Главная » Материалы » ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

Қ.С. Алдажұманов¹, С.Ә. Асанова². ¹Т.ғ.к., профессор, БҒҚ. ²Т.ғ.к., ЖҒҚ. Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты.

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 3(23) шілде-қыркүйек, 2020

Теги: әскер, атты, соғыс, майдан, ұлттық, сөздер:, Түйін, атқыштар, бригадасы.
Аннотация:
Аңдатпа. Мақала Қазақстанда құрылған ұлттық атты әскер дивизиялары мен атқыштар бригадаларының тарихына арналды. 1941 ж. күзінде құрылған 106, 105, және 96 атты әскер дивизиялары даңқты жолдан өтті. Олардың тағдыры әртүрлі болды. 106 ад 1942 ж. маусымда Харьковтың түбінде қоршауға түсіп, қаза болды, тұтқынға түсті. 96 ад таратылып, құрамы басқа бөлімдерге берілді. Ал 105 ад, 100 және 101 бригадалар соғыстың соңына дейін даңқты жолдан өтті. Мақалада ұлттық құрамалардың Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1941 ж. 13 қарашадағы республикаларда ұлттық атты әскер дивизиялары мен жеке атқыштар бригадаларын құру туралы қаулысына сәйкес жасақталғаны айтылады. Мұнда ол ұлттық әскери құрамалардың Қазақстанның жергілікті бюджеті мен халықтың көмегі есебінен жасақталғаны назарға алынған. Құрылып болған соң, 105 атты әскер дивизиясы Калинин майданына жіберілген. Шамалы уакыттан кейін ол 6 гвардиялық әуе десанты дивизиясы болып қайта құрылады. Курск шайқасы, Украинаны, Венгрияны азат ету ұрыстарына қатысып, соғысты 1945 ж. аяқтады. 96 атты әскер дивизиясы Өскеменде құрылып біткен соң 2 атты әскер корпусын толықтыруға берілген. Ол 1942 ж. мамыр-маусымда Харьковтың солтүстік жағындағы ұрыстарға қатысты. 100 және 101 атқыштар бригадалары Калинин, І Прибалтика майдандарында шайқасты. Майдан жағдайында олардың құрамын қазақ жауынгерлерімен толықтыру мүмкін болмады. Сондықтан 1943 ж. соңына қарай олардың алғашқы ұлттық құрамынан 20% қана қалды. 1943 ж. 100 бригада 1 атқыштар бригадасы болып қайта құрылды. Ал ұлттық бригадалар ішінде бәрінен көп уақыт өзінің алғашқы мәртебесін сақтаған 101 бригада болды. Ол 1944 ж. шілде айына дейін ұрыста болды, кейін атқыштар дивизиясына берілді. 100 және 100 жауынгерлері соғыстың соңына дейін майданда болды.
Содержание:

Кіріспе. Қазақтардың бұрын бұратана халық атанып, бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде олардың қолына кару беруге патша өкіметі сенбей, тек окоп жұмысына ғана қатыстырылғаны мәлім. Мына 1941-1945 жж. соғыс кезінде жағдай өзгеше сипат алды. Кеңестік одақтық республика дәрежесіне ие болған қазақ халқына КСРО үкіметі басқаша саясат ұстанды. Оны әуелі автономия, онан соң одақтас республика дәрежесіне көтеріп, ұлт өкілдерін басшы қызметтерге тарту, әскери қызметке міндеттеп, дайындықтан өткізу тәртібін ұстанды. Ұлттық құрама ретінде азамат соғысы жылдары қазақ, ұйғыр, дүнген атты әскер отрядтары құрылғаны мәлім. Бірақ кейін олар таратылды. 1925 ж. Қызылордада құрылып, кейін Алматыға көшірілген 48 қазақтың таулы атты әскер полкі 1938 ж. таратылды. Бірақ көптеген қазақ офицерлері кезінде осы полктің мектебінен өтті. Олардың ішінде Б. Момышұлы, Ә. Баймолдин, Б. Жетпісбаев, Н. Сейітов, А. Майлыбаев, А. Ақаев сияқты белгілі әскери-командалық кадрлар өсіп шықты.

Талқылау. Енді жаңа соғыс жағдайында КСРО үкіметі 1941 ж. 13 қарашадағы бұйрығымен қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, тәжік т.б. халықтар өкілдерінен ірі құрамалар жасақтап майданға жіберді. КСРО Парламентінің Төрағасы М. Калинин мұны қолдап, кеңестік идеология жүйесі бұған зор мән берді. Халықтың қызу қолдауын қамтамасыз етті (Калинин М.И., 1975: 294).

Соғыстың қатерлі күндерінде КСРО үкіметі ұлттық әскери құрамаларды құру мәселесін қайта күн тәртібіне қойып, неміс оккупанттарына қарсы күреске барлық кеңес халқының патриоттық сезімін оятпақшы болды, сөйтіп күш-жігерін біріктіре түсті.

Қызыл Армияның көптеген құрамалары толығымен ұлт республикаларының негізгі тұрғындарынан жасақталған ұлттық құрамалар болды. Мұнымен қоса жаңа атқыштар дивизияларының саны соғысқа дейінгі штатпен емес, ықшамдалған штатпен құрылды. Соғыстың алғашқы айларында жасақталған әрбір атты әскер дивизияларында 4 мыңнан астам адам болды. Ставканың пікірі бойынша мұндай ықшам штатпен құрылуы дивизиялардың жедел қимылдап, жылжуын оңайлатты, яғни құрғақтағы әскери күштің жауынгерлік қимылын арттыратын болды (Великая Отечественная война, 1970:98).

1. Ұлт республикаларында, атап айтқанда Кавказ, Балтық бойы, Орта Азия мен Қазақстанда осындай ұлттық әскери құрамалар жасақталды. Ұлттық құрамаларды жасақтау ісі КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылғы 13 қазандағы қаулысынегізінде жүргізілді. Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті мен республика үкіметі бүкіл мәселеге айырықша мән беріп, МҚК-нің нұсқауы негізінде шұғыл шараларды жүзеге асыруға кірісті. ҚК(б)П Орталық Қомитеті мен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі «Ұлттық әскери құрамалар жасақтау жөніндегі шаралар туралы» (ҚР ОМА, 1146 қ., 1 т., 128-іс, 54 б.)арнайы қаулы қабылдады. Бұл қаулыны республика халқы мақұлдап, Қазақстанда жасақталатын ұлттық құрамалардың бөлімдеріне келіп қосылуға келісті. Отанды қорғауға, фашистік басқыншыларға қарсы ұрысқа аттанудан бөлек халықта тілек болған жоқ. Тылдағы еңбек адамы, майдандағы жауынгер – барлығының ойы қан-құйлы жауды жеңу болды. Бұл кеңестік идеологияның пәрменділігі еді.

Тіпті майданда жүрген жауынгерлердің өзі елге, өз замандастарына хат жолдап, Қызыл Армияның қатарын толықтырып, қолға қару алып, майданға аттануға шақырды. Бұл жерде қазіргі жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор, көп жылдан астам уақыт өтсе де, өзінің әсерін жоғалтпаған, кеңес адамдарының патриоттық сезімін оятатын, өткір сөздермен өрнектей жазылған бір хаттан үзінді келтіруді жөн көрдік. 1941 жылдың тамыз айында майданнан жазылған бұл хаттың авторы Асқар Нұртазиндеген кызыләскер. Сыр жастарына арналған бұл хат Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің 1941 жылғы 28 августегі санында жарияланған көрінеді. Ол мынау:

«Сыр жастарына хат. Сырдың жастары! Сіздерге алыстан достық сәлемімді жолдаймын. Мен кеше ғана сұлу Сырдың бойында бейбітшілік, бақытты өмірде сайрандап, өздеріңмен бірге жүрген едім. Тыныштық өмірдің, азат өмірдің қандай қызық екенін, әрине, мен жақсы білемін. Біздің сол азат өмірімізді талқандамақшы болған герман жыртқыштарына қарсы қан майданда қатты күресіп жатырмыз.

Сырдың жастары! Біздің бақытты өмірді, бостандық дәуірімізді Гитлердің кұтырған төбеттері ойрандамақшы, халқымызды құл етіп, жерімізді күл етпекші. Қазақтың еркін қыздарын күң етіп, баласын бауыздамақшы. Жаудың зұлымдық айласы зор... Жаумен шайқасатын кез келді. Не өлу, не өлтіру. Күш салыстырып байқасатын кез келді. Кезегіңді жібермей, ата намысын ақтап шығыңдар. Қазақ халқының батырлық салтын майданда танытарлықтай болыңдар...

Екі талай кезеңде, Шүйкелеп жауды буғанбыз. Ер намысын ардақтап, Ата салтын қуғанбыз. Отаннын сүйген ұлы боп, Айрықша туғанбыз».

Бұл хат иесінің Отан басына қатер төнген сын сағатта қолына кару алып жаумен жағаласқан, өз халқын шексіз сүйетін патриот екені даусыз. Автордың бұл хатының осы күнгі жастар үшін де тәрбиелік мәні бар.

Енді ұлттық әскери құрамалар жөніндегі мәселеге оралайық. Ұлттық әскери құрамалар республика бюджетінің есебінен құрылды. Құраманы жасақтауға байланысты жұмсалатын қаржы, барлық материалдық жабдықтар, әскерлерге қажетті киім-кешек, азық-түлік, автотранспорт, ат-тұрман, тағы басқа көптеген дүниелермен жабдықтау республиканың есебінен жүргізілді.

Ұлттық әскери құрамаларды құру жөнінде Мемлекеттік Қорғаныс Қомитеті мен Қазақстан үкімет органының ұйғарымы болғаннан кейін республиканың облыстары мен аудандарында тиісінше жұмыстар жүргізілді. Әскери құрамаларға тиісті адам контингенті мен материалдық жабдықтар, киім-кешектер мен ат-тұрмандарын мобилизациялау ісі жүргізіліп, бұл мәселе туралы жер-жерлерде партия-комсомол жиналыстары өтіп жатты.

1. Қалалар мен аудандарда комиссиялар құрылып, олар ұлттық әскери құрамаларға ерікті түрде баруға тілек білдіргендердің өтініштерін қабылдап, тіркей бастады. Мұндай өтініштер әскери комиссариаттарға, қоғам ұйымдарына көптеп түсіп жатты. Мысалы, Гурьев қалалық партия комитетінің секретары Елубаев облыстық партия комитетінің секретары М. Бекжановқа 1941 жылы қарашаның 27 күні былай деп хабарлады: «Ұлттық әскери құрамалардың жасақталуына байланысты жиналыстар қаланың көптеген мекемелерінде өткізілді. Жиналыстар үлкен өрлеу үстінде өтуде. Осының нәтижесінде ұлттық құрамаларды жасақтау жөніндегі қалалық комиссияға еріктілерден: ВҚП(б) мүшелерінен – 67, комсомолдардан – 34, қосымша – 46 өтініштер түсті. Жылы киім және ат-тұрмандарын қосымша жинау туралы мәселе де бірге қаралды. Ұлттық құрамаларға ерікті түрде баруға барлығы тілек білдірген ұжымдар да бар. Мысалы, санақ басқармасының Гурьев қаласындағы коллективінде 12-ақ еркек бар, олардың барлығы да өтініш берді» (ТЭИ қолжазба қоры, инв. № 576, 4-кітап, 220-221-б.).

Уақыт бейнесін сипаттайтын тағы бір документті келтірейік. Бұл Гурьев облыстық партия комитетінің Қазақстан К(б)П Орталық Комитетіне желтоқсанның басында жолдаған телеграммасы, онда былай делінді:

«Ұлттық құрама үшін 400 бас атты тоғызында, қалғанын онында жөнелтеміз. Ұлттық құрамаға шақырылатындарды іріктеп алу аяқталды, РККА-да болғандары 116 адам, коммунистер мен комсомолдар – 67 %. 1941 жылдың 5 желтоқсанына жиналған нәрселер: шолақ тон – 544, етік – 359, жылы шалбар – 835, гимнастерка – 298, жылы құлақшын – 587, жылы шұлғау – 1179, қолғап – 731, тағы сондайлар. Ертоқым – 100, жүген – 565, ішкі тон – 397. Барлық қабылданған өтініш – 476. Саяси қызметкерлер бүгін жөнелтілді.

Бекжанов, Баймурзин» (ТЭИ қолжазба қоры, инв. № 576, 4-кітап, 222-б.).

Жергілікті басқару ұйымдарынан осындай ақпарлар Қазақстан К(б)П Орталық Қомитетіне 1941 жылдың күзінде күн демей, түн демей келіп жатты. Ұлттық әскери бөлімдерге алуды сұрап, қысқа мерзім ішінде Семей облысынан 3 мың (мұның 450-і әйел), Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан 300-ден астам өтініш түсті.

Ұлттық әскери бөлімдерді жасақтау жөніндегі Көкшетау аудандық комиссиясының бастығы Чернооков Солтүстік Қазақстан облыстық комиссиясының бастығы Қарсыбаевқа жолдаған рапортында ұлттық әскери бөлімдерді жабдықтау мақсатымен 1941 ж. 23 желтоқсанға дейін жиналған киім-кешек, азық-түлік, ер-тұрмандар т.б. көптеп жиналған нәрселер аудандық әскер комиссариатының қоймасында жөнелтілуге дайын тұр деп хабарлаған.

2. Жасақталғалы жатқан ұлттық атты әскер құрамасына алуды сұрап, 1941 жылы 29 қарашада Көкшетау аудандық әскери комиссиясына жолдаған етінішінде Павлов селолық кеңесіне қарасты колхоздың тұрғыны Әлиев Торғай былай деп жазды: «Қазақтың ұлттық атты әскер құрамасына мені еріктілер ретінде алуларыңызды сұраймын. Мені алуларыңызды өтінемін, Отан үшін қызмет етемін... Менің туған жылым – 1921» (АОМА, 13-қ., 1-т., 37-іс, 12-б.). Атты әскер дивизиясына баруды сұраған осындай өтініштер осы колхоздың тұрғындары, Т. Әлиевтің құрдасы Мұстафин Тұяқбайдан және Мұқамбетжанов Қабиденнен де түсті.

Жоғарыда келтірілген документтерден біз жергілікті басқару ұйымдарының соғыс кезінде алуан түрлі мәселелермеи шұғылданғанын көреміз.

1941-1945 жж. соғысы бүкілхалықтық соғыс болды. Ол миллиондаған адамға қару асындырып, сапқа тұрғызды. Мұншама әскерді жабдықтау ісі тек мемлекет тарапынан ғана емес, бүкіл халық тарапынан да қолдауды талап етті. Әскери сапқа тұрған жауынгерді жабдықтауға қажетті деген үлкенді-кішілі нәрсенің бәрі халық назарынан тыс қалған жоқ. Еңбекшілерді мұндай жауынгерлік міндетке, соғыс талабын орындауға жұмылдырушы да, жеңіске бастаушы фашизмге қарсы күрес болды.

Қазақстанда жасақталатын ұлттық құрамалардың саяси бөлімдері мен ұйымдарын нығайту мақсатын көздеп, республиканың партия ұйымдары әскери бөлімдерге жіберу үшін тәжірибелі партия, комсомол қызметкерлерінен адамдар іріктеп алды. Әскери бөлімдерге саяси қызметкерлер жіберу жөніндегі мәселе туралы Қазақстан Қомпартиясы Орталық Қомитеті «Ұлттық бөлімдерде саяси жұмыс жүргізу үшін коммунистер мен комсомолдарды іріктеп алу туралы»арнайы қаулы қабылдады.

Осындай жүргізілген шаралардың нәтижесінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті ұлттық әскери бөлімдерге 1190 басшы партия, кеңес және комсомол қызметіндегі адамдарды жіберді. Бұлардың ішінде 1 нарком (Жеңіл және тамақ өнеркәсібі министрі – халком Нұрхан Сейітов), 7 облыстық, 28 аудандық партия комитетінің секретарьлары, сондай-ақ обком мен райкомның 41 бөлім меңгерушілері болды (Қозыбаев М., 1970:56). Ал әскери-саяси училищелерді бітірген жас саяси жетекшілер де әскери бөлімдерге жолдамамен келіп, саяси қызметкерлер құрамын толықтырып жатты. Облыстық партия комитетінің хатшылары қатарында Қасым Сүлейменов (Семей), Әлиев Нури (Петропавл), Сағадат Құлмағамбетов (Ақмола) болды.

3. Қоғамдық және әскери ұйымдардың белсене қатынасуы арқасында, олардың күнделікті тынымсыз жүргізген әскери-мобилизациялық жұмыстарының нәтижесінде 1941 жылдың аяғында Қазақстанда 5 ұлттық әскери құрама құрылды. Бұлар 105, 106 және 96 қазақ атты әскер дивизиялары мен 100, 101-дербес қазақ атқыштар бригадасы. Бұл құрамаларды құруға 20311 адам шақырылып, 12601 ат, 1934 автомашина бөлінді (ҚР ОМА, 1146 қ., 1 т., 278-іс, 9-10 б.).

Ұлттық құрамаларға жауынгерлік сапқа тұруға шақырылғандар 30 бен 40-тың арасындағы мобилизациялық жоспар бойынша келгендер мен міндетті әскер қызметіне жататын 1922 жылы туғандар болды. Бұлардың дені республиканың ауылдары мен селоларынан келді, демек колхозшылар деген сөз. Ұлттық құрамалардың қатарына келгендердің ішінде де бұрын әскер қатарында болған, ұрыстарға қатысқандар да болды.

Біз жоғарыда айтқандай, ұлттық әскери құрамаларды жасақтауға жұмсалатын қаржы, материалдық жағынан жабдықтау жұмысы республика есебінен жүргізілді. Осыған орай әскери құрамаларды барлық жағынан жабдықтау үшін республикалық қор құрылды. Жер-жерлерден түскен қаржы, жылы киім, ат, жегін саймандары, автотранспорт, азық-түлік т.б. осы фондыға келіп жатты. Бұл фондыға жиналған барлық қаржы мен материалдық жабдықтар ұлттық әскери бөлімдерді жабдықтау жөніндегі арнайы үкімет комиссиясының қарамағына берілді.

Жауынгерлерге мәдени қызмет көрсету ісі де жергілікті басқару ұйымдардың назарынан тыс қалған емес. Оларға қазақ тілінде шығарылатын газет-журналдар, көркем әдебиеттер жеткізіліп тұрды. Ал театр коллективтері, белгілі өнер иелері концерттер беріп, әскери бөлімдер орналасқан жерлерде болып, жауынгерлерге қызмет көрсете білді. Көптеген театр коллективтері мен атақты өнер саңлақтарының халық перзенттеріне деген соғыс кезіндегі қызметтері жәйлі хабарларды уақыт шежіресі саналатын архивтерден, кейбір арнайы жазылған зерттеулерден, немесе естеліктерден оқимыз.

Жоғарыда аталған, 105, 106 және 96-атты әскер дивизиялары ұлттық құрамалар ретінде құрылды. Егер аталу тәртібімен айтсақ, бұлар Жамбыл, Ақмола, Өскемен қалаларында ұйымдасты. Алғашқы екеуі: 105, 106-дивизиялар 1941 жылдың қараша-желтоқсан айларында құрылса, 96-атты әскер дивизиясы 1942 жылдың наурыз айында ұйымдасты.

Біз бұл дивизиялар жөнінде материал жоққа тән десек, артық айтқан болмаймыз. Өйткені 106, 96-атты әскер дивизиялары жасақталып болар-болмастан, 1942 жылдың наурызында майданға кетті. 96 дивизияның адам құрамы басқа әскери бөлімдерге ауыстырылды, немесе олардың негізінде жаңа әскери бөлімдер құрылып, кеңес-герман майданының әртүрлі учаскелеріне жіберілді.

Алпысыншы жылдардың соңында Қазақстан басшы мекемелерінің соғыс кезіндегі әскери-мобилизациялык қызметі туралы кандидаттық диссертация қорғаған полковник Н.М. Костюктың зерттеулерінде бірсыпыра мәліметтер бар. Ол соғыс жылдары Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар жөнінде едәуір мәлімет береді. Н.М. Костюктың келтірген документі 106, 96-атты әскер дивизиялары майдан аренасына бармай, 1942 жылы сәуірде таратылды деп мәлімдейді. Бірақ бұл тұжырым дұрыс емес, екі дивизия толық құрамымен майданға барып, шабуылға шыққан әскерді толықтырды, адамдары қаза болды, тұтқынға түсті. Мұны Н.М. Костюк білмейтін еді. Бұл Подольск қаласындағы әскери архив арқылы кейін анықталды.

1942 ж. наурыздың бас кезінде Ақмолада құрылып жатқан 106 қазақ атты әскер дивизиясын таратып, майданға толықтыруға беру туралы бұйрық шыққан еді. Дивизия командирі майданнан келген Кеңес Одағының Батыры Б.А. Панкин, дивизия комиссары Қазақ КСР тамақ және жеңіл өнеркәсіп Халық комиссары, бұрын әскери қызметте болған аға политрук (майор) Нұрхан Сейітов бұйрықты алған соң дивизияны майданға әкетті. Қатардағы жауынгерлері 4300 қазақ, кіші және командалық құрамы ішінде қазақтар басым әр ұлттан тұратын 400-ге жуық адам майданға – Харьковтың оңтүстік жағына - оңтүстік батыс майданына аттанды. 1942 ж. наурыздың ортасында өзінің толық құрамымен аттанған дивизия сәуірдің 20-да Харьков облысының Савинцы станциясында түсіп, сол майданда шабуылға шыққалы тұрған 6 атты әскер корпусының үш дивизиясына 106-ның үш полкі бөлініп береді.

1942 ж. 12 мамырда Изюм қаласынан Лозовая станциясы жанынан Красноград қаласы бағытында шабуылға шыққан атты әскер корпусы үш күн шабуылдап, танк бригадасымен бірге алға ұзап кетеді де, қоршауға түседі. Себебі олар шабуылға шыққан жер ені 200 км, тереңдігі 190 км қапшық болатын. Ал фашистер күшін жасырын жинап, шығыс жақтағы қақпанның аузын жауып тастайды. КСРО-ның 3 армиясы қоршауда қалып, қаза тапты, 242 мың адам тірідей тұтқынға түсті. Ішінде комиссар Нұрхан Сейітов бар жауынгерлер тұтқын мен Түркістан легионының азабын шекті. Сондықтан 1942 ж. 9 сәуірде Қазақстан үкіметі майданға кететін 96 және 106 қазақ атты әскер дивизияларына жауынгерлік ту тапсырмады. Себебі олар таратылды деп есептелді. 2 кавалерия корпусына берілген 96 атты әскер дивизиясы да сондай тағдыр кешті.

Ал Жамбыл қаласында 1941 жылдық аяғында құрылған 105-атты әскер дивизиясының жағдайы біраз өзгешелеу. Бұл құрама жөнінде де сақталған архив материалдарын әзір кездестіру қиын. Бірақ дивизия ардагерлерінің бірен-саран естеліктерінен құраманың жауынгерлік сапары жөнінде аз да болса мағлұмат алуға болады.

Біздің қарамағымызда бұдан «Майдан жолдары» деген жинақта жарияланған гвардия подполковнигі Байділдә Доскеновтың «Қазақ дивизиясы майданда» атты естелігі бар. Естеліктің авторы қазақтың 105-атты әскер дивизиясы құрыла бастаған кезде аға лейтенант екен. Кушка қаласында эскадрон командирі болып жүрген жерінен осында 105-ке жіберіліп, 2-атты әскер полкінің командирі болып тағайындалады. Б. Доскеновтың бұл естелігі Жеңістің 20 жылдығын біздің елімізде кеңінен атап өтуге байланысты жазылған еді.

Жүз бесінші ұлттық атты әскер дивизиясының командирі болып ұлты татар, егде тартқан генерал Керзимов тағайындалды, кейін бұл дивизия 6-шы гвардиялық әуедесанттық дивизиясына айналғанда да Керзимов оның командирі болып қалды. Дивизия комиссары болып сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің хатшысы Қасым Сүлейменов (Майдан жолдары, 1965:22) тағайындалды. Бұл кісі соғыстан қайтқаннан кейін Ақтөбе облыстық партия комитетінде басшы қызметтер атқарды. Дивизия штабы саяси бөлімінің бастығы болып соғысқа дейін де әскер қатарында саяси қызмет атқарып, ысылған полковник Ғазиз Лұқманов тағайындалды.

Дивизияда әрқайсысы мыңға тарта адамнан тұратын үш атты әскер полкі болды. Полк командирлері болып майор Ерсайын Ещанов, аға лейтенант Байділдә Доскенов, майор Абдолла Ақаевтар тағайындалды. Дивизияның эскадрондарын және басқа да қосымша бөлімдерді әскер тәрбиелеп өсірген, әскери өнерді жете меңгерген талантты қазақ офицерлері басқарды. Мысалы, дивизияның санитарлық қызметінің бастығы екінші дәрежелі әскери дәрігер Әшір Жарылғапов, ал дивизияның ветеринарлық қызметінің бастығы екінші дәрежелі мал дәрігері Әлім Әбішевтер болды.

Қазақтың 105-атты әскер дивизнясының командалық құрамы, бір сөзбен айтқанда қазақ ұлтының сол кездегі мақтан тұтар перзенттері еді. Олар партия мен Отан жүктеген жауапты міндеттерді орындау жолында жан аямай қызмет етіп, ел қорғау ісінде көбі өмірін де пида етті. Біз, қазір бұл ерлердің есімдерін еске ала отырып, аға ұрпақтың өнегелі істерін қазіргі жастар білсе екен, солардан үйренсе екен дейміз. Өткеннен үйренбей қазіргіні дұрыс түсініп, болашақты дұрыс болжау қиын, тарих тағлымы осылай.

1. Қазақтың атты әскер дивизиясын құруға Жамбыл қаласына республиканың түкпір-түкпірінен көптеген адам, материалдық ресурстар жіберілді. Жүз бесіншінің құрамына барлығы 4242 адам, 4499 ат, 37 автомашина, 298 арба жиналды (ҚР ПА, 708 қ., 8-т., 1559-іс,31-б.). Дивизия құрамының 48,3 % сол кездегі идеологияға сәйкес партия мен комсомол қатарындағы адамдар еді. Қазақ дивизиясының қатарына келіп сапқа тұрушылардың ішінде өз ат-саймандарымен келгендер де болды.

2. Атты әскер дивизиясын қалада ұстаудың қажеті болмады. Сондықтан Жамбыл қаласында дивизия штабы мен арнаулы бөлімдер орналасты, ал оның полктері қала маңындағы елді мекендерде, ауылдарда болды. Бұл туралы дивизия штабының 1942 жылы 8 қаңтарда Орта Азия әскери округінің қолбасшысына жолдаған ақпарында былай делінді: «Дивизия 4 пунктке орналасты: басшы кұрамы мен арнайы бөлімдері қаланың өзінде, полктері қаладан 4-10-40 км жерде тұрады» (ҚР ОМА, 1146-ф., 1-т., 279-іс, 217-б.).

Дивизия барлық жағынан жабдықталып болғаынан кейін оның әскери бөлімдері жауынгерлік әзірліктен өтіп, жаттығу істерімен шұғылданды. Күнделікті әскери өмірді, әскери және саяси әзірліктің жақсы тәрбиелерін, күнделікті майдан хабарларын, тылдың майданға көмегі жәйлі материалдарды «Қызыл семсер» атты дивизиялық газет үнемі жариялап тұрды. Жауынгерлерді патриоттық рухта тәрбиелеп, олардың саяси әзірлігін арттыруда бұл газеттің атқарған ролі ерекше болды. Қазақтың белгілі ақыны Дихан Әбілов, республиканың белгілі журналисі Омарғали Құдышев кезінде осы «Қызыл семсердің» белсенді авторлары болған. «Қызыл семсер» газетінің редакторы Әнуар Ипмағамбетов болды. Ол белгілі аудармашы әрі журналист, кейін құрметті демалыста, Ақмола қаласында тұрды.

Дизизия бөлімдері 1942 жылдың тамызына дейін әскери әзірліктен өтіп, сонан соң майдан сапарына дайындалды. Тамыз айында атты әскер дизизиясының эскадрондары мен полктері эшелондарға тиеліп, Москва түбіне жеткізілді. Енді бұл әскери құрама біраз уақыт Москва әскери округінің қарамағында болды. Мұнда келгеннен кейін командование 105-атты әскер дивизиясын қайта құрып, енді оны 6-шы гвардиялық әуе-десанттық дивизиясы деп атады. Ал дивизияның ат, жегін көліктері артиллериялық бөлімдерге ауыстырылды.

Жаңа дивизияның командирі болып сол бұрынғы жүзбестің командирі генерал Керзимов қалды, кейіннен оны полковник Смирнов басқарды. Дивизияның басшы командалық құрамында көп өзгерістер бола қойған жоқ.

Енді қазақтың атты әскер дивизиясының кавалеристері десант әскерлерінің қимылы мен тактикасын үйренуге тиісті болды, бұған да 3-4 ай уақыт қажет болды. Жүзбестің полк командирі болған Байділдә Доскеновтың әсерлі сөзімен айтсақ, қазақ даласының сәйгүліктеріне мініп, бұрынғы ат ойнатып, қылыш сермеген кавалеристеріміз «аттан түсті. Самолетке отырды...». Ал Б. Доскеновтың өзі жаңа әуе-десанттық дивизиясының 3-ші жеке парашютті-десанттық атқыштар батальонының командирі болып шыға келді.

1943 жылдың наурызында 6-гвардиялық әуе-десанттық дивизиясы үлкен ұрыстарда болды. Старая Русса маңында қоршауға алынған 16-неміс армиясына қарсы жүргізілген ұрыстарға қатысты. 1943 жылдың жазында атақты Курск шайқасына қатысып, Белгород-Харьков бағытында қимыл жасады. Дивизия бұл кезде Дала майданына қарасты генерал-лейтенант А.С. Жадов басқарған 5-гвардиялық армияның құрамында болды.

Ол 5-гвардиялық армияның басқа да құрамаларымен бірлесе қимыл жасай отырып, 1943 жылы 29 қыркүйекте Кременчуг қаласын жаудан азат етуге қатысып, Жоғарғы Бас қолбасшының алғысына ие болды. Енді бүдан былай ол 6-гвардиялық Кременчуг әуе-десанттық дивизиясы деп аталатын болды. Бұл кезде 6-гвардиялық әуе-десанттық дивизиясының командирі полковник Смирнов болатын (Конев И.С., 1972:61-62).

Біздің жерлестеріміздің, әсіресе капитан Б. Доскенов басқарған батальонның ерлік істері Дала майданының органы «Отан абыройы үшін» газетінің 1943 жылғы 5, 13 тамыздағы номерлерінде әңгімеленді. Орталық «Правда» газеті де дәл осы кезде: «...капитан Доскенов бастаған атқыштар батальоны асқан ерлікпен тіке шабуыл жасап, жауды бірнеше маңызды бекіністерден қуып шықты» (Майдан жолдары, 1965:35), – деп өзінің арнаулы тілшісінің «Шабуыл» атты мақаласын жариялады. Бұл біздің жерлестеріміздің соғыс кезіндегі ерлік істерінің тағы бір айғағы.

Атты әскер дивизияларымен қатар Қазақстанда дәл осы кезде дербес атқыштар бригадалары құрылды. Бұлар 100 және 101-дербес атқыштар бригадасы. Енді осы бригадалардың жауынгерлік сапары туралы әңгімелеп көрейік.

Бұлар жөнінде арнайы жазылған тарихи зерттеулер жоқ. Біздің білетініміз бригада ардагерлерінің әр кезде жариялап жүрген бірен-саран естеліктері, республика баспасынан, газет, журнал беттерінен көрініп қалып жүрген жеке материалдар. Бұлар Ә. Нұршайықовтың, Ө. Қанахиннін, Қ. Көпішевтің, К. Шариповтың, С. Жиенбаевтың, Х. Бекішевтің, тағы басқаларының еңбектері.

Бұл бригадалар жөнінде архив материалдары да тым тапшы. Оның бұлай болатын себебі де бар. Өйткені бұл бригадалар 1942 жылдың тамызында майдан шебіне келіп, дербес құрама ретінде соғысқа қатысты да, біраз уақыттан кейін, қатарлары ыдыраған соң, басқа әскери қүрамалармен біріктіріліп, өзінің алғашқы аттарынан айрылып қалды. Сондықтан да олардың жауынгерлік сапары қазақстандық басқа әскери құрамалардай бадырая көрініп жатқан жоқ. Демек, олар жөнінде әңгіме қозғаудың қиындығы да, материалдардың тапшылығы да осында.

Әр құраманың майдан жолы мен жауынгерлерінің ерліктерін жазып отыратын әр штабта арнайы журнал бар, міне бізге осы арқылы құраманың жауынгерлік сапары айқындалады. Сондай-ақ құрама штабы саяси бөлімінің жүргізетін саяси ақпарлары да бірден-бір маңызды документ. Алайда бұл бригадалар жөнінде бізде бұл документтер де тапшы. Себебі олар Подольскідегі әскери архивте де аз.

Құрама көлеміндегі болып жатқан оқиғаларды көбірек көріп, біліп отыратын оның штабы маңындағы адамдар, немесе оның басшы құрамында қызмет атқарғандар. Қазақстандық бригадаларды кезінде басқарған адамдардың ішінде осы күнге дейін қалам тартқандары жоқ. Демек, бұл бригадалардың соғыс кезіндегі тарихы жөнінде арнайы мәселе де көмескі қалпында десек артық емес. Өйткені жеке адамдар жазған естеліктер құрама көлеміндегі мәселенің барлық жағын камти бермейді. Кейде взвод, рота көлемінде жеке әскери бөлімнің, немесе жеке адамның ерліктері мен тағдырлары әңгіме болғанымен, онда жалпы бригада, дивизия көлеміндегі оқиғалар және бұл құрамалардың корпус, армия не майдан көлеміндегі стратегиялық міндеттерді орындауға байланысты алатын орны мен міндеті ескеріле бермейді. Сөйтіп соғыс тарихына орай жазылған жалпы оқиғалардың барысы, тізбегі ескерілмейді. Әрине, мұндай кең көлемдегі оқиғаны жазу үшін біраз ізденіп, көп жағдайлармен таныс болу қажет. Теріп айта берсе себептер көп, бірақ қазақстандық әскери құрамалар мен бөлімдердің тарихын тереңірек зерттей түсу келешектің де міндеті демекпіз.

Ендігі сөз 100-ші ұлттық дербес атқыштар бригадасы туралы. Бұл бригаданы құру ісі 1941 жылғы қарашада басталды да, оның қалыптасуы 1942 жылдың наурызында аяқталды. Бригада Алматы қаласында жасақталды, бірақ оның қатарына келіп сапқа тұрғандар Қазақстанның әр жерінен келгендер, әсіресе, Алматы, Шымкент, Семей, Өскемен облыстарының әскер кызметіне шақырылуға тиіс жастары болды.

1. Жүзінші ұлттық дербес атқыштар бригадасының құрамында 1941 жылдың соңында мынандай жеке бөлімдер болды: 1-ші, 2-ші, 3-ші атқыштар батальоны, миномет батальоны, РС миномет батареясы, артиллерия дивизионы, барлаушылар ротасы, автоматшылар ротасы, ПТР ротасы, байланысшылар ротасы, саперлар ротасы, авторота, санитарлық рота болды. Кейіннен 1942 жылы 5 мамырда бригада құрамына тағы бір батальон, яғни 4-дербес атқыштар батальоны қосылды (ТЭИ қолжазба қоры, инв. № 1646, 3-7-б.). Сонда бұл қосымша бөлімдерді былай қойғанда, бригада төрт батальондық құрамнан тұрды деген сөз.

2. Бригаданың адам құрамы жөнінде де дәл мағлұмат айтуға болады. Бұл туралы бригада саяси бөлімінің бастығы батальон комиссары Д. Досановтың бригада комиссары аға батальон комиссары С. Бәйішевке 1942 жылы 20 шілдеде жолдаған саяси ақпарынан үзінді келтірейік. Саяси ақпар 1942 жылы шілденің 13-нен 18-не дейін өткен бригадалық-тактикалық жаттығу кезінде жауынгерлер арасында жүргізілген партиялық-саяси жұмыстың қоры-тындыларына арналған. Ақпарда былай делінген: «Жаттығуға біздің бригаданың барлық құрамынан 4374 адам шықты. Ауыру себепті және қарауыл қызметін атқаруға байланысты 362 адам лагерьде қалды, ал бөлімнен тыс жерде (командировкада, госпитальде) 153 адам болды» (АМО РФ, 100-даб, қ., 87598-т., 1-іс, 21-б.). Міне бұл мәліметтерден, біз, қазақтың 100-ұлттық дербес бригадасынын құрамында майданға аттанар алдында 4889 адам болғанын көреміз. Бұл соғыс кезінің штаты бойынша барлық жағынан сай жабдықталған бригада деген сөз.

Бригаданың алғашқы командирі подполковник В.Е. Шевцов, штаб бастығы майор В.М. Заборин болды.

Қаһарлы 1941 жылдың қысы. Бригада жаңа кұрылып, жасақталып жатқан кез. Қызыл Армия неміс-фашист әскерлерін Москва түбінде талқандап, қарсы шабуылға шыққан болатын. Күз айлары кезінде Москва бағытын қорғасып, ауыр ұрыстарға қатысқан қазақстандық 8-гвардиялық дивизияның қатарын толықтыру қажет болды. Осы жағдайға байланысты 1941 жылы 24 декабрьде 100-дербес атқыштар бригадасынан кеп адамдарды 8-гвардиялық дивизияның катарын толықтыруға жіберуге тура келді. Бұл туралы бригада штабы күнделікті жүргізетін арнайы журналда былай делінген: «1941 жылдың 24 желтоқсанда. 8-гвардиялық дивизияны толықтыруға марш роталарының құрамында 100-дербес атқыштар бригадасының 1700 жауынгерлері мен кіші командирлері жөнелтілді. Майданға кеткендердің орнына 100-дербес атқыштар бригадасы қазақ жауынгерлері мен кіші командирлерінің жаңа құрамын алғалы отыр».

1. Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындагы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамын толықтыруға 1942 жылдың 18  сәуірінде 100-бригаданың құрамынан қазақ жауынгерлерінің тағы бір тобы жөнелтілді. Бұл жолы да марш роталарының құрамында 594 жауынгер мен кіші командирлер 8-гвардиялық дивизияны толықтыруға майданға аттанды (ТЭИ қолжазба қоры, инв. № 1646, 6-б.).

Сөйтіп 100-ұлттық дербес бригада соғысқа аттанғанға дейін өз құрамынан екі рет майданға-даңқты 8-гвардиялық дивизияның құрамын толықтыруға адам жіберді. Бригада құрамынан барлығы 2294 қазақ жауынгерлері майданға жөнелтіліп, даңқты панфиловшы-гвардияшылардың қатарын толықтырды. Бұл барғандардың алдыңғы тобының ішінде Панфилов дивизиясының атын шығарған даңқты ерлердің бірі Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров та болды. Ол Өскемен облысындағы Лениногор полиметалл комбинатында жұмыс істеп жүрген жерінен, 1941 жылдың желтоқсанында жаңа құрыла бастаған қазақтың 100-дербес атқыштар бригадасының жауынгерлік сапына өз еркімен сұранып келіп қосылған еді. Ал кейіннен Москва түбіндегі ерлік істерімен көзге түскен, кеңес гвардиясы деген даңқты атаққа алғаш ие болған қазақстандық Панфилов дивизиясының құрамын толықтыру жөнінде әңгіме қозғалғанда, оның қатарына барамыз деп сұранғандар тым көп болды. Мұндай атақты құраманың қатарына кімнің барғысы келмейді. Міне, солардың бірі қазақ халқының асыл перзенті, соғыс тарихына есімі алтын әріппен мәңгі жазылған Төлеген Тоқтаров еді.

Бұл 1942 жылдың қаңтары болатын. Москваның батысында 40 километрдей жерде тұратын Нахабино станциясы маңындағы селоларға 8-дивизияның полковник И.В. Капров басқаратын 23-гвардиялық полкінің бөлімдері орналасты. Полк комиссары Ахметжан Мұхамедьяров еді. Ал кейіннен Кеңес Одағының Батыры атанған Мәлік Ғабдуллнн осы полкта аға лейтенант А. Соловьев басқаратын автоматшылар ротасының саяси жетекшісі еді.

Сегізінші гвардиялық дивизияның құрамын толықтыру үшін жаңадан келгендерді қабылдауға байланысты әр полкте комиссия құрылып, олар келген жауынгерлерді сұрыптап, бөлімдерге жіберіп жатты. М. Ғабдуллин де полкты толықтыруға Қазақстаннан келген жауынгерлерді қабылдайтын комиссияның құрамында болды.

1942 жылдың 5 қаңтарында мені полк комиссары Ахметжан Мұхамедьяров штабқа шақырып алып, былай деп еді дейді М. Ғабдуллин: «Таяу арада полкымызға жаңа жігіттер келіп қосылады. Келетіндер қазақстандық жастар көрінеді. Соларды жақсылап қабылдау үшін комиссия құрдық, оның бір мүшесі етіп өзіңді де енгіздік. Автоматчик болуға жарайтын жігіттерді ротаңның командирі Соловьев екеуің ұқыпты түрде таңдап алыңдар.

Полкқа жаңадан келген жігіттерді қабылдайтын комиссия жұмысына кіріскелі екі күндей болып қалған. Комиссар отырған үйге топ-тобымен келіп жаткан жастар, бәрінің де жүздері жарқын, елді қорғау жолында азаматтық борыштарын асқан жігермен өтеу үшін келгендері көрініп тұр. Олар әлемге ерлік атағы шыққан панфиловшылардың қатарына қосылғанына қуанышты секілді.

Таң қылаң берген шакта комиссия отырған бөлмеге келесі бір топ жас жігіттер кіріп келді. Бұлар Лениногорскіден келгендер екен. Бәрі де сақадай сайланған, тепсе төмір үзетін жастар. Мен манадан бері осындай жігіттердің келуін күтіп отырған автоматчиктер ротасының командирі аға лейтенант Соловьевтың қасына бардым да:

– Біздің күткен автоматчиктеріміз осылар, – дедім. Содан кейін жаңағы жігіттерді тізімге алып, «автоматчик боласыңдар» деп жатырмыз. Қатарда тұрған жігіттердің сол жағындағы екеуіне жақындай бергенде, олар бізге қадала қарады. Екеуінің жас шамасы да, бойлары да бірдей. Біреуі ашаң жүзді, өткір көзді қара торы жігіт те, екіншісі дембелшелеу келген ақ сары жігіт. Жаңағы ақсары жігітке, Соловьев жақындап келді де, аты-жөнін сұрады.

– Батталов Жұмажан, – деп ол жауап қайтарды.

– Тоқтаров Төлеген. – деді екіншісі. Оның аты-жөнін сұратқызбастан жауап беруі, қадала қарауы, әрбір сөзін нығыздай айтуы Соловьевты да, мені де іштей қуантты» (Ғабдуллин Мәлік, 1972:84).

1942 жылы 9 ақпанда Бородино селосы үшін болған қатты ұрыста Төлеген Тоқтаров ерлікпен қаза тапты. Оның гимнастеркасының қалтасынан әскер бөлімінің партия ұйымына арнап жазған өтініш табылады, онда былай делінген: «Мен өзім жұмысшымын, шыққан тегім кедей-шаруа. Фашистерді коммунист болып қырғым келеді. Сондықтан мені партияға алуды сұраймын. 8 февраль, 1942 ж.» (Джетпысбаев Балтабек, 1972:47).

Кеңес Одағының Батыры, панфиловшы, қазақ халқының ержүрек ұлы Төлеген Тоқтаров жөнінде жазылған дастан да, орнатылған ескерікіш мұралар да жеткілікті. Біз бұл арада 100-ұлттық дербес атқыштар бригадасы құрамынан майданға 8-гвардиялық дивизияның құрамын толықтыруға 1941 жылдың қысында жіберілген қазақ жігіттерін әңгімеледік. Міне солардың бірі кұрыш білек жұмысшы-металлург Төлеген Тоқтаров еді.

Енді әңгімені 100-бригада туралы жалғастырайык. Бригада майданға жөнелткен жауынгерлердің орнын ұлттық құраманың қатарына жаңадан келгендерімен толықтырды. Оның кұрамындағы жеке-жеке атқыштар батальондары мен арнайы бөлімдерді адамдармен толықтырып, қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықтап, командирлер құрамын таңдап алғаннан кейін, қалыпты әскери жаттығу жұмысы жүріп жатты.

Бригаданың командалық және саяси қызметкерлер кұрамын толықтыруға да Қазақстан басшылығы мен үкіметі ерекше назар аударды. Бригаданың командирлер құрамына қызметке республиканың басшылық кызметінде жүрген, ысылған, ең тандаулы қазақ жастары жіберілді. Міне осылармен бірге 100-бригаданың комиссары болып ҚК(б)П Орталық Қомитетінің мүшесі, «Социалистік Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Сақтаған Бәйішев тағайындалды. Бригада саяси бөлімінің бастығы болып батальон комиссары Д. Досанов, ал оның комсомол жұмысы жөніндегі орынбасары болып саяси жетекші Е. Тасанбаев белгіленді.

Бәйішев Сақтаған (1909-1982] соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан Қомпартиясы Орталық Комнтеті жанындағы Партия тарихы институтының директоры болды, ал 1956 жылдан бастап Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әрі вице-президенті болып сайланды. Біраз уақыт Казақ КСР ҒА-ның Экономика институтында директор, кейін өмірінің соңғы күндеріне дейін сол Экономика институтында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Бригада құрыла бастаған кезден бастап, оның жауынгерлері арасында белгілі жоспар бойынша қалыпты әскери жаттығу жұмыстары жүргізілді. Мысалы, 1941 жылғы 31 желтоқсанда бригада бойынша болған алғашқы бұйрықтардың бірінде танкті жоюшылардың жиынын өткізу жөнінде әңгімеленеді. Осы бұйрық бойынша 1942 жылдың қаңтарының 5-нен 10-на дейін танк жойғыштар үйретушілерінің бес күндік жиыны өткізіледі де, танк қиратушыларды әзірліктен өткізу жұмысы жүргізіледі. Бригада бойынша әзірленбек танк жойғыштардың саны 473 адам, бұлар әрбір бөлімшелер мен бөлімдерден келгендер еді.

Соғыс жылдары әскер жасындағы азаматтардың бәрі Осоавиахим үйірмелеріне қатыстырылып, алуан түрлі әскери дайындықтан өтті. Республиканың Отан қорғау ұйымдары әскери өнердің түр-түрінен үйірмелер ұйымдастырып, жастар арасындағы жұмысты жандандыра түсті. Мұндай жұмыстар, әсіресе республиканың әскери құрамалар құрылып жатқан қалаларында: Алматыда, Семейде, Жамбылда, Ақмолада, Ақтөбеде т.б. жерлерде кеңінен өрістетілді.

Әскери үйірмелердің жұмысына қарқын тудырып, оны жандандыруға Қазақстан жастары айырықша қызмет атқарды. 1941 жылы 2 қазанда Алматы қаласының жастары республика жастарына үндеу жолдады, онда былай делінді: «Отанды қорғау ісі шебер жауынгерлерді, қажырлы да жігерлі адамдарды талап етеді. Жас патриот! Сен бүгін-ертең Қызыл Армия қатарына шақырылатыныңды ұмытпа. Осы құрметті борышты өтеуге әзірлене бер, өзіңді-өзің шынықтырып, төзімпаз, тәртіпті, ширақ бол, винтовкадан, пулеметтен дәл атып, гранатаны алысқа лақтыруды, штықты шебер меңгеруді үйрен. Бұйрықты адал әрі қажырлы түрде орындап, өзіңді құрбан етуге дейін баруға әзір тұр» (ТЭИ қолжазба қоры, инв. № 1646, 3-4-б.).

Алматы жастарының бұл жалынды үндеуін Қазақстан жастары қолдап, әскери өнерді үйренуге қызу атсалысты. Сол кездегі құрылып жатқан әскери құрамалар мен бөлімдердің қатарына келген жастардың көбі алғашқы жауынгерлік әзірліктен өткендер еді. Жүзінші ұлттық дербес бригаданың құрамына тіленіп келген жастар белгілі бір дәрежеде әскери дайындығы бар жандар еді. Сондықтан да олардың көбі 100-бригадаға келісімен майданға баруға асықты, солардың бірі жоғарыда біз әңгімелеген Төлеген Тоқтаров еді, ол өзі сияқты жалынды жастардың алғашқы тобымен бірге Панфилов дивизиясының құрамын толықтыруға құлшына аттанды.

1942 жылы 12 қаңтарда бригада жауынгерлері салтанатты түрде Қызыл Армияның әскери антын қабылдап, оған адал болуға шексіз сенімдерін білдірді. Бұл әскери анттың салтанатты, әсерлі тексті жауынгерлік сапта болған кеңес азаматтарының барлық ұрпақтарына жақсы таныс.

Сәуір айының 12-і күні бригаданың бөлімдері жазғы лагерьге шығып, үлкен Алматы өзенінің бойына, «2-бесжылдық» колхозының маңына орналасты. Жауынгерлер әскер өнерін үйреніп, жаттығулар жасап, майданға аттануға әзірленумен болды. Бригада құрамы майданға жіберілгендердің орнына жаңа адамдармен кайта толықтырылып болды. Мамырдың 5-і күні тағы бір дербес атқыштар батальоны құрылды. Енді бригада құрамында төрт дербес атқыштар батальоны болатын болды.

Шілде айының 7-і күні салтанатты жағдайда бригадаға Қазақ КСР үкіметінің жауынгерлік Кызыл Туы тапсырылды. Бригада жауынгерлері Үлкен Алматы шатқалындағы жазғы лагерьге жайғасып, төрт ай бойы әскери әзірліктерін шыңдады.

Міне, енді құраманың қалыптасып, орын тепкен жерінен – Алатау аясынан аттануына тура келді. КСРО Қорғаныс Халық Қомиссариатының 1942 жылдың 9 тамызындағы бүйрығы бойынша 100-ұлттық дербес атқыштар бригадасы Алматы маңынан Москва облысының Бабушкин қаласына жеткізілуге тиіс болды. Бригада жауынгерлері тиелген алғашқы эшелон 1-ші Алматы станциясынан 9 тамызда жолға шықты. Ал 27 тамызда бригаданың ақырғы 7-эшелоны Бабушкин қаласына келіп жетті, сөйтіп бригада соңғы бұйрық бойынша белгіленген жаңа орынға жайғасты (В труде и в бою, 1979:73-74).

Жаңа жерге жайғасқаннан кейін құрама бөлімдері жоспарлы әскери және саяси әзірлікті жалғастыра берді. Қазанның 1-і күні құрамаға салтанатты жағдайда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жауынгерлік Қызыл Туы тапсырылды. Арада бірер күн өткеннен кейін бригада жорық жолымен 78 км жер жүріп, Москва облысының Наро-Фоминск ауданындағы Алабино лагеріне келіп жайғасты да, келесі бұйрықты күтті. Бұл бұйрық та көп күттірген жоқ. Москва Әскери округінің 1942 жылғы 19 қазандағы бұйрығы бойынша 100-бригада Калинин майданы қолбасшысының қарамағына беріліп, келесі күні-ақ майдан шебіне қарай жылжи бастады. Ол Калинин майданының 39-армиясының құрамына кіріп, 25 қарашада Молодой Туд өзені мен деревнясы маңында басталған алғашқы шабуылды ұрыстарға қатынасты. Мұнда бригада бөлімдері көп шығынға ұшырады. Қарашаның 25-індегі бригада бөлімдерінің алғашқы шабуылды ұрыстары жөніндегі ақпардан біз мынандай жолдарды оқимыз: «Батальондар шабуылға шықты, бірақ Молодой Туд өзенінің қарсы жағасына өтіп, өзеннен 300-400 метр жылжуы-ақ мұң екен, оларды ДЗОТ-тардан борақан пулемет оқтары мен Калинино селосының шығыс жағындағы ағаш арасынан жауған миналар алға бастырмай қойды..., олар бораған оқ астында бір орында қар үстінде күні бойы жатып алды, осының нәтижесінде батальондар көп шығынға ұшырады, 4-атқыштар батальонының шығыны 80%-ке жуық» (ЦАМО РФ. Ф.1918, оп.1 д.2. л. 1-5.).

Жау бекінісінің жүйелерін жете тексермей, ашық жерде, қыс жағдайында сәтсіз шабуылды ұрыс жүргізген бригада командованиесінің жағдайы осындай. Жергілікті маңызы бар ауыр ұрыстар мұнан кейін де жүріп жатты, бригада бөлімдері бірнеше деревняларды жаудан босатты, бірақ оның қатары күннен күнге сирей берді. Бригаданың қатарын толықтыруға адамдар жіберіле бастады. 18 желтоқсанда бригада қатарына 1211 адам келіп қосылды, бұлар бұрын ұрыстарға қатысқан орта жастағылар еді, бұлардың 90% орыстар, қалғандары әр ұлт өкілдері болды.

1942 жылы 21 желтоқсанда 100-бригада Калинин майданының сол қанатынан оң қанатына жеткізілді, авто-транспорт арқылы 19 сағат ішінде 220 км жол жүрді. Енді ол 39-армияның құрамынан шығып, 3-Екпінді армияның құрамына кіріп, Великие Луки маңында қимыл жасады. 28 декабрьде бригадаға командирлікке бұған дейін Панфилов дивизиясында полк командирі болған гвардия полковнигі Е.В. Воронков келді де, оның бұрынғы командирі подполковник В.Е. Шевцов 3-Екпінді армияның кадрлар бөлімінің қарамағына жіберілді. Бірақ полковник Воронков қаза болғаннан кейін, 1943 жылы 6 қаңтарда оның орнына полковник Михлев, ал енді алты күн өткеннен кейін, 13 қаңтарда, бригада командирі болып подполковник А.А. Марецкий тағайындалды. Бұл бригада құрылғаннан бергі төртінші командир.

Бригада 1943 жылдың 5-12 қаңтарының арасында ауыр ұрыстар жүргізді. Бригада бөлімдері шабуылға көтерілген алғашқы сәтте-ақ жаудың жаяу әскерлері мен танктері қарсы шабуылға шығып, біздің бригадаға негізгі күштерін қарсы қойды. Қыс жағдайында жазық далада жүргізілген ұрыс бригаданы аз шығынға ұшыратқан жоқ.

Бұл 1942 ж. соңы – 1943 ж. бас кезінде Сталинград шайқасы жүріп жатқан уақыт еді. Сталинградта қоршауда қалған жау Калинин майданынан артық күштерін сол жаққа жібермес үшін Ржев – Вязьма тағасында әдейі ұйымдастырылған шабуыл еді. Оны кеңес жағы уақытша жау күшін құрсаулап ұстап, назарын басқа жаққа аудартпау үшін жасалған «Марс» операциясы деп атады. Бұл шабуылды басқару бас қолбасшы орынбасары Г. Жуковке тапсырылған еді. Ол әдетінше солдаттардың өмірін аямай, «көз қылу» операциясын емес, кәдімгі Ржев тағасын жоюға бағытталған шабуылға айналдырып жіберді. Мұнан ештеңе шықпады, есесіне кеңес әскері Ржев шайқасында 1 млнға жуық қаза болған, жараланған, тұтқынға түскен адамдарынан айрылды. Тіптен 33армия (9 дивизия және оның зеңбірек, т.б. күштері) қоршауда қалып, қаза тапты, тұтқын болды. Армия қолбасшысы Ефремов тұтқынға  түспес үшін атылып өлді. Міне, 100 бригада, онымен қатар Ақтөбеде құрылған 101 қазақ ұлттық атқыштар бригадасы, оларға қатарлас 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы да осындай  қайғылы жағдайда соғысып, үлкен шығынға ұшырады. Мұны бүгінге дейін көпшілік білмейді.

Январьдың 9-нда жау танктері біздің шептен өтіп, Великие Луки станцнясына барып кірді, бірақ олар кейін сол жерде құртылды. Ал танктен бөлініп қалған жаудың жаяу әскерлерімен бригада командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары С. Бәйішев және аға лейтенант Капустянский басқарған 2-атқыштар батальонының бір топ жауынгерлері ұрыс жүргізіп, оларды Велп-кие Лукиге қарай өткізбей, 100-ге жуық гитлершілерді жойып жіберді. Бригада бөлімдері Кызыл Армияның басқа да құрамаларымен, яғни 32, 257-атқыштар және 19-гв. атқыштар дивизияларымен бірлесе қимыл жасай отырып, жауды Великие Лукиге жібермеу жөніндегі армия штабының бұйрығын орындап шықты.

Қаңтар айындағы ауыр ұрыстардан кейін бригада қайта жасақталып, оның қатары тың күштермен әлденеше рет толықтырылды. 1943 жылы 28 ақпанда бригада кұрамында 3599 адам болды. Қайта жасақталғаннан кейін ол қыскартылған штат бойынша үш батальондық кұрамда қалды. Жаз айларында бригада бөлімдері қорғаныс шептерін жетілдіріп, жауынгерлердің әскери әзірліктерін күшейте түсті.

1943 ж. 15 қазанда бригада Болъшой Иван және Каратай көлдерінің арасындағы жау әскерлерін талқандау мақсатымен ұрыстар жүргізді. Осы операцияның барысында жаудың 1483 адамы, 14 танк және басқа да техникалары құртылып, көптеген олжалар қолға түсірілді.

1943 жылы 14 қарашада бригада 6-гвардиялық армияға қарайтын 23-гвардиялық атқыштар корпусының қарамағына көшті. Енді бір айдан соң, 12 желтоқсанда 6-гвардиялық армия штабының 1-атқыштар дивизиясын құру жөніндегі бұйрығы бойынша 31 және 100-дербес атқыштар бригадалары біріктіріліп, осы дивизияны құрады. Бригаданың барлық қатардағы жауынгерлері мен кіші командирлері, офицерлердің негізгі құрамы 1-ат-қыштар дивизиясының қатарына енді. Ал офицерлердің қалған құрамы – бригада командирі полковник Марецкий, бригада команднрінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник С. Бәйішев, штаб бастығы подполковник Мостовой бас болып, 6-гвардиялық армияның резервіне ауысты.

1941 ж. қарашадан бастап құрылып, майданға барған ұлттық дивизиялар мен бригадалар ұрыстарда шығынға ұшырады. Оларды үнемі сол ұлт жауынгерлерімен толықтырып отыру мүмкін болмады. Сондықтан 1943 ж. соңында олардың бәрі дивизияға айналды, өз атауларын сақтаған жоқ.

Жаңа құрылған І-атқыштар дивизиясының командирі болып бұрынғы 31-бригаданың командирі полковник А.И. Бакуев, саяси жұмыс жөніндегі орынбасары полковник А.Г. Путихин, орынбасары болып гвардия подполковнигі Ә. Баймолдин тағайындалды.

Қазақ халқының аяулы қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова және кұралайды көзінен атқан, аты бүкіл 3-екпінді армияға әйгілі болған, 239 жаудың көзін жойған, армия қолбасшысы генерал К.Н. Галицкийдің өзі оған старшина деген атақ беріп, өз қолынан омырауына Қызыл Жұлдыз орденін қадаған Ибраим Сүлейменовтер осы 100-ші ұлттық дербес атқыштар бригадасының түлектері. Бұл бригаданың көптеген ардагерлері соғыстан кейін де біздің арамызда жүріп, белсене еңбек етуде. Олар кейін одақтық дәрежедегі дербес пенсионер болған белгілі журналист (бұрынғы бригадалық газеттің редакторы) Қасым Шәрипов, республиканың финанс министрі болған Рымбек Байсейітов, белгілі жазушы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықов және тағы басқалары.

Ал 1-атқыштар дивизиясының жауынгерлік сапары мен оның құрамында болған қазақстандықтардың ерлік істері жәйлі әңгіме, ол өз алдына бір мәселе. Тек әңгімені жинақтай келіп айтарымыз мынау: кейіннен бұл дивизияның бөлімдері Невель, Брест қалаларын азат етісті. Польша жерімен Висмар портына дейін жетіп, жауынгерлік ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен наградталды, Брест атағын алды.

Қазақтың 101-дербес атқыштар бригадасының тағдыры мен жауынгерлік сапары да 100-ге ұқсас. Екі бригада да ұлттық құрама ретінде бір мезгілде жасақталып, бір мезгілде майданға аттанды. Бұл бригада да 1942 жылы тамыз айында Москва маңына жеткізілді. Москва әскери округінің қарамағында біраз болып, әскери әзірліктен өтіп, қару-жарақтармен, әскери техникамен жабдықталып болғаннан кейін Қалинин майданының құрамындағы 39-армияның қарамағына берілді. Дәл осы уақытта осы армияның құрамында 100-дербес атқыштар бригадасы да болып, 1942 жылдың күзінен, дәлірек айтқанда, 25-нен бастап, Молодой туд өзенінің бойында ұрысқа кірісті дедік.

Ал дәл осы күндері 39-армия штабының бұйрығы бойынша 101-бригада да ұрысқа кірісіп, Букарево, Кувшиново селоларын алып, жаудың Ржев бағытындағы мықты бекіністерінің бірі Мишуково селосына шабуыл жасады, бірақ бұл шабуыл нәтиже берлмегендіктен, селоның солтүстігіндегі ағаш ішіне қарай шегінді деген архив жолдарын оқимыз. Бригаданың басқа да әскери бөлімдер және 81-танк бригадасымен бірлесе отырып 29 қарашадан 3 желтоқсанға дейінгі Мишуково, Линьково бағытында жасаған шабуылдары да нәтиже бермеді. Сондықтан оның Мишуковоның солтүстік батыс жағында қорғанысқа көшуіне тура келді.

Жүз бірінші ұлттық дербес атқыштар бригадасының жасақталу кезеңі туралы құраманың штабы кұнделікті жүргізіп отырған журнал жазбалары бар. Біздің қарамағымыздағы тек оның Қалинин майданына 1942 жылдың қарашасында келіп, ұрысқа кіріскендігі жәйлі күнделік жазулар. Бұлар әскери тілмен жазылған, уақыты мен күні, елді мекендердің аты ғана көрсетілген қысқа-қысқа хабарлардың тізбесі іспетті. Бұларда адам есімдері де толық жазылып жатпайды. Бұл әскери тәртіптің өз ерекшелігінен болуға тиіс, ұрыс жағдайында құя көп, әр нәрсені баптап қағазға түсіріп жататын жағдай жоқ. Қысқа, шолақ жазбаларды ұрыста жүрген маман адамдар калтқысыз оқып, көп мәлімет алатыны түсінікті.

Кейде ұрыс даласында болған оқиғаның барлығы қағаз бетіне түсіріле де бермейді. Тағдыры беймәлім болып, хабар-ошарсыз кететін жеке адамдар, топтар, кейде бір жеке бөлімшелер де кездесе береді. Қайсы бір сын сағаттарда штаб документтерін жоқ қылып жіберетін, кейде олардың жоғалып кететін де жәйттері болады. Міне сондықтан да майдан адамдарының тағдыры, әлде бір әскери бөлімдер мен құрамалардың тарихы туралы мәселелерді жазудың қиындығы да осында жатыр. Ал тіпті жазба мәліметтер болған күннің өзінде, онда ұрыс даласында болған оқиғаның барысы, мән-жайы толық көрсетілді деудің өзі де дүрыс емес. Жер атауы да айтыла бермейді. Сараң тілмен жазылған, қысқа деректерді толықтыратын соғыс ардагерлерінін жазбалары, естеліктері. Әсіресе штаб маңындағы, немесе құрама мен бөлімдерді кезінде басқарған адамдардың естеліктері толығырақ мәлімет бере алады. Бірақ естелік жазу да дәлдікті, әділдікті, барды ғана әсірелеп, мақтамай, жоқты даттамауды да талап етеді.

Ұлттық 101-дербес атқыштар бригадасы КСРО Қорғаныс Халық Комиссариатының бұйрығы бойынша 1941 ж. қараша айында Ақтөбе қаласында жасақтала бастады. ҚҚ(б)П Орталық Қомитеті мен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1941 жылғы 17 қарашадағы «Қазақ КСР-інде ұлттық әскери құрамалар жасақтау жөніндегі шаралар туралы»қаулысы негізінде қабылданған Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюросы мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің 1941 жылдың 21 қарашасындағы қаулысы бойынша әскери органдар Ақтөбе қаласында ұлттық дербес атқыштар бригадасын дереу жасақтауға кірісті. Ұлттық құрамаларды жасақтау мәселесіне республиканың басшы ұйымдарының айрықша назар аударып, бұл жұмысты ерекше қамқорлыққа алғаны туралы біз жоғарыда әңгімеледік.

1. Бригада құрамына келіп сапқа тұрғандар негізінен Ақтөбе, Батыс Қазақстан (казіргі Орал), Гурьев және Қызылорда облыстарынан келген қазақ жастары болатын. Сондай-ақ бұған Алматы, Шымкент, Семей тағы басқа облыстардан келгендер де аз болған жоқ. Тек «Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан ғана бұл бригадаға 2485 қазақ жігіті келді» (АОМА, 13-ф., 11-т., 207-іс, 4-б.). Бригада қатары жан-жақтан келген еріктілердің есебінен күн санап өсе берді.

Бригаданың командирі болып бұған дейін полкты басқарып, ұрысқа қатысқан тәжірибелі командир полковник С.Я. Яковленко, комиссары болып Н. Әлиев, штаб бастығы болып подполковник П.М. Одеров тағайындалды. Құраманың командирлер құрамы әскери училищелерді бітірген жас офицерлермен және соғыста жараланып, әскери госпитальдардан емделіп шыққан тәжірибелі командирлермен толықтырылды. Бригаданың ұлттық құрамын еске алып, оның бөлімдеріндегі саяси жұмыстарды жүргізуге сол кездегі Қазақстан басшылығы қызмет істеп, ысылған кадрларды жіберді. Бригаданың командирлер құрамы да белгілі дәрежеде әзірлігі бар осындай адамдармен толықтырылды.

Сонымен қатар арнайы жолдамаларымен де адамдар келіп, бригаданың қатарын нығайтуға көмектесті. Осындай жолдамалармен бригаданың құрамына 270 адам келіп қосылды. Осының нәтижесінде кадрлардың басым көпшілігі тәжірибелі, жауапты адамдар болды. Мұның құрама жауынгерлерінің қатарында темірдей қатаң тәртіп орнатып, олардың жауынгерлік қабілетін арттыра түсуде ерекше мәні болды.

Бұл ұлттық дербес бригаданың қатарына басшы қызметінен келгендердің ішінде Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің секретары Нұри Әлиев – бригада комиссары, Қостанай облыстық партия комитетінін секретары Бекайдар Берниязов – бригада саяси бөлімінің бастығы, бригада парткомиссиясының секретары болып тағайындалған Нұғымар Оразалиндер бар еді. Н. Оразалин бригада құрамына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінен, бұған дейін өнеркәсіп және транспорт жөніндегі Орталык Комитет секретарының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген жерінен келді. Ол кейіннен бригада саяси бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Саяси бөлім бастығының комсомол жұмысы жөніндегі жәрдемшісі Шайдахмет Серғазин болды, бұл адамның соғыстан кейінгі өмір жолы да жарқын. 1956 жылы Қазақстан миллиардына қосқан үлесі үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Жүз бірдің батальондық құрамын көптеген зерделі, ержүрек командирлер басқарды, олар майор Хакім Бекішев (Көпішев Құланбай, 1981:69), капитан Шаяхмет Хазияхметов, капитан Я.Д. Ершовт.б. Ал бригаданың взвод, роталарын басқарғандардың ішінде Ташкент пен Алматының әскери училищелерін бітіріп келген жас офицерлер де аз болған жоқ.

Бригада 1942 жылдың январында жасақталып болды. Мұнда да, 100-ші бригада сияқты, төрт дербес атқыштар батальоны болды, ал сол кездегі құрамаларға тән басқа да қосымша бөлімдер өз алдына.

Соғыс кезі бола тұрса да, бригада бөлімдері бір жылға тарта әскери әзірліктен өтіп, соғыс өнерін үйреніп, жаттығу жұмыстарымен шұғылданды. 1941 жылдың ноябрінде кұрыла бастаған бригада 1942 ж. 28 қарашасында алғаш рет ұрысқа қатысты. Әзірлік жұмысына берілген бұл аз уақыт емес, өйткені соғыс басталысымен Қазақстанда құрылған көптеген дивизиялар 2-3 айдан кейін-ақ майданда болып, Москваны, Ленинградты қорғасқаны мәлім.

Бригада бөлімдері өзінің жауынгерлік әзірлік жұмысын шыңдап жатқан кезде 1942 жылы мамырда Ақтөбеге Кеңес Одағының Маршалы К.Е. Ворошилов келді. Ол Жоғарғы Бас Командование Ставкасының өкілі ретінде 101-дің жауынгерлік әзірлігін байқады және әскери жаттығу жұмыстарына қатысып, ұлттық бригаданың әскери-тактикалық әзірлігімен танысты. Ол бригаданың командалық құрамымен танысып, жауынгерлермен әңгімелесіп ақыл-кеңестер берді және бригада құрамымен болған кездесу митингісінде сөз сөйлеп, бригаданың әскери  әзірлік істеріне жоғары баға берді.

2. Сөйтіп 101-дің жауынгерлік сапары қалай басталғаны жәйлі, біз, мұның алдында тоқтала кеттік. Бұл құрама 1942 жылдың қазанында Москва түбіне келіп жетті. Ставканың резервінде болды. Көп кешікпей 1942 жылдың 4 қарашада Калинин майданының 39-армиясының құрамына енді. Осы жылдың соңында 39-армияның сол қанатындағы екпінді топтың құрамында бола отырып, жаудың Оленин тобын талқандауға қатысты. 1942 жылдың 25 қарашасынан 1943 жылдың 22 қаңтарына дейінгі жүргізілген ұрыстар кезінде бригада бөлімдері 2462 жауды жойды, 25 ДЗОТ-ты талқандады, көптеген олжаларды қолға түсірді. Бригада бөлімдері ұрысқа кірген кезден бастап 1943 жылдың 1 шілдесінде дейінгі мерзім ішінде бригаданың 189 жауынгері ордендермен және медальдармен наградталды (ТЭИ қолжазба қоры, инв. № 1646, 435-б.).

1943 жылдың кұзінде Калинин майданы 1-Прибалтика майданы болып аталды. 1943 жылдың 1 желтоқсанынан 1944 жылдың 1 сәуіріне дейін 101-дербес атқыштар бригадасы 1-Прибалтика майданының 4-екпінді және 6 гвардиялық армияларының құрамдарында болып, қорғаныс ұрыстарын жүргізді. Осы қорғаныс ұрыстарының кезінде бригада жауынгерлері жаудың 1500 адамын жойып, көптеген әскери техникасын істен шығарып, олжаларды қолға түсірді. Бұл ұрыстарда біздің жауынгерлеріміз табандылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті, бригаданың 368 адамы Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталды (РГАЭ. Ф.8043, оп.1, д.530, л. 45, 48 и др.).

1944 жылы шілде айында 101-ші ұлттық дербес атқыштар бригадасы таратылып, оның бөлімдері 47 және 90-атқыштар дивизияларының құрамымен біріктірілді. Ал бұрынғы бригада жауынгерлерінің бұдан былайғы майдандық істері жәйлі әңгіме ол өз алдына. Бір кезде 101-дің жауынгерлік туы астында болып, неміс-фашист басқыншыларымен ерлікпен күрескен соғыс ардагерлері соғыстың соңына дейін шайқасты.

Қорытынды. Сөйтіп, біз қазақстандық құрамалардың біразына тоқталдық. Бұлар соғыстың әртүрлі кезінде жасақталып, Москва мен Ленинградты қорғасқан, Сталинград, Курск шайқастарына қатысқан, жауды Кеңес жерінен қуысып, Кеңес Армиясының ерлік дастанына өз үлесін қосқан құрамалар. Бұл құрамалардың көбі неміс-фашист басқыншыларын Европа жерінде талқандасып, олардың кейбіреулері Берлинді алуға, жау ордасы Рейхстагты талқандауға қатысты. Қазақстанда жасақталған бес әскери құрама гвардиялық дивизия деген атаққа ие болды. Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындаты Қызыл тулы, Ленин, II дәрежелі Суворов орденді 8-гвардиялық даңқты атқыштар дивизиясы Кеңес Қарулы Күштерінің мақтанышына айналды. Біз – панфиловшымыз! деген әсерлі сөздер әрдәйім асқақ үнмен айтылды.

Сонымен бірге ұлттық құрамаларда болды. Бұлар жөнінде сақталған деректердің, жазылған еңбектердің тапшылығына, олардың майдан жолдарының қысқалығына қарамастан жүйелі мәлімет беруге тырыстық. 

МРНТИ 03.20.00

О НАЦИОНАЛЬНЫХ ВОИНСКИХ ФОРМИРОВАНИЯХ КАЗАХСТАНА

Алдажуманов К.С.¹, Асанова С.А.²

¹Кандидат исторических наук, профессор, ГНС.

Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч. Валиханова.

²Кандидат исторических наук, ВНС. Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч.Валиханова.

Аннотация.Статья посвящена истории формирования казахских национальных кавалерийских дивизий и стрелковых бригад. Сформированные в конце осени 1941 г. 106, 105 и 96 казахские кавалерийские дивизий, а также 100 и 101 отдельные стрелковые бригады прошли славный боевой путь. По разному сложилась их судьба, 106 кавдивизия в июне 1942 г. под Харьковом попала в окружение. Ее бойцы погибли и частично попали в плен. 96 кд, 100 и 101 осбр прошли славный боевой путь до окончания войны.

В статье освещается процесс формирования национальных соединений на основе Директивы Государственного Комитета обороны от 13 ноября 1941 г. о создании в республиках национальных кавалерийских дивизий и отдельных национальных стрелковых бригад. При этом отмечается, что эти национальные войсковые соединения были сформированы и оснащены за счет казахстанского местного бюджета и средств населения.

После формирования 105 кавдивизия была преобразована в 6 гвардейскую воздушно-десантную дивизию. Прошла с боями через Курскую дугу, участвовала в освобождении Украины, Венгрии и закончила войну в 1945 г.

96 кавдивизия после формирования в Усть-Каменогорске была передана для пополнения частей 2 кавкорпуса, участвовала в боях в северной части Харькова в мае-июне 1942 г.

100 и 101 свтрековые бригады воевали на Калининском и 1-Прибалтийском фронтах. В условиях фронтовой обстановки, пополнить их состав бойцами казахской национальности было невозможно. Поэтому к концу 1943 г. из их первоначального национального состава оставалось всего 20% бойцов. В 1943 г. 100 бригада была преобразована в 1 стрелковую дивизию. А 101 бригада из всех национальных бригад сохранила свой мпервоначальный статус до июля 1944 г. затем она была также преобразована. Войны 100 и 101 бригады участвовали в боях до конца войны.

Ключевые слова: национальная, фронт, война, кавалерия, стрелковая бригада.

IRSTI 03.20.00

ON THE NATIONAL MILITARY FORMATIONS OF KAZAKHSTAN

Aldazhumanov K.¹,ASANOVA S.²

²Candidate’s (Ph.D.) Degree in Historical sciences, professor, CR. Valikhanov

Institute of history and ethnology.

candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, CH. Valikhanov Instituteof history and ethnology.

Abstract.The article is devoted to the history of the formation of Kazakh national cavalry divisions and rifle brigades. The 106, 105 and 96 Kazakh cavalry divisions, as well as 100 and 101 separate rifle brigades formed in late autumn 1941, have passed a glorious battle path. Their fate was different, the 106th Cavalry Division in June 1942 was surrounded near Kharkov. Its soldiers were killed and partially captured. 96 CD, 100 and 101 OSBR went a glorious battle path until the end of the war.

The article highlights the process of forming national f ormations on the basis of the Directive of the State Defense Committee of November 13, 1941 on the formation of national cavalry divisions and separate national rifle brigades in the republics. At the same time, it is noted that these national military units were formed and equipped at the expense of the Kazakh local budget and funds of the population.

After the formation the 105th Cavalry Division was transformed into the 6th Guards Airborne Division.  This division advanced through the Kursk Bulge against resistance, took part in the liberation of Ukraine, Hungary and ended the war in 1945.

The 96th cavalry division, after being formed in Ust-Kamenogorsk, was transferred to replenish units of the 2nd cavalry corps, participated in battles in the northern part of Kharkov in May-June 1942.

The 100th and 101st rifle brigades fought on the Kalinin and the 1st Baltic fronts. In the conditions of a front-line situation, it was impossible to replenish their composition with soldiers of Kazakh nationality. Therefore, by the end of 1943, only 20% of the soldiers remained of their original national composition. In 1943, the 100th brigade was transformed into the 1st rifle division. And the 101st brigade was the only of all national brigades that retained its original status until July 1944, then it was also reorganized. The soldiers of 100th and 101st brigades participated in battles until the end of the war.

Keywords: national, front, war, cavalry, rifle brigade.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 176

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚТЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ КАРТОЧКА ЖҮЙЕСІ (1941-1945) 94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ Ұлттық идея «Мәңгілік Ел» және оның институционалдық реформа бойынша жүзеге асырылуы УДК 328.184 (569.4):327(73) Израильдік лоббизмнің АҚШ-тың сыртқы саяси бағытын қалыптастырудағы ықпалы жөнінде УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ӘОЖ 94(574) ӨКІМЕТІНІҢ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ДІНГЕ ҚАТЫСТЫ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ ҒТАМР 03.20.00 РЕСЕЙ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ (1748–1772 ЖЖ.) ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ «БӘРІ ДЕ МАЙДАНҒА, БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН!» ҰРАНЫМЕН ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ (Жамбыл облысының мысалында) ҒТАМР 03.20.00 АЛАШОРДА МЕН СІБІР ҮКІМЕТІНІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАРЫ ХАҚЫНДА

Статьи автора

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ