Главная » Материалы » ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.)

Б.Ж. Кабдушев¹, Б. Құдайбергенұлы². ¹Т.ғ.к., доцент. Алматы энергетика және байланыс университеті. ²Т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов ат. ТжЭИ.

ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(22) сәуір-маусым 2020

Теги: комиссары, Сауда, жәрмеңкелер, губерния, концессия, өндіру, шикізат, зауыттары, былғары, Нұрмақов, индустрияландыру, үкіметі, Қазақ, сөздер:, Түйін, Карск, экспедициясы, Ойыл, жәрмеңкесі, Кенжин, Қорғас, кедені.
Аннотация:
Аңдатпа. Мақалада Нығмет Нұрмақовтың үкімет төрағасы ретінде өнеркәсіпті қалпына келтірудің жұмысын үйлестіру, құлдыраған, қомақты қаржыны қажет ететін ірі және ұсақ өнеркәсіптерді іске қосу мәселелері қаралады. Ол үкімет басшысы ретінде ірі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін жіті бақылап, жан-тәнімен әрбір өзгерісіне дейін елеңдеп отырғаны айтылады. Республикамызда өндірілген шикізаттарды барынша өңдеуге болатын мүмкіндіктердің бар екендігін айтып, шикізат өндіретін ғана аймақ емес, осы шикізатты дайын тауар күйіне жеткізе алатын индустриалды елге айналдыру идеясының жағында болғандығы баяндалады. Қазақ үкіметінің төрағасы ретінде ол жаңа экономикалық саясат жағдайында экономиканы дамытудың негізгі өзегі ретінде сауданы жандандыруға айрықша көңіл бөледі. Ішкі сауданы ұйымдастыруға аймақтық жәрмеңкелердің рөліне басты назар аударса, сыртқы сауда байланысын күшейтуде іргедегі Қытай елімен Қорғас, Бақты кедендері арқылы жүргізілетін сауда қатынасына басымдық берілді. Әсіресе Еуропаны Сібір арқылы Орта Азиямен байланыстыратын Карск экспедициясы деп аталатын сауда жолының Қазақстан үшін қосқан маңызы шексіз болды. Маңызды мәселелердің бірі еркін қаржы саясатын жүргізу үшін Орталық билік органдары алдына талаптар қойып, республика мүддесі үшін күресті.
Содержание:

Кіріспе.1924-1929 жылдар аралығында ауыл шаруашылығымен қатар Қазақстанның өнеркәсібі де қалпына келтіріліп, нығая түсті. Олар негізінен ауыл шаруашылығына қатысты шикізат өнімдері есебінен дамып қоймай, республикамыздың жер асты бай қазба қорларына да сүйеніп өркендеді.

Н. Нұрмақов өнеркәсіптің аса маңызды салаларының көрсеткіштерін 1927 жылы жазған «Октябрь Қазақстанға не берді?» атты мақаласында қысқаша сипаттай келіп: «… Жалпыодақтық маңызы бар Риддер және Ембі мұнай зауыттарын қалпына келтірдік, Атбасарда мыс өндіретін ірі зауыт салынды, жергілікті шикізатқа негізделген былғары, тұз зауыттарының қалпына келтірілуі – мұның барлығы біздің жетістіктеріміз» деп қысқа мерзімдегі Қазақстанның қол жеткізген табыстарын мақтан етеді (Нурмаков, 1926: 2). Әрине, ол табыстарға жеткізген жол алдырмас асулар мен биік белестерден тұрды. Қазақстан халқының, көмекке келуші туысқан халықтардың өлшеусіз еңбегі мен бірлігінің нәтижесінде, әрі үкіметтің шаруаны шебер ұйымдастырып, басқаруымен жүзеге асырылған жетістіктері еді.

Ашығын айту керек, мұнда кейбір сәтсіздіктерімен қатар шешімін таппаған немесе жүзеге аспаған шаруалар, тіпті кеңес саясаты тұрғысында айтуға болмайтын ақтаңдақтардың болғаны рас. Н. Нұрмақов үкімет басына келген алғашқы күндерінен-ақ өнеркәсіп мәселесіне айрықша көңіл бөліп, қалпына келуі мен дамуын үнемі назарында ұстады. Өнеркәсіптің республикамызға тигізер пайдасын, әсіресе қазақ ұлтының қатарында маманданған жұмысшы өкілдерінің қалыптасуындағы рөлін ерекше атап отырған. Ақиқаты, төңкеріске дейін жұмыс істеп келген өндіріс салаларының дені, нақ осы Н. Нұрмақов үкіметті басқарған жылдары қайта қолға алынып, аяғынан тұрғызылды. Көпшілігі толық қуатымен іске қосылып, қайсыбірі жаңғыртылды, жетілдірілді немесе қайта салынды.

Материалдар мен әдістер. Мақаланы жазуға арқау болған материалдар негізіне ғылыми айналымға енбеген архив құжаттарын құрап отыр. Нығмет Нұрмақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін талдап көрсетудегі мұрағат қорларының, басқа да дерек көздерінің өзіндік орны бар. 1924-29 жылдар аралығында Халком Кеңесінің төрағасы қызметін, көзқарасы, ұстанымдарын талдап шешуге Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивіндегі Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің (5 қоры және құпия қоры), Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің (30 қоры және құпия қорлары), Жер ісі Халық комиссариатының (74 қор) және т.б.қорлардың құжаттары негізге алынды.

Жалпы жұмыстың деректемелік негізіне Н. Нұрмақовтың 20-30 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Советская степь», «Еңбекші қазақ» т.б. мерзімді баспасөздегі жарияланған мақалалары мен жеке еңбектері (Строительство Казакстана. - Кзыл-Орда: Казиздат, 1929., т.б.), сондай-ақ «Советская Киргизия», «Народное хозяйство Казакстана», «Власть Советов», «Жизнь национальностей», «Революция и национальности» т.б. республикалық және одақтық басылымдарда жарық көрген материалдар, үкіметтің есептік басылымдары кеңінен пайдаланылды.

Мақаланы жазуда объективтілік, тарихилық, жүйелілік және салыстырмалы талдау принциптері басшылыққа алынды. Тәуелсіздік заманында тарихи тұлғалардың қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеу талабы қойылуда. Сондықтан зерттеудің үлгісіне соңғы жылдарда жарық көрген саяси қайраткерлердің өмірі мен қызметі туралы еңбектер негіз болды. Архивтегі ғылыми айналымға енбеген құжаттар салыстырмалы түрде сараптаудан өткізілді.

Талқылау. Қазақстанның тәуелсіздігімен отандық тарихнамада тарихи тұлғаларды да зерттеп бағалаудағы жаңаша үрдістер жандана бастады (Қозыбаев, 1992: 272). Осыған орай, Н. Нұрмақовтың да қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіндегі ұлттық мүдделерді қорғаған ұстанымы, көзқарасы жайлы объективті ғылыми баға беру мәселесі көтерілді. Алғашқылардың бірі болып белгілі тарихшы М. Қойгелдиев «Ұлтшылдықпен күрес науқаны» деп аталатын 1990 жылғы «Социалистік Қазақстанда» жарық көрген сериялы мақалаларында 1920-30 жылдарда ұлтшылдықпен айыпталған бір топ қазақ қайраткерлерінің мемлекеттік-саяси қызметінің «ұлтшылдығының» мәнін талдап, тың тұжырымдар жасады. С. Қожанов, Ж. Мыңбаев, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, Н. Нұрмақов сынды қайраткерлердің ел үшін жанпида қызметіне ұлтшылдық рең беру ойластырылған жымысқы саясат болғанын салмақтап, Нұрмақовтың да айтыстар барысындағы ұлттық ұстанымынан мысалдар берген. Мәселен, Ақтөбе губерниясының Елек ауданын Орынбор губерниясына беру туралы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің біржақты шешіміне үзілді-кесілді қарсы болғанның бірі Н. Нұрмақовтың: «Орталық жеке аудандардың тағдырын ұлттық құрамына қарай өз еркінше шеше беретін болса, онда болашақта Қазақстан Республикасының сақталып қалуы мүмкін емес» деген пікірлерін береді. Сөйтіп, өзге де қазақ қайраткерлерімен қатар Нұрмақовтың да мемлекеттік-саяси қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан қарау жайлы мәселені көтеріп, мүлдем белгісіз зерттелмей келген тұстарын архивтік дәйектермен хабардар етті (Қойгелдиев, 1992: 2).

Тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне арналған тарихшы-ғалым Талас Омарбековтың ғылыми талдамаларында Н. Нұрмақовтың да қайраткерлік болмысы турасында сындарлы пікірлер айтылады. Ф.И. Голощекинге қарсы оппозицияны құраған С. Қожанов, С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев т.б. қатарына Нығмет Нұрмақовты да қояды. Ал тәркілеуге қатысты Халком Кеңесі төрағасының ұстанымын құжаттармен негіздеу қадамының өзі зерттеушілерді қызықтыра түскені аян (Омарбеков, 1995: 27). Осы бағытпен мемлекет қайраткері Н. Нұрмақовтың отырықшыландыру, қазақтың мал шаруашылығын дамытудағы көзқарасы жайлы архивтік деректерге сүйеніп, жаңаша тұжырымдар жасаған тарихшы-ғалымдар Е. Қуандықов, Д. Махаттың еңбектерін де атаған жөн. Е. Қуандықовтың бірнеше тақырыпшадан тұратын шағын кітапшасында Орынбор губерниясының Ресей құрамына берілуге қатысты туған жер мәселесіндегі дауға Нығмет Нұрмақовтың көзқарасын тың деректермен беруі де ерекше назар аудартады. Автор Н. Нұрмақов, С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев секілді қазақ қайраткерлерін «батыл оймен, қауіпті айтыстарға түскен, ұлты үшін басын тіккен» басшылар болған деп бағалайды (Қуандықов 1999: 104). Д. Махаттың зерттеу еңбегінде Н. Нұрмақов қазақ зиялыларының 1920 жылдардағы қызметіне біржақты баға беруге қарсы шыққан алғашқы мақаланың авторы ретінде көрсетілген. Сондай-ақ қазақтарды жерге орналастыру, жұтқа тап болған қазақ шаруашылығына көмек беруге байланысты Ф.И. Голощекинмен арадағы келіспеушіліктердің болғанын мұрағаттық дәйектермен бейнелеген. Нәтижесінде Н. Нұрмақов Голощекиндік бағытқа қарсы тұрушы үшінші ағымының уағыздаушысы ретінде бағаланған. «Үшінші ағым – бұл іс жүзіндегі «сәдуақасовшылдық» ағым. Аналардан қауіптірек, зияндырақ ағым…» деп Ф.И. Голощекиннің өзі түсініктеме беруі арқылы Н. Нұрмақов және оның тобымен ешбір ымыраға келу мүмкін еместігін ашық білдірген еді (Махат, 2001: 304).

Нәтижесі. 1924 жылдың 4 желтоқсанындағы «Советская степь» газетінің тілшісімен сұхбатында Н. Нұрмақов үкіметтің атқарар міндеттерін талдай отырып: «Ең басты мәселе, Қазақстанның өнеркәсібін дамыту, атап айтсақ, олар: Екібастұз, Риддер және Ембі мұнай өндіріс орындары. Мұндағы Екібастұздың ерекшелігі қазақ жұмысшылары шоғырланған», – деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар өнеркәсіп саласындағы қалыптасқан ахуалды зерттеуге құрылған үкіметтің арнайы комиссиясы өз жұмысын бастап кеткендігін де хабарлаған еді. Үкіметке жалпыодақтық маңызы бар ірі кәсіпорындарды қалпына келтіріп, жұмысын жандандыру үшін Орталықтың осы мәселеге назарын аудару қажет болды. Өйткені, кәсіпорындарды қаржыландырумен қатар олар өндірген өнімнің де сұранысын белгілеу Мәскеудің қолында болатын.

1924 жылдың 24 желтоқсанында өткен Халком Кеңесінің мәжілісінде Н. Нұрмақовтың басшылығымен Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік ошақтардың бірі Екібастұз бен Риддердің жағдайы қаралды. Мәжіліс қос кәсіпорындағы қалыптасқан ахуалды салмақтай келе мынадай шешімдер қабылдаған:

– Орталықтан бөлінетін дотация негізінде Екібастұзда қорғасын өндірісін дамыту және Екібастұздың көмірін өткізетін аудандарын белгілеу арқылы оны шығынсыз өндіріске айналдыру;

– Риддерді Екібастұздың қорғасын зауытын қамтамасыз ететін көлемде қызметін жандандырып, екеуін де бір өндірістік бағытта жұмыс істейтін сала ретінде біріктіру (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 310-іс, 185-187 п.п).

Құжатта сондай-ақ, Орталықтан Екібастұз зауытының өндірістік бағдарламасын кеңейтуге рұқсат сұралатын болып, қорғасынға қоса алтын, күміс өндіру және Сібір рыногын Кузбасc пен Екібастұздың арасында бөліске салу сияқты нақты ұсыныстар белгіленді. Ал, комиссияға зерттеуді жалғастыру, нәтижелері мен жобаларын әр мәжіліске дайындап әкеліп отыру тапсырылды.

1925 жылы қаңтар айының соңында С. Қожанов, Н. Нұрмақов бастаған Қазақстанның бір топ партия әрі үкімет басшылары Мәскеуге жол жүріп кетті (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 470 -іс, 43 п). Оларға жас республикамыздың алдында тұрған келелі мәселелердің басын ашып алу үшін, орталық үкіметпен келіссөздер жүргізу керек еді. Атап айтқанда, олар Ақмешітке көшу, онымен байланысты туатын территория мәселелері, Орынбордың бөлінуі мен Сырдария, Жетісуды бөліп алуға байланысты туындаған қайшылықтар мен қатар халық шаруашылығын дамытудың жолдары, оның ішінде осы қирап қалған немесе іске қосу үшін қаржыны қажет ететін ірі және ұсақ өнеркәсіптердің мәселесі де бар болатын.

1925 жылдың қаңтарында БК(б)П Орталық Комитеті Риддер және Қарсақпай өнеркәсіптерін жүйелі түрде қалпына келтіру әрі қайта құру жайында қаулы қабылдадыМұның өзі Қазақстан үкіметінің дайындаған жобалары мен қабылдаған шаралары негізінде мүмкін болды. Қазақ үкіметінің біріктіру жайындағы ұсыныстары дұрыс деп табылып, «Атбасартүстіметалл» және «Алтайқазақполиметалл» трестері құрылды. Бір ғана Риддердің өзіне 1924-1928 жылдары Орталықтан 15 млн сомнан астам қаржы бөлініп байыту фабрикасы, қорғасын заводы, электростанциялар салынды. Кадр мамандармен қамтамасыз етілді.

Мұнай өндірісі де азамат соғысы жылдарында толық құлдыраған болса, 1926 жылы қалпына келіп, 16.650.000 пұт мұнай өндіретін дәрежеге жетті (Нурмаков, 1926: 2). Ембі мен қатар Доссор және Мақаттағы мұнай өндіріс орындары қайта жабдықталып, қазақ жұмысшылары шоғырланған салалардың біріне айналды.Әйтсе де, мол қаржыны қажет ететін Қарағанды және Екібастұз көмір кеніштері Спаск мыс қорыту және Екібастұз мырыш зауыттары, Успенск руднигі тоқтатылды немесе толыққанды жұмыс істей алған жоқ. Үкімет бұл өндіріс орындарын іске қосудағы мүмкіндіктерді әрдайым қалт жібермей, олардың республикаға да, одаққа да тигізер пайдасын дәлелдеп бақты. Мысалы, 1926 жылдың 24 қарашасында Мәскеудегі Қазақстан өкілеттігіне Н. Нұрмақов былай деп жазыпты: «Риддердегі мырыш концентраттарын Екібастұзда қорыту шешімін қорғап, мырыш концентраттарын Қазақстан территориясынан тыс өндіру мәселесіне келісім бермеңіздер! Сондай-ақ Екібастұздағы көмір кеніштерін қалпына келтіру мәселесін көтеріп, қазу жұмысы Павлодарға қарай бағытталуы керек», – дейді (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 608-іс, 72 п). Н. Нұрмақов көмір өндірудің Павлодарға қарай бағытталуы Семей және Ақмола губерниясын көмірмен қамтамасыз етуге және металл рудаларын өндіретін кен орындарын жандандыруға мүмкіндік береді деп санады. Жалпы оның бұл талап-тілегіне қарап, біз мынадай ойлар түйдік: Біріншіден, 2 жыл бұрын көтерілген Екібастұзды жандандыру мәселесі үкіметтің күн тәртібінен түспеген өзекті шаруаларының бірі болып қала бергендігін көреміз. Н. Нұрмақов Риддерді Екібастұзбен байланыстыру туралы кешегі ойынан бас тартпай, ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Риддердің күш-қуатына арқа сүйеп, Екібастұздағы өнеркәсіптерді тірілту, жан бітіруге болатын оңтайлы сәттерді пайдаланып қалуға тырысқан, яғни аталған ірі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін жіті бақылап, жан-тәнімен әрбір өзгеріске дейін елеңдеп отырған Н. Нұрмақов олардың бір-бірімен тығыз байланыста болуын қалады. Екіншіден, Нығмет Нұрмақовтың Қазақстандағы өнеркәсіптің дамуы турасындағы айқын көзқарасын бағамдауға болады. Республикамызда өндірілген шикізаттарды барынша өңдеуге болатын мүмкіндіктердің бар екендігін дәлелдейді. Ендеше, Қазақстанды тек шикізат өндіретін ғана аймақ емес, осы шикізатты дайын тауар күйіне жеткізе алатын индустриалды елге айналдыру идеясының жағында болды деп айтуымызға толық негізі бар.Оның үкімет басшысы ретіндегі өнеркәсіп бағытындағы бұл ұстанымын кейінгі жұмыс нәтижелерінің өзі-ақ растай түседі.

Н. Нұрмақов үкіметтің өнеркәсіпті қалпына келтіру барысындағы жұмысын дұрыс үйлестіріп отыру үшін, бірнеше бағытта жұмыс жасаған комиссияларды, комитеттерді құрды. Айталық соның бірі – 1925 жылы құрылған Концессиялық комитет. Орталық үкімет Ембі арқылы Александров – Гай және Чарджоуді байланыстыратын теміржол салу, бос жатқан далаға мақта егу, Белуха тауының таулы және жазық даласын өңдеуді шетелдік капитал негізінде жүзеге асырудың жобаларын жасап, келіссөздер жүргізіп жатты (ҚР ОМА. 30 «қ»-қ., 7-т., 10-іс, 43-п).Осыған орай Н. Нұрмақов бұл келісімнің оңы мен солын салмақтап, республика мүддесін қорғап отыру үшін 1925 жылы 22 қазанда Халком Кеңесінің құрамында Концессиялық комитет құру жайында қаулы қабылдады. Төрағасы өзі, мүшелері Ұзақбай Құлымбетов, Әлиасқар Әлібеков, Сергей Панин, Абылай Серғазиев болды.

Қазақстанды экономикалық жағынан терең зерттеу, табиғи жер асты байлықтарын өндіру мол қаржыны қажет етері даусыз. Қазіргі біздің жағдайымызда мұны тек шетелдік капиталды қатыстыру арқылы ғана жүзеге асыруға болады, деп есептеді Н. Нұрмақов (ҚР ОМА. 30-қ., 7-т., 10-іс, 117 п). Қазақстанның бүгінгі тәуелсіздік жағдайында мұндай ұстаным ешкімді таңдандыра қоймасы анық. Ендеше, оның «Александров – Гай – Чарджоу» құрылысын ерекше үмітпен, қуанышпен қабылдағанын, өз ойлары, жобасы, келісімін берген бірнеше құжаттардан білуге болады (ҚР ОМА. 30 «қ»-қ., 7-т., 10-іс,111-123 п.п). Өкінішке орай, Қазақстанның батысын жарып өтіп, Ресей, Еуропалық бөлікті Орта Азия республикалары, Ауған, Иран, Пәкістан сияқты елдермен тікелей байланыстыратын құрылыс жобасы жүзеге аспай қалды.

1926 жылдың қаңтар айында Н. Нұрмақовтың ұсынуымен Халком Кеңесі құрамында Қазақстандағы ірі өнеркәсіптерді дамытудың бағыттарын белгілейтін Кеңесті шақыруға дайындық жұмыстарын жүргізетін ұйымдастыру бюросы құрылды. Оған жетекшілік жасау Халком төрағасының орынбасары А. Серғазиевке жүктелді (Нурмаков 1926: 5).

1926 жылдың сәуірінде Қызылордада одақтық және республикалық шаруашылық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен алғаш рет Қазақстандағы өндірістік күштерді дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңес Қазақстанның өнеркәсібін дамытудың нақты шараларын белгілеп, қарарлар қабылдады (Материалы... 1926: 10).

1924-1925 жылдары Н. Нұрмақов Қазақстанның территориялық межелену тұсында республика өнеркәсібі жүйесінің тұтастығын қорғап, Ресей құрамында қалған өндіріс аудандарын қайтаруға да ат салысты. Үкімет мүшелерінен құрылған комиссия Мәскеуге бірнеше рет барып, еш нәтиже шығара алмағаны белгілі. Сондай-ақ сол жылдары орыстар басым келетін бірқатар елді мекендердің өтініші негізінде БОАК шешім қабылдап, Қазақстаннан Ресейге кейбір аудандарды да қосқан болатын. Осы мәселеге қатысты Қазөлкекомдағы қызу айтыстардың бірінде Н. Нұрмақов: «Орталық жеке аудандардың тағдырын ұлттық құрамына қарай өз еркінше шеше беретін болса, онда болашақта Қазақстан Республикасының сақталып қалуы мүмкін емес» деп, өз пікірін ашық білдірген еді. Мысалы, Омбыға Ақмола губерниясының Шерлақ уезінің қосылғаны да сол жылы. Жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі орыстар болғандығы ескеріліп, жоғарыдағылар тарапынан осындай біржақты шешімдерге жол берілді. Әйтсе де қазақ басшыларының кейбір елді мекендерді барынша қорғап қалуға тырысудың мәні тереңде еді. 24 сәуірде 1926 жылы Қазақ АКСР-і мәселелері бойынша құрылған Орталық Комитеттің комиссиясының мәжілісінде Қазақстанның ұлттық территориялық құрылуындағы экономикалық мүдделері бойынша келісімге келе алмауға қатысты Қазатком төрағасы Жалау Мыңбаев, Халком Кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов және Мәскеудегі БОАК жанындағы Қазақстан өкілеттігінің өкілі Мырзағалиев Мұхамедхафийдің қолдары қойылған БК(б)П ОК саяси бюросына наразы хат жолданды (ҚР ОМА. 5-қ., 7-т., 165а-іс, 1-п). Онда қысқаша алсақ, мына мәселелер бойынша өтініштерін қанағаттандыруын сұраған: біріншіден, Орынбор губерниясының территориясын төңкеріске дейінгі шекарасымен белгілеп, Қазақстанға «миллиондық үлесін» қайтару; екіншіден, Урал (Сібірдегі) алтын өндірісі жүйесінен Қостанайдың Жетіқара алтын кеніштері тобын (Бозби, Аққарағай, Айдарлы) бөліп біріккен «Қазақ алтын» тресінің құрамына беру; үшіншіден, Басқұншақ тұз өндірісін Қазақ АКСР-іне қайтару сияқты нақты мәселелердің 1924 жылдан бері шешімін таппай, аяғы сиырқұйымшақтанып бара жатқаны мәлімделген. Аталған өндіріс орындарының жалпыодақтық маңызын мойындай отырып, Қазақстан үшін әкімшілік басқару арқылы көпшілігі қазақтар болып табылатын тұрғындарды мәдени-әлеуметтік жағынан орналастыру, қазақ жұмысшылары шоғырланған пролетариат табының орталығына айналдыру сияқты ұлттық мүдделерді жүзеге асырудың аса қажеттігін сендіреді.Ізінше осы шаруаны шешуге Қазатком төрағасы Ж. Мыңбаевтың баруы келісіліп, ол қызметін уақытша атқаруды Нығмет Нұрмақовқа табыстап кетеді (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 435-іс, 83-п). Бұл қазақ басшыларының тізе қосып, ел мүддесін қорғауда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылып отырғандығының дәлелі.

Нұрмақов Нығметке де 5 жылға таяу бүтін бір республиканың экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын үйлестіріп отыру шаруасының өзі оңғайға түскен жоқ. Қазхалком Кеңесінің бұйрықтар кітапшасында оның төрағасының 1 жыл 2 айдан астам (1925 жылдан) уақыттағы жұмысының кестелі есебі жасалған екен. 455 жұмыс күнінің 199 күні аппаратта, 203 күні іссапарда өтсе, 57 күні демалысын (ол кездегі демалыс 2 ай болатын) құраған (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 7-іс, 9-п). Іссапарының тең жартысы Мәскеумен байланысты болса, қалғаны губерниялардағы шаруашылықтарды аралауға кеткен. Күн-түн демей экономиканы дамыту арқылы елдің әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын жеңілдетуді ойлаған, бір сөзбен айтсақ, елінің ертеңгі жақсылығы үшін бар күш жігерін сарп еткен шаруақор үкімет басшысы Н. Нұрмақовтың бір жылдық қызметінің сипаты осындай!

Тарихымыздан белгілі, азамат соғысының ауыр зардаптарын біртіндеп жойып, аштықтан әлсіреген елдің есін жиғызып жатқан тұста, олжадай етектеп кеткен территорияларды қайтару оңайға түспеді. Оған қоса Қазақстан жеріндегі одаққа қарайтын бірқатар өндіріс орындарының басқарылуы  әрі тапқан табысы да орталықтың құзыры мен қалтасында болатын. Сол жылдардағы үкіметтің жалпы бұқараға ұсынған есептік ақпарларына сүйенсек, Қазақстан өнеркәсібін маңызы мен бағынуына орай былайша топтауға болады екен:

1 КСРО Бүкілодақтық Халық шаруашылығы (БОХШ) Орталық өнеркәсіп басқармасының құзырындағы кәсіпорын – Ембі-мұнай.

2 Башқұрт Республикасы, Урал (Ресейдегі) облысы трестерінің құрамындағы кәсіпорындар:

а) Оңтүстік-Орынбор орман тресі «Орлес» (кейін түбегейлі Орынборға қарады).

ә) «Уралатын» тресінің құрамына енген Қостанай губерниясының бір топ алтын кеніштері.

б) Астраханьдағы Волга-Каспий тресіне қараған Қазақстан территориясындағы Каспий және Орал (Жайық) балық шаруашылығы.

3 РКФСР БОХШ мандаты негізінде халық шаруашылығының Қазақстандық Орталық Кеңесі басқаратын жалпы федеративтік маңызы бар кәсіпорындар – Екібастұз және Риддер.

4 Қазақ өлкелік органдар мен Халкоматтар басқаратын өлкелік маңызы бар кәсіпорындар: Електұз тресі, Павлодартұз тресі, Қазақалтын тресі, Былғары-тері тресі, Қазақбалық тресі, Алматы мата фабрикасы, Шек зауыттары.

5 Жергілікті шаруашылық бөліміне (ЖШБ) қарасты жергілікті маңызы (диірмендер, май шайқау зауыттары, шарап жасау зауыттары, мақта тазалау зауыттары және т.б.) (Отчет... 1925: 19-20). Оларды әр губерниялар бойынша таратып жатпадық. Мақсатымыз, өнеркәсіп саласындағы жалпы ахуалды сипаттау еді. Деректерден айқындалғаны Қазақстандағы өндіруге негізделген ірі кәсіпорындарының дені Орталыққа бағынады немесе Ресей губернияларына қаратылған. Ал өңдеуші салалар, әсіресе жеңіл өнеркәсіп салалары Қазақстанның өлкелік және жергілікті басқару органдарының билігінде болды. Ендеше, республиканың өнеркәсіптік даму деңгейін белгілеуші де, ішкі-сыртқы сұранысын қамтамасыз етіп, мемлекеттің бюджетіне нақты пайда әкелуші де осы салалар еді. Солардың кейбіріне тоқталайық.

Н. Нұрмақов 1925-1929 жылдардағы өнеркәсіп құрылысында Қызылорда және Семей, Алматы, Петропавл сияқты бірқатар қалаларда былғары зауыттарын салуды немесе қалпына келтіру, қайта жабдықтауды жүзеге асырып, былғары кәсіпорындарын Қазақстандағы алдыңғы қатарлы өндіріс салаларының біріне айналдырды. Жалпы алғанда бұл сала 1927-1928 жж. 4 млн. 827 мың сомның өнімін шығарған болса, 1928-1929 жж. 7 млн. 037 мың сомның өнімін шығарып, 45.8 пайызға өсім берген. Қызылордада төңкеріске дейін де былғары сұранысын қанағаттаныратын зауыт салынып, 20 мың ірі былғары өндіретін деңгейге жетіпті. Әйтсе де, азамат соғысы кезінде зауыт иесіз, күзетсіз қалып, түбегейлі қираған болатын.

1924-1925 жылдары экономиканың қалпына келе бастауына орай, Торғай, Орал, Қарақұм және т.б. аудандар арқылы жеткізілетін тері, жүн айырбасы күшейе түсті. Олардың бәрі Қызылорданы (кешегі Ақмешіт) басып өтетін. 1925-1926 жылдардың санағы бойыйнша Қызылорданың аймағындағы қара базарларда 165 мың ірі тері, 706 мың ұсақ тері өткізілген.Үкіметтің орталыққа берген мәліметтеріне қарағанда Қызылордадағы кешегі былғары зауыты қалпына келтіру мүмкін емес, сондықтан жаңасын салу керек. Оған қажетті жұмыс күші де, жұмыссыз қалған кешегі зауыттың кәсіби мамандары да жеткілікті еді (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 441-іс, 142 п.п).Осы жайлар ескеріліп РКФСР Бүкілодақтық Халық Шаруашылық төралқасы 1925-1926 жылғы құрылыс жоспарына Қызылорда және Семейде былғары зауытын салу қажеттігін мақұлдап, тиісті қаржы бөлуге келісті.Семейдегі ахуалдың сипаты осы шамалас, республикамыздың шығысы мен орталығын байланыстыратын, Сібірге ашылған қақпа болғандықтан былғары зауытын салу мәселесінің қойылуы өздігінен түсінікті. Сонымен бір мезгілде Семейде ет комбинатын салу жобасы да айрықша қойылып, шешілу үстінде болатын. 1926 жылы аталған зауыттардың құрылысын тездету үшін құзырлы мекемелерге тапсырмалар берілді. Айталық, Халком Кеңесінде ол шаруа бірнеше қаралып, мәселенің анық-қанығына жеткен соң, Мәскеуге Қызылорда былғары зауыты үшін 750 мың сом қаржыға сұрату салыпты (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 441-іс, 143 п).

1926 жылдың ақпанында Халком Кеңесінде Семейдегі былғары зауытының құрылысы да қаралды (ҚР ОМА. 30 «қ»-қ., 1-т., 7-іс, 9-п., 34 п). Зауыттың болашағы тағы да аталып, кезек күттірмес құрылыстың бірі ретінде орталықтың көзін жеткізу қажет деп тапқан соң, жоспарлау комитетіне, Семей губерниялық атқару комиттеріне дайындық жұмыстарын жүргізу, жұмсалатын қаржы көлемін есептеп шығару міндеттелді. Жалпы бұл құрылысқа мән берудің маңызы мынада: Қазақстанда қалпына келтіріле бастаған өнеркәсіп саласындағы былғары өндірісінің деңгейі жоғары болатын. Өндірілген өнім 1922-1923 жж. – 41.521 мың сом болса, 1924-1925 жж. – 133.270 мың сом болған, яғни, 3 еседен астам өскен (Нурмаков 1926: 2). Мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың баяндамаларында Қазақстандағы өнеркәсіптің қалпына келу жетістіктерінің алдыңғы сапында үнемі осы өндіріс саласы тұратын. 1927 жылғы 12 қыркүйекте өткен Қазаткомның төралқа мәжілісіне қатынасушыларды Нұрмақов республикадағы халық шаруашылығының жағдайымен қысқаша таныстырды. Оның түйіндеуінше «1926-1927 жж. халық шаруашылығында жалпы өндірілген өнім 595 млн. сомды құраса, ондағы өнеркәсіп өнімінің үлесі 77 млн. сом, яғни, 13 пайызын ғана құраған». Өнеркәсіп салаларына тоқталғанда Н. Нұрмақов бірінші кезекте былғары өндірісінің үлкен болашағы бар деп, атап көрсетеді. «Бізде Петропавловскіде былғары зауыты бар, Семейде зауыт салынып жатыр, бір сөзбен айтқанда барлық губернияларда былғары зауыттары бар. Енді Алматыда былғары зауытын салуды ойластырып жатырмыз» – деп, дәлелдерін бекіте түседі. Жалпы алғанда бұл сала 1927-1928 жж. 4 млн. 827 мың сомның өнімін шығарған болса, 1928-1929 жж. 7 млн. 037 мың сомның өнімін шығарып, 45.8 пайызға өсім берген. Бұл нәтиже үкіметтің ұйымдық, атқарушылық жұмысының нәтижесі екендігін жоққа шығаруға болмас.

Өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі қомақты келесі саланың бірі – тоқыма өнімдері. Соғысқа дейін тоқыма өнімдерінің көлемі 240 мың аршын болса, 1925-1926 жж. 190 мың аршынға жетіп, төңкеріске дейінгі көрсеткіштің 80 пайызын құраған екен. Нығмет Нұрмақұлының айтуынша, Жетісудың мата фабрикасы Қазақстан халық шаруашылығының Орталық Кеңесінің құзырына көшкенге дейін, Түркістанның облыстық сауда мекемесіне қараған. Олар, фабриканың тапқан табысымен қоса, айналымындағы бар капиталын да алып кетіп, фабриканы ауыр жағдайда қалдырыпты.

1926 жылдың мамырында Н.Нұрмақов Қазөлкекомға Алматы мата зауыты бойынша былайша түсініктеме берген: «Қазіргі кезде фабрикаға қажетті қаржы бөлініп, бар күшімен жұмыс істеп жатыр. 1924-1925 жж. 180 мың аршын мата өндірілсе, 1925-1926 жылдарға сол өндірістік құрал-жабдықтары негізінде өндіру жоспарын 190 мың аршынға бекітіп отырмыз. Өнімді өткізуде қайшылықтар болғанымен оны қазір шештік. Ташкент облыстық сауда мекемесі алып кеткен 196 мың сом фабрика капиталын, біртіндеп қайтарудың шаралары қарастарылды ...» – деп хабарлайды (ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 1129-іс, 105 п).

Үкімет тарапынан Нұрмақұлы Нығмет Алматы мата фабрикасының мынадай мәселелерін шешуге күш салды: біріншіден, ескірген өндіріс құрал-жабдықтарын қайта жаңғырту. «Оған өлкелік қордан арнайы 135 мың сом бөлу туралы шешім қабылдадық, мұның өзі ақша қорының тапшы жағдайында жасалып отыр» деген болатын Н. Нұрмақов (ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 1129-іс, 99 п). 1928 жылы 16 қыркүйектегі Мәскеудегі Қазақстан өкілеттігіне жолданған жеделхатта М. Мырзағалиевке: «Алматы мата фабрикасын қайта жабдықтау мәселесін қорғап шығуың қажет» (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 750-іс, 270 п) дегеніне қарағанда мәселенің шешілуі мақсатына толық жете алмаған болуы керек. Екіншіден, фабрика өнімін сыртқа өткізу барысындағы келеңсіздіктерді реттеу үшін 1926 жылы және 1928 жылы РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесіне ресми хаттар жолдады. Екі хаттағы негізгі мазмұн, фабрика өнімін сыртқа өткізу барысында (Англия, Германияға) делдалдық қызмет атқарушы Химфарм сауда мекемесімен, кейін орталық  белгілеген салыққа байланысты қайшылық туған. Бірінші хатта, Химфарммен қатар Лондонмен байланыстырушы «Аркос» сауда мекемесімен Берлиндегі Сауда өкілеттігіне, өткізілген өнім пайдасының 1,5 пайызы қалатындығы әңгіме болады. Бес пайызы комиссионныйға сондай-ақ, жол шығыны т.б. есептей келгенде сауданың тиімсіз болып шығатынын айтқан. Бұл жайлар, әділетті түрде ескеріліп, делдалдар саны қысқартылды (ҚРОММ. 30«қ»-қ., 1-т., 7-іс, 9 п). Есесіне енді, РКФСР үкіметі тарапынан салық белгіленген болатын. Сол салықтың мөлшерден тыс көтеріле түсуіне орай Н. Нұрмақов 1928 жылы 12 ақпандағы 2-ші хатын жолдап еді (ҚР ОМА. 30«қ» - қ., 1-т., 27-іс, 57-п). Бұл өтінішке де РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі түсінікпен қарап, Қазақстан үкіметі қойған талаптардың барлығы ескерілгендігін БОАК жанындағы Қазақстан өкілеттігі хабарлаған.

Төңкеріске дейін Қазақстанның экономикасында елеулі роль атқарған өндіріс саласының бірі – тұз өндірісі. Қазақстанның солтүстігін, шығысын қамтамасыз етумен қатар Сібір аймағын түгел қамтыған Павлодар тұзды көлдері бар еді. Үкіметтің есебінде 1916 жылы 5.800.000 пұт тас тұзы және 7.000.000 пұт көл тұзы өндірілген екен. 1921-1922 жылдары бұл өндіріс мүлдем тоқтап, 1923 жылдан қайта жандана бастаған. 1925-1926 жылдарда 4.500.000 пұт тас тұзы және 5.000.000 пұт көл тұзын өндіруге қол жеткізді. Н. Нұрмақов республиканың өнеркәсіптік дамуында Павлодардағы 14 тұзды көлдің ірі қоры барын, Арал теңізінде және Қарабұғазда глауберлік тұздың болашағы барын, әрі өнеркәсіптік өнімдер қатарындағы тұздың республикаға түсіріп отырған пайдасын атап көрсетеді.

Қазақстан үшін әлі де өндіруге Електегі тас тұздары, Басқұншақ-Елті тобын құрайтын тұзды көлдердің болашағы зор екендігі де сол кездегі зерттеулердің нәтижесінде белгілі болды. Алайда, оларды өндіріске қосу үшін республикалық бюджеттің шамасы келмейтін еді. Тек орталық қажет деп тауып, қаржы бөлгенде ғана іске қосу мүмкін болатын. 1927-1928 жылдардың көрсеткішінде тұз өндірісінен түскен пайда 716 мың сом болса, 1928-1929 жылдары екі есеге өсіп, 1.458 мың сомды  құраған. Өндіріс қатарына 1927-1929 жылдар аралығында айтарлықтай өсім беріп қосыла бастаған мына салаларды да атауға болады. Мәселен, ұн тартудан (диірмендерден) түскен табыс 1927-1928 жылдары 13. 367 мың сом болса, 1928-1929 жылдары 21.609 мың сомға жеткен. Шарап, спирт зауыты, сыра зауыттарының да өндірген өнімдері 2.400 мың сомнан 1929 жылдың қорытындысында 3.696 мың сомға көтеріліп, 1 жылдың ішінде 45,8 пайызға өсім берді. Сондай-ақ, май шайқау, цемент-кірпіш құю, полиграфия өндірістерінің де баяу болса да дамып келе жатқандығын деректерден байқауға болады (Скоропешкин, 1929: 21). Қорыта айтқанда 1924-1929 жылдар аралығында Қазақстандағы өнеркәсіп салалары негізінен қалпына келтіріп, кей салаларының дамытылғанын да көріп отырмыз. Ең бастысы бұл даму үкіметтің айрықша көңіл бөліп, ойластырылған, ұйымдастырылған саясатының нәтижесі болды деп айта аламыз.

Кеңес дәуірінің алғашқы 10 жылдығында сауда қатынасының дамуында жәрмеңкелердің ролі зор болды. Жаңа экономикалық саясаттың жүзеге асуы барысында кешегі ірі жәрмеңкелер қалпына келіп, үкімет тарапынан олардың қызметі де реттеліп, көп қолдау көрсетілген еді.Деректерге сүйенсек, қазан төңкерісіне дейін республика территориясында жалпы саны 120-150 жәрмеңкелер жұмыс істеген. Оның 70-ке таяуы үзбей жұмыс жасайтынын ескерсек, жалпы алғанда табысы жылына 150 млн сом айналымды құрайды екен (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 398-іс, 43 п). Жәрмеңкелерді губернияларға шаққанда басым көпшілігі Ақмола губерниясында 43, Семей губерниясында 35 және Қостанайда 26 жәрмеңке шоғырланған. Ең ірі жәрмеңкелерді атайтын болсақ, Ақмола губерниясында Петровский (айналымы 5.970.909 сом алтынмен) және Константиновский (айналымы 3.781.746 сом), Семей губерниясында – Қоянды (айналымы 1908 жылы – 3.713.000 сом), Ақтөбе губ., – Темір (айналымы 2.218.393 сом ) және Ойыл (айналымы 6.000.000 сом ) т.б.Азамат соғысы жылдарында әрі ауыр экономикалық дағдарыстар нәтижесінде жәрмеңкелердің қызметі мүлдем тоқтады. 1992 жылы үкімет жәрмеңкелердің жандануына қамқорлық жасап, оған сауда ұйымдарының қатысуын ынталандырып елді құлақтандырды. Мысалы, Ойыл жәрмеңкесі  1922 жылдың күзінде ашылып, сауда айналымы 166 мың сомды, ал Темірде 220 мың сом айналымды құрады. 1923 жылы ашылған Қоянды жәрмеңкесі де (айналымы 83 мың сом) біртіндеп өз қызметін бастап, аталған жәрмеңкелерге ел сеніммен қарай бастаған болатын.Н. Нұрмақов үкімет басшысы ретінде бұл жәрмеңкелердің қызметін одан ары жандандыра түсуіне, қалыптасқан күрделі мәселелерін шешуге ат салысты.

1925-ші жылдың жазында Қазақ үкіметі толығымен  Қызылордаға көшкен еді. Осыған байланысты  жаңа астананың тұрмыс тіршілігінде бейнеленетін жәрмеңкелердің қызметі қолға алына бастады. 1925 жылдың маусымында РКФСР Халкоматына Н. Нұрмақовтың атынан күзде өтетін Ойыл және Темір жәрмеңкелеріне жеңілдік беру жайлы хат жолданды (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 502-іс, 382-382-арт. п.п). Мұнда, 1924 жылдың көктемгі сауда айналымы Темірде 471,5 мың сом, Ойылда 531 мың сомға жетсе, 1925 жылдың көктемгі Темір жәрмеңкесінің сауда айналымы 1.112.210 сомның, Ойылда -735 мың сомның көлеміне жеткен. Мұның өзі Халық шаруашылығының біртіндеп қалпына келе бастауының шешуші көрсеткіштері ретінде бағалана отырып, негізінен айналымдағы тауарлар мазмұны былайша сипатталады: алдыңғы орында мал (мүйізді қара, жылқы, түйе, қой, ешкі); мал өнімдері (түйе, қой жүндері, ешкі түбіті, тері өнімдері, құйрық-жалдар т.б); шаруа өнімдері (ұн, бидай, сұлы, шөп, киіз, ет  т.б); Еуропа тауарлары (манафактура заттары, тері бұйымдары, ыдыс аяқ, әсемдік заттар, металл т.б); темекі, шай, қант; азиялық тауарлар: (бұхара, парсы, хиуа маталары, кілемдері, кебулі жемістер, мақта, ат әбзелдері т.б). Ендеше, ауыл мен қаланы байланыстырудағы жәрмеңкелердің рөлін ескеріп, олардың еркін сауда жасауына мынадай жеңілдіктерді беруді ұсынады:

1 салық түрлерінен толық босату;

2 қыркүйек пен 15 қараша айларында темір жол арқылы тасылатын тауарларға төленетін жол ақыны 20 пайызға азайту;

3 жәрмеңкеге әкелінетін тауарларды сақтандыру тарифтерін жеңілдету;

4 тауарларды тасуға қысқа мерзімдік қарыз ақша бөлуге нұсқау беру сияқты т.б. бірқатар шараларды Қазақ Халком Кеңесі толық мақұлдағанын хабарлап, дереу Одақтық үкіметтің бекітуін өтінеді.

Көктемгі жәрмеңке науқаны тұсында бұл аталған жеңілдіктердің барлығы Орталықтың құзырлы ұйымдарының тарапынан мойындалып, сауда айналымы ынталандырудың қорытындысында күрт өскен болатын. Сондықтан жоғарыдағы талаптар РКФСР Халком Кеңесінің ешбір қарсылығын туғызған жоқ. Бұл жеңілдіктер сол кезде күш ала бастаған Қоянды жәрмеңкесіне де қолданылды. Іле-шала Н. Нұрмақов  жергілікті қаржы туралы заңның 7 бабына сәйкес, жәрмеңкелерде мал-дәрігерлік көмек ұйымдастыруға арнайы салық белгілегенін хабарлады. Жәрмеңкеге әкелінген малдарды дұрыс күтіп, ауруға ұшыратпай дәрігерлік қызмет көрсету дегеніңіз мал басын сақтаудың ғана емес, оны тұтынушы адамдардың да денсаулығын сақтау деген сөз еді.Қысқасы, Н. Нұрмақов жәрмеңкелерді ұйымдастырып, өткізудегі қамқорлығын әрқашан да үзген емес. Оған дәлел төмендегі мұрағатық құжаттар: «Қармақшы. Атбасартүстіметалл. Дрейманға, Қарсақпай жәрмеңкесіне Жусалы мен Ұлытаудан тауар тасуға көмектесуден бас тартуыңыз жәрмеңке ісіне үлкен зиян келтіреді. Жәрмеңкелердің саяси маңызын ескере отырып, Қазақ сауда мекемесіне 2 мың пұтқа дейін тауар тасу үшін көлік бөлуіңіз қажет. Халком Кеңесінің төрағасы Н. Нұрмақов. Сауда комиссары А. Кенжин. 1927 жылдың 21 қыркүйегі. Қызылорда қаласы».

«Мәскеу. РКФСР ЭКОСО-ға. Қазақстанның өлкелік жәрмеңкелерінің жұмысына кедергі келтірмес үшін Қазөлкелік, одақтық, Қазсауда мекемелерінің тапсырыстық несиелерін қанағаттандырмасақ, жәрмеңкелер тауарсыз қалмақ. Мемлекеттік банк пен Сауда халкомы арасындағы түсініспеушілікті ЭКОСО шешуі қажет болатын. Дереу хабарлаңыздар. Халком төрағасы Н. Нұрмақов. Сауда комиссарының орынбасары А. Жармұхамедов. 1928 жылдың 26 мамыры. Қызылорда қаласы».

Сөз орайында, сауда жүйесіндегі  жалпы ахуалды бейнелеген деректі келтіргеніміз жөн болар. Республика бойынша сауда мекемелерінің сандық көрсеткіштерін мына кестеден көреміз:

Кесте 1 – Қазақ АКСР-індегі сауда мекемелерінің саны

Мемле-кеттік

Мемле-кеттік

Коопера-тивтік

Коопера-тивтік

Жеке меншік

Жеке меншік

1928ж

330

192 9ж

320

1928ж

2.528

1929ж

2.776

1928ж

15.300

1929ж

8.396

Сандардың дәлелдеп отырғаны, кооперативтік сауда мекемелерінің саны күрт өсіп, есесіне сауда айналымы да 205.905 мың сомнан 361.153 мың сомға дейін жеткен. Ал жеке меншік сауда мекемелерінің саны жартылай қысқарып, сауда айналымының көрсеткіші төмен түсті. Әйтсе де, жалпы сауда айналымы 1927-1928 жылдары 376.192 мың сомды құраса, 1928-1929 жылдары 501.539 мың сомға көтеріліп, өсу қарқынын сақтап қалды. Байқап отырсыз, Кеңестік экономика жағдайында жәрмеңкелер төңкеріске дейінгі табыстарына жете алған жоқ. Мұның басты себебі біріншіден, аталған жылдарда халық шаруашылығы қалпына келу процесін басынан кешіруде болғандықтан, жәрмеңкелердің де дамуы баяу жүрді. Екіншіден, жаңа экономикалық саясат тұсында жәрмеңкелердің жандануына оңтайлы жағдайлар туған болса, кейінгі жоспарлы экономиканың енгізілуі жәрмеңке ісіне салқынын тигізді. Ендеше ашық бәсеке жоқ жерде еркін жәрмеңкенің өмір сүруі де мүмкін емес-ті.

Деректерден белгілі болғандай, 1925 жылдың күзіне дейін Н. Нұрмақов орталықтың алдына мәселе ретінде қоя отырып, Ташкент, Сібір, Мәскеуге қарап келген тігін өнімдерін өткізуші Бүкілодақтық Тігін Синдикатының Қазақстандағы Филиалдарын Қызылордада ашылған бас филиалға бағындырды. Бұл шараның тігін тауарларына деген сұранысты қанағаттандырудағы берекесіздікті жоюдағы маңызы зор болды. Өйткені, халықтың тұрмысының, сатып алу қабілетінің төмен болуы, төлем бірлігінің тұрақты болмауына орай тігін тауарлары сонау Қытайға дейін өтіп кетіп отырған. Мұндай тігін өнімдерінің басым көпшілігі батыстан келетін. Ендеше, бұл 1923-1924 жылдары экспорттық-импорттық сауда қатынасының да өрістей түскенінің мысалы. Қазақстан тауарларын шетелге өткізіп, қажетті шетелдік тауарларға сұраныс орындайтын Мемлекеттік сауда мекемесі, «Аркос» акционерлік қоғамы, «Тері шикізат» акционерлік қоғамы, «Майэкспорт», аралас қоғамдар «Дава-Бритополь», «Аламерика», «Руссот» дегендер бар еді. Қазақстандағы тауарлардың экспорт-импортын реттеп отыратын орталық мекеме «Қазмемсауда» КСРО сыртқы істер сауда комиссариатының Орталық Эскпорт-Импорт Конторасының филиалы саналатын.

Сыртқы сауда байланысы екі бағытта дамыды. 1924 жылы Қазақстан  территориясынан тысқары 2.475.485 сом шикізат түріндегі тауарлардың көпшілігі  Лондон мен Қытайға жөнелтілген.

1923-1924 жылдары Қазақстан Республикасы алғаш рет Карск экспедициясына қатысты. Солтүстік Мұзды мұхит арқылы Лондонды және Об өзенінің арналарымен Омбыға дейін аралықты байланыстыратын сауда кемелері Қазақстанның шикізатын шетелге өткізіп, Лондоннан былғары бояуы, химия-фармацевтикалық тауарлар, газет қағазы, шай т.б. тауарларды жеткізген.

1924 жылдың 1 желтоқсанында үкімет төрағасы Н. Нұрмақов пен республикадағы РКФСР сыртқы Сауда комиссариатының өкілі Кочетованың қолдары қойылған құжат, саудаға қатысы бар деген мекемелердің барлығына жолданды. Құжатта Карск экспедициясына белсенді түрде қатысу сұралып, өткен кемшіліктерді қайталамас үшін Қазақ сауда мекемесіне көпке созбай, экспорт-импорт тауарларға сұраныс беру өтінілген. Карск экспедициясына губерниялық әрі республикалық сауда мекемелерінің асқан жауапкершілікпен дайындалуын өтініп, Н. Нұрмақов нұсқау хаттар жолдады. Халком кеңесінде оған жауапты сауда мекемелерінің есебі тыңдалды. 1925 жылы 8 тамызда қазақ мемлекеттік сауда мекемесіне мәселеге айрықша көңіл бөліп, жұмысты ұйымдастырып, атқаруға барынша күш-жігерін жұмсауды өтінген келесі хат жолданды. Бұл сауда байланысы Қазақстанның экономикалық дамуына әсер етумен қатар, елдің зәруі – ауылшаруашылық және өнеркәсіп құралдары, дәрі-дәрмек, бояулар, химиялық заттармен қамтамасыз етеді. Сондықтан, Қазақстан бұл мүмкіндіктен айрылып қалмауын тағы да ескертеді. Және де келесі Халком Кеңесінде сауда халкоматының бұл мәселе бойынша есебі тыңдалатындығын хабарлады (ҚР ОМА. 1541-қ., 1-т., 492-іс, 33 п).

Үкімет тарапынан үндеу тастап, сауданың республикаға қатысты мән-маңызының аталып отыруы, саудаға ынталандырудың жан-жақты жағдайларының ескерілуі 1925-1928 жылдар аралығындағы Карск экспедициясының сыртқы саудада үлес салмағының өсуіне әкелді. Мысалы: 1926 жылы 16 ақпанда өткен Халком Кеңесінде Н. Нұрмақов Карск экспидициясы туралы баяндама жасай келіп, сауда жасауға мүдделі тұлғалар үшін Қазақ сауда мекемесі арқылы 9-12 ай мерзімге 1 млн. сомға дейін қарыз берілетіндігін хабарлаған. Сол жылы ол «Аркос», «Химфарм» мекемелерінің делдалдық қызмет атқарғаны үшін алынатын комиссионый, салық түрлерінің пайызын төмендетуге қол жеткізді.

1926 жылы 25 қазанда «Советская степь» газеті Карск Экспедициясының Омбыға келгендігін қуанышпен хабарлады. Жалпы сауда айналымы 800 мың сомды құрап, пайыз есебімен мынадай тауарлар әкелінген: қосымша материалдар (бояулар, кептіргіштер (дубители), чарпиус) – 30,9 пайыз, электроматериалдар – 5 пайыз, ауылшаруашылық мүліктері (машинаның тетіктері, ауыл-шаруашылығы өнімдерін өңдейтін жабдықтар) – 23,4 пайыз, дәрі-дәрмек тауарлары – 26,9 пайыз, кең тұтынатын заттар (бұрыш, тағамға хош иіс беретін қосымшалар, кеңсе тауарлары, орыс шрифтілі машинкалар т.б) –13.8 пайыз (Советская степь 1926: 4). Бұл көрсеткіштер жылдан-жылға ұлғайып, 1927 жылғы сыртқы саудада Карск экспедициясының тауарлары Қазақстанның жалпы импортының 50 пайызын құрады [192]. Ал, индустрияландыруға бет бұрған шақта, бұл бағыттағы сұраныстың күшейе түскенін көреміз.

Қытай бағытындағы сыртқы сауда Іле округінің Хоргос және Тарбағатай округінің (1928 жылғы әкімшілік бөлінісі бойынша ) Бахты кедендері арқылы өтетін. Екеуін қоса есептегендегі сауда айналымының қорытындысын мына кесте бейнелейді (мың сом есебімен):

Кесте 2 – Қытаймен Қазақ АКСР-і арасындағы сыртқы сауда көрсеткіші

Жылдар

24/25

25/26

26/27

Экспорт

1978

3690

7006

Импорт

2188

5204

9655

Сол жылдардың деректерінен белгілі болғаны, Қазақстан үкіметі Қытай мемлекетін әрқашан өзінің сауда қатынасындағы болашағы зор ел деп санады. 1926-1927 жылдары Қытайдың тауарға деген сұранысына Сауда Халық коммисариаты тарпынан арнайы зерттеулер жүргізілген болатын. Сауда Халкомы А. Кенжиннің үкімет басшысына берген ақпарларында Қытайдың сұранысын қамтамасыз етуде отаршыл шетелдік фирмалардың, әсіресе ағылшындардың қызметі белсенді, сондықтан сұранысқа деген ахуалды үзбей жіті бақылап отыру қажеттігі айтылады (Кенжин, 1928: 60-61).

Нығмет Нұрмақұлы өз тарапынан Бахты, Харгос, Сергиопольдегі құрылған Қазмемсауда филиалдарының қызметіне еркіндік бергендігін, олардың жұмысына губерниялар (Жетісу және Семей) басшылығының ешбір кедергі жасамауына нұсқау берді (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 490-іс, 106-п). Бір сөзбен айтқанда, сауданың кең дамуына жол ашатын жағдайлардың бәрін жасап бақты. Н. Нұрмақовтың былайша саудаға мән беріп, көңіл бөлудің басты себептері мынада деп ойлаймыз: біріншіден, сауда экономиканың жедел, шапшаң дамуының көзін ашатын мүмкіндік деп түсінгендігінен; екіншіден, республикалық бюджетті толықтырудағы қомақты үлесі бар жолдардың бірі осы сауда болатын. Сондықтан ішкі-сыртқы сауданы дамыту Н. Нұрмақов басқарған үкіметтің аса жауапкершілікпен атқарған шаруаларының бірі болғанын көреміз.

Н.Н. Нұрмақовтың Халком Кеңесінің төрағасы болған жылдарда үнемі наразылықпен Орталыққа Қазақстанның қаржыға деген сұраныс қажеттігін дәлелдеп, үздіксіз күрес жүргізуіне де тура келді. Үкімет басшысы болысымен ол республикамыздың кірісі мен шығысын аса ыждаһаттылықпен зерттеді десек артық айтпағанымыз болар. 1924 жылдың 3 желтоқсанында қол қойып Мәскеуге жөнелткен қос хатында, Одақ құрамына енген субьектілер арасында Қазақстанға ең төменгі көрсеткіштер негізінде бюджеттің бөлінетіндігін  әділетсіздік ретінде бағалады (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 490-іс, 224-227 п.п). Қазақстан өзінің мемлекеттік табысының 60 пайызын одақтық қорға сала отырып, ішкі саясатта қордаланған көптеген мәселелерін шеше алмайтын күй кешуде. Республика үшін маңызы бар қажетті кадрларды даярлау, мәдени бағыттағы шаруаларды қаржыландыруда қалтасы тесік жергілікті губерниялардың қаржысына байлап қойғандығы ешбір ақылға сыймайтын шешім деп тұжырымдайды. Н. Нұрмақов бюджет мәселесін шешудің мынадай жобасын ұсынды, яғни құжатта республикадағы қаржы сұранысын қанағаттандыратын өлкелік бюджеттің басты кіріс көздері былайша белгіленген:

1 Өлкелік маңызы бар кәсіпорындар, мүліктер мен капиталдардан келетін кіріс.

2 Жергілікті (губерниялардан деп түсіну керек – Б.Қ.) бюджеттен бөлінетін қаржы.

3 Федеративтік немесе одақтық басқармаларға қарайтын Қазақстан жеріндегі ұйымдар, кәсіпорындар, сауда мекемелері және т.б бөлінетін қаржы. Н. Нұрмақов мәлімдеуінше, бастапқы қаржы көзінің екі түрін жүзеге асыру қиындық тудырмайды ал, үшіншісін шешуге РКФСР Халком Кеңесі енжарлық танытып отырғандығы айтылды. Н. Нұрмақов одаққа қарайтын Қазақстан территориясындағы кәсіпорындарын басшыларымен кездесуі нәтижесінде олар да бұл бағытты толық қуаттағанын, РСФСР сыртқы Сауда комиссары Красиннің өзі де республика көлемінде жүргізілген одақтық сауда айналымының 10 пайызын  өлкелік қаржы қорына аударуға келісім бергенін тілге тиек етеді. Ендеше, «Қазақстан  жерінде еңбек етуші кәсіпорындар  мен түрлі ұйымдар өлкелік бюджетке өз үлесін қосу арқылы халықтың әл-ауқатын, мәдени деңгейін көтеруге ат салысады. Нәтижесінде, өзінің қызметінің өркендеуіне де жағдай тудырады» – деп, жазды Н. Нұрмақов (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 490-іс, 225-226 п).

1924 жылдың 31 желтоқсанында Қазатком төралқасының мәжілісінде жоғарыдағы талаптар негізінде жасалған өлкелік бюджеттің жаңа ережесі туралы Н.Нұрмақовтың баяндамасы тыңдалды. Талқылаудан соң мәжіліс бірауыздан бекітілсін деген қаулы қабылдады. 1925 жылдың қаңтар айының аяғында Мәскеуге барған іссапарында Н. Нұрмақов үкімет алдында тұрған көкейтесті мәселенің бірі – өлкелік бюджеттің құқын кеңейтуді мәселе ретінде қою керек еді. Өкінішке орай, Қазақстан ұсынған  өлкелік бюджеттің жаңа ережесі жайлы жобаны РКФСР Халком Кеңесі қабылдамай тастады да, РКФСР Қаржы Халкоматына өзгертулер мен толықтырулар енгізу тапсырылған болатын.

Қорытынды.Қазақстандағы қаржы тапшылығы үнемі Орталыққа ауыз ашып, әрбір саланы дамытуға қаржы сұрайтын халге жеткізді. Бұл бағыттағы қайшылықтың сақталғандығын, жыл сайын Қазақстан ұсынған мемлекеттік бюджет сметасының жобасымен орталықтың бекіткен нақты бюджетінен байқалып отырады. Мұны жыл сайынғы бюджетті бекіту нәтижесіндегі қарсылығын баяндаған хаттардан көруге болады. Мысалы, Н. Нұрмақов 1928 жылдың 28 ақпанында РКФСР Халком Кеңесіне жазған өтініш хатында 1927-1928 жылдарға арналып бекітілген бюджет жоспарына ашық наразылығын білдіреді. Мұнда Қазақстан ұсынған сметадағы қаржы көлемі аяусыз қысқартылып, көптеген мәдени-әлеуметтік, шаруашылық қажеттіліктер ескерусіз қалғандығы айтылған. Әсіресе аса қынжылтатыны, РКФСР кіші Халком Кеңесі мемлекеттік бюджет құқы бойынша Қазақстанға тиесілі резервтік қорын бекітпей қоюы үкіметтің еркін шаруашылық саясат жүргізуіне қолбайлау болып отыр деп, мәлімдейді. Осы жәйттерді егжей-тегжейлі баяндай отырып, Н. Нұрмақов былтыр халық шаруашылығындағы кездейсоқ апаттарға және т.б. мәселелерге жұмсалатын қаржы – 500 мың сом болса, биыл оның көлемі 1 млн. сомға есептеліп, аталған қаржыны Қазақстан Халком Кеңесінің резервтік қоры ретінде бөлуді талап еткен (ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 728-іс, 77-78 п.п). Жалпы бюджет саласындағы осындай сипаттың Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін сақталып келгендігі белгілі. 1988 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қуатты Республика, қуатты Орталық» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында бюджет мәселесіндегі ұзақ жылдар орын алған әділетсіздікті қалың бұқараға алғаш жария еткені бәрімізге белгілі. Ол: «Қазақстанда шығарылатын өндірістік өнімнің 7 пайызы ғана республикаға тән, 93 пайызы Одақтық-республикалық қорға түседі. Мұны бізге ондаған жылдар бойы «мемлекеттік қажеттілік», «қорғаныс қажеттілігі», «елдің қамы» деп сендіріп келді. Бір ғана мысал: Қазақстан жыл сайын шет елдерге 800 млн доллардың өнімі жөнелтіледі. Оның ішінде мұнай, көмір, түсті металл, т.б. бар. Соншама доллардан бізге көк тиын да тимейді. Неге? Мұның аты-қиянат» – дейді (Назарбаев, 1989: 2-3). Шындығында, бұл Елбасының жай ғана наразылығы емес, Қазақ елін тәуелсіз етсем, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған еркіндігіне қолын жеткізсем, босағасын көгертсем деген биік мұраттардың заңды жалғасы еді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Кенжин Д. Основные черты внешней торговли Казахстана. Народное хозяйство Казахстана. Январь,1928. – С.63.

Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. – Алматы, 1992. – 272 б.

Қойгелдиев М. Ұлтшылдықпен күрес науқаны. // Социалистік Қазақстан. 5-9 мамыр, 1992. – 3-4 бб.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 310-іс, 185-187-п.п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 310-іс, 470-іс, 43-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 608-іс, 72-п.

ҚР ОМА. 30 «қ»-қ., 7-т., 10-іс, 43-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 7-т., 10-іс, 117-п.

ҚР ОМА 30 «қ» - қ., 7-т., 10-іс,111-123 п.п.

ҚР ОМА. 5-қ., 7-т., 165 а-іс, 1-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 435-іс, 83 п.

ҚР ОМА. 30 «қ» - қ., 1-т., 7-іс, 9 п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 441-іс, 142-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 441-іс, 143-п.

ҚР ОМА. 30 «қ» - қ., 1-т., 7-іс, 9-п., 34-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 750-іс, 270-п.

ҚР ОМА. 30 «қ» - қ., 1-т., 7-іс, 9-п.

ҚР ОМА.  30 «қ» - қ., 1-т., 27-іс, 57-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 398-іс, 43-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 502-іс, 382-382-арт. п.п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 492-іс, 33-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 490-іс, 106-п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т 343-іс, 224-227 п.п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 490-іс, 225-226 п.

ҚР ОМА. 30-қ., 1-т 728-іс, 77-78 п.

ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 1129-іс, 105-п.

ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 1129-іс, 99-п.

Қуандықов Е. Сүрең салған сұрқия саясат. – Алматы: Санат, 1999. – 104 б.

Материалы совещания по развитию производительных сил Казахстане. Кзыл-Орда. 1926. – С.98.

Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. – Алматы, 2001. – 304 б.

Назарбаев Н. Қуатты Орталық, қуатты Республика. // Қазақ әдебиеті. 11 наурыз, 1989. – 2-3 бб.

Нурмаков Н. Что дала Октябрь Казахстану? // Советская степь. 7 ноября;1926. – С.2.

Нурмаков Н. Шесть лет строительства Казахстане. // Советская степь. – 1926. 4 октября. С.2.

Омарбеков Т. Голощекиннің төңірегі, ол туралы не білеміз? // Ақиқат, 1995. – № 9. – 27 б.

Отчет правительства Киргизской АССР V-му Всекиргизскому Съезду Советов. – Ак-Мечет – Оренбург, 1925. – С.19-20.

Скоропешкин В.Н. Хозяйственные итоги 1928/29 гг. // Народное хозяйство Казахстана, 1929. – № 10-12. – С.23.

References:

Kenjïn D. Osnovnıe çertı vneşney torgovlï Kazaxstana. Narodnoe xozyaystvo Kazaxstana. Yanvar, 1928. – S.63. [in Russian].

Qozıbaev M.Q. Aqtañdaqtar aqïqatı. – Almatı, 1992. – 272 b. [in Kazakh].

Qoygeldïev M. Ultşıldıqpen küres nawqanı. // Socïalïstik Qazaqstan. 1992. 5-9 mamır. B.3-4. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 310-is, 185-187 p.p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 310-is, 470 -is, 43 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 608 -is, 72 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 «q»-q., 7-t., 10- is, 43 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 7-t., 10-is, 117 p. [in Kazakh].

QR OMA 30 «q» – q., 7-t., 10-is,111-123 p.p. [in Kazakh].

QR OMA. 5-q., 7-t., 165 a-is, 1 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 435-is, 83 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 «q» -q., 1-t., 7-is, 9 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 -q., 1-t., 441-is, 142 p.p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 441-is, 143 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 «q»-q., 1-t., 7-is, 9-p., 34 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 -q., 1-t., 750- is, 270 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 «q» -q., 1-t., 7-is, 9 p. [in Kazakh].

QR OMA.  30 «q» -q., 1-t., 27-is, 57 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 398-is, 43 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 502-is, 382-382-art. p.p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 492-is, 33 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30-q., 1-t., 490-is, 106 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 -q., 1-t., 343-is, 224-227 p.p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 -q., 1-t., 490-is, 225-226 p. [in Kazakh].

QR OMA. 30 -q., 1-t., 728 – is, 77-78 p. [in Kazakh].

QR PA. 141-q., 1- t., 1129 -is, 105 p. [in Kazakh].

QR PA. 141-q., 1-t., 1129-is, 99 p. [in Kazakh].

Qwandıqov E. Süreñ salğan surqïya sayasat. – Almatı: Sanat, 1999. –104 b. [in Kazakh].

Materïalı soveşçanïya po razvïtïyu proïzvodïtelnıx sïl Kazaxstane. Kzıl-Orda. 1926. –S.98. [in Russian].

Maxat D. Qazaq zïyalılarınıñ qasireti. – Almatı, 2001. – 304 b. [in Kazakh].

Nazarbaev N. Qwattı Ortalıq, qwattı Respwblïka.// Qazaq ädebïeti. 11 nawrız,1989. – 2-3 bb. [in Kazakh].

Nwrmakov N. Çto dala Oktyabr Kazahstanu? // Sovetskaya step. 7 noyabrya,1926. –S.2. [in Russian].

Nwrmakov N. Şest let stroïtelstva Kazaxstane. // Sovetskaya step. – 4 oktyabrya;1926. –S.2. [in Russian].

Omarbekov T. Goloşçekïnniñ töñiregi, ol twralı ne bilemiz? // Aqïqat, 1995. – № 9. – 27 b. [in Kazakh].

Otçet pravïtelstva Kïrgïzskoy ASSR V-mw Vsekïrgïzskomw Sezdw Sovetov. – Ak-Meçet – Orenbwrg, 1925. – S.19-20. [in Russian].

Skoropeşkïn V.N. Xozyaystvennıe ïtogï 1928/29 gg. // Narodnoe xozyaystvo Kazaxstana, 1929. №10-12. – S.23.

МРНТИ 03.81.35

Н. НУРМАКОВ И ВОССТАНОВЛЕНИЕ ПРОМЫШЛЕННОСТИ КАЗАХСТАНА В 1924-1929 гг.

Б.Ж. Кабдушев¹, Б. Құдайбергенұлы²

¹Кандидат исторических наук, доцент, заведующий кафедрой социальных дисциплин Алматинского университета энергетики и связи, Казахстан, г. Алматы.

²Кандидат исторических наук, и.о.заместителя директора по научной работе Института истории и этнологии им. Ч.Ч.Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация.В статье рассматривается деятельность Ныгмета Нурмакова на посту Председателя Совета Народных комиссаров в восстановлении разрушенных гражданской войной предприятий края в 1924-1929 гг. Нурмаков, будучи главой правительства республики, непосредственно управлял ходом восстановления народного хозяйства и вложил все силы и знания для того чтобы вывести страну на уровень индустриально развитой. Особое значение Нурмаков придавал торговле, как основе восстановления и дальнейшего развития экономики края. Нурмаковым была проведена большая работа по расширению торговых отношений с соседним Китаем через таможню Хоргос, Бакты, а также с Европой и Средней Азией через Карскую экспедицию.

Ключевые слова: Казахское правительство, индустриялизация, Нурмаков, кожевенные заводы, производство сырья, концессия, губерния, ярмарки, комиссар торговли, Карская экспедиция, Уилская ярмарка, Кенжин, томожня Хоргос.

IRSTI 03.81.35

N. NURMAKOV AND RESTORATION OF KAZAKHSTANI INDUSTRY IN 1924-1929

B.Zh. Kabdushev¹B. Kudaibergenuly²

¹Candidate of Historical Sciences, Associated Professor, Head of the Department of Social Sciences, Almaty University of Power Engineering and Telecommunications, Kazakhstan, Almaty.

²Candidate of Historical Sciences, Acting Deputy Director for Scienсe of Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Kazakhstan, Almaty.

Abstract.The article deals with the activities of Nygmet Nurmakov as a Chairman of the Council of People's Commissars on the restoration of the enterprises of the region destroyed by the civil war in 1924-1929. Nurmakov, as the head of the government of the republic, directly controlled the restoration of the national economy and used all his strength and knowledge in order to bring the country to the level of an industrialized one. Nurmakov gave particular importance to trade, as the basis for the restoration and further development of the economy of the region. Nurmakov did a great job to expand trade relations with neighboring China through the customs of Khorgos, Bakty, as well as with Europe and Central Asia through the Karsk expedition.

Keywords: Kazakh government, industrialization, Nurmakov, tanneries, production of raw materials, concession, province, fairs, commissioner of trade, Karsk expedition, Uil Fair, Kenzhin, customs Khorgos.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 456

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА Орта Азияда мекен еткен қоңырат тайпалары жайлы кейбір мәселелер 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ӘОЖ 930:94(574) «16/17» ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫ АЛЫС ШЕТЕЛ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ОӘЖ 94(574:347.963(092)ҚАЗАҚСТАН ДЕРБЕС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ (мемлекет қайраткері С.Есқараевтың туғанына 120 жыл) ЛАТЫНДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТАРИХЫ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ ӘОЖ 929.52 АКАДЕМИК М.Қ.ҚОЗЫБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ 4(574) ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРІ Н.НҰРМАҚОВТЫҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАТЫСТЫ САЯСИ ҰСТАНЫМЫ ӘОЖ 01:7.07(574) ҚАЗАҚ КИНОДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ КЕЗЕҢДЕРІ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ӘОЖ 94:81(47+57) ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ТІЛ САЯСАТЫ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ ҒТАМР 03.20.00 РЕСЕЙ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ (1748–1772 ЖЖ.) ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ ҒТАМР 03.09.31 XIX Ғ. БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САЯСИ ТЫҢШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ «БӘРІ ДЕ МАЙДАНҒА, БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН!» ҰРАНЫМЕН ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ (Жамбыл облысының мысалында) МРНТИ 03.20.55 ГОЛОД 1921-1922 ГОДОВ В АКМОЛИНСКОЙ ГУБЕРНИИ ҒТАМР 03.20.00 АЛАШОРДА МЕН СІБІР ҮКІМЕТІНІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАРЫ ХАҚЫНДА

Статьи автора

ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.)