishev. – Alma-Ata: Nauka KAZ SSR, 1987. – P. 25-63.

Avanesova N. A. Culture of pastoral tribes of the bronze age of the Asian part of the USSR (on metal products). –Tashkent: FAN, 1991. –200 p.].

Zolotarev A.M. Tribal system and primitive mythology. –Moscow, 1964. –328 p.

МРНТИ03.41.91

КРАТКИЙ ОБЗОР ИСТОРИИ ИЗУЧЕНИЯ ПАМЯТНИКОВ ЭПОХИ БРОНЗЫ В КАЛБА-НАРЫМСКОМ РЕГИОНЕ

С.Т. Шакенов¹, А.Е. Ергабылов²

¹PhD докторант. ²Магистр, преподователь.Казахский Национальный университет имени аль-Фараби. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. В научной работе авторы рассказывают об истории изучения эпохи бронзы в Калба-Нарымском регионе Восточно-Казахстанской области. Обозначенная зона является местом скопления многочисленных памятников эпохи бронзы, поэтому в научных работах речь идет о первых исследованиях, учены , занимавшихся археологическими раскопками. Авторы, опираясь на труды ученых, кратко рассказывают о проведенных исследованиях в этом регионе. В научной работе с XVIII века до момента падения Советского правительства в 1991 году было написано о ученых, проводивших исследования в данном регионе, а также о предметах, обнаруженных на основе первых путешествий частных коллекционеров в регионе. Многие исследования, проведенные С. С. Черникова на хребтах Восточного Казахстана, в том числе Калба-Нарым, на памятниках эпохи бронзы, характеризуют материальную и духовную культуру древних племен. По итогам раскопок в регионе авторы с помощью сравнительного анализа раскрывают сущность и значение темы. В научной работе представлены сведения о значении, роли в жизни жителей эпохи бронзы, на основе изучения мест захоронений: жоса, астаяка. В частности, были подведены итоги исследований памятников Талапты-ІІ, Мыншункыр-ІІІ, Куйганских курганов, С. Зевакино, могильников Малая Койтас, Нурмамбет.

Ключевые слова: Калба-Нарым, эпоха бронзы, памятник, место захоронения, курган.

IRSTI03.41.91

BRIEF OVERVIEW OF THE HISTORY OF STUDYING BRONZE AGE MONUMENTS IN THE KALBA-NARYM REGION

S.T. Shakenov¹,A.E. Yergabylov²

¹PhD student. Al-Farabi Kazakh National University. Kazakhstan, Almaty.

²Al-Farabi Kazakh National University, Lecturer. Kazakhstan, Almaty.

Abstract.In this article the authors tell about the history of studying the bronze age in the Kalba-Narym region of East Kazakhstan region. The designated area is a place of accumulation of numerous monuments of the bronze age, so in scientific works we are talking about the first research, scientists who were engaged in archaeological excavations. The authors, based on the works of scientists, briefly describe the research conducted in this region. Scientific work from the 18th century until the fall of the Soviet government in 1991 has written about scientists who conducted research in the region, as well as about items discovered on the basis of the first travels of private collectors in the region. Many studies conducted by S. S. Chernikov on the ridges of Eastern Kazakhstan, including Kalba-Narym, on the monuments of the bronze age, characterize the material and spiritual culture of ancient tribes. Based on the results of excavations in the region, the authors use a comparative analysis to reveal the essence and meaning of the topic. The scientific work presents information about the significance and role in the life of the inhabitants of the bronze age, based on the study of burial sites: zhos, astayak. In particular, the results of research on the monuments of Talapty-II, Mynshunkyr-III, Kuygansky mounds, Zevakino village, Small koytas and Nurmambet burial grounds were summed up.

Keywords: Kalba-Narym, bronze age, monument, burial place, mound.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь